Келдім де өмір саған ерікпенен
Келдім де өмір саған ерікпенен,
Бетіңе маңдайымды беріп келем.
Жүйріктеу бойдағы бір желікпенен,
Мен сені құйыныма көміп келем.
Келдім де өмір саған ерікпенен,
Бетіңе маңдайымды беріп келем.
Жүйріктеу бойдағы бір желікпенен,
Мен сені құйыныма көміп келем.
Жұрт сыйлар жоқ мансабым, жоқ беделім,
Талайды өкпелеттім, өкпеледім.
Ешкімге бақыт болып келмесем де,
Ешкімді сорлы етпесем деп келемін.
Жолаушыдай жас дәурен желіп өткен,
Алдағысын үмітке сенім еткен.
Кездейсоқ келген басқа қуаныштан,
Қайғым артық кеудемді еңіреткен...
Бақ қонып, кеңге арқасын тастағандар,
Тірлікте тасбақадай тас-табандар.
Адам ба, қолдарынан келе тұрып,
Басынан жақсылығы аспағандар...
Бұлбұл, сенің әнің маған белгілі,
Әнің сенің жасыл бақша, жер гүлі.
Саған таңсық емес сонша, сеземін,
Қырандардың аспандағы ерлігі.
Күндерменен ақ сағым сырғанармын,
Сырғанармын, сол күнмен бір жанармын.
Елеңдетіп жанымды түнгі көктен,
Даусы келер құлаққа тырналардың.
Сұлу емеспін деп,
Бекерге шын тәңірге өкпелеппін.
Сұлулармен жүріппін теңескім кеп,
Алалығын сезсем де бетпе-беттің.
Бір бастағы бір өмір көрінеді аз маған,
Үлгермейтін секілді шалқып отым маздаған.
Үлгермейтін секілді бір бақытым оралып,
Кетем бе алып өзіммен жырларымды жазбаған...
Кісіге үндемеймін ұнамаған,
Сыртымнан не демейді шыдамаған.
Ал бірақ кейбір ағат мінезімді,
Оңаша, талқыға сап, сынап алам.
Білмейді менің ешкім жоқ-барымды,
Білмейді қиын-қыстау шақтарымды.
Қағазға жүрегімнен құямын мен,
Жырымды, жарығымды, оттарымды.
Қуаныш пен өкініш бәрі де өтер,
Жүрек суып, кеудеңнен жалын кетер.
Көңіліңнің кеңейткен көк аспанын,
Боп көрінер табынған әнің бекер...
Бітірмегім көп еді, бірін әлі
Бітіре алмай келемін.
Көңіл – көзсіз, әрнеге ұрынады,
Таппай арман – өлеңін.
Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым,
Жас күнімді, мас күнімді баянды.
Жылағанмын бақытымды тонап түн,
Жылдарымды тоқтата алмай аяулы.
Жас кезімде бұдан сәл, көп болатын достарым,
Кеңіп мүлде кеткендей, көрінетін аспаным.
Енді міне, бәрімен түсініспей суыстық,
Көңілімізден өлтіріп, арасында қас қағым...
Ескі досым, көрмесең көрме мені,
Көп нәрсеге бұл көңіл көнген еді.
Осып түсер бетіңе бір сөз айтсам,
Қыршаңқы аттай туларсың кермедегі.
Жүргем жоқ біреуден даңқ даулайын деп,
Жүрмін бір жүрекке жол жалғайын деп.
Жүгірсем көзді жұмып көкжиекке,
Соғылатын секілді маңдайып кеп.
Келдің бе, Май!
Толықсып, гүліңді алып,
Бар әлемге ұлы күн нұрын жағып.
Қол ұстасқан қарашы көшедегі,
Көктемнен өтіп, келдің бе, кербез жаз дәурен,
Жап-жасыл бояу, сіңісіп қалған көзге әбден.
Кеудесін таудың иіткен бала бұлақтар
Барады сырлы толқынын өріп саздармен.
Аспан тұман, жер дымқыл,
Шығар екен күн қашан.
Кеудемдегі көл күлкім,
Тартылыпты, тыңдасам.
Жасыл көктем, барасың сырғып қайда,
Жазық белес мендегі сырды ұқпай ма.
Жасыл аспан бояулы жасыл дүние,
Жастығыма бір қадам жылжытпай ма?
Өлмегенге мінеки, жаз да келді,
Толтырып аққуменен қазға көлді.
Өлең менен өмірге ғашық көңіл,
Өтіп кетер мынау шақ, қозғал енді...
Көктем келді гүлден алқа тағынып,
Бала қыздай тентек, сары кекілді.
Сұлу күнді сырлы күнді сағынып,
Тас бұлаққа жуған қандай бетіңді.
Гүл тәрізді өмірім ерте солар, ерте өніп,
Кеудеңдегі бір жүрек суып, бірде өртеніп.
Қайда қалды япыр-ау, бір кездегі ұяңдық,
Қайда қалды ғашықтың алдындағы еркелік.
Қатайтты сені, бәлкім, өмір білем,
Жас өндір жігіттердің көңіл гүлі ең.
Сезімің селк ететін сәл нәрседен,
Аққудың айдындағы көгілдірі ең.
Шымылдықты қою мақпал сырғып түн,
Қан жүгірді тамырына тірліктің.
Ояу едім, сол жарыққа бөленіп,
Атар таңнан әлдеқандай сыр күттім.
Көктем, көктем, кеудеме орап мол шабыт,
Суретіңді көз алдыма келші алып.
Жан бағына құстарыңмен шулап кел,
Қарсы алайын қайталанбас ән салып.
Төбемнен төңкерілген аспан кеуде,
Келеді ай дөңгелеп Асқар белге.
Жарасқан егіз әлем үндес тілмен,
Жұлдыздар түнгі шамдай шашқан жерге.
Сылаң белдер сіміріп бір күйді алау,
Сусып төмен түсіпті ақ желегі.
Таза ауадан майда қоңыр бұйралау,
Көктем иісі келеді...
Ақ бұлақ, жеткізбейсің қашқан атқа,
Қайталап бір ағысты бір ағысың.
Төккендей күміс теңге тас-табаққа,
Толқының паш етеді бұла күшін.
Жастық шақ еске салып айларды өткен,
Құлашын қиялыма жайған көптен.
Барыңмен думандатып, базарыңмен,
Жеттің бе аман-есен, қайран көктем.
Бірге түстік тірлікте от пен суға екеуміз,
Қанықпыз ғой бастан бұл өткен сырға екеуміз.
Бірге татып өмірдің ащы дәмін екеуміз,
Көңілдердің шырқадық асыл әнін екеуміз.
Адасып, жалғызсырап келсең кейін,
Бейкүнә жүрекке бір жол сермейін.
Еркіңде, кетсең-дағы екі бөліп,
Жалт еткен қынаптағы семсердейін.
Қалай ең, ұмыттың ба, таныс әуен,
Толқындай ырғағыңмен табысар ем.
Қалқысын көңіл әппақ шағаладай,
Ашылып қарсы алдымнан алыс әлем!..
Көңілдің орындалмай көп тілегі,
Кеудемді құлын жүрек тепкіледі.
Бейғам ем, бетпе-бет кеп ойда жоқта,
Көзіңнің найзағайы соқты мені!..
Желпіп бір жазық белдің ақ сағымын,
Бұлақ боп сылдыр қағып ақса жырым.
Елеусіз қалдырмастан есіңе алшы,
Өзіңсіз ұйқым шала, жоқ сабырым.
Өзіңді өмір бойы жыр еткім кеп,
Шертер ем ынтызарын жүректің көп.
Кеудеңнен аспан болсаң жауған нұрмен
Жатар ем қара жердей түлеп, гүлдеп.
Тым ертерек ағарса шашың, жарым,
Мен оған кінәлімін, айыптымын.
Кеудеңдегі қызғаныш, ашуларың,
Сыртқа шықса сырларын жайып бүгін.
Жібек жел ем, айналдырдың дауылға,
Ұшқын едім, шарпыдың сен жалынға.
Енді қайттім, маза берер еес түк,
Бір от бұлақ ағып жатқан жанымда.
- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі