Ерте кезде он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде Тарбағатай бауырында отыратын қаракерей жанай деген ел жазда көше- көше қалбаның жонына келіп, бір ай отырып қайтады екен.
Қазақ Қазыбай:
— Осы бір ай жайлауда қыдырып қымыз ішкеннен маған не пайда, одан да Өскемен қаласына барып бір ай жұмыс істеп, шай, қант, бас, ұлтан алып келсем, сол ақыл болар, — деп жаяу Өскеменге жүріп кетеді. Араға бір қонып қалаға барады. Бір қария ақсақалға кездесіп, сәлем беріп амандасып, жөн сұрасады.
— Балам, қайда барасың?
— Ата, бір айлық жұмыс іздеп келемін.
— Онда маған істе, менде бір айлық жұмыс бар. Жүр, үйге қонақ бол, шырағым, одан соң келісерміз.
Ақсақал баланы үйіне қондырып, ертеңіне:
— Балам, тамағың, жататын орның осында болады. Бір айыңа он бес сомға келіссең, бір ай темекі үгесің, — деді.
Бала: — Мен насыбай атпаушы едім, оны қалай уқалаймын.
Қария: — Аузы-мұрныңды орамалмен байла да үге бер, түк те етпейді.
Сарайда самсап ілулі тұрған темекілер.
— Міне, балам, мынадан алып үк те, мына бөшкеге, шелекке сала бер. Күлі мен суын өзім саламын, — деді.
Негізі қария аршаның күлін салып, суына уксус па, сондай әртүрлі шардәрілеп істейді екен.
Келісіп бір ай істеп Қазыбай:
— Енді елдің жайлаудан қайтатын кезі болып қалды, ақсақал, менің атым жоқ. Елден қалып қойсам, жету қиын. Лұқсат берсеңіз, мен қайтайын, — деді.
Қария: — Жарайды, қарағым, лұқсат, — деп ақысын береді, — ал балам, мына бір шақша насыбайды ал.
— Өзім атпаймын. Оны қайтемін, рахмет, ата, — дейді
Қазыбай.
— Ой, балам-ай, астыңда атың жоқ, не алып жүрген азығың жоқ. Сен атпасаң, басқа біреу зәру болып сол атар. Қайдан білесің, атсыз жерде ат болар, ассыз жерде ас болар. Зияны жоқ, балам, ала кет, — деп бір шақша насыбайды еріксіз алдырады да, қоштасып қария қала береді.
Қазыбай қара жолмен жаяу келе жатып, түс ауа әбден шөлдеді. Бір жерде жол үстінде көкшатыр және ақшатыр тігілген, жанында пәуеске тұр.
— Бұлар кім болды екен? Егер сусындары болса, сұрап ішейінші, — деп пәуеске жанында жүрген жігіттерге келіп, сәлемдесіп, жөн сұрасты.
— Көкшатырлы кім?
— Бұл — Тана төре. Науқастанып, Семейге дохторға бара жатыр.
— Олай болса, сәлем берейін, — деп көкшатырға лұқсат сұрап кіреді. Сәлем береді. Тана төре жантайып жатыр екен, басын көтеріп, амандасып, жөнін сұрады. Қазыбай жөнін айтты.
— Ал, жігітім, насыбайың бар ма?
— Тақсыр, насыбай атпаушы едім.
— Ой, атпағаның жаман екен.
Қазыбайдың есіне манағы қария берген насыбайы түсіп:
— Өзім атпасам да, насыбайым бар, тақсыр, мінекей, — деп шақшаны ұсынды. Бір атты да:
— Балам, насыбайың жақсы екен, — деді.
— Жақсы болса, сол шақшасымен сіз алыңыз, мен атпаймын, — деді Қазыбай.
Тана төре насыбайды екі рет атып: — Жігіттер, жастық әкел, көрпе төсе. Мына жігітті ана шатырға апарып, тамақтандырып, ешқайда жібермей күтіңдер, — деп жатып қалды.
Таң атқанша қара суға түсіп терлеп, сәскеде тұрды. Ол кісі теңге қотыр болып ауырған екен. Дохторға да сол үшін бара жатқан көрінеді. Тұрғанда көйлек, іш киімімен теңге қотыры сыпырылып бірге түсіпті.
— Мен жазылдым, сәтін салды. Осы жерден енді елге қайтамыз, — Қазыбайға қарап, — сен Тәңірдің маған жіберген пірі болдың, — деп жігітті еліне ала кетеді. Елі жайлауда еді, еліне жақындаған соң жігіттің үстіне шапан кигізіп, астына жорға мінгізіп:
— Ал, жігітім, мына өзеннің екі жағында отырған біздің ел. Сен осы ауылдардың әрқайсысына барып «Тана мырза жазылып келе жатыр, сүйінші» деп, тоқтамай ешкімге сөйлеспей, берем дегенін алмай, сол ретпен өзеннің басына дейін тоқтамай, арасынан ауыл қалдырмай, сүйінші деп жүре бер, — деді.
Қазыекең «мақұл» деп салдыртып жөнелді. Айтқанындай өзеннің екі жағында отырған қалың елдің басынан аяғына дейін сүйінші сұрап, тапсырманы орындады.
Ел жиналып, Тана төрені қарсы алды. Амандасып, ел-жұрты қуанысып қалды. Тана елге зиянсыз, қадірлі болған адам. Қонақ сұрамай қона берейін, дастарқаны кең, меймандос төре болған. Елі «ортамызда аты шыққан, мырза атанған ордамыз еді, өз қойы бір жазғы қонағынан артылмас» деп, ел болып, өз еріктерімен жылына 100-150-дей қой жинап береді екен.
Жиналған жұрт қымыз ішіп, көңілді отырған халқына
Тана:
— Ал, ел-жұртым, менің жазылып келгеніме қуандыңыздар ма, жоқ па?
Халық: — Ол не дегеніңіз, мырза, қатты қуандық.
— Сүйінші сұраған кісі болды ма?
— Бір бейтаныс жігіт «сүйінші, Тана мырза жазылып, келе жатыр» деді де, алды-артына қарамай зытып жөнелді. «Уау, бері кел, тай аламысың, тайынша аламысың, ала кет» дегендерімізге қарамастан жөнелді.
Тана: — Ендеше, мені жазған да, сендерден сүйінші сұраған да — осы жігіт, — деп Қазыбайды көрсетті, — ал, қуанғандарыңыз рас болса, бір қонаққа соятын қой ғой, үлкен үй ірі қой, кіші үйлер тоқты болса да, үй басы бір-бір қой әкеп, ертең осы ауылдың артына жинаңдар, — деді.
Халқы «құп болады» деп, ертеңіне жиналған қой төрт жүздей болса керек. Жігітке сол жиналған қойды беріп, күміс тұрманымен жорғаны мінгізіп, үстіне шапан кигізіп, төрт жүз елу қойымен еліне жеткізіп салыпты.
Бір шақша насыбаймен байыған деген осындай жағдайлармен болған.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі