Мен Сегізінші март пен Гоголь көшесінің түйіскен жеріндегі троллейбус кідірісіне келсем болды-ақ, бір танысым есіме түсе кетеді. Бұл жолы да соған кездесер ме екем деп ойлаймын да, әрдайым, тоқтай қалған үшінші троллейбустың терезесіне үңілемін. Кейде танысым, шынында, кездесіп қалады, кейде кездеспей, сол троллейбуспен кете барам.
Бұл адаммен таныстығымның өзі қызық: біріміз танығанмен, екіншіміз танымаймыз. Танитын — мен де, танымайтын ол. Бұған оны кінәлау да мағнасыз. Өйткені, қызмет бабының өзі солай. Жалғыз мен ғана емес, онымен күнде талай адам дидарласады, талай адам тіл қатысады. Әр кідірісте біреу кетіп жатса, біреу троллейбусқа кіріп жатады. Оған солардың бәрін есіңде сақтай бермедің деп өкпелеудің өзі күлкі...
Шынымды айтсам, осы танысымның атын да білмеймін. Ал енді, былайша жақсы танитыныма, білетіндігіме мақтана аламын. Мейлі онымен бірнеше жыл өткеннен кейін кездесе-ақ қояйын, сонда да еш қателіксіз жаза баспай таныр едім деп ойлаймын. Мінезі, ісі, тіпті барлық кескіні де көңілімде сайрап тұр. Сопақшалау ақсары беті мен сәл сүйірлеу келген иегі де, аса қалыңда яки тым жұқа да емес, қаны мол, сөлді еріні де, күлімсіресе -ақ екі танауы желпілдеп қоя беретін тұрықсыз жатаған мұрны да, кең дөң маңдайының көз үстіндегі жарқабағында жарты ай тәрізденіп иіле жатқан жіңішке бозғылдау қастары да, шәлінің шетінен кекілдігіне шығып тұратын өзі майда, қалың ақ сарғыш шаштары да көз алдымда. Әсіресе, «Қай жерге барасыз? Неше билет аласыз?» деп әрі сыпайы, әрі жұғысымды ашық мінезбен, ақжарқындықты, сонымен бірге жастық албырттықтан әлі арылып болмаған өзімсінуден туатын келісті бір еркелікті аңғартып қадала қалатын нұрлы, мөлдір, көкшіл көздері ұмытылмайды.
Сіздің көңіліңізде ол ақсаусақ сұлу сипатында қалмайды. Өзін әдейі сүйкімді, қылықты көрсетейін деген шолжақай, ұшқалақ ниет онда атымен болмайды. Ол түрге көрікті де емес. Сырт келбет, пішін сұлулығын аңсамайтыны да бірден сезіліп тұрады.
Ол еңбек адамы. Ал, еңбек адамының кісіні өзіне тартатын бір ғажап ерекшелігі болады. Мұны шүу дегенде аңғара да бермейсің... Дегенмен, сайып келгенде, еңбек адамымен ұғысу да, сырласу да оңай орайласатыны анық. Сонан соң оны қадірлей бастаймыз. Сол үшін оған құрметпен қарайсыз.
Бұл адаммен таныстығым көптен келе жатса да, оған үңіле назар аударуым осы соңғы күндерден ғана басталды. Ізеттілігімен, сыпайыгершілігімен, еңбек сүйгіштігімен сүйсіндіріп жүрген осы қарапайым танысыма бұлайша үңілуіме таяуда, Гоголь мен 8-март көшесінің бұрышындағы троллейбус кідірісінде өзінің бір оқыс мінез көрсеткені себеп болды. Алғашқыда бұл қадірлі танысыммен сөзге де келіп қала жаздадым. Дес бергенде, бір әйел суырылып шыға кеткені бар емес пе. «Біреу сөзіңді сөйлеп жатса, аузын қышып бара ма» деген оймен кезекті соған беріп, үндемей қалғаным ғой. Әйтпесе, қолайсыз халге душар болады екем.
Мұның бәрі бір тентек баланың ылаңынан туып кетті. Тоқтай қалған троллейбусқа үлкендермен қабаттаса, сегіз-тоғыздар шамасындағы бір жылмаң қаққан бала да ішке кірді. Ішке кірді де, алдынғы жақтағы адамдарға билет беріп жатқан кондуктордан көзін алмастан келіп, бір мосқал әйелдің тасасына жып етіп тұра қойды. Оның қалайда кондуктордың көзіне түспеудің амалын іздеп тұрғаны бірден сезілді. Әйел қалай қарай бұрылса да, соны қалқалап, ілгері қарай аяғын баспай жабысуының өзі-ақ бұл баланың сырын әшкерелеп берді. Сөйтіп тұрғанда кондуктор танысым оның қасына келді.
— Бала, қасында кімің бар?
— Апам бар, — деді бала кондукторға тура қарамай көзін одан алып қашып.
— Кәне апан?
Бала жанындағы әйелге бір бұрылды да, оның жүзінен пәлендей жылылық көрмеген соң әңгімені ұзақ сонарға салды.
— Мен қазір түсемін. Билетім де бар...
— Көрсет билетіңді!..
Парықсыз, сотқарлау балада болатын әдетке басып, ол тұрған орнында дамылсыз тенселіп ыржақтай бастады.
— Тұрма, дереу түс!
Ыржақтаудан ештеңе шықпай бара жатқан соң бала жалынышты пішін білдіріп, ішке кіре сөйледі:
— Апатай, сабақтан қалып қоямын ғой...
— Ой, окушы болмай кет!..
Кондуктордың қоқанлоққысы осымен біткен шығар деп ойлаған болу керек бала, сөз жарыстырмай үндемей құтылайынның тәсіліне көшті. Бірақ мұнымен де құтыла алмады. Кондуктор алғашқыдай емес, ашу шақырып тепсіне түсті.
— Үлкенді алдауды, бейбастақ болуды кім үйретті саған? Шық, шапшаң!
Менің білуімше танысымның темірі жұмсақ адам секілденуші еді. Соған қарап, баланы әшейін қорқытып тұр ғой, түсіре қоймас деп тұрған болатынмын. Ойымның теріс жорамал екеніне көзім енді ғана жеткендей болды. Ашу дегенді білмейтін, өте мейірімді адам боларсың-ау деп шамалаған танысым, соның бәрін былай қалдырып, күтпеген жерден қатыгез боп шыға келгені көңілімді суытып тастады. Оның үстіне сабақтан қаламын деген балаға жаным да ашып кетті. «Келесі кідіріске дейін троллебустың бірдеңесі кете ме, түсіріп қайтесіз» дегенді айтпақ болып оқтала беріп ем, балаға арашашы болып әлгі егде әйел шыға келді.
— Билет алу керек болса мен-ақ төлейін, қозғамай-ақ қойшы, — деп кондукторға ақша ұсынды ол.
Кондуктор оған бұрылған да, сөзіне құлақ та қойған жоқ, жүре бастаған троллейбусты тоқтаттырды да, баланы қолынан жетелеп түсіріп жіберді.
— Ендігәрі өтірік айтушы болма!..
— Үлкен адамды мұқаттың-ау, өзің! — деді әлгі әйел кекете сөйлеп.
— «Ар-намыс жастан» деген, біздің орыс халқы. Бұл оған ұмытылмас сабақ болады.
— Орыстығыңды көре алмай тұрмыз-ау, қымбаттым.
— Я, мұнымен не айтқыңыз келеді?
— Ақ пейіл ұлы халқымның ұлттық қасиеті бұлай болмаушы еді... Міне, соны айтқым келеді.
— Оһо, сіз қатты кеттіңіз. Байқаңқырап сөйлеуіңізді сұраймын.
— Балаға деген мейірім қайда кеткен? Не деген тас бауырлық?.. Неге кіп-кішкентай баланы түсіріп кетесің?.. Жап-жас басына ұят емес пе?!.
Әйелдің мына сөзіне мен де, менің қасымда отырған басқалар да сүйсіне түстік. «Сезімсіздік қой кондуктордың мұнысы» деп бір әйелдер өзара күңкілдесіп те алды. Тіпті, үндемей отырғандардың өздері де кондукторға тесіле қарап, троллейбус ішін үлкен бір наразылық билеп әкеткендей болып кетті. Ал, кондуктор болса, осының бәрін елемегендей, ешбір қобалжымастан, салмақпен жайлап басып, егде әйелдің қасына барды.
— Сіз маған өсиет айтпай-ақ қойыңыз. Баланы мен сізден кем жақсы көрмейтін болармын...
— Дәл осыныңа күмәнім бар, — деді мосқал әйел басын шайқап.
— Мына кісі дұрыс айтады. Тым қатал екенсің, қызым, — деді мосқал әйелдің оң жағында отырған бір кемпір де сөзге араласып.
— Дұрыс, дұрыс, — десті тағы біреулер.
— Мен, немене, ана емес дейсіздер ме?
Бұл сөзді ол миығынан күле айтып тұрған тәрізденді. Өзіне сөз батпайтын арсыз адамша, бүйтіп күліп тұрған реңі маған әбден-ақ ұнамады.
— Мұндай ана болғаннан да, болмағанын жақсы-ақ дер едім, — деді егде әйел де оны іліп-шалуға ашына кіріскенін аңғартып.
— Сіз алдымен мені бір тыңдасаңызшы...
Енді менің арт жағымда отырған бір әйел қызып, кондуктор сөзін аяқтатпай бөліп ала жөнелді.
— Тілде сүйек жоқ. Оны баяғыдан білеміз. Ал, бірақ жөн сөзге құлақ аспау арсыздық болады...
Кондуктор танысымның мына сөз шымбайына батып кетті білем, жаңа кірген бір адамдарға билет бере салды да:
— Кісіні сөгу үшін де кімнің оң, кімнің терісіне көзді әуелі жеткізіп алу керек қой, — деді қабақ түйіп, — Мен сіздерше, баланы жек көргендіктен түсірді деп ойлайсыздар ма?
Түсуге әзірленіп, есікке беттеген егде әйел осы не айтар екен дегендей, артына бұрыла, кондуктордың аузына қарады...
— Менің бар міндегім троллейбусқа отырған жұрттан ақша жию ғана болса, өзімді өмірден алар еш үлесі жоқ, адамның ең қорымын деп есептер едім...
Оның мына сөзіне бәріміз де ойланып қалдық. «Иә, иә айта бер» дегендей аузына қарадық.
— ...Қызметім, мүмкін, кіші болар, тіпті елеусіз-ақ шығар. Бәрібір, коғам қызметіндегі адам екендігіме дау айтпассыздар. Ендеше, өзіміздің қоғамға оның жас буынын тәрбиелеуге менің де тікелей қатысым бар... (Ол егде әйелге қарады). Сіз сияқты бүгінгіні емес, баланың ертеңін ойлағаным үшін бәрімізден сөз естіп жатырмын... Бүгін көңіліне қарап түсірмесем, ертең де ол сонысын қайталайды; сүйте-сүйте жаман әдетке үйренеді... Біздер мұны жұмыс бабында көріп те жүрміз... Егер мұным қате десеңіздер, онда кешірерсіздер...
— Жоқ, мұның өте дұрыс! — деп қостап кетті біреу.
— Бұл нағыз тәрбиешінің ісі! — деді екінші бір адам.
— Қалай десеңіздер, олай деңіздер, баланы түсірмей-ақ қоюға болатын еді ғой, — деді үшінші біреулер.
Егде әйел бұлардың ешқайсысына үн қоспастан, троллейбус тоқтасымен асығыс түсіп кетті. Тегінде, кондуктормен ол іштей келісіп кеткен тәрізді. Ал, мені бұлардың қайсысынікі дұрыс, қайсысынікі теріс деген сұрақтан гөрі, ұрпағымыз үшін екі түрлі ырғақпен қызу соққан аналар жүрегінің ағыны көбірек қызықтырды. Осының өзінде, біздің адамдардың өзімізге таныс шынайы жан құбылысының бір толқыны жатыр-ау!..
Кондуктор танысыма көбірек зер салатыным да, міне, содан басталды. 3-троллейбустан оны әлдеқалай кездестіре қалсам: «Жаңа, менің қоғамшыл қарапайым танысым» дегім келеді де тұрады.
Январь, 1952.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі