Ол жылдарда жақсы кітапты қолға түсіру, оны оқып шығу өзін сәл-пәл сауатты санайтын кез келген кеңес адамының ізгі мұраты саналатын. Солардың көпшілігі кітаптан ақша аямайтын, сатып алатын. Қай үйге барсаңда, кітап сөресі бос болмайтын. Ол кезде Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары қолдан қолға тимейтін.
Ал мен жұмыс істейтін Баянауыл аудандық «Жеңіс» ( қазіргі«Баянтау») газетіндегі сақа журналистер Әзілхан Нұршайықовтың облыстық «Қызыл ту» газетінде редактор болғанын, одан кейінгі жерде «Социалистік Қазақстанның» осы облыстағы меншікті тілшісі болғанын жырдай ғып айтатын.
Оның жазушылық жолының алтын баспалдағы журналистикадан басталғанын естіп білу менің оған деген құштарлығымды арттыра түсті.
Бірде кітап дүкеніне кірсем, Әзілхан Нұршайықовтың«Қазақстан» баспасынан жаңада ғана жарық көрген «Жер туралы жыр» атты очерктер жинағы сатылып жатыр екен.
Іздегенге сұраған сатып алдым. Үйге келген соң құныға оқи бастадым. Бірінен бірі қызықты очерктер өзіне еріксіз тартқандығы соншалық – бас ала алар емеспін. Міне, «Алыстағы ауданда» атты очеркін оқып отырмын. «...Бүгінгі сапарында ол «Большевик» колхозын аралап қайтпақ». Осы сөйлемді оқығанда, япыр-ау, Большевик колхозы дейді, бұл біздің ауыл емес пе?! «...Жасы жетпістен асқан қарт шопан Жапар...» . Кезінде әкеммен бірге қой баққан Жапар ақсақал емеспе екен?
Бірақ Сұлутау, Аян ауданы деген жер атаулары...Бәлкім, Большевик колхозы біздің ауыл емес шығар. Облыста басқада «Большевик» атты колхоз болуы мүмкін ғой деген ой жетегінде отырып, жол үстінде Жапар ақсақал жайлы қозғалған әңгімені оқи келе Әзекеңнің очеркінің кейіпкері әкемнің көршісі, әріптесі Жапар ата екендігіне шүбәм қалмады. Бұрын қатын тастаған жігіт Жапардың қызына үйленгенде, Жәкеңнің: «Бұрынғы әйеліңді неге тастадың?»- деп тергегені, сонан соң: «Енді әйел тастайсың ба?»- деп үш қайтара сұрағаны.
Ең қызығы, үйіне төркіндеп келген машинаның үстінде тұрған қалаша киінген қызын танымай, күйеу баласынан: «Әй, мынау селтиіп тұрған қаратаяқ қатының кім?» -деп сұрауы сәби мінезді ақкөңіл Жапардың зілсіз қылықтарын аңыз қылып айтатын. Сол аңызды кітаптан оқу маған ерекше қуаныш сыйлағандай еді десіп жұрт күліп жүретін. Әтей... Бүркітбаев Жәке. Оның өзіне қол беріп амандасқан машинадан түскендерге: «Әкеліңдер, әкеліңдер қолдарыңды, қолымды жылытып алайын»,- деген әзілі келгендердің көңілін көтергендей еді. Ал аупартком секретары Асанбаевқа ит құстың көп екенін, одан малды қорғауға мылтық қажет екенін айта келіп, колхоз бастығын нұсқап:
- Шырағым, осының бір қосауызы болушы еді, бойында болса соны маған әперіп кетші,-деп, тілегі орындалған тұста:
-Е, азар болса , құнын алар,- деп мылтықты қымсынбай алуы.
-Рахмет, шырағым, Бастығым, сағанда рахмет...
Очерк кейіпкері маған бір түрлі таныс адамның әрекетіндей көрінген. Бірақ бұл сол деуге әлі де ертерек сияқты. Ал аудандық қарт шопан Жапар Қадыровтың: «Меніңше, адам баласының қай уақытта болсада егін мен малсыз күні болмас деймін, шырақтарым. Қазір ауданда мал күтуге адамның жетпей отырғанын жасырамысың? Осы пунктегі мың жарым қойға ана отырған Баяз, Баязит осы үшеуміз ғана ие болып отырмыз». Осы кезде «Онысы рас» дегендей шопанның көмекшісі Баязитпен қатар отырған Баяз Құттыбаев басын бір изеп қалды.
«...Жолыңда жеті жүз бас малды Жәке деген шал жеке бағып жүр». Осы жолдарды оқығанда Әзекеңнің очерігі біздің Большевик колхозына арналғанына Жәкеде, Жапарда, Баязда, менің бала күннен білетін таныс жандарым, ал Баязит менің әкем екендігіне шүбәм қалмады. Тіпті шешем Шалатай Бәженейқызына жоғарыдағы жолдарды оқып бергенімде:
- Менің саған үйде оңаша қалғаныңда мына жерде газет кісісі отырған деп сені сол жерге отырғызып алатыным есіңде ме? -деп сұрады.
-Иә, есімде. Әйтседе соншама адамның ішінен тек қана газет кісісі есіңде қалай қалған?
-Ол кісі бізге назар аударып, Жапекеңнің бәйбішесі Орынтай екеумізден бала-шағамызды сұраған еді. Бәлкім, соданда болар. Ал ол кісінің Баяз деп жазып отырғаны Бәйези атаң ғой.
Құттыбай сенің әкеңнің фамилиясы, әкең- Жапекеңнің көмекшісі, ол Баязи күзетші болатын. Аянның (Баян) жастары өз әкелерінің шаруаларына неге ие болмайды деп қонақтарға сауал тастағанын естігенде бұл олардың өзара қызу талқылайтын шаруалары, Тіпті қартайған сайын арқаларына аяздай батар мұңдары еді ғой. Асановқа соныда жеткізген екен ғой,- деп терең күрсінді. Күндердің күнінде «Қоңыр кітап» қолды болды.
Ол кезде үйге келіп кететіндер көп еді. Олардың арасында жасынан журналистикаға талпынып жүрген жас перілерде аз емес еді. Қоңыр кітаптың солардың қайсының қолтығында кеткенін кім білсін?.. Әзекеңнің сол кітабын еліміздің, жеріміздің тарихы деп білетін едім. Осы таяуда С.Торайғыров атындағы Облыстық кітапхананың кітапханашысы Бақытжан айналайынға қоңырау шалдым.
Соның көмегімен кітап қолыма тиді. Қуанышымда шек жоқ еді. Ал өмір жалғасып жатты. Жапекең онан кейінгі жерде әкем Баязит өмірден озды. Бұл тұста «Малдан басқа шаруа болушы ма еді» дейтін Жапекеңнің сөзін жоққа шығарғысы келгендей. Тың игеру науқаны басталып, мал шаруашылығы екінші планға шегерілген-ді. Бүркітбайдың Жәкесі сол Әтейде тұрып жатты. Ол кісі біздің үйдің құдасы еді. Бір күні соқа тіркеген трактор Бозай жазығын жырта бастады. Бұл жазық Жәке тұратын Әтейдің алды. Сондағы бас балаған Жәкенің жазғы жайлауы болатын еді.
Сырқаттанғанына қарамастан ол атына мініп,жерді жыртып жүрген трактористі барып тоқтатты.
-Әй, мұның не? Малдың өрісін...- дей бергенде.
-Бұл жерде сіздің жұмысыңыз болмасын. Жер – үкіметтікі, жоқ әлде сен партияның тыңды игеру саясатына қарсысың ба?-деген зілді дауысы сөзін бөлген. Қараса бөлімше аграномы екен.
-Қарағым, мына қызыл тасқа егін өспейді, текке малдың өрісі бүлінеді. Ендігісін өздерің біліңдер,- деп атының басын кері бұрған. Бұл оның талай жылдар мал бағып, ұрпақ өрбіткен ен далаға соңғы рет араша түсуі еді.
Енді Жапекеңнің және оның пікірлестерінің көңілін алаң еткен басты сауал. Бізден соң малға кім ие боладыға келсек. Жапардың Бадашы, Жәкенің Өмірзағы, Оразалысы очеркте аттары аталмасада әр жылдарда Большевик колхозының озат қойшылары аталған.Олардың Тәуекел, Тәуел, Сейфолланың Ғинаяты, Әбікейдің Әділханы (сиыр бақты) әкелерінің кәсіптерін сәтімен жалғастырды.
Ал Баязиттің жалғызы мен сиыр бағыпта, қой бағыпта жарытпадым. Бәйези, Қабышта ұрпақ жоқ еді. Ысқақ ақсақалдың Сағадаты, даңғайыр диқан «Социалистік еңбек ері» атанды. Сейфуллин Ғинаят ауыл шопандары арасында «Ленин орденінің иегері» атанды. Шұбартаулық қой өсіруші комсомол жастар бастамасын қуаттап, шаруашылықта құрылған «Армандастар» бірер жыл еңбек етті. Ақыры, басқа бригадалар сияқты су аяғы құрыдымға кетті. Аудан, облыс басшылары оқуға түсіреміз деген бір ауыз сөздерінің биігінен көріне алмады.
Осы материал газетке жариялана қалса, жаспері журналистердің «Әзілхан Нұршайықовтың очеркінің ерекшелігі неде? Шеберлігі қай дәрежеде?» деген сауалдарға жауап іздері хақ. Шама- шарқымызша, жауап бере кетелік. Очерктің тілі жатық. Тіпті кейде көркем әңгіме оқып отырғандай әсерде қаласың. Әзекең – диалогтың хас шебері.
Оны мынадан көруге болады. Осындағы бағылатын арық тоқтыны күтуші Мәлике деген жастау әйел Асановтың:
-Бұл тоқтыларға жем берілеме?- деген сауалына үндеңкіремей қалды. Ферма меңгерушісінің:
-Ә, жем дейсіздерме? Әлбетте берілед,-і деген сөзін іліп әкетіп. -Жем береміз, шөп береміз.
-Тұз бересіздер ме?
-Береміз.
-Кәне көрсетіңдерші жемдерің мен тұздарыңды?
-Осында жем де, тұзда жоғы рас. Ғафу етіңіз, Нұреке , мен ана кісінің ыңғайына қарап...
Очерктегі Макенов пен Асановтың ішкі монологтары шығарма салмағын арттырып қана қоймай, оған әр берген. Ал Әзекеңнің кейіпкерлерін бейнелеуі тіпті тосын жүргізуші Қаратайды басқалар жайғасып отырғанша жиегі сәл қызарыңқы көрінетін еліктің көзіндей ойнақы, мөлдір қара көздерін алға қадап жіберіп екі иығын кезек-кезек қозғап қалады. Шопан Жапарды «Жапар биік қабақ, қара сақал, өткір қоңыр көзді, орақ мұрын кісі еді» деп суреттейді.
Ал оның адуынды да айбатты мінезін «қарттың даусы қаттырақ шығып кетті» деген жалғыз сөйлеммен әдемі жеткізеді. Осы мақаланы жазып бола берген тұста Жапекеңнің жастар жайлы айта келіп: «Әлде колхозда жүрсе, ақын бола алмаймын деп ойлай ма? Олар өзіміз білетін атақты Иса Байзақов қойшыдан-ақ ақын болып өскен. Ақын болмаса ол не?»-деген сөзі орала берген.
Осылай дегенде оның құдайы көршісі, әріптесі Баязиттің сол кезде он жастағы Сүлеймен атты ұлы қой баға жүріп, қалам ұстарын өзінің немересі Жанаргүл Қадыровалар екі Одақтың мүшесі, журналист, ақын, жазушы атанатынын, әрине, білген жоқ. Әйтседе сол Жапекең маған аузы уәлі бұрынғының Абыздарының сарқытындай көрінеді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі