Өлең, жыр, ақындар

Әбусина туралы аңыздар

Әбусина болмашы нәрсені сезгіш, аңғарғыш кісі болған екен. Бір күні жұбайы оның текеметінің астына бір парақ қағазды жайып салып қойыпты. Сол күні төсегіне жеткен ұлы тәбиб жұбайына: «Бүгін төсегіміз қалыңдап қалған секілді ғой», — депті. Келесі күні зайыбы текемет астындағы қағаздың үстіне тағы бір парақ қағазды жайып қойыпты. «Бүгін текеметтің ортасы дөңес боп кетіпті ғой», — депті ғалым бұл
жолы.

* * *

Бұхара шаһарынан қуғындалған Әбусина сол маңайдағы бір қыстаққа қоныстаныпты. Ұлы дәрігердің өз ортасына келгеніне қуанған халық оған тұс-тұстан келе бастайды. Басы ауырып, балтыры сыздағандар өте көбейіп кеткен соң дәрігер елге: «Әркім білегіне жіп байлап, бір ұшын маған ұстатып қойсын», — деп жар салады. Ел оның айтқанын істейді. Сөйтіп жүргенде бір қу дәрігердің «әулиелігін» сынағысы келеді. Ол бес күн бұрын жеті бала тапқан мысықтың мойнына жіп тағады да, оны қойнына тығып, жіптің бір ұшын жеңінен шығарып тәуіпке келеді.

— Данышпаным, жіпті ұстап кеселімді айтып бере қойшы, — дейді қу. Әбусина жіптің ұшын ұстап тұрып:

— Мысығыңыз бұдан бес күн бұрын жеті бала тапқан екен. Содан бері сүт ішпепті. Бишараларға сүт беріңіз, — депті.

Ортағасырлық кемеңгердің тамыр ұстау арқылы кеселді тез де, оңай табатыны жайындағы ғажаптығы күні бүгін де қастерленеді.

* * *

Күндердің күнінде біреу дәрігерге деліқұлы боп қалған ер азамат баласын алып келеді. Тәуіп сырқаттың тамырын ұстап, жігітке:

— Бұхараның мешіттерін, махаллаларын атап шық! — дейді. Жігіт білгенін атап береді. Бұдан соң тамыршы ауруға:

— Өзің білетін жігіттер мен қыздардың есімін және олардың қайда тұратынын айтып шық! — деген талабын қояды.

Жігіт бәрін айтып:

— Жаңа мешіттің жанындағы үйде тұратын.., — дей бергенде дәрігер:

— Болды енді, таптым, — депті.

— Данышпаным, баламның тамыры не деді? — деп сұрайды әке.

— Балаңыздың кеселі — жаңа мешіт түбіндегі үйдің қызына деген ғашықтық кеселі. Ендігі қамын өзіңіз біліңіз.

* * *

Бір күні ұзынды-қысқалы екі адам ұлы шипагерге алыстан келіпті. Әлгі екеудің ұзынының қолында маралшыбық таяғы, ал бәкенесінің қолында тобылғы сапты қамшысы бар екен. Қамшылы адам сүзекке душар болғанын, ал марал шыбықты адам қолына түскен қотырды емдей алмай жүргенін айтып, бәледен айығу жолын сұрайды.

Ауруларға көз жазбай қарап тұрған шипагер:

— Екеуің қолдарыңдағы қаруларыңды алмасыңдар, — дейді. Екеуі солай істейді. Бірақ мұнысы не деген деп ұзынды-қысқалылар аңырайып тұрып қалады.

— Екеуіңнің дәрілерің қолдарыңда жүр екен, — дейді сонда Әбусина, — бірақ ауысып жүр екен. Енді екеуің де жа- зыласың.

— Шипаңыздың мәнісін белмедік, тақсыр! — дейді ұзын бойлысы.

— Тобылғы шырышы — қотырға, марал шыбық түбірінің қайнатылған суы — сүзекке дауа. Мен сендерге өз қолдарыңда жүрген дәріні ауыстырып беріп тұрмын, — депті сонда бұхаралық ақылгөй.

* * *

Біреу екі аяғы бірдей семіп қалған баласын тәуіпке алып келіпті. Дәрігер аурудың тамырын ұстап, аяғын сипап көреді де, текшеде тұрған құтысын алады. Құтыны екі аяқтың ортасына қойып, қақпағын ашып жібереді. Сол кезде екі шаян екі жаққа ытып шығып, аурудың екі тізесіне тікендей шаншыла кетеді. Дәл сол сәтте бала «ойбай!» деп аяғын жиып алады.

— Балама мың да бір ем дарымап еді, құдіреттім! — деп әке жағасын ұстайды.

— Шаян ащы жанды жәндік. Тәтті жанға сол дауа, — депті сонда Әбуәлі ибн Сина.

* * *

— Сал ауруына шалдыққаныма қырық жыл болды, — депті бір қарт адам. Қартайған шағымда меңдеп барады, не амал қылайын, құдіреттім?

— Мына дәріні ішіңіз, ал мынаны сылап жағыңыз, — деп тәуіп шалға тоз-тоз қағазға оралған дәрілерді береді.

— Екеуі де ескі ғой, — деп қалады ауру қарт.

— Ескі ауруға ескі дәрі ләзім, — депті сонда шипалы адам.

Мұнысы ауру адамның күдігіне қарсы айтылса керек.

* * *

Әбусина ауру-сырқаттарға: «пәлен дәріні ішсең немесе жақсаң, жазыласың» деп кәміл сендіреді екен. Бір күні діндарлау сырқатқа дәрігер:

— Мына дәріні ішсеңіз, құлантаза айығып кетесіз, — депті.

— Аллаға жазып қылмайық. «Құда қаласа» деп айтыңыз.

Тәуіп: «Құда қаласа» дегенді қосып сөзін қайталап айтады. Ауруынан айыққан діндар бірер күннен соң қайта келеді.

— Бұл жолғы кеселді бір Алланың өзі жіберді. Оған дәрі де жоқ шығар.

— Дәрісіз ауру жоқ, — депті сонда философ, — Ауруды Құдай жіберетін болса, онда дәрісін қоса жібереді.

* * *

Тәуіпке қатты жынданған біреу әкелінеді. Ол келген бетте: «мен өгізбін, мені сойып жеңдер!» — деп аласұрып тұрады.

— өгізім, — депті дәрігер. — Сен арық екенсің. Жемшөп жеп семір. Сонан соң сойып жейміз.

Жындының бірінші сөзін мақұлдап, екіншісінде оның діттегеніне қарсы сөз айтылуы ем болған екен.

* * *

Ертедегі сәуегей адамдар аюдың, борсық пен тасбақаның қыс бойы нәр-қорексіз «өліп» жатып, көктемде қайта тұрып кететініне таң қалады екен.

— Аю, борсық пен тасбақа жыл сайын өліп тіріледі, өлген адам неге тірілмейді? — деп сұрапты бір шәкірт ұстазынан.

— Олар мейір деген шөпті тістеп жатады. Сол шөпті тістеп өлген адам тіріледі, — деп арманын айтыпты ғалым.

Аурулардың кейде аю, борсық майын, тасбақа жұмыртқасын жейтіні содан қалған екен.

* * *

Жүрегі, жүйке тамыры асқынған сырқат әйгілі тәуіптен ақыл сұрайды.

— Бұған дауа өсімдік бар. Соны езіп ішіңіз, — деп кеңес береді дәрігер.

— Ол қандай өсімдік?

— Басы тікен, түбі шалқан тәрізді өсімдік, — депті Әбу-сина.

Кеселі жанына батқан адам шарлап жүріп басы тікен, түбірі шалқан өсімдікті тауып алып, тостағанға езіп ішеді. «Қартаң құлақ» деген өсімдік екен ол. Қартаң құлақ Әбу-синаның өмірімен дәрілік қасиет алып кетіпті. Мал жемейтін, құс шоқымайтын сол қартаң құлағымыз бұл күнде алоэ деп аталады.

* * *

Жетпіс-сексен жасқа келген шал Әбуәлі ибн Синаға арнайы келіпті. Ол амандық-есендік сұрасқаннан кейін жас шағынан ауру-сырқатты болғанын, бірақ дәрігерге бармағанын айтады.

— Көп жылдар бойы ауру-кеселіңізді қалай жеңіп келдіңіз? — деп сұрайды одан дәрігер.

Әуелі ержету үшін тырыстым, одан соң үйлену, балалы болу үшін өмір сүргім келді. Сол мақсаттарыма жеткен соң немерелі, шөберелі болуға ұмтылдым. Сөйтіп жүріп, міне, сексенге де жеттім.

— Өмір сүруге құштарлық барлық дәріден күшті, — депті сонда шипагер кісі.

* * *

Дәрігерге жауқазындай жас әрі сұлу келіншек келіп, егде тартқан ерінің ауырмай-сыздамай өлгенін айтып, қатты өкінішін білдіреді.

— Кейбір еркектер, — дейді дәрігер, — сен секілді жас та сұлу жұбайынан кеселін жасырады. Олардың ауруын өлім ғана әшкере етеді.

* * *

Бір молда Әбуәліге екі ағайынының ауру-кеселі туралы сөз қозғайды.

— Үлкені, — дейді ол, — ауыра қалса, Құранды жастанып жатады да, тез айығып кетеді, ал кішісіне ондай ем қона қоймайды. Неге бұлай?

— Алғашқысы Құранды оқымаған кісі, ал кейінгі оны оқыған адам, — депті сонда дәрігер.

* * *

— Тамақсаулықтан ішім ауырған кезде берген әуелгі дәріңіз қышқылтым ғана еді. Кейінгі бергеніңіз ащылау болып кетті ғой, — депті бір сырқат тәбибке.

— Ішіңіз кейінірек бұрынғысынан ащылау болып кетіпті, — депті сонда күлімдеп шипагер.

* * *

— Әуелі жеті жерімнен шиқан шықты, одан соң оларға тоғызы қосылды. Сөйтіп көбейе бергені сонша, ақырында жараларымның санынан жаңылып қалдым. Қатты уайымнан жүріп жазылып кеттім. Неден жазылғанын білмеймін.

— Жараларыңның санынан жаңылғаның ем болған екен, — депті сонда дәрігер.

* * *

Әбуәлі шипагерге бір шаруа жеті-сегізге келгенше тілі шықпай қалған баласын алып келеді. Дәрігер баланы алдына алып, оның денесін түгел сипап, сылап шығады. Сол кезде бала даусын шығарып, сықылықтап күліп қоя береді, сөйлей бастайды. Кәпелімде қуанышқа қойны симай қалған әке балаға қалайша тіл біткенін сұрайды.

— Бала нәресте кезінде қатты шошып, тілі байланып қалған екен. Менің алдыма келгеніне қатты қуанып, ол бірден тілге келді. Есіңізде болсын: қорқыныштың емі — қуаныш.

* * *

Бір күні түнде шипагердің үйіне атты, түйелі екі адам келеді. Олар көлігін есік алдындағы қазыққа байлап, өздері керуен сарайға барып жатады. Ертеңгісін ерте тұрған Әбу әлі ибн Сина жолаушылардың түйесі мен аты жайылсын деп босатып жібергісі келеді. Аттың қазықбау шалынған шылбырын тез шешеді, түйенің бидасына келгенде әбден машақаттанады. Шеше алмайды. Со кезде оның қасына екі жолаушының бірі кеп қалады. Сәлем-сауқаттықтан кейін шипагер оған түйе иесі ақылынан қатты адасқан адам екенін айтады.

— Тақсыр, оныңыз рас, бірақ о кісінің өзін көрмей жатып кеселін қалай біле қойдыңыз? — деп сұрайды аң-таң қалған жолаушы.

— Есалаң байлаған жіпті ақылды адам шеше алмайды, — депті сонда Авицена.

* * *

Бір күні түнде кемеңгер дәрігер керуен сарайға келіп, ұйқыда жатқан адамдарды аралап көреді. Аяқ-қолын жан-жаққа жіберіп, емін-еркін жатқан қонағын көргенде ол: «Мынау күллі кеселін ұзақ жолына тастап келген екен» дегенді айтады. Оның қасында бүк түсіп жатқан кісіні көре сала: «Мынау қайғы-қасіретке шерменде болып қалған бейшара» депті. Осы пайымдаулардан кейін қасында еріп жүрген шәкірті ұстазынан бәрін қалай білгенін сұрайды.

— Көп жүрген адамға ауру ілесе алмайды, ондайлар сондықтан қаннен-қаперсіз ұйықтайды, ал шерменде алқынған өкпесін, мазасыз жанын басу үшін бүк түсіп жатады, — дейді тәуіп.

* * *

Дәулетті бір кісінің баласы ауырып қалады. Ұзақ жүріп ауру баланың ауылына келеді тәуіп. Сөйтсе бала өліп қалған екен. Жас кеткен баланың әкесі перзентінің өлімі неден болғанын білгісі келеді. Ол үшін баланың ішін жарып көру керектігін айтады дәрігер. Өлген баланың әкесі оған келісе қояды.

Дәрігер баланы жағаларына жалбыз өскен арықтың жағасына апарып, оның ішін жарады, бүйрегіне қатқан қабыршақты алып, жалбыз үстіне лақтырып жібереді. Бәленің неден болғанын білген оташы қолын жуу үшін арыққа таяп келеді де, әлгінде лақтырып жіберген нәрсесін қарайды. Жалбыз үстіне түскен қатқақ тез еріп кеткенін көріп, ол таң-тамаша қалады. Со күні жалбыздың бүйрек кеселіне ем екенін білген екен.

* * *

Бір күні ұзақ жолда келе жатқан дәрігер кең жазира жерде жер жыртып, мақта егіп жүрген диқанмен дидарласып, әңгімелесіп қалады.

— Сіздің қағаз бетін өрнектеп жүрген қауырсын қаламыңыздан менің жерді таспадай тіліп жүрген жерағашым артық, — дейді диқан мақтанышпен.

— Менің қаламым кестелеген кез-кез кітап сенің күллі жеріңді жауып тастайды, — деп қалады айтысқа шыққан дәрігер.

— Сіздің қалыңдығы кез-кез кітабыңыздың қағазы менің жеті қат жерімнің ақ мақтасынан иленіп басылған, — дейді бұдан соң диқан.

— Сенікі дұрыс, — депті сонда ғұлама жеңілгенін мойын дап, — сенің жерағашың өз жерін өмірбақи жырта береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз