Аға сұлтандық дәуірде, бұрынғы Ақмола губерниясы территориясында Құдабай аға сұлтан екен. Ол қазақ емес, естек еді деседі жұрт. Ұятсыз, арсыз, өте қатал адам екен. Жылаған баланы «Құдабай келеді» деп жұбататын болыпты ел.
Бірде Құдабай Есіл бойындағы Қозған еліне келіп, Тілеу атаның ішінде қадірлі ақсақал Шорманның үйіне түседі. Ол үйдің бойжеткен қызы төрдегі жүк пен қарт әке-шешесінің төсек ағашы аралығында жататын. Ұятсыз Құдабай қарттардың ояу жатқанына қарамастан, сол қызға барады. Ол қабылдай қоймайды. Соған ызаланып «бозбала сұлтан» ашулы үн шығарады, қалтасынан насыбай шақшасын алып, оны Шорманның басына қағады.
Осы қорлыққа намыстанған Шорман оны өз баласы Беркінбайға айтады. Ол еті тірі, қиын істің тетігін таба білетін тапқыр жігіт еді. Омбы қаласына осы жағдайды ондағы губернатордың өзіне ауызша шағым етуге аттанады. Істің жайын жергілікті жерде тексеріп, анықтау үшін губернатор елге өзінің орынбасарын (вице-губернаторды) жібереді. Ұлықты Атбасар қаласына түсіреді де, Беркінбай ауылға келеді. Ауылдағы барлық еркектерді ұлық келетін жолдың екі жағына қатар тұрғызады. Оларға:
— Пар ат жеккен қара пәуеске жақындап келген кезде бас киімдеріңді алып, қол қусырып, иіп, «Құдабай! Құдабай!..» деп зарланып беріңдер, басқа сөз айтушы болмаңдар, — деп тапсырды Беркінбай.
Айтқандай, қара пәуеске зырлатып келеді. Жолды жағалай тұрған халық Беркінбайдың тапсырмасын орындайды.
— Бұлар не деп тұр? — деп вице-губернатор сұрайды Беркінбайдан.
— Уа, ұлы мәртебелі ұлығымыз! «Біз үшін өмір сүру мүшкіл болды. Бұл өңірден Құдабайды алыңыз, әйтпесе бізді алыңыз» деп тұр бұлар, — деді Беркінбай.
Осыны көрген вице-губернатор аға сұлтанның қылмысы анықталды деп есептеді, дереу Құдабайды іздетті. Бұл кезде жағымпаздар, халық мүддесін қара басының мүддесіне айырбастайтын сатқындар ат-тұрманын сайлап беріп, Құдабайды оңтүстікке аттандырып жіберді. Телікөл, Ақмешіт, Түркістан арқылы өзбек жеріне өтіп кетсе, ешкім іздемейді, іздегенмен таба алмайды да деп ойлады. Ойлағаны болды. Құдабай сол кеткеннен ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Ел тыныш өмір сүрді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі