10 сағат! Небәрі 10 сағат! Содан кейін мен жоқпын. Аттай тулап, көңілімді көкке өрлеткен ерке жүрегім соғуын мәңгі тоқтатады... Мен өлемін... Не деген жиіркенішті сөз еді? Құйқа тамырым шымырлап, өн бойым мұздап кетті ғой. Амал нешік, тағдыр солай, көнбеске лаж жоқ. Ерік менде болса мың жасауды да көпсінбес едім өзіме!..
Дариға, ашынған жүрек толқи жөнелді-ау! Бар денемді ой буып, құрыстап кеткенімді қарашы! Жоқ, бүйтіп жігерімді құм етіп, босқа жатқанша жазып, шерімді тарқатайын. Өлуіме әлі едәуір уақыт бар. Оған дейін ермегім болсын бұл.
Неден бастаймын? Жап-жаңа анталап тұрған қалың ойдың қолыма қарындаш алғанда қожырап қоя бергенін көрмейсің бе! Шіркін, жазушы - ай, қадірің осындайда көрінеді екен ғой сенің. Әттен жазушы болсам, көкірегімді жарып бара жатқан қат-қабат арманды ағытпас па едім өзіме!..
Кім жеңді? Ең алдымен аузыма осы сұрақ түседі. Бәсе, кім жеңді? Осыған бір ой жүгіртіп алу керек.
Айтшы, әділ жүрегім, кім жеңді? Мен жеңдім бе, әлде, менің жауым жеңді ме? Неге бөгелесін? Ұжданым сен жеңдің деп тұрған жоқ па?
Рас, мен өлгелі отырмын. Жауымның қолынан өлгелі отырмын. Бұл менің жеңілгенім бе? О, жоқ, атама! 28 батыр бауырым Москваның түбінде өздері өлсе де жауын жеңіп шыққаны қайда! «Олар менен өлердей қорқады, қорыққандықтан да мені өлтіреді. Ал ер жігітке бұдан артық не керек!» — деген жоқ па еді Войничтің бір кейіпкері, жау қолынан өліп бара жатып та тайсалмастан. Тауып айтылған сөз емес пе бұл! Жау зәресін аларлық қырғи болып тисе, өлсе де, жастығын ала жатса, ел-жұртының намысын ақтық минутына дейін адал сақтаса, одан артық не керек ер жігітке! Ендеше жеңгенім емес пе!
Уһ, көзім қарауытып кетті ғой! Жараларым тағы да сырқырай бастады. Төс сүйегіме не болған, ашып әкетіп барады ғой. Сұмдық! Азанғы азаптауда көкірегіме темірмен бес бұрышты жұлдыздың таңбасын күйдіріп басқан екен ғой иттер!
Манадан бері ұйып тыңдап отырған ана:
— Табанына шөгір кіргенде ауырсынатын қайран құлыным - ай, қайтып, қайтып қана шыдадың екен, етіңе темір қыздырып басқанда! — деп өксіп - өксіп жылап жіберді. Содан кейін көз жасын көйлегінің жеңімен тез сүртті де:
— Оқы, шырағым, оқи бер! — деді.
...Адамнан мықты не бар екен дүниеде! Ойлап отырсам, немістер мені ұстап алғалы үшінші күн болыпты бүгін. Содан бері көргенім ауыр азап. Дүре соқты, етіме темір қыздырып та басты, жарама түз бүркіп, инемен шабақтап та бақты... Не істемеді жау? Не көрмедім мен? Сонда да өлмей отырғаным мынау. Бәрінен де бұрын, қайран тісіме ішім удай ашиды! Қыздар: «Тісің әдемі - ау сенің» дегенде күлуші едім масаттанып. Сол әдемі тістің де жетеуін сындырды бұл сұмырайлар. Аузым қазір бір түрлі ерсі сияқтанып сезіледі. Илікпейді мүлде. Әттен, айна болып, бетімді бір қарар ма едім, мүмкін, шалдарға ұқсап, аузым опырайып қалған шығар. Түу, қай - қайдағы жоқ. ой түседі, енді бірер сағатта өлгелі отырып, тісті уайымдаймын. Өлген соңғы жерде бүтіні не, сынығы не оның... Шіркін-ай деймін, ой деген бір ғажап қой. Дәл қазір өзіме - өзім таңданып отырмын. Енді аз уақыттан кейін дарға асылатынымды жақсы біле тұрсам да, тіпті, өлемін деп ойламаймын. Іісі - дертім басқада, өмір қызығында. Неліктен бұлай, кім айтады мұның себебін маған? Осындайда жанында сырласар жолдасың болса... қайтейін, жоқ!
Қайран достарым Гриша мен Маша қайда екен? Отрядқа аман барды ма? Әлде, олар да қолға түсіп қалды ма? Жоқ, олар қолға түспейді. Кім білсін?.. Мен жамандығымнан қолға түсіппін бе? Екі жылға тарта партизан болған өмірімде 104 рет жауынгерлік тапсырма орындаған екенмін. Солардың бәрін де мүдірмей жүріп қапылыста мерт болып отырған жоқпын ба.
Жауынгер достарым, бауырларым, сағындым сендерді, әбден сағындым! Осы үш күнде үш жылдан бері көрмегендеймін. Бір ғана, бір ғана көрсем сендерді!
Бірді айтып бірге кетуімді қарашы. Не жазбақшы болып едім әлгіде? Ұмытып қалсам қайтесің! Мына қапаста енді екі - үш күн отырсам, ақылымнан алжасармын, тегі... Айтпақшы, кім жеңді деген сұрақ екен-ау менің ойымнан шықпай жатқан.
— Сен жеңдің дейді тағы ұжданым. Осынша азап көрсең де дұшпанға сырыңды бермедің, сыр алмай қоймаймын деп екіленген жау мұқады. Енді құтылғанша асық болып отыр сенен. Ар-намысты кеудеңе берік сақтап, бас имеген бойын өлім құшағына кіріп отырсын, мұның аты жеңген емей немене, отан солдаты!
Отан солдаты!.. Қандай тамаша қандай әсерлі сөз!..
Жеңдім бе, жеңілдім бе айту қиын! Жә, оған төреші болмаймын. Табылар оның төрешісі. Сол айтар кейін.
Көңіл шіркінге тән серік бола алмайтын ба еді мұндайда оны кім білген. Көңіл болса қияға талпынады, бар әлемді бір ғана құшағына сыйғызғысы келеді. Ал тән от болып жанып, минут сайын әлсіреп барады. Қарындаш ұстаған қолым да қалтырап, жазғысы келмейді. Басым айналып, көзім қарауыта береді.
Тағы да көзім бұлдырап, түк көрмей нетті... Әлдекімдер сөйлескендей болды. Аяқтың тықыры құлаққа шалынды. Жендеттер ғой тағы да азаптауға келе жатқан. Сау тамтығы қалмаған жаралы денеме тағы да әңгір таяқ ойнайды. Бәрінен де бұрын жазғызбай қоятыны жаман болды-ау! Бірер сағат азаптайды, одан кейін кемінде екі-үш сағат ессіз жатуым қақ. Сонымен, дарға асылатын уақыт жетеді!..
Жүрегім алып ұшып барады ғой, қуанам ба! Шын ба, дариға, шын ба, достарымның даусы естіледі ғой! Азат болам! Бұғалығың талқандалады, фашист! Жату қайда мұндайда, орнымнан ұшып тұрдым да, есік жаққа жүгірдім. Қызықты қараңыз, темір қақпа шалқасынан ашылды. Бірақ алдым толған жау. Достарымның даусы тек алыстан талып келіп естіледі. Мен соларға қарай ұмтыламын. Немістер кимелеп, жолымды кескестейді. Байламақ болып бас салды мені. Шынымен-ақ, өлгенім бе деп ойладым. Өкпем аузыма тығылса да бар күшімді жиып ілгері қарай жұлқындым. Осы кезде алдымнан көкке шаншылған найза тас тап бола қалды. Немістерден жан - дәрмен босанып шығып, төбесіне қарай өрмелей жөнелдім. Бір кезде ұшар басына шықтым. Қалай шықтым, неғып шықтым, өзім де білмеймін. Әйтеуір, биік құздың басында отырғанымды ғана байқаймын.
Дұшпандар шыңның етегіне жиналды. Бірнешеуі басына шықпақ болып өрмелеп көріп еді, табандары тайғанақтап қайта түсті. Бүйтіп ала алмасын білген соң пулеметтерін құрып жіберіп, мені оқтың астына алды. Бірақ, пулемет оғының шың басына жетпей, төмен соғып жатқанын байқадым. Немістер не істерін білмей, аласұрып, ерсілі-қарсылы жүріп сенделуде. Екі көздері менде. Телміріп қарайды. Мен күлемін.
— Жауыздар, шынның түбін тіміскілеңдер! Мені алуға өрелерің жетпейді. Көрмейсіңдер ме, сендер аласа да, мен түу биік тұрмын! — деп айқайлаймын.
Тауып айттым - ау өзім! Олар аласа, мен биікпін! Иә, мен биікпін!.. Неше түрлі ой келеді басыма. Неміс оғы жетпеген киелі шыңға қызыға қараймын. Қараған сайын өзіне тарта түседі мені ол. Таныс тәрізді. Міне қызық, манадан аңғармай тұрғаным Оқжетпес, атақты Оқжетпес қой өзіміздің?
— Ей, дұшпан, бұл Оқжетпес. Бұған сенің оғың жетпейді, — деп бар даусыммен айқай салдым.
Бір нәрсе күтір еткендей болды. Көзімді ашып жіберсем, жаралы сол қолымды астыма басып алыппын. Есеңгіреп қалғанымды енді білдім. Шіркін, қиял - ай, жүйріксің - ау! Қайда алып кеттің мені сүйрелеп? Туған жерім сұлу Көкшенің бауырына да жеткіздің - ау мені осы бір аз ғана минутта. О, дүние - ай, қайтадан, қайтадан бір көрсем-ау осы түсті. Жүйрік қиялым, жер жаннаты Көкшетауға жеткізші тағы бір. Тілдесейін Оқжетпес еркемен.
Оқжетпес! Сен менің ізгі анам едің, мен сенің балаң едім. Сенің бауырыңда еркін өмірде асыр салып өсіп едім жастайымнан!
Бақытты жастық шағымды еске түсірдің - ау, Оқжетпес. Сонау бір қызықты түн көз алдымда. Ай жарық еді. Болашақ жарыммен екеуіміз сенің шығыс жағыңда, Бурабай көлінің жағасында жастық сырын шертіп тұрдық. Тұңғыш рет сүйіскеніміз де тап сол түні, тап сол сенің етегіңде еді. Ұмытқам жоқ, кенет, артыма, сен жаққа қарадым бір кезде. Сен бізден көз алмай, күліп тұрған сияқтандың.
— Назым, Оқжетпеске қарашы. Адам сияқты. Алып адам сияқты, — дедім. Ол да мені қостап:
— Рас, адам сияқты екен, — деген еді.
Сол түн естен кетпестей болып жадымда қалды. Қазір де сол есіме түсті.
Ойдан ой туады. Анам, сүйген жарым, кішкентай бөбегім түсті есіме. Ай, дүние-ай, ойға түсірмей-ақ қоюым еді бұл жайды.
О ана, ғазиз ана! Білемін ғой, басқалардан да саған ауыр тиетінін бұл қазаның. Әжім түскен маңдайыңнан бір сүйе алмай кетті-ау жан балаң. Осы арман сенде де барын жақсы білемін, анажан. Мен майданға аттанарда көз жасынды парлатып:
— Мұратжан, келші, келші маңдайыңнан бір иіскейін, — деп төніп бір келдің-ау қасыма. Сенің сол кездегі кейпін мені де елжіретіп жібермеді ме. Қит етсе көзімнен жас ыршып кеткелі тұрғанын сездің бе екен сонда сен. Сезбеген боларсың. Сезетіндей сенде уақыт болды ма. Көзіме жас алуды өзім ар көріп және сені қатты егіліп жыламасын деп:
— Қой, неменесін сүйесін. Әлі-ақ қайтып келмейміз бе, — деп вагонға кіріп кеттім - ау. Көзің жаутаңдап вагонға телміре қарап, аянышты бір күймен тұрып қалғанын қатты батты жаныма. Осы ағаттығыма қатты өкіндім артынан. Басыма қиын - қыстау күндер туғанда ылғи есіме осы ой келетін болды менің.
— Неге, неге ғана ана мауқын басқызбадым! Өзім неге сүймедім! Осы ой мені көп қинады, осы ой мені қазір де қинап отыр. Қайран қарт анам, сені аяп, бір сені аяп еткен ісім еді бұл. Білдің бе екен оны? Әлде көңіліңде түйткіл болып қалды ма екен сол жолғым. Білсем шіркін! Білсем - ау сенің дәл сол минутта қандай ойда қалғаныңды. Айналайын анажан, кешір, құлыныңның ағаттық ісін!..
Манадан бері көз жасын мөлт-мөлт төгіп отырған ана осы араға келгенде шыдай алмай:
— Қайран, құлыным - ай! — деп даусын шығарып жіберді.
Менің көзім ананың көзіне түсті. Ауыр қайғы үстінде ана көзін аңғарғаным осы еді... Көкіректі жарған ауыр қайғы, теңіздей түпсіз терең қайғы аядай көздің аумағына сыйып тұрғанын көрдім - ау! Бәрін, бәрін де айқын баяндап тұрды жасқа толған екі көз. Көз, қайғылы ана көзі, бұдан аянышты не бар екен!..
— Оқы, оқи бер, шырағым, — деді ана әлден уақыттан кейін.
...Егіліп барамын ғой! Сабыр етуім керек. Қайтейін, ойламасқа шарам жоқ. Жас жарым қалып барады артымда, оны ойламай қалай тұра алармын. Онымен өткізген тәтті күндер, бақытты күндерді есіме қайтып алмаймын. Қолында қаршадай перзентім қалып барады. Оны қалай ойламаймын. Ойында түк жоқ, дәл осы минутта, екі анасының ортасында томпаңдап жүгіріп жүр-ау. Әкең қайда, байғұс бала? Қандай хәлде жатқанын білесің бе сен? Таныр ма едің көрсең? Танымас едің. Шошып кетер едің дәл қазіргі түрімнен.
Бәрін айт та бірін айт, қайран ана қайғысын айтсаңшы. Рас, балаға да, жарға да оңай тимейтінін білемін бұл қайғының. Қайғырар да, қамығар да, еске алып мені жылар да олар, бірақ жас қой. Жастықтың өзіне тән заңы бар. Күндердің күні болғанда ұмытар мен туралы қайғыны. Ал ана, ғазиз ана ұмыта алмайды баласын. Оның жүрегіне шемен болып қатқан қайғы мұзы ешқашан жібір ме. Ботасынан айрылған боз інгендей боздап, қайғының тұғырында сол ана қалады...
Тықыр естіледі. Өлім сағаты шынымен - ақ болып қалғаны ма! Асығу керек Талай нәрсе айтпақ болып қолыма қарындаш алып едім, түк айта алмаған сияқтымын.
Қош болыңдар, достарым, қадірлес құрбыларым, сендер туралы сырымды айта алмай барамын. Міне, тықыр таялып қалды. Немістің ағаш ұлтанды ботинкасының тарсылы анық естіле бастады. Төнді ажал... Жә, қайғы, менен аулақ кет! Кездейсоқта машинаның астына түсіп, бостан-бос өліп кеткен жан емеспін мен! Елім, жерім, халқым үшін жауға қарсы азаматша күресіп, азаматша қаза болып отырмын. Ұлы істің құрбаны болудың өзі ұлылық дер едім мен. Ендеше, өлгеніме өкінбеймін де! Кеудемді көкке көтеріп, ажалды сықақ етіп, жау алдында күліп тұрып өлемін!..
Бәріміз де үнсіз отырып қалдық. Әлден уақытта:
— Бір жамағайыңымыздың майданнан қайтқан баласы алып келді осы дәптерді. Оған біреу беріпті, — деп де, ана мұңды күймен батыс жаққа қарады. Біз де қарадық. Алтын күн қызыл нұрға малынып, әсем Көкшеге иек артып батып бара жатыр екен осы кезде. Ананың да, біздің де көзіміз күн нұрына шомылып тұрған Оқжетпеске түсті. Бер жағында көкпеңбек болып толқып Бурабай көлі жатты...
Ауыр ойға батқан қарт ана сол Оқжетпестен көз алмай:
— Қайғы ұмытылар, бірақ жаудың айуандығы, оған деген өшпенділік ешуақытта ұмытылмас! — деп күбірледі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі