ХІ ғасырда өмір сүрген көрнекті ақын, энциклопедист ғалым, философ Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі сол замандағы ресми араб тілінде емес, түрік тілінде жазылған философиялық, исламдық дүниетанымын көрсететін рухани, мәдени-эстетикалық қазына. Бұл дидактикалық дастан төрт принципке негізделіп жазылған:әділдік, бақ-дәулет, ақыл-парасат пен қанағат. Аталған принциптерді төрт кейіпкердің (Күнтолды, Айтолды, Өгдүлміш, Оғдүрміш) диалогы мен іс-әрекеті арқылы «құтты қоғам» мен «құтты адамның» келбетін көрсетеді.
«Құтты білікті» белгілі түркітанушы А.Кононов философиялық шығарма деп бағаласа, ал А.Қасымжанов «Құтты білік» арқылы Жүсіп Баласағұн дүниетанымының философиялық, шамандық, исламдық үш негізін атап көрсетеді. Әрине, Исламға дейінгі көшпелілердің тірегіне айналған Тәңірлік дін қысқа уақыттың ішінде халықтың жадынан мүлдем ұмытылуы мүмкін емес еді. Сондықтан да, ақын шығармасында Тәңірлік дүниетанымның сарындары көрініс табу заңды. Мысалы, кейіпкердің атының күн, ай секілді дүниелермен ойластырылып қойылуының өзі тәңіріні пір тұтқан түркі жұртының наным-сенімін көрсетеді. Ал, ақынның философиялық көзқарасы - түркі мәдениеті мен ислам мәдениетінің негізінде жатқаны сөзсіз.
Дүние жаратылысы адамзатты толғандырып келе жатқан мәселелердің бірі. Ойшыл-философ бұл тұрғыда ежелгі философтардың дәстүрлерін жалғастыра отырып, ол төрт материалдық дененің (үш жер,үш ауа, үш су және үш от) араласуынан жаралды деп тұжырымдайды. Ал осы жаратылысты жаратқан Жаратушыға сену исламдық көзқарасын аңғартады. Сонымен қатар, Жүсіп Баласағұнның аталған еңбегінде аспан әлемін зерттей отырып планета (Секантр- Сатурн, Оңай-Юпитер, Көрүд-Марс, Иашын-Күн, Севіт-Шолпан, Арзу –Меркурий, Йалчык -Ай), 12 шоқжұлдыздың орналасуы мен қозғалу заңдылықтарын да зерттейді.
Гносеология саласында философ сананың пайда болуы мен мәні туралы, ақыл мен білімнің адамдар өміріндегі рөлі туралы жемісті ойларын жеткізді. Оның тұжырымдамасы бойынша ақыл адамды білім нұрымен сәулелендіреді. Мысалы:
Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын,
Білім — жарық, нұрын саған шашатын.
немесе
Ақыл, сенің антасқан нақ жолдасың,
Білім, сенген мейірімді қандасың,
-деген өсиет сөздерінен ақыл мен білімнің адамзат өміріндегі маңызы айқындыла түседі. Дүниенің құпиясын ашудың кілті де, бақыт та, байлық та, даналық та, адамгершілік те білімде деген ойларын өз еңбегінде үнемі жеткізіп отырады. Бұдан басқа, адамгершілік қағидалары мен қоғам мүшелерінің қызметі, олардың рөлі, бойында болу керек қасиеттер т.б. мәселелер кеңінен қозғалған.
Ж.Баласағұнның «Құтты білік» мұрасы түркі әлемі мәдениетінің дамуына үлкен әсер етті. Ойшылдың шығармасы әлемдік әдебиеттің маңызды бөлшектерінің бірі ретінде бүкіл адамзат пен қоғамның дамуына шамшырақ болатын шоқтығы биік туынды. Бұл поэзиялық шығарманың философиялық негіздері әлі де жіті назар аударуды, зерделеуді талап етеді.
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Фариза Дуйсенбаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі