Өлең, жыр, ақындар

Бүгінгі балалар - ертеңгі болашақ

Ересектермен салыстырғанда балалардың көзімен өмір қызықты, әрі өте қарапайым. Баланың тілі бал болатыны рас екен-ау. Үйге келгеніңде олардың сан түрлі сұрақтары мен былдырлап сөйлеген тәтті сөздері бірден шаршағаныңды ұмыттырып жібереді. Балалар негізінен әсершіл, тез еліктегіш келеді ғой. Ересектердің әрбір қимылын, сөздерін сол күйі қабылдап алып, оны  үлкен өмірге алып кетеді. Сондықтан үлкендерге  салмақты сөз сөйлеп, саналы іс-әрекет жасаған жөндірек.

Баласыз үй - мазар, балалы үй - базар" деп атам қазақ бекерден бекер айтпаса керек. Мен де бала болдым. Бәрі жан-жақтан қызығып сұрақ қойып, алқымымнан алатын еді. Қазір өзім де кішкентай жиендеріме түрлі сөздерді айтқызып, қызық көріп жүрмін. Бір жиеніме "өзіңе бір нәрсе аларсың" деп майда тиындар бергенмін. Тиынды алған жиенім "бәрін жинап, мамама апарымын" деп сөмкесіне салып, тығып қойып жатқаны ерекше әсер қалдырды. Қазіргі бүлдіршіндердің зерек, ақылды, әрі бәрін бақылап отыратынына  көзім жетті.      

21 ғасырдың балалары тез жетіліп келеді. Олар техниканың тілін тез меңгереді. Компьютер мен ұялы телефондағы ойындарды еркін ойнап отырған 4-6 жастан асқан баланы көрсек таңғалмайтын болдық. Есесіне, балалардың далада топ құрып, біздің кезіміздегідей қызықты ойын түрлерін ойлап тауып, танымдық қабілетін арттыратын ойындардан қапы қалғанын байқауға болады. Балапандарға ерте жастан үлкен адамдарша қарым-қатынас жасап, аяқ киімінің бауын өзі байлап, қыз бала шаштарын өзі өре алатындай етіп дағдыландыру керек секілді. Сондай-ақ отбасында қазақша сөйлеп, тіліміздің дамуына да көңіл бөлуіміз өте маңызды.Өйткені бүгінгі жақсы тәрбие алып, өзін бақылауда ұстай білетін бала, ертеңгі күні ел болашағына пайдасын тигізетін тұлға болатынына сенемін.Баланың осы бастан-ақ жақсы жаққа дамуы, бұл- болашақ кепілі.

Еркеназ Жалмұқашева  

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика факультетінің 3 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар