Өлең, жыр, ақындар

Көңілдестер

(Үш актылы, төрт суретті)

Мәлік — елуде.
Роза — оның қызы жиырма бесте.
Дәурен — оның ері, отыз бесте.
Домбай — Дәуреннің әкесі, жетпістің ішінде.
Қайрат — отызда.
Маржан — қырықта.
Ділдә — Маржанның шешесі алпыстың ішінде,
Сапap — елудің ішінде.
Раушан — оның әйелі, қырықтың ішінде.
Келтек — елуді алқындырған.
Дәнеш — қырықты алқындырған.

БІРІНІШ АКТ

Бірінші сурет

Май айы. Алматыдағы әдемі көшенің бір бөлшегі. Солда екі қабат ағашқа көмкерулі особняк. Үлкен көшеден кірер есік алдында сырлы скамейкалар. Оң жақта жер тістеген жалғыз қабат үйшік — шағын терезесі көрінеді. Екеуінің аралығынан Алатаудың ақшыл шындары көрінеді. Әдемі үйдің басқышына көңілді Домбай қарт шығады.

Домбай (желпініп). Пай-пай не деген музыка! Әйел қолы осындай әсем күй тартады деуге болар ма? Кімнің қызына үйленерін білген-ау балам. (Біреуді көргісі, тілдескісі келгендей алаңдайды.) Күннің де тамашысы-ай. Бұл көше емес, бақша ғой. Қала деп осы Алматыны айт. Дәл мұндай қала дүниеде жоқ шығар. (Аласа үйге жақындап.) Ділдә, о, Ділдә.

Ділда (аласа үйдің терезесінен). Не дейсің?

Домбай. Шықпаймысың көшеге, тыныстамаймысың?

Ділда. Тыныстап нем бар көшеде?

Домбай. Әңгіме шертпейміз бе, отырып?

Ділда. Сен келгелі балаңа, әңгімеден аузымыз босап көрді ме? Шаршамас жаржақ екенсің. Менің басқа жұмысым жоқ деймісің. (Көрінбей кетеді.)

Домбай. Тоба, тоба. Бұл да бәлденеді. Ауылда болса ғой пысқырмайтын-ақ кемпірім.

Ділда (шығады.) Ауылда болса менің пысқырарымды қайдан білдің. Сен сияқты көлеңкешіл шалға қарамас та едім.

Домбай. Қалжыңға айтам, ренжи көрме, кемпіржан.

Ділда. Ренжітіп қара. (Отырып тоқи бастайды).

Домбай. Күнге де күйіп көргенбіз. Енді тәңірім көлеңкесінен айырмасын. (Ол да отырады.)

Ділда. Домбай, шыныңды айтшы, мен болмасам қайтер ең. Қалай сияр ең бұл қалаға. Сөйлесуге кісі іздеп зыр қағып жүрер ме ең, көшеде.

Домбай. Несіне зыр қағам. Осы маңнан маған сәлем бермей бір қазақ өтпейді.

Ділда. Сонымен әңгіме аяқталады де.

Домбай. Жоқ, аяқталмайды. Сіз Дәуреннің әкесі боларсыз дейді маған. Туған әкесімін деймін мен оларға.

Ділда. Содан соң ше...

Домбай. Үйден көздерін ала алмай өтеді. (Өзі де үйге қызыға қарайды. Қарашы, кемпір, үйім-ақ қой өзі де. Хан сарайындай емес пе?)

Ділда. Хан сарайын көрген емеспін.

Домбай. Жаратқанға мың шүкір. Жеттік қой кәменизмге. Жасаған көзден, тілден сақтасын.

Ділда. Тыныштық тіле әуелі. Соғыс болмаса көз бен тіл түк те етпейді.

Домбай. Түсім жақсы, соғыс болмасқа керек.

Ділда. Көреген болсаң көп жаса. Тек айтқаның келсін.

Домбай. Күлме, күлме, кемпір. Мен шын айтамын. Жаспын. Баққаным байдың қойы. Күн ара таяқ жеймін. Сөйтіп жүріп кілең жақсы түстер көремін ау... Астымда ақ боз ат. Үстімде ақ желегей, алтын таулардан асып ұшып жүретінмін...

Ділда. Тауық түсіне тары кіреді екен ғой...

Домбай. Келді ғой сол түстерім. Келмесе мынау не! (Тағыда өз үйіне қызыға қарайды.) Қызыл шатыр қос қабат үй. Қорада жатсам үстіме алма жауады.

Ділда. Шекеңді ісірмей ме?

Домбай. Жасау қандай үйдегі. Қазір де керемет қонақасы әзірленіп жатыр.

Ділда. Осы үйдің соғылғанына екі жыл. Coдан бері қонақ шақырылғанын көргенім осы.

Домбай. Әр нәрсенің сәті бар. Дәуренім қыран қанатын бүгін жайса жаман ба?

Ділда. Саған қанатын жайса қарға да қыран көрінетін шығар-ау.

Домбай. Мұқатқың келе ме?

Ділда. Тым-ақ мақтаншақсың, о неге керек? Мақтасаң құдаң Мәлікті мақта. Бүркіт соған сыйымды... Өзі үлкен қол бастаса керек қой.

Домбай. Құдам да қыран ұлымдай. Тек қазір қанаты талған көрінеді. Доктор жүрегінен кесел тауыпты.

Ділда. Тапқан екен сенетін кісіні! Доктор не білуші еді.

Домбай. Жо... жоқ... Олай деме. Кейде білетін докторлар да болады. Тыныштал, алаңсыз дем ал депті. (Күрсініп.) Бірақ екеуміз де жесірміз, сонымыз жаман. Әйел күтімісіз тыныс бола ма?

Ділда. Не көп, қазір әйел көп. Байлау біреуін тауып ал да үйлен.

Домбай. Тіліңе қотыр шықсын, қу мылжың. Мен өз басымды айтып отыр деймісің.

Ділда. Мылжың болсам менен енді аулақ жүр. Бар, ана бай дастарқаныңа бар. (Кетпек болады.)

Домбай (иығынан басып). Кешір, кемпір, кешір. Қонақтар жиналса өзім де мұнда қалмаспын. Жалғыз отырып піскен астың күйігін тартпайын деп шықтым.

Ділда. Тойымсыз екенсің-ау өзің. Қанша жеуші ең, ашқарақ, көп пе?

Домбай. Көп болғанда қандай. Жасымда ішіп, жемегендердің есесін қайтарғанша жеймін.

Ділда. Қайтара алмайсың жастықтың кеткен есесін.

Домбай. Тереңдетпе жастықты айтып сен, кемпір. Маған еттен есемді қайтарсам да жетеді. Отыршы бүгін қасымда, сұғына бір соғайын.

Ділда. Тәңірім сақтасын. Маржаным бар ғой үйіңде, со да жетер.

Домбaй. Қыдыруға қызын рұқсат етпей ме?

Ділда. Жоқ, өзім қыдырмаймын.

Домбай. Аңғал сөйлеп қалам ба деп қорқатын шығарсың? (Ауыр дем алады.) Мен де сөйтемін.

Ділда. Неден қорқатынымды өзім білемін.

Домбaй (қуланып). Қызың байға шығар деп қорқамысың?

Ділда. Аузың қандай қыюсыз еді. Үйленуден, байға шығудан өзге сөз түспеді ғой аузыңа.

Домбай. Көрсең еді, Ділда, өзің. Маржаның біздің Мәлікке құштарлана қарайды. Біріне-бірі қандай сай. Жастары да, сымбаттары да жарасып тұр. Біріне-бірі арнап туғандай.

Ділда. Немене, құдаң саған үйлендір деп келіп пе?

Домбай. Оның қамын мен ойласам айып па?

Ділда. Ойлай бер. Тек менің Маржанымда жұмысың болмасын!

Домбай. Байы өлген қатын алты ай жаралы, бір жыл қаралы делік. Қалған өмірін қайтпек?

Ділда. Алдыриза болсын қамқорлығыңа. Қашан өзі сұрағанша әуре болма.

Домбай. Намысқойын шіркіннің.

Ділда. Енді қалай. Намыссыз деп кімнен естіп ең. Үйім аласа болса да көңілім биік. Намыс байлықпен өлшенбес болар, көршім. (Ентіккен Келтек кіреді.)

Келтек. Армаңыздар, ағайын.

Домбай. Kөп жаса, Келтек. Кішкене отырып солығыңды бас.

Келтек (отырып желпінеді). Қалай, әлі басталған жоқ па?

Домбай. Өзің келмей жиын бастала ма, Келтек.

Келтек. Тауып айттыңыз, Деке. Ділда шеше, сіздің де жеңіс күніңіз қайырлы болсын!

Ділда. Дастарқан үстінде болмаса басқа жеңісіңді естіген емеспін.

Келтек (естімеген болып). Сіздің ай жүзді қызыңыз да осында шығар.

Ділда. Дәл таптың. Палкауникпен сөйлесіп рақаттанып отыр.

Келтек. Солай ма! Рақаттансын. Бүгін кәрі жауынгерлерге құрмет күні. Бізге жылдың өзге күндері де жетер. (Үйге кетеді.)

Ділда (артынан қарап). Қандай семірген, сұмдық екен!

Домбай. Өзі ғалым, өзі бай. Тарлан бойдақтардың бірі.

Ділда. Ғалым болмай кетсін.

Домбай. Бұл да Маржаннан дәмелілердің бірі.

Ділда. Бұған шықса, қызымды балтамен шауып тастармын.

Домбай. Байқап сөйле, кемпір. Келтек біздің жақтікі, менің туысым. Оны кемітсең жауласып кетерміз.

Раушанды қолтықтаған Сапар кіреді.

Сапаp. Зәремді ұшырдыңыз ғой, Домбай аға. Кіммен жауласқалы жатырсыз.

Домбай. Ділда екеуміз осылай әзілдесеміз.

Раушан. Шеше, Жеңіс күніңіз қайырлы болсын!

Ділда. Тәңір жарылқасын, шырағым.,

Сапаp. Біз кешігіп келдік білем.

Домбай. Дәл кезінде келдіңдер. Енді қуаныш, құрметтеріңді көтере үйге кіріңдер. (Раушанды қолтықтап үйге кетеді.)

Ділда. Бұлар да жерлестерің бе?

Домбай. Нағыз арқа сүйеріміз. Әкесі жолбарыс еді, өзі қасқыр болып туды. Тілге де жүйрік, іске де мығым адам.

Ділда. Мен көрмеген кісі екен.

Домбай. Сенің көзіңе қайдан көрінсін? Кілең машинамен жүретін. Министр болған!

Ділда. Қазір ше?

Домбай (баяу). Қазір бостау.

Ділда. Орнынан алынып па еді?

Домбай. Қайдағы жаман сөз қайдан түседі аузыңа. Алынды демесең жетпей ме! Қазір де үлкен орын күтіп жүр.

Ділда. Не үшін алды екен орнынан?

Домбaй. Алайын десе сылтау аз ба? Біреу күбірлеп, біреу сыбырлаған сияқты. Ауылшыл, туысқаншыл деп кінәласа керек. Жақынын жақтамас қазақ бола ма екен? Сен айтшы, кісі әуелі туысына сеніп, туысына сүйенбей ме?

Ділда. Тоқта, шалым, тоқта! Өзің саумысың жылы орын іздеп келгеннен?

Дәнеш кіреді

Данеш. Сәлем бердік, Домбай аға. (Ділдаға да иіледі. Ол да жеңіл ғана басын изейді.)

Домбай. Асық, Дәнешжан, үйге кір. (Ділдаға көзін тастай отырып.) Келтегіңнің жанына өзге біреу отырып қалып жүрмесін.

Дәнеш. Сыйға келген қонақ асықпас болар. (Маңғаздана басып үйге кетеді.)

Ділда. Бұл да азулының тұқымы ма?

Домбай Жоқ. Қыз кезінде әжептәуір еді. Артист болды да бұзылды.

Ділда. Артистің де артисі бар шығар. Менің білетіндерім жақсы менен жайсаңдар.

Домбай. Ондайлары бар шығар. Ал мынаған бай құтаймай қойды. Жақында ғана тоғызыншысынан айырылды.

Ділда. Ажарына қарасаң көз тойғандай.

Домбай. Ақылы да бүп-бүтін. Тек маңдайы ашылмаған сорлының.

Ділда. Ондайлар да болады. Бір сырғанаған соң тоқтай алмай әлектенеді.

Домбай. Қазір Келтекті айналдырып жүрсе керек.

Ділда. Оң болсын ниеті байғұстың. (Іштен дабырлаған дауыс, соғылған бокалдар сыңғыры естіле бастайды.)

Домбай. Жүр, кемпір. Біз де қызыққа араласайық.

Ділда. Жөнел, тезірек, кешікпе.

Домбай. Сен ше?

Ділда. Сенен кейін естірмін.

Домбай. Қалауың білсін. (Асыға басып кетеді.)

Ділда (әзілдеп). Бәрін өзің жеп қоймай қонақтарға да қалдырғайсың.

Домбай қолын бір сілтеп көрінбей кеткен. Ділда жайғасыңқырап отырады. Кем-кемдеп кеш тарта береді. Особнякта шам жанады. Ділда да қасындағы шамды жарқ еткізеді. Ол әрі бөкебай тоқып, әрі мезгіл-мезгіл үйден естілген дабыр-дуға құлақ аса отыр. Жай басып Қайрат шығады, өзіне назар аудармаған Ділданың қасында аялдайды.

Қайрат (жай). Сәлеметсіз бе, шеше?

Ділда (шошып қалып). Құдайы бар болсын. Қай баласың, шырақ?

Қайрат. Өткіншімін.

Ділда. Мен мына Дәуренге кешіккен қонақ, шығар деп едім.

Қайрат. Иә, мен кілең кешігіп жүремін. (Сәл үндемей қалып.) Дәурен Сқақовтың үйі осы ма?

Ділда. Осы, шырағым, осы.

Қайрат. Әсем үй екен.

Ділда. Ішінде қонағы да толы.

Қайрат. Ол ненің қуанышы екен?

Ділда. Ұмыттың ба, балам, бүгін Жеңіс күні. Әшекей атылатын күн емес пе... Соны көрейін деп отырмын. Ал Дәуреннің қуанышы болса қос қабат: әскерден келген атасын да қоса тойлап жатыр.

Қайрат. Ә, Розаның әкесі де келіп пе еді?

Ділда. Түсінбедім, балам. Өткіншімін деп ең маған... Бәрін біліп тұрсың ғой өзің.

Қайрат. Бір кездері білген ем. (Пауза.) Полковник Айдаров отставкаға шыққан екен де?

Ділда. Ауру деседі. Түсіне қарасаң құлан құрықтардай жігіт сияқты.

Қайрат. Болған ғой жігіт кезінде. Қатарының қамқоры еді... Шіркін алыста боп қалды-ау...

Ділда. Сен оны да білген екенсің ғой?

Қайрат. Білетінмін. Еркектердің еркегі деп білгенмін.

Ділда. Ендеше кіріп сәлемдесіп шық.

Қайрат. Кірер-ақ ем осы үйге. Бірақ есігін ашуға әлім жетер ме, соған көзім жетпейді.

Ділда. Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл деген екен... Атың кім, шырағым.

Қайрат. Атым — Қайрат...

Ділда. Қайрат... Қайрат.. Қартайғаннан не сұрайсың, түсіре алмадым есіме...

Қайрат. Мен бұл қалада ұзақ жылдар болмағанмын.

Ділда (ойланып). Маған қарашы, балам.

Қайрат. Жүзімді көргіңіз келді ме? (Бетіне қарайды.) Айтыңыз не таптыңыз, шеше?.

Ділда (жақындап қарайды). Қайғылы беттің сарығы бар, қайғысыз беттің жарығы бар депті ғой бұрынғылар... Жүзіңнің сарығы бар екен, балам.

Қайрат. Таптыңыз. Түрме қайдан жарық қоссын ажарға.

Ділда. Ақ па едің?

Қайрат. Аппақ едім, қап-қара болдым да кете бардым.

Ділда. Көгермесін бәле жапқан дұшпаның!

Қайрат. Мен де осылай қарғағам.

Ділда. Атпап па қарғысың?

Қайрат. Ату қайда... қайта күшейтіп жіберіпті.

Ділда. Ұлым, сырыңды аш деуге қатарым емессің...

Қайрат. Сеніңізші, шеше. Сырымды ашқан жан емес ем өзгеге, сізге ашуға әзірмін... (Пауза.) Шын-ақ қоян жүрекпін бе? Қорқам ба осы үйге кіруге?

Ділда. Жас кезімізде үлкендер айтушы еді: «ақылдан артық хандық жоқ, жомарттан артық, нарлық жоқ» деп. Ақылға салсаң, қай есік ашылмас дейсің, балам.

Қайрат. Сіз де осы үйде тұрамысыз?

Ділда. Жоқ. Менің үйім мына жампиған кішкенесі.

Қайрат. Ақыл алғым келіп, аңсай қалсам келуіме рұқсат па?

Ділда. Соқпай кетсең сағынушың болам, Қайрат.

Қайрат. Қолыңызды беріңізші, шеше! (Ділданың қолын алып.) Жападан жалғыз едім, жетім ем. Бүгін көбейіп кеттім ғой. Не деген қайырымды едіңіз. Сіздің үйді кімнің үйі деп сұрағаным дұрыс?

Ділда. Маржан Есболованың үйі деп.

Қайрат. Сіз Маржан апайдың анасымысыз?

Ділда. Оны да білемісің?

Қайрат. Білгенім үшін мақтанам.

Ділда. Жылы сөздерің үшін алдыриза болсын, балам. Көргің келе ме Маржанды, ол да осы Дәурендікінде қонақта отыр.

Қайрат. Әнеки, сол Дәуреннің өзі тұрды. Тост көтеретін болу керек.

Ділда. Келіншегі қандай тамаша. Роза десе роза ғой. (Іштен Дәуреннің сөзі естіледі: «Ұлы жеңіс, жеңіс солдаты, менің атам — полковник Айдаров үшін ішулеріңізді өтінемін!» дейді ол дауыстап.)

Қайрат. (қызып). Жоқ, сен олай іше алмайсың. Сен басқа, жеңіс басқа!

Ділда. (шошына қарайды.) Сабыр ет, балам, сабыр.

Қайрат. Кешіріңіз, шеше. (Тұрады.) Қош боп тұрыңыз.

Шапшаң көтеріліп оңға кетеді, Есік басқышына Сапар, Келтек, Дәурен шығады. Оларға ілесе Роза мен Маржан, Мәліктер, де көрінеді. Мәлік жұқа көйлекті полковник формасында.

Сапар. Жоқ, Дәуренжан, мынадай астан кейін ауаға шыққан да пайдалы.

Келтек. Менімше таза ауа шараптан алған рахатымызды өшіретін зиян болуы керек.

Мәлік (Ділдаға жақындап). Қайырлы кеш, шеше. Дастарқанда көріспегеніміз қалай?

Ділда. Аман келгеніңе Розаңмен бірдей қуанғам, Мәлікжан. Той тойлауға жасым жібермейді.

Дәурен. Оған мен кінәлімін, Мәлік аға. Ділда шешей көзінде онша қадірлі емеспін.

Маржан. Қойыңдар кінәласуды. Қазір салют басталады.

Ділда. Сенің келген құрметің үшін, Мәлікжан. «Үйіріне жеткенше тұлпар асығады, ұясына жеткенше сұңқар асығады» деп халық бекер айтпаған.

Мәлік. Рас, халық бекер айтпаған. Бірақ өмір бойы елгезек боп жүріп, ұя салып та үлгірмеппін ғой.

Роза. Папа, не деп тұрсың, ұят емес пе?

Дәурен. Біздің үй — сіздің ұяңыз, әке.

Мәлік. Мен ұялауға үлкенірек сияқты.

Сапар (күле). Әдемі үйге өзін қораш көрген адам осы құдам болар...

Мәлік (оған құлақ асқысы келмей). Ділда апа, саулығыңыз қалай?

Ділда. Шүкіршілік. Өз саулығыңыз ше?

Мәлік. Жалған айтты демеңіз— тынығу керек деседі. Ал маған тынығудан ауыр нәрсе жоқ. Аз ғана күннен соң өзіме лайық бір қызмет алармын деп ойлаймын. Бөкебай тоқуды үйренсем бе екен?

Ділда (күліп). Несі бар үйренсең. Еріккенде бұ да ермек.

Роза. Папа, жұмыс дегенді атама. Ең кемі үш жыл үйден шығармай ұстаймын.

Сапар. Рас, құданы үйге үйретіңдер. Жел тынса да толқын тынбайды деген емес пе?

Роза (әкесіне). Қиын болар үйге дағдылану. Бірақ отырмай да болмайды.

Мәлік. Айта көрмеңдер!

Сапаp. Кімге ашуландыңыз, құда. Отставкаға шығарған адамға ма, жоқ әлде жаратылысқа ма?

Мәлік. Отставкаға кету — өмірден кету емес.

Сапаp. Алғашқыда бәріміз де инерция бойынша сөйдейміз. Адам қызық мақлұқ қой. Уақыттың қалай тонағанын байқамай қалады да, артынан әр-түрлі қайшылыққа ұшырайды: қолдан әл кеткенін, беттен әр кеткенін мойындағысы келмей тулап та көреді, Тулайды да еріксіз толастайды. (Күліп.)

Мен бірінші рет айнадан шашымның ағын көргенде көзіме сенбедім. Сіз де, құда, пенсияға шыққаныңызды әлі мойындап болмаған екенсіз. Мойындау мақұл. Пенсияға кету — қызметтен кету. Ал қызметтен кету...

Мәлік. Қауымнан, қарыздан кету емес. Біздің әрқайсысымыз да қайда жүрмейік, төңірегіміздегі іске түгел жауаптымыз. Коммунист жауаптан тыс тұра алмасқа керек. Демек жұмыс табылады.

Сапаp. Әдемі сөз. Мезгіл рухына сайма-сай айттыңыз. Бірақ ойланыңызшы, полковник, сіз бен біздің кешегі міндетіміз бен бүгінгі міндетіміз бірдей ме? Сіз ғой кеше полкты басқардыңыз, мен министерствоны басқардым. Ал бүгін кімбіз?

Мәлік. Бүгін де кешегілерміз. Мен отставкаға кеттім, бірақ жауапкершіліктен кеткен жоқпын.

Сапар. Солай ма?

Мәлiк. Солай!

Сапар. Менімше олай емес. Өзіңнен сұралмас жұмысқа жауаптымын деп ұғыну, жауапсыздықтың бір түрі.

Келтек. Қол соғыңдар, жолдастар. Сапар аға данышпанның сөзін айтты. (Маржанға.) Художник жолдас, сіз қалай бағалайсыз?

Маржан. Шебер айтылды. Бірақ менің жүрегіме қона қойған жоқ.

Келтек. Сіз жүрегіңізді әурелемей ақылға салыңыз.

Мәлік. Әркім әртүрлі екен ғой. Мен де шашты ағартқандардың бірімін. Бірақ қартайғанша ойым мен жүрегімнің шегін айыра алмай әуремін. Я ұнайды, я ұнамайды. Ұнаған нәрсе жанға жеңіл, Ал ұнамсыздық түйіп қалғандай қабылданады.

Сапаp. Мұның бәрі лирика ғой.

Маржан. Мен де бүтіндікті ұнатамын.

Сапар. Сізге лирика ғана керек болар. Ал біз құрғақтау жандармыз. Солай емес пе. Келтек?

Келтек. Жалпы айтқанда сіздікі дұрыс... Ал дәл қазіргі минутта сұлу Маржанның лирикалық сезімін қозғауды мен де шет көрмес ем.

Роза. Молодец Келтекең! Құтылып-ақ кетті.

Дәурен (сағатына қарап). Қымбатты қонақтар, салют бояуларын түгел көргілеріңіз келсе ана бір бұрылысқа шығайық. Бүкіл қала алақандарыңызда болады.

Роза. Жүріңіздер, тезірек жетейік. (Әкесін қолтықтап қозғала береді. Қалғандар да солай беттейді.)

Ділда. Маржан!

Маржан (кідіреді). Иә, апа?

Ділда (өзгелер ұзаған кезде). Қайрат деген жігітті білуші ме ең?

Маржан. Асылов Қайрат деген асыл жасты білуші ем. Оны неге сұрадыңыз?

Ділда. Жаңа ғана менің қасымнан кетті. Қазір жастан гөрі жаны күйзелген ересек еркекті көбірек аңғартқандай.

Маржан (ойланып). Қайтқан екен-ау, байғұс бала.

Ділда. Қайдан қайтты?

Маржан. Түрмеден. (Пауза.)

Ділда. Неге үндемей қалдың?

Mapжан. Бұл бір шытырман, ұзақ хикая...

Ділда. Ендеше отыр да айтып бер, мен де білейін. Қайрат қара ниет болмасқа тиіс.

Маржан. Қайрат қылмысы үшін қараланған жігіт емес... (Үндемей қалады.)

Ділда. Айт деймін!

Маржан. Осыдан бес жыл бұрын-ды. Қайрат көңілдестерімен осы қалада серуендеп жүріп бұзақылармен шатасып қалады. Өздері де аздап ішкен сияқты. Төбелескендерді милиция келіп айырмақ болады. Бірақ жүрегіне кірт еткен пышақтан милиция табан аузында өледі. Бұзақылар қашып кетіп, жала Қайратқа жабылады. Қасында қалған жалғыз куә өлтірген осы деп ұстап береді.

Ділда. Ашуланғанда өзі де сотқар шығар... Содан соң қамауға алынды ма?

Маржан. Әрине. Бақандай он жылға кесілген-ді. Жақында ұсталған бір топ баукеспелердің тергеуі үстінде шындық ашылыпты: милиционерді өлтірген солардың бірі боп шығыпты. Қайрат содан кейін босанды.

Ділда. Не дейді сұмдық! Ана куәлік етушінің көзі қайда болды екен?

Маржан. Ары қайда болды екен десеңізші. Сол куәнің аты Келтек болса керек.

Ділда (ызалы.) Адам емес, хайуан болар деуші едім. Рас екен-ау. (Ойланып.) Мен білсем Қайрат Дәуренге де ашулы сияқты...

Маржан. Мүмкін... Қайрат — композитор. Розамен консерваторияда бірге оқыған ғой. Меніңше Розаны ол жақсы көрген болу керек. Бірақ қамалған соң...

Ділда. Роза Дәуренге шыққан ба? Енді бәрі де түсінікті... Сорлының аты сорға құлайды... Бишара бала қандай сорлаған.

Маржан. Сотталу жұмысына Дәуреннің қатысы жоқ болар деп ойлаймын.

Ділда. Ойлаймын деймісің? Ойлай бер. Мен білсем Қайратты мерт еткен осы қулар. Байқа, қызым! Бұлар обал-сауапты білмейтін жандар сияқты!

Маржан. Қайрат неге келді екен?... Енді Алматыны көрмеске бекіпті деп естіп ем...

Ділда. Мен танысам ол кекті жігіт... Оп-оңай кешіре қоймаса керек. (Аналар кеткен жаққа кіжіне қарайды.) Мықты болсаңдар тұрысып көріңдер, азулылар!

Маржан. Ойыңа келгенді айта саласың-ау, апа.

Ділда. Жоқ, мен ойға сыйымдыны ғана айтамын.

(Дәурен есігінен дауыстар естіледі. Ділда орнынан тұрып кетуге айналады.)

Маржан. Неге тұрдың?

Ділда. Тойдым азулылардан.

Маржан. Салют көрмеймісің?

Ділда. Қорада отырып-ақ көрермін.

Маржанды қолтықтаған Ділда үйге кетеді. Жаңа үйдің басқышында Раушан мен Дәнеш көрінеді.

Дәнеш. Не деген әсем кеш.

Раушан. Біздің адамдар қайда кеткен? (Кеткісі келеді.)

Дәнеш. Қашпашы, Раушан... Сөйлесейікші.

Раушан. Көрсе қызарлығыңды тыңдап салюттен қалар жайым жоқ.

Дәнеш. Көрдім де полковникті құлап түстім. Еркек болсаң осындай бол!

Ділда. Жас қыздай балқып кеттің білем.

Дәнеш. Жас шақта түк ұқпайтын ақылсыз ек. Шын еркекті енді таныр болдық қой. Тұлға қандай, түр қандай. Күнге тотыққан жүзіне буырыл шаш та келісе қалыпты. Қырып алар арам ет жоқ бойында.

Раушан. Сен кеше ғана Келтектің жуандығын мақтамап па едің?

Дәнеш. Қателесіппін, жеңгесі. Ұрынып қалмағаныма шүкірлік айтуға да әзірмін. Оның үстіне жуан ғалым артисткадан гөрі художник әйелді көбірек ұнататын тәрізді. Байқадың ба, Маржанға қалай қылмыңдайды?

Раушан. Байқадым. Дөңбектей домалап жүр алдында. Келістік, Дәнеш. Сал жаныңды полковникке аямай.

Дәнеш. Өзің де болыса көргейсің...

Раушан. Сен қу бір жыл еткен соң бұдан да жеритін шығарсың.

Дәнеш. Түсірші қолыма... Содан соң тырп етпеске ант етейін.

Раушан (күліп). Ендеше бел байлайық шабуылға.

Дәнеш. Алға! Тек Алға!

Келтек келген, ұрлана басып Маржанның терезесіне барады.

Дәнеш (келеке ете). Не жоғалттыңыз, Келтеке?

Келтек (шапшаң бұрылып). Жоғалтқаным өздеріңіз, ханумдар. Сіздерсіз жерде қызық жоқ, сіздер жоқ жерде көрік жоқ. Ал аналар болса, ауыл шаруашылығы туралы таласқа түсіп кетті.

Раушан. Аналарыңыз кім?

Келтек. Сіздің аса құрметті еріңіз бен жауынгер полковникті айтамын.

Дәнеш. Құдай біледі, полковниктің сөзі дұрыс.

Келтек. Отставкадағы полковниктің деңіз. Соныңыз дұрысырақ.

Дәнеш. Отставкадағы полковник еркек қой, ал отставкадағы еркекті кім деп атармыз? (Сылқ-сылқ күледі.)

Раушан. Жетті қалжың, жетті. Енді қойыңдар, отырыңыз. Келтеке, біз естімеген тың өсектерден болса айтып жіберіңіз.

Келтек. Дәрігер маған отыруды қоспаған.

Дәнеш. Өсек айтпа демеген шығар. (Аспанда салют бояулары жалтылдай бастайды.)

Раушан. Басталды. Салют, Жүріңдер.

Келтек. Мен сіздерді буксирге алайын.

Дәнеш. Кімді-кім тартарын тәңірім білсін.

Раушан мен Дәнеш Келтекті қолтықтап шапшаң басып кетеді. Сахнаға Сапар, оған ілесе Дәурен оралады. Олардың әңгімесі алыстан көрінген салют фонында етеді.

Сапаp. Есіңде сақта, Дәуренжан, сені мен біз сияқты дәрежедегі қызметкерлер үшін сақтық екінші натура болуы керек. Әсіресе, қайын атаңнан сақ бол дер ем... Атаң уставтан ауа баспас ортадокстар тұқымынан сияқты. Қауіп көбіне сондайлардан шығады.

Дәурен. Тым төндіріп жібердіңіз білем? Оның жаны Розамен бірге.

Сапаp. Сақтықта қорлық жоқ. Менің сөзімді де ұмытпағайсың. (Күлген боп.) Оның үстіне сен Роза емессің ғой...

Дәурен. Күтейік. Мезгіл бәрін де көрсетер. (Сәл бөгеліп.) Кейін оралмаймыз ба?

Сапаp. Салютті қоя тұр. (Аз бөгеліп.) Мен үлкендерде болдым.

Дәурен. Үміт көп пе, қалай?

Сапаp. Қандай үміт?

Дәурен. Өзіңіз туралы айтам да.

Сапар. Бүгін министрліктен түскен кісі ертеңіне қайта орала алмайды. Құлау жеңіл биіктен, ал көтерілу...

Дәурен. Ағатай, кәрі бүркіттің қонғаны қулағаны емес. Сіздің әлі қанатыңыз берік, әлі де биік ұшасыз. Ал, біз — сіздің ұяңыздан ұшқан балапандар жолбарысқа түсуге бастасаңыз да ырзамыз.

Сапаp. Қанат-құйрығымның берік екені рас, бірақ құлағаным да рас қой.

Дәурен. Өйдемеңізші.

Сапар. Сендерге оңай болу үшін айтамын: оңай жабылып, қиын ашылатын бол, бала.

Дәурен. Ақылыңызға құлдық, ағатай.

Сапаp. Қазір уақыт қиындай бастады, Дәурен. Қателесу бұрынғыдан көп оңай... Сары тіс болған менің өзім де есептен жаңылдым емес пе?.. Мезгілден қалу қандай қауіпті болса, мезгілден озу да сондай қатерлі... Уақыт... уақыт... Тізгін уақыт қолында. Онымен есептеспеген қарға адым жерге де бара алмайды.

Дәурен. Қандай ақылды айттыңыз.

Сапаp. Уақыт менің әңгімемді көнертуі, ұмытқа айналдыруы керек, уақыт — менің адамдарымды үлкейтуі, менің тобымды күшейтуі керек. Түсінікті ме?... Менің министрлік орныма сен отыруың қажет, Дәурен.

Дәурен. Сіз үшін жаным пида, ағатай!

Сапаp. Сені жақында әңгімеге шақыруы да мүмкін. Онда құдайдың жарылқағаны. (Жақындаңқырап). Жақсы пікір қалдыруға тырыс.

Дәурен. Ағалар сеніп сүйенсе, інілер несін аямақ. Шаршар, шалығар екен демеңіздер деймін де.

Сапар. Дұрыс-ақ. Әрқашан да сізді қолдаушымын дегенді де аңғартқан жөн.

Дәурен. Біздің тірлігіміз — сіздің саулығыңызда. Төбеде де, төменде де біргемін дейтін шығармын!

Сапар. Бәрекелде. Бұл мәселенің бір жағы — сәтті жағы ғой. Енді екінші жағын, яғни қатерлі жағын да ұмытпауымыз керек... (Жан-жағына қаранады.)

Дәурен. Айта беріңіз, ағатай.

Сапаp. Қатер сенімен жарысқа түсер кандидатурада. Оны беделді ғалымдар қостайды. Ол осы жетінің ішінде сүрінбесе, менің орныма заулап етеді..

Дәурен. Мен білсем, зауламасқа тиіс ол жолдас. Оған көлеңке түсіретін шаралар қолданылды.

Сапар. Менімен кеңеспей-ақ па?

Дәурен. Сіз бұған араласпағансыз, араласпайсыз да.

Сапар. Түсінікті. Айта бер.

Дәурен. Жалған ғалым, диссертациясы басқа тілден ұрланған деген арыз түсірілді.

Сапар. Ал ол тексерілмей ме екен?

Дәурен. Тексеріле берсін. Бізге әзірше ұсталғаны да жетеді.

Сапаp. Мұның да жөн... Арыз иесі әрине... Келтек болар? (Дәурен басын изейді.) Көзсіз-ау батырым. Қысқасы сен де қарап жатпапсың. Молодец!

Дәурен. Сіздің қостауыңыз — маған үлкен мәртебе!

Осы кезде салют аяқталған, дабырлай сөйлескен Дәурен меймандары қайта оралады,

Дәнеш. Салют бітті. Зеңбірек үні басылды. Күнделікті көңілсіз өмірге қайта көшеміз. Полковник, зеңбірек гүрсілін, әсіресе, сіз аңсайтын шығарсыз. Солай емес пе!

Мәлік. Әрине. (Күліп.) Зеңбірек атылмаса ішкен асым бойыма сіңбейді.

Дәнеш. Күлмеңіз әлсіз әйелге. Мен басқа мағынада айтып тұрмын.

Сапар (Раушанға). Бәйбіше, қозғалмаймыз ба?

Роза. Жоқ-жоқ, қозғалмайсыз. Жібермеймін, ағасы.

Раушан. Розажан, қинама. Құлағыңа ғана сыбырлайын: ағаң режиммен тұратын адам. Онысын бұзып алсақ бүлдіреміз.

Дәнеш. О, тәңірі, бұ заманның еркегі неткен осал еді. (Мәлікке.) Мүмкін біздің кеткенімізге сіз қиналатын шығарсыз.

Мәлік (күлімсіреп). Қиналғанда қандай. Жүрегімді қан басатын сияқты.

Дәнеш. Онда мен ертең соғармын. Келіп көңіліңізді сұрармын.

Келтек (тайқпақтаңқырап). Құда мен құдағи қағысты.

Дәнеш (ойнақы, сол ырғақпен). Несі бар қағысса, табысты. Сау болыңыз, полковник, шығарып сал дер едім, жүрегіңізді аяймын. (Шығады.)

Раушан. Біздің Дәнештің бойы толған жігер-ау. Еркегі табылса үйленер... әйелдікке міні жоқ. Қош болыңыздар. Сау болыңыз, Мәлік аға.

Келтек. Жақсы-жақсы түстер көріңіз. (Мәлік бас иеді. Раушан мен Келтек те кетеді.)

Сапар. Құда, сізбен көріскеніме қуаныштымын. Бұдан былай да жақындығымыз артыла берсін. (Күлімсіреп.) Пенсионерлер міндеті туралы да бейбіт бітісерміз деп сенемін.

Мәлік. Барлық мәселелер дегенді қоса айтыңыз. (Дәуреннің ыңғайсызданған қозғалысын байқап қап.) Иә, бәрі қалжың, бәрі ойын, құда. Көңілді кездесіп тұрайық. Ал қағысып қалуды қажет көрсеңіз, оныңызға да әзірмін.

Сапаp. Жауынгерлік біздің тұқымға да тән қасиет. Сау болыңыз (Қол алысып қоштасады.)

Дәурен. Мен сізді шығарып салайын, ағатай.

Сапар мен Дәурен кеткен. Мәлік иен Роза біріне-бірі күлімдей қарайды.

Роза (әкесіне сүйеніп). Папам... Папам... Meнің папам. Жақсы болды-ау келгенің. Жетпеуші едің кейде сен!

Мәлік (сүйеді). Кейде ғана ма, балам?

Роза. Енді еш жаққа жібермеймін қасымнан.

Мәлік. Жексенбі күндері демалыс беретін шығарсың.

Роза. Жоқ, Демалыс та бермеймін. Келтірмеймін ешкімді. Тек дем алу, дем алу болады жұмысың!

Мәлік. Сен мені жаңағы актрисадан қызғанғаннан қалайсың?

Роза. Одан да, бәрінен де қызғанам. Сен менің ғана папамсың.

Мәлік. Жарайды, болсын дегенің... (Кенеттен жүрегін ауырсынып қалады.)

Роза (шошып). Не болды?

Мәлік. Кешір, қызым. Шаршаппын... Өтті білем.

Роза. Отыр, папа. (Әкесін отырғызады). Мен барып төсек салайын.

Дереу кетеді. Пауза. Өз үйінен Маржан шығады.

Маржан. Жалғыз қапсыз ғой, Мәлік аға.

Мәлік. Иә, жалғыз қалдым. (Қасынан орын ұсынады.) Жалғыз қалғаннан ауыр не бар екен.

Mapжан. Мен жалғыз қалғанда ғана тыныштық табамын.

Мәлік. Ол шаршаған тұстағы уақыттарда шығар.

Маржан. Әмбе уақытта.

Мәлік. Ал мен жалғыз қалдым-ақ, сағына бастаймын.

Маржан. Сағынарың болса оған не жетсін...

Мәлік. Кешіріңіз... Мен сіздің ауыр сезімдеріңізге тиіп кеттім білем.

Маржан. Оқа емес. (Сәл бөгелген соң.) Сіз әйеліңізді аңсаймысыз?

Мәлік. Сағынамын. Кейде отырып дәл қасымнан көргендей боп қаламын.

Маржан. Ал мен ерімді қасымда көруден қорқушы ем.

Мәлік. Сәтсіз қосылған ба екенсіз?

Маржан. Бір үйде отырып, екі айырым жолмен кетіппіз. Кете беріппіз... Кете беріппіз... Қайта көріскенде жат адамдар болып табыстық. Мен сәтсіз шыққан суретімді айтамын, ол жоғалтқан жақсы кабинетін айтады. Сонымен ұғысудан да қалдық. Ақыры байғұс өліп тынды. (Пауза.) Сіздердің қабақ шытыспағандарыңыз қандай әсем болған.

Мәлік. Солдат өмірін білесіз ғой. Бүгін ойда, ертең қырда, көшпелі қазақ сияқтымыз бұрынғы... Кейде соған аздап қана ренжісіп те қалатынбыз. Міне енді полк та жоқ, әйел де жоқ. (Пауза.) Оңашада мұң шерткен полковник қана бар. Қызық емес пе? Кешіріңіз, Маржан, бұл сізге ғана айтылып қалған сыр. (Шылым тартқысы келіп трубкасын шығарады.)

Маржан (жәй ғана трубканы алады.) Роза сізге шылым тартуға жарамайды деген.

Мәлік. Дүние кезек деген осы. Бұрын бір полкқа мен жауап беруші ем... Енді бір полк мен үшін жауапты болыпты.

Маржан. Мені ренжіткіңіз келсе, өзіңіз біліңіз, (Трубканы жанына қояды.)

Мәлік. Жо... жоқ тартпаймын. Бір сөйлеп қалу әдет қой. Жасында шешен, қартында мылжың деген емес пе?

Маржан. Сіз әлі қарттықтан алыссыз.

Мәлік. Адам жасағаннан қартаймай, жасығаннан қартайса керек. Кейде кеудеңе жүрегің сыймастай көрінеді. Маған қазір, жаңағы Дәнеш айтқандай, зеңбірек гүрсілі жетпейтін сияқты.

Маржан. Сақ болыңыз, полковник. Ол қадалған жерінен қан алатын әйел.

Мәлік. Өзіңізден ше, сақтану керек емес пе?

Маржан. Кім білсін? (Басқышқа Роза шығады.)

Роза. Папа, ұйықтау керек.

Мәлік. Дұрыс, жолдас, командир.

Маржан. Розочка, қатал ұста папаңды. Еркіне жіберсең еркелік жасар да түрі бар.

Мәлік. Eh, шағым жасауға да шебер екенсіз ғой.

Маржан. Шағым емес, жаны ашығандық деңіз. Қайырлы түн!

Мәлік. Рақмет, Маржан.

Роза әкесін қолтықтап үйге кіреді. Сәл бөгелген Маржан да өз үйіне кетеді. Пауза. Жарыққа шықпай көлеңкелермен жасырына басқан Қайрат үйдің терезесіне тоқтайды. Басқышқа Роза қайта шыққан. Қайрат ағашқа тасаланып қалады. Роза скамейкеге қайта барып трубканы тауып алады да, үйге кайтады.

Қайрат (қарсы шығады). Бір минутке...

Роза. Ой!

Қайрат. Мен шын-ақ кісі шошығандай ма екенмін?

Роза (әлсіз күлімсіреп). Күтпеген жерден болған соң шығар.

Қайрат. Күтеді деп мен де ойлаған жоқпынды.

Роза. Мен жаңа ғана естіп ем...

Қайрат. Нені?

Роза. Сені босанды, ақталды деп.

Қайрат. Соған дейін мені кінәлы деп санап па ең?

Роза. Ашулансаң қызу ең... Адуын ең. Қайдан білейін. Оның үстіне хат та жазбадың ғой...

Қайрат. Саған ба, не деп?

Роза. Ақ едім, деп.

Қайрат. Сенің алдыңда ма? Ақтығымды жүрегің айтар деп едім. Кейін білдім: оным бекершілік екен.

Роза. Ол бір ауыр кезең еді. Бірақ сені кінәлаған мен жоқпын... Әйтсе де кісі өлімі ауыр екен. Жаным жүдеп, жалғыз қалдым... Налыдым. Ақылдасар әкем де жоқ қасымда. Дәурен болмағанда күйреп кетер ме ем... кім білсін...

Қайрат (кекетіп). Иә, солай шығар. Дәурен шығар сақтап қалған жаныңды. Торын бекер жаймаған екен сабазың.

Роза. Торға түсер құс емес. Сүйіп шықтым Дәуренге.

Қайрат. Онда жүрегің жүрек емес екен де!

Роза. Мені не деп кінәламақсың?

Қайрат. Кінәламаймын. Жыл өтпей-ақ бар сезімін ұмытқан, ант пен сертін аяққа басқан әйелді кінәлауға бола ма! Сенен құтқарған қатал тағдырыма мың шүкір.

Роза (салқын). Ал мен сенің бақытыңа тілектеспін.

Қайрат. Онда есепті түзу айырысқан екенбіз.

Роза. Оныңды өзің білесің. (Шапшаң басқан Дәурен кіреді.)

Дәурен (таңдана). Қайрат?

Қайрат. Күтпеп пе ең?

Дәурен. Күткенмін. Тек түнде келер деп ойламаған ем.

Қайрат. Қараңғыдан қорқамысың?

Дәурен. Әр нәрсенің жарығын жақсы көремін.

Қайрат. Бар нәрсеге керегі не жарықтың. Өзінен-өзі айқындары да бола бермей ме?

Дәурен. Оның да жөн. Әйтсе де жарыққа не жетсін... Жүріңдер үйге кірейік.

Қайрат. Қамаудан қайтқан пақырға бұл құрметің көптеу болар.

Дәурен. Ызаң түсінікті. Сені ойлағанда бәріміз де қан жұтқанбыз сол кезде.

Қайрат. Әсем айттың. Тек мені тым аңқауға санай бермегейсің.

Дәурен. Сенбеймісің маған?

Қайрат. Саған ба? (Ызалы). Тым болмаса сұрауға ұялсаң еді?!

Дәурен. Дауыстама, көршілерді оятасың.

Мәлік (басқышқа шығады.) Той тарқамапты ғой әлі... (Қайратты көріп.) Апырмау бұл кім... Өзі емес пе Қайраттың?

Қайрат. Дәл өзі... Тек тәуір мезгіл етіп, жаман мерзім жеткенде көріп тұрсыз. (Үйінен шыққан Маржан да анадайдан тыңдап тұр.)

Кешіріңіз, аға, қаттырақ айттым білем. Сізді жазғыратын орным жоқ.

Мәлік. Жалаға кезіккеніңді естігем, Қайрат. Бірақ босанып қайтқаныңды білмеп ем. (Розаға.) Сен неге айтпағансың, қызым? (Роза үндемейді.)

Қайрат. Жаман қауесеттің аяғы ұзын да, жақсы хабар шабан келеді емес пе? Мүмкін менің босанғаным біреулерге тиімсіз де көрінген шығар?

Дәурен. Бұл қай ишаратың?

Қайрат. Мен сенің атыңды атадым ба? Кiсі өлтіргеннің таңбасы басылуға куәлік еткен досың Келтек те бар емес пе?

Дәурен (салқын.) Келтек үшін жауапты емеспін. Ал оған сенбеске тағы да дәлелім болған жоқ.

Қайрат. Мүмкін маған әлі де күмәнді шығарсың?

Дәурен. Екеуің мас екенсіңдер. Келтектің де жаңылысуы ықтимал ғой.

Қайрат. Жаңылысқан өзгелер, олжа тапқан сен бопсың.

Роза (шыдамсыз). Қайрат?

Қайрат. Ғажап-ғажап! Атым да сақталыпты есіңде. Мен сені ұмытшақ деп біліп ем.

Мәлік. Қайрат, қызымды не деп айыптайсың?

Қайрат. Айып тағар адамға, сотта тұрғаным жоқ. Ақиқатқа ұмтылу күнә ма, аға?

Мәлік. Ұмтыла бер, тек асықпай ұмтыл. Өзгенің де тіл қатуына мұрша бер.

Қайрат. Сіз әлі сөзге сенеді екенсіз де?

Мәлік. Сен ше ештеңеге сенбеймісің?

Қайрат. Төрт жыл түрме сенімімді бұзыпты. Әсіресе, сұлу сөздерге сенбеймін.

Дәурен. Сабыр ет, Қайрат. Мүмкін түсінісерміз.

Қайрат. Қабырда ма?

Маржан. Қайрат! (Жақындап келеді.)

Қайрат. Маржан aпa? Сіз де ұмытпапсыз ғой мені.

Маржан. Жігіт пен талант ұмытылмас болар.

Қайрат. Жылы сөздеріңізге рақмет! Сізге, апа, сенемін.

Маржан. Сені ойлайтын мен ғана емес болармын.

Қайрат. Азған жүйрік, тозған талант кімге керек дейсіз? Солай емес пе, Мәлік аға?

Мәлік. Өзің жас, сөзің егде екен. Білігім жетпеске билік айтпағаным жөн болар.

Қайрат. Дұрыс, аға. Сіз билікті біліп болған соң ғана айтатын адамсыз.

Маржан. Құлақ ас, Қайрат: «Ашу дұшпан, ақыл дос» деген бар емес пе?

Қайрат. Сонда қалай, қажырсыздықтың өзі тәуір деймісіз? (Бәріне). Үрікпеңіздер, ағайын, кек қуатын мен емес. Шығару үшін дығымды біраз ғана желдетіп барып басылдым. Өйтпесем, ішімдегі от өзімді жандырар еді. Енді міне жеңілдеп қалдым недәуір. Мен кетейін. Сіздер қалдыңыздар. Кіріңіздер, жарқыраған жақсы үйге. Ұйқыларыңыз тәтті, түстеріңіз қызықты болсын. Ағайын, сәтсіз өмір сүруші, бикүнә жапа шегуші, абырой-құннан айырылған жылдарымен адамға деген сенімін қоса жоғалтқан, бишара жанда шаруаларыңыз қанша?

Шапшаң басып жоқ боп кетеді. Роза оның соңынан еріксіз жүгіре жөнелгендей. Бірақ темір шеңгелін кезінде салған Дәурен тырп еткізбейді. Ауыр пауза.

Мәлік. Басқасын білмеймін, іштегі уы жетерлік екен.

Дәурен. Түсінікті ғой халі. Оның орнында болсам, мен де солай сөйлер ем.

Роза (қатал). Бөгде сөзді қойып, айтқанын істейік: үйге кірейік, ұйқыға батайық.

О да шапшаң басып үйге кетеді. Оның соңынан асықпай қимылдаған Дәурен кіреді.

Маржан (Қайрат кеткен жаққа қарап). Сорлы бала. Жүрегі жарылмай кетті-ау әйтеуір.

Мәлік. Білмегендерімді енді білген тәріздімін. Ол Розаны сүйген екен-ау?

Маржан. Екеуі егіз қозыдай еді.

Мәлік. Бөрі кеп бүлдіргенше деңіз...

Маржан. Жеңіл қарамаңыз, Мәлік аға.

Мәлік. Жақсы, қойдым. (Аз бөгеліп қалып.) Айтыңызшы білсеңіз... Қайраттың қамалуына менің балаларым жазықты ма?

Маржан. Тез ұмытты.деп жазғырмасақ, Розаға тағар кінәм жоқ.

Мәлік. Дәурен ше?

Маржан. Күйеу балаңызды ұнатпаймын. Бірақ кінәлі деуге фактым жоқ.

Мәлік. Мен тек сіздің ойыңызды ғана сұрап тұрмын.

Маржан. Роза не ойлайды екен? Соны білгеніңіз дұрысырақ болар.

Мәлік. Мүмкін... (Пауза.)

Маржан. Неге үндемей қалдыңыз?

Мәлік. Жеңіс келгелі қашан...

Маржан. Аттай он жеті жыл.

Мәлік. Қанша қан төгілді, қанша өмір қиылды. Соның бәрі жақсылық үшін, адамдардың бақыты, әділдік үшін емес пе еді... Кейбіреулер соның бәрін ұмыта да бастаған. Өздерін ғана ойлайтын болған.

Маржан. Сіз Дәуренді айтамысыз?

Мәлік. Неге олай сұрадыңыз?

Маржан. Мынадай особняк қандай ақшаға істелді дер едіңіз? Осыған қарасам Дәурен түседі есіме.

Мәлік. Дәурен жалғыз болса еді-ау... (Үндемей қалады.)

Маржан. Ренжіткім келген жоқ. Бірақ амалсыз атын атадым, Егер мен бәрін айта бастасам...

Мәлік (бөліп кетіп). Бүгінге осы да жетеді. Қалған жағын өзім бағып көрейін.

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

Екінші сурет

Үлкен қонақ қабылдайтын зал, төрде екінші этажға көтерілетін кең мрамор баспалдақ, сахнаға, кабинетке, кірер, балконға шығар әйнекті есіктер. Қымбат люстралар, теңіз, орман пейзаждары салынған суреттер ілулі. Жұмсақ орындықтар, кресло, дивандар. Мезгіл күндіз. Жалтыр күнгі жарық әйнектің алдында Маржан Мәліктің портретін салып отыр. Шетіректе еріне қозғалып журналдың беттерін қарап отырған Дәнеш көрінеді.

Дәнеш. Жақсы портрет осындай жым-жырт көңілсіз жерде жасалады деп кім ойлаған! Ойыны, күлкісі үзілмейтін біздің репетициямыз мұның жанында той екен ғой.

Маржан. Сіз роліңіз шықпай жатса да ренжімейсіз?

Дәнеш. Өзім өз болғалы рольден қиналып көрген емеспін?

Маржан. Онда бақытты екенсіз. Ал мен шығара алмай қиналып отырмын.

Дәнеш (Мольбертке жақындап). Кәдімгі полковник, кәдімгі еркек. Бітіп тұр емес пе?

Маржан. Тек жаны ғана жоқ деңіз.

Мәлік. Оған сіз кінәлі емессіз. Менде жоқты сіз қайдан таппақсыз.

Маржан. Жоқ, ол менің кінәм. Сезгенімді түйе алмай, көргенімнен артыла алмай жатырмын. (Кистісін тастап, кейінірек барып отырады. Мәлікке қарайды. Пауза.)

Дәнеш. Қайран полковник, мынау ыстықта балқып кетпесеңіз не қылсын.

Мәлік. Өнерге құрбандық керек демей ме?

Дәнеш (Маржанның тыңдамай отырғанын пайдаланып). Мен сізді құрбандыққа қимас ем. Қинайтын өнердің керегі қанша?

Мәлік. Екеуміз екі түрлі сөйлеп отыр екенбіз. Мен өнердің жасалу процесін айтамын. Солай емес пе, Маржан?

Маржан (ойынан жаңа оянғандай қарайды). Не дедіңіз? Дұрыс, жұмыс тоқталмасын... (Кистіні алып қайта жаза бастайды.)

Дәнеш. Суретші болмағаныма мың шүкір.

Маржан. Суретшінің құрбаны болмағанға да қуанғайсыз.

Дәнеш. Кеттім ендеше. (Тұрады). Инквизация аяқталған кезде соғармын.

Мәлік. Иә, сөйтіңіз.

Дәнеш. Берік болыңыз, полковник.

Қылымси басып кетеді. Пауза.

Мәлік. Көрмегендіктігіме кешірерсіз, Маржан. Менің портретімді жазуға не себеп болды?

Маржан. Білмеуші ме едіңіз? Бұл офицерлер клубының заказы.

Мәлік. Солай ма еді? (Маржан үндемейді.) Онда погондарымды неге алдырдыңыз? Заказщигіңіз наразылық көрсетуі мүмкін ғой.

Маржан. Жалтылдаған металдардан гөрі, жарқылдаған ой табайын деп едім... Қаласаңыз еркіңіз білсін... Шытыраларыңызды қайта тағыңыз. Тағы бір арденді фигура туады да қояды.

Мәлік. Маржан, үйдемеңізші. Әрбір орден үшін аққан тер, төгілген қан бар-ды.

Маржан. Жо... жоқ, олай емес, олай.. теріс түсінбеңіз мені. Өмірдегі орденге титтей де қарсы емеспін.

Мәлік. Сонда қалай... Өмір мен өнер екі нәрсе ме?

Маржан (күле сөйлейді). Қорықпаңыз, полковник. Сіздің портретіңіз шықпас, ал шықса нағыз реалистік жоспарда шығады. Маған сіз жұрт көзіндегі үйреншікті көріністе емес, мен ғана қалағандай бейнеде керексіз. Сізді мен басқаларға да өзім білетіндей танытқым келеді. Ал ондай бейнеңіз сирек көрініп, шапшаң жабылады, мен ұстап қала алмай әуремін. (Мәлік мен қайтейін дегендей иығын көтереді.) Күнәкәр кісідей күмілжімеңіз. Табу, тану менің міндетім.

Мәлік. Рас айтасыз. Адамды тану да үлкен өнер. Ол жұрттың бәріне де керек.

Маржан. Мүмкін ол офицерлерге де керек шығар?

Мәлік. Әрине, Адам адамға ғана сүйенеді. Адамға адам жауапты... Біреудің сырты жарық, іші түнек. Оқтаулы мылтыққа балаған жігітің атыларда тұтанбай қалса, көзге қораш біреулер бомба боп жарылады. Біз оның оттан жаралған жан екенін көреміз.

Маржан. Айта түсіңізші, Мәлік аға. (Шапшаңдата жазады.)

Мәлік. Мен ақын болсам айтар едім.

Маржан. Білесіз бе, олар қалай айтар ед...

(Жұмысын бөлмей тақпақтатып кетеді.)

Роза, Роза, Роза біздің,

Күй мен жыры көңіліміздің.

Баста, Роза, бас әніңді,

Қуант, Роза, достарыңды...

Мәлік. Бұл қай Роза туралы?

Маржан. Сіздің Роза туралы, ұнай ма?

Мәлік. Жылы айтылған сияқты.

Маржан. Осы жылы өлең үшін Розаға суық шапалақ та тиген.

Мәлік (даусы еріксіз қатты шығады.) Не дейсіз?

Маржан. Не деп кеткенмін жазған басым. (Мәлік тұрып кеткен. Стол үстіндегі графинаға барып су ішеді.) Кешіріңіз, Мәлік аға. Өсекшінің сөзін айттым білем. Семьяда бола береді емес пе?..

Мәлік. Иә, иә... мен қызғансам жарымды пулеметпен атар ем. (Қолында ұзын қамшысы бар Домбай кіреді.)

Домбай. Бұл ит емес, жолбарыс қой.

Мәлік. Дөке, ит қыдыртып қайттыңыз білем.

Домбай. Қыдырттым ба, алыстым ба білмеймін. Жұла жөнелгені асау айғырдан кем емес. Мына қамшыдан қорықпаса бой беретін пәле емес.

(Қамшысын ілген, одан суретке келіп тоқтайды.) Пах-пах! Өнер деп осыны айт. Мұрын, көз, қас, құлақ түгел түсіріліпті-ау.

Мәлік. Ештеңесін ұмытпап па?

Домбай. Осыныңа қанша төлейді, Маржан?

Маржан (ойын бөлмей.) Әр түрлі.

Домбай. Бұрынғы ақшамен мыңнан әрі деп естігем. Жақсы-ақ табыс емес пе? Рақат өнер ғой. Бас ауырмай, балтыр сыздамай ақшаны күрейді де жатады.

Маржан (Мәлікке). Демалыс жасайық. Қаласаңыз түстен кейін тағы да отыруға болады.

Мәлік. Түп-түгел өз әміріңіздемін.

Маржан. Онда келістік. (Домбайға бас изеп шығады.)

Домбай (Маржанды көзімен шығарып сала). Әйел деп осыны айт. Алақанын ашса ақша төгіледі. Әттең күйеуі жоқ.

Мәлік. Оған неге өкінесіз?

Дом бай. Жап-жас әйел, обал ғой. Қырыққа жете беріп қаңтарылуға бола ма?

Мәлік. Обал, обал.

Домбай. Өзің нешедесің?

Мәлік. Аттай елудемін.

Домбай. Саған да обал. Елуде еркек құлан құрықтар болар,

Mәлік. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп Абай елуінде айтқан емес пе?

Домбай. Ақындар айта берген ғой, оларды тыңдай берсең таң атып, тауық шақырмайды.

Мәлік. Иә, ақындар айта берген ғой. (Тағы да су ішеді.)

Домбай. Құда, қара су ішкенің қалай. Мұзда тұрған, салқын сары қымыз бар емес пе? Мен барып әкеле қояйын. Сапырып тұрып ішейік, әңгімені соғайық.

Мәлік. Мен де жеңілденіп шығайын. Керегінде «әу» дерсіз.

Домбай. Қам жемей, демала тұр. Керегінде шақырам.

Домбай бақшаға кетеді де, Мәлік жоғары көтеріледі. Кішкене пауза. Сәлден кейін көшеден шаршаған ажарында пұшаймандық ізі бар Роза кіреді. Жәй басып Дәурен бөлмесіне жақындаған. Сәл кідіріп құлақ салады. Одан соң өз бөлмесіне кетеді. Пауза. Көшеден Ділда кіреді.

Ділда (есікке бұрылып). Кір, балам, кір. Мен тұрғанда қасыңда қымсынбағайсың..

Қайрат (кіреді). Қымсынып нем бар бұл үйде. Бұдан да қызметінде кездескенім жөн емес пе деп тұрмын.

Ділда. Күн ұзақ бізде отырып, Розаның қызметтен қайтқанын күттің. Енді қызметіне барсам ба деп тұрсың. Осындай лоблығудың керегі не? Шақырайын ба?

Қайрат. Шақырыңыз.

Ділда (Розаның бөлмесін сәл ашып). Розажан, бір минутке.

(Роза шығады. Күтпеген жерден Қайратты көріп сілейіп қалады.)

Көрдің бе, жігіт ертіп келдім, сенімен сөзі бар екен.

Роза. Дұрыс, тыңдайын. (Пауза.)

Ділда (Қайратқа). Тыңдаймын деді ғой, есіттің бе? (Қайратта үн жоқ). Мен неғып тұрмын осында? Маржанды тамақтандыруым керек екен ғой. Осы бір суреттен діңкелеп болды бишара (есікке беттейді.) Қайратжан, саспағайсың, қысылшаң жерде өзім сүйеймін, білдің бе?

Кетеді. Пауза.

Роза. Отырайық.

Қайрат. Отыруға болмайды. Мен тоналған, жұтаған адаммын ғой, жоғалтқандарым мен ұрлатқандарымды табуым керек.

Роза. Мұнда да сол үшін келдің бе?

Қайрат. Иә. (Розаның бейнесін танып.) Қорықпа, іздегенім махаббат емес. Ол менің жадымда жоқ нәрсе.

Роза. Онда іздегеніңнің атын айт.

Қайрат. Іздегенім еңбегім... Қолды болған еңбегім

Роза. Түк түсінсем бұйырмасын.

Қайрат. Ендеше түсіндірейін (Роза үндемейді) Босанған соң қамаудан, елге тіке қайтпай-ақ біp шығарма бастағам. Ойдағы бар ұйығанды жазғанмын. Соның ақырында хормен фортепьяно және оркестрмен орындалатын оратория туып, соны конкурске жібергем-ді. Кеше барып естідім, менің шығармам сенің қолыңа түсіпті. Сен әзірлеп жатқан көрінесің!

Роза (ажарланып). Оратория сенікі ме еді?

Қайрат. Сен мені өшкен композиторға санап па ең?

Роза. Жоқ... Ондай ой менде болған жоқ. (Қолын созады.) Ұлы шығарма жазыпсың, құттықтаймын.

Қайрат. Жайырақ, дирижер, жайырақ. Маған ұлылық емес, кішілік жарастық. Мазағыңа көнбеймін.

Роза (қызу). Мазағы несі? Оның үстіне мен конкурс аяқталмай-ақ, репетиция жүргізіп жатырмын. Көргендердің бәрі ырза. Жюри де бір ауыздан құптап отырған көрінеді.

Қайрат. Оны жюридің өзі айтсын. Ал сенің мақтауың маған қажет емес.

Роза. Мен ғана ма екен мақтаушы? Шығармаң бүкіл капелла, бүкіл оркестрдің сүйіктісіне айналды. (Бойын жинап.) Жарылып кетсең де айтайын, дирежері мен боламын!

Қайрат. Ендеше өзің де есіт. Мен ораториямды алғалы келдім сенен.

Роза. Не деп тұрсың! Мен қазір сахнаға шығуға да жақынмын. Ұзамай соңғы репетиция!

Қайрат. Ұзамай той болады деп те күткенбіз. Күткенбіз де қалғанбыз. Сенің репетицияң содан қымбат болып па? (Қолын созады.) Әкел клавирды.

Роза. Мені қинауға келіп пе едің?

Қайрат. Маған жалған лирика дарымайды, жолдас дирижер.

Роза. Ендеше басқаша сөйлесейік. Қайрат жолдас. Маған сіздің шығармаңызды тапсырған Мәдениет министрлігі. Сол министрлік өзі қайтарып алсын.

Қайрат. Мен енді үкімет бұйырса да көнбеймін, сенің дирижер болуыңа ырза емеспін. Түсінікті ме, саған?

Роза. Кек алмақпысың осылай?

Қайрат. Ал сен мені шығармамнан да бөлмек болғансың.

Роза. Ойлаған емен бөлем деп. Ораторияның сенікі екенін де білген емеспін. Ал қазір мені одан ешкім де айыра алмайды. Түсін. Қайрат, осыған. (Жоғарыдан көрінген Мәлік баспалдаққа жетпей тұрып қалады. Ол тыңдап тұр.)

Қайрат. Мен айырамын, мен!

Роза. Жоқ, айыра алмайсың. Менің жаным қазір сенің осы ораторияңда. Жаңа туған нәрестені жариялайтын арияңда менің жүрегім бар. Менмін сол нәресте. Күннің шыққанына, гүлдің оянғанына қуанатын сыбызғы да менмін. Менмін, мен!

Қайрат. Жалған! Егер құдай бар болса, сол пир құдай мен болсам, барлық жалған сөйлеушілердің тілін байлар едім.

Роза. Байлай бер. Бірақ мен шын айттым.

Қайрат. Қайдан болсын бұл үйде ондай шындық. Шындық айтар ауыз да сенен табылмас. Сен емес ме едің, сүйдім деп жанымен маған ант еткен? Сен емес пе едің, менің тойымның орнына басқа той жасаған, Дәуренге шыққан? Енді түсіндім ғой. (Жан-жағына қаранып.) Тегін асықпаған екенсің, сені әсем особняк, люстралар, хрустальдар күткен екен-ау. Ұтқан екенсің, Розочка, құттықтаймын. Бай жиһазды қос қабат үйіңмен, ақылды да, ақшалы, шебер күйеуіңмен құттықтаймын. Байлық Дәуреннен талант дүниесі менен алынбақ екен ғой! Жоқ, ханум, олай болмайды!

(Жалт бұрылған Роза өз бөлмесінен папка алып шығып, Қайратқа ұсынады.)

Роза. Мә, ала ғой (Береді.) Мен сені нағыз художник деп білуші ем. Жоқ, сен де меншікшілдердің бірі екенсің, өзгелерден түк те айырмаң жоқ екен.

Қайтіп өз бөлмесіне кіреді. Қайрат қолына тиген шығармасына құмарта да, қуана да қарап тұр. Одан соң о да жылдам басып шығар есікке беттейді.

Мәлік. Қайрат, кідіре кет. (Қайрат тоқтайды. Мәлік төмен түседі.) Кісі кейде білмесін біліп, естімесін естиді екен. Менің қызыма қатысты қатал сөздерге құлағым түрік болуы әбден мүмкін емес пе!

Қайрат. Болсын делік.

Мәлік. Онда қызымның арына болысуым да мүмкін ғой?

Қайрат. Мен сізге қызыңыздың ғана әкесі болуды азсынар едім.

Мәлік. Мұның аталы сөз. Бірақ саған да әкемін десем, сен сенермісің, жоқ па? Соған көзім жетпейді.

Қайрат. Аға, сізге жалтақтық жараспайды.

Мәлік. Ендеше мына папканы маған бер. (Қолын созады.)

Қайрат. Неге? (Әйтсе де папканы береді.)

Мәлік. Ораторияңды сүйген дирижерден қайтып алғаның жөн бе, теріс пе, ол туралы қазір айтпаймын. Ен алдымен өз көзіммен шығармаңды көрейін. Тати ма екен махаббатқа... Соны білейін әуелі. (Клавирды беттеп қарайды.) Таңданба, бұл не біледі екен деп. Білмейтін шығарсың. Жасымда мен де оқығам музыканы. Иә... иә. Консерваторияда оқығам. Бірақ орташадан аспасымды сезген соң тастап кеткем.

Қайрат. Мүмкін қате тастаған шығарсыз.

Мәлік. Жоқ, қате емес. Клавирмен бүгін танысам, ертең сөйлесейік, жарай ма?

Қайрат. Танысыңыз. Бірақ мен шешімімді өзгертпеймін.

Мәлік. Өзгермейтін өліктер ғана. Ал сен тірісің, бойы толы күш пен қайратты жігітсің.

Қайрат. Күш кеткелі, жігіттік қоштасқалы қашан? Босқа кеткен төрт жылды кім қайтарар дейсіз маған?

Мәлік. Соның бәрін өзің қайтарасың езіне. Өзің толтырасың олқыңды.

Қайрат. Ол кімге керек?

Мәлік. Ең алдымен өзіңе, одан соң өзгелерге керек. Сенің шығармаңның елге берер әлі толып жатқан шаттығы бар.

Қайрат. Өзімде шаттық болмаса да ма?

Мәлік. Сенен де көпті жоғалтқан мен де үмітсіз емеспін. Ал сен, балақайым, сарқылма. Бақыт та, шаттық та сенің алдыңда. Бәрі де келеді. Бәріне болады. (Көңілдене.) Қош, Қайрат, ертең қайта кездескенше.

Арқасынан қағады. Қайрат жай бұрылып шығып кетеді. Пауза. Өз бөлмесінен Роза шығады

Роза. Кетті ме?

Мәлік. Ертең келеді. Қайта кездесуге келістік. (Папканы көрсетіп.) Қаталаспаймысың, шын-ақ талантты ма?

Роза. Өмір бойы қаталасқаннан кейін бе?.. (Теріс айналады.)

Мәлік. Жылаймысың? (Құшақтап апарып диванға отырғызады. Өзі де отырады. Тыңдайды.) Мұның қалай, қызым?

Роза. Жүйке ғой. Соңғы жетіде қатты шаршаппын. Жұмыс көп болды. Енді дем аламын, папа.

Мәлік. Анасыз қозы шаршампаз. (Қызын өзіне тартып құшақтайды. Шашынан сипап отырып ыңылдайды.)

Қозым, қозым, қозымсың,

Шырағымсың, көзімсің.

Кеудемдегі жанымсың

Басымдағы бағымсың...

Роза. Айта түсші, папа.

Мәлік. Қап... Ұмытыппын аржағын. Қалай, бұл өлең үшін таяқ жемеймісің?

Роза.Нe деп барасың, Папа? Жо... жо... жоқ.

Мәлік. Бәрін де жасырасың. Дәурен туралы да ештеңе айтпаймысың?

Роза. Дәуренді қойыңыз. Бәріне де өзім жазықтымын. Екі талай күндерде қолтығымнан демеген Дәурен ғана. Кінәламаймын оны.

Мәлік. Сол ғана ма?

Роза. Ол аз ба?

Мәлік. Дүниеде махаббат деген де бар деспей ме...

Роза. Иә, бар болу керек. (Сәл бөгеліп.) Папа, абыржыма, Дәурен екеуміз жаман да емеспіз.

Мәлік. Шешең болса бәрін де айтар едің-ау.

Роза. Шыным, папа... Сенен де құпия сырым жоқ.

Мәлік. Онда... тіптен жақсы.

Жәй басып жоғары көтеріліп кетеді. Пауза. Тыстан Дәурен кіреді.

Роза. Ерте келдің ғой?

Дәурен (көңілді). Мен қызметке барған да жоқпын! Кабинеттен кабинетке, бастықтан бастыққа кіруде жүрдім. (Әйелін сүйеді.) Сен де аяқтадың ба репетицияңды?

Роза. Иә.

Дәурен. Шаршапсың, Роза. Осы оратория титықтатуға айналды. Бітірсең екен ертерек.

Роза. Өзі де аяқталды.

Дәурен (таңданып). Қалайша?

Роза. Жаңа ғана Қайрат келіп кетті...

Дәурен. Келсе ше? (Роза үндемейді.) Айтсаңшы зарықтырмай, не болды?

Роза. Оратория сонікі екен.

Дәурен. Пәле дегенің. Тіпті ол онда да бос жатпаған екен де.

Роза. Ораториясын әкетті. Сенің басқаруыңа қарсымын дейді.

Дәурен. Не дейді. Неге бердің оған? (Роза иығын көтереді.) Үйден шықсаң-ақ бірдеңе кездеседі. (Ерсілі-қарсылы жүріп.) Жігіт-ақ екен Қайратың! Сотқар боп туған екен, сотқар боп қалыпты. Өкпесін де ұмытпапты. Ол әлі бұдан да зорын шығарар... Басқалы тұрған жаңа қадамыңа бүлік болмаса нетсін!

Роза. Оның есесіне мен тынығамын.

Дәурен. Иә, сол ғана сүйініш жанымызға... Әкең білді ме? Мүмкін ол өзі дем берген шығар Қайратқа?

Роза. Қателеспе, Дәурен! Папам клавирды алып қалды. Ертең екеуі қайта көрісуге уәделесті.

Дәурен. Жарайды, қариям... түсінген екен ғой қажет екенін.

Роза. Нені дейсің?

Дәурен. Ескі жараның аузы ашылмау керегін. Әркімнің де қамқорлығы жетерлік.

Роза (сынай қарап). Өз қамқорлығыңды аташы.

Дәурен (ойынға айналдырып). Менің қамқорлығым сен ғанасың, Розажан. Саған жақсы болсыннан басқа не ойлайды дейсің. (Сүймек болады.)

Роза (шегініп). Қайраттың ораториясын мен дирижировать етсем, шын-ақ қуанар ма едің?

Дәурен. Әрине. Афишада екеуіңнің атын қатар тұрса, пыш-пыш әңгіме өзінен-өзі бітеді.

Роза. Еһе... сол үшін бе еді...

Дәурен. Сүйіп бастаған ісіңнің аяқталғаны да дұрыс қой. (Пауза.) Сөйтіп Қайрат талант, ал оның ораториясы шедевр болып шықты ғой?

Роза (ойланып). Шіркін... кей жерлерін автормен бірге ширатса жанып кеткелі тұр.

Дәурен. Онда тіптен жақсы. Ертең келгенде айтуың керек оған. Отан үшін, қауым үшін деу керек.

Роза. Сонда көне қалар деймісің?

Дәурен. Көнеді. Ерегісер, айтысып бағар әуелі. Одан кейін елігеді еріксіз. Еліккен соң жетелей бер мұрыннан.

Роза. Сен Қайратты жақсы біледі екенсің ғой...

Дәурен. Өзім де сондаймын. Мен үшін де ең әуелі іс қымбат!

Сырттан көңілді Сапар мен Келтек кіреді.

Келтек. Жас министрге жалынды сәлем!

Сапар. Болмай жатып асықпа. Мұндайда көз бен тілден сақтану керек.

Роза (еріне). Мен неге ештеңе білмеймін?

Дәурен. Қаулы шыққан соң бір-ақ айтармын деген ем.

Сапар. Естігенше шыдамым жетер емес. Қысқа ғана баяндашы, Дәуренжан.

Роза. Мен сіздерге бөгет болмайын. (Өзіне кетеді.)

Сапар. Баста, баста.

Дәурен (жымиып). Беседадан жақсы өттім. Дүйсенбіге бекілетін сияқты.

Сапар. Шүкір, шүкір қатты-ақ құлап едім-ау. Арты қайырлы екен ғой... Қайта көтерілер күнім жақын екен ғой, бауырлар.

Верандадан қымыз құюлы тегеш көтерген Домбай кіреді.

Домбай (жоғары қарап дауыстай келеді). Құда, қайдасың?

Келтек. Бармыз, Дөке, түгелміз. (Жүгіріп барып тегешті алады. Столға әкеліп қояды. Қымызды әндете сапырады.)

Алдияр, аруағыңа, сары қымыз,

Жүректің кеселіне дәрі қымыз.

Домбай. Ішіңдер, балалар, ішіңдер. (Дәурен кесе әкеліп құя бастайды.)

Мәлік (жоғарыдан көрініп). Дөке, мені шақырдыңыз білем.

Келтек. Бәріміз де күтудеміз. Мәлік аға.

Мәлік (төмен түседі). Сәламатсыздар ма, жолдастар!

Келтек. Құттықтаңыз Дәуренді! (Бәріне қымыз құйып ұсынады.)

Бұрын дүйсенбіде, Мұхаммед пайғамбар туған екен, енді министрлер туатын болыпты. (Кесесін көтеріп.) Мына қымыз алдағы дүйсенбіде туатын жас министр үшін ұсынылады.

Сапаp. Мәлік құда, қуанышыңыз қайырлы болсын!

Мәлік. Жақсы лебіздер сезінгендеймін, бірақ ештеңе түсініп тұрғаным жоқ.

Сапар (таңданып). Дәурен, атаңа айтпап па едің?

Дәурен. Үлгіргендей болдым ба?

Келтек. Мәлік аға, күйеу ұлыңыз көтерілу алдында. Жоғарғылар оған министр орнын ұсыныпты. Біздің Дәурен одан бас тартпас деп сенемін.

Домбай. Қарағымның маңдайы ашыла берсін! Бақ-дәрежесі артыла берсін! Кәнеки, көтеріңдер! Мен де ішемін.

Мәлік. Ішейік, Дөке (Бәрі соғыстырып ішеді.)

Сапаp. Ғылымдағы табысымызға да қоса алайық. Бүгін Келтектің де маңдайы жарқырағалы тұр. Ол академия сайлауы алдында мүше корреспондентке ұсынылды.

Мәлік. Солай ма?

Келтек. Сайланғанша күту дұрыс болар.

Сапар. Мәселе жақсы ұйымдастыруда ғана. Бөлімдегі сайлауда үш дауысқа сенімдіміз. Енді екі-ақ дауыс керек.

Дәурен. Оны маған қалдырыңыздар.

Сапаp. Болдырамысың?

Дәурен. Болдырамын. Бес дауысты қалтамда деп біліңіз.

Келтек (қуанып). Онда қарсылық жоқ, құттықтай беріңдер Келтекеңді!

Сапар. Енді мүше-корреспондент Келтекең үшін ішелік. (Мәліктен өзгелер соғыстырып іше бастайды.)

Келтек. Мәлік аға, көтермеймісіз кесені?

Мәлік. Жоқ, мен ол үшін көтермеймін.

Келтек. Неге ұнатпаймысыз сайлануымды?

Мәлік (құрғақ). Маған жұмбақ. Мен білмейтін нәрсе екен бұларыңыз.

Келтек. Сіз білмесеңіз, өзгелер біледі. Соларға сеніңіз де қойыңыз.

Мәлік. Маған өздеріңіз шешіп жатқан сияқтысыздар.

Сапар (жұмсақ қана). Мұнда сіз аңғармай жатқан кейбір жайлар бар...

Мәлік (бөліп кетеді) Менің білерім бір-ақ нәрсе: шын ғалым академияға сайлануға дауыс жинамайды. Өзгелерге де жол бермейді!

Домбай. Баяғыда болыстыққа таласқандар қырылысып та қалатын, шырағым... Келтек те жекжат адамың, тілегіңді білдір, құда.

Келтек. Қойыңыз, ақсақал. Ендігі тілегін берсе де алмаймын. Әзірге осы танығаным да жетеді.

Мәлік. Мүмкін, Дәурен де осы әдіспен сайланғалы жатқан шығар?

Сапар (асығып) Қойыңыз, құда. Дәурен мәселесі өзіне бөлек, ол жоғарының өзі шешетін мәселе. Есіңізде болсын, отбасы — ағайын сырластығы — сіз ойлағандай феодализм қалдығы емес. Қауым негізі әзірге семья бола беретінін ұмытпаған жөн.

Мәлік (бөліп). Ағайын мен ағайынпаздық екі нәрсе.

Келтек. Бекер әуреленесіз, Сапар аға. Полковник біз ойлағандай емес, екі погонын екі қанатым деп түсінетін адам көрінеді ғой.

Мәлік. Тіптен асырып жібердіңіз, онда періште болғаным да.

Келтек. Өзіңіз қалай бағалаушы едіңіз?

Мәлік. Бағам әлі белгісіз... Базарға түскенім осы.

Келтек. Арзандаудан қорқатын шығарсыз.

Сапар. Жетті, Келтек. Сөз жарысын ерегіске айналдырма. Жасы үлкенге кешірімді болған да жақсы.

Мәлік. Маған кешірім қажет емес.

Сапар (сағатына қарап). Әдемі дискуссияны соза беруге болар еді. Бірақ оған уақыт жоқ. Кеттік, Келтек.

Келтек. Кетсек кетейік. Бірақ кетер алдымда полковникке бірер сөз айтуға мүмкіндік беріңіз. (Мәлікке). Сіз айтқандай ғалымның бәрі ғылым емес. Мүмкін мен де солардың бірі болармын. Бірақ есіңізде болсын, жолдас полковник, бізге ғылымды зәредейден, бөлшектерден құрастырушылар ғана емес, қияға қарайтын, қырымнан көретін — ұйымдастырушылар да керек.

Мәлік. Ұйымдастырғыш қабілетіңізге көзім жетті.

Келтек. Иә, мен ғылымда еңбектеуші емес, ракеташа атылушымын! Кеше кандидат, бүгін доктор, ертең одан да зор! (Жақындап.) Қол созып тұрмын биікке. Қақпаңыз қолымды, полковник!

Мәлік. Тым қиналмай жеткен екенсіз.

Келтек. Ғылым үшін Джордано Бруно отқа жанған, со да жетеді. Жасасын социализм! (Кетеді.)

Мәлік. Келтек ашық адам екен-ау, барлық шынын ақтарды да кетті.

Сапар. Иә, ол жалтақ ғалымдардай емес. Ойлағанын сескенбей айта береді!

Мәлік. Ашық екен, бірақ...

Сапар. Сенген адамына сескенбей, бүкпей ашылады.

Мәлік. Кімге сенеді?

Сапаp. Маған. Мынаған. Сізге. Бір сөзбен айтқанда Отанға.

Мәлік. Мен ондай ықылас көрсеттім бе екен оған...

Сапар (бөліп). Жекжаттық-жақындық. Ол таңдаумен табылмайтын нәрсе. Жақсы ма, жаман ба, жекжат. Жақынға жақсылық ниет қана тиісті. (Мәліктің ажарына қарап.) Шетте жүріп қарауытып қалыпсыз. Есіңізге түсер деп сенемін. (Есікке беттейді.)

Дәурен. Мен шығарып салайын.

Сапаp. Рақмет. Мен Дөкеңмен де кете аламын.

Домбай. Балам, отыра бер. Мен-ақ шығарып қайтайын.

Дәурен. Дұрыс, әке. Сіз барыңыз ендеше.

Сапар (Мәлікке). Сау болыңыз. Ең қымбаты сізге саулық қой.

(Мәлік үнсіз иіледі. Сапар мен Домбай шығады. Пауза.)

Мәлік. Сен де наразымысың маған.

Дәурен. Өзіңіз ше? Ырзамысыз өзіңізге өзіңіз? Барлық жанашырды айдап шықтыңыз ғой үйден. Жадырайтын шығарсыз енді?

Мәлік. Жадырауға дейін әлі алыс. Көп нәрсеге түсініп жеткенім жоқ.

Дәурен. Не нәрсеге дейсіз? Менің Келтектен айырмамды іздеймісіз?

Мәлік. Жоқ, Келтек пен сені салыстырмаймын. (Кідіріп.) Главканы басқарғаныңа неше жыл балды?

Дәурен. Төрт жыл.

Мәлік. Жаман басқармаған тәріздісің.

Дәурен. Солай болар. Министрлікке ұсынып отыр ғой.

Мәлік. Әйтсе де министрлікке ертелеу сияқты.

Дәурен. Солай ма? Оған мені жассынамысыз?

Мәлік. Мәселе жаста емес. Сенен жастар да министр болған. Мен идеялық және рухани жағыңды айтып тұрмын.

Дәурен. О жағына да күдіктенбеңіз. Ұйғарушылар - басшылық орнындағы білікті жолдастар.

Мәлік (қызу). Біздің бір кемшілігіміз осы: басшы ұйғарды, іс бітті. Тәмам. Жоқ, Дәурен, өзгеміз де соқыр емеспіз. Мына менің де өз көзім, өз басым бар, өзіме жетерлік ұятым бар. Сен мүмкін главканы дұрыс басқарған боларсың. Ал бүкіл республика шаруашылығын басқару ауыр міндет. Ұғынамысың, сен соны? Ондай орында кісі өзін, өз басының қамын түгел ұмытуы, жалғыз ғана халық қамын ойлауы керек. Әзірмісің соған?

Дәурен. Мен қызметтен жанымды аяп көрген емеспін.

Домбай қайта оралады.

Мәлік. Сіз ше, ақсақал? Дәурен министр болса қуанамысыз?

Домбай. Құдай қаласа де, шырақ.

Мәлік. Соны құдай қаламаса да жарар еді.

Домбай. Астапыралда, астапыралда! Не деп барасың, құда? Мұның достың айтар сөзі емес қой.

Дәурен. Әке, сіз араласпаңыз.

Домбай. Мейілдерің білсін... Менде билік айтар шама бар ма?.. Тек естеріңде болсын: ана екеуі келіп кететіндер ғой, ал осы үйде екеуің ғана қаласыңдар.

Кетеді. Пауза.

Дәурен. Түсінем, аға, қаупіңізге. Істеймін, аянбай. Рас, биікке көтерілу маған да ауыр сияқты. Бірақ істеймін.

Мәлік (бөліп кетеді). Мәселе осында. Сен үшін қызмет биікке көтерілу ғана. Ал мыңдаған жұрттың игілігі, тіпті өміріне дейін сенің басшылығына байланысты болмақ. Соған жетер таза тілек, таза жүрек сенен табылар ма?

Дәурен. Жүрегі несі, бас деңіз?

Мәлік. Жоқ, қателесесің. Басқару үшін халықты, жылуы мен мейірімі көп жүрек керек әуелі. Ал сен... (Тоқтап қалады.)

Дәурен. Иә, мен ше? Айта беріңіз.

Мәлік. Дұрыс, айтайын. Келтектің сотта күнәсіз жанды жалған қаралағанын білдің бе? (Ұзақ пауза). Көзіме қара, жауап бер, білдің бе?

Дәурен (егескендей). Несі бар, білдім!

Мәлік. Білдім де, пайдаландым де!

Дәурен. Себебі Розаны сүйдім! Қазір де сүйем оны мен! Екеуміздің арамызға сіз де килікпеңіз, әкесі!

Шапшаң кетеді. Мәлік жүрегін басып тұрып қалады.

Шымылдық

ҮШІНШІ АКТ

Үшінші сурет

Авансценаға түсіп тұрған пердедегі сурет особняк үйдің қорадағы ішкі балконын көрсетіп тұр. Бір жақтан үйден қораға шығатын баспалдақ, екінші жақтан ішке кіретін есік көрінеді. Перде ашылғанда столға асыла құмалақ ашып тұрған Домбай қарияны көреміз.

Домбай (көзін жұмып). Я, пісмілда.

(Құмалақты жайып тастайды.)

Оңын айт, солын айт,

Оңға басар жолын айт,

Бейнетінің жоғын айт,

Ырысының молын айт,

Байлық көрсет,

Бақ көрсет, құмалақ!

(Көзін ашып қарайды.)

Маңдайы ашық, құйысқаны берік.

(Сырттан Дәнеш кіреді.)

Дәнеш. Сәлем бердік, атай.

Домбай. Сәлемет бол, шырағым.

Дәнеш. Бал ашып тұрсыз ғой?

Домбай. Кәрі де бала емес пе. Ермек үшін.

Дәнеш. Кімге ашып едіңіз?

Домбай. Дәуренім тұрғанда кімге ашушы ем.

Дәнеш. Құмалақ не дейді?

Домбай (құмалаққа қарап). Маңдайы ашық, құйысқаны берік. Тек мынасы ұнамайды.

Дәнеш (ода құмалаққа үңіліп). Несі, ата?

Домбай. Жүрегі тоқ.

Дәнеш. Маңдайы ашық болса, өзгесі түк те емес. (Өз маңдайын шертіп.) Мәселе мынада ғой, мынада. Дәуреннің мұнысы жетіп артылады.

Домбай. Үндеме, шырағым... Әркімнің өз маңдайы бар.

Дәнеш. Жарайды, ата. Енді маған ашыңыз.

Домбай. Ырым жаса, қызым.

Дәнеш. Немен жасайын.

Домбай (күліп). Я тиын саласың, я бұйым саласың.

Дәнеш. Барым осы — 20 тиын екен.

Домбай (Жарайды. Құмалақ жаяды.)

Дәнеш (асығып). Маңдайы қандай?

Домбай. Маңдайың ашық, оныңнан күн, солыңнан ай туып тұр.

Дәнеш. Рас па, ата?

Домбай. Менің құмалағым жалған сөйлемейді.

Дәнеш. Күн дегеніңіз полковник болғай-дағы.

Домбай. Неге келе береді десем, құдама қызығады екенсің ғой.

Дәнеш. Қойыңызшы, ата, ұялтпай...

Домбай. Ақылымды алсаң, қызым, айды таңда, сол артық. Ай бірде кемісе де, бірде толығады. Одан өзге мін жоқ, нағыз Келтектің өзі. (Күледі.)

Дәнеш. Күнді кімге бермексіз?

Домбай. Күн отына күймейтін біреу табылар.

Дәнеш. Оныңыз Маржан болмасын?

Домбай. Солай, Келтек саған, құдам Маржанға лайық.

Дәнеш. Маржан менен артық па? Жас па? Әлде көрікті ме?

Домбай. Бар жағынан сен артықсың, қызым. Бірақ Маржан күн ұзын осында, құданың қасында ғой. (Қуланып.) Бояуында Маржанның жігіт есін алатын сиқыры бар тәрізді-ау.

Дәнеш. Әлі бітірмеп пе еді портретті?

Домбай. Мен білсем жуық арада бітірмесе де керек.

Дәнеш. Қызық екен. (Жедел үйге кіреді.)

Домбай (сыртынан қарап тұрып). Жүгір, жүгір, жетерсің... Өмір деген қызық-ау... Әркімнің бір қуғаны бар өзінше. Біреу жетіп ұстайды, біреу әлек бекерге. Ал мен ештеңе өзгермесе, осы тұрған қалпында қалса екен деп ойлаймын.

Көшеден Ділдә кіреді.

Кел, келе қал, кемпірім.

Ділда. Сағынып қалдың ба мені?

Домбай. Аш алақаныңды. (Алақанына құмалақтарды салады.) Жайып тасташы шапағатты қолыңмен.

Ділда. Ерігуге мұршам жоқ. Маржан саған кілт қалдырды ма?

Домбай. Кілтің міне. (Қалтасынан кілтті алып көрсетеді.) Асыққаның шын болса тезірек қимылда.

Ділда. Ырымын жаса, ендеше.

Домбай. Пісімілда (Дәнештен алған жиырма тиынды береді.)

Ділда. Кімге ашайын, не іздейін?

Домбай. Дәуренге аш, бақыт ізде жанадан.

Ділда. О, тоймас көз, толмас арам. Немене, бұрынғы бақыты ескіріп қалды ма?

Домбай. Жасаған жаңасын берсе көп бола ма... Жоқ әлде... қызғанамысың?

Ділда. Қызғаншақтың екі көзін шел бассын!

Домбай. Ой, қарғанба... ойнап айтам... Қазір жоғарыда Дәуренімнің әңгімесі болып жатыр...

Ділда. Жоғарысы қайсы? Аспанда ма?

Домбай. Мақаусың ба? Жоғарыда деймін, ұқтың ба? Құдай қаласа балам министр болады. Соған аш.

Ділда. Пісмілда. (Құмалақты жайып тастап қарайды.) Сүйінші. Сүйінші әкел, қытымыр шал.

Домбай. Қарыздармын, айта бер.

Ділда. Маңдайы ашық балаңның. Құйысқаны көтеріңкі. Ойлаған жеріне заулаған күйінде жетіп жатыр.

Домбай. Бал төгілсін тіліңнен! Ал жүрегі қалай?

Ділда. Көріп тұрсың ғой, жүрегі толы қуаныш.

Домбай. Аузыңа май, әулие кемпір.

Ділда. Кілтті әкел.

Домбай. Мә. (Кілтті береді.) Енді сен менің ашқан балымды көр.

Ділда. Керегі жоқ, көрмеймін.

Домбай. Маржанына ашамын: шығатын күйеуін атаймын...

Ділда. Маржаныма тең еркек әлі туған жоқ. Әуре болма. (Кетеді.)

Домбай. Әр құстың балапаны өзіне әппақ. Қазағың білмей айтпаған.

Іштен рояль даусымен бір музыкалық фразаны бірнеше рет қайталаған әйел үні естіледі. Домбай жақтырмай тыңдайды. Сырттан ыстықтаған, газетпен желпінген Келтек қарсы кіреді.

Келтек. Салаумаликүм, Дөке.

Домбай. Не хабар бар, Келтекжан?

Келтек. Бірінші хабарым, күн ыстық, аспан айналып жерге түседі. Әсіресе мен сияқты монументтерге ауыр екен. (Уһлеп отыра кетеді.)

Домбай (асығып). Енді екінші хабарыңды айт.

Келтек. Екіншіні бірге естиміз, ақсақал. Дәурен өз хабарын өзі әкеледі.

Домбай. Әлі шешілмеп пе?

Келтек. Шешілуге жақын болу керек.

Домбай. Мейірімді алла өзі жарылқасын қашан да...

Келтек. Иә, өзі жарылқасын. Бір жұтым қымыз бұйыртса мен де сол аллаға құлшылық ұрар едім, ақсақал.

Домбай (жабулы тегештен қымыз құйып береді). Іш, Келтек. Мең барып аяғымды созайын. Буындарымнан қуат кеткен сияқты.

Кетеді. Келтек қымызды қылғытып тастаған. Ойға батып ысқырып отыр. Верандаға Дәнеш шыққан. Келтекке қарап тұр.

Дәнеш. Бұл кім десем ысқырған.

Келтек. Мен тұрғанда кім ысқырушы еді, Дәнешжан (Дәнешті қасына шақырады.) Қалай, полковник көңілді ме? Ырза шығар өткізген уақытына?

Дәнеш. Таптыңыз. Портрет қызу жазылып жатыр.

Келтек. Босаған кезінде сізге де мейірімді шығар? Сезінемісіз ондайын?

Дәнеш. Оны неге сұрадыңыз? Қызықсынамысыз?

Келтек. Ескі махаббат орны суымапты. Қызғанышым болар.

Дәнеш. Онда бітпес портрет екеумізді қайта қосайын дегені де. Солай ма?

Келтек. О да мүмкін. (Үйден музыка, қосылып айтқан екі дауыс естіледі.) Бұл үй суретші ғана емес, музыканттарға да толы сияқты ғой, бұлар кім?

Дәнеш. Бұлар да ескі махаббатты қайта жамап жатқандар.

Келтек. Солай ма? Қайрат та осында ма?

Дәнеш. Қорықпаңыз. Оның есінде қазір сіз жоқсыз.

Келтек (ойланып). Көнбепті. Ораториясын қайтып алыпты демеп пе еді?

Дәнеш. Полковник араласыпты. Енді міне қосылып әндетіп жатыр.

Келтек (ызалы). Араласқыш-ақ екен осы полковник.

Дәнеш. Бір-бірін ұмытпағандар онсыз да табысуы мүмкін ғой...

Келтек (өз ойын үзбей). Мейлі, мейлі...

Дәнеш. Алғашқы махаббат ұмытылмайды дейді ғой, рас па екен, Келтек?

Келтек. Есімде жоқ... Маған соңғы махаббат ыстық сияқты. Өзің ше, Дәнеш?

Дәнеш. Менің соңғы махаббатым әлі жақындамаған тәрізді-ау.

Үйден шабытты күйдегі Қайрат шығады. Қолында папирос. От іздеп шыққан сияқты.

Қайрат. От жоқ па екен бұл маңда? (Келтекті көріп.) Е, сен де осында ма едің?

Келтек (асығыс). Сәлем, Қайрат. От керек пе саған? (Қалтасынан оттық алып ұсынады, Қайрат өзі жағып шылым тұтандырады.)

Қайрат. Бұрынғыдан да кеңейіпсің, Келтеке. Тұрмысың жақсы болу керек. (Оттықты қайта береді.)

Келтек (өзін билеп). Жаман емес... Өз ісің де оңала бастаса керек қой?

Қайрат. Сенін ақ тілегіңнің арқасында.

Келтек. Маған ызалы деп те естідім. Рас па?

Қайрат (аңқаусып). Ол не үшін? Сенің қандай кінәң бар еді алдымда!

Келтек. Әрине жоқ. Тілі қышығандар не айтпайды дейсің. (Пауза.)

Дәнеш (екеуіне кезек қарап). Мен әзірше Розамен сөйлесе тұрайын. (Үйге кіреді. Пауза.)

Келтек. Қайрат, болары болды, өтері өтті.

Егер сеңің алдыңда жазықты болсам да кешіргейсің. Өз күнәмді өтеуге әзірмін.

Қайрат. Немен?

Келтек. Мүмкін саған ақша қажет шығар?

Қайрат. Қажет.

Келтек (қалтасынан бумажнигін шығарады.) Пожалуйста, қанша керек етсең де... (Қайрат үнсіз бумажникті алған, өзінің қалтасына салады.) Онда менің документтерім де бар еді...

Қайрат (күліп). Сен документсіз де алақанымдағыдай анықсың. (Бумажникті столға лақтырып тастайды.) Шынымен-ақ, ақша алады деп ойлағаның ба?

Келтек. Өзің білесің. (Бумажникті қалтасына салып.) Мен сенімен дос ниетімен сөйлеспекші ем.

Қайрат. Дос іздесем ормандағы қасқырға барармын.

Келтек. Бұл үйдегі досың кім?

Қайрат (құрғақ). Істеп жатқан жұмысым.

Келтек. Оңай сылтау тапқан екенсің.

Қайрат (құшырлана Келтектің жағасынан алады.) Байқа, Келтек! Бұрын кісі өлтірмесем, енді өлтіруім ғажап емес!

Келтек. Жібер, жынды! (Босанып кейін шегінеді.) Ие бол қолыңа. Мен іздесем жұмырықтан, пышақтан артық құрал да табамын.

Қайрат. Сенің қаруың өсек қой. Қимылдап қал ендеше.

Шапшаң басып ішке кетеді. Көшеден Дәурен кіреді. Столдағы кесені алып қарайды. Одан орнына қайта қояды. Келтек үнсіз бағып тұр.

Дәурен. Кеуіп барам.

Келтек. Иә, күн өте ыстық (Шыдамы жетпей.) Немене, сәті түспеді ме?

Дәурен. Соған ұқсайды... Бүгін қаралмады.

Келтек (көңілденіп). Оқа емес! Бүгін шешілмесе, келер жолы шешілер. Басыңды төмен түсірме. Әзір ештеңе жоғалған жоқ.

Дәурен. Сен ойлағаннан нашарлау шығар деймін. Бүгін менімен салқын сөйлесті.

Келтек. Тағы не сездің?

Дәурен. Сезгендерім көп. (Сәл бөгеліп.) Сенбі күні полковник барып кетіпті.

Келтек (ысқырып қалады). Ендеше құдайдың ұрғаны...

Дәурен. Министрге жарамайсың деп өзіме де айтқан.

Келтек. Атақ сені қатты алған екен алқымнан.

Дәурен. Бөрібасарша қауіпті.

Келтек. Атаң емес, жауың кіріпті үйіңе. Сақтанбасаң бұдан зорын көресің. (Іштен музыка естіледі.) Мынау да соның ісі.

Дәурен. Жоқ, Қайратты алдай сал, ескі жараның аузы ашылмасын деп Розаға өзім айтқанмын.

Келтек. Алдай салса жақсы ғой... Маған екеуінің қайта жұптасқаны ұнамайды.

Дәурен. Бірдеңе сездің бе?

Келтек. Бақсам сезер де едім.

Дәурен. Бақпаған болсаң үндеме. (Кішкене кідіріп.) Маржан да осында шығар. Әлі қарамай ма саған?

Келтек. Мені бекер қажайсың. Маған не көп? Қатын көп. Маған Дәнеш те аяқ лау бола салады. Ал сен семья басысың. (Іштен Роза мен Қайраттың дуэті естіледі.) Естимісің? Сезімдерін күймен қақсатып жатыр.

Дәурен (шытырлап). Жетер енді! (Кідіріп.) Сапарды көрдің бе?

Келтек. Өзі де кеп қалар.

Дәурен. Сен де кетпе. Кеңесетін шаруа бар.

Үйге кетеді. Келтек газет оқуға кіріседі. Верандаға Маржан және Дәнеш шығады. Келтек көрмеген сoң олардың сөзін тыңдай береді.

Дәнеш. Шаршадыңыз ба?

Маржан. Аздап көзім талған сияқты. (Веранда баспалдағына отырып шалқаяды, көзін жұмады.)

Дәнеш. Тым қадала бермесеңізші. (О да отырады.)

Маржан. Қадалмасаң таппайсың.

Дәнеш. Көп таптыңыз ба, Маржан aпa.

Маржан. Өте көп. Бірақ әлі де іздеу керек.

Дәнеш. Бір полковниктен бе?

Маржан. Иә, біреулер бар сылдыраған арықтай, ал біреулер тынып жатқан теңіздей. Қашан дауыл соққанша мінезін танып болмайсың.

Дәнеш. Маржан, сіз ашықтың сезін айтып барасыз.

Маржан. Мен искусствоға өмір бойы ашықпын.

Дәнеш. Қызығамын өнеріңізге.

Маржан. Өз өнерің осал ма?

Дәнеш. Мен өнерімде өзіммен-өзіммін. Қалаған кісіңнің бейнесін қолдан жасап алғандай қайдан болсын. (Марохан үндемейді.) Иә, сүйген кісің табылмайды іздеумен...

Маржан. Сен де іздеп пе едің, Дәнеш?

Дәнеш. Өмір бойы іздеп келем арымай. Қарай-қарай көз де талуға айналды. Ішің дыққа толғанда «эх» дейсің де көзді жұмасың. Жұмылған көзге бәрі бір емес пе?

Келтек (газетті жинап) Көзіңізді ашсаңыз қатарыңызда мен бармын. Қосылмас деймін нашарға?

Маржан. Мен дем алып болсам керек. (Үйге кеткісі келеді.)

Келтек. Кешірім етіңіз, Маржан. Маржан (тоқтайды). Иә! Келтек. Менің портретімді қашан жазар екенсіз?

Маржан. Мына жұмысты бітірген соң сөйлеселік.

Келтек. Оныңыз қашан бітер екен?

Маржан. Білмеймін.

Келтек. Жеңілдетейін жұмысыңызды. Бітпей-ақ мен сатып алайын.

Маржан (салқын). Ол сатылмайтын портрет.

Келтек. Қалайша? Сіз офицерлер клубы үшін істеп жатқан жоқсыз ба?

Маржан. Жоқ, өзім үшін.

Келтек. Оны қайтпексіз?

Маржан. Бөлмеме іліп қоям да, күні-түні қарап отырам. Түсінікті ме?

Келтек. Түсінікті.

Mapжан. Басқа сұрауыңыз жоқ па?

Келтек. Асығыңыз, күтіп қалар полковник.

Маржан. Әрине. (Үйге кетеді.)

Келтек Енді қайттік, Дәнеш? Үзілген үмітті жоқтаймыз ба? Жоқ, әлде бәріне бір-ақ түкіріп, өз жолымызбен тартамыз ба?

Дәнеш. Бұрап жатар түгі де жоқ. Келтеке... Күні бойы қақтығып ашығып та қалыппын. Ал бұл үйдің қазаны көтерілер түрі жоқ. Тартайық ресторанға, жейік тойғанша, ішейік қанғанша!

Келтек. Ақылыңнан айналайын, Дәнешжан! (Кідіріп.) Бірақ Сапарды күту де бар екен-ау. Енді қайттік...

Дәнеш. Қалауыңыз білсін. Мен күтпеймін. Я Сапармен қалыңыз, я менімен кетіңіз.

Келтек (бекініп). Не болса о болсын! Мен енді сізді ешкімге де айырбастамаймын!

Дәнеш. Жігіт сөзін жаңа айттыңыз. Тарттық ендеше, батыр Келтекем!

Қарқындай басып қолтықтаса көшеге шығып кетеді. Пауза. Үйден Роза мен Қайрат шығады.

Қайрат (ықыластана). Музыкамның мен жетпеген, тіпті ойламаған сырларын ашып келесің.

Роза. Уақыты жетпей мақтама.

Қайрат. Бұл мақтау емес, таңдану. Мүлде есім кеткендеймін.

Роза. Онда өзіңе өзің таңдан. Ал, оратория ойдағыдай шықсын десек әлі де істей түсуіміз керек.

Қайрат (қуанып). Мен түнде де ұйқы көрмеске бармын! (Шамалы қысылып.) Тек Дәуренді тойдырмасақ болғаны... Мен тараптан бөгесін болмайды.

Роза. Қорқамысың Дәуреннен?

Қайрат. Айтыла салған бір сөз ғой. Кешір.

Роза. Үйде болмаса филармонияда істеуімізге болады (Үйге беттейді. Сырттан Сапар кіреді.)

Сапар (Розаға естірте) Кешірім сұраймын. (Роза тоқтайды.) Күн қайырлы болсын, Розочка!

Роза. Сәлеметсіз бе, Сапар аға.

Сапар. Әкеңіз шығып кетсе, сөйлесіп кетер ем.

Роза. Кіріңіз. Ол үйде.

Сапар. Сөйлесуге бақша оңды. Мен көлеңкеде күте тұрайын.

Роза. Жақсы, айтайын папама.

Роза мен Қайрат үйге кірген, Сапар қолын артына ұстап ағаш көлеңкесінде жүреді. Верандаға Мәлік шығады.

Мәлік (түсіп келеді). Сапар Болатович, сіз мені шақырдыңыз білем?

Сапаp. Өз аузымнан тілдесіп кеткім кеп еді. (Қол алысады.) Отырмаймыз ба?

Мәлік. Суретке түсем деп кеп отырыппын. Мен тұрып-ақ сөйлесе берейін.

Сапар. Мен де бұрын президиумда отырудан шаршаушы ем. Енді міне, сайрандауға еркінмін. Әр қысылудың бір жазылуы болады екен ғой.

Мәлік. Онда сіз де мендей оптимист екенсіз.

Сапар. Екеуміздікі екі түрлі оптимизм екен. (Бөгеліп.) Сіздің дәрігеріңізбен сөйлесіп ем, жасырмады. Сіздің жағдайыңыз недәуір ауыр көрінеді. Ол маған...

Мәлік (бөліп кетеді). Ал сіз байқамай дәрігер құпиясын жариялап жүрмеңіз.

Сапаp. Әзілге айналдырмаңыз, Мәлік Айдарович. Сіз өзіңізді дұрыс ұстамай жүрсіз. Дәрігерлер сізге төсек режимін қолайлы санайды екен. Ал сіз не істеп жүрсіз?

Мәлік (күлімсіреп). Мен бе... мен жасырман айтайын: ЦК-ға қатынаймын, хатшылармен сөйлесемін. Ойларымды айтамын.

Сапаp. Соның бәрі саулығыңыздың жауы. Дамыл таппасаңыз ақыры қатерге соқтырады.

Мәлік. Аяқтайын бастаған әңгімемді. Содан кейін...

Сапаp. Бірыңғай дем алуға көшіңіз. Сізге толық тыныштық, тыныштық қана керек! Соңғы кардиограммаңыз?..

Мәлік. Сіз оны да білемісіз! (Кідіріп.) Кенеттен пайда болған осынша қамқорлығыңыздың себебі неде? Айтар ма едіңіз?

Сапаp. Бірақ қана басыңыздың саулығы үшін, бірімізді біріміз қорғамасақ кім болғанымыз.

Мәлік. Біздеріңіз кім?

Сапар. Бір буыннан шыққан замандастарды айтамын. Байқайсыз ба, көбіміз кетіп, азымыз қалыпты. Сізден рұқсатсыз денсаулығыңызға араласқаныма кешірерсіз. Қараптан қарап жата алмадым, қам жасау қажет болды. Мінеки үкімет санаториіне жолдама. Екі ай жатып емделсеңіз, құлан таза сауығып қайтасыз.

Мәлік. Қиынға түскен шығар бұл жолдама?

Сапар. Рас айтасыз, қиыншылықпен түсті. Ескі байланыстар жәрдем етті. Алыңыз, игілікке пайдаланыңыз.

Мәлік. Менен құтылу керек-ақ болған екен де...

Сапар. Апырмау құрбы қамқорлығына да шегіңіз бар ма? Бұл менің жақындық міндетім емес пе, Мәлік Айдарович?

Мәлік. Жетер енді, Сапар Болатович, біріншіден, сіз мені дос санамайсыз. Мен де сізге солаймын. Біз екеуміз көбірек жауласушыларға ұсаймыз.

Сапар (сенімді дауыспен). Мәлік жолдас, ұмытпағайсыз, сіз бен біз бір партияның қатарындамыз!

Мәлік. Мүмкін сіз қатарында шығарсыз. Ал мен сол партияның күрескерімін.

Сапаp. Қойыңыз, біз екеуміз күресіп болғанбыз.

Мәлік. Жоқ! Сізде әлі қуат көп. Қара күш көп алысар!

Сапаp. Күштің ақ, қарасы болмайды. Ал сізде қандай күш бар? Сіз күрескер емес, аурусыз, емделу керек әуелі.

Мәлік (қызу). Менің күшім — шындық күші, сіз қорқатын күш! Өйткені, ол партиямың күші! Мен емес, сіз кетуіңіз керек әуелі! Қанша талпынсаңыз да, жастарды бұзып паналасаңыз да, сізге тізгін енді қайта тимейді! Партияны бұра алмайсыз кейінге. Доғарыңыз, Болатов! (Жақындап.) Жастарды да сіздің қолға бермейміз.

Сапар. Жас дегеніңіз Дәурен бе?

Мәлік. Иә, ол туралы да айтып тұрмын.

Сапар. Аталды ғой аты, ендеше ол туралы мен де айтайын. Дәурен менің шәкіртім. Қай қызметке болса да әзірлігі сай жігіт. Тепсе темір үзуге жарайды, тұла бойы толған қайрат сарқылмас. Біліміне ақылы сай, қазақпен қазақ, орыспен орыс. Болашағы қандай бай! Сондай жастың сорына сіз туыс боп келіпсіз, бақытсыздық ала кепсіз үйіне. Өзіңізге сенген аңғал жанның пышақ сұқтыңыз сыртынан... Шынын айту керек. Дәуренге деген сенім мұқалды...

Мәлік (бөліп кетеді). Аңқаусымаңыз, Сапар. Менсіз де Дәурен министрлікке етпес-ті. Сізді аластаған әділ күш — сіздің шәкіртіңізді де білуге тиіс. Жоқ, әлде, сіз қапыда кеттім деп жүр ме едіңіз? Алданбаңыз жалған ойға, алданбаңыз қолға түспес қиялға, сіздің өткен уақытыңыз енді қайтып оралмайды!

Сапар (тайсалмай). Тағы да айтамын: бір мұқаттыңыз Дәуренге деген сенімді. Енді доғарыңыз. Тартып басыңыз аяғыңызды.

Мәлік. Санаторияға кетейін бе?

Сапар. Иә, тез жүріп кетіңіз, қалған сөзді өзіміз аяқтаймыз. Сеніңіз маған, кетіңіз. Күйеу балаңыз бен туған қызыңыздың пайдасы үшін кетіңіз. Өзіңіз де содан зиян көрмейсіз.

Мәлік. Әлі түсініп жеткем жоқ. Бұл не қорқыту ма, жоқ, әлде, сатып алғыңыз келеме?

Сапаp. Төзіп бақтым, тыңдадым. Сіз де аямай тілдедіңіз құрбыны. Соның бәрін байқасам сандырағы екен аурудың. Тағы да сұраймын. Кетемісіз санаторияға, жоқ па? Өміріңізді сақтағыңыз келе ме?

Мәлік. Өмір қымбат. Бірақ оны сізден сатып алмаймын.

Сапар. Онда жауласады екенбіз де.

Мәлік. Жаумыз. Жауласамыз.

Сапар. Ендеше өз обалыңыз өзіңізге.

Кетеді. Пауза. Үйден Дәурен шығады.

Дәурен (күдікті). Осында біреу болды білем?

Мәлік. Сапар келді. Ол маған санаторияға жолдама әкеліпті.

Дәурен. Сіз алмаған боларсыз?

Мәлік. Таптың.

Дәурен. Өсекке араласуды қимаған шығарсыз?

Мәлік. Дәурен, не деп тұрсың?

Дәурен. Не дейін, сезгенімді айтып тұрмын. ЦК-ға барып мені қаралағаныңызды білмейді деп пе едіңіз? Жақынсыз ғой маған, сеніпті сізге сол үшін. Туған атам тұрғанда басқа кімге сенбекші? (Кеткісі келеді.)

Мәлік. Кідір, Дәурен. Түсінісейік те.

Дәурен. Түсінбестей түк те жоқ. Сіз құлатыпсыз, мем құлаппын. Осы емес пе барлығы?

Мәлік. Барлық ұғынғанын осы ғана ма?

Дәурен. Маған осы да жетеді... Ұлы жеңісіңізбен құттықтаймын.

Мәлік. Мен сені құлату үшін емес, сүйеу үшін барғанмын. Түсінбеген екенсің, балам.

Дәурен (кекетіп). Ата — дана, бала — ақымақ, қайдан түсінсін...

Мәлік. Иә, иә, сүйеу үшін барғанмын. Меңдемесін ауруы, тұрмастай боп құламасын деп едім.

Дәурен. Санаториядан да сол үшін, мені емдеу үшін қалған екенсіз ғой. Шақырмай келген, дәрігер, оныңызға көп рақмет. Өзіңізді емдеңіз әуелі!

Мәлік (үлкен қиындықпен сөйлейді). Тағы да айтамын, мен емес, сен емделуін керек. Мен ауырсам... тіпті... өлсем де оқа емес... Екі-үш адам, жылайды да қояды. Ал сенің... сенің кеселің — елге сор... қайғы әкелетін кесел...

Дәурен Қойыңыз, ата, ауруды. Қиналғанның ролін ойнап қайтесіз... Бәрібір оған тырнақтай да сенбеймін. Жайшылықта кісі аярлық ерке ауру.... Зиян етерде шындық үшін күрескер... Неткен түпсіз мекерлік. Сіз әлі талайды көрге тығарсыз.

Мәлік. Шын-ақ жәрдемдеспек ем. Қызымның ері деп емес, адам деп саған сеніп ем... Бірақ сен де Сапардай оңбай ауырған екенсің.

Дәурен. Қандай ауру, құрт па, рак па екен?

Мәлік. Одан да жаман, Дәурен, коммунистігіңді жоғалтыпсың.

Дәурен. Солай ма?! Жұмыстан қаққан аз екен, енді партиядан айдатпақсыз ба? Жоқ, ол қолыңыздан келмейді. Сіз алған жоқсыз партияға шығарушы да сіз болмайсыз. Осы жағы есіңізде болсын, қайын атам!

Долданған күйі, шапшаң басып көшеге шығып кетеді. Үйден баяу басқан Маржан шығады.

Маржан. Мәлік аға, кешіріңіз.

Мәлік (бұрылады). Не үшін?

Маржан. Бәрін көріп, бәрін естігенім үшін.

Мәлік. Мен өзімді дұрыс ұстамадым ба?

Маржан. Жоқ, маған мақтан болғандай ұстадыңыз! Сапармен сөйлесе бастағаныңызда-ақ кетуім керек еді. Бірақ жүзіңізді көрдім де, тапжыла алмадым орнымнан. Көптен іздеген, таппай келген бейнеңізді таптым. Әр сөзіңізде тас жарғандай күш жатты. Енді портретіңіз де шапшаң бітуге тиіс.

Мәлік. Күш дедіңіз бе? Менде ол сарқылған сияқты-ау. (Ауыр қозғалып скамейкаға отырады.)

Маржан (үркіп). Не болды?

Мәлік. Анда... стол үстінде валидол бар еді. (Маржан жүгіріп барып валидол әкеледі. Мәлік аузына салады.)

Маржан. Розаны шақырайын ба?

Мәлік. Жо... жоқ. Жұмысын істесін. Шамалы жеңілдеген тәрізді... (Пауза.) Кешіріңіз, Маржан, мен сізді шошытып алдым білем...

Маржан. Рас шошыдым. Болатов бір нәрсені дұрыс айтты: сізге тыныштық керек. Бұл үйде сіз тыныштық таппайсыз.

Мәлік. Тыныштық кісінің өз ішінде шығар. Көзі байлаулы, құлағы тығындаулы адамға бар жер тыныштық қой.

Маржан. Сіз өйтіп тұра алмайсыз, мүмкін сізге емделуге кету керек шығар?

Мәлік (жымиып). Онда портретті қалай аяқтайсыз? Әзілі жоқ, сіз өзіңіз қалағандай портрет жазып шығуыңыз керек.

Маржан. Керек-ақ. Бірақ...

Мәлік. Ендеше уақытты босқа өткізбейік.

Шымылдық

Төртінші сурет

Үйдің екінші актыдағы көрінісі. Сол жасаулар сол орындарында. Ішкі бөлмелердің бірінен пианино сарыны кейде асқақ, кейде бәсең естіліп, бірде үзіліп, бірде жалғасып тұрады. Мольбертида Маржан, креслода Мәлік мүлгіңкіреп отыр. Маржан жүзінен еңбек қуанышы аңғарылғандай. Алыстан күн күркірі естіледі.

Мәлік (басын көтеріп қалып). Атып жатыр ма?

Маржан. Күн ғой, күркіреген. Бірақ тағы да жаумай өтетін сияқты.

Мәлік. Түу... мен қалғып кетсем керек. Мені неге ұйықтаттыңыз?

Маржан. Оқасы жоқ.

Мәлік. Мен позамды бұзыппын ғой!

Маржан. Түк те бұзылған жоқ. Енді қалай отырсаңыз да еркіңіз.

Мәлік (қуанып). Шын-ақ бітірдіңіз бе?

Маржан. Бітірдім.

Мәлік. Енді қайта өзгертпейсіз бе?

Маржан. Жоқ. Өзгертпек болсам екі қолымды байлап тастаңыз.

Мәлік. Қайырлы болсын. Қолыңызды қысуға рұқсат етіңіз! Көруіме бола ма? (Маржан мейірімді күлкімен басын изейді. Мәлік жақындап барып суретке қарап тұр.)

Маржан. Сынай беріңіз, Мәлік аға.

Мәлік. Ол сыншылардың міндеті, мен жанашырыңыз ғанамын. (Үнсіз қарап тұр.) Осы рас-ақ мен бе?

Маржан. Ұсамайсыз ба?

Мәлік. Әрине ұқсастық бар. Бірақ сіздің қолыңызбен жасалған әсемдіктер анағұрлым көп. Жүзінде қандай байлықтар жатыр. Мұндай ету үшін үлкен жан, зор талант керек.

Маржан. Соның бәрі сіздің байлығыңыз.

Мәлік. Жоқ, олай емес. Сіз ауру полковниктен шабытты ақын жасағансыз.

Маржан. Осындай бір шабытты кезіңіз де болған!

Мәлік. Мүмкін. Бірақ ол жылт еткен де сөнген ғой. Ал сіз мәңгі өлмес ақынға айналдырғансыз, (Сәл шегініп.) Не деген ғажап! Жыр төккелі, ән бастағалы тұрғандай емес пе? (Маржанның қысылғанын байқап.) Қысылмаңыз, шын айтам. (Қолынан сүйеді.) Әйел суретшінің еркек бейнесінен осыншалық тазалық табуы үлкен ерлік.

Маржан. Мүмкін ол ерлігім емес, егделігім шығар. Егер жастау болсам... ерлігімнен жүрегім күштірек болса... мен қазір-ақ сізге...

Мәлік (толқып). Жетті, Маржан. Ауру жүректің де әлі ыстық екенін мен көрсетуім керек. (Өзіне тартады.)

Маржан (жәй ғана босанып). Тек қазір емес... Көрмейсіз бе, өн бойым бояу... Ең әуелі портретті үйге жеткізейін.

Мәлік. Бермеймін. Маржан.

Маржан. Қарсыласпаңыз, мен мұны өзім үшін ғана жасағанмын.

Мәлік. Әйтсе де қазір әкетуге асықпаңыз. Әуелі жуайық.

Маржан. Оны біздің үйде жасаймыз.

Мәлік. Жоқ, көнбеймін. Мен барып шарап әкелейін, балаларды да шақырайық. Мына күңгірт үйде де көңілді бір күн өтсін. (Кетеді. Маржан қиялдап тұр. Өз кабинетінен ажары суықтау Дәурен шығады. Әуелі Розаның бөлмесіне құлақ тосып аялдайды, одан Маржанға келеді.)

Дәурен. Еңбегіңізге сүйсінемісіз?

Маржан. (бұрылып). Дәурен, үйде ме едің?

Дәурен. Сырқаттау көрінем. Бармадым қызметке. (Портретке тесіле қарайды.)

Маржан. Ұнай ма?

Дәурен. Маған қазір аюдың, қасқырдың суреті ұнар. Ал мынау ұнамайды.

Маржан. Не деп тұрсың, Дәурен?

Дәурен. Осындай да адам бола ма екен? Қараңызшы көзіне!

Маржан. Ойлы, мейірімді көз емес пе?

Дәурен. Сізге солай шығар. Ал маған жауыққан, өшіккен көзбен қарап тұр.

Маржан. Мұның әділдік емес.

Дәурен. Сіздікі де әділдік емес.

Маржан. Өз өмірімдегі ең сүйіп жазған портретім осы болар.

Дәурен. Сатыңызшы маған.

Маржан (әзілге айналдырғысы келіп). Қымбат сұраймын, Дәурен.

Дәурен. Сұрай беріңіз. Барлық дүниемді сатып алуға әзірмін.

Маржан. Жаңа ғана ұнамайды демеп пе ең?

Дәурен. Ұнамағаны үшін аламын. Я от жағып өртеймін, я болмаса пышақпен тілім-тілім тураймын. (Столдың үстіндегі пышақты алған, портретке ұмтылады.)

Маржан. Дәурен! (Құшақтай алады.) Жындандың ба, шырақ?! (Қарсы тұрып.) Одан да пышағыңды маған сал!

Дәурен. Кешіріңіз! Маржан!.. (Пышақты лақтырып тастайды.) Рас, мен жынданған шығармын. (Теріс айналып тұр.) Әкетіңіз, жеңге, асылыңызды. Мұнда қалуына ырза емеспін.

Маржан. Мұнда өзім де қалдырмаспын. (Портретті көтеріп кетеді.)

Дәурен (бөлмеде алас ұрып жүр). Кетсең еді өзің де портретіңнің ізімен. Босатсаң еді үйімді. (Енді оның құлағына қатты сарынға айналған пианино үні келеді.) Пәле, қандай қызу музыка, айналам өңшең таланттар, үйім менің музыканттар, художниктер ордасына айналды. Өңшең отты сезімдердің ішінде тоңазыған мен ғана... Мен өнерге де икемсіз, (кідіріп) басшылыққа да балауса екенмін. Мүмкін атам дұрыс айтатын шығар? Бойымдағы жігер деп жүргенім алдау шығар өзімді? Онда қайттім апыр-ау? Жо... жоқ. Олай емес, Мүмкін емес! Онда өмірді бекер өткізіп келгенім де. Жоқ, көнбеймін, мырзалар! Жатпаймын бесікке қайтадан! (Розаның бөлмесін жұдырықпен соға бастайды.) Ей, Қайрат! (Қайрат шығады.)

Қайрат. Сен бе шақырған?

Дәурен. Мен шақырған. Шаршадым сендердің музыкаларыңнан.

Қайрат. Өзім де солай ойлап ем.

Дәурен. Күнде тыңдау титықтатты жанымды. Болдырдым.

Қайрат. Санаң жеткенге сабырың жетпесін білгенмін. Жеңіл өмірге дағдыланғандар шаршағыш келеді.

Дәурен. Мүмкін, шынығу үшін маған да отырып қайту керек шығар.

Қайрат. Теріс болмас еді. Түрме желік басуға қолайлы орын.

Дәурен. Жарайды ендеше. Пікір алыстық, түсіністік. (Столға бутылка коньяк, екі рюмка қояды.) Одан да ішіп жіберейік.

Қайрат. Мен ішпеймін.

Дәурен. Ішпеуші ме ең?

Қайрат. Ішпеуші ем.

Дәурен. Ұстамды екенсің. Ал мен — ішемін. (Рюмканы толтырады.) Әйелім мен екеуің істеп жатқан жұмыстарыңның табысты болуы үшін! (Ішеді.) Сен де менің табысым үшін бір рюмка ішуің керек еді. (Кідіріп.) Ішпей-ақ қой. Атам оны тірідей көмген қолымен. Өзің де естіген шығарсың! Қуанамысың?

Қайрат. Маған бәрі бір. Сен менің басымда жоқ адамсың.

Дәурен. Солай ма? Ал Роза ше? (Қайрат үндемейді.) Неге үндемейсің? Тым болмаса приличия үшін жayaп бер: жат адамның қайтемін де әйелін. (Қайрат тіл қатпайды.) Ендеше басқаша айт. (Ызаландырғысы келіп). Үзілген жоқ үмітім, Розаның жарқын бейнесі көз алдымнан кеткен жоқ. Анда, жалғыз жатқанда да бірге болды жанымда де...

Қайрат (бөліп кетеді). Құтырма, Дәурен. (Кідіріп.) Мен Розаны сүйемін.

Дәурен. Ол ше? О да сені сүйе ме?

Қайрат. Оны өзінен сұра Розаның.

Дәурен. Жоқ, сұрамаймын! Музыкаңды сылтау ғып, кіріп алып үйіме...

Қайрат. Музыка сылтау емес. Бұл туралы бір ауыз сөз қатысқан емеспіз. Ал бітірген соң... (Үндемей қалады.)

Дәурен. Неге үндемей қалдың?

Қайрат. Өзім де білмеймін. Жұмыс біткен соң не дерімді... Осы минутқа дейін ойланбаған екенмін...

Дәурен (шапшаң). Ендеше о жағынан қам жеме, өзіме қалдыр бәрін де!

Маржан кіреді. Үнсіз кистларын, бояуларын жинап алады.

Маржан. Қайрат, мольбертті біздің үйге апарып салармысың?

Қайрат. Апарайын, Маржан aпa.

Маржан кетеді. Қайрат та мольбертті алып есікке тақалғанда бұрылады.

Ақырын кейін көреміз. Ал қазіргі творчестволық бірлігімізге кесір жасама. Оныңнан түк те шықпайды.

Кетеді. Пауза. Өз бөлмесінен Роза шығады.

Роза. Қайрат қайда?

Дәурен. Онсыз бір мерзім тұра алмайсың ба?

Роза. Кешке репетициям, ал біз екінші бөлімнің финалын да бітірген жоқпыз, отырады. (Қандай шаршағанмын. Көзін жұмып, қолын дем алдырады.) Үш сағат жұмыс істедік.

Дәурен. Ал мен түк тындырмай болдырыппын.

Роза. Ертең қызметке шығамысың?

Дәурен. Білмеймін, (кенеттен күдіктеніп.) Неге сұрадың? Үйде отырсам жұмыстарына бөгет жасаймын ба?

Роза. Жоқты айтпай отыр.

Дәурен. Доғар бәрін, Розажан. Бұдан әрі төзетұғын емеспін.

Роза. Саған не болған?

Дәурен. Ішіме бір шоқ түсіп еді, тұтанды да дауылдаған от болды. Қызғанам сені Қайраттан. Түсінемісің?

Роза (салқын). Түсінбеймін, түсінгім де келмейді. Менің алданышым да, қуанышым да музыка. Оған сен араласушы болма.

Дәурен. Мен музыка емес, Қайратты айтып тұрмын.

Роза. Мен де соны айтып тұрмын. Дәурен.

Дәурен (жәй). Сен әлі ұмытқан жоқ па едің... оны?

Роза. Қайратты сен үшін ұмытқам. Енді Қайрат үшін сені ұмытсам теріс пе?

Дәурен. Қандай салқын, ұстамды айттың, Розочка. Түрің жоқ қой қысылар. Мені де қысып құшпап па ең, жар тұтпап па ең, сүйем деп? Соның бәрі жалған ба еді?

Роза. Жалғаны жоқ. Бәрі де рас болатын.

Дәурен. Қазір ше?

Роза. Ақша қудың, дәреже қудың дамылсыз. Көңілімді қалдырдың.

Дәурен. Соның бәрін сен үшін істедім емес пе? Бір сенің махаббатың үшін, Роза!

Роза. Мүмкін. Бірақ оларың мені жылытқан жоқ.

Дәурен. Әрқашан да мұндайда еркек жазықты... Тым болмаса екеумізге ортақ перзент те болмапты ғой арамызда. Асықпайық... Бала екеуміздің жұмысымызға да бөгет жасар деп ойлап ем... Ақымақ басым, қалай қателескенмін.

Роза. Ол сенің қатең емес. Мен... өзіммін болдырмаған.

Дәурен. Неге?

Роза. Сенен бала сүйгім келмеді.

Дәурен. Түсінікті. (Өзгерген дауыспен.) Жасырмай, тура айтқаныңа рақмет. Роза, білесің ғой сырымды. Мен я сынып, я сөніп бөгелер адаммын. Жаңағыдан сөзді екіншілей есітпейтін болайын.

Роза. Мен шынымды айттым емес пе, оның несі сөкет?

Дәурен (қаһарлы). Қысқарт! Мен сол шының үшін жазалаймын. Сыйлап сүймесең, қинап сүйдіремін өзімді. Енді бала туасың!

Роза. Қинап сүйдіремін деймісің?

Дәурен. Иә, сөйдеймін. (Ілулі тұрған қамшыны алады.) Мынау әкемнің ит үйрететін қамшысы. Енді мен осы қамшымен сені үйретемін.

Роза. Ендеше қош бол, қамшылы батыр. (Есікке беттейді.)

Дәурен (құтырынып). Тоқта! (Алдынан шығады.) Аяғыңды аттап бассаң аяман!

Роза. Қамшыдан қорыққанша өлермін! (Есікке қайта беттейді.)

Дәурен. Мә, ендеше!

Барлық пәрменімен қамшымен тартып жібереді. Роза құлайды. Сырттан Мәлік, Маржан, Қайрат үшеуі келіп қалады.

Роза. Папа!

Дәурен қамшыны қайта көтерген. Бірақ оқтай атылған Қайрат ұрғызбай ұстап қалады.

Қайрат. Мен соқсам тіл тартпастан кетер едің.

Дәурен. Соқ ендеше, аяма. Содан соң кезек менікі. (Қамшыны еріксіз ұстатады. Қайрат қамшыны қайқая көтереді.)

Мәлік. Тоқта! Жалғызымды өзім де қорғай аламын. (Қамшыны алып, үйіре көтереді. Дәурен еріксіз шегінеді. Мәлік кенеттен жүрегін ұстап қалады.)

Роза (шошынып). Папа!

(Мәлік әрең құламайды. Роза мен Қайрат демеп қалады.)

Мәлік. Жоғарыға шығарыңдар...

Қайрат пен Роза сүйемелдеп Мәлікті жоғары әкетеді. Оларға ілесе Маржан да кетеді. Бір-екі басқыш көтерілген Дәурен тұрып қалады. Одан соң аз ғана тың тыңдап тұрады да, жүгіріп өз бөлмесіне кіреді. Пауза. Сыртта нажағай жалтылдап, нөсер құяды. Жоғарыдан жүгіріп түскен Қайрат тысқа шығып кеткен, сәлден кейін Ділданы ертіп қайта оралады. Екеуі де жоғары көтеріледі. Пауза. Көшеден Келтек пен Сапар кіреді.

Келтек. Есік ашық, үй жым-жырт, тірі жан жоқ... (Пауза.) Сіз қатты суландыңыз ба?

Сапар. Онша емес. (Бөтелкені көрсетіп.) Құйып жібер. Тымауратпасқа жақсы. (Коньяк құйылады. Екеуі үнсіз ішіп жібереді.)

Келтек. Бейне бір қырылып қалған сияқты. (Бөлмесінен Дәурен шығады.) А, Дәурен, сен үйде ме едің? Біз сені безіп кеткен шығар деп ек. (Дәурен үнсіз. Құлағы жоғарыда.)

Сапар (қатал). Главкада неге болмадың?

Дәурен. Сырқатпын.

Келтек. Мүсәпір Дәурен. Аурыңның аты өкініш болар.

Дәурен (салмақпен). Дұрыс атадың, Келтек, өкініш.

Верандадан киімін қағынған Домбай кірген. Сөйлескендерді тыңдап тұрып қалады.

Келтек. Маған құптауың емес, уәде еткен дауыстарың керек. Қайда соларың? «Бес дауысты қалтамызда» демеп пе ең! Алдым мынаны. (Қолын шығарып көрсетеді.) Түсінікті ме?

Дәурен. Онда менің шаруам не?

Келтек (ызалана). Есітеміз, Сапар аға? (Дәуренге төнеді.) Көзіңді аш бала, не деп тұрсың сен маған? Пәленбай жыл қошеметтеп, қуаттап, сенен басқа жан таппады деп пе едің? Біз болмасақ кім едің? Мынау үйді әкең соғып беріп пе еді? Алған қатының үшін де маған қарыздарсың. Сен бізге көп қарыздарсың, боздағым!

Домбай (жақындап). Тоқта, Келтек, тоқта. Түсіндір маған әуелі. Сендер болмағанда Дәурен түкке татымас па еді?

Келтек (менсінбей). Түкке де?

Домбай. Сен үйімде қонақсың. Жақындығын тағы бар. Тие берме ашуына көненің. Кәрі қойшы өлген жоқ. (Жерден қамшыны алады.) Қорғай алады баласын!

Сапар. Сабыр етіңіз, ақсақал Дәуреніңізді ешкім қорлап тұрған жоқ. (Дәуренге.) Дәурен, түсінемін: сәтсіз тұста адамның әлсірер шағы да болады. Тәңірім сақтасын.. Босай көрме, қарғашым. Онда бәрінің де біткені.

Дәурен. Қазір мен ештеңеден де қорықпаймын.

Келтек. Естимісіз, Сапар аға? Түк қалмапты ғой өзіңде.

Сапар (өзімен-өзі сөйлескендей). Танып едім, полковник өте күшті еді... Бірақ Дәуренді осынша тез сындырар деп сенбеп ем.

Келтек. Көрінсе екен сол полковник тағы бір! (Жоғарыдан түсе бастаған Маржанды көреді.) Ей, Маржан! Сүйікті полковнигіңізді шақырыңыз!

Маржан. Ол неге керек?

Келтек. Шақырыңыз деймін!

Маржан. Айқайламаңыз. Жаңа ғана тыныс тапқан адамды аяу керек емес пе? Келтек. Ол бізді аяп па еді?

Маржан. Аяған. Сіздерді де түзелсінші, адам болсын деуші еді.

Баспалдаққа Қайрат пен Ділда да шығады.

Келтек. Сізбенен сөз таластыруға уақыт жоқ. (Қайратқа.) Қайрат, бізге полковник Мәлікті шақыр.

Қайрат. Полковник елді. (Дәурен оқтай атылып жоғары шығып кетеді. Қайрат жәй ғана төмен түсіп келеді.)

Оқ дарымаған, от жандырмаған ер қайтыс болды.

Ділдә. (Келтек пен Сапарға). Сендер өлтірдіңдер, азулылар. Кекке толы жүрегі жарылып тынды ақыры.

Маржан. Жоқ, апа, жүрегі оның кекке емес, махаббатқа толы еді. Оны да біз ұмытпаймыз мейіріммен... (Пауза.)

Домбай. Жүр қария, біз де барайық...

Домбай мен Ділда жоғары кетеді. Сапар мен Келтек білдірмей басып шығып кетеді. Жарық жалғыз Маржанды көрсетіп тұр.

Маржан (өзіне). Күткен жаным келгендей боп сезініп, іздегенім табылды-ау деп сеніп ем... От сөнгендей сене қалды үмітім. (Жарық енді жалғыз Қайратты көрсетеді.)

Қайрат. Әлі даусын тұрғандаймын есітіп. «Сенші, Қайрат, сенен де көп жоғалтқан мен де үмітсіз емеспін. Бақыт та, шаттық та сенің алдыңда. Бәрі де болады!..» деп еді.

Қайраттың осы сөзін қуаттағандай оның ораториясының мықты бір сарыны көгере жөнеледі. Қайрат жай басып кетіп барады.

Шымылдық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз