1
Мұғалімнің екі көзі ән шырқаған бойжеткенде. Ол терең ойға кеткендей мүлгіп, телміре қарап қалған.
«Шіркін Ақмоншақ! Көркі ғой біздің ауылдың! Ақылы қандай! Мінезі қандай! Адамгершілігі қандай!.. Бір ғана, тек бір ғана сөйлесіп көрсең өзің Шаймерден! Білер едің сонда сен!» — деп қоймайтын еді-ау Бораш оған.
Шаймерден ауыл жігіті Борашпен осы колхозға келген күннен бастап тез жұғысып, басқадан да гөрі оған тез үйреніп, достасып кеткен. Бораш айтса, ағат айтпайтынына оның көзі жеткен.
Ән шырқаған — сол Бораш мақтаған жылқышы қыз. Қиялды тербеп келген Ақмоншақ қыз! Сол ару бүгінгі сауық кеште сәті түсіп кез келді. Қарамасқа, зер салып қарамасқа не шарасы бар! Бірақ, қаншама қадалып, бар ынтасымен-ақ қараса да, Бораш айтқандай, елден ерек қасиетті қыз бойынан көре алмай отыр. Орта бойлы, қара торы, беті аздап тотыққан, кәдімгі қарапайым қыз. Ал, бұрын Бораштың әңгімесін тыңдап отырғанда, оның көзіне қасы-көзі қиылған, нәп-нәзік, аршыған жұмыртқадай аппақ, үрлеп ауызға салғандай бір перизат елестейтін-ді. Дәл қазір сол елес сағымдай бұлдырап, ғайып боп, әсем арудың орнында жай ғана қыз қалған.
Ырғала, ширатыла шығып, безек қағып, көкке көтерілген ән енді баяулап бітуге жақындады. Жап-жаңа ғана әнмен бірге асқақтап алысқа кеткен жұрт көңілі де қайта оралған әнмен бірге оралып тұғырына қонып келеді. Тек алабұртқан мұғалім көңілі ғана тұнарын қайтып таба алмаған құстай, ой аспанында қанат қағып, шарқ ұрып жүр...
Ән бітті. Сүйсінген жұрт ду қол соқты.
— Бойжеткендер жасасын! — деп той бастаушы Төрекелді айқайға басты.
— Сері жігіт! — дейді шетте отырған бір келіншек жанындағы еріне.
— Серілігін қойшы, ер көкірек-ақ өзі! — дейді келіншектің күйеуі әйелін қостап.
— Басқарманың әйелінің інісі болған соң көкірегіне нан піседі.ғой. Әттең, мен Ақмоншақ болсам, ырбаңдатпай ауыздан қойып жіберер едім!
Төрекелді екі езуі екі құлағында, ән айтса да, әзіл айтса да, Ақмоншақтан көз алмайды. Оны қағыта сөйлеп, тапқыр қалжыңмен тосады. Оған Ақмоншақ та орынды орай жасап, іркілмей жауап қайырады және жарасымды пішінмен ойлы, отты көзін бір төңкеріп, наздана күледі.
Ал, Шаймерденге олай емес. Оның әзілін естімеген, аңғармаған, тіпті, елемеген адамдай, назарым басқа жаққа аударып, жылы шырай бермейді. Тек анда-санда ғана сыпайыгершілікпен қысқа жауап қайырып, соның өзінде әзілді өрістеткісі келмегендей түр білдіреді.
Қыздың бұл әрі биязы, әрі паң мінезі мұғалімді бір жағынан сүйсіндірді, екіншіден, намысын қоздырды. Алғашқы бетте тым қарапайым көрінген қыз енді оның көзіне Бораш айтқандай, сүйкімді, сымбатты болып бара жатқан тәрізденді...
Түн ортасы ауып, таң жуықтады. Қарт колхозшылар біртіндеп тарай бастады.
— Балалар, таң жуық. Ертеңгі жұмысты да ұмытпаңдар! — дегенді ескертті колхоз бастығы Ыбырай ақсақал.
— Ой, тәйір-ай, жұмысқа ұйықтамай да барамыз! — деді Төрекелді бір желпініп.
— Мына қайнымның көңілі бүгін тым қош екен, — деді бір келіншек сылқ-сылқ күліп.
— Қош болатын жөні бар.
— Неге? — деді Төрекелді жұлып алғандай.
— Оны жанындағы бойжеткеннен сұра...
— Ақмоншақ, осылар не деп отыр? Ұқтыршы, жаным!
— Мен ештеңесін білмеймін, — деді Ақмоншақ төмен қарап.
— Той қашан болады дейміз. Енді ұқтың ба, аңқау қайным? — деді алғашқы келіншек жайраңдап.
— Сондай сөздің не керегі бар, Сахыш! — деді Ақмоншақ ыңғайсызданып.
Шаймерденнің есіне Бораштың: «Саған лайық-ақ қыз, мұғалім, әттең, жігіті бар» деген бір сөзі түсті. Әлденеден түйсік алды ма, немесе, ұйқысы келді ме, әйтеуір, Шаймерденге бір көңілсіздік пайда болды.
Енді жастар да тарай бастады. Олар әбден тарап болғаннан кейін, мұғалім жігіт тысқа шығып, жататын үйіне қарай бет алды. Жолшыбай, колхоз бағындағы кең аллеямен келе жатып, он жағында әлдекімдердің күбірін естіп, жалт қарады.
Анадай жердегі жуан терек түбінде екі адам құшақтасып, сүйісіп тұр екен. Мұғалімнің көзіне бұл тұрғандар Ақмоншақ пеп Төрекелді тәрізденді. Солар ма, олар емес пе деген ой төсегіне жатқаннан кейін де оның есінен кетпеді. Бұл ой оған неліктен келе берді? Оны өзі де білмеді.
Мұғалім төсегіне басы тиісімен ұйықтап кететіндей болып келсе де, жатқаннан кейін көзі ілінбей қойды. Дәл сол сәтте ол еш нәрсе ойлаған да жоқ, еді. Бірақ, әлденеге алаңдағандай, көңілі қобалжып жайғаспады.
Бір кезде көзін ашса, үй іші ала көлеңкеленіп қалған екен. Киініп, тысқа шықты. Түндегі әнге, той-думанға бөленген ауыл тып-тыныш, жым-жырт. Селкеу шыққан бір жан жоқ. Жастар сырының куәсі түндегі кәрі терек те мүлгіп тұр.
Жігіт айналаға, ауыл сыртына көз жіберді. Сонау, сонау белестегі қырман басында қараңдаған адамдар таң сәулесімен оның көзіне самаладай болып көрінді. Батыс жақта, аудан орталығына қарай астық тиеген бір топ арбашы көштей тізіліп, бірінің соңынан бірі шұбап кетіп бара жатты. Сауықтан кейін тыным алмастан еңбекке аттанған адамдардан көз ала алмай, таң самалына кеудесін тосқан бойы жас оқытушы ұзақ қарап тұрды.
2
Ақмоншақ жылқыны ылдиға, ықтасып алқапқа құлатты да, астындағы кертөбелдің ауыздығын алып, аяз қарыған бетін ыққа бұрды. Сөйтіп, бір жайласқандай болып, түні бойы тыным тапқызбаған мазасыз ой сорабына қайта түсті.
«...Көрдім, білдім, Ақмоншақ, сенің де достығыңды! Арзан екен тым! Білмеппін басында. Білгенде, әттен, білгенде, маңыңнан да жүрмеген болар едім ғой сендейлердің. Оқа емес! Сабақ, болды албырттыққа. Жақсы, бетіңнен жарылқасын! Көтере бер шашпауын мұғалімнің! Танба кешегі күйіңнен! Тек есінде болсын, сен сияқты жылқы соңында ербиген бір шүйке бас табылар маған да.
Бұрынғы сүйгенің, қазіргі жатың Төрекелді».
Кешеден бері, бүгін күні бойы қыз жанының қытығына тиіп, көңілін тыным тапқызбай, ойға шомдырып жүрген де осы хат. Ол осы хатты таң атқалы, жылқы ішінде жүріп, кемінде бір он рет оқыған шығар. Оқыған сайын ашу, ызаға булығып, намысына налиды. Жігіт сөзі жанына удай тиеді. Ол әрі қорлайды, әрі жас жүрекке жара салады. Сұмдық тұрпайы хат!
Қыз өткен кешті есіне түсірді. Клубқа кешкі сағат алтыларда келді. Іште жалғыз Шаймерден ғана отыр екен.
— Сәламатсыз ба, Ақмоншақ, — деп, ол орнынан тұрып қол берген. Ақмоншақ та жайдары жүзбен амандасқан.
— Комсомол жиылысына біз секретарь болғалы бірінші рет қатысуыңыз ғой деймін, — деп күлімсіреген жігіт.
— Тек сіздің тұсыңызда ғана емес, биылғы жаздан бері жиылысқа тұңғыш рет қатысуым ғой деймін. Мұның өзінде де жылқы тауға келтірілген соң ғана мүмкіншілік алып отырмын, — деп жауап берген Ақмоншақ.
— Иә, иә, жаз қай жер самал, шөбі шүйгін болса, қыс қай жер ықтасын, қорықты болса, сіздің жайлау да, қоныс та сол ара ғой. Қызық нәрсе — мал бағу, оның ішінде жылқы бағу.
Секретарь сонан кейін аз бөгеліп тұрған да:
— Сөйлейсіз ғой Жиылыста? — деп, отырған Ақмоншақтың алдына келіп, күлімсіреп төніп тұрған минутта Төрекелді кірген. Мұнан соң есте қаларлық пәлендей оқиға болған жоқты. Көп кешікпей жиылыс та ашылған. Қыз ойынша, бар шатақ, міне осыдан басталған. Мәселе — көктем егісіне даярлыққа комсомол-жастардың қатысы жөнінде болатын. Ол мәселе жайында баяндама жасаған Шаймерден, таңдаулы жастардың табысын айта келіп (оның ішінде бірінші болып Ақмоншақтың аты аталған), кейбір жеке комсомол мүшелерінің кемшілігіне тоқтап; қатты сынаған. Осы сын, әсіресе, Төрекелдіге кеп айтылған.
— Қылышын сүйретіп қыс келді. Егіс жұмысы аяқталды. Қазіргі негізгі жұмыстың бірі — тұқым тазалау болып отыр. Бірақ осы маңызды жұмысқа Төрекелді сияқты кейбір жолдастар мән бермей келеді. «Мен кешегі танкистпін, мен солдатпын, әйелдер істейтін мұндай ұсақ жұмысқа қол былғамаймын!» — деп, ол кеше тұқым тазалауға бармай қойды. Бұл комсомол мүшесіне келіспейтін қылық. Біз оны тәртіпке шақыруға тиіспіз және шақыра да аламыз, — деген секретарь сөзін аяқтай келіп. Баяндамадан кейін сөйлеуші жастар да секретарьдың сөзін қуаттап, Терекелдіні сын талқысына салған. «Өркөкірексің. Өзім ғана білемін дейсің. Біреу бірдеме десе, бет бақтырмай, жөн болсын, қисық болсын, өз дегеніңмен боласын. Сен сондай Төрелігінді қой. Мықты болсаң, бізге еңбегіңмен үлгі көрсет!» — деп тұс-тұстан жанына батыра айтқан. Бірақ осындай жолдастық әділ сынға мойын ұсынбай, Төрекелді лепіріп, майдандағы ерлігін, сіңірген еңбегін айтып, асқақтап кеткен. Оның бұл қылығына Ақмоншақ та шамданды: «Төрекелді, мен сенен мұны күткен жоқ едім. Жұрттың айтқаны достық еді. Оны ұға алмай, ауа жайылып тұрсың. Бұл өзіндей саналы жігітке келіспейтін іс» дегенде:
Сізден ақыл сұрамаймын! — деп айқайлаған Төрекелді түтігіп.
— Ұят, ұят... Комсомол мүшесінің мұндай тәртіпсіздігін жиылыс аяқсыз қалдырмауы керек, — деп ұсыныс жасаған Ақмоншақ. Осы ұсыныс бойынша, Төрекелдіге комсомол жиылысы қатты сөгіс берген.
Міне, кеше кеште болған бар оқиға осы. «Секретарьдың жазығы не? Менің жазығым не? Сынның бәрі оның өз пайдасы үшін айтылмады ма? Соны ұқпай, неге аузына келгенді айтып, хат жазады? Неге мені, менің сезімімді ластайды!»
Қыз жанын жеген тек бұл ғана емес. Мұнан басқа да бір ауыр сезім оны қинайды. Төрекелдіні, осы Төркелдіні, шын жүректен сүйген еді ол. Онымен қол алысып, өмір бойы айнымас дос болуға серттескен еді ол. Сол серт, сол сүйіспеншіліктің аяқ астынан үзілуі арқасына аяздай батады. Тек сол ғана ма?!
— Ақмоншақты Төрекелді алады, таяуда той болады, — деген сыбыс әлдеқашан тарап, ауылдан ауданға жеткен жоқ па! Оны да қойшы. Анасына, ғазиз анасына да айтқан еді-ау бұл сырды ол.
— Өзің ұнатсаң, мен не дейін, алдыңнан жарылғасын, құлыным, — деп еді-ау анасы бата беріп!
Осынын бәрі бүгінге дейін қалың өрттей өршіп-өршіп келіп, енді әлсіз шырақтай жалп етіп сөніп отыр. Бұдан кейін ел не дейді, жұрт не дейді, ана не дейді! Жас та болса, еңбекпен аты шығып, жұртқа танылған оның абыройы айрандай төгілген жері болмақ па бұл? «Төрекелді ақырында тастап кетті» деп, біреу болмаса, біреу ертең өсек етпей ме?
— Намыс, қайран намыс! Қыз басымды қадірлеп, өзімді өзім паң тұтқан күндерім, сен де өштің бе! Жылтыраған түрге бөгіп, ішке үңіле қарай алмай, қапы басып мертікті деген осы ма! Сөз төркіні, кесімі — маған жат, тұрпайы жатқан жоқ па оның. Аңғармағам, білмей келгем соны мен! Сүйіп қалсаң — сеніп қалар, аңғал, аңқау мінезім құрсын, қыз сенің!..
Манадан ауыр ойға малтығып, көңілмен содан шығар жол іздеген Ақмоншақ күннің кешкіргенін және ықтай жайылған жылқылардың ауанымен тау бөктерінен ашық алқапқа шығып кеткенін аңғармады. Күні бойы бетті қарып ұрған тымырсық аяз үстіне жел күшейді де, жаяу борасын жүріп, ауа райы бұзыла бастады. Жылқылар пысқырып, әлденені сезгендей, ұйлыға, сырдақтай жайылды. Бұл жайды енді ғана аңғарған Ақмоншақ қалың ойды серпіп тастап, жылқыларды тауға қарай қайырды.
Ымырт жабыла, батыстан соққан жел үдеп, қара боран түтеп берді. Жылқылар көздеріне қар тығылып, шығысқа, кең жазыққа қарай ойысты. Ақмомшақ он бүйірдегі тау алқабына қарай қайырып, ыққан жылқының алдын кес-кестеумен болды. Бірақ, қалың жылқы ырық бермей, қыз айдаған тұсқа аяқ баспай қойды. Жағдай қиынға айналғанын енді тіпті ашық сезді ол. Суық барған сайын бойын алып, екі қолы, тізгінге әлі келмей, сіресіп қалды. Бораған қар бетке ұрып, бір жағынан мазаны алып ол барады.
Арпалыс ұзаққа созылды. Таң жуықтай боран мүлде күшейіп кетті. Қыз ыққан жылқыны енді қай жаққа қайырарын да білмеді. Тау қайда, пана қайда, — оны ажырату мүмкін болмады. Алғашқыда қыз-қыз қайнап, кейін біртіндеп тоңази бастаған дене бара-бара дел-сал болып, әлі кетті де, бұйығу, тыныштық іздеу сияқты бір енжарлық күйге түсті. Осы енжарлық жылқышы қызды бүріп алып, уысынан шығармай, от жігерін құм етіп, оқыс күйге бастап бара жатқандай болды. Қыз қаншама бұлқынайын десе де, пәрмені жетпеді. Тек көкіректі жарған бір ащы күй толас бермей, меңдеп алып бара жатқан енжарлыққа қайыспай қарсы тұрып, әлсіреген денені әлсін-әлсін сергітеді.
«Алмай қойман» дегендей, боран үдеп, ұйтқып соғады. Жентектеліп бетке, көзге ұрған қар: «Ер болсаң — шыдап көр» дегендей, дүлей күйден ол да бір танбайды. Төрт жыл бойы жылқы баққан өмірінде сан боранды көріп, сан боранға төзіп үйренген Ақмоншақ, тап осы жолы төтеп бере алмайтынына көзі жеткендей күйінеді. Талай рет жылқы ыққан, талай рет түн қатқан ол...
Иә, талай күн, талай түн есте! Бірақ, бүгінгі түн — қауіп түні соның бәрін жоққа шығарғандай. Төрт жыл бойы көздің қарашығындай сақтап, жалғыз тайын ит-құсқа шалдырмай келіп, бір түнде күллі жылқыны апатқа ұшыратса, өткен күнгі ерліктен не пайда, төзімділіктен не пайда. Еңбегі еш болды деген осы емес пе?
Бұл сезім қыз жанын суық темірдей қарып кетті. Ол ақтық күшін жинап, жан ұшырып, ақырғы рет қарлыққан даусымен айқайлады. Содан кейін астындағы кертөбелге қамшы үйіруге оқталды. Бірақ, қолы қозғалмады. Секем алған кертөбел ілгері ұмтылды да, қалың қарға малтығып, сүрініп кетті. Қыз лықсып, аттың алдына ұшып түсті. Ол жалма-жан орнынан тұрайын деп талпынып көріп еді, денесі икемге келмеді...
Ашуға булыққан Төрекелді комсомол жиылысында қалай отырып, қалай шыққанын да аңғармады. Құлағы шулап, өнебойы дір-дір етіп, көз алды мұнартып кетті. Жалғыз-ақ, «Тапқан екен соқтығатын кісісін!» деп күбірлей берді. Сол бетімен үн-түнсіз, тұнжыраған күйі үйіне келді де, кроватына киімшең қисая кетті.
Төрекелдінің ашуы жатқанмен де басылмады. Екі қары ұйып, бойы ауырлап, бұрынғыша көзі жасаурауын қоймады. «Соғыс тозағынан қайтқан өмірдің ащы-тұщысын көрген кәнігі солдатты бала-шаға басынып, сөгеді. Ақыл айтады. Бұған қалай төзерсің» деген ой жүрегіне біреу әлсін-әлсін ине сұғып тұрғандай, жанын жай тапқызар емес.
Мұнартқан көңіл шарқ ұрып, бір кезде соғыста болған күндерін көз алдына алып келді. Батальон командирі бір шабуылда: «Нағыз ерсің, қазағым!» деп, арқаға қаққаны есіне түсті. «О, шіркін, соны, дәл сол минутты бейбіт жағдайда шын қиыншылық дегеннің дәмін татпаған мына шешендер көрсе, білер еді, ұғар еді-ау менің кім екенімді!»
Оның есінен, әсіресе, сүйген қызы Ақмоншақ сөзі кетпейді. Қыз сөзі өнебойын мұп-мұздай етіп, тітірендіреді. «Қап, сүйдім деген сол бикеш топ алдында жығып берді-ау мені!» деп бармағын тістейді күйініп. Осы күйініш үстінде оның көз алдына Ақмоншаққа инабатпен бас иіп, күлімсіреп тұрған мұғалімнің жиылыс басталардағы кейпі дамыл-дамыл елестей береді. Сол елес жігіт ойын жетелей отырып, қалың тұйыққа апарып тіреп тастады...
Жігіт кенет орнынан ұшып тұрды да, жазу столына келіп, қолына қалам алды. Хатты тез жазды. Жазғанын конвертке салмастан, ортасынан төрт бүктеді де, далаға жөнелді.
«Өзім барғаным — бас игенім болмай ма? Оның жөні келмес» деген ой келіп, тысқа шыға беріп кілт тоқтады. Осы ойға тоқыраған ол колхоз кеңсесіне келді де, күзетші шалға: «Мына хатты Елеудің үйінде қонып жатқан Ақмоншаққа тез апарып кел», — деді тұнжырап.
Күзетші Терекелдінің ыңғайын танып, хатты алды да, жөніне тартты.
Төрекелді шал кеткен соң кеңсе терезесінен ішке үңіліп еді, жездесінің жанында мұғалім жігіт отыр екен.
«Жездеме менің үстімнен шағым беріп отыр ғой енді бұл. Бара шайқассам ба екен әзімен», — деп бір ойлады да, артынан әлденеден именгендей, өзіне-өзі тоқтау салды.
Мұғалім орнынан тұрып кетуге ыңғайланды. Төрекелді кейін шегініп, бұрышқа бой тасалады. Мұғалім ұзап кеткеннен кейін кеңсеге кірді. Неге кірді, не үшін кірді не айтпақ болды? Соның бірде-бірі есіне түспеген адамдай жездесінің алдына келіп, сілейіп тұрып қалды.
— Не ғып түнделетіп жүрсің, Төрекелді? — деді председатель оның бетіне тесіле қарап. Ашуға булыққан Төрекелді:
— Мына бала-шағаларыңның ызасы өтіп барады. Тыйыңыз соларды, — деді өзімсінген, арқа тұтқан адамына еркін сөйлеп.
— Өзің аптықпай, отыршы.
Төрекелді бастықтың сөзін елемей, бір аяғын орындықтың үстіне салып, ырғалып тұрып алды.
— Отыр деймін мен саған. Үйіңде емес, колхоз кеңсесінде, колхоз бастығының алдында тұрғаныңды ұғамысың?! — деді қарт, жылы шырайын суытып, зілді, нық дауыспен.
Төрекелді кілт жуасып, аяғын салып тұрған орындыққа отыра кетті. Бастық жайлап сөзге кірісті.
— Сені бүгін комсомол жиылысы қатты сынап, сөгіс берген, солай ғой? Өзінше қалай, олары теріс пе?
— Теріс болмағанда! Мен кім, олар кім?
— Ау, сен кім едің сонша?..
Осыны шын сұрап отыр ма дегендей, Төрекелді жездесіне таңдана қарады да:
— Білмей жүрсеңіз, ел қорғаған солдатпын, — деді зілдене сөйлеп.
— Ұқтым, ұқтым түтініңді, — деді қарт мырс-мырс күліп. Содан кейін түсін суытып, сөзге қайта кірісті. — Сен бала, бері қара. Өз еліңді қорғағаныңды міндет қыла берме! Мені көріп қойыңдар деп кеуде ұрмасаң да, халық сені қадірлейді. Сол құрметтен артық тағы не керек еді саған?..
— Ел құрметтесе, бала-шаға басқа секірмесін.
— Осы сенің бала-шаға деп отырғаның кім? Комсомол мүшелері ме? Ойлан, шырақ, олар бала-шаға емес. Олар сенің тәрбиешің.
— Ойбай, сізбен де түсінісу қиын екен, ақсақал.
— Сен менменсіп кеткенсің. Сол дерттен арылып, сабаңа түспей жұртпен түсінісу қиын саған. Бұл дерттен сені өзің айтып отырған бала-шаға сауықтырады. Бүгінгі талқы соның бастамасы.
— Сіз қатты кеттіңіз, жезде. Мен елден шыққан тентек те, үйкүшік мұғалімсымақ пен шүйкебас Ақмоншақтар мені тәрбиелеп, жөнге салатын болды ғой. Жоқ, ол алжасуыңызды қойыңыз. Көлденең тілге еріп, көңіл қалатын зілді сөз айтпаңыз Жақыпға. Шын білгіңіз келсе, мен сіздерден де зорырақ адамдарды көрген, өмір мен өлім алысқан қырғын соғыс үстінде тәрбиеленіп, сонда өсіп жетілген жанмын. Өмірдің ық жағында, шуақта өскен сіздің бала-шағаңыз, қанша қолтығынан демесеңіз де соғыс үйреткеннен артық маған ештеңе үйрете алмайды.
Қарт қабақ түйіп біраз ойланып отырды да:
— Жас болыппын, табысқа мас болыппын де онан да. Өмірдегінің бәрін біліп алдың деп кім үйретті саған! Соғыс мектебінен тәрбиеленіп өстің, сол да жетеді деп кім үйретті саған! Отанға еңбек сіңіріп біттің, енді қызмет етпесең де болады деп кім үйретті саған! Айтшы, айтшы қане! Айта алмайсың. Сенімге семіріп, азаматтық борышыңды ұмытайын деген екенсің! Омырауыңдағы мынау ордендер мен медальдардың неге міндеттейтінін ұмытайын деген екенсің! Жауды құртуда қандай батыр болсаң, бейбіт еңбекте де сондай батыр бол деп тұрған жоқ па бұлар біле білсең? Сынаған құрбыларың саған осыны ескертеді. Сен соғыста қан кешкенде, олар елде сенің қамың үшін миллиондардың бірі болып жан аямай еңбек етті. Қорлама олардың ерлік еңбегін! Анау мұғалім, сен тіл тигізген мұғалім — Сталинградты қорғасқан ерлердің бірі. Ел үшін қан төккен ерлердің бірі Бораш та, елгезек, кішіпейіл. Бораш та сондай. Көрмеймісің, олар сендей көкірегін көтермейді. Сендей асқақтамайды... Даусының қаттырақ шыққанын аңғарған қарт сөзін салмақтай келіп:
— Майданнан бәрін үйрендім дегенді ұмыт, шырақ. Соғыс саған елді қорғауды, жауды рахымсыз қыруды үйретсе, сол соғыс салған жарақатты жазуда, елді гүлдендіру жолында қажырлы еңбек етуді саған енді бейбіт күн үйретеді, — деді. Төрекелді бірнәрсе дейін деп оқтала беріп еді, қарт орнынан тұрып:
— Жетті, бала, дем ал. Ұрсу емес, ақыл деп ұқ айтылғандарды, — деді де тысқа беттеді.
Төрекелді үнсіз отырып қалды.
4
Түні бойы ыққан жылқыны іздеп, күн шыға колхозға оралған ЬІбырай қарт, келген бетінде Шаймерденді кеңсеге шақыртып алды.
— Шаймерден, — деді ол мұғалімге, — ақылдасып алатын бір шаруа болып отыр.
— Айтыңыз.
— Ақмоншақ қатты жаураған. Аудандағы емханаға жөнелту керек. Жылқыға жастардан кімді жібереміз? Соны шешелік деп едім.
— Бораш дұрыс болар.
— Ойымнан шықпадың, — деді қарт езу тартып.
— Сіздің ойыңыз кім еді?
Дәл осы минутта Бораш бастаған үш жігіт кеңсеге кірді. Олардың артын ала Төрекелді де келді. Мұғалімнің көзі салған жерден Төрекелдіге түсті. Өңі солғын, қабағы түсіңкі екен оның.
— Ақмоншақ сырқат. Жылқыға адам жіберу керек болып шақыртып отырмын сендерді. Қане, қайсыңның барғың келеді? — деді бастық сөзін келте қайырып.
Бораш: «Мен барайын» деп айтуға оқтала беріп еді, қарт дереу аңғарып, сен тоқтай тұр дегендей, басын шайқады. Сөйтті де, тамағын кенеп, бір қозғалды да, Төрекелдіге қарады. Төрекелді жездесінің қадала қарап қалғанын сезді де:
— Мен барамын! — деді басын жоғары көтеріп.
— Жақсы, олай болса, қазір аттан.
Төрекелді орнынан тұрды да, есікке беттеді.
— Жылы киінуді ұмытпа. Суықта жылқы бағу оңай болмайды, — деді Ыбырай қарт әр сөзін салмақтай, баппен сөйлеп.
Мұғалім күлімсіреп бастыққа қарады. Бірақ, қарт оған назар аударған жоқ. Қабағы қатыңқы, тұнжыраған қалыпта есіктен көз алмай, шығып бара жатқан Төрекелдіге тесіле қарап қалыпты ол. Қарт жүзі мұғалімге мүлдем солғын болып көрінді. Маңдайдағы, көзінің алдындағы әжімдер дәл қазір бұрынғысынан да көбейіп кеткен тәрізді. Түрі бұзылмаған ойлы көзі де аздап кіртиген. Осынын өзінен-ақ оның түн қатып, ұйқы көрмегені айқын байқалып тұр. Әйткенмен аңқылдаған ақ көңіл мінезі, жас адамға тән сергектігі тосын көзге қарттың қатты қалжырап отырғанын аңғартпайды...
— Жылқыға менің кімді жібергім келгенін енді ұқтың ба? — деді қарт жастар кеткен соң Шаймерденге.
— Ұқтым, ақсақал.
— Әсілі, асқақтаған адам өзінен басқаның еңбегін көрмейді. Біздің жігіт сондай дерттен сау емес. Енді ол суықта жылқы бағудың да ойыншық емес екенін білетін болады.
— Дұрыс айтасыз, отағасы.
Мұғалім сағатына қарады да:
— Мен кетейін, уақыт болып қалыпты, — деді.
— Иә, шырағым, сабағыңнан қалып қойма.
Мұғалім тысқа шықса, Елеудің үйінің алдында қос баран атқа жегілген қайқы бас, қара шананы бір топ адам қоршап тұр екен. Осы топтың ішінен оның көзіне Бораш та шалынды. Ал, шана үстінде отырған Ақмоншақ екенін аңғарды. Соға кетейін деп бір оқталды да сабақтан қалып қоярмын деген оймен бұрылмастан, асыға басып мектепке тартты. Жолшыбай артынан Бораш оны қуып жетті.
— Ақмоншақтың хәлі қалай екен? — деп сұрады Бораштан.
— Хәлі мақтарлық емес. Өзің неге соғып, көңілін сұрамадың? Сені көріп жалтақтап қалды.
— Жалтақтап қалды дейсің бе, Бораш?
— Иә, иә, кеңседен шығып бізге қарай жүргеніңде, шанаға отырып жатып, ол саған әдейілеп екі-үш рет қарады.
— Әттеген-ай, соға кетпеген екенмін!..
5
Оқытушылардың аудандық мәслихатына келген бетте-ақ Шаймерден емханаға кіріп, Ақмоншақтың халін білген.
— Бүгін көлік жібер деп ауылға хабар айтқалы отыр едім. Сіздің келгеніңіз жақсы болды. Қайтарыңызда мені ала кетіңіз, — деп тілек білдірген Ақмоншақ оған.
Осы тілек бойынша келесі күні мәслихат біткен соң, Шаймерден емханаға қайта келді. Ақмоншақ жүруге әзір екен. Дереу киініп шықты да, шанаға отырды.
— Шүу, — деді Шаймерден қаракөкке қамшы үйіріп.
Шиыршық атқан қаракөк ауыздықпен алысып ала жөнелді. Оның арыны былай шыққан соң тіпті күшейіп кетті. Бірақ, Шаймерден еркіне жібермей, тежеп келеді. Ақмоншақпен кең далада жақсылап бір сөйлеспек ол. Осы оймен әңгіме қозғамақ болып:
— Тоңған жоқсыз ба? — деді Ақмоншаққа бір кезде.
— Тоңғаным жоқ.
— Тоңбағаныңыз дұрыс.
Ақмоншақ үндемеді. Тоңбағаның дұрыс екенін кім білмейді. Сол да сөз болып па деп ойлады жігіт өзінен-өзі ыңғайсызданып.
Осыдан кейін әңгімені әрі қарай созайын десе де, неден бастарын білмей бөгеліп:
— Қандай ғажап көрініс! Айнала аппақ — күміс қар. Анау әсем асқар тау. Осы сұлулықты ұға білмейміз-ау, көбіміз! — деді тау жаққа сұқтана қарап.
— Сізге ұнай ма? — деді манадан бері үнсіз отырған Ақмоншақ.
— Ұнағанда қандай! Таулы-орманды жерді жаным жақсы көреді... Сізге ше, сізге ұнамай ма?
— Ұнай ма, ұнамай ма, білмеймін. Ойланып көрген емеспін.
— Қызық екен оныңыз, — деп мұғалім таңданғандай, қызға қадала қарай қалды.
— Мұғалім, сіз алғашқы көргенімде маған дәл осылай бір қадала қараған едіңіз. Мына қарасыңыз соны еске түсіріп отыр, — деді күні бойы шешіліп сөйлеспей қойған қыз ашық жүзбен кенет жайраңдап.
Күтпеген жерден пайда болған тосын ашықтық пен өткірлік мұғалімді әрі таңдандырып, әрі ойландырып тастады.
— Неге таңдана қалдыңыз? Әлде ұнамай қалдым ба сізге?
— Ақмоншақ, әлдеқандай көмескі із тастап, тұйыққа тіреп отырсыз. Әзіліңізде зіл жатқандай ма, қалай... Ашып айтуға болмас па екен сол жайды.
— Әзіл түбі — зіл емес, мұғалім. Жаңағы еске алған сол бір кеште сіз маған топ алдында тесіле қарап, қолжаулыққа санағандай, ізімді бағып болмаған едіңіз. Несін жасырайын, ұнатпаған едім соныңызды. Тұрпайылау басталған бұл қалжыңым соның орайы еді. Кешіріңіз!
— Қандай сезімтал, қандай намысшыл жан едіңіз, Ақмоншақ!
— Қыз сөзге сараң, көзге ұяң көрінгенімен аңғарғыш та, сынағыш та, намысшыл да келетінін білмейтін бе едіңіз, мұғалім?
— Төреңізге құлдық. Ұқтым бәрін. Сүйсіну мен сыр тартудан туған бір қарас еді ол. Аулақ едім арамза пиғылдан. Ағат кеткен, жас едім әрі онда мен.
— Сиқы, қазір қарт болғансыз ғой! — деді Ақмоншақ жымиып.
— Иә, иә, қазір есейдім, ер жеттім.
— Бірнеше жыл бойы жас болып жүріп, біздің ауылға келген 2 — 3 ай ішінде ер жетіп, есіңіз кіргені тамаша екен!
— Тосын құлаққа ерсі екенін өзім де білемін, Ақмоншақ. Бірақ, шындығы солай... Мен жастайымнан оқыдым. Соғыста болдым. Тағы оқыдым. Осы өмірімде көп нәрсені көріп, көп нәрсені біліп алған сияқтанушы едім бұрын. Енді ойлап отырсам, бекер екен... Оқытушы болған соңғы 2 — 3 айда талай нәрсені үйрендім. «Сен бұрын біреудің тәрбиесінде болып келіп едің, енді өзің тәрбиешісің» деді өмір маған. Бірінші күн, класқа тұңғыш кірген күнім, әлі есімде. Қарсы алдымда біреулері томсара, біреулері күлімсірей қарап кілең жас бүлдіршіндер отырды. Олардың киімдері де, кескіндері де, мінез -құлықтары да біріне-бірі ұқсамайды. Сол алуан түрлі жас адамдар менен көз алмай жаутаң-жаутаң қарайды. «Біздің тағдырымыз сенің қолыңда» дегендей болады. Дәл сол минутта бар денем шымырлап, бойыма бір ағалық сезім, жоқ, тіпті, ағалық та емес аталық сезім пайда болды. Кейін албырттық сезімдерін орнына осы жаңа сезім — ата сезімі ірге жайып келе жатқанын аңғара бастадым. Әр күн мектеп есігін ашып, көздері жаудыраған бөбектерді көрген сайын, осы аталық сезім адам алдындағы борышымды даттады маған. Осы жолда — жас адамға өнеге көрсетем, тәлім берем деген ұлы ниет жолында өзің де тар тәрбиелене береді екенсің. Адам тәрбиелеу, естіп отырсыз ба, Ақмоншақ, адам тәрбиелеу! Бұдан ардақты, бұдан қызық не болсын дүниеде! Мүмкін, сізге бұл сезім онша таныс болмас. Әттең, оқытушы болсаңыз, білер едіңіз, ұғар едіңіз бұл жайды.
— Оқытушы болмасақ та шынайы сөзді түсінеміз, Шаймерден аға.
Көзіне бір нұр ойнап, жадырай түскен Шаймерден тау жаққа көтеріңкі көңілмен серпіле қарады да, тағы да сөйлеп кетті.
— Шіркін дүние! Еңбек, өзек жарған ыстық еңбек қуанышынан қызық не бар екен десеңші! Оның өнген тұқымы, өскен дәні көз алдыңнан өткенде, жаның қалай жадырамас, көңілін қалай шалқымас... Асау тайдай бұлғақтаған ерке бөбек. ІІІәкірт... Жас өспірім .. Бойжеткен я жігіт... Азамат, жай ғана азамат емес, білімді азамат. Маман... Осынын бәрі мысқылдап жұмсаған ұзақ еңбегіңнің жемісі...
Еңбек! Жемісі көз алдына келгенде, ыстығы мен суығына бірдей төздірген игілікті еңбек! Мұның сыры басқаға болмаса да, Ақмоншаққа мәлім. Тіпті, бұл — оның өз сезімі. Бірақ, ешкімге жария етпеген, айтайын деп те оқталып көрмеген сезімі. Соны мынау жігіт ұққандай, үн қосқандай болып, оның ойын, көкейкесті ойын бейнелеп отырған тәрізденеді. Қыз жаны жібектей есіліп, бойын шаттық билеп алып барады. Бұрын кішкентай жүрегінің бір қалтарысына сыйып келген еңбек қуанышы енді өзі баққан ақтылы жылқыдай қаптай өріп, кең сахараны басып кеткендей болды. «Төрекелді, сүйгенім Төрекелді, сен неге осылай ойламайды екенсің! Еңбек қызығына менімен бірге қуанып, менімен бірге тәтті ойды неге бөліспейді екенсің! Неге біздің арамызда осындай бір өзектес ортақ ой жоқ. Білесің бе, аңғарасың ба осыны сен?..»
Тәтті ойға шомған жігіт пен қызды омбы қарға тіреліп тоқтай қалған қаракөк сергітті.
— Мына шіркін жолдан шығып кетіпті ғой, — деді Шаймерден бос қалған делбені жалма-жан тежеп.
— Жақсы тәрбиеші болсаңыз дауым жоқ, бірақ, жақсы делбеші емес екенсіз, — деп әзілдеді Ақмоншақ.
— Ғажап емес, — деп күлімсіреді Шаймерден атты жолға бұрып.
Қыз еркелі, назды пішінмен жігітке сүйсіне қарап отырды да:
— Не деген жақсы адам едіңіз, Шаймерден аға! — деді қатты айтуға батылы жетпегендей күбірлеп.
Шаймерден қыз сөзін ести алған жоқ. Колхозға жете берістегі ылдида зырғыған шана екпінінен гулей соққан жел ару сөзін қағып алып, әлдеқайда алып кетті...
6
Төрекелдінің жүрегі алып ұшады. Жылқыны етекке қайырып, колхоз жақтағы белге жатаған торымен қайта-қайта жүгіріп шығады. Бірақ, ешкім көрінбейді. «Кеше колхозға келді дегені қайда? Неге, апырай, неге кешігіп жатыр екен?» деп ойлайды мазасызданып.
Жігіт түнеугі оқиғадан кейін үлкен өкінішті ойда еді. Екі ой: оң, теріс деген екі ой өз ара көп сілкілесіп, жұлқыса-жұлқыса келіп, ақыры, таразының басын соңғысы басқан еді. Осыдан кейін, өзімшілдік сезім жуасып, бұқпантайлай бастаған да, «әттеген-ай» деген бір өкініш пайда болған жігітке. Әсіресе, Ақмоншаққа жанына балаған Ақмоншағына жазған тұрпайы хаты есінен бір кетпей қойған оның. «Орынсыз балағаттап, оңбағандық іс еттім және жұрт алдында масқара болдым» деген ой бойын көтертпей, езеді де тұрады. «Асқақтап кеткенсің, Төрекелді» дейді өзін-өзі жазғырып. Бұл сөзді әлде біреу айқайлап айтып тұрғандай болады оған. Селт етіп, жан-жағына қарайды ол. Бірақ, ешкім көрінбейді. «Алыстан іздеме, бұл сөзді мен айтып тұрмын» дегендей, жүрегі дүрс-дүрс соғады.
Жігіт ой тізгінін жия алмай, көзін сүзіп, төңірекке сарыла қараудан жазбайды. Жылға -жыраларын қар басқан заңғар тау, жапырағы түсіп, көркі қашқан ағаш-бұталар... Өзекте қаптаған қалын жылқы... Оның қараған сайын көретіні осылар. Ылғи бір түсті, өзгермейтін көрініс. Іші пысады. Мазасызданады. Кейде ой буып, әлдеқайда алып кетеді. Ойдан сәл сергісе болды, — жападан-жалғыз тұрған өзін көреді. Ұясынан көтерілген күн де түстікке барады да, батысқа қарай қасақана жылжымай қояды. Оның көз алдына тағы да Ақмоншақ келеді. Қазіргі дәл өзі сияқты, ол да қарында — құрық, астында — жатаған торы, алдында — қаптаған жылқы, қыр басында жан-жаққа көз жіберіп тұрғандай болады. Не ойлап тұрады екен сонда ол? Бұл сияқты шыққан күнді батыра алмай зарығып тұра ма екен ол да? Әлде, күнделікті дағдылы ісіндей, өзінің жайдары ашық мінезімен жайран қағып жүре ме екен? Жапан түзде, ұзақты күнге жылқы ішінде жүруге жалықпайтыны ма сонда? Жалықпаса, қандай ғажайып күш екен оны бұған дағдыландырған. Дәл осы минутте жігіт қыз бойынан ғажайып төзім, алып күш көргендей болады. Қандай күш? Аты не сол күштің? Оны айта алмайды.
Осындай қат-қабат ойға шомған Төрекелді кеше кештен бері мүлде мазасыздануда еді. Ақмоншақ сырқатынан жазылып, колхозға келіпті деген сөз әрі қуандырған, әрі күпті еткен жүрегім. Келеді! Иә, келеді... Бірақ, нендей оймен келеді? Қандай сезіммен келеді? Бұл арасы жұмбақ. Міне, осы сұрақ қатты қинайды оны. Бір жағынан ауданнан мұғалім алып қайтыпты деген сыбыс та жеткен оған. Бұл да мазасын алады.
— Әттең, дүние-ай, жазған басым көңілін сұрап барып та қайта алмадым-ау! Бірақ, — дейді ол ойланып, — келмедің деп кінә тақпас. Біледі ғой, менің жылқы соңында жүргенімді. Бар кінәмді мойныма алып, бар сырымды айтып жазған хатым — ол менің өзім емес пе? Ал, ағат ісіме кешірім сұрап, шын жүрегімнен жазған сол хатыма жауап қайырмағаны қорқытады мені. Көңілі басқа адамға ауғандықтың белгісі шығар бұлдағы. Мұғалім, мақтан сен! Мен жеңілдім! Сен жеңдің. Сен мені жиылыста да жеңдің. Өмірде де жеңдің. Әлде, өмірде жеңу үшін құрған тұзағың болмағай еді сол жолғың...
Осы ой түскенде Төрекелді тұнжырап қоя берді. «Шынымен-ақ солай болғаны ма? Сыртың жылы, ішің мұз жан ба едің сен? Жә, жә, — деді өзін-өзі тежеп. — Бықсық ой, өз ниет аулақ менен! Мүмкін емес...»
Ауыл жақтағы белестен шыға келген үш салт атты Төрекелдінің басынан бар ойды сілкіп тастады.
— Ақмоншақ! — деді қуанып.
Салт аттылар желе-жортып, тұп-тура тартып келеді. Міне, жақындап қалды. Ақмоншақ пен жездесі. Ал үшіншісі кім? Мұғалім, иә, мұғалім болу керек. Осы ой келгенде Төрекелдінің жүрегі дүрсіл қағып, жап-жаңа ғана сырылған ой басына қара бұлттай қайта төнді. Мұғалім! Ол неге келеді? Жеңісін айтып мақтанбақ па, күлмек пе бұған?!
Аттылар жақындаған сайын Төрекелдінің бір суынып, бір күйінген жүрегі орнына түсе бастады. «Мұғалім емес, Бораш!» — деді күбірлеп.
Сасқандық па, әлде ұялғандық па, немесе, не айтарын да білмегендік пе, Төрекелді келгендерге иек қағып, басын изей берді. Ол ол ма, бұрын батылсынып жүретін ол, дәл осы жолы Ақмоншаққа тура қарай да алмады.
— Қалың жақсы ма? Жылқы ит-құстан аман ба, Төрекелді? — деген жездесінің сұрағы ғана осы қысылшаң жағдайдан оны аршалап алды.
— Аман, ақсақал, — деді ол ширап.
Қарт көп бөгелген жоқ. Үнсіз тұрып қалған екі жас сөйлессін деді ме, әлде жылқыны аралап қайтқысы келді ме, Борашқа иегін көтерді, ылдиға қарай жорта жөнелді. Бораш та оның соңынан ерді.
Манадан бері сөзге араласпай, анадай жерде оқшау тұрған Ақмоншаққа Төрекелді сонда ғана көз тастады. Қыз етекте жатқан қалын жылқыға сүйсіне, күлімсірей қарап тұр екен.
— Ақмоншақжан, амандық жоқ, саулық жоқ, келген бетте жылқыдан көз алмай қойдың. Мұның қалай? — деді Төрекелді айырықша бір биязылықпен сөйлеп.
— Аман екеніңізді онсыз да көріп тұрмыз ғой, — деді қыз жылқыдан көз алмай.
— Амандығыңды көпсінсең басқа не айтуға шарам бар. Жанды жеген бір күйді іште сақтап кете барамыз да, — деді Төрекелді мұңайып.
Қыз тіл қатпады.
— Сенің алдыңда кінәм ауыр екенін ұғамын, Ақмоншақ. Әйтсе де, бір кездегі айнымас деген дос жүректің маған сақтаулы жылуынан үміткер едім.
— Тәкаппар жігіт емес пе едіңіз! Жылқы соңында ербиген бір шүйкебас алдында бас игеніңіз өзіңізге лайық па? — деді қыз суық жымиып.
— Жаным Ақмоншақ, өкінішті өткен істі сала бермеші еске. Қынжыламын. Әрі ұяламын. Жастығым, албырт жастығым кінәлі бәріне. Білдім, ұғындым қатемді.
— Соны білсең болғаны, Төрекелді.
— Кештің бе енді, Ақмоншақ? Кештім бәрін де, ұмыттым деші.
— Дос қиылып сұраса, кешпеске не шарам бар, — деді Ақмоншақ көзінде бір нұр ойнап.
— Сәулем Ақмоншақ, шын ба, шын айтасың ба? Уәдең — уәде ме? — деді Төрекелді бетіне қан жүгіріп.
— Ол болашақтың ісі, бір-бірімізді ұғыса, қадірлей алсақ...
— Қадірлейміз, ұғысамыз.
Ақмоншақ Төрекелдінің бетіне едәуір уақыт үнсіз қарап тұрды да:
— Сен еңбек қуанышы дегенді білесің бе, Төрекелді? — деді көзін төңкеріп.
Жігіт мұны не үшін айтып тұр деген адамдай, қызға таңдана қарады.
— Білмейсің бе? — деді Ақмоншақ күлімсіреп. — Білмесең, еңбек қуанышын білетін, енбекті жаным деп түсінетін адамды қалай қадірлей аласың?
— Өзің тосын-тосын сөздер айтасың, Ақмоншақ емхана үйретіп жіберген жоқ. па? — деді Төрекелді әзілдей.
— Кім үйретсе де, дұрыс қой, әйтеуір?
— Дұрыс болу керек.
— Дұрыс болу керек емес, дұрыс де.
— Дұрыс.
— Осылай бір мойындап қойшы, бәлем! — деді Ақмоншақ наздана еркін сөйлеп.
— Сонымен, меңдіксің ғой өзің? — деді Төрекелді өз күйісінен жазбай.
— Енбекті, ерлік еңбекті сүюді үйренгеніңде сендікпін, — деді Ақмоншақ күліп.
Төрекелді бір нәрсе дейін деп оқтала берді де, қастарына келіп қалған жездесі мен Борашты көріп, тоқтай қалды.
— Ал, Төрекелді шырағым, ауылға қайт. Ертең аудан орталығына тракторшылар курсына оқуға жүресің. Жылқыны бұдан былай Бораш бағады. Біз Ақмоншақ екеуіміз фермаға барамыз.
Төрекелді ештеңе ұқпаған адамша, жездесіне бір қарады Ақмоншаққа бір қарады.
— Неге қарайсың? Ақмоншақ бүгіннен бастап жылқы фермасының меңгерушісі, құттықтап қой, — деді Бораш оған.
— Солай ма, құтты болсын, Ақмоншақ...
— Мен жылқыға үйренген адам едім, фермаға кетіп барамын. Сен танкке үйренген адам едің, тракторға кетіп барасың... Жаңа кәсіп, жаңа адым басталды, Төрекелді. Бітпеген әңгімеміз де, мүмкін, сонда аяқталар, — деді Ақмоншақ жөнеп берген ЬІбырай қарттан қала, атынын басын тежей түсіп.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі