Маңғыстау - үш қиянның өткен жері,
Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері.
Елеспен есі кеткен иесіз жерді,
Атамыз Адай мекен еткен жері.
Суы сүт, шөбі шүйгін, бал татиды,
Төлдейтін төрт түліктің өскен жері.
Бөлініп басқа елден қоныс қарап,
Ер болып, ірге қоныс тепкен жері.
Түмен Балтабасұлы, "Маңғыстау" дастанынан үзінді
Қасиетті Маңғыстау топырағы қай заманда да ат тұяғының дүбірінен, атой салған аласапыран кезеңдерден кенде қалып көрген жоқ. Кезінде жеті жұрт келіп жайлаған бұл өңірдің батырларының ел мен жер намысын қорғап,тәуелсіз ел болуға күш салғаны әмбеге мәлім. Батырлар қашанда туған елді, һәм жерді жаудан қорғап, кейінгі ғасырларға аманат жүгін арқалаған ерекше тұлғалар. Қарасай, Қази, Ер Бекет, Атағозы, Бердібек, Есекмерген, Ер Төлеп, Ер Шабай, Сүйінқара, Құлбарақ, Иса, Досан сынды ел намысын қорғауда асқан ерліктің өнегесі болған Маңғыстау батырлары қашанда ел есінде.Елдің қорғаны бола білген батырларымыздың өмір деректерін назарларыңызға ұсынамын.
Шотан батыр - Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан батыр. Шотанның әкесі Назар - би әрі батыр болған тұлға. Жоңғарға қарсы қол бастаған. Назар Әйтеке бидің жиені әрі жақын досы болған. Ол Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ақылдастар алқасына басшылық жасап отырған. Шотан батыр Абылай бастаған қолға қосылып, жоңғарлармен шайқасқан. Батырдың жүрек жұтқан ерлігіне Абылай хан да қатты риза болып, алғысын білдерген. Шотан есімі жоңғарлармен қарсы соғыста ғана емес, Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілісте де аталады.
Сүйінқара Үргешбайұлы - Хиуа мен Ресей патшалығы бодандығынан қорғаған өжет жауынгер, әрі би болған еді.Орыс бодандығына Махамбет пен Исатайдың жеңіске жетуіне Сүйінқара батырдың ерлігі де ықпал болған екен.Сүйінқараның қыздары Айсалқам мен Жансалқам да, інісі Кежі де, ұлы Бүркіталы да өте керемет жауынгерлікпен танылған. Олар Хиуа бодандығы кезінде көтерілісте қаза табады. Әнуәр Әлімжановтың "Махамбеттің жебесі" атты кітабында Сүйінқара батыр туралы мәлімет берілген екен.
Атақозы Айтқұлұлы (1704-1794) – аты аңызға айналған батыр, әрі айтулы би болған шешен адам. Атақозы туралы бірінші дерек В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ в.в.» атты еңбегінде айтылыпты. Онда қазақтар мен қарақалпақтардың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр хан және Барақ пен Есім сұлтандар бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Онда Кіші жүз Адай батырларының ішінде Атақозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бергей, Сабытайлар болды. Осы жорықтың бел ортасында Атақозының болғандығын тарихшы-ғалым Ә. Хасеновтың «Үш ғасыр иінінде» атты еңбегінде де көрсетіліпті. Атақозының патшалық орыс жерінде 1773-1775 жылдары патшалық Ресейде болған, қазақ-орыс Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне белсене қатысқандығы тарихтан белгілі. Мұны «Ресейдегі Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысының 225 жылдығына орай Н.Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» атты еңбегінде көтеріліске қатысқандар тізімінде Атақозы есімі де тұр. Жаугершілік заманда туып, талай рет ел шетіне жау келгенде бойына бес қаруын асынып, қол бастаған батырдың артында «Қайткенде топтан торай шалдырмаймын, елімді бөтен жауға алдырмаймын» деген ұлағатты сөз қалған. Жергілікті ел арасында «Маңғыстаудың қара ойынан айладыр жұртын бостырған Айтқұл Атақозы батырдың сұсы, Жары Шотан батырдың мысы, Құнанорыс Лабақ палуанның күші, Ескелді Саназар байдың тіл таңбалы күрең атының тұяғының ұшы» деген сөздер қалған. Ол 1783-1797 жылдары болған Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске де белсене араласқан. Атақозы Маңғыстау аймағындағы қазақтарды басқарып, сол кезеңдегі кіші жүздің ханы Нұралының қарауында қызмет атқарған. Елден ханның түрлі салығын жинап тапсыруды бақылаған, сонымен бірге хан алдында елдің талап-тілектерін де жеткізіп отырған.
Досан Тәжіұлы – халық батыры, Маңғыстау көтерілісі басшыларының бірі. Досан Ресей үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ережесін» әділетсіздік деп бағалап, халықты көтеріліске шығуға үндейді. Онымен бірге Иса Тіленбаев, Алғи Жәлімбетов, Тілеуберген Орақов, Шүрен Иманов, Дихан Өтепов, Сүгір Шабаевтар халықты көтеріліске бастап шығады. Досан бастаған 400 сарбаз Үшауыз деген жерде Маңғыстау приставы подполковник Рукиннің жазалаушы отрядын тас-талқан етіп жеңеді. 1870 жылы сәуірде Досан сарбаздары Фортты қоршап алып, ондағы армян базарын талқандады, саудагерлер мен өндіріс иелерін тұтқындады, Николаевск станциян өртеп, армян слободкасы мен Қарағантүптегі маякті қиратты. Кавказдан жіберілген жазалаушы отрядпен Досан сарбаздары кескілескен шайқас жүргізе отырып, Хиуа хандығына өтіп кетеді. 1873 жылы Хиуа хандығын бағындыруға жіберілген Ресей әскерлеріне Қоңырат, Хожелі, Қарабайлы аймағында Досан тұтқиылдан шабуыл жасауды ұйымдастырып отырған. 1873 жылдың күзінде Досан жасағы Үстіртке қоныс аударды. 1874 жылы Ресей үкіметінің Аничкин бастаған іздеуші жасағы Сам құмында отырған Досан ауылын қапыда қоршап алып, жаралы Досан батырды қолға түсіреді. Досан Форт түрмесінде 2 жылдан кейін қаза тапты. Досан батырдың сүйегін туған жері Бозащыға Жанғабыл бастаған бір топ азаматтар жеткізген. Мүрдесі сондағы Қаратөбе зиратына қойылған. Досан батырдың ерлігін Ақтабан, Бала Ораз, Қашаған, Қалнияз, Сәттіғұл ақындар жырға қосқан.
Маңғыстау топырағында туған батырлардың ерліктері жөнінде әлі талай толымды туындылар жазылатыны сөзсіз. Өзінің күрделі де күңіренді тарихында қазақ халқы ұлттық намысын, егемендігін, елдігін сақтап, сыртқы жауға қарсы үнемі күресумен өткен болатын. Осындай күрестердің нәтижесінде, ерліктері ауыздан ауызға тараған Маңғыстау батырларының есімі халық жадында мәңгіге сақталады.
Пайдаланған әдебиеттер: “Қазақ Энциклопедиясы”, VI-том, Маңғыстау энциклопедиясы,1997
Артықбаева Үмітай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті. Жетекшісі:Ф.А.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі