Өлең, жыр, ақындар

Керзі етік

Сақылдаған сары аяз. Қоржынға ұқсаған жапа тамның иесі екі түтін, бес адам, Беқдауыл қарт Науша әжей бір басында. Екінші басы Бижамал шешем, Нұркен інім және менің тұрағым. Ортадағы бөлме екі үйге бірдей. Ие, ортақ демекші Нұркен екеуміздің де бір пар керзі етігіміз бар. Былтырғы жылы Бекей нағашым бір мөшек бидайға Сарқан базарынан сатып әкеліп берген. Киіс көргені бірден-ақ белгілі. Кілеттің қуысына тыққан арба майымен майлап алсақ кәдімгідей жап-жаңа көрінеді. Онымен қоймай жерге қар түсіп, суық басталғаннан бері, керзі етіктің жұлдызы жанып тұр. Ертеңгісін Нұркен қалың шұлғауды орап, қонышынан тарта киіп, мектепке кетеді де, ол сабақтан келе, иесі мен атанамын. Құдды бір көлік айырбастағандаймыз. Асты-үстін қарап, тексеріп жатқанымыз. Онда да шешеміздің: — Оң солыңа қараңдар, құлындарым, заман қиын. Ақшаға табылмайды. Бір-екі қысқа жаратасыңдар, — дегені есімізде. Шарт орыңдалмаса шатақ шығады.

Сабақты оқып болып, терезе көзіне барып күнге қараймын. Менің алып сағатым сол. Төрт бөлмесі бар шағын мектептің жалғыз мұғалімі Ниязжан Мүсәпіровтың бұл ауылда ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Әуелі ешкім бетіне келмейтін Қожақан бригадирдің өзі ол деген де жаны басқа. «Ниязжан-ау, халың қалай, бала-шағаң аман ба» деп иіліп төсек, жайылып жастық. Қабағы түксиіп, көздері шатынап, ақырып қалғанда кірерге тесік таппайсың. Кезі келсе тоқпақтап алады. Шешеме айтсам: — Көппен көрген ұлы той. Оны құтыртқан соғыс қой. Дегенмен, оқу оқысаң, жаман болмайсың, қарақтарым, дейді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ деген осы.

Нұркен бұл күні әдеттегіден көп кешікті. Қайта-қайта терезеге барамын. Қапшықтарын арқалап оқушылар ауылдың шет жағына бет алып барады. Дені біздің сыныптың оқушылары. Айналдырған отыз шақты үйдің балалары белгілі. Сырып жасалған күпәйке, шалбар, өрмектен тоқылған қағаз қапшық. Тыпыршып әрі-бері сенделіп жүрмін. Шешем шөп тиеуге кеткен. Қойшы, бір уақытта жүгіре басқан Нұркен де үйге кеп кірді.

— Етікті шеш! Сабақтан қалдым, қайда жүрсің? — деймін ініме кіжініп. Нұркенде үн жоқ. Апай-топай етікті сұға салып, мектепке қарай жүгіріп келемін. Ауық-ауық тоқтап мектеп жаққа құлағымды тігемін кеп. Жез қоңыраудың сыңғыры естілмейді. «Иә, сәт» деймін күбірлеп. Бірақ мен кешігіппін. Қара сорпа терге түстім. Бөркімді алып, есікті батымсыз тоқылдатын кіріп бардым.

Әлде нені тақтаға жазып жатқан Ниязжан маған жалт қарады.

— Пау, мынау Отыншынов па? — деді ол маған құдды тұңғыш рет көргендей сұқ саусағымен көрсетіп.

— Мына жүрісіңе жол болсын!

Басымды жерден алмаған күйі тұқырая түстім. Үстінде офидерлік белдікпен қынай тартып тастаған әскери гимнастерка, галепи шалбар. Көгілдір көзі жалт-жұлт етеді.

— Қарағым, соғыста бұл қылмысың үшін атып тастайды. Солай емес пе, балалар, — деді ол әдеттегідей. Балалар бір ауыздан қостап қоя берді.

— Солай ағай. Ниязжан маған кердендей басып жақындап келді де, жамбас қалтасынан шынжыр баулы сағатын алып, қақпағын ашып қарады.

— Тура он сегіз минут, отыз секунд кешіктің, — деді ол.

— Ал біз жаңа сабақты бастап қойдық.

— Жазалау керек, — деді Кенжебай басқарманың баласы Білтай. Менімен қаны қас. Сонау жазда боқтағаны үшін Нұркен екеуміз алып ұрып, аузына құм құйғанбыз. Ниязжан жанып түсті.

— Дұрыс па балалар? Білтай жөн айтады, — деді ол балаларға қарап. Оқушылар қостай жөнелді. Ниязжан асыққан жоқ. Білегімнен мыти ұстап, бөлменің бұрышына қарай алып жүрді.

— Қәне, біз Отыншыновқа былай жасайық, — деді ол сағатын маған ұсынып.

— Алақанына салып, қолын жоғары көтеріп, жалғыз аяқпен тұрады. Сағатты түсіріп алсаң сынады. Балалар тым-тырыс. Келесі сәтті күтіп қалған сыңайы бар. — Ағай, кешіріңізші, — дедім жаным мұрнымның ұшына кеп.

— Балалар, Отыншыновтың ақылы жаңа ғана кірді. Кешірім сұрайды. Не істейміз? — деді Ниязжан. Мұғалім мырс етіп, балалар ду күлді. Шиедей боп қызарып кетсем керек.

Амалсыз қатал мұғалімнің қарғысына ұшырап, жазамды өтеуге кірістім. Анда-санда аяғым талып, құлап кете жаздаймын да, бойымды жинап ала қоямын. Шаршамаған тек менің алақанымда жатқан шынжыр баулы сағат. Шық-шық соғады.

Қоңырау шылдырынан соң Ниязжан сағатын алып, қалтасына сап, маған көркейше күжірейді.

— Әй, Отыншынов, сабаққа кешіксең жазаң осы. Түсіндің бе? — деді ызғар шаша сөйлеп.

— Келесіде мұнан да қиын болады.

Салдырап қалған бойымды жинап, орныма барып отырдым. Қорлыққа шыдай алмай жасымды төгіп-төгіп жібердім. Мені құбыжық сияқты көрді ме, балалар маған жолар емес. Жақыңдаса Ниязжан мұғалімнің қаһарына ілінетінін сезеді. Кәдімгі бір елді сатқан алаяқ сияқтысың. Ауық-ауық «қу Нұркен сені ме? Үйге барған соң сазайынды беремін» деймін кіжініп. Сөйтіп отырғанда менің жаныма екпіндей басып Білтай жетгі.

— Иә, Отыншынов. Сазайынды алдың ба? — деді ол мырс етіп.

— Енді кешікпейтін шығарсың. Зорға шыдадым.

Теріме сияр емеспін.

— Сенің шаруаң болмасын, — дедім бұрқ етіп.

— Мынау тірілді-ей, — деді Білтай тізгінін тартпай. Басқарманың баласымын деп көкірегін соғып, жан-жағына менсінбей қарап, өзін мақтап, өзгені даттап тұрған бір жан. Көкесін көзіне көрсетейін десем Ниязжанның соның сойылын соғатыны анық. «Тұра-тұр» деймін ішімнен күбірлеп. «Жазғы демалысқа да шығармыз. Басқарма тұрмақ райсоветтің баласы болсаң да пішенге барарсың. Өгізге мінерсің. Сол кезде
сазайыңды берермін» деймін ішімнен.

Сөйткенше маған одырая қарап тұрған Білтай бөлмені басына көтере дауыстап қалды.

— Балалар, бері жиналындар. Мен бір қызық көрсетемін, — деді ол.

Іздегенге сұраған, Бөлдекбай тәмпіш қара далаға қарай ұшты. Басқарманың баласының жанторсығы. «Айт» десе үрер күшігі дерсің. Ештеңеге түсінбей көзімнің астымен Білтайға қараймын. Ол болса мені шыр көбелек айналып, бас-аяғыма қарап, әлде не деп күбірлеп жүр. Бір нәрсені бүлдірері қаһ. Сөйткенше жандайшап Бөлдекбай бастаған топ бала есіктен кіріп келді. Араларыңда тұлымы желбіреген екі-үш қыз.

— Балалар, мынаны қарашы. Отыншынов менің ескі етігімді киіп алыпты, — деді ол.

— Оллаһи. Биллаһи, мынау менің керзі етігім.

— Иә, дәл сол, — деді досын қостаған Бөлдекбай.

— Ұрлап алған шығар. Көзіме қан толып кеткен сияқты. Орнымнан ұшып тұрып: — Әй, Білтай, сен аузыңа келгенді сөйлеме. Етікті Бөкей нағашым Сарқанның базарынан екі қап бидайға сатып әперген, — дедім шыңдығын айтып.

— Сөйлепсің, — деді айылын жимаған Білтай. — Мен танып тұрмын. Текке сөйлеп не көрініпті.

— Нұржандікі бос сөз. Мен Білтаймен бірге жүремін ғой. Анық танып тұрмын, — деді Бөлдекбай қосанжарласып. Ондағысы басқарманың баласымен бірге жүретіндігін білдіру. Мұндайда бізден екі жас үлкен Жансұлтанның араға түсетін әдеті бартын. Жалпы ол да Білтайды жақтырмайтын.

— Араша, араша. Арашаға көнбесең көрсетемін тамаша, — деп мақалдай сөйлеп, ортаға Жансұлтан шықты.

— Кел, бәстесейік,- деді өрекпіген Білтай. — Мақұл, — дедім мен.

— Егер мен жеңілсем, Нұржанның айтқанына көніп, айдауына жүретін құлы болайын, — деді Білтәй.

— Келістік, — деді Жансұлтан. — Нұржан үшін мен басымды бәйгеге тігемін. Оның менің шашбауымды әрқашан көтеретініне ризамын.

— Ал, онда сол аяғындағы етігімді шеш. Арт жағында үш тілігі бар. Әжем айырбасталып кетпесін деп тілген, — деді Білтай өктем бұйырып.

Бетім ду етті. Білтайдың айтқанының бір қатесі жоқ. Шамасы шешем мені кимей қояды деп алдаған ғой. Масқара, бүкіл балалардың алдында ұятқа қалдым-ау.

— Міне, үш кесігі бар дедім ғой, — деді арт жағымнан кеп етігімнің қонышына жабысқан Бөлдекбай.

— Шын ба? — деді Жансұлтан. — Сенің өтірігің көп еді ғой. Басым мең-зең, көзім қарауытып кетті. Өзімді-өзім меңгеретін халден кеткен сияқтымын.

— Балалар, — деді дауыстап жіберіп. — Шешем мен нағашым мені алдапты. Білтайдың етігі екенін білсем, өліп кетсем де кимес едім. Жалма-жан қос етікті шешіп алып Білтайға лақтырып жібердім де:

— Етігіңмен бай бол, — дедім. Өксік тығылған тамағымнан дауысым әрең шықты. Сөйттім де қапшығымды ала сап, далаға қарай ұмтылдым. Есік көзінде Ниязжанмен соқтығысып қалдым.

— Мынау қайтеді, ей, — деді күңк еткен ол. Бұл сәтте мені тоқтатуға ешкімнің шамасы келмес еді. Құлағымның түбінен елде кімдердің «Әй, Нұржан тоқта» деген дауысы естілді. Шамасы Жансұлтан болса керек. Ұшып келемін. Тізеден келген қарды елер емеспін. «Ал, мен жалаңаяқпын. Ал, қар қайтесің» деймін күбірлеп. Екі-үш рет шалынып кетіп, қайта тұрдым. Адам атаулыда да осындай өлермен мінез болады екен-ау. Сәлден соң аяғым өзімдікі емес сияқты көрінді. Құдды бір мұз таяқ сияқты. Үйге жете табалдырықтан аттай бере құлаппын. Шешемнің: — Оу, құлыным-ау, құдайға не жаздым, — деп шыңғыра дауыстап жібергені еміс-еміс есімде. Көзім қарауытын ешнерсе сезер емеспін.

* * *

Көзімді Ақтеректің аруханасында аштым. Жан-жағым аппақ киім киген адамдар. — Әй, жігіт мұның қалай? — деді көзіне көзілдірік киген адам.

— Өліп қалсаң қайтесің? Шындығында жайым қиын екен. Қос өкпемнен қатар суық тиіпті. Екінші күн дегенде дәрінің күшімен көзімді ашыппын. Сәлден соң есіктен көзі бұлаудай ісік, жасы тамшылаған шешем кірді. Жаныма отырып, шашымнан сипайды.

— Әй, құлыным-ау, көзімді алақандай жасадың ғой. Қос қарғам-ай, сендерді жоғалтсам Отыншыға не деп жауап беремін, — дейді ол.

— Апатай-ау, мені неге алдадың, — деймін көзімнен бырт-бырт жас ағып. Шешемде үн жоқ. Кінәсін мойындайтын сияқты. — Апа, апа. Сен енді мені алдама. Осыдан жазылып шыққан соң, колхозға жұмыс істеп, көп еңбек күн тауып жаңа етік сатып аламыз. Нұркенге де біреуін, — деймін оны жұбатып.

— Ақылыңнан айналайын, — дейді ол егіліп.

— Отыншы әкең айтпақшы, бәрі орнына келеді.    

— Міне, осыдан бері талай жылдар өтіпті. Соғыс өрті сөнді.

Ауылға аздаған ғана әкелер оралды. Көбі майдан даласында қалды. Шынын айтайын, қазір керзі етік киген балаларды көрсем, осы бір оқиға көз алдыма елестейді. «Ех, қу соғыс-ай» деймін күрсініп.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз