Өлең, жыр, ақындар

Ақсұқсыр

Аяулы анам Жаңылханға арнаймын

I.

Аңнан оралған Алдасай мерген иығындағы қояны мен қырғауылын босағаға лақтыра салып, лашығына кіріп келді. Жеңгелей алған айдай сұлу келіншегі Ақсұқсыр қаннен қаперсіз ұйқы құшағында екен. Шәйі көйлегінің етегі тізеден сәл жоғары түріліп кетіпті. Күн тимеген аппақ, ақ балтыр. Алдасай енді түсінді, өзін түзден үйге жеткенше асықтыратын осы ақ балтыр екен ғой.

Ыстық дем... Қайратты қолдың уысынан келіншек оянып кетті.

— Не болды сонша, ұяттағы...

— Ақсұқсыр...

— Қой әрі, талтүсте...

Мерген жігіт келіншегін жаңа көргендей.

— Балтырың, әппақ екен ғой?!

Енді Ақсұқсыр наздана жымиды. Күйеуіне еркелеген сыңай танытты:

— Бұл балтырға... талайлар қызыққан...

Осы сәтте қызылға шүйілген бүркітше төніп қалған Алдасай кілт кідірді..

Көкірегіне біреу найза сұғып алғандай. Басқа тепкен ыстық, қан суынып жүре. берді.

— Талайлар қызыққан дедің бе, а-а?!

Ақсұқсыр ерінің аңсар сәтін пайдаланып ерке қылық танытам,.—, деп бүлдіріп алғанын енді сезді.

— Талайлар қызыққан. Менен өзге тағы кімдердің көз құрты болып жүрсің, ей сен?!

Келіншек үнсіз. Аузынан абайламай шыққан сөз үшін тілін тістеген.

— Мен, Алдасай, жеңгелей алған қатыным Ақсұқсырды талақ етем. Талақ! Талақ!

— Батыр сәл сабыр ет! «Ашу — дұшпан, ақыл — дос». Құрсағымда сырлы зереңдей дөңгеленіп ұлың өсіп келеді.

— Мен сенен ұл сұрағаным жоқ, ат сауырында келген күң!

Ақсұқсыр селк етті.

Аңшы жігіт лашығынан атып шығып, беймәлім жаққа жүре берді. Бірақ аңғал батыр кейін өзінің ұрпағы сол құрсақта қалған ұл арқылы ғана жалғасатынын, сөйтіп Ақсұқсырға мәңгі қарыздар болып қалатынын білген жоқ.

II.

Алдасайдың лашығынан Ақсұқсырдың да қосын бөлектегеніне үшінші күн. Келіншек былай деп жылады:

Маңдайға жаялғыш жазылды,
Қайтемін озмыш болмаса-ай.
Айтқал бір ерке назымды,
Көтере алмадың Алдасай.
Саудаға салып басымды,
Жаралап жанды дертті еттің.
Қызы едім Бекзат асылдың,
Таңбалап сүйек, морт кеттің.
Шерім көп айта бастасам,
Жомарт боп қалар мұң-мүддем.
Ойламап едім ешқашан,
Тұтқынға түскен күңмін, — деп.
Кім айтар мені Сұқсыр — деп
Қамшасы қалмақ — лала гүл.
Мәз болма
Төсіме шықтым, — деп,
Қылдым, — деп және талағым.
Ерсілеусіңдер Адайлар,
Кеткенде бойда қызып қан.
Қайта айтам, ел, а, талайлар,
Ақ балтырыма қызыққан.
Қызыққан хан да, батыр да,
Жүрегін көсеп, от қарып.
Ақсұқсыр деген атым да,
Соңдықтан шыққан мақталып.
Түсіріп құнын бағамның,
Қызғаншақ жансың сенбеген.
Нақ сүйері болғам ағаңның,
Ат қойған абзал жеңгең ем.
Өлгенде Жомарт көзіме,
Есімнен тандым жас ұрып,
Әмеңгерлікпен өзіңе,
Тиген-ді отағасылық.
Қайтемін сырды жасырып:
«Ақ жеңгем сені төбеме,
Көтеріп өтем», — дегенің
Асылық болды, асылық.
Маңдайға жазмыш жазылды,
Қайтемін озмыш болмаса-ай,
Айтқан бір ерке назымды,
Көтере алмадың, Алдасай!

Ақсұқсыр осыны айтып болып қалың ойға батты. Өткен өмірі көз алдына келді...

III.

...Қалмақтың Қонтайшысының қызы болатын. Ерке өсті. Ешкім маңдайынан шерткен жоқ. Қазақтармен болған бір жаугершілік ұрыста қолға түсті. Қасақана қазақтар қалмақтың сүт бетіндегі қаймақтары — ең сұлу қыздарын моншақтай етіп жіпке тізіп елдеріне алып жүрді. Әр қайсысы әр батырдың қанжығасына байланды. Ал бұны қол басы ханға тарту етпек болды. Тұтқын болғанмен балиғатқа жетіп қалған қыз емес пе? «Ханға бұйырсам мүмкін ханым болармын», — деп өзін жұбатты. Әрі шешесі Айкөркем қазақтың қызы болатын. Жаугершілікте қалмақтардың қолына түскен. «Нағашыларың жақсы жұрт қызым. Әкең жауықты деп сен жауықпа», — дейтін. Енді қызы шешесінің кебін киіп келеді. Аумалы-төкпелі заман-ай! Сондықтан да сескене қойған жоқ. Бірақ бұны жүрек жұтқан Жомарт деген батыр жігіт ханнан қалап алды:

Алысқа салған өресін,
Қасына жинап
Бай, мырза, батыр, төресін.
Тақта отыр ханы қазақтың.
Еңсегей бойлы ер Есім.
— Хал ием, — деді бір жігіт,
Келісті сымбат дүр жігіт,
Дауысқа шыққан жалт қарап,
Өзгелер қалды дүрлігіп.
— Ә, Жомартжан, сен бе едің,
Бұл жеңісте мол болмақ үлесің мен еңбегің.
Қалауыңды айт, — деді хан,
Ең қадірлі, ең сыйлы қонағымсың сен менің.
— Хан ием!
Маған сыйға берсеңіз:
Ақбоз атты мінбей бер,
Ақ сауытты кимей бер,
Ақберенді шаппай бер,
Ақсұқсырды сүймей бер...
Ер дос болса гүлдейді ел.
Сый ішінде осылардан жоқ асыл,
Жомарт болса асырды тым бағасын.
Ханның сыйын сұрағаны сор маңдай,
Деп өзгелер ұстап қалды жағасын.
Тым қызбалау жас жігітке обал-ақ.
Хан дегенің тез жарылар қағанақ.
«Итім құрсын сары майдан дәме еткен»,
Жатар ма екен кеудеден бас домалап.
«Хан сыбаға, сұрап тұрған сыбаға,
Мына жігіт оны, сірә, ұға ма?
Бәрінен де ең қымбаты Ақсұқсыр,
Не, — деп жауап бермек керек бұған ә?!»
Жері жоқ-ты бұрын сөзден тосылған,
Жері жоқ-ты бұрын жаудан шошынған.
«Мына жігіт несін маған бұлдап тұр»,
Ойға батты, ойға батты Есім хан.

Есім хан Жомартқа көзін алмай ұзақ қарады. Оң қолын жүрегінің тұсына басып, сәл иіліп жігіт тұр. Келісті тұлға. Хан сыбағасын сұрауға қалай батылы жеткен. Ақсауыт, ақберен, ақ боз ат, Ақсұқсыр. Осылардың біреуін сыйға ала алса тақиясына тар келіп пе бұл шіркіннің. Әлгілердің бәрі қараға емес ханға ғана лайық емес пе? Анау басты домалатып түсірсе не істер еді?! Жоқ. Болмайды. Онда менің қол астымдағы халық екіге жарылады. Айбыным әлсірейді. Азан шақырып қойған Аталық атын өзгертіп халықтың Жомарт атауы тегін емес. Дегені-ақ болсын. Әлі талай кәдеге жарар...»

Жебелерді жауға қардай боратқан,
Сен едің-ау ел мырзасы, қиын кезде қол артқан.
Сұрауыңның бәрі де асыл, асыл саған лайық,
Бердім, — деді ол тілегіңді Жомартжан!

IV.

Жомарттың он екі канат ақ боз үйі елдің игі жайсаңдарына толы. Үй сыртындағы кермеде ақбоз ат байлаулы, төрде кереге басында ақсауыт пен ақберен ілулі. Тек Ақсұқсыр ғана көрінбейді. Кенет Жомарт есік алдындағы жігітке ым қақты. Қыз әкелінді. Сәукелелің үстінен төмен түсірілген ақ шәлі перде тағдыры қалай болатыны белгісіз тұтқын қыздың албыраған алма бетін онша жарытып жасыра алмапты. Сабаудай ұзын кірпік көздің аясын жауып жіберді де қайта көтерілген жоқ. Отырғандарға иіліп иба білдірді,

— Ей, Сұлу!—деді Жомарт тұтқын қызға қарап:

— Ей, Сұлу!

Әлгі ісіммен жасап сәл-пәл астамдық,
Ұғынсам да боп кетерін қастандық.
Хан алдында қалауымды сұрадым,
Беру үшін бір өзіңе бостандық.
Қазір міне осы сәттен азатсың,
Тек кішкене өзіңе айтар аз-ақ сыр.
Ел жұртыңа барғаннан соң ұғындыр,
Кім екенін қазақтың.
Анау тұрған:
Ақсауытты — киесің,
Ақберенді — ілесің,
Ақ боз атқа мінесің,
Ел-жұртыңа жүресің.
Ел-жұртыңа барған соң
Бақытты өмір сүресің.
Әумин!

Қап-қара, мойыл көзді жауып қалған сабаудай ұзын кірпік көтерілді. Жанары мөлт етіп жасқа толды, екі тамшы жарыса мөлдіреп алма беттің ұшына келіп қалды. Төрде малдас құрып отырған, басына азат құсын қондырған, жүзінен мейірім лебі ескен адамға қарады. Ат жақ, қыр мұрын, қап-қара қияқ мұрт, сонау самайдан жіңішкеленіп келін иек тұсында қоюлана түскен, қап-қара шоқша сақал. Қара торы жүзінде қан жүгіріп тұр. Нұрлы жанарда кім-кімге де жетерлік мейірім бар. Сұлу бұл оқиғаның не өңі, не түсі екеніне сенбей тұрғандай. Тұтқындықтан кейінгі Еркіндік адамды eciнен айырады екен. Қыздың жанары төрде отырған құдіреттің жанарымен түйісіп қалды. Қыз кірпігін бұрын қақты. «Мына жанардың аясында жүрген әйелде арман болмас». Ақсұқсыр дауыстап жібердім бе деп селт етіп еді, жоқ ішкі үні екен. Әлгі үн қалайда бұлқынып сыртқа шыққысы келді.

— Мырзам! — Ақ желектің астынан сыбызғыдай сызылған әсем дауыс естілді. Алдында әміршім — дегелі тұрған. Мына сөздің ауызға қалай оралғанын білмей қалды.

— Мырзам!

Сіздей жомарт, сіздей дархан мырзаның,
Шын көңіліне ырзамын.
Көкірегімді өртеп жатыр бір жалын.
Ол — күңдіктікі жаулығы еді тартылған,
Келмеген соң құтқарушым артымнан.
Әр ісіңнен парасатың ашылып,
Тым биіктеп бара жатыр ө тұлғаң.
Кегі болса жібермейтін кекті ден,
Текті едің. Жолығыппын текстімен.
Ерік бердің бас иемін еркіммен.
Тек өзіңді құтқарушым деп білем.
Өз еркіммен бас имес ем тексізге,
Қажет емес азсыз ба, әлде көпесіз бе?
Ақсауты та,
Ақберен де,
Ақбоз да
Және бейбақ — Сұқсыр да
Жарасады тек Сізге!

...Ақ сұқсыр бұл ерлігіне, бұл еркіндігіне, тым ашықтығына соңынан өзі таң қалды. Енді бір сәт кідірсе әлгі нұрлы жанардың сәулесінен мәңгілік айырылып қалатындай қорықты. Еліне барғанда кім құшақ жайып қарсы ала қояр дейсің? «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман». Жоқ, неде болса Ақ сұқсырдың нағашы жұртында қалғаны жөн. Құдайдың басқа салғанын көре жатар.
Ауыл молдасы ертесіне Ақ сұқсыр мен Жомартқа неке суын ішкізді. Ішкізіп тұрып: «Еріңнің айтқанын екі етпеуге, жар төсегіне адал болуға, ошағыңның үш бұтын аман ұстауға уәде бер, — деді. Берді.

Екі әйелдің үстіне үшінші және тоқал болып түстім деген жоқ. Бақытты өмір кешті. Бәрі де ерге байланысты екен. Бұлар күндестік танытпады. Шіркін, сол Жомартпен отасқан кезі Ақсұқсырдың ең бақытты, ең ләззатты, ең балдәурен шағы екен ғой. Жомарт десе бүкіл ел ішкен асын жерге қоятын. Өзгелерге айтылған сәлемдемесі екі етілмей орындалатын. Халықты жарлы, бай деп бөлмейтін. Әcipece, қаріп-қасірлерге қайырымды еді. Жомарт аты сол жарлы-жақыбайларды жарылқағаннан шыққан еді. Ақсұқсырдың отауында кенеттен ауырып дүние салды.
Жомарттың жылы өткен соң «аға өлсе іні мұра» деп оны қайнысы Алдасайға атастырған. Жомартқа некесін қиған молда бұған да неке қиып, су ішкізді. «Қайран, дүние-ай. Бәрі алдамшы екен ғой. Енді міне еш жазығы жоқ бір ауыз сөзі үшін әңгүдік Алдасай, бір бет Алдасай, сынса бір сынатын Алдасай талақ етті. Неке төсегіме адалдығыма бір алла куә. Уһ!» Көпшігі көз жасына толып жатып ұйықтап кетті.

V.

Қатынына ашуланған күйімен,
Үшінші күн кеткеніне үйінен.
Үшінші күн аң қашпады алдынан,
Іс болмады ешбір адам сүйінер.
Бес қаруы өн бойына сайма-сай,
Ақсұқсыры еді көңіл айнасы-ай,
Енді міне басқа теуіп бақытын,
Айдалада аң іздеп жүр Алдасай.
Із кескенмен, ала-көбең таң шыға,
Жүгіргенмен қара терге малшына.
Бұған деген барлық нәрсе қырсығып,
Қанданбады қанжыға...

Әлқисса, Алдасай бір бұлақтың басына келіп, жартас көлеңкесінде отырып былай деп өксіді:

Бұрып арна, ағысымды,
Маған алла бақ ұсынды.
Өзгеге оным көзін сүзіп,
Таптап кетті намысымды.
Сол болатын асыл әнім,
Қалай, сірә, жасырамын.
Қорлаттырар басымнан сөз,
Қалай және асырамын.
Білмегенмін ес-түсімді,
Бәрін бірақ, кеш түсіндім.
Солай-солай бұл Алдасай,
Айтты — бітті, кесті — үзілді.
Айтар болсам мырза атынан:
Қызығатын бір затым — қыз.
Бір затым — аң.
Ішімді өртеп бара жатыр,
Ішімді өртеп бір запыран.
Уһ!

Осы сәтте бұлаққа бір топ құлан үйірі келіп қалған еді. Алдындағы аламан айғыр адам иісіп сезіп кілт тоқтады. Артында келе жатқан сауыры жылтыраған, семіз, сұлу байтал айғырға сүйкеніп қасынғысы келді. Байталдың әлгі қылығына Алдасайдың жыны қозды. «Ұрғашылардың бәрі бір тектес». Садағынан көздеместен-ақ жебе тартты. Сұлу байтал шыңғыра кісінеп барып, құлап түсті.

Үріккен құлан үйірі аулақ кетті. Қынынан қандауырын суырып алып бауыздау тамағын орып жіберген Алдасай ызалана тіл қатты.

Сұлудың емі — құшақ,
Семіздің емі пышақ.

VI.

Төртінші күні Ақсұқсырды ауыл ақсақалы шақыртты. Құр сүлдері ғана бар оны, екі келіншек екі жағынан қолтықтап алып жүрді. Топ адамдардың ішінде бір кезде Жомартпен, ал ол дүниеден өткен соң Алдасаймен некесін қиған молда да отыр екен.

— Шырағым, күнәһарсың, — деді бұған ауыл ақсақалы — Күнәһарсың. Күндіз жалаңаш тәніңді жарқыратып еркек аңсағаның үшін сені отағасың Алдасай талақ етті. Біз ата жолымен сені енді қайын ағаң Шылымға атастырғалы отырмыз.

Шылым бай да емес, би де емес, батыр да емес, аңшы-мерген де емес, мал баққан момын шаруа ғана болатын.

— Айтумыс ұлы Шылым, — деді молда қолына көзеге құйған, құран сөзімен үшкірген неке суын ұстап тұрып, — жесір келінің Ақсұқсырмен некелесуге ризамысың?

— Ризамын, ризамын әмбие, — деді Шылым шоқша сақалын саусағымен тарамдап. Айдай сұлуды құдіретті құданың қолына ұстата салғанына сенер сенбесін білмей сасқалақтады.

— Жеменей келіні Ақсұқсыр! Айтумысұлы Шылыммен отасуға ризамысың?

— Ақсұқсыр аузын жыбырлатты. Оны екі жағына тұрған келіншектің бірі қағып алып «риза, риза», — деді.

Тағдыр тәлкегiне түскен жесiр жас келiншек осы сәтте Аллатағалаға iштей жалбарынып тұрды:

Жар бола гөр бейбаққа,
Жаратқан ием бір өзің.
Кей уақта, тіпті кей уақта,
Санайтын асыл, ірі өзін.
Жан болдым жиі адасқақ,
Қабағым мұңлы қатумын.
Үшінші рет отаспақ,
Отағасыммен тату қыл.
Сәуірде, тылсым жаңбырда,
Өседі көктеп лала гүл.
Болашақ барар таң нұрға,
Бауыры бүтін Ана қыл!
Күнәмді, бәрін, білемін,
Жаратқан Алла күңіңмін.
Өзге жоқ сізден тілегім,
Түтінін түзе Шылымның...

Әлқисса, Аллатағала еңірегенде етегі толған, өмірден тауы шағылған бейбағының тілегін орындады. Отбасы берекелі болды. Шылымға арыстай үш ұл тауып берді. Шаруасы шалқыған Шылымның екі езуі екі құлағында. Бұрынғы бәйбішесін үлкен ұлымен бөлек жіберген.

...Заман  өтті. Ақсұқсырдың Жомарттан, Алдасайдан, Шылымнан тапқан бес ұлы осы ағайынды үш жігіттің де аттарын аспандатқан бес рулы ел болды. Ал Ақсұқсыр (қазақтардың қойған есімі Ақсұлу) солардың ортақ абзал Анасы. Мерейлерін өсіргісі келген кезде олар өзгелерге  осы Адайдың анасы атанған Ақсұқсырдың оқиғасын айтып мақтанады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз