(Алты картиналы, екі интермедиялы)
Мастура.
Пәрман — шебер, ғимарат соғушы.
3ейнеп — Мастураның анасы.
Қатыран — Пәрманның әкесі.
Рүстем — Мастураның ағасы.
Xан — Монғол ханы.
Бөгде — ханның қарт кеңесшісі.
Күзетші — жас ақын, бала жігіт.
Шүкәйт — хан батырының бірі. Шабарман.
3ылиқа — Мастураның жақын қыздарының бірі.
Бірінші тыңшы.
Екінші тыңшы.
Бірінші өзбек.
Екінші өзбек.
Халық, жендеттер, қыздар.
І-ИНТЕРМЕДИЯ
Күн жаңа ғапа батып қарауытқан шақ. Ескі Азия қаласының бір шеті. Бақша қасынан өтетін жол. Соғыс сарыны естіледі. Әлдеқайдан қосылып тартылған керней даусы үстелей естіліп, қорқыныш хабармен шақырғандай, сахнадан асыға басып қашқан халықтар өзбектер, оларға аралас қарулы адамдар да шегініп кетіп жатады. Топ ішінен паранжасын ашып тастап тоқтаған қарт ана Зейнепті көреміз. Ол өз жүрегімен өзі алысып тоқтаған. Артына бұрылып қарайды, кәрі көздерінен жас емес шоқ шашылғандай. Қарсы алдынан жалаңаш семсерлі, асығa басып кірген баласы Рүстем кездеседі.
3ейнеп. Рүстем, жүрегім Рүстем!
Рүстем.
Ана! Неге тоқтадың?
Зейнеп
Қайтa ойландым, бел байладым кетпеске.
Рүстем.
Жоқ болмайды, апа, тоқтауға.
Келіп қалды, жау жақын.
3ейнеп.
Мейлі, балам, келе берсін.
Рүстем.
Балам десең ая мені, анажан,.
Ойлама кейін қайтуды.
3ейнеп.
Сен де ая, ұлым анаңды,
Зорлама алып кетем деп.
Рүстем.
Неге? Не үшін?
3ейнеп.
Мен туғалы жетпіс жыл.
(Еңкейіп топырақ алады.)
Жаралдым осы топырақтан.
Жетпіс жыл бірге осы жермен жасадым.
Осы жердің үстінде
Қызығын көрдім жастықтың...
Жаныма тең жар сүйдім,
Өзегімді қақ жарған
Сен сияқты ұл тудым,
Мастура-сынды періштедей қыз тудым,
Гүлін де өзім өсірдім,
Құсын да өзім ұшырдым.
Көктегі күні, өзендегі суы да
Қасиеттерін аяған жоқ мен үшін.
Көз жұмған күні жан беріп,
Өз жерімде жататын
Қабырым да қазулы.
Жоқ, кетпеймін...
Ақ топырақты күңірентпеймін...
(Рүстемге жақындап, даусын өзгертіп.)
Мастура қайда?
Рүстем.
Көргенім жоқ, аман ба екен?
Өзім тауып алармын.
3ейнеп.
Жолың болсын, балам. (Кетуге айналады.)
Рүстем.
Ендеше мен де қалам қасыңда,
Не көрсем де, бірге көрем өзіңмен!
3ейнеп.
Жоқ, жоқ!
Құл тумадым, ұл туғанмын.
Сол үшін де Рүстем қойдым атыңды,
Құл болам десең бірге қал,
Ұлым болсаң, қалың қолмен бірге қайта орал!
Босат мені, (топырақ ұстаған алақанын жазып.)
Босат мына топырақты,
Таптатпа ұзақ жауыма!
Рүстем (анасы ұстаған топырақтысүйіп.)
Дұрыс, ана, күт бізді.
Көкірек толған кекпен күт,
Жалын атқан отпен күт,
Арыстанның аузымен күт,
Қыранның тырнағымен күт!
Ал егер, сен үшін, ана, мерт болсам,
Шомылар болсам қаныма,
Дұшпаным шулап қуанса,
Сыйға тартса хандарына басымды,
Еңіреп жүріп сұрап ал,
Маңдайымнан ең соңғы рет бір сүйіп,
Туған жерге өзің көм...
Зейнеп. Дұрыс, балам. (Сүйеді. Осы кезде жаумен қағысып шегінген өзбек әскерлері сахнаға кіре береді.)
Рүстем. Хош бол, aнa! (Ана кетеді.)
Жігіттер, мен бөгейін тоқтамаңдар!
Рүстем асқан шеберлікпен жаудың алдыңғы тобын жалғыз бөгеп, бірінен соң бірін түсіріп тұр. Әлден кейін қайта серпіп қуып тастап, өзі де жалт бұрылып адамдары кеткен жаққа жоқ боп кетеді.
БІРІНШІ АКТ
1-картина
Шаһардың базар алаңы. Түн, айнала жанған үйлердің жалыны қызыл сәуле төгіп тұр. Биікке жайылған кілемнің үстінде әскер күзетінің ортасында хан төңіректегі өртке сүйсіне қарап тұр. Қолбасшылардың бірі Шүкәйт аз топпен келеді. Бас иеді.
Xан. Алдыңдар ма қыспаққа?
Шүкәйт (бас иіп). Алдырмай барады, ұлы хан.
Хан. Алдырмай барады? Қалай? Қамаңдар демеп пе едім, Шүкәйт!
Шүкәйт. Бір емес, үш қамадым...
Хан. Үш рет босаттым де!
Шүкәйт (тағы жақындап). Үш рет бұзып шықты, тақсыр.
Хан (ашулы). Сендер қайда болдыңдар?!
Шүкәйт. Кешіріңіз, ұлы хан,
Жүйрік жалқы болса кіммен жарыспақ?
Батыр жалқы болса кіммен алыспақ?
От құйындай жас батыр өзін-өзі
Аямай соқты майданға.
Жүрген жолын қызыл қанға бөктірді.
Атым Шүкәйт болғалы, талайдың жанын алғалы,
ажал мен алысып көргенім осы...
(Теңселіп барады.)
Хан. Шүкәйт, батыр Шүкәйт, өзін аманбысың?
(Жақындап келеді.)
Шүкәйт (әрең құламай). Жоқ, тақсыр... Жаралымын... (Құлап бара жатқанда хан өзі сүйеп жатқызады.)
Xан (өзіне-өзі). Жау да болса, шын батыр екен жас батыр.
Арыстан екен құлағанша берілмес.
Әттең мендік болар ма еді...
(Шүкәйтқа үңіліп.)
Аты кім екен өзінің?
Шүкәйт (басын әрең көтеріп). Рүстем болса керек.
Xан (қайта зәрленіп, қолын сәл көтеріп). Хабарлаңдар, жандыра түссін тағы да!
Шабарман. Жарайды, әміршім. (Кетеді. Осыдан кейін жалын алып жүгіріп өткендер көрінеді. Өрт жан-жақтан үдей түседі. Жылағандар шуы да қосыла үдейді.)
Хан.
От. Менің отым... Менің жалыным!
Мықты батыр жалыныммен алыссын.
Байқасып көрсін кәнеки.
(Әскерлеріне түнере қарап.)
Ей, «жел!» деңдер!
Әскер (Бір дауыспен).
Жел, жел!
Хан.
Дауылдат, жел!
Көнбес елдің төбесінде ұйтқи соқ!
Қадаған туым жалыннан
жарыса желмен ұлассын.
Жұтсын бәрін, күл етсін!
(Шабармандар бір топ халықты айдап келеді.)
Сендер кімсіңдер?
Қатыран (Ілгері шығып). Өзбекпіз.
Хан. Жоқ, жалған айтасың!
Қатыран. Енді кімбіз, хан?
Xан (ақырып). Тұтқынсыңдар, құлымсыңдар!
3ейнеп (паранжысын жұлып алған, ілгері шығып, өз адамдарына қарайды). Жоқ, ханның өзі жалған айтады. Ұлымсыңдар!
Xан. Сен кімсің? (Төніп келеді.)
3ейнеп (қарсы қадала қарап). Танымаймысың, ұлы хан?..
Xан (шегініп). Жоқ, танымаймын.
3ейнеп. Мен анамын. Сен де анадан туғансың.
Xан.
Рас, мен де анадан туғанмын.
Бірақ менің анам басқа ана.
3ейнеп.
Емізбеп пе еді ақ сүтін.
Жүрегіңді мейіріммен жумап па еді?
Хан (басын шайқайды).
Жоқ!
Жасқанбас үшін жауымнан,
Жүрегімді жалынменен жуыпты.
Аямас үшін жауымды
Жүрегімді жыланның қаныменен жуыпты!
Мені шешем жеңу үшін ғана туған.
3ейнеп. Қаһар етпе, ұлы хан. Мұны да қата айтып тұрсың.
X а н (зәрленіп). Неге?!
3ейнеп. Бәріміз де баланы жеңу үшін туғанбыз?
Xан (күледі). Ха-ха-ха... Жеңіс үшін тек хандар туады.
Зейнеп. (О да күледі). Ендеше менің балам да хан!
Хан (мысқылдап). Хан? Қандай хан, қай елдің ханы?
Зейнеп. Ұлы хандардың бірі, менің от басымның ханы?
Хан (кекетіп). Ханың қайда?
Зейнеп. Жеңіс сапарында.
Xан. Ол кімді жеңбекші?
Зейнеп. Жеңем деушілерді.
Хан. Аты кім?
Зейнеп. Естімеп пе ең ұлы хан?
Хан. Жоқ.
Зейнеп (қатты). Рүстем!
Хан. Ә.. ә! Солай ма, Рүстем бе?
Мықты болса қайта келсін еліне,
Шешесінің қанын алсын қолымен.
Қылышпен шабуға ұмтылады. Осы кезде пердесін ашып жіберіп ортаға Мастура түседі. Хан Мастураның ай жүзінен есінен танғандай, көтерген қолы төмен түсе береді. Ақырында қылышына сүйеніп тұрып қалады.
Мастура. (шешесін құшақтап). Ана!..
Зейнеп. (асылып). Мастурам!
Мастура. (ханға).
Анам үшін мені шап
Қомағай семсер қанқұмар
Күнәсін жусын жүзінің
Хан.
Қасиетті болса қаныңды
Өз қасымда сақтаймын.
Шын күнәкер болғанда
Семсер емес, жүрегімді жуармын.
(Өз адамдарына)
Апарыңдар бәрін де.
(3-4 жасауыл тұрғандарды айдап кетеді, хан оларға қарап тұр. Бөгдеге.)
Бөгде, бұл кім? Адам ба,
Әлде алдаушы елес пе,
Бөгде.
Елес болсын лайым.
Xан (жақтырмай).
Бұл қай тілегін?
Естімейін екінші.
Бөгде.
Мейлің хан ием. (Сәл бас иеді.)
Мейірімсіз бола ма деп түшіркендім,
Сосын айтып ем...
Хан.
Сен ордасын бұз, ол саған құшағын жайсын.
Солай ма?
Бөгде. Дәл айттың, әміршім, ордасын бұзып уын тұщытуға болмайды, менің де ойлағаным, осы еді... Ал...
Хан (бөліп). Болды. Бөгде, болды. Ішіңде сақта қалғанын! (2—3 әскер қолы артына байланған Пәрманды айдап әкеледі.)
Пәрман (тұрғандарды көріп тоқтап қалған, одан кейін жүгіре басып келеді.) Хан қайда, хан?!
Хан (бөліп). Айта бер, жігіт.
Пәрман. Хан!
Қаһарыңды менен ал,
Аяма, жандыр, отқа сал!
Желге суыр күлімді,
Не қаласаң соны істе,
Тек арызыма кұлақ ас!
Xан.
Арызың не?
Пәрман.
Өртті бас!
Хан.
Отқа өтініш жүрмес болар, жігітім.
Басылмайды тарқағанша құмары,
(Қолын нұсқап). Әне! Әне!
Көремісің кескінін?
Араша деген аспанға да ашулы,
Өршіп, шапшып ызамен
Бет бақтырмай қарпып тұр.
(Даусын өзгертіңкіреп.)
Алысып жығар алыбын
Астына баспай құшырмен,
Жыртып болмай жосалап,
Бой бермейді пендеге...
(Өзі құмарлана қарайды.)
Арыстандай ыңыранған соның даусы...
Есітемісің күтірлетіп шайнауын,
Тістері неткен өткір ед?!
(Өртке қадаған көзін алмастан тұрып қалып.)
Ей, «жел!» деңдер!
Тұрғандар (бip үнмен). Жел! Жел!
Пәрман. (көзі жұмулы). Сел! Сел!
Xан (жалт бұрылып Пәрманға қарайды, қасына төніп келіп). Маған қара!
Сел сұрама, жел сұра.
Пәрман.
Аяма, хан!
Тастай бер енді отыңа,
Маған десе бассын аузын,
Осынау жанған сарайға
Қосақтап мені күйдірсін.
Қираған мәрмәр тастары
Қаным болсын төгілген,
Құлаған алтын күмбезі
Қабырым болсын көмілген.
Осы жалғыз сұрарым!
Xан.
Heгe күйіндің, сенің үйің бе еді?
Пәрман.
Үйім емес, өмірім еді.
Бөгде.
Ә, сен бе едің соққан сарайды? (Демейді.)
Пәрман
(жәй). Мен... мен...
Бөгде
(ханға). Атақты шебер осы екен, әміршім.
(Пәрманға қайта жуысып.)
Өкінбе, шебер, ендеше! (Қолын шешеді.)
Жер иесі алдыңда тұрған, ұлы хан,
Кем болмайсың ол барда,
Кемімейді өнерің,
Арттырғандай атағын,
Әлемде бұрын болмаған,
Сәулетті сарай соғасың.
Пәрман (үркіп, шегінеді.)
Жоқ... Жоқ!..
Шебер емес енді мен,
Жаным кеткен кеудемнен.
Жанып болдым, құлаймын...
Хан.
Құламайсың... Енді мен үшін соғасың.
Соға алмасаң мен үшін
Неге тудың шебер боп,
Керегің қанша дүниеге?
Пәрман (есін жиып).
Өртеушіге, бұзушыға
Қажеті не сарайдың?
Өзің жауап бер, хан!
Xан.
Ат қорам болсын қаласам,
Қаласам тағы өртейін,
Не қылсам да өз еркім...
Ал сен, шебер, (төне жақындап.)
Бойыңдағы барыңды,
Барлық өнер, күшіңді
Жеңіп келген мен үшін ғана жұмсайсың!
Пәрман.
Келмейді енді қолымнан.
Xан (жалынды нұсқап).
Ананы қалай соғып ең?
Пәрман.
Оны ма?
Ол кезде мен тірі едім,
Орманның қызыл гүлі едім,
Көкірегім көкпен тең,
Қанатты жанның бірі едім.
(Жанған сарайға қадала қарап.)
Ол сарайдың іргесі
Ата, ананың тілегінен жаралған,
Ол сарайдың тастары
Жас өспірім сәбилердің
Күлкісі мен шаттығынан қаланған.
(Қорқып.) Әне, бәрін, жұтты жалын!
Мені де жұтты сұм жалын!
(Жанған үй құлай бастайды.)
Жақындады ажалым.
(Теңселіп барып құлап кетеді.)
Бөгде (басын сүйеп, жүрегін тыңдайды). Taлып кетті.
Хан. Өлтірмеңдер, сақтаңдар.
Бөгде. Апарыңдар. (Пәрманды көтеріп әкетеді).
Хан. Білмеушіме ең бұрын сен?
Бөгде.
Білуші ем, тақсыр.
Өз әміріңмен тың тыңдап.
Осы елдерді аралап
Қайтқан жолдан білемін.
Отырықшы өзбектер
Үй соғатын шеберін
Хандармен тең көруші ед.
(Ойланып.) Ұмытпасам, аты Пәрман.
Қытайға да белгілі. (Пауза).
Xан.
Бұл не, бұл неғылған көп халық!
(Өрт жаққа қарайды.)
Бөгде. Өрт өшіруге келеді.
Xан (ақырып). Садақ! (Садақшылар кезенеді.)
Шымылдық
2-картина
Хауыздың басына тігілген жабық ақ шатыр. Түкпірде әр түрлі жеміс ағаштары. Шатырға келетін жалғыз аяқ жол үстінде жас күзетші жасақ тұр. Қасында екі құралды жігіт бір шабарман келеді.
Күзетші. Құлдық, хан шабарманы. (Бас иеді.)
Шабарман (шатырға қарап алып).
Әлі шыққан жоқ па далаға?
Күзетші.
Шыққан жоқ.
Мен тұрғалы күзетіп,
Көргенім жоқ дидарын.
Оқта-текте даусын ғана есітемін.
Шабарман.
Әлде біреумен сөйлесе ме?
Күзетші.
Кіммен сөйлессін,
Жападан жалғыз отырып.
Кейде ыңылдап жылағандай
Аянышты ән салады.
Шабарман.
Сақ бол, бөтен кісі келмесін!
Күзетші.
Бөтен емесіміз кім болмақ?
Біліп қояйын да...
Шабарман (шақырайып). Ұлы ханның өзі болады да! Соны да түсінбеймісің, ақымақ?!
Күзетші (еңкейіп). Ұқтым, құлдық! (Шабарман кетеді, күзетші өзіне-өзі.) Ақымақ деді... (Басын шайқайды.) Жоқ, Өтірік айтады... Онда шабарман болмас па ем! (Сәлойланып). Әрине.
(Қолында бір шумақ гүл бар, Зейнеп келіп шатырға өте береді.
Күзетші. Тоқта, кімсің?
Зейнеп (бетін ашып). Анасымын.
Күзетші. Кім де болсаң кейін қайт. Көрісуге болмайды!
Зейнеп. Мен анасымын, деймін.
Күзетші. Рұқсат жоқ, әмір солай.
Зейнеп (бәсең). Мына гүлді беремін де кетемін.
Күзетші. Болмайды, қария.
Зейнеп. (шатырға қарап). Мастура!
(Шатырдан Мастура шығады).
Мастура (қолын созып). Ана...
Зейнеп. Жүрегім. (Екеуі құшақтасып қалады.)
Мастуpa (шумақ гүлді иіскеп). Менің гүлдерім…
Зейнеп. Көп гүлдерін қурап қапты. Түні бойы көз ілмей жүріп су құйдым...
Мастура. Мен үшін бахар алдың ба, ана? (Гүлді тағы да иіскейді.)
Зейнеп. Бахар да алдым... Жыладым да...
Мастура. Бекер жылайсың, ана, берік бол дегенім қайда? (Мойнынан құшақтайды.)
3ейнеп. Қалай жыламассың, Мастура (жұбатқысы келгендей бөліп кетеді.).
Бұлбұл әуенін де тыңдадың ба, ана?
Зейнеп. Тыңдадым... Құс та жылайды екен...
Мастура. Бұлбұл да жылай ма екен?
Зейнеп.
Әбден балам...
Дәл қасымда әндете бірі жылады...
(Көзіне елестеткендей.)
Әрбір гүлді шыр айналды,
Күйінгендей таңдай қақты,
Тоқтай алмай өксігенін естідім...
Гүлдің аты неткен көп еді,
Бәрін де атап әнге қосты,
Жоғын іздеп зарлады...
(Қолын созып.)
Содан кейін қолыма қонды ұшып кеп...
Көзінен тамған тамшы жас.
Жанған шоқтай жылтырап,
Сенбей жатты көп уақыт.
Қосыла мен де жыладым...
Күзетші (жақындап.)
Рас болар қарт сөзі...
Жетім қалған ботаның
Еңірегенін көргенде
Қосыла мен де жылағам.
Мастура.
Сен не біліп жыладың?
Күзетші.
Сол жылы менің де шешем өліп ед...
Зейнеп.
Жоқтадың ба шешеңді?
Күзетші.
Әрине.
Кейде түнде оңашада отырып,
Өлеңге қосып жылаушы ем.
Мастура.
Есіңде ме сондағы айтқан өлеңің?
Күзетші.
Әрине.
Мастура.
Айтшы жігіт.
Күзетші
(ыңылдап зарлы әнмен айтады).
Енесі өлген ақ бота
Ертелі, кеш боздайды.
Еңіреп шыққан дауысы,
Жүрек дертін қозғайды.
(Жылаған дауыспен.)
Бозда-бозда, мұңдасым,
Түсінемін зарыңа,
Бірге еңірейік, қос жетім,
Ерте кетші жаныңа...
(Осы кезде қағылған дабыл даусы жер күңіренте естіледі. Күзетші жаны үріккендей кейін шоршып түседі.)
Келтірме деп ед ешкімді,
Барыңыз енді, қария.
Мастура. Бұл не дабыл?
Күзетші. Хан далаға шыққанда өстіп дабыл қағылады.
(Зейнепке) Ренжімеңіз, қария, барыңыз.
Зейнеп. Тағы оралып соғармын.
(Қызын сүйеді, кетеді.)
Күзетші. Я, сөйтіңіз, шеше.
Хан құрметіне қағылған дабыл үні жер күңіренте жақындай береді. Мастура үріккендей шегіне басып шатырға енеді. Сахнаға хан күзетшілері асыл кілемдер әкеліп жаяды. Хан. Бөгде, шабармандар кіреді, күзетші мен күзетшілер бас иіскен бойларымен шығып кетеді.
Шабарман (бас иіп). Келтірейін бе, тақсыр?
Бөгде (қолын сәл көтеріп). Тұра тұр?
Xан (шабарманға). Сен бара бер. (Жәй.) Не ойың бар? Айтшы Бөгде жасырмай.
Бөгде
(о да жәй). Ұлы хан,
Сенерім де, сүйерім де өзіңсің,
Әр жорықта тілегіңді тіледім,
Әр жеңістің тойын өзім бастадым.
Айбыныңа дақ түсірер,
Кеңес берген жерім жоқ.
Рас-па, хан өзің айт.
(Иіледі.)
Хан. Рас, рас не сұрайсың ханыңнан?
Бөгде (шатырға қарап).
Өзбек қыздан аулақ сақта бойыңды,
Осы барлық тілерім.
Хан (күлімсіреп).
Неге сонша шошыдың?
Бөгде.
Қос көзінен қараған
«Берілмеймін, аямаймын,
Аңдысамын» деп тұрған
Көремін кектің жалынын.
Ағасы анау жолбарыстай алысқан,
Шешесі мынау қара емендей қарысқан,
Тұтқын қыз оңай жау емес.
Маған салсаң, ұлы хан,
Тұқымымен құрт дер ем.
Xан.
Ұлы жеңіс бірге туған менімен,
Жеңуім керек бәрін де.
Барлық күшті, бар күшті,
Мен үшін тәңірі жаратқан.
(Салмақпен.) Теңсіз батыр
Шүкәйтімді өлтірген
Тірі ұстаймын Рүстемді. (Қызып.)
Тырнағынан қан сорғалап,
Талай елді бүрмесе,
Мен үшін семсер шаппаса
Тәңірім оны неге ұшырған қыран қып?!
(бөліп-бөліп.) Күшті болған кім үшін?
Мені жеңуге ме? (Шошығандай.)
Жоқ!.. Мүмкін емес!
(Бөгде сескеніп кейін шегінеді.)
Бөгде.
Әміріңе құлдық!
Өзің біл. (Кетеді.)
Xан (жан-жағына қарайды, шатырға қарап). Мастура, бері шығып кет.
Мастура (қолында үлкен ақ орамал, шетінде кесте тігетін инесі жібек жібімен шаншулы жүр, тоқып отырған қалпында шығады. Сәл басын иіп.)
Айта беріңіз, ұлы хан!
Xан. Өзің айт ханға арызыңды.
Мастура (тік қарап).
Хан ба маған келген,
Жоқ, мен бе ханға барған?
Хан (жақындап).
Жауабыңа ырзамын!|
Ханымға лайық сөз айттың.
(Қасына барып.)
Тыңда ендеше, мен айтайын.
Мастура
Қатал ханнан қайырымды сөз шығар ма?
Xан.
Қатты екенім әлемге аян, сұлу қыз,
Ағылған қан, төгілген жас
өкіндіріп көрген жоқ.
Мастура,
Тұтқын қыздың да естірі осы ма?
Xан.
Қанша қатал болсам да
Ханда жүрек барын айта келдім?
Мастура.
Хан жүрегі не тілейді екен?
Хан.
Мастура... (Орамалдың шетінен ұстап.)
Көрген жерден есімді алдың,
Көкірегіме ойран салдың,
Көз алдымнан жатсам, тұрсам кетпедің.
Қарашы маған.
(Иегінен көтеріп өзіне қаратады.)
Көзіңдегі кек жалыны маздаған
Кешірімімнің ұясындай көрінер.
Сен мендік боласың, Мастура.
Мастура.
Жат жүрегін кесіп алу -
Малдану әділдікке сияр ма?
(Хан қарап қалады.)
Жүрегімнің иесі бар, ұлы хан,
Тәнім мұнда болғанмен
Жаным бірге жарыммен.
Xан.
Жоқ, Мастура,
Мен үшін ғана туғансың.
Сен сияқты асылды
Өзгеге қисам қолымнан
Ұлы иемнің әмірін
Болар едім екі еткен.
Мастура.
Жүрегім сүйіп таңдаған
Менің не жарым ұлы адам
Әуре болма, қатал хан.
Xан.
Тас матадым есімді алар қаһарды,
Кешіремін күнәңды,
Сен де жеңдір ашуыңды ақылға.
Мастура.
Ашуға ұсар сөз айттым ба?
Xан.
Айттың, Мастура.
Мастура.
Шынымды айттым, хан.
Хан.
Күштілердің күштісін
Танып сүйе білмесең,
Оныңда қанша шындық бар?
Мастура.
Күштілердің күштісін,
Танымаймын дедім бе?
(Басын шайқайды.)
Жоқ, айтқаным жоқ.
Xан.
Таныдың ба ханыңды,
Құшағыңды жайдың ба?
Мастура. Ханнан күшті жоқ па екен?
Xан. Жоқ!
Мастура. Бар, тақсыр.
Xан. Қайда? Көрсетші кәне, қайда бар?
Мастура. Міне, хан! (Инесін көрсетеді.)
Xан (Үңіледі). О не?
Мастура. Ине.
Xан. Ине деймісің? (Қылышын жартылай суырып.)
Мастура. Я, ине деймін.
Xан (қылышын ұстай.) Тәлкегің бе?
Мастура.
Жоқ, тақсыр. (Инені қайта көрсетіп.)
Осы инемени тіккен кестем
Ақ жібекке нұрын төгіп,
Барлық ханнан болып үстем,
Бар әлемді алды жеңіп.
Бас идірді, бағындырды
Бағдат, Мысар, Рим елдерін.
Бірде-бірі жасырмайды,
Осы инеден жеңілгенін.
(Орамалды жайып жібереді. Біз кестемен тігілген керемет сұлу сарай суретін көреміз.)
Қайта жасап берді міне
Тағат үйін жау қиратқан,
Күшті дейміз енді кімді?
Әділдігін өзің айт, хан?!
Xан. Олай болса инеден де қызғандым. (Инені суырып алып лақтырып жібереді.)
Енді не дейсің?
Мастура (жүгіре басып шатырға кіріп шығады.)
Міне, тақсыр, тағы бар,
(Бір инені көрсетіп.)
Хан.
Мұның да көзін жоғалтам. (Лақтырады.)
Бітті ме енді?
Мастура.
Жоқ, бітпейді!
(Бір уыс кесте инесін алдына шашып тастайды. Хан аң-таң.)
Әр өзбектің үйінен,
Әр өзбектің қызынан,
Табылады мың-мыңнан,
Жоя алмайсың, ұлы хан!
Xан.
Күшеймесе, кеміген жоқ құмарым.
Қажытуға айтқан сөзін,
Қайрап келед жанымды.
Мен қазірде (Семсерін суырып алып.)
Мына семсер жүзінен де өткірмін!
Темірге соқ, тасқа шап,
Мұзға таста, отқа сал,
Мұқата алмайсың, сұлуым!
(Семсерін қайта салып, бұрылып дауыстайды.)
Ей, бармысыңдар!
Шабарман
(жорғалай басып кеп иіледі).
Бармыз, тақсыр.
Xан.
Шақыр мұнда халықты!
(Шабарман қайта кетеді.)
Айттым — бітті!
Әмірім екі болмайды!
Мастура
(үрке). Не дегелі тұрсың, хан?
Xан.
Есітесің, Мастура, асықпа!
(Бөгде, шабарман бастаған әскерлер келіп сапқа тізіліп тұрады.)
Дабылшылар қайда?
Шабарман.
Дабылшылар, келіңдер!
(үш дабылшы қатар келіп тұрады.)
Хан.
Ертең жорық, аттанамыз,
Асаулармен алысамыз жеңгенше.
Найза ұшынан қан ағады сүмектеп,
Қайта оралып келген соң,
Той болады атаймын,
Даярлансын балуандар,
Жаратылсын жүйріктер,
Жар салыңдар шар тарапқа естіртіп,
Аттанардың алдында
(Мастураны нұсқап.)
Хан жарына — ханымға,
Періштедей сұлуға,
Бас иіп тәжім етіңдер!
(Бәрі тәжім етеді. Құрмет дабылы соғылады. Мастура үркіп кейін шегінеді.)
Мастура сұлу, аман бол,
Жеңіспен күт жарыңды.
(ханға еріп басқалар да кетеді.)
Мастура
(Жалғыз есінен танғандай.)
Не болды?.. Нелер көрдім?...
(Халыққа.) Жылау ма?.. Кім жұбатпақ?...
Шыдау ма?.. Heгe соқпақ?...
Өлу ме?.. Әлсіздік бе?
(Бойын жинап). Жоқ!
Ең оңайы өлу болса,
Асықпаймын мен оған.
Өткір қанжар, жанған от,
Биік үй мен терең су
Һар қашан да табылады жанымнан.
(Бұрылып әмірлі дауыспен.)
Күзетші!
Күзетші
(Бас иіп). Келдім, ханым.
Мастура.
Сен бұрын күзетші болсаң,
Енді қызметшімсің. Оны білемісің?
Күзетші.
Білгенім үшін бас ием? (Тағы иіледі.)
Мастура.
Тұтқындардың ішінен
Тез барып он қыз ертіп кел,
Күтушім болады бәрі де.
Күзетші.
Әміріңе құлдық. (Иіліп шығып кетеді.)
Мастура.
(Шашылған инелерді жинап жүріп әндетеді).
Бұлбұл үні бағымнан,
Алыстай ма, не етеді?
Айрылардай жарымнан
Жүрегім дір-дір етеді.
(Сырттан бұлбұл сайрайды. Мастура селт етіп тыңдап қайта әндетеді.)
Ұзап кетпе жанымнан,
Әлсіреме әнші құс.
Сайрауыңнан жаңылма,
Сенсіз өмірім қорқыныш...
(Күзетші кіреді.)
Күзетші (Тәжім етіп). Ай менен күндей он қыз ертіп келдім ханым.
Мастура. Рақмет, жігіт.
Күзетші (жайдары). Келіңдер, қыздар.
Зылиқа бастаған он қыз кіреді, паранжыларын ашады.
Мастура. Зылиқа! (Құшағын жаяды.)
3ылиқа. Мастура! (О да құшағын жайып жүгіреді. Бар қыздармен Мастура құшақтасып, сүйісіп көріседі. Паранжасын ашпаған бір қыз, тұрып қалады.)
Мастура. Бұл кім? Бетін неге ашпайды?
3ылиқа.
Ұялып тұр еркектен
Бетін ашса танисың.
Күзетші (күлімсіреп). Менен ұяла ма?
3ылиқа. Я, сенен.
Күзетші. Ендеше бара тұрайын (Кетеді.)
3ылиқа. (Перделі қыздың паранжасын жұлып алады, тағы бір қыз жамылған желеңін алады. Біз Пәрманды көреміз.)
Пәрман. Дилбарым...
Мастура (көзін жұмып). Жаным... (Ұзақ сүйіседі.) Ауырдың ба? Неге осынша солғынсың?
Пәрман.
(Ауыр). Аурумын...
Алтын күмбез жығылғанда,
Мен де бірге жығылдым.
Жанды жаным жалынға...
Әлде саған болды ма екен керегім,
Тірі қапты бос кеудем...
Дәрменсізбін, дертім ауыр,
Есім кеткен мәжнүндеймін...
Көз алдымнан өртенген үй кетпейді,
Тұрғандаймын бірге жанып лауылдап.
(Жыламсырап.)
Не бітірдім, не қалдырдым дүниеге?
Мастура (шатырдан кестелі жібек орамалды алып шығады.)
Пәрман!
Сағынғанда сені ойлап,
Саған арнап жібек кесте тігіп ем,
Енді өзіңе тартамын.
(Береді. Пәрман мен қыздар орамалды жазып жіберіп қызыға қарасады.)
Пәрман. (Орамалға қарап қатып қалған. Әлден кейін шетінен сүйеді.)
Қарашы жаным көзіме,
Сезіле ме ештеңе?
Мастура (қарайды, қуана күлімсірейді.)
Бері келіңдер, қыздар қараңдар!
(Басқа қыздар да Пәрманның көзіне қарасады.) Көремісіңдер?
3ылиқа
(қуанып). Көріп тұрмыз!
Қыздар.
Көріп тұрмыз.
Ғажап.
Пәрман.
О не, Мастура?
Мастура.
(Пәрманның көзінен көзін айырмастан)
Бұлдыраған көзіңнен
Әлдеқандай күңгірт перде ашылып,
Аржағынан көрініп келеді
Ғажап дүние сәулесі.
3ылиқа.
Рас, Пәрман, екі көзіңнен екі күн шығып келе жатқан сияқты.
Пәрман.
Сенің жібек жіптерің,
Жазғы күннің нұрындай,
Көзіме менің нұр құйды,
Мұздаған қаным жылынып,
Тірілгендей денем де.
Сезіле ме қолымнан? (Қолын береді.)
Мастура
(қолынан ұстап). Сеземін, күнім,
Пәрман.
Күмбезімді кұлаған.
Көтеріпсің кереметпен қайтадан,
Үмітімнің үзілген нәзік ішегін,
Қайта жалғап келесің.
Шығара түс жарыққа
Мені жұтқан түпсіз шыңырау тереңнен...
Мастура.
Қыздар! (Алқынып)
Айналамыз аңдыған жау
Қанды қақпан, темір құрсау.
Ортасында тұтқынбыз.
Алдым ажал, артым тұман,
Бүгін бармын, ертең күмән,
Бұлдыр-бұлдыр белгісіз...
Көріңдер, достарым.
(Пәрманды құшақтап.)
Алдарыңда сүйгеніме қосылдым.
Ант етемін шашыменен анамның.
Пәрманымның ақ некелі жарымын!
Куәміз деңдер, достарым!
Қыздар.
(жәй бір дауыспен). Куәміз!
Пәрман
(Мастураны құшақтап тұрып).
Жеті тамұқ оты түсіп басса да,
Жұтамын деп аждаһа аузын ашса да,
Мастураммен біргемін,
Айыра алмайды ажал да.
Куәміз деңдер, бауырлар!
Қыздар. Куәміз!
(Барлық, қыздар құшақтасып тұрған екі жасты жабыла құшақтайды. Кішкене пауза.)
Қыздаp. (Тағы да бір дауыспен), Куәміз!
Шымылдық
ЕКІНШІ АКТ
3-картина
Жаз. Айнала ағаш. Бағаналы сырлы айуан, оның дуал бағыналарында әр түрлі машық жазулар: ат үстінен садақ тартып соғысқан топтардың суреттері бар. Бұл шығыс суретшілерінің істегендері. Айуаннан ішке кіретін есік. Бұл жеңіп алған елінен жасаған хан сарайы. Перде ашылғанда кілем үстінде Бөгдені, оның алдында тұрған мүсәпірлер киіміндегі екі тыңшыны көреміз.
Бөгде. Я, тағы не болды?
1-тыңшы. Сақтық нашар, ақылшым. Бүгін түнде үш топ кетті қаладан.
Бөгде. Қалай беттеді?
1-тыңшы. Тауға тартты оралып.
Бөгде. Рүстемге қосылған екен ғой. Түгел еркек пе екен?
1-тыңшы (күлімсіреп). Ең әуелі беттері жабық еді, қаладан шыққан соң түгел еркек боп кетті.
Бөгде. Жақсы бопты көргенің, ендігі шаруа бетін жапқандармен болсын. (Екінші тыңшыға қаpaп.)
Дуанаң кім боп шықты?
2-тыңшы.
Баста бекер босатыппыз,
Айрылып қалдым ізінен.
Бөгде.
Қалай?
2-тыңшы.
О да мені сезген екен,
Асырып кетті айласын,
Базарға кірген жерінде
Арапша ма, парсыша ма
Ғазал айтты ән салып,
Тыңдаған жұрт түсіне қап,
Мені қоршап алды да
Садақа бере бастады,
Басып кетті жан-жағымнан топырлап,
Шығармай қойды қамаудан...
1-тыңшы. Сол кезде зытқан екен ғой.
2-тыңшы. Я, сол кезде зытты.
Бөгде. Ұстаймысың қайтадан?
2-тыңшы (сәл иіліп). Ұстаймын, балғасымен, көрігімен ұстаймын.
Бөгде (жақындап.) Темірші ме екен, оны қалай білдің?
2-тыңшы.
Танығанмын қолынан,
Әр саусағы сойылдай,
Алақаны көп төселген көндей еді.
Бөгде (басын изеп). Түсінікті. Тауға құрал жіберуші сол болды.
2-тыңшы. Дәл соның өзі.
1-тыңшы. Бәленің бір басы екен ғой.
Бөгде.
Сөз жоқ (ойланып).
Ұстау керек құтқармай,
Тары боп шашылса, тауық боп теріңдер,
Қасқалдақ боп қашса қаршыға боп іліңдер,
Отқа айналса су боп басыңдар.
Құтқармаңдар әйтеуір! (Бөгеліңкіреп.)
Басын жоймай бұл елдің,
Баса алмаймыз кеудесін.
1-тыңшы. Тауға кетпесе неғылсын?
2-тыңшы. Жоқ, ол кетпейді!
Бөгде.
Рас кетпейді. (Кішкене паузадан кейін.)
Екеуің де көзімсің,
Сенерім де екеуің.
Енді кірпік қағуға болмайды.
(Ішке кіріп келген өзбек әйелдерінің екі киімін, паранжаларымен алып шығады.)
Мә, киім өзгертіңдер.
Өзбектердің өз қулығын,
Өздеріне жұмсаңдар.
(Екеуі тез киім ауыстырып, беттеріне паранжы жабады.)
Жолдарың болсын, барыңдар!
Екі тыңшы басқыштан байқап түскен, екі жаққа жылдам басып жоқ боп кетеді.
Көп қытайды көндіктіру
Бұдан жеңіл боп еді.
Бұл не деген асау ел,
Қарысар екен қашанғы? (Ойланып.)
Азулай, бұқтыра түсу керек.
Желкесі әбден шайналмай,
Еңсесі әбден езілмей,
Еңкеймейді, көнбейді.
(Асыға басып күзетші келеді.)
Күзетші (төменнен). Келдім, тақсыр. (Иіледі.)
Бөгде (жоғарыдан асылып тұрып жәй сөйлейді.) Ханым қалай?
Күзетші. Әміріңе құлдық, аманшылық,
Бөгде. Келіп-кетушілер көп пе?
Күзетші. Күтуші қыздар кеп тұрады.
Бөгде (күлімсіреп). Қыздар дегендерің еркек боп жүрмесін.
Күзетші. Жоқ, ақылшым. Менің көріп жүргенім өңшең бота көз, қара шаштар.
Бөгде (мысқылмен). Солардың біріне ғашық боп қалғаннан саумысың?
Күзетші. Жоқ ақылшым, көргенімді айтамын...
Бөгде. Сақ бол, бала, бетінен пердесін алмай, тірі жанды аттатпа.
Күзетші. Ханым көнбесе қайтемін, тақсыр.
Бөгде. Сен хан әмірі осылай де, ұқтың ба?
Күзетші. Ұқтым, ақылшым.
Бөгде (сыбырлап.) Мастураның тасқа басқан ізі саған аян болсын. Сезгенің болса маған келіп айтып тұр. Бар, осыны ұмытпа!
Күзетші. иіліп кетеді. Ішкі есіктен хан шығады. Екі күтуші алтын орындық әкеп қояды да қайта кіріп кетеді. Хан отырады.
Хан. Иран елшілері әлі келмеп пе?
Бөгде. Алдияр, жете алмай жатыр.
Xан. Олар өткенше мен өткен көпірді бұзбасын деу керек еді.
Бөгде. Бұзылмайды, ертеменен хабаршы кетті арнаулы. (Алқынған, ашулы шабарман келіп бас иеді.)
Шабарман. Құлдық, әміршім.
Xан (көтеріліп.) Не болды?
Шабарман. Көнбей жатыр тұтқын өзбектер.
Хан (ақырып). Көнбегені несі?!
Шабарман. Істемейміз, жалғыз кесек құйманмыз, дейді.
Xан (ызғарлы). Істемейміз дейді хан үшін?
Көрсеттің бе онда не боларын?
Шабарман.
Көрсеттім, тақсыр.
Жалаңаштап төртеуін
Қырық қамшыдан соқтырдым.
Жондарынан таспа алдым,
Жоса-жоса қан ақты.
Xан. Басқалары көріп тұрды ма?
Шабарман.
Көргенде қандай!
Көз алдарында дүрелеттім.
«Енді істемеймісіңдер?» десем,
(Үн қатпастан бастарын шайқайды.)
Xан.
Тез, шеберді ертіп кел.
(Шабарман кетеді. Бөгдеге.)
Байқаймысың, Бөгде,
берілмеймін дейді ғой, бұл ел?
Бөгде.
Байқаймын, тақсыр.
Төңірекке көз салсам.
Әр жерде бір ұшқын жатқан сияқты.
Аз ғана жел үрлесе, лауылдай жөнелгелі тұр.
Xан (қадала қарайды).
Солай ма?
Бөгде.
Солай, тақсыр.
Рүстем тобы тауда талқандалмай,
Мұндағылары да жуасыр емес,
Құлақтарына қол апарғылары келмейді.
Xан.
Ендеше ушықтыра түс,
Кейбір шоғы жанып көрсін тұтанып,
Кінәлі ғып өздерін,
қан сорпасын қоса қайнату керек.
Сонда Рүстемдері де таудан түсіп,
Өздері кеп ұрынады.
Бөгде. О да жөн, тақсыр, бірақ артын да ойлана жүруіміз керек?
Xан. Арты не?
Бөгде. Ұлы хан, өзбек қызын алма деп ем, көнбедің...
Xан (ашу шақырып). Тоқтат, тағы да сол ма айтарың?
Бөгде. Кешір, әміршім, басқа еді.
Xан. Я, айта бер. (Тыңдайды.)
Бөгде.
Мастураны басқа жаққа әкетуге болмайды.
Жерсінбейді, жат жерді.
Өлуге ырза, айтқаныңа көнбейді.
Xан.
Рас айтасың, көнбейді.
Бөгде.
Өз жерінде сұлу сарай салдырып,
Алдап сонда ұстайық,
Сәті түсіп ұл туса
Хан қоярсың ұрпағыңды өзбекке.
Сонда асау ел уысыңнан шықпайды.
Хан. Сонда жауыққан елді төбемізге дүбірлетеміз бе?
Бөгде (ұрлана). Сарай да бітсін, шоқтар да өшсін, екі қоян бірдей өлсін, әміршім.
Бөгде жауап қайтармақ болғанда шабарманға еріп Пәрман кеп қалады. Хан соған бұрылады.
Xан. Бері шық, шебер. (Өзі орындыққа отырады. Пәрман жоғары шығып қасына барады.)
Пәрман. Неге шақырдың, хан?
Хан. Халқыңа болысуға.
Пәрман. Қалай болысқанымды қалар едің, хан?
Xан.
Ес қалмапты еліңде,
Ертеңін ойлар бір жан жоқ,
Қол аяғы қыл бұғауда отырып,
Кескелі тұрған семсермен
Егеспекші жауласып,
Есі бар ел өстер ме?
Пәрман.
Өзің айт, хан, билігін,
Жауға − «жаумын!» демесе
Елдің ары не болғаны.
Хан (мысқылмен). Жан қымбат па, ар қымбат , шеберім?
Пәрман.
Өсетін елге ар қымбат,
Өшетін елге жан қымбат.
Хан (зәрлі). Ар деп жүріп жаннан айрылса ше?
Пәрман. Онда да ардың жеңгені!
Бөгде (өзіне-өзі). Біз қадалсын тіліңе!
Хан (ойланып). Уытты сөз! Бірақ, бос сөз. (Орнынан тұрып.)
Шаһар халқы сыйламапты сөзімді,
Тас құюдан бас тартыпты бірлесіп,
Соларменен сөйлесіп,
көндігетін кеңес бер.
Қарсылыққа қайырым жоғын түсіндір!
Пәрман.
Тас не үшін құйылмақ?
Бөгде.
Ұлы ханның ханымы үшін
Алтын күмбез асқан сарай соғасың!
(Өтірік күлімсіреп.)
Енді ұқтың ба, жас шебер?
Пәрман.
Ұғымды. Халқым көнбеген жұмысқа,
Менің көнерімді қайдан білдіңдер?
Бөгде.
(түсін суытып).
Ұлы ханға қызмет еткің келмей ме?
Пәрман.
Ете алмайтынымды әлдеқашан айтқанмын.
Xан.
(ақырып). Маған қара!
Пәрман.
Міне қарадым. (Қадала қарайды.)
Xан.
Менің жеңген жерімнің
Күні мен үшін батады,
Таңы да мен үшін атады,
Керек болса иті де мен үшін үреді,
(Жақындап).
Айтпап па едім ескертіп,
Білмеуші ме ең салтымды?
Пәрман.
Аспандағы жарық күн,
Өзі біледі өз жөнін,
Оның жүзер теңізімен,
Оның шығар күмбезі де өзгеше.
Күн мекені сұлу соққан,
(Аспанға қарап.)
Барлық елге жеткізе соққан шебер де
Білетін болар өз салтын.
(Ханға қарап даусын өзгертіп.)
Санаспайды өзгемен,
Ал иттер туралы...
(Салмақтап сәл бөгеліп.)
Ит қашан да ит.
Итте намыс болмайды.
Үруі мүмкін хан үшін.
Xан.
Қысқасын айт!
Орындаймысың әмірімді.
Пәрман. Жоқ, тақсыр, мен ит емеспін!
Бөгде. Бұдан былай өнеріңнен беземісің?
Пәрман. Отаным үшін, өзім үшін безбеймін.
Xан. Шабарман!
Шабарман. Құлдық, тақсыр! (Бас иеді.)
Хан (ызалы). Үш дүркін!
Шабарман (бұрылып). Дабылшылар! (Жүгіріп келген екі дабылшы қатар тұра қалады.)
Үш дүркін!
(Үш дүркін дабыл соғылады. Қылышты он жендет әзір болады. Тәжім етеді.)
Хан (шабарманға).
Қамаудағы бар өзбектің
Осында барын айдап кел!
Қарсылық үшін он-оннан
Бастарын қақтыр алдыма.
Шабарман.
Әміріңе құлдық. (Кетеді.)
Xан
(жендеттерге). Әзірлеңдер семсерді!
Жендеттер
(бастарын иіп). Құлдық! (Қылыштарын жалаңаштап иықтарына салады).
Xан.
Бөгде, қамаудағысы қанша еді?
Бөгде.
Үш мыңдай, тақсыр! (Пәрман үркеді.)
Xан.
Аз! Бір лек әскер аттандыр,
Кәрі демей, жас демей
Айдап келсін шаһар халқын сыпырып.
Қан дариясын жылжып аққан, буланған
Көзімен көрсін жас шебер?
Пәрман.
Ол не үшін, тақсыр?
Xан.
Сенің мені тануың үшін.
(Бөгдеге.) Жөнел, Бөгде!
Бөгде.
Болады, тақсыр. (Кете бастайды).
Пәрман.
(қолын көтеріп). Тоқта!
Бөгде.
(бұрылып). Не айтпақсың, шебер?
Пәрман.
Ойлануға мұрша бер!
Бөгде.
Ойлан! (Хан мен Бөгденің көзі Пәрманда, шебер ойда тұр. Пауза.)
Хан.
Ойланып болдың ба?
Пәрман.
(әлден кейін бұрылып). Болдым,
Бөгде.
Жауабыңды айт ендеше.
Пәрман.
(паузадан кейін). Көндім.
Бөгде.
Көндіресің де ғой.
Пәрман.
Білмеймін.
Қолдары артына байланған он кісіні шабарман айдап кіреді. Он жендет қастарына барып қалады. Жалаң қаққан қылыштар әмір болса қорғансыз он басты ұшырып түсіруге әзір тұр. Хан мен Бөгденің көзі Пәрманда.
Бөгде.
Көтеріңдер семсерді!
(Семсерлер көтеріледі.)
Көндіремісің? Жауап бер, шебер!
Пәрман (қиналып). Я.
Бөгде (жендеттерге). Сендер бара тұрыңдар!
(Олар жоқ боп кетеді.)
Пәрман. Әмірлі хан, сен де кет. Халқыммен сөйлесемін оңаша.
Көзін жұмып бағанаға сүйеніп тұрып қалады. Хан мен Бөгде аз ғана уақыт қарап тұрып, ішке еніп кетеді. Шабарман кеткен жақтан қалғандар еріксіз кіре бастайды. Бірсыпырасы таяқ жеген, денелері көгерген. Солардың бірі ақ сақалды, көйлегі өрім-өрім, арқасы қан-қан Қатыран. Келгендердің алды әрең сияды. Бәрі бұрылып ессіз-түссіз сілейіп тұрған Пәрманға қарасады
Қатыран (даусы дірілдеп). Пәрман!
Пәрман (көзін ашып). Әке! (Секіріп түсіп мойнынан құшақтайды, сақалынан сүйеді.)
Сорлы әке!
Қатыран.
Жылама, балам жасыма!
Дұспаныңның алдында,
Жас көрсетпе көзіңнен,
Ойламасын жеңдім деп.
Пәрман.
Неге мұнша қан болғансың?
Қатыран.
Туған, туысқан ішінде
Кірлемей өлсем атымды,
Не көрсем де ырзамын.
(Паузадан кейін.)
Сен қалай келдің мұнда?
Пәрман.
Хан шақыртты (басқалар да тыңдасады.)
Қатыран.
Саған не қыл дейді?
Пәрман.
Істеңдер, көніңдер дейді.
Қатыран.
(суық). Сен не дедің, ұлым?
Пәрман.
(бөгеліп). Кешір, әке, күнә етсем,
Көнеміз дедім.
Қатыран
(шегініп). Көнеміз дедің?
(Халыққа бұрылып.) Есіттіңдер ме, халайық?
1-өзбек.
(ызғармен). Естіп тұрмыз.
2-өзбек.
(о да қаһарлы). Намард екен!
Қатыран.
Қаншаға саттың әкеңді,
Күн күйдірген, қырау басқан
Сақалым мен шашымды да саттың ба?
Құны не болды, намард, а?
Пәрман.
Әке, есітші әуел...
Қатыран.
(қаһарлы.) Сөйлеме! Ашпа аузыңды!
(Халыққа бұрылып.)
Eй, халқым!
Қазы сенсің, әділ билік өзіңде,
Үлгі болсын кейінгіге айтарлық,
Күнәкерге жаза кес!
Осындай намард туғызған
Мені де қоса жазала!
(халық үндемейді.)
Неге үндемейсің? Аяймысың?
(Қатты) Жоқ, әлде сенбеймісің сөзіме?
Алла атымен, аруақтармен,
Жарық күннің шұғыласымен,
Денемнің аққан қанымен,
Қасам еттім, сеніңдер!
(Халық әлі үнсіз.)
2-өзбек (ілгері шығып). Үлкеніміз өзіңсің, өзің кес жазасын!
Қатыран. Дұрыс, өзім кесейін жазасын!
(Қатар тұрғандардан екі кісінің белбеу орамалдарын шешіп алып, жалғастырып ширатады. Тұзақтап баласының мойынына салады.)
Балам, рақымсыз деме әкеңді.
(Иығына қолын салып.)
Есіңде ме ауырғаның жасыңда?
Сен төсекте жатқанда,
Ұзақ түндер кірпік қақпай
Отырғаным қасыңда. (Жыламсырап.)
Жалғызым үшін мені ал деп
Көзімнен жасым төгіліп,
Даргаһынан тілегенім егіліп.
Ақтамадың тұзымды,
Намардтық еттің жан үшін.
Пәрман.
Қорыққаным жоқ әке!
Қатыран
(қатал.) Жоқ, қорықтың!
Қорыққан үшін саттың әкеңді!
Пәрман.
Әке!
Қатыран.
Тыңдамаймын! (Даусын өзгертіп.)
Тым болмаса өлерде сыйла әкеңді.
Бетімнен алма айтыспа!
Аз да болса ауыр күнәң кемісін.
(Көпке қарап әмірлі дауыспен.)
Келіңдер, тартыңдар!
(Екі кісі қиналып әрең келеді. Екеуі орамалдың екі шетінен ұстайды.)
Ырзамын де билігіне әкеңнің!
Пәрман.
ЬІрзамын, әке.
(Екі кісі орамалды тартуға айналғанда, топтың тереңінен «тоқтаңдар!» деген әйелдің ащы даусы естіледі.)
Зейнеп (көзі жасты, көптен жарып шыға беpiп).
Тоқтаңдар! (Қатыранға.)
Қатыран! Пәрман менің де балам емес пе?
Оны неге ұмытасың?
Қатыран.
Білемін, не демексің?
Зейнеп.
«Әке!» деді үш рет,
Сөйлетпедің үш рет,
Әділдік пе осы да!
Қатыран.
Әділдік. Күнәсі артады сөйлесе,
Зейнеп.
(екі кісіге). Алыңдар мойнынан!
Қатыран.
(әмірлі). Алмаңдар! (Зейнепке.)
Қарт Зейнеп, араласпа!
Еp билігін әйел бұзар болар ма?!
Алжастың ба ақылыңнан?!
Зейнеп.
Жоқ, алжаспаймын!
Қатыран.
Араласпа ендеше.
(Екі кісіге.) Тартыңдар!
(Аналар тартуға айналды.)
Зейнеп.
(Әмірмен.) Тоқтаңдар!
(Паузадан кейін Қатыранға бұрылып.)
Қатты Қатыран, құлақ ас!
Пәрман өлсе күйікпенен құл болар
Мастура бар артында.
Алдырайын оны да
Келініңді бірге өлтір.
Қатыран
(улы мысқылмен). Мастураң кім?
Ханға берген қызыңды айтамысың?!
Зейнеп
Не дейсің, Қатыран!
Қатыран.
Ханға қызыңды беріп сен-ақ жаға бер,
Мен баламды бере алмаймын деймін.
Пәрман.
Әке...
Зейнеп.
Қатыран! Қате айтасың, Қатыран!
1-өзбек.
Қатыран дұрыс айтады!
2-өзбек.
Әділ айтты Қатыран!
Дауыстаp.
Дұрыс!
Дұрыс айтады!
Зейнеп.
(көпшілікке ашумен қарап.)
Олай болса мені де жазалаңдар!
Дар құрыңдар, тартыңдар!
(Қатыранға бұрылып).
Мен қызыма сенемін.
Сенімімді осындай күнде сынаймын,
Өсіргенмін сол үшін.
Ал, сен сенбесең өзің біл,
Сорпа қып іш қайнатып!
Қатыран (кекетіп). Сенің қойларың да қасқырға алдырмайтын шығар?
Зейнеп
(о да әзілмен.) Мен қой туғаным жоқ,
Ұл мен қыз туғанмын, адам туғанмын!
Рүстемім қандай болса,
Мастурам да сондай!
Жазықты болса бірге тартам жазасын.
Тағы нең бар мұқатар?!
(Пауза).
Қатыран (қиналады.) Зейнеп, ренжіме, Зейнеп.
Мұқатарым сен болсаң,
Мұқатпасым кім болмақ...
Ойымды езген қорғасындай күдікті
Жасыра алмадым—жазығым...
(Даусы дірілдеп.)
Сен неге сенсең, мен де соған сенейін,
Тек ренжіме, Зейнеп.
Зейнеп.
Олай болса өз балаңа да сен.
Сатпайды Пәрман намысын.
(Көпшілік қозғалып қалады.)
Дayыстар. Ана дұрыс айтады.
Көп дауыс. Сенеміз, Пәрманға.
Қатыран (қатал). Алыңдар мойнынан!
(Пәрманның мойнынан тұзақ алынады.)
Айт кәнеки, не білгенің бар
Пәрман.
Туғандарым!
(Булығып қалады. Сәлден кейін.)
Асықпау керек өлуге!
Төгілген қан, өшкен өмір
Асықпай ақ жеткілікті емес пе?
Аңдаған жаудың айласы,
Арандаған қылышы
Әр өзбектің жүрегіне
Тұрған жоқ па қадалып.
Дауыстар.
Рас.
Рас.
Пәрман
Ажалмен алыс ендеше?
Қайратыңа, намысыңа айлаңменен
Ақылыңды қоса біл.
Мықтылық емес босқа өлу,
Жауыңды өлтір әуелі!
1-өзбек.
Сол үшін көндің бе?
Пәрман.
Я, сол үшін көндім.
(Даусын өзгертіп.)
Мен көнбесем құтырған жау
Мың-мың жанның қанын судай төгуші ед
Осы тұрған қара көздер
Қарсыласар қайрат таппай
Қырылар еді арманда.
Бұл әлемнің қарғасы мен құзғыны
(Аспанға нұсқап.)
Көгімізді бұлттай басып, айналып
Азан-қазан шуласып,
Бөлісер еді өзбектердің өлігін.
Не табар ек сонда біз?!
(Паузадан кейін.)
Қатыран.
Балам, кім үшін соғамыз сарайды?
Өртей келген хан үшін бе?
Сонда неше жеңілген боламыз?
(Ызалы.) Қырылған жақсы одан да?
Пәрман.
Таудан тасып топан ақса.
Әлек салса тілсіз жау,
Сәнді үйлерді, бақшаларды қиратса,
Дүлей топан өткен соң,
Қайтер едік, ағайын?
Отырар ма едік үміт үзіп өмірден? (Ешкімүндемейді.)
Зейнеп.
Жоқ, балам, жасар ек қайта өмірді.
Пәрман.
Таулардан тас ұшырып.
Емендерді жұлатын,
Көзсіз құйын кез келіп,
Ойрандап кетсе нетер ек?
Ойламас па едік одан арғы өмірді.
Онда неше жеңілген болар ең, әке?
(Әкесіне қадала қарайды.)
Қатыран.
Айта бер, балам.
Пәрман.
(Даусын өзгертіп.)
Жеңдім деген қатал хан да,
Мылқау күшпен, соқыр күштің біреуі,
Оған бола безе алмаймыз өмірден!
Айнала көлдей хауіпсіз,
Гүл бәйшешек бақшасыз,
Мұнарлы, зәулім биік үйлерсіз
Өзбек елі — ел емес!
Біз хан үшін емес, халық үшін соғамыз.
(Жерден топырақ алып.)
Туған жердің топырағын,
Енді қайта бұзылмастай
Ащы термен илейміз,
Алыстағы ұрпақ үшін белгілі
Алтын күмбез, алып сарай соғамыз.
(Қиялына еліктей.)
Жаңбыр жумас, күн жаламас,
Өрт күйдірмес ғажап сырмен бояймыз.
Ұшқан құс та бір айналып қарамай.
Сәулетіне қызықпай,
Төбесінен өтпейді.
Көшкен керуен оралып кеп жолынан,
Сауап үшін бір түнемей,
Қағбасындай тауап етпей кетпейді.
(Тұрып қалады. Басқалар да ұйығандай тып-тыныш қатып қалған. Пәрман көзін ашып, бойын жинап алған соң әкесінің алдына бір тізерлеп отырып, қолын қусырады.)
Арзанға сатыппын ба, әке?
Айтары осы балаңның.
Жазаң болса кесе бер!
Қатыран (баласының көзінен сүйеді. Даусы дірілдеп).
Тұр, балам. (Тұрғызады.)
Айта бер, тағы тыңдайын,
(Көзінен жас көрінеді.)
Пәрман
Көтереміз құлаған елдің күмбезін,
Қайнар бұлақ қайраттың мол екенін,
Көрсетеміз көз қадаған әлемге.
Дауыстаp.
Бәрекелді, Жөн айттың!
Пәрман. (Зейнепке жақындап.) Ана, бұл шешім Рүстемге тез жететін болсын.
Зейнеп.
Жеткіземін, балам.
(Жақындап.) Көтерген алтын күмбезін,
Үншісі болсын сол күннің.
Алыс пенен жақынды,
Бар туысқан халықты
Бостандыққа шақырсын!
Пәрман.
Дұрыс айттың, дәл айттың, ана.
Жарқырап күмбез біткен күн
Күні болсын ұранның!
Бүгілген бел, иілген барлық еңселер,
Жазылсын түгел сол күні.
Биіктегі бостандыққа қол созсын,
Ұлы жорық шабуылмен ұмтылсын!
1-өзбек (қызып.)
Шаһид болған туысқандар рухы да
Қанат қақсын сол күні.
Туған жердің көгіне құлаш сермесін!
Қатыран.
(зор дауыспен). Әумин!
(Қол көтереді. Оған қосыла басқалар да көтереді.)
Я, илаһи!
Халық ниетін қайырлы қыл! Жеткізе көр сол күнге.
(Бетін сипайды. Басқалар да беттерін сипасады.)
Пәрман (көпке). Ашуларыңа да, рақымдарыңа да ырзамын. Көріскенше қош болыңдар!
Дауыстар. Қош! Қош!
(Топ келген жақтарына қайта шығады. Қашан кетіп болғанша арттарынан қараған Пәрман әлдеқандай әдемі ойда тұрғандай).
Пәрман.
(махаббатты үнмен).
Жақсы елсің...
Қыстай қаһарлысың,
Жаздай мейірбансың...
Көзіңнің гауһар жасындай
Жүрегің де тап-таза.
Сүйе де білсең, сүйдіре де білесің.
Сене туғаныма сансыз шүкір.
(Шабарман кірген. Пәрман қарап тұрып қалады.)
Шабарман.
Шебер! (Пәрман бұрылып қарайды.)
Көндірдің бе еліңді?
Пәрман (ызғармен). Саған не керек? Шақыр ханыңды? (Шабарман ажырая қарап кіріп кетеді, ұзамай хан мен Бөгдені ертіп шығады.)
Xан (жоғарыдан). Сөйле, шебер, не болды?
Пәрман.
Көнді.
Бөгде.
Жақсы болған.
Xан.
Өзің де шебер, тез кіріс.
Хан сарайын соғатынын,
Есіңде болсын әрқашан.
Пәрман.
Кірісемін!
Хан сарайын соғарда,
Асықпасқа бола ма?
Хан.
Не дедің, шебер? Ұқпадым.
Пәрман.
(аз иіліп). Кешір тақсыр!...
Шеберлердің кей кезде хандарға да ұғымсыз сөздері бола береді.
(Үнсіз бір-біріне қарасып тұр.)
Шымылдық
2-ИНТЕРМЕДИЯ
Айлы түн. Сахнаның оң жақ шетінде үлкен ағаш. Бұл Мастураның көрінбей тұрған есігінің алды. Ағаш түбінде күзетші теңселіп жүр.
Күзетші (ойланып тұрып қалады). Жұрт Бөгдені қу деседі. Өтірік. Ол сұмның сұмы. Оның қырық көзі, қырық құлағы бар. Бәрін көріп, бәрін ести жүреді. Бөгде жердің үстінде ғана емес, астымен де хабарлас. Маған айтады: «Көрмеген, сезбеген болып жүре бер, бірақ бәрін көріп жүр, кірпігің ілінбесін» дейді. Неткен жан десеңші. Сақал, шашы сүттен ақ, жүрегі көмірден қара. Пай-пайдың сұмын-ай! Қандай шешеден туды екен өзі. Білемін: хан айтқан соң қойыртпағын шығарып, (үрке.) Пәрман мен Мастураны өлімге ұстап береді.
Еһе, сұмдық болады екен, сұмдық!
Сұлу Мастура ақырғы рет, өлерінің алдында, мөлдіреген көзімен маған қарап қош десе... (Тоқтап қалып.) Не деп жауап берермін? Үндемес пе ем қорыққаннан? (Түйсініп.) Жоқ, қорықпаймын! Азар болса басымды алар, менің жаным артық па?! Көзімнің жасын ағызып, егіл-тегіл еңіреп тұрып, өлеңменен қоштасам. Күзетшіде қайырымды жүрек барлығын көрсетемін арманмен өтер қос жасқа.
(Ауыр қиял үстінде бізге таныс өлеңін айтады.)
Енесі өлген ақ бота
Ертелі-кеш боздайды.
Еңіреп шыққан дауысы
Жүрек дертін қозғайды.
Екінші жақтан гүл теріп келген Мастура мен Зылиқа күзетшіні көріп кідіріп қалады, өлеңін тыңдайды.
Бозда-бозда, мұңдасым,
Түсінемін зарыңа.
Бірге еңірейік, қос жетім,
Ерте кетші жаныңа. (Ыңылдай береді.)
3ылиқа. Мастура, сөзі не деген зарлы еді?
Мастура. Мен бір рет естігем, шешесі өлгенде шығарыпты.
3ылиқа. Ақын екен ғой.
Мастура. Ақын... (күліп.) Қаттырақ айт әніңді. (Жүреді.)
Күзетші (селк етіп). Не дедің, Мастура?
3ылиқа (күлімсіреп). Қаттырақ айт дейді әніңді.
Күзетші (бұрылып). Мен ән салдым ба?
3ылиқа (күледі.) Ұйықтап тұрғаннан саумысың, күзетші?
Күзетші (о да күліп). Мүмкін, түсімде сұлу қыздар көру әдетім еді қашаннан? (Күліседі.)
3ылиқа. Рас болар. Мысықтың түсіне кілең сүт кіреді дейді ғой. (Күледі.)
Мастура (қасына барып). Пәрманды көрдің бе?
Күзетші. Көрдім.
Мастура. Қашан, қайдан көрдің?
Күзетші. Жаңа осында келіп еді, үйге кіргізіп жібердім.
Мастура. Рақмет, жігіт. (Бір гүлді беріп өтіп кетеді.)
Күзетші (өтіп бара жатқан Зылиқаны ұстап қалады). Сенің атын Зылиқа емес пе осы?
3ылиқа (кідіріп). Я, Зылиқа. (Себебін сұрағандай қарайды.)
Күзетші. Сендер бізді жек көресіңдер, рас па?
3ылиқа (қатал). Әрине, рас. Оған да күмәнің бар ма?!
Күзетші (қорыққандай шегінеді.) Кешір, Зылиқа, күмәнім жоқ, бізді барлық халық жек көреді. Мен оны жақсы білемін. (Басын иіп.) Сөге беріңдер, қарғай түсіңдер.
Зылиқа кетеді. Оның артынан күзетші де кетеді. Перде ашыла бастайды.
ҮШІНШІ АКТ
4-картина
Хан үйінің ішкі көрінісі. Уақыт түн. Үй жасаулары әр түрлі халықтың кілем, жібектерімен алабажақталып көрінеді. Жағулы тұрған қандал шамдар да сондай. Төрде ханның отыратын орны жібек кілемдермен жабулы, екі жағында екі жалаңаш қылыш шаншулы тұр. Одан әрі төрде мыстан жасалған тәңірінің адам кейіптес суреті: алдында екі жыланның бастарын қайқайтып, тілдерін шығарып тұрған кескіні бар. Перде ашылғанда сыртта ханның ұзақ жорықтан қайтқан құрметіне дабыл соғылып басылады.
Хан мен Бөгде кіреді
Xан (кірген бетінде тәңірінің алдына барады, сүйеді. Одан соң сәл кейін шегініп, қолын қусырып тұрып қалады. Бөгде де соны істейді.)
Ұлы ием тілегімді қабыл ет,
Әр уақытта медетіңе сүйенем,
Сен берген семсер сілтерім,
Сенің сөзің орындайтын өкімім.
Бұл жолы да адам қанын көп төктім,
Саған сендім, сен үшін төктім тағы да.
Сені туған ұлы күннің
Батарына жеткенше,
Жердің жүзін жеңісіммен
Өзімдікі еткенше
Кідірмеймін бөгеліп,
Мен жеңген жерде сен барсың,
Сен бар жерде мен күшті,
Екі аяқты, бір бастының бәрін де
Табынтамын өзіңе!
Маған берер айбының мен қуатыңды кемітпе.
(Тізесінен отырып басын иеді.)
Бөгде. Менің де тілерім ұлы ханның тілегі, Әміршімнің тірлігі...
(О да ханмен бірге мүлгіп қалады, хан тұрған соң тұрады.)
Xан (салмақпен жүріп өз орнына барып отырады..) Отыр, Бөгде. (Бөгде отырады.) Құлағым сенде.
Бөгде.
Сен кеткелі, ұлы хан,
Екі жерден елші келді.
Xан.
Қай жерлерден?
Бөгде.
Қытай менен Үндіден.
Хан.
Пейілдері қалай екен?
Бөгде
(жанданып). Бұрынғыша, әміршім.
Мін тақпасын дегендей
Бұл жолы да жандарын әбден салыпты.
Қытай елшісі жүзіңді көріп қайтам деп
Үш ай жатты сарғайып,
Әрі кетті деген хабарыңды естіген соң қайтты.
Xан.
(көңілденіп). Жақсы қайтардың ба?
Бөгде.
Басқасын былай қойғанда, әрқайсысына
Қырық өзбектен құл қостым.
Xан.
(ажарланып). Өздері не әкеліпті?
Бөгде.
(көтеріліп).
Қытайдан жүз нарға артқан жібек,
Ер-тоқымы алтын зерлі
Күн тимес, шаң жұқпас деген
Екі тұлпар келді. Тек, қанаттары жоқ.
Әйтпесе, бірінен-бірі өтетін жүйріктер.
Xан.
Үндіден ше?
Бөгде.
Олар да сорлы соқпапты.
Қырық пілмен алтын, асыл тастар жіберіпті.
Xан.
Көрсеттің бе Мастураны,
Сұлу ханым алдында
Бас иді ме елшілер?
Бөгде (ренжіп).
Көрсеттім, тақсыр.
Хан.
Не түйсіндің, Бөгде? Не болды?
Бөгде.
Естімей-ақ қойсаң еді, ұлы хан...
Хан (ашулы). Айт, жасырма!
Бөгде.
Көрсеттім, Мен ханым деп таныстырсам,
Ол «ханым емес, тұтқынмын» деп танысты.
Елшілердің түсінбегені абұйыр болды.
Одан әрі көп сөйлетпей, әңгіменің бетін бұрып жібердім.
Xан.
Сұм сұлу, әлі көнбей жүр ме?
Бөгде.
Көнбейді тақсыр.
Xан.
Неге? Не үшін көнбейді?!
(Ажырая қарайды.)
Бөгде.
Бөтендік бар көңілінде,
күткені бар Мастураның?
Xан (ызалы. Бірақ ұстаммен). Бөгде! (Бөгеліңкіреп.)
Сен салғаннан қарсы болғансың,
Шағыстырсаң сол үшін
Басың ұшады кеудеңнен.
Есіңді жи ертерек.
Сен де менің қимайтын адамымсың.
Бөгде (басын иіп). Басым — басқан ізіңнің садағасы.
Сен керек етсең, әміршім,
Өзім де кесіп беремін.
Бірақ, сезгенімнен танбаймын.
Xан.
Не сездің?!
Бөгде.
Жолдан келдің, әміршім,
Бүгінше жатып деміңді ал!
Хан
(жағасынан өзіне тартып).
Дем ал деймісің?!
Өтірік де сезгенің!
Бөгде.
Қолына келіп қосылғанда
Дәл өзіңдей жас едім.
Қанша өтті содан бері?
Қанша өтірігімді ұстадың?
(Хан итеріп жібереді. Бөгде жөнделіп отырып.)
Өтірік емес, ұлы хан.
Xан.
Айт ендеше!
Сезгеніңді жасырмастан түгел айт!
Бөгде.
Айтамын, әміршім.
Тек менің кеңесімсіз жазаламасқа уәде бер!
Xан.
(кідіріп). Бердім.
Бөгде.
Мастураның сүйері Пәрман.
Xан
(шошып кетеді). Пәрман? Шеберді айтамысың?
Бөгде.
Я, шеберді айтамын, тақсыр.
Сол болып шықты сүйгені.
(Хан тұншыққандай отырып қалады.)
Сезіктеніп жүруші ем, анығына жету үшін екі көзімнің бірі соларда болды. Бір күні кешке...
Xан. Доғар! Сендім саған!
(Паузадан кейін.)
Не жаза бұйырамын? Кеңесіңді айт кәнеки?
Бөгде. Менің кеңесім— сарай біткенше сыр берме, тақсыр.
Хан. Ішіңнен езіл деймісің? Жоқ! Жүрегіме күйдіргі еккен сұлудың жүрегін мен де еземін.
Бөгде. Онда сарай бітпей қалады, әміршім.
Xан.
Қараң қалсын бітпесе!
Неме дәрі қу кесек!
Жоқ әлде, жылқы қамаймын ба оған?
Бөгде.
Онда мән бар, әміршім!
Жеңдіре көрме ақылыңды ашуға,
(Ойланып.)
Кейін болжап түсіндім:
Сарай салған атағың
Қиратқыш хан дегенді
Жұмсартатын, жұқартатын сияқты.
Ендігі жеңер еліңнің
Жуас болуына да жақсы.
(Жақындай түсіп.)
Онда, әміршім алаң болмай артына,
Өндіресің жеңісті.
Жақындайды алысың.
Бітпей қалса күмбезі
Әлемге күлкі боламыз. (Бөгеліп.)
Мен тыңшылар хабарынан осыны қорыттым.
Xан. Мастурасыз бітпейтін себебі не?
Бөгде. Онда шебер істемейді.
Xан. Қалай істемейді?
Бөгде. Сынап көрдім, көзім жетті әміршім. Үш күн болды, зынданға салдым Мастураны. Соны естігелі шебер жатқан жерінен басын көтерген жоқ.
Хан. Әлі көнбей жүр ме?
Бөгде. Көнбек тұрсын, тіл қатпайды.
Xан (тағы ызаланып). Тіл қатпаса, тілі мен басын қоса кес. Одан өзге үй соғушы құрып па!
Бөгде (иіліп). Кешір, әміршім, тағы да ашуың меңдеп барады. (Көлгірсіп.)
Пәрман даңқы көп елдерде әйгілі. Бізге соның істегені қымбат.
Хан (ойланып). Шақырт маған ендеше.
Бөгде. Бүгін бе?
Xан (ашулы). Бүгін, қазір!
Бөгде. Келтірейін, тақсыр, тек артын ойла, асықпа. Осы жолы қаһарыңның тізгінін маған ұстат. (Жалынған дауыспен.) бола ма?
Хан. О, қу Бөгде! Болады, болады!
(Бөгде шығуға айналғанда қарсысынан шабарман кіреді, тәжім етеді).
Шабарман. Әміршім, шебер келіп тұр, ханды көрмей кетпеймін дейді.
Xан. Кірсін, тез кірсін!
Бөгде (тез ханның қасына келіп қайта отырады.) Алдияр!
Xан. Тағы нең бар?!
Бөгде. Артқы есебің есіңде болсын, әміршім.
Xан. Жетті, жетті... (Пәрман кіреді. Хан даусын өзгертіп).
Кел! (Пәрман хан алдында қандалдар жанып тұрған тасқа сүйеніп тұрады.)
Шақырғалы отыр ем,
Жақсы келдің шеберім.
Күмбезді қашан бітіресің?
Пәрман. Иесі босанғанда, тақсыр.
Xан. Иесі кім сеніңше?
Пәрман. Мастура.
Хан (ұстаммен). Қате айтасың, шебер, менмін иесі.
Пәрман. Хан сөзі екі бола ма? Ханым үшін демеп пе ең?
Бөгде. Хан мен ханым бір емес пе?
Пәрман. Жоқ бір емес.
Хан. Бөгде, шақыр ханымды. Бөтенмін десе өзі айтсын. (Бөгде кетеді.) Ал сен бұдан былай Мастураның атын атама!
Пәрман. Атаймын, хан. Мастура мен үшін жаралған. Соны айтқалы іздеп келдім әдейі.
Хан. Жоқ, мен үшін жаралған!
Пәрман.
Хан! (Жақындап.)
Басқа істеген қиянатың жетпей ме?
Қонағыңа қырық өзбектен құл бердің.
Еңіреумен кетті ерлерім...
Аңырап қалды жесір менен жетімдер.
Сәнді қала орнында
Жел суарған күл жатыр.
Жылаған жұрттың көз жасы,
Көлге айналды алдыңда.
Енді менің жарымды алам деймісің?
Жанымды ал, хан, аяма!
Жарымды бірақ бермеймін.
Хан.
(еңкейіп). Елің үшін, жерін, үшін
Не тілесең берейін,
Беземісің Мастурадан?
Пәрман.
Безгені қалай?
Xан (жәй).
Мастурамен көзбе көз тұрып,
«Енді сені ұмытам» дейсің,
Бола ма?
Пәрман. Болады, хан тек сен маған сүйгенін ұмыту өнерін үйрет.
Хан.
Ондай өнер бар ма екен?
Пәрман.
Ендеше қалай ұмытам?
Xан.
Еліңді сүйгенің үшін ұмытасың.
Пәрман.
Жар сүйе алмаған жүрек
Елді де сүйе алмайды. (Тәкаппар).
Мен елімді жарымдай сүйемін,
Ал жарымды елімдей сүйемін...
Сусыз балық қандай жансыз болса,
Мастурасыз мен де жансызбын.
Пауза. Мастураны ертіп Бөгде кіреді. Пәрманды құшақтай түскендей, бірақ өзін-өзі еріксіз ұстағандай. Хан алдына келеді.
Xан. Шебер маған сенсіз жерде сусыз балықпын дейді. Сен не дер ең, Мастура?
Мастура.
Мен де сондай, ұлы хан.
Пәрмансыз жерде күнсіз солар гүлдеймін.
(Тізесінен отырып.)
Рақымды бол, ая, хан,
Айырма мені жарымнан,
Азап берсең бірге бер,
Өлтір бірге, бірге кем.
Одан өзге тілегім жоқ сұрайтын.
(Пауза)
Хан (басын көтеріп).
Тұр, Мастура! (Мастура тұрады.)
Бердім тілегіңді...
Бірге жаса жарыңмен
Қанша қатал болсам да,
Сені көріп жібіп ем.
Әлдеқандай көзге түспес,
Үзілмес биік жібекпен
Қолыма тұсау салып ең...
Ағаң Рүстем аман еді сол үшін,
Енді мен де босандым,
Қайта оралып, тілегім бар деп сұрама,
Тырнағымнан тамған хан
Көзіңе ыстық көрініп,
Тітіретсе денеңді
Өзіңе жап обалын...
Мастура
(тәкаппар). Әлсіз болса бауырым,
Аттанар ма еді қол ертіп,
Күшті ханды тосар ма еді майданда?
Бітіспесін өліспей өзім де жақсы білемін.
Xан.
Мастура!
Сөзге салса жай отынан өткірсің,
Жауабың жылдам атылған садақ оғынан,
Дәл қадайсың, көздесең.
Мен тілегіңді бермей отырмын ба?
Жоқ әлде қаталдық салыстырғың келе ме?!
Мастура.
Хан...
Хан (бөліп кетіп).
Жетеді, Мастура!
Тағы ескертем!
Желді күнгі отпен егеспе,
Жаралы арыстанмен егеспе!
(Паузадан кейін.)
Шебер, сен ұттың, мен ұтылдым…
(Даусы қалтырап).
Ұтылдым, Мастура сенікі! (Тесіле қарап.)
Енді не дейсің?
Пәрман (сәл иіліп). Не деуімді қалар ең?
Хан (жылайтындай). Сарайды бітір, күмбезін орнат ертерек! Бітіремісің?
Пәрман. Бітіремін.
Хан. Барыңдар. (Есікке қарай қолын көтеріп, бүк түсіп отырып қалады.)
Мастура мен Пәрмен шығып кетеді.
Бөгде.
(қорқынышты, өзіне-өзі.)
Я, жасаған! Хан қаһарынан сақта.
Шыдамына шыдам қос,
Маған арнап мейірім бер!
(Хан ішіне әлек түскендей, у ішкендей. Қанша бекем ұстаса да, енді жарылып кететін сияқты. Ауыр басын әрең көтеріп, Мастуралар шығып кеткен есікке қарап қалады. Одан кейін ызалы, жалынды көздерін қарсы алдында қансыз-сөлсіз тұрған Бөгдеге аударады.)
Xан. Сен неден қорықтың... Менен бе!
Бөгде (жәй.) Тақсыр... түсің өзгеріп кетті.
Xан. Отыр. Отыр, кәрі досым. (Бөгде отырады.)
Осынша жасқа келгенше
Сыр айтқан емен пендеге.
Үзеңгілес, серігім,
Сен де естіген емессің.
Бөгде. Рас, хан ием.
Хан. Білемісің, Бөгде, менің тәңірім қай тәңір?
Бөгде. Түсінбедім, ұлы хан.
Xан. Я, түсінбейсің... Менің тәңірім тасқын мен дауылдың, аяз бен өрттің, мұз бенен құйынның тәңірісі.
Мен жас кезімнен осы қаһар тәңірісін қаладым.
Он үш жаста лағып кеттім далаға,
Шатқал тауды аралап,
Жартастарды құшақтап жүріп жыладым
Өзіңе ұсат, я тәңір,
Көкірегіме қаһар құй деп тіледім...
Қабыл болды тілегім...
Бөгде.
Қаһар тәңірісі қайда болады, әміршім?
Xан.
Мен қайда болсам, о да сонда болады.
Міне қазір де менімен бірге.
(Көкірегін ұрып.) Ішімде тұр, ішімде!
Қаһар отын жағып тұр.
(Түсі бұзыла түскен, жынданғандай түрегеледі. Бөгде де үрке орнынан тұрады.)
Кек алмасаң, жылатпасаң
Жандырам дейді өзіңді,
Жат болам дейді жаныңа
Айтшы, Бөгде,
(Тағы да жағасынан қос-қолдап ұстап.)
Кімнен алам өшімді?
Жұбатам немен тәңірімді?!
(Кейін шегініп.)
Жөнел қазір алдымнан!
Сүйгенімен бірге отырған сұм сұлу
Жылайтын болсын түнімен,
Қос көзінен жас орнына қан ақсын,
Жары да бірге күңіренсін,
Онсыз сабыр таппаймын.
Бөгде.
Не бұйырасыз, әміршім?
Xан.
Өзің, ізде, өзің тап.
Шыға алмасаң ойымнан.
Қоштасып кел өміріңмен.
Қаһарымның барлық уын, жалынын
Өз мойныңа ала кел.
Бар!
Сенен алам өшімді!
Бөгде.
Әміріңе құлдық... (Иіліп шығып кетеді.)
Хан (жалғыз. Жан-жағына шошына қарайды. Қолын созып есікке барады. Одан үркіп кейін шегінеді. Өз орнына қайта келе жатып, тәңірінің суретіне көзі түседі, кілт кідіріп қалған, екі қолын соған қарап созып, бір тоқтап, бір жүріп келеді).
Кешір, тәңір, кінәлама құлыңды,
Жеңе алмадым сұм сұлудың жүрегін,
Қайсар шебер сынбады,
Тәңірлері олардың да мықты екен.
Шімірікпеді қаһардан...
Дарыта алмадым уымды,
Боранымнан ықпады...
Бірін-бірі сүйем деп тұр,
Бірі үшін бірі өлем деп тұр, есіттің бе?
Айта алмадым мен оны.
Сүю үшін жүрек керек мейірімді,
Ондай жүрек менде жоқ,
Сенің құлың боларда,
Қаһарыңды аларда,
Жүрегімді, мейірімімен езгенмін,
Лақтырғанмын терең құздың түбіне.
Рас сұлуға мен де құмармын:
Құшағымда тұншықтыру,
Жырту, жұлу, жеп қою да
Құдіретімнен келеді,
Сүйе алмаймын жалғыз-ақ.
(Пауза )
О, кешір, жасаған, кешір!
Өкінбеймін қос тәңірінің ішінен
Сені қалап алғанға,
Өлгенімше сендікпін!
Көкірегіме қаһарыңды құя түс,
Тілегін бер сұлудың,
Сүйгенімен бір мезгілде,
Биік күмбез түбінде,
Уға қанған семсеріммен отаймын!
Кешір, ием, кешір! (Тұрып қалады.)
Бөгде кіреді, оның артынан қара шүберекпен жапқан үлкен алтын легенді көтеріп жендеттің бірі келген, екеуі аңдап басып ханның ордасына барып тоқтайды.
Бөгде (жақындап). Хан ием, (хан есітпейді, қаттырақ.) Хан ием!
Xан (ауыр бұрылып). Бөгдемісің, келдің бе?
Бөгде. Келдім, әкелдім.
Xан. Не әкелдің?
Бөгде. Бас әкелдім.
Xан. Бас! (атып тұрады.) Кімнің басы, кәнеки?
Бөгде (жендетке). Бері әкел! (Жендет хан алдына әкеліп, бір тізерлеп шылапшынды көтеріп тұрады.)
Xан (Шүберекті сыпырады, біз Зейнептің басын көреміз). Ә, шешесінің басы ма?
Бөгде.
Кемпірдің басы, хан ием.
Хан.
Жарайсың, Бөгдем, дәл шығыпсың ойымнан.
Қарсыласар ұл туған,
Қасарысар қыз туған
Тілін тартпас, түгін жықпас
Дұшпанымның бірі еді,
Жақсы жайғастырыпсың...
Бөгде.
(қуанып иіліп).
Сен ырза болсаң, тәңірі ырза.
Хан.
Ханның сыйы қадірлі сый,
Асылдан жап бетіне.
(Бөгде ақ жібек әкеп жабады.)
Өзің апар Мастураға:
Көрсеткені үшін сүйгенін,
Қанның берген көрімдігі осы де!
Бөгде (еңкейіп). Әміріңе құлдық, хан ием!
Шымылдық
5-картина
Сол күнгі түн. Мастураның бөлмесі. Екі жерден қойылған қандал шамдар үйдің ішін жарқыратып тұр. Перде ашылғанда кесте тіккен Мастураны, оның қасында жантайып отырған Пәрманды көреміз.
Пәрман.
Не тігіп отырсың, Мастура?
Мастура.
Апамның әңгімесін.
Пәрман.
Апамның әңгімесін?
Мастура.
Иә.
Пәрман.
Мен естімеген қандай әңгіме?
Мастура
(күліп). Түсірейін кестеге,
Содан кейін апаммен бірге көресің.
Пәрман.
Жоқ, қазір айт. (Толқып.)
Бүгінгі түн — бақыт түні...
Алтын қанат қиялың
Мені де бірге ала ұшсын,
Қалдырма жалғыз қасыңнан.
Жүрегіңнің түбінен
Толқып туар сұлу ән,
Менің де әнім емес пе? (Шашынан сүйеді.)
Мастура.
Ал мен, сенің қанатыңмен ұшуды сүйемін.
Пәрман.
Түсін, Мастура...
Биікке талмай қағатын,
Сенсің менің қанатым.
Сен демесең, көтерсең
Көзімді басқан сұр перде
Серпіледі тұмандай,
Сонда ғана көремін —
Мұнаралы үйлердің
Күн астында жарқыраған күмбезін,
(Аз ғана паузадан кейін, Мастураны құшақтап, өзіне тартады.)
Айтшы, Мастура.
Мастура. Айтайын... (Бір қолын Пәрманның мойнына салып, әлденеге қадалып қарап қалған.)
Түн. Айлы түн.
Сел етпейді жапырақ,
Барлық әлем мүлгіген.
Қиялымен жарасқан,
Жалғыз ғана апам отыр бақшада...
Оқта-текте күрсінсе ауыр
Меруерт тастай мөп-мөлдір,
Көзінен жасы тамады.
Сені ойлайды менімен.
Осы кезде ұшып келіп бір бұлбұл
Сүйген гүлін іздейді,
Зар төгеді әнімен.
Басу үшін күйігін,
Қайта-қайта қанатымен
Өзін-өзі желпиді.
Одан кейін ұшып барып.
Қолына қонады апамның.
Жанған шоқтай жылтырап
Жас тамады оның да екі көзінен.
(Пәрманға қарап.)
Көптен бері жүрегімнен,
Осы әңгіме шықпаушы еді.
"Ерік тиіп, қосылған күні сенімен
Әдейі бастап отырмын.
Пәрман (оның көзі бір ноқатқа қадалып қалған. Бұрылмастан еліге сөйлейді.)
Ғажап екен, Мастурам...
Әне, әне мен де көре бастадым.
Айтқаныңның айнымай тұр бәрі де.
(Бөгеліп күлімсіреп.)
Көрдің бе, күнім, қарашы,
Бір шоқ ақ гүл ортасынан
Бөлініп шықты қызыл гүл,
Басқасынан биік түр,
Ұшып барды қасына
Ынтыққан ғашық бұлбұлы...
Апамды қара!
Көзінің жасы кеппестен
Сүйіскен гүл мен бұлбұлға
Қуанышпен күлімсіреп қарайды,
Нұр ойнайды жүзінде,
Көремісің, Мастура?
Мастура.
Көріп тұрмын, жаным!..
Мен апамның үстіне
Гүлмен түстес қызыл жібек кигізем.
Басына тартқан жаулығын,
Көкшіл берен ай нұрынан тігемін...
Пәрман. Дұрыс... дұрыс... (Күлімсіреп.) Өстіп отырғанымызда анам кіріп келсе...
Мастура. Қайтер еді, қуанғаннан жүрегі жарылып кетер ме еді?
Пәрман.
Неге, әуелі мені, содан соң сені
Қатты-қатты сүйер еді,
Мастура.
(нұрланып). Жоқ, әуелі мені сүйер еді.
Пәрман.
Жоқ, мені.
Мастура.
Мейлі, сені-ақ сүйсін әуелі
Тек тезірек келсе екен.
(Пауза. Екеуі де қиялдарына бөленіп үндеспей отырып қалады. Кем-кемнен Мастура басқа ойға түскендей, іреңі де өзгере бастайды.) Зылиқа неге кешікті екен?
Пәрман.
Таба алмай жүрген ғой.
Мастура.
Түнде қайда кетпекші...
(Пәрманның қолын жүрегіне басады, сұрланады.)
Су ете қалды жүрегім...
Онысы несі, Пәрман?
Пәрман.
Қатты соғып тұр.
Мастура.
Әлдебіреу әлек сала бастаған сияқты.
Пәрман.
Қуанғандікі болар.
Мастура.
Жоқ, ұқсамайды.
(Пауза. Зылиқа кіреді. Мастура атып тұрады.)
Таптың ба, жаным, апамды?
3ылиқа. Таба алмадым. Хан шақыртып кетіпті.
Мастура (даусы қалтырап). Хан? Неге шақыртыпты?
3ылиқа. Белгісіз. Күттім-күттім, келмеген соң жүрегіме қорқыныш түсе бастады. Сонсоң сендерге айтайын деп келдім.
(Пәрман қастарына барады.)
Мастура (үрейлі). Пәрман, сен не ойлайсың?
Пәрман. Сабыр етейік, күтейік. (Құшақтап апарып орнына отырғызады. Бәрі де отырады. Пауза.)
Мастура (сабыр таппай.) Қанша уақыт өтті, көп күттік пе, Зылиқа?
3ылиқа. Отырғанымыз осы емес пе?
Мастура. Маған жыл өткен сияқты.
Пәрман. Сабыр ет, Мастура, күтейік. (Пауза.)
Мастура.
Пәрман, денем дірілдеп барады,
Бұдан әрі күте алатын емеспін.
(Орнынан тұрып.)
Ханға барам, апамды өзім іздеймін.
Пәрман (тез тұрып). Ендеше сен күт, мен барайын. (бас киімін киеді).
Мастура. Жоқ, мен барамын, Пәрман. Хан көзіне қайта көріну саған қатер.
Пәрман. Саған қатер емес пе?
Мастура. Мейлі.
3ылиқа (терезеге үрейлене қарап). Мастура! (Пәрман мен Мастура Зылиқаға бұрылады.) Терезеге қараңдаршы!
Пәрман (терезеге қарап). Екі адам өтті.
Мастура. Тағы екеу етті.
Зылиқа (қорқып). Бұлар кім екен, Мастура?
Пәрман. Мүмкін өзіміздің кісілер шығар...
Мастура.
Жүргендерін сездірмей келеді ұрланып,
Адам емес, әзірейлі еткен секілді...
3ылиқа. Рас...
Пәрман (сабырсызданып). Мен шығып көріп келейін. (Кете бастайды.)
Мастура (ұстап.) Барма, Пәрман, шықпа. Күтейік. (Пауза.)
3илиқа. Есітемісіңдер, кіріп келеді.
Пәрман. Естіп тұрмын.
Мастура (шыдамай.) Кім де болса тез кірсе екен. Не де болса көрсек екен тезірек.
Пәрман. Сабыр... сабыр ет. (Сәлден кейін қасында семсерлі кісілері бар Бөгде кіреді. Мыналар үрке қарасады.)
Бөгде. Кеш келгенге сөкпеңдер.
Пәрман. Сөкпейміз, айта бер, неге келдіңдер!
Бөгде.
Мастура, сүйгеніңе қосылғаныңа
Ұлы хан шашу жіберді.
Соны тапсырғалы келдік.
Мастурa (Ілгерi басып). Ұқтым-ұқтым. (Көзі шатынап.) Қайда? Кәне?
Есікке қарайды. Осы кезде шылапшын көтерген жендет кіреді, қолындағысын Мастураға ұсынады. Шылапшынды Пәрман алады.
Мастура (өзге дауыспен, Зылиқаның қолын қағып.)
Ашпа, Зылиқа!
Білмеймісің не барын?
Алтын леген ішінде,
Ақ жібектің астында
Жүрегі жатыр бір елдің. (Бетін төсеп.)
Тоқтаған жоқ соғуы,
Кеміген жоқ ысуы (Пәрманға.)
Тыңдашы Пәрман.
Пәрман (ізетпен маңдайын тигізіп сыртынан сүйеді.) Рас, арыстанның жүрегіндей соғады.
(Ортадағы дөңгелек стол үстіне апарып қояды. Мастура ере барып, ақ жібектің сыртынан кеп кестелі орамалдармен жаба бастайды.)
Мастура.
Махаббатым, қуанышым,
Жастық жүйрік арманым,
Тігілген түгел жібекке...
Бәрі де, ана, сен үшін.
Қайнап ағар, меруерт жасым,
Қанды қайғым, отты кегім
Тігілген түгел кестеге
Бәрі де, ана, сен үшін!
(Жаба береді. Үйілген кестелі орамалдар тамаша сұлу белгіге айналады. Бөгделер алғашқы тұрған жерлерінде сілейіп қапты. Көздері Мастурада. Мастура енді Бөгделерге бұрылады.)
Сендер не күтіп тұрсыңдар?
Бөгде. Хан сыйын қалай қадірлегеніңді көріп тұрмыз.
(Мастура бойын жинап алған, өр мінезінен өрт тұтанғандай. Дәл Бөгденің қасына барып тоқтайды.)
Мастура. Ханың менің қалай жылағанымды көр деген шығар? Рас па?!
(Бөгдеге қадала қарайды.)
Көре алмайсың күткенмен! (Тағы дажақындап.) Қара, Бөгде, көзімде менің жас бар ма?! (Бөгдеге қадала қарайды.)
Бөгде (еріксіз қарап). Жоқ... жоқ... Мастура.
Көрмегенді көрдім деп барсаң,
Доңыз боп өл, алжыған!
(Біріне-бірі қарасып қалады.)
Шымылдық
ТӨРТІНШІ АКТ
6-картина
Күндіз. Жаңа біткен алтын күмбезді сарайдың әр түрлі сырмен нақышталған қабырғасының бір қыры көрінеді. Күзет әскерлерінен басқа соғушы көп өзбектер алаңда лық толған. Олар қанша шаршап шалдықса да, қызыға қарап тұр. Бәрінің көзі жоғарыда. Алдыңғы қатарда тұрғандардың ішінде Қатыран, Мастура, Зылиқалар тұр. Пәрман жоғарыда.
Зылиқа (жоғары қарап, бір қолымен Мастураны ұстайды).
Қарашы, Мастура,
Неткен биік мұнара.
Пәрман қалай басы айналмай тұр екен?
Мастура
(көзі жоғарыда.)
Басы айналса қыран көкті сүйер ме?
Ол жоғарылаған сайын,
Құдірет жинай түседі.
3ылиқа.
Енді не қылғалы тұр?
Мастура.
Қазір күмбездің жабуын алады.
3ылиқа.
(қуанып). Алса екен тезірек.
(Пауза.)
Әне, әне! Ашты Пәрман күмбезді!
Бұлт астынан шыққан күндей
Нұр төгіліп келеді жарқырап.
Қатыран.
(қызыға қарап.) Бәрекелді, балам, көп жаса!
Дауыстаp.
Бәрекелді, Пәрман!
Қысқа түн бер,
Ұзақ күн бер, әумин!
Мастура.
Әумин!
Дауыстаp.
Әумин! Әумин!
Қатыранмен жарыса басқалар да беттерін сипасады. Осы кезде әскермен шабарман келеді.
Шабарман. Хан келеді, тараңдар!
Найзалылар елді шегіндіріп сахнадан шығарып әкетеді. Мастура сарайды айналып кетеді.
Шабарман
(тағы да бұйыра сөйлеп).
Төсеңдер кілемді!
Бір топ жігіт, ішінде күзетші де бар асыға басып келіп, хан тұратын орынға жібек кілемдер төсейді. Екі дабылшы қатар тұра қап құрмет дабылын соғады. Хан мен Бөгде келеді. Әскерлер найзаларын жоғары ұстап, бір тізелерінен отырып қарсы алады.
Әскерлер (бір дауыспен). Ұлы ханның қадамы қайырлы болсын!
Бөгде.
(хан атынан). Айтқандарың келсін!
(Әскерлер тұрады, Бөгде ханға).
Сарайың бітті, әміршім,
Салтанатың баянды болсын!
Xан (түсі суық, жоғары қарап тұрған. Одан Бөгдеге мойын бұрады),
Жақында, Бөгде. (Бөгде қасына барады.)
Иесі кім бұл үйдің,
Білемісің, Бөгде сен?
Бөгде, Әрине, хан ием, өзіңсің.
Xан.
Жоғары қара! (Бөгде қарайды.)
Алтын күмбез жарқырап,
Алысқа мойын созады,
Маған қарсы жау шақырып тұрғандай.
Көремісің тәкаппарын, суығын?
Биікпін дейді ханнан да.
Бөгде.
Жөн айтасың, әміршім,
Түсі неткен суық еді!
Әлденесі жетпей тұрған сияқты.
Xан.
Рас айтасың, Бөгде. (бөліп-бөліп).
Ұйтқып соғар желім жетпей тұр,
Желектей ойнар жалыным жетпей тұр.
Бөгде (қорқып).
Не дедің, хан ием?
Xан.
Көзіме кілең өрт елестейді.
Құлағымнан ыңыранған үні кетпейді.
(Даусы дірілдеп.)
Биігіне жалыннан ту қада деп,
Қаһарлы тәңірім күбірлеп тұр кеудемде.
(Тағы жоғары қарайды.)
Мыналар кім?
Бөгде.
Шебер мен Мастура емес пе?
Хан (түсі бұзылып.)
Мастура... шебер...
Бұлар да алысқа қарап тұр. (Қатты.)
От қойыңдар, от!
Орындалсын армандары
Бірге жанып, бір құласын күмбезбен!
Бөгде (жалынып). Сабыр ет, әміршім, сабыр ет. Келтірейін жазалауға алдыңа.
(Бөгде екі құралды жігітпен сарайды айналып кетеді. Қайтып келеді. Ашулы. Жоғары қарап.)
Ай шебер, төмен түс!
Пәрман (жоғарыдан). Жоқ, түсуге болмайды.
Бөгде. Хан шақырады.
Пәрман. Уақытым жоқ.
Xан. Не дейді?!
Бөгде. Түспеймін дейді, әміршім.
Xан (ақырып). Сүйреп түсіріңдер!
Бөгде (қиналып). Есік жабық, хан ием.
Xан. Бұзыңдар, қиратыңдар есігін!
Пәрман.
(жоғарыдан). Әуре болма, жаһил жан!
Бұл хан сарайы емес, жан сарайы.
Ашылмайды есігі.
Xан. Садақшылар! (Көп садақшылар хан қатарына келіп тізіліп қалады.)
Мастура.
(жоғарыдан). Әне, әнеки!
Таудан төмен сорғалап,
Ағып келеді жұлдыздай.
Пәрман (жоғарыдан). Семсерін қара, нажағайдай ойнаған.
(Төмендегілер таңданыса тыңдайды.)
Мастура.
Анау шаң не, Пәрман?
Пәрман.
Қалың қолдың тозаңы.
Торлаған бұлттай түйіліп келеді жақындап.
Xан.
(ызалы). Не көріп тұр бұлар?!
Бөгде.
(дауыстап). Ей, не көріп тұрсыңдар?
Келе жатқан кімдер?
Пәрман.
Кек семсерін шапқалы,
Бостандық келеді, күтіңдер!
Xан.
Мастура!
Құламай тұрып биіктен,
Тілегіңді айт ақырғы!
Мастура (қатты қуанғандай). Бостандық! Бостандық!
Xан (Бөгдеге).
Шақырып тұр ма, біреуді,
Жоқ әлде тілек сұрай ма менен?
Бөгде.
(жоғарыға қолын көлеңкелеп қарап).
Шақырып тұр, әміршім,
Көремісің күлімдеп,
Көз тігуін әріге.
Xан (құтырып). Садақ! (Садақшылар оқжібереді.)
Құлады ма?
Бөгде. Жоқ, хан ием... (Үрке қарап тұр.)
Xан. Қайта атыңдар! (Садақшылар қайта атады.)
Құлады ма? Бөгде (дірілдеп). Жоқ... әміршім...
Xан. Тимеді ме?
Бөгде (шегініп). Тиді... тиді...
Xан. Не болды?!
Бөгде (ханға тығылып). Әміршім... сақта мені әміршім... (Садақшылар да кейін шегіне береді.)
Xан (өзі де үрке қарайды. Одан кейін ессіз әскерлеріне бұрылады. Жәй дірілдеген дауыспен).
Айтсаңдаршы, не болды?
Түсіндірер жан бар ма?
(Күзетші, екі көзі жоғарыда, жүзінде қуаныш, жүгіре басып ханның қасына келеді.)
Күзетші.
Ғажап болды, хан, ғажап!
Екеуінің денесі көк мәрмәрға айналды,
Құламасқа мәңгілік,
Құшақтап тұр бір-бірін.
Көздерінен қуаныш шоғы сөнген жоқ,
Қарап тұр әлі алысқа.
Жел үрлесе торғын шашы сұлудың
Толқығандай тербеліп,
Оралғандай ер шебердің мойнына.
Батар күннің арайы
Бетін бояп кеткендей,
Шығар күннің шұғыласы
Маңдайын сүйіп өткендей...
Қараңдар, әне, көріңдер!
Қадалған садақ оқтары
Алтын болды сарғайып,
(Қолын көтеріп.)
Бұл не деген ғажайып!...
Хан (жоғарыға көзі шатынап, үреймен қадалған, одан көзін күзетшіге аударады.) Сен кімсің жігіт?
Күзетші.
Танымаймысың, хан?
Мен жастық жаршысымын.
(Жан-жақтан керней тартылып шапқан қолдың сарыны жақындай береді. Хан да, оның адамдары да үрейлене құлақ тігеді. Жадырай тыңдап тұрған күзетші ғана.)
Xан. Бұл не сарын, не жорық?
Күзетші.
Бұл Рүстемнің сарыны.
Туған жерін босатқалы,
Қанды қанмен жуғалы,
Жолбарыстан ат мініп,
Нажағайдан қамшы ұстап,
Сені іздеп келеді, ұлы хан!
(Керней сарыны тіпті жақындап қалған. Хан әскерімен екінші жаңа үреймен ысырыла жөнеледі. Орнында тұрып қалған күзетші, сахнадан қуылып шыққан қалың ел. Көздері жоғарыда, бәрі де мейіріммен қараған, қашқан әскер орнына қаптап жақындап келеді. Хан әскерімен көрінбей кетеді. Күзетші жоғары қарап мейірімді үнмен.)
Мастура!
Сен көздедің, мен атайын
Махаббат жауын құлатайын.
Жазғырма мені, жас ару!
Хандар кеткен жаққа садақпен көздеп тұр. Жоғарыға қызыға қараған Қатыран, Зылиқалар мен қалың топ, жаңа жеткен құралды адамдар сахнаға тола береді. Бәрінің көзі күмбезде.
Шымылдық
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі