Қуанамын неге бүгін соншалық
Шаттанғаннан келіп жетті бір шабыт
Қиясына ұшқалы отыр тәтеміз
Көңілде бір қимастық бар қайтеміз
Қадамыңыз бүгінгі құтты болсын
Қыдыр дарып отауға бақыт қонсын
Көтерген жездемізбен шаңырақтың
Ішіне қуаныш пен күлкі толсын
Ұлдарды нәсіп етсін ақылды ұдай
Қыздарды нәсіп етсін күн мен айдай
Отаудың берік қылып босағасын
Біздерге болыңыздар жаққан шамдай
Көктемнің күлімдеген күніндейсіз
Дүниенің ең шырайлы гүліндейсіз
Папасы мен мамасының асыл қызы
Әрқашан жездемізбен бір жүргейсіз!
Өмірде ең бақытты жан болыңыз!
Мәнді де даңғыл болсын бұл жолыңыз!
Мәңгілік бір-біріңе ғашық болып
Көңілі туыстардың жүрсін толып!
*** *** *** ***
Ғұмырыңыздың жарқын шақтары мен бақытты сәттері мол болғай. Өмір Сізді тек жақсылықтар мен қуаныштарға жетелесін. Ибалы келін атанып, сол ауылдың алтын босағасында аман-есен жүре беріңіз.
*** *** *** ***
«Бақыт деген досыңның — қабағында, жарыңның — жанарында» дейді. Осындай өмірлік дос болып өтіңіздер.
*** *** *** ***
Болашақтың ақ таңдарын бақытпен қарсы алып, барлық ізгі армандарың орындала берсін. Өмір жолында серіктерің сәттілік, жолдастарың жақсылық болсын.
*** *** *** ***
Жүздеріңізден шаттық пен күлкі үйіріліп, көл бетіне өрнек салған аққудай бақыт бесігінде қуанышты серік етіп, тербеле беріңіздер!
*** *** *** ***
Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балаған. Төрін ұсынған. Себебі, қыз — өріс. Қыз — кие. Қыз — ұлтының ұяты. Қыз — халқының шырайы. Қыз — өмірдің бастауы. Қыз — тіршіліктің тірегі.
Бұл қасиеттер қыз ғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылғандай. Ал сол ақ үрпек балапанын аялы алақанынан ұшырарда қай ата-ананың болмасын көңілі тоқып, жан тебіренісіне түсері хақ. Сосын өзегін жарып шыққан балапанына: «Құтты орныңа қонып, бағың ашылсын!» деп Жаратқаннан тілек тілеумен болады.
Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.
Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!
*** *** *** ***
Тілеуің тілеп тұрды аппақ,
Қимайды іштей ата – ана.
Қыз едің өскен бұлғақтап.
Аттайсың бөгде босаға.
Әлпештеп басқан бауырға,
Кем көрмей ұлдан шалқытып.
Ата – ана қалып ауылда,
Асықтың тұр деп жар күтіп.
Анаңның жолын жалғадың,
Жат жұртқа кетіп барасың.
Сүюдің татып бал дәмін,
Жарыңмен тапқын жарасым.
Бақыт бол барған жеріңе,
Жүзіне кірбің жуымай.
Береке қонсын төріңе,
Демесін жаман қылығы-ай.
Қылығың түзде – ержеттің,
Ие бол ақыл – тізгінге.
Гүлі бол барған әулеттің,
Тастай бат, судай сіңген де.
Тіршілік деген майдан бұл,
Өмірдің әлі сыны алда.
Жарыңмен бірге жайнағын
Ұқсағын асқақ шынарға!
*** *** *** ***
Кеше ғана жүргендейсің балапандай бүлдіршін,
Білім алып, бой жетіп, ой түзедің.
Қанатың қатып, ұшып кеттің ұяңнан,
Қимастықтан ауырды менің жүрегім.
«Қыз - өрісің», «жат жұрттық» деген сөз бар,
Теңіңді таптың жүректен шыққан тілек бар.
Ақылды бол, еркелікті қоярсың,
Бір отаудың келіні сен боларсың.
Енеңді - анам, атаңды - әкем деп ойла,
Барған жерің - өз жұртыңдай сен сыйла.
Сонда ғана жағарсың сен еліңе,
Кір келтірме өзіңнің туған жеріңе
Құдай қосқан қосағыңмен қоса ағар,
Кешірімді, кішіпейіл болыңдар.
Аналық жүректен шыққан ақ тілегім,
«Қабыл болсын» деп Алладан тіледім.
Бір Алла тіл-көзден өзі сақтасын,
Жолдарың ақ, түзу болып басталсын.
Екі жасқа арналған осы ақ тілек,
Періштенің құлағына шалынсын.
Назар аудар:
Әкенің қыз ұзату тойындағы тілек аманаты
Ұзату тойында той иесіне айтылатын тілек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Алмас
Қыз ұзатуға ең әдемі тілектер мен құттықтаулар екен