1
Едиктің үйі мұнда алыстан, түу Алматыдан келді. Шынын айту керек, жаңа қоныс Едикке ұнамады. Айналаның бәрі тосын, ешкімді танымайды, білмейді. Қызықтайтын да ештеңе көрінбейді. Шексіз дала. Ылғи бірыңғай көнілсіз көрініс.
Мүмкін, алысырақта қызық бар шығар деп ойлап, ол келген күннің ертеңіне батыс жақтағы селдір қайыңдарды көктей етіп, даланы аралауға шықты. Олай жүрді, бұлай жүрді. Мұнда да көңіл аударар ештеңе таппады. Ақырында шаршады. Ми жазық, мүлгіген дала, шегіне жетіп болар емес, ілгері ұзаған сайын көкжиек алыстап, бір жеткізбей қойды. Жалықты да, ол кейін қайтты.
Едик әкесі мен шешесіне таң қалды: «Үлкен адамдар қызық. Қайда келгендері ойларына кіріп те шықпайды. Мынау көңілсіз далада жұмыстары да жоқ. Қайтып зерікпейді екен?..»
Артынша оған мынадай бір ой келді: «Олардың қолы бос емес, сондықтан іштері пыспайды. Ал мен болсам... Танымайтын, білмейтін жерде серіксіз бос жүрген қандай жаман!»
Ол Алматыдағы достарына зарықты. Онда мұндай көңілсіздікті кім білген! Баратын жер де көп. Дос та көп... Бүйтіп жалғыз сенделмейсің. Жоқ, жолдас таппай болмайды, онсыз мына даланын күні батпас... Кіммен достасады?
Бұл болашақ совхоз қыстағының үйлері жаңа салынып жатқан шақ еді. Балалы семьялар әлі аз болатын. Үй жоқтан, кейбір семьялы жұмысшылардың өзі үй ішін көшіріп алуды әзірше ойламаған. Сондықтан Едиктің көзіне өзі қатарлас балалар сирек ұшырасты.
Бүгін құдық маңындағы жер үй алдында үш бала пайда болды. Олар сол арадағы дөңес басына шығып алып, әлденендей ойынға кірісті. Мұны көріп Едик қуанып кетті. Соларға қосылып, құмардан бір шыққысы келді...
Амал қанша, ой орындалмады, сексен - тоқсан метрдей жерде жүрген балаларға бару Едикке үлкен арманға айналды. Беттей береді де тоқтайды. Тоқтайды да жан-жағына жалтақтайды. Бұған күнәлі Барбос деген қара төбет еді. Осы көксоққан асхананы торуылдап, сол маңда күні-түні тіміскілеп жүреді де қояды. Оның мұнысын Едик жақсы біледі. Кеше байқаусызда арс етіп, мұның әбден зәресін алғаны да бар. Содан бері асхана жаққа беттеуден бұл бала біржола тыйылған.
Ал қазір, қалай да бару керек болып тұр. Алайда Барбостың көзі тірі тұрғанда жуитын Едик пе... Өзінен-өзі ызаланып, зығырданы қайнады. Өзімен түйдей құрдас алматылық досы Коляның иттен қорқу дегенді білмейтіні есіне түсті. Ит келе жатса, ол тайсалмай қарсы жүреді. Ит бар ғой, жалт беріп тайып тұрады. Не деген сұмдық, а?! Бұл неге солай ете алмайды!.. Неменесіне қорқады? Жасқанбай жүре берсең ғой, ит тимейді!.. Қорықсаң, әрине...
Осылайша өзін-өзі қайрап, бойына біраз батылдық жиып алып Едик дөңге қарай аяңдады. Аяңдағаны бар болсын, әшейінде жүгірмей жүруді білмейтін басы бұл жолы кежегесі кейін тартып, жүрісі өнбейді. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Қара төбет қай жерден шыға келер екен? Өзі бір сумаңдаған оңбаған ит. Ондай сумақайды байлап тастамай ма?..
Кібіртіктей басып төбешікке таянды. Балалар бұған енді ғана назар аударды. Ішіндегі бой жағынан үлкені, шымыр денелі, жуантық, келген шомбал қара бала:
— Әй, өзің, ішің ауырған адамша неменеге аяғыңды баспайсың? Мұнда кел. Біз сені жемейміз, — деп айғай салды.
Оның өктем сөзін қасындағы екеуі мәз бола қостап:
— Кел, кел, жемейміз, — деп күлісті.
Едик өзінше сыр бермей, бұлардың сөзін елемегенге салынып, әшейін өз бетімен жүрген адам сияқтанып көрінгісі келді. Бірақ қаншама еркінсісе де жайбарақаттана алмады. Қара төбет ұмытылмады. Ол сайтан аяқ астынан шыға келмесіне кім кепіл?..
Арада бір минут өткен жоқ. Асхананың алдынан қара төбет солаң етті. Батырлық та, намыс та жайына қалып, Едик үйге қарай зытып ала жөнелді. Алғашқыда не болғанын білмей қалған балалар артынан ұғып, даланы бастарына көтере күліп жатты.
Едиктің оларда жұмысы да болған жоқ. Безек қаққан бойында үйіне кеп бір-ақ сүңгіді. Ол ентігін баса алмай көп отырды. Өзіне-өзі енді есеп бере бастады. Балалық намыс та енді ғана оянып, ұялғаннан есі кетіп, қатты қысылды.
Сол күннен бастап Едик қорқақ бала атанды. Осалдығыңды аңғарса, балалардың өшігіп кететіні бар емес пе, әлгі үшеуі қастарына бірнеше баланы ертіп алып, мұның үйінің дәл алдына келіп:
«Барбос, Барбос! Қа-Қа» -лап айғай салып өтетінді шығарды.
Едик не дерге білмей, тысқа шығып көрінуге де ұялып, жан қысылғанда қашып кеп үңгірге тығылған қояндай, екі көзі жаутаң-жаутаң етіп, үйінде үнсіз отырып алды.
Шу басылды. Балалар кетті. Сонда да Едикте далаға шығар бет жоқ... Бәрінен де бұрын ертең сабақ басталғанда мектепке қайтып барады? Жаңағы балалардың көзіне қалай көрінеді?..
Едиктің жанына бәрінен де бұрын осы батты. Ол далада еркін жүруден қалды. Оны танитын балалар көрсе болды-ақ қара төбетті шақырып, айтақ салады.
Мектеп есігін де ол сынық көңілімен ашты.
2
Мына сәтсіздікті қараңыз, өзінен әлдеқайда үлкен деп жүрген қара бала Едикпен кластас болып шықты. Ана боймен, ана денемен он жаста деп оны кім ойлаған? Со біреудің бөлек оқығаны әбден - ақ жақсы болатын еді. Амал нешік...
Қара бала шүу дегеннен-ақ мінез көрсетті. Едик екінші қатарға келіп отырып жатыр еді, ол:
— Бұл сенің орның емес... қорқақтардың орны анау, — деп ең соңғы партаны нұсқады.
Балалар түгел жалт қарасты.
Едик өзін онша қорқақ баламын деп санамайтын. Жолдастары да оны ойлағанын ірікпей айтып салатын, бетті бала деп есептейтін... Ал оның түнде далаға жалғыз шығуға жүрегі дауаламайтынын, ит көрсе безіп беретінін жолдастары сезе бермейтін. Мұнысын ол қатты жасырушы еді... Енді, міне, аяқ астынан ши шығарып алды.
Едик түк дей алмай, артқы партаға беттеді. Оның үндеместен ыға жөнелгені бұған деген көзқарасты мүлде нашарлатты. Намыссыз, жігерсіз, жасық! Әйтпесе жөнсіз киліккен тентекке бірдеңе десе керек еді ғой. Кейбір балалар мұны сездіріп те салды. Кластағы бой жағынан ең кішкентай, жұқа енді, үйі Ставропольден келген Коля:
— Фи, мынау не қылған бала өзі?.. Біреу тұр десе, кете бере ме екен! — деп қасындағы жолдасына қарады.
Осындай наразылықтар класс ішінде әр жерден сезілді. Бәрінің көзі де Едикке қадалып жеп барады. «Жасықсың! Жігерсізсің!» деп тұрғандай бұл көздер.
Осыны ұқты ма, әлде әбден ашуы кеп, намысына тиді ме, Едик артқы орынға отырды да, мойнын қара балаға бұрды.
— Мені қуғанда өзі үп-үлкен боп алда қоржиып қалай отырар екен, көрейік, — деді ол мысқылмен.
Бойындағы мінге қатты намыстанатын балалардың әдеті. Қара бала өзінің денелілігін кемшілігіне санап неге осынша жұп-жуан, зор болдым екен деп кейде қынжылатын. Оның ұғымында денелілік өзінің сиқын алып тұрғандай сезілетін. Осы «мініне» қорқақтың аяқ астынан шап беруі оған батып кетті. Бірақ іштей шыжалақтаса да алдағы уақыттарда қысылған жерде «мінің» бетке басып, балалардың жармаса кететінін ойлап, ол бұған мән бермегенсіп, әуелгі беттегі қарқыннан таймады.
— Ой, мен сені сақау ма десем тілін бар екен ғой... Кәне, аузыңды ашшы, тіліңді көрейік...
Бұл сөзіне балалар ду күлер деп ойлап еді. Алайда ешкім езу тартпады.
— Барбосты шақырайын ба, бәлем...
Осыны айтып ол өзі күлді.
— Шақыр!..
— Батырсынуын ұзын құлақ қоянның
— Мен қоян болсам, сен, сен... — деп Едик асқа қақалған адамша шашалып, тұттығып қалды.
— Иә, кіммін? Айтып көр... — деп қара бала орнынан атып тұрып Едикке төнді.
— Неменеге қорқасын айт, — деді Коля сыбырлап. Демесінді байқаған Едик қоқиланып:
— Түк те қорықпаймын, айтамын, — деп қара балаға ежірейе қарады:
— Сен бар ғой, сен аюсың!..
— Аю?
— Қараңдар, әне, құдды аю, қорбаң - қорбаң етеді.
Оның бұл теңеуі балалардың көкейіне қона кеткендігі сондай: Едикке әлгіндегідей емес бәрі де сүйсіне қошемет көрсетіп, ду күлісті.
— Мишка, Мишка, қисық аяқ Мишка! — деп өлеңдетті біреулер.
Дәл осы минутта мұғалім кіріп келмегенде, мұның аяғы жақсылықпен тына қоюы екіталай еді...
3
Қара баланың аты Руфик еді. Бұл өзі әрі қызба, әрі өз жасына қарағанда, жүріс-тұрысы, мінезі ірі, сүйкімсіздеу бала болатын. Жолдастары болса, бұған көп жуыспай, жуысса да, үйлесіп кете алмай, ойындарының орайы келе бермейтін де, аралары өзінен-өзі ажырасып кететін. Өзінің жөндеп ойнай алмайтынынан көрмей, ол көбіне жолдастарын жазғыратын. Тіпті тақа болмай бара жатса, ызалана, шатақ шығарып, жұдырыққа кезек беріп алатын кездері де боп тұратын. Мұнысынан кейбір жуас балалар қаймығып, мұның оны -мұнысын елемеуге тырысып, онымен қалайда жанжалдаспауға, ыңғайына көне салуға ұмтылатын. Осыған желіккен бұл өзін өзгелерден күшті сезініп, класта да, көшеде де аяғын алшақ басатын.
Осы мінезі тыңға онымен ере келді. Бұрын көрмеген, білмеген бейтаныс балалардың алдында иығын жоғары ұстап, бірінші күннен-ақ өз бойындағы өнерді таныта бастады. Әсіресе сүзеген бұқаға сескенбей қарсы жүргені балалар арасында жыр боп тарады. Мектеп есігін ашқанда кластағылардың бәріне мұның аты осылайша әбден белгілі болып біті енді... Оған кейбіреулер қызыға, кейбіреулері қаймыға қарап, қайткенде онымен жұғысуға, соның досы болуға құмартқан...
Сондай «даңқты» балаға қорқақ Едиктің қарсы келуі оқушылардың кейбіреулеріне өте ғажайып іс болып көрінді. Ал енді бірі мұны басқаша жорыды. Едик Рубиктің кім екенін білмей соқтықты... әйтпегенде қайдан оған қарсы тұрсын...
Білді ме, жоқ па, Едик, әйтеуір, ойлағанын айтып салды. Сонымен бірін-бірі жақсы білмейтін, алғашқы рет бас қосып отырған оқушылар коллективінде осы екі бала арасында кикілжің басталды. Бұл кикілжіңнің аяғы немен тынатынын болжап, Едикке жаны ашыған кейбіреулері:
— Сен онымен бекер байланыстын, тез татулас, әйтпесе, оңдырмайды, — дегенді ескертіп те үлгерді.
— Оңдырмағанда ол не істейді? — деп әңгімеге бір бүйірден кеп Коля килікті.
— Не істесін, мұрнын бұзады...
— Ой, оп-оңай бопты!..
— Оған оңай...
— Оңай, оңай!.. Кім сонша ол?.. — Коля Едикке бұрылды. — Қорықпа!..
— Қопаң, қопаң етесің, түрің мынау, сенің қолыңнан не келеді? — деп күлді әлгі бала Коляға.
— Айттым ғой, қорықпа, Едик! — деді Коля ана баланың сөзіне құлақ қоймағансып.
Едик үндемеді.
4
Руфик осы оқиғадан кейін Едикке ұрынып, шатақ іздеді. Ал Едик оған жуымай, айтқан сөздерін естімегенсіп, әдейі көңіл аудармады. Оның мұнысы өзгелерге анық сезілді. «Қорқып жүр» десті олар. Руфик Едиктің жалтаққа көшкенін көріп, оның иығына шығып алды. Ол сөйлей қалса бір килікпей етпейді. Жалғыз оған емес, өзіне бір ауыз қарсы сөз айтқандарды тықсырып, мүлде еркінсіп кетті. Бірімен бірі сырлас емес балалар өзара жалтақ-жалтақ қарасып, үндемейді. Руфик онан сайын желігіп, ойына келгенін істейді. Класқа келіп алып өзінің «өнерін» көрсетеді. Алға шығып жеңін түрініп, бұлшық еттерін ырғайды, еденге жата қалып, «қарлығаш» болады. Бір, екі, үш деп өзіне өзі команда беріп, парталардың арасында аяқты маршпен сарт-сарт басады. Кейде төбесімен жерге шаншылып аунап түседі. Мұнысына балалар күлсе, класс ішін одан сайын опыр-топыр етіп, тозаңды аспанға көтереді.
— Руфик, ат болшы.
— Руфик, машина болшы, — деген дауыстар әр тұстан шығып жатады.
Руфик заказды екі етпейді. Екі қолын жерге салып жіберіп, төрт аяқтап, ат болып кісінейді, машина болып «гудок» береді..
Мұғалім класс ішінде көтерілген тозаңға, аяғы сынған орындыққа кезігеді.
— Кім мұнша асыр салған?
Балалар жауап қатпайды.
— Неге үндемейсіңдер? Кезекші қайсың?
Желкесін қасып кезекші тұрады.
— Мына орындықты қиратқан кім?
Осы кезде төмен тұқиып тұрған кезекші баланын көз қыры Руфикты табады. Ол жұдырығын білейді, кезекшінің одан сайын үні өшеді.
— Неге үндемейсің? — дейді мұғалім.
— Мен көрмедім, — деп міңгірлейді кезекші.
Кешегі ескертуіне қарамастан, осы оқиға бүгін екінші рет қайталанған соң, мұғалім қатты ашуланды. Ол сабақ біткен соң балаларды алып қалып, тәртіп жөнінде әңгіме қозғады.
— Сендер басқа класқа үңіліп көрдіңдер ме?.. Олар тәртіп бұзбайды, орындық сындырмайды, сия төкпейді, тозаңды аспанға көтермейді. Неге біз солардай бола алмаймыз? Әлде біз олардан төменбіз бе? Әлде біз тәртіпті класс болғымыз келмей ме? Әлде біз... — деп мұғалім кідіріп, ойлана қарап қалды... — Қалай дейсіңдер, егер тілесек, біз тәртіпті де, үлгілі 303 де бола алар едік қой... Біздің арамызда бірен-саран тәртіп бұзатындар бар. Сол үшін бүкіл класс жаманатты болады. Неге біз бір тәртіпсіз үшін түгел жаманатты боламыз? Неге?.. Неге оны дереу тәртіпке шақырмаймыз? Неге оған жол береміз? Айтыңдаршы, жөн бе осынымыз? Класс намысы, коллектив намысы сендерді қалай мазаламайды?.. Соны ойладыңдар ма?..
Мұғалім осыны айтып, «қане, қалай деп ойлайсыңдар» дегендей балаларға қарады.
— Кәне, тәртіпті жақсартамыз ба?
— Жақсартамыз, жақсартамыз! — деп балалар жамырай шулады.
— Олай болса, тәртіп бұзатын кім? Соны талқыға салыңдар! Сөйлеңдер! Ұялтыңдар!..
Балалардың көз қиығы Едикті іздеді. Ол бір қозға.лып қойды да, қайтадан төмен бұқты. Әркімнің қимылын, бет құбылысын бағып отырған мұғалім:
— Иә, сен бірдеңе айтайын деп пе едің? — деп Едикке бұрылды.
Осы қайтер екен деп манадан аңдып отырған балалар Едикті көздерімен жей түсті. «Сол қорқақ не айтушы еді?» — деді бір бала жолдасына сыбырлап. «Батыр болсаң өзің неге айтпайсың» деді анау. «Ә, сен неге айтпайсың?» — деп біріне бірі қарсы дау айтысып екеуінің де үні өшті.
Руфик өзіне өзі сенімді еді. Едиктің айтуға жүрегі дауаламайтынына кәміл сенгендігі сонша, тіпті, оған қарап жұдырығын түйіп ескерту жасауды да артық көрді.
Едик ақырын орнынан тұрды. Осы шынымен бірдеңе айтқалы тұр ма дегендей, оқушылар енді бар ықласпен қызықтай қарады.
— Иә, иә, айта бер, айта бер! — деді мұғалім оны демеп.
— Мен мынаны айтамын...
Манадан бері жайбарақат отырған Руфик те енді сақтана қадалды.
— Біз бұдан былай тәртіпті боламыз. Ол үшін...
Ол тағы да тоқталды.
«Ал керек болса, саған, — деді әлгі бала сыбырлап, — айтпағанды енді көр!..»
Балалар Едиктің не дегелі келе жатқанына түсінгендей болды, оған іштей сүйсіне де бастады. Ақырын күңк етіп: «Жарайсың, қорқағым», — дегендер де табылды.
— Я, ол үшін, — деді мұғалім Едиктің аузына сөз салып.
— Ол үшін...
Руфиктен енді дегбір қашты. Нанарын да, нанбасын да білмей, аяқ астынан туған мына батылдық оның жүрегіне үрей салды.
— Ол үшін, — деп тағы қайталады Едик Руфик жаққа жалтақтап, — біз тату болуымыз керек...
Осыдан кейін оның орнына отырып жатқанын көріп балалар да күліп жіберді.
«Мұндай да жігерсіз бала болады екен ғой!»
Баста түнеріп, артынан оның жаумай тарқап кеткен бұлттай болғаны тіпті, шынында да, күлкілі хал еді. Коля орнынан ұшып тұрды:
— Мұғалім, бұл қорқақ, одан ештеңе сұрамаңыз... — ол Едикке бұрылды. — Неменеден қорқасың? Ұятсыз!.. Біздің кластың абыройын түсіруші анау, — деп, сұқ қолымен ол Руфикті нұсқады. — Мен сізге бұл туралы қазір түгел баяндаймын...
...Руфиктің мойнына су құйылды. Кіп-кішкентай Коля бұл жиынның соңында" балалардың көзіне алып болып көрінді. Бәрі де оны қоршап алды.
— Сен, Коля, қалай тайсалмадың, а?..
— Неменеден тайсаламын?
— Қой, қой. Шыныңды айт, титтей де именген жоқсың ба? — деді өзінің бір досы.
— Қызықсың, не деп именем. Мен сендерге сендім емес пе. Біз бәріміз бір тентекке қарсы тұра аламыз ғой. Сендер тұрғанда ол маған ұрынып көрсін?..
Оның мына сөзі Едикке қатты батты: «Қап, мен неге айтпадым екен? Расында да, бізге не істейтін еді?» — деп ойлады ол.
Амал қанша, кіп-кішкентай Коля құрлы болмағанына ол әрі ызаланды, әрі ұялды. «Әттең, енді бір сынға түсер ме едім», — деп кіжінді ол.
«Несі бар, сыналар талай кезең әлі алда. Сонда тағы көрерміз сені», — дегендей мұғалім күлкі мен ойлану араласып, күлімдеген ақылды көзін оған ұзақ қадады...
Декабрь, 1954.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі