Өлең, жыр, ақындар

Жандос

Терезеден түскен күн сәулесi бөлме iшiн ерекше нұрға бөлеп тұр. Ол бағана оянса да, жылы төсектен тұруға ерiнiп әлi жатыр. Ас бөлмеден ыдыс-аяқтың сылдырлағаны естiледi. “Әйел тұрмай, еркек оянбайды” демекшi, ертерек тұрып ас дайындап жүрген Гүлжанат болар. Ол қасында жатқан ұлының маңдайынан сүйiп, әкелiк мейiрiммен емiрене иiскедi де, қайта түзелiп жата берген сәтiнде көзi қабырғада iлулi тұрған суретке түстi.

Қайратты қара шашын жыға тараған, қыр мұрынды, атжақты, бидай өңдi, сұлу жiгiт сабырлылықпен тесiле қарайды. Бұл оның досы Ғазиз болатын. Иә, бұл сурет өткен күндер белесi iспеттес. Бәрi де есiнде, қалайша ұмытсын. Жансыз бейнемен көз түйiстiрген сайын сол оқиға ойына орала бередi...

* * *

Жексенбi күнi болатын. Уақыт түс мезгiлi едi. Емел өз бөлмесiнде газет-журнал қарастырып отырған-ды. Кенет, стол үстiндегi ақ телефон безгегi ұстаған баладай шыр-шыр еттi. Телефон трубкасын қолына алып, құлағына тосуы-ақ мұң екен, өңi күрт сұрланып сала бердi.

— Кешiрiңiз, бұл Емел Нұркеновтың пәтерi ме екен?

— Иә, тыңдап тұрмын.

— Қалалық ауруханаға Ғазиз Хамитов деген азамат ауыр жарақаттанып келiп түстi. Халі мүшкіл. Сiзге хабарла деп өтiнген соң...

Бойын тоқ соғып өткендей сезiнген Емел трубканы тастай бердi. Өңi ме, түсi ме?..

* * *

Емел ауруханаға келгенде күн еңкейе бастаған. Алғашқы кездескен кезекшi дәрiгерден мән-жайды сұрап бiлдi.

— Бұл кiсiнi отбасымен қала шетiндегi ауылда тұратын қайын ағасы қонаққа шақырған екен. Содан түс әлетiнде келіншегінің толғағы ұстап, өздерiнiң “Москвичтерiмен” асығып келе жатқанда, алдынан шыққан “Зил” жүк машинасымен қағысып, аварияға ұшырайды. Әйелi келе сала толғатып, қатты қиналды. Бiз операция арқылы баласын аман алып қалсақ та, өкiнiшке орай анасын құтқара алмадық, — дедi дәрiгер мұңайып.

Емел мына сөздердi естiгенде төбесiнен бiреу суық су құйып жiбергендей тiтiркенiп, аяқ-қолы дiрiлдеп, көзi қарауытып кеттi. Дәрiгердiң бастауымен еппен басып Ғазиз жатқан бөлмеге кiрдi. Терезе жақтағы төсекте аппақ қудай бозарып Ғазиз жатыр. Емелдiң көңiлi құлазып, бойындағы бар еркiндiгiн жоғалтып алғандай үн-түнсiз тұрып қалды. Сол сәт Ғазиз көзiн ашты да, жәутеңдей қарап: «Келдiң бе, қал-жағдайларың қалай?» дегендей иек қақты.

— Досым-ау, не пәлеге ұшырадың? — Емелдiң дауысы жарықшақтана шықты.

Ғазиз ернiн тiстелеп аз жатты да, ақтық күшiн жиғандай болып, қинала-қинала аузын жыбырлатты. «Динашым аман ба?..» деуге ғана шамасы келдi. Қозғала берiп, оң жақ бүйiрiн ұстап, аласұрды да қалды. Ары қарай не болғанын Емелдiң өзi де анық түсiнбедi. Әлден уақытта барып жауап қатпақшы болып, еңкейе бергенде төбедегi әлдебiр ноқатқа тесiле қарап, сұлық қалған Ғазиздiң қуарған жүзiн көрiп, шошына айғай салды. Осы сәт оны дәрігер қолтығынан демеп, палатадан алып шықты...

* * *

Көз алдына аяулы досының сол сәттегі бейнесi елестегенде жүрегi қатты шаншып кететiнi бар. Оның ендiгi ойлағаны тумай жатып жетiм қалған жазықсыз сәби болды. Дәрiгерлердiң сiлтеуiмен перзентханадан бiр-ақ шықты. Дәлiзде отырған кезекшi орыс кемпiрi iшке қарай кiрiп бара жатқан Емелдi кеудесiнен итерiп, кiруге болмайтынын айтып, зар қақты. Жалына сұрап, өз жағдайын қанша түсiндiргенiмен, мұны тыңдар түрi жоқ. Тiптi сөзiне құлақ та асқысы келмейдi. «Болмайды, болмайдының» астына алып, қуып шықты. Жасынан қой аузынан шөп алмай өскен Емелдiң еш дәрменi қалмай, ұнжырғасы түсiп, салы суға кеткендей, iлби басып керi қайтты. Жолшыбай телеграф үйiне соғып, ауылдағы Ғазиздiң әке-шешесiне: «Тез келiңiздер!» деген бiр-екi ауыз сөзбен жазылған телеграмма салды да, үйiне келiп, жатып қалды. Шаршап келсе де, көпке дейiн көз iле алмады. Оның көз алдынан Ғазиз екеуiнiң бақытты балалық шақтары кино лентасындай бiрiнен соң бiрi тiзбектелiп өтiп жатты...

* * *

Көктем. Мамыр айының мамыражай күндерiнiң бiрi. Айналаның бәрi көк шалғын, жайқала өскен қызыл-сары гүлдер. Қалың тоғай жиегiнде сылдырап ағып жатқан мөлдiр бұлақ. Саф ауа. Жан-жағын көксеңгiр таулар қоршаған жанға жайлы бұл жайлауды жер жаннаты дерсің. Жаңа ғана көшiп келген малшылар қауымы киiз үйлерiн тiге бастаған. Бiр-бiрiне «көш қонысты болсын!» айта келген көршiлер тез арада шүйiркелесiп те кеткен-дi.

Емел мен Ғазиз бұрыннан таныс-тын. Екеуiнiң әкелерi шопан, әрi достар болатын. Жаз жайлауы, қыс қыстауы таяу қонып, туыс адамдардай болып кеткен. Манадан берi бұйығып төсек үстiнде отырған Емелге есiктен сығалаған қараторы бала: “Әй, жүр асық ойнайық” — деген-дi. Үн-түнсiз, iшi пысып отырған Емел дорбадағы асығын алып, әлгiнiң артынан iлесiп жүре берген. Содан олар iңiр түсiп, кеш батқанша асық ойнады, өзенге шомылды, көбелек қуды. Тiптi, тай да жарыстырды.

Сол күннен бастап екеуiнiң жұбы жазылмады. Сол жылы оқуға бірге барды. Екеуiн кеңшар орталығындағы мектеп-интернатқа ертiп апарып, болашақ ұстаздарымен таныстырып қайтқан да Ғазиздiң әкесi болатын. Қос қозыдай бiрге жүрiп, бiрге өстi.

Он жылдық мектептi де бiрге бiтiрiп, институт табалдырығын да бiрге аттады. Адам жас кезiнде арманшыл келедi емес пе, армандары адам жанының арашашысы — дәрiгер болу едi. Сол аңсаған армандары да орындалды. Адам баласы үшiн ең бiрiншi балалық шақ қымбат болса, содан кейiнгi қызығы мен қиындығы қат-қабат, от жалындай алаулап жүретiн шақ — студенттiк кезең. Өмiрлiк серiгi Гүлжанатты таныстырып, табыстырған да осы студенттiк өмiр, Студенттер қалашығы едi. Ғазиз бен Динара да осы жылдары танысып-табысып, бас қосқан болатын...

* * *

Арада бiр жұмадай уақыт өте шықты. Әлi есiмi де қойылмаған нәрестенi перзентханадағы дәрiгерлер балалар үйiне тапсырмақшы болыпты. Өз кiндiгiнен iзбасарының жоқтығы жанын жегiдей жейтiн Емел қабырғасымен кеңесе келе сәбидi бауырына басып алмақшы болды. Ғазиздiң ата-анасының алдынан өттi. Емелдi Ғазизден кем көрмейтiн кемпiр-шал бұның тiлегiн жерге тастамай, ақ баталарын бердi.

— Араларыңнан қыл өтпестей дос едiңдер, ешкiмнен кем қылмай ер жеткiзсең болды да. Рақмет, шырағым! Сенiң бұл iсiңе баламның аруағы да риза болар, — деп күрсiндi жетпістің желкесіне шыққан Хамит ақсақал, — Біз болсақ, бала бақпақ түгілі, сар сүйегімізді сүйретіп әрең жүрміз!..

Екi-үш күннен кейiн Хамит ақсақал кемпiрiмен, Емел Гүлжанатпен бәрi бiрiгiп барып, баланы перзентханадан шығарып алды. Нәрестенiң атын Жандос деп қойып, куәлiгiн жаздырды...

Перзентханадан шығып, барлығы зиратқа барды. Топырақтары әлi қата қоймаған жас қабiрдiң жанына тiзерлей отырысты. Хамит ақсақал келiнi мен ұлына бағыштап құран оқыды. Үн-түнсiз мұңға батып отырған Емел көзiн төмпешiктен айырмаған күйi:

— Ғазиз-ау, сен бәрiн түсiнетiн едiң ғой. Қайтейiн, жалғанның жазмышына шара бар ма! Сенiң аруағыңның алдында артыңда қалған ұрпағыңды ешкiмнен кем қылмай өсiруге уәде етемiн. Топырағың торқа, жаның жәннатта, жатқан жерiң жайлы болсын, жан досым! — деп күбiрлеп қояды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер