Өлеңдер Бөлімі

Құттықтау сөз

Қазақ мəдениетінде іргесі ертерек қаланған белгілі бір тұлғаларды, ел ардақтаған адамдарды мадақтау алқатоп алдында айтылатын болған. Бұрын бұндай сөздер өлеңмен, толғаумен айтылса, қазір қарасөзбен айтылған мадақ сөз жиі кездеседі. Ана тіліміздің абыз анасы, академик Рəбиға Сыздықтың алқасөзді арнайы зерттеген бағыты біз оқыған "Бұқаралық коммуникацияның тілі мен стилі" пəні үшін "бағдаршам" болды. Осы пəн бойынша "Тұран"  университетінде талай жыл дəріс  оқып жүрген ұстазым филология ғылымдарының докторы, профессор Алтаева Алмагүл Кəрісбекқызы ерекше тапсырма берген еді. Қазақша ата-анамыздың мерейтойларын атап өту дəстүріне лайықтап, көркем  тілмен құттықтау сөз жазуға асықтық. Əрі қарай келтірген лебізімізді перзенттік парызымызды  аздап та болса өтеуге деген ұмтылысымыз деп қабылдарсыздар, құрметті оқырман!

Мадақ сөздің иесі- Дюсебаев Мұрат Аубелұлы. Яғни, менің өмірлік ұстазым, жанашыр, әрі қамқоршы әкем! Құттықтау сөзім әкемнің 49 жас туған күніне арналады. Аубел атам үйіндегі, жалпы ауылдағы соғысқа қатыспаған, бірең-сараң саусақпен санарлық ғана қалған жігіттер қаумының бірі болған. Атамның бүкіл ағалары соғысқа аттанып, сол күйі ес-түссіз жоғалып, олардан хабар қайтпаған. Атам ауылдың тұрғындары аш қалмасын деп трактормен жер жыртып, бидай, кукуруз, т.б дән-дақылдарын егіп , ауылдың жолдарын тегістеп, бар көмегін аямайтын. Осы еңбегі үшін «ветеран труда» медалімен марапатталған.  Аубел атам көрші ауылдың үрімдей жас Мәриям есімді қызын алып, отау тігіп, отбасын құрады. Әжем 8 құрсақты көтеріп, жарық дүниеге алып келеді. Қиын-қыстау кезеңнің өзінде апам қысы-жазы қазан-ошақта ғана ас дайындайтын. Менің әкем қаймағы қатпаған, қазақтың қара шаңырағында тәлім мен тәрбиені бойына сіңіріп, еңбекқор болып өседі. Әкешім 1971 жылы 21 сәуірде дүниеге келген, әрі үйдің кенжесі. Үйдегі жалпы бала санын 4 қыз және 4 ұл құрады. Қазір де әкемнің екі ағалары арамызда жоқ. Сәрсенбай есімді ағасы туылған күннен кейін қырқынан шықпай жатып, көз тиіп көз жұмаған деседі. Ал, Серікпай ағасы Чернобыльде болған апаттан кейін көмек қолын созуға барып, елге оралғаннан кейін қатты аурып, 40 жасқа келгенде қайтыс болады. Әкем Серікбай ағасын өмірі кеудесін көкке көтеріп, мақтанышпен айтып отырады. Өз кезеңінде Серікпай ағасы сондай ақкөңіл, еңбекқор, адал әрі қолдарынан бал тамған өнерлі жан болатын.  Баян деген аспаптың құлағында ойнап, дүйім жұртты ауызына қаратып, өз музыкалық әуенінің ырғағымен өне бойды еліктіріп әкететін. Бүгінде Серікпай атамыздың көзі тірісінде серігіне айналған баяны біздің қара шаңырағымызда. Әкем бұл аспапты ағасының аманаты деп, көзінің қарашығындай қарайлайды.

Әкем ауылдағы қазақ-орыс мектебін 8 жыл оқып, кейіннен 3 жылдық «тракторист-машинист широкого профиля» мамандығы бойынша ілім-білім алады. Бұл мамандықты таңдауына түрткі болған негізгі себеп: халыққа жәрдемдесіп, әкесінің салған сара жолымен қызмет ету. Маған әкемнің бойындағы осы қасиеттері ұнады. Мәселен, Халықтың қамын ойлау, бір нанды бөлісіп, өз еркіңмен қалаған мамандығыңды игеру. Қайтпас қайсар мінезді болу. 

Әкемнің жеткен жетістігі туралы ауыз толтырып айтатын дүние болмаса да, мен бұл жан туралы еңсемді биік көтеріп, иығымнан дем алып, қуана айта аламын. Бұл жан 100  мектептің бірі де бере алмас  тәлім мен тәрбиені бойымызға сіңіріп, өмір деген мектептің қағидаларын жетік меңгеруімізге себепші болған жан. Енді қалған мақтау-мадақты  «мадақ сөзімде» айтып, баяндайтын боламын.

Құттықтау сөз.

Қадірменді Мұрат Аубелұлы!

Еңселі ерлікті ту ете тігіп, ақ таңдай арайлап жеткен төл мерекеңіз құтты болсын!

«Әкеден — ақыл,анадан — мейір»- дана, әрі дара халқымыз әке мен ананың тәрбиелік мәнін, қадірін тілге тиек етсе керек. Сіздің ағаларыңыз, аталарыңыз ереуілді атқа ер салып, елі мен жері, ұлты үшін азаматтық борышын өтеу мақсатында, жайдың атқан тасындай ерлікпен жандарын қиды.  Сіз әулетіңіздегі салиқалы ақсақалға пара-пар келетін ағаларыңыз туралы айды аспанға шығарып, еңсеңізді биік көтеріп, мақтанышпен айта аласыз. Сіз ананың мейірімін, әкенің қадір-қасиетін, шамның шырағындай  берген тәлім-тәрбиесін бойыңызға сіңіріп, бүгін де сіз дәл Аубел атамыздай ұстамы берік, айрықша асыл қыранды жанның өзісіз.

«...Әке жаққан отты ұлы сөндірмес» деген Оралхан Бөкейдің маржанды, әрі ұстамды сөздерінен, сіздің бойыңыздан сол бір алау отты байқаймын. Жүрегіңіздің түкпірінде орналасқан алау от, нұрлы жүзіңізден шашқан шуақтан айналаңызды жылулық пен бақытқа бөлейсіз. Қиын-қыстау кезеңдерде  ділгір болған жаңдарға көмек қолын созып, азуын айға билейсіз. Мен сіздің ақкөңіл, бауырмашыл сынды адами қасиеттеріңізге қызығамын. Самайыңыздағы шаштарыңыз ағарып, 49 жасқа келсеңізде жұмыс түрін талғамайсыз. Сіздің бойыңыздан мен-менсіген қасиеттерді мүлдем көргенім жоқ. Бәлкім, сіз бізді айдарынан жел есетін, айдың күні аманда еш уайымсыз, баянды өмір сүргенімізді қалайтын шығарсыз.

Әкетайым- сіз менің ұстазымсыз! Менің бойымнан сол бір алау отты тұтатып тұрған, өмірге деген құлшынысымды арттырып тұрған шам-шырағымсыз! Құрғақшылықта- шөлімді басар мөлдір бұлғымсыз! Ыстықтан жүрегім қысылған да – салқын самал желдей демім болар түссіз ауамсыз! Ызғарлы суықтан өне бойым тоңғанда-қорғанышым, қамқоршым болар нағыз сән-салтанатымсыз. Бүкіл дүниежүзі тең келмейтін, алтын тастанда, жақұттан да қымбат, иран тасты меруертімсіз. Сіз менің барымсыз!

Әкетайым сіз-бит қабығынан биялай тоқыған, өнерлі, әр іске икемі бар жгіттердің сұлтанысыз.  Он саусағыңызға ғана емес, тіліңізге бал тамған, шешен жансыз. Дүйім жұртшылық үшін алпыс екі тамырыңыз босансысып, ал-дал боласыз да тұрасыз. Түйедей дүрбелең түйіндердің ұрыс-керіссіз, дау-дамайсыз шешімдерін табасыз. Сіздің ұстанымыңыз: «Ешкімнің ала жібін аттамау» болатын-ды. Бүгінгі күнге дейін, әлі де сол қалпыңыздан таймағансыз!

Сіз өз балаларыңызға жүрегінің түгі бар, адами қасиеттерді бойына сіңірген, жібі түзу тұлға болып қалыптасуына айрықша үлес қостыңыз.Әлі де қосып келесіз! Отбасылық қасиеттерді, қазақи салт-дәстүрді, әдеби және тарихи мәдениеттерді игеруге түрткі болдыңыз. Қыз баласын жүзіктің көзінен өткендей сұлу, ақылды, иманды, бір сөзбен айтқанда көз қиығымен қарауды үйреттіңіз. Сіз, көзі алақандай боздалан қорқақ болмай, сумаңдаған бірбеткей, дөрекі қасиеттерден аулақ болуды, өз қалаған дүниеңді шабыттана, еңбектене іс- жүзінде жасап, бар жүрегіңмен сүюді үйретіп келесіз. Басымнан  сипап, маңдайымнан сүйіп,  «алтыным, жақұтым» деп еркелетіп отырасыз. Барлығы үшін рахмет!

Құрметті әкешім, асқар тауым!

Туған күніңіз құтты болсын. Жүзіңіз гүлге, жасыңыз жүзге толсын. Қажымас қайрат, т алмас қанат тілеймін. Арамызда тек бақыт пен шаттыққа толып жүре беріңіз!

«Тұран» университеті журналистика мамандығы 2 курс студенті Аубел Мөлдір Мұратқызы

Жетекшісі: «Тұран» университетінің профессоры, ф.ғ.д. Алтаева А.К.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×