— Жоқ, бәрібір, сізге бұл баланың атын айтпаймын, — деді аға вожатый күлімсіреп.
— Неге?
— Сол, айтпаймын... себебі бар...
— Ал, жақсы, атын сұрамайық, тек әңгімеңізді тоқтата көрмеңіз...
— Мен мұнда сентябрьдің үші күні келдім. Сабақ бізде бесі күні басталды. Жә, ол өз алдына... Сізге әлгі бала жөніндегі әңгімені айтуым керек қой. Иә, ол былай... Күз түсіп, күн суытуы мұң екен, биыл ғана ірге тепкен жаңа совхозда үй тапшылығы бұрынғыдан бетер қатты сезіліп, арқаға ызғар білінді. Алғашқы бетте әзірше паналай тұруға арналған жер үйлер іші сызданып, мүлде көңілсіз тартты. Бұл жағдай совхоз басшыларының, құрылысшылардың жанын жеп, жұрттың көбі ұйқыдан безді де, негізгі күш құрылыс жұмысына төгілді. Мынау күндіз, мынау түн деген ұғым уақытша естен шықты. Жұмыстың қауырт жүргізілгенін мынадан біліңіз: кәдімгі екі, төрт пәтерлік құрама ағаш үйлер үш-төрт күнде бітіп, сапқа қосылып жатты.
Түу баста жап-жазық далада пайда болған қалашықтың күн сайын дерлік іргесі созыла түсіп, алғашқы орнынан алыстап кеткеніне, әдемі - әдемі үйлері бар түп-түзу көшелер туғанына сүйсіне қарап қуансақ та, тез қаулап ескен тұрғындардың мүддесін өтеу оңай болмады. Баласыз бірнеше семья, жас жігіттер мен қыздар әлі де болса, жер үйде қала тұруға тура келді. Соның бірі мен болдым. Сізге түсінікті болсын деп әңгімені ұзартып алдым білем, қысқарта сөйлейін: сол өзімнің жер үйіме беттеп келе жатыр едім, алдымнан, трактористер жататын үйдің тасасынан бір бала жүгіріп шыға келіп, мені көре сала жалт бұрылды. Бұл бала неменеге қысылды екен деп ойладым да:
— Тоқта, балақай, не болды? — дедім.
Бала амалсыздан мойын бұрды.
— Түк те болған жоқ... жай, — деп күмілжіп, маған тура қарамай, әлденеге сезіктенген адамша, қарадан қарап тұрып, менен имене бергені бар емес пе.
Баланын тегіннен-тегін қысылмағаны, бір қылмыстың үстінен шыққаным шексіз еді. Сондықтан білуге асықтым.
— Атың кім сенің?
Ол атын айтты.
— Қайдан келіп едіңдер?
— Алматыдан.
— Онда нешінші класты бітіріп едің?
— Үшінші...
Сөзіміз осындай қысқа сұрақ келте жауап түрінен ұзап ешқайда бармады. Оның қылмысын білуге ұмтылып көріп едім, бала ештеңе істемегенін айтып, азар да безер болды. Бар бітіргенім — әкесі партиямыздың шақыруымен мұнда өзі тіленіп келгенін, қазір құрылыс бригадасында ағаш шебері болып істейтінін, шешесі огородта екенін білдім.
«Жарайды, айтпасаң айтпа, сен де, мен де бір коллективке келген екенбіз, әлі-ақ кездесерміз» деп ойладым да, оның түрін есімде сақтау мақсатымен бетіне анықтап қарап алдым...
Вожатый қыз аз кідірді де:
— Әрине, түрін айтуыма болады, бірақ суреттеу қолымнан келмейді. Оны менен күтпеңіз, — деді балалық бір аңғал ойнақылықпен күлімсірей езу тартып. Осы бір жымиыс оның өңіне басқа бір шырай алып келді. Толық денелі, бойшаңдығы, оның үстіне жүріс-тұрысындағы байсалдылық бұл адамнан әлгінде ғана едәуір егделік аңғартқандай сезіліп еді. Соның бәрі жоғалып бетіне уылжыған балалық пішін пайда бола қалды. Мен оның балалық мінез-құлықтан өзі де әлі арылып болмаған жан екенін аңғардым.
— Ол — жағы сопақтау, ені жұқа, талдырмаш, сида, ақ - сары бала, — деді вожатый қыз жайдарылықтан ойлы пішінге көшіп. — Ал бадырақ көз тағатсыз қозғалып, ылғи алақ -жұлақ етіп тұрады. Суреті осы ғой деймін... Баладан көз алмай көп тұрдым. Мұнымды сезді ме деймін, ол артына қаншама қарағысы келсе де, алақтамай, әдейі сақтық жасап бара жатқаны байқалды. Ақыры шыдай алмады білем, едәуір жер ұзап шыққан соң бір жалт етіп артына көз салды. Сөйтті де, менің әлі тұрғанымды көріп, басын төмен тұқырта, жүгіріп ала жөнелді...
— Сонымен, ол не істепті?
— Кідіріңіз, өзім де соны айтқалы келемін, ол үшін тағы бір жайды есіңізге сала кетпесем болмайды... Сол күннің ертеңіне маған да үй тиді, — деді вожатый әңгімесін созып, — үй дегеннің не екенін тыңдағылардай ешкім сөзіне қоймас деп ойлаймын. Жер көнеден шыққандарға жылы, жайлы, жарық пәтердің зары қандай өтетінін ойлап көріңіз... Бұл — коридоры ортақ, төрт семьяға арналған пәтер еді. Соның екі бөлмелі біріне мен кірдім. Аз күн көрген қиындық лезде - ақ ұмытылып, жаңа жердегі жаңа үйде менің де жылы леппен келген жаңа тіршілігім басталды...
Өзінің сол қуанышын «осы адам ұға алды ма екен?» дегендей вожатый қыз маған ойлы көзімен барлай бір қарап өтті де, менің ықласпен тыңдап отырғанымды көріп, әңгімесін ілгері созып әкетті.
— Қара суық аяғы қарлы жауынға айналып, ертеңіне жер ми болып кетті... Далаға шықсаң аяғына бір пұт балшық ілесе кіреді. Жаңа ғана сырланған жалтыр еденді лас табаныңмен басуға аяйсың. Көз алдына құрылысшылардың төгілген маңдай тері, жұмсалған енбегі елестейді... Тыңдағы алғашқы күннің алғашқы сабақтарын өткізіп, түс ауа пәтеріме оралдым. Келсем күні бойы тап-таза тұрған коридор адам айтқысыз күйге түскен. Былғанбаған сау жер жоқ. Ана бұрыш та, мына бұрыш та айғыз-айғыз. Көшенің барлық батпағы осында көшірілген дерсіз. Бұл не сұмдық? Адамның еңбегін, өзінің тұрағын қадірлемейтін, бұл не қылған санасыз жан?..
Әрі ызам келді. Әрі өзімнен өзім қысылдым. Мұнда тұратын семьялардың бәрі жүмысшылар. Олар еңбек дегеннің не екенін біледі, ешқайсысы жуылған еденде бұлайша лан салмайды. Қолмен жұмыс істеп көрмеген осында мен ғана. Демек, кейбіреулерінің мен деп ойлауы да мүмкін ғой. Ұят - ай!.. Мен өз бөлмемнің есігін сәл ғана сығырайта ашып, далаға кіріп - шыққандарды бақылауға кірістім.
Көп күтуге тура келген жоқ. Шеткі пәтерден кешегі өзім білетін бала жалаңбас жүгіріп шықты да, далаға кетті. Менің назарым оның аяғына ауды. Сүртілмеген, бір пұт балшық ботинкасына ілесіп жүр. «Ә, сен бе едің?» дедім ішімнен. Сөйткенше болған жоқ, ол қайтадан жүгіріп кірді. Кіргенде бұрынғысы аздай, оның үстіне тағы да жойқын батпақты оқыс әкелді. Сол бетте аяғын сүртпестен үйіне өтті де, көне малақайын бір шекесіне қисайта қондырып алып, қайта шықты. Мен бұдан әрі шыдап тұра алмай: «Не істеп жүрсін» деп айғай сап жібере жаздап, өзімді өзім әрең тоқтаттым.
— Сен неге ата-анаңның еңбегін қадірлемейсің? — дедім.
Бала менің не жайында айтып тұрғанымды түсіне алмағандай аңырып қалды. Ұлы еңбектің мағынасын оған дәл сол арада ұқтыру маған бір түрлі қиын сияқты көрінді. Сондықтан бергі жайды, оған түсінікті жайды есіне салдым.
— Шешен жұмысына кетпес бұрын ертемен тұрып алып еден жуады. Сен оны батпақ аяғыңмен былғайсың. Бұл не? Шешеңе көрсеткен көмегің бе?
Балаға сөз салмағы енді жетті білем, кулагына дейін қызарып кетті. Бірақ бұл алғашқы ғана құбылыс еді. Менің сөзімнен именгені болмаса, түптеп келгенде, ол пәлендей сөлекет іс еттім деген ойдан алыс еді... Сонысын ұқтым да, онымен жақсылап сөйлесуді ойластырдым. Бұл «жақсылап сөйлесу» кейін пионерлер бөлмесінде болды.
Мен вожатый қыздың сөзін бөлдім.
— Кешіріңіз, жақсылап сөйлесуіңіз алдында оның қылмысын біле алдыңыз ба?..
— Білдім... Біз жиынға дайындалдық. Жоқ, жиын емес-ау, жай әңгімелесу десе де болады. Мәселеміз — өзіміздің жаңа жердегі жаңа тұрмыс туралы еді. Бұған совхоздың директорын шақырдық. Осы әңгіме алдында көрші баламмен сөйлесіп алғым келді де, оны пионерлер бөлмесіне әкелдім.
— Сен анада неге қысылдың? — деп сұрадым баяғы әңгімені қайта қозғап.
— Оның қылмысын ғой біліп отырсыз?..
— Білмегенде, — деді вожатый қыз қасын кере бір қозғалып қойып, — әдейі өзі айтсын деп отырмын ғой мен... Бала сәл сезіктенгендей оқыс елең ете түсті де, артынша ештеңе көрмеген, білмеген адамға салынды.
— Ештеңе болған жоқ, мен тіпті түк істегенім жоқ. Наныңыз, Елена Николаевна...
— Қылмысты істеумен қатар, жасыру одан да жаман екенін білесің бе?.. — Бала үндемеді.
— Қылмыс істеуге ғой шімірікпедің, солай ма? Ал шыныңды айтуға батылын жетпейді, а?..
— Мен түк те істегенім жоқ, — деп бала тағы да ақтала бастады.
Баланын өз қылмысын мойнына алмауы мені қатты мазалады. Мұнда мен айтып отырған батылсыздық та емес, әлдеқандай екіжүзділік пе, жоқ, олай деуге де болмас... Адалдық дегенді сезбеушілік пе, немене, әйтеуір... бір жағымсыз қылық аңғарылғандай еді. Қандай қылық оны дәл атай алмаймын... Қалай деп аталса да, бәрібір жақсы емес, біздің балаларда болуға тиісті қылық емес еді... Балаға мен кенет, мынадай сұрақ қойдым:
— Мұғалім мінез-құлқына баға қойып көрді ме? — Мен мұны әдейі сұрадым. Оның класта тыныш, тәртіпті бала болып саналатынын бастауыш класта сабақ беретін оқытушысынан сұрап алғанмын...
— Қойған...
— Қандай баға?
— Бес.
— Бес? — дедім таңданған адамша оның жүзіне бақырая қарап. Мен шын таңданған едім. Мұғалімнен баға үшін алдап алған бестен не мән шығады? Ол кім үшін, не үшін керек? Мұның аяғы түптеп келгенде сол оқушымыз өзін-өзі алдау болмай ма?.. Ау, сонда ондай бала өскенде қандай адам болмақ?.. Мүмкін, мұны балалықпен ұқпай ма екен? Олай болғанда өтірік айтуды, істеген қылмысты ісін сездірмеудің тәсілін іздестіруді қайдан біледі? Бұл балалық аңқаулықтан гөрі тереңірек жатқан жоқ па?.. Бұл өте бір ойланарлық мәселе еді. Соны мына бала да бір ойланып көрсінші дегенді мақсат еттім. — Айтшы, не үшін сен бес аласын?.. Мектепте момақансып отырған болып, үйіне бара, лан саласың. Аунамаған жерің, былғамаған төрің қалмайды! Осы үшін де бес алуға бола ма?.. Ол бестің кімге керегі бар?..
Бала қарсылық білдіргісі келіп, бірдеңе дей бастап еді, мен тоқтатып тастадым.
— Сен бүлдірушісің, қиратушысың, көз бояушысың! — дедім қабағымды түйе, түсімді суытып. Мұндай ауыр сөзді естимін деп ойламас керек, бала шошып кетті. — Көремісің, анау жер үйлерді? Онда совхозды құрушылар, мана сен оқитын мектепті, лас аяғыңмен алшақ басып жүрген зәулім пәтерді салушылар жатқанын білемісің? Білесің ғой, — дедім мен қайталап. Ол құптағандай қалып білдірді. — Білгеніңді қайтейін, өзіңнен басқа ешкімді ойламайсың. Тым құрыса, әкеңді аясаң нетуші еді. Ол болса, жайласып тамағын да ішпестен, сені, мені, осындағы бүкіл үйсіздерді жылы пәтерге көшірудің қамында жүр. Ұйқыны да ұмытып, дамыл таппай, ол үй салады. Ал, сен болсаң, қиратасың... — Иә, иә... Жаңа ғана біткен 8 бөлмелі үйдің терезесін рогаткамен атқылап қиратқан кім? Мен білмейді деп пе едің?..
Бала бұлтара алмайды. Өңі біртүрлі бұзылып кетті.
— Мен әдейі атқылағаным жоқ, торғай атамын деп байқаусызда...
— Оның бәрібір. Бүлдірдің бе, бүлдірдің... ол ғана ма, өтірік айтып жасырғанына, екіжүзділігіңе не дейміз?.. Еденді былғағаныңды қалай деп ұғамыз? Далада жаңа өмір жасауды өздері қалап алған біздің тамаша адамдардың арасында кіп-кішкентай болып сен сияқты бүлдіргіштер жүруі қынжылтады. Ондайлар шырықты бұзады... Жоқ, ондайлар мұнда болуға тиіс емес?.. Бұл ісіңді әкеңе барып айтайықшы, дәл осы үкімді сол кісінің өзі айтады...
Баланын көзінен жас ыршып кетті...
— Мен айтуға қорықтым, әкемнен қорықтым... Мен байқамадым... Сіз ешкімге айта көрмеңіз... кешіріңіз!..
— Сен мұны менен сұрама. Мен деген бір ғана адаммын. Жолдастарың, мұғалімің не дейді'екен? Соны білу керек...
— Аяғы немен тынды? — дедім мен вожатыйға.
— Аяғында ма, аяғында оқушының мінез-құлқы кластың талқысына түсті... Ой, атамаңыз, бұл бір қызық жиналыс болды, өз пікірін айтпаған бала қалмады десем, нанасыз ба?.. Бәрі де ашына сөйлеп, тура жеп қоя жаздады... Коллектив талқысы дегенді білесіз ғой... Міне, бізде осындай да оқиға болған...
— Ол бала қазір қайда? Мінез-құлқына енді бес қоюға бола ма? — дедім мен күліп.
Вожатый қалжың аралас, орынсыздау қойылған сұрағыма шын жауап қатты.
— Е, енді бес қоюға болар деп ойлаймын.
— Атын айтыңызшы...
— Жоқ, ол жөнінде баста келістік қой... Бұл бізде кешегі күннің әңгімесі, ескірген факт. Баланы ұмыт бола бастаған ісі үшін бүгін ұялтудың қажеті аз...
...Қонырау соғылды да, түстен кейін, екінші сменада оқитын бастауыш кластың балалары үзіліске шықты. Манадан бері тынып тұрған мектеп іші дуылдап ала жөнелді де, әрқашан жалықтырмайтын ерекше үні, өзіндік тәтті қасиеті бар бала шуы — әңгімені ұмыттырып жіберді. Осы гуілге менің аты белгісіз танысым да өз үнін қосып, асыр салып жүргенін есіме ап, бұлардың қайсысы екен дегендей әрқайсысының бетіне жалтақтап қарай бердім... Бірақ, «әй дәу де болса, сен шығарсың - ау» деп ешбір балаға ең тағып, шүбә келтіре алмадым. Тіпті олай етуге себеп болмады. Бәрінің де жүзінен кір шалмаған балғын балалықты, өзіміздің балалықты көрдім. Мұндай тамаша балаларды вожатый айтқан, тіпті «ескірген фактының» өзіне де қимадым.
Декабрь, 1954.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі