Мен - Отанымның құрбаны... алты баланың анасы, Совет Одағында тұрамын. Отаным - Советтер Одағы. Бірақ менің шыққан тобым - Совет Одағынан талай таяқ жеген тап. Өзім де бірталай тойтарысты көрдім... Революцияның алғашқы күндерінде он бес жасар қыз едім. Сол он бес жасымнан бастап, осы күнге шейін (38 жыл) жаныма бір де тыныштық болмады... Қыз күнімде (революцияның алғашқы жылында) туып-өскен қаламызды Совет Одағының қысымына шыдай алмай, тастап кетуге мәжбүр болдық. Іргеміз сөгілген соң, ерге де ерте шықтым (он алты жасымда). Ерім - ақылды, батыл, өз халқын сүйетін қазақ халқының белді, беделді ағартушысы еді. Ерімді ешбір жазықсыз, «ұлтшыл» деген оймен Совет Одағы жоқ қылды. Екі ұлыммен еңіреп мен қалдым. Екіншіге ерте шықтым. Ауызым барып айтады - екінші ерім де ешбір жазықсыз еді, НКВД оны да жоқ қылды. Бұл ерім - теңдесі жоқ асқан шебер ақын еді. Мен бес баламен қалдым. Барлық мүліктерімді алып, өзімді жер аударды. Ауыр тұрмыста бірде қызмет істеп, бірде бос жүруге де тура келді...
Ауыр соғыс жылдарына да келіп киліктік. Үйде қара нанға да тоймағандықтан, үлкен ұлым жасына жетпесе де, өзі тіленіп соғысқа кетті. Ол онда қаза тапты. Қалған балаларым да ашығатын болды. Көп ойландым, көп толғандым. Өзімнің жазықсыздан-жазықсыз осындай хәлге түсуіме себепші болған Совет Одағына айқайлап өкпемді айтқым келеді. Бірақ мүмкін емес еді, бірауыз сөз айтсам, екі ерімнің ізімен мен де жоғалмақ едім. Жоғалудан да қорықпадым, балаларымды ойладым; оларды қимадым... Балалар орта мектептерді озат бітірсе де, өздері тілеген жоғары дәрежелі оқу орындарына түсе алмады. Тіпті өздері сүймеген, тек амалсыздан оқыған сол жоғары дәрежелі оқу орындарын үздік аяқтаса да, аспирантураға түсуге правосыз болды. Ал қызмет істеу мүмкіншілігі болғанда әлдеқайдағы алыс түкпірлерге, адам бармайтын жерлерге жіберілді. Қайда теңдік? Қайда бостандық? Жауап беретін жан жоқ! Мен Совет Одағына не істедім, не үшін жазықтымын?
Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. Өлеңдер, проза, естеліктер, күнделіктер, хаттар, пікірлер, ойлар... - Алматы: Атамұра, 1998, 145-146-беттер.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі