Өлең, жыр, ақындар

Төремұрат Аяпұлының әңгімесі

Бірде бұл кісі (Төремұрат) Талдытруба деген жерге жолаушы болып барып, бір үйге түсе қалса, сол үйде бір топ ауыл ақсақалдары мен жігіттері сөз жарыстырып отыр екен.

Сонда сол үйде Алаша Найман руынан бір ақсақал сөзге шешен, тілге жүйрік, яки басқаларға қарағанда сол үйде сол кісінің сөзі басым болып, бір өзі жұртты аузына қаратып отыр екен.

Әлгі Төремұрат деген кісі де барып, үйге кіріп отыра қалады. Бұл кісі өзі ірі болып келген, кең жауырынды сары кісі болғанымен, ешқайсысы елемейді. Сонда тұрып әлгі ақсақал былай деп әңгімені баяндай бастайды:

— Біз мұнда Сыр бойына өткен жылы барғанымызда мынадай бір қызық көрдік, — дейді, — ол жақтың жігіттері өте ірі болады. Ірілігі соншалық — алты жаста атанға мінгенде аяқтары жерге түсіп, жер тіреп, салбырап жүреді екен, — дегенде, сол үйдегі кісілер не дерін білмей, бір-біріне қарап таңданып қалады. Сонда әлгі келген Төремұрат деген кісі есік жақта отырып былай дейді:

— Иә, ол рас, ақсақал дұрыс айтады. Мына біз өткен жылы күз айында сол Сыр бойына тойға көкпар тартуға баратын болып, он аттылы аттандық. Сонда жолда бара жатқан кезде бір жерге қонаға жататын болып, аттарды шідерлеп, елсіз жерде қондық. Бір кезде түн жарым болған екен, жауын жауып, киімдерім су болыпты. Үстімде [киімім] жұқа еді. Ал сол кезде қарасам, оң жағымда бір үлкен ін тұр екен. Соған бардым да жатып, рахаттанып ұйықтап, дем алдым. Таңертең қарасам, біреу мені жерге шалп еткізіп алып ұрды. Орнымнан тұрып қарасам, түндегі ін деп жүргенім Өрісбай деген ағамның етігі екен, — депті.

Сонда тұрып әлгі ақсақал қария шал былай депті:

— Түу, ішің жарылғыр, балам, өтірікті адам ептеп айтады. Ал мына сен сықылды дәу сары жігіт адамның етігінің қонышына сия ма? — дегенде, әлгі тұрып:

— Ішіңіз жарылса, қақ бөлінсін. Нешебір үлкен жігіт болғанмен, алты жасар атаннан аяғым жерге тимейді, — деп әлгі кісіні сөзден тоқтатқан екен. Үй ішіндегілер енді барып, бұл кісіге сый-құрмет көрсетіп, өздері ұялыс тауыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз