Көне заманда, жұрт бір пәтерден екінші пәтерге көшерде, заттарды тасу үшін кейде жергілікті түрменің тұтқындарын жалдайтын.
Біз, балалар, со тұтқындардың келуін әманда ыстық ынта-ықыласпен және аяушылықпен күтіп жүретін едік.
Тұтқындарды, белдіктеріне орасан үлкен револьверлерін "бульдогтерін" қыстырған қарауылшылар айдап келетін. Біз көзіміз бақырайып, со бір үстеріне тұтқындардың сұрғылт киімін, бастарына сұрғылт дөңгелек шәпкелерін киген кісілерге жалтақтап қарай беретінбіз. Бірақ не екенін өзіміз де білмей, біз әсіресе белдігіне шылдыраған жіңішке кісендері белбеушемен байланып қойылған тұтқындарға айрықша құрметпен қарайтынбыз.
Соның бәрінің сұмдық құпия сыры бардай болып көрінетін. Бірақ ең бір таңғалып, тамсанарлық жайт, тұтқындардың бәрі дерлік кәдуелгі шаршап-шалдыққан адамдар болып шығатын және солардың ақ көңіл қайырымдылығы сондай, оларды жауыздар мен қылмыстылар дегенге тіпті сенгің де келмейтін. Қайта олар тек кішіпейіл ғана емес, ізетті кісілер де болатын, бәрінен бұрын қомақты бір заттарды апарып қоярда әлдебіреуге зақым келтіруден, не бірдеңені сындырудан қатты қорқатын.
Біздердің, балалардың, үлкендермен келісе отырып, жасалған қитұрқы жоспарымыз болатын. Шешеміз қарауылшыларды ас үйге шай ішуге алып кетеді, біз со кездері тұтқындардың қалталарына нанды, шұжықты, қант пен темекіні, кейде тіпті ақшаны да асығыс салып жатамыз. Оны бізге ата-аналарымыз беретін.
Біз бұл нар тәуекелдің ісі екен деп ойлап, тұтқындар ас үй жаққа кезін бір қысып қойып, бізге сыбырлап алғыстарын айтқан кезде, сөйтіп біз берген сыйлықтарды әрірек, ішкі құпия қалталарына қайтадан жасырған кездері мәз болып қуанып қалатынбыз.
Кейде тұтқындар бізге жұрттан елеусіз етіп хаттар беретін. Біз оларға маркаларды жапсырып, сосын бәріміз топ болып, пошта жәшігіне салуға баратынбыз. Хаттарды жәшікке салмай тұрғанда, біз: жақын жерде пристав не полицей жоқ па екен? — деп бұрылып қарайтынбыз. Олар біздің қандай хатты жөнелткелі жатқанымызды сезіп қоятын кісілердейін.
Тұтқындардың арасынан мен бір ақ сақалды кісіні есімде сақтап қалыппын. Оны өзгелері ағаман деп атайтын.
Ол заттарды тасуға жарлық беретін. Заттардың біразы әсіресе шкаптар мен пианино есіктерге тіреліп қалатын, оларды амалдап алып өту қиын болатын, кейде олар тіпті өздеріне күні ілгері арналып қойылған жаңа орынға тұрғысы келмейтін. Заттар ашықтан-ашық қасарысатын. Ондай кездері ағаман тұрып, қайсы бір шкап жөнінде:
— Оны өзінің тұрғысы келетін жеріне қойыңдар. Сендер оны ноқталауды қойыңдар! Мен бес жылдан бері заттарды тасып келемін және олардың мінез-құлқын білемін. Егер бұ зат осы жерге тұрғысы келмейді екен, енді оны қанша қыстасаң да көнбейді. Сынуға бар, бірақ көнбейді, — дейтін.
Мен қарт тұтқын со бір нақыл сөзін жазушының жоспары мен кейіпкерлердің іс-қимылына байланысты есіме түсіріп отырмын. Заттар мен осынау әдеби кейіпкерлердің тәртібінде ортақ бірдеңе бар. Кейіпкерлер жиі-жиі автормен күресіп жатады және оларды ұдайы жеңіп отырады десе де болады. Бірақ бұл жөніндегі әңгіме әлі де алда.
Әрине, жазушылардың бәрі дерлік болашақ зат - жоспарын жасайды. Олардың бірқатары жоспарларын егжей-тегжейіне дейін дәлме-дәл етіп құрады. Енді біреулері — жақын-жуық етіп жазады. Өзара ешбір байланысы жоқтай болып көрінетін бірнеше сөзден тұратын жоспарды жасайтын да жазушылар бар.
Тек суырып салма дарынын игерген жазушылар ғана ешбір жоспарсыз жаза алады. Орыс жазушыларының ішінен бұл дарынды жоғары деңгейде игерген тек Пушкин ғана болатын, ал бізбен замандас прозаиктерден Алексей Николаевич Толстой бұл дарынның иесі болды.
Мен бірақ кемеңгер жазушылар да ешбір жоспарсыз жұмыс істей алады деп ойламаймын. Кемеңгердің ішкі сарайының бай болып келетіні сонша, кез келген тақырып, кез келген ой, жайт немесе кез келген нәрсе оның сарқылмайтын ассоциация тасқынын тудырады.
Жас Чехов Короленкоға:
— Міне, сіздің үстеліңіздің үстінде күлсалғыш тұр. Егер қаласаңыз, мен дәл қазір сол жөнінде әңгіме жазайын, — дейді.
Әрине, ол соны жазды да.
Мына жайтты көз алдыңызға елестетіп көріңізші, бір кісі көшеден умаждалып қалған бір сомды тауып алады да дәп бір ойнаған кісі дейін, оп-оңай да қарапайым сөздермен романын сол сомнан бастай жөнеледі. Біраздан кейін сол роман ұлғайып, тереңдеп. кеңейе түседі, ол адамдармен, оқиғалармен, жарықпен, бояулармен толысып, қиялмен қанаттанып, бір қалыппен емін-еркін ағады да жазушыдан жаңа құрбандықты талап етеді, одан бедерлі бейнелер мен сөздердің асыл қорын өзіне жұмсауын талап етеді.
Хош, сонымен кездейсоқ нәрседен басталған хикаяттан, енді қарасаң, небір ойлар туындайды, күрделі тағдыр-таланның адамдары пайда болады. Ал сосын, жазушы өз жанының толқуына ие бола алмай қалады. Ол Диккенс сияқты, қолжазбасын беттеп отырып жылайды, Флобер секілді жаны ауырып ыңыранады, немесе Гоголь сияқты қарқылдап күледі.
Мәселен, тау ішінде болмашы дыбыстан, аңшы мылтығын гүрс еткізіп атудан биік жарқабақтан қар жылтырап, тұтас бір жолақ болып сөгіле бастайды. Көп ұзамай ол төмен қарай сусып келе жатқан қар өзені секілденіп көрінеді де бірнеше минуттан кейін, күллі шатқалды сатыр-сұтыр гуілімен қалтыратып, ауаны ұшқындаған шаң-тозаңға толтырып, ұлы көшкін болып құлап, етекті басып қалады.
Кемеңгерлігіне қоса, суырып салмалық дарыны мол адамдардың шығармашылық күйге оп-оңай түсетінін көптеген жазушылар атап өтеді.
Пушкиннің қалай жұмыс істейтінін жете білетін Баратынский ол туралы:
...Жас Пушкин желдей ескен жалт-жұлт етіп, Қаламынан бәрін де туындатып...
Мен кейбір жоспарлардың сөздер жиынтығы болып көрінетінін айтып кеттім. Соның шағын бір мысалы мынадай. Менің "Қар" деген әңгімем бар. Ол жарыққа шықпай тұрғанда, мен бір парақ қағаз жаздым, со жазбадан әлгі әңгіме туды. Енді со жазғанымның түр-пішіні қалай дейсіз ғой?
Солтүстік туралы ұмыт қалған бір кітап. Солтүстіктің негізгі түр-түсі — күміс қағаз тәрізді. Өзен үстіндегі бу. Әйелдер үкілердегі суға жуылған кірлерді шайып жатыр. Түтін, Александра Ивановна үйінің қоңырауына: "Есікте тұрмын салбырап, қақсаң — кетем даңғырап!" "Біркелкі үнмен қоңырау, қажытады шылдырап". Оларды "дарвалдая" -"Валдайдын сыйы" деп атайды. Соғыс. Таня. Ол әйел қайда, қайдағы меңіреу қалашықта? Жалғыз өзі. Алабұлт тасасындағы көмескі ай, - шексіз шалғай. Өмір алақандай жарық айналасына келіп сығылысқан. Шамнан түскен жарыққа. Түні бойы қабырғаларда бірдеңе гуілдеп жатады. Бұтақтар терезе әйнектерін тырнайды. Біз қысқы түннің ең бір меңіреу сәтінде үйден сыртқа ете сирек шығамыз. Бұны тексеру керек... Жалғыздық пен сарыла күту. Мазасыз кәрі мысық. Оған ештеңемен де жаға алмайсың. Бәрі де - тіпті рояль үстіндегі өрімді шырақ (зәйтүн ағашының майынан) көрініп тұрған сияқты, бірақ әзірше басқа ештеме де жоқ. Роялі бар пәтер іздейді (әнші). Эвакуация. Сарғая күту жайындағы әңгіме. Бөтен біреудің үйі. Өзінше жайлы, ескі салт-дәстүріндегі үй, фикустер, Стамболи немесе Месаксуди деп аталатын ескі темекілердің иісі шығады. Шал тірінің тірлігімен жүрген, өліп қалады. Жаңғақ ағашынан жазу үстелінің жасыл тысына сары дақтар түскен. Кішкене қыз. Золушка. Күтуші әйел Басқа әзірше ешкім де жоқ. Махаббат кісіні қашықтан тартып әкеледі, дейді жұрт. Бірақ тек күту жөнінде ғана әңгіме жазуға болады. Нені күтеді? Кімді күтеді? Бұны келіншектің өзі де білмейді. Бұл жүректі жаралайды. Жүздеген жолдар тоғысатын бір жерде адамдар бір-бірімен тосыннан тосын кездесіп қалады, бірақ бұрынғы бүкіл өмірі осы кездесудің даярлығы болғанын өздері де білмейді. Ықтималдық теориясы. Бұны адам жүрегіне де қолдануға болады. Ақымақтарға бәрі де оңай. Ел қарға көміліп барады. Бір адамның келмей қоймайтыны анық. Әлде біреуден өлген кісінің атына хаттар келе береді. Оларды үстел үстіне қабаттап қоя бастайды. Бұның кілті — со хаттарда. Қандай хаттар? Онда не айтылған. Теңізші. Баласы. Оның келер алдында қорқыныш пайда болады. Күту. Әйел жүрегінің мейірімділігінің шегі жоқ. Хаттар ақиқат шындыққа айналады.. Тағы да өрімді шырақтар. Мүлде басқа сипатта. Ноталар. Емен жапырақтары бейнеленген сүлгі. Қайыңның түтіні. Күйіне келтіруші — бүкіл чехтар жақсы музыканттар. Көзіне дейін орап алған. Бәрі де айқын!"
Міне, осыны сол әңгіменің жоспары деп, сүйреп әкелгендей етіп айтуға болады. Егер әңгімені білмей, осы жазбаны оқыған кісі, бұның тым баяу және көмескілеу болса да тақырып пен сюжетті сипап байқағанын аңғару қиын емес.
Жазушының ең дәл, әбден ойластырылып, тексерілген жоспары қандай күйге түседі? Шынын айтсақ, олардың өмірі көбінесе қысқа болып келеді.
Енді басталған дүниеде адамдар пайда болысымен, сол адамдар автордың еркімен жандана бастаған кезде, олар дереу жоспарға қарсы бас көтеріп, онымен тартысуға кіріседі. Әрине, оған алғашқы қимылды жазушы бергенімен, әлгі дүние өзінің ішкі қисынымен дами бастайды. Кейіпкерлер өздерінің мінез-құлықтарына сәйкес дами бастайды, со мінез-құлықтарды жасаған жазушы болғанымен, онымен әсте санаспайды.
Егер жазушы оларды ішкі қисындарына қарамай, іс-әрекет жасауға зорлап көндірсе, оларды күш жұмсап, жоспардың аясына қайта апаратын болса, онда кейіпкерлер ербеңдеп жүретін қаңқаға, темір құлдарға (роботтар) айналады.
Бұл пікірді Толстой жай сөздермен-ақ айта салған.
Ясная Полянаға келушілердің біреуі о кісі Анна Каренинаны пойыз астына ырғып түсуге көндіріп, қатыгездік жасадыңыз деп Толстойды айыптайды.
Толстой жымиып күледі де оған былай деп жауап береді.
— Бұл пікір Пушкиннің басынан өткен бір жайтты есіме салды. Бір күні ол көңілдес серіктерінің біріне: "Татьянаның мені қандай күйге түсіргенін білесіз бе? Ол күйеуге шығып кетті. Мен одан мұндайды мүлде күтпеген едім", - дейді. Анна Каренина жөнінен со сөзді айтуыма болады. Жалпы алғанда, менің кейіпкерлерім мен кейіпкер әйелдерім кейде мен әсте қаламайтын нәрселерді жасайды. Олар мен тілейтін нәрселерді емес, ақиқат өмірде не істейтін болса, соны істеуге, ақиқат өмірде қалай болатын болса, солай болуға тиіс.
Күллі жазушылар кейіпкерлердің табандылығын жақсы біледі. "Мен жұмысым қызып жатқан кезде, өз кейіпкерімнің бес минуттан кейін не айтатынын білмеймін. Мен оларды сырттарынан таңғалып бақылап отырамын", — дейді Алексей Николаевич Толстой.
Екінші кезектегі кейіпкердің басқаларын ығыстырып, өзі бас кейіпкерге айналатын, хикаяның бүкіл барысын бұрып жіберіп, оны өзіне ерте жөнелетін жайттар да болады.
Жазушының ой-санасындағы дүние шын мәніндегі нағыз күшіне еніп, өмір сүруі тек жұмыс үстінде ғана болады. Сол себепті де жоспардың бұзылып, күл-талқан болуының ешбір ерекшелігі де, қайғы-қасіреті де жоқ.
Қайта бұл табиғи нәрсе, ол нағыз өмірдің кедергіні жарып өтіп, жазушының схемасын шүпілдете толтырып, жанды қажыр-қайратымен қаламгердің бастапқы жоба-жоспарын бұзып-жарып өте шыққанын көрсетеді.
Бірақ бұл жоба-жоспарға ешқашан да кір келтірмейді, өйткені жазушының рөлі дүниенің бәр-бәрін тек өмірдің сыбырлап айтқанын жаза берумен бітпейді. Өйткені қаламгер шығармасындағы образдардың өмірі оның жадымен, қиялымен, тәжірибесімен, жан-жүрегінің тыныс-тіршілігімен шартты түрде байланысып жатады.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі