Өлең, жыр, ақындар

Бекбау — Дана

«Сыбанбай, Жанақ, Бекбау айтады екен,
Оның тегі кім десең түрікмен деп..».

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының бір нұсқасында Қарабайдың шыққан тегіне осылай анықтама берілген. Бекбау — ХІХ ғасырда Шұбартау жерінде өмір кешкен, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын өзінше жырлаған ақын. Ағайынды Бекбау — Дананың аттары қатар аталып, ақындық,
сөз тапқырлық өнерлерімен атақ-даңқтары ел-елге жайылыпты. Екеуі де кедей «жалғыз аттының серісі, шақпа сөздің перісі» атанған.

Бір жылы жазда екі ақын Балқаш пен Алакөл арасын мекендеп жайлайтын Семіз найман елін аралайды. Бет алып, ат басын тіремек болған ауылдың шетіне келгенде, алғаш кезіккен біреуден:

— Бұл ауылға құда болушы едік, ауылдарыңызда сынға толатындай, әзіл-қалжыңға батып, әңгіме-сырға қанатындай жас құдағидың үйі қайсы? — деп жөн сұрайды.

— Анау тұрған шеттегі ақ отауға барыңдар, — деп жауап береді кезіккен адам.

Шеттегі ақ отауға енсе жас құда жоқ, жас құдағи саптыаяққа ұн салып, нан илеп отыр екен. Жас келіншек көз тартарлықтай өңді, әдемі боп шығады. Тілдерін безей кірген екі құданың сөзінен бе, өзіне қараған көзінен бе, ұялып қысылған жас құдағи бір оқыс қимылдағанда астынан жел жіберіп қойған екен. Сол-ақ екен екі құданың жасы Бекбау:

— Құдағи саптыаяққа нан илейді,
Ұн салып, сұйық болса тағы илейді.
Бір сұмдық құдағиға болды білем,
Астында зеңбірегі зар илейді, — деп өлеңдетеді.

Ұяттан өртене жаздаған жас құдағи:

— Менің енді сіздерге көрінен бетім жоқ, — дейді де үйден шыға жөнеледі. Ауыздары астан, қалжыңдап ойнайтын жастан қағылған екеуі ат жетектеп, үй қыдырғандай болмайық деп келген іздерімен кері қайтып, бір кезең асып барып, сол ауылдың екінші жағынан келеді. Кезіккен біреуден:

— Бұл ауылға құда боп келуші едік. Ауылдарыңызда сөзге пысық, жөні түзік кәрі құдағидың үйі қайсы? — деп жөн сұрайды.

— Анау үлкен қоңыр үйге барыңдар, іздегендерің сонда.

— Ол бейбақтың кімі, несі бар еді?

— Ақсақалы жәрмеңкеге кеткен, өзі пұшпағы қанамаған адам, — деген жауап алады екеуі.

Бекбау мен Дана үйге тақағанда, елулер шамасындағы кексе әйел сыртқа шығады. Кәрі құдағи мұрнының үстінің басыңқылығы бар, көзі қисықтау адам екен. Екі құда аман-сәлем жасап, жөндерін айтып тұрғанда кәрі құдағилары оларды сынап, барлап тұрса керек. Ол екі құданың ат-тұрман, киім киістерінің жөнтайлығына менсінбей қарап, қомсына тәкаппарлана:

— Керейі қалай, кедейі қалай? — деп шап ете түседі.

Бұл сөзді көңіліне дік алған, кәрі құдағиына шүйіліп түскен қырандай түйілген Дана:

— Мұрныңның басыңқылығы қалай, сөзіңнің асыңқылығы қалай? Көзіңнің қысығы қалай, сөзіңнің пысығы қалай? Пұшпағыңның қанамағаны қалай, құдайыңның қаламағаны қалай? — деп бастырмалатады.

Сөзден тосылған кәрі құдағи Бекбау мен Дананың кімдер екенін сөзінен танып, сый-құрметпен аттандырыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз