Оңталап Жарылғасынов Қазақ ССР-нің 30 жылдығы атындағы колхозда басқарма преседателі болып көп жыл істеген. Халықтың күйсіз уақыты. Оңталап колхозға келісімен қолда бар мүмкіншілігін толық пайдаланып, ақ егіс пен күрішті уақытында егіп, ойдағыдай баптап өсіруге күш салады, колхоз мол өнім алады.
Бір күні «Калинин» учаскесіндегі бітік өскен күрішті аралайды. Бірақ күріштің басында ешкім жоқ, арықтағы су жағалап далаға кетіп жатыр. Мұны көрген Онекең орталыққа қайтып келіп, ауылда жүрген бір колхозшыны шақырып алып:
— «Калинин» учаскесіндегі күрішке баратын арық жығылып кетіп, су айдалаға кетіп жатыр. Тез барып, соны байлап кел, — дейді. Анау:
— Ну, хорошо, барамын, — деп шығып кетеді.
Онекең шаруашылықтың өзге уческесін аралап кешкісін ауылға келісімен суды байлауға жұмсаған, бағанағы колхозшыны шақырып алып:
— Бардың ба, арықты байладың ба? — десе, анау:
— Барғаным жоқ, — дейді.
Айтқан уәдесін орындамаған жанға іштей ренжіген Оңталап бригадирге тапсырма беріп, арықты түнде бөгетеді.
Тағы бірде шаруашылықтың жұмысына бағанағы кісіні жұмсайды. Председательдің мұнысы әлгіні сынау еді. Ол оған түсінбей, Онекеңді тағы бір алдайын деп оған:
— Ну, хорошо. Мұны қатырып келемін, — дейді. «Ну, хорошоның» жұмысын бақылаған Онекең оны шақырып алып, сұраса, тағы да бармағанын айтады.
Осыдан соң Оңталап оған сенуді қояды. Соғыс аяқталғанмен, халықтың жағдайы өте нашар кезі. Бір күні әлгі «ну, хорошо» келіп председательден:
— Оңталап аға, балалардың азығы түгесіліп, үйде ішетін ешнәрсе жоқ, үнемсіз отырмыз. Мүмкіндігі болса екі-үш пұт шиін берсеңіз, — дейді.
Оңталап та іркілместен:
— Ну, хорошо, қойма меңгерушісіне айтармын, — депті.
Анау қоймаға барып:
— Онекең «2-3 пұт шиін аларсың» деп еді. Саған айтты ма? — десе, ол:
— Жоқ, Онекеңді көрген жоқпын, — дейді.
— Онеке, әнеугі шиінді әлі ала алмай жүрмін. Қоймашы бермейді. Соған бер деп айтпайсыз ба? — деп өтінеді. Онекең болса:
— Ну, хорошо, қоймашыға айтайын. Аласың, — деп жұмысқа кетіп қалады. Екінші рет барып сұрағанда да қоймашы:
— Онекең ештеңе айтқан жоқ. Онсыз мен ештеңе бере алмаймын, — дейді.
Манағы адам енді Оңталапқа бара алмайды. Арада бір апта өтеді. Содан соң Оңталап оны өзіне шақырып алып:
— Ау, жігітім, «ну, хорошо» қалай екен. Сен мені екі рет алдадың. Бірақ мені ғана алдап қойған жоқсың, колхоздың барлық колхозшысын алдадың. Және олардың алдағы тұрған несібесіне кесіріңді тигіздің. Бұл — сенің өз колхозыңа тигізген зияның. Ал мен сенің «ну, хорошоңды» алдыңа тартып өзіңді ғана алдадым. Ендігәрі мұнысын қояр ма екен деп. Сонымен кім ұтты? Енді түсінген шығарсың, өтірік айтудың пайда
бермейтінін, — деп үш пұт шиінге қағаз жазып береді. Қағазды беріп тұрып:
— Бұл саған емес, ана үйдегі жас балалар үшін берілді, — дегенде, анау:
— Онеке, енді қайтып жалған сөз айтпаймын. Қоғамның жұмысынан басты да тартпаймын. Түсіндім, — депті.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі