(төрт актылы)
Қатысушылар:
Жанас Темірбеков — «Шұғыла» колхозының қарт ұстасы, темірші.
Ұлсүйген — Жанастың әйелі, о да қартайған адам.
Анар — Жанастың оқу бітіріп қайтқан қызы.
Телғара Темірбеков— «Шұғыланың» председателі, Жанастың інісі.
Тоқбике — оның әйелі.
Арман — «Шұғыланың» агрономы, әрі партия ұйымының секретары.
Айдабол — балғашы жігіт, Жанастың шәкірті, комсомол.
Әбілбек — клуб бастығы, ақын.
Пәридә — қызметке келген, мейман қыз.
Мүслима — Айдаболдың шешесі.
Өтеш — колхозшы.
Асан, Дайрабай — колхозшылар
Әбдірахман — почтальон қарт
Бірінші, екінші, үшінші колхозшылар, халық.
БІРІНШІ АКТ
1-картина
Әдемі көктем. Күн жаңа шыққан. Темірші Жанас қарттың үйінің алды. Сол үйге кіретін есік, қарсы бетте калитка. Түкпірге қарай кететін сүрлеу шағын бақшаға кіреді. Таяуда іргелес бастырмада Жанастың ұсталық дүкені: көрік, төс, балға, жамалып-жасқалатын темір заттар. Перде ашылғанда лейкамен су сеуіп жүрген Жанасты көреміз.
Жанас (су сеуіп жүріп әндетеді. Жаңа ғана сырттан келген Арман сүйсіне тыңдайды).
Көнетоз сыртым, бірақ кеудем жарық,
Желкемнен жетпіс шіркін тұр тақалып.
Үзетін тепсе темір қайран жастық
Тағы бір оралар ма қиқу салып.
Арман. Ассалаумәликүм.
Жанас (басын көтермей). Әликүмүссәлем. Қай баласың, шырақ?
Арман. Жаңағы өзіңіз күткен «жастықпын». (Жақындап.) Мен ғой, Жәке.
Жанас. Е, Арман екенсің ғой. (Лейкасын жерге қойып, белін жазады.) Пай, пай бел шіркін-ай. Сәл еңкейсең болғаны, шонданайыңа шойын артқандай сіреседі де қалады.
Арман. Жат дей ме кәрілік, Жәке.
Жанас. Дегенде қандай. Жайғасып тұрып, алаңсыз жат дейді. (Белін сипап.) Иә... жатып сайрау қандай жеңіл десейші.
Арман. Рас айтасыз, Жәке, Әкем марқұм сондай еді. Ыстық шайға қанып алған соң, қымтанып жатып сайрайтын.
Жанас. Ал мен жата алмаймын. Бөксем төсекке тартса, кеудем кең дүниеге тартады.
Арман. Жарықты сүйеді екенсіз де...
Жанас. Жарықты сүйем... Таң атқаннан, күн батқанша көңіл күйі бір бөлек қой... Алыстағың жақындап, жақындағың жарқылдап тұрмай ма?
Арман. Рас, рас. Сәуле ішінде көбелек те, гүл шешек те көңілді... Түстері де сан түрлі ғой...
Күтпеген жерден ентіккен, үрейлі Әбілбек жүгіре кipген. Қолтығында бір бума газет. Демін әрең алады.
Жанас. Жайшылық па, Әбілбек?
Әбілбек (солығын баса алмай). Масқара, масқара. Жер шайқалатын, дүние қирайтын оқиға.
Жанас, Арман (шошып). Не сұмдық, соғыс басталып па?
Әбілбек. Одан да сұмдық, ағалар. Мінеки! (Газеттің бірін жайып.) Сенейін бе, сенбейін бе кезіме? (Жанасқа шұқып көрсетеді.) Мынасы сіздің қолыңыз Темірбеков Жанас. Ал мынасы (Арманға) сіздікі...
Арман (өзі оқиды). Арман Абзалов.
Әбілбек. Поштабай клубқа келеді ғой алдымен. Жүрегі құрғыр бірдеңе сезгендей, ашып кеп жіберсем, тап үстінен шықтым сұмдықтың. (Дірілдеген үнмен ырғағын келтіре оқиды). «Темірбеков Телғара дей бермесін мен ғана». Бар газетті сыпырып алдым да осылай қаштым. Мазақ Телекем, мазақтайтын екеуіңіз екен. Осыған сенуге бола ма?
Жанас. Сенбедің бе, Әбілбек?
Әбілбек. Телекем айтады: Опера театры келсе еркін сиятын, бір жағы сахна, бір жағы мейманхана, сұлу сарай саламын дейді. Ал сіздер сондай тамаша ниетке, (кеудесін қағып.) Мына менің де арманыма қарсы жазасыздар. Бұған сенуге бола ма? Бұл редакцияның қатесі болу керек.
Арман (күліп). Мүмкін, Әбілбек.
Жанас. Бәрі де мүмкін.
Әбілбек. Не десеңіздер, о деңіздер. Мен бүгінгі газетті түгел құртамын, отқа жағамын. (Газеттерді қайта көтереді.)
Армaн. Жарамайды. Жұрттың газетін жағуға қандай ақын, бар?
Әбілбек. Ақымды сұрағанша алды риза босын десейші. «Телекем білсін» демейтін біздің колхозда бір жан жоқ. Мынаны оқыған жұрт ең алдымен өзіңді аямайды, Арман. Оны білемісің?
Жанас. Дұрыс, Әбілбек, Жақсылығыңа рақмет. Бүгінше жасыра тұрайық, маған бер. (Газеттерді орап көріктің арасына тығып қайтады.) Ал енді сен Анаржанды күтуге кешігіп жүрме.
Әбілбек. Поездың келуіне де көп қалмапты. Киінейін де зытайын. (Екеуіне салмақпен қарап.) Ал сіздер, ақылдылар, қателеріңізді қалай жөндеуді ойлаңыздар. (Сырттан қарлыққан дауыспен.) Әбілбек, ой Әбілбек, қайдасың?
Әбілбек. Поштабай шал Әбдірахман. Ұстаса сабаудан тайынбайды. Көрінбей кетейін.
Жанас. Жөнел мынамен. (Үйдің сыртын сілтейді.) Қорадан секіріп өт. (Әбілбек дереу жоғалады. Жанас лайкамен су себеді. Сумка асынған, көк бөрікті, көзілдірікті, ақ сақалды, таяқты Әбдірахман кіреді. Арман скамейкада отыр.)
Әбдірахман (кіре бере.) Әбілбек!.. Әбілбек қу соқпады ма, Жанас?
Жанас. Көрмедім, Әбдірахман. Оны неге іздедің?
Әбдірахман. Оны ма? Әкесін таныту үшін. (Отырады.) Мен оны сотқа беремін. Сотқа!
Арман. Шаршап қапсыз, дем алыңыз, ақсақал.
Әбдірахман. Мұндай тентекті кім көрген. Бір буат газетімді тартып алды да жөнелді. Жынданған ба, құтырған ба, аллам білсін себебін.
Жанас. Онысы қызық екен.
Әбдірахман. Қызығы құрсын бүйткен. (Орнынан тұрады.) Айтыңдар көрсеңдер, әкеп берсін алғанын. Әйтпесе менен жақсылық күтпесін.
Арман. Ренжімеңіз, Әбеке. Апарып бергіземіз.
Әбдірахман. Әйтпесе Телғараға айтамын. Жанын шығартамын оңбағанның.
Кетеді. Сырттан ұзап бара жатқан «Әбілбек! Оңбаған Әбілбек, қайдасың деген» дауысы естіледі.
Жанас. Қап... мына газеттің бүлдіргені-ай.
Арман. Бүлдіргені қалай? Біз жаздық, олар басты... Тек сіздің қол қойғаныңыз бекер болды.
Жанас. Не деп барасың, Арман?
Арман. Ақ сөзім, өкінді деп кінәламаймын, Жәке... Туған інісіне қарсы қол қою әркімді де...
Жанас (бөліп кетеді). Телғара туысым болса, сен сыйласар жас досымсың. Бұра тартар бүйрек менде жоқ. Маған бауырмен бірдей қауымым да қымбат. Өзін ығыспасаң, мен берікпін, қалқам!
Арман. Кім біледі... Телекеңмен жеңіл ұғысармыз.
Жанас. Мен білетін Телғара — зілдей темір қара болатын, ол өзі беттемеген жаққа трактормен тартсаң да баспаса керек. Тек бүгін есітпесе екен... Анаржан алыстан қайтқан күн кірбеңсіз етсе болғаны...
Арман. Екеуміз қосылып тым болмағанда Анарды түсіндірерміз.
Жанас. Ең қиыны осы болады, балам... Ол Телғарадан кіші, кенже інімнің қызы ғой. Әкесі Отан соғысында қаза тапқанда, шешесі үйде қайтыс болған. (Күрсінеді.) Содан бастап Анаржан екі үйіміздің ортақ перзенті, ортақ қуанышы. Оған Телғара да папа, мен де папамын. Екі папаның, таласы соған ауыр тие ме деп қорқамын.
Арман. Жәке, бұрын айтпағаныма кешіріңіз... Анар менің де қимасым...
Жанас. Солай ма... Таныс па едіңдер?
Арман Тілегіміз де қосылған-ды... (Төмен қарап.) Ертең өзіңізден бата да сұраймыз...
Жанас (лоблығып). Түсіндім... түсіндім, балам... (Құшақтайды.) Мен батамды саған әлдеқашан бергенмін. Тек Телғара көлденең тұрса мұқамағайсың...
Ұлсүйген (іштен). Темірші, бармысың?
Жанас. Бармын, Ұлсүйген. (Үйге жақындайды.)
Ұлсүйген (іштен). Үйге кір, дәріңді іш.
Жанас. Дәрің шықсын, дәрің шыққыр. Тағыда ма?
Ұлсүйген (есіктен көрініп). Шыбын жанның кәдірін білмес, қу шұнақ. Жер басып жүргеніңді көпсінемісің!
Арман. Сәлем бердік, апай. (О да жақындайды.)
Ұлсүйген. Сәлемет бол, қалқам. (Сыртқа шығады.) Осындай кесірді көргенің бар ма, шырағым? Дәрі іш десең у іш дегендей көреді.
Арман. Оныңыз дұрыс емес, Жәке, күтіну керек.
Жанас. Бүйтіп күтінгені бар босын.
Ұлсүйген (Арманға.) Есітемісің сөзін. Күндегісі осы.
Жанас. Дәрігер айтты деп я қандыра шәй ішкізбейді, я тойдыра ет жегізбейді. Аштан аш қаңтарады да отырады. Осындай да күтіну бола ма?
Ұлсүйген. Бүйрегің бұзық болса, маған қайт дейсің!
Жанас. Қашан керіп шығып ең бүйрегімді?
Ұлсүйген. Дауды қой, шалым, дәріңді іш, (үйге тартады.) докторды ойлап шығарған мен емес, Совет өкіметі.
Арман. Жүріңіз, Жәке жеңілдіңіз. (Ішке қолтықтап кіреді.)
Ұлсүйген. Жасы жетпісте, мінезі жетіде. Мұндай да жан болады екен. (Лейкамен үйге беттегенде, калиткадан әдемі киінген Тоқбике кіреді.) Тоқта, сені кім шақырды, тойға келгендей жасанып?
Тоқбике. Анаржан келер күн тойдан кейін бе екен?
Ұлсүйген. Тоқта дедім ғой, Тоқбике, мен саған!
Тоқбике. Сауға, батырекесі, сауға, әсте-әстелеп сөйлеселік.
Ұлсүйген. Әсте-әстең де өзіңе, бәрі де өзіңе. (Лейканы көтеріп.) Жоғал деген соң жоғал.
Тоқбике (кідіріп). Батыр-ау, келінмен де осылай сөйлесе ме екен?
Ұлсүйген. Шошқашы келіннен өлсем молам аулақ болсын. Өшір қараңды. Сендей макрудың басқан жерін жуып тастау керек. (Тоқбикенің шегінген орнына су себеді.)
Тоқбике. Жаңа ғана моншадан шықтым, әпкетай, әтір де септім бойыма. Келші, құшақтап көрші нанбасаң. (Құшағын жая ұмтылады. Ұлсүйген үрке қашады.)
Ұлсүйген (жан даусымен.) Аулақ, аулақ!
Іштен Жанас пен Арман жүгіре шығады.
Жанас. Не боп қалды, бақырауық?
Ұлсүйген. Құтқар мені өңшең оңбағандардан. Шошқа баққан мына мақру қатыннан құтқар. Торайды қозыдай аймалаған ақ сайтан, енді маған құшақта деп келіп тұр.
Жанас. Шошқасы не, басқасы не, бәрібір емес пе жануардың.
Ұлсүйген. Не дейсің, әй? Қайта айтшы, кәне! Қорсылдаған шошқа мен сиыр да бірдей арам ба? (Шалына төнеді.)
Жанас. Жо... жоқ. Қателесіппін, кемпірім...
Арман. Бағуын бақса да торайын аймалай қоймаған болар әлі.
Ұлсүйген (егесе). Кеше ғана өз көзіммен көрдім ғой. Тышқан сияқты, сығырайған біреуін қолтығына қысып алыпты. Тіпу көк соққан!
«Торсылдағым, торайым. Танауыңа болайын» деп әндетіп тұр. Үстіне байқамай барып қалған екем, шалқамнан түсе жаздадым. О, ақ сайтан, жаныңды шығарайын ба?! (Тоқбикеге ұмтылады.)
Арман. Араша, апай, араша! (Ұлсүйгенді ұстайды.)
Жанас. Жетер, Ұлсүйген, даурықпа. Борсық бақса да, Тоқбикеден таза емессіңдер бірің де. (Тоқбикені құшақтап маңдайынан сүйеді.) Шайы қандай, жұпардай.
Ұлсүйген. Шайға бола дінін сатқан безгелдек. Алдымен сені тазарту керек. (Үстіне лейкадан су құя бастайды.) Бісмілда... бісмілдә... (Жанас ұстап құйдырмайды. Сырттан тарсылдаған мотоцикл дүбірі шығады, тұрғандар іркіле қалады.)
Тоқбике. Анаржан келді, өзім сүйем алдымен.
Ұлсүйген. Сүйгізермін мен саған! (Калиткаға жете бере ұстайды.) Анардан садаға кет, торай сүйген неме.
Тоқбике. Не десең, о де. Сенен бұрын сүймесем, Тоқбике атым өшсін. (Ілгері ұмтылып.) Бетін, маңдайын түгел жалап шығамын.
Екеуі тартыса калиткаға жеткенде сырттан бөтен қыз кіреді. Оған ілесе чемодан көтерген Әбілбекті көреміз. Тұрғандар аң-таң.
Қыз (бәріне жалтақтай). Сәлеметсіздер ме?
Әбілбек (чемоданды қойып). Танысыңыздар, үлкендер. Бұл қарындас Ерболова Пәридә. Күтіп тұрсақ, Анаржанды Мәскеуден, Алматыдан кеп түсті. Қыр гүліндей ашылған, көзіме шоқтай басылған қарай қалсам бұл кім деп... Сұрағаны біздің колхоз боп шықты. Күн тигізбей, шаң жұқтырмай, тура осында әкелдім. Мал дәрігері.
Пәридә. Рақмет, Әбілбек ағай. Жәй сөзіңіз өлеңге бергісіз екен.
Арман. Әбілбек «Шұғыла» колхозының бас ақыны. Өзі де өлеңсіз сөйлемейді. (Әбілбекке.) Енді үлкендерді таныстыр.
Әбілбек (әлгіден бетер желпіне).
Берген серті темірдей,
Айтқан сөзі әмірдей,
Батпан балға серігі,
Дауылдатқан көрігі
Темірші ата,
Жанас ата бұл кісі.
(Пәридә Жанаспен қол алысады.)
Әбілбек (Ұлсүйгенге жақындап).
Шелегінен сүт кетпес,
Колхозынан құт кетпес,
Қазаны оттан түспейтін,
Қонақсыз ас ішпейтін,
Мейірі мол, пейілі кең,
«Шұғыласына» талай бәйге әперген,
Бәйбішесі Жәкемнің
Атақты сауыншы, Ұлсүйген шешей осы кісі.
Пәридә (қолын алып.) Білемін... білемін. Іздеген кісімнің бірі өзіңізсіз, шеше.
Ұлсүйген. Қадамын, қайырлы болсын, қарғам.
Жанас. Тек, Әбілбек, тоқтама.
Әбілбек (Тоқбикеге ауысады).
Тоғайдан торай қайырған,
Шошқаны түстеп айырған,
Бірінен жиырма өсірген,
Бірегей тұрған өсімнен.
Қабандары түйедей.
Мегежіні биедей,
Телекемнің нақ сүйері — Тоқбике. (Чемоданды үйге әкетеді.)
Пәридә (қуанып). О, Тоқбике апай, сіз бе едіңіз! (Құшақтайды.) Қандай ғажап күн бүгін. Мені әдейі күтсеңіздер мұндай шықпас.
Тоқбике (арқасынан қағып). Қазірден бастап туыспыз. Екі кемпірдің ең қадірмені өзің боласың, Пәридә.
Әбілбек (үйден шыққан бойда асыға басып өтеді). Тағы кеттім. Енді Мәскеу поезына үлгеруім керек.
Жанас. Онда Телғара мен Айдабол бар емес пе, сен несіне әуре боласың, Әбілбек.
Әбілбек (бөгелмей). Анаржан үшін әуре болсам арман жоқ (Кетеді.)
Тоқбике. Жаңағы асығып жүріп қайнымды таныстырмапты-ау. Мына жігіт: әрі агроном, әрі партком — Арман деген ағаң.
Пәридә. Ештен де кеш жақсы. (Қол алысады.)
Арман. «Шұғыла» оқымыстыларының көбейгеніне шын жүректен қуаныштымын.
Пәридә. Қайда барам, қайда түсем, деп уайымдап келіп ем, дәл өз үйіме оралғандаймын қазір.
Ұлсүйген. Бірімізді әкеңдей, бірімізді шешеңдей көр, қарғашым. Құдай қаласа, қазір тап өзіңдей Анарымыз келеді. Егіз қозыдай бір тұрып, бір жататын боласыңдар.
Тоқбике. Бір күн осында, бір күн біздің үйде...
Ұлсүйген. Жоқ, осында ғана боласыңдар.
Пәридә. Неге, шеше? Екі үйде кезек жүрген қызық емес пе?
Ұлсүйген. Я қазақпен, я шошқамен болсын, бұл қатын. Адал балаларға арам ас ішкізер жайым жоқ. Айтпады деме, қызым, шошқаға жақындасаң маған өкпелеме. Үйім тұрсын, сиыр қораға да жуытпаймын.
Пәридә. Мен мал дәрігерімін ғой, шеше...
Ұлсүйген. Шошқа мал емес.
Арман. Таза жуып ұстасады ма, шеше?
Ұлсүйген. Бәрібір. Шошқаны жусаң да шошқа, жумасаң да шошқа. Қазақ бақты екен деп құйрығы ұзарып, құлағы қысқармайды оның.
Тоқбике. Айта бер. Қазақ сынайды екен деп құлағы мен құйрығы үшін қысылатын олар жоқ. Сиыр бірін туғанда, шөкең оның туып, көбейе береді.
Ұлсүйген. «Шөкең» дейді. (Жанасқа.) Есітемісің қайнағасы. Сен Жәкең, шошқа Шөкен атаныпты. Бұдан артық қандай құрмет іздерсің. Ұзамай алдыңа торайдың басын тартқанын да көрерсің әлі.
Жанас. Тартсын, түк қарсылағым жоқ. «Бісмілдә» айтып жесе тамақтың арамы жоқ деген шариғат. Оң құлағын кесіп, кәрі жолдасым, саған, сол құлағын ақын Әбілбекке беремін.
Арман. Миын қайтесіз, Жәке!
Жанас. Миы қашан да ақсақалдар сыбағасы. Оны өзім жеймін.
Ұлсүйген. Астапыралда, астапыралда. Сен алжыған шығарсын. Әр сөзіңді хатқа сызып тұратын екі иініңдегі екі періштені де ұмытқаның ба? Құдай тексергенде не бетіңмен жауап берерсің, шал?
Жанас. Құдай беттесіп, тілге келсе қам жеме. Жаман шалын оның өзін тексереді.
Ұлсүйген (жоғары қарап). Сақта, жасаған, өзің таупық бер.
Жанас (құдаймен беттесіп тұрғандай, о да жоғары қарап). Қақ тағала!—деймін қасқайып тұрып. Барлық құдірет, барлық ерік өзіңде. Тілейтінім тыныштық депсің сөзіңде. Сөйте тұрып сүйген пендең Ұлсүйгенді жазықсыз жануар, шошқаға неге қарсы еттің? Колхоздың табысы өссе, Ұлсүйгеннің олжасы артса зиян ба?
Ұлсүйген. Тұрар құдай сені тыңдап!
Жанас (өршелене). Тыңда!— деймін мен оған, құлақ ас деймін Жанасқа. Көрік басқан, балға соққан маған неге сенбейсің? Я орныңа, я даңқыңа жерім бар ма таласқан? Қартайғанда екі иініме екі тыңшы мінгізіп, еңсемді неге басасың? Өсек неге жинайсың? Етік те жамай білмейтін тоғышар періштең ғұрлы көрмегенің бе мені? Құдай екенсің, әділ бол. Егін еккен, мал баққан колхозшыны күйдірме деймін мен оған. (Тұрғандарға күле қарайды.) Дұрыс па?
Тоқбике. Дұрыс, Жәке, дұрыс. Келіннің де ойы осы деңіз.
Ұлсүйген. Осы колхоздан көшпесем, кісі екен демеңдер мені. (Пәридәға.) Жүр, қызым, үйге кіріп, жуынып ал. (Әйелдер үйге кіреді.)
Арман. Алламен жақсы айтыстыңыз, осы өнеріңізден танбаңыз, Жәке.
Жанас. Алыстағысымен айтысу оңай ғой... Қасымыздағының қаһарынан аман қалсақ екен енді.
Арман. Қатты шамдана ма, Телекең?
Жанас. Нажағайдай шатырласа керек. (Ойланып.) Қанша жыл бастық болғалы... Содан бері «Телғара теріс» дегенді естіген емес қой ол. Өзі білгір, өзі би боп келген асау емес пе?
Арман. Асау болса тулар, тулар да тынар.
Жанас (күліп). Ол тынғанша өзіңнің де сілең қатар.
Арман. Телекең күшті адам. Өз сенімін сындырмау үшін қасару көрінгеннің қолынан келе бере ме. Онысына қызығамын да. Майысқақ жаман ғой дүниеде... майысқақ.
Жанас. Ендеше қуана бер. Телғара құрт сынбаса, майыспайды.
Арман. Сынбайды... Сындырмаймыз асылды. Біз оған көпшілікпен... халықпен санасуды ғана үйретуіміз керек. (Өз үмітіне сүйсіне қанаттанып.) Телекеңнің ғажап қасиеттерін сонда көреміз, Жәке. Ол топ бастайтын, ұзақ бастайтын... шын мәніндегі большевик басшыға айналады.
Жанас. Ниетіңе жет. Тек өзің білмес бір жағдай бар. Соны ұмытпа...
Арман (жақындай түсіп). О не, Жаке?
Жанас. Колхоздың негізгі мүшелері Құлтумамыз ғой. Көбіміз ескі салт бойынша қыз алыспайтын ағайынбыз. Телғара «Шұғыланың» ғана емес, рудың да сүйіктісі. Мұны сыртқа даурықпасақ та, іштей жақсы сезінеміз. Телғара бұйырса тау кешірердей, тұтас қимылдайтынымыз да сондықтан.
Арман. Еңбек үшін пайдалы, бірлік екен, ә?
Жанас. Иә... қиын күндерде пайдасын да көргенбіз. Бірақ осы жолы саған зиян етуі мүмкін.
Арман. Жақсы ескерттіңіз, Жәке. (Қасына отырып.) Менімше бұл жолы азғындық намысты, адамдық намыс тежеуі керек. Біз дұрыс ұғындырсақ, ру сезімін қоғамдық сананың жеңуі хақ. Оған, мінеки өзіңіз мысалсыз. Мұндай үлкен мақсат үшін сілеміз қатса да ырзамыз. Солай емес пе, Жәке?
Жанас. Темірші соғудан,
Егінші орудан танбайды.
Біз болдырмайтын адамдармыз, балам.
Сыртта машина сигналы. Үйдегілер жүгірісе шығады.
Ұлсүйген. Жаным келді, күнім келді.
Тоқбике. Қалқашымнан айналдым.
Бұларға ілесе Пәридә да тысқа шығады. Сәлден кейін Айдабол, Әбілбектер нәрсе көтеріп кіреді.
Айдабол (қарсы келе жатқан Жанасқа). Анарыңыз келді, Жәкетай.
Жанас. Жақсы бопты, Айдабол.
Әбілбек. Мен де үлгірдім-ау. Мотоциклға қанат бітірген болуым керек.
Арман. Ұшырған екенсің, ә?
Әбілбек. Түсіп қалмай, аман жеткеніме қайранмын.
Буын-түйінді көтерген әйелдер өткен. Анар Телғараны қолтықтап кіреді.
Телғара (жайдары). Әнеки үлкен папаң... Шал папаң.
Анар. Папа! (Жанасты құшақтайды.)
Жанас. Балапаным, қошақаным. (Қысып, маңдайынан сүйеді.) Енді Арман ағаңмен сәлемдес. (Екі жас күлісе, ынтыға қарасып қол алысады.) Кәнеки, ішке кірейік.
Телғара (Арманды қолтықтап). Қызымыз алыстан келген күн осылай өтетін әдеті. Біздің семьялық мейрамымыз сияқты. Бүгін алаңсыз қуанышымыздың ортасында бол, парторг.
Арман. Рақмет, Телеке. Қуаныштарыңызға ортақпын.
Бұлар үйге кіргенде бос сахнаға желпінген, көңілді Әбілбек қайта шығады.
Әбілбек (ерекше бақытты). Жүрегім... жарылып кетпесе жарар еді. Қос періште, қос көгершін... Бірінен бірі өтпей ме екі қыздың. Бірін сүйіп, бірін сүймей, өзгеге қалай қиярсың? Екеуін бірдей құшуға, екеуін бірдей қысуға төрт қол неге бітпеді екен өзіме? Пай-пай, мүгедек қып жаратқан табиғат-ай десейші. (Ойланып). Амал жоқ тағдыр ісіне... Инсап, Әбілбек, инсап. Телекеме туысуда аз емес. Пәридәға кім лайық сонда? Айдабол ма? (Сәл әндетіп.) «Айдабол, ас ішерде пайда бол». Сөлекет қой. Қыз сүйерлік қылықтан жұрдай бишара! (Күлімсіреп.) Үйленуді айтсаң үрейі қалмайды сорлының. (Қайта ойланады.) Тағы кім бар? Иә, иә, Арман бар. Парторгтар махаббатқа орашолақ болатын. Әйтпесе өзге міні жоқ, (Есіктен қарап.) Арман жолдас, бір минутке. (Арман шығады.) Ағыңнан ақтарылшы, үйленемісің, бауырым?
Арман. Тойым қазір басталса да қарсы емеспін.
Әбілбек. Miне қолым, міне уәдем (қолын береді.) тойды бірге жасаймыз.
Арман (қолын қысады). Уәде.
Әбілбек (қалтасынан екі бүктелген әдемі қағазды әпереді.) Мына өлеңді көшір де, қыздың атын өзгерт те, қыстыра қой Пәридәнің қолына. Үйіріле түспесе, обалың маған.
Арман (таңданып). Пәридаға?
Әбілбек. Әрине, Пәридәға. Басқа кімге болушы ед. (Шетірек алып шығады.) Поэзия протокол емес. Ақынша, нәшімен оқы, бауырым. Кәнеки, баста.
Арман (қағазға үңіледі). «Анаржан». Түсінбеймін.
Әбілбек. Оқы, оқы. Маған бәрі түсінікті.
Арман (алғашқы жолдарын салқын бастаған. Ұзамай үлкен шабытпен оқып кетеді).
Анарым, менің Анарым,
Жолыңды бағып қарадым.
Сағынып сені, сарғайып
Күніңді келер санадым.
Белімді шешіп жатпадым,
Ұшуға қанат таппадым.
Жөнеле берді өзіңе
Жалынға толы хаттарым.
Түсіме кірдің түн ұзақ,
Көңілімде жүрдің күн ұзақ.
Елесін көзден өшпеді
Жақындап бірде, бірде ұзап.
Өзіңсің сүйіп қарарым,
Өзіңсің тыныс аларым.
Күткенім ыстық құшағың,
Анарым менің, Анарым.
(Арман хатты омырауына басқан, әлдеқандай әдемі сезім үстінде тұр.)
Әбілбек. Қатып жатқан жоқ па, досым. Қай ақының жазыпты дәл осылай? Асқарың ба, Ғалиың ба, Әбділдәң ба? Тіфу, түкіргенім бар оларыңа!
Арман. Мен жазыппын, Әбілбек. Мінеки мен жазыппын. (Өлеңді сүйеді). Жүрегіммен, жаныммен, барлық мейіріммен жазыппын.
Әбілбек. Белинский айтыпты: әрбір ұлы ақынның өлеңі өзің жазғандай сезіледі депті. Рас екен ғой.
Арман. Мұнда ұлылық жоқ. Менің махаббатым ғана бар.
Әбілбек. Менің махаббатым? Қызық екен.
(Арман қалтасынан алған қаламымен қағазға жаза бастайды.)
Әбілбек (шошып). Әй, бүлдірме.
Арман. Бүлдірмеймін, жөндеймін.
Әбілбек (қолына жабысып). Өй деймін, қой деймін. Менің атымды өшіріп, өз атыңды жазғаның қалай?
Арман. Осы дұрыс, Әбілбек... (Толқып.) Қандай күттім, қанша күттім Анарды. Ояуда ойымнан, ұйқыда түсімнен кетпегені де рас. Бәрін біліпсің, бәрін жазыпсың. Ең жақыным сен екенсің, Әбілбек. (Құшақтап сүйеді.)
Әбілбек (аң-таң) Апырмау, мұнысы несі? (Арманды жұлқып.) Жаңа ғана сау емес пе ең, бауырым?
Арман (қайта құшақтап). Мұндай сау боп көрген емен өмірімде. Түк күдік жоқ, түк кіршік жоқ көңілімде. Иә, иә... бәрі рас, Әбілбек. (Скамейкаға отыра кетеді. Үрке шегінген Әбілбек есікке барған, ұрлана дауыстайды).
Әбілбек. Анар... Анаржан. (Анар шығады.) Тсс... бері кел. (Қызды Арманның ту сыртына тұрғызады.) Тсс...
Арман (өлеңнің соңғы шумағын ерекше шабытпен жатқа қайталайды).
Өзіңсің сүйіп қарарым,
Өзіңсің тыныс аларым.
Күткенім ыстық құшағың,
Анарым менің, Анарым.
Әбілбек. Бұған не дейсің, Анар? Жаңа ғана жынданды. (Арман тұрады.)
Анар. Онда емдеу керек екен... (Екі жас бірге өрілгендей ынтыға сүйіседі.)
Әбілбек. Сенейін бе, сенбейін бе көзіме? (Анарлар сүйісе береді.) Бишара басым, кімді күткенмін? Ау қойыңдар, жолдастар. (Екеуін айырады.) Айтыңдаршы шындарыңды, осы мен не көріп тұрмын?
Анар (ойнақы, тізесіне отыра кетеді). Аға да бол, кепіл бол. Күткен жарлар табысты. Осы айда, осы ауылда қосылуға серттескен едік. Міне енді өзің куәсің. Сәтті күн жетті. Қосылдық. Өзің басқар тойымызды, Әбілбек.
Арман. Мен де тілеймін. (О да тізесін бүгеді.) Жырыңды арна достарға, жақсы өнеріңді аяма.
Әбілбек. Мен әуелі есімді жинап алайын. (Екеуін қолдарынан тартып тұрғызады.) Сендер десем, өзім екен ғой алжасқан. (Скамейкаға жантая кетеді.) Сорлы Әбілбек, сүр бойдақ.
Әбдірахман (сырттан). Әбілбек! Қайдасың, Әбілбек?!
Әбілбек. Мына қырсық тағы келді-ау соңымнан. (Тұрады.) Арман, шал жауабын енді өзің бер. (Үйге кіріп кетеді. Балаша қол ұстаса жарысқан екі жас бақшаға өтеді.)
Әбдірахман. (дауыстай кіреді). Жарандар-ау, жәрдем етсеңдерші. (Ешкімді көре қоймай, үйге беттейді.) Машинасы тұр ғой, осында шығар. (Үйге тақалғанда тағы дауыстайды.) Телғара, бармысың, Телғара!
Телғара (күле шығады). Бармын, поштабай! Дауысың неге қатты шықты, Әбеке! (Қолын алады.)
Әбдірахман. Тентегіңді тый. Телғара, көз алдымда жазала, әйтпесе сотқа беремін.
Телғара. Тентегің кім, Әбеке?
Әбдірахман. Ана.., Әбілбек итіңді айтамын. Оның бүгінгі көрсеткен қорлығын сүйегім қурағанша ұмытпаспын.
Телғара. Әбілбек, бері шығып кет. (Үйдегілер түгел шығады.)
Әбдірахман. (Әбілбекке таяғын көтеріп). О, сілең қатқыр, Әбілбек, салайын ба бастан. Газетім қайда? Тауып бер!
Әбілбек. Қазір, қазір. (Жүгіріп барып газеттерді әкеп береді.) Кешіріңіз, Әбеке, себебін кейін айтамын.
Әбдірахман. Сілең қатсын, сілең қатқыр.
Жанас. Үйге кір, құрдас, көніңді жібіт.
Әбдірахман. Айқайлай-айқайлай таңдайым кеуіпті.
Ұлсүйген. Жүре ғой, өз қолымнан шәй құйып берейін.
Қолтықтап әкетеді. Шалдың сумкасын көтеріскен Тоқбике де бірге кетеді.
Телғара. Әкеңдей кісіні әурелеп, бұл қай қылжағың, Әбілбек?
Әбілбек. Мән бар, Телеке, мән бар. (Жанас пен екеуіне кезек жалтақтайды.) Газетте жағдайсыз бірдеңе басылған екен...
Телғара. Жағдайсыз?
Әбілбек. Мінеки... (Қалтасынан газетті әпереді.) Көрмесінші, көңілі жүдемесінші деп едім. (Телғара газетті оқуға кіріседі.)
Айдабол. Жәке, мен жұмысқа кірісемін.
Жанас. Мейлің. (Айдабол алжапқышын байланып көмір салынған көрікті қозғай бастайды.)
Әбілбек. Сіз де кешіріңіз, Жәке. (Одан Пәридәға жымия қарайды.) Қыдырмаймысыз, Пәридәш?
Пәридә. С удовольствием, Әбілбек аға.
Бұлар да бақшаға беттеген, қарсы келген Арман, Анарға кездесіп кідіреді.
Анар. Күн қандай тамаша.
Пәридә. Ғажап, ғажап.
Телғара. Ғажап! Ғажап! (Орнынан түтеп тұрады.) Бұл не, Жанас?! Бұл не, Абзалов?!
Жанас (жалынғандай). Бүгінше сабыр... кейін айтарсың.
Телғара. Кейін де айтам. Бүгін де айтам. Қазірден бастап бауырым емес, жауымсың!
Анар (жан даусымен). Папа!
Телғара. Папаңа қанжар салыпты. Табыт әзірлепті!
Анар. Па... па!
Телғара (ағасына). Шақыр азаныңды, баста жаназаңды. Көм қолыңнан ініңді. Кеме алмасаң қапы кеттім деп жүрме, мен көмемін өзіңді. Қайта тұрмастай, терең қазып көмемін.
Анар (жылап). Бұл не, бұл не?
Телғара. Оқы мынаны. (Анар да газетке үңіледі).
Арман. Сіз ұшқары сөйлеп тұрсыз, Телеке. (Жақындайды.)
Телғара (қолын көтеріп). Тоқта, агроном. Сеніменен сөз қысқа. Қай жолменен келіп ең, сол жолыңмен тура тарт! «Шұғылада» екеуміз қайта кездеспейтін болайық.
Үрке шыққан Тоқбике мен Ұлсүйген көрінеді.
Тоқбике. Жасаған-ау, бұл қандай сөз?
Телғара. Жүр, қатын, жөнімізді табайық.
Әйелін қолтықтай тартып шыға жөнеледі.
Ұлсүйген. Аспан ашықта да күн күркірейді екен-ay. Бұл қай масқара, темірші?
Әбілбек. Дау қайда, дауыл сонда. (Жақындап.) Бізге де бір қатты құйын жетіпті. Қашан басыларын тәңірім білсін, шеше.
Жанас. Әбілбек, ұшындырмай тұр.
Әбілбек. Ұят, Жәке, ұят. Осы колхозды Телекемнен жақсы көрем дегендерің өлтірсеңдер де сенбеймін.
Айдабол (ажырая бұрылып). Саған не жоқ судырақ? Алма Жәкемнің бетінен.
Әбілбек. Сен де қыстырылма, бөрене.
Жүгіре басып Телғараның соңынан шығады.
Анар. Сіз бекер қол қойғансыз, үлкен папа.
Жанас. Солай ма? Шешемнен де бекер туған шығармын, балам?
Анар. Дворец соғам деу күнә емес. Мен жасап жіберген проектіні профессорлар да қызық деп тапқан. Жақсы идеяны жазықсыз кірлегенсіздер.
Арман. Сен архитектор көзімен қарайсың, Анар. Әңгіме онда емес.
Анар (қатал). Енді неде?
Жанас. Қалтада, ақшада. Жетпей жатқаны сарай салу болса бірсәрі. Әр нәрсенің кезегі бар емес пе?
Анар. Сонда ағасы туған інісін газетке жаза ма екен!
Жанас. Тыңдамаса, белден басса қайтеді? Мен аға боп отырсам, жұрт сөзін кім сөйлемек?
Анар. Кешіріңіз, папа. Сіз жаттанды сөздерді айтып тұрсыз маған.
Жанас (ышқынып). Жоқ! Мен жүрегімнің сөзін айтып тұрмын, қызым. Әділ болам десең — туысыңды теже әуелі.
Ұлсүйген. Қой, темірші. Жаңа келген Анаржанмен айтыспа.
Үйге әкетеді. Анар скамейкаға сылқ түсіп отыра кеткен. Арман әрлі-берлі теңселіп жүр.
Пәридә (Айдаболға барып). Айтшы, құрбым, құтсыз қонақ келсе қайтеді деуші еді?
Айдабол. Қойға қасқыр шабады дейді. Отыр, миман қыз, бұл әңгіменің саған қатысы қанша.
Пәридә. Мал қораларын көрейін деп ем. Менімен жүріп қайтсаңыз қайтеді, құрбым?
Арман. Сөйтіңіз, Пәридә. Бой жазып қайтыңыз.
Айдабол. Оған менің нем кетеді. Түгім де кетпейді. (Алжапқышын шешеді). Тек жүгіртіп отырсам, ренжіме.
Пәридә. Жарайды, жарайды.
Бұлар да кетеді.
Арман. Оқу қандай жақсы еді, шаршаушы едік, тынығушы едік. (Қасына барып.) Өмір қиялдан әлдеқайда қиын екен.
Анар. Бекер қиындатқансың.
Aрман. Мен бе қиындатқан.
Анар. Әрине сен. Вокзалдан күтпегеніңнен-ақ шошып ем. Көрінер сиқың жоқ екен ғой.
Арман. Тіпті де олай емес... Өзің емес пе, мен барғанша сездірме деген?
Анар. Бір әкеммен достас та, екінші әкеммен жаулас деген де мен шығармын! (Атып тұрады.)
Арман. (қолына жабысып). Анар. Сенімен екеуміз білісіп достасқан, қапысыз табысқан жандармыз, жарамайды. Ештеңеге көзің жетпей таусылма.
Анaр. Мынау ше? (Газетті сілкеді.) Осы ма жетпегені көзімнің. Қит етсе трибунаға жүгіру атаққұмарлардың, даукестердің әдеті. Ондай мінезді, әсіресе, үлкен папам мен саған кешірмеймін.
Арман. Түсінші, Анаржан. Бұл әңгімеде принцип бар... Бұл...
Анар. Жар сүю, жаңа өмір бастау принцип емес екен ғой саған.
Арман. Анар...
Анар (тыңдамай). Жеткенше асығып жүрмін-ау, мен байғұс. Тойым әзір, Арманым әзір деп келсем, қандай былықтырғансың.
Арман (өзіне тартып). Бармын, тұрмын ғой алдыңда, Анаржан. Мен қашан да әзірмін.
Анар (суық қарайды). Ал мен әзір емеспін.
Шымылдық
ЕКІНШІ АКТ
II- картина
Телғараның үйі. Ас ішетін кең бөлме. Жинақы, қазақша жасау. Диван, орындықтар. Балконға, ішкі бөлмеге баратын есіктер, төрде үлкен терезе. Перде ашылғанда стол жасап жүрген Тоқбике мен Ұлсүйгенді көреміз.
Тоқбике. Тағы нені ұмыттым? Е... е.. нан қойылмапты-ау (Буфетке беттейді.)
Ұлсүйген. Тоқта, тоқта, нанға жуыма, жарқыным. (Нанды әкеліп қояды..) Өзім тураймын.
Тоқбике. Мен онда етке қамыр жаяйын.
Ұлсүйген. Қамырды да мен жаямын. Тәңір жарылғасын, адал асқа араласпа... Сен ана шай-май, арақ-шарабыңды әзірле.
Тоқбике. Өз үйімнен айдап шықпағаныңа шүкір.
Ұлсүйген. Түбің туыс қой... Тірі бол, Тоқбике. Әйтпесе шошқа ұстаған қолыңмен отқа үйітер ем сені.
Тоқбике (күліп). Еркектерді табыстырамыз деп жүріп, екеуміз қағысып қалмайық, Ұлеке.
Ұлсүйген. Бізді қойшы, еркектерді айтсайшы. Күндіз соғысып, кешке бітісуді сенің байың біліп көрді ме екен. Жарасу орнына мылтықша атылмаса не қылсын.
Тоқбике. Атылмайды. Біз не бітіреміз сонда.
Ұлсүйген. Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде. Туыстар бүгін табыспаса, ертең табысар... Тек Анаржанның тойы тоқырамаса екен.
Тоқбике. Менің де тілегім сол ғана. Екеуінің отау көтеріп шыққанын көрсек «уһ!» дер ек.
Ұлсүйген. Ендеше тура осыдан бастайық. Арман да балаң, Телеке, ол ертең Анарыңа үйленеді. Тулама, дәм үстінде татулас дейік.
Тоқбике. Оған бөгелсе...
Ұлсүйген. Бөгелмей ме? (Ойланып.) Иә, дәл бүгін бөгелмес те. Бүтіндейміз деп бүлдіріп алмасақ нетсін?..
Тоқбике. Бүгін бастарын құрап, бір дастарқаннан дәм татырсақ та жетеді. Қалғанын әсте-әстелеп естірте берерміз.
Ұлсүйген. Оны істесек ерлер ек. Дүлей Телғараң тілге келмей Жәкең мен Арманды үйіңнен қуып шықса, қызық сонда болар.
Тоқбике. Қойшы, aпa, қайдағыны шығармай. Үйіне келген кісіні қуып құтырды деймісің.
Ұлсүйген. Жақсылығын айт та, жамандығын тақап қой. Сәті түспей, Арманның ренжігенін көргенше құдайдың алғаны жақсы. (Жақындаңқырай түсіп.) Кешіміз жайлы өтсін десек, басталғаннан екеуміз жайдары отырайық, Тоқбике.
Тоқбике. Сөз осы. Біз Анаржанның келгеніне қуанышты туыстармыз да, ал Арман мен Пәридә қуанышқа шақырылған сыйлы мимандар. Уәдә ме?
Ұлсүйген. Уәде.
Тоқбике. Шошқама соқтықпайсың, жыныма тимейсің, уәде ме?
Ұлсүйген. Басыңды шошқа жұтсын, Тоқбике. Уәде. (Бөтелкені көрсетіп.) Тек мына пәлеңді көрсетпе.
Тоқбике. Аздап ішсін, көңілді отыруларына жақсы.
Ұлсүйген. Қорқам арақтан. Іше бастағанда ауыз жаласып, ішіп алған соң итше таласпағанын көрген емен еркектің. Бүгін арақсыз өтсін. Тығайық.
Тоқбике. Мейлің. (Бөтелкені буфетке жабады).
Әбілбек (алқына басып кіреді). Кеш жарық, кәрі жеңгелер.
Тоқбике. Не көрінді осынша алқынып?
Әбілбек. Айнала жүгіріп, жүрегім аузыма тығылды. Пәридә соқпады ма осында? (Шеттегі орындыққа отыра кетеді.)
Тоқбике. Соққан жоқ.
Ұлсүйген. Қашып жүрмісің, қуып жүрмісің, ақын?
Әбілбек. Қуып жүрмін. Ана ұзын тұра... балғашы Айдабол қас пен көздің арасында Пәридәшті ертіп кетіпті.
Тоқбике. Ертіп кетсе, ертіп келер. Оның несіне танаулайсың.
Әбілбек. Мән бар, жеңеше, мән бар. Тілсіз сойдауыл қыз қадырын біле ме? Нәзік жанды ренжітіп ала ма деп қорқамын
Ұлсүйген. Қорықпай-ақ қой. Айдаболға ерген қыз қуанбаса, қынжылмайды.
Әбілбек. Түсінбейсіз, Ұлеке... Бұл қариялар үшін түсініксіз мәселе.
Тоқбике. Қайдан түсінсін. (Күліп.) Бізді сірә қыз боп көрді деймісің.
Әбілбек. Сонда қалай?... Мәселен... айтайық қыз болсаң... сен де Айдаболды қалар ма ең, жеңеше?
Тоқбике. Әрине. Айрылмас ем жабысып... Басқа қызға бұрылдырмай қояр ем. (Екі әйел жарыса күледі.)
Әбілбек. Өтірік, жеңеше, (орнынан еріксіз тұрады) өтірік.
Ұлсүйген. Түк те өтірігі жоқ...
Тоқбике. Телекең де басында сондай болған.
Ұлсүйген. Бой деген қандай...
Тоқбике. Найзадай!
Ұлсүйген. Жауырын қандай.
Тоқбике. Қақпақтай. Бір адамның асын жеп, он жігіттің жұмысын істейтін.
Ұлсүйген. Онда ашуы аз, сабары көп паң еді ау.
Тоқбике. Жылпостардың біріне пысқырмай, Телекемді таңдағанмын.
Әбілбек. Ол оқымаған қыздардың мінезі ғой, қазір олай емес. Сіздер жаңа заманға түсінбейді екенсіздер, кемпірлер, ә? О, қараңғылық, қараңғылық...
Ұлсүйген оқтаумен ас үйге кетеді.
Тоқбике. Олай десең жолыңнан қалма, қуғыншы, жүгіре бер, шыр айланып ауылды.. Болдырып тоқтағаныңды көрмесем «ту бетіңе» де. (Күледі)
Әбілбек (кемпірлерге өнер қасиетін танытқандай жауап береді).
Ақын жаны — ғашық жаны,
Ұқпайды оны жай қазақтар.
Ізденеді ол, зар қағады,
Кім біледі ол қашан тоқтар.
Жүгіре жөнелгенде, үйге кірген Телғарамен соғысып, ұшып түседі де қайта тұрады.
Телғара. Ой, Әбілбек... сенбісің?
Әбілбек. Кешіріңіз, Телеке, кідіруге мұршам жоқ. (Кетеді.)
Телғара. Жынданған шығар мына күшік. Талтүсте соғысып, қирап қала жаздады-ау.
Тоқбике. Әдеті емес пе, қыз көрген сайын жанығатын. Үлкен үйдегі миман қызды таба алмай жүр.
Телғара. Тоба, тоба. Таныспай жатып ынтыға қалғаны ма? (Кителін іледі.)
Тоқбике. Өзің ғой осыны ақын-мақын деп масықтырған. Қылықтарына кісі ұялғандай. Кердеңдей ме?... Көлбеңдей ме... Ұшып-қонып тұрған бірдеңе.
Телғара. Жарайды. Ол үшін қиналма. (Диванға отырған соң.) Бұл ненің даярлығы, бәйбіше? Жайып тастапсың ғой барыңды.
Тоқбике. Қонақ шақырдым. Жәкең мен Анаржан келеді.
Телғара. Сенің-ақ бауырың езіледі де тұрады екен. Жанасты несіне шақырдың!
Тоқбике. Шақырмағанда ше... Туыстан беземіз бе?
Телғара. Беземіз! Өзіне де айтқанмын бездім деп.
Тоқбике. Жұрттан ұят. Қандай әңгімелердің гуілдей кеткелі тұрғанын сезсең еді.
Телғара. Гуілдей берсін. Маған десе боран боп неге соқпайды.
Тоқбике. Ендеше бораныңды өз ошағыңнан баста... Мына менен баста. Жәкеме қоса Арман мен Пәридәні де шақырдым.
Телғара (ажырая). Қайта айтшы, қатын, кімді дейсің?
Тоқбике (жасқанбай). Арманды.
Телғара. Ойнама, Тоқбике. Мұндай қылжақты көтермеймін.
Тоқбике. Сабыр тілеймін, Телеке. (Жақындай түсіп.) Мен де бірдеңе білетін шығармын. Оны да ескер... Сен алысқанмен мен жұлыссам, береке сөзін кім айтпақ...
Телғара. Аяғына жығыл деймісің Арманның?
Тоқбике. Жықпа да, жығылма да. Анаржанның қуанышты кешінде ойнап, күліп отырсаң жетеді.
Телғара. (кекетіп). Құр отырма, «ойнап», «күліп» отыр де. Айтарсың, қатын, айтарсың. Жоқ, бәйбішем, Телғараң әлі ондай күйге жеткен жоқ. (Тұрады.) Жина мыналарыңды. Әйтпесе далаға шашамын. (Дастарқанның шетіне жабысады.)
Тоқбике. Мені масқара болсын, жерге қарасын десең шаша бер.
Телғара. Ендеше менсіз өткіз сауығыңды. Күліп, ойнап болған соң, қонақтарың тараған соң айтарсың. Клубта боламын.
Тоқбике (ұстап). Тоқта. Анаржанға не деймін?
Телғара (ойланып қап). Анарға ма?.. Бір тығыз шаруамен райком шақырып кетті де.
Тоқбике. Қартайғанда алдай алмаймын Анарды. Шынын айтамын, Телеке. Неге өйттің деп ренжіме соңынан.
Телғара. Шыны қайсы? Не демексің, Тоқбике?
Тоқбике (дауысы қалтырап). Қамқорсызсың, Анаржан... Ата, анасыз жетімсің. Біздің үйде қуаныш жоқ сен үшін. «Папам» деме Телғараны, алданба. Сүйеніш емес ол саған. Өлмес қамыңды ойлан деймін.
Телғара. Сен де қаралаймысың мені?
Тоқбике. Ағын айтамын: қара басыңнан өзгеге титтей рақымың түспесе. Анарға үйірілмесең, мені жан екен, жар екен демесең... не деуге болады саған? Отыршы. Телекем емес пе ең бір кезде... Қайда сондағы сабыр, ұстамың?
Телғара. Сен де қайдағыны сұрайды екенсің, қатын. (Отырады.) Бәрібір... Абзаловты кетіремін.
Тоқбике. Кетіре бер. Екі қолға бір жұмыс кімге табылмас дейсің. Тек сәлемдерін бұзылмасыншы...
Телғара. Сәлем бұзылған.
Тоқбике. Бұзылған жоқ... Бұзылмайды да. Анаржан бар жерде Арман бар. Екеуін бірдей көрмей кете алмаймыз.
Телғара. Доғар, Тоқбике! Қырнама құлағымды.
Тоқбике. Ал сен тыңдай біл... Ол екеуі Мәскеуде жарасқан көрінеді.
Телғара (қайта тұтанып). Тілің байлансын, Тоқбике! (Жағасынан ұстап.) Жалған де!
Тоқбике. Шын. Енді тойға әзірленеміз. Телекесі.
Телғара. Тойға мені көмген соң, әзірленесің. (Итеріп жібереді.)
Тоқбике. Жоқ, тірлігімізде тойлаймыз. Қыз сүйгенін тапса, өмірінің бақытты басталғаны. Сындырма Анардың сағын.
Булыққан Телғара көтеріле беріп, жаңа кірген Анарды көреді де қайта отырып қалады. Жалынды көзден сескенген қыз, еріксіз кідіреді.
Телғара (өзін әрең ұстап). Кел... кел, Анаржан.
Анар. Уһ... зәрем ұшты ғой. Мені танымай қалдыңыз білем, папа. (Тоқбике ас үйге шығады.)
Телғара. Танымай қалғаным да рас. (Қасына отырғызады, арқасынан қағады.)
Анар (тарағымен папасының мұртын тарайды). Шаш ағарған... Көз күңгірт тартқан, тым болмаса екі жылда бір рет курортқа баруды да білмейсіздер.
Телғара. Қайдағы курорт. Бізге үйде отырып ұйқы қандырсақ та жетер ед.
Анар. Әрине...
Телғара. Қашан тудың, қашан өлесің, оны есептер жан бар ма? Соқаға жегілген өгіздей, мұрның пысылдап тарта берсең болғаны. Барып-барып қылжия кеткенде бір-ақ босайсың.
Анар. Енді бізді жегіңіз жұмысқа. Жастарға сүйеніңіз, папа.
Телғара. Жастарың кім? Арман ба?
Анар. Жарамай ма жәрдемге?
Телғара. Көрдің ғой жәрдемін. Оның несін сұрайсың, балам.
Анар. Оларыңа мен де ренжідім, папатай. Бірақ сын айту, пікір таластыру да бола береді емес пе әдетте.
Телғара. Маған әдет емес, әдеп қымбат, қызым. Әркімнің өз ниеті, өз арманы бар; бүгіннен ертеңім қызық болуын мен де ойлайтын адаммын. Мені аясаң, өз тіліңмен сөйлес. Анаржан.
Анар. Мен өз тіліммен сөйлесіп тұрған жоқпын ба?
Телғара. Білемін... есіттім. Анарымды жар етіп, өзімді қор етпек болғанның үйі күйсін!... Осы сөзімді ұмытпа.
Анар (қатты шошып). Не дедіңіз... Не естідім? Өкінбейсіз бе, папатай?
Телғара. Жоқ! Сол қолымды жаратпасам, оң қолыммен шауып тастауға әзірмін. Бірақ оныма өкінбеймін. Телғараны әкем десең, Абзаловтан аулақ жүр. Әйтпесе сен де бір маған, шіріген жұмыртқа да бір.
Анар. Қандай қатал боп кеткенсіз, папа!
Телғара (паузадан кейін). Жалаңаш тудым шешемнен. Жалаңаш өстім қурап жатқан далада. Ұрлық қылмай, сұм атанбай күнелттім. Тас қашадым, жер қаздым, тегін тамақ сұрамадым ешкімнен. Еркекті сынар кезеңнің қай тұсында қашыппын? Қай мылтықтан, қай қылыштан бұғыппын. Кім үшін ед соның бәрі? Сөйтіп жүріп қауым жұртты бүгінге де жеткіздім. Осы ма кінәм? Енді міні қатал атаныппын. (Басын сәл көтеріп.) Дей беріңдер, ағайын. Керегінде берілмейтін қаталмын. (Орнынан тұрып.) «Шұғыла» менікі... Мен жауаптымын «Шұғылаға»! (Жай басып террасаға шығады.)
Анар. Папа, тоқташы. (Есікке жетіп кідіреді.) Бір сөзінен бір сөзі удай... Айтқанының бәрі шын. Осындай жанды аямасқа, сыйламасқа бола ма?
Сыртта терезе алдынан өткендерді байқап қап екінші бөлмеге кетеді. Сәлден кейін Пәридәні ерткен Айдабол кіреді.
Айдабол (айнала көз тастап). Жым-жырт, оңаша.
Пәридә. Дастарқан жаюлы, дәм тартулы. Нағыз ертек.
Айдабол. Төрлет, мейман қыз ба?
Пәридә. Рұқсатсыз кіріп, төрге де шығамыз ба?
Айдабол. Ол қаланың салты ғой. Біз ондайыңды білмейміз. Есік ашық екен кіреміз... Нан тураулы екен жейміз. (Бір кесек нанды асап қалып отыра кетеді.) Әрі жұмсақ, әрі жылы... Тоқбике апай нанды дәмді пісіреді.
Анар (сыр бермей, жайраңдап шығады). Келдің бе, Пәридәш? (Құшақтайды.) Кешіге берсең іздегелі отыр ем. (Отырғызады.) Қалай, жақсы тынықтың ба?
Айдабол (күліп). Жүгіріп жүріп тынықты.
Пәридә. Онысы рас. Айдаболға ергенше, аттылы кісіге ерген жақсы шығар. Желіп отырмасаң ілестірер емес.
Анар. Оның не, Айдабол, қызбен жүргенде сөйте ме екен?
Айдабол. Шынығу керек қыздар. Жүгірмесеңдер жұмыс бітірмейсіңдер. Колхоз әр бетін оңай аша салатын түптеулі кітап емес. Оны тану үшін әлі көп жүгіресіңдер.
Анар. Онда саған күйеуге шыққан қыз жетіседі екен.
Пәрида. Жүгіртіп, жүгіртіп сілесін қатыратын шығар. (Екі қыз күледі.)
Айдабол. Көрмегенім қыз болсын. (Нанды тағы бір асап қалады.)
Анар. Е... үйленбей өтемісің?
Айдабол. Үйленбеймін. Басыма пәле тілеп жын қағып па мені.
Анар. Кездеспей жүрген болар әлі. Жұлдызың жарқ етіп шыға келсе көрерміз. (Күліп.) Қармаққа түскен жайындай, сағағыңнан ілініп тұрарсың.
Айдабол. Отырсыңдар ғой екі қыз. Іліңдерші кәнеки сағағымнан. (Мойнын созады.) Біріне көзімді салсам не қыл дейсіңдер.
Анаp. Қап, мынаны-ай, ә?
Пәридә. Маған қара, Айдабол.
Айдабол. Ал, қарадық.
Пәридә (қарсы алдына барып). Дұрыстап қара. Жанарынан көзімнің аңғарамысың ештеңе?
Айдабол. Қуланып тұр жылтылдап.
Анар. Олай емес. (О да Пәридәнің көзіне үңіледі.) Мінеки, мен аңғардым...
Айдабол. Нені аңғардың?
Анар. Ұнаттым сені, Айдабол. Енді менен құтылмайсың қашсаң да... Қыз тұзағы түспей қалмайды мойныңа деп тұр.
Айдабол. Соқ өтірікті.
Пәридә. Енді аузыма қара, Айдабол.
Айдабол. Сендер еріккен екенсіңдер. (Тұрмақ болады.)
Анар (иығынан басып). Қара, қара. Мұндай ауызды көргенің бар ма?
Айдабол. Күнде керем. Сөзуар ауыздар осындай болады.
Пәридә. Аш көзіңді, жөндеп қара.
Анар (Айдаболға). Байқаймысың... Ерініңде де көп мән бар. Қызыл гүлдің жапырағындай үлбіреп, сүйем сені... Сен де сүй мені демей ме, соны қалай байқамай қалдың, Айдеке? (Қыздар күледі.)
Айдабол. Ә, сендерге мазақ керек екен ғой. (Тұрады, кепкесін киеді.) Кетемін.
Пәридә. Кетпе, кетпе. (Кепкасына жабысады.) Мен саған рас ғашықпын. (Бетіне үңіле қарап.) Қандай жақсысың, Айдабол. Көремісің, Анар, ғажап емес пе?
Анар. Әрине.
Пәридә. Көзі мейірім ұясындай, нәрестедей бет ажары... Тасқа шыққан жас емендей тұлғасы. Осындай жігітті көргенің бар ма, Анар?
Анар. Жоқ, жоқ.
Айдабол. Сендер тәлкек еткеннен колхозшы маймыл болмайды. Қош болыңдар, оқымыстылар!
Шапшаң басып шығып кетеді.
Пәридә. Айдабол... (Есікке жетіп тоқтаған. Одан әлдеқандай жалбарынған дауыспен Анарға бұрылады.) Жібермеші, Анар... Тоқтатшы.
Анар. Өй, саған не болған, Пәридәш? (Қасына барады.) Ойнап жүріп шын ғашық болғаннан саумысың, өзің?
Пәридә. Ондай болуы мүмкін бе?
Анар. Әрине, мүмкін... Исступление деп соны айтпаушы ма еді (Екеуі жәй ғана күледі. Сыртта жаңа келгендердің дабыры.)
Арман (әлі өзі көрінбейді). Жүріңіз, Жәке... кіріңіз.
Жанас пен Арман кіреді. Қыздар орын ұсынады. Бұлардың даусымен ас үйден Тоқбике, Ұлсүйгендер шығады.
Тоқбике. Жоғарылатыңыздар. (Келгендер отырысады.) Анар-ау, кіші папаң қайда?...
Анар. Бақшада шығар... Шақырайын ба?
Тоқбике. Шақыр... Қонақтар келді де.
Жанас. Мен барайын. (Тұрып жатып.) Оған әуелі сыпайылап көрініп, сылап-сипап тілдескен жөн болар.
Ұлсүйген. Дұрыс... Сен бар. (Қасына тақалып, пысықтай түседі.) Байқа, аяғын басып алма. Ұқтың ба?
Жанас. Ұқтым. (Террасқа беттейді.)
Ұлсүйген (ере жүріп). Туласа да, мөнкісе де ләм деме... Өз жыныңа ие бол. Бүгін жылы сөйлесіп, жақсы отырайық. Ұқтың ба? Жанас. Ұқтым, кемпір, ұқтым. (Кетеді.)
Ұлсүйген (кейін беттеп). О, жасаған, бейбітшілігіңді бер. Туыстарды бір-біріне мейірімді ет.
Арман. Шеше, тілегіңіз қандай әдемі еді. (Құшақтайды.)
Ұлсүйген. Сенен сұрарым да сол, балам: тату отырайық, тәтті тарайық.
Тоқбике. Ұлекең екеуміз осылай келістік, Арман. Түздің әңгімесі үйге кірмесін дедік. Қыздар, сендер де көңілді отырыңдар.
Пәридә. Біз ән саламыз, би билейміз.
Арман. Анар, музыка!
Ұлсүйген. Сөйтіңдер... сөйтіңдер, қарақтарым. Тоқбике, ал, біз тамақты тездетейік.
Аналар ас үйге кетеді. Анар радиолға пластинка қоя бастайды. Жайнаң қаққан Әбілбек кеп кіреді.
Әбілбек. Орта толсын, достарым!
Пәридә. Жетпегені сізбен толсын. Келіңіз, биге түсіңіз, Әбілбек аға.
Әбілбек. Сізбен бірге, Пәридәш, құлағанша билеуге әзірмін. (Музыка. Әбілбек пен Пәридә билеп кетеді.)
Арман. Кәнеки, студент күндерімізді еске түсірейік. (Арман мен Анар екеуі де биге қосылады.)
Әбілбек. Қандай жеңілсіз, Пәридәш.
Пәридә. Жоқ, мен шорқақ билеймін.
Әбілбек. Балериналар садағаңыз кетсін! (Музыка ырғағымен қосыла әндетеді.) Там-там тарира... там-там тарира.
Арман. Тойымыз қашан, Анаржан?
Анар. Оны кіші папамнан сұра.
Арман. Кіші папаң: «Кете бер, қарайлама» деді ғой. Сенің де жауабың сол ма?
Анар. Сыныққа сылтау іздесең өзің біл... (Өтеді.)
Пәридә (күліп). Көп іздепсіз ғой, мені.
Әбілбек. Айдабол айтпағанда таң атқанша сандалатын едім.
Пәридә. Обалдағы-ай.
Әбілбек. Оқасы жоқ. Сізді іздегі бейнет тарту мен үшін шексіз бақыттылық.
Пәридә. Солай ма? (Күледі. Бұлар да өтеді. Айналып Арман, Анар жетеді.)
Арман. Менің жаман ақылымша — екі жүрек махаббаты бір бөлек. Оған бөгде кісілердің араласпаулары керек.
Анар (кідіріп, бірақ жұбын жазбай). Әке бөгде, аға бөгде, сондай махаббат бола ма?
Арман. Оны үлкен папаңнан сұра. (Күледі.)
Анар. Айтып та үлгірдің бе?
Арман. Сыймады ішіме... Айттым да тындым.
Анар. Дау үстіне дау қосып тындырыпсың. Үлкен папам не деді.
Арман. Қуанды, жақсылап тұрып ақ батасын берді:
Үйлі, күйлі болыңдар,
Тату, сыйлы болыңдар.
Үбірлі-шүбірлі,
Думанды — дүбірлі болыңдар —
деді.
(Күле құшақтасып, қайта билеп жөнейді.)
Әбілбек. Ғашық боп көрдіңіз бе, Пәридәш?
Паридә. Ғашықтық не, біреуді ұнату ма?
Әбілбек. Сүю, жану, ынтығу. Сәл көрмесе, сағыну болу керек. (Бетіне қарап.) Жетті ме жүрегіңе, Пәридәш?
Пәридә. Жетті. Онда мен қазірден бастап ғашық екенмін.
Әбілбек (еріксіз кідіреді. Жүрегі жарылардай қуанышты). Қазірден?
ІІәридә (толқына сөйлеп). Қандай бір көркем елес, кетпеуші еді ойымнан. Аңсаушы едім сол елесті сағынып. Бірақ, оның қайда екенін білмеуші ем. Қасымда жоқ, ойымда бар жігітті белгісізден іздеуші ем... (Күлімсірей, қызара.) Аңсаушы едім, көрсем деп. Сол іздеген кісімді бүгін кердім, сенемісіз, Әбілбек аға?
Әбілбек. Сенемін. Жаның қандай жүйрік еді... Тілегің қандай түзу еді, Пәридәш... Әсем үнің, әсерлі сөздерің құлағым емес жүрегіме құйылды-ay, (Көзін жұмып.) Не деген қызық бұл дүние. Мол екен ғой қуаныш.
Пәридә. Не деп кеттіңіз, ағатай?
Әбілбек. Кешір, Пәридәш. (Қайта құйындата жөнеледі.)
Анар. Жаңағыдай жақсы батаны кіші папамнан да алғанша той туралы үндемейсің, білдің бе?
Арман. Білдім. Тек той ұзап кетсе, мені кінәлама.
Анар (тоқтап). Ал сен ұзатпа, тілін тап, көңілінен шық папамның. (Арманды диванға жетектеп апарып отырғызады.) Үлкен ағаның үлкен авторитетін сыйлағанға түгің де кетпейді.
Арман (салмақпен). Онда авторитет проблемасының шешілуін күтетін болдық қой... Дұрыс, күтейік. Мұндай кезең екеуміз үшін өте пайдалы болуы мүмкін...
Кемпірлер самаурын, шәйнекті кіргізіп, столға жайлайды. Музыка тоқтайды. Екінші жақтан Жанас пен Телғара кіреді.
Телғара (ұстаммен). Кәнеки, меймандар, дастарқанға жақындаңдар. (Столға қарап.) Бәйбіше, бөтелкелер қайда кеткен?
Тоқбике. Қазір, қазір (бөтелкелерді әкеліп қояды. Бәрі түгел отырады. Шәй құйылып кеселер тартылады.)
Жанас (ұрттап қап). Пах-пах, шай болғанына! Исі қандай өзінің!
Тоқбике. Ішіңіз, Жәкетай. Сіздің жақсы көретін шайыңыз.
Жанас. Біліп отырмын. Тани кетті ғой тіл байғұс. (Кесесін қайта ұсынған. Одан Телғараға жымия қарайды.) Іш, Телекем. Көңіл көтеруге шай мың да бір ем.
Телғара. Шай жүректі соқтырады. Одан да аздап ішкен ақ арақтың өзі жөн. Құй, Әбілбек.
Әбілбек. Құп, Телекем. Тек мені қыстамаңыздар. (Екі стаканға құяды.)
Телғара. Кәнеки, соғыстырайық. (Арман екеуі соғыстырады.)
Ұлсүйген. Татулық-тәттілік үшін деп ішіңдер.
Телғара. Маған бәрібір. (Ішіп қояды.) Қыздар-ау, сендерге құйылмапты ғой.
Пәридә. Рақмет, ағатай, біз ішпейміз.
Телғара. Мейілдерің. Ал біз ішеміз. (Өзі құяды.) Столға қойылған соң ішілгені, желінгені қызық. Дұрыс па, Абзалов?
Арман. Дұрыс. Телеке.
Жанас (шайын көтеріп). Енді қыздарымыздың саулықтары үшін...
Телғара. Дұрыс-дұрыс! Бұл, бір тамшысы қалмасын деген сөз. (Арман екеуі жарыса көтереді. Бұдан әрі Телғараның қыза бастағаны байқалады )
Тоқбике (жайдары). Тым жиілетіп жібермеңдер.
Арман. Тағы бір тост, содан соң тоқталса да қарсы емеспін (Құяды, стаканын көтереді.) Мен қадірлі ағамыз Телекемнің саулығы үшін ішемін.
Телғара (күлген боп). Қадырымды қорғауды өзіме қалдыр. Абзалов А... саулығым үшін ішуіңе қарсы емен. (Соғыстырады.) Маған саулық керек қазір (Стаканын көтере түсіп.) Ауырмасам, өлмесем ғана болғаны... Онда Телғара үшін қам жемеңдер... (Ішіп жібереді.) Тепсем темір үземін. Ұрсам тас сындырамын. (Арманға қарайды) Іш, Абзалов.
Арман. Ішемін, Телеке. (О да ішеді.)
Жанас. Дастарқан да, дәм де сенікі ғой. Телғара. Тым болмаса өз үйіңде дұрыс сөйлесейік.
Ұлсүйген. Иә, туысша отырайық.
Телғара (Жанасқа). Айта ғой ендеше, құлағым сенде.
Жанас. Мені қайда қашар дейсің. Мына Арманмен ұғыссаң жетеді.
Телғара (ұстаммен). Арман ойын газетте айтса, мен өзіне айттым. Тағы не тілейсің, Жанас?
Жанас. Оның ашу сөз болатын.
Телғара. Ашусыз да айтарым сол. Келісім жоқ жерде, береке де жоқ. Біріміз қырымға, біріміз жырымға тартып ел болмаймыз. «Шұғылада» ондай тәртіп болған емес. (Қыжырлана.) Болдырмаймын да. (Аз ғана паузадан кейін.) Абзалов, бүгін ішеміз... Ертең кетесің.
Арман (күліп). Ал мен кетпесем, сізден айрылмай қойсам қайтесіз?
Телғара. Менен айрылмауға күш керек. Ондай қуат сенде жоқ... Жабыссаң жазым боласың. Мен қатты лақтырамын, жігітім!
Тоқбике. Қойыңдар, бүгін ондай сөздің керегі қанша.
Жанас. «Лақтыру», «сындырудан» өзгең құрыды ма! (Қалған арақты шетке ысырып қояды.) Бірлік, бітім сөзі де болмаушы ма еді, Телғара.
Телғара. Алыспа, алыстың екен, жағам жыртылды деме. Сен айтқан «бітім», «бірлікті» жиырма жыл бойы (алақанын жазып.) мына мүйіз қолмен мен жасағанмын. Сол бірліктің бұзылмауы үшін әкеммен болса да келіспеуге бармын.
Жанас. Жиырма жылға бәріміз де ортақпыз. «Шұғыланы» жасаған да бір қол емес, көп қол.
Жұрт сені «басшым» деп сыйласа, сен оны «жұртым» деп сыйла. Елдің де пікірімен санас.
Телғара. Елің кім? (Арманды қоса көрсетіп.) Сен екеуің бе? Жоқ, сендер ел емессіңдер.
Жанас (тіктене түсіп). Біз кімбіз сонда! Адамбыз ба, қарақшымыз ба?
Телғара (атып тұрады). Иә, кімсіңдер? Жердей шықтыңдар ма, көктен түстіңдер ме?! (Жүгіре басып кеткен. Ішкі бөлмеден сұлу сарайдың бояумен салынған жобасын ту көтергендей көтеріп әкеледі.) Осындай игілікке, адам жанының арманына қарсы кімсіңдер?
Пәридә (қызыға қарайды). Қандай әсем, қандай көрікті!
Арман. Тамаша жұмыс. Әсем де көрікті. Анар өнерін танытуға жарайтын еңбек. Мен мұндай жобаны қандай астанаға болса да ұсынуға ұялмас ем...
Телғара (Арман әуенімен). Тек «Шұғылаға» ұсынуға ұяламын. Телғараға қимаймын де.
Арман. Қимайды емеспін, қиналамын, Телеке. Миллиондаған сумманы бір сарай соғуға төге салу бізге әлі ерте. «Шұғыла» бүгін басқа тесіктерін бітеп, басқа жыртықтарын жамауы керек.
Телғара (мысқылдай күліп). Қиқым-сиқым... жамау-жасқау... Жоқ, жолдастар, бұлай сөйлесіп бітім таппаймыз. Сарай соғылады. (Столды қойып қап.) Соғамыз! Кең далада, күн астында күмбез жарқыратамыз. Керсін көршілер, «әне, Шұғыла!» десін. (Шаттана.) Қызығып қарасын, қызғанып қарасын өзгелер. Ал мен сол сарайдың алтын шаңырағын өз қолымнан көтеремін. Жоқ па сондық правом?!
Арман. Оны халықтан сұраңыз. Телеке.
Телғара. Халықтан?
Арман (өжет). Халықтан! Одан өзге бізде талас жоқ. Миллионды терімен тапқан қалың жұрт қайда жұмсарын да өзі айтсын. Сіз басып, көктеп, жалғыз билемеңіз.
Ұлсүйген. Апырмау, бұл не боп барады!..
Телғара. Мен қайдамын — халқым сонда. «Телекем» деп тізгінін сеніп берген жұрт, азғырғанға азбайды. (Көтеріңкі.) Кеше тың көтеруге, миллиард өндірісуге бастадым, бүгін күмбезді сарай көтеруге бастаймын. (Жұдырығын түйе көтеpiп.) Ол ерік менің уысымда, қымбаттым!
Арман. Бір уысқа сыйған ерік — ерік емес, қиянат. Сіз коммунисте сөйлесуді де ұмытыпсыз, ақсақал.
Телғара. Мен бе ұмытқан?!
Арман (қатал). Сіз, Телғара Темірбеков!
Телғара. Жалған! Жала! Кет, босат үйімді!
Арман. Кетемін. (Кетеді.)
Әбілбек. (есікке қарап). Әрине жалған! Әрине жала! (Тұрады.)
Тоқбике. Сен араласпа, Әбілбек.
Әбілбек. Неге араласпаймын, жеңеше? Сарай бәріңнен бұрын маған керек. Қазіргі клуб мүлік пе!
Пәридә. Жүріңіз, Әбілбек. Ауа жұтып қайтайық.
Әбілбек. Телекем айтты, сөз тамам. Сарай соғылады!
Тоқбике (жыламсырап). О заманда, бұ заман үйіне келген қонағын қуғанды көргендерің бар ма? (Көзін сүртеді.)
Телғара. Бар. Міне, мен қудым. (Тағы бір құйып ішіп жібереді.)
Ұлсүйген. Тентек атанып ең, енді келтек атанарсың.
Телғара. Маған бәрібір.
Жанас. Саған бәрібір. Қарақан басың жоғары тұрса болғаны. Өзге Темірбековтер адам ба!...
Телғара. Ендеше Темірбеков болыңдар! (Орнынан тұрады.) Фамилияны қасиеттеп ұстай біліңдер!
Жанас. Керегі жоқ оныңның. Маған «темірші» атым да жетеді. (Әйелдерге нұсқап.) Сауыншы мен шошқашы да құдайдың пендесі.
Телғара. Ал мен өз жүгімді көтеремін, өз орнымда боламын. Алпысқа келген Телғара атаусыз өткісі келмейді. Өлген соң моласыз қалсам ырзамын. Бірақ менің атым (Сарай жобасын көтере ұстап) мына сараймен бірге жасауы керек. (Аз теңселіп қалып.) Алыстан алтын күмбез көз тартады. Көрген жандар еріксіз бұрылады... «Темірбеков Телғара екен салдырған» дейді. (Арақты тағы бір ұрттап) Темірбековтер! Осыны неге ойламайсыңдар?!
Жанас. Е, сұлу сарай жұрт үшін десем, сен үшін керек екен ғой. Бәсе, бәсе... Күрт опырылуың жаман еді-ау. Қара борандатқанша осыныңды айтпаспысың әуелден. (Орнынан ашулы тұрады.) Мен, темірші Темірбеков, «Шұғыла» колхозының кәрі мүшесі Телғараға ел есебінен белгі орнатуға қарсымын. Ондай күмбез адыра қалсын!
Телғара. Саған не жоқ қайта-қайта килігіп. Абзаловқа жақпасаң қызым өтпес деп қорқамысың, бейшара?!
Анар. (Отырған жерінен қозғала алмай). Папа...
Тоқбике. (күңіреніп). О, жасаған.
Ұлсүйген. Оңбассың, Телғара...
Жанас (әлсіз). Тас жүрек... Без бүйрек. (Сенделіп қалады.)
Анар (Жанасты демейді). Папа, қиналмаңызшы. (Отырғызады. Одан ашулы жүзімен Телғараға бұрылады.) Қандай сұмдық боп кеткенсіз, кіші папа!
Телғара. Сұмдық деймісің? (Столдағы пышақты ұсынады.) — Mә пышақ. Әуелі мені бауызда қолыңнан, сосын кір сүйгеніңнің құшағына!
Түгел нажағай түскендей қатып қалған. Тек көзде ойнаған ұшқындар ғана іштегі алауларды сездіргендей.
Шымылдық
ҮШІНШІ АКТ
Сахнаның оң жағында бір қабат үйдің фасады. Оның кіре берісіне қадалған екі вывеска. Бірінде «Шұғыла» колхозының правлениясы», екіншісінде: «Клуб» деген жазулар оқылады. Үй алдындағы шағын, көк шөпті алаңда жапырақтары жалғаса өскен екі қайың. Шеткі жуан бұтақта қалпақ темір қоңырау ілулі. Ағаштар саясында қызылмен жабылған жалпақ столда газет, журналдар, кітаптар жаюлы. Орындықтар, скамейкалар. Перде ашылғанда үстінде қыры сынбаған ақ жібек кителі бар Әбілбектің. Әбдірахманнан почта қабылдап отырғанын көреміз. Алдында қалам, қағаздар жатыр.
Әбдірахман (сақ). Асықпа, Әбілбек, өз қолымнан беремін. Мінеки газеттерің... Мінеки журналдарың. Бұдан басқа берерім жоқ.
Әбілбек (сумкаға қолын созады). Мына журнал да біздікі емес пе?
Әбдірахман (үрке шегініп). Жо.. жоқ, сенікі емес, тағы алып қашпақпысың, тентек?
Әбілбек. Қорықпаңыз, қария. Бүгін ондай себеп жоқ.
Әбдірахман (жақындап). Дау тынды ма?
Әбілбек. Бүгін тынады. (Газеттерді жинастырып.) Телекем я тындырады, я сындырады.
Әбдірахман. Алла Телғараға таупық берсін. (Кетеді.)
Әбілбек. Тағы біреулер кеп қалмай хатымды аяқтайын. (Шапшаң жазып-жазып тастап оқиды.) «Қысқасы бір-ақ сөз күтем жауапқа: «ырзамын» десеңіз болғаны. Онда күні ертең фатихаларын алу үшін ата, анаңызға жүріп кетеміз. (Айырықша үнділікпен) Сізді жүрегімен, жанымен сүюші Әбілбек». (Орнынан тұрып, кешегі кешкі бидің күйін әндете билеп кетеді.)
Там-там, тәрира, там-там, тәрира...
Там-там, тәрира, там-там-тәрира...
(Кенеттен кідіре қалып, даусын соза сәлем береді.)
Ассалаумәликүм, жақсы ағалар.
Орта жастағы екі кісі кіреді.
I-кісі (күліп). Мына Дайрабайды не деп қосып ең өлеңге?
Әбілбек. Мақтағанмын:
«Бригадир Дайрабай,
Ақ пейілі айнадай.
Ойнамайды, күлмейді
Бар жұмысын жайламай»
дегенмін, Асан аға.
Асан. Сол айтқаның дұрыс екен, сүйрегендей әрең әкелдім.
Дaйрабай (салқын). Жайшылық па, Әбілбек?
Әбілбек. Жайшылық емес қайшылық! (Иегімен үйді нұсқап.) Басқарма жиналысында дәулер қырқысып жатыр.
Асан. Кешегі, газеттегі әңгіме ме?
Әбілбек. Сол. Жақындағы екі бригадирді шақыр деген Телекем еді, аздап күтуге тура келеді.
Үйден дауыс. Әбілбек, сені Телекем шақырады!
Әбілбек. Қазір! (Екеуіне.) Кідіре тұрыңдар.
Бұл кетуге айналғанда екінші беттен Айдабол көрінеді.
Айдабол (кідіріп). Почта келді ме, завклуб?
Әбілбек. Газеттен көп нәрсе жоқ, отыра қал да оқи бер.
Әбілбек кетеді. Тұрғандармен жәй ғана сәлемдескен Айдабол жаңа газеттерді ақтара бастайды.
Асан. Отырайық, біз де газет қарайық.
Дайрабай. Уақытым жоқ. (Сағатына қарап.) Қалған әңгімені сенен естірмін, Асан. Кетемін.
Асан. Қой әрі, Телекем шақыртқанда пәлденгенің қалай... (Өзі де отырады, Дайрабайды да отырғызады.)
Дайрабай. Айтыс, тартысты жаным сүймейді. (О да газетке үңіледі.)
Асан. Қайдағы біреу Телекеммен жағаласып жатқанда былжырамай отыр.
Дайрабай. Оның кім? (Асан таңдана қарайды.)
Айдабол (басын көтермей). Арман жолдасты айтатын болар.
Дайрабай. Арман? Ол өзіміздің агроном емес пе?
Асан (Айдаболды нұсқап). Мына бала ғұрлы есің жоқ екен ғой. Агроном екі туып бір қалғаның ба еді?
Дайрабай. Күйсеуге жаның құмар-ау. Коммунист болған соң бәрібір емес пе?
Асан. Ойдойт дегенің, есітемісің, бала? (Айдаболға қарайды.) Жаман қазақ коммунист болса өстеді.
Айдабол (бұрылып). Жақсы қазақ ше, аға?
Асан. Елін, салтын ұмытсын деген заң жоқ. (Сеніммен.) Бір рудың баласы — бір балтаның сабы. Өрлесе бірге өрлейді, құласа бірге құлайды.
Дайрабай. Ой, гуілдемеші, лебіңнен боран ессе де шөп басы қимылдамайды. Білеміз ғой, сені.
Асан. Телекем сынғанша, қалғанымыздың қырылғанымыз жақсы.
Дайрабай (арқасынан қағып). Алыстан шабынба, күшің қайтады, Асан. Сырттан кіжінгенше, ана басқармаға бар, таласқа түс.
Асан. Барамын. Телекем бұйырса, отқа да түсемін.
Дайрабай (күліп). Найза ұстай бар қолыңа, Арманды жекпе-жекке шақыр.
Айдабол. Жаныңыз қысылса «Ағыбай, Бұғыбайлап» ұран тастаңыз. Біріміз қалмай аттанамыз, аға.
Асан. Керек болса ұран да тастаймын. Аттанбай көріңдер сонда!
Айдабол. Аттанамыз. (Қуланып.) Бірақ Жәкеңді қайттік? Арманға оны да қоса шабамыз ба?
Асан. Жәкем жолын білсін. Ата жолынан айныса өз обалы өзіне.
Айдабол. Есім кіргелі Жәкеммен біргемін. Одан әділ кісі көрген емеспін.
Асан. Бастық болмағанға әділ болу да оңай. Үйде отырып әдемі сөзді кім соқпайды. Алжымаса туған інісін қаралай ма?
Дайрабай. Сеніңше қаралау... меніңше қаралау емес. (Газетті бүктеп.) Әркім өзінше түсінеді.
Асан (шытынап). Ендеше сен де сат Телекемді.
Дайрабай. «Сату», «алу» бұ да базар әңгімесінен. Менің басыма ұяламаған сөздер.
Асан (кекете күліп.) Өз басың ұясыз болса, өзгені тыңда. Кішкене қауағыңның ішінде көп нәрсе жетпеуі мүмкін.
Дайрабай. Жетеді, жетпегенін тіленсең де таппайсың.
Айдабол (тағы да бұрылады). Дұрыс айтасыз, Дайреке. Әрбір кішкене бас өзінше қызмет істеуі керек. Мың бас үшін бір-ақ бас ойланса, дүние қандай көңілсіз болар еді. Көбіміз қойға айналар ек. Солай емес пе?
Дайрабай. Оны мына Асаннан... өз басымен ойланбайтын ағаңнан сұра. (Айдабол екеуі жарыса күледі).
Асан. Ақылың асып байып кетсең көрермін.
Дайрабай (жайдары). Байлығым — денсаулығым. (Орнынан тұрады.) Ексем орамын, орсам жеймін. Екі аяғым, екі қолым сенерім. (Асанға жақындап.) Біреудің кебісін қойғаннан кісі жарымайды. (Елбектеген Әбілбек оралады.)
Асан (атып тұрып). Айтыс беті қалай?
Әбілбек. Үлкен жиналыссыз тынар емес. Сіздер дереу барып кісілеріңізді әзірлеңіздер. Қоңырау қағылса тап осы жерде боласыздар.
Асан мен Дайрабай кетеді.
Айдабол. Бұл не, қол жинап, жау шабамысың?
Әбілбек. Аузыңа тас, ұзын тұра... Жиналыс шақырыла қалса деген әзірлік емес пе...
Айдабол. Байқа, Әбілбек. Колхоздас жұртты аталастыққа жіктесең оңбайсың. Бірінші боп кеңірдегіңнен мен аламын. (Жағасынан сілкіп.) Кірді ме құлағына?
Әбілбек. Кірді... кірді. (Жағасын босатып.) Ойының қандай өрескел еді, бөрене?
Айдабол. Ұмытпа, үстіне жанды бөрене аунаса сүйегің ұнталар...
Әбілбек (қалжыңға айналдырғысы кеп). Жаның қай жеріңде, соны айтшы әуелі? Кеудеңде ме, өкшеңде ме?.. Қыздарға ұнамаған жанды итке тастау керек қой.
Айдабол. Керек еді маған сол қыздар. (Қайта отырады.) Сен-ақ қарық бола бер.
Әбілбек. Мен туралы қам жеме. Жаман ағаң жібермейді ұпайын. Кеше кеште-ақ Пәридәмен бәрін келісіп үлгіргем.
Айдабол. Пәридәмен? (Әбілбекке еңкейе жақындап.) Ей, судырақ, сен ана... Анарды күтіп жүрмеуші ме ең?
Әбілбек (қолын бір сілтеп қап). Қойдым оны. Пәридәдай перизат тұрғанда, Анарға жігіт қарай ма!
Айдабол (таңданып). Шын ба, әй... Бір кеште осының бәріне қалай үлгіргенсің... Ұқпаймын.
Әбілбек (мәз бола түсіп). Саған жұмбақ, маған айқын. Көргендерім, сезгендерім көкірегімде сайрап тұр. (Қуланып). Естігің келе ме, айтайын ба?
Айдабол. Қалауың білсін.
Әбілбек. Кіріп барсам Телекемнің үйіне, сүзіле қарап Пәридәш тұр алдымда. Мені күтіп тұр. «Билейік, ағатай» деп маған әппақ қолын созады. Сол кезде музыка да басталды... Көбелектей отқа түскен құшағыма кіре кетті Пәридәш. (Көзін жұмып.) Ой биледік... биледік. Аяғымыз жерге тимейді. Ұшып жүрген сияқтымыз аспанда. Бір кезде нәзік үні дірілдеп «Ғашықпын» деді жәй ғана.
Айдабол Саған ба?
Әбілбек. Енді кімге дейсің, бөрене?.. Әрине маған. Мені бұрын түсінде де көріпті. Өңінде де көп елестеппін көзіне.
Айдабол. Көрмей-ақ па?
Әбілбек. Әрине.
Айдабол. Саған бола жаратылған қыз екен ғой өзі.
Әбілбек. Тұп-тура. Тағдыр маңдайыма арнап жазған жар сияқты.
Айдабол. Қызық қыз. Маған да «ғашықпын» деген...
Әбілбек (сықылықтап). Сені мазақ еткен ғой!
Айдабол (түйсініп). Иә, мазақ еткен. Ал енді ана... нең қашан?.. (Әбілбек түсінбегенге ызаланып.) Тойың қашан деймін?! Тойың?
Әбілбек. Неге ашуланасың. Қызғанамысың, бөрене?
Айдабол. Ал сен судыратпай айт. Судырақ. (Теріс қарайды.)
Әбілбек. Той туралы енді келісеміз... Айдабол. (Иығынан тартып.) Айдабол! деймін. (Айдабол бұрылады.) Доспыз ғой... мен үшін бір қызмет істеймісің?
Айдабол. Істейін.
Әбілбек. Хат жаздым: той мерзімін белгілеуін сұрадым. Мінеки. (Хатты көрсетеді.) Қазір Пәридә ауру малдарды көріп жүр. Апар, досым, өз қолыңнан табыс ет. Мен де бір кәдеңе асармын. Жарай ма?
Айдабол. Жарайды. (Хатты алады.)
Дауыс. Әбілбек, Телекем шақырады!
Әбілбек. Қазір (кетеді.)
Айдабол (орнынан тұрған, қозғала беріп кідіреді). Менікі не, осы араға қыстырылып? Күлегеш қыз қорлайды, келеке етеді. Ал мен түйедей боп оған хат тасимын. Әй, ақымақ, ақымақ (шекесін шертеді.) Баста ми болмаса қол мен аяққа салмақ түседі. (Алақанын жазып әлде бір жат нәрседей қарайды.) Осындай қол бола ма? Күрек пе, кетпен бе, немене? Ал мынау ше? (Аяғын сәл көтеріп.) Аяқ па? Бөрене. Әбілбек дұрыс айтады бөрене! (Паузадан кейін.) Күліңдер, қыздар, күліңдер!
Қыздар мазақтады деп қирамайды Айдабол! Маған да бір жалпақ табан табылар.
Хатты столға лақтырып тастап кете бергенде ақ халатты Пәридә, Анар қарсы кездеседі.
Пәридә (қуанып). Айдабол. (Жүгіріп кеп қолын алады, ұзақ ұстап тұрады.)
Айдабол. Саумысыңдар, қыздар?
Анар (жақындап келеді). Саумыз, өзің ше, Айдабол?
Айдабол. Жартастаймын.
Пәридә. Қарашы, Анар. Алыптың, еңбектің қолы емес пе, мына қол?
Айдабол. Жоқ, аюдың қолы! (Қолын жұлып алады.) Әнеки, саған деген хат жатыр. Сымдай бұралған, нәзік саусақтар жазыпты. Оқы. Ал менімен бұдан былай байқап сөйлес, сұлу қыз! (Тұра жөнеледі.)
Пәридә. Айдабол, кідірші... (Айдабол бұрылмай клубқа кіреді. Пәридә аңтарылып қалады.)
Анар. Шын ашулы ғой өзі.
Пәридә. Жұмбақ... (Қайта бұрылады.) Мұнысы несі, Анар?
Анар. Мен білсем жұмбақ шешімі осы хатта. (Хатты алады.) Ашайын ба?
Пәрида. Мейлің...
Анар (оқиды.) «Сүйіктім, менің Пәридәш».
Пәридә (селк етіп). Мәссаған безгелдек!
Анар. Қалай бастайды? Атомша жарылмады ма махаббат?
Пәридә. Жанып кетпей тұрып оқып үлгірейік.
Анар (тағы оқиды). «Сізбенен мен алғашқы рет кездескенде-ақ жан-жүрегім балқып еді. Мен вокзалда бақытымды, жарымды көрген екенмін».
Пәридә. Тоқта, Анаржан. (Құлағын басады.) Тыңдамаймын аржағын.
Анар. Бұл Әбілбектен болды ғой. Маған да кілең осылай жазатын.
Пәридә. Солай ма? (Екеуі күліп үлгірмеген. Іштен ашулы, айбынды Телғара құйындай бұрқырап шығады да, ентелей басып кеп ауыр балғамен қоңырау темірді ұра бастайды. Іштен Жанас, Арман, Айдабол, Әбілбек, тағы басқалар шығады.)
Жанас (ілесе жақындай келіп). Дүрліктірме елді. Әуелі шешімге келейік те.
Телғара (өжет). Я білек кетсін, я балға кетсін!
Айдабол. Маған беріңіз, Телеке.
Телғара. Аулақ, өзім соғамын. Соқ балғам, соқ! (Соға береді.)
Анар. Жетер, папа.
Телғара (тыңдамай). Әнеки, қаптап келед қалың жұртым. (Жұрт келе бастайды. Асан мен Дайрабайды да көреміз.
I-колхозшы. Телекең қандай ызалы.
II-колхозшы. Бураша шайнасқалы тұр екен. Сен қайсысына тілеулессің, ағасына ма, інісіне ме?
І-колхозшы. Қай жеңгені менікі.
Дайрабай. Немене, сайыс күтемісіңдер?
II-колхозшы. Алысқан соң бәрібір емес пе?
Таяққа асылған, қимылы ауыр қарт әйел кірген. Ол тура Телғараға беттейді.
Әйел. Аманбысың, Телғара?
Телғара. Көріп тұрсың ғой, Мүслима.
Мүслима (балғаға жабысады). Доғар енді. Көрдегілер болмаса, үйдегілер тегіс құлақтанды!
Телғара. Мен көрдегілерді де шақырамын. Естісін Телғараның қоңырауын! (Балғаны қайта көтермек болады.)
Мүслима (жібермей). Аға мен іні өкпелессе, үй жетпеуші ме еді, кінәласуға. (Жанас пен Телғараға кезек көз тастап.) Дүниені жаңғыртқандарың қай сұмдықтарың?!
Пәридә. Бұл кім, Анар?
Анар. Айдаболдың мамасы.
Жанас. Сырқатсың ғой, Мүслима, отыр. (Скамейкаға демеп отырғызады.) Сабыр айла, артын күт. Бар әңгіме үйде шешіле бере ме...
Айдабол (Мүслиманың қасына барады). Апа, бас қалай?
Мүслима. Өз басыңа ие бол, балам. Араласпа бұлардың шатағына. (Қасына отырғызады.)
Дайрабай. Ел жиналды ғой, бастайық.
Асан. Ей, сен асықтырмай тұр!
Жиналушылар көбейген: Ұлсүйген, Тоқбикелер де келеді. Жастар артқы қатарда түрегеп тұр.
Телғара (кішкене қоңырауды сылдыратып). «Шұғыла» мүшелерінің кезектен тыс жиналысын ашық деп санаймын. Жиналысты басқаруға: Асан Арыстанов, Дайрабай Оспановтарды ұсынамын.
I-колхозшы. Мен Телекемді ұсынамын.
Дауыстар. Ұсынамыз, ұсынамыз! (Асан, Дайрабайлар президиум столына отырады.)
Дайрабай. Бірінші сөз Телғара Темірбеков жолдасқа беріледі.
Телғара. Кешегі газетті оқыдыңыздар ғой, жолдастар!
Дауыстар. Оқыдық, оқыдық.
Телғара. Бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіз озатыны рас. Бірақ кейде сүзеген мүйіздерді қырқып тастауға тура келеді.
Мүслима. Жөн сөз.
Телғара. Мен агроном Абзаловтың білгірлігін «Шұғыла» колхозы үшін зиянды деп таптым да қызметтен босаттым.
Асан. Шешіміңізге құлдық, Телеке!
Мүслима. Шырағым-ау, мүйіз дегенің агроном ба еді?
Телғара. Абзалов жолдас қисық жазғанымен тұрмай «Мен ел тілегін жаздым» десе, оған кейбір шолақ ойлайтын басқарма мүшелері, тіпті мынау отырған (қолымен шұқи көрсетеді) менің орынбасарым Өтешке дейін алданады.
Өтеш. Алданған жоқпын, сендім.
Телғара (мысқылдай қарап). Абзалов! Мінеки, сен айтқан халық! Қайсысы саған тапсырып еді, Телғараны кірле деп? Көрсетші маған, білгірім! (Жұрт көзі Арманға ауады.)
Арман. Жолдастар! Мәселе менің босану, босанбауым да емес. Көпшілік қажет деп тапса кете беруім оңай...
Телғара. Онда сөз қысқа! Енді халқымның атынан айтамын: жолыңды тап, жөніңе кет.
Дайрабай. Сіз асықпаңыз, Телеке. Әдейі жиналған соң жұрт та өз пікірін айтсын, тыңдайық.
Арман. Әңгіме тіпті сарай салуда да емес.
Телғара. Енді неде?!
Арман (көпке қарап). Біздің заманда, біздің Отанда бастық болу — патша болу емес!
Мүслима. Бұл да ақылды сөз!
Арман. Біздің заманда бастыққа Сағыну да, құлша қол қусыру емес!
Айдабол. Дұрыс, Арман аға.
Арман. Биыл «Шұғыланың» ақшалай қаржысы миллион сомға жетіпті. Осы ақшаның иесі кім, жолдастар? (Ешкім үндемейді.) Сіз бе, Өтеш ақсақал?
Өтеш. Жоқ.
Арман. Сіз бе, Жәке?
Жанас. Мен де емес!
Арман. Сен бе, Әбілбек?
Айдабол. Оның ақшасы жинақ кассасын да. (Жұрт күлісіп қалады.)
Арман (Телғараға бұрылады). Сіз де емессіз, Телеке!
Асан. Енді кім?
Арман. Халық. Еңбек еткен, терін төккен халық, ендеше, Телеке, миллиондардың қайда жұмсалуын иесінен сұраңыз. Жалғыз билеп, сырттан кесіп, пішпеңіз.
Телғара. Бастауды, басқаруды доғарайын ба?
Арман. Көпті басқару, дұрыс басқару — азаматтық, партиялық міндет. Ал, сол көпті менсінбеу, онымен санаспау кешірілмейтін күнә! Біз Темірбеков жолдасқа: «Халық сіздің қызметкеріңіз емес, сіз халықтың қызметкерісіз» — дейміз! Мінеки, жолдастар, талас осы.
Өтеш. Дұрыс, Абзалов жолдас!
Әбілбек. Дұрыс емес! (Жиналыс басқарушыға.) Маған сөз беріңізші.
Дайрабай. Сөйле.
Әбілбек. Телекем демейтін, Телекеме сенбейтін бұл отырғанда ешкім жоқ. Талай сыннан өткен Телекемді бергісі аудан, арғысы бүкіл Қазақстан сыйлайды!
I-колхозшы, II-колхозшы (жамырай). Сыйлайды, сыйлайды!
Әбілбек. Мен газетке басылған хатты Телекеме жабылған жала, жағылған күйе деп танимын. Бұл хат біздің даңқты басшымызға деген сенім, құрметімізді мызғыта алмайды.
Асан. Жаса, Әбілбек!
Әбілбек (қалтасынан суырған газетті жоғары көтере). Дәл осы газеттің өзінде аз басылған ба еді Телекемнің суреті? Телекеме арналған ағыл-тегіл жырларды да оқымап па едік осыдан.
Дауыстар. Рас. Әбілбек.
Телғара. Көпірте берме, Әбілбек!
Әбілбек. Не деп жазып ем мен сонда? (Телғараға ерекше табына тұрып оқиды.)
Айналайын, Телекем,
Телекем кімнен кем екен
Тұлғасына қарасам
Батырлармен тең екен!
Ақылына қарасам,
Ағыл-тегіл сел екен!
Жұрт ойланар іс болса,
Телекем білсін дер екен,
Телекем айтса жөн екен,
Әрбір сөзі ем екен!—
дегенмін. (Қол соғылады.)
Телғара (Әбілбекке). Болар енді, қысқартып айт.
Әбілбек. Бұл маған емес, Телекеме соғылған қол. (Шабыттана). Тізгініміз Телекем қолында, берік қолда. Бәріміз бірауыздан (Ұран тастағандай қызып) бастай бер басшы, Телекем, дейміз!
I-колхозшы. Дұрыс!
II-колхозшы (Әбілбектің даусымен). Бастай бер, Телеке!
Дайрабай (қоңырау сылдырлатады). Тынышталыңыздар, жолдастар. (Күліп.) Ақындық асыл енер ғой, жарықтық, Әбілбек өлеңі де қызулы екен.
Өтеш. Иә, қызуы қамыстың шоғындай бетке теуіп тұр. Бірақ былтырғы мақтаудың бүгінгі жиналысқа қатысы қанша? (Бірсыпыралар күлісіп қалады.) Уақытты босқа шығармай, мәжілісімізді аяқтайық та.
Дайрабай. Енді төгілмей, шашылмай сөйлейік.
Әбілбек. Мен өз ұсынысымның қабылдануын талап етемін!
Жанас. Қойсаңшы, Әбілбек, жарамсақ боп елуге ант ішіп пе ең, шырағым?! (Күлкі, Әбілбек сасып қалады.)
Айдабол. Мен де айтайын деп ем. (Қолын көтереді.)
Мүслима (баласының қолын түсіріп). Қой, балам, сөзде нең бар. Сенен өзге ділмарлар да жетер.
Айдабол. Тіліміз болған соң... сөйлемейміз бе? (Орнынан тұрады.)
Мүслима. Тілің қышыса тісіңе сүйке. Отыр, шырағым. (Етегінен басады.)
Айдабол (көнбей). Мен де өзімше туралық айтқым келеді.
Әбілбек. Билік саған қалса жетіскен екенбіз.
Айдабол. «Билік»? Бұл қандай сөз, aпa?
Мүслима. Жаман сөз. Білмегеніңнің өзі жақсы,— балам. (Үлкендер өзара күліседі.)
Айдабол. Қай ақыннан оқып ем... (Ойланып барып.)
«Жаңартам десең өмірді —
Жеңіп ал, жолдас, темірді»,—
депті. Дұрыс-ақ қой. Зілдей ауыр балғамен темір соққан жарастық. Ал адамды соғуға жарамайды.
Мүслима. Бәрекелде, балам, мұның жақсы сөз.
Айдабол. Айтыңызшы, Телеке! Неге осынша өшіктіңіз, Арманға? (Телғараның ызалы көзіне сескенбей қадалады.)
II колхозшы (өзара). Мынау қайтеді, әй?
І-колхозшы. Үндеме. Ажалды қарға бүркітпен ойнайды.
Айдабол. Мен Абзалов жолдасты қууға қарсымын!
Телғара. Саған не жоқ, иттің күшігі!
Мүслима. Не дедің, бастық? (Көтеріліп). Ұлды бір-ақ қатын тауып, оның атын Телғара қойып па? Ит иттен, адам адамнан тумаушы ма еді! Айдаболым шыр етіп жерге түскенде, мен де адам тудым деп қуанғанмын. Жаратпасаң бізді де қу, Телғара. Тек қорлама. «Алдияр!» дегенге дандия берме, жарқыным. (Көпшілік ырғалысып қалады. Қарт әйел қайта отырады.)
Пәридә (Анарға). Шешей қандай әділ айтты.
Телғара. Мен кіммін? Қайдан бастап елімді, қайда әкелдім? Оны Абзаловтан сұрамаймын. Кім екенімді маған өкімет өзі айтқан, омырауыма ордендер қадап тұрып айтқан. Сол жетеді, халқым! Мен дос сүйініп, дұспан күйініп қарайтындай мәдениет сарайын көтеруді ұйғардым. (Шабытпен.) «Шұғыланы» көрем деушілер көкпен тілдескен күмбез көрсін, күмбірлеген сарай көрсін деймін; бір колхоз емес, бір аудан түгел сыйсын деймін ішіне. Керек пе бізге осындай мақтаныш?
Асан. Керек!
Телғара. Жете ме күшіміз, жете ме ерлігіміз?
I-колхозшы. Сіздің басшылығыңызбен!
Әбілбек. Мұндай үлгіні «Шұғыла» ғана көрсете алады!
Телғара . Абзалов! Бұлтақтамай, тура жауап бер. Қарсымысың, жоқ па?,
Арман. Сіз әуелі салтанатты сарайдың қаншаға түсетінін айтыңыз.
Телғара. Қорықпа, агроном, сенің ақшаң қалтаңда қалады. Қарсымысың, жоқ па?!
Арман. Клуб керек. Өнер үйретіп, білім беретін, жақсы клуб керек бізге, жолдастар.
Телғара (қуланып). Осылай сайраған жөн, бұлбұлым. (Қошеметшілер күледі.)
Арман. Бірақ оған бүкіл ауданды сыйғызу неме қажет? Мақтан үшін бе? Жаңа клубтың шатырын темірмен жапсақ та жетеді. Ал «көкпен тілдескен күмбез» кімге дәрі? Мақтан үшін бе?
Жанас. Темірбековтарға белгі болу үшін.
Арман. Біз арзанын, жеңілін істейік, жолдастар. Миллиондап жұмсайды екенбіз, ақылды жұмсайық. Клуб та салайық. Шошқа қорасын да соғайық.
Ұлсүйген (бөліп кетеді). Сиыр қорасы жетісіп тұр ма? Арамын қойып, адалын айтсайшы әуелі.
Телғара. Қасқа сиыр күйсіз болса қырық литрден сүт берер ме еді, жеңеше?
Ұлсүйген. «Қасқа сиыр», «қасқа сиыр!» Басқа сиыр ше? Өзгесі мал емес пе? Суретке түсетін де, киноға шығатын да бір қасқа. Қасқа сиыр ауырса Телғарадан бастап қырылып қала жаздаймыз. Баламыздың, байымыздың тілегін мұндай тілемеген шығармыз. Қалдық қой бір пәлеге!
Мүслима. Сиыр емес, Абылай ханның бәйбішесі сияқты. (Отырғандар еріксіз күледі.) Мен кейде Мүслима болмай, қасқа сиыр неге болмадым екен деп өкінемін. (Жұрт бұрынғыдан да бетер күледі.)
Ұлсүйген. Рас айтасың, Мүслима. Қартайғанда қасқаға табынуға айналдық.
Телғара (қылжақтаған боп). Табын, Ұлсүйген, табын. Одан зиян таппайсың. Қасқа сиыр өзімен бірге сенің де атағыңды шығармап па еді. Оны неге ұмытасыз?
Ұлсүйген. Маған атақ керек емес, адалдық керек. (Көпшілікке.) Сиыр қорасын соғуға ертеңнен бастап кіріспей болмайды.
Тоқбике. Ал шошқа қорасын ше?
Ұлсүйген. Шошқа жабайы да өсетін хайуан. Қораңа сыймаса, тоғайға айдап сал.
Тоқбике. Тапқан екенсің тіске жұмсақты! (Жұртқа.) Маған қыста жылы, жазда салқын, ішінде торай шомылдыратын суына дейін бар қора керек. Оны соқпасаңдар, өкпелемеңдер. Шошқаны шұбыртып апарып алтын сарайларыңа қамаймын. Дұрыс па, Пәридәш!
Пәридә. Дұрыс, әбден дұрыс! (Орнынан тұрып.) Меніңше ауру малдарды бөліп емдейтін лазарет соғылғаны да жөн. Оны да қазір жоспарлау керек.
Өтеш. Сендер ауыл маңындағы малды айтасыңдар. Отардағы қой қоралары ше?... Онда да жамалар жыртық жетерлік.
Жанас (іле). Колхозшылардың өз үйлері ше?... Жауын жауса төбесінен тамшы сорғалап, «шықпа жаным, шықпалап» тұрған тозықтар аз ба. Оларды неге ойламаймыз? (Қол соғылады.)
Күшті дауыстар: Ойлау керек! Жәрдемдесу керек!
Дайрабай. Мен алыстағы қойшылардың балалары үшін интернат соғуды ұсынар едім. Әркімнің үйінде жатып оқыған оқу бола ма? Жастарымызды жақсы өсіру де біздің міндетіміз, жолдастар. (Әсіресе, жастар қатты қол соғады.)
Телғара. Бұл не, жиын ба, жәрмеңке ме? Абзаловтың жауабын тыңдайық та.
Арман. Мен бастадым, жолдастар толықтырды. Бұдан өзге жауабым жоқ, Телеке. Енді өзіңіз жауап беріңіз: жаңағы ұсыныстарға қалай қарайсыз?
Телғара. О да керек, бұ да керек... Анаған да, мынаған да керек! Керекті білмейтін кім сонда?! Мен бе? Жиырма жыл бұрын колхозда ұйымдасу керек болған. Кім еді сонда «ұйымдас» деген?
Асан. Сіз едіңіз, Телеке.
Телғара. Теріміз төгілген жерге алтын өссін, жоқты қолдан жасайық деген кім еді?
I-колхозшы. Оны да сіз айтқансыз, Телеке.
Телғара. Тың көтерейік. Астық күрейік, ақта күрейік деп те мен айтқанмын.
II-колхозшы. Сіз айтқансыз, Телеке.
Телғара. «Күйлерің қалай» дегенге шүкір деп береміз жауапты. Шүкірлік те ету керек, ағайын.
Мүслима. Мың рет шүкір аллаға. Қашан да ел, азамат аман болсын.
Телғара. Қараңдаршы төңірекке көз салып. (Өзі де айнала қаранып.) Кеше қандай едік, бүгін қандаймыз? Қайдан шығып ек, қайда келгенбіз? «Керек», керек» дейсіңдер, қанағат қайда, ұят қайда, жолдастар! Бүгінгі жұмыртқадан ертеңгі тауық қымбат. Күмбезді сарай маған ғана емес, бәріміз үшін ескерткіш болады, Жанас! Мен өз ойымнан қайтпаймын.
Жанас. Біз де қайтпаймыз өз ойымыздан. Керек атағандардың да сен сияқты басы бар. Олар да біледі қайдан шығып, қайда келгенін. Ертеңнің қамын бүгін айтқанның несі ұят? Жұрттың аузына қақпақ болмау керек.
Телғара. Анар, жобасы сенікі емес пе?.. Сен де ез пікіріңді айт. (Отырғандар Анарға бұрылады.)
Анар (сасыңқырап). Мен не дейін?... Әрбір архитектор өз ойының іске асқанын тілейді... Мен де тырнақалдымның іс болғанына қуанар ем. (Телғара бастап, бірсыпыралар қол соғады.) Бірақ сіздердің жиналыстарыңыз маған бірсыпыра тың ойлар салды. Мен алыста жүргендіктен бе... «Шұғыла» мүмкіншіліктерін толық есептемеппін. Кешіріңіздер... Оған мен кінәлімін, жолдастар...
Телғара. Түк кінәң жоқ, айта бер жасқанбай.
Анар. Шынын айтайын... сарай аса қымбатқа түседі... (Телғараға жақындап барып.) Сіздерге ауыр соғуы да мүмкін, папа.
Телғара. Папаң үшін қысылма, қызым. Біз қолға алсақ тауды да көшіреміз.
Анар (халыққа). Егер сіздер тапсырсаңыздар, мен жаңа жоба жасар едім...
Телғара. Пәлі, сөз болғаныңа. Өміріміз жоспар жасаумен өте ме...
Анар. Папа, тыңдашы. Клуб пен интернат, қора құрылыстары бірге жоспарланса, колхоз орталығында жап-жақсы, көрікті дүниелер жасалғалы тұр.
Пәридә (қуанып). Молодец, Анар! (Жүгіріп қасына келеді.) Идеяң тамаша. Соның бәрі қосылғанда сарайдан әлдеқайда арзан да бітпей ме?
Анар. Арзан да, шапшаң да бітеді.
Ұлсүйген (елжірей). Ақылыңнан айналайын, сәулешім.
Телғара. Жарайды, тоқтаталық бос сөзді. Бұлай отыра берсек, жиналыс бүгін бітпес.
Дайрабай. Тағы қандай ұсыныс бар?
Телғара (ызалы). Судан қорыққан балықшы емес, шегірткеден қорыққан егінші емес. Соғамыз сарайды! Басқа шешім болуы мүмкін емес. Маған еретіндерің қол көтеріңдер! (Өзі, оған ере Асан, Әбілбек, бірінші, екінші колхозшы, тағы бірсыпыралар қол көтереді.)
Дайрабай (санайды). Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз... Небәрі сегіз-ақ дауыс. (Жазады.) Енді екінші ұсыныс, яғни, жаңағы Анар қорытып айтқан ұсыныс қабылдансын дегендерің қол көтеріңдер. (Қаптай көтерілген қалың қолға үрке қараған Телғараның түсі де сұрланып, көзі де үлкейе түскен. Демі тоқтағандай аң-таң. Дауыс берушілер де Телғараға батыл да тік қарайды.)
Телғара. Бұл не, жұртым?
Дайрабай. Түсіріңіздер, жолдастар.
Телғара (жарылып кетердей). Бұл қай сұмдықтарың, жұртым?!
Дайрабай. Бұл сұмдық емес, жақсылық. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз кірпіш қорған емес» демей ме қазақ... Жалғыз кісі де колхоз емес, Телеке.
Телғара. Керексіз болсам, жалғыз болсам кетейін, басқарыңдар өздерің. Менсіз қалай басқарар екенсіңдер көрейін! «Телғара босансын» дегендерің қол көтеріңдер! (Жалғыз өзі ғана қол көтереді.)
Дайрабай (күлімсіреп). Енді босанбасын дегендерің көтеріңдер (Бірі қалмай түгел қол көтереді.
Телғара. Бұл не, жұртым? Бұл қай тәлкек?!
Дайрабай. Бұл тәлкек емес... Бұл көпшілікке бағыну керек деген сөз, Телеке.
Телғара. Ендеше ақырғы сезімді де естіңдер: сынбайды Телғара, ешкімге де бағынбайды Телғара! (Қалтасынан бір шумақ кілтті алып.) Міне кілттерің, өздерің ашып, өздерің жабыңдар.
Кілттерді Төлешке лақтырады, өзі шыға жөнеледі.
Шымылдық
ТӨРТІНШІ АКТ
Сахнада бірінші картинадағы көрініс. Мезгіл кешке жуық. Қораның ортасына стол, орындықтар қойылған, әлденеге әзірлену белгілері бар. Перде ашылғанда скамейкада Ұлсүйген мен Мүслима сөйлесіп отыр.
Ұлсүйген (тозған шелектің тесілген түбіне қарап). Мынаны түптеткенше жаңасын алмаспысың...
Мүслима. Жаңасы да баршылық. Мынаны шалымның көзіндей көріп ұстап жүрмін. (Күрсініп.) Осыны әкелгенде отау көтергендей қуанып едік екеуміз.
Ұлсүйген. Е... е... Неколай патшаның тұстасы екен ғой.
Мүслима (ойланып). Қашан... Ұмытпасам тұңғышыма жүкті едім... Содан бері қанша дүние ауысты... Қанша мүлік жаңарды... Бәрінен қимай сақтағаным осы бопты. Жәкем істер ме екен?
Ұлсүйген. Істейді. Бұл оңай ғой.
Мүслима. Айдаболға өзің түптей сал десем, күнде ертеңмен сілемді қатырды.
Ұлсүйген. Қазіргі жастар көнені қадірлей біле ме?
Мүслима. Әрине. Оның үстіне (көңілденіп.) Пәридәға айналысқалы басы да өзінікі емес.
Ұлсүйген (о да қуанып). Пәридәға?
Мүслима. Пәридәға, пай-пайдың жақсысы-ай. Қандай көркем, қандай тәтті. Шешелегенде ішімді елжіретеді, Тіпай-тіпай... тіл-аузым тасқа!
Ұлсүйген. Бауырмал-ақ.
Мүслима. Бұрын үйлен десем, Айдаболым торсаңдап қалатын. Қырыққа дейін қызға қарамаймын дейтін. (Күледі.) Қазір Пәридәнің дуалап қойған адамы тәрізді.
Ұлсүйген. Оған сол керек.
Мүслима. Бұрын үйге қарайламайтын ғой... Кеше екі бөлмені шатырдай қып өзі ақтап алды. Көйлегін, шалбарын өтектейтінді шығарды. (Екеуі жарыса күледі.) Үйге келіп кіргенін көріп өлсем, армансыз етер ем дүниеден.
Ұлсүйген. Құдай ұзағынан сүйіндірсін! Қызығын да көр, Мүслима.
Мүслима. Періштелер «аумин» десін. (Орнынан тұрады.) Қайтайын.
Ұлсүйген. Отыр, қуанғандардың ішінде бол.
Мүслима. Ненің қуанышы, Ұлсүйген?
Ұлсүйген. Бүгін клуб пен мал қорасының іргесі қаланып жатқан жоқ па? Соған ырым жасағалы жатырмыз.
Мүслима. Қайырлы болсын... Мен үйде отырып-ақ қуанайын.
Ұлсүйген. Мейлің. (Екеуі калиткаға беттейді.)
Мүслима. Телғара кеп қалса бүлдірмей ме?
Ұлсүйген.Ода болмай қалмас.
Мүслима кетеді. Ұлсүйген шелекті ұсталық дүкенге қойып оралғанда, үйден жылай сөйлеген Тоқбике шығады.
Тоқбике. Мен білсем ол сау емес.
Ұлсүйген. (шошып). Тоқбике... Апырау, жылаймысың?..
Тоқбике. Аман кісі екі жеті бойы хабар-ошарсыз кете ме? Сұрамаған адамым жоқ... Бір пенде көрдік демейді.
Ұлсүйген. Е... Телекеңді айтамысың?
Тоқбике. Немене, Телекеңді тірілер есебінен шығарып қойып па едіңдер? Енді керегі жоқ па? Құрыса құри берсін бе?
Ұлсүйген. Байғұс-ау, саған не көрінді лезде... Еркек деген айлап кетпеуші ме еді үйден...
Тоқбике. Туысы іздемесе, мен іздеймін. Қасқыр жесе, сүйегін жинап әкелемін.
Ұлсүйген. Тәңірі шіркін, қайдағыны соғады екенсің. Телғара жемесе қасқырды, Телғараны қасқыр жеуші ме еді.
Тоқбике. Я суға кетті, я жардан жығылды. Әйтеуір Телекең сау емес. (Жылайды.)
Ұлсүйген. О, қой деймін... Бастамай тұр сұмдықты!
Тоқбике (өксігін баса алмай). Баласы болса естер ме еді... Кетпес пе еді әлдеқашан... әкесін іздеп...
Ұлсүйген. Менің ұлдарым қарағайдай самсап тұр ма? (Өзі де кезінің жасын сығып.) Отыр емеспіз бе... кәріге кәрі сүйеу боп... (Тоқбикені құшақтап бетінен сүйеді. Бірақ табанда есіне кімді сүйгені түсіп, жалбарынған көзбен көкке қарайды.) Кешір, алла жазықты құлыңды... Шошқашы пендеңді байқамай сүйгенімді кешір...
Тоқбике (жұлқынып). Әлі жеркенемісің, менен?
Ұлсүйген (сасып). Сен де кешір, (Тоқбикені қайта сүйеді). Сабыр айла. Бүгін келмесе, ертең жабылып іздерміз.
Екеуі қолтықтасып үйге енеді. Ілесе жұмыстан қайтқан Жанас, Анар, Пәридә, Арман, Айдаболдар күлісе кіріп үйге беттейді.
Жанас. Тоқтаңдар, балалар, тоқтаңдар. (Бәрі иірілісіп қалады.) Әуелі қағынып-сілкініп алайық, Әйтпесе, кемпір айдап шығудан тайынбайды.
Еркектер үстерін қағады, екі қыз үйге енеді.
Арман. Қуаныш күйінде ме?
Жанас. Ойнама біздің кемпірмен. Ол қуаныш пен тазалықты бірдей ұстайтын адам. (Екі қыз қайта шығады.)
Анар. Папа, сіз кіріңіз. Қалғанымызға рұқсат жоқ. Пәридә әлі жиналып болмапты.
Жанас кеткен, қалғандары отырады
Анар (паузадан кейін). Әрі қуанып, әрі қайғыруға бола ма?
Пәридә. Бір мезгілде ме?
Анар. Әрине. (Бәрі Анардың бетіне қарайды. Бірақ үндеспейді.) Мен қазір бақытты да, пүшәймән да сияқтымын. (Салқын күледі). Әрі шатпын... әрі жаным ауырады.
Арман. Менде де сондай қосарланған сезім бар. Алыстаған сайын Телекең — жылы да, жақын көрінетін тәрізді.
Пәридә. Ал маған қорқыныш сияқты елестейді. Жүзі қандай суық... Солай емес пе, Арман аға?
Арман. Сіз кілең қаһарлы тұсында көрдіңіз ғой, содан шығар...
Пәридә. Қаһарсыз кезі де бола ма?
Арман. Болғанда қандай. Ондай тұста Телекең нағыз бір сақалды бала... Жайдары да, мейірімді. Аса көңілді ұстайды өзін.
Айдабол. Маған Телекең кішкене шағымда паровоз бейнелес көрінуші еді. Әлі сондай.
Арман. Тауып айттың, Айдабол. Телекең ете күшті... Өте қымбатты адам.
Анар. Қайта көрсем, құшақтар ем де мойнынан, айрылмай қояр ем.
Арман. Бәріміз де сөйтер ек. (Анардың арқасынан қағады). Қамықпа, Анаржан. Телекең келеді. Дуылдата той бастаймыз. Ән шырқалып, күй тартылады.
Айдабол. Естен қалмастай қызық жасаймыз.
Анар. Сен өз тойыңның да қамын ойла.
Айдабол. Айдабол бәрін де ойлаған. Қосылыңдаршы, өздерің ертерек. Сосын біздің кезек. Солай емес пе, Пәридәш. (Ол да құшақтайды.)
Пәридә (ойнақы әндетеді).
Тезірек жаным,
Бір болайық
Егіз гүлдей
Ырғалайық.
Қос жұлдыздай
Бір жанайық,
Бірге ұшайық.
Қанат жайып.
Анар (сол әнмен)
Өтсін жылдар,
Өтсін, етсін
Бір қартаяр
Мезгіл жетсін,
Тек жүректен
От кетпесін,
Махаббатты
Кемітпесін.
Жастар өзара еріксіз сүйісіп қалады. Сырттан отырғандарды байқамаған Өтеш пен Әбілбек дауласып кіреді.
Әбілбек. Босат деген соң, босат!
Өтеш. Қатырма деймін басымды! Арызыңды Телғараға бер!
Арман. Бұл не дау, жолдастар?
Өтеш. (күліп). Құтқар пәледен, Арманжан. (Қастарына келеді). Телекем кетті, мен де кетемін деп мынау Әбілбек соңымнан қалар емес.
Арман. Е, Телекең қайда кетіпті?
Әбілбек. Қайда кетсе де кетті ғой. Енді мені де босатыңдар!
Өтеш. Жәкең үйде ме?
Анар. Үйде, кіріңіз, Өтеш аға (Өтеш үйге кеткен. Әбілбек отырады).
Арман. Телекең де кетпейді, сен де кетпейсің Әбілбек. Клуб біткен соң қызық жұмыстар басталады. Сен мәдениет генералына айналасың.
Әбілбек. Сұр бойдақ генералға ма?
Арман. Генералға қыз табылмаушы ма еді Үйленесің... Той жасаймыз әлі.
Әбілбек. Маған тойдың аулы алыс шығар. Анарды күтіп ем, сенікі екен. (Пәридәні көрсетіп.) Ал, мына қыз бөренеге айырбастап кетті.
Пәридә. Мен сізді де сүйемін, Әбілбек. (Еркелей кеп мойнына асылады). Маған аға керек емес пе?
Әбілбек. Алдама, қу қыз. (Қолынан сүйеді.) Маған да керек қарындас. Бірақ қалыңдық болғаның тиімдірек еді ғой. (Орнынан тұрады.) Кетемін. Қалыңдық іздеймін. Зарлай айтып жүретін өлеңімді де шығарып қойдым.
Анар. Онда бізге де естірте кет. Әбілбектің ақырғы жыры деп айтып жүрейік.
Әбілбек. Ұзын жол, қолда таяқ, арттағы ауыл алыстап, алдағы ауыл жақындай түседі. Ауылдардың бірінен-біріне өтіп қыз таппаған сорлы Әбілбек әндетіп келеді. (Жәй ғана әнді ырғақпен тақпақтайды, өзгелер қызығып тыңдайды.)
Ұстарамен сыпырып қалың мұртты,
Қалаулымнан таппадым қалыңдықты.
Көнбесін де көп қудым көндірем деп
Болдырмайтын не деген жаным мықты.
Жігіттіктің білмеппін тез өтерін,
Күнде думан, той еді жүрген жерім.
Қырыққа дейін қылжақтап жүргенімде
Талай-талай кетіпті бұраң белім.
Қалыңдықсыз қашанғы жүремін мен,
Ентіктірген қорқамын жүрегімнен.
Қартаң тартқан қолыма бір қыз түссе,
Айрылмас ем өлсем де білегінен...
(Өзгелер қол соғады.) Ұнады ма өлеңім?
Пәридә. Тамаша!
Айдабол. Бүйтіп зарлағанша балғаға жабыс, Әбілбек. (Жүгіріп барып, ауыр балғаны әкеп ұсынады.) Балғашыл қолға қалыңдық та тез ілінеді.
Арман (күліп). Ұстағаныңнан да айрылмайтын боларсың.
Әбілбек (балғаны әрең көтеріп). Мынаған үйренгенше өзім де бітермін.
Айдабол. Я бітесің, я мұрадыңа жетесің.
Әбілбек. Қош, поэзия дейін бе?
Айдабол. Қош де жарамсақ поэзияңа! Я еңбекті жырла, я ормансыз қалған бұлбұлдай тіліңді тісте.
Әбілбек (Айдаболға ойлана қарайды.) Кеңесің түзу, бөрене. (Есікке тақалып дауыстайды.) Жәке!.. 0, Жәке, деймін! (Жанас көрінеді.) Есіттіңіз бе, жаңалықты?
Жанас. Жақсылық болғайды! (Шығады.)
Әбілбек. Жақсылық! Балғашыңыз қазірден бастап менмін. Қуанамысың?
Жанас. Саудыраған кәріге, судыраған көтерем қосылса, одан асқан қуаныш бола ма?
Әбілбек. Көтеремге ет бітер, күш қосылар. Оңалмас кәрілік пе деп қорқамын.
Жанас. Бәрекелде, жауабың жарамды. Қолдарың қышыса көрік тұтата қойыңдар. Өтештің қойшыларға деген сүйменін бітіріп берейік.
Айдабол. Жарайды, Жәке. (Көрік тұтата бастайды. Іштен үлкен керсеңге қымыз толтыра көтерген Ұлсүйген шығады.)
Ұлсүйген. Қыздар, дастарқан жайыңдар, ыдыс әкеліңдер.
Екі қыз іштен дастарқан әкеліп столға жаяды. Кеселер келтіреді. Тоқбике мен Өтеш те шығады. Тыстан Асан, Дайрабайлар кіреді.
Асан. Дер мезетте келіппіз.
Дайрабай. Аузыңның салымы бар екен.
Арман. Жоғарлатыңыздар.
Ұлсүйген (қымызды сапыра бастайды. Әндете). Сары қымыз, дәрі қымыз, ішкен де арманда, ішпеген де арманда.
Тоқбике (Ұлсүйгеннің әуенімен). Бойға дәрмен, қанға қуат!
Өтеш. Сен екеуіңе қымыз сатқызып қоятын екен.
Анар. Ағалар, отырыңыздар. (Жұрт отыра бастайды. Жанас сом темірді қышқашпен қысып, жайнаған шоқты көсеуге кіріседі.)
Айдабол. Іше беріңіздер, Жәкем екеумізге қымыз жақпайды.
Жанас. Иә, бізге доктор қоспаған (қымыз құйылып таратылады. Жалғыз-ақ Әбілбектің кесесі бос қалады.)
Әбілбек. Ұлеке-ау, маған құймапсыз ғой. (Кесесін тосады).
Ұлсүйген. Саған әдейі құймадым. Ішкің келсе қымызымды мақта әуелі.
Әбілбек (Ұлсүйгеннің өз дауысымен). Сары қымыз, дәрі қымыз! Кәнеки! (Кесесін тосады.)
Ұлсүйген. Жо...қ, өлеңмен мақта.
Әбілбек. Мақтау үшін дәмін татайық та.
Өтеш. Дәмін біз татайық, мақтауын сен келістір. (Ішіп қояды). Жақсы екен, ақын.
Әбілбек. Қап, мыналарды-ай. Аузымнан сілекейімді ағызды-ау.
Жанас (тұрған жерінен). Қинамаңдар қарбаласта.
Дайрабай. Ақын болса қарбаласта тапсын. Күшенсем мен де шығарамын.
Әбілбек (сәл ойланып айтып жібереді).
Біздің қазақ қыз дейді, қымыз дейді,
Қымыз барда басқаны кім іздейді.
Ұлекеңнің қымызын бір татқан жан
Тағы ішсем деп бір емес, мың іздейді.
(Қол соғылады. Әбілбек құйылған қымызды сіміріп тастап, кесесін қайыра созады.)
Кеуіп қаппын... Тағы бір құйшы, шешеке.
Ұлсүйген. Тағы айтамысың?
Әбілбек. Айтамын. (Құйылған қымызды тез қылғытып тастап, қайта өлеңдетеді.)
Өзі судай, өзі удай бұл қымызды
Қинай берме мақта деп, шешей бізді.
Амалсыздан әуелі мақтап айттым,
Қалдырмайын дедім де көңіліңізді.
Ұлсүйген. О, жайрағыр! Тойып алған соң осылай бастың ба? (Шөмішін сілтейді, Әбілбек шегініп кетеді.) Қайдасың, шалым, бармысың?
Жанас (тұрған жерінен). Бармын, кемпірім, қасыңдамын!
Ұлсүйген. Ақынмын деуші ең ғой, жасыңда. Мына қуға жауап берсейші.
Өтеш. Жәкеңе өлең деген бұйым емес. Ана жылы Жамбылдың өзімен де қағысып қалған.
Асан. Рас па екен, сынайық. Қажап көрші, Әбілбек.
Әбілбек. Ой, Жәке, болып па едің бұрын ақын?
Кезегім келді ендеше ұрынатын.
Кетейін қағып сілкіп қарқыныммен
Жалтарсаң жал қалдырмай тығылатын.
(Күлкі. Отырғандар Жанастан жауап күткендей, қарасады.)
Пәридә. Бұл не деген астамдық! (Жүгіріп барып Жанасты құшақтайды.) Басқа ұрғандай жауап беріңізші, ата.
Әбілбек (құлпыра түсіп).
Пәридә қайрап жатыр қарт атасын,
Болсын деп айтысқанда менен басым.
Жәкемді жайға жүрген қыздырма, қыз,
Қасқырға түзде жортқан жем қыларсың.
Ұлсүйген. Тірімісің, шалым-ау!
Жанас. Тірімін! (Қышқашын домбыраша ұстап, бастап жібереді.)
Сен болсаң түзде қасқыр жортатұғын,
Қозыңды тапқан жоқсың қорқатұғын.
Құрулы жолыңдағы мен бір қақпан
Діңкеңді тырп еткізбей құртатұғын.
Пәридә. Өлмеңіз, әкетай!
Дайрабай. Жауап-ақ!
Арман. Іркілме, Әбілбек!
Әбілбек (жақындай түсіп).
Айтысқа кірісті кеп Жәкем жайлап,
Алайын әнмен буып, сезбен байлап.
Жол тосып, жонда жатқан жолбарыспын,
Жәкетай, өкпелеме кетсем шайнап.
Жанас (іле жөнеледі, топқа келе жатып айтады).
Аузыңнан сөз шығады батпан, батпан,
Тең болдың жолбарысқа жонда жатқан.
Дәл тиіп жүрегіңе қансыратар
Оғымын сұр мергеннің аңдып атқан.
(Дуылдаған., қоштаған күлкі.)
Айдабол (көріктен қолын босатпай тұрып).
Аталы сөзге арсыз қайырады жауапты. Жеңілдің, Әбілбек!
Пәридә (Әбілбекті қолтықтап Жанастың алдына апарады.) Жеңілдім де, тізе бүк.
Әбілбек (бір тізесін бүгіп). Жеңілдім, Жәке. Әлі қуатты екенсіз.
Жанас (Әбілбекті қолынан тұрғызып, құшақтайды). Сыйлағаныңа рақмет, Әбілбек.
Ұлсүйген. Жарадың, теміршім, (қымыз ұсынады.) Miнe бәйгең. Сіміріп ал.
Жанас (ішіп болып). Еттің жолы енді ашылды, азаматтар.
Ұлсүйген. Олай десеңдер етті үйге кіріп жеңдер. Қалған қымызды қайтып кеп ішерсіңдер. (Тегененің бетін жабады.)
Асан. Осы қызумен етке тиісейік.
(Түгел үйге беттейді.)
Жанас (ең артында). Айдабол, сен де жүр, шырағым.
Жұрттың соңы боп Айдабол да кіреді. Сәлден кейін калиткадан неше түрлі құс, қоян байланған қапшық арқаланған, аңшылар киіміндегі, мылтықты Телғара кіреді. Айнала қаранып алып кеңдеу скамейкаға барып отырады. Іштен көңілді адамдардың күлкілері естіліп тұрады.
Телғара. Өз есігімде құлып. Мынау үйде думан. (Іштегі дабырға құлақ тосып.) Мәре-сәре. (Тегененің бетін ашып қарайды.) Құдайдың бұ да болса қарасқаны. Маған да қалдырыпты сыбаға. (Құйып алып ішіп жібереді.) Қымыз-ақ екені (Қайта отырады.) Иті бар емес пе еді осы үйдің... Ка-ка! Иттен де үн жоқ. Бұлар тегі Телғара деген сөзді ұмытқан болу керек.
Арқасындағы қапшығын шешіп жерге қояды. Есіктен шыға беріп Телғарадан үріккен Пәридә үйге қайта кіріп кеткен, лезде Ұлсүйгенді ертіп шығады.
Ұлсүйген (жәй). Ләм деме, қызым, ешкімге. (Пәридәні үйге кіргізіп, өзі Телғараға аңыра қарап тұр.)
Телғара (көріп қалып). Танымай тұрмысың, Ұлсүйген?
Ұлсүйген. Телекем!... (Құшағын жайып келеді.) Бауырым... тура біздікіне келдің бе?
Телғара. Аңнан қайтқан сайын алдымен саған соғатын әдетім емес пе? Ал мыналарды.
Ұлсүйген (құстарды ағыта бастайды). Бәрін алайын ба? Жоқ, ана шошқашыңа да қалдырайын ба?
Телғара. Бәрін ал.
Ұлсүйген. Машинамен бе, атпен шығып па ең?
Телғара. Жаяу. Баяғыша... есіңде ме, жаяу.
Ұлсүйген. Баяғы қайда... онда жігіт ең ғой...
Телғара. Әлі жігіт екенмін. Алғашқы күндері аздап қираңдап ем, кейін құлдырап кеттім... Кілең түзге түнедім.
Ұлсүйген. Елсізде ме?
Телғара. Елсізде. Ұйқының да әкесін таныттым.
Ұлсүйген. Өзін жабайы боп кете жаздапсың ғой (бетіне қарап). Әбден тынығыпсың.
Телғара. Шалың қайда, аман ба?
Ұлсүйген. Үйде. Құрылыс бастағандар жиналып, ет соғып жатыр.
Телғара. Ол қандай құрылыс?
Ұлсүйген. Анаржанның жаңа жоспарымен құрылыс басталды емес пе? Бүгін клубтың да, қораның да іргесі қаланды.
Телғара. Е... е... қаланды де.
Ұлсүйген. Сөздеріне жетсе биыл бітіріп те үлгіреміз деседі.
Телғара. Үлгірсін, үлгірсін.
Ұлсүйген. Үлгіремісіңдер, Телеке?
Телғара. Мен қайдан білейін. Шалыңнан сұра.
Ұлсүйген. Аянар бір кісі жоқ. Сені қуантамыз деп жандарын салуда.
Телғара. Маған бәрібір. Қуанбаймын да, жыламаймын да... Тойларың қалай өтті?
Ұлсүйген. Тойы несі?
Телғара. Анардың тойын айтамын.
Ұлсүйген. Не деп отырсың өзің? Кіші папасы анда жүргенде қыз ұзатылатын ба еді.
Телғара. Жарайды. Үйге барайын, тынығайын.
Ұлсүйген (иығынан басып). Кетпе. Қазір ағаңды жіберемін, сәлемдесіңдер. Осында тамақтанасың.
Жүгіре басып үйге кіріп кетеді. Ұзамай Жанас шығады.
Телғара. Салаумәликүм, Жәке.
Жанас. Әликүмәссәләм. (Қасына келіп отырады.) Жаңылмапсың-ау мергендіктен. Көп аттың ба?
Телғaрa. Көп аттым. (Күлімсіреп.) Темірден тасқа ауысқанбысың, қалай?
Жанас. Бәріне де жетіп жатырмын. (Інісіне қарап.) Тотығыпсың да, тыңайыпсың. Демалысың қашан бітеді?
Телғара. Қызметсіз кісінің демалысы біте ме? Қарным ашқанша жүре тұрамын.
Жанас (күліп). Қарның ашқанда ше?..
Телғара. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» — Көшемін де кетемін.
Жанас (әзілдеп). Қартайғанда жалғыз ағаңды далаға қалдырамысың. Бірге көшерміз.
Телғара. Мен жалғызбын. Ағам марқұм жетпісінде қаза тапқан.
Жанас (күліп). Ағаң марқұм жақсы адам ед! Мезгілсіз көміпсің. Қадырын білмеген екенсің, ә?
Телғара. Қайдан білсін. (Пауза.)
Жанас (салмақпен). Шешеміз өлгенде сен жетідесің... Мен он жетідемін. Өзім де бала екенмін-ау...
Телғара. Онда сен маған дардай кісі көрінуші ең...
Жанас. Сонау Мойынқұмнан осы жерге дейін арқалап әкелгенмін сені. Білемісің?
Телғара. Білемін.
Жанас. От кештім, мұз төсендім. Бірақ қарныңды ашырып, «қу жетім» атандырған жоқпын. Өтірік пе еді?
Телғара. Рас, бәрі есімде.
Жанас (тағы да әзілдеп.) Енді сен арқалайсың мені.
Телғара. Абзаловқа мін. Оған да өткізгенің аз емес. Жалғыз ініңді құрбандығына шалдың, одан артық не керек!
Жанас. Қисық отырсаң да түзу сөйле, Телғара. Өзеурер ештеңе жоқ. Түймедейді түйедей зорайта берсек таң атып, тауық шақыра ма?
Телғара. Сарапқа түсе бер, ескексіз қайықтай ықтай бер дейсің ғой. Осы ма ағалығың?
Жанас. «Зер қадірін зергер біледі» дейді. Ел қадірін кім біледі? Жарлымыз тоғайып, жасымыз жетіліпті, әркімдер-ақ өзіміздей кісі бопты. Оны неге көрмейміз? Жұртты неге қадірлемейміз?
Телғара (кекетіп). Көрдік жұртыңды. Танытты ғой жетілгенін!
Жанас. Әрине, танытты. Ақылды халық керегінде Телғарасына да кешірмейтінін айтты. Бұған қалай қуанбассың?
Телғара. Қуана бер, жар сал, үйіңе кісі жинап, той жаса!
Жанас. Тойым басталды. Сен де кір ортасына, бірге қуан. Әділ жұртқа алдыриза босын айт. Сен «кетем» дегенде, «кете берсін» десе қайтер ең?
Телғара. Өле қалар ма ем? Кетем дедім, кетемін. Жарылқаушым, мүсіркеушім сендер болмай-ақ қойыңдар.
Жанас. Арындама, кетпейсің. Сен шалқақ, жұрт жалтақ болу шарт емес. Аш қабағыңды, арыл нашар ойлардан. (Сәл паузадан кейін.) Сен екеуміз партияға ұлы Лениннің табытына бас иіп тұрып кіргенбіз. Бүгін де сол и басыңды, туысым... Құс та «Телғара» деп сайраса, қой да «Телғара» деп маңыраса, кең дүниенің қызығы қайсы? (Екеуі де үндеспей қалады.)
Тоқбике (күйеуін көріп жүрегі жарылардай қуанады). Телекем... Өзімнің Телекем! (Құшақтайды.)
Жанас. Мен қонақтарға бара тұрайын. (Үйге кетеді.)
Телғара. Сағынып қапсың ғой, бәйбішем. (Арқасынан қағады.)
Тоқбике. Сағынбағанда ше... Сенен өзге кімім бар. (Сүйеді.)
Телғара. Мен де сағындым. Түсімде де көріп жүрдім. (Іштен Әбілбек, Асандар сығалап кетіп жүреді).
Тоқбике. Жылағанымды да көрдің бе?
Телғара. Жыладың ба? (Иегінен көтеріп өзіне қаратады.) Жасын қара көзінің. (Қолымен сүртеді.) Оныңды білгенде ертерек қайтатын ем ғой, күнім.
Тоқбике. «Күнім» дедің бе? Алдыриза болсын, Телекем. (Күліп бетіне қарайды.) Отыз жылдан бері аузыңнан шыққаны осы болар.
Телғара (қуланып). Мен кілең ішімнен айтатынмын. (Екеуі ақырын ғана күліседі. Іштегілер түгел шыққан, Телғараға беттейді. Айдабол көрікті қайта гуілдете бастайды.)
Анар. Папа! (Жүгіріп барып мойнына асылады.) Папашым...
Телғара. Анарым... Құлыным (Өзгелер қолдасып амандасады.)
Әбілбек (ең соңынан қол берген, өзі қызу.) Іштім аздап, Темірбеков жолдас. (Қолын босатпай.) Білесіз ғой... жұтсам қызып қаламын.
Телғара. Жұтса кім қызбайды. Өкінбе, Әбілбек.
Әбілбек. Өкінбеймін. Тағы құйылса, тағы ішемін. Құйыңдар, достарым, Әбілбек тост көтереді. (Бір кесе қымызды Телғараға ұстатып, екіншісін өзі алады. Басқалар да солай етеді.)
Тоқбике. Енді қашан? Күтіп тұрмыз ғой.
Әбілбек (бәріне көз тастап). Күтіңдер... Әбілбекті де күтіңдер. (Телғараға қайта жақындап.) Білдіңіз бе, жаңалықты, Телеке?
Телғара. Қандай жаңалық, Әбілбек?
Әбілбек (жігермен). Жерді айнала ұша берсін спутник. Сізді айналып жүгірмеймін енді мен. Бүгіннен бастап мен Әбілбекпін. Ұнай ма жаңалығым, Телеке?
Телғара. Айта бер.
Әбілбек (өте батыл үнмен). Мақтай берсең жақтырар, мінін айтсаң лақтырар дос — дос емес. Мен сізбен қазірден бастап тең доспын. Өзін-өзі билейтін, ақын доспын. Ішемісіз сол үшін?
Телғара. Ішемін! (Басқаларға жайдары қарап.) Бәріміз ішейік, жолдастар! Бірлік, достық үшін!
Жанас. Көгі күмбез, құшағы алтын сарайдай Отан үшін!
Ұлсүйген. Сауыншылар, шошқашылар үшін!
Өтеш. «Шұғыла» кілттерінің сенімді қолдан шықпауы үшін! (Шумақ кілтті лақтырады. Телғара қағып алады. Бәрі бірдей ішеді.)
Айдабол. Соқ, балғам, соқ! (Темірді балғалай бастайды.)
Телғара. Маған берші, Айдабол! (Айдабол темірді қышқашпен төске салып ұстап тұр. Телғара сүйсіне соғады.)
Соқ, балғам, соқ!
(Балға ырғағымен көңілдене қайталайды.) Соқ... соқ... соқ! (Темірден ұшқын шашырайды.)
Шымылдық
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі