(роман)
Жағалау жақтан келгенде Генего көшесінің шет жағында Пон — Неф пассажы тұр, мұны өзі Мазарини мен Сена көшелерінің арасындағы қуықтай тар, қара көлеңке дәліз десе де болады. Пассаждың ұзындығы әрі кеткенде отыз қадам да, ені — екі аттамдай; оның табанына сарғыш тартып, әбден тозған, қашан көрсең де жабысқақ сыз басып жататын, арасы ырсиып ашылып кеткен тақта тастар төселген; тік бұрыш жасап, қиыстырыла әйнекпен көмкерілген төбесін әбден күс басып, қарайып кеткен.
Күннің көзі көшелерді еріксіз қыздырып, шуаққа бөлейтін жаздың жайдары күндерінде мұнда күс басқан әйнек төбеден өлімсіреп, әлсіз сәуле түседі. Ал жауынды-шашынды қыс күндерінде, тұман басқан таңертеңгілік мезгілде тайғанақ тақталарға төбеден түнек төнгендей, қараңғы қапас басқандай болады.
Пассаждың сол жағында буалдыр тартқан, тәпелтек, жарбиған дүкендер мен дүңгіршектер иін тіресе орналасқан, олардан жертөледен шыққандай күлімсі иіс сезіледі. Мұнда букинистер, ойыншықтар мен қатырма қағаздан істелген бұйымдарды сатушылар орналасқан; шаң басып, солғын тартқан көрме заттары қараңғыда қалғып кеткендей қарауытады; әйнек кесінділерінен жасалған сөрелер тауарларға күлгін түсті бұлдыр сәулесін түсіреді; сөрелердің ар жағынан қараңғы дүңгіршіктер — онда әрлі-берлі қозғалақтаған ебедейсіз көлеңкелер зорға көрінеді.
Оң жақта, пассаждың бүкіл ұзына бойына тартылған қабырғаға дүкеншілер шағын шкафтар орнатқан: осындағы баттитып қоңырмен боялған жұқалтаң сөрелерде жиырма жылдан бері не екенін айырып болмайтын небір тауарлар жатыр. Шкафтардың бірінде жалған қымбат бұйымдармен сауда жасайтын біреудің тауарлары тұр; ол сақиналарды қызыл ағаштан жасалған қобдишада көгілдір барқытпен тысталған тақтайшаға ұқыппен жайып қойып, он бес судан сатады.
Сөрелердің үстіне қалай болса солай сылай салған, бейне бір алапес шыққандай ойдым-ойдым, жырым-жырым қабырға төне түскен.
Пон — Неф пассажы серуендейтін жер емес. Оны жұрт әлдеқалай жол қысқарту, бірер минут уақыт ұту үшін ғана пайдаланады. Бұл жерден баратын жеріне тезірек жетуге асыққан жұмысбасты адамдар өтеді. Мұнда алжапқыштарын асып алып, қолдарына өздері жасаған бұйымдарын ұстаған шеберлерді, қолтығына қысқан заттары бар ерлер мен әйелдерді көресің; мұнда әйнектелген төбеден түскен алакеуім жарықта әрлі-берлі кезген қарттар мен мектептен жаңа ғана шыққан балалар тобын көресің, — олар мұнда бар даусымен айқайлап, шулау үшін әрі аяқтарына киген ағаш шәркейлерімен тас тақталарды тарсылдатып басу үшін келеді. Мұнда топырлаған аяқ дыбыстары күн ұзаққа толастамайды, сонысымен жүйкеге тиіп, естір құлақты мезі етеді; мұнда ешкім де тоқтамайды, ешкім де бір-бірімен әңгімелесіп, шүйіркелеспейді; әркім өзімен-өзі, бастарын тұқыртып алып, жұмыстарына асыққан жұрт дүңгіршектерге көздерін де салмайды. Сатушылар әлдеқалай өз сөрелерінің алдына кідірген адамға күдіктене, аңыра қарайды.
Кешкілік уақытта пассажға шаршы тәріздес үлкен шамдарға орнатылған үш мүйізден газбен жарық беріледі. Әйнек төбеге ілініп қойылған бұл шамдар оған ашық сарғыш түсті сұлбасын, енді — енді сөнуге дайын өлімсіреген сәулесін түсіреді. Ондай кезде онсыз да сүйкімсіз пассаж апандай үңірейіп, одан сайын жеккөрінішті болып көрінеді; тас тақталарда ебедейсіз көлеңкелер қорбаңдап, көшеден ызғырық жел еседі; өзіңді тар қапаста жүргендей сезінесің. Сатушылар өз сөрелеріне түскен әлсіз шам жарығының болмашы сәулесіне қанағат етеді; қожайындар тек дүкендерде ғана аспалы шамдар жағып, оларды іс жүргізетін биік үстелге қояды, — әрлі-берлі өтушілер сонда ғана тапа — тал түсте түнеріп, қарауытып тұратын осы бір лашықтарда не істелініп жатқанын аңғарғандай болады. Қаракөлеңке сөрелердің қатарында картонаж шеберінің жарқырап жанған терезесі анық көрінеді: рефлекторлары бар екі шам түн түнегін сары жалқын жалын тілімен тілімдейді. Ал оның жанында ескі шамның пілтелілігіне қондырған шырағдан жалған бағалы бұйымдар сататын дүңгіршекке жарық беріп түр. Сатушы әйел лашығының бір бұрышында шәлісінің астынан қолын қусыра түсіп, жайымен қалғып отыр.
Бұдан бірнеше жыл бұрын осы сатушы әйелге қарама-қарсы тақтайдан құрастырылып, жасыл шөлмек түсіне боялған, барлық саңылауларынан сыз білініп тұратын дүңгіршек болушы еді. Маңдайшаға қағылған ұзын жіңішке тақтайшаға қара әріптермен "Галантерея" деп, ал әйнектелген есікке қызыл әріптермен "Тереза Ракен" деген есімі жазылған болатын. Есіктің оң жағынан да, сол жағынан да көк қағазбен көмкерілген ұзын сөрелер көрінетін.
Күндізгі бұлыңғыр жарықта көзге тек сөрелер ғана шалынатын.
Оның бір жақ қапталында аз-мұз іш киімдер: екі, үш франк тұратын әйелдердің бүрмелі шілтер тақиялары, муслиннен тігілген жеңдіктер мен жағалар, жеңсіздер, шұлықтар мен ұйықтар, аспа баулар болушы еді. Сарғайған, умаждалған осы заттардың бәрі темір ілгекте ілулі тұратын. Сөйтіп, сөрелердің бәрі төменнен жоғарыға дейін қызыл іңірде үрейлі кейіпке енген, оңып, солғын тартқан маталарға сіресіп тұрушы еді. Жаңа тақиялар тақтайшаға төселген көк қағаздың үстінде баданадай дақтармен ағараңдап, айқындау көрінсе, темір көрмелерге ілінген түрлі-түсті шұлықтар муслиннің бұлыңғыр, буалдыр аясында қоңырала дақ болып көрінеді.
Келесі қапталда, бұдан да тар сөрелерде, будақ-будақ жасыл жүннен тоқылған маталар, ақ қатырма қағазға тігіліп, қыстырылған қара түймелер, түстері мен көлемдері әр түрлі қораптар, көкшіл қағаз дөңгелектерге оратылған, шытыра — моншақ араластыра тоқылған шаш бастыратын торлар, тоқыма ілгектерінің байламдары, тоқу үлгілері, таспа орамдары, осында жатқанына ең құрығанда бес-алты жыл болған, түсі оңып, солғын тартқан тау-тау заттар үйіліп жатыр. Шан басып, сыз өтіп шіріген бұл сөрелерде бір кездері көздің жауын алған алуан түстер енді бір ғана тартымсыз, сұрқай түске айналған.
Жаздыгүні, күннің көзі алаңдар мен көшелерді өзінің аптаптай күйдіретін алтын шуағымен шомылдырған ұлы сәске шамасында, сөреге қойылған телпектердің арғы жағынан жас әйелдің қуқыл да қатқыл жүзін көруге болар еді. Оның жүзі дүкен ішін жайлаған қараңғылықтан онша анық көрінбейтін. Қыр мұрыны кішкене жазық маңдайынан тура түсіп, екі бірдей қызғылт-сары жолақ тәрізді жұқа еріндері жайбарақат жымырылып, титтей иегі жұмсақ та майда сызықпен мойынға барып ұласқан. Басқа дене бітімі байқалмайды, айналадағы буалдыр түнекке сіңіп кеткен; тек қалың қара бұйра шашы жауып тұрған, кеңінен ашылған қара көздері мен қырынан қарағандағы солғын түсті кескіні ғана көрінеді. Ол мұнда, тат басқан темір көрмеден түскен сары жолақтары бар екі телпектің ортасында, қозғалмастан және тырс етпестен сағаттап қалқайып отыратын.
Кешкілік шам жанған кезде дүкеннің ішін де байқап көруге болатын еді. Ол былайша кең болғанымен, онша сыйымды емес еді; оның бір жағында іс үстелі тұратын да, басқа жағында екінші қабаттағы бөлмелерге апаратын бұрандалы баспалдақ көзге шалынатын. Қабырғаларды бойлай сөрелер, шкафтар, жасыл қатырмалардың бумалары қойылған; бар жағдай бір үстел мен төрт орындықтан тұратын. Үйдің іші қаңырап, аңырап тұрғандай көрінетін; тауарлар көз тартар көркімен көрнекті жерде тұрмай, қораптарға салынып, бұрыш-бұрышқа жиналып қойылған.
Кеңсе үстелінің арғы жағында әдетте екі әйел отыратын: бірі байыпты кейіптегі жас әйел де, екіншісі мүлгіп, күлімсіреп отыратын егде әйел еді. Соңғысының жасы алпыста, оның шам жарығы түскен толықша беті алыстан ағараңдап көрінеді. Семіз ала мысық үстелге жайғасып алып, оның қалай ұйықтағанын міз бақпай бағып отырады.
Әріректе отыздар шамасындағы жігіт отыр, ол біресе оқып, біресе жанындағы жас әйелмен күбірлеп сөйлесіп қояды. Ол шағын ғана, әлжуаз, бір қарағанда аурушаң адам тәрізді; көмескі сары шашы, сирек сақалы, секпіл беті бәрі-бәрі оның аурушаң, көп әлпештелген балақан екенін айтып тұрғандай.
Сағат онға сәл ғана жетпей егде әйел ұйқысынан оянды. Дүкенді жауып, бүкіл отбасы ұйықтауға жоғарыға шықты. Ала мысық та мияулай басып, баспалдақ таянышының ор бағанына басын үйкелей, қожайындарының соңынан жайымен ере берді.
Жоғарыда үш бөлмелі пәтер орналасқан. Баспалдақ бірден ас үйге апарады, ол сонымен бірге қонақ қабылдайтын бөлменің қызметін де атқарады. Сол жақтағы қуыста фаянстан жасалған пеш, оған қарсы бетте буфет көрінеді; қабырғаларды бойлай орындықтар, ал қақ ортаға дөңгелек жайма үстел қойылған. Түкпірде, шыны қоршаудың арғы жағында, ас әзірлейтін бөлме қарауытады. Асүйдің екі қапталында жатын бөлмелер орналасқан.
Егде әйел ұлы мен келініне түн тыныш болсын айтып, өз бөлмесіне кетті. Мысық ас үйдегі үстелдің үстіне жайғасты. Ерлі — зайыптылар жатын бөлмеге беттеді. Бұл бөлмеде баспалдаққа шығатын екінші есік бар еді, онымен пассажға апаратын қараңғы тар дәлізге шығуға болады.
Қалтырап тоңа берген ері төсегіне жатты да, жас келіншек сыртқы қақпағын жабу үшін терезені ашты. Ол жоғары өрмелей, пассаждың үстіне қарай ұласқан, биік, қап-қара боп тұтасып, өте нашар сыланған жар — қабырғаның алдында біразырақ тұрды. Қабырғаға жайбарақат көз тастап, үндеместен, сонша бір енжар күйде ол да төсегіне қисайды.
II
Бұрын Ракен ханым Вернондағы галантереяда сауда жасайтын. Ол сондағы кішкене дүңгіршекте ширек ғасыр уақытын өткізді. Күйеуі дүние салғаннан кейін бірнеше жыл өткеннен соң ол өзінің шаршағанын сезіп істі доғарды. Бұрыннан тірнектеп жинағаны бар, оған дүкенді сатудан түскен қаражат қосылып, ол қырық мың франкқа не болып шыға келді; оны ол банкіге салып, екі мың рента алып тұрды. Осы соманың өзі оған жетіп артылатын. Ол дүниеде болып жатқан қайғыға да, қуанышқа да алаңдамай, жұрттан оңаша өз бетінше қамсыз — мұңсыз күн кешті.
Ол төрт жүз франкке Сенаның жағасына тиіп тұрған бау-бақшасы бар үйді жалға алып тұрды. Бұл өзі сырт көзден таса, оңаша мекен-жай болатын; айнала жасыл шалғынның ортасында тұрған шағын үйге кішкене ғана жалғыз аяқ жол апаратын; оның терезелері өзенге және арғы жағалаудағы бос жатқан төбешіктерге қарап тұратын. Ендігі жерде жасы егде тартып, елуден асқан салиқалы әйел осы бір оңаша мекенінде өзімен-өзі қалып, ұлы Камилл мен немере жиені Терезаның ортасында қамсыз — мұңсыз өмір сүріп жатты.
Камиллдің жасы онда жиырмадатын. Шешесі оны баладай еркелетуші еді. Әуелден әлжуаз баланы ұзақ жылдар бойы қанша рет ажал құшағынан ажыратып алғандығынан ба, әйтеуір оны жанындай жақсы көруші еді. Балақан қанша сырқат болса, соның бәрімен ауырып, Ракен ханым он бес жыл бойы ұлын алып кетпекші болған ауыр дерттермен арпалысып бақты. Өзінің шыдам — төзімінің, қамқорлығының және шексіз махаббатының арқасында ақыры бәрін де жеңіп шықты.
Ажал тырнағынан аман қалып, едәуір өсіп, ержеткен Камилл әлі де өзінің қыр соңынан қалмай қойған сырқат зардаптарынан арыла қоймаған әлсіз — тін. Өсуі баяулап, әлжуаз әрі дәрменсіз болып өсті. Оның нәзік аяқ-қолдары баяу, сылбыр қозғалады. Анасы оның діңкесін құртқан осы әлжуаздығы үшін бұрынғыдан да жақсы көреді. Ол оның жүдеу түріне қарап, ұлын кем дегенде он рет ажал тырнағынан алып қалғанын ойлағанда, іштей елжіреп кететін.
Аурудан сәл ғана айыққан кездерінде ол Вернондағы коммерциялық мектепте білім алды. Осында оқып, жазуға үйренді. Оның бүкіл ғылымды меңгеруі арифметиканың төрт амалын білумен және грамматикадан аз-мұз сабақ алумен шектелді. Кейінірек ол көркем жазу мен есепшіліктен де дәріс алды. Ракен ханым оған ұлыңды колледжге бер деп кеңес бере келгенде, әбден әбігерге түсті. Ол ұлының өзінен жырақ кетсе, өлетінін білді және кітаптар оның түбіне жетеді деп сендірді. Камилл білімсіз қалды, және осы надандық оны бұрынғыдан да дәрменсіз қылды.
Он сегіз жасында, қолы бос және өзін алақанға салып өсірген ана әлдиінен жалығып, мезі болған ол мата сатушы саудагерге піркәзшік болып жұмысқа кірді. Ол айына алпыс франк алып тұрды. Ол жаратылысынан елгезек еді, жұмыссыз отыруды ұнатпайтын. Ол еркіңді билеп, есіңді алатын жұмыспен айналысқанда, әрбір цифрын жадыңнан шығармай, іс қағаздары мен есептер салынған қалың кітаптарды күні бойы сарылып қарап отырғанда, ол өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Кешке әбден шаршаған, басында түк қалмаған ол өзінің меңіреулігіне қайран қалатын. Мата сатушы саудагерге жұмысқа тұрамын деп ол шешесімен ұрсысып қалды; анасы байғұс оны өзінің қасынан ұзатпай, тіршілік түйткілдерінен алшақ, салулы төсек, салқын үйде ұстағысы келеді. Бірақ жас жігіт айтқанынан танбады; басқа балалар ойыншықты қалай талап етсе, бұл да жұмысты солай талап етті. Бұл оның борышын сезінгендіктен емес, жаратылысының сұранысы, түйсіктен туған талап еді. Ананың ұдайы әлпештеуі, беріле сүюі оны қара басының қамын ғана ойлайтын нағыз өзімшіл етіп жіберді; ол өзін мүсіркеп, еркелететіндерді ғана жақсы көремін деп ойлады; шындығында ол өз әлемінде ғана, өзімен-өзі томаға-тұйық күй кешті; өз игілігін ғана ойлап, қалайда өз қуанышын еселей түсуге тырысты. Енді міне, анасының шектен тыс өбектеуі әбден мезі қылғанда, ол өзін қайдағы бір микстуралар мен қайнатпалардан құтқаратын пәтуәсіз жұмысқа бірден қойып кетті. Кешке, жұмыстан қайтар жолда, ол жиен қарындасы Терезамен бірге Сенаның жағасына соғатын.
Тереза он сегізге аяқ басты. Ертеректе, осыдан он жеті жыл бұрын, Тереза ханым әлі галантереясын ұстап тұрған кезде, қолында қуыршақтай қызы бар, оның ағасы, капитан Деган кіріп келді. Оның Алжирден келген беті екен.
— Міне, бұл сенің жиенің болады, — деді ол күлімсіреп. — Анасы о дүниелік болды... Не істерімді білмеймін. Саған беретін шығармын.
Сатушы сәбиді қолына алып, күлімдеп, бетінен сүйді. Деган Вернонда бір аптадай болды. Қарындасы ағасы тастап кеткен кішкене қыз туралы онша ештеңе сұрай қойған жоқ. Оның бар білгені, сүйкімді сәби Оранда дүниеге келген және оның анасы жергілікті жердің аса сұлу қызы болса керек. Жол жүруден бір сағат бұрын капитан қарындасына туған қызы деп өзінің атына жазылған туу туралы куәлікті берді. Ол сол кеткеннен оралған жоқ, бірнеше жыл өткен соң Африкада қаза тапты.
Тереза әпкесінің шынайы қамқорлығын көріп өсті; Камиллмен бір төсекте жатып ұйықтады. Денсаулығы өте мықты болды, бірақ оны дімкәс балаша бақты; оны сырқат бала жатқан ауасы тар бөлмеде ұстап, Камилл ішкен дәрінің бәрін бұған да берді. Ол бірнеше сағат бойы каминнің алдында ойға батып, жанған оттың алауына қарап, кірпік қақпастан тапжылмай отыратын еді. Ауру адамның күйін кешуге мәжбүр болған ол өзді-өзі іштей тынып, ақырын сөйлеуге, білдірмей жүруге, көзі ашық, бірақ ештеңені де көрмейтін қалыпта, отырған орнында үндеместен және міз бақпастан отыруға үйреніп алды. Бірақ та оның қолдарын көтеріп, аяқтарын басып орнынан қозғалуы мұң екен, оның мысықтан бетер ептілігі бірден көзге шалынып, марғау денеде бұғып жатқан бұла күші мен бой бермес құмарлығы, қарулы бұлшық еттері дір етіп оянғандай болушы еді. Бір күні кенеттен оның ағасының ұстамасы ұстап, құлап түскенде, ол сол сәтте-ақ оны жерден көтеріп алып, төсегіне салды; міне, осы тұлабойында талай жыл бұғып, қалғып жатқан бұла күштің әп сәтте сыртқа шығуы оның бетіне бір түйір қан болып ойнап шыға келді. Оның көпшіліктен оңаша, жалғыздықта өткізген өмірі де, басыбайлы бағынышты болған зиянды тәртібі де оның тарамыстай тартылған нәзік, бірақ күшті денесін әлсірете алмады; тек оның жүдеу өңі ептеп сарғыш тарта бастаған, ол көлеңкеде ұсқынсыздау көрінуші еді. Қайбір кездері ол терезенің алдына келіп, көшенің арғы бетіндегі күн шуағының алтын пердесін жамылған үйлерге қызыға қарайтын.
Ракен ханым дүкенін сатып, өзен жағасындағы үйде оңашаланған кезде Терезаның өмірінде әріде жасырынған қуаныш минуттары пайда болды. Әпкесі оған "Шуламай, тыныш отыр" деп жиі айтатын, содан да болар ол өзінің жаратылысына біткен барлық албырт мінездерін жанының терең түкпірінде мұқият сақтап келді. Ол сыртқы пішінінен ештеңе сездірмейтін аса салқынқанды болды, бірақ та соның тасасында сұрапыл албырт сезімдер жасырынып жататын. Ол өзін әрдайым жиен ағасының бөлмесінде, сырқат баланың қасында тұрғандай сезінетін; ол аз қозғалатын, үнемі дыбысын шығармай, аяғының ұшынан басып жүретін; бірдеңе айтқысы келсе, кемпірше, түсініксіз міңгірлейтін. Ол алғаш рет жайқалған бақты, жарқыраған өзенді, көкжиекке ұласып жатқан кең жазық белестерді көргенде, бар даусымен айқайлап, бет ауған жаққа тоқтамастан жүгіре бергісі келді; жүрегі дүрсілдей соғып, көкірегін соншалықты қуаныш кернесе де, оның бетіндегі бір де бір тамыр бүлк еткен жоқ, әпкесінің жаңа мекен ұнай ма деген сұрағына күлімсіреді де қойды.
Ендігі жерде оның өмірі жақсара түсті. Ол бұрынғысынша көнбіс, бет пішінінен ештеңе сезілмейтін байсалды қалпын; бұрынғысынша сырқаттың төсегінде өскен сәби қалпын сақтады; бірақ ол іштей түлеп, ырық бермейтін, бұла өмірге құлаш ұрып, жандана түсті. Өзен жағасындағы қалың шалғынның ортасында жападан жалғыз қалып, қарауытқан көздерін барынша бақырайтып, ирелеңдеп және атылуға дайындалған құдды бір хайуан сияқты, етпетінен жатып алатынды шығарды. Сөйтіп ол ештеңе де ойламай, күннің қызулы шуағына елтіп, қара жерді қолдарымен қапсыра құшақтай алатынына рақаттанып, сағаттап жата беретін. Кейде қайдағы бір қисынсыз қиял құшағына енетін; ол бұрқылдап ағып жатқан өзенге екілене қарап, көз алдына ол міне — міне оған шабуыл жасап, толқынымен басып қалатындай, бұл болса барлық күшін жиып, одан қорғанудың қамын, құтылудың жолын іздеп бағатындай суретті елестетіп әуре.
Ал кешкілік сабасына түскен Тереза әпкесінің жанында отырып алып тігін тігумен айналысады; абажурдың астынан құйылған жұмсақ шам жарығымен оның жүзі ұйқыдағы адамның келбетін танытады. Креслоға жайғасқан Камилл накладнойларын ойлап әлек. Ұйқы басқан бөлменің бейғам тыныштығын ақырын ғана анда — санда айтылған бір-екі ауыз сөз бұзады.
Ракен ханымның балаларына рахымы түсті. Ол оларды атастыруды ұйғарды. Ол ұлына әлі де өлетін балаға қарағандай қарады; оны жалғызбасты әрі ауру күйінде қалдырып, өліп қалам ба деген ойдан зәресі ұшатын. Бірақ ол бұл жөніндегі бар үмітті Терезаға артты; әлдеқандай заман болса бойжеткен баласын бар ықыласымен күтеді деп өзін-өзі жұбатты. Жиені өзінің салмақты және көп үндемейтін қалпымен оның шексіз сеніміне ие болған еді. Ол Терезаны қиын — қыстау жағдайларда сынап бақты және оны ұлының желеп-жебеуші періштесі ретінде көргісі елді. Бұл неке күнібұрын ойластырылып қойылған және барлық мәселелердің түпкілікті шешімі еді.
Балалар бір — біріне үйленетіндерін бұрыннан білетін. Олар осы ойды бойларына сіңіріп өсті және оның дұрыстығына күмәнданған емес. От басында бұл жайында өте қажет және болмай қоймайтын нәрсе ретінде айтылатын. Ракен ханым: "Тереза жиырма бір жасқа толғанша күте тұрамыз" деп шешкен болатын. Олар солай істеді де — қысылып-қымтырылмай-ақ төзіммен, сабырмен күтті. Бонды кернеген бозбалалық ынтық сезімдер Камиллге әлі беймәлім еді. Жиеніне қатысы жөнінен ол әлі де бала қалпында қалды, ол әдет бойынша анасының бетінен сүйгендей, оның да бетінен сүюші еді, бұл оның өзімшіл жаратылысына ешқандай нұқсан келтірген емес. Ол оны сүйкімді досындай көретін, — ол оны ешқашан жалықтырған емес, қайта қажет болса, ол оған қайнатпа әзірлеп береді. Ол онымен ойнағанда, қолына алғанда, оны еркек баладай сезінетін — тәні тырс етпейтін. Және Тереза күлкіге көміліп, қалай да одан құтылуға тырысқан кездері де оның ыстық еріндерінен сүйіп алу бірде-бір рет оның ойына келмепті.
Қыздың өзі де салқын, немқұрайды қалып танытқандай. Кейде ол да оған көз тастайтын, ондайда оның шарасы үлкен көздері әлдебір бекзаттық байсалдылықпен бірер сәтке зерттей қарап қалатын. Ондайда оның еріндері ғана сәл-пәл дір ете түсетін. Осы бір жұмбақ жүзден ештеңе де ұғуға болмайтын еді, оған еш нәрседен тайсалмас ерік-жігері әрдайым сүйкімді де ұқыпты кейіп беріп тұратын. Әңгіме тұрмыс құру туралы болғанда, Тереза сабырлы қалпынан танбай, Ракен ханымның сөздерін жеңіл ғана иек қағумен құптап отырды. Ал Камилл болса, тіптен ұйықтап қалды.
Жазғы кештерде жастар өзенге жүгіруден танбайды. Камиллді анасының әбден мазасын алған қамқорлығы шаршатып болды; ол ондайда тыз етіп тез ашуланатын; мейлі, содан болдырып ауырып қалса да оның кейде жүгіргісі келеді, әйтеуір жүрегін айнытатын өбектеуден құтылса болғаны. Ол өзімен бірге Терезаны ертіп, оны шалғында аунап-қунауға, алысып ойнауға шақырды. Бірде ол жиенін итеріп қалғанда, ол құлап қалды. Сол-ақ екен бойжеткен, көзіне қан толып кеткен, орнынан ұшып тұрып, құдды бір жабайы жыртқыш болар ма, екі қолын ербеңдетіп, оған бассалды. Камилл болса, ұрыссыз беріліп, жерге құлай кетті. Ол қорқып кетіп еді.
Осылай айлар мен жылдар өтіп жатты. Үйленетін күн де жетті. Ракен ханым Терезаны оңаша алып, оған оның ата-аналары туралы, қалай дүниеге келгені жайлы айтты. Бойжеткен әпкесін тыңдап алды да, ештеңе де айтпастан, оның бетінен сүйді.
Кешке Тереза басқыштың сол жағындағы өз бөлмесіне кірудің орнына оң жақта орналасқан жиенінің жатын бөлмесіне енді. Сол күні болған оның өміріндегі өзгерістер осымен ғана шектеліп еді. Ертеңіне жас жұбайлар төменге түскен кезде де Камилл бұрынғысынша әлжуаз, самарқау және бұрынғысынша өзімшіл, ал Тереза болса, бұрынғысынша сүйкімді де немқұрайды қалпында еді, және оның жүзінен ештеңе де білінбейтін, өте байсалды болатын.
Тойдан кейін бір апта өткен соң Камилл шешесіне Всрноннан кетіп, Парижге қоныс аударатынын шегелеп айтты. Ракен ханым оған қарсы болды: оның мұндағы өмірі өзіне жайлы еді, ешқандай өзгерісті қаламайтын. Камиллді ашу қысты, ол енді шешесі айтқанына көнбесе, ауырып қаламын деп қорқытты.
— Мен саған ешқашан қарсы келіп көрген жоқпын, іш деген дәріңді іштім, ал деген қызыңды алдым, — деді ол. — Енді маған не дейсің? Менің де бір тілегімді бергейсің. Айдың аяғында біз жүреміз.
Ракен ханым түні бойы ұйқы көрген жоқ. Камиллдің шешімі оның бүкіл жан дүниесінің астан-кестеңін шығарды, үйреншікті өмірін қалай қалпына келтіремін деп жанталасып бақты. Әйтеуір біраздан кейін сабасына түскендей болды. Өзін-өзі ойша жұбатуға көшті. Балалар ержетер, сәбилі болар, сонда бүгінгі жиған-тергені аздық етер. Қайтадан сауда-саттыққа көшіп, қаражат табу керек. Терезаға да лайықты кәсіп іздеген жөн болар. Ертеңіне-ақ ол көші-қон жайын ойластырып, жаңа өмірінің жай-жапсарын жобалай бастады.
Таңертеңгі ас үстінде күндегіден көңілді отырды.
— Былай істейміз, — деді ол балаларына қарап. — Ертең мен Парижге жүремін: ол жақтан өзімізге лайықты қандай да бір галантереялық дүкен іздеп көремін. Сонан соң Тереза екеуміз тағы да ине-жіп саудасын ашамыз, қолымыз бос болмайды. Ал сен Камилл, не істесең де, өзің біл Мейлің, қыдырып, бой жаз, мейлің, қызметке тұрып, кәсіп қыл.
— Мен кызметке кіремін, — деді жас жігіт.
Шынтуайтқа келгенде, қоныс аудару туралы ой Камиллдің басында көзсіз даңғойлықтан туған еді. Оны ортан қолдай бір мекеменің қатардағы шенеунігі болсам, қауырсын қаламды құлаққа қыстырып алып, екі қолға қап-қара жеңдік киіп, үлкен бір кеңседе отырсам деген ой билеп алған еді, мұндайда жүзі бал — бұл жайнап кететін.
Терезамен ақылдасқан ешкім жоқ: ол қашаннан тіл алғыш, көнбіс болғандықтан әпкесі де, күйеуі де оның пікірін білуді жөн көрмеген. Ол бұлар қайда барса, сонда барды; бұлар не істесе, соны істеді; соның бәрін ешкімге шағынбай, ешкімді жазғырмай үнсіз істеді; бір жаққа көшеміз — ау деген ой басына кіріп шықпайтындай.
Ракен ханым Парижге келісімен бірден Пон — Неф пассажына барды. Оны мұнда вернондық танысы, күйеуге шықпаған кәрі қыз, галантерея дүкенінің иесіне, өзі құтылғанша асыққан бір туысқанына жіберіп еді. Қартаң сатушыға бұл дүкен тарлау әрі қараңғылау көрінді; бірақ та Парижді аралап жүріп, көшедегі шудан құлағы тұнып, көрмелердің сәнінен көзі талып еді; ал мұндағы енсіз, тар пассаж, ондағы қарадүрсін витриналар оның қашан барсаң да жым-жырт тыныштықта тұратын бұрынғы дүкенін есіне түсірді. Мұнда ол өзін әлі де шеткері аймақта жүргендей сезінді; осы бір оңашалау жерде балалары бақытты өмір сүреді деген ойдан оның бойы сергіп сала берді. Кәсіпорынның қалыпты бағасы көңілдегі күдік тұманын сейілткендей: ол үшін екі мың франк сұрап отыр. Дүкен мен оның үстіңгі қабатындағы пәтер үшін жалдау ақысы небары бір мың екі жүз франкты құрайды. Ракен ханым өз рентасынан төрт мыңдай жинап алып еді, енді есептеп отырса, негізгі капиталын қозғамай-ақ, дүкеннің ақысын да, бір жылғы жалдау ақысын да төлей алады екен. Күнделікті шығыстарға Камиллдің табысы мен саудадан түсетін пайда жетеді деп ойлады ол; демек рентаға тиіспейді, ал капитал болашақ немерелер үшін жинала бермек.
Ол Париждің нақ ортасынан жауһарға бергісіз тамаша жер таптым деп Вернонға өте көңілді оралды. Бара-бара кешкі әңгімелердің үстінде қараңғы қапас, жұпыны дүкенше саңқылдаған сарайға айнала бастады; бірнеше күн өткеннен кейін ол Ракен ханымға бұлыңғыр естеліктердің арасынан қасиеттерін санасаң баға жетпес қолайлы, кең де жым-жырт дүкен болып көрінетін болды.
— О, сүйкімді менің Терезам, — деді ол, — көрерсің, ол жерде біз әлі-ақ бақытты күндерді бастан кешетін боламыз! Жоғарыда үш бірдей әйбат бөлмелер бар. Пассаж толған халық... Біз онда ғажайып көрмелер қоямыз... Менің айтқанымды ұмытпа — ішіміз пыспайтын болады.
Ол тоқтаусыз сөйлей берді. Оның бойында байырғы дүкеншінің мінезі бас көтерген еді; ол Терезаға қалай сату керек, қалай сатып алу керектігі, ұсақ сауданың қыр-сыры туралы күні бұрын кеңестер беруге кіріскен. Ақыр аяғында отбасы Сена жағасындағы үйді тастап, сол күні кешке Пон — Неф пассажына келіп орналасты.
Тереза өзінің талай күндерін өткізуге тура келетін дүкеннің ішіне алғаш рет кіргенде, ол өзін сыз иісі аңқыған көрге кіргендей сезінді. Тамағына бір нәрсе тығылғандай болып, қорыққаннан денесі қалтырап кетті. Ол кір басқан, сызды галереяға көз тастап, дүкенге кірді, екінші қабатқа көтерілді, үйдің ішін тегіс аралап шықты; жиһазсыз қаңыраған бос бөлмелерден құлазыған жалғыздық иісі сезілгендей. Жас келіншектің саусағы да қыбырламай, аузына бір ауыз сөз де түспеді; мұздай болып қатты да қалды. Әпкесі мен күйеуі төменге түсті де, ол болса қолдары салбырап, шабаданға сылқ етіп отыра кетті; көмейіне кептеліп келіп тұрса да, жылайын деп еді, жылай алмады.
Шынайы дүниемен бетпе-бет келген Ракен ханым өзін қолайсыз сезінді; қиялға беріліп, соншама мақтанғанына ұялды. Енді қалай да сатып алған үйін ақтауға тырысты. Ол қандай да бір кемшілікті түзету үшін әлденелерді ойлап тапты; пәтердің қараңғылығын ауа райының бұлыңғырлығынан көрді; ең соңында үй ішін аздап жинастырғаннан кейін бәрі де ретке келеді деп сендірді.
— Оқасы жоқ! — деді Камилл — Осының өзі дұрыс... Оның үстіне жоғарыда біз тек кешкілік қана боламыз. Мен болсам, сағат бес — алтыларсыз оралмаймын... Ал сендер бірге боласыңдар, іштерің пыспайды.
Жас жігітті егер кеңседе отыруға деген тәтті құмарлық жеңбесе, ол мұндай үйшікте тұруға келіспес еді. Ол өзін күні бойы жұмыста жылы жерде отырамын, ал үйге келген соң бірден ұйқыға бас қоямын деп сендірді.
Апта бойы дүкенде де, пәтерде де береке болған жоқ. Тереза бірінші күннен бастап үстелге отырып алды да, содан тұрған жоқ. Ракен ханым оның мұншалықты бей-жай қалпына қатты таң қалды; ол жас әйел өзінің пәтерін тезірек ретке келтірер, терезелерге гүл қояр, бөлмелердің тұсқағаздарын жаңадан жапсырып, перделер мен кілемдер сатып алуды өтінер деп ойлаған. Ракен ханым бір нәрсені қайтадан істеуді, жақсырақ істеуді ұсынса, жиені:
— Қажеті не? Бізде онсыз да жақсы емес пе, басы артық нәрсенің керегі жоқ, — дейді жайбарақат.
Ракен ханым өзі бастап бөлмелерді жайластырып, өзі жүріп дүкенді тәртіпке келтіруге мәжбүр болды. Әпкесі таңертеңнен түннің бір уағына дейін көз алдында көлеңдей бергеннен соң, Терезаның да шыдамы таусылды; қызметші әйелді жалдап, әпкесін өзінің қасына отырғызып қойды.
Айдан артық уақыт Камиллге қызметке тұрудың орайы келмеді. Ол дүкенде аз аялдап, ертеден кешке дейін жұмыссыз бос жүрді. Оның жұмыссыздықтан мезі болғандығы соншалық, тіпті бірде Вернонға қайтсақ қайтеді дегенді де айтып қалды. Ақыр аяғында оның айына жүз франк жалақысы бар Орлеан теміржол басқармасындағы қызметке қолы жетті. Сөйтіп, арманына жеткендей болды.
Ол үйінен таңертеңгі сағат сегізде шықты. Генего көшесімен жүріп келді де, жағалауға аяқ басты. Содан соң қолдарын қалтасына салған күйі Сенаны бойлап, Академиядан Ботаника бульварына дейін жүріп барды. Күніне екі рет жүріп өтетін осы бір ұзақ жол оны ешқашан жалықтырған емес. Ол судың ағысын бақылайды, төмен қарай ағыспен жүзіп бара жатқан ағаш тиеген баржаларға қарау үшін кідіріп, тоқтайды. Ол дәл қазір ештеңе де ойлап келе жатқан жоқ. Кейде ол жөндеу жүріп жатқан Париж Құдайанасы соборының алдында аялдап, оның жанында тау-тау болып үйілген ағаштарға қарайды; неліктен екені белгісіз, осы алып ағаштар ылғи да оның назарын аударатын. Бұдан кейін ол азырақ Шарапхана айлағына аялдап, вокзалдан келе жатқан көшірлерді санайтын. Кешке басқармадағылар айтқан әлде бір болымсыз оқиғаны еске алып, шаршап-шалдыққан күйі ол Ботаника бульварын бойлай, егер онша асықпаса, аюлардың жанына келіп тоқтайтын. Ол мұнда шұңқырға қарап еңкейіп, аяқтарын ауыр басып, шайқалақтай қозғалатын аюларды қызықтайды; ол осы бір ебедейсіз хайуандардың қылықтарын ұнатады; аузы аңқайып, көзі адырайып, олардың әрбір қозғалысына есі ауған адамдай еліге қарайды. Ақыры үйге қайтатын уақыт жетті деп, ол жолға шықты, өткен — кеткен адамдарға, күймелерге көз салып, аяғын сүйретіп келеді.
Үйге келген соң жедел ас ішті де, оқуға бас қойды. Ол Бюффонның шығармаларын сатып алып еді. Кітап оқуға онша құлықты болмаса да, ол әрбір кеш сайын жиырма-отыз бетті оқып бітіруге өзін-өзі зорлайтын. Сөйтіп жүріп арзан бағамен жарық көрген Тьердің ''Елшілік пен Империя тарихын", Ламартиннің "Жирондистер тарихын", тағы да бірді-екілі ғылыми-танымдық кітапты тауысты. Ол өз бетімше білім алып жүрмін деп өзін-өзі жұбататын. Кейде ол қайсыбір қызықты оқиғалар туралы әйеліне дауыстап оқып беретін. Ол Терезаның кітапқа онша зауқы соқпай, бүкіл кеш бойы ойға батып, үнсіз отыра беретініне таң қалушы еді. Іштей әйелім ақылсыздау ма деп те ойлайтын.
Тереза кітап десе тыжырынып-ақ бақты. Ол оның орнына көзін бір нүктеден алмай, қайдағы бір бұлыңғыр, болымсыз ойларға шомып, жайдан-жай отыруды хош көреді. Оның мінезі де бұрынғысынша қалыпты, байсалды қалпынан танған жоқ; барлық ерік — жігері әлдебір енжарлықтың, көнбістіктің ауылынан ұзамай, өзін-өзі шеттетуге бейім тұрады.
Сауда шама-шарқынша жүріп жатты. Әр айдың табысы бір — біріне ұқсас. Келушілер де жергілікті жұмысшы әйелдерден тұрады. Әр бес минут сайын дүкенге қарайған қыз-қырқын бас сұғып, бірнеше суға тауар алып кетеді. Тереза тұтынушылармен де жақсы қарым-қатынаста болды; оларды жылы жүз, жаттанды жымиыспен қарсы алып, шығарып салып жүрді. Ракен ханым болса, әңгімешіл, адамды өзіне тартып тұрады; анығын айтқанда, дүкенге келушілерді еліктіріп, еріксіз ұстап тұратын да сол еді.
Үш жыл бойы бірінен бірі айнымайтын күндер біртіндеп өтіп жатты. Камилл күні бойы кеңсесінен шыққан жоқ; оның шешесі мен әйелі де дүкеннен ұзаған емес. Тереза әр кеште сол баяғы суық төсегін, әр таңда түкке тұрмайтын тұрлаусыз күнін ұсынып, сүйектен өтетін сызды қапаста, еңсені басқан мимырт тыныштықта өтіп жатқан өзінің мағынасыз өміріне ой жүгіртті.
IV
Аптаның әр бейсенбісінде кешкілік Ракендер отбасы қонақ қабылдайды. Ac үйде үлкен шам жағылып, пешке шай қайнатылады. Бұл үлкен оқиға болушы еді. Мұндай кештердің кәдімгі кештерден көп айырмашылығы бар. Олар отбасы дәстүріне қызыққа толы мещандық той-думан ретінде енді. Мұндай күндері олар ұйқыға сағат он бірде жататын.
Ракен ханым Парижде бұрынғы таныстарынан Вернонда жиырма жыл қызмет істеп, үйлері көрші тұрған полиция комиссары Мишоны іздеп тауып алды. Сонда жүргенде олардың арасында тығыз қарым-қатынас орнаған болатын; кейін жесір әйел кәсібін тастап, өзен жағасындағы үйге көшіп қонғанда олар бір-бірінен айрылып қалып еді. Бірнеше айдан соң Мишо провинциядан Парижге ауысып, Сена көшесіндегі бір үйде бұйырған бір жарым мың зейнетақысын кертіп жеп, күнін көріп жатқан-ды. Жаздың жаңбырлы бір күні ол өзінің ескі танысын Пон — Неф пассажында жолықтырып еді; сол күні кеште ол Ракендерде қонақасы ішті.Бейсенбі күнгі қабылдаулар осылай басталды. Бұларға аптасына бір рет соғу бұрынғы полиция комиссарының әдетіне айналды. Кейін ол өзімен бірге жасы отыздардағы ұлы Оливьені ертіп келді. Бұл аурушаң, шабандау қимылдайтын, қуыршақтай ғана әйелі бар ұзын бойлы, қатып қалған арық жігіт еді. Оливье полиция басқармасында іздестіру бөлімінің аға шенеунігі қызметін атқарып, үш мың франк айлық алатын. Осының өзі-ақ Камиллдің қызғанышын оятқан. Тереза болса қасына қаңқасын сүйреткен әлжуаз әйелін ертіп, анда-санда бұлардың дүкеніне бас сұққанын міндет қылатын осы бір кекірейген, суық адамды алғашқы көргеннен-ақ жақтырмады.
Камилл тағы да бір қонақты — Орлеан жол басқармасының байырғы бір қызметкерін әкелді. Гриве жиырма жыл кызмет істеген аға шенеунік еді, екі мың бір жүз франк алатын. Оның міндеті Камилл қызмет істейтін бөлім қызметкерлерінің арасында жұмыс бөліп беру еді, сондықтан да соңғысы оған құрметпен қарайтын. Камиллге, он жыл өткеннен кейін бе, әлде одан ерте ме, әйтеуір бір бұйырған күні Гриве өліп, ол оның орнын басатындай көрінеді. Қария өзіне Ракен ханым көрсеткен құрметке қатты разы еді, сондықтан да бейсенбі сайын уақытылы келіп жүрді. Жарты жылдан соң оның бұл келісі әдеттен гөрі борышқа айналды: ол Пон — Неф пассажына, күн сайын таңертеңгілік кеңсесіне жұмысқа бара жатқан сияқты әлдебір хайуани түйсіктің жетегімен, дағдылы түрде келетін болды.
Осы құрамда жиылыстың сәні кіретін. Сағат жетіде Ракен ханым каминге от жақты, үстелдің үстіне шамды, оның қасына доминоны қойды, содан кейін буфетте тұрған шай сервизін жарқыратып сүртті. Сағат тура сегізде Мишо мен Гриве қарттар дүкеннің қасында кездесті, өйткені олардың біреуі Сена көшесі жағынан, ал екіншісі Мазарини көшесі жағынан келуші еді. Олар әуелі дүкенге кіріп, содан кейін ғана үй иелерімен бірге екінші қабатқа көтерілді. Барлығы үстелге отырып, Оливье Мишо мен оның әйелін күтті. Олар үнемі кешігіп келетін. Барлығы жиналып болғаннан кейін Ракен ханым шай құйып, Камилл клеенкаға доминоны төкті, сөйтіп барлығы ойынға кірісті. Тек домино сүйектерінің тарсылы естіліп тұрды. Әр партиядан кейін ойыншылар екі-үш минут дауласып алды, одан кейін дау толастады, енді тек айналадағы жабырқау тыныштықтың шырқын қу сүйектердің құрғақ тықылдары ғана бұзып тұрды.
Терезаның сылбыр ойнағаны соншалық, Камиллдің ызасын келтірді. Ол Ракен ханымның Верноннан әкелген Франсуа деп ат қойған семіз ала мысығын алдына алып, бір қолымен оны сипап, екіншісімен сүйектерді қойып отыр. Бейсенбі ол үшін нағыз дозаққа айналды; ол көбіне басының сақинасы ұстағанын, ауырып отырғанын сылтауратып, ойнамаудың, әшейін мүлгіп бос отырудың амалын қарастырады. Үстел үстінде шынтағына сүйене отырып, ол әпкесі мен күйеуінің қонақтарына қарап қояды, олар оған түтіндеп жанған шамнан шыққан буалдыр ыстың арасынан бір түрлі көрінеді. Айнадағылардың кескін-келбеті оның ызасын келтірді. Ол олардың бірінен екіншісіне аса бір жиіркенішпен, жек көрінішпен қарайды. Мишо қарттың — бала болуға айналған қарияның бет-әлпеті қызыл дақтармен шимайланған жүдеу еді; Гриве — көздері есуас адамның көзіндей шарасынан шыққан, еріндері жұқа, қушық бетті кісі; Оливьенің солғын бетіндегі жақ сүйектері шығыңқы, ебедейсіз денесіне қондырылған, онсыз да көп қозғала қоймайтын басын кекірейте ұстайды, ал оның зайыбы Сюзанна жүзі қуқыл тартқан, еріндерінде қан-сөл жоқ, адамға біртүрлі абыржи қарайтын әйел еді. Сөйтіп Тереза өзін ырық бермейтін әлдебір күштің құрсауында ұстап тұрған жұмбақ та үрейлі тіршілік иелерінің арасынан көңіліне ұялайтын не бір адамды, не бір жан иесін таба алмай отыр; кейде оны қым-қуыт елестер қинайды — оны қайдағы бір қабірге өліктермен бірге көміп тастағандай, байлаған жібінен тартса, әлгі өліктер бірі басын көтеріп, бірі аяқ-қолдарын ербеңдетіп қимылдағандай болып көрінеді. Оның ас үйдің ыс кеулеген ауасынан тынысы тарылады; үрейлі тыныштық, шамның көмескі жарығы оның әбден мазасын алып, көңілін құлазытады.
Дүкенге кіре берісте кішкене қоңырау ілінген, оның тосын шылдыры кісі келгенінен хабар береді. Тереза құлағын тігіп отыр. Қоңырау шылдыр еткенде, ас үйдегі күйбеңнен құтылатынын ойлап, қуанып кетті. Ол асықпай-саспай саудасын істей берді. Келуші кеткеннен кейін тағы да жоғары көтерілгісі келмей, үстелгс сүйеніп, ұзақ отырды. Көз алдында Гриве мен Оливьенің жоқтығына тәубе қылды. Дүкеннің ылғалды ауасы оның алақандарының қызуын әлсіреткендей. Ол тағы да өзінің әдеттегі көңілсіз арман — қиялының тереңіне шомды.
Бірақ ол ұзақ отыра алмады. Камилл оның жоқтығына алаңдай берді. Ол бейсенбі күні дүкенді қалайша ас үйден артық көруге болатынын түсіне алмады. Баспалдақ таянышынан мойнын созып, ол көзімен әйелін іздеді.
— Не болды? Сен онда не істеп жатырсың? — деп айқайлады ол — Неге қайтпайсың?.. Гривенің қолы жүріп тұр. Ол тағы да ұтып кетті.
Жас келіншек орнынан самарқау тұрып келді де, салпиған еріндеріне жексұрын бір жымиыс ұялаған Мишо қарттың қарсы алдына келіп отырды. Тереза сол отырғаннан маңайындағы қылымсып, бәлсініп отырған ойыншысымақтарға көзін де салмай, қолындағы Франсуаға қарап, сағат он бірге дейін тапжылмай отырды.
V
Бейсенбі күндерінің бірінде кеңседен келе жатып Камилл әлеуетті, кең жауырынды бір жігітті өзімен бірге ертіп келіп, дүкенге итергендей болып кіргізді.
— Шеше, мына мырзаны таныдың ба? — деп сұрады ол Ракен ханымнан келген кісіні нұсқап.
Қартаң сатушы бейтаныс адамға қарап, ойына түсіріп көріп еді, бірақ ештеңе шығара алмады. Тереза бұл көріністі әдетінше селсоқ бақылады.
— Саған не болған, сірә? — деді Камилл Лоранды, бала Лоранды, Жефос маңында тамаша егістік жерлері бар Лоран ағайдың ұлын қалайша білмейсің?.. Ұмыттың ба? Мен онымен біргс мектепке барып едім ғой; ол бізбен қатар тұрған немере ағасының үйінен келе жатып, таңертеңгілік маған соғып жүретін, — сен оған варенье қосылған нан беруші едің ғой.
Кенет Ракен ханымның есіне түсті. Бірақ одан бері шынашақтай Лоран кереметтей өсіп кетіпті. Ол оны көрмегеніне кемінде жиырма жыл болған шығар. Ол енді қабылдаудың алғашқы минуттарындағы әсерді жұмсартқысы келді, таза аналық мейірін аямай, естеліктерге ерік берді. Лоран отырған орнында жай ғана жымиып күліп, дүкен ішін көзімен ақырын шола отырып, оған өзінің ашық даусымен жауап беруде.
— Мынаны қараңыз, — деді Камилл, — бұл соққан Орлеан темір жолында бір жарым жылдан бері қызмет істеп келеді, ал біз болсақ бүгін ғана кездесіп. білісіп отырмыз! Рас, біздің басқарма өте үлкен, бұл сонша күрделі механизм...
Мұны айтқанда жас жігіт қасын керіп, ернін жымқырды: ол өзінің осындай үлкен машинаның кішкене ғана дөңгелегі болғанын өте мақтан тұтатын. Ол басын шайқай түсіп, одан әрі өзеуреді:
— Ол қазір жаман тұрмайды; білім алған, қазірдің өзінде бір жарым мың франк табыс табады... Әкесі оны кезінде колледжге беріпті, ол онда құқықты зерделеген, сурет салуға әуестенген. Солай ғой, Лоран?.. Біздікінен дәм ауыз ти.
— Ықыластымын, — деді ойланбастан Лоран.
Ол қалпағын шешіп, дүкенде жайғасып отырды. Ракен ханым ас үйге асықты. Тереза бұған дейін жұмған аузын ашпай, қонақты бақылаумен болды. Ол өмірінде бұған дейін дәл мұндай еркекті көрмеген еді. Ұзын бойлы, әлеуетті, екі бетінен қаны тамған Лоран оны сөзсіз таң қалдырды. Ол оның қайратты қара шаштары көмкерген аласа маңдайына, дөңгелек жүзіне, қанық еріндеріне, сұлу сымбатын аша түскен бет әлпетіне сүйсіне қарады. Бір сәтке оның мойнына көзі түсті: оның мойны қысқа да қарулы, әрі жуан, жұмыр екен. Содан соң ол оның тізесінің үстіне қойған ірі қолдарына қарады; саусақтарының ұшы төрт бұрыштана бітіпті; жұдырығы бұқаны ұрып құлатқандай. Лоран еңкіштеу келген, әдет — дағдылары біршама ауыр, ым — ишараттары баяу да дәл, көрер көзге салмақты да қайсар, нағыз шаруаның баласы еді. Оның шыныққан шымыр бұлшық еттері, толық әрі тығыз дене бітімі киім ішінен де байқалып тұрды. Тереза оны қолынан бастап бетіне дейін қызықтай қарап шықты да, көз жанары оның бұқа мойнына келіп тірелгенде, тұла бойы тітіркеніп кетті.
Камилл Бюффонның томдары мен арзан брошюраларды жайып тастап, досына өзінің де қарап отырмайтынын аңдатып бағуда. Содан соң Лоранның сұрақтарына жауап берген болып, оған соңғы бірнеше минуттан бері басынан шықпай қойған ойын айтты:
— Ал, сен менің әйелімді білетін шығарсың? Вернонда бізбен бірге ойнайтын менің немере қарындасым есіңде ме?
— Мен мадамды бір көргенде — ақ таныдым, — деді Лоран Терезаның бетіне тура қарап.
Оның өңмеңнен өтердей осылай тура қарасынан жас әйел бір түрлі ыңғайсызданып қалды. Ол жұмсақ жымиып, Лоранмен және күйеуімен бір-екі ауыз тілдескеннен кейін ас үйге асықты. Оған қиын еді.
Барлығы үстел басына отырды. Алдарына ас келісімен, Камилл қонақжайлық жоралғысымен досының хал-ахуалын сұрап отырган жөн болар деп ойлап:
— Әкең қалай жүріп жатыр? — деп сұрады.
— Білмеймін, — деді Лоран. — Арамыз үзілген, хат-хабар алыспағанымызға бес жыл болып қалды.
— Не дейді! — Мұндай тосын жағдайдан тосылып қалған шенеунік шошып кетті.
— Иә, біздің қадірлі әкейдің басында не жоқ дейсің... Ол көршілермен соттасқанды тәуір көреді. Мені де колледжге беруінің сыры сонда. Ол менің адвокат болып, өзі араласқан істердің бәрін соның пайдасына шешіп беруімді армандайтын. Иә, Лоран әкейдің ойлайтыны пайда ғана; ол өзінің қисынсыз әрекеттерінен де пайда тапқысы келеді.
— Ал сенің адвокат болғың келмеді ме? — деп сұрады Камилл барған сайын таңданысын жасырмай.
— Бұйырмасын. Титтей де ықыласым жоқ, — деді күліп досы. — Ай сайын әкем жіберіп тұрған жүз франк стипендияны алу үшін мен қатарынан екі жыл дәріс тыңдаған адамның кейпінде жүрдім. Мен ол кезде мектепте бірге оқып, кейін суретші болған жолдасыммен бірге тұрдым. Содан мен де кескіндеме өнерімен айналыса бастадым. Бұл кәсіп маған қатты ұнаушы еді, өзі сондай тартымды, жеңіл Біз күн ұзаққа темекі тартып, әңгіме-дүкен құрушы едік...
Ракендердің көздері адырайып кетті.
— Өкінішке орай бұл көпке ұзаған жоқ, — деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды Лоран.
— Әкем менің өзін алдап жүргенімді біліп қалды; ол бірден менің жүз франкімді тоқтатып тастады да, үйге қайтып, онымен бірге жер қазуымды қалады. Ол кезде мен дін тақырыбына сурет салуға талпынып жүрген кезім еді; іс оңға баспады... Мен алдымда аштық пен жалаңаштық күтіп тұрғанын түсіндім. Сонан соң өнерге өмірем қап дедім де, мансап қуа бастадым... Әкемнің әйтеуір бір өлетіні анық қой; соны күтіп жүрмін, әрі қарай шөп басын сындырмай-ақ өмір сүруге болады.
Лоранның даусы байсалды шықты. Оның өзі туралы айтқан аз ғана сөздерінен-ақ оның кім екенін түсінуге болатын еді. Шын мәнісінде ол оңай олжа табуға құныққан, барған сайын араны ашылып бара жатқан кержалқаудың өзі еді. Мынау діңкиген зор дене ештеңеге қиналмай, шөп басын сындырмай-ақ өмірден өз дегенін алсам дейді. Жас жігіттің көкейіндегі — жанын қинамай-ақ ұйқысын қандыра, тоя тамақ ішіп, тек қана құлқыны мен нәпсісінің құмарын қандырсам деген ой.
Адвокаттық кәсіптен ол ат-тонын ала қашты, ал жер қазып, адал еңбектің зейнетін көру деген ой оның тіпті зәресін ұшырды. Оның өнерге бүйрегінің бұруы оны нағыз жалқаудың ісі деген ойдан туып еді; ол қыл қаламмен жұмыс істеу онша қиынға соқпас деп ойлайтын, мұның сыртында оның бірден жетістікке жеткісі келді. Ол өзін көп әйел қаумалаған, диванда жантайып жататын, аста-төк дәм мен мастықтың буына елтіген рақат, қызығы мол өмірді аңсады. Оның бұл арманы әкесі ақша салып тұрған кезде шынында да жүзеге асты. Бірақ сол кездің өзінде отызды алқымдап қалған жас жігіттің ендігі барар жері, басар тауы қалмағанда ол еріксіз ойға қалды; ол енді мұндай қиындыққа төзбейтінін, атақ — даңқты қанша армандағанмен, бір күн де ашқұрсақ жүре алмайтынын түсінді. Суретшілік кәсіптің өзінің ашыла түскен аранын қанағаттандыра алмайтынын білген соң, өзі айтқандай, өнерге өмірем қап деп, қолын бір-ақ сілтеді. Оның алғашқы талпыныстары мен тәжірибелері ортадан да төмен болды; оның шаруа адамына тән шектеулі көзқарасы табиғатты қаз қалпында ғана көріп, оны тереңдете, түрлендіре түсуге қауқарсыз еді. Сондықтан да оның салған суреттері сын көтермейтін. Сондай сәтсіздіктерден кейін қаламды тастау керек болғанда да, ол бұған онша күйзеле қойған жоқ. Оның тек өзі бес жыл бойы армансыз жайлаған мектептес досының даладай кең шеберханасынан қол үзгеніне ғана іші ауырды. Ол сонымен бірге болмашы қылық, қызметтері үшін ақы сұрайтын натурашы бикештерден айырылғанына да өкінді.
Осы бір ләззаттанудың ластау әлемінен ол өзінің тойымсыз тәнінің құмарын басатын. Дегенмен кеңсе қызметшісінің несібесі оның жанына жағады; жұмысқа жегілетін малдың өміріне ұқсас өмір оған ұнамайды, күнделікті атқарып жүрген жұмысы оның көкейіне қонады; ол оны шаршатқан, ақылына жүк түсірген емес. Лоранға екі жағдай ұнамайды: біріншісі — оның әйелдерге қолы жетпей қалды, ал екіншісі — кухмейстер асханасынан он сегіз суға алып жеген тамағы оның жұмырына жұқ болмай тұр.
Камилл оған қарап, ақымақ адамдай аң-таң болып тыңдап отыр. Бос, әлжуаз денесінің өмірі бір рет айызы қанып көрмеген жүдеубас бозбала қонағының көркемөнер шеберханаларының өмірінен айтқан әңгімесіне балаша мәз болып, таң қалып отыр. Оны есінен тандырған тәнін жалаңаштап суретке түсетін әйелдер туралы әңгімелер. Ол Лоранды сұрақтың астында қалдырды.
— Яғни сенің көзіңше кәдімгідей көйлегін шешкен әйелдер де болды ғой? — дейді ол
— Әлбетте, — дейді Лоран күлімсіреп, боп-боз боп кеткен Терезаға көз тастап қойып.
— Қызық нәрсе екен, — деп қоймады Камилл балаша мәз болып. — Мен болсам ұялар едім. Бірінші рет сенің, бәлкім, есің шығып кеткен шығар.
Лоран күректей қолдарын ажыратып, алақанына қарай бастады. Оның саусақтары аздап дірілдеп, екі беті алаулап кетті.
— Әлі есімде, бірінші рет бұл маған онша ерсі көрінген жоқ, — деді ол өзімен-өзі сөйлесіп отырғандай. — Бұл өнер шіркіннің осындайы бар, әттең не керек, титімдей де пайдасы жоқ... Менің бір... аршын төсті, бел — мықын дегеніңіз қандай керемет, тырсиған денесінде бір міні жоқ натурашы ақсары әйелім болды.
Лоран басын көтеріп қарап еді, қарсы алдында Тереза тұр екен. Жас әйел тілі байланып қалғандай, одан көзін алмай, қатып қалып — ты. Оның күңгірт тартқан түпсіз қара көздері алдындағы кісіге қадалып қалған, сәл ғана ашылған еріндерінің ар жағынан аузының қызғылт нобайы шалынады. Ол әңгіме төркінінен есеңгіреп қалғандай, бірақ бар ынтасымен тыңдап отыр.
Лоран жанарын Терезадан Камиллге аударып, жымиған қалпын сақтауға тырысты. Ол әңгімесін жас әйелдің назарын өзіне аудара, қолдарын құлаштай сермеп, жұмбақ бір ишарамен аяқтады. Десерттен соң Ракен ханым дүкенге келушілерді қарсы алу үшін төменге түсті.
Дастархан жиналғаннан кейін біраз уақыт ойлы пішінде отырған Лоран Камиллге қарап:
— Білемісің, меніңше міндетті түрде сенің портретіңді салу керек. — деді.
Ракен ханым мен оның ұлы бұл ұсынысқа естері шыға қатты қуанды. Тереза бұрынғысынша үндеген жоқ.
— Қазір жаз ғой, — деді Лоран, — қызмет ерте бітеді. Мен мұнда келіп жүріп, күнде кешкілік екі сағаттай сенің суретіңді салар едім. Бұл көп дегенде бір аптадай уақыт алады.
— Несі бар, өте жақсы, — деді Камилл, риза болғаны сондай, қызарып кетті. — Бізде тамақтанатын боласың... Мен шаштаразға барып, шашымды бұйралаймын да, үстіме қара сүртүк кисмін.
Сағат сегізді соқты. Гриве мен Мишо келді. Іле-шала Сюзаннасымен бірге Оливье де жетті.
Камилл бала күнгі досын қонақтарға таныстырды. Гриве секем алып қалды. Ол Лоранды жек көретін, өйткені оның ойынша, жас шенеуніктің жалақысын тым ерте көтерді. Оның үстіне жаңа қонақтың келуі үлкен оқиғаға айналып отыр; Ракендердің байырғы қонақтары бейтаныс мейманды салқындау қарсы алды — басқаша болуы мүмкін де емес еді.
Лоран ақкөңіл адамның қалпын танытты. Ол әр түрлі жағдайлардан шыға білуші еді, оның маңайындағыларға ұнап, бірден араласып — құраласып кеткісі келді. Ол неше түрлі әңгімелер айтып, бүкіл кеш бойы өзінің қарқылдаған күлкісімен отырғандардың көңілін көтере отырып, тіпті Гриве қарияның өзіне де ұнап қалды.
Сол күнгі кеште Тереза төменге түсуге сылтау іздеген жоқ. Ол сағат он бірге дейін ойынға қатысып, әңгіме тыңдап отырды. Бірақ Лоранмен көздері ұшырасып қала ма деп қанша қашқақтаса да, ол тіпті оған назарын да салған жоқ. Бұл жігіттің көңілділігі, оның қоңыр даусы мен тәтті күлкісі, өзгелерден ерекше иісі жас әйелді еріксіз қымсындырып, бір түрлі мазасыздандырғандай болды.
VI
Сол күннен бастап Лоран кеш сайын Ракендерге келіп тұрды. Ол Шарапхана айлағының қарсы бетіндегі Сен-Виктор көшесіндегі жиһазды бөлмеде тұратын, ол үшін айына он сегіз франк төлеуші еді. Бөлменің аумағы алты шаршы метрдей ғана, жарық төбеден ойып жасалған терезеден түсетін де, содан аспанның кішкене ғана бір жолағы көрінетін. Өзінің үйшігіне Лоран қашанда кеш келуге тырысатын. Ақшасы жетіспегендіктен, оның кафеге кіріп, үстел басында отыруға мүмкіндігі жоқ еді, сондықтан да әp кеште Камиллмен кездескенше дәмханада отырып уақыт өткізетін; онда ол трубка тартып, ром қосылған кофе ішуші еді, бұл оған үш суға түсетін. Ол содан соң Сен — Виктор көшесін бойлай жайлап жүріп келіп, жағалауға шығып серуендейді, ал тымық түндерде орындыққа арқасын сүйеп, ұзақ отырады.
Пон — Неф пассажындағы дүкен оған оңды, жылы да жайлы орын болды, өйткені онда оған әрқашан ыстық ықылас пен әp түрлі құрмет нышандары білдірілетін. Енді ол кофеге төлейтін үш суды үнемдеп, Ракен ханымның баппен дайындаған шайын қанғанша ішетін болды. Ол мұнда өзінің үйінде отырғандай, ішкен асын бойына сіңіріп, арасында қалғып алып, сағат онға дейін отырады; ол бұл жерден Камилл екеуі дүкенді жапқаннан кейін ғана кетеді.
Бір күні кешке ол мольберт пен бояу толы жәшік алып келді. Ертеңіне ол Камиллдің портретін салуға кірісті. Кенеп сатып алып, барлығын мұқият дайындады. Ақыры суретші іске кірісті; ол ерлі — зайыптылардың жатын бөлмесіне орналасты — оның айтуынша, онда жарық мол, жұмыс істеуге қолайлы.
Бастың нобайын салуға үш күн кетті. Ол қолына көмір алып, ұсақ, сақ қимылдармен кенеп бетімен жүріп өтті; оның салған суреті құрғақ әрі қатқылдығынан болар, бір түрлі тұрпайылау көрінді. Ол жалаңаш суретін салып жатқан шәкірттей ебедейсіз қимылдап, Камиллдің бет-жүзін оқшырайтып, тұрпайылау етіп салып шықты. Төртінші күні ол палитраға болмашы бояу үйінділерін сығып төкті де, қаламның ең ұшымен жаза бастады; ол кенепті ластау сұйық нүктелермен жауып алды да, соған құдды бір қарындашпен жұмыс істегендей, қысқа, жиі штрихтар салды.
Әр сеанс аяқталған сайын Ракен ханым мен Камилл айтып жеткізбейтіндей қуанышқа кенелді. Лоран әзірше асықпау керек, ұқсастық ешқайда қашпайды деп сендірді.
Портрет салу жұмысы басталғаннан бері Тереза өзінің шеберханаға айналдырылған бөлмесінен ұзап шыққан жоқ. Ол әпкесінің дүкенде жалғыз отыруына мүмкіндік берді; ол жоғарыға көтерілу үшін қандай сылтау болса да пайдаланып, Лоранның қалай жұмыс істейтінін бақылап, тапжылмастан отыратынды шығарды.
Әлі де бұрынғысынша байыпты да мұңды, тіпті бұрынғыдан да жүдеп, үндемейтін болып алған ол қанша отырса, қаламнан көз алмайды. Алайда бұл көрініс оны сонша алаңдата қоймады; ол мұнда өзінің еркінен тыс жетелеген әлдебір күштің дегеніне бағынғаннан келіп, байланып отыр. Лоран анда-санда артына бұрылып, оған күлімсірей қарап, қалай, сурет ұнай ма деп сұрап қояды. Ол селк ете қалып, әзер дегенде бірдеңе деп, сонан соң қайтадан тілсіз таңданысының ырқына беріледі.
Күн сайын кешкілік Сен — Виктор көшесіне оралған соң, Лоран жағдайды пайымға салып: Терезамен ашына болу дұрыс па, жоқ па — соны ойлайды.
"Мен не десем болды, бұл маған ашына болатын әйел, — деп ойлады ол. — Ол менің артымда отырып алып, мені өзінің елегінен өткізеді, өлшейді, безбеніне салады... Ол дір-дір етеді, жүзінен әлдебір ерекше, тілсіз әрі іңкәр сезім сынды бірдеңе байқалады. Оған ашына керек — бұл күмәнсіз, олай деп оның көздері айтып тұр... Шындыққа жүгінсек, Камилл бір мүсәпір ғой".
Лоран өз досының әлжуаздығы мен сұрықыздығын есіне түсіріп, оны іштей мұқатқандай болды. Содан соң ойын әрі қарай өрбітті:
"Оған ол дүнгіршекте көңілсіз... Мен онда барар жер таппаған соң барып жүрмін ғой. Әйтпесе Пон — Неф пассажын желкемнің шұқыры көрсін дер едім. Ондағы дымқыл ауаны айтсаңшы... Әйел байғұстың тынысы тарылардай... Ал менің оған ұнайтыным айдан анық. Олай болса, мен кімнен кеммін?".
Ол кейде аялдап, тоқтайды, өзінің артықшылығын ойлағанда, көңіліне қанат біткендей; Сена суының ағысына қарап, ойға шомады.
"Мейлі, не болса да ыңғайлы сәті келгенде аймалап, сүйермін... Оның ойланбастан құшағыма сүңгіп кетеріне күмәнім жоқ".
Ол ілгері жүре берді, енді бірде көңілді күдік кернеді.
"Ол бірақ сиықсыздау ғой, — деп ойлады ол. — Оның мұрны да, аузы да үлкен. Оның үстіне мен оны сүйсем бір сәрі. Қайдағы бір пәлеге ұрынып қалуым да мүмкін. Осының бәрін електен өткізбесе болмайды"...
Тумысынан өте сақ Лоран бұл мәселені бір апта бойы ойланды. Ол Терезамен байланыстың алда қандай қиындықтарға соқтыруы мүмкін екенін күнібұрын ой елегінен өткізіп алды; ол бұл байланыстың оған қандай пайда әкелетінін анықтап алғаннан кейін ғана ойлағанын жүзеге асыруға бекінді.
Рас, Тереза оның талғамына татымайды; бірақ ол оған тегін түседі ғой; оның арзанға алған әйелдері де Терезадан сұлу да, тартымды да емес — тін. Тым құрығанда тамырының әйелін табысын үнемдеу үшін пайдаланса несі бар. Оның үстіне оның құмарынан шықпағанына да көп болды. Ақша жарықтық жерде жатқан жоқ, оған нәпсісін де тыюға тура келген, сондықтан мұндай несібеден айырылу өкінішпен бірдей болар еді. Ақыр аяғында, егер ақылға салып көрсе, мұндай байланыстың келеңсіз зардаптарының да болуы мүмкін емес: оны құпия ұстау Терезаның өзі үшін керек;
егер өзі қажет деп тапса, оны тастап кету де қиын емес; тіпті Камиллдің өзі күндердің күнінде шындыққа көзі жетіп, ашу шығаратын болса, онда оның көзін жоюға да болады. Бұл іс Лоранға барлық жағынан да оңай әрі кісі қызығарлықтай болып көрінді.
Содан бері ол ыңғайлы сәтін тосып, алаңсыз жүре берді. Ол қалайда қолайлы сағаты соққанда, бірден іске көшуге бел буды. Оған алда тұрған жанға жағымды көңілді кештер елестеді. Ракендердің бәрі оның бақытты болуына жағдай жасайды: Тереза оның асау қанының аптығын басады; Ракен ханым болса, анасындай әлпештейді; ал Камилл күнде кешкілік дүкендегі тірлік өзін онша зеріктірмес үшін мұны әңгімемен алдандырады.
Портрет салу жұмысы аяқталуға жақын, бірақ ойға алғанды іске асырудың ыңғайы келмей тұр. Тереза баяғысынша жабырқаңқы, уайым меңдеген қалпында қасында отыр. Камилл бөлмеден аттап шықпайды, Лоран оны ең құрығанда бір сағатқа бір жаққа жұмсай алмай дал болуда. Ақыры бір күні ол портреттің ертең дайын болатынын жеткізді. Ракен ханым барлығы бірге ас ішіп, суретші еңбегін атап өтетіндіктерін білдірді.
Ертеңіне Лоран соңғы бояуларын жағып, жұмысты аяқтағанда, барлық отбасы жиналып, портреттің ұқсастығына қайран қалысты. Портрет, ірі көкшіл дақтармен салынған, бұлыңғыр сұрғылт түсті, өте ұсқынсыз еді. Тіпті ең ашық бояулардың өзі Лоранның қаламымен баттасқан тұнжыр түске айналған; ол жігіттің онсыз да жүдеу түрін одан сайын тереңдете түскенін өзі де байқамаған; содан Камиллдің бет пішіні суға кеткен адамның түріндей көгеріп — сазарып кеткен; суретті дұрыс салмаудан оның бет пішіні өзгеріп, әлгі ұсқынсыз ұқсастықты одан бетер күшейте түскен. Бірақ Камилл мұны масаттана қабылдады; ол портреттен игі жүзді адамның кейпін көріп, қуанды.
Өз бейнесіне әбден құмары қанған соң ол шампан алып келетінін айтты. Ракен ханым дүкеніне кетті. Суретші Терезамен оңаша қалды.
Жас әйел бүрісіп отырған қалпында әлдебір алыс көкжиекке салғырт қарай қалған. Ол әлденеге елеңдеп, мазасызданғандай. Лоран қобалжулы, портретті қараған сыңайда, қыл қаламмен ойнаған болып отыр. Бірақ бұдан әрі кешіктіруге болмайтын еді: әні — міні Камилл де жетуге тиіс, бұдан былай мұндай сәттің туа қоюы екіталай. Суретші шұғыл бұрылып, Терезамен бетпе-бет келді. Беймәлім сәт бір-біріне қарап тұрды.
Сонан соң Лоран еңкейіп келіп, жас әйелді кеудесіне қысты. Ол оның басын шалқайта иіп, еріндерімен еріндерін өбе бастады.
Лоранның бойында бой бермес жабайы бір жойқын күш оянып, Тереза буынын ұстай алмай, еденге ысырыла берді. Олар бір ауыз тіл қатысқан жоқ. Олардың қауышуы тілсіз де тұрпайылау болды.
VII
Ашыналар осылай боларын әуел бастан білген. Олар алғаш кездескен күннен бастап, бір-біріне "сен" десіп, бір-бірін көп жылдардан бері білетін адамдардай қысылып-қымтырылмай-ақ жақындасып кетті. Олар жаңа жағдайға оңай көндігіп, бұларын ұят санамай-ақ араласты.
Олар кездесудің жайын келісті. Тереза үйден шыға алмайтын болғандықтан, Лоран бұған келіп тұратын болды. Келіншек өзінің не ойлaп тапқанын бұған бұқпантайламай-ақ ашық айтты. Кездесу ерлі-зайыптылардың жатын бөлмесінде өтетін болады. Ашынасы мұнда пассажға апаратын дәліз арқылы кіреді де, Тереза оны жасырын баспалдақ арқылы есіктен кіргізіп алады. Бұл кезде Камилл жұмыста, ал Ракен ханым дүкенде болады. Бұл болмай қоюы мүмкін емес батыл шешім еді.
Лоран бұл ойды құптады. Ол қанша сақ болғанымен, бұған қоса онда тоқпақтай жұдырығына сенетін адамның көзсіз ерлігі де бар еді. Ашынасының шешімді де байсалды қалпы оны өзіне соншалықты батыл ұсынылған ләззаттан барынша мол қарпып қалуға құлшындырды. Ол сылтау тауып, бастығынан екі сағатқа сұранды да, Пон — Неф пассажына асықты.
Пассажға кірісімен оның бойын ыстық нәпсіқұмарлық баурап алды. Жасанды бағалы бұйымдар сататын сатушы дәлізге кіре беріске қарсы отыр екен. Лоранға ол мыстан жасалған сырға ма, сақина ма, әйтеуір бірдеңе сатып алуға келген үй күтуші әйелмен алданғанша күте тұруға тура келді. Сол кезде ол еппен ғана дәлізге сүңгіп кетті; көгеріп кеткен қабырғаларды қармалай жүріп ол тар әрі қараңғы баспалдақпен жоғары көтерілді. Ол тас баспалдақтардан сүріне-қабына аттаған сайын көкейін тескен әлдебір өткір сезімге бой алдырып келеді. Есік ашылды. Кіреберістегі бозамық жарықта үстіне жеңіл белдемше мен кеудеше киген, шашын желкесіне мықтап түйіп алған, бұрынғыдан да ажарлана түскен Терезаны көрді. Ол есікті жапты да мұның мойнына асыла кетті. Одан жылы леп, жаңа киген іш киім мен жаңа ғана шомылған жас дененің иісі сезілді.
Лоран өзінің ашынасының өте сұлу әйел екеніне таңғалды. Ол бұрын мұны байқамаған екен. Солқылдаған шыбықтай нәзік әрі әлді Тереза басын шалқайта түсіп, оны құшағына қыса түсті; оның жымиған жүзінде өзіне еріксіз тартатын жылы бір нұр ойнады. Ашынасының пішіні мүлдем өзгеріп, сүйкімді болып сала берді; еріндері дымқыл тартып, көздері жарқырап жанып, оның ажарын аша түсті; тал шыбықтай бұралған жас денедегі қызу да ерекше. Оның бойынан әлдебір жалын тілі көктей өтіп, ажарын албыратып тұрғандай. Алабұртып, тұла бойды кернеген қызу қан, жүйкеден тараған кернеуі қатты әлдебір иірімдер оның айналасына тоқ шашыратқандай, одан бүкіл он бойыңа жайылатын өткір леп ескендей.
Алғашқы сүйісуден-ақ оның еркекжанды әйел заты екені анық байқалды. Оның құмары қанбаған тәні емін-еркін еркіндік алып, еркелікке бой ұрды; Оның тәні қатты ұйқыдан оянғандай, өзі құмарлық үшін ғана жаратылғандай еді. Ол Камиллдің әлсіз қолдарынан Лоранның қарулы қолдарына көшіп еді, енді, міне, әлеуетті еркектің аймалауы оның бүкіл дүниесін дүр сілкінтіп, оның ұйқыдағы тәнін оятып жіберді. Оның бойында бұғып жатқан не кереметтердің бәрі бұрын-соңды болмаған күшпен бас көтерді; оның іші — бауырын күйдіріп-жандырған африкалық анасының қаны алай-түлей болып буырқанып, оның талдырмаш, әлі қыз қалпынан айнымаған жас денесінде ойнақ салды. Ол қымсынып, ұялмай, патша әйелдерге бергісіз еркіндікпен құлай берілді. Оның өн бойынан, басынан аяғына дейін, әбден қажыған азапты бір діріл жүріп өтті.
Лоран өмірінде мұндай әйелге бұрын жолығып көрмепті. Ол таңырқады да, састы да. Әдетте оның ашыналары дәл бұлай есі кетіп, елжіремейтін; оның салқын, енжар сүйісулер мен аймалауға еті үйреніп кеткен еді. Терезаның өксулері мен дірілдеп, қалшылдаулары әуелде оны қорқытса да, кейін сезім құмарлығын арттыра түсті. Ол Терезадан мас адамдай мең-зең болып, әзер аттанып жүрді. Ертеңіне есі кіріп, сабасына түскен шақта төсегі оттан ыстық осы әйелге барсам ба екен, әлде қойсам ба екен деп ойланатын болды. Әуелі енді қайтып аяқ баспаймын деп бір-ақ шешті. Содан кейін аздап бұлаңдайтынды шығарды. Ол көз алдынан оның жалаңаш бейнесін қанша қуып баққанымен, оның ерке қылықтары мен наздарын ұмытқысы келгенімен, бәрібір ол бұлтартпай, қолдарын жайған күйі мұның көз алдына келіп тұрып алды. Жан күйзелткен осы бір жағдай барған сайын асқына түсті.
Ақыры шыдамады, қызметтен тағы да сұранып, Пон — Неф пассажына келді.
Сол күннен бастап Тереза оның өміріне мықтап енді. Ол әлі мұны мойындағысы келмесе де, әшейін мойынсұнған. Кейбір кездері қатты үрейленетін; уақыт өте келе оның бойын сақтық биледі, қалай болғанда да бұл байланыс оны ойлантпай қоймады; бірақ та барлық үрей мен қорқыныш, алаңдау сезімдері нәпсі ашығуының алдында өз-өзінен сейіліп жүре берді. Кездесулер көбейіп, барған сайын жалғаса түсті.
Мұндай күдіктер Терезаның жырына да кірген жоқ. Ол сезім жетегіне еріксіз беріліп, құмарлық қайда итермелесе, сонда барды. Басына түскен жағдай әбден қалжыратып, енді ғана есін жиып, ақыры қайта сілкінген бұл әйел өзінің өмір жолын баяндай отырып, бүкіл жан-дүниесін жайып салды.
Кейде Лоранды құшағына алып, кеудесіне басын қойып, құмыққан дауыспен әңгіме шертеді:
— Е, сен менің не көрмегенімді білсең ғой. Мен байғұс науқаспен бірге ауасы ауыр абақоңыр бөлмеде өстім. Камиллмен бір төсекте жаттым; оның тұла бойынан білініп тұратын күлімсі иістен жиіркенетінім соншалық, одан безіп кеткім келетін. Ол қыңыр да, қырсық та еді; мен ішпесем, дәріні де қабылдамайтын; әпкемнің ығына жығыламын деп, мен ішпеген у да жоқ. Қалай аман қалғаныма өзім де қайранмын... Олар мені кеспірсіз біреуге айналдырды ғой, жұрдай қылды ғой, сүйіктім, сондықтан сен мені менше сүйе алмайсың.
Ол Лоранды құшақтай, көз жасын көлдете түсті:
— Мен оларға жамандық ойламаймын. Олар мені асырап, бақты, аш-жалаңаш қалдырған жоқ... Бірақ мен олардың мұндай қамқорлығынан жетімнің күнін артық көрер едім. Маған жердің кеңдігі жетіспеді; кішкентай кезімнің өзінде мен сығандарша ел кезіп, қайыр сұрап, жалаңаяқ жар кешіп, сапарда жүруді армандадым. Маған менің шешемнің африкалық бір тайпаның көсемінің қызы екенін айтқан; мен ол туралы талай рет ойланғам, барлық жан — тәніммен, сезім — түйсігіммен солармен бірге екенімді білетінмін; шешемнен екі елі қалмай, мойнынан тас қылып құшақтап алып, құм кезіп жүрсем деуші едім... Аһ, жас күнімнің қалай өткенін көрсең ғой! Мен қазірдің өзінде Камиллмен бір бөлмеде жатқан таусылмас ұзақ күндерім есіме түссе, денем еріксіз тітіркенеді. Мен қайнап жатқан емдік шөптерге қарап, каминнің қасында жүрелеп отыратынмын; аяғым ісініп кетуші еді. Мен әпкем ұрсатын болғандықтан, тым-тырыс үндемей отырамын... Кейінірек, өзен жағасындағы үйде, қатты қуанғаным бар. Бірақ мен ол кезде әбден тосырқап қалған едім; аяғымды әзер алып жүретінмін, жүгірсем құлайтынмын. Одан кейін мені осы тар қапасқа әкеліп тірідей көмді.
Тереза ауыр дем алды; ол көңілдесін тас қылып құшақтап, өз өмірі үшін өш алғандай, жұқа танаулары делдиіп, дірілдей түсті.
— Олардың мені қандай жаман әйелге айналдырғанын сен білмейсің, — деп жалғастырды ол. — Олар мені алдамшы, аяр адамға айналдырды. Олар мені өздерінің тоғышарлық күйбеңімен тұншықтырды, осы уақытқа дейін менің тамырларымда қалайша қан жүріп тұрғанына түсінбеймін... Мен өзімді солардікіндей жабырқау түрге енгізіп, басымды да көтерген жоқпын, солармен бірге өлі адамдай күй кештім. Сен мені алғаш көргенде мен нағыз мал болдым ғой — рас па? Мен көңілсіз, үнжұрғасы түскен, малдан бетер қарау болдым ғой. Менің одан арғы үмітім де таусылғанды, сәті түскен бір күні Сенаның суына кетіп, қарамды батырармын деп жүргем... Бірақ мұндай селқостық баспай тұрып-ақ мен қаншама түнді қауқарсыз кекпен өткіздім десеңші! Анда, Вернондағы көрдей суық бөлмемде, мен өксігімді білдірмеу үшін жастығымды тістеп жататынмын, өзімді-өзім оңбаған көріп, ба — көзге ұратынмын. Қанымның қайнағандығы соншалық, өзімді-өзім түтіп жеп қоюға бар едім. Екі рет аспанның асты кең деп, басымның ауған жағына кетпек болып дайындалдым; бірақ жеме-жемге келгенде батылым жетпеді; өздерінің болбыр тілектестігімен, жүрек айнытар мейірімділігімен олар мені бас билігі жоқ малға айналдырған екен. Содан бастап мен жалған сөйлейтін болдым, күннен-күнге алдайтынды шығардым. Мен бұрынғыдай сүйкімді, бұрынғыдай момын қалпымда қалдым, ал өзім өшімді қалай алып, есемді қалай қайтарсам деп армандадым.
Жас келіншек дымды еріндерін Лоранның мойнына сүртті де, үнсіз қалды. Біраздан кейін әңгімесін әрі қарай жалғастырды:
— Камиллге тұрмысқа шығуға қалай келіскенімді өзім де білмеймін. Жек көргендіктен бе, әлде бір немқұрайлылықтан ба, әйтеуір қарсы болғаным жоқ. Бәлкім, аяғандықтан солай болған шығар. Онымен ойнап жүргенімде қолым қолына тисе болды, өзімді балшық ұстағандай сезінуші едім. Мен оған әпкем айтқаннан кейін күйеуге шықтым, содан соң ол үшін ештеңеден таршылық көрмеймін деп ойладым... Сөйтіп, күйеуге шыққаннан кейін де мен одан алты жастан бастап бір төсекте жатып келе жатқан баяғы науқас баланы жазбай таныдым. Ол сол баяғы әлжуаз, аянышты қалпында қалды, одан баяғы өзім өлердей жек көретін татымсыз иіс шығып тұрды... Мұның бәрін мен саған қызғанбасын деп әдейі айтып отырмын... Онымен бірге бұрынғы ішкен дәрілерім есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім айниды, мен одан жиреніп, теріс қарап жататынмын, сол түндерді еске алсам... Ал сен... сен болсаң...
Тереза еңсесін көтеріп, шалқайып отырды, оның нәзік қолдары Лоранның күректей алақанына сүңгіп кеткен еді; ол оның қақпақтай жауырынына, жуан мойнына көз тастады...
— Мен сені жақсы көремін мен саған Камилл алғаш рет дүкенге алып келгенде — ақ ғашық болып қалдым... Сен, сірә, мені өзіңе бірден берілгенім үшін сыйламайтын шығарсың... Соның қалай болғанын өзім де білмеймін. Мен тәкаппармын, бірақ ұстамсызбын. Сен мені алғаш рет сүйіп, еденге жатқызғанда сені сабағым келген... Сонда сені қандай махаббатпен сүйгенімді өзім де білмеймін; сірә, жек көрген шығармын. Сен көрсем болды, өз — өзімнен әлекке түсетін болдым; сен бар жерде жүйкемнің құритыны соншалық, тамырларым жарылып кетер ме екен деп қорқатынмын; басымда ештеңе жоқ, көз алдымда қызыл дақтар жүзіп жүргендей. О, мен қалай қиналдым десеңші! Бірақ мен сол азапты қасіретті сағындым, сенің келуіңді сарыла күттім, сенің деміңді жұтсам деп, көйлегімнің етегімен сені жанап өтсем деп қасыңнан шыр айналып кетпей қойдым. Маған сенің ыстық қаныңның лебі ескендей сезіледі, іштей қанша қарсылассам да, сенен тараған беймәлім бір бұлт мені түгелдей орап алып, қасыңнан қарға адым жер ұзатпай, тұсап қойғандай көрінеді... Есіңде ме, сен осында сурет салғанда мені белгісіз бір күш сенің қасыңнан шығармай қойды ғой; мен онда сен жұтқан ауаны құныға, құмарлана сімірдім — ау. Менің сондағы түрімді айтам — ау, сенің сүюіңді құмартып тұрған... Сенің алдыңда құлақкесті құл болғаныма, әрине, ұялдым. Бірақ не істерсің, маған жанассаң болды, сенің еркіңе берілетінімді өзім де сездім. Бірақ мен ұяттан аттап кете алмадым, сенің мені қашан құшағыңа алатыныңды дірілдей, қалшылдай күттім...
Осы жерге келгенде Тереза дірілдеп, баяулап барып басылды; оның санасын өшімді алдым деген өктем ой биледі. Ұйқылы-ояу Лоран оның кеудесіне басын қойып дамылдады; тағы да тыр жалаңаш суық бөлмеде күйіп-жанған ыстық құмарлық пен буырқанған қара күшке ерік берілді. Әр кездесу сайын бұл құмарлық тежеусіз сұрапылға ұласа берді.
Жас әйел осыншалықты ессіз өжеттік пен ұятсыздықтан бойына нәр алғандай. Ол осы қылығы туралы бір сәтке де ой жүгірткен емес, оған бәрібір еді. Ол қауіп-қатерден қаймықпай, тіпті сонысын мақтан тұтып, зинақорлықтың қызығына бел шеше кірісті. Көңілдесі келерде ол кішкене демалу үшін жоғарыға көтерілетінін айтып, әпкесін ескертті де, сақтық туралы ойлаған да жоқ. Көңілдесі жанында болғанда ол ештеңеден сескенбей, бөлмеде емін — еркін жүрді, естіліп қалар-ау деген ой жырына да кірмей, дабырлап сөйлеп, жиһаздарды батыл қозғады. Әуелде Лоранның есі шықты:
— Құдай үшін, дабырламашы, — деді ол, — Ракен ханым келіп қалар.
— Қойшы, сен — ақ қалтырай береді екенсің, — деді Тереза күліп. — Ол дүкенге жабысып қалған, мұнда оған не керек? Біреулер ұрлап кетеді деп ол о жерден кетуге қорқады... Ал егер келем десе, мейлі... Сен тығылып қаласың. Маған енді сол қалып па. Мен сені ғана сүйем.
Мұндай жұбату Лоранға ұнаған жоқ. Құмарлық әлі оның бойында бұғып жатқан шаруа баласына тон сақтықты жеңе қоймаған еді. Алайда ол көп ұзамай бұған да көндігіп кетті, сөйтіп қартаң сатушыдан екі метр жердегі Камиллдің бөлмесінде болатын тал түстегі тәуекелшіл кездесулер кезінде онша қорықпайтын болды. Ашынасы қиындыққа қарсы тұрған адамға ол онша қатерлі емес деп оның құлағына құюмен болды, онысы рас та еді. Көңілдестерге өздерін ешкім алаңдата бермейтін дәл осы бөлмеден артық жер жоқ еді. Олар осы жерде өздерінің тежеусіз нәпсісінің ырқын басатын.
Сонда да жиені ауырып қалмады ма екен деп алаңдаған Ракен ханым бір күні жоғарыға көтерілді. Өйткені жас әйел үш сағаттан бері бөлмесінен шықпаған еді. Оның әбден батылданып алғаны соншалық, тіпті өз бөлмесінің ас үймен жалғастыратын есігін жабуды да ойламаған.
Ағаш баспалдақпен көтеріліп келе жатқан қартаң сатушының аяқ дыбысын естіген кезде Лоран сасып қалып, жандәрмен жилеті мен қалпағын іздей бастады. Оның түрінің бұзылып кеткендігі сондай, Тереза мәз боп күлді. Ол оны қолынан мықтап ұстап, кереуеттің бұрышына тұқыртып отырғызды да, ақырын ғана сыбырлап:
— Осы жерде қозғалмай отыр, — деді.
Ол оның басына жерде жатқан пиджакті тастап, содан соң үстіндегі ақ белдемшесін шешіп алды да сонымен жаба салды. Осының бәрін ол сабырлы қалпын бұзбай, епті де дәл қимылдармен тиянақты істеді. Содан соң ұйпа-тұйпа, жартылай жалаңаш, әлі дірілі басылмаған, алабұртқан күйінде төсегіне жата қалды.
Ракен ханым есікті ақырын ашып, дыбысын шығармауға тырысып, кереуетке жақындап келді. Жас келіншек ұйықтаған болып жатыр. Лоран болса ақ белдемшенің астында тынысы тарылуда.
— Тереза, қызым, науқастанып қалдың ба? — деп сатушы әйел қамқорси сұрады.
Тереза көзін ашып есінеді де, келесі бүйіріне аунап түсті, ақырын ғана сақинасы ұстап, шыдатпай бара жатқанын айтты. Өзін оятпауын сұрады. Кемпір қалай келсе, солай үнсіз шығып кетті.
Көңілдестер үнсіз сықылықтап, бой бермес құмарлық құшағына қайтадан еніп кетті.
— Енді көзің жетті ме? — деді Тереза еркінси. — Бұл жерде бізге келетін қауіп жоқ... Мұндағы адамдардың бәрі соқыр. Олар сүюдің не екенін білмейді.
Тағы бірде жас әйелдің басына қызықты ой түсті. Кейде ол есінен айырылғандай күйге түсіп, сандырақтап кетеді.
Ала мысық Франсуа бөлменің нақ ортасында отырған. Көп қозғала қоймайтын маңғаз мысық көңілдестерден өзінің дөңгелек көздерін алмай қойды. Ол содан бір жанына рақат тапқандай, кірпігін қақпай, мұқият қарайды.
— Франсуаға қарашы, — дейді Тереза, — ол бәрін түсінетін, соның бәрін кешкілік Камиллге айтқысы келетін сияқты... Бір күні бұған тіл бітсе, қызықтың көкесі сонда болар еді-ау, о?.. Оның біз туралы анық айтары бар ғой...
Терезаны Франсуаға тіл бітсе деген ой қызықтыра түсті. Лоран мысықтың үлкен жасыл көздеріне қарап еді, тұла бойы тітіркеніп кетті.
— Оның не істейтінін білесің бе, — деді Тереза, — ол артқы аяқтарымен тұрады да, бір қолымен — мені, екінші қолымен сені көрсетіп: "Бөлмеде оңаша қалғанда мына кісі мен мына әйел қатты қауышып, сүйісті; олар мені көзіне де ілген жоқ, бұлардың қылмысты махаббаты маған өте ұсқынсыз, сондықтан оларды түрмеге жабуларыңызды сұраймын, сонда менің ас қорытуыма ештеңе кедергі болмас еді" деп жар салар еді.
Тереза мысық болып ойнап, балаша мәз болды; мысықша екі иығын ақырын қомдап, тырнап алғысы кеп қолдарын созды. Франсуа отырған орнында тастай қатып, одан көзін алмай отыр; оның көзінде ғана жан бар шығар деп ойлауға болатын еді; осы бір жансыз қарақшының екі ұртында екі терең қатпар бар еді, соған қарап отырып, ол енді кішкенеден кейін мырс етіп күліп жіберетіндей көрінеді.
Лоран өзінің сай-сүйегін сырқыратқан бір салқындықты сезді. Терезаның әзілін орынсыз деп тапты. Ол орнынан тұрды да, мысықты есіктің сыртына лақтырып жіберді. Шынын айтқанда, оның зәресі кетті. Ашынасы оны әлі түгелдей арбай алмаған еді; жанының терең түкпірінде жас әйелмен алғаш сүйіскен кездегі қымсыныс іздері әлі өше қоймаған — тын.
Әр кеш сайын дүкенде Лоран өзін әжептәуір бақытты сезінді. Әдетте ол қызметтен Камиллмен бірге қайтып жүрді. Ракен ханым оған таза аналық сезіммен қарады; ол оның тоя тамақ ішпей, шатырда қысылып-қымтырылып жатқанын білетін, сондықтан да бұл үйдің дастарқанынан оған орын табылады деп бәйек болды. Ол оны әдетте қартайған адамдар өздерінің өткен күндерін естеріне салатын жерлестерін қалай сүйсе, солай жақсы көруші еді.
Жас жігіт мұндай меймандостықты барынша пайдаланды. Қызмет аяқталғаннан кейін, дүкенге келмес бұрын, ол қашанда Камиллмен бірге жағалауда серуен құрды. Бұл достық оның екеуіне де ұнады; әңгіме-дүкен құрып, жағалауда әрлі-берлі кезу оларды зеріктірмейтін еді. Қыдырып болғаннан кейін олар енді Ракен ханымның көжесін ішу керек деп ойлайтын. Лоран дүкен есігін осы үйдің иесі сынды ашып кіріп, орындыққа атша мініп отырады, өз үйінде жүргендей темекісін тартып, түкірініп, өзін соншалықты еркін сезінеді.
Терезаны көргенде ол ешқашан қысылып, қымсынған емес. Жас әйелге достық көңілмен қарап, онымен емін-еркін әзілдесті, кірпігін де қақпастан, оған әзіл-шыны аралас атүсті қошемет те көрсетті. Камилл оған мәз болып күлсе, Тереза оған онша мән берген жоқ; сондықтан да ол бұл екеуі бірін-бірі жек көреді деп ойлады. Тіпті бірде ол Лоранға оң қабақ көрсетпейсің деп Терезаны кіналаған да болды.
Лоранның есебі түгел: ол әйелінің ашынасы, күйеуінің досы, шешесінің еркесі болып алды. Өмірі оның талап-тілектері дәл мұндай дәрежеде қанағаттандырылған емес. Ракендер көрсеткен шексіз құрмет оның басын айналдырып, ұйқысын келтірді. Оның үстіне бұл отбасындағы жағдай оған өте табиғи болып көрінді. Ол өзінің ар-ұжданы алдында опынып, азап шегуді не кектенуді сезінбей, Камиллмен достық қарым-қатынаста болды. Оның өзінің сабырлылығына сенгендігі соншалық, өзін қалай ұстап, нені айтып, нені қоярын да қадағаламады; осындай барлық қуаныштардың рақатына кенелткен оның өзімшіл мінезі оны әрдайым жаза басудан сақтап қалып отырды. Дүкенде оның ашынасы бөгде адамның аймалап сүюіне болмайтын, өзі сияқты басқа әйелдерден айырмашылығы жоқ, бұған ешқандай қатысы жоқ қатардағы әйелге айналды. Ол оны жұрттың көзінше құшақтап, сүйген емес, онда оған бұл үйге келер жол үзіліп қалар еді.Тек осы ой ғана оны сабасында ұстап тұрды. Әйтпесе Камилл мен оның шешесінің ренішіне мұның түкіргені бар. Егер оның бұл байланысы ашылып қалса, одан әрі не болатынын ойланып жатқан ол жоқ. Ол өзінің бұл қылығын кедей, аш адамның айласы, мұның орнында басқа біреу болса, ол да солай істер еді деп ұғынды. Оның барлық рақатты тыныштығы, абайшыл батылдығы, жалған риясыздығы мен әзіл — қалжыңдары осыдан туып жатыр еді.
Оның есесіне бұдан гөрі сезімтал да секемшіл Тереза үшін барлық уақытта белгілі бір рөлді ойнауға тура келді. Бойына жастай сіңірген екіжүзділігінің арқасында ол бұл рөлді мүлтіксіз атқарды. Өзінің асау арының баса, барлық ерік-жігерін ұйқылы-ояу, момақан біреу болып көрінуге бағындыра отырып, ол табандатқан он бес жыл бойы алдап келді. Оған өзінің сырт пішінін осы уақытқа дейін бетіне шілтердей ұстап келген селқостықтың мұз құрсауымен жаба салу онша қиынға соқпайтын. Лоран бұларға келгенде, көз алдында ернін жымқырып алған, мұрны ұзын, тұнжыраған, қабағы жабырқау әйелді көреді. Ол көрер көзге сүйкімсіз, қабағы түюлі, жанына адам жуымайтын біреу сияқты. Не керек, мұндай жағдайларда ол өзін әрдайым осылай ұстайтын, ол ешкімнің назарын аудармай, ештеңеден артық кетпей, өзіне тиесілі рөлді ойнайтын. Ал іштей Камилл мен Ракен ханымды алдағанын сезінуден шексіз ләззат алатын. Оның дегеніне жеткеннен кейін әбден болбырап, босап кеткен Лораннан айырмашылығы сол, оның бойында атойлаған ар-ұждан үні әлі де біржола бітеле қоймаған еді; ол өз ісінің ерсі екенін білетін, кейде отырған орнынан тұрып барып, жұрттың көзінше Лоранның дәл ернінен сүйіп алғысы келетін; сөйтіп, күйеуі мен әпкесінің мұның олар ойлағандай ақымақ емес екендігіне, оның көңілдес адамы бар екендігіне көздерін жеткізгісі келетін.
Кейбір кезде ыстық қуаныш толқындары оның есін алып, бойын билейді; мұндай минуттарда, егер көңілдесі қасында болмаса, егер оның ішкі сырын аша қояр қауіп-қатер төнбесе, өзінің әдеттегі екіжүзділігіне қарамастан, ол әндете жөнеледі. Ракен ханым немере сіңілісін тым байсалдысың деп жиі кіналайтын, сондықтан оның қуанышты кезін көру ол үшін бір ғанибет еді. Жас келіншек ыдысымен гүл сатып алып, оны өзі жататын бөлменің терезесіне апарып қойды; содан соң бөлме қабырғаларына жаңа тұсқағаздар жапсырды; кілем, перделер, палисандр ағашынан жасалган жиһаз сатып алғысы келді. Мұндай салтанаттың бәрі Лоран үшін жасалды.
Бір қарағанда шебер табиғаттың және соған сәйкес қалыптасқан қолайлы жағдайға өзі осы әйел мен еркекті жұбын жазбастай етіп қоса жаратқандай еді. Шамшыл, екіжүзді әйел мен малша өмір сүруге әуес еркектің байланысы әуелден-ақ жарасып кетті. Олар бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі демеп отырды. Шам жарығы көмескі түсетін ұзақ кештерде Лоранның топастана жымиған жүзі мен оның қасында отырған Терезаның бүлк етпейтін бетіне көз салсаңыз, бұл одақтың қаншалықты берік екеніне көп ойланбай-ақ көзіңіз жетер еді.
Ол бір қамсыз, мұңсыз қызықты кештер еді. Тып-тыныш, қоңыржай іңірде достық ниеттер мен тілектер естіліп жататын. Барлығы үстелді жағалай отырушы еді; десерттен кейін күнібойы жиналып қалған әр түрлі әңгіме — көпті гөйітіп біраз отыратын да, өткен-кеткенге бір соғып, ертеңгі күнге үміт артатын. Камилл дегеніне жеткен өзімшіл адам біреуді қалай сүйсе, Лоранды солай жақсы көруші еді, Лоран да одан қалысқан емес;олар бірін-бірі қолпаштай пікір айтысып, бір-біріне жылы шырай танытып, бір — бірінің көңілінен шығуға тырысты. Ракен ханым болса, өзін қоршаған балалардың алаңсыз татулығына риза көңілмен емен-жарқын жүріп жатты. Бұлар бір-бірінің жүрек түкпірінде не жатқанын бұрыннан білетін және өзара достықтарын қыл түсірмей, құрмет тұтатын ескі таныстар сияқты көрінетін.
Қашан көрсең де қалпынан таймайтын, салмақты Терезаның өзі де, басқалар сияқты, осы бір мещандық мамыражай отырысты сырттай бақылауда. Ал ішінен қарқылдап күліп отыр; сұрқай да салқын бет-әлпетінен ештеңе аңғарылмағанымен, іштей жаны кіріп, жер-жебіріне жетіп табалап отыр. Ол осыдан бірер сағат бұрын көрші бөлмеде шаштарын жайып жіберіп, Лоранның кеудесіне басын сүйеп, жартылай жалаңаш жатқанын рақаттана есіне алды; ол тежеусіз құмарлық құшағында өткізген сағаттарының әрбір сәтін қайтадан есіне түсіріп, кызыққа кенелді, сол бір құмарлық толы сұрапыл сахнаны қазір өзі көріп отырған әлі сахнамен ойша салыстырып көрді. О, ол осы бір мардамсыған адамсымақтарды қалай жер соқтыра алады және оны жымын білдірмей, қалай орындайды десеңші! Осында, мына тұрған жұқа қабырғадан екі қадам жерде, ол қалаған еркегін қабылдайды; осында ол ойнас қызығына батып, ұмар-жұмар болып төсегінде жатады. Ал кешке көңілдесі ол үшін бейтаныс жанға, бар болғаны күйеуінің досына, мұнда ешқандай шаруасы жоқ ақымақ, ашқарақ біреуге айналады. Осындай жан түршігерлік комедия, осындай күнделікті көлгірлік, осындай күндізгі ыстық сүйістер мен жайбарақат кешкі селқостық жас әйелдің қанын басына шаптырып, одан сайын өршіте түсті.
Ракен ханым мен Камилл әлдебір себеппен төмендегі дүкенге кеткенде, Тереза орнынан жылп етіп қозғалып, үндеместен, құлағына ағаш баспалдақтардың сықыры келіп жеткенше, хайуанға тән бұла бір күшпен көңілдесінің ерніне тұншыға жабысып қалады. Сонда ғана ол орнына қайта оралып, тағы да бәз баяғы жабырқау күйіне түседі. Лоран байсалды қалпын бұзбай, Камиллмен арадағы үзіліп қалған әңгімені әрі қарай жалғастырады. Бұл құмарлықты ымырт қараңғылығындағы аспанда дүниені бір сәтке жарқыратып жіберетін жай оғымен ғана салыстыруға болар еді.
Бейсенбі күнгі кештер күндегіден көңілдірек өтеді. Бұл күні Лоранның әбден іші пысатын, бірақ ол мұндай жиынның бірде — біреуінен қалмауды өзіне міндет етіп алды; сақтықта қорлық жоқ, бұл шешім Камиллдің достары өзін танып, білсін әрі құрметтесін деген ойдан туып еді. Оған Гриве мен Мишо қарттың мылжың әңгімелеріне төзуге тура келді. Мишо кісі өлтіру, тонау жайлы бір айтқан әңгімесін тағы қайталап, мазаны алды; Гриве өзі қызмет ететін мекеме, ондағы қызметтес жолдастары, бастықтары туралы әңгіме шертті. Лоран өзіне басқалардан гөрі ақылдырақ болып көрінген Оливье мен Сюзаннаның жанынан орын іздеді. Ол көбінесе қасындағыларға домино ойнауды ұсынды.
Тереза кездесу күндері мен сағаттарын бейсенбінің кешіне белгілеуші еді. Ракен ханым мен Камилл қонақтарды сыртқы есікке дейін шығарып салатын абыр-сабырды пайдаланып, жас келіншек лып етіп Лоранның қасына жетіп келіп, құлағына бірдеңе деп сыбырлайды, қолын қысады. Кейде олар бұларға қырын қарап тұрғанда, еркелеп келіп, ернінен сүйіп алып та жүрді.
Сілкіністері мен тыныштығы алма-кезек алмасқан олардың бұл өмірі сегіз айға ұласты. Көңілдестер бірыңғай рақат құшағында күй кешті. Тереза бұрынғыдай зеріккен де, ештеңе талап еткен де жоқ. Осы өмірін қанағат тұтқан, көп әлпештеуден семіріп, толысқан Лоран бір-ақ нәрседен — осы молшылықтан айырылып қалудан ғана қорықты.
IX
Тағы бірде Лоран Терезаға барып келу үшін жұмыстан сұранғанда, оны бастығы шақырып алып, бұдан былай қызметті тастап кетпеуі жөнінде ескертті. Ол өз міндеттеріне салақ қарайтын болды; егер ол енді бір рет кетсе, басшылық оны жұмыстан шығаруға шешім қабылдады.
Орындыққа мықтап таңылған Лоран кешке дейін әзер шыдап отырды. Өзегіне талғажау қылар нанын тауып жеу үшін оған жұмыстан кету тиімсіз еді. Ол ашынасының бұртиған жүзіне қарап бүкіл кеш бойы қиналды. Ол сөзінде тұра алмаған себебін қалай айтып түсіндірерін білмей, дал болды. Камилл есікті жабуға шыққанда ол ашынасының жанына жетіп барып:
— Бізге бұдан былай кездесуге болмайды, — деп сыбырлады, — Бастығым менің жұмысты тастап кетуіме тыйым салды.
Камилл қайтып келді. Лоранның жағдайдың бүге-шігесін айтып үлгірмей жатып Терезаның қасынан кетуіне тура келді, сөйтіп Тереза мұндай жайсыз жаңалықтың мән-жайына қаныға алмай қалды. Бұл хабардан тосылып қалған, бұлардың ортақ ләззатына біреулер кедергі болар деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін Тереза түнімен дөңбекшіп, неше түрлі жоспар құрумен болды. Келесі бейсенбіде ол Лоранмен бар болғаны бір-ақ минут тілдесті. Олар мәселенің мән-жайын талқыға салып, бұдан былай қай жерде кездесудің жөнін таппай, дал болды. Жас әйел көңілдесімен бүгін де кездесуді ұйғарған болатын, бірақ ол тағы да келмей қалды. Сол күннен бастап оның басын қайткен күнде де Лоранмен кездесу туралы жалғыз ғана ой торлап алды.
Міне, екі аптадан бері Лоран Терезасыз тұрып жатыр. Бұл әйелдің өзіне қаншалықты қажеттігіне оның осы уақыт ішінде әбден көзі жетті; тән құмарлығына құнығу әдеті оның аранын аша түсті. Бұрынғыдай ашынасының ыстық құшағынан қымсынуды қойып, қайта ол бұл қауышуларды ашыққан аңнан бетер аңсады. Оның бойында бой бермес бұла сезім бас көтерді, енді міне, оны ашынасының құшағынан амалсыз ажыратқанда, бұл құмарлық бұрынғыдан бетер өрши түсті; оның махаббаты ызаға ұласты. Осы бір буырқанған хайуани ағзада неше түрлі құбылыс жүріп жатты: Лоран өз түйсігіне ғана ерік беріп, тәні не тілесе, соны істеді. Осыдан бір жыл бұрын оған біреу сен әйелге әбден құл болып алдың, тіпті соның жолында жан тыныштығын да ұмыттың десе, бұл көзінен жасы аққанша күлер еді. Енді міне белгісіз бір күш оның тәнін тойымсыз нәпсінің талауына беріп, аяқ-қолдарын байлап, матап, Терезаның тағы құшағына біржола тастаған сияқты. Енді ол әдеттегі сақтығынан айырылып қаламын, бір нәрсені бүлдіріп аламын деп қауіптеніп, кешкілік Пон — Неф пассажына барудан да бас тартты. Ол енді өзіне ие болудан қалды; ашынасы табиғатына тән мысықша ептілігімен, икемділігімен оның бүкіл жан дүниесін ақырындап жаулап алды. Ассыз, сусыз өмір сүру қалай мүмкін болмаса, ол да бұл әйелсіз өмір сүре алмайтын дәрежеге жетті.
Терезадан ертең үйіңнен ешқайда шықпа деген мазмұнда хат алмаса, оның қандай да бір шалыс қадам жасауы әбден мүмкін еді. Ашынасы оған сағат сегізде келемін деп уәде беріпті.
Кеңседен шығысымен әбден шаршағанын, барып дем алатынын сылтауратып, ол Камиллден бөлініп кетті. Түстен кейін Тереза да ойлаған ойын жүзеге асырды: тұтынушылардың біреуі бұған берешек екен, қарызын төлемей, басқа пәтерге көшіп кетіпті; Тереза бұған көнбейтін түрін байқатты, сондықтан борышын өндіріп алу үшін оны өзі іздеп баратынын айтты. Борышкер Батинъолге қоныстанған көрінеді. Ракен ханым мен Камилл оның өте алыстығын және бұдан бірдеңе шыға қоюы екіталай екенін айтып көріп еді, Тереза оған құлақ аса қоймады; әйтсе де олар бұған онша таңданған жоқ және оның баруына қарсы болмады.
Жас келіншек екі өкпесін қолына алып Шарапхана айлағына жүгірді; баратын жеріне тезірек жетуге асыққан оның аяқтары өзіне бағынбай, дымқыл тротуарда тайғанақтап, жүргіншілердің аяқтарына шалынды. Бет-жүзі бусанып, терлеп, қолдары жанып барады. Оны мас адам ба деп ойлап қалуға болатын еді. Жиһазды бөлмелерге жеткен жерде ол баспалдақпен жоғары қарай өрмелей жөнелді. Жүрегі алып-ұшып жетінші қабатқа көтерілгенде, таянышқа еңкейіп, мұны күтіп тұрған Лоранға көзі түсті.
Ол шатырға шықты. Оның тарлығы соншалық, Терезаның кең етек белдемшесі бүкіл бөлмені алып кетті. Ол қалпағын шешті де, есінен танған күйі кереуетке қисая берді...
Төбедегі терезе шалқасынан ашылған екен, содан үйшік ішіне кешкі самал соғып, ыстық төсекке дем берді. Көңілдестер бұл үйшікте шыңырауға түсіп кеткендей ұзақ жатты. Кенет Терезаның құлағына Питье шіркеуі сағатының соғысы келді — онды соғып тұр. Ол керең боп тумағанына өкінді; орнынан әзер тұрып, шатырдың ішін көзімен шолып шықты, — ол оны әлі жөндеп көрмеген екен. Ол қалпағын киіп, бауын тағынды да, орнына отырып, ақырын ғана:
— Кету керек, — деді.
Лоран оған жақындап келіп, тізерлеп отырды. Қолынан ұстады.
— Кездескенше, — деді ол қозғалмастан.
— Жоқ, "кездескенше" емес, бұл тым екіұшты сөз! — деді ол ентігіп — Енді қашан келесің?
Ол оған тура қарап:
— Шынын айтайын ба? — деді ол. — Онда былай. Шынын айтсам, енді кайтып мен мұнда келмеймін. Менің үйден шығатын сылтауым жоқ. Оны ойлап табуға да шамам жоқ.
— Демек, онда қоштасамыз ғой.
— Жоқ, қоштасқым келмейді!
Ол бұл сөздерді бір түрлі қорқынышпен әрі ызамен айтты. Содан соң даусын жұмсартып, орнынан тұрмастан, не айтып тұрғанын өзі де білмей:
— Мен кетемін, — деді.
Лоран ой құшағында отыр. Ол Камилл туралы ойлап отыр еді.
— Мен оған ренжімеймін, — деді ол ақыры Камиллдің атын атамай, — бірақ ол бізге қатты бөгет болып тұр... Сен бірдеңе қылып бізді одан құтқарсаң етті, бір... алыс жаққа... саяхатқа жібермеймісің?
— Иә, оны жіберерсің! — деді Тереза басын шайқап. — Мұндай адамды саяхатқа баруға көндіру үшін не істеу керек екенін сен білесің бе?.. Онда қайтып келмейтін жалғыз-ақ сапар болуы мүмкін... Бірақ ол бәрімізден де ұзақ жасайды. Тірі өліктер өлмейді.
Үй ішін үнсіздік басты. Лоран ашынасына тізесімен жылжып келді де, құшақтап, кеудесіне басын қойды.
— Менің арманым бүкіл түнді сенімен бірге өткізіп, сенің құшағыңда ұйықтау, таңертең сенің сүйісіңнен ояну еді, — деді ол. — Мен сенің күйеуің болсам деп едім... Түсінесің бе?
— Не, не, — деді Тереза дір-дір етіп.
Ол ынтыға Лоранның бетіне бетін тигізіп, құшырлана сүйе бастады. Қалпағының бауы оның қатқыл сақалына ілініп қалды; Тереза өзінің киініп алғанын, көйлегін мыжғылап алуы мүмкін екенін ұмытып кетті. Ол қатты өксіп жылап, шашалып, бірдеңе деп былдырлады:
— Олай деме... Онда менің кетуге күшім жетпей, осында қалып қоямын... Одан да мені демеп жібер. Тағы да кездесеміз де... Мен саған шынымен керекпін бе, бәрібір бір күні біз қосыламыз ғой, солай емес пе?..
— Онда ертең тағы кел, — деді Лоран, қалтыраған қолдарын оның өн бойына жүгіртіп.
— Жоқ, мен келе алмаймын... Сылтау жоқ деп айттым ғой.
Ол саусақтарын сындыра бастады. Содан соң:
— Мен жанжалдан қорықпаймын, жоқ... Камиллге дәл қазір барып, сенің көңілдесім екеніңді, бүгін осында қонып қалатынымды айтайын ба?.. Мен сен үшін қорқамын; сенің өміріңді өксіткім келмейді; мен сенің бақытты болғаныңды қалаймын.
Жас жігіттің көңіл түкпіріндегі сақтық сезімдері ояна бастады.
— Дұрыс айтасың, балалықтың қажеті не, — деді ол — Әттең, сенің күйеуіңе өлім келсе ғой...
— Өлім келсе... — деп, Тереза да ақырын қайталады.
— Біз үйленіп, ештеңеге алаңдамас едік... Құмарымыз қанғанша жатар едік... Қандай ғажап, қандай тыныш өмір сүрер едік.
Жас келіншек тұрып, еңсесін тіктеп отырды. Ол боп-боз болып, көңілдесіне жабырқау көз тастады; еріндері жыбырлап кетті.
— Адамдардың өлетін оқиғалары болады ғой. Бірақ ол тірі қалғандар үшін қауіпті, — деді ол сыбырлап.
Лоран үндеген жоқ.
— Біле білсең, белгілі амалдардың бәрі жаман, — деді ол біраздан кейін.
— Сен мені түсінбедің, — деді ол жайымен, — Мен ақымақ емеспін, мен сені ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз сүюді аңсаймын... Менің айтайын дегенім, жазатайым жағдай аяқты аттаған сайын кездесіп жатады ғой, біреудің аяғы тайып жығылады, біреудің басына кірпіш түсіп кетеді дегендей... Ұқтың ба? Соңғы жағдайда, мысалы, желді ғана кіналауға болады.
Оның даусы бір түрлі құбылып шықты. Жүзі жылмиып, еркелете сөзін жалғады:
— Саспа, біз екеуміз әлі талай бақытқа кенеліп, құмарымыздан шығатын боламыз... Сен мұнда шынымен келе алмайтын болсаң, мен бәрін де өзім жайластырамын... Мүмкін бізге бірнеше ай бойы кездеспеуге тура келер, — бірақ байқа, менің екеуміздің бақытымызды ойлап, басымды қатырып жүргенімді ұмытпағайсың.
Тереза кетпекші болып, есікті ашуға ұмтылып еді, ол оны қапсыра құшақтап алды:
— Сен мендіксін ғой, солай ма? — деп сұрады ол. — Қай кезде де, мен қашан қаласам да сендікпін деп ант етші!
— Ант етем! — жеді жас келіншек көңілденіп. — Не істесең де, мен сендікпін!
Олар бір сот жабырқау күйде үнсіз отырды. Содан соң Тереза тез жиналып, артына қарамастан үйшіктен шықты да, басқышпен төмен түсіп кетті. Лоран оның ұзап бара жатқан аяқ дыбысын тыңдап, кіреберісте қала берді.
Бәрі тынышталған соң Лоран үйшігіне келіп жатты. Төсек әлі суи қоймапты. Ол Терезаның ыстық демінің лебі тарай қоймаған тар төсекті иіскеп біраз аунақшыды. Оған жас келіншектің ыстық демі сол күйінде қалғандай көрінді; ол мұнда өңмеңіңнен өтер өткір сәуле мен шегіргүлдің сүйкімді иісін қалдырып кеткендей, бірақ ол енді өзін айнала қоршаған ұстатпайтын елесті ғана қарманып, соған елти берді; ол қайтадан бас көтерген тойымсыз нәпсінің отына тағы күйді. Терезені жапқан жоқ. Шалқасынан жатып, салқын самалға кеудесін төсеген ол жалаңаш қолдарын созып жіберіп, көзін терезе жақтауымен көмкерген туу алыстағы қаракөк аспанның шаршысына тігіп, тұңғиық ойға батты.
Таң бозарып атқанша ойы онға бөлінді. Тереза мұнда келіп кеткенге дейін Камиллді өлтіру туралы ой оның басына келмеген. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы, бұдан былай Терезаны көрмеймін деген ой ғана оны осы адамды өлтіру туралы әңгіме қозғауға мәжбүр етті. Сөйтіп, оның басындағы осынау парықсыз жаратылыстың бір қалтарысында, ойнастың ес тандырар сандырағында кісі өлтіру туралы ой туды.
Енді өзімен-өзі оңаша қалған түнгі тыныштықта сабасына түскен ол кісі өлтірудің жай-жапсарын ойластыра бастады. Екі қауышудың арасындағы жанталас сәтте туындаған кісі өлтіру пиғылы енді бой бермей, өрши түсті. Ұйқысыздық шаршатқан, Терезадан қалған өткір иіс есін алған Лоран зұлымдық жоспар құрып, кездесер қиындықтарды, өзіне кісі өлтіруден түсетін пайданы ой елегінен өткізді.
Оның өз мүддесі тұрғысынан келгенде, кісі өлтірудің еш оғаштығы жоқ болып көрінді. Лоранның ойынша, оның әкесі, жефолық шаруаның әзірге өлгісі жоқ; ал оның өзіне келсек, әлі де табандатқан он жыл шенеуніктік қызмет атқарып, көшеде ас ішіп, қу тізесін құшақтап, шатырдағы үйшікте өмір сүруі керек. Істің бұлай бет алуы мұның ызасын келтірді. Егер Камилл өлсе, бұл Терезаға үйленеді де, Ракен ханымның мұрасына ие болады; содан кейін отставкаға шығады да, адам сияқты өмір сүреді. Ол осы бір жаймашуақ өмірді аса бір құштарлықпен көз алдына елестетіп көрді: ол екі қолын бос қойып, ас ішу мен ұйықтауды ғана біледі, сонан соң тағдырдың жазуын, әкесінің өлуін күтетін болады. Міне, осындай алысқа самғаған арман — қиялын ауыздықтап, күнделікті шынайы өмірге оралса, қарсы алдына Камилл келіп тұра қалады; ондай кезде оны өлтіруге оқталып, Лоранның тоқпақтай жұдырықтары түйіліп шыға келеді.
Лоранның Терезаны басыбайлы иеленгісі, оны қашанда қасында болуы үшін ешкіммен бөліспей, басы бүтін алғысы келеді. Егер ол оның күйеуінің көзін құртпаса, әйелі оның уысынан шығып кеткелі тұр. Енді қайтып келе алмайтынын оның өзі айтты ғой. Ол оны бір жаққа алып қашып кетер еді, онда екеуі де аштан өледі ғой. Егер есебін тауып күйеуін өлтірсе, оның жөні басқа; бұл жұртты онша дүрліктіре қоймайды, тек адамды аздап итеріңкіреп жіберіп, тыныш қана оның орнын ала қою керек. Лоран өзінің шаруаға тән дүмбілез ойлау жүйесіне сүйенді және істің бұлай шешілуі оған оңтайлы әрі нанымды болып көрінді. Мұндай қарапайым шешімге келуге Лоранның жаратылысына сай сақтығы итермеледі. Ол мана ғана Терезаның жайылған шашы жауып жатқан жастыққа тершіген бетін төсеп, ағыл-тегіл терлеп, кереуетте етпетінен жатыр. Ол кеуіп қалған еріндерін жастыққа тигізіп, төсек-орынның жеңіл жұпарын жұтып, біресе демін алмай тұншығып, үнсіз жатыр; оның жұмулы көздерінің алдында отты дақтар ойнақ салады. Ол Камиллді қалай өлтіру керектігін ойлауда. Содан соң демі бітіп, шалқасына күрт аударылып түсті, сөйтті де терезеден құйылған салқын самалға бетін тосты, көздерін кеңірек ашып, ойға алған ісін жүзеге асыруды солар мақұлдап, көмектесетіндей тұңғиық аспанға, жұлдыздарға тесіле қарады.
Ол ештеңе ойластырған жоқ. Ашынасына өзі айтқандай, ол ақымақ та, бала да емес, ол семсерге де жүгірмейді, уға да жүгінбейді. Ол қылмысты тып-тыныш, қауіпсіз жүзеге асырады; ол мейлі, айқай-шусыз, қауіп-қатерсіз, жазатайым тұншығып қалу — жай ғана ғайып болу секілді бірдеңе болсын. Құмарлық оны қанша қинап, қаншама итермелегенімен, оның бүкіл жан дүниесі сақтық шараларын аттап кете алмады. Ол өзінің тыныштығын бұзуға дәрменсіз, тым қорқақ, аса әйелжанды еді. Ол кісі өлтіруге де сол үшін — алаңсыз әрі бақытты өмір сүру үшін бас тіккен болатын.
Оны ақырындап ұйқы жеңді. Салқын ауа Терезаның хош иісті және жылы елесін үйшіктен ығыстырып шығарды. Әбден шаршап, сабасына түскен Лоран тәтті де көмескі ұйқы құшағына енді. Көзі ұйқыға кетіп бара жатып, ол оңтайлы сәтін күтуге бел буды және "Мен оны өлтіремін, өлтіремін" деп күбірлеп жатып, ойлары да бұлыңғыр тартып, сейіле берді. Бес минут өткеннен кейін ол қатып қалды, дем алысы да біркелкі арнаға түсті.
Тереза үйіне сағат он бірде жетті. Ол өзінің соңынан қалмай мазалаған ойлардан басы қатып, Пон — Неф пассажына қалай келгенін де білмей қалды. Оған оның айтқан сөздері құлағын тұндырып, өзі әлі де Лоранның шатырынан түсіп келе жатқандай болып көрінді. Ракен ханым мен Камилл оның ұзақ кешіккеніне алаң болып, өте жылы қарсы алды; ол олардың сұрақтарына селсоқ жауап беріп, омнибусты бір сағаттан артық күтіп, босқа барып қайттым дей салды.
Ұйқыға жатқанда оған төсегі суық та дымқыл болып көрінді. Оның әлі де қызуы қайтпаған денесі мұны жақтырмай тітіркеніп кетті. Камилл көп ұзамай ұйықтады да, Тереза оның аңқайған ашық аузы репетін алып, жастықта жатқан өлген адамның бетіндей жүдеу жүзіне біразға дейін қарап жатты. Ол кейін жиырылып, оның аңқиған аузын жабардай, жұдырығын түйді.
Х
Арада үш аптадай уақыт өтті. Лоран дүкенге күнде кешкілік келіп тұрды; ол шаршап-шалдыққан, науқас адамдай көрінді; көзінің айналасында көгерген дөңгелектер пайда болып, еріндері жарылып, бозарып кеткен. Сонда да бұрынғысынша салмақты қалпын сақтап, Камиллдің бетіне тура қарайды, баяғыдай достық ниетпен шүйіркелеседі. Ракен ханым отбасының жақын досын әлдебір күш іштей мүжіп жатқанын байқағаннан кейін бұрынғыдан бетер бәйек бола түсті.
Терезаның жүзінде тағы да бүлк етпейтін перде, жабырқау пішін пайда болды. Ол бұрынғыдан бетер қозғалмайтын, томаға-тұйық, селқос біреуге айналды. Ол үшін Лоранның бар-жоғы бірдей секілді; оған анда-санда ғана көз тастап, әзер тілдесті; оған мүлдем салғырт қарады. Ол үшін кең пейілді Ракен ханымның өзі қысылып, "Немере сіңілінің салқын қабағына көңіл аудармай-ақ қойыңыз. Сырттай салқын көрінгенмен, оның жүрегі ыстық, шын сүйген адамына өте берік, адал" деп, жас жігітті жұбататынды шығарды.
Бұдан былай көңілдестерге кездесудің сәті түспеді. Сен — Виктор көшесінде өткізген кештен бері олар бірде-бір рет оңаша жолыққан емес. Күнде кешкілік олар бір-бірімен бетпе-бет келген сәтте, бір — біріне сырттай салғырт, жат адамдардың ішінде бұрқ-сарқ қайнаған құмарлық, тойымсыз ындын мен үрей оты бұғып жатты. Терезаны тежеусіз нәпсі, күйректік пен қызба жастықтың дерті қинаса, Лоран оғаш, көзсіз қылықтарға бой алдырды, жігерсіздігіне ызаланды. Олардың екеуінің де өздерінің ішкі дүниесіне ден қоюға, іштерінде бықсып жатқан, ес тандырарлық арам пиғылға тура қарауға батылы жетпеді.
Оңтайы келгенде, олар қайдағы бір қалтарыстар мен есіктің артында, саусақтарын сындырардай ебедейсіз қимылмен бір-бірінің қолын қысысады. Екеуі де қолдары тиген жердің терісін сыдырып әкетуге бейіл Осы қол қысысу ғана әзірге олардың аласұрған аптығын басуға ем болып тұр. Олар өздерінің бүкіл жан — тәнін осы қол қысысуға салған. Басқа ештеңе де сұраған емес. Олар сәтін күтуде.
Бірде әдеттегідей бейсенбі күні, ойынға отырардың алдында, Ракендер отбасының қонақтары алқа-қотан отырып, әңгіме-дүкен құрды. Әсіресе, олар Мишо қартты сөйлеткенді жақсы көретін; ол болса өткен-кеткенді, қызмет бабында басынан кешкен неше түрлі жұмбақ, бұлдыр оқиғаларды майын тамыза әңгімелейтін. Мұндай кездері Гривс мен Камилл Кок Сакал мен бармақтай бала туралы ертегілерді тыңдап отырған балалар сияқты полиция комиссарының әңгімесін зейін қоя тыңдаушы еді. Бұл оқиғалар олардың үрейін алып әрі өзіне қызықтырып отыратын.
Сол күнгі кеште Мишо оқиғаның егжей-тегжейі ақыры тыңдаушылардың төбе шашын тік тұрғызған сұмдық кісі өлтіру туралы әңгіме айтты; содан соң басын шайқап:
— Ал кейбір жағдайларды аяғына дейін ашуға мүмкін болмады... Қаншама қылмыс сол күйінде ашылмай қалады десеңізші! Қаншама қанішер адамдар құрған әділ соттан сытылып кетіп жүр! — деді.
— Қалайша! — деп шоршып түсті Гриве. — Сіздің ойыңызша мойнына кісі қанын жүктеген арамзалар арамызда емін-еркін жүр ме? Оларды ұстап, заң алдында жауапқа тартуға біз дәрменсізбіз бе?
Оливье мысқылдай күлді.
— Қымбатты Гриве мырза, — деді ол шаңқ етіп, — олардың қанішер екенін білмегендіктен де оларды тұтқындай алмайды.
Мұндай дәлел Гривеге ұнаған жоқ. Камилл де оны қостады.
— Ал мен Гриве мырзамен толық келісемін, — деді ол өзінше маңғазданып — Менің полицияның мүлтіксіз жұмыс істеуіне, сөйтіп кісі өлтіруші қарақшымен көшеде бетпе-бет келмейтініме сенгім келеді.
Оливье бұл сөздерді өзіне білдірілген қарсылық ретінде қабылдады.
— Полицияның мүлтіксіз жұмыс істейтінінде дау жоқ, — деді ол ренішін жасырмай — Бірақ біздің қолымыздан келмейтін нәрселер де бар. Қылмыс жасауды сайтанның өзінен оқып келген сұмырайлар бар; ондайлар құдайдың құрығынан да құтылып кетеді... Солай емес пе, әке?
— Иә, иә, бетін аулақ қылсын, — деп қостады қария — Мысалы, мен Вернонда қызмет істеген кезімде... Ракен ханым, сіздің есіңізде болар... қақ жолдың үстінде жүк тасушы арбакешті өлтіріп кетті ғой. Денесін кескілеп тастаған, оны арықтан тапты. Міне, сол күнақарды ақыры таба алмай қойды... Мүмкін ол пәтшаһар осы күнге дейін тірі шығар, мүмкін көршіміз болар, кім білген, бүгін үйіне қайтанда Гриве мырзамен кездесіп қалуы да ғажап емес...
Гривенің өңі бөздей бозарып кетті. Құдды жүк тасушыны өлтірген қарақшы оның қақ желкесінде тұрғандай, ол артына бұрылып қарауға қорықты. Және осылай болғанына оның өзі де разы сияқты.
— Жо, жоқ, кешіріңіздер, — деді ол өзі де не айтып тұрғанын білмей, міңгірлеп, — жо-жоқ, мен бұған сене қоймаймын... Мен де бір оқиғаны білемін: қожайындарынан күміс қасықты ұрлады деген желеумен күтуші әйелді түрмеге жапқан да оқиға болған. Ал содан екі жыл өткеннен кейін бақтағы ағашты кескенде, қасық сондағы сауысқанның ұясынан табылған. Ұры сауысқан болып шықты. Күтушіні босатты. Көрдіңіздер ме, кінәлілер ерте ме, кеш пе, бәрібір жазасын тартады.
Гриве қоқиланып қойды. Оливье мысқылдап отыр:
— Сөйтіп, сауысқанды отырғызған болар? — деп сұрады ол
— Гриве мырзаның айтайын дегені ол емес еді, — деді бастығын келеке қылуды жақтырмаған Камилл араша түсіп. — Шеше, бізге доминоны беріп жіберші.
Ракен ханым қорапшаны әкелуге кеткенде жас жігіт тағы да Мишоға қарап сөзін сабақтады:
— Демек, сіз полицияның дәрменсіздігін мойындайсыз ғой? Қалада емін-еркін қыдырып жүрген қарақшылар да бар ма?
— Өкінішке орай, солай, — деді комиссар.
— Бұл адамшылыққа жатпайды, — деп түйді Гриве.
Әңгіменің өн бойында Тереза мен Лоран үндеген жоқ. Олар тіпті Гривенің аңғалдығына жымиып күлмеді де. Шынтақтарын үстелге сүйеп, ептеп жүдеу тартқан кейіппен, көздерін тоқтатпай, зейін қоя тыңдады. Бір сот олардың түнжыр да өткір көзқарастары ұшырасып қалды. Терезаның маңдайына тарыдай тері тамшылары ойнап шыға келді, әлдеқайдан соғып өткен әлдебір мұздай лептен Лоранның денесі сол ғана тітіркенгендей болды.
XI
Кейде жексенбі күндері, ауа райының жақсы кезінде, Камилл Терезаны ертіп Елисей алаңына барғанды қалайтын. Жас келіншекке салсаң, ол сыз иісі шыққан дүкеннің күңгірт қараңғылығында қалғанды тәуір көретін; оған күйеуімен қолтықтасып жүру қиынға түсетін, тез шаршайтын; ол болса оны тротуардан тротуарға жетектеп, көрінген көрменің алдына аялдап, жынды кісіше бәріне таңғалады; бірде тырс етіп үндемейді де, енді бірде терең мағыналы ескертулер жасайды. Бірақ Камилл өз дегенін істететін: ол жұрттың көзіне әйелімен бірге көрінгенді жақсы көреді, бірге істейтін қызметкерлердің, әсіресе бастықтардың бірін кездестірсе, ол әйелінің көзінше олармен иіліп тұрып, салтанатты түрде сәлемдесетін. Былайша айтқанда, ол әйтеуір жүріп қайту үшін сейіл құрады; көбінесе жұмған аузын ашпай, кекірейген, тәкаппар кейіппен аяғын әзер басады; мерекелік киіммен ол ебедейсіз әрі өзіне — өзі масаттанған паң кісі сияқты болып көрінеді. Тереза үшін мұндай адаммен қолтықтасып қатар жүру қиямет еді.
Ракен ханым әдетте балаларын пассаждың соңына дейін шығарып салатын. Ол оларды алып бір сапарға шығарып салып тұрғандай, кезек-кезек сүйетін. Тілектер мен өтініштердің шегі жоқ еді.
— Ең бастысы — жазатайым жағдайдан сақ болыңдар, — дейді ол, — Парижде экипаж дегеніңіз сондай көп! Тобырдан жырақ жүреміз деп уәде беріңдер...
Ақыры ол балаларын шығарып салды, бірақ соңдарынан біразға дейін қарап тұрды. Содан соң дүкенге қайтып оралды. Оның аяқтары тез шаршайтын, сондықтан көп жүре алмаушы еді.
Ерлі-зайыптылар қала сыртына өте сирек шығатын; олар Сент — Уенге немесе Аньерге барып, өзен жағасындағы ресторандардың бірінен ас ішетін. Ол бір қыдырып жүріп ішетін қызықты күндер еді, ол туралы әңгіме бір ай бұрын өрбитін. Мұндай сапарларға Тереза қуанышын жасырмай, тез келісетін, өйткені онда кешкі сағат он-он бірлерге дейін таза ауада серуендеуге болатын еді. Сент — Уен өзінің жасыл аралдарымен Вернонды есіне салатын; бұл жерде оның Сенаға деген қыз кезіндегі жабайы құштарлығы қайта оянғандай болушы еді. Тереза жылтыр жұмыр тасқа отырып алып, қолын суға малады; сонда шақырайған күннің астында отырып ағаш көлеңкелерінен ескен самалдың салқынын сезінгенде, өзінің өмірде бар екеніне көзі жеткендей болады. Ол көйлегін балшыққа былғап, тасқа жыртып алып жүргенде, Камилл астына бет орамалын төсеп, жайлап келіп оның жанына отыратын. Соңғы кездері олар бұл сапарға ылғи да Лоранды ертіп алып жүрді, ол өзінің шаруа адамға тән қарқылдаған күлкісімен және өжеттігімен оның сәнін келтіретін.
Бір күні таңертеңгі астарын ішіп болғаннан кейін сағат он бірлерде Камилл мен Тереза және Лоран үшеуі Сент — Уенге аттанды. Бұл сапар алдын ала ойластырылған еді және сонымен жазғы маусымды аяқтау ұйғарылған болатын. Күз жақындаған сайын кешкі ауа салқын тарта бастайтын.
Бірақ сол күні таңертеңгілік аспан шайдай ашық болды. Күннің көзі жаз күніндей маужыратып, көлеңкенің өзінен ыстық леп есті. Сондықтан күннің соңғы жылуын пайдаланып қалмаудың өзі күнә деп шешісті. Достар қартаң сатушының көзінің жасын сығып жүріп айтқан тілектері мен аманаттарын естіп болғаннан кейін күймеге отырып, жүріп кетті. Олар бүкіл Парижді көктей өтіп, қала қақпасына жеткен жерде арбакешпен есеп айырысып, Сент — Уен тас жолын бойлап жаяу жүрді. Талма — түс кезі. Шаң басқан жол күн сәулесімен шағылысып, көзді қарша қарықтырады. Аптап ыстық, тымырсық ауа тынысты тарылтып, бетті күйдіріп барады. Тереза күн көзінен қол шатырының астына жасырынып, күйеуінің қолтығында аяғын санап басып келеді. Камилл үлкен бет орамалмен басын тұмшалап орап алған. Лоран артта келе жатыр; күн көзі мойнын қанша күйдірсе де, оны елеп жатқан ол жоқ; ол ысқырып, аяғына іліккен тастарды жан-жаққа шашып келеді, анда-санда ашынасының бүлкілдеген бөксесіне сұқтана көз салып қояды.
Сент — Уенге жеткеннен кейін олар бірден шалғын басқан ағаш көлеңкесіне жайғасу үшін оңтайлы жер іздеуге кірісті. Олар кішкене аралдардың біріне барып, орман ішіне тереңдей енді. Қурап түскен ағаш жапырақтары табанға қызыл кілем болып төселіп, аяқты басқан сайын қытырлай түседі. Жалаңаш қалған самсаған ағаш діңдері готикалық бағаналардың бумалары тәрізді көкке қарай шығандап шығып кеткен; ағаш жапырақтары адамның бетіне тиердей салбырап тұр; сейіл құрған адамның көзіне жез аралас күрсең қызыл түске боялып, семіп бара жатқан өлі жапырақтар, көк терек пен еменнің ағарған және қарайған діңдері ғана шалынады. Олар жан-жағын қалың жыныс қоршаған, құлаққа ұрған танадай тып-тыныш әрі салқын шағын алаңқайда оңаша қалды. Тек барлық тараптан Сенаның шуылы ғана естіліп тұрды.
Камилл құрғақ жер тауып, сүртүгінің етегін жинап отырды; Тереза крахмалданған белдемшесінің дыбысын шығарып, құрғақ жапырақтардың үстіне жайғасты; көйлегінің көлеңдеген етегі денесін жартылай жапқанымен, аяқтары тізесіне дейін ашық қалды. Лоран қолдарын айқастырып, жерге етпетінен жатып қалды; оның екі көзі Терезаның аяғында, сөйтіп жатып досының үкіметке айтар өкпе-наздарына құлақ түруде. Камиллдің ойынша, Сенаның бойында шашыраған барлық аралдар ағаштарының басы күзеліп, орындықтар қойылған аллеялары бар, Тюильридегі сияқты құм төселген ағылшын парктеріне айналдырылуы керек.
Олар түскі астың алдында маңайды шолып шығу үшін ыстықтың қайтуын күтіп, осы алаңқайда үш сағаттай айналды. Камилл өзінің қызметі туралы айтып, бірнеше түкке тұрмайтын оқиға туралы әңгіме шертті, содан соң шаршап, шалқасынан құлай кетті де, бетіне қалпағын төңкеріп ұйықтап қалды. Тереза көзін баяғыда жұмып алған, ұйықтаған сыңайлы қозғалмай жатыр.
Сол кезде Лоран оған еңбектеп барды да, оның бәтіңкссі мен сирағын сүйе бастады. Бәтіңкенің жұлығы мен қыздың ақ шұлығы оның ерніне оттай басылды. Жер иісі мен жас әйелден ескен хош иіс қосылғанда оның жүйке тамырларын қоздырып, қанын қыздырып, есін алды. Ол бір айдан бері нәпсісін тежеп келіп еді, енді ызадан жарылғалы тұр. Сент — Уен тас жолының бойымен шыжыған күн астында сейіл құру оның қанын тасытып еді. Ал енді, міне, ешкімге белгісіз меңіреу орманда, салқын саялы жұмақтың аясында тұрып, өзіне ғана шындап берілген, қол созым жерде ғана жатқан әйелді кеудесіне басып, құшып сүйе алмай қор болып тұр. Қасына барайын десе, күйеуі оянып кетіп, бәрін көруі мүмкін; онда мұның бұған дейін ойлаған ойы мен жасаған сақтық шараларының бәрі көкке ұшпақ. Бұл жатқан адам — қашанда екеуінің алдына кесе көлденең тұрып алған мәңгілік кедергі. Осылай ойлаған көңілдес жігіт жер бауырлап жатып ашынасының белдемшесіне тығыла, дірілдей — қалшылдай әрі ызаға булығып, Терезаның бәтіңкесі мен шұлығын сүюде. Ол болса өлген адамдай сұлық жатыр. Лоран оны ұйықтап жатыр деп ойлады.
Ол орнынан тұрып, ағашқа сүйенді; арқасы құрысып қалыпты. Сол жерде тұрып ашынасының жасаураған көздерін кеңінен ашып, аспанға қарап жатқанын байқады. Оның айқасқан қолдарымен көмкерілген, күңгірт — солғын тартқан, жансыз бет пішіні салқындау көрінді. Оның тұнып қалған тұңғиық көзқарасы түпсіз қараңғы түнді еске салғандай еді. Ол ашынасы артында тұрса да орнынан қозғалған жоқ, бұған көз қиығын да салмады.
Лоран оған сүйсіне қарап қалған, бірақ оған оның бұлай жатып алуы, мұны көзіне де ілмеуі бір түрлі қорқынышты көрінді. Оның қалың қара шаштарының аясында бозарып көрінген жүзі мұның дегбірін алып, құмарлыққа толы әлдебір үрейлі кейіпке түсірді. Оның еңкейіп барып, осы бір алысқа қадалған баданадай үлкен көздерден сүйіп алғысы келді. Әттең, оның қасында, оның белдемшесіне шырматылып Камилл жатыр. Осынау тыриған денелі аянышты пенде ақырын қорылдап қояды; оның бетін жартылай жауып тұрған қалпағының астынан ұйықтағанда оны тіпті де ұсқынсыз кейіпке түсіретін аңқайған аузы көрінеді; оның қушиған иегін жапқан селдір жирен сақалы қан-сөл жоқ бетіне түрлі жолақтар салып, айғыздап тұр; басын шалқайтып жатқандықтан оның әжім басқан сорайған мойны, оның арғы жағында дем алған сайын көтеріліп — басылып жатқан кірпіштей қызыл жұтқыншағы көрінеді. Осы жатысында Камилл өте ұсқынсыз еді.
Лоран оған біраз қарап тұрды да, кенет аяғын көтерді. Ол оны бір-ақ теуіп, көзін жойғысы келіп еді.
Тереза айқайлап жібере жаздап, өзін әзер тоқтатты. Ол боп — боз болып, қабаған тыржитты да, шашыраған қаннан қорғанғандай сырт айналып кетті.
Лоран бір сәт ұйқыдағы адамның үстінде аяғын көтеріп тұрды. Содан соң оны жайлап түсіріп, бірер қадам әрі тұрды. Ол Камиллді бұлай өлтірудің ақымақтық екенін анық ұқты. Бұлайша мылжаланған бас үшін оның соңынан полиция біткен шырақ алып түсер еді. Ол Камиллден Терезаға үйлену үшін ғана құтылғысы келіп еді; оның қылмыс жасағаннан кейін Мишо айтқан жүк тасушыны өлтірген адам құсап еркін өмір сүргісі келеді.
Ол өзенге келіп, меңірейіп тұрып судың ағысына қарады; содан соң кілт бұрылды да, орманға қайта кірді; бұл сәтте ол белгілі бір шешімге келіп, өзі үшін оңтайлы да қауіпсіз кісі өлтіру жоспарын ойластырған еді.
Камиллді ояту үшін ол оның танауына шөп жүгіртті; Камилл түшкірініп, орнынан тұрды; досының тапқан әдісі оған қатты ұнап еді. Ол Лоранды оның әзілқойлығы үшін жақсы көретін; оған мәз боп күлетін. Содан соң ол көзі жұмулы жатқан әйелін оятты; Тереза орнынан тұрып, ұйпаланған белдемшесіне жабысқан жапырақтарды қағып түсірді де, достар кездескен ағаш бұтақтарын сындыра — мындыра алға жүрді.
Олар жағаға шығып, жолмен, жалғыз аяқ сүрлеумен жүрді; сол жерде оларға әлем-жәлем болып киінген көңілді топтар кездесті. Ағаш шарбақтардың бойымен үстеріне ақ шаңқан көйлек киген қыздар жүгіріп жүр; ескекшілер қайықтарын әндете есіп барады; мещандық сыңарлардың, қариялардың, әйелдерін ерткен піркәзшіктердің тізбектері қазылған орлардың қасынан баяу жылжып өтіп жатыр. Жолдың бәрі кісі толы шулы көшеге айналған. Тек күн ғана әдеттегі салтанатты, салмақты қалпынан танған жоқ; ол көкжиекке еңкейіп, күрең қызыл ағаштар мен ағарған жолдарды бозаң түсті жамылғысымен қаусыра түскен. Аспаннан салқын ауа шөге бастады.
Камилл Терезаны қолтығынан ажыратып, Лоранның әрбір әзілі мен қылығына мәз болып келеді; ал ол болса кездескен арықтардан қарғып өтіп, үлкен тастарды қақпақылдай қағып келеді. Жас келіншек мойнын салбыратып жіберіп, жолдың екінші жағында келе жатыр, ол әлсін-әлсін еңкейіп, жерден шөп жұлып алады. Бұлардан кейінірек қалып тоқтап, ашынасы мен күйеуіне қарайды.
— Айтшы, сенін қарның ашқан жоқ па? — деп айқайлады оған Камилл
— Қарным ашты, — деді ол
— Олай болса, кеттік!
Тереза ашыққан жоқ еді; ол бар болғаны зерігіп, жалықты және жан дүниесінде де бәрі орнықты емес еді. Ол Лоранның не ойлағанынан хабарсыз болса да, әлденеге алаңдап, аяғын әзер алып келе жатыр.
Олар тағы да өзенге шығып, ресторан іздеді. Сөйтіп, үстінен шарап пен шошқа майының иісі аңқыған бір трактиршінің ағаштан жасалған терассасына келіп орнықты. Қонақжайда айқай мен әуеннен, ыдыс сыңғырынан құлақ тұнады; барлық залдар мен кабинеттер адамға толы, отырғандар бар даусымен айқайлап сөйлеседі; жұқа қоршаулар мұндай шуға қалқан болатын емес. Официанттардың жүрісінен баспалдақтар солқ-солқ етеді.
Жоғарыдағы балконда өзеннен соққан самал жел трактирдің қоңырсық иісін таратып жіберді. Тереза балюстрадаға шынтағын сүйеніп, айлаққа қарап тұрды. Оның оң жағы мен сол жағын бойлай екі қатар жәрмеңке сөрелері мен асхана желілері тартылған; сарғайып сиреген жапырақтардың арасынан күркелерде отырған адамдардың үстіне киген киімдері, қарайған пальтолар мен әйелдердің ағараңдаған белдемшелері көзге шалынады; жалаңбас адамдар ілгерілі — кейінді сабылып, ойнап күлуде; жиналған көпшіліктің шуына шарманқаның сай сүйегідің сырқыратқан үні қосылып, көңілді аулайды. Тымырсық ауадан шаң мен қуырған балықтың иісі шығады.
Етектегі шөбі жапырылған алаңқайда Латын кварталынан келген қыздар балалар әнін шырқауда. Олар шаштарын тарқатып, қалпақтарын иықтарына түсіріп жіберіп, жасөспірім қыздарша қол ұстаса өңдетуде. Олар баяғы баянды күндеріндегідей, жіңішке таза дауыстарымен шырқатып салуда; олардың жайшылықтағы анайы аймалаулардан ығыр болған солғын жүздеріне қызғылт нәзік нұр ойнап, құлпырып кеткен; шарасы үлкен көздерінен іші-бауырыңды елжіретер жас тамшылары ұшқындайды. Ауыздарына саздан соғылған аппақ трубка қыстырған студенттер әзіл-қалжыңға ерік беріп, әнді тамашалауда.
Ал одан әріректе, Сенаның үстіне, биік шоқылардың басына кешкі тыныштық қонақтады; қалтылдаған көгілдір ауа ағаштарды буалдыр белдеуімен қымтап алды.
— Әй, официант! Ас қашан дайын болады? — деп айқайлады Лоран баспалдақ таянышына сүйеніп тұрып.
Содан соң байқамай қалғандай, тағы да:
— Құлағың сап, Камилл, осылай отыра бергенше, тамақтың алдында қайыққа мініп, серуендеп келсек қайтеді? — деді. — Оған дейін біздің балапанымыз да пісіп қалар... Әйтпесе, әлі бір сағат күтуімізге тура келеді.
— Өзің біл, — деп селқос тіл қатты Камилл, — Тереза ашығып қалмаса болар.
— Жо-жоқ, мен күте тұрамын, — деп жауап берді Тереза жалма — жан Лоранның өзіне қадалған көзіне қарап тұрып.
Олар төменге түсті. Буфеттің жанынан өтіп бара жатып, столға тапсырыс берді; ас мәзірін таңдап, бір сағаттан кейін келеміз деп ескертті де, барлығы шығып кетті. Олар трактиршіден келушілерге арнап ұстап отырған қайықтардың біреуін беруді сұрады.
Лоран қиюы қашқан нашарлау бір қайықты таңдап алғанда, Камиллдің зәресі ұшып кетті.
— Сайтан алғыр, мынада тыпыр етпей отыру керек шығар, — деді ол — Әйтпесе, бұлт етіп суға кету де қиын болмас.
Анығын айтқанда, ол судан қорқушы еді. Олар Вернонда тұрғанда Камилл денсаулығының нашарлығына байланысты Сенаның суына түсіп, жүзе алмады; ол кезде оның мектептес құрбылары қит етсе суға жүгіретін бұл болса жылы көрпеге оранып, жағалауда отыратын Лоран өтe жақсы жүзуші еді және мықты ескекші болатын. Ал Камиллдің санасында балалар мен әйелдерге тән терең судың алдындағы қорқыныш сол күйі қалып қойды. Ол қайықтың қаншалықты берік екенін сынап көргісі келген адамдай оны аяғымен нұқып көрді.
— Нағып тұрсың? Отыр! — деп көңілдене айқайлады Лоран оған — Қалтырап тұрсың ғой.
Камилл қайыққа мініп, тәлтіректей басып, оның артқы жағына қарай жүрді. Аяғының астында тақтай жатқанын байқаған соң, оның жүрегі орнына түскендей болды; тіпті орналасып алғаннан кейін өзінің батылдығын көрсеткісі келіп әзілдей бастады.
Тереза байыпты да байсалды кейіпте көңілдесінің қасында тұр. Лоранның қолында — қайықтың жібі. Ол Терезаға еңкейіп, тез-тез құлағына сыбырлады:
— Есіңде болсын... мен оны суға лақтырып жіберемін... Мені тыңда... Бәріне өзім жауап беремін.
Жас әйел сұп-сұр болып, орнында қаққан қазықтай қатып қалды. Оның көздері шарасынан шығып, не істерін білмей тұр.
— Отырсаңшы, — деді Лоран.
Ол қозғалған да жоқ. Оның ішкі жан дүниесінде сұмдық бір күрес жүріп жатыр еді. Ол қазір өкіріп жылап жіберуден және есінен танып құлап түсуден қорқып, өзінің барлық ерік-жігерін бойына жинап тұрған болатын.
— Ей, ей, Лоран! — деп айқайлады Камилл. — Терезаға қарашы! Кімнің қорқып тұрғанын көрдің бе?.. Отырсам ба, жоқ па деп, толқып тұр...
Ол артқы орындыққа жайғасып, шынтақтарын бортқа тіреп, қайықты шайқалтып қояды. Неге екені белгісіз, Тереза оған айрықша көзқараспен қарады; осы бір қуыс кеуде байғұстың әзілі оны қамшымен салып өткендей, тез есін жиғызып, ол қайыққа лақша секіріп мінді. Ол қайықтың тұмсығына жайғасты. Лоран ескекті қолына алды. Қайық аралдарды бетке алып, ақырынқозғалып кетті.
Ымырт үйірілді. Ағаштардың көлеңкесі түскен жағалаудағы су қап-қара болып көрінеді. Өзеннің орта тұсында жалпақ сұрғылт күміс түсті жолақтар пайда болды. Көп ұзамай қайық ағысы қатты арнаға ойысты. Мұнда жағадағы шу зорға естіледі; айқайлаған дауыстар мен шырқалған әндер біртүрлі мұңды, еміс-еміс әрі құмығып шығады. Мұнда қуырған балықтың да, шаңның да иісі жоқ. Салқын самал еседі.
Лоран есуді қойып, қайықты ағыспен қоя берді.
Олардың алдынан ұзынынан шұбалып жатқан аралдың қызғылт түсті сұлбасы көрінді. Сұрғылт дақтармен алабажақтанған қара қоңыр жағалаулар көкжиекке жетіп қосылатын екі жалпақ таспа сынды тартылып жатыр. Су мен аспан ақшыл түсті бір ғана матадан пішілгендей. Күзгі іңірден асқан мұңды да меңіреу мезгілді ешқайдан таба алмайсың. Күннің сәулесі салқын ауада бозара түседі, қартайған ағаштардың қураған жапырақтары сауылдап түсе бастайды. Жазғы күннің қызуына шарпылған алқаптар алғашқы салқын ауаның ағынымен жылжып келе жатқан ажал тұзағын сезінгендей болады. Аспаннан аянышты дәрменсіздік лебі еседі. Көк жүзінен түн түнегі төніп келеді.
Қайықтағылардың бәрі үнсіз. Ағыстың еркіне берілген олар соңғы жарық сәулелерінің ағаш бастарын қалай тастап келе жатқанын көріп отыр. Қайық аралға жақындап келеді. Оның қызғылт реңі қарауыта бастаған; іңірде жер бедері қарауыта түседі; Сена, аспан, аралдар мен шоқылардың бәрі сүттей ақ тұманға малынған қоңыр, сұрғылт дақтарға айналған.
Камилл ақырында қайықтың түбіне қисайып, ернеуінен басын қылтитып, қолын суға малды.
— Сайтан алғыр, қалай суық! — деді даусын шығара. — Мынадай мұздаққа түсуден, алла, өзің сақтай гөр!
Лоран үндеген жоқ. Ол алағызып жағалауға қарай берді; еріндерін мықтап жымқырый алған, қарулы қолдарымен тізесін уқалап, қыбыжықтай берді. Тереза қозғалмай қатып қалған күйі басын азырақ еңкейтіп, күтіп отыр.
Қайық екі аралдың ортасындағы шағын ғана қараңғы әрі тар бұғазға қарай бұрыла берді. Аралдың біреуінің арғы жағында, сірә, ағысқа қарсы жүзіп келе жатқан болар, ескекшілердің қосылып салған әні құлаққа құмығып естіледі. Алысырақта, өзеннің жоғарғы жағында тірі жан жоқ.
Кенет Лоран орнынан тұрды да, Камиллді белінен қапсыра құшақтап алды. Ол сықылықтай күлді.
— Қойшы, қытығым келеді, — деді ол. — Қой дедім ғой, бұл не мазақ! Сен мені құлатып аласың.
Лоран оны бұрынғыдан да бетер қыса түсті. Камилл бұрылып қарағанда, досының алай-түлей болып, кереметтей түтігіп кеткен түрін көрді. Ол ештеңені түсінген жоқ; оны үрей биледі. Оның жандәрмен айқайлағысы келді, бірақ бір қарулы қолдың алқымын сығып бара жатқанын сезді. Не істегенін өзі де білмей, өмірін қорғап аласұрған хайуанша бұл да тізесінен тұрып, қолдарымен бортқа жабысып қалды. Бірнеше сот ол осылай арпалысып бақты.
— Тереза! Тереза! — деп дауыстап шақырды ол қырылдаған дауыспен.
Жас келіншек екі қолымен орындыққа жабысып, бәрін де көрді; қайық суда шыр айналып, сықыр-сықыр етті. Оның көзін жұмуға күші жетпеді; әлдебір сұмдық құрысудан оның көздері шарасынан шыға ашылып, жабылмай қойды; ол отырған орнында тастай қатып қалды.
— Тереза! Тереза! — деп тағы да қырылдады байғұс.
Оның соңғы шақыруында Тереза еңіреп қоя берді. Жүйке тамыры шыдамады. Талмасы ұстады. Ол қалш-қалш етіп қайықтың түбіне құлай кетті. Ол онда денесі құрысып, күші сарқылып, шала — жансар күйде жатты.
Лоран Камиллді әлі де сілкілеп, екінші қолымен оның тамағын езе берді. Ақыры ол өзінің құрбандығын қайықтан ажыратып алды. Енді ол Камиллді балаша көтеріп алып, басынан асыра ұстап тұр. Осы кезде Лоран мойнын жалаңаш қалдырып, басын азырақ еңкейтіп еді, үрей мен ызадан есі кеткен байғұс жиырылып барып оның алқымынан тістеді. Жарасын жанұшыра ауырсынған қанішер бар күшін жиып құрбандығын суға лақтырған кезде терісінің жартысы оның аузында кетті. Камилл суға шыңғырып түсті. Ол жандәрмен тағы да бір-екі рет су бетіне қалқып шықты, және әр шыққан сайын оның даусы құмыға берді.
Лоран бір секунд та жоғалткан жоқ. Ол жарасын жасыру үшін пальтосының жағасын көтеріп алды. Содан соң сұлық жатқан Терезаны көтеріп алды да, қайықты аяғымен бір теуіп, қолында ашынасы бар, Сенаның суына қойып кетті. Ол оны судың бетінде ұстап, жанталаса көмекке шақырды.
Мана аралдың арғы жағынан әндерін естіген ескекшілер қайықтарын бұларға қарай бар күштерімен жүйткітіп келеді. Олар жазатайым жағдай болғанын бірден білді; олар судан әуелі Терезаны алып шығып, қайыққа жатқызды, содан кейін досының қазасынан есі шығып кеткен Лоранды құтқарды. Ол Камиллдің болуы мүмкін емес жерлерге суға түсіп көп іздеді, ақыры көз жасын көлдетіп, саусақтарын сындырып, шашын жұлып, қайтып келді. Ескекшілер қолдарынан келгенше оны жұбатып жатыр.
— Бәріне мен кінәлі, — деп айқайлады ол, — байғұсты тайраңдатып, қайықта билетпеуім керек еді... Біз байқаусызда үшеуміз бірдей бір жақ бортқа жиналып қалыппыз... Содан қайық аударылып кетіп... Құлап бара жатып ол маған "әйелімді құтқар" деп айқай салды...
Қашанда мұндай жағдайда солай болатыны секілді, ескекшілердің арасында да бұл оқиғаның олардың көз алдарында болғанын көзімен көрген екі-үш адам табылды.
— Біз бәрін де көріп тұрдық, — деді олар — Несін айтасың, қайық деген паркет емес қой. О, сормаңдай әйел! Есі кіргенде не істер екен?!
Олар қайтадан қайықтарына отырып, аударылған қайықты тіркеп алды да, Тереза мен Лоранды тапсырып кеткен тамақтары күтіп тұрған ресторанға әкеліп тастады. Бес минуттан кейін бұл оқиға туралы хабар бүкіл Сент-Уенге тарап кетті. Ескекшілер ол туралы көзімен көрген адамдар ретінде әңгімеледі. Ресторанның алдында қайғыны ортақтасқан қауым жиналды.
Ресторатор мен оның зайыбы мейірбан адамдар екен; олар жапа шеккендерге керек киімдерін тауып берді. Терезаның есі кірген кезде жүйке талмасы ұстап, сай сүйекті сырқыратқан еңіреулер басталды; оны төсекке жатқызуға тура келді. Адам табиғаты қолдан жасалған сұрқия комедияға көмекке келді.
Жас әйел аздап тынышталғаннан кейін Лоран оны шаңырақ иелерінің қолына тапсырды. Ол осы бір сұмдық хабарды Ракен ханымға қолынан келгенше абайлап өз аузынан естірту үшін Парижге жалғыз қайтқысы келді. Ал шынтуайтқа келгенде, ол Терезаның жүйкесінің қозуынан қауіптенді. Ол оған барлығын да мұқият зерделеп, өз рөлін жаттап алуына уақыт бергісі келіп еді.
Камиллдің асы ескекшілерге бұйырды.
Парижге барар жолдағы омнибустың қараңғы түкпірінде отырып Лоран одан әрі не істеу керек екенін ойластырды. Ол бәрі де ойдағыдай боларына күмәнданған жоқ. Оның көкірегін іштей жегідей жеп, қаншама уақыт аласұртқан қуаныш — аяқталған қылмыс қуанышы кернеп еді. Клиша заставасында ол арбакешке ауысып мініп, Сена көшесіндегі Мишо қарияның үйіне бет алды. Сағат кешкі тоғыз болатын.
Бұрынғы полиция комиссарын ол Оливье мен Сюзаннаның қауымынан тапты. Ол мұнда егер өзіне күдік туа қалған жағдайда қолдау табу үшін, сонымен бірге мұндай сұмдық хабарды Ракен ханымға жалғыз жеткізбес үшін келіп еді. Онымен әңгімелесу өзіне қиынға соғатынын ол білді; ол өзінің рөлін дұрыс орындай алмай қаламын ба, тиісті дәрежеде қапалы болып көріне алам ба, жоқ па деп қорықты; ол жөнінде онша басын қатырмаса да, ол ана қайғысының ауыр боларын түсінді.
Лоранның дәл осы кезде өзіне онша жарасып тұрмаған киіміне қарап, Мишо оған таңдана көз тастады. Лоран бәсең дауыспен, қайғыдан қажып, шаршаған кейіппен болған жайды әңгімелеп берді.
— Мен сізді алып кетуге келдім, — деді ол, — бақытсыз сорлы әйелдерді не істерімді білмей тұрмын... олардың басына түскен қайғыны... Мен анасына жалғыз бара алмай тұрмын. Менімен бірге жүруіңізді өтінемін.
Ол осыны айтқанша, Оливье оның тура бетінс қарап, мұқият тыңдап отырды және осы осы көзқарас Лоранның үрейін ұшырды. Полицияға қатысы бар бұл кісілерге қанішер өзінің ойынша оны құтқаруға тиісті өжеттіктің жетегімен, көп ойланбастан келіп еді. Сонда да ол Оливьенің өткір қарасынан кейін бей-жай қала алмады: оған естен танып, аяушылық білдірер жерде күдікке орын берілген сияқты болып көрінді. Сюзанна бұрынғыдан бетер бозарып кетті; ол енді-енді есінен танатын сияқты көрінді. Өлім туралы ой Оливьенің де жанын түршіктірді, бірақ жүрегі селт етпеген күйінде қалды; оның жүзінен аянышты таңданыс ізі байқалғанымен, сұмдық оқиғаның мән-жайына титтей де күдік келтірместен, қалыптасқан әдеті бойынша Лоранға сынай қарады. Мишо қария болса, минут сайын аһылап-уһілеп, үрейлене, аянышы мен таңданысын аралас білдіріп отырды; ол отырған орнында қыбыжықтап, қолын айқастырып, көкке қарап, әбден әбігерге түсті.
— Құдайым-ау! — деді ол қарлығыңқы дауыспен. — Құдайым — ау! Не деген сұмдық!.. Адамның үйден шыққаны сол.. міне, көріңіз...енді жоқ... Неткен қатыгездік! О, соры ашылмаған Ракен ханым! Сорлы ана... не деп айтамыз біз оған? Әрине, келгеніңіз дұрыс болды... Біз бірге барамыз...
Ол орынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастады, таяғы мен қалпағын іздеп біраз сандалды және осы қарбаластың арасында әрбір сөзін шегелей, оқиғаның мән-жайын, оның бүге-шігесіне дейін сұраумен болды.
Олар үйден кешкілік шықты. Пон-Неф пассажына кіреберісте Мишо Лоранды тоқтатып алып
— Сіз кірмей-ақ қойыңыз, — деді — Сіздің кіруіңіз болған оқиғаның нақты көрінісіндей әсер қалдырады... Олай істемеу керек. Байғұс әйел бір сұмдықтың болғанын бірден біледі де, біз оған барлық шындықты тиісті дайындықсыз ақтара салатын боламыз. Бізді осы жерде күте тұрыңыз.
Бұл ұсыныс қарақшының көкейіне қона кетті, ол дүкенге кіру деген ойдың өзінен қалтырай бастайтын еді. Ол өз-өзіне келіп, тротуарда ерсілі-қарсылы жүре бастады. Кейде ол қазір не болып жатқанын ұмытып та қалады, сөрелерге үңіліп, ысқырып қояды; жөппелдемеде оны жанай өткен әйелдерге де көз тоқтатады. Осылай ол көшеде жарты сағаттай болды, оған енді әдеттегі салқынқандылық қайта орала бастады.
Ол таң атқаннан бері нәр татқан жоқ; өзінің аш екенін енді ғана білді; кондитер бөлмесіне кіріп, бәліш алып жеді.
Ракендердің дүкенінде сай сүйегіңді сырқыратар оқиға болды. Мишо қарияның алдын ала ойластырған сақтық шараларына, оның жұмсартып әрі абайлап айтқан әңгімелеріне қарамастан, Ракен ханымның ұлының жазатайым бірдеңеге ұшырағанын түсінетін кезі жетті. Осы сәттен бастап ол көз жасын төгіп, дауыс қылып жүріп, шындықты айтуды талап етті. Осы жерге келгенде көрі досы шыдай алмады. Ал оған шындықты айтқан кезде оның қайғы-қасіреті шегіне жетті. Ол қатты еңіреп жылап, тұла бойы қалшылдап, шалқасынан құлады; ол ессіз үрей мен жанталасқа бой алдырды; алқынып біраз отырды; бүгінгі көрген қайғы-қасіреті оның жапа шеккен жанының терең түкпірінен ащы өксік болып шықты. Егер Сюзанна оны белінен құшақтап, өзінің ашаң жүзін оған оқтын-оқтын қаратып алып, тізесіне басын қойып жылап, жібермей қоймаса, ол еденге құлап түсер еді. Оливье мен әкесі осы ауыр көріністен сырғақтай бөлектеніп, амалы құрып, үнсіз тұр.
Ал сорлы ананың көз алдынан Сенаның лай суы әкетіп бара жатқан ұлы шықпай қойды, оның қатып қалған, іші кеуіп, қампайып кеткен денесі елестеді; сонымен бір мезгілде оны талай рет жанұшыра ажал тырнағынан арашалап қалған балғын кездері, бесікте жатқан сәби тұлғасы елестеп өтті. Ол оны құрығанда он рет ажалдан аман алып қалып еді; ол оны отыз жыл бойы әлпештеп, айнымай сүйіп еді. Енді міне, одан алыста, суық әрі лас суда, ит өлімімен ажал құшыпты. Ол оны жылы көрпемен қалай қымтап орағанын есіне түсірді. Осыншалықты мейірім мен махаббат, алаңсыз балалық, алақанға салып өбектеу — бәрі бекер болғаны ма; соның бәрі маңдайына басқан жалғызының суға кетіп, ит өліммен өлуі үшін бе? Осы ойлар жанын жегідей жеген Ракен ханым қабырғасын қақыратып, тамағына кептелген шерден өліп кеткісі келді.
Мишо қария кетуге асықты. Сатушының жанында келінін қалдырып, өзі қасына Оливьені ертіп, тезірек Сент — Уенге аттану үшін Лоранға келді.
Жолда олар бір-бірімен екі-үш ауыз ғана тіл қатысты. Олар арбакешті тоқтатып, күйменің бұрыш-бұрышына бұйығып отыра кетті де, тас төселген кедір-бұдыр жолмен шоқалақтай тартып берді. Олар ләм деп тіл қатпастан, қозғалмастан тапжылмай отырды; экипажды ымырт қараңғысы басқан. Кей жерлерде жылт еткен газ шамдар олардың бетіне айқын сәулесін түсіреді. Олардың бәрінің басына түскен бақытсыздық еңселерін езіп, үмітсіздік құрдымына тартқандай әсер қалдырады.
Өзен жағасындағы ресторанға келіп тоқтағаннан кейін олар төсек тартып жатқан Терезаның қасына барды; оның басы мен қолдары от боп жанып тұр екен.Үй иесі жас әйелдің қызуы өте жоғары екенін сыбырлап жеткізді. Шындығына келгенде, Тереза өзінің әлсіз екенін әрі есеңгіреп қалғанын сезіп, басы артық бірдеңе айтып қоюдан қорқып, әдейі ауырып жатыр еді. Ол томаға-тұйық қалыпта, аузын да, көзін де ашпай, ешкімді көргісі келмей жатып алды. Жамылғысын иегіне дейін жамылып, басын жастыққа тығып алып бүріскен қалпында ол маңайындағылардың өзі туралы не айтқандарын қағыс қалдырмай тыңдап жатыр. Ал оның кірпіктерінің арасында пайда болған қызғылт сәулелерден қайықтың ернеуінде тұрып алысқан Камилл мен Лоранның бейнелері көрінеді; көгеріп, бозарған, бойы сорайып, денесі зорайып кеткен күйеуі елестейді. Осы сурет көз алдынан кетпей, мазасын алды.
Мишо қария онымен тілдесіп, жұбатқысы келіп еді. Ол оқыс қозғалып, теріс қарап жатып алды да, тағы да еңіреп қоя берді.
— Мырза, мазаламай-ақ қойыңыз, — деді үй иесі. — Ол болмашы дыбыстан да шошиды... Оған бәрінен бұрын тыныштық керек.
Төмендегі ортақ залда полиция хаттама толтырып жатыр. Мишо мен ұлы және Лоран үшеуі сонда барды. Оливьенің, префектураның басшы шенеунігінің білгеніндей, істің ресми бөлігі он минуттың ішінде аяқталған. Ескекшілер әлі осында екен, олар куә ретінде болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін қалдырмай, қайықтағы үш адамның суға қалай құлағанын дәлме-дәл айтып берген. Оливье мен оның әкесінің көңілінде титімдей күдік болса да, ол мұндай куәліктен кейін тұмандай сейіліп кетер еді. Бірақ олар Лоранның шындықты айтқанына бір сәтке де күмәнданған емес; қайта олар оны полиция агентіне қаза болған адамның ең жақын досы ретінде атап, хаттамада жас жігіттің Камилл Ракенді құтқармақшы болып суға секіргенін атап көрсетуге көп еңбек сіңірді. Келесі күні жазатайым оқиғаның жай-жапсары барлық бүге-шігесіне дейін ашылып, баспасөзде жарияланды; сорлаған ана, жалғызынан айырылған жесір, адал, жан қияр дос барлығы да оқиға сипаттамасынан өзінің лайықты орнын тапты; заметка астананың барлық газеттерінде жарияланып, одан провинциялық баспасөзге тарады.
Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Лоранның қуанышында шек болған жоқ; ол оның бүкіл жан дүниесін аралап, жаңа өмірге қадам бастырғандай болды. Әуелде құрбанының оның мойнына жабысып, өлімші қылып тістеген сәтінен бастап ол сәресіп қалып еді; ол баяғыда ойластырып қойған жоспарына сәйкес өзінен-өзі қимылға көшті. Оны өзін-өзі сақтау сезімі аман алып қалды; ол оған не деп айтуды, не істеп, не қоюды үйретті. Енді бәрі де ойдағыдай боларына, жазадан құтылғаны туралы сенім пайда болғанда, оның бойындағы қанның ағысы қалыпты арнасына түсті. Полиция оның қылмысын айналып өтті, ол ештеңе де таба алмады; бұл оны алдап соқты; ол мұны босатты. Бұл дін аман қалды. Осыны ойлағанда оның тұла бойы бусанып сала берді; оның бүкіл он бойымен бір жылы ағын жүріп өтіп, денесі мен санасына әдеттегі сергектік қайтып оралды. Ол шексіз берілген жан қияр достың рөлін асқан шеберлікпен, өзіне деген нық сеніммен ойнай берді. Ақиқатында ол хайуанға тән қанағат сезіміне бөленген еді; ол жоғарыдағы бөлмеде жатқан Терезаны аңсай бастады.
— Ана бақытсыз байғұсты бұл жерде қалдыруға болмайды, — деді ол Мишоға. — Қайдан білеміз, мүмкін қауіпті бір дерт басталып келе жатқан шығар... Оны қалайда қалаға жеткізуіміз керек. Жүріңіз, бәріміз қосылып оны көндірелік.
Олар Тереза жатқан бөлмеге келіп, Лоран оны азғыра бастады; орнынан тұруын, сөйтіп өзін Пон-Неф пассажына алып баруға мүмкіндік беруін жалынып өтінді. Оның даусын естіген кезде жас келіншек селк етті; көздерін кеңейте ашып, оған ұзақ қарады. Ол бір түрлі есінен танған адам сияқты, дірілдей берді. Бір сөз айтпастан, орнынан қинала көтерілді. Еркектер оны трактиршінің әйелімен бірге оңаша қалдырып, шығып кетті. Ол киінді де, Оливьенің көмегімен теңселе басып келіп, күймеге отырды.
Олар үнсіз жүріп келеді. Лоран өрескел батылдықпен және ұялмастан Терезаның белдемшесінің бүктемесінен қолын сұғып жіберіп, оның саусақтарын ұстады. Ол көлеңдеген қараңғылықта оған қарсы отырды, Тереза басын салбыратып жібергендіктен, ол оның жүзін көрген жоқ. Ол оның қолынан ұстап, қатты қысты да, Мазарини көшесіне жеткенше оны босатқан жоқ. Ол оның қолының дірілін сезді; әйел қолын тартып алған жоқ, қайта еркелей жауап қатып, қысып қойды. Олардың ұстасқан қолдары жанып барады, тершіген алақандары бір-біріне жабысып, қарысып қалған саусақтар арба соққан сайын ауыра түсті. Лоран мен Терезаға олардың айқасқан қолдары арқылы бойдағы қандары бірінің жүрегінен екіншісінің жүрегіне құйылып жатқандай болып көрінді. Түнгі түнек пен қашан таусылары беймәлім жылаңқы үнсіздіктің ортасында осы ыстық қол ұстасу ол су бетіне енді қайтып шықпасын деп олардың Камиллге атқан шойыннан құйған кір тасындай болды.
Көшір күймесін тоқтатқанда, одан алғашқы болып Мишо мен ұлы түсті. Лоран ашынасына еңкейіп, құлағына еркелете сыбырлады.
— Бекін, Тереза. Көп күтетін боламыз... Осы есіңде болсын, — деді.
Жас әйел күйеуі өлгеннен бері жұмған аузын ашпаған еді.
— Әрине... есімде болады, — деді ол еміс-еміс тіл қатып.
Оливье оның күймеден шығуына көмектесейін деп қолын созды.
Бұл жолы дүкенге Лоран кірді. Ракен ханым қызулап, сандырақтап жатыр еді. Тереза өз төсегіне әзер жетті. Сюзанна оны зорға шешіндіріп алды. Бәрінің ойдағыдай болғанына көзі жетіп, тыншыққан Лоран тысқа шығып кетті. Ол асықпай үйіне, Сен-Виктор көшесін — дегі лашығына тартты.
Түн ортасы ауып кеткен. Үнсіз бос жатқан көшелерді бойлай самал жел еседі. Тротуардың тас тақталарын басып келе жатқан жас жігіт өз аяқтарының бір сарынды тықылын ғана естиді.
Самал оның жанына жай таптырды; тыныштық пен түнек оны біртүрлі еркелей қымтады. Оның сейілден жаны рақаттанды.
Ақыр соңында қылмыс салмағы иықтан түсті! Ол Камиллдің түбіне жетті. Іс бітті, көп ұзамай ол ұмытылатын болады. Енді ол Терезаны қашан басы бүтін иемденетін күнді күтіп, жайымен өмір сүретін болады. Кісі өлтіру туралы ой оның ауыр жүктей еңсесін басып, көтертпей қойып еді; енді ол жүзеге асқаннан кейін оның көкірегі босап, дем алысы жақсарды; ол өзінің жігерсіздігі мен қорқынышынан туындаған күйзелістерінен арылып, едәуір қунап қалып еді.
Шынын айтқанда, ол өзінің біраз есеңгіреп қалғанын түсінді; шаршап-шалдығу оның тәнін де, ойын да тұсаулап алған еді. Ол үйіне келісімен қатты ұйықтап кетті. Ұйықтап жатқанда оның бет — аузы жай ғана жыбырлап өтті.
XIII
Сол жатқаннан ертеңіне бір-ақ оянған Лоран өзінің тынығып қалғанын сезді. Ұйқысы әбден қанған. Терезеден ескен самал оның тұныңқырап қалған қанын оятып жіберді. Ол өткен күннің оқиғаларын есіне әзер түсірді; егер мойнын күйдіріп әкетіп бара жатқан жара болмаса, ол күнді тыныш өткізіп, сағат онда ұйықтап қалдым деп ойлар еді. Камиллдің тістеген жері оған күйдіріп темір басқандай әсер етті; ол туралы ойлаған сайын ол дуылдатып, жанын көзіне көрсетті. Оған денесіне сансыз ине сұғылып жатқандай көрінді.
Ол жейдесінің жағасын қайырып, қабырғадағы айнаның алдына барып жарасын көрді. Дөңгелек жараның диаметрі екі судай болады; терісі сыпырылып, арғы жағынан қара дақтары бар қызыл еті көрініп тұр; қан иығына дейін сорғалап ағып барып, әрі қарай балықтың қабыршағындай болып жайылып кеткен. Оның аққұба мойнының аясында тістелген жер ап-анық байқалатын қара — қоңыр дақ түрінде оң жақ құлағының түбінде тұр. Лоран жарасын жасыл айнадан біресе созылып, біресе жиырылып қарағанда, оның бет әлпеті мүлдем бұзылып кетті.
Ол беті — қолын жақсылап жуынды; жарасын көріп болып, көңілі орнына түсті; енді бірнеше күн өткеннен кейін жара қара қотырланып, жазылып кетеді деп жорыды. Ол киініп, әдетінше кеңсесіне аттанды. Онда ол қиналған кейіппен болған оқиғаны айтып берді. Қызметтес жолдастары барлық газеттерде басылған апат туралы хабарды оқығаннан кейін Лоран нағыз батырдың өзіне айналды. Бір апта бойы Орлеан темір жолы қызметкерлерінің әңгімесінің тақырыбы осы болды: олар жолдастарының бірінің суға кетіп қаза болғанын да мақтан етті. Гриве Сенада қайықпен жүзгеннен гөрі, өзенді көпір үстінен тамашалағанға ештеңе жетпейтінін жыр қылып бақты.
Лоранның көкейінде әлдебір белгісіз алаңдаушылық қалып қойды. Камиллдің қазасын ресми түрде куәландыруға болмады. Терезаның күйеуінің өлгенінде дау жоқ, бірақ Лоран үшін оның денесі табылып, қазасы ресми түрде хатталғаны дұрыс еді. Апат болған күннің ертеңіне суға кетушіні іздеу жұмыстары жүргізілген болатын, бірақ одан ештеңе шықпады; оның құлама жарқабақтың астындағы қазаншұқырлардың біріне түсіп кетуі мүмкін деген жорамалдар айтылды. Жақсы сыйлық алудан үміттенген сүңгуіршілер өзен түбін мұқият шолып шықты.
Лоран күнде таңертеңгілік қызметке барар жолда мәйітханаға соғуды жөн деп тапты. Ол бәрін де өз бетімен істеуге өзіне-өзі сөз берді. Қанша үрей туғызып, қанша жүрегін айнытса да, ол бір апта бойы күн сайын мәйітхананың тас еденінде жатқан барлық суға кеткендерді қарап жүрді.
Кірген бетте-ақ оның мұрнына борсыған еттің өткір сасық иісі келіп, денесі тітіркеніп кетті; оның үстіне киген киімі қабырғалардан ескен сыздың ызғарынан су сіңді болып, ауырлап кеткендей, иығына жабысып қалды. Ол келушілерді мәйіттен бөліп тұратын әйнектен жасалған қоршауға тура тартты; ол жүдеу жүзімен әйнекке таяп келіп, үңіле қарайды. Оның көз алдынан сұр тақталардың қатары тізіліп өтуде. Олардың үстінде анда да, мында да үстерін жасыл, сары, ақ, қызыл дақтар басқан жалаңаш денелер жатыр; олардың кейбіреулері өлді деген аты болмаса, тап-таза қыз күйінде сақталған; қайсыбіреулері қан сасып, бүлініп кеткен ет үйінділеріне ұқсайды. Түкпірдегі жалаңаш қабырғаларда өлген адамдардың киімдері ағараңдайды. Лоран әуелі киімдер мен өлекселердің түрлі дақтарымен алабажақталған тақталар мен қабырғалардың ағарған жиынтығын ғана байқады. Ағын судың дыбысы естілді.
Ол біртіндеп денелерді ажырата бастады. Сөйтіп, бірінен екіншісіне көшіп отырды. Ол суға кеткендерді ғана жіті қарады; судан көгеріп немесе іштері кеуіп кеткен өліктерді кездестіргенде, араларында Камилл жоқ па екен деп шұқшия түсті. Көбінесе олардың беттерінен кесек еттері салбырап тұрды, сүйектері сыдырылған терілерін тесіп шығып, беттері піскен ет секілді және сүйексіз болып көрінді. Лоран қобалжып тұр. Ол мәйіттердің арасынан өз құрбандығының тыриған арық денесін іздеп табуға тырысып бақты. Бірақ та суға кеткендердің барлығы да қоңды кісілер болып шықты; ол мұнда қампиған қарынды да, күп болып ісініп кеткен сандарды да, жұп-жұмыр, топ-толық қолдарды да — бәрін де көрді. Ол неше түрге еніп, өзін мазақ қылып тұрғандай шашылып жатқан мүрделердің алдында қалшиып, не істерін білмеді.
Енді бірде оның әбден зәресі ұшты. Ол бірнеше минуттан бері, денесінің бұзылғандығы соншалық, етінің ұсақ бөліктері жуған сумен бірге шайылып кетіп жатқан тәпелтектеу, адам айтқысыз бір мәйітті қарап тұрған. Оның бетіне құйылып тұрған су ағыны көзінің сол жағынан кішкене тесік тапты. Кенет мұрны қусырылып, еріндері ашылды да, арғы жағынан ақсиған тістері көрінді. Ол қарқылдап күліп жібергендей болды.
Лоран өзінің құрбандығын танимын деп қаншама рет талпынса да, оның жүрегін әлдене осып өткендей болады. Ол қалай да Камиллдің денесін тапқысы келді, бірақ мәйітті енді-енді тапқандай болған сәтте, оның зәресі ұшатын болды. Мәйітханаға бару оны шатасуға, тынысын тарылтып, талмаусыратуға соқтырды. Ол қорқыныштан бойын билеп, өзін баласың деп жерлеп, батыл болуға тырысты; бірақ та оның барлық ерік-жігеріне қарамастан, ол сыз аңқыған, сасық иісі шыққан залға кірісімен, оның ағзасы өзіне қарсы көтеріліске шықты, жеркеніш пен қорқыныш сезімі оның бүкіл жан дүниесін жаулап алды.
Тақталардың соңғы қатарында суға кеткен ешкім кездеспесе, оның тынысы кеңіп, жеркеніш сезімі жанын онша қинаған жоқ. Ол кезде ол бір нәрсені таңсық көрген кәдімгі тоғышарға айналды; біртүрлі ызалы да қызықты кейіпке енген қасақана жасалған өлімнің бетіне тура қарап, содан жаны жай тапқандай күйге енді. Бұл көрініс, әсіресе, омырауы ашық әйел мәйіті кездескенде еселене түсті. Кейбір жерлері кесіліп, жарылып, қанға боялып, ұятсыздықпен көрмеге қойылған жалаңаштық оны соншалықты ынтықтырып, назарын аударды. Бір күні ол тасқа сүйеніп, бір сәт мызғып кеткен кісі секілді жай халықтың арасынан шыққан қол-аяғы балғадай жиырма жастардағы толық әйелді көрді; оның сүйкімді ренктермен құбылған тығыршықтай жас денесі ағараңдап көрінеді; миығынан күліп, басын аздап қана төмен түсірген, омырауы кісі қызығарлықтай тырсиып тұр; мойнын қара түсті алқамен көмкерген қара жолақ болмаса, оны еркекті есінен тандыратын кейіптегі куртизанка екен деп ойлап қалуға болады. Лоран оны әлдебір жасқаншақ құмарлыққа беріліп, барлық жағынан ұзақ қарады.
Күнде таңертеңгілік осында келген сайын ол арт жағынан үздіксіз келіп-кетіп жатқан адамдардың аяқ дыбысын сезеді.
Мәйітхана — кез келген кедей адам келіп көре алатын көрме, бай да, кедей де көк тиын төлемей-ақ қызыққа бататын ойын-сауық сияқты. Есік ашық тұр ма кел де, көре бер. Бір жаққа шаруасымен бара жатқан кейбір әуесқойлар осы бір өлім көрмесін көріп кету үшін ғана мұнда ат басын бұрады. Тақталар бос тұрса, олар құдды бірдеңесінен айырылғандай, тісінің арасынан әлденелерді айтып, кейіп шығады. Тақталар толып, адам етінің көрмесі кенерінен асып тұрса, келушілер ығы-жығы болып, арзан қобалжу мен қорқыныштан ләззат алады; әзілдеседі, ымдасады, театрдағыдай қол соғып, таңдай қағысады; бүгін бір қызық болды деп ырза көңілмен шығады.
Лоран жергілікті қыдырмалармен риза болмаса осы арада-ақ кейіп, кіжінуге әбден үйренген әр түрлі бейбақтармен тез танысып алды. Мұнда жұмысқа бара жатып, қолына нан ұстап, қолтығына құрал-сайманын қыстырған зауыт жұмысшысы бас сұғады; өлім олар үшін көруге тұратын бірдеңе сияқты. Олардың арасында кез келген өлікті әзілге айналдырып, ат қойып, көрерменнің айызын қандыратын фабрика қужақтары да ұшырасады; өрт кезінде күйіп өлгендерді олар күйелеш дейді; асылып, пышақталып, суға кетіп, бірдеңеге басылып, атылып өлгендер олардың шабытына дем беріп, қужактар бір жасап қалады. Ұсақ өсімқорлар, қолдары бостықтан іші пысқан, бос сенделіп жүрген жүдеубас қарттар да келеді; осы бір ешкімге жазығы жоқ, момақан жандар мәйіттерге аңқау таңданыспен қарағанда, олардың бет — пішіндері неше түрлі құбылады. Әйелдер де аз емес; жүздері албыраған, үстіне ақ кеудеше, таза белдемше киген жұмысшы әйелдер келсе, олар әмбебап дүкен көрмесінің алдында тұрғандай, көздерін барынша ашып, әйнек қабырғаның бойымен ақырын қозғалады; мұнда шаштары ұйқы-тұйқы, қарадай сасқалақтаған, қара халықтан шыққан салпы етек әйелдер де, сондай-ақ жібек көйлектерінің етектерін сүйрете басқан, әсем киінген әйелдер де болады.
Бір жолы Лоран мынадай әйелді көрді, — ол терезеден бірнеше қадам жерде тоқтап, мұрнын бәтес орамалмен басып тұрды. Оның үстінде әдемі сұр жібектен тігілген белдемшесі мен қара шілтерден жасалған кең жамылғысы бар; бетін пердемен жапқан; жұқа қолғап киген қолдары өте нәзік әрі шағын. Оның айналасына шегіргүлдің жұмсақ иісі тарап тұрды. Ол мәйітке қарап тұрды. Оның көз алдында бірнеше қадам жердегі тақта үстінде алып құрылысшы жігіттің денесі жатты; биіктен құлап өліпті; жігіттің кеудесі аяққаптай, бұлшық еттері шытынап, сыртқа теуіп тұр; дембелше денесі аппақ; ажал оны мәрмәрға айналдырған тәрізді. Әйел өзінің алдында жайылып жатқан жас жігітті көз қарасымен әрлі-берлі аударып-төңкеріп, безбендей, пайымдай қарап тұр. Содан соң ол бетіндегі пердесін сәл көтеріп, мәйітке тағы бір рет қарады да, шығып кетті.
Кейде мұнда он екі-он бес жасар балалардың тобыры да жүреді; олар әйнек қабырғаның бойымен шұбырып, әйелдердің мәйітінің алдында ғана кідіріп, тоқтайды. Олар қолдарымен әйнекке сүйеніп, әйелдердің жалаңаш омырауларына сұқтана қарайды. Олар бірін — бірі шынтағымен түртіп, дөрекі ескертулер жасайды; олар осылайша жамандыққа өлім мектебінде үйренді. Жасөспірім бұзақылар өздерінің алғашқы ашыналарымен алдымен осы жерде табысады.
Мәйітханаға бір апта барғаннан кейін Лоранның жүрегі шайлықты. Түні бойы бастырылығып, таңертең көрген өліктер түсінен шықпай қойды. Күн сайын өз бойындағы жеркеніш сезімін тұншықтырудан шаршағаны сондай, енді ол мәйітханаға бір-екі рет қана барып, содан кейін оны мүлдем тоқтатуға бекінді. Ертеңіне залға кіргені сол еді, кеудесін солқ еткізген қатты бір бұлқынысты байқады: тақталардың бірінен Камилл оған қарап тұр екен; ол басын сәл көтеріп, көздері жартылай ашық, оның дәл қарсы алдында шалқасынан жатыр екен.
Құныкер өзін белгісіз бір күш итермелегендей, ақырын ғана әйнекке жақындап келді; ол өз құрбандығынан көзін ала алмады. Ол онша қиналған жоқ; ол тек іші-бауырының мұздап, тұла бойының сәл ғана түршіккенін сезді. Ол бұдан да зорын күтіп еді. Ол бес минуттан астам ессіз-түссіз қозғалмастан тұрды да, осы суреттің барлық сұмдық көрінісін, барлық лас бояуларын еркінен тыс жадына тоқи берді.
Камилл өте жеркенішті еді. Ол екі апта бойы суда жатты. Оның беті томпақтау және тығыздау көрінді; өзіне тән белгілері сақталған секілді, тек терісі ғана сарғайып, күс басқан сыңайлы. Сүйектері шодырайып білініп, ісіңкіреген басы сәл салбырай түскен. Жүдеу жүзі бір түрлі тыжырайып қалған; шашы самайына жабысып, қабақтары жиырылып, айналып кеткен көзінің ағын жаба алмай тұр; еріндері әлдебір зілді кекесінмен қисая жымқырылған; тістерінің арасындағы ақ жолақтардан қарайып кеткен тілінің ұшы көрінеді. Байқап қарасаң, басын ұрған да, соққан да сияқты, бірақ ол әйтеуір адамдық бейнесінен айырылмағандай, ең бастысы шексіз азап пен қорқыныш табын сақтап қалған. Есесіне мәйіт бүлінген дененің үймесіне айналып, қатты бұзылған. Қолдары әні-міні жырылып түскелі тұр; бұғаналары иығының терісін тесіп шыққан. Көгеріп кеткен кеудесінде қабырғалары қара жолақтанып білініп тұр; сол жақ бүйірі жарылған, жарасы қанталап, қарақошқыл тартқан тері жұлықтарының ар жағынан үңірейіп көрінеді. Дене іріп-шіріген. Аяқтары серейіп қатып қалған; олар сырт көзге мықты сияқты, бірақ жүрек айнитын дақтардан көрінбейді. Табаны түсіп кеткен.
Лоран Камиллге үңіле қарады. Ол суға кеткен адамның мұндай сұмдық суретін өмірінде бірінші рет көріп тұр. Осының бәріне қоса өлік бір түрлі құнтиған шолақ; ол ілініп — салынған, жарымжан адам болғанға ұқсайды; іріп-шірудің салдарынан ол шөкімдей бірдеңеге айналған. Алдындағы кісінің шешесі берген қайнатпалардан әбден қатып, семіп қалған аурушаң, әлжуаз, ұсақ шенеунік екенін әркім-ақ тұспалдар еді. Ғұмыры көрпеге қымтанып өскен байғұс дене енді міне, мұздай тақтаның үстінде жаурап жатыр.
Лоран өзінің ақылы мен күшін бірдей тұсаулаған құмарлықты әзер дегенде жеңіп, мәйітханадан шықты да, жағалауды бойлай қатты адымдап жүріп кетті. Аяғын басқан сайын: "Міне, мен одан не істедім. Қандай жиіркенішті еді!" деп қайталай берді. Бұзылған өлік иісі әлі де оның мұрнына келетін секілді.
Ол Мишо қарияға барып, мәйітханадан Камиллді көріп, танығанын айтты. Істің ресми жағының бәрі орындалды, мәйіт жерленіп, тиісті акті жасалды.
Лоран енді өз-өзіне келіп, өзінің ауыр қылмысы туралы және кісі өлтіргеннен кейінгі қиналған сәттерін тезірек ұмытқысы келіп, құлшына түсті.
XIV
Пон-Неф пассажындағы дүкенде үш күн сауда істелген жоқ. Ал қайтадан ашылғаннан кейін ол бұрынғыдан да қараңғы әрі сызды болып көрінді. Тауарлар шаң басып, сарғайып, осы үйдің басына түскен қайғыдан қара жамылғандай еді; олар кір басқан әйнектердің ар жағында қалай болса солай шашылып жатыр. Тот басқан сымға ілінген қағаз қалпақтардың арғы жағынан тағы да Терезаның жүзі көрінді, бірақ ол бұрынғыдан да жүдеу, тұнжыр тартып, әрі кесіп алса қан шықпайтындай, саз беттене түскен.
Көңіл айтып келген пассаждың сыпсындаған әйелдерінде шек болған жоқ. Жалған асыл заттармен сауда жасайтын әйел өз тұтынушыларының бәріне қайғылы болса да көруге тұратын алданыш ретінде жастай жесір қалған әйелдің арып-ашқан жүзін көрсетіп қалуға асық.
Ракен ханым мен Тереза бір-бірімен тілге келмек түгілі, жүз көріспей үш күн жатты. Қартайған сатушы әйел жастыққа арқасын сүйеп, мағынасыз алысқа қарап, төсегінде отырды да қойды. Ұлының өлімі оны төбеден жай түскендей есеңгіретіп кетті. Ол қайдағы бір құрдымға батқандай, ештеңеге алаңы жоқ адамдай сүлесоқ күйде тапжылмастан сағаттап отырды; содан соң аяқ астынан ұстамасы ұстап, еңіреп жылады, беталды айқайлап, әлденелерді сандырақтады. Тереза көрші бөлмеде ұйықтап жатқан сыңай байқатты; ол қабырғаға қарап жатып, көзі — басын көрпемен қымтап алды; ол сол серейіп жатқан күйінде жатты да қойды, өзінің жан күйзелісін бірде-бір қозғалыспен немесе небір күрсініспен білдірген емес. Бәлкім ол өзі жатқан қуыстың қараңғылығында мазасын алған ойларын басқалардың жасырғысы келетін болар. Әйелдердің екеуіне де Сюзанна қызмет істеп жүр; ол аяғының ұшымен басып, екеуіне кезек қатынап, бәйек болуда; бірақ ол қанша талпынса да, Терезаның бетін өзіне аудара алмады, жас әйел шыдамсыздық танытып, қолын сермеп, мұның бетін қайтарып тастады; Ракен ханымды да жұбата алмады, байғұс әйел өзін құсадан айықтыруға шақырған дауыс естілсе болды, жылай бастайды.
Үшінші күні Тереза көрпесін ысырып тастап, бар күшін жиып, төсегіне отырды. Ол шашын қайырып, екі самайын қолдарымен қысып, көзін бір нүктеден алмай, бір нәрсе ойлаған адамдай бір сәт үнсіз қалды. Содан соң кілемге секіріп түсті. Аяқ-қолдары дірілдеп, күйіп-жанып барады; денесін үлкен-үлкен ақтаңдақтар басып, кей жерлерінің терісі, құдды оның астында бұлшық ет болмағандай, бүрісіп қалыпты. Ол қартайып кетіп еді.
Сюзанна оған дәл осы сәтте кірген еді, оның аяғын басып тұрғанын көріп, таң-тамаша қалды; ол жаны ашыған кейіппен Терезаның кішкене төсекке жатып, демалуын өтінді; Тереза оны тыңдаған жоқ; өзінің іш киімдерін тауып алып, дірілдеп-қалшылдап, асығыс киіне бастады. Киініп болғаннан кейін айнаның алдына барып, көзінің алдын сүртті, бірнеше рет бетін сипап көрді. Содан соң ештеңе айтпастан, ас үй арқылы өтіп, Ракен ханымның бөлмесіне кірді.
Қартаң сатушы бұл кезде ессіз-түссіз тыныштық жағдайында отырған. Тереза кіріп келгенде ол басын кілт көтеріп, одан көзін алмай, қатып қалды. Еңсесі түсіп, сөйлеуден қалған Тереза әпкесінің жанына келіп отырды. Әйелдер бірнеше секунд бірін-бірі бажайлап қарап, біраз отырды; немере сіңлісі бір нәрсеге қатты алаңдаған қалып танытса, әпкесі ештеңені есіне түсіре алмай, қиналып отыр. Ақыры жады орнына түскен Ракен ханым қалтыраған қолдарын созып, Терезаны мойнынан құшақтап:
— Байғұс балам, байғұс Камиллім менің! — деп боздап қоя берді.
Ол ағыл-тегіл жылады; оның көз жасы дымданбаған көздерін ақжайманың шетімен сүрткен болып отырған немере сіңлісінің алаулап жанып тұрған мойнына түсіп, түскен күйі кеуіп жатыр. Тереза еңкейіп, қарт анасы әбден жылап, өксігін бассын деп күтіп отыр. Қылмыстың басынан бастап ол осы кездесуден қорқып еді; ол осы минуттарды әдейі кейінге қалдыру үшін, өзінің ойнауына тура келетін сұмдық релді мықтап ойластыру үшін төсегінен тұрмай, жатып алып еді.
Ракен ханым аздап өзді — өзіне келген кезде Тереза оның қасында күбіжіктеп біраз отырды да, әпкесінің тұрып, дүкенге баруын өтінді. Қартаң сатушы баяғы бала кезіне қайта оралғандай. Нсмере сіңлісінің ойда жоқта пайда болуы оның жады мен айналада болып жатқан оқиғалар мен адамдарды танып-біліп, қабылдау қабілетін қайта оятып, ойын сергітіп жіберді. Ол көрсеткен қамқорлығы үшін Сюзаннаға рахметін айтып, даусы әлі әлсіз болса да, ақылмен сөйлей бастады; сонда да кейбір сәтте көмейіне кептеліп қалған өксіктің, айықпас мұңның құшағында қала берді. Терезаның бөлмеде әрлі-берлі жүргенін көріп, ол тағы да көз жасына ерік берді; ол оны өзіне шақырып алып, құшағына қысып еңіреп отырып, енді оның бұл дүниеде одан басқа ешкімінің қалмағанын айтты.
Кешке қарай ол тұрып, бірдеңе қаузауға уәде берді. Тереза осы кезде ғана әпкесінің басына түскен өте ауыр жағдайды түсінгендей болды. Сорлы кемпірдің аяғы бастырмай қалыпты. Ac үйге жету үшін таяққа сүйенуіне тура келді; оған бөлменің қабырғалары теңселіп тұрғандай көрінді.
Сонда да ол ертеңіне дүкенді ашуды талап етті. Ол үйде жалғыз қалсам, ақылымнан алжасармын деп қорықты. Ол әр басқышқа екі аяғымен басып тоқтап, төменге зорға түсті де, үйреншікті орнына келіп отырды. Сол күннен бастап ол айықпас мұңға батып, орнында қозғалмай отыратын болды.
Ал оның қасынан қарыс жер ұзамаған Тереза арманға беріліп, үмітін алдан күтті. Дүкенде бұрынғыдай әлі тыныштық орнады.
XV
Лоран оларға екі-үш күн сайын кешкілік бір соғып тұрды. Ол дүкенде отырып, Ракен ханыммен жарты сағаттай әңгіме-дүкен құрды. Содан соң Терезаға көзінің қырын да салмастан жөніне кетті. Қартаң сатушы оны немере сіңлісін ажалдан құтқарып қалған, оның ұлының аман қалуы үшін қолынан келгенінің бәрін істеген отбасының айнымас досы деп санады. Ол оны қашанда еркелете қарсы алды.
Бір күні кешке, дүкенде Лоран отырған кезде, мұнда Мишо қарт пен Гриве бас сұқты. Сағат сегізді соқты. Шенеунік пен бұрынғы полиция қызметкері алдын ала келіспей-ақ өткен күндерді естеріне түсіргісі келіп, екеуін де дәм айдағандай болып, бастары қосылып қалған екен. Олардың артынан Оливье мен Сюзанна да келіп жетті.
Барлығы бірге ас үйге көтерілді. Қонақ келеді деп ойламаған Ракен ханым шам жағып, шай беруге асықты. Бәрі де үстелге отырып, әрқайсысының алдына шыныаяқ қойылған кезде, жәшіктен домино алынған кезде байғұс ананың есіне қай-қайдағы түсіп, аңырап қоя берді; Үстел басында бір орын, оның ұлының орны үңірейіп тұр екен.
Дәрменсіздіктен туған бұл жағдай аздап келгендердің көңілін суытқандай болды. Жаңа ғана бұлардың жүзінде өзімсінген жайбарақаттық бар сияқты еді, енді олардың жүректерінде Камиллге деген ешқандай сезім қалмағандай, бір түрлі ыңғайсызданып қалды.
— Қымбаттым, сізге сонша күйзеле беруге болмайды, — деді Мишо қарт шыдамсызданып. — Сырқаттанып қалуыңыз мүмкін.
— Ертең бәріміз де сонда барамыз, — деп қостады оны Гриве.
— Жылағанмен, балаңыз қайтып келмейді, — деді Оливье.
— Қамықпаңыз, өтінем сізден, — деді Сюзанна қиылып.
Бірақ Ракен ханым көз жасына ие бола алмай, бұрынғыдан да өкси түсті.
— Қойыңыз, қойыңыз, — деді Мишо ақсақал тағы да. — Өзіңізге өзіңіз ие болыңыз. Біз мұнда сіздің аз да болса көңіліңізді аулау үшін келдік қой. Уайымды қойып, ұмытуға тырысайық... Ұтысты екі судан қоямыз. Келістік пе?
Ракен ханым барлық күш-жігерін жиып, өксуін тоқтатты. Бәлкім ол өз қонақтарының риясыз көңіліне қараған болар. Ол көзінің жасын сүрткенмен, біразға дейін өксігін баса алмай отырды. Домино сүйектері оның әлсіреген қолдарында қалт-құлт етіп, көз жасы кірпіктеріне орала берді.
Ойын басталды.
Лоран мен Тереза бұл сыннан да сүрінбей өтті. Жас жігіт бейсенбілік кештердің қалпына келгеніне қуанышты еді... Ол мұндай кештердің ойлаған жоспарын іске асыруға пайдасы тиетінін түсініп, оны бар пейілімен қалады. Оның үстіне, неге екенін өзі де білмейді, өзіне бұрыннан таныс осы кісілердің ортасында ол өзін еркін сезінді; олардың арасында ол Терезаның көзіне тура қарай алатын еді.
Үстіне қара киім киген осынау жүдеу де ойлы жүзді жас әйелдің сұлулығын ол енді өзі бұрын танып, білмеген мүлдем басқа қырынан көріп отыр. Онымен әлдеқалай көз түйістіргені, оның өзіне ұзақ та қадала қарағаны оның жанын баурап барады. Тереза жанымен де, тәнімен де сонікі еді.
XVI
Бір жылдан асты. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бастапқы салмағы азайғандай; әр күн өзімен бірге барған сайын тыныштығын, немқұрайдылығын ала келді; өмір біртіндеп өзінің үйреншікті арнасына түсе бастады, әдеттегі үлкен дауыл алдындағы бір сарынды қалпына ауысты. Алғашқы кездері Лоран мен Тереза өздерін мүлдем өзгертіп жіберген жаңа өмір салтына еріксіз бағынды; олардың өмірінде егер оның барлық сатыларын сипаттау қажет болса, барынша ұқыптылықпен зерттеліп, талдануға тиісті терең мәнді құбылыстар жүріп жатты.
Көп ұзамай Лоран дүкенге бұрынғыдай күнде кешкілік келетінді шығарды. Бірақ ол мұнда күнде ас ішіп, кеш бой алданбайтын болды. Ол сағат тоғыз жарымда келіп, дүкен жабылғаннан кейін кетіп жүрді. Әйелдерге көмектесіп, әлдебір борышын өтегендей болды. Егер ол мойнына алған міндеттерін әлдебір себептермен орындай алмай қалса, ертеңіне олардың алдында құлдық ұрып, кешірім сұрады. Бейсенбі күндері ол Ракен ханымға пеш жағуға, сөйтіп қонақтарды қарсы алуға көмектесті. Ол биязы мінезімен, тыңғылықты ісімен қартаң әйелдің әбден көңілінен шықты.
Тереза оның өзінің жанынан шықпай, әбігерленіп жүргенін байқаса да, байқамаған болды. Ол жүзіндегі жүдеуліктен біртіндеп айығып, толыса бастады, бұрынғыдай емес, жұртпен жиірек араласып, жүзіне күлкі үйірілетін болды. Тек анда-санда жүйке тамырлары тартқанда, миығында қайғы мен қорқыныш ізі қатар көрінетін екі терең қатпар пайда болатынды шығарды.
Көңілдестер енді оңаша кездесуге сылтау іздемейтін болды. Олар бір-біріне ешқашан кездесу белгілеп, ешқашан ұрланып сүйіскен емес. Жасаған қылмыстары олардың ыстық сезімдерін уақытша болса да ауыздықтаған еді; Камиллдің көзін жою арқылы олар өздерінің көзсіз ындынының құрдымында бұрын ешқашан тежей алмаған тойымсыз нәпсілерінің құмарын қандырғандай еді. Олар үшін қылмыс жасау құшырды қандыратын рақаттай көрінді, кез келген жақсы көру, аймалау сезімі онымен салыстырғанда тіпті де тартымсыз, қажетсіз болып қалды.
Енді оларға өздерін қылмысқа итермелеген арман мен махаббат жолына біржола беріліп, бірге өмір сүруге мүмкіндік туғандай еді. Ақылы ортая бастаған дәрменсіз Ракен ханым енді оларға кедергі бола алмайды. Бүкіл үй өздерінің иелігінде, олар қайда барам десе, сонда бара алады. Бірақ махаббат бұрынғыдай оларды қанаттандыра алмады, құмарлықтың бәрі өткен күннің еншісінде қалғандай: олар дүкенде бір-біріне қымсынбай, бұрынғыдай ындыны құрымай қарап, жай ғана әңгімелесіп отыр; бір кездегі тәнін езіп, сүйектерін уатып жіберердей алапат сезімдер, ессіз қауышулар ұмыт болғандай. Олар тіпті бір-бірімен көзбе-көз кездесіп, оңаша қалудан қашқақтайтынды шығарды; оңаша қалғанда бір-біріне не айтарын білмеді, олар өздерінің бірте-бірте салқындап бара жатқандарын білдіруден қорықты. Қол алысқан кездегі жақындасудан да ыңғайсызданатын болды.
Олардың екеуі де неден қорқатындарын, оңаша жүзбе-жүз қалғанда бір-біріне неліктен селқос екендіктерін түсінеміз деп ойлады. Олар мұны сақтықтан болар деп топшылады. Олардың ойынша мұндай орнықтылық, мұншалықты өзін-өзі тежеу, тартыну өздерінің дақ түспеген ақыл-парасатының жемісі болуы тиісті. Олар осынау тән салқындығын, сезім қалғуын өздерінің ұйғаруымен болған жай деп түсінді. Екінші жағынан алғанда, олардың басындағы жек көрушілік пен ыңғайсыздық сезімдерін олар санадағы қорқыныштың қалдығы, жазадан қорқу сезімі деп білді. Кейде олар өз бойындағы үміт отын әдейі жағып, бұрынғы өзегін өртеген армандарын қайта оятуға тырысты, сонда да олар өздерінің қиял дүниесінің мүлдем босап қалғанына таңғала отырып көздері жетті. Тіпті болмағасын олар алдағы некелесу туралы ойға тұсалды; мақсатқа жеткеннен кейін, соңғы қатерлерден құтылған соң, бір-біріне бүтіндей беріліп, олар құмарлық құшағына қайта батамыз, көптен күткен рақат теңізіне шомыламыз деп ойлады. Осы үміт оларды тыныштандырып, олардың жан дүниесінде пайда болған құлама құздың басында ұстап тұрды. Олар бір-бірін әлі де бұрынғыдай сүйеміз деп өздерін-өздері сендірді; олар өздерін мәңгіге қосып, шексіз бақыт әкелетін сағатты күтті.
Тереза бұрын ешқашан мұншалықты алаңсыз, байсалды болған емес. Ол анық жақсара түсті. Оның қатал мінезі жұмсарды.
Түн баласы өз төсегінде жатып, ол өзін бақытты сезінді; ол қасында денесін тітіркендірген және сонымен бірге қанбас құмарлығын оятқан жүдеу де дәрменсіз Камиллдің жоқтығына қуанды.
Ол өзін мүлгіген тыныштық пен қызыл іңірде ақ төсекте алаңсыз ұйықтап жатқан кішкене бейкүнә қыз сезінді. Аздап салқындау, қараңғылау болса да кең, еңсесі биік, монастырь иісі бар бөлмесі өзіне қатты ұнайды. Ақыр аяғында оған тіпті терезенің алдында кекке өрлей біткен биік қара қабырға да біртүрлі сүйкімді болып көрінді; бүкіл жаз бойы, кештен кеш сайын ол қабырғадағы сұр тастарға, құбырлар мен шатырдың сұлбаларына қарап, кесілген кішкентай ғана жұлдызды аспан жолағына сағаттап қарайды. Ол Лоран туралы жаман түс көріп, ұйқысынан шошып оянғанда ғана ойлады; ол көздері шарасынан шыға, тұла бойы дірілдей төсегінде отырып, іш көйлегіне тығыла түседі; өзін егер жанымда еркек адам жатса, мұндай қорқыныш сезімін бастан кешірмес едім деп сендіреді. Ол өзінің көңілдесін көз алдына ылғи да өзіне абай болып, қорғап жүретін төбет ретінде елестетті; бірақ оның салқын тартқан, ұйқыдағы тәнінде титтей де құмарлық сезімі оянған жоқ.
Енді ол күндіз дүкенде отырып, оның сыртында не болып жатқанын білуге құмартатын болды; ол бұрынғыдай өзімен-өзі болып, ішінен тынуды, бір нәрсеге зығырданы қайнап, наразы болуды қойды, біреумен алысу, өш алу туралы ойламайтын болды. Ол енді армандаудан қалды, оның бойында әрекет ету, көру қажеттілігі пайда болды. Ол енді ертеден кешке дейін пассажда көрінген адамдарды бақылай бастады; ол олардың ерсілі-қарсылы сабылып, шулап жүргендерін қызық көреді. Ол аңғарымпаз, сөзуар бола бастады, бұған дейін оның бар қылығы еркекке жарасымды болып келсе, енді ол әйелге айнала бастады.
Айналасын бақылай бастағаннан бері оның бұларға көрші орналасқан жиһазды бөлмелердің бірінде тұратын және дүкеннің жанынан күніне бірнеше рет өтетін студент жігітке көзі түсті. Ол сұлуша келген ашаң жүзді, ақындарша шашын өсіріп жіберіп, офицерлерше мұрт қойған келісті жігіт еді. Терезаға ол басқалардан ерекше жан болып көрінді. Ол оған толық бір апта бойы мектеп оқушысындай ғашық болды. Ол романдарды бірінен соң бірін оқып, жас жігітті Лоранмен салыстырды, салыстыра келе соңғысы өте ебедейсіз, дөрекі деген шешімге келді. Кітап оқу оның алдына ол бұрын көрмеген көкжиектерді көлденең тартты; бұған дейін ол тек тәнімен, жүйкесімен ғана сүйіп келген екен, енді қиялы арқылы сүйетін болды. Бір өкініштісі, студент бір-ақ күнде көзден ғайып болды, бәлкім басқа пәтерге ауысқан болар. Бірнеше сағат өткеннен кейін Тереза оны ойынан шығарып та үлгірді.
Ол кітапханаға жазылып, өзі оқыған романдардың кейіпкерлерімен бірге күй кешті. Ойламаған жерден пайда болған осындай оқуға деген құштарлық оның мінез-құлқына қатты әсер етті. Оның бойында сезімталдықтың ұшталғандығы соншалық, ол кейде ешбір себепсіз күлетінді, жылайтынды шығарды. Қалыптас астаған жан тыныштығы тағы да бұзылды. Ол енді қайдағы бір бұлыңғыр арман жетегіне еретін болды. Кейде Камилл туралы ойласа, ішкі әлемі астан-кестен болатынды шығарды; ол кезде Лоран туралы ойлай бастаса, көңілінде жаңа тілектермен бірге қорқыныш сезімі мен сенімсіздік ояна бастады. Сөйтіп ол қайтадан бұрынғы торығу мен күдер үзу қалпына түсті; ол біресе дереу көңілдес жігітіне қалайша тұрмысқа шығуды ойласа, біресе оны енді қайтып көрмес үшін одан қалай қашып құтылудың амалын ойластырды. Асыл мақсат пен адамгершілік, ар-ұят туралы жазылған романдар оның сезім — түйсігі мен ерік-жігерінің арасында қарама-қайшылық туғызды. Ол бәрібір Сенамен жекпе-жекке шығуды аңсайтын және ойнас десе ындыны тоймайтын баяғы бас білмейтін хайуан қалпында қала берді; бірақ ол енді мейірбандық пен момындықтың не екенін пайымдай бастады, Оливьенің әйелінің бетінің неге әрсіз екенін, неге өлімсіреп тұрғанын түсінді; ол күйеуін өлтірмей-ақ бақытты болуға болатынын білді. Мұндай кезде ол өзін-өзі түсінуден қалып, не істерін білмей, дал болды.
Лоран да тыныштық пен алаңдаушылықтың неше түрлі жағдайын бастан кешірді. Әуелі ол иығынан ауыр жүкті түсіргендей қанағат сезіміне бөленді. Кей кезде өзіне-өзі сенбей, жаман түс көргендей сезініп жүрді; ол мынаған сенер — сенбесін білмеді: шынымен Камиллді суға батырып өлтірді ме, оның өлігін мәйітхананың тас тақтасынан көргені рас па? Жасаған қылмысы есіне түссе, ол еріксіз таңғалды; ол өзін еш уақытта кісі өлтіруге қабілеттімін деп ойлаған емес; ал өзі қылмысының ашылуы, басының шабылуы мүмкін екенін еске алғанда, оның іште бұғып жатқан барлық сақтығы мен қорқынышы бас көтергенде, шып-шып етіп маңдайына мұздай тер шықты. Ол мойнына төнген шаппаның ызғарын сезді. Қимылдау керек болғанда ол алған бағытынан таймай, ойланып-толғанып жатпай, мал құсап тоңмойындана, қыңырая тартты. Енді ол артына бұрылып қарағанда, өзі қалай өткенін білмейтін құлама жартасты көріп, зәресі ұшып, үрейден басы айналды.
"Мен алжасқан екенмін, — деп ойлады ол, — өзінің отты құшағымен бұл әйел менің әбден басымды қатырып, дуалап алған екен. О, құдайтағала! Не деген жарымес, неткен ақымақ едім! Шаппаның астына түсуге итермелеген кім мені?.. Әйтеуір, бәрі сәтімен аяқталды. Егер де бәрі қайтадан басталса, маңына жоламас едім!"
Лоранның дәрмені құрыды, ол босбелбеу, қорқақ, көлеңкесінен үркетін күдікшіл біреуге айналды. Толысып, шөге бастады. Егер біреу-міреу оның не сүйектері білінбейтін, не бұлшық еті көрінбейтін май басқан алып денесіне көз салса, одан қатыгездік пен қанішерлік шығады деп ойламас еді.
Лоран өзінің бұрынғы қалпына түсті. Бірнеше ай бойы ол өзінің міндеттерін көрінеу топастықпен атқарған үлгілі шенеунік болды. Кешкілік Сен — Виктор көшесіндегі кухмистерлік асханада тамақтанды, ол нанды ұсақтап турап, ұзақ шайнады, қолынан келгенше қонағасысын асықпай ішіп, ұзағырақ отыруға тырысты, содан соң қабырғаға арқасын сүйеп, шалқайып отырып трубкасын тартты. Оның осы отырысын көрген әркім-ақ: қандай мейірбан адам дер еді. Күндіз ол ештеңе де ойламай, түнде түс көрмесе де, ұйқысы сондай ауыр. Ол дөңгелек семіз бетінен қан тамып тұрған, қарпы тоқ, басында ештеңе жоқ бақытты адам еді.
Оның тәні семіп қалғандай, Тереза туралы ойлауды да қойды. Ал егер ойласа, әйтеуір түбінде бір үйленуге тура келетін әйел ретінде ғана ойлайтын. Ол бұл күнді, әйелдің өзі туралы ойлауды ұмытып, ол кезде өз жағдайының қалай өзгеретінін ойлаумен ғана төзімділікпен күтті. Ол қызметтен кетіп, әуесқой суретші ретінде өнермен шұғылданады, көп қыдыратын болады. Осы ойлар оны күнде кешкілік пассажға алып келеді, бірақ дүкенге кірер кезде түсініп болмас біртүрлі ыңғайсыздықты сезеді.
Бірде, жексенбі күні, ол айналысатын ештеңе болмай іші пысқан соң, мектепте бірге оқыған ескі досына, сол баяғы өзімен бірге тұрған жас суретшіге барды. Суретші Салонға қоюға арнап жазып жатқан картинасымен жұмыс істеп жатыр екен; онда белгісіз бір матаның үстінде жайылып жатқан вакханка бейнеленген. Шеберхананың түкпірінде натурашы әйел жатыр; оның басы шалқайған, денесі шиыршық атып тұр, бөксесі көтеріңкі. Ол кейде әлденеге күледі, демалғысы келе ме, кеудесін керіп, қолдарын жазып керіледі. Лоран оған қарама-қарсы орналасты да, темекісін тартып, досымен әңгімелесе отырып, қарай бастады. Осы көріністен оның қаны басына шауып, жүйке тамырлары қозды. Ол кешке дейін отырып, ақыры әйелді өзімен бірге алып кетті. Бір жылға жуық оның ашынасы болды. Ақыры байғұс қыз оған ғашық болып қалды, Лоран оған сымбатты жігіт болып көрінді. Ол таңертең кеткеннен күні бойы көріністе болды, ал кешкілік белгілі бір уақытта оралып жүрді; ол тапқан табысына өзін-өзі асырады, ас ішті, киінді; Лоран оған көк тиын да жұмсаған жоқ, оның қайда барып, не істеп жүргенінде оның жұмысы болған емес. Бұл әйел оның өмірін бұрынғыдан да жақсарта түсті; ол оған өзінің тәніне тыныштық пен саулық әкелетін пайдалы да қажетті зат ретінде қарады; ол оны сүйе ме, жоқ па, ол туралы ойлаған емес; оның басына Терезаның көзіне шөп салдым деген ой да келген жоқ. Ол рақат күй кешті, өзін бақытты сезінді. Бар болғаны осы.
Осының арасында аза тұту мерзімі аяқталды. Тереза ашық түсті киімдерін кие бастады. Бір күні кешке Лоран оның жасарып, сұлулана түскенін байқады. Бірақ та ол бар жерде өзін әлі де ыңғайсыз сезінетінін білді; соңғы уақытта ол сол нәрсеге қабақ шытатын, қайдағы жоқты талап ететін, орынсыз күліп, мұңаятын сияқты көрінеді. Ол оның бойындағы батылсыздықтан секем алды, өйткені оның жан дүниесінде болып жатқан өзгерістерді іштей сезетін. Ол енді өзінің тыныштығын ойлап, қобалжи бастады; себебі ол қазір өз қажеттіліктерін үнсіз, ақылмен қанағаттандырып, жайлы тұрып жатыр еді; сондықтан ол бір кезде оған деген құштарлығы есінен тандыра жаздаған күйгелек әйелмен байланысу күнделікті қалыптасқан тұрмыс ырғағын бұза ма деп қауіптенді. Қалай болғанда да ол мұның бәрін ақылға салып саралаған жоқ, Терезаға үйленгеннен кейін күнінің қалай болатынын түйсігімен сезді.
Ең бірінші оның тыныштығын бұзған нәрсе үйлену туралы ой болды. Камилл өлгеннен бері де жылдан асты. Тағы бір мезгілде Лоран тіпті үйленбеу, Терезаны қойып, өзіне натурашы қызды қалдыру туралы ойға тоқтағандай болды; бұл қыздың еш нәрсе дәметпейтін арзан махаббаты оны толық қанағаттандыратын еді. Содан кейін ол бекер кісі өлтіріппін бе деп ойлады; өзінің жасаған қылмысы, қазір өзі алдында қипақтап тұрған әйелді ешкіммен бөліспей, жеке иемденуі үшін небір сұмдыққа барғаны туралы ойлағанда, ол егер бұл әйелге үйленбесе, қылмысының өзі сол сұмдық күйінде және пайдасыз бірдеңе болып қалатынын түсінді. Біреудің әйелін алу үшін оны өлтіру, бір жыл күтіп, оған үйленбей, ақыр аяғында кез келген шеберханаға өзінің денесін жазуға ұсынатын қызбен тұруды артық санаған шешімге келу оған күлкі шақыратын ақымақтық болып көрінді. Оның үстіне ол Терезамен көрген қорқыныш, төгілген қан арқылы байланысып жатыр ғой. Ол жанының терең түкпірінде оның етене қатысын, жан дауысын сезгендей болды; ол оған басыбайлы тиесілі еді. Ол өзінің сыбайлас әйелінен тағы да қорықты: егер ол оған үйленбей қойса, қызғаныштан немесе одан өш алу мақсатында ол әйел бар шындықты әділ сот алдында жайып салса, не істемек? Осындай ойлар оның миында атой салып, ол тағы да қара терге түсті.
Дәл осы кезде натурашы қыз бір жаққа кеткен еді. Жексенбі күні де келген жоқ, — нәті бұдан да жылырақ, ыңғайлырақ орын тапқан болар. Лоран онша ренжіген жоқ. Дегенмен, ол түнемелік өзінің бір жақ бүйірін жылытып жататын әйелге үйреніп қалып еді, енді міне, оның өмірінде кенеттен бос қуыс пайда болғандай, көңілі әжептәуір қоңылтақсып қалды. Бір апта өткеннен кейін оның жүйкесі сыр берді. Ол тағы да ұзақ кештерін Ракендердің дүкенінде өткізетін болды, тағы да оның Терезаға бағытталған көздерінде ұшқын шашырай бастады. Оның өзіне қадалған көздерін аңдап, және оқыған романының өсерінен әлі айыға қоймаған жас әйел мөлиіп, сарыла күткен сыңай танытты.
Сөйтіп олар бір жыл бойғы жалығудан және немқұрайды күтуден кейін тағы да алаңдау мен аңсаудың ықтиярына берілді. Бір күні Лоран дүкенді жауып болғаннан кейін дәлізде Терезаны бір мезетке тоқтатып:
— Мен саған түнде келсем, қарсы болмайсың ба? — деді ол үздіге сыбырлап.
Жас әйел қорыққан кейіппен:
— Жо-жоқ, күте тұрайық... сақ болған жөн, — деді.
— Жарайды, мен бәрібір күтемін, — деп Лоран қарсылық білдірді. — Мен күте-күте шаршадым. Мен сені қалаймын.
Тереза оған үрке қарады; оның беті мен қолын жалын шарпып өткендей. Ол, бәлкім, қобалжып тұрған болар; содан кейін:
— Әуелі үйленейік, сонда мен сендікпін, — деді.
XVII
Лоран пассаждан жаны мен тәні дүр сілкінгендей сергек аттанды. Терезаның ыстық демі, оның келісім беруі бойында бұғып жатқан сезімдерін қайта оятты. Ол қалпағын қолына алып, бетін самал желге тосып, жағалауды бойлай қарыштай адымдады.
Ол өз үйінің кіреберісіне дейін барды да, жоғары көтерілуге, тағы да жалғыздық құрсауында қалуға жүрексініп, біраз кідірді. Оның бойында күтпеген жерден бір түсініксіз балалық қорқыныш пайда болды: ал оның үйшігінде мұны біреу жасырынып күтіп тұрса қайтеді? Ол бұрын бұлай ешқашан қорқып көрмеген еді. Ол тіпті мұндай тылсым қорқыныштың қайдан пайда болғанын ойлап, басын қатырып жатпады; ол шарап дүкеніне кіріп, сағат он екіні соққанша жарты сағаттай сонда отырды, — ол үлкен стакандарға құйылған шарапты бірінен соң бірін қылғытып, орнынан қозғалмастан, үнсіз отырды. Ол Тереза туралы ойлады, оның бүгін өзіне жібермегеніне ыза болды, егер ол жанымда болса, маған онша қорқынышты болмас еді деп ойлады.
Шарапхана жабылып, Лоранды сыртқа шығарып жіберді. Бірақ ол есікті қайта қағып, сіріңке сұрады. Жиһазды бөлмелердің кеңсесі екінші қабатта орналасқан болатын. Өзінің шамдалын алу үшін Лоранға ұзын дәлізбен жүріп барып, бірнеше басқыш жоғары кө — терілу керек еді. Қараңғылыққа малынған осы бір дәліз бен баспалдақ бүгін оның қатты үрейін алды. Әдетте ол қараңғыны елемей, батыл кіретін. Бірақ бүгінгі кеште ол қоңырау соғуға тіпті жүрексініп тұр; ол жертөлеге кірер жердегі қуыста кісі өлтірушілердің жасырынып тұруы, ол дәлізге кіре бергенде бұған шап беруі мүмкін деп ойлады. Ақыры ол қоңырау шалып, сіріңке тұтатты да, ішке кіруге ыңғайланды. Сіріңке сөніп қалды. Ол қашып кете алмай алқынып, тапжылмастан орнында тұрып-тұрып, дірілдеген қолдарымен дымды қабырғаға тағы да сіріңке тұтатты. Оған жақын жерден әлдебір дауыстар, сыбдырлаған бірдеңелер естілді. Оның қолындағы сіріңке талдары сынып қала берді. Ақыры біреуі тұтанды. Күкірт быжылдап, баяу жаңа бастады, соның өзіне оның дегбірі кетті; жанған күкірттің өлімсіреген көкшіл жарығында, оның тұрақсыз шашыраған сәулесінде оның көзіне әлдебір сұмдық көріністер елестеді. Содан соң сіріңке шыж етіп тұтанды да, одан лап етіп айқын жарық төгілді. Лоранның жүрегі орнына түскендей болып, ол сіріңкенің сөніп қалмауын ойлап, алға қарай ақырын жылжыды. Жертөлеге түсер жерден өткенде ол қарсы қабырғаға жабыса түсті. Бұл жерде тіпті қараңғы болатын, онан сайын зәресі ұшты. Содан соң ол өзін кеңседен бөліп тұрған бірнеше басқыштан асығыс өтті де, қолына шамдалын алды, сонда ғана барып өзінің аман екендігіне көзі жетті. Ол жоғарыға демін ішіне тартып жайлап көтерілді, сонда да өзі жанынан өтетін барлық қуыстар мен бұрыштарға жарық түссін деп, шамдалды жоғары ұстады. Қашанда қолыңа шам ұстап басқышпен көтерілгенде әрлі-берлі ербеңдей қозғалатын ғажайып ұзын көлеңкелер біресе мұның алдынан шығып, біресе ғайып болып, әбден дегбірін алды.
Жоғарыға көтерілгеннен кейін ол бөлмесіне кірді де, іштен кілттеп алуға асықты. Ең алдымен ол кереуеттің астына үңіліп, содан кейін жасырынып тұрған ешкім жоқ па екен деп бүкіл бөлмені шолып шықты. Ол төбедегі терезені де жапты, — өйткені одан да біреу-міреудің кіріп кетуі мүмкін. Осындай сақтық шараларын орындағаннан кейін ғана ол кішкене сабасына түсіп шешінді де, өзінің соншалықты қорқақтығына таңғалды. Ең соңында өзін әлі балалықтан арылмаған бозөкпе деп кінәлап, жымиып күлді. Ол өмірі ештеңеден қорқып көрмеген, енді өзінің мұндай күйге қалай түскенін білмей дал болып отыр.
Ол төсегіне жатты. Көрпенің астында жатып жылынған соң, ол тағы да Тереза туралы ойлады, ол туралы ойлар қорқынышын тықсырып шығарғандай болды. Ол көзін жұмып, ұйықтауға тырысты, бірақ та оның миы ұйықтамай қойды, ойдан ой туып, бір-бірімен жалғасып, оны тезірек үйленудің тиімді болатынына сендіріп бақты. Анда-санда аударылып түсіп, ол: "Жетер, енді ұйықтау керек; таңертең сағат сегізде тұрып, қызметке барамын" деп өзін-өзі қайрап қойды. Мызғып кетуге тырысты. Бірақ ойлары қайта тізбектеліп, тағы да пайымдау басталды; ол тағы да алаңшыл арманшылдықтың құрсауында қалды, сөйтіп қиялында қалай да үйленудің қажеттілігін дәлелдейтін ойлар мен Терезаны әйелдікке алу туралы бірде сақ, бірде қызу келтірілген әр түрлі дәлелдер мен қарсы пікірлер туындады.
Ақыры көз шырымын алудың мүмкін еместігіне, ұйқысыздық өзінің қозған жүйкесін әбден иемденіп алғанына көзі жеткен ол шалқасынан аударылып түсіп, көзін ашты да, тағы да Тереза туралы ойларға берілді. Тепе-теңдік бұзылды; оның бұрынғыдай тағы да тынышы қашып, мазасы кетті. Ол тұрып, жиналып, пассажға баруды да ойлады. Ол қақпаны ашуды сұрайды, содан соң баспалдақтағы есікті қағады да, Тереза мұны өзіне енгізіп алады. Осылай ойлаған сайын оның қаны басына шапты.
Ол осының бәрін көз алдына керемет бір дәлдікпен елестетті. Міне, ол көшеде жүріп келеді, адымын ашқан сайын бір үйден кейін бір үй бұлдырап артында қалып барады. "Бақтың ішімен жүріп, ана алаңды қиып өтейін, сонда тезірек жетемін" деп топшылайды. Міне, қақпа да сықырлап ашылды, енді ол өзі тар, өзі қара көлеңке, ешкім жоқ, бос тұрған пассажбен жүріп келеді, жалған асыл заттармен сауда жасайтын әйелдің жоқтығына, Терезаға ешкімнің көзіне түспей өтіп кететініне қуанады. Енді ол дәлізде, өзі талай рет көтерілген баспалдақтың алдында тұрғанын елестетті. Осы жерге келгенде оның бойын бұрынғыдай қуаныш кернеп, тоятын басқан құмарлық сезімдері мен күнәға батқан, тән ләззатын алған кездері есіне түсті. Естеліктердің бәрі шындыққа айналып, ол оның барлық сезімін билеп алды: ол дәліздің татымсыз иісін сезді, қолдары жабысқақ қабырғаларды қарманып, оның артынан өзінің жарбиған көлеңкесі еріп келе жатты. Ал ол алқына тың тыңдап және жаны қалаған әйелге жасқана жақындап келе жатқанынан рақат тауып, жоғарыға өрмелей берді. Ақыры ол жайлап есік қақты, есік ашылғанда ар жағынан аппақ болып киінген Тереза көрінді; ол мұны күтіп отыр екен.
Оның ойлары шынайы суретке ұласып, көз алдынан көлбеңдеп өтіп жатты. Оның көздері қараңғыға қадалып қалған, бірақ та бәрін көріп тұр. Міне, ол пассажға жетті, міне дәлізден өтіп, жоғары көтерілді. міне алдынан ай мен күндей болып Тереза шықты... Осы жерге келгенде ол төсектен атып тұрып: "Кеттім, ол мені күтіп отыр! деп сыбырлады. Оқыс қимылдан елес ғайып болды; ол жалаң аяғымен суық еденді басып, шошып кетті. Бір сәт дымын ішіне тартып, тың тыңдады. Оған шыға берістегі алаңқайдан әлдебір шу естілгендей болды. Егер ол Тсрезаға баратын болса, тағы да жертөленің жанынан өтуге тура келеді; осыны ойлағанда денесі түршігіп кетті. Оны тағы да үрей биледі, — еңсесін басқан ессіз үрей. Ол абайлап жан-жағына қараңды, үйшігінің әр жерінде сәуле сынықтары шашылып жатыр екен; ол ақырындап, абайлап, сонымен бірге қалтыраған асығыстықпен төсегіне жатып, көрпеге оранды; әлдебір суық қарудан, өзіне сілтенген пышақтан қорғанғандай тығыла түсті.
Лезде қаны басына ойнап шыға келді, мойны күйдіріп-жандырып барады. Ол оған қолын апарып, Камилл тістеген жердегі жаранын орнын сипап көрді. Ол оны ұмытқандай еді. Тыртығын көріп шошып кетті, оған жарасы оны кеміріп жеп бара жатқандай көрінді. Ол енді қайтып бұл жолақты көрмейін деп, қолын тартып ала қойды; сонда да оның мойнына сүліктей жабысып, тесіп бара жатқанын сезді. Ол жарасын аздап тырнағымен қырып көрмек еді, онысы тіпті күйдіре түсті. Өз терісін өзі сыдырып алып тастамас үшін ол қолдарын тізесінің арасына қысты. Қорыққаннан қалшиып қатып қалған оның желкесі дызылдатып күйдіріп, тістері сақ-сақ етті.
Енді оның ойлары Камиллге келіп тірелді. Ол бұған дейін оның есіне түсіп, түнемелік мазасын алмаған еді. Енді міне, Тереза туралы ойлармен бірге оның күйеуінің елесі қайта оралды. Құныкер көзін ашудан қорықты: ол қайдағы бір бұрыштан өзінің құрбандығын көруден жүрексінді. Кенет оған астындағы төсегі бір түрлі қозғалатын сияқты көрінді; ол Камилл мұны төсегінен аударып тастау үшін немесе тамағынан тістеу үшін кереуеттің астында әдейі тығылып жатыр деп ойлады. Қорқыныштан төбе шашы тік тұрған ол матрацтан мықтап ұстап алды; оған астынан итерген дүмпулер барған сайын күшейіп бара жатқандай көрінді.
Керуеттің қоғалмай тұрғанына оның біраздан соң ғана көзі жетті. Үрей билеген мезет етті. Лоран төсегіне отырып, шырақ жақты да, өзін ақымақ деп сыбап алды. Тыншиын деп бір стакан су ішті.
— Шарапханада бекер іштім... — деп ойға батты ол. — Маған не болғанын өзім де түсінбеймін. Неткен ақымақтық! Ертең кеңседе қалай отырамын?.. Жатқаннан кейін не болса соны ойламай, бірден ұйықтап қалуым керек еді. Ұйқысыздықтың бәрі содан... Қой, көз шырымын алайын.
Кішкене өзіне-өзі келгеннен кейін, енді ештеңе де ойламауға, ештеңеден қорықпауға бекінген ол шамды өшіріп, жастыққа бас қойды. Шаршағаны азайып, жүйкесі ептеп тынши бастады.
Бірақ ол әдеттегідей қатты ұйықтап кете алмады; ол баяу ғана әлденендей бұлыңғыр ұйқылы-ояу күйге бата берді. Ол бар дүниені ұмытып, әлдебір тәтті де жанға жайлы меңіреуліктің ықтиярына берілді. Өң мен түстің арасында жатып ол бәрін сезіп жатыр; оның тәні семгенімен, санасы ояу. Ол басын торлаған ойлардың бәрін қуып, өзіне-өзі ойлауға тыйым салды. Бірақ енді ғана бойындағы күші сарқылып, ерік-жігері босаңсып, көзі енді ғана іліне бергенде, тағы да бір ойлар бірінен кейін бірі ұрлана кіріп, мұның әбден шаршап, қажыған жан дүниесін тағы да иемдене бастады. Ол тағы да қиялға ерік берді. Ол тағы да өзін Терезадан алшақтатып тұрған ара қашықтықты ойша жүріп өтті: ол төменге түсіп, жертөледен жүгіріп өтті де, көшеге шықты; өзінің арманына арқау болған, бұрын талай жүрген көшелерімен тағы да жүріп өтті; ол Пон — Неф пассажына барып, баспалдақпен жоғары көтерілді де, ақырын ғана есік қақты. Бірақ Терезаның орнына, омырауы ашық іш киім киген жас әйелдің орнына есікті адам сиқы жоқ, мәйітханада көргеніндей сұмдық ұсқынсыз Камилл ашты. Өлік жексұрын күлкімен бұған қолын созды, аппақ тістерінің арасындағы саңылаудан тілінің қарайған ұшы көрінді.
Лоран шыңғырып оянды. Мұздай терге малшыныпты. Ол көрпені басына ысырып, өзіне-өзі ұрсып, балағаттады. Содан соң қалайда ұйықтау керек деп шешті.
Ол тағы да қалғып кетті, әуелгідей баяулап, біртіндеп қалғыды; оның тағы да есі кірерлі — шығарлы күйге түсті, сол қалғып — шұлғыған күйі тағы да жолға шықты; қыр соңынан қалмаған ойы қайда жетелесе, сонда барды; ол Терезамен жолығысуға жүгіріп барса, есікті бұл жолы да Камилл ашты.
Байғұс тағы да ұшып тұрып, төсегіне отырды. Ол осы бір қарғыс атқыр түстен құтылу үшін дүниедегінің бәрін беруге әзір еді. Ол осының барлығын ұмыттыратындай өліп ұйықтап қалар ма еді. Әзірге ол ұйықтаған жоқ, оның бойында өзінен құрбандығының елесін қуатындай күш әлі баратын; бірақ та ол қалай ақылынан алжаса бастаса болды, оны қорқыныш пен үрей билеп алатын болды.
Ол тағы да ұйықтауға тырысты. Бұл енді тәтті қиял мен кенеттен шошып оянудың алма-кезек ауысуына айналды. Оның неше рет көзі ілінсе, сонша рет Терезаға барып, сонша рет Камиллдің өлігіне жолықты. Ол құрығанда он рет сол көшелермен жүріп, сол үйлердің жанынан өтті; барған сайын бойында қаны тулап, сол баяғы сезімдерге батты, қаз қалпында сол әрекеттерді қайталады; ашынасын аймалап, құшағына басқысы келіп, оған кемінде он рет қол созған шығар — ау, соның бәрінде де алдынан Камилл шығып, бұған құшағын жая ұмтыла берді. Бірақ та бұл қорқыныштан зәресі ұшып, дем ала алмай, қаншама рет шошып оянса да, осы бір жексұрын көрініс бәрібір мұның тауанын шағып, ындынын тыя алмады; көзі сол ілінсе болды, бойындағы құмарлық сезімі өзін күтіп бұғып жатқан жексұрын өлікті есінен шығарып, тағы да жылы жайға, әйелдің жұмсақ денесіне жетелейді. Біресе үзіліп, біресе қайта жалғасқан өң мен түстің арасындағы өлмеші күй бір сағатқа созылды және әрбір шошып оянған сайын қорқыныш күшейе берді.
Соңғы оянғанда жанының күйзеліп, азап шеккендігі сондай, байғұс бұдан әрі қарсыласуды тоқтатып, төсектен тұрып кеткенді жөн көрді. Таң атып, төбедегі терезеден сұрғылт аспанның тұнжыраған бір пұшпағы көрінді.
Лоран іштей кейіген күйі созалаңдап ұзақ киінді. Ол бала құсап қарайғаннан қорқып, ұйықтай алмағанына өзіне-өзі қатты наразы еді. Шалбарын киіп жатып, аяқтарын созып, біраз ысқылады, ұйқысыз өткізген түннен мыж-мыж болып, салбырап қалған бетін уқалады. Содан соң өзін-өзі тағы да жазғыра бастады:
— Соның бәріне бас қатырып керегі жоқ еді. Сонда ұйқым да қанар еді, өзімді де құр аттай сезінер едім. Е, несін айтасың, кеше Тереза келіскенде ғой! Тереза екеуміз бірге жатқанда ғой...
Қасымда Тереза болғанда ештеңеден қорықпас едім деген ой оны аздап сабасына түсірді. Бірақ ішінде бұдан кейінгі түндер бүгінгіге ұқсамаса екен деген үрей бар еді.
Ол салқын сумен жуынып, шашын таранды. Осы қарапайым әдеттің өзі оның бойын сергітіп, көңілдегі қорқыныш бұлтын сейілтті. Енді оның ойы орнына түсті, тек тұла бойының ауырлап, сүйектерінін сай — сай боп қирап қалғанын сезді.
— Тегі, мен қорқақ емеспін ғой, — деді ол өзін жұбатып. — Камилліңе де түкіргенім бар... Байғұс баланы менің кереуетімнің астында тығылып жатыр деп ойлау не деген масқаралық. Бөлесінен аулақ, енді ол күнде келіп мазамды алмасын де... Тезірек үйленген жөн. Терезаның қойнында жатқанда Камилл де мазаны алуын қояр. Ол мені мойнымнан құшақтап, тамағымнан сүйеді әлі, сонда мен оның күйдіріп бара жатқанын сезбейтін боламын. Кәнеки, көрелік, жара қалай болды екен.
Ол айнаның алдына барып, мойнын созып, жарасын қарады. Тыртық сұрғылт — қызылт түсті екен. Лоран одан өз құрбандығының тістерінің ізін анық көрді; бұл оның ызасын келтіріп, әп сәтте басына қан ойнап шыға келді; осы кезде ол бір оғаш құбылысты байқады. Басқа шапқан қаннан тыртық кенет қып-қызыл боп қызарып шыға келді де, Лоранның аппақ алқымында күрең қызыл жолақ боп анық көрінді. Және сол уақытта ол алқымына біреу ине сұғып жатқандай қатты шаншуды сезді. Асығыс жағасын көтеріп алды.
— Түк те емес! Тереза мұның жынын қағып алады әлі... Бір-екі сүйсе болғаны... Ақымақ басым, мұны несіне ойлап отырмын, — деп бір қойды.
Ол қалпағын киіп, төменге түсті. Оған таза ауаға шығып сергу қажет еді. Жертөленің жанынан өтіп бара жатып ол жымиып қойды. Сонда да есіктің тиегі мықты ма екен деп тексеріп көрді. Содан соң бос тротуарға түсіп, таңғы ауаны сіміре жұтты. Сағат таңғы бес болатын.
Күн өте ауыр болды. Кеңседе, әсіресе түстен кейін, Лоранды ұйқы басып, әбден мазасы кетті. Зілдей боп ауырған басы мұның еркіне көнбей, кеудесіне құлап кете берді; басшылардың бірінің аяқ дыбысын ести сала бұл басын жұлып алады да, қайтадан қалғиды. Түні бойғы арпалыс, түні бойғы шошу оны әбден қалжыратып, соғып тастап еді.
Кешке шаршағанына қарамай, ол Терезаға соғуды жөн деп тапты. Ол оны өзі сияқты әбден әбігерге түсіп шаршаған күйінде жолықтырды.
— Байғұс бала бүгін түнде жайсыз ұйықтады, — деді Ракен ханым бұл отырған соң. — Жаман түс көрдім дейді. Түнімен көз ілмей шыққан. Оның бірнеше рет шошынып, айқайлағанын менің де құлағым шалды. Төсегінен салбырап, ауырып тұрды.
Әпкесі сөйлеп болғанша, Тереза көңілдесінен көз алмай, жіті бақылап тұрды. Әрқайсысының бір-бірінің көрген түстерінен хабардар екендігін екеуінің де беттерінің бір мезгілде бірдей тартылғандығынан байқауға болатын еді. Олар әр нәрсенің басын бір шалып, бірін-бірі іштей ұғына, өздерінің құрбандықтарына бірігіп қарсы шығатын мүмкіндік туса, оны бір күнге де кешіктірмеуге көздерімен ант-су ішісіп, сағат онға дсйін отырды.
Сол бір естен тана сандырақтаған түні Камиллдің елесі Терезаның да түсіне енген.
Аттай бір жыл өткеннен кейін Лоранның кездесу туралы жалына өтініш жасауы кенет оның қайта түлсуіне түрткі болды. Тереза жалғыз өзі төсекте жатып өздерінің үйлену тойларының жақындап қалғанын ойлағанда, бойында қаны тулады. Сол-ақ екен, ұйқысының қашқанына қарай суға кеткен күйеуі оның алдына келіп тұрып алды; Лоран құсап ол да көп ұзамай көңілдесінің құшағына кіргенде қорықпаймын деп өзін-өзі жұбатты.
Жүйке күйзелісі әйел мен еркектің екеуінде де бір мезгілде басталды, сөйтіп үрейге беріліп, әбден титықтаған екеуін қайтадан қауыштырды. Екеуінің қаны мен ындыны мидай араласып кетті. Екеуі де бірдей қалтырап, дірілдеді. Олардың әлдебір азапты жақындықпен шырмалған жүректері екеуіне де ортақ қасіреттен зар шекті. Бүгіннен бастап олардың тәні мен жаны бірігіп, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісетін болды. Мұндай ортақтық, екі жаратылыстың бір-бірімен бұлайша сіңісіп кетуі ерекше психологиялық және физиологиялық құбылыс ретінде қатты жүйке күйзелісінің әсерінен туады.
Бір жылдан артық уақыт Тереза мен Лоран өздері бірге шатылып, бірге шырмалған шынжырды онша қиналмай көтеріп жүрді; кісі өлтіргеннен кейінгі сұрапыл дағдарыстан соң күш таусылып, жиіркеніш, бәрін ұмытып, жан шақыруға деген қажеттілік пайда болып еді, енді міне, құныкерлер өздерін бұрынғыдай емес, темір құрсаудан шыққандай еркіндеу сезініп еді; шынжыр босап, жерге сүйретілетін болды; олардың өздері сол тыныс алып, әлдебір жанға жайлы дағдарыс құшағына кіріп, бұдан былай өмірлері қалыпты арнаға түсер деп ойлаған. Бірақ олар жағдайдың сәтіне қарай қайта қауышып, тағы да құмарлық сезімдерін бөліскен кезде шынжыр кенеттен қатайып, оларды ғаламат күшпен құрсауға алғандығы соншалық, олар өздерінің бір-біріне мәңгілік байланғанын айтқызбай түсінді.
Сөйтіп Тереза ақырындап үйлену тойына дайындықты бастап жіберді. Міндет, қауіп-қатері мол, өте қиын еді. Ашыналар жаңсақ басудан, күдік туғызудан, өздерінің Камиллді өлтірудегі түпкі ойларын білдіріп алмаудан қорықты. Олар өздерінің үйлену туралы әңгіме қозғай алмайтындықтарын түсінді, сондықтан да олардың өздері тіс жарып айта алмайтын мәселе туралы Ракен ханым мен достарының өздері ұсыныс жасайтындай тыңғылықты жоспар құрды. Ол үшін бұл ашық ауыз аңқауларға Терезаны тағы да ұзату туралы ой тастаса жетіп жатыр; ең бастысы бұл ниеттің олардың өз аузынан шыққандығы, оның бастан-аяқ өздерінің туындысы екенін санасына сіңірсе болғаны.
Ақырында ұзақ та оңтайлы комедияны ойнауға тура келді. Тереза мен Лоран өздеріне тиесілі рөлдерді ойластырды; олар белгіленген мақсатқа қарай қыбыр еткен қимыл мен ауыздан шығар әрбір сөзге дейін мән беріп, өте сақтықпен жылжыды. Шын мәнінде оларды шыдамсыздық билеп алған еді, содан да олардың жүйкелері сымдай тартылып, үзілуге жақын тұрды. Олар үнемі дегбірі кетіп, өрекпіген күй кешті. Тек барып тұрған пасықтық пен қорқақтық қана оларды жорта жымиып, өздерін байсалды ұстауға көмектесті.
Олар бұдан былай бір-бірінен жырақ жалғыз тұра алмағандықтан, осының бәріне нүкте қоюға асықты. Суға кеткен жігіт оларға күнде келетін болды, ұйқысыздық қызара жанған отқа қақталған төсекке аунатып, отқа балқыған қысқашпен аударып отырды. Діңкелерін құртқан күйзелісті күй күнде кешкілік олардың қанын бұрынғыдан бетер қыздыра түсіп, естерінен тандыра сандырақтатты. Сол қараңғы түсісімен-ақ жоғарыға шығып, өз бөлмесіне баруға Терезаның жүрегі дауаламады; ал таң атқанша өзінің кең жатын бөлмесінде қамалып жату керек болғанда оның көңілі қатты құлазыды, жарықты өшірсе болды, бөлмеге неше түрлі жарықтар түсіп, үйір-үйір елестер қаптайтын болды.
Ақыр аяғында Тереза шамды сөндірмейтін болды, көзін жұмбас үшін ұйқы шақыруды да қойды. Шаршағаннан кірпіктері сәл айқасып кетсе, сол сәтте қараңғыны пайдаланып Камилл жетіп келеді, ол орнынан ұшып тұрып, көзін ашады. Таңертеңгілік аяғын әзер сүйретеді, өйткені таң атқаннан кейін ғана бір сағат, жарым сағат көз іледі. Лоранға келсек, жертөленің жанынан өтерде зәресі кете қорыққан сол кештен бастап ол мүлдем сужүрек болып алған; бұрын ол мал сияқты марғау тіршілік құрды, қазір аз ғана шудан селк ете түсіп, жас балаша сазарып кетеді. Оның бойына бір кірген үрей шықпай қойды. Түнемелік ол Терезадан да қатты қиналды; оның еңгезердей, әлсіреп солған әрі арам денесін билеп алған қорқыныш оны әбден қақыратып кеткен. Іңір қараңғылығы қоюлана оның дегбірі қашады. Ол бірнеше рет үйіне барудан жүрексініп, түні бойы бос көшелермен сандалып жүрді де қойды. Бірде қатты жауын жауған күні ол таң атқанша көпірдің астында отырды. Әбден бүрсеңдеп тоңып, орнынан тұруға, жағалауға шығуға жүрегі дауаламай, ол сағат алтыда лай судың таң қараңғысында қалай ағатынына қарап ұзақ отырды; кейде ол қорыққаннан сызды жерге жабыса түсті: оған көпір белдеуінің астынан суға кетіп өлгендердің шұбатылған ұзақ тізбектері төмен қарай ағыспен ағып келе жатқандай көрінді. Ал әбден қалжырап үйіне оралғанда ол есікті іштен екі бұрап жапты да, таң атқанша безгек тигендей қалтырап шықты. Түсіне қайта-қайта бір құбыжық кіріп, қыр соңынан қалмай қойды: оған өзі Терезаның оттай ыстық құшағынан Камиллдің сұп-суық, жып-жылмағай қолына түсе беретіндей көрінді; түсінде оны біресе ашынасы оттай ыстық құшағына орап аймаласа, енді бірде оны суға кеткен өлік мұздай қолдарымен өзінің іріп-шіріген кеудесіне қысады; осылай жарыса ауысқан аялау мен жек көру сезімдері, біресе құмарлықтан күйіп жанған денеге, біресе өзеннің лай суынан жидіп кеткен мұздай денеге жанасу Лоранның дегбірін алып, ол қалшылдап, тұншыға қорылдай бастады.
Күн өткен сайын көңілдестердің абыржуы күшейіп, құбыжық түстер оларды естен тандыра албастыдай баса түсті. Олар ұйқысыздықты сонымен жеңгілері келіп сүйісумен ғана шектелді. Сақтықты ойлап сәті түскен жерде кездеспеуге бекінді, оның есесіне ар жағы рақат түніне ұласады деген үмітпен той болатын күнді тағаттары қалмай күтісті.
Сөйтіп олар тыныштық құшағында ұйқыларын қандыруды қалай аңсаса, бастары қосылатын күнді де солай сағына күтті. Торығу кезеңінде олар өздерін кісі өлтіруге итермелегеннен соң сап тыйылған нәпсіқұмарлық ниеттерін ұмытып, оны ойға алуға да жасқанатын. Енді бойларын тағы да қызу кернеп, өздерінің ойынша бұларға бақыт әкелетін қуаныш дәмін тату үшін нәпсінің тұңғиық тереңінде Камиллді өлтіруге мәжбүр еткен сезімдер қайтадан бас көтере бастады. Олардың үйлену туралы шешімге келуіне торығып жабырқауы да себепші болып еді. Бір жағынан олардың жанынын терең түкпірінде үрей бұғып жатты. Олардың қалауына қорқыныш сезімі де үн қосқандай еді. Олар түпсіз тереңдігі өзіне тартып тұратын шыңыраудың жиегінде тұрғандай бір-біріне төне түсті; олар өз пешенелерінің түпсіз тереңіне үңіліп, бірдеңеден қармап қалуға тырысты, ал бұл екі арада ащылы-тұщылы тағдырлары олардың күш-жігерлерін әбден сарқып, төмен қарай құлаудан басқа лаж жоқ екенін алдарына тартты. Бірақ та қазіргі жағдай, абыржулы алаңдаушылық пен үркек күйтшілдік бәрін де ұмыттырып, алда тұрған құмарлық пен қызыққа толы күндерді көз алдарына әкелді. Олар бір-бірінің қасында тұрып құмарлық қызуына еліткен сайын өздері құлағалы тұрған шыңыраудың барлық азабы мен тозағын айқынырақ сезіне түсті және өздерін сөзсіз үйленуге бастаған бұлтартпас фактілерді ойша қорытып, болашақта бақытты болатындарына өздерін сендіруге тырысты.
Тереза бұл некені өзін әбден үрей қажытқаннан кейін, ал тәні Лоранның тойымсыз ындынын аңсағаннан соң хош көрді. Ол өзін жынданудың сәл-ақ алдында қалдырған жүйке ауруының жетегінде кетіп еді. Шынын айтқанда, ол көп ойлап басын қатырған жоқ, оның құмарлық торына түсуінің себебі оның санасы оқыған романдарының әсерінен ластанып, ал тәні өзін бірнеше апта бойы азапқа салған ұйқысыздықтан қозулы еді.
Лоран үрей мен әйелжандылыққа берілсе де, мықтырақ жаратылған жан ретінде қабылданған шешімді ақылмен ақтауға тырысты. Терезамен некелесудің қажет екеніне және бұдан былай бақытты өмір сүретініне өзінің көзін жеткізу үшін және қайсыбір кезде санасында туындаған тұманды күдіктерді сейілту үшін ол бұрынғы есептерін қайта жандандыруға кірісті. Оның әкесінің, жефостық шаруаның әзірге өлетін түрі жоқ, сондықтан оның мұрасын әлі ұзақ күтуге тура келеді. Лоран тіпті әке мұрасы оның қолынан сусып шығып, өзінің немере туыстарының бірі — Лоран шалдың бақытына қарай шаруаның бір жағын ұстасып жүрген алпамсадай жігіттің қалтасына барып құйылмас па екен деп те қауіптенді. Онда ол осы кедей күйінде қалады да, қарақан басы қу тізесін құшақтап, әйелсіз шатырда тұра береді, ұйқысы да оңбайды, асқа да жарымайды. Ал ол болса өмірі ештеңемен айналыспай-ақ жақсы тұрғысы келеді; кеңсе жұмысы оны әбден мезі қылды; оның еріншектігі сондай, өзіне берілген жеңіл жұмыстың өзін ауырсынды. Осылардың бәрін ойластыра келіп ол ақыры дүниенің рақаты ештеңе істемеу деген шешімге келді. Осы жерде ол өзінің Терезаға үйленіп, содан соң ештеңемен айналыспау үшін ғана Камиллді суға тұншықтырып өлтіргенін еске алды. Әрине, ашынасын тек өзі ғана иемдену туралы пиғылдың алдын ала ойластырылған қылмыста аз рөл атқармағаны аян, дегенмен мұнда Камиллдің орнын бассам, Камиллге көрсетілген құрмет пен қамқорлықты өзіме аударып, береке — байлықтың рақатын татсам деген тілек басым болып еді; егер оны тек қана құмарлық билесе, ол осынша қорқақ, осынша сақ болмас еді; ақиқаты сол — кісі өлтіру арқылы ол өзіне жайлы да қызғылықты өмірге қол жеткізуді, күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуді мақсат тұтты. Ой елегінен өткені де, өтпегені де бар осындай ойлар оның санасына қайта-қайта орала берді. Өзін сергіту үшін ол өзіне Камиллдің өлімінен түсетін пайданы уысынан шығармай, пайдаланатын кез жетті деп түйді. Сөйтіп ол өзін күтіп тұрған барлық артықшылықтар мен қуаныштарды санап шықты: ол қызметтен кетеді, қол бостықтың рахатына батады; не ішемін, не жеймін демейді; ұйқысын қандырады; бір бүйірін қыздырып, қасында торсықтай әйелі жатады, ол оның тәнінің тоятын, жүйкесінің желігін басады; көп ұзамай Ракен ханымның қырық мың франктан астам ақшасын жамбасына басады, — байғұс кемпір бұған тәуелді болып қалады; бір сөзбен айтқанда, ол мұңсыз хайуанның кебін киіп, бәрін ұмытады. Терезамен екеуі үйлену мәселесін түпкілікті шешкеннен бері Лоран осының бәрін көңіліне түйе берді; ол басқа да артықшылықтарды тынымсыз іздестірумен болды және өзінің өзім деген қайнарынан суға кеткен жігіттің жесіріне үйленуге тағы бір сылтау тапса қатты қуанды. Бірақ ол өзін қаншалықты үміттенуге көндіргенімен, алда күтіп тұрған уайым-қайғысыз, алаңсыз өмірін қаншалықты көз алдына әкелгенімен, оның тұла бойымен кенеттен пайда болған бір діріл жүріп өтті, жүректегі қуанышты әлдебір абыржу сезімі басып тастай берді.
XIX
Осы екі арада Лоран мсн Тереза астыртын айналысып жүрген жұмыс өзінің жемісін бере бастады. Тереза айықпас мұңға шалдығып қатты күйзеліп жүрген болып көрінді, сондықтан Ракен ханым шынымен алаңдай бастады. Қартаң сатушы сіңлісінен өзін жегідей жеп жүрген нәрсенің жөнін сұрады. Осы жерде жас келіншек қайғыдан қан жұтып, күйеуінен жастай қалған жесірдің ролін айна — қатесіз ойнап берді; ол өзінің қайғы-мұңы, қапалы көңілі мен жүйкесінің ауыратыны туралы алыстан орағытып, топшылап айтып берді. Әпкесінің тура сұрақтарына ол денім сау, бірақ неге қиналып жүргенімді өзім де білмеймін деп жауап берді; неге екенін білмейді, әйтеуір жылай береді. Осы жерде ол әлсін-әлсін күрсініп, кідірді; мұң аралас жымиған жүзінен қайғыдан әбден жүдеп — жадағаны білініп тұрды. Жап-жас әйелдің өз-өзімен оңашаланып, белгісіз бір дерттің меңдеп бара жатқанын көзімен көріп отырған Ракен ханым шынымен сасайын деді; мынау жарық дүниеде оның Терезадан басқа енді ешкімі жоқ, ол күнде кешкілік құдайдан өлгенде қасымда болып, көзімді жабар жалғыз сіңлімнің жанын қия гөр деп тіледі. Осынау көрі көңілден төгілген мейірім мен махаббатта өз жағдайын ойлаған өзімшіл пиғыл да жоқ емес еді. Ол Терезадан айырылып, сыз басқан меңіреу дүңгіршектің қараңғы қойнауында жападан-жалғыз көз жұмуы мүмкін екенін, көңілге медеу тұтып отырған соңғы жұбанышынан көз жазса, күнінің қараң болатынын ойлады. Енді ол немере сіңлісінен көз алмай, оны күннен-күнге қайғы кеміріп жеп бара жатқанын көріп, жас әйелді осы бір тілсіз торығу, үнсіз мүжілуден қалай құтқару керектігін ойлады.
Мұндай қиын жағдайда ол өзінің ескі досы Мишомен ақылдасуды дұрыс деп шешті. Бейсенбі күнгі кештердің бірінде ол оның қала тұруын өтініп, көңіліндегі қаупін ортаға салды.
— Терезаның еңсесі түсіп, тұнжырап жүргенін мен көптен бері байқаймын, — деді қария қызметте қалыптасқан тура мінезімен Мен оның кейінгі кезде неге кейігіш болып, жүзінің неге сарғыш тарта бастағанын да түсінемін.
— Қалайша? — деп сатушы таңырқай түсті — Тезірек айтсаңызшы! Бәлкім, оны емдеу де қолымыздан келіп қалар!
— Оның емі оңай, — деді шал қулана мысқылдып — Немерең, міне, екі жылға жуық түндерін жалғыз өткізуде. Жас немеге жар керек. Көзінен көрініп тұр.
Бұрынғы комиссардың төбеден ұрғандай қойып қалуы Ракен ханымға ауыр тиді. Ол Сент — Уенде болған сұмдық оқиғадан кейін өз жүрегіне түскен жазылмас жара жас жесірге де оңай тиіп жүрмеген шығар деп ойлады. Өлер ұлым өлді, ендеше жиенімнің де ешқашан күйеуі болмақ емес деп ойлайтын ол. Енді міне, Мишоның мысқылдап айтуына қарағанда, оған бай керек, бар мәселе — сонда.
— Егер ол тіпті жүнжіп кетпесін десеңіз, оны тезірек күйеуге беріңіз, — деді ол кетерде. — Менің берер ақылым сол, қымбаттым. Иланыңыз, жаман ақыл емес.
Ракен ханымға жұрттың бәрі оның ұлын ұмытты деген ойға көндігу қиынға соқты. Мишо қария Камиллдің атын тіпті аузына да алған жоқ; Терезаның жұмбақ ауруы туралы айтты да, ар жағын әзілге шаптырды — болғаны осы. Байғұс ана өзегін жарып шыққан жалғыз ұлының есімін бір өзі ғана көкірегінде сақтап келеді екен. Ол егіліп жылады, оған Камилл екінші рет өлгендей көрінді. Өксігін басып, көңілін орнықтырғаннан кейін ол еріксізден Мишо айтқан сөздердің төркінін пайымдай бастады; ол бірте-бірте өзінің ойынша ұлын екінші рет өлтіретін некеге келісе отырып, болмашы ғана бақытқа қол жеткізу туралы ойға көнді. Ұнжырғасы түскен жабырқау Терезамен бірге дүкеннің мұз құрсанған тыныштығында ол өзінің жүрегіне қорқыныш ұялағанын сезді. Ол күндерін үмітсіз торығумен өткізетін, содан жанына медеу табатын қатты адамдардың қатарына жатпайтын; оған жұмсақтық, жанашырлық пен нәзіктік тән еді, басқаша айтқанда, ол ақжарқын, меймандос, кең пейілді толықтау бәйбіше болатын. Немере сіңлісі әңгімелесуді қойып, күні бойы бір сөз айтпастан жүдеп-жадаған қалпы міз бақпай отырғанынан бері Ракен ханымнан маза кетті, өзін ызғыған молада отырғандай сезінді; ол өзін шынымен аялап сүйген, әлпештеп мәпелеген жылуы мен қуанышы мол ортада өмір сүріп, бұл дүниедегі сапарының соңын сабырмен қарсы алғысы келер еді. Осындай тіл ұшындағы тілектер Терезаны тағы да ұзату туралы ниетпен ойша келісуге әкеліп тіреді; ол тіпті бір сәтке ұлын да ұмытып кетті; өзі ұстанған өлі тіршілікте әлденелер тіріліп, бас көтергендей болды, оның ерік жігері, ақыл-ойы оянды. Ол сіңлісіне лайықты жар іздей бастады, бар мақсаты, ынта-ықыласы соған ауды. Күйеу баланы таңдау оңай шаруа болмады, өйткені байғұс кейуана Терезадан гөрі оз жағдайын көбірек ойлап еді; ол оны ұзата отырып, өзі де бақытты болғысы келіп еді; ол жаңа күйеудің өзінің соңғы күндерін тозаққа айналдырмағанын қалап еді. Өзінің күнделікті тіршілігіне әлдебір бөтен адамды енгізу туралы ойдың өзі оның үрейін ұшырды; осы қорқыныштың өзі оның сіңлісімен неке туралы ашық әңгімелесуіне кедергі болды.
Тереза бала күнінен бойына сіңген екі жүзділікпен қапалы адамның кейпінде жүргенде Лоран айтқанды екі етпейтін елгезек және сыпайы адамның рөлін ойнады. Ол әйелдердің екеуіне де, әсіресе, Ракен ханымға ерекше қамқорлықпен қарап, қалтқысыз қызмет көрсетті. Біртіндеп ол осы үйдегі ең қажетті адамға айналды; сол ғана осынау түнерген қуысқа аз да болса қуаныш әкелді. Егер ол кешкілік мұнда келмей қалса, қартаң сатушыға бірдеңе жетіспей тұрғандай көрінді, ол бір түрлі өз-өзіне келе алмай, ақылы кіресілі-шығасылы Терезамен оңаша қалуға қорықты. Шындығында Лоран тек өзінің бағасын арттыру үшін ғана анда-санда келмей қалатын; ал былайғы уақытта ол қызметтен соң күнде келіп, дүкен жабылғанша отырып кетеді. Ол әр түрлі тапсырмаларды орындап, ауыр қозғалатын Ракен ханымға қажет заттарды алып береді. Содан соң біраз отырып, әлденелерді әңгіме қылады. Ол қарапайым қарияның құлағына жағымды, жүрегіне жақын, актерлердікіндей сүйкімді де сиқырлы дауыспен сөйлеу мәнерін тауып алып еді. Әсіресе, ол өзіне жақын адамдардың касіретіне қабырғасы қайысатын қайырымды дос, қамқор адам ретінде Терезаның денсаулығына қатты алаңдаушылығын білдірді. Ол біренеше рет Ракен ханыммен жүзбе-жүз қалып сөйлесті; ол оны сырқатына байланысты жас әйелдің жүзінен өзі анық байқаған өзгерістерге алаңдаушылығын білдіріп, қатты қорқытты.
— Көп ұзамай біз одан айырыламыз, — деді ол сыбырлап, даусына көз жасын араластырып. — Бұдан әрі оның ауыр науқас екенін көріп отырып көрмеген болудың жөні жоқ. Қайран біздің бармақтай бағымыз, қамсыз, мұңсыз күндеріміз!
Ракен ханым оны қатты толқи отырып тыңдады. Тіпті Камиллдің атын атап, ол туралы сөз қозғауға да Лоранның батылы барды.
— Өзіңіз білесіз менің жан досымның қазасы ол үшін қатты соққы болды, — деді ол сатушыға. — Ол сол Камиллден айырылған қаралы күннен бері, міне, екі жыл болды, семіп барады. Оны енді ештеңе де жұбатып, ештеңе де айықтыра алмайды. Бізге енді осыған көнгеннен басқа амал жоқ.
Осындай ұятсыз көлгірсулер қарияның көзіне жас алдырып, көңілін босатты. Ұлын еске алу оны қатты қамықтырды. Камиллдің атын естіген сайын еңіреп, өксігін тоқтата алмай, өзіне-өзі ие болудан қалды; ол өзінің байғұс баласының есімін кім ауызға алса, соның бәрін бауырына басып сүюге даяр еді. Лоран қарияның ұлы есіне түскенде дүниенің бәрін ұмытып, күйрек сезімнің жетегінде кететінін баяғыда-ақ байқаған. Ол қалаған уақытында қарияны өзінің ыңғайына көндіру үшін оны осындай еріксіз күйге түсіріп, айласы мен билігін асыра берді. Күнде кешкілік өзінің ішкі үрейін баса отырып, ол Камиллдің дара қасиеттері, адал жаны мен мейірбан жүрегі, асқан ақыл-ойы туралы әңгіме шертті; ол өз құрбандығын соншалықты ұятсыздықпен мадақтады. Кейде жанары Терезаның қадала қараған көздерімен ұшырасып қалғанда дір етіп, суға кеткен жігіттің атына айтқан өзінің мақтауларына өзі сене бастайтын болды; ондайда оның көкірегінде құпия қызғаныш оянып, ол әңгімесін доғара қояды, басына алдында отырған жесір оз қолымен суға батырып өлтірген, өзі жер-көкке сыйғызбай мақтап отырған жігітті сүймеді ме екен деген қауіпті ой келеді. Әңгіменің бүкіл он бойында еңіреп жылап отырған Ракен ханым ештеңені байқамайды. Өксігін баса алмай отырып ол Лоранның жүрегінің жұмсақтығы мен көңілінің адалдығы туралы ойлайды; сол ғана өзінің досын есіне алып, сол ғана ол туралы тебірене, дірілдеген дауыспен әңгіме қозғайды. Ол көзінің жасын сүртіп, жас жігітке шексіз мейіріммен қарады; ол оны туған баласындай жақсы көрді.
Бейсенбі күндерінің бірінде Ракендердің үйінде Мишо мен Гриве отыр еді, олардың үстіне Лоран келіп кірді; ол Терезаға етене жақын барып шүйіркелесіп, сыпайы ғана денсаулығын сұрады. Содан соң отырғандарға осы үйге шын берілген қамқор достың қалпын танытып, оның қасына жайғасты. Жастар аз-маз тіл қатысып, қатар отырды. Мишо оларды көзімен шолып өтті, содан соң қарияға еңкейіп, Лоранды меңзеп:
— Міне, көрдіңіз бе, бұдан артық не керек. Сіздің сіңліңізге лайық күйеу бала алдыңызда отыр, — деп сыбырлады. — Екеуін үйлендіріңіз. Қажет болса, біз көмектесейік.
Мишоның жүзінде қуақы күлкі ойнады; оның ойынша Терезаға өте қабілетті еркек керек. Ракен ханым Тереза мен Лоран некесінің барлық артықшылықтарын ой елегінен өткізді. Оның ойынша бұл неке өздерін, апалы-сіңлі екеуін Лоранның досымен, өздерінің көңілін аулап күн құрғатпай келіп тұратын тамаша адаммен байланыстырып тұрған дәнекерді нығайта түседі. Сөйтіп, үйіне сырын білмейтін бөтен адамды енгізудің, өздерін қауіп-қатерге бастаудың қажеті болмайды; қайта Терезаға тірек болатын жібі түзу адам тауып, өзінің де қарттық шағын уайымсыз өткізеді, қасында бақытты жұп болады; үш жылдан бері өзінің баласындай болып кеткен жас жігітті екінші ұлындай көріп, бауыр басып кетеді. Мұның сыртында, егер Тереза айдаладағы бөтен біреуден гөрі нақ сол Лоранға тұрмысқа шықса, бұған Камиллдің аруағы да разы болар еді деп ойлады ол. Біреуді әулие тұтатын адамдар басқаға келгенде кірпияз келеді. Ракен ханым ұлынан қалған жас жесірді танымайтын бөтен біреудің сүйіп-құшып жатқанын көрсе, көз жасына ие бола алмас еді, ал Терезаны ұлының бұрынғы жолдасының аймалауына беру оны онша қинаған жоқ. Ол оны отбасының өз шаруасы деп білді.
Бүкіл кеш бойы, қонақтардың бәрі жабылып домино соғып жатқанда, қартаң сатушы жастарға мейірлене қарап отырды, содан-ақ Тереза мен Лоран өздерінің ойлаған ойларының жүзеге асқанын, мәселенің көп ұзамай шешілетінін түсінді. Кетерде бұрынғы комиссар Ракен ханыммен әлденелер туралы сыбырласты да, содан кейін Лоранның қолтығынан алып, біраз жерге дейін бірге баратынын айтты. Шығып бара жатып Лоран Терезаға енді тіпті де сақ болу керек дегендей көзімен ишара жасады.
Мишо жас жігіттің тамырын басып көргісі келді. Жігіт екі әйелге де көңілінің адал екенін, бірақ та Терезаға үйлену туралы жорамалға өзінің қатты таң қалып тұрғанын жеткізді. Ол даусын толқыта өзінің байғұс досының жесірін туған қарындасындай жақсы көретінін, оған үйленуді аруақты қорлау деп түсінетінін айтты. Бұрынғы комиссар оны өз дегеніне көндіре бастады; Лоранның келісімін алу үшін ол көптеген дәлелдер келтірді; тіпті өзін — өзі құрбан ету туралы әңгіменің шетін шығарды; ол ол ма, Ракен ханымға ұлын, Терезаға жұбайын қайтару жас жігіттің азаматтық борышы дегенге дейін барды. Лоран біртіндеп айтқанға көне бастады; ең соңында ол өзін билеген сезімге бағынатындай және үйлену туралы ойды жоғарыдан тәңірі құптаған және қарияның өзі айтқандай, дос алдындағы борыш пен өзін-өзі құрбан етуге дайындықты сезінуден туған ой ретінде қабылдайтындай сыңай танытты. Лоранның түпкілікті уәдесін алғаннан кейін Мишо онымен қоштасты да, қолдарын уқалап, өз жөнімен кетті. Ол өзін үлкен жеңіске жеткендей сезінді, өзіне-өзі риза болып, бейсенбілік кештерге бұрынғыдай өң беруге тиісті осындай одақ құру жөніндегі ойдың алдымен өз басына келгенін мақтан етті.
Мишо мен Лоран жағалауда асықпай қыдырыстай жүріп осы әңгімені өрбіткенше, Ракен ханым да дәл осы тақырыпта Терезамен әңгіме құрып еді. Бұрынғысынша әлі жүдеу әрі әлсіз Тереза өз бөлмесіне кетуге ыңғайланғанда, қария оны тоқтатып алды. Ол Терезаның соншама мазасын алып, діңкесін құртып жүрген не нәрсе екенін өзіне жасырмай айтуын өтініп жалынды. Тереза барлық сұрақтарға жалтара жауап қатты; сол кезде әпкесі жесірлік өмірдің бос, бекер өтетіндігі жөнінде сыр шертті, алыстан қайтадан бас құрау туралы ой тастай отырып, ең соңында сіңлісінен екінші рет күйеуге шығу туралы көкейінде бұғып жатқан ой жоқ па деп сұрады. Тереза өзінің ондай ойы жоқ екенін және өле-өлгенше Камиллге адалдығын сақтайтынын айтып, қатты қарсылық білдірді. Ракен ханым жылап жіберді. Ол жүрегі соны қаламаса да, Терезаны азғыра бастады; ол өмір бойы қайғыруға болмайтынын айтты; ақыры жас келіншек Камиллдің орнын бөтен біреудің басуына жол бермейтінін айтып, азар да безер болған кезде, Ракен ханым кенет Лоранның есімін атады. Бұл жерде ол сыпайылық, адамгершілік жайында ой қозғап, мұндай жұптың артықшылықтарын сөз етті; ол өзінің ішіне толып, көмейіне кептелген сырдың бәрін ағытты, бүгінгі кеште өзінің ойына келген ойлардың бәрін шертті, қалған күндерінің дәм-тұзын өзінің сүйікті балаларының ортасында өткізуді армандайтынын айтты. Тереза осының бәрін басын салбырата тыңдап, әпкесінің дегеніне көнген, оның барлық тілектерін орындауға дайын сыңай танытты.
— Мен Лоранды аға ретінде жақсы көремін, — деді ол қапалы көңілмен әпкесі айтып болғаннан кейін — Егер сіз соны қаласаңыз, мен оны күйеуім ретінде де сүюге тырысамын. Мен сіздің бақытты болғаныңызды қалаймын... Мен сізді жоғымды жоқтап, әбден көңілім суығанша мені мазаламас деп ойлап едім, бірақ әңгіме сіздің амандық-саулығыңыз туралы болса, мен көзімнің жасын құрғатамын.
Ол қарияны құшақтап сүйді, ал ол болса өзі бірінші болып ұлы туралы ұмытқанына әрі таңданды, әрі қорықты. Ұйықтар алдында Ракен ханым егіліп көп жылады, ол рухының Терезаның рухындай мықты болмағанына, жеке басының қамы үшін ғана жас жесірді ықтиярсыз екінші рет ұзатқалы отырғанына өкініп, қапаланды.
Келесі күні таңертең Мишо мен оның байырғы досы пассажда, дүкеннің аузында аз уақытқа жолығысты. Олар бір-біріне өздері бітірген шаруаларының жай-жапсарын айтысып, осы істі көпке созбай-ақ, бүгіннен қалдырмай екі жасты атастырып қою жөнінде шешім қабылдады.
Кешкі сағат бесте Мишо дүкенде болды; көп ұзамай Лоран да келді. Жас жігіт орнына отырмай жатып бұрынғы полиция комиссары оның құлағына:
— Ол келісті, — деп сыбырлап үлгірді.
Тереза осы шешуші сөзді естіді де, жүзі қуқыл тартып, Лоранға тайсалмай тура қарады. Ашыналар кеңесіп, ақылдасқандай бір-біріне қарап біраз тұрды. Олар қалыптасқан жағдайды ушықтырмай, істі жедел шешу қажеттігін түсінді. Лоран орнынан тұрып барып Ракен ханымның қолынан ұстады. Қария көңілін босатпауға бар күшін салып бақты.
— Қымбатты ана, — деді ол күлімсіреп, — кеше кешке біз Мишо мырзамен бірге сіздің өміріңізді аз да болса қалай жақсарту туралы әңгімелестік. Сіздің балаларыңыз сіздің бақытты болғаныңызды қалар еді.
Өзін "қымбатты ана" деп атағанға байғұс кемпір көз жасына ие бола алмады. Бір ауыз сөз айтуға шамасы келмеген ол дереу Терезаның қолынан ұстап, оны Лоранның қолымен айқастырды.
Қолдары қолдарымен беттескенде ашыналар селк ете түсті. Олар бір-бірінің оттай ыстық қолдарын қалтырай қысып тұрып қалды. Жас жігіт жігерсіздеу дауыспен:
— Тереза, сіз әпкеңіздің өмірін бақытты етуді қалайсыз ба? — деп сұрады.
— Қалаймын, — деді ақырын жесір келіншек, — бұл біздің борышымыз.
Осы кезде Лоран Ракен ханымға бұрылды да, жүзі боп-боз боп, былай деді:
— Камилл суға құлап бара жатып маған: "Әйелімді құтқар, саған аманат" деп айқайлап еді. Терезаға үйлене отырып мен оның өлер алдындағы өсиетін орындаймын ғой деп ойлаймын.
Осы сөздерді естігенде Тереза Лоранның қолдарын босатып жіберді. Көңілдесінің ұятсыздығы оны есінен тандырып тастаған еді. Ол оған қарауытқан көздерімен қарап тұрғанда, Ракен ханым көзінің жасы аралас:
— Иә, иә, қарғам, үйленіңіз оған, бақытты етіңіз оны, менің ұлым сіздерге бақидан жолдайды батасын... — деді.
Лоранның аяғынан әл кете бастады, ол енді орындықтың арқасына сүйенді. Өзі де босап, көзіне жас алып тұрған Мишо оны Терезаға қарай итеріп:
— Сүйісіңдер, бұл сендердің айттырылғандарыңды білдіреді, — деді.
Жас жігіт Терезаның бетіне ернін тигізгенде ол өзін бір түрлі оғаш сезінді, ал жесір әйел көңілдесінің екі рет сүйгені бетін күйдіріп жібергендей ыршып түсті. Бұл оның жұрттың көзінше бірінші рет аймалауы еді; қаны бетіне ойнап шыға келді, ол өзінің қызарып кеткенін, тұла бойының жанып бара жатқанын сезді, бұған дейін ол қысылудың не екенін білмей келген және өзінің ұятсыз жеңіл жүрісінен де ұялған емес.
Осы дағдарыстан кейін құныкерлер еркінірек демалды. Олардың үйленуі — шешілген шаруа, ақыры өздері ұзақ ұмтылған мақсаттарына жетуге аз-ақ қалды. Бәрі де сол күні шешіліп, белгіленді. Келесі бейсенбіде олардың үйленетіндері туралы Гривеге, Оливье мен оның әйеліне хабарланды. Осы жаңалықты айта келе ол мақтанышпен:
— Оларды үйлендіру туралы ой менің басыма келді... Мен соны дұрыс деп таптым... Әлі көресіңдер, қандай жақсы жұптың шыққанын...
Сюзанна Терезаға барып, оны үнсіз сүйді. Аппақ қудай боп, тәлтіректеп әзер жүрген байғұс осы бір жабырқау жүзді, қатыгез жесір десе ішер асын жерге қояды. Ол оны әлдебір құрмет аралас үреймен балаша сүйді. Оливье қария мен оның сіңлісін құттықтап, Гривье бірнеше әзілді тұздықтаған болып еді, онша көңілден шықпады. Жалпы алғанда жиналғандардың барлығы жамырай қуанысып, бәрін де жақсыға жорыды; шынын айтқанда олар өздерін қазірдің өзінде той үстінде отырғандай сезінді.
Тереза мен Лоран өздерін лайықты да орнықты ұстады. Олар бір-біріне ізгі ниетті достық қатынастарды тілеумен ғана шектелді. Олар өздерін ізгілік жолында құрбан еткендердің ерлігін қайталаған жандар ретінде көрсетті. Олардың жүзінен өздерін қажытқан үрей мен тілектің титтей де көлеңкесін байқауға болмайтын еді. Ракен ханым оларға ырзық пен береке тілеген көңілмен күлімсірей қарады.
Дәстүр бойынша әлдебір жөн-жоралғыларды орындау қажет болды. Лоранның өзінің үйленуіне әкесінің келісімін алу үшін оған хат жазуына тура келді. Парижде ұлы бар екенін ұмытуға айналған кәрі шаруа өзінің екі-үш ауыз жауап хатында Лоран мейлі үйленсін, мейлі асылып өлсін — не істесе де ықтиярлы екенін жазыпты. Ол сонымен бірге ұлына бұдан былай көк тиын да бермейтінін, сондықтан оған толық еркіндік беріп, барлық ақымақтық істеріне батасын беретінін де аңғартыпты. Рұқсаттың мұндай түрі Лоранға ерекше әсер етті.
Ракен ханым тасбауыр әкенің хатын оқығанда қатты күйініп, қайтып түзетуге болмайтын ағаттық жіберді. Ол өзінің барлық қорын — қырық мың франктан астам қаражатты немере сіңлісінің атына жазғызып, олардың ізгі жандары мен жылы жүректеріне үміт артып, солардың арқасында ғана бақытты боламын деген ниетпен барлығын да жас жұпқа берді. Лоран ортақ шаруашылыққа ештеңе де қосқан жоқ; ол аз болса, қызметті тастап, қалған өмірін суретшілікке арнайтынын аңғартты. Сонымен отбасының болашағы қамтамасыз етілді: қырық мыңдық капиталдың проценттері мен саудадан түсетін табыс үш адамға артығымен жетуге тиісті. Болашақ олардың алдынан молшылықты нұсқады.
Тойға дайындық қызу жүрді. Жора-жоралғылар қолдан келгенше қысқартылды. Бәрі де Лоранды Терезаның төсегіне қалайда тезірек жатқызуға асығып жүр екен деп ойлауға болатын еді. Ақыры аңсаған күн де жетті.
XX
Таңертең Лоран мен Тереза әрқайсысы өз бөлмелерінде қуанышты оймен оянды: екеуі де ең ақырғы қорқынышты түн артта қалды деп ойлады. Енді олар жалғыз жатып жабырқамайтын болады, енді екеуі бірін-бірі суға кеткен Камиллден қорғайды.
Тереза жан-жағына қарады, есік пен төрдей кең керуетке көзі түскенде, бетінде жұмбақ күлкі ойнады. Ол орнынан тұрып, асықпай киінді. Оны алдағы үйлену тойына дайындау үшін Сюзанна келуі керек еді.
Лоран тұрып, кереуетке отырды. Ол дәл қазір өзіне соншалық жексұрын болып көрінген шатырмен қоштасып, бірнеше минут бойы осы қалпынан айныған жоқ. Әйтеуір ол енді осы үйшіктен құтылып, әйтеуір енді оның өз әйелі болатын болды. Желтоқсан кезі. Ол тоңази бастады. Төсектен секіріп түсті де, кешке ыстық болатынын ойлап қойды.
Ракен ханым оның ақшадан қысылып жүргенін біліп, осыдан бір апта бұрын оның қолына ішінде өзінің бар жиған-тергені — бес жүз франк бар әмиянын ұстатқан еді. Жас жігіт қысылып-қымтырылмай-ақ берген сыйлықты алды да, мұздай боп киініп алды. Мұның үстіне қартаң сатушының қаражатына Терезаға арнап әдетте мұндай жағдайда қажет болатын сыйлықтарды да сатып алды.
Қара шалбар мен фрак, ақ кеудеше, жұқа матадан тігілген жейде мен галстук — осының бәрі екі орындыққа жайылып қойылған. Лоран жуынып-шайынып, бетін одеколонмен сүртті де, үсті-басын ретке келтіруге мұқият кірісті. Оның қалайда бір көргеннен баурап алатын келісті болғысы келді. Ол биік әрі қатқыл крахмал жағасының түймесін салған кезде мойнының қатты ауырғанын сезді; жеңтүймесі қолынан сусып түсіп кетті, төзімінің таусылып бара жатқанын байқады, оған крахмалданған мата оның терісімен тұтасып бара жатқан секілді болып көрінді. Ол не болғанын білгісі келіп иегін көтеріп еді, қызара күреңітіп тұрған Камиллдің тістеген жерін байқады; жаға бұрынғы жараны аздап жырып кеткенге ұқсайды. Лоран ернін жымқырып, сұп-сұр болып кетті; дәл осы сәтте мойнына ойнап шыға келген жара — дақ оның мазасын алып, алаңдата берді. Ол басқа жаға алып, оны мейлінше абайлап, баппен түймеледі. Мұздай боп киінді. Көшеде жаңа костюмге біразға дейін көндіге алмай, өзін ыңғайсыздау сезініп жүрді; крахмалданған жаға желкесін қыса берген соң, мойнын көп бұрмауға тырысты. Мата қыртыстары қозғалған сайын бір кезде суға кеткен жігіт салған жарасын қажап, жанына батты. Ол осы күйінде күймеге отырды да, Терезамен бірге мэрняға және шіркеуге бару үшін солай қарай тартты.
Жолай ол өзіне куәлікке алған Орлеан темір жол басқармасының шенеунігі мен Мишо қартты қосып алды. Олар дүкенге келгенде, мұнда бәрі де әзір — тін. Терезаның куәлері Гриве мен Оливье де, қуыршағына үр жаңа көйлек кигізіп, өзі соған мәз болған кішкене қыз құсап, жасанған қалындықтың сәнін тамашалаған Сюзанна да осында екен. Аяғын әзер басып жүрген Ракен ханым да балаларының қасынан қалғысы келмеген. Оны да күймеге отырғызып, бірге алып жүрді.
Мэрияда да, шіркеуде де барлығы ойдағыдай өтті. Некелесушілердің байсалды, қарапайым жұбы жақсы аталып, орынды бағасын алды. Олар шешуші "иә" деген сөзді екеуі қосылып, ерекше толқи айтқанда, Гривенің өзі теңселіп кетті. Олар түс көріп тұрғандай еді. Олар тізелерін бүгіп қатар тұрғанда немесе отырғанда олардың еркінен тыс жандарын жегідей жеген жебір ойлар екеуін де әбден азаптады. Олар бір-бірінің көзіне қараудан қашқақтап, жасқанды. Олар қайтадан күймеге отырғаннан кейін өздерінің бір — біріне жат болып бара жатқанын іштей сезгендей еді.
Үйлену тойының қонақасысын от басының аясында, Бельвиль төбешігіндегі шағын ресторанда атап өтуге шешім қабылданды. Салтанатқа Мишо мен Гривенің әулеті ғана шақырылды. Сағат алтыны соққанша жас жұбайлар мен тойға шақырылғандар бақта серуен құрып, содан кейін жеті адамға арнап дайындалған, шаң мен шарап иісі аңқыған сарғыш түсті жеке кабинетке бет алды.
Ac үстінде жас жұбайлар байсалды қалыптарын бұзбай, ой үстінде отырды. Олар таңертеңнен бері өздерін бір түрлі ыңғайсыз сезінді, бірақ соның себебін білуге онша мән берген де жоқ. Оларды мәңгілікке қосып, жұптастырған ресми шаралар мен жол — жораның осыншалықты тез атқарылуы жас жұбайларды есеңгіретіп тастағандай. Осыдан соң бой жазып, бақтарды кезу жаңа үйленгендердің бастарын айналдырып, қалжыратып тастады; оларға бұл қыдырыстары бірнеше айға созылғандай болып көрінді; олар алдарында кездескен көшелердің бірөңкейлігіне бойұсынып, дүкен сөрелері мен жүргіншілерге салқын көз тастап, еңселерін басқан, мелшиген үнсіздікті жарқылдай күліп, иықтан сыпырып тастауға тырысты. Олар осындай көңіл күйін мана ресторанда отырғанда — ақ байқаған.
Бір-біріне қарама-қарсы отырған олар ықтиярсыз жымиып, содан кейін іле жабырқау ойдың ұйығына бата берді; олар машинаша жансыз қимылдап, қолдарын сермеп, ішіп-жеді, әңгімелескен, жауаптасқан сыңай танытты. Олардың әбден қалжыраған ұйқылы — ояу жадына сол баяғы діңке құртқан бұлыңғыр ойлар үздіксіз тізбектеліп орала берді. Олар некелесті, бірақ содан өз жағдайларында ештеңенің өзгермегеніне таңғалды. Оларға екеуінің арасында әлі де сол баяғы түпсіз шыңырау жатқандай көрінді, кейде екеуі өзді — өзінен одан қалай өту керектігін сұрап, бастары қатты. Алда-жалда екеуінің арасын қандай да бір зат бөле қалса, олар өздерін бір кезде екеуіне кедергі болған кездегідей, қылмыс жасар алдындағыдай сезінетін болды. Кенет кешке, кішкене кешірек, бір төсекте жататындықтары естеріне түсті; сонда олар олай істеуге кім рұқсат бергенін түсінбей, бір-біріне таңғала қарасты. Олар өз жұбын сезінген жоқ; қайта өздерін біреу қатыгездікпен айырғандай, өздері бір-бірінен тым алыста жүргендей сезінді.
Айналада орынсыз сықылықтаған қонақтар жас жұбайлардың "сенге" көшуін, сөйтіп бір-бірін жатырқап, жатсынуды қоюын сұрады; содан ба, Лоран мен Тереза қызарақтап, бір-бірімен түсініксіз сөйлесті; олардың көптің көзінше бір-бірімен ғашық адамдарша сөйлесуге батылдары жетпеді.
Осылай сарыла күтуден олардың сезімі мұқалып, бұрынғының бәрі адыра қалды. Нәпсі құмарлығы былай қалып, олар енді таңертең ғана өздері бастан кешкен қуанышты, бұдан былай ештеңеден де қорқып, жасқанбаймыз деген тәтті сезімді де ұмытты. Олар айналада болып жатқан оқиғалардың бәрінен қалжырап, шаршады; күнібойғы түсініксіз, бұлыңғыр оқиғалардан бастары айналды. Олар ештеңе де дәметпей, ештеңеден де үміттенбей, үнсіз ғана күлімсіреп, тырп етпей отырды да қойды. Бірақ әбден дымы құрып, қажыған тәннің терең түкпірінде жан сыздатқан бір меңіреу алаңдаушылық бар еді.
Лоран басын сол бұрса болды, мойнын бірдеңе күйдіріп бара жатқандай болады; жағасы алқымына батып, Камиллдің тістегенінен қалған жараны қажай түседі. Қала мэрінің азаматтық кодекстің тиісті бабын оқыған кезінде де, діни қызметкердің құдай туралы айтқан уағызы кезінде де, — осы бір таусылмайтын күннің кез келген минутында Лоран өз құрбандығының тістері мұның алқымына қалай кіршілдеп кіріп бара жатқанын сезіп тұрды. Кейбір минуттарда оның кеудесі арқылы сорғалап аққан қан міне-міне үстіндегі ақ кеудешесінің бетіне шыпшып шығатындай көрінеді.
Ракен ханым жас жұбайлардың байсалды қалпын көріп, аллаға шүкір қылуда; әшейінгі даңғаза байғұс анаға ауыр тиер еді; ол ұлының рухы осында жүр және Терезаны Лоранға өз қолымен ұзатуда деп ойлайды. Гриве болса басқаша ойлайды: ол үйлену тойы көңілсіз өтіп жатыр деген пікірде, сондықтан жиналған жұртты жадыратпақшы болып, болмашы бірдеңе айтқысы кеп оқталғанмен, Мишо мен Оливьенің қабағына қарап, дымы құрып отыр. Әйтеуір бір рет соның сәті түскендей:
— Жаңа үйленгендердің балаларының денсаулығы үшін ішейік, — деп тост көтерді.
Соғыстыруға тура келді. Тереза мен Лоран сұп-сұр болып кетті. Ешқашан олардың басына дүниеге бала әкелеміз деген ой келмеген еді. Бұл ой олардың тұла бойын мұздай қарып өтті. Олар ыдыстарын жанталаса соғыстырып, өзара иін тіресе отырғандарына әрі қорыққан, әрі таңырқаған кейіпте бір-біріне қадала қарап қалды.
Қонақасы ерте аяқталды. Қонақтар жас жұбайларды неке төсегіне дейін шығарып салуға тілек білдірді. Барлығы дүкенге қайтып оралғанша сағат әлі тоғыз жарым да болған жоқ. Жасанды асыл заттармен сауда жасаушы әйел әлі өзінің лашығында көк барқытпен тысталған сандықшасының алдында отыр екен. Ол басын таңырқай көтеріп, жас жұбайларға күлімсірей, әрі қадала қарады. Ал олар оның бұл қарасын байқады да, шошып кетті. Мүмкін кемпір бұлардың байланысын бұрыннан білетін шығар, мүмкін Лоранның бұқпантайлап дәлізге өткенін де көрген шығар?
Тереза көп ұзамай Ракен ханым мен Сюзаннаға ілесіп, үйге кіріп кетті. Жас келін түнгі туалетімен айналысқанша, еркектер ас үйге жайғасып үлгірді. Лоран қанша шаршап қалжырағанмен шыдамсыздық көрсеткен жоқ; ол әйелдердің жоқтығын пайдаланып, Мишо мен Гриве айтқан әзіл-қалжыңға байсалдылықпен құлақ түрді. Сюзанна мен Ракен ханым жатын бөлмеден шығып, қартаң сатушы толқыған дауыспен оны әйелінің күтіп тұрғанын айтқанда, Лоран селк ете түсіп, жөппелдемеде не істерін білмей, тұрып қалды; содан соң асығып-үсігіп өзіне созылған қолды алды да, мас адамша есіктің босағасынан ұстап, Терезаның бөлмесіне аттады.
XXI
Лоран кіргеннен кейін есікті мұқият тиектеп жапты; содан соң бір минуттай босағаға сүйеніп тұрды да, әлденеге алаңдай, бөлме ішін қымсына көзбен шолып шықты.
Каминде от маздап жанып жатыр; оның шашырай түскен сәулесі қабырғалар мен төбеде билегендей әсер қалдырады. Жалын үстел үстінде өлімсіреп тұрған шамның жарығымен салыстырғанда бөлмені жап-жарық қып, нұрландырып жібергендей. Ракен ханым жатын бөлмені қолынан келгенше құлпыртып-ақ қойыпты; енді бөлме тұтастай жарқырап, жас та таза махаббаттың отауына айналғандай, тамылжыған тыныштық пен хош иіске малынып тұр. Кемпір кереуетті шілтермен көмкере қоршап, каминнің үстіне раушан гүлінің үлкен шоғын қондырыпты. Ауа да бір сәт мүлгіген тыныштықтан маужырап, қалғып кеткендей. Тылсым тыныштықты оттағы ағаштың тырс еткен дыбысы ғана бұзады. Бұл жерді көшедегі шудан жырақ, ешкімге белгісіз, тек жан мен тән рақатына, құмарлық құпияларына ғана арналған жұмбақ мекен деп ойлауға болар еді.
Тереза каминнің оң жағындағы аласа орындықта отыр. Иегін қолына сүйеген ол маздаған жалынға қадала қарайды. Лоран кіргенде ол бұрылып қараған жоқ. Ол үстіне түнде киетін шілтерлі кеудеше, төменгі жағына жеңіл белдемше киген, каминнен түскен жарық оның киіміне ерекше ақшыл рең беріп тұр. Кеудешесі балғын денесін жалаңаштай иығынан сәл сырғи түскен, оны қалың қара шашы көлегейлеп тұр.
Лоран үнсіз ғана бір-екі қадам жақындап келді. Фрагы мен жилетін шешті. Содан кейін тағы да Терезаға қарады, ол сол күйі қозғалмастан отыр. Лоран не істерін білмей абыржып тұр. Содан соң ол оның жалаңаш иығына көзі түсіп, еңкейіп сүюге ыңғайланды. Жас әйел аймалаудан қашып, кілт бұрылды да, Лоранға аса бір жиіркенішпен қарады; мұндай үрейге толы, әрі жақтырмай қараудан сасып қалған ол қипақтап, шегіншектей берді.
Лоран каминнің екінші жағына шығып, Терезаға қарама-қарсы жайғасты. Олар осылайша ләм деп тіл қатпастан, козғалмастан кемінде бес минуттай отырды. Ауық-ауық оттағы ағаштан қызыл жалқын жалын тілі сүйреңдей жөнелгенде, кісі қанын мойындарына жүктеген күнәкарлардың жүздерінде де қызғылт сәуле жылт — жылт етті.
Міне, екі жылға жуық уақыттан бері ашыналардың көлденең көз жоқ жерде осылай оңаша қалып, бір-біріне алаңсыз берілуінің сәті түспеген еді. Олардың арасында Терезаның Сен — Виктор көшесіне барып, Лоранның басына кісі өлтіру туралы ой тастаған күнінен бері осы уақытқа дейін ашыналық байланыс болмаған. Сақтық олардың ындынын тежеген еді. Олар анда-санда, онда да әрі кеткенде бір-бірінің қолын қысысып, ұрлана сүйісіп қоятын. Камиллді өлтіргеннен кейін, бойларындағы тойымсыз нәпсі тағы да бас көтерген кездерде, олар оны қауіп — қатерден толық айығып, өзді-өзі қалған уақыттағы құмар қанбас ыстық аймаласуларды аңсаған неке түнін күтумен тежеуші еді. Енді міне, аңсап күткен сол неке түні де келіп жетті, ал бұлар болса бір-біріне қарама — қарсы, ойламаған жерден бастарына түскен беймағұлым мұңнан арыла алмай, көңілдері күпті болып отыр. Оларға қазір құмарлық құшағында балқып, бар дүниені ұмыту үшін біріне-бірі қолдарын созса, жетіп жатыр; ал олардың ындыны қанып, нәпсілері тойғандай, содан әбден шаршағандай, қолдарын созуға да шамалары жоқ. Күні бойғы шаршау мен қалжырау бүтіндей олардың бойын билеп алды. Олар бір-біріне бұрынғыдай үздігіп, ынтықпай, өздерінің селқостығы мен бостығына ренжулі кейіппен қысыла қарайды. Бір кезде өзектерін өртеген армандары енді адыра қалып, адам айтса сенгісіз ақиқатқа олардың көздерін жеткізіп отыр: ақыры Камиллді өлтіріп, мақсаттарына жетіп, үйленгендері сол еді, Лоранның еріндерінің Терезаның жалаңаш иығына ұмсынғаны сол еді, — бәрі де бекер болып шықты; бұлардың ындынының тойғандығы соншалық, одан енді жүрек айнып, үрейлері ұшатындай күйге жетіпті.
Олар енді бір кезде өздерін күйдіріп-жандырған көзсіз құмарлықтың бір тамшысына зар болып, соны өз бойларынан жанұшыра іздей бастады. Денелерінде бірде-бір бұлшық ет, бірде-бір жүйке талшығы селт етпейтін сияқты. Олар барған сайын бір-бірінен қымсынып, абыржи берді; осындай оңашада бір-біріне тіл қатпай, түнере қарап отырғандарына қысылып, ұялды. Олар өздерін осы бір ыңғайсыз жағдайдан шығаратындай, бірін-бірі ыстық құшақта тұншықтырардай алапат бір күшті аласұра іздеп, әлектенді. Не деген сорақылық! Әй, бұлар бір-бірі үшін туған жандар емес пе; ой, бұлар әдейілеп адам өлтіргенде, әдейілеп осынша комедияны ойнағанда, соны не үшін, кім үшін істепті; ар-ұятты жиып қойып, құныққан құмардың апшысын басайын, құтырған нәпсінің ындынын қандырайын деген жоқ па еді; енді міне, каминнің екі басында ақыл-есінен айырылған, тәнінде қан да, жан да жоқ, меңіреу тас мүсіндей болып отырғандары мынау! Қалай дегенде де оқиғаның бұлай өрбуі оларға шектен тыс қаталдықпен, үреймен қабаттасқан түсініксіз бірдеңе сияқты болып көрінді. Осы кезде Лоран бұрынғы етене жақындықты тірілткісі келіп, махаббат туралы сөз қозғап, есте қалғандарды жаңғыртуға, қиялдағы ынтық күндерді қайтаруға тырысып бақты.
— Тереза, — деді ол жас келіншекке еңкейіп, — осы бөлмеде өткізген сәттеріміз есіңде ме?.. Мен онда ана есіктен кіруші едім... Ал бүгін мына есіктен ендім ғой... Енді біз не істесек те еріктіміз, біз енді бір-бірімізді ештеңеге алаңдамай, емін-еркін аймалап құша аламыз.
Ол бұл сөздерді сенімсіздеу, сылбыр айтты. Жас келіншек бұрынғысынша жанған отқа ойлы көз тастап, мұның сөзіне мән бермей, аласа орындығында отыра берді. Лоран сөзін әрі қарай жалғастырды:
— Есіңде ме, ұзақ түнді сенімен бірге өткізу, сенің құшағыңда жатып ұйықтап, таңертең сенің сүйгеніңнен ояну менің арманым еді ғой? Сол арманым енді орындалатын болды-ау!
Тереза селк ете қалды; ол өзінің құлағына бір бейтаныс дауыс бірдеңе деп сыбырлағанына таңғалған адам сияқты; Лоранға кілт бұрылып қарап еді, оның жүзі каминнен түскен жалқынның сәулесінен күреңітіп тұр екен. Ол осы қан тама күреңіткен бетке қарады да, денесі тітіркеніп кетті.
Ал жас жұбай болса бұрынғыдан да қобалжи түсіп, әлденеге алаңдай, сөзін жалғастыра берді:
— Біз дегенімізге жеттік, Тереза, қиындықтардың бәрі артта қалды. Енді мен — сендікпін, сен — мендіксің... Болашақ — біздікі, солай ма? Баянды бақытқа, өзара сүйіспеншілікке бөленген болашақ... Камилл енді жоқ...
Лоран үнсіз. Одан әрі сөйлеуге шамасы жоқ, тамағы құрғап, тұншығып қалды. Камиллдің атын естігенде Терезаның ішінде бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Құныкерлер бір-біріне шарасыз, беттері қуқылданып, дірілдей қарады. Қызыл жалқын сәулелер бұрынғысынша қабырғалар мен төбеде ойнақ салды; ауада раушан гүлдерінің жып-жылы хош иісі аңқыды; тыныштықты пештегі ағаштардың құрғақ тырсылы ғана бұзып тұрды.
Бұл жерде естеліктер топырлап келіп еркіндікке шығып жатты. Бұрынғыдан шақыртылған Камиллдің елесі маздап жанған каминнің алдында отырған жас жұбайлардың арасына келіп жайғасты. Тереза мен Лоран өздері жұтып отырған ыстық ауадан құрбандықтарының дымқыл, салқын иісін жазбай таныды; олар өздерінің қасында, көз алдарында өлік жатқанын сезіп, тырп ете алмай, бір — бірінен көз алмай отыр. Сол кезде олардың жадының алыс түкпірінде өздері жасаған қылмыстың қанқұйлы оқиғасы тағы да бас көтерді. Құрбандықтың аты аталса болды, олардың санасын сол бір қылмыстың сұмдық суреттері қайтадан торлап, қайта тіріліп шыға келеді. Олар бір ауыз тіл қатқан жоқ; бір-бірінен көз алмай қарады да отырды; естерінен сол сұмдық шықпай, сол бір жан түршігерлік оқиға қайта-қайта ойға орала берді. Олар бір-біріне дәрменсіздіктен күйзеле, жаутаңдап қарай берді, олар бір-біріне сол қылмыстың барлық жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін сөзсіз айтып бергісі келеді, бірақ соған адам төзбес үрей мен қорқыныш сезімі жібермей отыр. Олардың жүйкелерінің тозғандығы соншалық, әні-міні дегенше жанжал басталып кететіндей; олар бас-көз жоқ айқайлап шыңғыруға, тіпті бірін-бірі түтіп жеуге де дайын еді. Ойдағыны қуу үшін Лоран өзін Терезаға мықтап тұқыртып қойған азғырынды мен үрейді ысырып тастап, теріс айналып кетті. Ол бөлмеде әрлі-берлі жүргеннен кейін, аяғына түнгі туфлиін киіп, қайтадан каминнің алдына келіп отырды да, әңгіменің бетін басқа тақырыптарға бұрды.
Тереза оның ойын түсінді. Ол оның қойған сұрақтарына жауап беруге тырысты. Олар жаңбыр туралы, жақсы ауа райы туралы әңгіме қозғады. Кәдімгі әңгіменің аужайына ауысқылары келді. Лоран бөлменің тым ыстық екенін айтты. Тереза басқышқа шығар есіктің табалдырығынан аздап жел соғатынына кірбің білдірді. Сөйтті де екеуі бірдей елгезектене есікке қарай ентелесті. Жас жігіт раушан гүлі туралы, камин жайында, көзіне не түссе, сол туралы айтуға асығып бақты; Тереза өзін-өзі күштеп көндіріп, әйтеуір әңгіменің арқауын үзбес үшін сұрақтарға жеңіл жауап беріп, оны демеп қойып отыр. Олар бір-бірінен қашығырақ отырып, өздерін еркін сезінуге тырысуда, өздерінің ерлі-зайыпты адамдар екенін ұмытып, әлдеқалай кездесіп қалған бейтаныс кісілер секілді ұстауға күш салуда.
Олардың екеуі де өздерінің бос әңгімелерінің артында не жасырынып тұрғанын бұлардың еркінен тыс, ғажайып бір құбылыстың күшімен айтқызбай-ақ білді. Олар Камилл туралы ойдан арыла алмай қойып еді. Олар бұрынғы оқиғаларды бір-біріне көзбен айтуды жалғастыра берді; олардың қарасқан көздері дауыстап айтылған бос сөздермен бір мезгілде жүріп жатқан тілсіз, бірақ жүйелі әңгімені тоқтатқан жоқ. Олардың өздерін зорлап айтқан сөздері бір-бірімен үйлеспей, байланыспай, мәнсіз болып шықты; басқаның бәрін ұмытып, олар өздерінің жанын жегідей жеген естеліктерін міз бақпастан үнсіз ұғынысып, жалғай берді. Лоран роза гүлі туралы, не камин жайында, болмаса тағы басқа бірдеңелер туралы әңгімелегенде, Терезаға ол қайықтағы жанталас туралы, Камиллдің суға құлаған кезінде судың тұншыға күмп еткені туралы айтып жатқан сияқты болып көрінді. Ал Тереза қандай да бір болмашы сауалға "иә" не "жоқ" деп жауап бергенде, Лоран оның қылмыстың кейбір егжей-тегжейлі сәттерін ұмытты ма, жоқ па, — соған берген жауабы деп түсінді. Олар осылайша бір-бірінің алдында жан-жүрегін ашып тастап, бүкпесіз еркін сөйлесті; оларға сөз де қажет болған жоқ, қайта бұл кезде олар басқа бірдеңелер туралы да әңгімелесе беретін. Олар дауыстап айтқан әңгімелеріне онша мән берген жоқ, оның орнына өздерінің әріде жатқан тылсым ойларының желісінен жаңылған емес; олар бұл ойларын кез келген жерінен дауыстап айтып жалғастыра алар еді және бір-бірін сөзсіз түсінер еді. Осылайша Камиллдің бейнесін жадында үздіксіз тірілтуге деген қатаң ұмтылыс, өзгеше қырағылық біртіндеп бұларды ақылдан алжастыра бастады. Олар бірімен — бірі ақыр аяғына дейін ұғысып отырғанын, егер арадағы үнсіздікті сақтамаса, онда сөздің ауыздан өзінен-өзі еріксіз төгілетінін, төгілсе Камиллдің аты аталатынын, аталса көз алдарында қылмыстың бүге-шігесіне дейін қайталанатынын біледі. Ондайда олар еріндерін қатты жымқырып, мүлдем үндемей қалады.
Еңсені басқан, жаңа ғана басталған тыныштықта құныкерлер тағы да өздерінің құрбандықтары туралы тілсіз әңгімеге кірісті. Олардың әрқайсысының пайымдауынша, бірінің көз қарасы екіншісінің миына қанжардай қадалып, ап-анық ойды айна-қатесіз оқытып отыр. Кейде олар дауыстап сөйлесіп отырмыз деп ойлап қалады; олардың сезу органдары қайта жаратылып, қайта түзілген; көру қабілеті өте нәзік те жұмбақ есту органына айналған; оның адам ойын бетінен оқуға машықтанғандығы сондай, бұл ойлардың өзі бүкіл жан дүниеңді дүр сілкіндірген бір түрлі оғаш, естен тандыратындай дыбысқа ие болған тәрізді. Егер олар жан даусы шығып, бір-біріне: "Біз Камиллді өлтіргенбіз, оның өлімтігі міне, біздің ортамызда жатыр, арамызды суытып барады!" деп айқайласа, олар бір-бірін дәл осылай тілсіз сөйлескендей ұқпас еді. Қалай болғанда да осы еріксіз мойындаулар бірден-бірге жалғасып, жатын бөлменің тылсым тыныштығында барған сайын айқындала берді.
Лоран мен Тереза өздерінің дүкендегі алғашқы кездесулері туралы тілсіз әңгіме бастады. Содан соң естеліктер бірінен кейін бірі жалғасып жүре берді; олар бір-біріне құмарлық құшағында өткерген сағаттары, күмән-күдіктері мен ашу-ызалары туралы, кісі өлтірудің сұмдық сәттері жайлы әңгімеледі. Осы жерге келгенде олар ауыздарын тас қып жұмып, байқаусызда, еріктерінен тыс Камиллдің атын атаудан қорқып, оны-мұны әңгіме қылуды доғара қойды. Бірақ ойлар енді тізгін ұстатпай, оларды қылмыс жасалғаннан кейінгі сақтықпен, алаңдаумен өткен күндерге еріксіз алып келді. Сөйтіп олар мәйітхананың тас тақтайына жайылып қойылған өлік туралы естеліктерге ерік берді. Лоран өз көзімен көрген сұмдық көріністі Терезаға көзбен жеткізді, ал азаптаудың шегіне жеткен Тереза әлдебіреудің темір қолдары мұның жұмылған аузын ашуға жармасқанын сезіп, кенет әңгімені дауыстап жалғастырып жіберді.
— Сен оны мәйітханада көрдің бе? — деп сұрады одан Камиллдің атын атамай.
Лоран бұл сұрақты өзі де күтіп отырған. Ол оны Терезаның қуқыл тартқан жүзінен ол аузын ашпас бұрын аңғарған болатын.
— Көрдім, — деді ол құмыққан дауыспен.
Қанышерлердің денесі түршікті. Олар ұядай жып-жылы бөлмеде кенет арқаларын аяз қарығандай, отқа жақындап отырып, жалынға қолдарын созды. Олар бір минуттай бүрісіп, дымдарын шығармай үнсіз отырды. Содан соң Тереза ақырын ғана:
— Қалай ойлайсың, ол қатты қиналып па? — деп сұрады.
Лоранның жауап беруге шамасы келмеді. Ол төбе шашы тік тұрған сұмдық көріністі көз алдынан қуғандай, қолын әнтек сермей берді. Ол орнынан тұрып, кереуетке таяды, содан соң кілт бұрылып, құшағын жайып, Терезаға жақындап келді де:
— Сүйші мені, — деді алқымын тосып.
Тереза орнынан тұрды; бөздей бозарып кеткен ол іш киімшең пештің мәрмәр жақтауына сүйеніп, аяғынан әзер тұрды. Лоранға қарап еді, оның мойынынан анық көрініп тұрған қызыл-күрең даққа алғаш рет көзі түсті. Көтерілген қанмен бірге дақ та ұлғайып, оттай қызара түсті.
— Сүйші мені, сүй, — деді Лоран бастырмалатып.
Оның беті мен мойны күйіп барады.
Жас әйел аймалатудан қашқақтап, басын кекірейте түсті де, тістелген жерді саусағымен сипап:
— Мынау немене сендегі? Мен бұрын мұны көрген емеспін, — деп сұрады.
Лоранға Терезаның саусағы алқымына сұғына кіріп бара жатқандай, енді кішкенеден кейін тесіп шығатындай көрінді. Ол кейін қарай ыршып түсті де, ауырсына тіл қатты:
— Бұл.. — деп міңгірледі ол, — бұл..
Ол мүдіріп біраз тұрды да, жалған айта алмай, амалсыздан ағынан жарылды:
— Бұл ... мені Камилл тістеп алған... түсінесің бе, қайықта... Оқасы жоқ, ештеңе емес. Қазір жазылып кетті... Сүйші мені, сүй.
Байғұс енді оған өртеніп, күйіп бара жатқан мойнын тосты. Ол Терезаның өзінің мойнындағы жараның орнынан сүйгенін қалаған еді, жас әйелдің аймалауы оның жанына батқан мың сан шаншуды басар деп үміттенген. Иегін жоғары көтеріп, мойнын алға созып, ол әйелінің сүйгенін күтті. Бірақ пешке сүйеніп, аяғынан әзер тұрған Тереза сұмдық жиіркенішпен, бірақ жалына үн қатты:
— Жо-жоқ, бұл жерден емес... Бұл жерден қан шығып тұр.
Ол калш — қалш етіп, қос қолдап басын ұстап, қайтадан орындыққа отыра кетті. Лоран сасып қалды. Есеңгіреп, еңсесі түсіп кеткен ол Терезаға есінен айырылған адамдай қарады. Содан соң құдды ашынған аңша ышқына Терезаның басын қос қолдап ұстап алып, ернін өзінің тамағына, Камиллдің тістеген жеріне күштеп басты. Жас әйел қарсыласқан жоқ, дем ала алмай, тұншыға ыңқылдады. Әупірімдеп оның құрсауынан босаған соң, әнтек қимылмен аузын сүртті де, пешке түкіріп тастады. Ол ләм деп үн шығарған жоқ.
Лоран өзінің оғаш қимылынан қысылды. Ол кереуеттен терезенің алдына дейін және одан кері қарай бөлмені кезіп, әрлі — берлі жүре бастады. Жарасы күйдіріп-жандырып жанына батқаннан кейін ғана ол осындай әрекетке баруға мәжбүр болып еді, бірақ Терезаның сап-салқын еріндері өртеніп, күйіп тұрған жараға тиген кезде, оның мүлдем есі шықты. Зорлап сүйдіру оның бойындағы бар күшін сарқып алып еді. Одан алған соққының ауыр тигендігі соншалық, ол енді қайтып мұндай сүйісті алтын берсе де қаламас еді. Сөйтті де ол өзіне өмірлік серік болатын әйелге көз тастады, — ол оған теріс қарап, бүрісіп, қалтырап отыр; ол енді бұл әйелден көңілі қалғанын, оның да мұны сүймейтінін сезді. Тереза бір сағаттай әбден күйзелген күйде отырды. Лоран үнсіз әрлі-берлі жүрумен болды. Олар екеуі де бір-біріне деген құштарлықтарының өлгенін, Камиллді өлтірумен бірге өздерінің де өзара ынтық сезімдерін өлтіргендерін өкінішпен мойындады. Пештегі от жайлап сөне берді, көмір түйіршіктері күлге айналып, олардың үстінде қызыл жалқын шұғыла қалықтады. Бөлменің ауасы барған сайын ауырлап, тарыла түсті; қаңсық ауаны қалған жұпарымен тұншықтырып, гүлдер сола бастады.
Кенет Лоранға өзін тағы да елес айналдыра бастағандай болып көрінді. Терезеден кереуетке қарай жүргенде ол камин мен айналы шкафтың арасындағы бұрыштан Камиллді көрді. Оның беті өзі мәйітханада көргендегідей бір жағына қисайып, көгеріп кеткен сияқты. Лоран тұрған орнында қалшиып қатып қалды; содан кейін құлап кетпейін деп орындыққа жармасты. Тереза оның құмыға қырылдағанын естіп, басын көтерді.
— Ол анда, анда, — деп былдырлады Лоран үні шықпай.
Ол қолын созып, Камиллдің ұсқынсыз жүзі көрінген қараңғы бұрышты нұсқады. Лоранның зәресін ұшырған қорқыныш енді Терезаға берілді, ол орнынан ұшып тұрып, көңілдесіне ұмтылды.
— Бұл оның портреті, — деп сыбырлады ол, құдды күйеуінің кенепке салған бейнесі мұны естіп қоятындай.
— Оның портреті, — деп қайталады Лоран төбе шашының тікірейіп кеткенін сезіп.
— Иә, өзің жазған портрет. Әпкем бүгін өз бөлмесіне алмақшы еді, бәлкім, ұмытқан болар.
— Әрине, бұл портрет...
Құныкер алдында тұрған нәрсенің кенепке жазылған сурет екеніне әлі сене алмай түр. Қорыққаннан ол осынау кеспірсіз кескінді өзі салғанын, қазір өзінің үрейін алған өңсіз бояуларды өзі жаққанын ұмытып қалды. Қорыққаннан ол портретті дәл сол күйінде — сәтсіз жасалған, өліктің түріндей өзгеріп кеткен жиіркенішті күйінде көрді. Оның өз қаламынан туған шығармасы сиықсыз кейпімен мұның өзін әрі таңғалдырып, әрі тұқыртып тастады; әсіресе, іркілдеп, сарғыш тартқан ұясында жүзіп жүрген сықылды ақшыл көздері; олар өзі мәйітханада көрген суға кетіп өлген кісінің шіри бастаған көздерінен аумайды. Ол есін жиып, бір минуттай үнсіз қалды; ол мұны көңілдендіру үшін Тереза алдап отыр деп ойлады. Содан соң кәсекке көзі түскеннен кейін ғана аздап тынышталды.
— Оны алып қой, — деді Терезаға жай ғана.
— Жоқ, жоқ, қорқамын, — деді ол тітірей.
Лоран тағы да қалтырай бастады. Кей сәтте кәсек көзден ғайып болады да, бұған екі ақшыл көз тесіле қарайды.
— Өтінем сенен, — деді ол жалынышты үнмен, — оны алып қойшы.
— Жо-жоқ.
— Біз оны қабырғаға қаратып қоямыз, сонда бізге қорқынышты болмайды.
— Жоқ, қолымнан келмейді.
Құныкер жас әйелді ұялмай-ақ, үрейі ұша портретке итермелеп отыр, ал өзі құрбандығының көзқарасынан тайсақтап, оның артына тығылуда. Тереза әйтеуір одан құтылып шықты. Сол кезде ол бір батыл қадамға бел буды: ол суретке жақындап келіп, шегесін сипалап көру үшін қолын созды... Осы кезде қабырғадағы жансыз бейне оған өңменінен өтердей аса бір жиіркенішпен қарады. Лоран бұл көзқарасқа қанша шыдағысы келгенімен, дәті шыдамады; өз — өзінен күбірлеп, шегіншектей берді:
— Сен дұрыс айтасың, Тереза, біз оны ала алмайды екенбіз... Ертең оны әпке алар.
Ол суреттің өзінен көз алмай қарап, бар қимылын бағып тұрғанын сезіп, басын тұқшитып алып, бөлмені тағы да кезе бастады. Сонда да еркінен тыс суретке қарап қойып, қараған сайын суға кеткен кісінің өзіне бағытталған өлімсіреген жансыз көздерін көрді. Камилл осында бұрышта отырып бұларға қарап отыр, Тереза мен екеуінің не істегенін бағып отыр, ол бұлардың неке түндерінің куәсі деген ойлар Лоранды әбден есінен тандырып, діңкесін құртты.
Кез келген адамға езу тартқызар болмашы ғана жағдай Лоранды біржола есінен айырды. Ол каминнің қасында тұрғанда, оған әлдебір сыбдыр естілді. Ол сұп-сұр боп кетті. Ол сыбдыр портрет жақтан естілді, яғни Камилл кәсектен шығып келе жатыр деп ойлады. Содан кейін сыбдырдың баспалдаққа шығатын есік жақтан шыққанына көзі жетті. Ол Терезаға қарап еді, оны да үрей билей бастаған екен.
— Баспалдақта біреу тұр, — деп сыбырлады ол. — Оның кім болуы мүмкін?
Жас әйел жауап берген жоқ. Екеуінің де ойына келгені – Камилл. Маңдайларынан бұршақтап тер шықты. Олар бөлменің түкпіріне қарай ығысты; әні-міні есік ашылып, ар жағынан Камиллдің мүрдесі еденге гүрс етіп құлап түседі деп күтіп түр. Сыбдыр жалғасып, тарсылдай, топырлай бастады; олар өздерінің құрбандықтары есікті таба алмай құр қарманып, сыртынан тырналап жатыр деп ойлады. Бес минуттай қозғалмастан үнсіз тұрды. Бір кезде мияулаған дыбыс естілді. Лоран есікке жақындап барды да, Ракен ханымның ала мысығын көрді. Оны байқаусызда жатын бөлмеге қамап кеткен, енді үйден шыққысы келіп есік тырналаған түрі екен. Мысық Лоранды көріп шошып кетті де, орындыққа бір-ақ ырғыды. Тырнақтарын жазып, арқасын күжірейтіп, ол өзінің жаңа қожайынына айбат шеге қарады. Лоран әуелден мысықтарды жек көретін, ал Франсуадан қорқушы еді. Осындай қиын қыстау сәтте ол Камиллдің кегін алу үшін өзіне атыла ма деп үрейі ұшты. Мысық бәрін де біліп тұрғандай: оның кеңінен ашылған дөңгелек көздерінде әлдебір жұмбақ сыр жасырынғандай. Хайуанның қадала қарауынан Лоранның құты қашты. Ол оны бір теуіп қуғысы келіп еді, Тереза:
— Тиме оған! — деп айқай салды.
Осы дауыс Лоранға оқыс әсер етті. Оның басына қисынсыз ой келді. "Мысыққа Камиллдің жаны көшіп қонған, — деп ойлады ол. — Оны өлтіруге тура келеді... Онда адамдікі сияқты бірдеңе бар".
Ол Франсуаны тебе алмады, Камиллдің даусымен сөйлеп қоя берер деп қорықты. Содан кейін оның ойына мысықтың өзі куә болған олардың ашыналық құмарлықтарының шарықтау тұстарында Тереза айтқан қалжың түсті. Сонда ол Франсуа көп нәрсені біледі, сондықтан оны терезеден лақтырып жіберу керек деген шешімге келді. Бірақ та оның бұл ойын да жүзеге асыруына батылы жетпеді. Франсуаның жүзі суық еді; ол ренішті кейіппен жиырыла түсіп, тырнақтарын сойдитып, аса бір айбынды байсалдылықпен жауының қалт еткен қимылын бағып жатты. Оның күдікті қарасы Лоранның дегбірін алды; ол асығып-аптығып ас үйдің есігін ашып еді, Франсуа бір рет мияулады да, сонда зып берді.
Тереза тағы да сөнген каминнің алдына барып отырды. Лоран бөлмені кезуін жалғастырды. Осылайша олар көрер таңды көзімен атырды. Олар айқаласып жатуды да ойлаған жоқ, екеуінің жаны да, тәні де өліп қалған еді. Олардың басында бір ғана тілек — тезірек осы жерден шығып кету туралы ой болды, мұнда тыныс алу мүмкін емес еді. Оларға екеуі бірдей бір бөлмеде қалу, бір ауамен тыныстау азап болды; олар үшін өздерін оңаша қалудан құтқарып, осындай ауыр жағдайдан алып шығатын тағы да біреудің болғаны дұрыс еді, өйткені оңаша қалғанда олар бір-біріне не айтарын білмей, бұрынғы құмар сезімдерін оята алмай қиналды. Олар ұзақ уақыт үнсіз қалды және өздері осыдан қатты жапа шекті; олардың осы тоң-торыс күйлерінен запырандай ащы зарлары мен көңілдегі кірбің — кінәраттары естіліп тұрды, — олар түнгі тыныштықта оларды қалт жібермей қағып алып отырды.
Ақыры ағараңдап таң атып, өзімен бірге салқын леп ала келді.
Бөлмені кеулеген бозамық сәуледен Лоранның қалтырауы басылып, ақырын өзді — өзіне келе бастады. Ол Камиллдің портретін көрмек болып еді, қараса, сол баяғы тірі кезіндегідей елеусіз, пасық қалпынан аумаған екен. Ол оны қабырғадан ағытты да, иығын қопаң еткізіп, өзін ақымақ деп сыбап алды. Тереза орнынан тұрып, әпкесінің көзіне неке түнін тәтті өткізген бақытты жұп болып көріну үшін көрпе, жастықтарды шашып тастады.
— Бұл не сұмдық? Келесі түні біз көз ілерміз деп үміттенемін, — деді Лоран кейіп. — Мұндай балалықты қою керек.
Тереза оған шарасыз күйде жабырқау көз тастады.
— Өзің білесің, мен көрер таңды көзіммен атыру үшін үйленген жоқпын, — деді ол сөзін әрі қарай жалғастырып. — Біз екеуміз бала сияқтымыз... Шындығында бәріне сен... Сен өзіңнің беталды сандырақтарыңмен менің мазамды алған. Бүгін түнде көңілдірек болуға тырыс және мені қорқытуыңды қой.
Ол мардамсып күлген болды, неге күлгенін өзі де білген жоқ.
— Сөйтуге тырысармыз, — деді жас келіншек күңк етіп.
Олардың неке түні осылай өтті.
XXII
Кейінгі түндер бұдан да азапты болды. Құныкерлер өз құрбандықтарынан қосылып қорғану үшін түнемелік бірге болғылары келді, бірақ та әлдебір мәнәйі себеппен олардың бастары қосылғаннан бері бұл қорқыныш бұрынғыдан да күшейді. Бір-біріне бір ауыз тіл қатып, бір-біріне жай ғана көз салса да, олар соншама қорқыныш пен азаптан жапа шегіп, жүйкелерін құртып, күйзелетін болды. Олар сол ғана оңаша қалса болды, әйтпесе бірдеңе жайында сөз қозғап, ауыздарын ашса болды, беталды сандырақтап, айналасынан небір құбыжықтарды көре бастайды.
Терезаның қатқыл, шамшыл мінезі Лоранның дөрекі сангвнниктік мінезіне бір түрлі оғаш әсер етті. Бұрын бір-біріне ынтық кездерінде, олардың темпераменттеріндегі айырмашылық тиісті дәрежедегі тепе-теңдікті сақтай отырып, олардың жаратылыстарын толықтыра отырып, оларды тығыз бірлікте ұстап келді. Көңілдесі олардың одағына өзінің өмірлік күшін әкелсе, ашынасы жұқарған жүйкесін қосты; сөйтіп олар бір-біріне сіңісіп кетті, ал төсек қауышулары олардың ағзаларының үздіксіз биологиялық жұмысы үшін қажет болды. Енді міне, тепе-теңдік бұзылып еді, Терезаның барынша шарықтап, шегіне жеткен жүйкесі мықты болып шықты. Лоран кенет қатты жүйке қозуының құрсауында қалды; жас әйелдің күшті ықпал етуінің салдарынан оның мінезі біртіндеп жүйкесі әбден тозған бойжеткеннің мінезіне ұқсай берді. Белгілі бір жағдайлардың әсерінен дәл сол кезде кейбір ағзаларда жүріп жататын өзгерістерді бақылау да бір ғанибет болар еді. Бұл өзгерістер бүкіл тәнді көктей өтіп, көп ұзамай миға беріледі, адамның болмыс — бітімінде ізін қалдырады.
Терезамен танысқанға дейін Лоран шаруалардың арасынан шыққан ақыл-ойы шектеулі, сақ, орнықты мінезді еті тірі адам еді. Ол хайуанша ішіп-жеп, ұйқысын қандырғанға мәз болды. Өзінің күнделікті тірлігінде кез келген жағдайда, кез келген уақытта ол кеудесін кере еркін демалып, өзі қоңды, ақылы шолақтау болса да, өзіне-өзі разы күйде алаңсыз өмір сүрді. Тек анда-санда оның майға бөккен тәні әлденеге елігіп, бұлдыр бірдеңені аңсайтын. Сол бұлдыр бірдеңені Тереза лап етіп тұтанатын дәрежеге жеткізді. Ол оның осынау балпиған семіз денесінен аса сезімтал жүйке жүйесін, сезім дүниесін тауып, оятты. Бұрын Лоран тірліктің рақатын жүйкеден гөрі тәнімен сезініп, қабылдайтын; енді оның сезімі ұштала түсті. Ашынасының алғашқы аймалауларының өзі ол бұрын бастан кешпеген, бұл үшін мүлдем тосын, өзін түгелдей жұтып қоятын сұрапыл дүниенің есігін ашқандай болды. Ол оның нәпсіқұмарлығын шектен тыс оятып, ләззат мехнатына батырғандығы соншалық, ол алғашқыда есінен танып қала жаздады; ол бұрын өзінің тәні ешқашан сезініп көрмеген ойнас қызығына ессіз берілді. Міне, осы кезде оның ағзасында оқыс үдеріс жүрді: оның жүйкесі қозды да, сангвиниктік бастаудан үстем бола бастады. Осының өзі оның жаратылысын түбірімен өзгертіп жіберді. Ол бұрынғы тыныштығынан, салмақтылығынан айырылды, қалғып-шұлғып өмір сүруден қалды. Оның жүйкесі мен қаны бір арнада тоғысып, тепе-теңдікке қол жеткен мезгіл туды, — бұл қызық, қуанышты бірге бөлісіп, ынтымақты өмір сүрген кездер еді. Кейін жүйке тоза бастады да, өзінің онсыз да ауру жаны мен тәнін бірдей азаптаған алаңдаушылыққа тап болды.
Лоранның бөлменің қараңғы бұрышын көргенде құдды бір қоян жүрек балаша зәресі ұшатыны міне, содан. Бұрынғы қарашоқпар, көнбіс шаруадан бөлініп шыққан жаңа, сезімтал жаратылыс енді бүкіл күйгелек адамдарға тән барлық қорқыныш пен елегізу сияқты сезімдерді басынан кешірді. Терезаның құныға аймалауы, кісі өлтіруден кейінгі күйзелістер, содан кейінгі ләззатты сәттерді жүрексіне аңсау — осының бәрі оны есінен тандырғандай еді; осының бәрі оның түйсік — сезімдерінің шегін шірей тартып, жүйкесін аяусыз тоздырды. Ақыры құбыжықтарын ерткен елестен айықтырмайтын ұйқысыздық басты. Содан бастап Лоранның өмірі адам төзгісіз күйге түсті, оны әбден діңкелеткен қорқыныш пен үрейге толы болды.
Өткен іске өкініп, опық жеуді ол жанымен емес, тәнімен ғана сезінді. Суға кеткен өліктен оның тозған жүйкесі, тәні, балпиған денесі ғана қорықты. Ал ұжданы мұндай күйзелістерге араласқан жоқ, ол Камиллді өлтіргеніне титтей де өкінген емес; тыншыған сәттерінде, елес көз алдынан жоғалған кездерде ол өзінің жеке мүддесі үшін қажет болса тағы да кісі өлтіруге бар еді. Күндіз ол қорқақтығы үшін өзін-өзі келемеждеп, батыл болуға тырысты, өзін абыржытатын Тереза деп, соны сөгіп, соны кінәлады; алдымен үрейді алатын Тереза, түні бойы ұйықтамай, неше түрлі құбыжықтарды көрсететін де сол деп ойлады. Ал қалай түн басып, әйелімен сәл оңаша қалса болды, ол баладан бетер зәресі ұшып, қара терге малшынды. Әрбір кеш сайын оның көз алдына өзі өлтірген кісінің жиіркенішті кейпі келіп, жүйкесінің талмасы ұстайды, ұстаған сайын ақыл-есі айниды. Мұның бәрі ауыр дерттің, кісі өлтіруден қалған есіріктің белгілері еді. Шындығында, Лоранды билеп алған үрейді ауыр дерт, жүйкенің тозуы демеске болмайды. Оның беттері жыбырлап, денесі сіресіп қалатынды шығарды. Оның жүйкесі мен тәні қанша азапқа түсіп жатқанымен жаны селт еткен жоқ. Байғұс титтей де болса өкініп, тәубаға келмеді; Терезаның құмарлығы оны ауыр дертке шалдықтырды.
Тереза да өзінің жан дүниесінде терең сілкіністерді бастан кешірді. Бірақ Лоранға қарағанда оның мінезі бұрынғысынан онша өзгермегенімен, оның негізгі белгілері айқындала, өрши түсті. Бұл әйелдің жүйке жүйесінің бұзылуы он жасында — ақ байқалған, оны әлжуаз Камилл өмірін өксіткен ауасы тар қапаста, шағын бөлмеде өскендігімен түсіндіруге болар еді. Кішкене қыздың бойында қуатты ағыстар мен бұла күштер бұйығып жатты, оны оятып, өмірдің шалқар айдынына шығару келешектің еншісінде — тін. Лоран екеуі бірінде жоқты бірінен тапқандай болды. Ол бүкіл жаратылыстың бір-ақ күнде дүр сілкінуі еді. Алғашқы аймаласудан — ақ оның асау да қызу темпераменті бой бермей, құлашын барынша жазды; сол күннен бастап ол тек төсек үшін жаратылған жанға айналды. Тұла бойын жайлаған құмарлық қызуына құныға келіп, ақыр аяғында ол әлдебір дағдарысты дертті күйге ұшырады.
Жағдай тығырыққа тіреліп, оны ессіз қадамдарға итермеледі. Енді міне, басына әлдеқандай күн туғанда оның бойында жаңадан қосылған қосағының жырына да кірмейтін таза әйелдік қасиеттер бас көтерді: оны өзінің ар-ұжданы алдындағы әлдебір күнәлары, кеш келген өкініштер мазалады; кейбір кездері Камиллдің елесінің алдында тізесін бүгіп, кешірім сұрап жалынғысы, тәубесіне түскендігін айтып, іші — бауырын елжіреткісі келеді. Бәлкім, оның күйректікке бой алдырған осындай сәттерін Лоран да сезген болар. Екеуінің де бойларын үрей билеген кезде ол Терезаға бас салып, оған өктемдік көрсететін болды.
Алғашқы түндерде олар бірге жатудан тайсақтады. Олар атар таңды той болған күнгідей каминнің алдында отырумен немесе бөлмені ерсілі-қарсылы кезумен атырды. Бір төсекте қатар жату туралы ой олардың бойында үрей туғызып, жирендіретін болды. Олар бірін-бірі үнсіз ұғысып, сүйісуден де, тіпті жар төсегіне қараудан да қашқақтады, Тереза оны күнде таңертеңгілік жорта умаждап қоятын болды. Әбден қалжырап, шаршағанда олар отырған орындарында бір сағат, жарым сағат көз шырымын алады, содан кенет әлдебір қорқынышты түстер көріп, шошып оянады. Денелері ісініп, беттері теңбілденіп, суық пен сырқат өтіп кеткен олар ояна келе қалтырап тоңады, өздерінің жиіркеніші мен қорқынышын білдіруден қысылып, осы отырыстарынан ұялып, бір-біріне қарасады.
Олар ұйқымен әрқалай күресіп бақты. Олар каминнің екі басында бір-біріне қарама-қарсы отырып алып, әңгімені қалай да үзіп алмауға тырысып, ойына келгендерін әңгіме қылды. Екеуінің арасында едәуір бос жер бар еді. Екеуіне де мойнын азғантай бұрса болды, әлгі бос жерге Камилл орындығын қойып алып, бұларды мазақтап, келекелеген кейіппен отқа аяғын қыздырып отырғандай болып көрінеді. Алғаш рет неке түнінде көрінген осы көрініс енді күнде қайталанатын болды. Олардың әңгімелерін үнемі тыңдап отыратын осы бір мысқылшыл мүрде, олардың жадынан бір сәтке кетпей қойған осы бір масқарадай қорланған өлік құныкерлердің екеуінің де бір мезет есін жиғызбай, оларды қыл үстінде ұстады. Олар тіпті қылп етіп қимылдауға қорықты, маздап жанған отқа көздері аққанша қарады, ал егер көздерін бір жаққа сәл бұрса, олардың маздаған жарықтан қарыққан жанарларында қызғылт шұғылаға боялған елес пайда болды.
Ақыр соңында Лоран отқа жақын отырудан қашты, бірақ бұл сәуегейлігінің не мәнісі барын Терезаға айтқан жоқ. Тереза, өзіне солай көрінгеннен кейін, Лоранға Камилл елестеп отыр деп шешті.
Сондықтан ол да шектен тыс ыстықты жақтырмай отырғанын, өзінің де оттан алысырақ отырғысы келетінін білдірді. Ол өзінің креслосын кереуетке жақындатып алып, сол жерден қозғалмай қойды. Күйеуі тағы да бөлмені ерсілі-қарсылы кезуді бастады. Ауық-ауық Лоран терезені ашып, бөлмеге қаңтардың мұз бүріккен суық ауасын енгізіп алып отырды. Бұл оның бойындағы безгекті аз да болса ауыздықтап отырды.
Жас жұбайлар бүтін бір апта бойы барлық түндерді осылай ұйкысыз өткізді. Күндіз Тереза — дүкенінде, Лоран кызметінде қалғып-шұлғып отырып, аздап демалды. Түн баласы ұйқы көрмей, азап пен қорқынышты бастарынан өткерді. Бәрінен де олардың бір-біріне деген қарым-қатынасы бір түрлі түсініксіз болды. Олар іңкәр сезім жайында бір ауыз тіл қатыспай, бұрынғының бәрін ұмытқан сыңай танытты; олар бірге тұрғаннан кейін ғана амалсыздан тату тұратын, бір дертпен ауыратын науқастар бір-біріне қалай мүсіркей қараса, бұлар да солай қарайтын адамдар сияқты еді. Олардың әрқайсысы өзінің жиіркеніші мен қорқынышын жасырып, білдірмеуге тырысты; олар өздерінің түнді түн сияқты өткізбейтіндіктері туралы, бір-бірінің жан дүниесінде шын мәнінде не болып жатқанын білуге тиісті екендіктері туралы ойланған жоқ. Олар түні бойы төсекке бас қойған емес, тек бір-екі ауыз тіл қатысып, кішкене дыбыс шықса, жүздері қуарып шыға келеді, бірақ некелесудің алғашқы күндерінде жаңа үйленгендердің бәрі де сөйтеді дсп ойлайтын адамдар секілді сыңай танытады. Бұл ерлі-зайыпты есінен ауысқан адамдардың ретсіз қиқарлығы еді.
Бір күні кешке әбден шаршап, қалжыраған олар жатуға ыңғайланды. Олар шешінбей, бір-біріне жанаспау үшін кереуетке көйлекшең құлай кетті. Оларға егер еттері еттеріне титтей тиіп кетсе, қатты азап тартатындай болып көрінді. Осылай екі күн аз да болса көз ілінгендей көрінген соң, үшінші күні олар шешініп, көрпенің астына жатуға бел байлады. Бірақ олар бөлек жатып, денелерінің бір-біріне тимеу жағын қарастырып бақты. Тереза төсекке бірінші көтеріліп, ірге жаққа жатты. Лоран оның орналасуына мұрша беріп, өзі шетке жайғасты. Екеуінің арасында бос орын қалды. Мұнда Камиллдің өлігі жатты.
Құныкерлер бір көрпенің астына жатып, көздерін жұмғанда, олар араларында өз құрбандықтарының денесі жатқандай, ол мұп-мұздай болып, бұлардың бүйірін қарып жатқандай сезінді. Ол екеуін бөліп жатқан бір жиіркенішті кедергідей көрінді. Олардың тағы да безгектері ұстап, сандырақтай бастады, араларындағы кедергі кәдімгі заттай әсер етті; олар өлікке жанасып жатты, оның өзін, оның көгеріп, бұзылып кеткен денесін көріп жатты, олар шіріп бүлінген осы бір құшақ адам етінің мүңкіген иісін иіскеп жатты; олардың барлық сезу мүшелері адамды естен тандырарлық күйде еді. Осы бір аса жиренішті серіктерінің бұлармен бір төсекте жатуы оларды тіл мен жақтан айырып, мүлдем зәре-құтын қашырды. Кейде Лоранға Терезаны тас қылып құшақтасам қайтеді деген де ой келді, бірақ ол қозғалмақ түгіл қыбырлай да алмады, өйткені қолын созса болды, қолының Камиллдін былжырап, езіліп кеткен денесіне тиетінін білді. Ондай кезде оның басына су жалмаған бөле бұларды аймаластырмас үшін осында әдейі жатыр деген де ой келеді. Ақыр соңында ол су жалмағанның бұларды бір — бірінен қызғанатыны туралы ойға тоқтады.
Кейде олар мұның артынан не болар екен деп, қысыла — қысыла құшақтасуға да тырысып көрді. Лоран әзілдеген болып әйелінің оны сүюін бұйырды. Бірақ олардың еріндері, құдды екеуінің арасында жылан жатқандай, сап-салқын еді. Олар бір — бірінен жиіркеніп, Терезаны үрей биледі, ал Лоран болса Терезаның тісі тісіне тимей, қорқып кеткенін көріп, ызалы ашуға басты.
— Неменеге қалшылдай қалдың? — деп айқайлады ол. — Камиллден қорқып тұрғаннан саумысың?.. Тыныштал, ол байғұс бұл жерден жырақта енді.
Олар өздерінің жанын жеген күйзелістерінің себебін бір-біріне айтудан қашқақтай берді. Бірде су жұтқан өліктің жансыз бейнесі көз алдына тағы да келіп тұра қалғанда, екі көзін тарс жұмып, өзінің шалғының ұстағанын сездіруден қауіптеніп, көзіне не көрінгенін айта алмай, оның тіл — аузы байланды да қалды. Содан кейін жанталас үстінде өзін-өзі билей алмай, Камиллден қорқасың деп Терезаны кінәлай бастады, — оның атын атаудың өзі олардың бұрынғыдан бетер зәрелерін алды. Лоран сандырақтай бастады.
— Иә, иә, сен Камиллден қорқасың, — деп міңгірледі ол әйеліне қарап, — сен Камиллден қорқасың... Сайтан алғыр, мен бәрін де білемін! Сен ақымақсың, сенде титімдей де жүрек жоқ. Тыныш ұйықтауыңа болады. Сен, мүмкін, қасында мен жатқаннан кейін бірінші күйеуің келіп аяғыңнан тартып алып кетеді деп ойлайтын шығарсың...
Су жұтқан өлік аяғыңнан тартып алып кетеді деген ойдан, жорамалдан Лоранның төбе шашы тік тұрды. Ол өзін-өзі ұмытып, бұрынғыдан бетер өрекпи түсті:
— Айтпады деме, мен сені бір түні молаға алып барам... Көрді бірге қазамыз, сонда көресің сен сасыған еттің қандай болатынын!
Мүмкін, сонда ғана сенің жүрегің орнына түсер... Ол тіпті... біздің оны суға батырып өлтіргенімізді де білмейді ғой...
Тереза көрпені бүркеніп алып, ақырын ғана ыңырсыды.
— Біз оны суға тұншықтырып өлтірдік, өйткені ол бізге кедергі болды, — деді жұбайы одан әрі өзеуреп. — Қажет болса, тағы да өлтірер едік оны біз... Балалықты қой. Берік бол Өз бақытымызды өзіміз үркітпейік... Бір ақымақты Сенаға тастағаннан біз екі дүниеде бақытты да, бақытсыз да болмаспыз; махаббаттың қызығын тірі күнімізде татып қалалық; қалай дегенмен де бұл оңай шаруа емес... Қане, сүйе ғой мені.
Қорыққаннан тастай боп қатып, есінен танып қалған Тереза оны сүйіп жатыр, ал ол болса, одан бетер қалтырауда.
Лоран Камиллді тағы бір рет өлтіруді екі апта бойы ойланды. Ол оны суға тұншықтырып өлтіріп еді, ол аз болды, — Камиллдің әлі жаны шықпаған тәрізді, ол күнде түн жамылып келіп, Терезаның төсегіне жатып алатынды шығарды. Құныкерлер оны қайтып тұрмайтындай етіп біржола өлтірдік, енді алаңсыз төсек қызығына батамыз деп ойлаған еді, енді міне, құрбандықтарының қайта тіріліп келіп, олардың мамық төсегін тасқа айналдырғаны мынау. Шындығында Тереза жесір емес екен. Оның суға кетіп өлген басқа күйеуі бар екен, ал Лоран сол әйелдің жұбайы екен.
XXIII
Лоранның шалығы біртіндеп ауыр дертке ұласты. Ол Камиллді өз төсегінен қууға шындап кірісті. Алдында ол киімшең жатып жүрді, содан кейін Терезадан бойын аулақ салып, оның денесіне жанасудан бар айла-шарғысын қолдана қашты. Ең соңында әбден шаршап, амалы құрыған ол әйелін құр елеске беріп қойғаннан гөрі оны тұншықтырып өлтіргенді тәуір санап, оны өзіне тартуды жөн көрді. Бұл өзінің хайуани қаталдығымен көрінген бүлік еді.
Шынтуайтқа келгенде, оны жас әйелдің отауына алып келген Терезаның ыстық құшағы өзін қажытқан ұйқысыздықтан айықтырады деген үміт еді ғой. Бір кезде ол осы бөлмеге жайласып, оның қожайыны болғанда оның бұдан да қатал азаптаудан паршаланған тәні сауығудан да күдерін үзген болатын. Үш апта бойы Лоран көңілі әбден құлазыған күйде жүрді, ол өзінің барлық қылықтарының бір ғана мақсаты қалайда Терезаға қол жеткізу екенін ұмытты, енді оған ие болған соң, онсыз да жанын қинаған азапты күшейтпес үшін оған қол тигізуге де қорықты.
Камиллді өлтіргеннен кейінгі қат-қабат оқиғалардан мүлдем мәңгіріп қалған ол өзін некеге отыруға итермелеген жайларды ұмытып кетіп еді. Ұйқы бермеген құбыжық түстердің әсерінен оның ашу-ызасы асқына келгенде, іштегі үрей мен қорқынышты ығыстырып шығарып, жадын оятты. Ол өзінің әйелдің ыстық құшағында құбыжық түстерді ұмыту үшін үйленгенін есіне түсірді. Бір күні түнде ол тағы да өлікке тиіп кетемін бе деп қорқақтай қимылдап, Терезаны жұлқа құшақтап алды да, өзіне қарай өңмеңдей тартты.
Жас әйелдің жүйкесі де әбден тозып, шегіне жеткен кез еді. Егер жалын оның тәнін тазартып, өзін азаптан құтқаратынына сенген болса, ол ойланбай-ақ отқа түскен болар еді. Ол Лоранның аймалауынан не өртеніп өлейін, не жеңілдік табайын деп оның емеурінін қабыл алды.
Сөйтіп олар алапат құмарлық құшағына қойды да кетті. Ынтызарлықтың орнын азап пен қорқыныш сезімі басты. Енді бірде екеуара жанасып, еттері еттеріне тигенде, Лоран мен Терезаға құдды олар қызарып жанған шоққа құлап түскендей болып көрінді. Олар аһылап, араларына құрбандықтары түсіп кетпесін деп, бұрынғыдан да бетер бір-біріне жабыса түсті. Бірақ денелері қанша күйіп-жанғанымен Камиллдің жиренішті мүрдесінің мұздай қарыған салқынын сезіп жатты.
Олардың аймаласуы тағылықтан бетер тойымсыз, жойқын болды. Тереза Лоранның долырып, ісініп кеткен мойнынан тістеуден қалған тыртықты ерінімен тауып алып, есі кете қадалды да қалды. Жазылмай, қаны тыйылмай қойған бітеу жара — дәл осы жерде; ол жазылса, құныкерлер де тыныш ұйықтамақ. Осыны ойлаған жас келіншек ауырған жерді өзінің ыстық лебімен күйдіріп, жазып жіберуге жанын салып бақты. Бірақ ол өзі күйіп қалды, ал Лоран қинала ыңырсып, оны қатты итеріп жіберді; оған біреу мойнына қыздырып темір басқандай болып көрінді. Есіріп алған Тереза тыртық қалған жерден тағы да сүйгісі келді; Камиллдің тістерінің ізі қалған жерден құшырлана сүю оның құмарын қандырды. Бір сәт оның басына тағы да сол жерге сүліктей қадалып, жарым терісін жұлып алсам, сөйтіп ескі жараның бітуі үшін орнына жаңа жара салсам деген ой келді. Өзім тістеген жерден өзім қорықпаймын ғой деп ойлады. Бірақ Лоран енді қайтып мойнынан сүйгізбеді; Терезаның сүйісі оны күйдіріп, шыдатпады; ол оны сүймек болып ұмтылса, кері итерді; олар оз ындындарының былығында алысып, аунап, ыңырсып, біраз жерге барды.
Олар осы қылықтарымен өздерінің жан күйзелістерін одан бетер күшейтетіндіктерін анық білді. Олар бірін-бірі ауырғанша тас қып құшақтап, бір-бірін жандырып — күйдіріп, әбден азаптады, сонда да тозған жүйкелеріне жай таптыра алмады. Әрбір аймаласу олардың жиренішін арттырып, араларын суыта берді. Олар бірін-бірі қаншама құмартып, құшырлана сүйгендерімен, ойларынан шықпаған жексұрын елестен арыла алмады; оларға Камилл бұлардың аяқтарынан сүйреп, керуеттерін ырғап тұрғандай көрінді.
Олар бір минуттай бірін-бірі құшағынан босатты. Бойларын бір түрлі жиіркеніш, әлдебір наразылық сезімі биледі. Содан соң олар оны жеңу керек деп шешті; тағы да аймаласты, тағы да біреу денелеріне біз сұғып алғандай, бірін-бірі босатуға мәжбүр болды. Сөйтіп олар жүйкелерін күштеп көндіріп, іштеріндегі жиіркеніш сезімін басуға тағы да бірнеше рет тырысып бақты. Бірақ соның бәрінен жүйкенің қозғандығы сондай, олар бір-бірінің құшағынан сытылып шықпаса, олардың өздерін-өздері осынша азаптаудан өліп кетулері де мүмкін еді. Өз тәндерімен алысып, арпалысу оларды жындануға дейін жеткізді; олар бәрібір қасарысып бақты, олар қайткен күнде де осының бәрін жеңіп шыққысы келді. Ақыры олардың қатты ұстамасы ұстады; тиген соққының ауырлығы сондай, екеуі де қояншық ұстаған жоқ па екен деп ойлады.
Өрт боп жанған, өлуге қалған екеуі кереуеттің екі шетіне ыршып түсіп, еңіреп жылап жіберді.
Енді осы өксіктің арасынан тал қармағанның қарқылдаған күлкісі естілді; сәлден соң ол шықылықтап көрпенің астына қарай еңбектей бастады. Олардың оны қууға шамалары келмеді, ол жеңді. Камилл екеуінің арасына жайласып жатып алды; Лоран қолынан ештеңе келмегеніне ыза болып жылады, ал Тереза өліктің өз жеңісіне мастанып, мұның заңды билеушісі ретінде өзін шіріп кеткен қолдарымен құшақтауынан қорқып, қалш-қалш етті. Сол түні құныкерлер соңғы айлаларын icкe асырмақ болды; өздерінің бүгінгі жеңілістерін мойындай отырып, олар енді бүгіннен бастап жай ғана сүйісуге де болмайтынын түсінді. Өз қорқыныштарын жеңу үшін өздерінің кешегі ессіз махаббаттарын қайта тірілткісі келген талпыныстары оларды одан бетер зәрезап қылды. Өздерін бүгіннен бастап мәңгіге ажырататын өлі дененің салқынын сезе отырып, олар көздерінен қанды жастарын ағыза жылады, бұдан арғы өмірлерінің не боларын ойлап пұшайман болды.
Тереза мен Лоранды атастыру шаруасымен жүргенде Мишо қарияның ойлағанындай, үйлену тойынан кейін бейсенбілік бас қосулар бұрынғысынша қызу өте бастады. Камилл дүние салғаннан кейін бұл жиындардың өту — өтпеуі екіталай еді. Отбасы үшін қаралы күндерде бұл үйдің үйреншікті қонақтары күнде имене бас сұғатын. Дүкеннің есігі бір күні бұлар үшін бәрібір жабылатынын ойлағанда Мишо мен Гривенің көңілі құлазып қалушы еді, өйткені олар құдды бір хайуандарша алған бетінен, дағдылы әдетінен қайтпайтын. Олар қартаң тартқан бәйбіше мен жастай жесір қалған байғұс әйел өлген боздақтарын жоқтау үшін күндердің күнінде Вернонға қоныс аударып, ал өздері бейсенбі күндерінің бірінде не істерін білмей, жұртта қаламыз — ау деп ойлайтын; олар даулы, шулы домино партияларын сағынып, пассажды бойлап бос сенделіп жүргендерін көз алдарына елестетіп те қойған. Сондай көңілсіз күндерді күтумен олар соңғы қуаныштарын барынша жақсы өткізіп қалуға тырысты, олар дүкенге алаңдай келіп, мүмкін бұл соңғы келісіміз шығар деген оймен тарқасатын. Бір жыл бойы олар көзінен жас кетпеген Ракен ханым мен міз бақпас Терезаның көңілін аулап, олардың көзінше тым еркінсіп кетпеуге, орынсыз күлмеуге тырысып бақты. Мұнда енді, әрине, Камилл бардағыдай болған жоқ; енді олар Ракен ханым отырған үстелдің басында әp кешті әупіріммен өткізді. Міне осындай үмітсіз жағдайда Мишо қарияның басына суға кеткен жігіттің жесірін күйеуге беру туралы таптырмайтын ой келді.
Той өткеннен кейінгі алғашқы бейсенбіде Гриве мен Мишо пассажға жеңімпаздар ретінде келді. Олардың мәртебесі артып еді. Ракендердің ас үйін олар өздерінікіндей жайлап алды, ешкімнің неге келдің деп айтпайтынына сенімді еді. Олар қысылып — қымтырылмай, табалдырықты жайдары жүзбен аттап, жайшылықтағы әзіл-қалжыңдарының бірінен кейін бірін ағытты. Олардың жарқын да жайдары жүздері үлкен істің басын қайтарған жандардың кейпін танытады. Камилл естен шықты. Оларды мұздай қарыған о дүниелік елес еркектің орнын тірі еркек басты. Өткен уақыт өзінің барлық қуанышымен бірге кайта жанданды. Лоран Камиллдің орнын басты, енді уайымдайтын ештеңе қалған жоқ, қонақтардың ешкімнің қабағына қарамай-ақ әзіл-қалжыңға ерік беруіне болады, тіпті өздеріне көрсеткен құрметі үшін, қадірлі отбасының көңілін көтеру үшін солай еткен ләзім. Бір жарым жыл бойы Ракен ханымның көңілін аулауды сылтауратып келген Гриве мен Мишоның енді өздерінің болмашы екіжүзділігін былай ысырып қойып, домино тасының құрғақ тарсылының астында бір-біріне қарама-қарсы отырып мызғып алуға да мүмкіндіктері бар еді.
Сөйтіп әр апта өз бейсенбісін ала келсе, әр бейсенбінің кеші бір кезде Терезаның қытығына тиетін осы бір ұсқынсыз маубастарды үстел басына жинайтын. Жас келіншек оларды үйден қуып шығуға да оқталған, — олар оны өздерінің қарғаша қарқылдаған күлкілерімен, ақымақтарша ойлайтын пайымдарымен ығыр қылып еді. Бірақ Лоран олай істеудің қателігін түсіндірді; бүгінгінің бұрынғымен ұқсас болуының мәнісі бар; әсіресе, полицияның назарын, өздеріне титтей де күдік туғызбайтын мына ақымақтардың назарын аудара тұру керек. Тереза бұған көнді де, меймандарды жақсы қабылдады, олар алда талай жақсы отырыстардың болатынына шүбәланған жоқ.
Осы уақытқа дейін ерлі-зайыптылардың өмірлері екіге айырылғандай болды.
Таңның жарығы түнгі үрейді сейілтіп, Лоран асығыс киіне бастайды. Ол ас үйге кіріп, Тереза дайындаған үлкен кесеге құйылып, сүт қатқан кофені алдына алғанда барып өз-өзіне келеді. Төмендегі дүкенге әзер түсіп шығатын әл-дәрмені аз Ракен ханым оның тамақ ішкеніне аналық мейірмен қарайды. Ол тамағы тойғаннан кейін ғана тіріле бастайды. Кофеден кейін ол бір рюмке коньяк ішеді. Сонда барып оның жаны кіреді. Ол Ракен ханым мен Терезаға "Кешкс дейін" деп мезіреті жасайды, бірақ оларды ешқашан сүйген емес; содан соң маң-маң басып қызметіне кетеді. Көктем туды; Жағалаудағы ағаштар жеңіл ғана солғын жасыл түсті жапырақтарын жая бастады. Төменде еркелей сыңғырлап Сена ағып жатыр; аспаннан алғашқы күн сәулелерінің жылы шуағы төгіледі. Лоран таза ауадан бойының сергиін дегенін сезді; ол сәуір мен мамыр аспанынан төгілген жас өмірдің демін сіміре жұтты; ол күн сәулесін қызықтап, су бетінде ойнаған күміс сәулелерге қарау үшін әдейі кідіріп, жағалаудағы шуға құлақ түрді, ашық, бақытты басталған күннің шуағымен барлық сезім мүшелерімен рақатқа батып таңғы жұпар ауаны құмарта жұтты. Ол Камилл туралы, әрине, ойлаған жоқ; кейде оның жанары Сенаның арғы бетіндегі мәйітханаға еріксіз ауа берді; ондайда ол суға кеткен досы туралы ойлағанда ержүрек адамның басынан кешірген қайдағы бір қапыдағы қорқынышын есіне түсіргендей күйге енеді. Қарны тойып, шырайы кіргеннен кейін ол әдеттегі тоңторыс қалпына енеді, кеңсесіне келіп, жұмыс аяқталғанша есінеумен күн өткізеді. Мұнда ол өзге де әріптестері сияқты басында түк жоқ, маубас, іш пыстырар күйге түседі. Оның бар ойлағаны тезірек отставкаға шығып, бір шеберхананы жалға алу; оның қиялынан өзі бұрын басынан өткерген шөптің басын сындырмай, сыбай-салтаң күн көрген күндер кетпей қойды, ертелі-кеш соны ойлады. Оның есіне ешқашан дүкен түскен емес, арманына тұсау болған емес. Ол күні бойы жұмыс бітер сағатты сарыла күтті, ал сол сағат келіп жеткенде, кеңсемен қимай қоштасып, көңілдегі абыржудан, кеудедегі мұңнан арыла алмай, жағалауда жүрді де қойды. Ол аяғын санап басып, адымын қанша тұқыртқанмен, бәрібір өзі тұратын дүкенге оралуға тура келді. Ал мұнда оны үрей күтіп тұрды.
Тереза да осындай күйде еді. Қасында Лоран жоқта ол өзін едәуір тәуір сезінді. Ол үйді де, дүкенді де аздырып жіберді деген желеумен үй күтушіні жұмыстан босатып жіберді. Өзі тап-тұйнақтай тәртіп орнатқысы келді. Шын мәнінде оған қалайда бірдеңемен айналысу, әрлі-берлі қимылдап, құрысып қалған денесін жазу қажет еді. Таңертеңгілік ол бөлмелерді жиыстырып, сыпырып, тазалап, ыдыс-аяқты жуып, тыным көрмеді, бұрын жиреніп, жек көретін жұмыстардан да бас тартпады. Осы күйбеңмен жүріп, ол жарым күнді өткізді; ол жұмысты үн-түнсіз, дем алмастан ыждағатпен атқарды, оның төбеден салбырай түскен күстен, тарелкаға жабысқан шошқа майынан басқа бірдеңені ойлауға мұршасы де келмеді. Содан соң ол ас үйге кіріп, таңертеңгі асты дайындауға кірісті. Ac үстінде Ракен ханым Терезаның барлық уақытта үстелден өзі тұрып, өзі ас құйып беретініне қынжылыс білдірді; сіңлісінің талпынысына ол бір сүйініп, бір күйінді; ол Терезаға ұрысқанмен, ол өзінің бұл қылығын үнемдеу керектігімен түсіндірді. Таңертеңгі астан кейін жас әйел киініп, дүкендегі әпкесінің жанына барды. Осында үстел басында отырғанда оны ұйқы жеңе бастады; талай түн ұйқы көрмеген оның қимылдауын тоқтатуы мұң екен, тәтті бір тылсымға беріліп, мызғи бастады. Бұл ұйқы емес, тек жүйкеге жай таптырып, әлдебір рақатқа бөлеген қалғу ғана еді. Камилл туралы ойлар мазаны алмады; Тереза жанына батқан сырқаты кенет басылып, қоя қойған науқас адамдай тыныштық құшағына батып, рақат күй кешті.
Оның денесі жеңілдеп, ақылы орнына түсті, ол әлдебір жанға жайлы, шипалы тұңғиыққа батты. Осындай тояттау минуттары болмаса, оның ағзасы осыншалық ауыртпалық түсірген жүйке күйзелісін көтере алмас еді; бұдан ол алдағы күйзелістерге, келесі түннің құбыжықтарына қажетті күш жинады. Шындығында ол ұйықтаған жоқ, тек кірпіктерін сәл ғана айқастырып, әлдебір ұмыт болған тылсым тыныштық құшағына енді. Дүкенге адам келгенде, ол көзін ашып, бірнеше судың тауарын босатқан соң, қайтадан мүлгіген қалпына түсті. Осылайша ол өзін едәуір бақытты сезініп, үш-төрт сағат уақыт өткізеді; әпкесінің сұрақтарына жай ғана жауап беріп, өзінің барлық күшін сарқып алған әрі әр түрлі ойлардан құтқарған өң мен түс сәтіне құныға берілді. Тек оқта-текте ғана пассажға қараған есікке көз тастап қояды, оған, әсіресе, дүкен ішін қара көлеңке басқан, содан өзінің қажыған түрін жасыру оңайға түсетін бұлыңғыр күндер ұнайтын. Оған үсті-бастары суға малшынып, қолдарына ұстаған шатырларынан су тамшылары тас еденге тырс-тырс таматын, ерсілі-қарсылы сабылған жүргіншілерге толы сыз аңқыған пассаж өзін ешкім де іздеп таба алмайтын, мазаламайтын әлдебір меңіреу түкпір, өлі баспана болып көрінеді. Қайбір кезде күлімсі сыз бен маңайды басқан мұнар иісін сезіне отырып, ол өзін тірідей көмген адамға ұқсатады; өзін жеті қат жердің астында, қаптаған өліктердің арасында солармен бір көрде жатқандай сезінеді. Осы ой оны тыныштандырады, жұбатады; енді мен қауіпсізбін дейді ол өзіне-өзі, енді ол жан тәсілім етеді, енді қайтып қамығып, күйзелмейтін болады. Бірақ оның барлық уақытта көзі іліне бермейді: Терезаға келіп кетуді борыш санаған Сюзанна тоқымасын ала келіп, кейде оның қасында күні бойы отырып қалады. Оливьенің әйелі, оның сұрықсыз жүзі мен асықпайтын жүріс-тұрысы енді Терезаға ұнайтын болды, — осы бір мүсәпір, марғау жаратылысты көрген кезде ол өзінің біртүрлі жеңілдеп қалатынын сезді. Тереза оған бауыр басып алды, оның қасында отырғанының өзі сүйеніш секілді. Сондай кездері үнсіз ғана жымиып, қабірдің иісіндей ерекше иісі бар, құдды бір тірі өлік секілді сүлдерін сүйретіп Сюзанна келетін болды. Оның көкпеңбек тұнық көздері Терезаның көздерімен түйіскенде, соңғысы ет пен сүйектен өтетін әлдебір жанға жағымды салқын лепті сезгендей болады. Осылай Тереза сағат төрттің соғуын күтеді. Сол кезде ол тағы да ас үйге барып, денесінің құрысын жазуға кіріседі; асығып-үсігіп жүріп Лоранға ас дайындайды. Ал есіктен күйеуінің сұлбасы көрінгенде, тағы да тамағына тас тығылғандай, тұла бойын үрей мен мұң торлап алады.
Ерлі-зайыптылар күннен-күнге бірдей сезімдерді бастан кешірді. Екеуі екі бөлек болған күндізгі уақытта олар жанға дауа тапқандай болды; кешке бастары сәл қосылса болды, әлдебір жан сыздатқан күйге түсіп, әбігерленетін болды.
Қалай дегенмен де кештер тыныш өтіп жатты. Тереза мен Лоранның мазасын алатын көбіне жатын бөлмеде екеуден-екеу оңаша қаламыз — ау деген бір-ақ ой, сондықтан да олар ас үйде қолдарынан келгенше ұзақ отыруға тырысты. Ракен ханым екеуінің арасындағы кең креслода жантайып отырып алып, бірдеңелерді міңгірлеп айтқан болады. Ол Вернондағы өмірді еске түсіріп, ұлын ұлықтап отырса да, әдеп сақтап оның атын атаудан қашқақтайды. Ол өзінің қымбатына балаған екі баласына мейіріммен қарап, олар үшін болашаққа арнап әр түрлі жоспарлар құрады. Оның қан-сөлсіз бетіне шам жарығы әлсіз сәулесін төгеді; өлі тыныштық пен тұнып қалған ауада оның дауысы өте сүйкімді естіледі. Ал оның қасында міз бақпай үнсіз отырған құныкерлер оны ұйып тыңдағандай көрінеді. Шындығында олар мейірімді кейуананың айтып отырған әңгімесінің байыбын түсінуге тырысқан да жоқ; бірақ та оның еркелете айтқан сөздері құлақтарына майдай жақты, өйткені ол олардың басындағы ойлардың құлақ тұндырар күркірінен құтқарғандай болды. Олар бір-біріне қараудан қорықты, тек әдеп үшін ғана екеуі де қарияның жүзінен көздерін алған жоқ. Олар ешқашан ұйықтайтын уақыт болды деп ескерткен емес; олар егер қартаң аналары жатып, демалғысы келетінін айтпаса, одан ескен ырзық — берекенің ауанымен оның тәтті әңгімесіне елтіп, осылайша түні бойы отыруға бар. Сонда ғана олар асүйден шығып, өздерінің жатын бөлмелеріне құдды бір шыңырауға құлап кететіндей, сүлделерін сүйретіп зорға беттейді.
Көп ұзамай олар осылайша от басында отырып шүйіркелесуден бейсенбілік кештерді артық көре бастады. Ракен ханыммен бірге оңаша отыру олардың басындағы ойларды ұмыттыра алмады; тәтейдің әлсіз дауысы, оның іші-бауырыңды елжірететін ашық — жарқындығы олардың жанында шырылдап тұрған өксікті баса алмады. Олар ұйқыға бас қоятын сағаттың қалай ұрланып келетініне дейін сезді; олар өздерінің бөлмелеріне апаратын есікке байқаусызда көздері түссе де, дір ете қалады; екеуі оңаша қалатын минутты күту де барған сайын қиындап барады. Қайта бейсенбі күндері олар айналасында асып-төгіліп жатқан орынсыз қылықтарға мәз болып, бір-бірінің барлығын ұмытатын, онша ауыр тимеуші еді. Ақыр соңында Терезаның өзі осынау шулы жиындардың жақтаушысы болып алды. Мишо мен Гривенің біреуі келмей қалды ма, ол өзі барып оларды алып келгендей еді. Ас үйде оны Лораннан оңашалап отыратын адамдар барда оған жеңіл болды; ол үйлерінде әрқашан бөтен адамдардың болғанын, олардың дуылдасып, мұның көңілін бөлетіндей, Лораннан қорғайтындай қылықтар жасағанын қалайтын. Адамдардың ортасында ол есі кеткенше көңілді болды. Лоран да қонақтардың алдында өзінің шаруаға тән тұздалған қалжыңдарын айтып, көңілді орталардан үйренген қулықтарын қыстырып жіберетін. Ракендерде өткен қабылдаулар бұдан бұрын дәл мұндай шулы, көңілді болған емес.
— Сөйтіп Тереза мен Лоранға аптасына бір рет дірілдеп, қалшылдамай, қатар отырудың сәті түсіп еді.
Бірақ көп кешікпей оларды әбігерге түсіретін тағы бір сылтау табылды. Ракен ханымды сал ауруы меңдей бастады, сөйтіп олар аналарының әбден әлсіреп әрі ақыл-есі кеміп, креслоға таңылып қалатын күннің онша алыс емес екенін білді. Байғұс қария бір — бірімен байланыспайтын үзік-үзік сөздермен сөйлей бастады; даусы әлсіреп, аяқ-қолдары жансызданып қалды. Ол енді затқа айналды. Тереза мен Лоран өздерін бір-бірінен ажыратып, қорқынышты елестерден құтқарып тұрған осы бір жан иесінің біртіндеп семіп бара жатқанын қинала мойындады. Енді қартаң сатушының ақылы мүлдем ауысып, креслода мылқау күйде міз бақпастан отырғанда, олар өзді-өзі оңаша қалады; күнде кешкілік көзбе-көз қалудан қашып құтыла алмайды. Онда албасты түн ортасында емес, кешкі сағат алтыдан бастап басатын болады. Сол кезде олар ақылдан айырылады.
Енді бұлардың барлық қам-қарекеті өздеріне ауадан қымбат болып тұрған Ракен ханымның денсаулығын қалай да сақтап қалу еді. Олар дәрігер шақырып, қарияны барынша бағып-қақты, тіпті күтуші міндетін атқарудың өзінен едәуір байыз тауып, сабаларына түскендей болды; соның өзі науқасқа деген жанашырлықтарын арттыра түсті. Олар қалай дегенмен де көңілге медеу болған талай кештерді бірге өткізген отбасының ұйытқысынан айырылғысы келмеді; олар ас үйдің, тіпті бүкіл үйдің өздерінің жатын бөлмелері секілді тозақ орнына айналғанын хош көрмеді. Ракен ханым олардың көрсеткен қамқорлығына аса риза болды; байғұс көзіне жас алып отырып, олардың басын қосу туралы ойдың басына қайдан келгеніне, қырық мыңнан артық қаражатты қолдарына ұстатқанына қуанды. Ұлы өлгеннен кейін ол өзінің соңғы күндерінде мұншалық қамқорлық көрсетілер деп еш ойламаған еді; ол қартайған шағында өзінің сүйікті балаларының ерекше қамқорлығына бөленді. Бірақ ол сал ауруының күннен-күнге денесін меңдеп бара жатқанын түсінбеді.
Сол кездің өзінде Тереза мен Лоран екіұшты өмір сүрді. Олардың әрқайсысында бір-бірінен қатты айырмашылығы бар екі жаратылыс: бірі іңір қараңғылығы түсісімен айналдыра бастайтын ашушаң, үрейлі жаратылыс та, екіншісі таң ата ғана тынысын кенейтетін, түнімен тұқыртып, мелшитіп тастайтын тылсым жаратылыс еді. Олар екі ұдай өмір сүретін сияқты: оңаша қалғанда үрей мен мұңнан іштей жан дауыстары шыға қорқып, жұрттың көзінше жымиып жүреді. Сырт көзге олардың жүзіндегі ішкі сарайын жайлап алған азап ізі байқалмайды; олар байыпты да бақытты жандар сынды, қасірет — мұңын көлегейлеп келді.
Олардың байыпты қалпын күндіз көргендер байғұстардың түнімен азап шегіп шығатынынан бейхабар болатын. Оларды алла тағала жарылқаған, бақытқа кенелткен қосақ деп ойласа болар еді. Гриве оларды әспеттеп "көгершіндер" деп атайтын. Ұйқысыз өткізген түннің салдарынан олардың көздерінің айналасында пайда болған көгілжім дақты көргенде, ол "Кіндік кесер қашан?" деп әзілдейді. Жиналғандар қыран-топан күлкіге батады. Лоран мен Тереза сол сазарып барып, ықтиярсыз жымияды; қарияның мүндай дүмбілез әзілдеріне олардың бойы үйреніп алған еді. Олар ас үйде болғанда үрей мен қорқынышқа жеңістік бермейді. Екеуінің жатын бөлмеде оңаша қалғанда көретін қорлығын ешкім де сезіп білген емес. Бұл өзгерістер, әсіресе, бейсенбі күндері өрши түседі; олар құдды бір ақылға сыйымсыз дүниеде жүріп жатқандай сұрапыл күйге түсіреді. Бұл түндердің қасіреті өзінің алабөтен өзгешелігімен, алабөтен азабымен қиялдағының бәрінен асып кетеді, бірақ та ол ауырған жанның терең түкпірінде жабулы күйінде қалады. Егер олар ол туралы айтар болса, оларды ешкім де есі дұрыс деп есептемес еді.
— Біздің ғашықтар қандай бақытты! — деп жиі тамсанады Мишо. — Бұл туралы олар тіс жармайды, бірақ көп ойлайды. Біз қалай үйді-үйімізге тараймыз, бұлардың армансыз аймаласатындарына шүбәсізбін.
Басқалардың да ойлары осылай тоғысатын. Қалай болғанда да Тереза мен Лоран үлгілі жұп болып көрінеді. Бүкіл Пон — Неф пассажы жас жұптың махаббаттарына, байсалды бақыты мен өтіп болмайтын бал айына айыздары қанып, бата бағыштайды. Бірақ араларында Камиллдің өлексесі жатқанын олардың өздері ғана білді; олардың сырттай байыпты қалыптарының тасасында түн баласы тыным бермей, олардың бет — пішінін мүлдем өзгертіп, қасірет тартқызатын жан түршігерлік азаптың жатқаны олардың өздеріне ғана аян.
ХХІІ
Төрт ай өткеннен кейін Лоран Терезаға үйленген есебінің пайдасын түгендеуге бел буды. Егер Ракендердің сөресінен пайда табуды көздемесе, ол Терезамен үш күн де тұрмас еді, қыр соңынан қалмаған Камиллдің елесінен қашып құтылуға асығар еді. Ол қалайда өзі жасаған қылмыстың пайдасынан айырылып қалмас үшін ғана азапты түндердің құбыжықтарына көнуде, өмірін өксітіп, тынысын тарылтқан азапқа төзуде. Егер ол Терезадан айырылса, тағы да жоқшылыққа ұрынып, қызметте қала берер еді, ал егер онымен тұрса, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, ішпегені алдында, ішкені артында, Ракен ханым оның әйелінің атына аударған ақыдан құр қалар еді. Бәлкім ол осынау қырық мың франкты қымқырып, қашып-ақ кетер еді, егер қартаң сатушы Мишо қарттың ақылымен иске туралы келісім-шартта сіңлісінің мүддесін қарастырмаса. Сонымен ғана Лоран Терезаға жіпсіз байланып қалып отыр. Азапты түндердің есесін қайтару үшін ол өмірдің бар рақатын көруге жағдай жасауды, тоя тамақтанып, жақсы киінуді, ойына келген тілегін қанағаттандыру үшін қашанда қалтасында ақша болуын талап етті. Сондай жағдайда ғана ол суға кетіп өлген өлексемен бір төсекте жатуға келісті.
Бір күні кешке ол Ракен ханым мен Терезаға қызметтен кетуге арыз бергенін, екі аптадан кейін жұмысқа баруды тоқтататынын айтты. Терезаның өңі қашып кетті. Ол артынша — ақ шағын шеберхана ашып, тағы да сурет салумен айналысқысы келетінін айтты. Ол кеңсе жұмысының адамды зеріктіретіндігі және өзіне құшағын айқара ашқан өнердің мол мүмкіндіктері туралы көп тәптіштеді; енді оның аз-мұз ақшасы бар, сондықтан да қолдағы мүмкіндікті пайдаланғысы келеді; өзін ұлы істерге араластырып, содан бірдеңе шыға ма деп үміттенеді. Осы тақырыпта толғаған қызыл сөздердің артында тағы да богемдік өмірге бас ұрсам деген ниет жатыр еді. Тереза ернін жымқырып алған күйі дым деп ауыз ашпады; оған Лоранның өздеріне азын-аулақ дербестік берген болмашы қаражатты шашуы тіпті де ұнаған жоқ. Күйеуі оның осы турасындағы пікірін сұрап, келісімін алғысы келгенде ол сырғытпа жауап берді; ол күйеуінің қызметтен босап, жалақыдан қағылатынын, сөйтіп мұның мойнына мінетінін меңзеп бірдеңе деді. Осыны айтып болғанша Лоран оған шекесінен қарап тұрды, соның өзі оның үзілді-кесілді қарсы болуына мүмкіндік бермеді. Ол қылмыскердің көзінен "Егер келіспесең, мен бәрін де жайып саламын" деген қорқытуды аңғарғандай болды. Түсініксіз бірдеңелерді міңгірледі. Осы арада Ракен ханым баласының дұрыс айтып отырғанын, оның даңқын шығаруға мүмкіндік беру керектігін айтып, қоштау білдірді. Кең пейіл әйел бір кезде баласы Камиллді қалай еркелетсе, мұны да солай әлпештеуші еді; ол оның өзімсіне айтқан сөздеріне әбден елтіп, буын — буыны босап, масайрап қалды; ол үшін бәріне дайын екенін және оның барлық пікірімен келісетінін білдірді.
Сонымен суретші шеберхананы жалға алып, және қажетті шығындарға айына жүз франк алатын болып келісілді. Отбасының бюджеті былайша белгіленді: саудадан түскен табыс дүкен мен пәтердің жалдау ақысына жұмсалады, және ол күнделікті шаруашылыққа қажетті мұқтаждықтарға да жетеді; шеберханаға төлейтін ақша мен айына жүз франк жалақыны Лоран екі мыңнан сол асатын қордан алатын болады; рентадан түскен қалдық ортақ мүддеге жұмсалатын болады. Осылайша негізгі капиталдың мүұты да қисаймайды. Тереза аздап тынышталайын деді. Ол еш уақытта өзіне бөлінген соманың шеңберінен шықпаска күйеуінің сөзін алды. Ол өзінің келісімінсіз Лоранның капиталға ие бола алмайтынын білетін, және ешқандай ақшамен байланысты құжатқа қол қоймайтын болып шешті.
Ертеңіне Лоран Мазарн көшесінің аяғынан өзі бір айдан бері бақылап жүрген бір шағын шеберхананы жалға алды. Ол Терезаның көзінен таса уақытын тыныш өткізетін өзіне жайлы орын сайлап алғанша, қызметтен кетуге асыққан жоқ. Сөйтіп екі аптадан кейін ғана қызметтестерімен қоштасты. Гриве оның қызметтен кетуіне қайран қалды. Алдында айдындай жарқыраған болашақ күтіп тұрған жас жігіттің, Гривенің өзі сияқтылар табандатқан жиырма жыл күткен жалақыға төрт-ақ жылда қол жеткізген жас жігіттің мұнысы тіпті күтпеген жағдай еді. Қария Лоранның бұдан былай өзін тұтастай өнерге, суретке арнайтынын естігенде, тіпті есінен танып қала жаздады.
Ақыры суретші өзінің шеберханасына барып жайғасты. Шеберхана ұзындығы мен ені бес-алты метрдей шаршы алаңды алып жатқан шатыр тәріздес еді; үлкен терезелері бар төбесі өте еңістеу екен, содан еденге және бояуы қанық қабырғаларға жарық молынан түсіп тұрды. Қаланың у-шуынан алыс жер. Аспанға қараған терезесі бар тып-тыныш сұрықсыз бөлме сірә бір сағана там секілді, құдды сұр топырақты жерден қазған қазан шұңқыр сияқты көрінеді. Лоран бөлмені өзінше жасандырған болды: тозығы жеткен, пішен толтырылған отырғышы бар екі орындық, құлап кетпес үшін қабырғаға сүйеп қойған үстел, ескі ас үй шкафын, бояулар салынған жәшік және өзінің бағзыдан келе жатқан мольбертін әкеп қойды; көзге көрінер ең көрнекті заты ескі — құсқы сататын сатушыдан отыз франкке сатып алған үлкен диван болды.
Лоран екі аптадай қолына қалам алған жоқ. Ол мұнда сағат сегіз — ондарда келіп, темекісін тартады, әлі ерте екенін, алдында ұзақ күн барын ойлап, рақаттанып, түс мезгілін күтіп диванда біраз жатады. Түс әлетінде ол тамақтанып алып, жападан жалғыз қалу үшін, Терезаның қуқыл тартқан жүдеу жүзін көрмес үшін қайтадан шеберханаға асығады. Бұл кездегі оның жұмысы — ас қорыту, кеш түскенше диванда жатып ұйықтау. Шеберхана ол үшін ештеңеден қорықпайтын орын болды, мұнда ол өзін едәуір тыныш сезінді. Бір күні әйелі осы мүйісті көргісі келетінін айтты. Ол оған рұқсат бермесе де, әйелі келіп есік қақты, ол ашқан жоқ; кешкісін оған күні бойы Луврда болдым деп жорта айтты. Ол Терезамен бірге Камиллдің елесі еріп келер деп қорыққан еді.
Ақыры оның жата — жата іші пысты. Ол кенеп пен бояуларын алып іске кірісті. Натурашы әйелге ақшасы жетпегендіктен, ол модельге қарамай-ақ басына не келсе, соны жазуға бел буды. Әзірше ер адамның бет — пішінін жазбақ болды.
Енді ол күні бойы шеберханада отыруды қойды; ол ертеңгілік екі-үш сағаттай жұмыс істеп, қалған уақытта Парижде не оның маңындағы қалашықтарда серуен құрып жүрді. Бірде ұзақ серуеннен қайтып келе жатып ол Академияға жақын жерден өзінің бір кезде мектепте бірге оқыған досын жолықтырды; оның соңғы Салонға қойылған жұмыстары суретшілер арасында үлкен табысқа жетіп еді.
— Шыныңды айтшы, бұл сенсің бе?! — деп суретші аң-таң болды. — Қымбаттым менің! Мен сені тіпті де танымай қалдым! Сен жүдеп кетіпсің.
— Мен үйлендім ғой, — деп жалтара жауап қатты Лоран.
— Үйлендім дейсің бе? Сен? Әйтеуір сенің түріңде бір өзгеріс бар... Сонда немен айналысып жатырсың енді?
— Мен бір шағын шеберхананы жалға алдым, таңертеңгілік аздап жазамын.
Лоран өзінің үйлену тарихын қысқаша айтып берді; содан соң асығып — аптыққан дауыспен болашаққа арнаған жоспарларын айта бастады. Танысы оған таңырқай қарап қалған, осы көзқарас Лоранның да дегбірін алып болды. Шынтуайтқа келгенде суретші Терезаның күйеуінен бір кезде өзі жақсы білген қатардағы тоң мойын жігітті көре алмай түр. Лоран оған бұрынғысынан едәуір тартымдырақ көрінді, — оның бет әлпеті қазіргі күйіне лайықталып тарала, ашыла түскен, еңсесі көтеріңкі, көз тартарлықтай.
— Сен бар ғой, күннен-күнге сыланып барасың, — деді ол таңданысын жасырмай, — түрің жаратушы жіберген адамның түріндей. Қатып қалыпсың! Қазір қайда оқып жүрсің?
Суретшінің сансыз сауалдары Лоранды соншалықты әбігерге түсірді. Бірден қоштасып кетіп қалуға батылы жетпеді.
— Мүмкін, менің шеберханама бір сәтке бас сұғарсың? — деп сұрады ол қыр соңынан қалмай қойған досынан.
— Әлбетте, — деді ол
Суретші Лоранның бойынан қандай өзгерістерді байқағанын таба алмай басы қатты, сондықтан да бір кездері бірге жүрген досының шеберханасына соға кеткенді жөн көрді. Ол, әрине, бесінші қабатқа Лоранның жаңа шығармаларына тамсану үшін көтерілген жоқ, одан жүрегі айнитынын күнібұрын білсе де, тек өзінің құмарлығын басу үшін ғана барды.
Ол шеберханаға кіріп, оның қабырғаларына ілінген суреттерге көз жүгірткенде, оның таңданысы бұрынғыдан бетер күшейе түсті. Мұнда бес этюд — екеуі әйелдің, үшеуі еркектің басы — ілулі тұр еді және соның бәрі шынайы шеберлікпен орындалған; кескіндеме өте қанық, құнарлы шыққан, әрбір зат ашық — сұр фонға тайға таңба басқандай етіп тартымды салынған. Таң-тамаша болған суретші өзінің ризалығын жасырмай, этюдтердің бірінен кейін біріне баруда.
— Осылардың бәрін сен жаздың ба? — деп сұрады.
— Мен, — деді Лоран. — Бұлар қазір өзім жазып жатқан үлкен картинаның нобайлары.
— Тоқта! Әзілді қоя тұр, осы шынымен сенің жұмыстарың ба?
— Әлбетте. Ал неге менікі болмасқа?
Суретші "Өйткені бұл шебердің қолынан шыққан дүние, ал сен бар болғаны бояушы болатынсың" дегісі кеп тұрды да, ол райынан тез қайтты. Ол ләм деп тіс жармастан этюдтердің алдында ұзақ тұрды. Әрине, оларда аздаған орашолақтықтар кездеседі, дегенмен өзіндік қолтаңбасы, әлденендей құдірет пен кескіндемені нәзік түсіну аңғарылады. Олардың терең сезімнен шыққаны көрініп тұр. Лоранның досына бұған дейін дәл мұндай болашағы зор алымды дүниені көрудің сәті түспеген еді. Суреттерді зейін сала қарап шыққаннан соң, ол олардың иесіне бұрылып:
— Иә, анығын айтсам, сені дәл мұндай дүниелерді туғыза алады деп ойламаған едім! Мұндай талантты қайдан алғансың? Әдетте талант болмаса, оны ешқайдан тауып ала алмайсың ғой.
Енді ол дауысы бұрынғыдан жұмсарып, қолының әрбір қимылы әдемі үндесіп тұрған Лоранға бажайлап қарай бастады. Осы бір адамды әйелдей сезімтал, әсерленгіш етіп, мүлдем өзгертіп жіберген сұмдық сілкіністер оның жырына да кірген жоқ. Осы құныкердің бойында, сөз жоқ, түсінуі қиын әлдебір өзгерістердің болғаны айқын. Адамның ондай тереңіне үңіліп, ондағы жүріп жатқан үдерістерді ой елегінен өткізу қиынның қиыны. Бәлкім, Лоран өзінің тұла бойы мен ақыл-есін қақыратып кеткен керемет дағдарыстың салдарынан қорқақ болғаны сияқты, суретші болып шыға келген шығар. Бұрын ол өзінің есін алған толық қандылығынан қажып, шаршайтын, өзін барлық жағынан жамылғыдай қымтаған денсаулығының арқасында ештеңені сезбейтін; енді міне ол әжептәуір жүдеді, мінезі беймаза адамдарға тән шәлкем тартып, сезім — түйсіктері өткірлене түсті. Санасындағы ұдайы қорқыныштың әсерінен оның ойлары әдеттегі қалпынан асып, данышпандарға тән шарықтау шегіне жетті; оның бүкіл жан дүниесін сарсаңға салған жанайқайы, жүйке сырқаты оның айна-қатесіз шығармашылық сезімін дамытып, ұштады; кісі өлтіргеннен бері оның денесі жеңілдегендей, қасірет шеккен ақыл-есі өзінің қалыпты шегінен шығып, ақыл-ой көкжиегінің күрт кеңеюінің салдарынан Лоранның санасында бас айналдырар бейнелер мен шынайы поэтикалық армандар туды. Содан да оның қимыл-қозғалыстары аяқ астынан әсем арна тапты, содан да оның суреттері күтпеген жерден өз қолтаңбасы бар, өміршең бола түсті.
Досы бұл таланттың өмірге келуінің себептерін анықтауға уақытын кетіріп жатпады. Сол аң-таң күйінде кете барды. Кетерде суреттерді тағы бір қарап шығып, ол былай деді:
— Бір ғана ескертпем бар: сенің этюдтеріңнің бәріне ортақ бірдеңе бар. Бес пішіннің бәрі де бірінен-бірі айнымайды. Тіпті әйелдердің жүзінде де ерекше өзгешелік бар; олардың бәрі де әйелше киінген еркектерге ұқсайды... Егер сен осы нобайлардан картина жасағың келсе, онда кейбір пішіндерді басқамен ауыстыруға тура келеді. Картинада бейнеленгендердің бәрі туысқан кісілер болуы дұрыс емес қой, онда жұрттың күлкісіне қаласың.
Ол шеберханадан шығып бара жатып тағы да даурыға күлді:
— Жаса, жаса, байырғы дос, сені көргеніме қуаныштымын. Енді мен не нәрсеге де сенетін боламын... Құдайым-ау! Қалай, қалай баурайсың адамды!
Ол кетті. Лоран шеберханаға көңілі қобалжи кірді. Әлгінде досы өзі жазған бет — пішіндердің бәріне ортақ бірдеңе бар дегенде, ол өзінің сұрланған жүзін қонағы көрмесін деп жалт бұрылған. Мәселенің мәнісі мынада: әлгінде суретші тап басып айтқан түпкі ұқсастық Лоранның өзін де қайран қалдырған. Ол суреттерге таяу барып, бірінен кейін бірін қайта қарай бастағанда оның жауырынынан суық тер шықты.
— Ол дұрыс айтады, бұлардың бәрі бірінен-бірі айнымайды, — деп күбірледі ол. — Бәрі де Камиллге ұқсайды.
Ол кейін шегініп, диванға барып отырды, өзі жазған этюдтерден көзін айыра алмады. Олардың біріншісінде ұзын ақ сақалды қарт бейнеленген; сақалдың тасасынан Лоран Камиллдің қушиған иек сүйегін көрді. Екіншісінде аққұба өңді қыз бұған өзінің көкшіл көздерімен — өз құрбандығының көзімен қарап тұр. Қалған үш бейнеден де суға кеткен өліктің бет — пішіні мен мұндалап тұр. Мұның бәрі қарттың, қыздың кейпіне кірген Камилл, суретші қиялы басқаша киіндірген Камилл еді; бірақ барлық жағдайда да портретте бір адамның бет-жүзінің негізгі сипаттары сақталып қалған. Бұл бейнелерде бұдан басқа да жан түршігерлік ұқсастық бар еді: олардың бәрінен де азап пен күйзеліс табы, сұрапыл үрей ұшқыны білініп тұрды. Бәрінің де ауыздарының сол жағында әжімді қатпар пайда болған, соның салдарынан еріндері қисайып, бет әлпеті бұзылған. Суға кеткен марқұмның әбден бүлінген кескінінен Лоран байқап қалған осы қатпар портреттердің бәріне бірдей жексұрын ұқсастық беріп тұр.
Лоран өзінің мәйітханада Камиллге тым ұзақ қарағанын енді түсінді. Өліктің бейнесі оның жадында өшпестей болып сақталып қалыпты. Енді міне, оның қолы мұның еркіне бағынбай, кенепке өзінің қыр соңынан қалмай келе жатқан үрейлі кейіпті еріксіз салады.
Суретші диванға шалқайып отырды. Оған біртіндеп портреттерге жан біте бастағандай көрінді. Оның көз алдында бес Камилл, өз қолымен салған, және әлденендей ғажайып күштің әсерімен әр түрлі жастағы, әр түрлі жыныстағы кейіпке енген бес Камилл тұрды. Ол орнынан тұрып суреттерді түте-түтесін шығарып жыртты да, лақтырып тастады. Ол енді шеберханасын өз құрбандығының портреттерімен толтырып қойса, қорқыныш пен үрейден жүрегі жарылып өлетінін білді.
Оның бойын үрей биледі: ол енді қандай портретті жазса да, суға кеткен өлікке ұқсамай қоймайды деп қорықты. Ол өз қолы өзіне бағына ма екен, соны тексеруге ұйғарды. Ол мольберттің үстіне таза кенеп қойып, көмірмен бет әлпетінің негізгі нобайын сызды. Кескін Камиллдікі болып шықты. Лоран нобайды дереу өшіріп, басқасын жобалады. Ол өзінің қолына ерік бермеген дүлей күшпен бір сағат бойы арпалысты, бәрібір қанша тырысса да қолына қалам алған сайын суға кеткен өліктің кескіні шыға берді. Ол өзіне таныс сызықтардан қанша қашқанмен ештеңе шықпады, ол өзінің бұлшық еттерінің, өзінің бүлік салып жатқан жүйкесінің дегенінен шыға алмай, қайта-қайта өзіне таныс қиырларды шиырлай берді. Алғашқыда ол нобайларды жеделдете салды, содан кейін көмірмен асықпай сызуға кірісті. Бәрібір еңбегі еш бола берді: кенепте Камиллдің қиналып қисайған беті қайтадан көрінді. Суретші таң шапағына оранған періштелердің, бейкүнә бойжеткендердін бет пішіндерін, дулыға киген рим жауынгерлерінің бастарын. аққұба, шекелері торсықтай сәбилердің айдарларын, беттерінің сай — сай тыртықтары бар кәнігі қарақшылардың кескіндерін бірінен соң бірін салып көрді, — бәрібір сүлдерін сүйретіп суға кеткен өлік шыға берді; ол біресе періште, біресе қыз, біресе сәби, біресе қарақшы болды. Тіпті болмаған соң Лоран келемеж суретке көшті; ол жекелеген мүшелерді дабырайтып көрді, құбыжық кескіндерді салды, қиялда жоқ қайдағы бір кейіптерді кескіндеді; бірақ одан оның құрбандығының портреті бұрынғыдан бетер қорқынышты бола түсті. Ақыр соңында ол хайуандарды — иттер мен мысықтарды салып көрді. Иттер мен мысықтар да әлде бір ұқсастығымен Камиллді еске түсірді.
Лоранның зығырданы қайнады. Ол өзі ойлаған үлкен картинаны өкіне есіне алды да, сол сәтте-ақ кенепті жұдырығымен бір қойып, тесіп тастады. Енді ол туралы ойлап та керегі жоқ; ол бүгіннен бастап тек Камиллден басқа ештеңе де сала алмайтынын анық түсінді; иә, енді ол досы айтқандай бір-біріне ұқсас бастарды салуға, сонысымен жұрттың күлкісін шақыруға мәжбүр. Ол өзі ойлаған картинаның қалай болатынын көз алдына елестетіп көрді; әйел ме, еркек пе — бәрібір, барлық персонаждардың денесіне суға кеткен жігіттің аппақ қудай үрейлі кескіні қондырылар еді. Оның қиялында туған оқшау көріністе мән-мағына жоқ еді, сондықтан оның көңілі бұрынғыдан да бетер торыға түсті.
Сонымен, бүгіннен бастап ол қолына қалам алмайды, өйткені бірінші жаққан бояуымен — ақ ол өз құрбандығын қайта тірілтер еді. Егер ол шеберханада тыныш күн өткізгісі келсе, онда сурет салумен айналыспауы тиіс. Саусақтарының Камиллді ғана салуға еріксіз мәжбүр болғанын ойлап, ол тағы да үрейлене қолын мұқият қарай бастады. Ендігі жерде ол бұған тиесілі еместей көрінді.
XXVI
Ракен ханымның басына түскен қасірет оны аяқ астынан алып ұрды. Бірнеше айдан бері қарияның денесіне дендеп кіріп, әні — міні алуға әзір тұрған сырқат кенет оны алқымнан алып, аяқ-қолдарын матап тастады. Бір күні кешкілік Ракен ханым Терезамен және Лоранмен алаңсыз әңгімелесіп отырып, кенет көмейіндегі сөзді айта алмай, аузын аңқайтып ашқан күйі сіресіп қатты да қалды; өзін біреу қылғындырып жатқандай көрінді. Ол айқайлап, маңайындағыларды көмекке шақырғысы келіп еді, бірақ оның кеудесінен түсініксіз бір сырыл ғана шықты. Оның тілі байланып қалды. Аяқ, қолдарынан жан кетті.
Тереза мен Лоран қартаң сатушыны көзбе-көз алып ұрған соққыдан естерінен танып, орындарынан ұшып тұрды. Байғұс кемпір сірескен қалпында оларға жалынышты көз тастады, сонда ғана олар одан не болды деп сұрай бастады. Ол тіл қата алған жоқ, балаларына қатты қинала әрі торыға қарай берді. Олар алдарында бәрін де көріп, еститін, бірақ бірдеңе деп тіл қата алмайтын тірі өліктің жатқанын түсінді. Осы бір бақытсыздық жағдай оларды тағы да тығырыққа тіреді: шын мәнінде олар сал болып қалған қарияның жағайын ойлап қамыққан жоқ; олар өздерінің жағдайын, ендігі жерде екеуі ғана қалатынын ойлап қан жұтты.
Сол күннен бастап ерлі-зайыптылардың өмірі тозаққа айналды. Олар енді бұларды еркелетіп, бұрынғыдай өзінің сүйкімді мылжыңымен көңілдерін аулай алмайтын сал болып қалған кемпірдің қасында сұмдық кештерді бастан өткерді. Ол креслода буған жүк құсап, зат құсап жатты да қойды, ал бұлар үстелдің басында үрпиісіп, не істерін білмей дал болған күйде отырды. Бұл тірі өлік енді оларға бөгет болудан қалды; кейде олар оны ұмытып та кетеді, немесе айналадағы заттардың бірі екен деп қалады. Мұнда да оларды үйреншікті үрейлері өкшелейтін болды; мұнда да жатын бөлмедегідей Камиллдің елесі көз алдарында тұрды. Демек, олар енді күндегіден тәулігіне төрт-бес сағат көбірек қиналатын болды. Қалай қараңғы түседі, олар қалтырай бастайды; олар бірін-бірі көрмес үшін шамның жамылғысын түсіріп қоятын болды, және Ракен ханымға әні-міні тіл бітеді, өзінің барлығынан хабар береді деп өздерін жұбатуға тырысты. Олар оны бағып, күтті және көздері әлі шырадай жанып тұрғаннан кейін одан құтылуға асыққан жоқ, ерлі-зайыптыларға олардың қалай қозғалып, қалай жарқылдағанын көру де алданыш болды.
Олар сал ауруды жарық жақсы түсіп, барлық уақытта көрініп отыруы үшін шамның шақырайған жарығында ұстады. Сал болған кісінің қан-сөлсіз, салбыраңқы бет әлпеті әркімге ұнай бермеуі мүмкін, бірақ ерлі-зайыптылар үйге бөтен біреулердің келіп-кетіп жүргенін хош көреді. Кемпірдің жүзі оған тірі адамның көздерін апарып орната салған өлген адамның бұзыла бастаған бетіндей еді; оның бүкіл мүшелерінен тек көздері ғана қозғалады; олар өз ұяларында тынымсыз аунап, төңкеріледі, есесіне еріндері мен қабақтары тас боп қатып қалғандай, қараған кісінің үрейін алады. Ракен ханым қабағын жауып, қалғи бастағанда оның сұп-сұр болып ұйып қалған кескін-келбеті өлген адамның бет жүзіне көбірек ұқсайды. Ондай кезде Тереза мен Лоран бөлмеде бір өздері қалғандарын сезіп, сырқат көздерін ашып, өздеріне қарасын деп әдейі айқайлап, үйді бастарына көтереді. Сөйтіп олар оны ояу, сергек отыруға мәжбүр етеді.
Олар оны азапты ойлардан айықтыратын ойыншық есебінде ұстады. Ауырған күнінен бастап оны баладай мәпелеп, күтті. Оған жасаған қамқорлықтары құныкерлерді қаумалаған ауыр ойларды аз да болса сейілткендей болады. Таңертеңгілік Лоран оны көтеріп әкеліп креслоға отырғызады, ал кешкісін төсегіне жатқызады; оның денесі әлі ауыр еді, сондықтан оны абайлап көтеріп, алып жүру үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тура келеді. Оны кресломен бірге сырғытып алып жүру де Лоранның міндетіне кірді. Басқа жұмыстардың бәрін Тереза атқарды; ол оны мезгілінде киіндіріп, тамақтандырды, оның титімдей тілегін орындауға бәйек болды. Бірнеше күн қатарынан Ракен ханым қолдарын қозғалта алатын; ол грифель тақтаға өзіне қажетті нәрселерді сұрап жаза алатын; содан соң оның қолдары жансызданып, қарындаш ұстаудан да қалды; содан бастап ол көз қарасы арқылы ғана ұғынысатын болды, енді немере сіңлісіне оның не сұрап отырғанын тұспалдап білуіне тура келді. Жас әйел науқас күтушінің қиын міндеттерін атқарды. Бұл оның қол еңбегімен бірге ой еңбегін де қатар атқаруға мүмкіндік берді және оған онды әсер етті.
Әйтеуір бір-бірімен оңаша қалмас үшін ерлі-зайыптылар таңертеңнен бастап сорлы кемпір отырған креслоны ас үйге сүйреді. Олар оны құдды бір өмірлік қажеттіліктері секілді қастарында ұстады; олар оны өздерінің барлық ас мәзірі мен барлық әңгімелерінің куәгеріне айналдырды. Ол кейде өз бөлмесіне барғысы келетінін ыммен білдіргенде, бұлар оның не деп тұрғанын түсінбеген сыңай танытты. Қарияның бар міндеті бұлардың жалғыздығына ара түсу еді; өз бетінше өмір сүруге құқылы болмады. Таңертеңгі сағат сегізде Лоран шеберханасына беттейді. Тереза дүкенге кетеді, ал науқас түске дейін ас үйде қалады; түскі астан кейін ол кешкі сағат алтыға дейін тағы да жалғыз қалады. Күні бойы немере сіңлісі жоғарыға бірнеше рет көтеріліп, оған бірдеңе керек емес пе екен деп әпкесінің қасында біраз айналшықтап жүріп алады. Осы үйдің достары Тереза мен Лоранның жанашырлығын айтып мақтағанда ауыздарының суы құриды.
Бейсенбі күнгі қабылдаулар жалғасып жатты, науқас бұрынғысынша соның бәрін көріп отырды. Оның креслосын үстелге жақындатып қойды; сағат сегізден бастап ол қонақтардың бәрінің көзіне тесіле қарап отырады. Алғашқы күндері Мишо қария мен Гриве байырғы достарының өлексесінің қасында өздерін қалай ұстаудың жөнін таппай, біраз қиналды; олардың қиналғаны Ракен ханымның сырқатының ауырлығы жөніндегі мәселе емес, әдеп бойынша мұндай жағдайда өздерін қалай ұстау керектігі туралы мәселе еді. Бір аяғы көрде тұрған мұндай адаммен әңгімелесіп, шүйіркелесу жөн бе, әлде тіпті назар аудармай қою керек пе? Біртіндеп олар науқаспен құдды онымен ештеңе болмағандай бұрынғысынша араласа беру керек деген шешімге келді. Ақырында олар оның қазіргі жағдайынан бейхабар адамдай тұр танытты. Олар онымен әңгімелескен болып, сұрақ қойып, оған өздері жауап беріп мәре-сәре болысты, оның қыбырсыз қатып қалған бетінен ұялып, қымсынған да жоқ. Бұл өзі біртүрлі ыңғайсыз көрініс еді: олар кішкене қыздар қуыршағымен қалай әңгімелессе, бұлар да алдарындағы жансыз тас мүсінмен солай әңгімелесетін сияқты. Сал болып, денесі жансызданып қалған жарымжан адам олардың алдында мылқау кісідей міз қақпастан отырса, бұлар онымен қызу әңгімелерге кірісіп, қызулана қолдарын сермеп, бір сәтке жақтары сембей қойды. Мишо мен Гриве өздерінс разы күйде отырды. Олар өздерін білікті кісілерге тән әдеп сақтап отырмыз деп ойлады; сонысымен олар іш пыстыратын жанашырлық сөздерін жаудырудан өздерін арашалап алды, ал науқаспен сау адамдай сөйлесіп, Ракен ханымның көңілін аулаған болды. Осындай өздеріне қолайлы жағдайды таңдап алып, достар оның көзінше қысылып-қымтырылмай-ақ думандата берудің амалын тапты.
Гриве тағы бір ермек тауып алды. Ол Ракен ханым бұған сәл көз салса болды, бұл оның не тілеп тұрғанын айтқызбай ұғамын деп өзеуреді. Бұдан да оның тарапынан науқасқа өте жіті көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болар еді. Бірақ, өкінішке орай, Гриве жиі қателесетін. Көбіне ол ойынды үн-түнсіз бағып отырған науқасқа тесіле қарап отырып, оған анау қажет, мынау қажет деп домино партиясын үзіп тастайтынды шығарды. Анығында Ракен ханымға ештеңенің де керегі жоқ, болмаса басқа бірдеңе қажет болып шықты. Бірақ оған қысылып жатқан Гриве жоқ, "Мен сендерге айттым ғой" деп алады да, аз уақыт өткен соң үйреншікті әніне қайта басады. Науқас шынымен бірдеңе сұрағанда жағдай басқаша болып шығады; мұндай кезде Тереза мен Лоран, қалған қонақтар барлығы жамырай оған қажет деген заттың атын атайды. Гривенің жорамалдары шындыққа тіпті де сәйкеспей жатады. Ол ойына не келсе, соны атап, Ракен ханым қажетсінген нәрсеге атымен қатысы жоқ басқа бірдеңені ұсынады. Мұнысымен қоймай:
— Мен оның нақ кітаптағыдай көзінен көріп тұрмын ғой. Солай емес пе, қымбаттым? Көрдіңдер ме, ол менікін дұрыс деп тұр... Әрине, әрине! — деп өзеуреп болмайды.
Ал байғұс қарияның не тілеп тұрғанын түсіну шындығында оңай емес. Бұл үйде оның тілін табатын Тереза ғана еді. Ол қарияның әлі өлмеген, бірақ жансыз дененің терең түкпіріне көміліп, бітеліп қалған санасынан оп-оңай саңылау табатын. Өмірге араласпай-ақ, оның рақатын көрмей-ақ тек көзі тірі отырған осы бір байғұс пенденің жан дүниесінде не болып жатыр? Әрине, науқас көз алдындағының бәрін де көріп, естіп, біліп, анық бағалап отыр, бірақ соны білдіретін байғұстың бірде-бір мүшесі жұмыс істемейді; дауыстан айырылған ол санасында тулаған ойларды сыртқа шығаруға дәрменсіз. Осы ойлардың өзі оны тұншықтырып жатқан болар. Егер әлемнің тағдыры оның қыбыр еткен бір ғана қимылына, бір ауыз сөзіне тіреліп тұрса да, ол қолын көтеріп, аузын аша алмас еді. Оның ақыл-есі байқамай тірідей көмген адамға ұқсайды: ол екі-үш метр жердің астындағы қараңғы түнекте оянады да, жанұшыра айқайлайды, аласұрады, бірақ оның осы жанталасын оның үстінен өтіп жатқан бірде-бір жан иесі сезбейді, қол ұшын бермейді. Лоран Ракен ханымға, оның тас болып жымқырылған еріндеріне, тізесінің үстіне қонақтаған жансыз қолдарына жиі қарайды; ол оның бүкіл өмірлік күші жылмың қаққан әлі де тірі көздеріне келіп тоғысқанын түсінеді, кейде:
— Оңаша қалғанда не ойлайтынын кім білген бү жазғанның... Осынау тірі өліктің жанында әлдебір қасірет қайнап жатыр-ау, сірә, — деп ойға шомады.
Лоран қателеседі, Ракен ханым өзін балалары алаңсыз күтіп, баққаны үшін бақытты еді. Ол өмірінің ақырын осылай, сүйіспеншілік пен қамқорлық аясында өткізуді армандайтын. Әрине, ол өмірден рухани үйлесіммен өтуге мүмкіндік бергендері үшін достарына алғыс сезімін білдіретін сөйлеу қабілетінің болғанын қалар еді. Ол өзінің маңдайына жазылғанды қарсылықсыз қабылдады; ол қашанда өзімен-өзі болып, тыныш өмір сүрді, оның мінезі әуелден жұмсақ, өзі көнбіс еді, сондықтан да ол тіл мен жақтан айырылып, сал болып қалғанын соншалықты қиналыссыз қарсы алды. Ол бала кейпіне түсіп, айналадағының бәрін бақылап, өткенді есіне түсіріп, күндерін зерікпей өткізіп жатты. Ең соңында ол өзінің кішкене қыз құсап қыңқ етпей креслода отыруының өзінен рақат тапқандай еді.
Оның жанары күн өткен сайын нұрлана, одан түскен жарық өткірлене түсті. Күндердің күнінде ол өзінің көздерін сұрағанын немесе ырзалығын білдіретін қолдарының, еріндерінің орнына пайдаланатын дәрежеге жетті. Осындай тосын да жүрек тебірентерлік әдіспен ол өзінің жетіспейтін органдарының орнын толтырды. Оның терісі салбырап, қартайған, қисайған жүзінде тәңір сыйлаған сұлу жанардан ұшқын шашырады. Өзінің жабылып, жансызданып қалған еріндерін ашып күле алмағаннан кейін ол мейірім шуағына толы жанарымен жымиятын болды; оның дымданған жанарынан таң шапағындай ғажайып жарқылдар көрініс берді. Жансыз бетте құдды бір еріндер құсап жымиған осы көздерден тартымды ештеңені елестету қиын еді; қарияның бетінің төменгі жағы жансыз, сұп-сұр әрі тұнжыраңқы болғанымен, оның есесіне жоғарғы жағы тәңірі жаққан оттай жарқырады. Ол өзінің жай ғана көз қарасына барлық мейірім шуағын, кеудесін кернеген алғыс сезімін сыйғыза білді, және мұндай көзқарас алдымен оның қымбатты балаларына арналатын. Таңертең және кешкілік оны басқа орынға апару үшін Лоран қолына алғанда ол өзінің оған деген ризашылығын жанарымен жеткізді.
Осылайша ол алланың ажалын күтіп және енді қайтып басқа қасіретке душар болмаспын деген нық сеніммен бірнеше апта ғұмыр кешті. Ол басқа түскен қайғы-қасіреттің у — зәрін сарқын іштім деп ойлайтын. Қателескен екен. Бір күні кешке адам шошырлық ауыр соққы тағы да қайталанды.
Оны екеуінің арасындағы бөгет ретінде ең көрнекті жерге қою үшін Тереза мен Лоран қанша жанталасқандарымен, екеуін бір — бірінен бөлек ұстап, оларды үрей мен мұңның қуғынынан құтқаруға ол дәрменсіз еді. Олар қарияның бар-жоғын ұмытқан кезде, оның көретінін әрі еститінін ұмытқан кезде олар әбден естерінен айырылды, көздеріне Камилл елестеп, оны қуып шығуға жанталасты. Олар бірдеңелерді міңгірлеп, ауыздарынан күнәларын мойындау сөздері еріксіз шығып жатты, осыдан Ракен ханым бәрін де түсінді. Бірде Лоранның ұстамасы ұстап, ол сандырақтап жатып бәрін де айтып берді. Сал болып жатқан науқасқа бәрі де аян болды.
Кенет оның бет-аузы жан түршігердей құрысып, денесінің қалшылдағаны сондай, Терезаға ол дәл қазір атып тұрып, шыңғырып жіберетіндей көрінді. Содан кейін ол тағы да тастай болып қатты да қалды. Бұл керемет соққының қорқыныштылығы сондай, өлі денеге жан кіргендей болды. Бір сәт тірілген сезім қайтадан ғайып болды; науқас бұрынғыдан да әлсіреп, бозара түсті. Оның жайшылықтағы сүйкімді көздері темірдің сынығы сияқты қап — қара, қатты бірдеңеге айналды.
Адам төзгісіз арпалыс онсыз да әлсіз қарияны аяусыз жаншыды. Қатыгез шындық оның жанарын жай түскендей осып өтті де, бүкіл жан дүниесін ойран-асыр етті. Егер ол орнынан тұрып, көкірегін қарс айырған қайғысы мен өкініш — өксігін ақтара алса, егер ол өзінің ұлын өлтірген қанішерлерді қарғай алса, оған жеңіл болар еді, бірақ бәрін естіп, бәрін біліп алғаннан кейін ол енді қозғалмайтын, мылқау күйде қалуға және өзінің бүкіл қайғы-қасіретін жанының терең түкпірінде сақтауға мәжбүр. Оған енді Тереза мен Лоран үйден шығып кетпесін деп оның аяқ қолын байлап-матап, креслоға таңып қойғандай, "Камиллді өлтірген біз" деп айтудан айыздары қанатындай және оның өксігін естіртпсе үшін аузына тығын тығып кеткендей көрінеді. Қорқыныш пен өкініш сыртқа шығар жол таппай оның амалын құртты. Ол өзін албастыдай басқан ауыртпалықты кеудесінен ысырып тастау үшін және тұла бойын кернеген ашу-ызаны сыртқа шығару үшін адам төзгісіз күш жұмсады. Бірақ соның бәрі бекер болды: ол өзінің тілінің салқындап бара жатқанын, оны ажал құшағынан алып шыға алмайтынын сезді. Ол әбден әлсіреп, ағаштай болып қатып қалды. Ол алып ұйқыға кеткен үнсіз, тілсіз адам өзін тірідей көміп, бетін жауып жатқан топырақ түйірлерінің дүңкілдеген дыбысын естіп жатқанда басынан не өткерсе, бұл да соны сезінгендей болды.
Оның жан-жүрегі жадап, қаңырап қалды. Ол барлық сезімдерінің күйреуін бастан кешіріп, күрт сынды. Оның бүкіл өмірі желге ұшты, зая кетті; барлық құштарлығы, бар мейірім — шапағаты, қайсарлығы — бәрі астан-кестен болды, аяққа тапталды. Ол махаббат пен мейірімге толы өмір сүрді, ал жер бетіндегі тіршіліктің тыныш рақатына деген сенімін о дүниеге өзімен бірге ала кеткелі отырған соңғы сағаттарда әлдекімнің өктем даусы мұның бәрі — жалған, мұның бәрі қылмыс деп айқай салды. Перде жыртылды, махаббат пен ізгіліктің орнын қан мен қорлықтың сұмдық көрінісі басты. Егер оған тіл бітсе, тәңірінің өзін оңдыртпас еді. Құдай оны алпыс жылдан бері алдап келген екен, ол мұны айтқанды екі еткізбейтін кішкене қыздай алдаусыратып, тәубеге толы өмірдің жалған қызықтарымен жұбатып келген екен. Ол сөйтіп түрлі сандырақтарға қалтқысыз сенетін, бірақ құмарлықтың қандыласына былғанған шынайы өмірді көрмейтін сәби қалпында қала беріпті. Тәңірі бұл ойлағандай болмай шықты; ол бұған бар шындықты бұрынырақ айтуы керек еді, болмаса оның жанын о дүниеге былғамай әкетуі керек еді. Енді оған махаббат пен достықтан, өзін-өзі құрбан етуден күдерін үзіп, өлуден басқа амал қалған жоқ. Нәпсіқұмарлық пен қанқұмарлықтан басқа ештеңе де жоқ!
Қандай сұмдық! Камиллді Тереза мен Лоран өз қолдарымен өлтірген, және олардың басына бұл туралы сұмдық ой ұятсыз ойнас құшағында келген. Осыны ойлағанда Ракен ханымның жан дүниесінде түпсіз шыңырау пайда болды, ол осының бәрін тыныш әрі сергек күйде ой елегінен өткізу былай тұрсын, тіпті ойлау қабілетінен айырылып қалды. Оның басында тек өзінің әлдебір қиямет құздан қап-қараңғы, сұп-суық шыңырауға құлдилап құлап келе жатқаны туралы ғана түйсік бар еді. "Осының түбінде тас-талқаным шығар!" деп ойлады ол.
Бірінші соққыдан кейін, қылмыстың жан түршігерлігі сондай, ол оған сенгісі келмеді. Кейін бұрын мәніне түсінбеген кейбір жағдаяттарды есіне түсіргеннен соң оның Тереза мен Лоранның опасыздығына және олардың қылмыс жасағандарына көзі жетті. Осы жерде ол ақылымнан айырыламын ба деп қорықты. Иә, Камиллді өлтірген — Тереза мен Лоран, өзі бағып-қағып өсірген Тереза, өзі анасындай сүйіп, еркелеткен, қамқорлық жасаған Лоран. Осы ойлар оның басында құлақ тұндыра қаңғырлаған алып донғалақтай айналып тұрып алды. Енді ол жүрек айнытар ұятсыз оқиғалардың бүге-шігесіне бойлап, шексіз көз бояушылықтың тұңғиығына батып, сонша қатыгездікпен жасалған қылмысқа ойша сүңгігенде, бұдан әрі ойламас үшін өлгісі келді. Диірменнің үстіңгі тасы секілді айналып келе беретін аяусыз да ауыр бір ғана ой оның мазасын алып, миын тескіледі. Ол "Менің ұлымды өлтірген — өз балаларым" деген ой. Ол бұдан басқа өзінің ашу-ызасын, өкініш — өксігін білдіретін сөз таппады.
Оның жан дүниесінің астан — кестеңі шықты, абыржыған күйде өзін-өзі іздеп еді — өзін танымады; ол өзіне өмірлік шамшырақ болған мейірім — шапағатын түгелдей сарқып, тек қана кек алу туралы ойлардың астында қалды. Ол осылай қайта өзгергенде оның жанын түнек басты; ол өзінің өліп бара жатқан денесінде құныкерлерді азаптап өлтіруге дайын қатыгез де ымырасыз жаңа бір жаратылыстың туып келе жатқанын сезді.
Сал ауруының тұла бойды тұзақтаған сұрапыл күшіне бағынуға мәжбүр болғанын, өз қолымен тұншықтырып өлтіргісі келетін Тереза мен Лоранның алқымдарына қолы жетпейтінін білгенде, ол өзінің мешелдігі мен мылқаулығын амалсыз мойындады, сонда барып оның бетінен ірі жас тамшылары домалап түсіп жатты. Осы бір тілсіз мылқау, тереңде тұнып қалған удай өкініш пен қайғының көрінісін көзге елестету қиынның қиыны... Бірде-бір әжімі қыбыр етпеген, тастай қатып қалған беттен сырғанап түсіп жатқан жас моншақтары, өзінің барлық талшық — тамырымен қасірет — қайғысын білдіре алмаған боп-боз, жансыз бет, тек көздері ғана жылаған жансыз бет, — осының бәрі жан түршігерлік көрініс еді.
Терезаны қорқынышы аралас аяушылық сезімі биледі.
— Оны жатқызу керек, — деді Лоранға әпкесін көрсетіп.
Лоран науқасты бөлмесіне апаруға асықты. Содан соң ол оны қолына алмақ болып еңкейді. Осы минутта Ракен ханымның ойында оны белгісіз бір алапат күш аяғынан тұрғызады деген үміт оты тұтанды; ол жанталаса ұмтылып бақты. Құдай енді қайтып Лоранның өзін кеудесіне қысуына жол бермеуге тиісті; ол осындай сұмдық ұятсыздыққа баратын болса, онда оған жай түседі деп ойлады. Бірақ ешқандай күш оны орнынан тұрғызған жоқ, аспан да нажағайын аяп қалғандай. Қанішер оны көтеріп алып жүрді; ол өзін Камиллді өлтірген қаныпезердің қолында дәрменсіз, жетім адамдай сезінді. Оның басы Лоранның иығына қарай ауып кеткен, байғұс оған қорқыныш пен жек көрушіліктен адырайып кеткен көздерімен ішіп-жей қарады.
— Несі бар, қара маған, қарап ал, — деп күбірледі ол. — Көзіңмен мені жеп қоймассың...
Сөйтті де ол оны кереуетке сылқ еткізіп тастай салды. Байғұс талықсып кетті. Оның соңғы ойы үрей мен жиренішке толы еді. Бүгіннен бастап оның күнде таңертеңгілік және кешкілік Лоранның пасық құшағында болуына тура келеді.
XXVII
Өте қатты үрейленуден болған шалық қана ерлі-зайыптыларды Ракен ханымның көзінше шындарын айтуға мәжбүр етуі мүмкін. Екеуі де қатыгез емес — тін; егер олар қылмыстарын өз қауіпсіздігі үшін жасыра алмаса да, олар жай адамгершілік тұрғысынан болса да қариядан шындықты жасыруға тырысар еді.
Бейсенбі күні олар қатты алаңдай бастады. Таңертеңгілік Тереза Лораннан науқасты күні бойы ас үйде қалдыру қауіпті емес пе деп сұрады. Ол бәрін де біледі, сондықтан күдік тудыруы мүмкін.
— Сен не айтып тұрсың? Ол саусағын да қимылдата алмайды, — деді Лоран. — Қалайша ол бірдеңе демек?
— Ал, бәлкім, бір ретін тапса ше, — деп қарсылық білдірді Тереза. — Сол күнгі кештен бері мен оның көздерінен бір байламға келгенін байқағандаймын.
— Ол енді адам болмайды деп дәрігердің өзі айтты ғой. Егер оған тіл бітсе, өлерінің алдында ғана бітер... Ол көпке бармайды, мазасызданбай-ақ қой. Оны қонақтарға қатыстырмай қою ақымақтық болар еді, бұл тағы да тәңірге күнәкар болумен бірдей ғой.
Тереза тіксініп қалды.
— Сен мені дұрыс түсінбедің, — деді ол. — Әрине, сен дұрыс айтасың, онсыз да мойнымызда қан аз емес қой... Менің айтайын дегенім, оны бөлмеге қамап қойып, ол өзін жағдайсыз сезінеді, ұйықтап жатыр деу ғой.
— Олай болмай шықса қайтесің! — деп Лоран көнбеді. — Ал ақымақ Мишо байырғы досымды көрем деп көп ойланбай-ақ оның бөлмесіне кіріп барса ше... Көресіні сонда көрерміз.
Ол абыржулы еді; қанша байсалды көрінгісі келсе де, қобалжып тұрғандықтан, түсініксіздеу тіл қатты.
— Оқиғалардың өз жөнімен өрбуіне мүмкіндік беру керек, — деді ол. — Осылардың бәрі тығындай кеуек ақымақ жандар, — деді ол, — олардың тіпті кемпірдің қасіретін сезбейтініне де мен сенемін, өйткені ол екі сөздің басын құрай алмайды ғой. Олардың шындықтан аулақтығы сондай, ештеңенің де байыбына барып жатқан жоқ. Біздің бейғамдығымыз өзімізге зиянын тигізбес үшін мұны тексеріп көру керек, сонда ғана жанымыз тыныш болады. Көресің әлі, бәрі де ойдағыдай болады.
Кешке, қонақтардың келуіне дейін Ракен ханым камин мен үстелдің арасындағы өз орнында отырды. Лоран мен Тереза көңіл күйлері көтеріңкі адамдардың қалпын танытты: бойларындағы абыржу сезімін жасыруға тырысып, олар болмай қоймайтын көріністі үрейлене күтті. Олар шамның жарығын барынша көлегейлеп, жарық үстелге жабылған кленкаға ғана түсіп тұрды.
Қонақтар әдетте доминоның алғашқы партиясының кезінде болатын құрғақ, бос әңгімелерді айтып отырды. Гриве мен Мишо науқастың халін сұрап, оған қай кездегідей өздерінің үйреншікті жауаптарын беріп, тоқмейіл қалып танытты. Содан кейін жиналған топ байғұс қарияны мүлдем ұмытып, ойын қызығына біржола беріліп кетті.
Ракен ханым өзін ойсыратып кеткен сұмдық құпияны білген күннен бері осы кезді тағатсыздана күткен еді. Ол қылмыскерлерді әшкерелеу үшін бойында қалған барлық күшін жинап бақты. Соңғы минуттарға дейін ол өзін қонақтарға жібермей қоя ма деп қорыққан еді; ол Лоран өзін басқалардан оңашалап тастайды, не көзін құртады, ең болмағанда басқа бөлмеге қамап тастайды деп ойлаған. Енді өзін ешкімнен жасырмағанына сеніп, айналасындағы қонақтарды көргенде, ол қатты қуанды — ол ұлының кегін алуға бел буды. Тілінің дәрменсіз екенін білгеннен кейін ол басқаша түсінісуді ойластырды. Барлық ерік-жігерінің күшімен ол әдетте тізесінің үстінде сұлық жататын оң қолына жан бітіріп, оны сол жоғары көтерді: содан соң қария үстелдің аяғына жармасып, қолын жоғары қарай жылжыта түсті де, ақыры оны үстелдің үстіне қойды. Сөйтті де өзіне жұрт назарын аудару үшін саусақтарын қимылдата бастады.
Ойыншылар үстел үстінен науқастың қан-сөлсіз, семіп қалған қолын көргенде аң-таң болысты. Гривенің үстел үстіне алты да алты тасты тастағалы әнтек көтерген қолы сол күйінде қалды. Шындығында осы ауру ұстағалы оның бір саусағы да қимылдамаған еді.
— Ей-ей, Тереза, мынаны қара, — деп айқайлап жіберді Мишо, — Ракен ханым саусағын қимылдатып жатыр... Сірә, оған бірдеңе керек болар.
Терезаның үні шықпай қалды, Лоран сияқты ол да қарияның қарекетін қадағалап отырған; ол шам жарығы мол түскен әпкесінің қолынан, бұларды қарғап-сілеген, бірдеңе деп сөйлегісі келген қолынан көз ала алмай қалды. Құныкерлер демдерін іштерінен алып, не боларын күтті.
— Оған шынында бірдеңе қажет болып тұр... — деді Гриве. — Енді қалай, біз бір-бірімізді айтқызбай түсінеміз... оның домино ойнағысы келіп отыр... Солай ғой, қымбаттым?
Ракен ханым әнтек қимылмен қарсылық білдірді. Ол бар күшін жиып бір саусағын жазды да, қалғандарын бүкті, содан соң кленканың бетіне соншама қиындықпен әлдебір әріптерді жаза бастады. Ол бірнеше сызық сызғанша Гриве тағы да көңілдене айқай салды:
— Көрдіңдер ме? Ол менің жүрісімді мақұлдап отыр!
Жарымжан әйел мосқал шенеунікті ала көзімен атты да, әлдебір сөзді жаза бастады. Бірақ Гриве мұның бәрі бекер, мен оны онсыз да түсініп тұрмын деп, әңгімені қайта-қайта үзе берді, қисынсыз бірдеңелер айтты. Әйтеуір абырой болғанда оны Мишо басты.
— Сайтан алғыр! Ракен ханымның жазуына мұрша берсеңші! — деп айқайлады ол.
— Жалғастырыңыз, достым!
Ол әлденеге құлақ түргендей, клеенкаға төне түсті. Бірақ науқастың саусақтары шаршап қалған еді, олар сол сөзді жазу үшін он рет оқталды, ақыры жазғаны жан-жаққа шашырап кетті. Мишо мен Оливье үстелге төне түсті; олар қарияның айтайын деген сөзін ұқпай-ақ қойды, сондықтан оны алғашқы әріптерді қайта — қайта жазуға зорлады.
— О дегеніңіз! Бұл жолы мен түсіндім, — деп мәз болды Оливье. — Ол сіздің атыңызды жазды, Тереза... сонымен "Тереза мен...". Әрі қарай жазыңыз, ханым.
Тереза қорыққаннан шыңғырып жібере жаздады. Ол әпкесінің клеенка бетінде сырғыған саусақтарына қарап тұрды, оған ол өзінің атын, жасаған қылмысын отты әріптермен жазып жатқан сияқты болып көрінді. Лоран орнынан тұрып кетті; ол жарымжан кемпірге атылып барып қолын сындырсам ба екен деп ойлады. Камиллді өлтірген адамды әшкерелеу үшін жан біткен осы қолға қарап тұрып, Лоран бәрі құрыды деп ойлады; ол алда болатын жазаның бар ауыртпалығын денесі түршіге сезінді.
Ракен ханым жазуын жалғастыра берді, бірақ оның қимылы қиындай түсті.
— Өте жақсы! Мен бәрін де анық түсіндім, — деді Оливье аздан соң ерлі-зайыптыларға қарап. — Тәтелеріңіз сіздердің есімдеріңізді жазды: "Тереза мен Лоран...".
Қария бірнеше рет дұрыс деп басын изеп, құныкерлерге өңмеңнен өтердей оқты көзбен қарады. Содан соң ол сөзді аяқтағысы келіп еді, бірақ саусақтары икемге келмей қалды; оларды қимылдатуға мәжбүр еткен керемет ерік жігері таусылды; ол сал аурудың қолдарын меңдеп, саусақтарын сірестіре бастағанын сезді. Ол жанталаса асықты, сондағы жазғаны бір-ақ әріп. Мишо қарт дауыстап оқыды:
— "Тереза мен Лоран к...".
Ал Оливье былай деп сұрады:
— Сонда сіздің қымбатты балаларыңыз к...?
Қылмыскерлерді ғаламат қорқыныш билегені соншалық, олардың өздері айтып қоя жаздады. Олар өздерін айыптап тұрған қолға қарап, селт етпей қатып қалды; бірақ қол бір рет бұлқынды да, үстел үстіне сылқ етіп құлай кетті; содан соң ол сырғып барып, бір кесек өлі ет құсап байғұс кемпірдің тізесіне жайғасты. Сал ауру тағы да билікті өз қолына алып, жазаны доғарды. Көңілдері қалған Мишо мен Оливье орындарына барып отырды, ал Тереза мен Лоран қуанғаннан естерінен тана жаздады.
Гриве ешкімнің өзінің сөзіне сенбегеніне едәуір өкпелеп қалды. Енді оған кемпірдің айта алмай қалған сөзін аяғына дейін жеткізіп, бүліне жаздаған беделін қалпына келтіретін сәт туғандай көрінді. Сол сөздің мағынасын іздей бастағанда ол:
— Бәрі де түсінікті. Мен Ракен ханымның не айтқысы келгенін оның көзінен жазбай танимын. Маған оның үстелге не деп жазғанының мүлдем қажеті жоқ; маған оның қарағанының өзі жетіп жатыр... Оның айтайын дегені: "Тереза мен Лоран қарайласады маған..." деген сөз.
Оның айтқандарымен бәрі де келісті, сөйтіп Гриве өзінің аңғарымпаздығына біраз марқайып қалды. Қонақтар жас жұбайларды байғұс аналарына жасаған қамқорлықтары үшін мақтап, біраз жерге апарып тастады.
— Иә, Ракен ханымның балаларына деген алғыс сезімін білдіргісі келгеніне ешкімнің күмәні жоқ, — деп мардамсыды Мишо. — Бұл бүкіл отбасы үшін үлкен абырой.
Қайтадан доминоға оралған ол:
— Жарайды, іске кіріселік! Қане, қайда тоқтап едік? Меніңше, Гриве алты да алтыны қоймақшы еді ғой!
Гриве алты да алтыны қойды. Мағынасыз, мәнсіз партия жалғаса берді.
Жарымжан әйел өз қолына өзі өкіне көз тастады. Қолы оны орта жолда қалдырды. Енді ол қорғасыннан да ауыр; енді оны ешқашан қозғай алмайсың... Тәңірі Камиллдің кегін алуды қаламады; ол соның көмегімен жасалған сұмдық қастандық туралы адамдарға айтпақ болған бірден-бір құралын алып қойды. Байғұс енді ештеңеге де жарамайтынын, ендігі қалғаны көрге кіріп, ұлының қасына барып жату екенін ойлап егілді. Ендігі өмірдің қараңғы түнек екенін сезіп, соған тезірек жетуге асығып, ол көзін жұмды.
XXVIII
Тереза мен Лоран анық екі айдан бері үрей мен қорқыныш қыспағында жанталасты, оларды мұндай күйге түсірген екеуінің некелесуі еді. Олар бір-біріне сор болып жабысты. Сондықтан олардың бойында біртіндеп бір-біріне деген өшпенділік сезімі өрши түсті, сөйтіп олар ызалы сөздерге бармаса да, бірін-бірі оқты көздерімен атысты.
Мұндай өшпенділіктің тууы заңды еді. Бір кезде олар бірін-бірі тек қана тән ләззаты үшін хайуандық құмарлықпен сүйді, содан соң екеуі жасаған қылмысқа байланысты олардың бұл құмарлығы дертке айналды, ақырында қауышу былай тұрсын, жанасудың өзінен олардың жандары түршігіп, денелері тітіркенетін болды. Енді міне, екеуі некелесіп, бірлесіп өмір сүруден шеккен азап пен қасірет бастарынан асып, оларды ыза кернеді, төзім таусылды.
Өшпенділік оты өрши берді. Олар бір-біріне сор болып отырғанын түсінді; екеуі екі бөлек өмір сүрсе, тыныш болатынын сезді. Бір-бірімен кездескенде еңселері езіліп, екеуін де ашу-ыза кернеді, ондай кезде олар бірін-бірі жоқ қылуға даяр еді; олар еріндерін жымқырып, тістенді, бастарына қанқұйлы ойлар келді, оқты көздерінен ұшқын атты, бірін-бірі түтіп жегісі келді.
Шындығында оларды жегідей жеген көкейдегі бір ғана ой еді: олар жасаған қылмыстарына ызаланып, өмірлерін бекер өксіткендеріне өкініп, бәрінен күдер үзді. Олардың бір-бірімен жауласуының сыры осында еді. Олар жазылмас дертке шалдыққандарын, Камиллге жасаған қастандықтары өле-өлгенше естерінен шықпайтынын сезді және бұл азап пен қасіреттің ешқашан бітпейтінін сезіну оларды тығырыққа тіреді. Өшін кімнен аларын білмеген олар бар ашу-ызасын өздеріне аударып, бірін-бірі өлердей жек көрді.
Олар некелерінің өздерінің кісі өлтіргендері үшін бұлжымас жаза болып отырғанын сырт көзге мойындағысы келмеді; олар өз өмірлерінің ащы шындығын жайып салған ішкі дауысқа құлақ түрмеді. Сонда да ашу үстінде олардың әрқайсысы өздерін қылмыс жасауға итермелеген тойымсыз нәпсі, дегенім болсын деген өңмеңдеген өзімшілдік екенін жүрек түкпірінде анық түсінді, ал кісі өлтіргеннен кейін іштерінің қаңырап бос қалғанын сезді, көңілдер құлазып, торығуға түсті. Олар болған жайдың бәрін естеріне түсірді, нәпсі мен құмарлықтың буына елтіп, тып-тыныш өмір сүру бақытының өздерін алдағанын түсінді; егер олар бірін-бірі жай ғана құшақтап, емен-жарқын өмір сүрсе, Камилл үшін қайғырмас еді, онда қылмыс бұлардың пайдасына шешілер еді. Бірақ олардың тәндері некелік қарым-қатынастарды мойындамай, бүлік шығаруда; енді олар өздерінен сонда осынша үрей мен жек көрініш бізді қайда апармақ деп сұрайтын болды. Олар алдарынан тек азап пен қасіретті, оқиғаның масқаралықпен абыройсыз өрбуін ғана көріп отыр. Енді міне, бір-біріне атарға оғы жоқ, лағынет қамытына бірге жегілген, осынау ықтиярсыз жақындықтан құтыла алмаған екі бірдей жау ретінде олар жүйкелерін тарамысша созып, қанша жанталасса да, ол қамыттан босап шыға алмады. Олар бұл бұғаудан ешқашан босамайтындарын түсінді, бұғау олардың денелеріне әбден батып, бітісіп кеткен еді; олар тәндері титтей жанасып кетсе, сұмдық азап шекті, олардың жағдайлары сағат сайын қиындай түсті; олар бірін-бірі өздері байлап-матағанын ұмытты, және сол матаудан шығуға бір минут та төзбейтін күйге жетті; ондайда олар қатты ашумен, қатаң айыптаулармен бір-біріне бас салды; олар осы айыптаулармен, балағатпен, айқаймен бір — біріне салған жараны жалап, бастарындағы азапты аз да болса жеңілдетеміз деп ойлады.
Күнде кешкілік олардың арасында ұрыс-керіс шығатын болды. Құныкерлер бір-бірінің жынын келтіріп, сол арқылы жұқарған жүйкелерін жөнге келтіріп алу үшін сылтау іздейтін шығар деп ойлауға болар еді. Олардың екеуі де бірін-бірі бағып, көздерімен атты, ең осал тұстарын аңдып, арбасудан әбден ығыр болған байғұсты жылатқанша, оның жаралы жереріне тұз себуін қоймады. Сөйтіп олар өз-өзінен шаршап, ашу шақырмай, айқайламай бірде-бір қимыл жасамай, бір сөз айтпай, бітпейтін, бітіспейтін жаулық пиғылмен жүріп жатты. Олардың бүкіл жаратылысы шамдануға, шартсынуға даяр тұрды; азғантай ағаттық, жай ғана қарсылық олардың шаршаған санасында хайуандық қатыгездікпен тең үйдей пәлеге айналды. Түкке тұрмайтын бірдеңе күні бойы басылмайтын дауға ұласты. Астың ыссылау болуы, терезенің ашық тұруы, бірдеңемен келіспеу, жай ғана ескерту олардың жынын ұстатты. Ұрсысқан кезде олар суға кетіп өлген достарын бір-бірінің есіне салуды ұмытқан емес: сөзден сөз шығарып, бірін-бірі құстаналауға келгенде шектен шығып, жындануға дейін барды. Жан түршігерлік жанжалдар, ұрыс-керіс, жан даусы шыққан айқай-шу, ыңқылдар мен ыңыранулар, дөкірлік пен дөрекіліктер — бәрі араласып жатты. Әдетте Тереза мен Лоран өздерін мұндай күйге ас ішіп болғаннан кейін түсіреді; олар өздерінің айқай-шуын бөтен біреулер естімесін деп ас үйді іштен бекітіп алады. Осы бір сыз иісі шыққан, сарғыш тартқан шам жарығына малынған, әдейілеп қазған көр сияқты бөлмеде олар бірін-бірі айыздары қанғанша азаптайды. Ауасы ауыстырылмайтын, тып-тыныш ас үйде олардың даусы жан түршігерліктей естіледі. Олар әбден қалжырап, шаршамайынша ұрыс-керістерін тоқтатпайды; содан соң ғана аздап тыныс алады. Ұрыс-жанжал олар үшін қажеттілікке айналды; ақыры жүйкелері құрып, олардың бірер сағат көз шырымын алуына мүмкіндік туады.
Ракен ханым оларды міз бақпай тыңдайды. Ол өзінің креслосында отырып осы көріністердің бәрін де көреді; оның қолдары қашанда тізесінін үстінде жатады, басын түзу ұстайды, бетінде бүлк еткен қимыл жоқ. Ол барлығын естіп, көріп отырса да, оның жансыз денесі титтей де селт еткен емес. Ол құныкерлерден көз алмай, оларға тесіле қарайды. Байғұстың қатты азап шегетінін түсінуге болар. Енді ол Камиллді өлтіруге дейінгі және одан кейінгі оқиғалардың бәрін бүге-шігесіне дейін біледі; ол өзі балаларым деп еркелетіп келген айуандардың істеген ісіне, барлық былықтары мен қылмыстарына біртіндеп бата берді.
Ерлі-зайыптылардың ұрыс-керістері оның қатты сілкініске ұшыраған санасына опасыздықпен жасалған қылмыстың бүге — шігесіне дейін қалдырмай, барлық сәттерін жайып салды. Және осы бір қанды былықтың ұйығына батқан сайын ол әбден әлсіреп, шаршады, опасыздықтың ең озбыр нүктесіне жеткен шығармын деп ойлаған, бірақ ол таусылар болмады, сөйтіп белшесінен бата берді. Ол күн сайын оқиғаның жаңа қырына қанығып отырды. Жан түршігерлік оқиға оның көз алдында өрбіп, кеңи түсті; ол өзін таусылып бітпейтін бір сұмдық түс көріп жатқандай сезінді. Алғашқы әшкерелену оған өте қатты және ес тандырарлықтай әсер етті, бірақ оған бәрінен де ерлі-зайыптылардың жанжал үстінде ауыздарынан шыққан және қылмыстың барлық сұмдықтарын бүге — шігесіне дейін ашық айтқан сөздері қатты батты. Байғұс ана күнде кешкілік ұлының өлімі туралы әңгіме естіді, және ол әңгіме күн сайын бұрынғыдан да сұмдық, егжей-тегжейлі бола түсті, құлағынан кетпей қойды.
Кейде оның қан-сөлсіз қатып қалған жүзін, одан үнсіз сорғалаған ірі жас тамшыларын көргенде Тереза оған аяушылық білдіреді. Ол Лоранға әпкесін нұсқап, көзімен оған үндеме деп жалбарынады.
— Ой, қойшы, — деп гүжілдейді ол, — сен оның бізді ұстап бере алмайтынын жақсы білесің ғой... Сен мені одан бақытты деп ойлайсың ба?.. Оның ақшасы менде, қысылатын ештеңе де жоқ.
Сөйтіп, Камиллді қайтадан өлтіретіндей сұрапыл, толассыз ұрыс әрі қарай жалғасты. Не Тереза, не Лоран кейде аяушылықтан өздерінің басына келген ойды, яғни жанжал кезінде жарымжан әйелді өз бөлмесіне апара тұру, сөйтіп оны қылмыстың жай-жапсарымен таныстырмай-ақ қою туралы ойды жүзеге асыра алмады. Олар егер осы шалажансар әйел орталарында болмаса, бірін-бірі өлтіреміз деп қорықты. Қорқақтықтың алдында аяушылық жайына қалды; олар Ракен ханымның болуы өздеріне қажет болған соң, өздерін шалықтан қорғайтын болған соң ғана оны азапқа салды.
Олардың ұрыс-керістері бір-біріне ұқсас және баяғы сол белгілі айыптаулармен аяқталады. Камиллдің аты аталса болды, әйтпесе екеуі бірін-бірі оның өліміне кінәлі деп айыптаса болды, жанжал бұрқ ете түседі.
Бір күні кешкілік ас үстінде ұрынуға сылтау таппай отырған Лоран графиндегі судың жылылығын айтты; ол жылы судан жүрегім айниды деп, жаңасын әкелуді талап етті.
— Мен мұз ала алмадым, — деп жалтара жауап берді Тереза.
— Онда мен ішпеймін, — деп Лоран қарсылық білдірді.
— Су өте жақсы.
— Oл жылы және одан балдыр иісі шығады. Өзеннен алған су тәрізді.
Оны Тереза қайталады:
— Өзеннен алған...
Кенет ол жылап жіберді. Бұл сөздер оның есіне әлденелерді түсірді.
— Неменеге өкси қалдың? — деп сұрады Лоран оның беретін жауабын біле тұра, сазарып.
— Менің жылағаным... — деп өксіді жас әйел, — өзің білесің... Құдайым-ай, құдайым — ай, оны өлтірген сен ғой!
— Өтірік! — қанішердің жан даусы шықты. — Жалған екенін мойында!.. Рас, мен оны суға тастадым, бірақ оны маған сен үйреттің ғой.
— Мен бе? Мен?
— Иә, сен... Ақымақтанба, мені өзіңді күшпен мойындатуға мәжбүрлеме. Маған керегі — сенің өз қылмысыңды мойындауың, жауапкершіліктің бір ұшын қолыңа алуың. Ол мені аз да болса тыныштандырады әрі жұбатады.
— Бірақ та оны суға батырған мен емес қой.
— Сен, сен, нақ өзің!.. Сонша таңданып, ұмытып қалған болып тұрсың, ә? Онда есіңе түсірейін.
Ол түсі қарауытып, орнынан тұрып барып Терезаға еңкейе түсті де, құлағына айқай салды:
— Есіңде ме, сен жағада тұрғанда "Мен оны суға лақтырып жіберемін" деп құлағыңа сыбырлағаным. Сен келісіп, қайыққа келіп отырғансың... Енді сүттен ақ, судан таза болып отырғаның мынау.
— Өтірік!.. Мен онда не істеп, не қойғанымды өзім де білмеймін; бірақ менің ойымда оны өлтіру туралы ниет болған емес. Қылмыс жасаған тек сенсің.
Терезаның табандап тұрып алуы Лоранның қатты ызасын келтірді. Оның өзі айтқандай, сыбайласым бар деген ойдың өзінен — ақ оған жеңіл тиді; егер оған батылы жетсе, ол кісі өлтірудің бар ауыртпалығы Терезаның мойнында деп өзін сендіруге тырысар еді. Ол басты кінәлі сол екенін мойындату үшін Терезаны сабағысы келді.
Ол айқайлап, долданып, бөлмеде ілгерінді — кейінді жүріп алды, ал Ракен ханым одан бір сәт көзін алған жоқ.
— Ах, опасыз, опасыз! — деді ол құмығыңқы дауыспен — Ол мені есімнен алжастырғысы келеді. Жезөкше құсап сен емес пе ең алдымен маған келген, сен емес пе ең күйеуімнен ажыратып ал деп менің асты-үстіме түсіп, басымды айналдырған? Ол маған сай емес, одан ауру баланың иісі шығады деп айтқан сен емес пе ең мен мұнда сенімен кездесуге келгенімде... Осыдан үш жыл бұрын мен, сірә бұл туралы ойлап па едім? Мен ол кезде осындай сұмырай ма едім? Мен ол кезде дұрыс адамдай өз жөніммен жүріп жатқан жоқ па едім. Шыбынның да мұрнынан шертпеуші едім ғой.
— Камиллді өлтірген — сен, — деді Тереза тапжылмастан. Лоран одан әрі өзін ұстап тура алмады.
— Жоқ — сен. Сенсің дедім ғой! — деп ақырды ол қалшылдап. — Сен бар ғой... ашындырма мені, бұл мұнымен бітпейді... Сорлаған неме, есіңде ме, көшедегі жезөкше сынды дәл осы жерде, күйеуіңнің төсегінің үстінде сен емес пе ең менің астымда жатқан? Маған керемет тән ләззатын беріп, сен емес пе ең есімнен айырған? Қанеки, осының бәрін есеппен істегеніңді, Камиллді жек көргеніңді, одан құтылудың амалын бұдан әлдеқашан бұрын ойластырғаныңды мойында қазір. Сен мені осы үшін, бір-бірімізді араздастырып, ақыры оның көзін жойғызу үшін ашына етіп алғансың.
— Жалған!.. Сенің айтып тұрғаныңның бәрі — сұмдық... Менің осалдығымды бетіме басуға сенің қақың жоқ. Мен де сен сияқты саған дейін ары таза әйел болғанымды айта аламын, мен де ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Ал мен сені есіңнен тандырсам, сен одан да асып түскенсің. Ұрсыспай-ақ қояйық, Лоран. Өзің білесің, мен де сені кінәлай аламын.
— Сен мені не үшін кінәламақсың?
— Жә, жай, былайша... Сен мені өзіңнен құтқара алмадың, сен менің осалдығымды ғана пайдалана білдің, сен менің өмірімді өксітуден рақат таптың... Мұның бәрін мен саған кешіремін... Бірақ сенен өтінерім — мені Камиллдің өліміне ортақтастырма. Өз қылмысыңды өзің көтер, маған мұндай сұмдық ойды жүктеме бұдан былай — маған осы да жеткілікті.
Лоран оны ұрмақ болып оқталды.
— Ұра ғой, соның дұрыс, — деді ол, — бұл маған жақсы болады.
Ол оған бетін тосты. Ол өзін әзер ұстап, орындық алып отырды.
— Тыңда, — деді ол байыппен сөйлеуге тырысып, — қылмысқа қатысқаныңды мойындамау ұятсыздық болады. Біз оны бірлесіп жасағанымызды, мен секілді өзіңнің де күнәлі екеніңді сен өте жақсы білесің. Сен неге бар ауыртпалықты менің мойныма артып, ал өзің сыртта қалғың келеді? Егер сен кінәлі болмасаң, маған күйеуге шығуға келісім бермес едің. Кісі өлтіргеннен кейінгі екі жылды есіңе түсіріп көр. Көзіңді жеткізейін бе? Мен осының бәрін прокурорға айтамын, сонда қара да тұр, екеумізді бірдей соттайды.
Олардың тұла бойлары түршігіп кетті. Тереза сөз алды:
— Адамдар соттаса, соттайды ғой, бірақ бәрін істеген сен екенін Камилл біледі емес пе... Ол түні бойы сені азаптағандай, мені азаптамайды.
— Камилл титтей де менің мазамды алмайды деді жүзі қуқылданып, дірілдей бастаған Лоран, — ол сенің түсіңе кіріп жүр; мен сенің қалай айқайлағаныңды естідім.
— Олай деме, — деді ызадан жарылардай болған Тереза. — Мен айқайлаған жоқпын, мен оның елес болып келгенін қаламаймын. Мен сені түсінем, сен оны өзіңнен қуғың келеді ғой... Мен кінәлі емеспін!
Олар әбден шаршап, қалжырап, бір-біріне үрейлене қарады және өздерінің осы әңгімесі суға кеткен достарының өлексесін шақыра ма деп тағы қорықты. Олардың ұрыстары ылғи осылай аяқталды: әркім өзінің кінәсіздігін дәлелдеді, әркім өзінен қорқынышты түстерді қуу үшін өзін-өзі алдауға тырысты. Олардың бар ойлағаны кісі өлтірген қылмыстары үшін жауапкершілікті басқаға аудару, соттың алдында тұрғандай, бәленің бәрін сыбайласына жауып, өздерін ақтап алу. Ең қызығы олар қанша қарғанғандарымен, қылмыстың барлық жағдайларын өте терең білгендіктен, өзді — өздерін алдай алмады. Олардың сөздері басқаша болғанымен, кінәларын мойындағандарын бірінің-бірі көздерінен ұқты. Мұның бәрі өз өтіріктерін өздері мойындамаған екі мүсәпірдің баланың алдауыштары, жорта жалтарулары сияқты әшейін сөз жарыстырулары еді. Айыптаушының рөлін не ол, не бұл алып, қылмыстық істі қозғау ешқандай нәтижеге жеткізбесе де, олар әрбір кешті бұрынғысынша айқаспен бастады. Олар бір-біріне ештеңені де дәлелдей алмайтындарын, өткенді бәрібір өшіре алмайтындарын жақсы білді, сонда да азап пен үрейден сақтары сынған, әрі ақиқат шындықтан күні бұрын жеңіліп, мойындаған олар осыған, осы мәселеге қайта айналып соға берді. Бұл даулардың бір ғана пайдасы олардың сөзбен айтысып, тамақ жыртысуларының екеуін де әбден қалжыратып, әлдебір мерзімге тыныштандыратыны ғана еді.
Олардың бірін-бірі айыптап, бұлқан-талқан болған барлық уақыттарында осының бәрін жарымжан кемпір қалт жібермей, бақылап отырды. Осындай ұрыстардың бірінде Лоран Терезаның басына қолын ала ұмтылғанда кемпірдің көздері қуаныштан шырадай жанды.
XXIХ
Жаңа саты басталды. Әбден зәрезап болған Тереза үрейден құтылудың басқа амалын таба алмай, Лоранның көзінше суға кетіп өлген күйеуін жоқтай бастады.
Оның ішкі тіндерінің бірі жыртылғандай еді. Тарамыстай тартылып, әбден жұқарған жүйке сыр берді; оның қатқыл жүзі кенет жұмсарды. Үйленгеннен кейінгі алғашқы күндері оның кейде іші — бауыры елжіреп, мейірлене түскендей бұлқыныстары болушы еді. Сол бұлқыныстар соңғы кезде жиілеп, қайталана беретінді шығарды. Жас келіншек өзінің барлық күш-жігерін Камиллдің елесімен күреске жұмсағаннан бері, қайғы — қасіретімен жалғыз өзі бетпе — бет қалып, одан өзінің ерік жігерінің күшімен құтылмақ болып, бірнеше ай бойы іштей тынып, томаға-тұйық күн кешкеннен кейін кенет ол қатты шаршағанын сезгендігі соншалық, барлық күресті тоқтатып, жеңілгенін мойындауға мәжбүр болды. Сонда қайтадан әйел, тіпті балғын қыз қалпына түсіп, мұндай сұмдықтың, ауыр азаптың алдында өзін бұдан әрі ұстап тұратындай ол — күші қалмаған соң, оның жұлын-жүйкесі босап, егілген көз жасына ерік берді, осыдан қандай да бір жеңілдік табармын деп үміт етті. Ол өзін билеп алған рухани және тән әлсіздігінің өзінен пайда табуға тырысты: мүмкін оның буырқанған ашу-ызасынан ықпаған өлік елесі мұның көз жасын көріп, райынан қайтар, мүсіркер? Сөйтіп ол тәубеге түсуден де пайда тапқысы келді; ол күнәсін мойындап, тәубаға келу Камиллді тыныштандырып, көңілін жайластырар деп ойлады. Құдайдың өзін алдап, оның кешірімін алу үшін жаттанды дұға сөздерін жаудырып, күнәсін жуу үшін мүсәпір кейіпке түсетін кейбір жәдігөйлердей Тереза да өзін-өзі кеудесін ұрып, кешірім сұрап жалбарынды, іші үрей мен қорқынышқа толып тұрса да, тәубеме түстім деп өлердегі сөзін айтты. Мұның сыртында өзін дәрменсіз санап, басқа түскен қасіретке қарсылықсыз берілген, бәріне көнген жандай сезінудің өзі оның бойын жеңілдеткендей болды.
Ол өзінің жылауық жалбарынуымен Ракен ханымды әбден қалжыратты. Ол байғұс қарияны өзіне қажет зат ретінде пайдаланды; жарымжан әйел ол үшін тізесін бүгіп табынатын орындықтың, алдында тұрып батқан күнәлары үшін жалынып кешірім сұрайтын қарасын қызметін атқарды. Ара-арасында біразырақ өксіп жылап алғысы келгенде ол кемпірдің алдына тізерлеп отырып алып, көз жасына ерік берді, жалыныш сөздерін жаудырды, біраздан соң шаршап, қалжырағаннан кейін іші шерден босап, бойы жеңілдегендей сезінді.
— Мен барып тұрған күнәкар сұмырайдың өзімін, — деп ақтарылды ол, — маған кешірім болмауға тиісті. Мен сізді осынша алдап келдім, мен сіздің балаңызды өлімге итермеледім. Сіз мені ешқашан кешірмейсіз... Бірақ сіз менің қаншалықты опық жеп, қасі — реттен қан құсып жүргенімді білсеңіз, бәлкім райыңыздан қайтарсыз... Жо-жоқ, мені мүсіркеуге болмайды! Одан да мен сіздің аяғыңызды құшып жатып, ұят пен қасіреттен өлсемші...
Ол өзін біресе айыптап, біресе ақталып, біресе өмірден мүлдем күдерін үзіп, біресе кеудесінде үміт оты тұтанып, осылай бірнеше сағат бойы сарнады; ол дауысы біресе үздігіп, қарлығып, біресе аянышты шығатын ауру мендеген кішкене қыздың даусымен сөйледі; ол еденде сұлап жатып алды; содан кейін жәбірленіп, жер болу немесе адуыны артып, асқақтау, тәубеге келіп, жалбарыну немесе дегбірі қашып, дүрлігу сияқты санасын сансыратып кеткен ойлардан мәңгіріп, тұрып отырды. Кейде Тереза өзінің Ракен ханымның алдында тізерлеп отырғанын ұмытып, ұйқыдағы адамдай әңгімесін жалғастыра берді. Өз сөзінен өзі мас болған ол жын соққан адамдай орнынан тұра теңселе басып, төменге, дүкенге бет алды; енді ол өзін тыныштау сезінді, дүкенге келушілердің көзінше өксіп, жылаймын деп қорықпайтын болды. Ал тағы да жалбарынып, жылау қажет болғанда ол жоғарыға көтеріліп, жарымжан әпкесінің алдында тізерлеп, мұңын шағуға асықты. Және осы көрініс күніне он рет қайталанды.
Терезаның басына өзінің көл-көсір көз жасы мен жорта жалбарынуы әпкесін тұңғиық мұңға батырып, қасірет шектіреді — ау деген ой кіріп те шыққан жоқ. Шынтуайтқа келгенде, кімде-кім Ракен ханымға зар шектіріп, азапқа салғысы келсе, ол дәл мына немере сіңлісі қойған жалбарыну комедиясынан асырып ештеңе де ойлап таппас еді. Науқас осы бір қайғырудың даңғаза сахнасының артында қаншама өзімшілдік сезімінің жасырынып жатқанын түсінді. Ол өзі тағы да тыңдауға мәжбүр болған және Камиллдің қалай өлгенін қайта-қайта тәптіштеген ұзақ-сонар монологтардан қатты азап шекті. Ол оны кешіре алмады; ол өзінің дәрменсіздігіне ыза болып, ішінде әбден беріш боп қатқан кектен, өш алу туралы басынан шықпай қойған ойдан қажыды; таң атқаннан түн ортасына дейін жорта қорланып кешірім сұраудан, мүләйім көлгірсуден мезі болды. Ол жауап берер еді; Терезаның кейбір сөздері оның зығырдаңын қайнатып, сіңлісінің сыбағасын беруге шақырғанымен, ол Терезаның ақталуына шексіз мүмкіндік беріп, тіс жарып үндемеуге мәжбүр болды. Қария не даусын шығарып айқайлай алмай, не құлақтарын бітеп қоя алмай, қатты жапа шекті. Ал жас әйелдің сай сүйегіңді сырқырата асықпай айтқан сөздері әбден мезі қылған әндей оның санасына бірінен соң бірі құйылып, ұялап жатты. Бір уақыт ол құныкерлер мұны қинап, азаптау үшін осының бәрін әдейі ойластырған шығар деп те ойлады. Оның қолынан келер жалғыз-ақ амалы сіңлісі оның алдына келіп тізерлеп отыра бастағанда көзін тас қып жұмып алу еді, — онда ол әйтеуір оның даусын естігенмен, жүзін көрмеуші еді.
Терезаның біртіндеп тірілгені, батылданғаны соншалық, ол әпкесін сүйе бастады. Бір күні үйреншікті жалбарыну рәсімі кезінде ол жарымжан қарияның көздерінен оның кешірім ету туралы пиғылын ұққандай сыңай танытты; ол оның креслосына еңбектеп келіп, "Сіз мені кешірдіңіз ғой! Сіз мені кешірдіңіз ғой!" деп құшағын жайып, айқай салды; содан соң байғұс кемпірдің бұрылып кете алмайтынын пайдаланып, маңдайынан, бетінен сүйді. Өзінің еріндері тиген сап-салқын теріден ол қатты жиіркенді. Ол енді осы жиіркеніш сезімі оның жорта жалбарынуы мен көлгір көз жасы сияқты өзінің жүйкесін тыныштандыруға таптырмайтын құрал болады деп ойлады, сөйтіп өзін-өзі жазалау әрі жұбату үшін жарымжан байғұсты күнде сүйетін болды.
— Қандай мейірбан едіңіз! — деп елжіреді ол кейде. — Менің көз жасым сіздің жүрегіңізді жібітті ғой деймін... Сіздің қарасыңызда аяушылық бар сияқты... Мен енді өлмеймін...
Сөйтіп ол байғұс кемпірдің асты-үстіне түсіп, рақаттана күлді, қолынан сүйіп, бар ықыласымен бағып күтті. Уақыт өте келе осы комедияға оның өзі де сеніп, өзіне Ракен ханымның рақымы түскенін, ол кешіргеннен кейін бақытты екенін айтып жүрді.
Оның мұнысы жарымжан бейшараның басынан асып кетіп еді. Ол тірідей өліп болды. Сіңлісінің сүюі күнде таңертеңгілік және кешкілік өзін төсектен тұрғызу, жатқызу үшін Лоран көтеріп алған кездегідей жиіркеніш пен жек көру сезімдерін тудырды. Ол өзінің ұлына опасыздық жасаған және оны өлтірген қылмыскердің арам мейіріне төзуге тура келді; байғұстың бұл міскіннің сүюінен кейін бетін сүртуге де шамасы келмеді. Ол бұл сүйістер бетін күйдіріп бара жатқандай олардың табын көпке дейін ұмыта алмады. Сөйтіп ол Камиллді өлтірген қарақшылардың қолындағы қуыршаққа, өздері киіндіріп, шешіндіретін, жатқызып, тұрғызатын, қажеттері мен қалауларына қарай пайдаланатын қуыршаққа айналды. Ол олардың қолдарында жүрек орнына ішіне шөп-шалам толтырып қойған тұлып секілді жансыз күйінде қала берді, ал шындығында оның терісінің жаны бар еді, ол Тереза мен Лоран титтей жанасып кетсе, тітіркеніп, азап шекті. Әсіресе, оның діңкесін құрткан өзі күнде оқты көзімен атып отырса да, немере сіңлісінің мұның көзінен кешірім нышанын байқағандай сыңай танытып, басынуы болды. Көбіне ол өзінің наразылығын білдіру үшін ең құрығанда сәл ғана дыбыс шығарғысы келіп қанша күш жұмсаса да ештеңе өнбеді, өзінің барлық ашу-ызасын ол көздеріне жиды. Бірақ әпкесінің өзіне кешірім жасағанын күніне жиырма рет қайталамаса, Терезаның көңілі көншімейтін болды, сөйтіп ол оның жан күйзелісіне құлақ түргісі келмей, оған деген қамқорлығын үдете берді. Жарымжан байғұс жан-жүрегі қаламаса да, өзі жек көретін адамдардың мейірімі мен ілтипатын қабылдауға мәжбүр болды. Енді ол қолдан келер дәрмені жоқ, қайнаған кектің ырқында, жасаған жақсылығы үшін өзіне "шексіз мейірімді" деп ат қойып, қамқорлық аясына алған, тәубеге келген немере сіңілісінің үнемі көз алдында күн кешті.
Лоран Терезаның Ракен ханымның алдына барып тізерлегенін көрсе, оны қатты нұқып, жұлқылайтын болды.
— Өнер шығармай отыр, — деді ол. — Мен міне, қыңқ етпей-ақ, аяққа шырматылмай-ақ отырмын ғой... Сен маған қасақана осылай істейсің.
Терезаның тәубеге келуі оған бір түрлі әсер етті. Оны, әсіресе, бірге қылмыс жасаған адамның жылай-жылай көзі ісіп, бірдеңе деп әлдекімге жалбарынып, мұның қасынан шықпай қойғаны қатты қинады. Оның бөлмені әрлі-берлі кезіп жүріп жалбарынуының өзі мұның қорқынышын арттырып, еңсесін езе түсті. Ол үйді жайлап алған мәңгілік азаптай көрінді. Мұның сыртында ол ар — ұяттың азабы Терезаны қылмысты әшкерелеуге итермелемес пе екен деп қауіптенді. Бұл оның бұрынғыша безерген қалпында, мұның айыптауларын мойындамаған күйінде қалғанын хош көрер еді. Бірақ ол істің мәнісін өзгертіп жіберді; енді ол өзінің қылмысқа катысты үлесін ықтиярымен мойындап, өзін-өзі айыптауға көшті, момын, жуас қалыпқа түсіп, кешірім сұрап жалбарынды, өзін-өзі қорлауға дейін барды. Оның бұл мінезі Лоранға ұнаған жоқ. Кешке қарай бұлардың ұрыс-керістері тіпті ушыға түсті.
— Тыңдашы, — деді Тереза күйеуіне, — екеуміз батқан күнәда шек жоқ. Егер біздің аз да болса тынышталғымыз келсе, онда тәубеге келіп, райымыздан қайтуымыз керек... Көрдің бе, мен жылап, жалбарынғаннан бері едәуір жеңілдеп қалдым. Сен де сүйт, жыла. Біз сұмдық қылмыс жасадық, сондықтан біздің жазамыз өте әділ деп бірге айтайық, бірге мойындайық.
— Тағы не айтпақсың? — деп қасарысты Лоран. — Сандырақтай бер. Мен сенін қандай екіжүзді, қу екеніңді білемін. Жылай бер, содан жетісіп жатсаң... Бірақ сенен өтінерім ызыңдап менің мазамды ала берме...
— Қандай қатыгезсің? Тәубеге түскің келмейді. Ал сен шындығына келгенде нағыз сужүрексің, Камиллді опасыздықпен өлтірген сенсің.
— Жалғыз мен кінәлі екенмін ғой?
— Жоқ, мен олай демеймін. Мен де кінәлімін, тіпті сенен өткен кінәлімін. Мен күйеуімді сенің қолыңнан арашалап, құтқаруым керек еді. Иә, мен өз қылығымның сұмдық екенін мойындаймын, сол үшін жалбарынып кешірім сұраймын және соған жетемін де... Ал сенің өмірің өксумен өтетін болады, Лоран. Сенің тым болмаса, менің байғұс әпкемді өзің күнде көрсететін жабайы көріністерден құтқаруға да кісілігің жетпейді; сен әлі бірде-бір рет өкініп, тәубеге келген жоқсың.
Ол солай деді де Ракен ханымды сүюге ұмтылды, ал ол бірден көзін жұмып алды. Тереза оның жанында айналшықтап жүріп алды, жастығын түзеді, асты-үстіне түсіп, бәйек болды. Лоран терісіне сыймай кетті.
— Уай, қойшы оны! — деп ақырды ол. — Сенің барлық қамқорлығыңның, сенің андағы түріңнің өзі оған тікендей қадалатынын қалайша көрмейсің? Егер оның қолынан келсе, ол сені жағыңнан тартып жіберер еді.
Әйелінің ыңырсыған жалынышты сөздері, оның монтансыған түрі біртіндеп ызасын келтіріп, ашуын қоздырды. Ол оның ойын жақсы түсінді: оның мүләйімсіп жалбарыну арқылы бұдан іргесін аулақ салып, оңашаланғысы және сонысымен өліктің құшағынан босағысы келеді. Кейде Лоран оның таңдаған жолы дұрыс шығар, көлкіген көз жасы үрейден құтқаратын шығар деп ойлады, ізінше қорқыныштан жалғыз өзім қалтырап, азабын жалғыз тартамын — ау деп торықты. Оның да ұжданы алдында азап шеккен болып, күнәсін мойындап, жалынып-жалбарынғысы келді; бірақ егіліп жылай алмай, айтуға сөз таппай, ызадан булықты; Терезаны тепе — теңдіктен шығарып, өзінің бассыз сандырағына қосып алу үшін оған тағы тиісті. Тереза бұл ұрынуларды салқынқандылықпен қабылдауға тырысты, оның дөкірлігі күшейген сайын күйеуінің есіріктенген айқайларына көнген сыңай танытып, бұрынғыдан да жуаси түсті. Лоранның жынданудан басқа амалы қалмады. Соны жеріне жеткізу үшін Тереза ең соңында Камиллді мақтап, оның ізгі қасиеттерін еске түсіре бастады.
— Ол мейірімді еді, — деді ол. — Ешқашан бөтен ойы болмаған осындай тамаша адамды ренжітуге қаншама қатыгездік керек десеңші.
— Басқа не айтуға болады, марқұм өте мейірімді еді, — деп кекетті Лоран. — Сен оны ақымақ еді дегің келді ғой, рас па?.. Әлде ұмытып қалдың ба? Сен ылғи: ол аузын ашса болды, менің жыным ұстайды, бірдеңені бүлдіруге дайын тұрамын демеуші ме едің?
— Кекетпей отыр... Енді сенің өз қолыңмен өлтірген адамды қорлауың ғана қалып еді... Сен әйел жанын түсінбейсің, Лоран. Камилл мені сүйетін, мен де оны жақсы көрдім.
— Жақсы көрдім! Айта түсші! Қандай тапқырлық! Сен оны соншалықты сүйгеннен кейін мені өзіңе көңілдес қылған екенсің ғой... Бірде менің кеудемде тояттап жатып сенің: оның денесіне титтей жанасып кетсем, жүрегім айниды, созған қолым сазға тигендей болады деген сөздерің менің әлі есімде... Мені не үшін сүйгеніңді басқа біреу емес, мен білемін ғой. Саған ол маубастың құшағынан гөрі мықтырақ бірдеңе керек болған жоқ па.
— Мен оны аға ретінде жақсы көрдім. Ол менің қамқоршымның ұлы еді ғой. Ол барлық әлжуаз адамдар сияқты сыпайы, мейірбан әрі қайсар еді, ол адамды шын беріле сүйетін... Ал біз оның жанын жаһаннамға жібердік! О, құдайым-ай!
Ол жылап, өкси берді. Ал Ракен ханым оны оқты көзімен атты. — Камиллді мадақтаған сөздердің сіңлісінің аузынан шығуы оның жанына қатты батты. Лоран көл-көсір боп аққан көз жасына қарсы ештеңе істей алмады, бар болғаны Терезаның бұл қылығын тоқтатудың амалын ойластырумен бөлме ішінде әрлі-берлі жүріп алды. Ол өз қолымен буындырып өлтірген құрбандығын оның қалай мақтағанын естігенде, сұп-сұр болып, жынданып кете жаздады; кейде ол әйелінің сай сүйегіңді сырқыратқан сөздеріне сеніп, Камилдің ізгі қасиеттеріне бас ұра бастады, ондайда ол бұрынғыдан да бетер қиналып, азапқа түсті. Бірақ бәрінен бұрын мұның жынын қоздырып, қанасынан шығарған Терезаның бұрынғы күйеуі мен қазіргі күйеуін салыстыруы және барлық артықшылықтың біріншісіне берілуі болды.
— Иә, дәл солай, — деп шыңғырды ол, — ол сеннен артық еді; мен оның өмір сүріп, оның орнында көрде сенің жатқаныңды қалар едім.
Лоран әуелі иығын көтерді де қойды.
— Не десең де, көзі тірісінде мен оны, бәлкім, сүймеген де шығармын, — деді ол қызулана түсіп, — есесіне қазір сүйемін, сағынам... Оны сүйемін, ал сені жек көремін, түсінесің бе? Сен — қанішерсің...
— Қысқарт! — деп ақырды Лоран.
— Ал ол — құрбан, ол қанішердің қолынан өлген адал адам. Бірақ байқа, мен сенен қорықпаймын... Сен кім екеніңді өзің де білесің. Сен жаны да, жүрегі де жоқ нағыз сұмсың, малсың. Белшеңнен Камиллдің қанына малынып тұрғаныңда мен сені қалай сүймекпін?.. Камиллдің маған деген мейірінде шек жоқ еді. Естисің бе, мен сені өз қолыммен өлтірер едім, егер одан Камилл қайта тіріліп, маған деген махаббаты қайта оралса...
— Өшір үніңді, оңбаған!
— Неге өшірем? Мен шындықты айтып тұрмын. Сенің қаныңды ішсем, менің күнәм кешірілер еді. О, қарғамды қалай жоқтасам екен! Қайғыдан қан жұттым-ау! Менің бар кінәм — мына сұмырайдың менің күйеуімді өлтіргені... Мен қалай да бір күні оның қабіріне барып, ол жатқан жердің топырағын сүйіп тәубе етуім керек. Бұл — менің соңғы қуанышым.
Өзін-өзі ұмытқан Лоран жаңа ғана Тереза суреттеген көріністен есі шығып, оған тұра ұмтылды, еденге жығып, кеудесіне тізесін батыра, жұдырығын көтерді.
— Иә, ұр мені, өлтір мені! — деп еңіреді ол, — Камилл маған ешқашан қол көтерген емес, ал сен... сен жауызсың.
Бұл сөздер Лоранның шымбайына батқандығы соншалық, ол әйелін әбден сілкілеп, соққылап, түте — түтесін шығарды. Екі рет буындырып, өлтіруге шақ қалды. Оның соққысынан Тереза әлсірей берді; жаны жай тауып, рақаттана түсті; ол соққыға беріле түсіп, күйеуін қаттырақ сабауға итермеледі. Ұрып-соғу оған өзін азаптан құтқарар дәрідей әсер етті; одан кейін ол жақсы ұйықтады. Ракен ханым Лоранның Терезаны еденмен сүйретіп, бас-көз жоқ тепкілеп жатқанын көріп отырды және соған айызы қанып, адам түсіндіре алмайтын ләззат алды.
Терезаның басынан өткен іске өкініп, Камиллді дауыс шығарып жоқтау туралы сұмдық ой келген күннен бастап Лоранның өмірі тозаққа айналды. Содан бастап қанішер ылғи да өзінің қасынан құрбандығын сезінетін болды; енді ол сағат сайын әйелінің өлген күйеуін мадақтаған жоқтауын естуге мәжбүр. Ол енді бұл үшін кез келген нәрсені сылтаурататын болды: Камилл болса сөйтер еді; Камиллге сол тән еді, Камиллдің айырмашылығы сол, Камилл солай сүюші еді. Қит етсе Камилл, Камиллге арналған таусылмайтын мұңды сөздер. Тереза бойындағы барлық ашу-ызасын әйтеуір Лоранды бір түйреп өтуге, сонысымен өзін-өзі қорғауға жұмсады. Ол тіпті өзіне ғана тән сырларына дейін ашып, өзінін жастық шағынан түкке тұрмайтын бірдеңелерді көкірегі қарс айырылып, күрсіне шертті, сөйтіп өлген күйеуінің аруағын күнделікті өмірдің оқиғаларымен сабақтастыра еске алды. Онсыз да үйге келіп-кетіп жүретін өлік енді оған ашықтан-ашық жіберілстің болды. Ол орындықтарға қонақтап, үстелге келіп отырды, кереуетке жатты, барлық жиһазды, үйде не бар, соның бәрін пайдаланатын болды. Лоран бұл үйден қолына ештеңе — қасық, шөтке немесе басқа бір зат па — ұстамасын деп, Тереза оған мұны Камилл пайдаланған деп ишара жасайтынды шығарды. Өзі өлтірген адаммен аяқ басқан сайын жолыға бергеннен кейін құныкерді ақыры өзін есінен тандыра жаздаған біртүрлі оғаш сезімдер билей бастады: өзін қайта-қайта Камиллмен салыстыра бергеннен кейін, бұрын Камилл пайдаланған заттарды бұл да жиі пайдаланатын болған соң, ол өзін Камилл шығармын деп ойлай бастады; ол өзін өзі өлтірген адаммен теңестіретін болды. Оның миы ашып кетті, сөйтіп ол әйелінің үнін өшіремін деп, өзін ақылынан алжастыратын сөздерді естімеймін деп оған жұдырығын ала жүгіретін болды. Олардың барлық даулары ұрып-соғумен аяқталатын болды.
XXX
Өзін азаптан құтқару үшін Ракен ханым ақыр аяғында аштан өлуге бел буды. Оның шыдамы таусылды, ол енді бұдан әрі құныкерлердің өзіне жасап отырған қысастығына, азабына төзе алмайтын еді; ол ендігі тыныштықты ажал құшағынан тапқысы келді. Күн өткен сайын өзін Тереза келіп сүйгенде, Лоран балаша көтеріп қолына алғанда ол бұрынғыдан бетер азапқа түсетін болды. Ол өзінің жиіркенішін тудыратын әлпештеу мен құшақтаудан құтылудың жолын ойлады. Өзі жарымжан болғаннан кейін ол ұлының кегін ала алмайтынын білді, сондықтан өлгеннен кейін не істесе, оны істесін, қанішерлердің қолында өзінің өлігін ғана қалдырып, дүниеден өтуге бел буды.
Екі күн бойы ол барлық дәмнен бас тартты; ол бар күшімен тістеніп алып, аузына салған астың бәрін сыртқа түкіріп тастады. Тереза не істерін білмей жанталасты; әпкем өлгенде, мен қайда барып жылаймын, кімге барып мұңымды шағамын деп әуреге түсті. Ол қарияның әлі де өмір сүруі керектігін дәлелдеп, ұзақ-сонар әңгіме айтты; жылады — сықтады, тіпті ашуланды да; ашуланғаны сол қырсыққан хайуанның аузын қалай ашса, бұл да жарымжан байғұстың аузын солай күшпен ашуға көшті. Ракен ханым берілген жоқ. Жан түршігерлік күрес жүріп жатты.
Лоран бұған онша мән беріп, араласқан жоқ. Оны таң қалдырған Терезаның кемпірдің өзін-өзі өлтіруіне соншалықты қасарысып қарсы болуы еді. Ендігі жерде жарымжан енесінің бұларға қажеті жоқ еді, сондықтан ол оның өлгенін тіледі. Өзі оны өлтірмекші емес, бірақ өзі өлгісі келген адамды ұстаудың не қажеті барлығын түсінбейді.
— О, қойшы оны! — деп кейіді ол әйеліне. — Одан құтылсақ — басымызға сауға!.. Онсыз біздің өміріміз жөнделіп кетуі де мүмкін.
Лоранның Ракен ханымның көзінше бір емес, бірнеше рет айтқан осы сөзі оған өзгеше әсер етті. Ол Лоранның айтқаны келіп, бұл өлгеннен кейін ерлі-зайыптылар шадыман — шаттықта өмір сүріп кетер ме деп қорықты. Ол өзінің тарапынан өле салу тым әлсіздік болатынын, өзінің мына сұмдық оқиғаның немен аяқталатынын білмей дүниеден өтуге қатысы жоқ екенін ойлады. Содан кейін ғана ол бақиға аттанып, Камиллге: "Сенің кегің қайтты, балам" деуі керек. Өзінің отбасында болған қасіреттің немен аяқталғанын білмей, өзіне-өзі қол салу бекершілік екен; сұп-суық қара жердің астында, мылқау тыныштықта ол өз жендеттерінің қалай жазаланғанынан хабарсыз қиналып, мәңгілік ұйқы құшағында жатады екен. Бақи дүниеде тыныш ұйықтау үшін алдымен өзін қайтқан кектің қызуымен жылындырып, ақыр заман туғанша алдандыратын сана мен сенім болуы керек. Ол немере сіңлісі ұсынған асты іше бастады; ол әлі де өмір сүре тұруға келісті.
Оның үстіне ол жағдайдың шектен шыққанын, оқиғаның көп ұзамай аяқталатынын сезді. Күн өткен сайын ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжің бітпейтін дауға ұласып, жағдай ушыға берді. Бәрінің бір-ақ күнде күл-талқаны шығатыны айдан анық еді. Әр сағат сайын Тереза мен Лоран бір-біріне бітіспестей жауығып алды. Енді олар бір-бірімен беттесуден тек түнемелік қана емес, күндіз де азап шегетін болды. Мұнда бәрі де ашу шақырды, бәрі де шаншудай қадалды. Олар тозақтағыдай ғұмыр кешті, бірін-бірі құстаналап, бірінің-бірі басқан қадамын, қылған қылығын аңдып, соған сонша мән беріп, бірін-бірі аяқтарының астында жатқан түпсіз тұңғиыққа түсіруге тырысты, бірақ оған екеуі бірге құлады.
Олар ажырасып, әрқайсысы әр жаққа кетуді де ойлады. Олардың қай-қайсысы да біраз тыныстау үшін бас ауған жаққа, әйтеуір бұлардың қайта құралмастай бүлінген өмірлері үшін әдейі жаратылғандай, лас пен сызы еңсені езген Пон — Неф пассажынан аулағырақ бір жерге кеткілері келеді. Бірақ соған жүректері дауаламады, бір-бірінен құтылуға дәрмендері жетпеді. Оларға бірі — бірінің дал — дұлын шығармау, бірін-бірі жәбірлеп, жапа шектірмеу мүмкін еместей көрінді. Олардың бір-біріне деген кегі мен қатыгездігі бет қаратпастай болды. Және сонымен бірге оларды бір-бірінен алыстата әрі бір-біріне ынтықтыра түсетін тағы да бірдеңе бар сияқты; олар ұрсысып, ажырасқысы келетін, сонда да тағы да бір — бірін сөгіп, тілдеу үшін бір-біріне қайтып келе беретін адамдардай бір орында шырмалып қала берді. Олардың қашуына басқа да іскерлік жағдайлар кедергі болды; олар жарымжан әйелді қайда тастарын, достарына не айтарын білмеді. Егер олар жасырын кетіп қалса, оларға күдік туады; олар өздерін қалай іздестіретінін, қалай жазалайтынын да көз алдарына елестетіп көрді. Сөйтіп олар құр сүлделерін сүйретіп, қорыққаннан орындарында қала берді.
Таңертеңгілік және күндіз, Лоран үйде жоқ кезде, Тереза әлденеге алаңдап, абыржыған күйде күн өткен сайын қаңырап, босап бара жатқан өзінің ішкі дүниесін немен толтырарын білмей, ас үй мен дүкеннің ортасында безектеп жүгірді де жүрді. Ол енді Ракен ханымның аяғын құшып, еңіреп жыламаған кезде және өзін күйеуі ұрып-соқпаған кезде не істерін білмеді. Дүкенде жалғыз қалып, лас, қараңғы пассажда қарауытып өтіп жатқан адамдарға қарап мелшиіп отырды да қойды; ондайда еңсесі түсіп, көңілі торығып, өзін көр иісі шығатын қапас бір қуыста отырғандай сезінеді. Ақыры ол Сюзаннадан күні бойы қасында болуды өтінді: ол осы бір адам аяйтын әлсіз де жуас жаратылыс көңіліне медеу, өзіне демеу болар деп үміттенді.
Сюзанна оның өтінішін қуана қабылдады; ол Терезаны бұрынғысынша жақсы көрді, оған достық ниетпен әрі терең құрмет сезімімен қарады; өзінің де әзірше Оливье қызметте жүргенде Терезаның қасына барып, қолғабысын тигізгісі келуші еді. Ол өзімен бірге тоқу құралдарын алып келіп, бұрын Ракен ханым отырған орындыққа жайғасты.
Содан бері Тереза әпкесін біраз қараусыз қалдырды. Ол оның аяғын құшып жылау және оның жансыз бетінен сүю үшін жоғарыға баруды сиретті. Енді оған басқа бір ермек табылды. Ол өзінің шаруашылығы жайында, өзінің бірөңкей тірлігінің ұсақ — түйектеріне дейін тәптіштеп асықпай айтқан Сюзаннаның әңгімелерін мұқият тыңдауға тырысты. Бұл оның ойын бөліп, бойын сергітуші еді. Кейде ол өзінің осы мылжың әңгімелерді ерінбей тыңдап отырғанын байқап, еріксіз жымиятын.
Біртіндеп ол бүкіл тұтынушыларынан айырылды. Әпкесі креслоға таңылып, сырқаттанғаннан бері Тереза дүкенге қарауды салақсытып жіберіп еді; тауарлар шаңның астында қалып, дым өтіп шіріп жатты. Дүкеннен өңез иісі шығып, төбеден сүңгі салбырап, еден сыпырылмай қалды. Әсіресе, келушілерді Терезаның кейде біртүрлі оғаш қабылдауы үркітіп тастағандай. Оны жоғарыда Лоран ұрып — соғып жатқан кезде немесе ол кезекті шалық құшағынан шыға алмай шырмалып жатқан уақытта төмендегі қоңырау тынымсыз безілдейтін; ондайда ол шашын да дұрыстап ретке келтіре алмай, көз жасын да сүртіп құрғата алмай, дүкенге жүгіруге тура келеді; мұндай жағдайда ол сатып алушыларды әупірімдеп жіберетін, тіпті кейде ондай тауар көптен түскен жоқ деп баспалдақтан айқайлап, төменге түспей қоятын. Әрине, мұндай ықылассыз қабылдаудан келушілердің тауы шағылатыны рас. Терезаның шалт мінезі мен оның нұрсыз көздері Ракен ханымның жайдары қалпына үйреніп қалған байырғы қызметшілердің талғамына сай келмеді. Ал дүкенде Сюзанна пайда болғанда, істің бәрі де адыра қалды. Өздерінің бос мылжыңдарына бөгет болмасын деп келіншектер дүкенге бас сұққан соңғы келушілердің өзінен тезірек құтылуға тырысты. Содан бері саудадан көк тиын пайда түскен жоқ; қырық мың франктен аз-ақ асатын негізгі қорға ауыз салуға тура келді.
Кейде Тереза үйге күні бойы жоламайды. Оның қайда жүргенін ешкім де білмейді. Нәті ол Сюзаннаны тек көңілін көтеру үшін ғана емес, өзі жоқта дүкенге көз қырын салу үшін де шақырған болса керек. Кешке шаршап, қалжырап, көзінің алды көгеріп үйге жеткенде, Тереза Оливьенің тарамыстай арық әйелін дүкеннен табады; ол байғұс бүкшиіп шөккен күйі осыдан бес сағат бұрын Терезаның өзі отырғызып кеткен орында жымиып отырады да қояды.
Тойдан кейін бес ай өткен соң Терезаның қатты күйзелуіне тура келді. Ол өзінің жүкті екенін білді. Неге екені белгісіз, өзі оған онша мән беріп жатпаса да, нәрестенің Лораннан болуы мүмкін екенін ойлағанда оның зәресі кетті. Ол бұлдыр ойға беріліп, суға кеткен өлі бала туамын ба деп қорықты. Ол өзінің ішкі сарайынан іріп-шіріп бұзылған өлі дененің салқынын сезгендей болды. Ол қалай да баладан құтылудың амалын ойластырды; ол оған сыздай батып, денесін түршіктірді. Ол бұл туралы күйеуіне ештеңе деген жоқ, бір күні оны әдейі жынданғанша ашуландырып, ол өзін тепкілей бастағанда соққыға құрсағын тоса берді. Сөйтіп ол оған өзін шалажансар қалғанша ұрғызды. Ертеңіне ол түсік тастады.
Лоранның күні де күн емес. Ол үшін күн дегенің таусылып, бітпейтін бірдеңе болып көрінді; әрбір күн өзімен бірге оған белгілі бір уақытта, үнемі бір қалыпта албастыдай басатын сол баяғы адам төзгісіз үрей мен азапты ала келді. Ол құр сүлдерін ғана сүйретіп, ор кеш сайын өткен күн мен келер күннің азабын ойлап, әбігерге түсті. Ол енді барлық күндердің бірінен-бірі айнымайтынына, олардың барлығының да бұрынғы үйреншікті азапты алып келетініне кәміл сенді. Сөйтіп ол алдағы өміріне — әуенінен танбайтын бұлтартпас меңіреу апталарға, айларға, жылдарға көз жүгіртті; олар тізбектей шұбатыла бермек, ал бұл күндердің күнінде оның салмағының астында тұншығып өлмек. Келешектен күдер үзгенде бүгінгі күнің де тозақ болып көрінеді. Лоран қарсыласу қабілетінен де айырылды, ол өзінің бүкіл жаратылысын дендеп бара жатқан іріп-шіруді тоқтата алмай, оның ырқына амалсыз көнді. Жұмыссыздық оны әбден аздырды. Ол қайда барарын өзі де білмей, кешегі істегенін бүгін де істейтінін ойлағанда, тұла бойы түршігіп, үйінен ерте шығады және өзінің еркінен тыс кешегі күнді айнытпай қайталайды. Күндегі әдетімен, әлдебір құдыреттің күшімен ол өзінің шеберханасына бет алады. Қабырғалары сұп-сұр, жадау аспанның титтей бір пұшпағы ғана көрінетін бөлме оның одан сайын еңсесін езіп, көңілін құлазытады. Ол қолдарын жайып жіберіп, диванға қисаяды, ойлары құрғап, қатып қалғандай. Енді оның қолына қалам алуға зауқы жоқ. Ол бірнеше рет талаптанып көріп еді, бәрібір ар жағынан Камиллдің мысқылдаған жүзі шыға берді. Ақылдан алжаспау үшін ол ақырында бояу толы жәшікті бұрышқа тастай салды да, түк істемеуге бел буды. Бірақ өзін-өзі жұмыссыздыққа мәжбүрлеу оған қатты батты.
Күндіз ол немен айналысу керектігін ойлап дағдарды. Ол осыған жауап, не өзіне ермек таба алмай Мазарини көшесінің тротуарында жарты сағаттап тұрумен табанын тоздырды. Шеберханаға қайтып баруға оның көңілі соқпады, сондықтан Генего көшесімен жүріп, содан соң жағалауда қыдыруға ой түйді. Сөйтіп еңсесі түсіп, әбден есеңгіреген ол кеш түсіп, ымырт үйірілгенше басы ауған жаққа жүре берді, ал Сенаға келіп, оған көзі түскенде кенеттен бойы қалтырап кетті. Шеберханада да, көшеде де оны сол баяғы айықпас мұң өкшелей қуып, соңынан қалмай қойды. Ертеңіне бәрі қайтадан басталды — ертеңгілік ол диванда жатты да, күндіз жағалауды кезді. Ол осылай бірнеше айды өткізді, жылдарды да өткізуі мүмкін.
Кейде Лоран өз-өзінен таң-тамаша болды: ау, ол өзі Камиллді өлтіргенде одан кейін ештеңе істемеу үшін өлтірген жоқ па еді? Енді неге оның қолы боста, бұған қиын болып тұр? Ол өзін бақытты қылуға мәжбүрлей алса ғой. Ол өзін бекер азапқа түсіп жүрмін, шөптің басын сындырмай-ақ рақат өмір сүруге болатын дәрежеге жеттім, соны пайдалана алмаған өзім ақымақпын деп өзін-өзі иландыра бастады. Бірақ фактілер мұндай пайымдаулардың бәрін жоққа шығарды. Жанының терең түкпірінде ол жұмыссыздықтың өзінің уайымын күшейте беретінін, өйткені өзінің өте қиын жағдайын қайта-қайта еске түсіріп, онсыз да жазылмас жарасының аузын тырната беретінін мойындады. Жұмыссыздық, бір кезде өзі арман еткен хайуани тіршілік, ендігі жерде бұл үшін қарғысқа айналды. Кейде санасын жайлаған сары уайымнан арылу үшін оның бірдеңемен шұғылдануға көңілі ауатын кездері болады. Содан соң ол оқиғаның өз жөнімен өрбуіне ерік беріп, кейін түптің — түбінде өзінің түбіне жету үшін аяқ-қолдарын бірдей матаған жазмыштың дегеніне көніп, ығына жығыла береді.
Шын мәнінде ол кешкілік Терезаны сабағанда ғана аздап сабасына түседі. Бұл оны азапты құрсаудан құтқарғандай болады.
Әсіресе, Камиллдің тістеген жері оның жанына да, тәніне де қатты батты. Кейде оған осы жара оның бүкіл денесіне жайылып бара жатқандай көрінді. Егер оған өткенді бір сәтке ұмыту мүмкін болса, мойнындағы жараның жан төзгісіз шаншуы Камиллдің өлімін оның есіне сала берді. Ол айнаның алдына барса болды, өзі талай рет байқаған, соншама үрейін алып, зәресін ұшырған бір ерекше құбылыстың куәсі болды: қорыққаннан қан алқымына шапшып, жарасы күреңітіп, терісін жей бастайды. Оның ылғи өзімен бірге жүретін осы бір жазылмайтын жарасы сол қобалжыса болды, ашылып, күреңітіп, жегідей жейді; ол өз-өзінен үрейленіп, азапқа түседі. Ақырында ол су жұтқан жігіттің тісімен бірге мойнына қазір өзін жегідей жеп жатқан бөтен бір жәндік кіріп кеткен жоқ па екен деп ойлайтын болды. Оған тыртық түскен жер енді мұныкі еместей көрінеді, — ол мұның мойнына біреу жапсырып қойған бөтен ет тәрізді, соның өсерінен мұның өз тәні іріп-шіріп бара жатқандай уланған ет секілді көрінеді де тұрады. Сөйтіп ол барлық жерде бірдей өзі жасаған қылмыс туралы өмірі өлмейтін, жанды жегідей жейтін естелікті өзімен бірге алып жүрді. Ол Терезаны сабаған кезде анау оның мойнын тырнап алуға тырысатын; оның осы жанды жеріне тырнағын сұғып алған кездері де болды, ондайда оның шыңғырғанда құлын даусы шығады. Тыртыққа көзі түскен кезде Лоранның ауруы жанына бата түссін деп Тереза әдейі жылай бастайды. Сөйтіп ол Камиллдің тістеген жерін есіне түсірумен — ақ күйеуін азапқа салады; осымен — ақ ол оның дөкірлігі үшін одан өшін алып жүрді.
Талай рет қырыну кезінде ол тістің ізін кетіру үшін алқымын кесетін ермек тауып алды. Айнаның алдында тұрып иегін көтерген кезде ол алқымына жаққан ақ көпіршіктердің астынан қарайған қызыл дақты көргенде оны аяқ астынан ашу қысып, бірқатар сылып алуға дайындалып, ұстарасын тыртыққа тақап тұрып алады. Дегенмен, ұстараның сұсты да салын жүзі оны заматта тәубесіне түсіреді; оның басы айналады, содан соң қорқақтықтың шалығы өтіп, қырынуды аяқтаудың мүмкіндігі туғанша кішкене отырып күтуге мәжбүр болады.
Ол кешкілік қана кезекті азап құрсауынан шығады, соның өзінде ол бала сияқты себепсіз, салдарсыз аяқ астынан ашуланып шыға келеді. Терезамен ұрсысудан, оны сабаудан мезі болған кезде ол бала құсап қабырғаны теуіп, бірдеңені бүлдіруге әуестенді. Содан бойы аздап жеңілдеп қалатын болды. Өзін көрісімен жарымжан кемпірдің алдына жып беретін ала мысық Франсуамен жұлдызы қарсы болып алды. Егер орайы келіп ұстап алса, ол оны әлдеқашан өлтірер еді. Мысық үлкен дөңгелек көздерімен оны ылғи да қалт жібермей бағып отырады. Оның көз алмайтын осы қарасы Лоранның жынын ұстатады: ол өзінен бір сәт көз айырмайтын мысықтың осы қарасында не сыр барын ұға алмай әуре; ақыры ол бірыңғай үрей қыспағына берілді; қиялында ақылға сыймайтын бірдеңелерді елестетті. Кейде үстелде отырғанда немесе жанжал үстінде, яки ұзақ үнсіз қалғанда артына бұрылып қараған Лоран ылғи да өзіне міз бақпай, қадалып қалған Франсуаның көзіне жолығып, сұп-сұр болып кетеді, есі шығады; "Ал, айтсаңшы, айтсаңшы тезірек, менен саған не керек?!" деп айқайлауға шақ қалады. Егер Лоран ыңғайы келіп мысықтың аяғын немесе құйрығын басып кетсе, ол оған бір жағынан қорқып, екінші жағынан өлердей қуанды; бірақ бишара хайуанның мияулағаны оған азап шеккен адамның ащы өксігіндей естіліп, жанын түршіктірді. Лоран шын мәнінде Франсуадан қорқушы еді. Ал мысық құдды бір алынбас қамалға бекінгендей жарымжан кемпірдің алдына отырып алып, сол жақтан өзінің жауына жасыл көздерімен қаймықпай қадала қарайтын болғаннан бері Камиллді өлтірген қанішердің көзіне бұған жат ниетті хайуан мен жарымжан кемпірдің арасындағы әлденендей алыс ұқсастық елестеп өтті. Ол Ракен ханым сияқты мысықтың да қылмыс туралы білетініне, егер оған тіл бітсе, мұны ұстап беретініне кәміл сенді.
Бір күні кешкілік Франсуаның өзінің жауына тесіле қарағандығы соншалық, әбден ызаға булыққан Лоран бұған нүкте қоюға бел буды. Ол ас үйдің есігін аңқайтып ашты да, мысықты алқымынан қысып ұстады. Ракен ханым бәрін түсінді: екі ірі жас тамшысы оның бетінен сырғанап түсті. Мысық шыңғырып, жүнін қомпайтты, содан соң Лоранның қолынан тістемек болып бұрылып еді, бәрібір Лоран өз дегенін істеді; ол екі-үш рет толғап тұрып, өзінің бітіспес жауын терезеден атып жіберді. Франсуа қарсыда тұрған қара қабырғаға соғылып, сынған қабырғаларымен пассаждың әйнектелген төбесіне гүрс етіп құлады. Омыртқасы сынған бейшара мақұлық науаны бойлай жылжып, таң атқанша ыңырана мияулады. Сол түні Ракен ханым Франсуаны Камиллді жоқтағандай жоқтады. Терезаның қатты ұстамасы ұстады. Қараңғыда терезе астынан естілген мысықтың ыңқылы құйқа тамырды шымырлатты.
Көп ұзамай Лоран тағы да қорқыныш құрсауында қалды. Оның қорыққаны әйелінің мінез — құлқындағы анық өзгерістер еді.
Тереза жабырқау, мылқау күйге ауысты. Ол Ракен ханымның алдында кешірім сұрап жалбарынып, егілуді, сүюді қойды. Ол жарымжан әйелге қайтадан қатыгездікпен, өзімшіл немқұрайлылықпен қарайтын болды. Жалбарынудан ештеңе шықпайтынына көзі жеткен ол одан көңілі қалып, енді күнәсін жуудың басқа құралына көшкен шығар деп ойлауға болар еді. Оның қапалануының себебі, әрине, жанының тыныштық таба алмауында еді. Ол енді жарымжан әпкесіне ең құрығанда жұбатуға да жарамайтын пайдасы жоқ жансыз зат есебінде біртүрлі жиренішпен қарады. Ол науқасқа әйтеуір аштан өліп қалмасын деген ниетпен қажетті көмегін берумен ғана шектелді. Енді ол ұнжырғасы түскен тілсіз күйде бөлмені кезумен болды. Аптасына төрт-бес рет бір жаққа кетіп қала беретінді шығарды.
Бұл өзгерістер Лоранды әрі таңғалдырды, әрі алаңдатты. Ол енді Терезаның ұждан азабын тартуы жаңа нысанға ауысып, үмітсіз торығудан көрінетін болғаны ғой деп ойлады. Ал торығу оған өзінің әбден зықысын шығарған Терезаның бітпейтін мылжыңынан гөрі қауіпті болып көрінді. Енді ол үндемейтін болды, мұнымен де ұрсыспайды; сірә, ол өз сезімдерін жанының терең түкпіріне жасырып ұстамақ болар. Лоранға оның өзінің күйзелістері туралы айтқанын есту жеңіл болар еді; оның өз-өзімен томаға-тұйық күйге түсуін көру оған онша ұнамайды. Ол күндердің күнінде оның іштей қазылып, қамыққан көңілі өзін алқымнан алып, тұншықтырған кезде ол жанына жеңілдік іздеп, священникке немесе тергеушіге барып бәрін де айтады деп қорықты.
Терезаның жиі-жиі жоқ болып кетуіне ол енді мән бере бастады. Ол әйелі үйден тысқары жерде өзіне сырлас біреуді іздеп, мені сатқалы жүр деп жорамалдады. Екі рет ол оның соңына түсіп көріп еді, екеуінде де жоғалтып алды. Енді ол оны аңдитын болды. Оған әбден шаршаған Тереза бәрін айтып қояды, сондықтан мойындауларына кедергі жасап, аузын жаптыру керек деген мазаң ой келді.
Бір күні таңертең күндегідей шеберханасына барудың орнына Лоран пассажға қарама-қарсы Генего көшесінің бұрышындағы шарапханаға бас сұқты. Осында отырып ол Мазарини көшесі жағынан келетін адамдарды бақылай бастады. Ол Терезаны аңдып отырды. Осының алдында ол өзінің үйден ерте шығып, кеш келетінін айтқан.
Лоран жарты сағаттан артық күтті. Ол әйелінің ылғи Мазарини көшесімен жүретінін білетін, бірақ осы жолы оның ойына бұл жолы Тереза Сена көшесімен шығып, мұны адастырып кетпеді ме екен деген күдік кірді. Ол пассажға қайтып оралып, өз үйінің дәлізінде жасырына тұруға бекінді. Оның шыдамы таусыла бастап еді, кенет ар жағынан Тереза көрінді; ол пассаждан асыға басып шығып келеді. Ол бірінші рет зайыбының жеңіл жүрісті әйелдерше киінгенін байқады; оның үстіне кигені артқы етегі шұбалаңқы көйлек, аяғында ақ шұлық пен шоқтап байлаған бәтіңке, жүргенде мықынын ойнатып, аяғымды көрсін дегендей белдемшесінің алдыңғы етегін көтере, еркектерге көз қиығын сала келеді. Ол Мазарини көшесімен тартты. Лоран соңынан жүріп келеді.
Жаймашуақ күн еді. Тереза басын сол шалқақ ұстап, ырғала басып келе жатыр; шашын арқасына түсіріп жіберген. Жолай кездескен еркектер артына бұрылып, оның ту сыртынан қарап қояды. Ол Медицина академиясының көшесіне түсті. Лоранның зәресі кетті, өйткені осы маңайда полиция кеңсесі бар болатын; енді күдіктенетін ештеңе қалған жоқ, ол мұнда өзін ұстап беру үшін келе жатыр деп ойлады. Ол егер әйелі кеңсенің табалдырығын аттаса болды, артынан қуып жетіп жалынып көремін, ұрып-соғамын әйтеуір қалай да аузын жапқызамын деп шешті. Көше қиылысында ол өтіп бара жатқан полицейге көз салды, қазір жетіп барар ма екен деп Лоранның жүрегі су ете қалды; ол жалма-жан жақын маңдағы үйлердің бірінің дәлізіне кіріп кетті, егер көзіне түссе, табанда ұстап алады деп ойлады. Әйелінің соңынан қуу ол үшін нағыз азапқа айналды; Тереза өзіне өткен-кеткеннің назарын аударғысы келеді, қажып шаршаған, ұяттан безген ол етегін сүйретіп, күнге шуақтап, еркелейді; өңі қашып, қалтырап қорыққан бұл оның соңынан еріп келе жатып, бәрі де бітті, құтылатын амал жоқ, енді мені дарға асады деп ойлайды. Терезаның әр қадамы мұны жазалауға бастаған қадам болып көрінді оған. Үрей өз жорамалдарының дұрыстығына күмәнсіз сендіріп келеді, Терезаның әрбір қимылы қауіптің анық төнгенін растағандай. Ол анау қайда барса, басын алуға апара жатқандай, соның ізімен жүріп отырды.
Бұрынғы Сен-Мишель алаңына жеткеннен кейін Тереза ол кезде Месье-ле-Пренс көшесінің бұрышында орналасқан кафеге бұрылды. Ол тротуардағы үстелдің біріне барып отырды; қасында бір топ әйелдер мен студенттер жайғасқан екен. Ол бәрімен қолдасып амандасып шықты. Содан соң абсентке тапсырыс берді.
Сірә, оған бұл жер ұнайтын болуы керек; ол бәлкім өзін біраздан бері күтіп отырған ақ шашты бозбаламен шүйіркелесті. Екі жезөкше олардың үстеліне еңкейіп, қарлығыңқы дауыспен бұнымен "сен" деп сөйлесті. Айналадағы әйелдердің бәрі темекі тартып, еркектер қасынан өтіп жатқан көлденең көздерден қымсынбай, жұрттың көзінше оларды құшақтап алған. Алаңның келесі жағындағы тасада тығылып тұрған Лоранның құлағына балағат сөздер мен қарқылдаған күлкі естіледі.
Абсентті ішіп болған соң Тереза орнынан тұрып, ақ шашты бозбаланы қолтығынан алды да, Лагарп көшесімен жүрді. Лоран оларға Сент-Андре-дез-Арк көшесіне дейін еріп барды. Олар осындағы жиһазды бөлмелерге кірді. Лоран көшенің ортасында тұрып, басын жоғары көтеріп үйді тінте қарады. Әйелі үшінші қабаттағы ашық тұрған терезенің бірінен жылт етіп көрінді. Содан соң оған жас жігіттің қолы Терезаның мықынына қарай сырғып бара жатқандай болды. Терезе жеңіл ғана шиқ етіп жабылды.
Лоран бәрін түсінді. Ар жағын күтпей-ақ сабасына түсіп, қуанышқа кенелген ол жайымен ғана кері қайтты.
"Мұның өзі дұрыс болды, — деп ойлады ол жағалауға бара жатып. — Енді оның айналысатын шаруасы бар, сондықтан бөтен ойларға орын жоқ... Ол менен әлдеқайда ақылды болып шықты".
Оның таң қалғаны — азғындыққа түсу туралы ойдың бірінші мұның басына келмегені. Азғындық оны қорқыныштан ада қылар еді. Оның бұл туралы ойламағаны оның тәні суалып қалған еді, сондықтан құмарлық оны қызықтырған жоқ. Әйелінің көзіне шөп салуы оның жырына да кірген жоқ; қазір оның басқа еркектің қойнында жатқанын ойлағанда титтей де селт етпеді. Қайта бұл оған біртүрлі қызық болып көрінді; ол қазір бір досының әйелін күнә үстінде ұстап алып, оның күйеуінің аузын қалай аңқайтып жүргенін мазақ қылып отырған адамдай еді. Терезаның оған мүлдем жат болып кеткендігі соншалық, оның жүрегінде оған деген титтей де орын қалған жоқ; жанының азғантай ғана тыншуы үшін ол оны кімге болса да ойланбай бере салар еді, қажет болса жүз рет сатып жіберер еді.
Ол азаптан тыныштыққа ауысқан осы бір жанға жайлы сәтке рақаттанып, қалада қыдыруға бет алды. Ол өзі ойлағандай әйелінің полиция комиссарына бармай, көңілдесіне барғаны үшін риза еді. Шырғалаң оқиғаның шешуі ойламаған жерден сәтті аяқталып, оны әжептәуір қуантып тастады. Ол өзінің бекерге қорыққанын, бұған да бұзақылық жолға түсу қажет екенін енді түсінді; мүмкін сол ғана оны жапа шегуден құтқарып, жанына жеңілдік әкелер.
Кешке дүкенге оралғанда Лоран әйелінен бірнеше мың франк сұрап, қалайда соны алмай қоймауға бекінді. Ол еркектер үшін азғындық жолға түсудің қымбаттығын ойлап, тәнін сатып күн көретін әйелдердің жағдайына аздап қызғаныш білдіргендей болды. Тереза әлі келе қойған жоқ, сондықтан оны шыдамдылықпен күтуіне тура келді. Ол келген кезде таңертеңгі аңдуы жөнінде тіс жарып ештеңе демей, еркелете сөйлесті. Ол қызулау көрінді; оның қалай болса солай түймеленген көйлегінен сіңіп қалған шарап пен темекі иісі сезіліп тұрды. Ол қатты шаршаған, бетіне теңбіл дақтар түсіп, күні бойы ұятсыз шаруамен айналысқандықтан әбден ит сілікпесі шығып, аяғын тәлтіректей басады.
Ac ішілді. Тереза тамаққа қолын созған жоқ. Астан кейін үстелге шынтақтап отырып, Лоран әй-шәй жоқ бес мың франк талап етті.
— Бермеймін, — деді ол бірден. — Саған қарасақ, біздің тақырда отырып қалатын күніміз алыс емес... Жағдайды көріп, біліп отырсын. Бізге жоқшылық төніп тұр.
— Бәлкім, солай да шығар, — деді ол жай ғана. — Бірақ маған бәрібір, маған ақша керек.
— Бермеймін дедім ғой, бермеймін. Сен қызметті қойдың, сауда жүрмей жатыр, ал менің жасауымнан түсетін проценттермен біз тіршілік ете алмаймыз. Мен құдайдың құтты күні сені тамақтандыру үшін және саған айына жүз франк беру үшін негізгі қордан қаражат алуыма тура келеді. Бұдан былай көк тиын да алмайсың түсіндің бе? Енді қайтып сұрама.
— Айтарыңды алдымен ойланып ал. Мен саған бес мың франк керек дедім ғой, мен соны аламын. Бәрібір бересің.
Оның салмақты талабы Терезаның ашуын келтірді, ішімдік басына шапты.
— Түсінікті, сен бәрін әуелде қалай бастасаң, солай аяқтамақшысын ғой, — деп айқайлады ол. — Міне, төрт жыл болды сенің бізге масыл болғаныңа. Сен мұнда тек ішіп-жеу үшін ғана келгенсің, содан бері біздің есебімізден күн көріп жүрсің. Көрдің бе оның қалай орналасқанын: ол менің мойнымда, қолын қусырып текке отыр... сөйте тұра қол жұмсайды... Дәмеленбей-ақ қой, дәнеңе де бермеймін... Сенің кім екеніңді айтайын ба? Сен...
Ол айтты да. Лоран иығын сәл ғана қомдап, күлді де қойды. Содан соң:
— Сен онда тым жақсы сөздерді үйренген екенсің, — деді.
Бұл оның жеңіл жүрістеріне жасаған ишара еді. Тереза әнтек басын көтеріп алып, мысқылмен жауап берді:
— Қалай болғанда да мен қанішерлермен бірге тұрмаймын.
Лоран қанын ішіне тартып алды. Содан соң әйеліне біраз қарап тұрып, діріл аралас дауыспен былай деді:
— Тыңда, балақан, бекерге ренжіспейік, одан бәрібір саған да, маған да бір түйір пайда жоқ. Менің төзімім таусылуға жақын. Бәледен аулақ болуымыз үшін біздің ымыраға келгеніміз жөн болар еді... Мен сенен бес мың франкті қажет болған соң сұрап тұрмын; тіпті оның неге қажет екенін де айтайын саған, ол біздің тыныш өмір сүруіміз үшін керек.
Ол кекесінмен күлімсіреп, тағы да:
— Сонымен, жақсылап ойлан да, маған бір жауабын бер, — деді.
— Бәрі ойланған, — деді Тереза, — мен саған айттым ғой көк тиын да алмайсың деп.
Ашулы Лоран орнынан атып тұрды. Тереза ол тағы да ұрады екен деп қорқып кетті; бүгежектеп, қорғалақтап тұрды да, бәрібір дегенінен қайтпауға бекінді. Бірақ Лоран оған жақындаған да жоқ; ол тек өзінің бұлай өмір сүруден шаршағанын, енді жасаған қылмысы туралы өз учаскесінің полиция комиссарына баяндау ниетінің барлығын жай ғана айтты.
— Менің басқа амалым қалған жоқ, — деді ол — сен өмірді тозаққа айналдырдың. Мен осының бәрін тоқтатсам деймін... Бізді сотқа берсін... соттасын.
— Мені қорқытқың келеді ғой? — деп шаптықты әйелі. — Мен сенен аз шаршаған жоқпын. Егер сен бармасаң, мен өзім барамын комиссарға. Несі бар, сенің соңыңнан дар алдына баруға мен дайынмын, өйткені мен сен секілді сужүрек емеспін ғой... Қанеки, жүр менімен, кеттік комиссарға.
Ол орнынан тұрып, есікке беттеді.
— Жарайды, бірге барайық, — деп міңгірледі Лоран.
Төменге дүкенге түскеннен кейін олар бір-біріне үрейлене, үрке қарады. Құдды екеуін де біреу еденге мықтап шегелеп тастағандай. Баспалдақпен төмен түсуге кеткен бірнеше секундтың өзі мойындаудың ар жағында не жатқанын дәл бір найзағай жарқылы кезіндегідей олардың көз алдына алып келуге жетіп жатыр еді. Олардың көз алдына жандармдар, түрме, билер соты, гильотина — осының бәрі аяқ астынан және ап-анық болып тура қалды. Олар бір-бірінің аяғын құшып, полицияға бармау, қараламау жөнінде бір-біріне жалынып, жалбарынғысы келді. Олар осылай абыржып, абдыраумен екі-үш минуттай үрей құшағында тұрды. Тереза бірінші боп сөз алып, райынан қайтқысы келді.
— Шынында саған ақша бермеуім менің тарапымнан ақымақтық болады екен, — деді ол.
— Ерте ме, кеш пе, сен бәрібір оларды ішіп — жеп құртасың. Одан да қазір бергенім дұрыс екен.
Ол өзінің жеңілісін жасыруға онша құлшынған жоқ. Ол үстелге отырды да Лоран барып банктен ала алатын бес мың франкке чек жазып берді. Ол күнгі кеште полиция комиссары туралы ешқандай әңгіме болған жоқ.
Қалтасында алтын пайда болған соң-ақ Лоран аттың басын жіберді, ол ішімдікке салынып, көшедегі қыздармен аймаласты, даңғаза — шулы, бейберекет тірлікке көшті. Ол үйіне жиі қонбайтын болды, алапат сезімдердің жетегінде жүріп әрі ақиқаттың аулынан алшақ қонуға тырысып, күндіз ұйықтап, түнде көңіл көтерді. Бәрібір оған барған сайын қиын бола берді. Айналасы гу-гу, азан — қазан болып жатқанда, ол өзінің жанын жайлап алған мылқау тыныштыққа құлақ түрді; ашынасы аймалап жатқанда да, шарап толы көзені тауысқанда да ол солардан ләззат алудың орнына айықпас мұңға берілді. Әйелжандылық пен мешкейліктің де қызығы таусылды; сүйіс пен дәмнен тұла бойы әбден тартылып, суалып, одан әрі әлсірей түсті. Оның ындыны тойып болды, енді ол қиялын қайта тұтатып, тәбеті мен сезімін қайтып оята алмады. Өзін азғындық жолға мәжбүрлей отырып, ол мехнаты мен азабын бұрынғыдан да көбейтіп алды, бар тапқаны — осы. Ал үйіне оралып, Ракен ханым мен Терезаны қайта көргенде, әбден титықтап шаршаған ол тағы да үрей қармағына түсті; ондай кезде ол енді қайтып үйден аттап шықпасқа, қасіретке көніп, оны жеңу үшін қайтадан азап шегуге серт етті.
Тереза да жоғалып кетуін азайта бастады. Ол да Лоран сияқты өмірін бір ай бойы көше мен қабақтарда өткізді. Кешкілік ол аз уақытқа үйіне бас сұғып, Ракен ханымды тамақтандырып, жатқызды да, ертеңге дейін қарасын көрсетпейтін болды. Бірде ерлі — зайыптылар төрт күн бойы көріскен жоқ. Содан соң Терезаның әлденеден қатты көңілі қалды, сөйтсе оның қолынан жалбарыну комедиясының келмегені сияқты, азғындық жолға түсу де келмейді екен. Латын кварталының барлық жиһазды бөлмелерінде босқа арамтер болыпты, даңғаза, лас тірлікке бекер бас сұғыпты. Оның жүйкесі әбден құрыған; ырду-дырду, тән ләззатына берілу бұрынғыдай оның бойындағы сілкіністерді қайтып оята алмады. Ол тамағының күйіп қалғандығы сондай, ең күшті ішімдіктің өзін сезбейтін халге жеткен маскүнемге ұқсайды. Құмарлық бұрынғыдай бойын билемейді, көңілдестерден мезі болып, шаршап бітті. Сөйтіп олардан еш пайда жоғын түсініп, хош айтысты. Енді оны ғаламат жалқаулық басты; үйден аттап шықпай, таңертеңнен кешке дейін жуынып-таранбаған күйі, қолы-басы кір-кір болып, салтақ-салтақ іш киіммен салпақтап жүрді де қойды. Ол салақтыққа белшесінен батты.
Бір-бірінен құтылудың амалын тауысып, әбден қажыған құныкерлер тағы да бір-бірімен бетпе-бет келгенде, бұдан әрі күресуге дәрмендерінің жоқ екенін түсінді. Бейбастық тірлік оларды өз құшағына алмай, азап құрсауына қайта лақтырып тастады. Олар өздерінің баяғы қапас, сызды пәтерлеріне қайтып оралды; бүгіннен бастап олар осында мәңгіге қамалғандай сезінді, өйткені олар қаншама аласұрып, одан құтылуға тырысқандарымен өздері байланған қанды түйіншекті шеше алмады. Енді олар бұдан әрі күресудің мүмкін еместігін түсініп, ол туралы ойлауды да қойды. Олар ендігі жерде ақиқаттан бұлтара алмай тындықтарын, болған істің оларды бір қазыққа тұқыртып байлап қойғандығы сондай, оған қандай да бір қарсылық көрсетудің қисынсыз екенін түсінді. Олар қайтадан бірге өмір сүре бастады, бірақ олардың жек көрушілігі енді әлдебір жындануға ayысты.
Кеш сайын ұрыс-керістер қайта басталды. Ұрыс — соғулар, айқай-шулар күнұзақ толастамайтын болды. Жек көрушілікке сенімсіздік қосылды және осының өзі оларды біржола естерінен ауыстырды.
Олар бір-бірінен қорқа бастады. Бес мың франк сұраудан басталған дау таңертең де, кешке де қайталанатын болды. Екеуінің басында да анау мені ұстап бергелі жүр деген қыр соңынан қалмайтын ой пайда болды. Біреуі бірдеңе деce де, бір ишара жасаса да, екіншісіне ол полиция комиссарына баратындай болып көрінді. Ондайда олар төбелеске немесе бір-біріне жалынуға көшті. Ашу үстінде олар қазір бәрін де әшкере етемін деп айқайлап, бірін — бірі өлердей қорқытты; содан соң дірілдеп қалшылдап, ендігәрі аузымды ашпаймын деп бір-бірінің алдында ант-су ішісіп, көз жастарын көл қылды. Олар қатты қасірет шекті. Бірақ өз жараларын емдеу үшін оған темір қыздырып басуға жүректері дауаламады. Олар бір-бірінің қылмыстарын айтамыз деп ашу шақырғанда олардың көкейінде тек бірін-бірі қорқыту, сөйтіп осы ойдан құтылу ғана тұрады; ал шынтуайтқа келгенде олардың күнәсін мойындап тәубаға келіп, жан тыны штығын әділ жазадан іздеуге ешқашан күш-жігерлері жетпес еді.
Олар осыған дейін полиция учаскесінің есігіне құрығанда жиырма рет бірге барды. Біресе Лоран қылмысты өз мойнына алғысы келсе, біресе әділ соттың алдына Тереза барғысы келді. Бірақ соның бәрінде де олар бір-бірінің соңынан көшеге тұра қашып, бір — бірінің жер-жебіріне жетіп болғаннан кейін жалбарына кешірім сұрасып, тағы да кішкене күте тұруға келісті.
Осындай әрбір шалықтан кейін олар бұрынғыдан да күдікті әрі түнеріңкі бола түсті.Олар таң атқаннан бастап түннің бір уағына дейін бірін-бірі аңдумен болды. Лоран мүлдем үйден шығуды қойды, ал Тереза оны жалғыз жібермес те еді. Көңілдегі күдік пен бірін-бірі әшкерелеуден қорқу олардың арасында әлдебір қатыгез байланыс орнатты. Олар үйленгеннен бері бір-бірімен дәл осыншалықты тығыз байланыста болған емес және дәл бұлай азап шеккен емес. Сонда да олар бір-бірін қаншалықты азапқа салса да, олар бір — бірінен бір сәтке көз жазып қалмай, бір сағатқа болса да айрылысудың орнына қандай сын болса да төзуді артық көрді. Егер Тереза төменге дүкенге түссе, ол келушілердің біріне бірдеңе айтып қоя ма деп қорқып, Лоран да бірге түсті; егер Лоран өткен-кеткендерді бақылап есіктің алдында тұрса, ол біреумен сөйлесіп тұрған жоқ па екен деп Тереза да оның қасына барып тұрды. Бейсенбіде қонақ келген күндері олар бір-біріне жалынышты көз тастап, олардың әрқайсысы екіншісінің не айтып отырғанына үрейлене құлақ тұрды; оларға құныкерлердің бірі әні-міні дегенше қылмысын мойындап қоятындай көрінді және олар ауыздан шыққан әp сөзге айрықша мән беруге даяр тұрды.
Бұл аңдысу ұзаққа созылуға тиісті емес еді.
Тереза да, Лоран да, әрқайсысы жеке-жеке, бірінші қылмыстың зардаптарынан өздерін жаңа қылмыс қана құтқарады деген ойға келді. Жандарының бір сәт болса да тыншуы үшін бір-ақ жол бар: ол екеуінің біреуінің көзін жою. Бөл ой екеуінің басына бір мезгілде келді; екеуі де бір-бірінен құтылудың аса қажет екенін айқын сезінді, екеуі де мәңгілікке айырылысқысы келді. Әрқайсысының басында пісіп жатқан бірін-бірі өлтіру туралы ой оларға өте дұрыс, бұлтартпас жаза болып көрінді; ол өзінен-өзі Камиллдің өлімінің өтеуіндей болар еді. Олар бұл туралы ойлаған да жоқ; олар үшін сыбайласын өлтіру — аман қалудың жалғыз жолы ғана. Лоран Терезаны өлтіруге бел буды, себебі Тереза оған кедергі болып тұр, ол мұны адам төзгісіз азапқа салып қойды және бір ауыз сөзімен — ақ мұның көзін құртуы мүмкін. Терезаны да Лоранды өлтіру туралы ойға алып келген осындай жағдайлар еді.
Кісі өлтіру туралы берік шешімге келген олар біраз сабаларына түсті. Оған дайындық жұмыстарына кірісті. Бір ғажабы екеуі де әлдебір ұйқылы-ояу күйде, аса сақтық жасамай-ақ әрекет етті; алдын ала қашып кету, жазадан құтылып кету шараларын ойластырмаса да, оларды қылмыстың ықтимал зардаптары онша алаңдатқан жоқ. Олар бірін-бірі өлтірудің кейінге қалдыруға болмайтын қажеттігін ғана сезініп, ызалы аңдарша сол қажеттікке ғана бағынды. Олар өздерінің алғашқы қылмыстарын мойындағысы келмеді және оның ізін асқан айлакерлікпен мықтап жасырды; енді міне, бір-бірінен жасырмай-ақ тағы да бір қылмыс жасауға бастарын тігуге әзір. Бұл жерде мінез-құлықта керемет қарама — қайшылық туып отыр, бірақ олар оған мән беретін емес. Олардың ойы — орайы түссе бар ақшаны алып, шетелге қашып кету. Терезаның өзінің жасауынан қалған бірнеше мың франкті банкіден алып, қобдишаға салып құлыптап отырғанына екі апта болды; Лоранға оның бәрі мәлім. Ракен ханымның не болатыны туралы олар бір минут та ойлаған емес.
Лоран осының алдында ғана өзінің токсикология мәселелерімен айналысатын белгілі химикте препаратор болып істейтін мектептес жолдасымен кездескен. Ол оны өзінің зертханасына апарып, аппаратураларды көрсеткен, әр түрлі улы заттар туралы айтқан. Бір күні кешкілік, Лоран кісі өлтіру туралы ойға әбден бекінгеннен кейін, Тереза оның алдында тәтті араластырған су ішіп отырған; осы жерде Лоранның ойына өзі зертханадан көрген цианды калий құйылған кішкене қыш құты түсті. Бұл удың ешбір із қалдырмай әп сәтте әсер ететін сұмдық күші туралы препаратор айтқан әңгіме де оның есінде еді, — маған да керегі осы емес пе деп ойлады Лоран. Ертеңіне білдірмей үйден шығып кетудің сәті түсті; ол досымен кездесуге барып, ол бірдеңеге бұрылғанда қыш құтыны қымқырып кетті.
Сол күні Лоранның жоқтығын пайдаланып, Тереза бұрын қант уатып жүрген үлкен ас пышақты қайрап қойды; ол кетіліп қалған еді. Ол пышақты буфеттің арғы бұрышына тығып қойды.
XXXII
Келесі бейсенбі күні Ракендерде болған кеш — қонақтар өз достарын бұрынғыша солай атайтын — өте көңілді өтті. Сағат он бір жарымға дейін отырыс болды. Гриве шығып бара жатып ешқашан уақытты бұлай жақсы өткізбегенін айтып, ризашылық білдірді.
Нәресте күтіп жүрген Сюзанна өзінің қуаныштары мен өкініштері жайлы көп әңгіме айтты; Тереза оны бар ықыласымен тыңдағандай сыңай танытты; ол көзін бір нүктеден алмайды, ерні жымқырулы, кейде басын сәл еңкейтіп қояды; кірпіктері жабылған кезде бүкіл бетін көлегейлейді. Лоран да Мишо қария мен Оливьенің әңгімелерін қалт жібермей тыңдауда. Олар әңгіме тиегін тоқтаусыз ағытқандығы сондай, тіпті Гривеге олардың хикаяларына анда-санда сөз қыстырып қалудың өзі қиынға түсті. Шындығында ол әкелі-балалы достарына үлкен құрметпен қарайтын; оларды әңгімешілдігі үшін ұнататын. Сол күнгі кеште ойынның орнына әңгіме шертілді. Гриве бұрынғы полиция комиссарының әңгімесі домино партиясы секілді тартымды деп досын орынды мақтап өтті.
Бүкіл төрт жыл бойы Гриве мен Мишоның отбасы бейсенбі күндері Ракендерде өткізген бір-бірінен айнымайтын осы бас қосулар оларды ешқашан зеріктірген емес. Сырт көзге өте тату және меймандос көрінетін осы үйде жүріп жатқан сұмдық драма жөнінде олардың көңілінде бір сәтке болса да күдік туған емес. Оливье полицей қалжыңдары ретінде Ракендердің дастарханынан адалдық исі шығады деп талай рет қағытқан. Гриве де жұрттан қалғысы келмей, оны "дүние ғибадатханасы" деп дәріптеген. Соңғы уақытта Терезаға екі-үш рет қонақтарға бетіндегі көгерген дақтар туралы түсінік беруге тура келген; құлап бүлдіріп алдым деген де қойған. Оның Лоранның жұдырығының ізі екендігі бәрібір достарының ешқайсысының ойына келмес еді; олар шаңырақ иелерінің мейірім мен шапағатқа бөленген отбасы екендігіне сенімді еді.
Жарымжан әйел бейсенбілік бейбіт басқосулардың ар жағында жасырынып жатқан сұмдық ақиқатты әшкерелеуге енді тырыспайтын болды. Құныкерлердің күйзелісін көзімен көре отырып, оқиғаның өрбуіне қарай ерте ме, кеш пе бәрібір болмай қоймайтын жарылысты сезе отырып, ол жағдайдың өзінің қатысуын қажет етпейтінін түсінді. Содан бері ол ерікті Камилл өлімінің зардаптарына берді, өйткені олар сөз кезегі келгенде қанішерлерді өлтіруге тиісті еді. Ол тәңірге өзі қалай аяқталатынын күнібұрын біліп отырған сұмдық оқиғаны көру үшін өмірімді ұзарта тұр деп жалбарынды; оның бар арман — тілегі Тереза мен Лоранды күйрете құлататын өлім алдындағы жанталас сәттерді көзімен көру еді.
Сол күні кешке Гриве кемпірдің қасында отырып, әдеттегідей өзі сұрап, өзі жауап беріп, ұзақ әңгімелесті. Бірақ ол оған көзінің қырын да салған жоқ. Сағат он бір жарымды соққан кезде қонақтар кетуге ыңғайлана бастады.
— Сіздерде өте жайлы, тіпті кеткің де келмейді, — деп ілтипат білдірді Гриве.
— Менің мұнда мүлдем ұйқым келмейді, — деп қостады оны Мишо, — ал үйде тоғызда жатып қаламын.
Оливье осының бәрін әзілге жатқызуды жөн көрді:
— Оның мәнісі мынада — деді ол сарғыш тістерін ақсита көрсетіп, — мұнда адалдық иісі аңқиды; сондықтан бәрі де жақсы болмақ.
Көптен қалып қойғанына сәл өкінген Гриве салтанатты түрде:
— Бұл үй — "дүние ғибадатханасы", — деп бір қойды.
Осы екі арада Сюзанна қалпағының бауын байлап жатып Терезаға:
— Ертең мен тоғызда келемін, — деді.
— Жоқ, он екіден ерте келмеңіз, деді Тереза асығып. — Таңертең мен үйде болмаймын.
Оның даусы бір түрлі құмығып шықты. Ол қонақтарын дәлізге дейін шығарып салды. Лоран да қолына шам алып төменге түсті. Өздері оңаша қалғанда ерлі-зайыптылар мойындарынан әлдебір жүк түскендей жеңіл дем алды, — сірә, кеш бойы әзер шыдап отырған болулары керек. Кешеден бері олар бұрынғыдан да түнеріңкі болып алды, бетпе-бет келгенде тіпті де абыржи түсті. Бір-біріне қарамауға тырысып, олар үн-түнсіз жоғары көтерілді. Олардың қолдары қалтырады, Лоран қолындағы шамды түсіріп алмас үшін тезірек оны үстелге қоюға мәжбүр болды.
Ракен ханымды жатқызардың алдында олар әдетте ас үйді ретке келтіріп, өздері түнемелік ішетін бір стакан тәтті суды дайындап, бәрі дайын болғанша науқастың қасында айналшықтап жүріп алатын.
Сол кеште олар жоғары көтерілген соң, орындыққа тізе бүгісті; олардың көзқарастары селқос, еріндері бозарып кеткен. Бір минуттай үнсіздіктен кейін Лоран құдды бір ұйқыдан оянған адамдай:
— Иә, немене? Жатпаймыз ба? — деді.
— Жатамыз, жатамыз, — деді Тереза бейне бір тоңып — қалтырап бара жатқандай.
Ол тұрып, графинді қолына алды.
— Таста! — деп айқайлады Лоран даусы па әдеттегідей нақыш беруге тырысып. — Суды өзім дайындаймын... Әпкемен айналыс.
Ол Терезадан графинді алып, стақанға су құйды. Сосын сол бұрылды да, оған қыш құтының ішіндегіні құйды және бір түйір қант қосты. Бұл кезде Тереза буфеттің жәшігіне еңкейіп, одан пышақты алды да, оны алжапқышының кең қалтасына тыға бастады.
Осы сәтте бізге ылғи да төніп келе жатқан қауіпті алдын — ала сездіретін сол баяғы жұмбақ сезімнің әсерімен ерлі-зайыптылар өздігінен мойындарын бұрды. Олар бір-біріне қарады. Тереза Лоранның қолындағы құтыны көрді, ал Лоран оның белдемшесінің қатпарынан жарқ ете қалған пышақты байқады. Сөйтіп олар үн-түнсіз, сұп-суық күйде, күйеуі — үстелдің жанында, әйелі буфетке сүйеніп, бірер сәт бір-біріне қарап тұрды. Олар бәрін түсінді. Олардың әрқайсысы бір-бірінен өзінің ойлаған ойын жазбай танып, қалшиып тұрып қалды. Бір-бірінің сасқалақтаған жүздерінен өздерінің құпия ниеттерін оқыған олар бірін-бірі өлердей аяды және жек көрді.
Оқиғаның аяқталуға жақындағанын түсінген Ракен ханым оларды міз бақпай, кірпік қақпай бақылап отырды.
Кенет Тереза мен Лоран еңіреп жылап жіберді. Қатты күйзеліс олардың күшін сарқып алып, әбден әлсіреген байғұстарды бір-бірінің құшағына балаша атып жіберді. Оларға кеуделерінде әлдебір сүйкімді де мейірімді бірдеңе оянып келе жатқандай болып көрінді. Олар өздері өткізген және егер соған олардың опасыздығы мен қорқақтығы жеткізетін болса, алда да өткізетін лас өмірлері туралы ойлап, үнсіз егілді. Өткенді еске алып тұрып олар өздерінің соншалықты шаршап — қажығанын, өздерінен — өздері жиіркенетінін сезінгендігі соншалық, олар кереметтей тыныштықты, ғайыпты аңсады. Пышақ пен у құйылған ыдысты көргенде олар соңғы рет бір-біріне ризашылықпен қарасты. Тереза стаканды алып, ортасына дейін ішті де, Лоранға берді; ол оны түбіне дейін сарқып ішті. Бұл көзді ашып — жүмғанша болды. Өлген екеуі өлімнен жұбаныш тауып, бірінің үстіне бірі құлап түсті. Жас әйелдің еріндері күйеуінің Камилл тістеген жерде қалған тыртығына тиіп жатты.
Шамның сарғыш жарығында құрысып-тырысқан, ұсқынсыз мәйіттер ас үйдің еденінде Ракен ханымның аяғының астында түні бойы жатты. Түске дейін, он екі сағат бойы тапжылмастан, үнсіз мылқау Ракен ханым қан толған көздерімен оларды ішіп-жеп қарап отырды, сонда да бұл көрініске ындыны тоймады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі