Өлең, жыр, ақындар

Экспо көрмесі

Францияда өткен Халықаралық көрмелер бюросының кезекті, 152-ші сессиясында «ЭКСПО-2017» expo-2017 көрме­сін Қазақстанда ұйымдастыру жөнінде шешім қабыл­данғаны белгілі. Дауыс б­еруші 161 елдің 103-і Қазақстанды таңда­ған. Бұл жаңалыққа Астанадағы біраз жұрттың бөркін аспанға ата қуанып жат­қанын теледидардан көрдік. Дегенмен аты әдемі бұл көрменің сипаты қандай болатынын екінің бірі біле бермесе керек. Осыған орай оқырман назарына ол жөнінде танымдық мақала ұсынып отырмыз.
ЭКСПО атауы – өзінің аты айтып тұр­ғандай, «экспонат» деген сөзден шыққан. Қазақ­ша­ла­сақ, жәдігер болады, яғни ол – жер жүзін мекендеген барша халықтардың өмірдің түрлі саласында қол жеткізген жетістіктерін, жәдігерлерін көр­сететін алаң. Онда ЭКСПО-ның ке­зекті таңдаған та­қырыбына орай жұрттың бұ­рынғы-соңғы жеткен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылады.

Мысалы, 1862 жылы Лондонда бол­ған ЭКСПО-да жұрт алғашқы тігін маши­на­сымен танысқан. 1876 және 1893 жыл­дар­дағы Филадельфия мен Чикаго (АҚШ) ЭКСПО-сында жұрт назарына тұңғыш телефон аппараты және алғашқы әлектр қуатымен жарықтандыру жүйесі ұсы­ныл­ған. Ал енді бүгінде әлем жұртшылығы қолданып жүрген «телевидение» деген сөзді қолданысқа 1900 жылы Париждегі көрме кезінде орыс инженері Константин Перский­ ендірген екен.

Бекітілген тақырыбына қарай көрмелерге қолөнер, бейнелеу өнері, өнеркәсіп, жаңа технология туындылары, түрлі пайда­лы қазбалар мен олардан алынған өнім­­дер де қойылады. Адамзатты алаңдатып отырған экология, урбанизация сияқ­ты жаһандық проблемаларға қа­тысты жаңалықтар да осында талқыға түседі. Қысқасы, он­да жұртшылық назарына ұсынылатын дүниелердің ауқымы кең. Атал­ған іс-шара­ға бүкіл әлемнен түрлі ма­мандар, өнертап­қыштар, кәсіпорындар қатысады.

ЭКСПО-ның алғашқы көрмесі 1851 жы­лы 1-мамыр мен 15-қазан аралығында сол кездегі ағылшын ханзадасы Альберттің (кейін Ұлыбритания ханшайымы Викто­­рия­ның күйеуі болған) бастамасымен Лон­донда өткізілген. Содан бергі уақыттарда ол әлемде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тари­хына көз жіберсек, ол содан бері 43 мәрте ұйымдастырылыпты. Ал бұл көрмені өткіз­ген қалалар ішінде Франция астанасы Париж рекорд жасап тұр, мұнда ол 1855, 1867, 1878, 1889, 1900, 1937 жылдары ұйым­дастырылыпты. 1889 жылғы ЭКСПО кезінде Франция әйгілі Эйфель мұнарасын жұрт назарына ұсынған. Бүгінде бұл мұ­нара Париждің символы.

Жалпы алғанда, әлем елдері ішінен ЭКСПО-ны өткізу бойынша екінші орында АҚШ тұр. Мұнда ол 5 мәрте ұйымдасты­рылған. Одан кейінгі орындарды Жапония (4 мәрте), Ұлыбритания мен Канада (2 реттен) алады. Аталған көрме сондай-ақ Бельгия­, Германия, Италия, Испания, Португалия, Оңтүстік Корея, Австралия, Қытай елдерінде бір-бір мәртеден ұйымдас­тырылған. Қытай демекші, қамтылған елдер мен барып тамашалаған адамдардың саны, ЭКСПО өткізілген алаңның үлкендігі жөнінен Қытайдың Шанхай қаласы әлем бойынша алда тұр. Мұнда ЭКСПО көрмесі 2010 жылы өткізілгені мәлім. Оған әлемнің 190 елі қатысқан болатын. 5,28 шаршы шақырым алаңды қамтыған көрмені ол өткізілген 184 күн ішінде 73 миллион адам барып тамашалапты.


ЭКСПО «әмбебап», «халықаралық» және «арнайы» деп аталып, негізгі үш түрлі бағыт бойынша өткізіледі. Өткізілетін уақыты 3-тен 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Әлем елдері арасындағы мұндай көрмені өткізу құқығына ие болу жолындағы бәсекелестік Олимпиада өткізу үшін болатын бәсе­келестіктен бір де кем емес.

Сонда осындай керемет көрменің табыстары мен шығындары қандай болады?­ Бұл жөнінде жұрт пікірі әрқалай. Мысалы, 2000 жылы Ганноверде (Германия) ұйым­дастырыл­ған көрме кезінде көрмені тамашалаушылар үшін күніне 261 мың билет сатылады деп шамаланғанымен бұл жоспар орындалмай қалған деседі. Ал кейбір сарапшылардың есебінше, осы көрмеге қатысқан Нидерланды елі өз жетістіктерін көрсету жолында 35 миллион доллар шығын­дапты. Дегенмен жетістіктерін қажетті дәрежеде көрсете алуының арқасында кейін елге тартылған инвестиция арқылы Нидерланды бұл шығынын 10 есеге дейін өндіріп алған көрінеді.

Қорыта айтқанда, ЭКСПО көрмесінің осындай кереметтері бар. Ал 2017 жылы Астанада өтетін көрмені ол өткізілген уақыт ішінде кемінде 5 миллион адам тамашалайтын болады деп болжануда. Ол «Болашақтың қуат көздері» деген негізгі тақырыппен өтпек. Қысқасы, онда адамзатты толғандырып жүрген қуат көзінің баламалы түрлеріне көшуге байланысты жаңа технологиялар көрсетілетін болады.

 

Мақала zamana.kz сайтынан алынды


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

арай

супер

арай

жарайсындар

Еділ

Сол ЭКСПО 2017 колданыска берилмей жатып кулап жатса, колданыска калай береди екен

Ереке

Билет туралы сұрайын деп едім, бір телефон көтеріп жауап бермеді! Бұны қалай түсінуге болады? Қарапайым халық хабарласа алмай жатырмыз. ЭКСПО басталмай жатып осындай болама?! Бұл кімнің кінәсі?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз