Сапарға Жарқынның ызасы жаман өтті. Түнеугі бір жанжалдан кейін мұның иығына шығып алды. Бұл да дес бермей, қаншама бой теңестік жасап бақса да, қиюы келмей, амалсыз «жіңішкеріп» барады. Оның сағын сындырарлық күш таппайды. Ал Жарқын болса, кез келген сәтте мұны мұқатуына мүмкіндігі бар: қит етсе, жаман оқитыныңды бетіне басады. Не істейсің!.. Тегімде бүйте беретін болса, өзінің бүкіл кластың соңында қалып, бедел біткеннен жұрдай болатыны ақиқаттай сезіледі. Жоқ, бұлай мүсәпір күйде қалуға болмайды. Жарқынды қалайда иығына шығармауы, өзінің бір кездегідей қайта «дәуірлеуі» керек. Қайтып?
Сапарды бұл сұрақ көп ойландырды. Жұдырық көрсетуден, қоқанлоқыдан ештеңе өнбеді. Жарқынмен арадағы жанжал үшін қайта барлық бала мұны күстаналап, ақыры өзі босқа жаманатты болды.
«Бұл Жарқын осынша неге беделді?»-деп ойлайды ол. Онымен қай бала болса да санасады, оның сөзіне ешқайсысы құлақ аспай кетпеді. Ал бұған?.. Бұл күн озған сайын оқшау қалып бара жатқан тәрізденеді. Бұл неліктен? Жарқын жақсы оқиды, бұл жаман оқиды, содан ба? Мүмкін. Олай болса, бұған неге жақсы оқымасқа? Жарқыннан мұның несі кем? Бұл ой оны мүдіртіп тастады, әлдеқандай ыңғайсыздық та пайда болды. Бәсе, неге бүкіл класта алға шықпасқа? Сонда, сонда Жарқын сияқтылар келеке етпек түгіл, мұның алдында жымдай болып жүрер еді, бұған қарсы ешбірі аузын да аша алмас еді. Мына қорлықты қарашы!..
Не істеу керек сонымен? Құр егестен ештеңе өнбейді. Тым құрыса, мұны жақтайтын біреулер болса екен-ау. Неге мұны жақтамайды? Неге мұнда серік аз? Сол серік дегендер көбейер ме еді, шіркін? Ол бос қиял ғой. Мына қалпында дәл қазір мұны кім қадірлемек? Соңына «сотқар» деген шала байлап алды. Тәртіп бұзсын, бұзбасын, бұл араласқан жерде бір шатақ шықса-ақ, алдымен осы жазықты. Бүйтіп жүріп кімнің сағын сындырып, кімге қадірлі бола алмақ?..
Сапар кәдімгідей жуасыды. Жолдастарының ыңғайына жығылуға, қыбын тауып солармен араласуға ниет қойды. Олардың және мұғалімдердің алдында өнегелі іспен көзге түсуді, реті келсе, Жарқынның алдын орайтындай дәрежеге жетуді, сөйтіп барлық назарды ойламаған жерде өзіне аударсам-ау деп қиялдады.
Бұл мақсатына жетудің әзірге бір ғана жолы бар сияқтанды. Өзгелер ойламаған бір ғажайып іс істеп, бірден бүкіл класс назарын өзіне аударуы қажет. Қандай керемет көрсетуге болады? Барлық сабақты бес саусақтай біліп алып, барлық класты аузына қаратса ғой. Жоқ, бұл бірден бола қоймайды. Оған көп уақыт керек. Ендеше басқа қандай жол бар?
Мұндай жолды ол жас мичуриншілдік істеп тапқандай болды. Үйірменің алғашқы сабақтары, үйге берілген тапсырмалар оған бір қызықты жайларды аңғартып, сыры мол, тамаша бір игі істерге душар етті. Міне, бұдан бірдеңелерді ойлап шығаруға болады...
Үйірме мүшелері үшін мынадай бір тәртіп белгіленген еді: әр оқушы өзі қалаған салада жұмыс жүргізіп, мәдени өсімдік дүниесінен тәжірибе жасайды, осы тәжірибесін аяқтаған соң, қандай нәтижеге жеткенін үйірме мүшелері алдында баяндайды, қорытады.
Бұл сырт көзге болымсыз іс сияқтанса да, шындығында, көп еңбекті, тапқырлықты, зейінділікті, төзімділікті, ұқыптылықты тілейтін әрі қызықты, әрі жауапты жұмыс еді. Өйткені өсімдікті еккен сағаттан бастап оны баптау, күту, күн сайын бірнеше рет бақылау, көрген, сезген құбылыстарды бұлжытпай жазып отыру қажет болар еді. Өйтпейінше өсімдіктің сырын білу, жаңалық ашу мүмкін де болмас еді.
Айтайық, бір балалар күздік тұқымды яровизациялаумен шұғылданды. Олар бұл жұмысты әртүрлі мерзіммен жүргізіп, яровизацияның күнін азайта бермек. Осы түрлі мерзімде яровизацияланған тұқымның өсуін, өнуін бақылайды, өздері аңғарған құбылыстарды ілгергі уақытта сабақ ете отырып, кейін, көктемгі егісте жаңағы яровизациядан әртүрлі мерзімде өткізген тұқымдарын өз алдына бөлек-бөлек егетін болады. Осы жолмен жыл сайын яровизациялаудың мерзімін азайта отырып, күздік бидайды біржола жаздыққа айналдырады.
Сапар да, міне, осы күздік бидайды яровизациялауды, бірте-бірте мұны жаздық бидайға айналдыруды өз үлесіне алған. Бұл іске алғашқыда жалпы дүрмекпен әшейін араласа салса, кейін мұғалиманың, колхоз агрономының бұл жайындағы ғылыми қызық әңгімелерін, бұрын жасалған тәжірибелерді естіп едәуір еліге бастаған. Содан өз қолымен тәжірибе жасауға кіріскен соң, әуестігі бұрынғысынан да артып, нағыз қызық жұмысқа жаңа кенелгендей болған.
Осының аяғы «жаңалық ашамын» деген ізгі ниетке әкелді. Бұл іске тынымсыз бір қызығу пайда болып, тәжірибесіне құлай берілді. Ол дамыл таппады. Солтүстіктің қатты қысып бос өткізбей, яровизацияны бастады. Сөйтіп қолы бос уақытының бәрін «егісіне» арнады. Оның жұмысы әрі асығыс, әрі дабырасыз жүргізілді. Күтпеген жерде мұғалима болжағаннан да әрі сілтейін, бүкіл класты ғажайып бір жайлармен таңдандырайын деп құлшынды. Ол балалармен араласуды да азайтты. Олармен тәжірибе жайында әңгіме қозғамауға, олар барда бұл жұмыстың тіпті маңына жуымауға тырысты. Өз ісін де ешкімге көрсетпеді. Кейін бұл ашқан жаңалыққа ортақтасып, Жарқын сияқты мақтаншақтар-«мен ақыл бергем» демеуі үшін, ие көрсе де, өз бетімен көруді, өз ақылымен болуды мақұл санады.
Осы ойы өзіне қатты ұнады. «Топ алдында үнсіз келіп бірақ жарқ етейін. Көрсін содан кейін менің өнерімді».
Оның бірінші ашқан «жаңалығы» яровизацияның мерзімін бірден-ақ мейлінше азайтудан басталды. Мұғалима айтқандай 50-55 күн, немесе содан біртіндеп кеміте беруді ол есептеп шығарды. Ең нағыз қысқа мерзімді қалап алды да, арғы мерзімді 40-45-тен бастап, соңын 20-25 күнге бір-ақ жеткізді. Сонымен әртүрлі мерзімде яровизацияланған күздік бидайды горшоктарға толтырды. Бұл горшоктар кішкентай екі бөлменің терезелері алдын самсап алып кетті.
Уақыт өтіп жатты. Алғашқы еккен дәндері ептеп көктеп, шыға да бастады. Бірақ бұл көктеуден ештеңе енбеді, тек өскені болмаса, көктеп шыққан «егіні» бас алмады. Мұны өріп қатты мазасызданған Сапар жатып та, тұрып та бақылады, сонда да өзгерісті көре алмады. Бұл қалай? Ол яровизацияланбаған дән егілген горшокқа үңілді. Ол да көктеген. Яровизацияланған тұқымнан өнісі тіпті бір де кем емес. Мә, саған! Яровизацияланғанымыздың артықшылығы қайда? Ол неге көзге түспейді?
Көңілі соңғы күндері едәуір өсіп, үлкен үмітпен іштей мәз болып жүрген Сапарға мына оқиға ауыр тиді. Ерінбей-жалықпай, адал-ақ еңбек сіңірді. Бар білгенін, бар өнерін аямады. Бірақ, не пайда, соның бәрі зая кетті. Жарқын сияқты білгіштердің: «күтпеген, бақыламаған, қайтып жеміс көрсін...» деп табалай шыға келетініне ғой сөз жоқ. Тіпті, сайып келгенде, ол да ештеңе емес-ау, бәрінен де ылғи артта қала берген жаман-ау. Қашан бұл да жұрт қатарына қосылар екен?
Сапар сәтсіздіктің себебін іздеді. Мұғалима айтқан ережеден ауыт кеткен жерім болды ма деп бір сәт соған ой жіберді. Жоқ, ондай ештеңе болмаған сияқты. Дәнді мұғалиманың сол өзі көрсеткендей: бір тәулік бойы суға салып қойды, ол әбден ісінген соң алды да, бірнеше сағат бойы жылы үйде сақтады, Осылай ету керек пе еді? Керек еді. Демек, бұл тұста ешқандай ағаттық болмағаны анық. Содан кейін ше? Содан кейінде ереже берік сақталды: әлгі дәндері бірнеше күн бойы қар астында яровизацияланып жатты. Мұны да ол ұмытпай, күнін дұрыс есептеп жүрді. Рас, дәнді қысқа мерзімді уақытпен яровизациялады, мұндай жаңалық кіргізбесе, несіне тәжірибе жасайды.
Содан бері тынбай бақылап келеді. Яровизацияланған да, яровизацияланбаған да дәндер көктеп өскен бойымен қалды, Әрине, соңғысынікі заңды. Ол бірінші сатыдан-яровиза-циялау сатысынан өткен жоқ. Сондықтан өсуге, бас алуға тиіс емес. Ал бұл сатыдан өткен алғашқы горшоктағы дәндердің өспеуі түсініксіз-ақ. Өзі білетін өнері жұмсалып бітіп, оның қолдан келетін барлық айла-амалы таусылған тәрізденді. Оған енді әлдеқандай бір өкініш пайда болды. Неменеге бөлектеніп өзіммен өзім болдым екен,-деп ойлады ол, -түу баста-ақ балаларға барып, олардың жұмысын көріп, ақылдасып жүргізетін іс қой бұл... жекеленсең-ақ көретін күнің осы...
Ертеңгі күні барлық бала тәжірибенің алғашқы бір сатысын қорытады, түйіндейді. Содан соң екінші сатыға, нағыз қызық іске-көктемгі егіске әзірлік жасаудың тікелей қамына кіріседі. Өз қолдарымен яровизацияланған күздік бидайды, өз қолдарымен мектеп участогіне егеді. Ал бұл ше? Бұл алғашқы болымсыз тәжірибеден құлады. Бұған енді ондай жұмысты кім сеніп тапсырады: «Баймұратов, тағы да тасбақаға отырып қалдың ба?» деп Жарқындар жар салып шулайды. Ойпыр-ай, бұдан артық қорлық бар ма?..
Сапар шыдап отыра алмады. Оқыс бұрылып, тысқа қарай беттеді. Бірақ, табалдырықтан аттай беріп тұрып қалды. Қарсы алдынан ботаника мұғалімі Бануға кездесті.
— Иә, Сапар, қайда беттедің?
— Ешқайда да емес, — деп міңгірледі Сапар.
— Мен сені жолыңнан қалдырғам жоқ па?
— Жоқ, апай.
Бану өз класында оқитын балалардың үйінде болып, олардың ата-аналарымен, туған туысқандарымен әрдайым сөйлесіп отыратын. Сол әдетімен Баймұраттың пәтеріне де бір-екі рет келіп кеткені бар-ды. Соңғы келгенде Сапар үйде болмаған. Ал, бірақ, үйіне сирек барғанымен, мұғалима Сапардың өзімен жиі ұшырасатын. Аптасына бір рет оған және сабақты нашар оқитын сол тәріздес, тағы екі-үш балаға мектептің бос уақытта, бір бөлмесінде отырып алып сабақ үйрететін. Мұғалімді сол белгілі күнде мектепте көруге үйренгендіктен бе, Сапар оның мына келісіне бір жағынан таңдана, екінші жағынан сезіктене қарап, ашылып сөйлесе алмай, сақтанған түрде аңыра берді.
Ал, шындығында, Бануда ешқандай бөтен ой жоқ-ты. Сапар үй тұрмысында қалай екен? Сабаққа дайындала ма, дайындалса қалай дайындалады екен? Басқа не істейді? Немен шұғылданады? — Міне, осы сияқты жайларды ғана білуге келген-ді.
— Неге көңілсізсің? — деп сұрады, Сапардың абыржығанын сезген ол.
— Жай...
Бану терезе алдына барды.
— Мынау не нәрсе? — деді Сапарға горшоктарды көрсетіп.
— Бидай ғой, апай.
— Не бидай?
— Күздік бидай.
— Яровизацияламай еккенбісің?
— Екеуі де бар, апай.
— Қалайша? — деді Бану таңданып. — Сен бұл жұмыспен шұғылданғаныңа қанша болды?.. Қайда жүріп яровизациялайсың?
— Мен қысқа мерзіммен яровизацияладым, апай.
— Оның қате болған, Сапар. Яровизация мерзімін бірден мұнша азайтқан соң не шығады. Тосын жағдайға тірі организм бірден көндіге қоя ма... Бұл ұзақ мерзімнің жылдардың жұмысы ғой...
Сапар төмен қарады.
— Тіпті толық яровизациядан өткенде де мына қалыпта, мына жағдайда күздік бидай бәрібір бас алмас еді, — деді Бану әуелі терезеге, содан соң үй ішіне жағалай көз жүгіртіп шығып.
— Неге, апай?
— Қазір күн сондай қысқа, ал үйің болса аласа, қаракөлеңке. Демек, өсімдікке жарық жетпейді. Ал жарық болмаған жағдайда өсімдік бой жаза алмайтынын білесің ғой. Міне, осы жағын ойлауың қажет. Сен көрдің бе, Жарқын не істеген? Ол арнаулы жарық бөлме әзірлеген... Оның үстіне электр жарығын қоса түсіріп тұрады. Бөлме әзірлемегеннен саған да солай етуге, өсімдікке еселеп шам жарығын түсіруге болар еді...
Тағы да Жарқын? Қайда барса да, соңынан бір қалмайды. Өзі, өзі жүрмесе, жұрт аузында аты жүреді. Қайтсе, одан құлағы тыныш болады?! Қашан ол бұған үлгі болудан қалып, бұл да сондай халге жетеді? Қашан? Қашан?!
Шәкірттің не ойлап тұрғанын сезгендей, Бану оны күлімсірей арқасынан қағып:
— Оқа емес, Сапар, — деді жұбатып, — сен өкінбе, уақыт әлі жетеді. Яровизациялауды қайта баста. Бірақ, өзіңше кетпей, мен айтқандай етіп баста... және не істесең де, жолдастарыңмен ақылдасып істе, өзім де көмектесіп тұрамын. Жақсы ма?..
— Жақсы, — деді Сапар.
Сол күннен бастап егіске Сапар бұрынғысынан басқаша әзірленді...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі