Өлең, жыр, ақындар

Естемес

Біздің тұқымда Естемес деген кісі болған. Ол кісі Киікбай (руынан) болады. Қаражол біздің ауылдан өтеді. Ол қырғыз, қазақтың, өзбектің араласқан жолы. Сол қаражолдан орыстар да жүреді екен. Орыстың бір арбасы (жүгін артқан соң аттары шаршап) Шетбұлақтың түбінде тоқтап, болдырған аттарына шөп беріп, шаршаған орыстар арбасында ұйықтап қалады. Естемес жылқы бағып жүреді екен. Таң сәрі жаңағы арбасының үстіне шығады.

— Ой, әкеңді ұрайын кәпірлер неғып жатыр, ұры болуы керек, — деп қолындағы шоқпармен орысты ұрып-ұрып тұрмастай етеді. Сондағы оның ойы ұры деп жазалағаны, оның психологиясы солай. Орыс ақылды орыс екен.

— Әй, сен жынды қазақ екенсің ғой. Мені кінәсіз неге сабадың? Даланың алақанындай бір жерді қызғандың ба менен? Атым болдырып, өзім ұйықтап жатқанда неге ұрдың мені, оңбаған екенсің ғой. Менің жазығым не? — дегеннен кейін Естемес:

— Алжыдық тақсыр, кешіріңіз, — деп алдына жүгінеді.

Қазақша білетін орыс екен.

— Кешірдім, қарағым, Құдай кешірсе, мен кешірдім, — дейді. Сонда Естемес қайтадан аяғына жығылыпты...

Естеместің екінші қылығы бар (естуімше айтамын. Бірде жолмен орыстардың арбасы өтіп бара жатыр екен. Оған Естемес тағы да қыр көрсетем деп бір орысты ұстапты арбасымен. Орыс қазақша білмейді екен. Естемес те орысшаны «қатырады» екен. Әлгі жерде екеуі тілдесе алмапты. Ұстаған Естемес қой. Орыс байғұс:

— Мына қырғызға не жоқ, мен жолыммен кетіп барам ғой, — деп ойлайды.

Бұл жер поездың қызыл отаудың жаңа ғана өткен кезі. Мұны Естемес есітеді. Сонда біздің тұқымдағы 1-рет орысша «сөйлеген» Естемес:

— Ой, ібіламант, пойыз Ташкент пойдат. Кіспен Фрұнзе пойдат іпіламант, — депті. Орыс қорыққанынан екі атын беруге де дайын, бірақ түсінбейді. Екі атын алып, арбасын тастап ауылға келеді. Әкем Естеместен үлкен болатын. Әкеме кәпірдің атын тартып алдым деп мақтанып келеді.

Ол кезде кішінің үлкенді сыйлайтын кезі ғой, қазіргі замандағыдай емес:

— Ой, оқыраңдаған ит, орыс кәпір болса да, адамның баласы болады. Өз тірлігімен бара жатқанның атын тартып алған қандай итсің сен. Оның айыбы не, ұрлық істемеді, ауылды шаппады, ол — жолаушы. Жолаушының жолын тоқтатқан иттікке жатады, — деп менің әкем Естеместі ағаның жолымен сабапты.

— Атын қайтарып бер, сындырған арбаңды түзетіп беріп, «Жолың болсын» деп шығарып сал, — деп тағы ұрсады.

Таяқ жеген Естемес бәрін орындап, орысқа извиняет деп кешірім сұраған екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз