Шоңның қартайған кезі екен. Бір жылы Шу қыстауға малымен көшкен. Алтай, Карпаттың біраз елі Шу бойында қыс қатты болып, малы жұтқа ұшырапты. Осы жағдайды естіген Арқадағы Шоң үлкен баласы Оспанды шықырып, алып:
— Көктем таянды Шу қыстаған елдің алдынан шығып, келе жатқан елдің жағдайын біліп, үлкен-кіші азаматтарына сәлем бер. Бұрынғылар айтады екен: «жұтаған елдің малы — өсімтал, өрт шалған жердің шөбі — өсімтал» деп, сол айтқандай, халық аман, болса жұтаған малдың орны әлі-ақ толады. Ел азаматы аман болса болғаны. Менен ел ақсақалы, үлкендерге сәлем айт. Сол елде көпті көрген, бір кезде елінің жөн білетін шешені болған, сексеннен асқан Бажақ қарт бар. Соған барып менің арнайы сәлемімді айт! — депті.
Айтқандай Оспан бәріне сәлем беріпті. Сөйтіп, әкесі Шоңның тапсыруы бойынша Бажақ қартты сұраса, ешкім білмепті. Соны іздеп келе жатса, кешке қарай бір ауыл үстінде, бір қора қой жатыр екен. Қыстан әбден арықтап шыққан қой қозысына, қозы енесіне табыса алмай у-шу болып жатыр екен. Ауыл шетіндегі бір қараша үй есік алдына тұрған қартқа барып сәлем береді.
— Бұл ауыл кімдікі? — деп сұрайды.
— Шырағым, ауыл — Бажақтыкі, мал — Барақтікі, — деген екен қарт.
Сөйтсе, ауыл үстіндегі жайылып жатқан қой Барақтікі екен де, Бажақ қарт сол байға қосшы екен. Аттан түсіп, Оспан Бажақ қарттың қолын алып, сәлем беріп, әкесі Шоңның арнайы сәлемін айтқан екен. «Пейілі болса шеттегі тұрған қараша үй ақ ордадан үш артық» деген емес пе? Бажақ қарт бұларды жалғыз сиырының бұзауын сойып қонақ етуге жік-жапар болады. Бірақ бұлар бір үйлі жанның күн көріп отырған жалғыз сиырының бұзауын қалай сойғызсын? Бажекеңе бұзауын сойғызбай, кедеймін деп қиналмай қонаққа жалғыз бұзауын соям деген ақ пейіл, жомарт ниетіне көп риза болып, қош айтысып, атқа қонбақ болады. Сонда Бажақ қарттың Шоңға айтқан сәлемі:
— Менен Шоң ініме сәлем дерсің,
Кім десе Бажақ деген ағаң дерсің.
Кәрілік кедейлікпен бірдей келді,
Мал-басы одан басқа аман дерсің, — депті.
Оспан Шудағы ел жағдайын, Бажақ қарттың сәлемін әкесіне айтып келеді. Сонда Шоң:
— Шіркін, бір кездегі ел ардагері Бажақ, бүгінде қартайған кезінде кедейлік тұрмыстан қажыған екен ғой, — деп екі аттың бірін және бір түйесін беріп, баласын жіберген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі