Автор:
— Ерте, ерте, ертеде, Жалқаубек атты балақай өмір сүріпті. Ол жазу жазғанда, әріптерін қисық-қыңыр етіп жазады екен. Бірде дәптердегі әріптер түгел жиналып, өздерін қалай болса солай жазып, қор қылып жүрген баланы тәртіпке салуды ойласыпты. Жиналысты арқыраған «А» әрпі бастапты.
А:
— Уа, әріптер! Мына Жалқаубек бізді қарадай қорлап бітті ғой? Маған қараңдаршы? Бір аяғым ұзын, бір аяғым қысқа. Белім де қисық буылған. Басым кекжиіп,
мойным қисайып тұр!
Ә:
— Сіздің түріңіз тәуір ғой «А» аға! Маған қарасаңызшы? Кейде шалқайтып қойса, кейде еңкейтіп қояды. Кейде теріс қаратып «6» санына ұқсата салады. Мұғалім дәптер тексере бастаса, қалтырап қоя берем. Тағы да қызыл сызықпен бастырып тастай ма деп?!
Б:
— Ееей, дауысты дыбыстар! Маған қарағанда бастарыңыз орнында ғой. Мен байғұсқа қарасаңыздаршы..?! Басым мойныма ілініп тұр. Бір бүйірім қабысып, омыртқама жабысып тұр. Беу, дүние-ай! Мені алып өзгертіп, әдемілеп жазатын оқушы бар ма екен?
(Осы кезде сахнаға ақсаңдай басып «Н» әрпі шығады.)
Н:
— Сәлем, қырық бір бауырым! Бармысыңдар! Мына Жалқаубектің дәптерінен ешкімнің түрін танып, амандаса алмайтын болдық қой?! Мені теріс қарап тұрған «4» екен деп қалмаңдар! Бір аяғы тізеден төмен жоқ «Н» әрпімін. (Көз жасын сүртіп) Өмірі осылай бірде — ақсақ, бірде — тоқсақ, бірде аяқсыз, бірде қолсыз жүріп жатқан жайым бар... (Жылап отырып қалады.)
Р:
— Еңіреп отырған «Е» ме десем, өзіміздің үнді, дауыссыз «Н» әрпі екен ғой?! Аяқ-қолды алып тастаған ешнәрсе емес, жоқ нәрсені жалғап, арқаңа ауыр жүк арқалатып қойғаннан қиыны жоқ! Мені мұғалім үнемі «ф» әрпімен шатастырып, ал оқушылар «саңырауқұлақ» деп те жатады.
Ж:
Жарайды, жарайды «Р», жылай берме «жүк, жүк»-деп. Нардай «Н», сен де налыма..! Нағыз оқушыға жолығып, қол-аяғың бүтінделер. Жарқырап өңің де кірер!
О:
Ойпырой, осылай ойланып, ойға шомып отыра береміз бе? Көтеріліске шықпаймыз ба?
Қ:
— Қ-қ-қалай? Қайтіп қарсы шығамыз? Қарсы тұрар қайрат бар ма, бізде?
М:
— Мммм, менде бір ой бар! Осы қалпымызбен тобымызды бұзбай Жалқаубекке барып, ақылға шақырайық! Егер тыңдамаса, менсінбесе, мобилограф шақыртып, Инстаграмға шығайық?!
Ш:
— Шшшақырсақ, шақырайық?!
Ж:
— Жалқаубек! Жанымызға жақында! (айқайлап шақырады)
Ә:
— Әріптердің әңгімесін тыңда! Әкіреңдеп, әлек болма!
(Жалқаубек сахнаға шығады. Бір қолында телефон. Бір қолында чуппа-чупс. Таңдана әріптерге қарап, аузы ашылып қалады. Көзін жұмып, басын шайқап, қайта жан-жағына қарайды.
Жалқаубек:
— Мәссаған! Бұл не? Өңім бе, түсім бе? Мыналар қайдан шықты?
Ө:
— Өңің, өңің! Өңкей мүгедек әріптерді жазған өзің! Өкпелеме, өте қиын жағдайың. Қайта жазып, жөндемесең, өкінерсің әрдайым!
Жалқаубек:
— Қалай жөндеймін?!
Ж:
— Жаңа дәптер ал да, жаңадан жаз, жалықпай!
Ә:
— Әдемі болсын әр әріп!
Қ:
— Қисайтпай жаз, қақитып! Қалмасын құлап, құнтиып. Қол-аяғы шұнтиып!
Ш:
— Шимайлама шатасып! Қалмасын сия баттасып!
Жалқаубек:
— Жарайды, жарайды! Ашуланбаңдаршы...! Мен сендердің бұлай жиналатындарыңды білген жоқпын. Енді әрқайсыңды барынша әдемі жазатын боламын!
Б:
— Баяғыдан бері солай жазуың керек еді?! Енді біз мұндай қорлыққа көнбейміз! Егер тағы да сүйкімсіз, сиықсыз етіп жазсаң, біз сенен кетеміз. Әдемі жазатын оқушыға барып, сонымен ғана дос болып өтеміз!
Ж:
— Жә, жә, Жарайды! Жамырамай жобаға келейік! Жалқаубекке бір мүмкіндік берейік?! Жаман жазуын тоқтатпаса, жақсы оқитын Жәмиланың үйіне кетейік?!
Д:
— Дұрыс! Дөп сөз! Қосыламын!
Барлық әріптер бірге хормен:
— Қосыламыз!
Жалқаубек:
— Бір мүмкіндік бергендеріңе рақмет! Мені кешіріңдерші достарым! Мен сендерсіз қалай оқимын? Қалай жазамын? Енді жалқау болмаймын! Қисық-қыңыр жазбаймын! Уәдем-уәде!
Әріптер:
— Көрерміз... (Бір-бірден шығып кетеді. Жалғыз қалған Жалқаубек, жалма-жан қолына дәптер алып, әдемі жазуға кіріседі. Сосын көрермендерге қарап):
— Балақайлар, сендер мен жасаған қателікті қайталамаңдар! Менің есіме бір нақыл сөз түсіп отыр. «Кім білімге көңіл қоймайды, сол ойынға тоймайды. Кімнен білім қашады, одан бәрі қашады!»- деген. Сондықтан білімге жабысайық, достар?!
(Сахнадан кетеді.)
Гүлмекен Қасенбай
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі