Найман, оның ішінде Қожас, оның ішінде Жайыл атаның Сағындық деген өз шаруасына толық бір кісі өтіпті. Жасы жетпісте. Еркек балалары бар. Қазіргі Көкшетау облысына кеткен қарындасы Назым атты бауыры болыпты. Елдің жаугершілігі, барымта-сарымтасы қалмай арада отыз жыл өтіпті. Сол Назым атты қарындасына киім-көншек, құдаларына, жиендеріне, тарту-таралғы сияқты үлкен кілем қоржынға салып, сапарға шығыпты.
Ел ол кезде Шу өзенінің маңында болады екен. Бес бестіге сатып алған Шуланкөк деген атымен жолға шығыпты. Танымайтын жер, танымайтын елдің жолшыбай қиындығы да болыпты. Соның бірі Көкшетау, Қарағай орманының арасымен салынған жалғыз аяқ жолмен келе жатып, мынадай оқиғаға тап болыпты.
Жеті торы ат мінген, ат құйрығын шарт түйген, жолаушыны аңдыған жеті жігітке тап болған.
— Ассалаумағалейкүм, — деп жөн сұрасып, жол болсын сұрасып, — мынау атың жүйрік пе, жоқ, көкпардың аты ма? — деп жан-жағынан қаумалай беріпті.
Өйткені, азу тісі тоқылдап, ауыздықтан көбік шашып, қатты аяңдаған атқа қызығыпты. Осы жолы қызықпаса да қандыбала жүргінші, тонаушы екендері белгілі болыпты. Сонда жеті жігіттің біреуі:
— Ақсақал, астыңдағы атыңды аламыз, — депті.
— Иә, сонда мен не мінемін, — деген Сақаңа:
— Ештеңе де бермейміз, жасыңның ұлғайып қалғанын ескеріп, тірі тастап кетеміз, — депті. Сонда жолаушы:
— Шырақтарым, мені бір су басына апарып тастаңдаршы, — дейді. Сонда «су дегенің оңай ғой, ата» деп ердің басынан шылбырын алып, жетектей жөнеліпті. Қарағай арасындағы суға әкеп, «су дегенің осы» деп көрсетіпті. Сонда Сақаң жетектеп келе жатқанда, қоржынының үстіндегі кісенді шеше беріпті.
Түсе салып, аттың аяғына кісен салып үлгеріпті. Үстіндегі түйе жүн шекпенді ер үстіне жауып, атты қаңтарып үлгеріпті. Сонда аналар:
— Қақпас-ау, кілтті әкел, — деп ең үлкені шалға ұмтылыпты.
Сонда шал:
— Қолымнан ат бере алмаспын, балалар, — деп жауап қайтарыпты. Ұмтылған үлкеннен бастап, жетеуін де жұдырықпен ұрып жығып, бірінің үстіне бірін жинап, өзі сегізінші болып, ұры үстіне отырып былай депті:
— Жаяуға кісі күлмес болар,
Көргенсіз «сен кімсіңді» білмес болар.
Сенбесе өзіне-өзі бір көк шолақ,
Жапанда жалғыз қасқыр жүрмес болар, — деп үстінен тұрып, аттың жанына келген екен. Сонда жетеуінің басшысы:
— Ата, біз сегіз ағайынды едік. Біріміз ауылда, жетеуіміздің кәсібіміз осылай болып, әкеміздің кәсібі осылайша болып, байыған адамдар едік. Біз енді сізден кешірім сұрап, өмірімізде мынадай мықты адамға кездеспегенімізді айта келіп, сізді кім дейміз? Және аты-жөніңіз кім, бұл кәсіпті бұдан былай етпеспіз, — деп бас иіпті.
Сонда:
— Бағанағы айтып кеткен рудан, атым — Сағындық, — деп жөніне кете беріпті. Жеті жігіт орман ішіне кіріп жоқ болыпты.
Тағы бір пәлеге жолығармын деп, жай жүріспен келе жатқан Сақаң тоғай ішіндегі жалғыз аяқ жолмен көсілтіп, орман арасынан сілтеген бағыты бойынша жалғыз төбеге келіпті.
Күн еңкейіп қалған мезгіл екен, ауылға қой айдаған қойшы балаға кезігіпті. Сонда ол өзінің қарындасын сұраса, сол үйдің қойшысы екен.
— Қазір қайтып келем, ата, — деп қойшы бала шаба жөнеліпті. Сақаң болса қойды қойшыларына айдай беріпті.
Әлгідей болған жоқ:
— Әке, бара беріңіз. Үй, ауыл алғының астында, сүйінші сұрап келдім, — депті. Бауыры да, құда да құрметтеп ат үстінен түсіріп алып, жылап-сықтап табысыпты. Үйге келіп, намаз оқып, жуынып отырыпты. Сонда берген сусын бір ұрттам әрі жүрмепті. Шай берсе де сондай.
— Бұл қалай? Шаршамағандығыңыз ба? Не қымыз, не шай ішпедіңіз ғой? — деген құдаға.
— Сусын ішпей, шай ішпейтіндей шаршаған жоқ едім. Өзім де білмей отырмын.
Құда:
— Әлгі иттер не қылып қызмет етпей жатқаны? — деп біреулерге адам жіберіпті. Сырлы астаумен ет келіп, дастарханға қойылған ретте есіктен үлкен баласы жылап:
— Қақпас-ай, істейін дегенің осы екен ғой. Біз мына шалдан таяқ жедік. Кешірім сұрадық. Жөн айтып аяғына жығылдық. Содан бетіміз қаралы, басымыз жаралы, ұялып үйде жатып қалып едік. Құдаңа көрсететін сыйыңды енді өзің біл. Ертеде «балаларым, сенің бәлендей құдаң бар. Руы — Найман. Бергі атасы — Жайыл, Сағындық деген мына жеңгемнің бауыры бар» деп неге айтпадың? — деп манағы бір ауыз өлеңді айтып, жылап отыра кетіпті. Сонда Сақаң:
— Ә, бәсе, сусын да, шай да, ет те батпай отырғаны арамнан жиналған сүті де, еті де екен ғой, — деп кейін шегініпті.
Адам ажыраса ма? Күн қонақ болып, алдына айғыр, жылқы салып, өзінің бір адамына апарғызып салыпты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі