Қаратау өрнектері
Қаратау – мәңгіліктің белгісі ғой,
Мен көрген – бертіндегі елдісі ғой.
Жаңарған елу жылда елде арман жоқ,
Жоқтарым – ежелгінің шерлісі ғой.
Қаратау – мәңгіліктің белгісі ғой,
Мен көрген – бертіндегі елдісі ғой.
Жаңарған елу жылда елде арман жоқ,
Жоқтарым – ежелгінің шерлісі ғой.
Ішіңізді жол бар ма араларға,
Көзбен безін қайыңның жараларға;
Көкжиектің шегіндей құлпырасыз,
Дөңгеленсе дүние, шара бар ма?!
Сен мұңлысың басыңнан ел кеткенге,
Мен мұңлымын жырымды кемдеткенге.
Өжет ұлға тағдырдың тосқауылы –
Қайда жүрсем мен душар сеңді өткелге.
Асыққан алыстағы ақша таңға,
Сал ақшам ат шалдырмас қақсасаң да.
Қондырып аққу-айды иығына,
Салады ымырттың ол тұйығына.
Келдім мен астанама бағынышпен,
Мойынға жырдан тұмар тағынышпен.
Жастықтың осында өткен күнін жоқтап,
Болдырмас болашаққа сағынышпен.
Теректей тәкаппарға Тәкен едім,
Момынға балдырғандай бәкене едім.
Жаһанға жалғыз аяқ салдым соқпақ,
Шиырын сағынбай мен әкелердің.
Мен сыншымын досқа да, дұшпанға да,
Опасыз қыз, опалы мыстанға да.
Бұлаңдатар құйрығын шабынған ит,
Қылышқа ұқсап қыли көз сұстанғанда.
Үш қайнардан құралған
Арналы Үшбас өзенім,
Сын түйісіп, сыр алған
Түседі-ау еске кезеңім.
Ерніңнің түгі тебіндеп,
Шілдеге сары шарқ ұрар.
Қоңыр күздің кегін жеп,
Көктемге көңілім талпынар.
Келді де ақтық күнің, Іскендерім,
Белгіге өшпес із сап, тістенді ерін.
Сусынға жұтылды емдей қызыл шарап,
Қорек боп ішке еріксіз түскен шерің.
Атыраудың іргелі елі
Бесігіндей ертектің.
Күнде думан жүрген жері
Күй перісі Сейтектің.
Тартып сапар Еділ-Донға,
Шықты кеме Москвадан.
Дегендей-ақ «Сапар оңға!»,
Қақ жарылды тасқын алдан.
Жалдайды суға күн туса жылқы,
Малтығып демде қалады, бірақ.
Үйірдің сансыз бұзылды шырқы,
Бетінде судың, сапарда ұзақ.
Қарындас, көз қиығын қашырасың,
Несіне сыр шіркінді жасырасың?
Шыбықтай солқылдашы, болсаң мұңды,
Көкейде көздің тамшы жасы қалсын.
Құтаймас ыждаһаттан ерінгенге,
Қайрылар қайран өнер көрінгенге.
Қазақта он еркектің біреуі ақын,
Несібе сансыз жолдан терілгенге.
Тоқтап жүрек, жұмылып көз,
Қашар қаны жанардың.
Болып ұмыт сәулелі кез,
Қараңғыда қалармын.
–Хош, есен бол, кісі боп қайт, қарағым, –
Деді шешем кеше ауылдан шығарда.
Көз жазғанша нүктеге ұзақ қарады,
Қалған нүкте, дариға, естен шығар ма?
Шалқыған қараңғыда айдай аян,
Мен Қозы – Көрпешпін де, өлең – Баян.
Қодардай қызғаншақта қанжар бар деп,
Мен қалай махаббатта серттен таям?!
Жас төкпен, өкінбен өткенге,
Өтер барша – гүліндей алманың.
Алтынша сарғаяр шақ жеткен бе,
Мен – жасарман қайтып, алдар арманым!
Өмірдің өтіп сабағын,
Әлемге барлай қарадым.
Тілімнің қызыл садағын
Дұшпанына елдің қададым.
Армысың, алыстағы аяулы аулым,
Мен де кең дүниеде есен-саумын.
Тек қана құрдастармен сайраңдаған
Сағындым кербез төсін Қаратаудың.
Сүйемін мен ботаның боздағанын,
Сағынышты қайдағы қозғағанын.
Сүйемін мен тырнаның қайтар кезде
Зеңгір көктен «Хош, хош!» деп созған әнін.
Беруші еді-ау қалқып көбігін,
Кейде шеше, кейде жеңге.
Шымырлап, ернеуден асса төгіліп,
Көмуші еді-ау бейне емге!
Рауандап алтын таң атады
Мен жатқанда ұйқылы-ояу.
Торғайлар шулап тіл қатады
Көк теректен тереземе таяу.
Жаз бен қыс көкірегімнен орын тепкен,
Жазықсыз жаным жырдың қорын төккен.
Қанымның мыңнан тамшы уын татқан
Кей қаскөй шабытыма өш шалқып жатқан.
Жанады қызыл шоқ боп дара жұлдыз,
Қара аспан кұлпырады қара құндыз.
Жүрегім сүйрік жалау бұлқынады,
Қара аспан қара құндыз құлпырады.
Сарнаған сары жазда сары аурудай,
Ақ қыста ыңқылдағап кәрі аурудай;
Қажайды көңіл қамын қамсыз түнде
Шалғайдан талмаураған сазды сырнай.
Аңсарым өлең еді ес білгелі,
Ескірді жыр, арай таң ескірмеді.
Шымшыды жүрек қылын өкінішім,
Күй сырын көкейкесті кеш білгелі.
Назды әуен әлдилеген бесігімнен,
Сыбызғы жеткен сыңсып есігімнен.
Құлаққа мұң мен бақыт түгел дарып,
Уантар ғұмыр бойы қос уілмен.
Долданса дауыл, – құл мұхит,
Тұнығы қалмас шайқалмай.
Жүрегім менің – тұңғиық,
Тұнығын бұзбас Байқалмай.
Құшағынан қызғанып түннің,
Шымшиды мені жеңгесі жырдың.
Алдынан шығып айдарлы күннің,
Арайлы таңмен табысып жүрмін.
- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі