Тамаша жазған екі талдауды басқа талдаулардан сұрыптап алып емтихан комиссиясы өзара пікір алысты.
— Қандай сауатты, қандай жақсы жазылған! — деді комиссия мүшесі, аудандық оқу бөлімінің қызметкері Табынов.
— Бұл ағайынды екеуі біздің мектептің мақтанышы 42- жылдан үздік оқып келеді, — деді директор мұртынан күліп.
— Қалайша ағайынды болады? Бірі Есенов, екіншісі Давыдов... Бұл қалай? — деп сұрады Табынов.
Директор Табыновтың жүзіне біраз тесіле қарап отырды да, бір әңгімелерді баяндауға кірісті.
...1942 жылдың жазы еді. Ол онда осындағы бір балалар үйінің директоры болатын. Жау қолында қалған, қаза тапқан бауырлардың балалары күнбе-күн балалар үйіне келіп жатты.
Бір күні жанында он бір-он екілер шамасында баласы бар, егде тартқан бір жеңгей балалар үйіне келе қалды.
— Ерім, үлкен балам майданда еді. Мына кенжеме бір серік керек болды. Тәрбиеме бір бала алайын деп едім, — деді ол директорға.
— Егер шын балаңыздай көретін болсаңыз...
— Сеніңіз маған!..
Бұдан кейін директор ананың тұрмысымен, жалпы хал - жайымен ұзақ танысты.
...Кең аулада ойнап жүрген балалардың ішінен таяуда ғана келген сарғыл жүзді, қағылез бала басқалардан бөлініп шығып ,олардың жанына келді, ол Оразға:
— Сен де осында келдің бе? Екеуміз дос болайық, — деді көзі жаутаңдап.
Ораз да тез шүйіркелесіп.
— Атын кім сенің? — деді.
— Боря.
— Боря жақсы бала, солай емес пе, апа? — деді ол анасына бұрылып.
— Иә, қалқам, жақсы бала.
— Боря, сен біздікіне барасың ба?
— Не үшін?
— Дос болу үшін.
— Барамыз. Ал, сенде қызық кітаптар бар ма?
— Бар.
Боря мен Ораздың достығы осы күннен басталды. Олар бірге тұрды, бірге жүрді, бірге оқыды.
Айтпақшы, оқуға түсер күні мынадай бір оқиға болды. Боря, күнде жарқылдап, асыр салып жүретін ерке Боря, ертеңгі ұйқыдан маужырап оянды. Көзі жасаурап әлденеге мұңайған сияқтанды.
— Боря, ә, Боря, неге мұңаясың ә? — деді Ораз досының үстіне түсіп.
— Мен түнде түсімде жау өлтірген мамамды көрдім. Дұшпандар мамамды азаптап, өзімді қорқытты. Мен қаштым. «Бәрібір жетемін, өлесің» деп бір еңгезердей сары неміс соңыма түсіп, қуып берді. Жаңа ұстай бергенде, оянып кеттім.
Осы кезде асүйде тамақ әзірлеп жүрген жеңгей келіп сөзге араласты.
— Боряжан, қорқынышты ойлама. Жау шеңгелі енді саған жетпейді. Өмірің өксімейді. Мен сенің екінші мамаң. Білдің бе? Ертең сабаққа барасың, үзілген оқуды қайта бастайсың, білімді жігіт боласың әлі.
Боря орнынан тұрып, жадырап ойнап кетті.
Содан бері екі ұлан бір класта оқып келеді. Міне, енді олар жігіт болған. Орта мектепті бітіргелі отыр. Бітіргенде «Алтын жұлдызбен» бітіргелі отыр. Балдай тәтті екі достың алдында кең жол жатыр. Білімнің асқар шыңына құлаш ұрады. Қандай қызық нәрсе!..
Екі достың жайын баяндап болған директор, орнынан тұрып, терезе алдына барды. Содан соң сыртқа көз тастап:
— Қараңдаршы көшеге! — деді бойын әрі мейірімді, әрі мақтаныш аталық бір сезім билеп.
Комиссия мүшелері сыртқа үңілді. Дәптерлерін қолтықтарына қысып, қаздай тізіліп, жас ұландар үйлеріне қайтып бара жатты. Сол шат ұрпақтың ортасында Боря мен Ораз да кетіп бара жатты. Директорға, оның қызметтес жолдастарына олардың бұл бет алысы — алысқа, асқарға, жаңа тілекке қадам ұрған сияқтанып көрінді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі