Өлең, жыр, ақындар

Мен армандаған мамандық

Көз – өмір айнасы болса, адам айнасы мамандық деп білемін. Себебі, мамандық таңдауда оң шешім қабылдауға өз бойыңдағы қабілет пен бейімділік ықпал етеді. Әр пәннен үздік болғаныма қарамастан ет жүрегім әр кез қазақтың қара сөзі мен өлеңдеріне тартып тұратын. Сондықтан ерте кезден мектепшілік жарыстардан бастап, аудандық, республикалық жарыстардан қалмай, ұлы Абай, ақиық ақын Мұқағали сынды ақындардың өлеңдерін оқудан алдыма жан салмайтынмын.

Ал кешегі бала арман, бүгінде мақсатқа айналды. Менің мақсатым – журналист болу. Шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін айқасатын, таңдауы мен сөзіне адал, ақ парағым пен алтын қаламым қорғансызға пана, қоғам һәм адам өміріне әділеттілік жыршысы бола алатын маман атану. Алған атағыммен ғана шектелмей, сол істі өмір мен жүрегімнің бөлшегіне айналдыру. 

Биліктің төртінші иесі аталып кеткен журналистер қоғамның қызығы мен шыжығына қатар бөленіп қоғам елегіндегі өткір мәселелерді көтеретін, от пен суды жасқанбай кешетін, ақиқат пен әділдік жолында арпалысқа түскен жандар. Маман иелері әр сәт ізденісте болып, қоғам елегіндегі жетістіктермен қатар келеңсіздіктері аямай талқыға ала біліп, ел тынысындағы түйткілді мәселелерді ерінбей шешуге атсалысып, нәтиже әділдігіне жетпей тынбайды. Мамандықтың ой дуалар ерекшелігінің бірі – қоғам пікірін қалыптастыра алулығында. Қозғар мәселесі мен айтар жаңалығы адамның дара пікірінің шыңдалуына ықпал етеді. Сондықтан журналист маман өз жұмысына жауапты һәм әділ қарауы, ақпаратты бұрмалаусыз жеткізуіі тиіс. 

Осы тұрғыдан үлгі тұтар, нағыз журналист мысалы ретінде марқұм Бейсен Құранбек ағамызды айта аламын. Ол кісінің “Қазақстан” Ұлттық телеарнасында бес жыл бойы үздіксіз жүргізген “Айтуға оңай” ток-шоуы әр қазақ жүрегінен жылы орын алды. Жылаған жұрттың мұң-мұқтажын тыңдай отырып, жалғыз өзі эксперттің де, заңгер мен психологтың да қызметін қатар алып жүрді. Әрине, ол мамандардың аталмыш  ток-шоуға қатысатыны бәрімізге мәлім. Дегенмен, кейде маман иелерін дұрыс бағытқа бұрып, сөздерін сабырлықпен түзей отырып, сөз бен дара жол тізгінін жібермей, дауласушы топты татуластыра білген болмысы мен шеберлігі ұнайтын. 

Өкінішке орай бүгінде атын атауға тұрмайтын, даңғаза дау-дамай, жалған-айқай шумен ел назарын еліктірер бағдарламалар саны артуқан тұста жалғыз мен емес, көп қазақтың Бейсен ағаны күрсіне еске алары сөзсіз. Қазақи мәдениеттілікке жат, өзге елден еліктеп көшірілген “Қослайк”, “Бір болайық” сынды бағдарламалар саны көбеймесе, азаймасы анық. Айтары жоқ, ойсыз арзан тақырыппен сенсация жасау – адам өрісінің төменділігі деп білемін. 

Мен журналист болсам, қазақтың ата-баба салтымен дәріптеліп келе жатқан дәстүрі мен мәдениетін сақтай отырып, қоғам тағдырына сай салалық яки сараптамалық бағдарлама ұйытқысы болар едім. Мәселен, қазір кино өнері мәнін ашатын, медицина ұйытқысы болатын бағдарламалар жоқтың қасы. Қазіргі мүмкіндікке толы заманда неліктен болашаққа бастар, сана деңгейінің өсуіне ұйытқы болатын жолды негізге алатын бағдарламаларды жүргізбеске?

Қазіргі таңда халық алдында қысылмай сөз сөйлеп, журналистика атты әділ жолға өзімді дайындаудамын. Бүгінгі еңбегім өз жемісін беріп, 1934 жылдан бері талай майталман маманның бағын ашқан, қазақтың қара шаңырағы Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-ін таңдап, осынау мықты білім ордасында сапалы білім алатыныма сенімдімін. 

Мен ақпарат ағымынан қалмай, қоғам аясында болып жатқан үлкен өзгерістер толқынымен жүріп, журналистикада жаңа көзқарас, жаңа сенім, жаңа ой мен әлемдік аренада бой көтерілуді армандаймын. Сол себепті де осынау қасиетті әрі тынымсыз мамандықты таңдап отырмын. 

Журналист болу туралы алғашқы балаң ойым телеарналар алдынан көріну болса, қазіргі таңда халық мұңы мен мұқтажын тікелей жоғарғы билік иелеріне жеткізетін алтын көпір болу екендігін түсінемін. Өз халқыма кішкене болсын қолқабыс ете алсам, мұңын мұңдап, жоғын түгендеуге атсалыссам деймін. “Журналистика биліктің төртінші иесі” деген пікірді біздің жастар іс жүзінде дәлелдеуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлылар армандаған қоғамды біз орнатпағанда, кім орнатады?!

Әрине, арман жолы оңайға соқпас. Дегенмен де, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрер болсаң армандаған белесің, мақсатың мен жетістігіңе жету екі талай. Сол үшін де ешбір сынаққа мойымай, өмір шыңына, асқақ армандарыма қол жеткіземін.

Бақыт Нұрай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Амангелді И

Табысты бол, бірақ шынайы журналист болыңдаршы, ақты ақ, қараны қара дейтін, халықтың сөзін сөйлейтін.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз