Жинағым тұңғыш
Жинағым тұңғыш – «Сапар»-дан
Ыстығы маған осы жыр.
Қалсам да кейде қатардан,
Жырымды әркім айтып жүр.
Жинағым тұңғыш – «Сапар»-дан
Ыстығы маған осы жыр.
Қалсам да кейде қатардан,
Жырымды әркім айтып жүр.
Туған жұрт, менің жырым – баршаңызда,
Ақ қайың, ал-қара көк аршаңызда.
Үйреткен табиғаттай кең болуды,
Атырау, ақ селеулі Арқаңызда.
Қауашақ ашқан мақта балапандай,
Талпынар күн нұрына мейірі қанбай.
Найқалып көз тартады кең далада,
Мұхитта пайда болған жас аралдай.
Қаймақ құйған қара шай көңіл ашар,
Қанғанда оған өр адам бір-бір жасар.
Төркіні бар шайдың да жезде сынар,
Жолама сен, жүрегің болса нашар.
Мен Шоқанға әрі іні, әрі ағамын,
Ресейді мен де еркін араладым.
Орысша мен білсем де құдды Шоқан,
Туған тілде елімді сараладым.
Бесікте әжем мені әлдиледі,
Өлеңге болдым іңкәр содан бері.
Анамның ақ сүтіне ырзамын мен,
Ғаламға көзқарасым өзгергені.
Ақынмын ба, осы мен жыршымын ба,
Шыншыл өлең қиылды қыршынында.
Талай дәптер жоғалды сапарда ұзақ,
Бір шығыннан душар боп бір шығынға.
Мен сені мақтасам, мастанба,
Мен сені даттасам, жасқанба.
Өзіңдей болшы, өзгедей емес,
Өз сөзіңмен шертші кеңес!
Тексерсем бастан кешкен жылыңды мың,
Тауса алман айтып жылдың зұлымдығын.
Тарихтың таңбасына дүрбі керек,
Қатпарын қателеспей ұғынды кім?!
Махаббат егіз екен, қалдым жалғыз,
Боздаймын жапан түзге шығып аңдыз.
Орнына жеңге селеу біткен шеңгел –
Тартады етегімнен бейне балдыз.
Сұраймын бір домбыра Сізден жаңа,
Уантар, тартқан кезде көңілім нала.
Үйренбес әсте өнер жоқ мен ашынсам,
Күйден де күдерімді үзбен, аға!
Талпынып он бестегі айға көңіл,
Ән еді Ақан салған «Майда қоңыр».
Сыр шертіп, ғасыр жасап келе жатыр,
Қалайша сақтады екен байтақ өңір?!
Енеден қарабайыр текті туған –
Бәйге аты қаны толық болсын будан.
Желіксе ескен желге салсын әлек,
Перідей сары белден сағым қуған!
Сүйгенге базына мен бағыныш тең,
Оралдым астанама сағынышпен.
Жастықтың осында өткен күнін жоқтап,
Сағыныш қайнарынан қанып ішкем.
Сары жазда қарауытып реңім,
Өңірде ұшан қыдырып мен жүремін.
Оң жыланның терісіндей түледі,
Күн сәулесі жалын шарпып білегім.
Мен шопанды сүйемін күн қақтаған,
Айдалада адамға тіл қатпаған.
Көбік шашқан шампаның тең келместей,
Мас боласың бір зерең ащы ақтадан.
Айлы түнде момақан қой аңсап таңды жатады,
Қалың өзен қыбыр-жыбыр шыбындап тіл қатады.
Бөрі әккілер баспалайды, қанды сәтін аңдиды,
Қарауыл ай бҰлт жастанып, бейғам көктен қалғиды,
Сиқыр бұлақ, көз жауқарын аласың,
Қайдан шықтың, қайда лағып барасың?
Сар даланың саурын тіліп таспадай,
Табиғатқа тұрсың беріп жарасым.
- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі