Бүгін Нартайлардың үйінде кішігірім мереке. Соңғы кездері «соғым» деген сөз көп естіліп еді, енді соны көзбен көретін уақыт жетіпті. Қалай екенін өзі де білмейді, бұрынғы сойған соғымдар есінде қалмапты.
Ертеңгілік шайын ішіп, далаға шығып еді, есік алдында төбедей кер ат байлаулы тұр екен. Соғым осы болар деп топшылады. Есік алдына біраз адам жиылып қалыпты. Көбі көршілер, кейбірі əкесінің достары. Жалаңдатып пышақ қайрап, тағы бірдеңелер істеп, əбігер боп жатыр.
Қастарына барып сəлем берді. Сəлемін алғанмен, аса елемеді. Бар назарлары кер атта. «Жақсы семірген екен» дейді бір-біріне қарап. Осы сөздерден Нартай өз болжамының дұрыс екенін білді. Алғашқы қар жауған. Бірақ күн жылы. Нартайдың атасы жұмысқа көп араласпады. Тек «ананы алай істеңдер, мынаны былай істеңдер» деп соғымшыларға жол-жорық көрсетіп жүр.
Атты жығу оңайға соқпады. Артқы аяғынан шалып алған арқан əлсін-əлі шығып кетіп, біраз əуреге салды. Ақыры Нартайдың атасының айтуы бойынша, арқанды аттың шашасына шалмалап салып, əрең жықты.
Жылқыны бауыздар алдында атасы ұзақ дұға жасады. Соңынан «Әумин» деп бетін сипады.
Жылқыны бауыздаған кезде əкесі келіп көзін жауып, көрсетпей қойды. «Неге?» деп сұрап еді, «Бала көруге болмайды» деді. Ары қарай аттың терісін сыпыру басталды. Бұл жұмыс тез-ақ бітті. Пышақтары қылпылдаған жігіттер демде іреп тастады. Енді етті боршалау басталды. Бұл жұмыс үйде атқарылды. Бұзылған ет ішек-қарнымен қосылғанда, алдын ала дайындалған жеке бөлмені алып кетті. Соғым семіз шығыпты. Нартай мұны үлкендердің əңгімесінен білді.
— Табан қазы, — деді бір аға бармағын көрсетіп.
— Одан да жоғары, — деді тағы бір аға келіспей. — Көресің. Аздан соң қазы ішекке сыймай əуре қылады.
Айтқаны келді. Тоңазысын деп далаға іліп қойған тұтас қабырғаны көтеріп əкеп, тілгенде, қыртысынан майы көп болып, білеуленіп жатты. Ішекке сыймаған соң жұқалап тіліп алып, шұжыққа тықты. Аралықта əжесі келіп «қуырдақ» деп, ет сұрап еді, əкесі алдында жатқан сүйектің етінен кесіп алып берді.
Əне-міне дегенше қуырдақ та дайын болды. Осы аралықта күн де батып үлгеріпті. Қызу əңгімемен ас ішкен кісілер «Сау болыңыздар?» деп қайта бастады. Дəл осы кезде Нартай бұрын көрмеген тағы бір жоралғыға куə болды.
— Қолүздік, — деді əкесі есікке беттеген соғымшы жігіттерге ет салынған бір-бір қалта ұсынып жатып.
* Қолүздік — соғым немесе жалпы мал сойысқан адамға үй иесінің сол сойылған малдың етінен шикідей беретін сыбағасы. «Қолүздікті» еліміздің кейбір жерлерінде «қолкесер» деп те атайды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі