Бір ақ жарық келеді. Күшті жарық
Бір ақ жарық келеді. Күшті жарық,
Айқай салып барады ішті жарып.
Бауыры аппақ қарлығаш топ-тобымен
Қара орманнан топталып ұшты барып.
Бір ақ жарық келеді. Күшті жарық,
Айқай салып барады ішті жарып.
Бауыры аппақ қарлығаш топ-тобымен
Қара орманнан топталып ұшты барып.
Сабылып сезімдердің сәуірі кіл,
Басылмай жүректердің жауыны бір,
Бұрқырап ақ көбігі көкке атылған
Бұрқанған Мұқағали дәуірі бұл.
«Шұбырынды ұласып ақ табанға»,
Жердің бетін топан су қаптағанда,
Ғашық қылған Абайды ару Тоғжан
Ақ күміске маңдайын қақтағанда,
Не боп кетті дүние, не боп кетті,
Қу тіршілік аямай дедектетті.
Ауыл жақтан сағынып келген досым
«Қош» деместен еліне жөнеп кетті.
Көгілдір көкжиегі аспаным кең,
Жеткізбес алты қырды асқаныммен.
Құлпырып мың сан гүлі тұрса-дағы
Сол жаздан мынау бір жаз басқа мүлдем.
Жылдар жұлдыздай ағады,
Күндер қоңырау қағады.
Бақбақ ұшады бақтарда,
Көзден ыстық жас тамады.
Иірім тапты иректері арнаның,
Арналарға ағыс табу – арманым.
Тұмандарда тау ішінде адаспа,
Топтан озған, темір тұяқ тарланым!
Қара түн, қара көздің нұры сынды,
Ұнатам жорға мінез жүрісіңді.
Бір белгі соғу үшін кеткен жылға,
Құя бер, қалыпқа сал құрышыңды.
Күн болып кіргім келді қара бұлтқа,
Жиек боп тұрғым келді аралықта.
Айналып сыңар түйір тамшыға мен,
Тіреліп қалғым келді қарамықта.
Барады қайран Уақыт жылдам ұшып,
Уыстап көк теңізді тұрған ішіп.
Өзгеге өз дауысын жеткізе алмай,
Шындықтың жақ сүйегі тұр қарысып.
Күндерім менің, қатты да қатты қиналған,
Қиналған шақта келеді ойға қилы арман.
Сапарға шықсам, әйнегін көк тал көмкеріп,
Артымда менің ұядай жарық үй қалған.
Күндерім менің пернемен айтты көп күйді,
Домбыра жылап, бұралып келіп шек түйді.
Шатыр да шұтыр тілініп аспан сәуірде,
Ұйқыда жатқан найзағайларға от тиді.
Көктем жаулады бізді,
Арықтар қалаға енді.
Шуақ саулады ізгі,
Сәуле санаға енді.
Ішінен көрем бе деп топ қараның,
Көзімді көлегейлеп көп қарадым.
Сырымды айға айтамын айғайлаумен,
Жанымды жұлдыздарға ақтарамын.
Жаһанды жаныңмен жырласаң,
Басыңды сан нұрға бұрмасаң,
Көлкіген көл болып кетпесең,
Теңіз боп тербеліп тұрмасаң,
Желбіреп ұшқанда айларым,
Күндерге қауырсын байладым.
Бір әуен тербетіп барады
Сүйікті туған жер аймағын.
Маусым келе жатыр,
Жаз әуенін айтып,
Даусын кенеп жатыр.
Жапырақтар көктеп,
Бұлаң етіп бұлдырап бұлақ өткен,
Үмітімнің жанады шырағы еппен.
Жасыл манат жамылған жер бетінде
Неге мәңгі қалмайды мына көктем?
Күлімдеп күн түседі көк кемеден,
Құяды жан шуағын шеттегі әлем.
Бір биді бастап алып біте алмай тұр
Желбіреп етек-жеңі кеткен әлем.
Құдайым, талап берген, бақ бермеген,
Арғымақ ырғып тұрды ақ кермеден.
Маралтай тірісінде жүрді есікте,
Топастар уәж жолдаса қақ төрменен.
Тұнжыраған жанарын мұң басқанда,
Күлгін шоқтар ұшады түнгі аспанда.
Алтын тамшы сыңғырлап үзіледі,
Жым-жырт дүние жымиып ымдасқанда.
Қайран менің күндерім, құлаш керген,
Қанатының қағысы ұласты өрмен.
Жырларымнан жер-жаһан жалау ұстап,
Мекен-жайын бақыттың сұрасты елден.
Жалған ғой, бәрі жалған, нағыз жалған,
Ағысты арна іздедім аңыздардан.
Шырылдап шегірткелер шілде түссе,
Талықсып таң келеді тамыздардан.
Алыстарға апар мені, ақ үміт,
Сыңар бұлттың қанатына таңылып.
Шашын жайып қара түндер келгенде,
Жалғыздықтың жырын жаздым жабығып.
Жасыл көйлегі желбіреп,
Қарақат көзі мөлдіреп,
Көбелек қуып барады
Сағымдай болып көлбіреп.
Менің сорлы жүрегім мәңгі ғашық,
Күз боп шалқып, кетеді ол әнге ұласып.
Алма ағашы жұпарын бұрқыратып,
Аппақ гүлі төгіліп, талды басып.
Сексен қыр құлаш ұрды көл бетінде,
Сексен тау діріл қақты жер бетінде.
Жабылып жырын айтты жыршы құстар
Тыраулап қайтып келіп елге түнде.
Аспан түгел айналып, жер құлады,
Ағытылып, лықсыды шер бұлағы.
Шер бұлағын тоқтатсам көзін тауып,
Ерттеп мінсем қайтадан Керқұланы.
Шалқығандай от тілі ыстық үйден,
Қызыл күнді бетке алып ұшты күймем.
Кешкі шапақ шөмеле төбесіне
Шашыратып қып-қызыл ұшқын үйген.
Балам, саған айтамын, тыңда мені,
Сыйға тартам өзіңе күнді әдемі.
Ана менен бала үшін жаратылған
Жер бетінің тербелген күллі әлемі.
Жүрегімнен булығып ән шығарда,
Жаутаң қағып қарадым тамшыларға.
Ақ жаңбырдың мен-дағы күйін кешем,
Қара бұлттан аспаным аршыларда.
Тәңірінен бармақтай бақ сұраған,
Қайда барсаң – жылап жүрген бір адам.
Жаңбыр жұтып, мұзды ерітіп, қар басып,
Қырық жамау жүректерін құраған.
Әз көктем, аяулымсың армандаған,
Мен сені іздеп жүрдім бар ғаламнан.
Жабықсам, сенсің мені құтқаратын
Көк жүзін көлеңке бұлт торлағаннан.
Шалқайып, шөлім бастым бар тұмадан,
Шабытым шалқып ақты-жарқын алаң.
Көтеріп аппақ жалау Күн жолымен
Адымдап келе жатыр Алтын адам.
Менің кеуде тұсымда қоңырау бар,
Сыңғырласа қоңырау, жалын аунар.
Жел үзгенде жылатып жапырағын,
Сағыныштан сарғайды сары баулар.
Жұпар жаңбыр маусымда бұрқыраған,
Сұңқыл дауыс тереңде шырқыраған.
Өлеңдетіп ұлы өмір тұрған кезде
Өлмейтұғын болса-шы шіркін адам!
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі