Сиыр қақпаны мүйізімен аша салды да аулаға екпіндеп кірді.
Күнде ол әр жерге бір бөгеліп, бақшаға бір көз тастап, құдық жаққа тұмсығын шүйіріп қойып, ақыры жүріп келіп, әдетінше, қора есігінің алдына тоқтайтын еді. Ал қазір әлдекімнен қашып келгендей емпеңдей ұмтылып, аула түбіне жетті де, асығып ашып кірген қақпасына едірейе қарады. «Мына сайтанға не болды?» деп таңырқап мен де қақпаға мойын бұрдым. Қақпаны ашып кіргеніне таңданғаным жоқ — сиырдың бұл өнері алған күннен бастап-ақ көзге түскен еді. Маған оның неге елеңдегені жұмбақ болды. Көп күтпедім. Бұдыр таяғын дөптеп ұстап (малға сілтеген болуы керек) Жұмекең келе жатыр екен. Ал, бұрын аяғын ілбіп басатын, анау-мынауға елеңдей қоймайтын бұл сабырлы адамның бүгін жүзі де өзгеше, жүрісі де ширақ — күндегі жұмыстан салығып қайтатын қалып ұшты-күйді жоқ. Жалғыз сиыр ғана емес, қарттың құлқы да өзгерген. Ғажап!
«Не болды мыналарға?» деп ойлаймын, екеуінің де бүгін мінез-құлқының өзгергенін көріп. Бұл жайға тез қану да қиын. Мінезі ауыр, ойлаңқырап алып сөйлейтін, онда да аса сирек, ретіне келген кезде ғана тіл қататын Жұмекең не болғанын бірден айта қоя ма? Мен тезірек есік алдынан жерге түстім — ойыма қақпадан кірген кісінің көзіне тезірек шалыну ниеті келді. Бәлкім бірден тіл қатар — бұл жолы сұрақ қоймай-ақ өзі жайып салар мән-жайды...
— Ай, қарағым, мынаның мүйізін кеспесек өзінің түбіне өзі жетеді...
Қарт зығырды онан әрі қайната түсті. Мына сөзі жұмбаққа жауап емес, оны одан әрі қымтай түсумен бірдей болды. Мен енді Жұмекеңнің көзіне бақтым — оған сұрағымды тілмен емес, көзбен бердім. Көпті көрген қария көмейде тұрған сөзді көріп қойғандай-ақ ұзынша әдемі сақалын бір сипап қалды. Көзінің құйрығы күле бастады.
— Сиырдың мүйізін кесу деген не бәле, мұны қайдан шығардың деп тұрған боларсың. Мал жанды кісі осындай амал жасайды. Кескен абзал, әйтпесе басын құртады.
— Бәрекелді! Мүйізді неге кесем? Неге мал жанды адам бұлай етеді? Менің де мал жанды болғаным ба?— деймін. Аз уақыт үндемей қалдым. Өйткені қарт сөйлеген сайын бір тұйықтан бір тұйыққа тірейді әрі қалаған кірпіштей сөзі орны-орнында. Соған орай бір жағынан сөйлеңкіресе екен деген ынта да бар. Оның ұзақ сөйлемейтіні, сөйлей қалса түбірлі пікір айтатыны құнды қасиеті ғой.
— Мал жанды адам сиырының мүйізін кеседі!.. Бірінші рет естуім.
Жұмекең бөгелмеді.
— Бұзық сиыр болады: даладағы шөмелені шашады, тоң басын ойрандап кетеді, үй төңірегін лақтырмаса көңілі көншімейді. Ондай сотқардың мүйізін кесіп тыныш табады.
— Мүйізін кесу мал жанды адамның әдеті дедіңіз...
— Шаруасына шаң тигізбейтін адам дегенім ғой. Ал, мына сенің Зорькаң қақпаны әзі ашады. Бұған тиек деген бөгет емес — байлап қойған жібің де түк емес. Адамша шешеді.
— Оны білемін. Қазір де оған қақпаны мен ашқаным жоқ.
— Мұның қақпа ашқыштығы — сотқарлығы. Одан да жаманы — ұрлығы. Аңдығаны көрші-қолаңның бақшасы. Марфа кемпірдің огородына кіріп, капустасын жайпап жатқан жерінен қуып шықтым. Кемпірдің тас қылып байлап кеткен калиткасын шешіп кірген. Мұнан не сұрайсың!
Мен басымды шайқадым: «Қарттың ұсынысы жанды. Ертең сорлы кемпірден гөрі азулырақ біреудің бақшасына бас салса, өз басын құртып қана қоймас...» Соңғы ой жүректі зірк еткізді.
— Оны қалай кесеміз, Жұмеке?
— Оңай, қол арамен қырқып тастаймыз.
— Апырым-ай, қырқуын қырқармыз да. Бар болғырдың базары кетеді-ау! Қос мүйізін қырыққан сиыр түгіл, сыңар мүйіз мұқырдың өзі көзге жексұрын көрінеді.
— Бастан құлақ садаға! Капуста ұрлаудан басқа да қылығы аз емес. Жолында тұрған бұзау-торпақты іліп тастамаса мүйізі қышиды. Біреудің малын жарып тастаса...
— Әне өзі де түсініп тұр.
Қарт екеуміздің әңгімемізді «дәл түсінген» Зорька бізге енді көзінің аласын көрсетті және қабағын түйе қарады.
— Ол сотқар бәрін түсінеді.
— Рас сотқар болып шықты. Дегенмен ақылды айуан.
Жұмекең сақалын сипады. Мұнысы: білегін сыбанған палуандай, ал сөйледім дегені.
— Сиырға ақылдылық қайдан келсін. Жылқы болса бір сәрі. Жануар қараңғы түнде жолдан жаңылмайды. Ұйықтап қалсаң — аяғымен жер тарпып оятады. Қырық қырдан асырып әкетсе де туған жерінің топырағына тартады. Хайуанатта жылқы ақылды. Мына мұрны пысылдаған қара басқыр капуста ұрлаудан өзгені біле ме?
— Ол да ақылдылық қой,— деп қалдым мен, әлсіз болса да пікірімді қорғамақ боп.
— Ақылды деме — пайдалы де. Бағалысы — сүті ғой құрғырдың, майымен.
Соны айтты да Жұмекең менің де, Зорьканың да көңілін аулайыншы дегендей:
— Мұны боқтап та, мақтап та болмас,— деп сиырға қарай жүрді. Мүйізінен жетелеп лапас астындағы шығыршығына апарды, бас жіптің дұзақтаулы жағын Зорьканың мүйізіне кигізді, оны және шалып бекітіп, шиелей түсті, шешіліп кетпесін деп қайта-қайта нығыздады. Мен енді қартқа қалжыңдап:
— Жаңа көзінің аласымен қарап еді, қазір тарғылын көрсетіп тұр,— дедім.
Сиырдың Жұмекеңе тап осылай қарағаны рас еді. Ол ол ма: «көк шөпті қытырлатуын мұның» дегендей, Зорька бұрыштағы қара саулыққа да көз бұқасын көрсеткен. Ал қара саулық үздік-үздік пысқырып көк бидайықты қытырлатып-ақ жатыр, көлденең көздің құртын түсірерлік. Бүгін оны Жұмекең далада қоздап қалады деп үйде қалдырған. Оның қоздай қою ойында да жоқ сияқты.
Кешкі шолақ әңгімеміз өрістен қайтқан сотқар сиырды байлаумен аяқталды да біздің дәрігер келгеннен кейін тамақ ішуге үйге кірдік.
Мен қызметтен келген соң жуынып, таранып көйлекшең ас жеуге әзір тұрғамын. Ал, Жұмекең жуынуға енді-енді кірісті. Сиыр жөніндегі ой-пікірін ортаға салғаннан соң қария жайланысып, дәрет алды. Асықпай қолын жуып, аузын шайқап, танауына су атты, беті мен білегін сылап жуды, бабына келтіре, құлақ артын сипады. Етігін шешіп аяқ дәрет жасады; сонсоң шұлықшаң галошын киді. «Бұл кісі бүгін намаз оқуға кірісе ме» деп көлденеңнен бақылай қалдым. Дабырламай, тәңіріге тәубе келтіретінін біліп жүретінмін. Бірақ қарияның үйде намаз оқығанын көргенім жоқ-ты. Менің байқатпай бақылап тұрғанымды сезді де, Жұмекең ниетін анықтай түсті.
— Рамазан айы тазалықты тілейді. Ертең айт намазын оқымақшы. Бес парызды түгел өтемесек те, ұлы күнді мұсылманша қарсылау шарт,— деді. Сөйтті де бетін сүртіп, үстелге жақындады.
Тағы қарап тұрмай:
— Жұмеке, намаз...— деп қалдым.
Осы сұрақтың боларын күні бұрын білген жанша Жұмекең:
— «Жеті хат жер, сегіз хат көктен іркілмей өтетін тәңірінің мейірі менің жеңіме тоқтар дейсің бе» деп данышпан Сырым айтқандай, шырағым ішкі ниет түзу болса, басқасы сырт көрініс,— деді.
Тамаққа отырдық, аз сөйлеп кеп тыңдайтын Жұмекең маған бүгін өзгеше көрінді: оның сөзі де мағыналы, пікірі де байсалды, өмір тәжірибесі өлшеусіз мол адам екені мен мұндалап тұрғандай. Бізге тамақ құйып беріп, нанын, тұзын, бұрышына дейін әзірлеген Файруза сиыр саууға кетті. Татар әйелінің таспадай етіп тілген лапшасы қандай әдемі. Тамағы қандай дәмді! Екіншіге ол қуырдақ немесе капустаға орап бұқтырған ет парышын беретін, бүгін үстел үстінде қызара піскен пәрамаш тұр. Пияздап, бұрыштап майға қызарта бөктірген бұл тамақ еріксіз ентелеткендей. Лапшаға зауқы жоқ біздің дәрігер оны жей бастап, көзді қызықтырып барады. Және онымен тұрмай:
— Бәліш пен пәрамашты пісірсе татарлар пісірсін, бабына келтіреді,— деп қояды.
Ал лапша да мақтауға тұрарлық...
Сырттан Файруза шыр ете қалды.
— Харап етті... харап!..
Жұмекең селт ете түсті. Мен де шошып кеттім. Не пәле болып қалды? Сүтін төгіп алды ма? Олай деуге — шелек алып, сыртқа шыққаны жаңа ғана...
Әйел дауысы екінші рет шықты — бұрынғысынан қатты, өңменіңнен өтерлік.
— Алла, харап етті!..
Орнымнан тұра сыртқа ұмтылдым.
— Мен барайын, сиыр саудырмай жатқан шығар...
Үлкен кісі менімен қосарлана ұмтылды.
— Жоқ, Жұмеке...
Жұмекең менен бұрын сыртқа шығып та кетті.
— Қаһар соқсын... қаһар соққырды... харап етті мүскінді.— Файруза одырайып шетке шығып тұрған Зорьканы сөгіп жатыр екен, бізді көрген соң сиырға таяқ ала жүгірді. Бірақ босанып кеткен өзі сотқар және жырынды сиыр таяқ түгіл денесіне оқ дарытар емес. Ойқастап ауланың о шеті мен бұл шетіне ұмтылады, бейне бір жүген-құрық тимеген бедеудей, жақындаған әйелден ытқып жөнеледі.
— Не болды, Файруза?— дедім мен еш нәрсеге түсінбей.
— Мына сайтан шешіліп кеткен бе?
— Ана мүскінді харап етті...
Әйелдің иек меңзеген жағына қарай қалдық — сұмдық сол жақта екен...
Лапас астында бір бұрышта, жаңа ғана шөп жеп тұрған саулық жарға басын тіреп, сілейіп қалыпты — қозғалса сылқ етерлік төрт тағандап зорға тұр. Ал, жарылып қалған ішек-қарын жерде ақтарылып жатыр...
Жұмекеңе жалт қарадым, не деуге білмей:
— Ана заңғар шешіліп кеткен... бүлдірген... апыр-ай, бүлдірген...— дей бердім.
«Мен жаңа ғана айттым ғой бұл құртады деп, көрдің бе енді!»— дегендей Жұмекең басын бір шайқады да, кері үйге қарай ұмтылды. Ол үйден ізінше қайта шықты — қолына шаппа пышағын ала шықты.
— Мұның енді қозысын тірі алып қалайық.
«Қалай тірі алып қаласың?» деп мен одан сұрамадым. «Былай болады» деп ол да баяндап жатпады. Зорға дем алып, жар сүзе теңселіп тұрған саулықты желкесінен ұстап кері бұрды да, сол жағына жантайта салды. Жануардың өзі жығылуға әрең тұр екен, жерге сылқ етті, тыпырлауға да шамасы келмеді.
— Басын ұстаңыз,— деді Жұмекең.
Мен саулықтың басын ұстай бердім, бірақ Жұмекеңнің келесі әрекетіне қарай алмай жүзімді басқа жаққа бұрып кеттім.
— Кеудесін баса тұрыңыз.
Теріс қарап тұрып мен кеудесін бастым, саулықтың не ышқынғанын, не аяқ серіпкенін сезгенім жоқ. Аздан кейін «енді қарауға бола ма?» деген сұрақты тамағымды кенеп қана білдіріп тұрмын.
— Егіз екен,— деді Жұмекең.
Мойнымды бұрғанымда Жұмекең қозының жатар ұясын жарып, шаранасын да сыпырып тастапты. Бір емес — қос қара қозы бастарын көтере алмай тыпыршып жатыр. Қарт жалма-жан тұмсықтарына кезек үріп, егіз қошақанның кіндіктерін де үзіп үлгіріпті.
— Адам болмас,— дедім мен әлденеге шүбәланып.
— Болғанда осылар болсын. Бағана таңертең желінінен білгенмін — жанып тұрған, сонсоң ғой қалдырып кеткенім. Бүгін түнде қоздайтын еді.
Жұмекеңе не дерсің — өмірі төрт түліктің арасында өсіп, Сибирьде де бір қора қойды өз қолына алған мал балгері! Оның сөзі бос айтылар ма!
Бір сағат өтпей-ақ бөтелкеге сүт құйып, оның аузын балалар соратын емізікпен тұмшалап, ажалы жоқ егіз қозыны Жұмекең ауыздандырып та қойды. Сөйтті де екеуіне оңаша орын әзірледі. Астына жұмсақ шөлең төседі. Зорьканың жылы сүтімен енді жақсылап қоректендіріп, жайғасып ас ішуге үйге кірді.
— Егерде мына екеуі адам болып кетсе, сізге мың қой бітер,— дедім, үндемей отырған Жұмекеңнің ойын бөліп.
Жұмекең жауап қатпады. Пәрамашты жұмсартып шәйға малып жеп (Жұмекеңнің тісі кемтар болатын, сондықтан екі ұрты ішіне кіріңкіреп еті жұқа бетті онан да етсіз көрсетіп тұратын), ара-арасында шақпақ шекерін де жібітіп алып, асықпай сорып отырады. Шайын аяқтаған кезде мен тағы да:
— Қалай болғанда да екеуінің бірі сіздікі болсын. Қай қалағаныңыз,— дедім.
Ол сақалын бір сипап қойды да маған қарап езу тартты.
— Мал баққанға үйіріледі. Мың қой біту мұрат емес, жануарды өсіру, бабымен асырау қызық, қызық емес, абыройлы еңбек. Екеуінің бірі сенікі болсын дедің бе? Өскен соң қызығып алмасаң?!
— Ойбай, Жұмеке мыңға жеткізсеңіз де сіздікі! Ажалдан арашалап қалған бір өзіңіз.
— Жақсы онда. Ұрғашысын құлағын тіліп, ертең алып кетейін.
— Қайда алып кетесіз?
— Басқа қойға теліп көремін.
— Колхоз саулығына ма?
— Иә.
— Олар кейін бермей жүрер?
Қарт мүдіріп қалды. Жауап таппай, сақалын сипалай бастады. Әлдеқалай ауыздан шығып кеткен бұл сөз шын бөгеді.
— Рас,— деді ол біраздан кейін.— Колхоз бастығы шүбәланып жүрер.
* * *
Екеуін де үйде бақтық. Қартпен кезектесіп тамақтандырамыз. Біріміз үйде жоқта біріміз қарап, қос қара қозыны баға бердік, бір жағы ермек, бір жағы малжанды әдет екеумізді де бұйдасыз жетеледі. Кешікпей қозылар қолымызды аңдитын халге де жетті. Кейде мысықша еріп, аяғыңа оралады. Лaпac астынан есік алдына дейін еріп келеді.
— Мен қозыны көршінің саулығына телитін болдым, деді қарт бірнеше күннен кейін,—«Екеуін бірдей асырауға сиыр сүті жетпес» деп көршінің өзі айтты.
Мен басымды изедім де қойдым. Ол қозыны көршісінің қорасына алып та кетті.
Қалған қара қозы еркек. «Сенің атың Сибиряк» деп оған ат қойдым. Үйден шыққанда атын атап шақырамын. Келе-келе «Сибиряк» деген дыбысқа қорбаңдай жүгіретін болды.
Күндер өтті. Қозыдан қошақан болып кішірейгендей «Сибиряк» «Сибякқа» айналды. Тілге жеңіл. Өзі өсіп қалды. Басында жүні үрпиген көбдіктеу еді. Өсе келе теңеліп домаланған жұмыр қара болды. Өспеске, жұмырланбасқа шарасы жоқ. Сүттен өзге нан берем. Бірін беріп, бірін бермесең тегін қоймайды: еріп үйге кіреді, баспалдаққа секіріп шығу Сибякқа жүк емес. Және маңдайынан қақпайтыныңды жақсы біледі. Шығарып жіберсең тықылдатып есік қағады — алдыңғы аяғы қолмен бірдей. Және есікті «қағып» жіберіп құлағын тоса қояды, іштен дыбыс бермесең қайтадан қағады. Кейде маңырайды, маңырағанның өзі «бер-бер!» дегендей естіледі. Бір жақсы жері тәртіпті-ақ; алар тамағын «сұрап алғаннан кейін» аяғын ептеп басып, қора төріне кетіп бара жатады. Ал мұнан басқа мінезі де тамаша: тамақ жегеннен соң азырақ жатып тұрады да, қорада балаша асыр салатынды шығарды. Кәдімгі тағы жануардың тастан-тасқа секіргеніндей, үйінді көң-қоңырдың төбесіне шығып алып, қарғып-қарғып кетеді. Қақпаға дейін шапқылап, мінбесіне қайтадан секіреді. Сол кезде сені көре қалса жүгіріп келіп аяғымен тарпиды. Мұнысы: «жүр-жүр бірге ойнаймыз» дегені. Өскен сайын өнері арта түсті хайуанның. Тамаққа тойып алып жатудың орнына ертеңгі кезде өзімді жұмысқа шығарып салатын әдет тапты. Қақпаның алдына келіп ұзап кеткенше қарап тұрады. Ал, жұмыстан қайтып келгенде жер-көкке сыймай кетеді. Алдыңды орап, аяғымен қағып, олай-бұлай жүгіріп әлек болады. Мұнысы: «Қуанышы қойнына сыймай кеткені!» Бір күні Сибяк екеуміз үйде жалғыз қалдық. Дәрігер елге шығып кеткен. Ал, Жұмекең қырдағы колхоз станында қонып қалған еді.
Күн салқын болған соң Сибякты қазан жаққа кіргізіп, үйге қондырдым. Алдын-ала оны тамақтандырдым. Астына кенеп төседім — бойы үйренген соң әзірленген орынға жатып алды. Қазан жақтың есігін ашық тастадым. Өзім аз уақыт кітап оқып жаттым. Қалғи бастаған соң шамды сөндірдім де, кешікпей-ақ ұйықтап кеттім.
...Үйде біреу жүр. Қалай оянып кеткенімді білмеймін. Тыңдаймын. Ақырын ғана басады аяғын! Өзі тап қасымда тұрғандай! Тіпті дем алғаны да құлаққа шалынып кетті! Үй іші жым-жырт тыныштыққа бөленіп, тірі жанның қыбырын құлаққа аумай-төкпей әкелетін. «Бұл кім үйде жүрген?» деймін. Сөйтемін де «түс көріп жатырмын ба» деп ақырын ғана көрпемді сипаймын. Ойыма түсіп кетті. Сибяк!
Мені іздеп, дыбысымды сезіп, бөлме-бөлмеден жаңылмай тапқан. Мен де іштен дем алып жатырмын. Не қылар екен?
Кровать жанына келіп біраз тұрды. Байқаймын, құлағын тосып тұр. Бір кез: «Осы орнында бар ма, жоқ па? » — деген жанша байқау үшін кроватьқа аяғын салды. Сөйтті де ақырындап қана мені тарпып қойды. Мен шыдамадым. Дыбыс бердім.
— Сибяк, мен орнымда жатырмын, сен де барып жата ғой! Қорықпа!
Сибяк жайымен ғана аяғын кері әкетті. Бірақ өз орнына бармады. Әлде қорқып жалғыз жата алмады ма, әлде менің бар-жоғымды білу сезімі билеп кетті ме екен. Кім білсін! Әйтеуір еденде, менің кроватымның жанында жатты. Ертемен екеуміз орнымыздан бірге көтерілдік.
Жаңбырлы, қара сұр күз де өтті. Әрі ұзақ, әрі суық Сибирьдің қарлы қысы да ығысып, көктемге орын бере бастады. Ол жерде көктемнің өзі кенже қалып отырады ғой. Сибяк «күпісін» шешер шақта майдың өзі қоштаса бастап еді. Ал, қозылық, марқалық дәуірді бастан тоқ кешірген Сибяк маңдайы қырқаланып кеткен. Қыртыс қабақ құду денелі бола тұра, баяғы қолға қарауын тастар емес. Бірақ аталық қасиеттері күн санап көзге түсе берді.
— Осы сайтан қошқар болған соң да қоймас па екен еріп жүруді,— деп қояды Жұмекең кейде, өскен Сибяктің қозы мінезін ұнатпай.
— Қошқар болуға көп бар ғой, әлі жұдырықтай емес пе!— деймін әдейі кішіртіп, сомдалып қалған денесіне көзім көбірек тоқтаса да.
Бір күні таңертең Сибяк сиырмен сүзісіп жатыр. Терезеден көріп қалдым. Үйден шыға жүгірдім. Бірақ Зорьканың «қолына» түсе қояр ниеті жоқ. Әлде ойнай ма, әлде аңдысын аңдып сиырды қапыда соғайын дей ме,— әйтеуір Сибяк басты тұқыртып жүгіріп келіп қалады да мүйізін шайқап қалған сиырдан жалт береді. Бір ғажабы, оған сиыр да өжеттене ұмтылмайды: тұмсығы пыш ете қалып, басын құр шайқайды. Және өзі күйсеген жағын қайзаудан босатпайды. Сірә, бұл екеуі аса қырғи-қабақ емес те шығар! Дегенмен Зорькаға сеніңкіремей:
— Шешесін құртқаның аздай-ақ, енді өзіне де мүйізіңді шайқайтын болдың ба?— деп ескертіп қоям.
Сибяк бір жасқа шығарда күтпеген жерден...
Былтыр июльде туып еді ғой Сибяк. Туған жоқ, Жұмекең іштен жарып алып ажалдан арашалап қалғанға бір жыл. Ал биыл ойда жоқ жерден алыстағы Алматыдан қонақтар сау ете түсті. Қайынбикем мен балдызым. Балдызым Қазыбегін жетектеп келмесін бе! Мал көрмеген бала алдымен Сибякқа жармасты. Бұрын мұндай кішкене кісіге үйренбеген қозы, аз-мұз таңырқағандай едірейе қарады да, тілін біле қойды: Қазыбекті сүзген болып, тиіп қашып, бірден ойынға кірісіп кетті. Бізге олардың ойыны да қызық. Елдің хабары да көктен түскен олжадай болды. Ел жайын, дос-жаран халін қалдырмай сұрап, біліп, қуаныш қойынға сияр емес. Асыл астанаңды көзіңмен көргендей, көшесінде өзің жүргендей боласың...
— Мен кеңсеме барып жұмыс аяғына дейін бола алмайтынымды білдіріп қайтамын,— деп сыртқа шықтым.
Жұмекең де колхоз конторына барып шықпақшы болды.
— Жұмеке, қонақ келіп қалды ғой,— дедім үйден шыға бере.
Арғы жағының неге соғатынын қарт айтпай сезді: қонаққа тоқты керек екені қазақтың іштен біліп туатын салты емес пе!
Қарт сақалын сипаудың орнына оны қаси түсті. Бұл оның тұйыққа тіреліп қалғанының белгісі ғой. Аздан кейін төмен қарап тұрды да:
— Иә, қой басын жейтін қонақ. Болмас... Төрт-бес шөмеле шөпке түспес пе екен, тоқты-торым қарастырып көрейін,— деді.
Сөйтті де лапас астынан жүгіре шыққан Сибякқа қарап басын шайқады, мен де қарттың ойымды тапқанына қуанып кеттім. Жүгіріп келген Сибякқа:
— Бар, бар! Кешке іркіт ішесің, Файруза май былғайды,— дедім.
— Сен сайтанға қол бармас!— деді Жұмекең де, қошқар болар қозыны құлағынан жұлқып.
Сибяк жұғымды хайуан. Жұмекең тұрғанда оған қатер аз.
Көктөбел, 1966 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі