Өлең, жыр, ақындар

Керегенің басын санайық...

Мал төлдеп жатқан кез болса керек. Ұлы жүздегі Досан аулының Есалы деген кісісі кешқұрым оңаша тұрған үлкен үйдің тұсына келіп:

— Кім бар-ау? — десе, ешкім дыбыс бере қоймапты. Ол атынан түсіп үйге кірсе, үйде жан жоқ. Үй ортасындағы жер ошақта қалған тезек маздап жанып жатады. Далаға шығып, олай-бұлай қараса, ауыл адамдары төскейде қозы бөлісіп жүр екен. Есалы үйге қайта келіп, жалғыз өзі отыра береді. «Осы байды жұрт сараң деуші еді, күн бұрын не бар, не жоғын біліп алайын» деп жан-жағына қараса, керегенің басында майлы дастарханмен бетін жауып қойған қойдың жарты еті жаюлы тұрады. Көп кешікпей-ақ даладан бай да келеді.

— Кештетіп жүрген бұл қайсың?

— Мен едім, — дейді Есалы.

Осылай жөн сұрасып болған соң, екеуі өткен-кеткенді айтып біраз отырып қалады. Әлден уақытта бай:

— Мына қонаққа нең бар, тамағыңды ас, — деген болады.

Байдың сөз саптауын бұрыннан білетін оның әйелі:

— Үйде ет жоқ еді, — дей салады. Сол кезде Есалы әңгіменің бетін басқа жаққа аударып:

— Япырым-ай, мынау үйдің ағашын қандай ұста істеді екен-ә? — деп үйдің уық керегесіне таңырқап қарай береді.

— Е, жігітім, бұл — Түркістандағы Әлкен үйшінің қолынан шыққан үй, — дейді аңқау бай.

— Өзі неше қанат?

— Сегіз қанат.

— Жоқ, байеке, сегіз қанат емес, — дейді Есалы әдейі.

— Бұл үйді өз қолымнан шаптырған мына мен ғой, сегіз қанат? — дейді бай да ерегісе түсіп. Сонда Есалы:

— Сіз сегіз қанат дейсіз, мен алты қанат деймін. Сенбесеңіз керегенің басын санай қояйық. Сіз маңдайшадан былай қарай оң жағын санап шығыңыз. Мен сол жағын санайын. Кәне, бір, екі, үш, төрт... — дей бергенде, бай:

— Түсіндім, түсіндім. Сенің аңдып отырғаның анау ет қой. Әй, қатын, аса ғой етіңді, — деген екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз