1
Мен «қайда бос орын бар екен» деп көзімді жан-жағыма жүгіртіп, кітапхана залында тұрмын. Әр жерден бірен-саран бос орындар көзге шалынады. Ойым: залдың төр жағына қарап өтпей-ақ өзім тұрған маңнан орналассам деймін.
Дәл осы сәт бір қыз өзім тұрған кіреберіс қатарда отырған орнынан жайлап көтерілді де, кітаптарын қолына алып, ептеп басып, тысқа беттеді. Мен соның орнына келдім.
— Мына орын бос па екен? — дедім кеткен қыздың көрінісіне сыбырлап.
— Жоқ, бос емес, — деді, алдындағы кітабына үңілген қыз, басын өте самарқау көтеріп.
Мен қыздың көзіне көзім түсіп, аңырып қалдым. Ол да ештеңе емес-ау, көптен іздестіріп, кездестіре алмай жүрген адамындай мәз болып:
— Сәлеметсіз бе? — деп басымды шұлғымаймын ба? Қыз да басын изеді. Бірақ, онысы әшейін сыпайыгершілік сияқты. Байқаймын, ол мені танитын адамға ұқсамайды. «Сәлеметсізбені» айтарын айтсам да, енді қысылдым. Алғашқы бетте жақсы танысымдай боп көрінгенімен, дәл қазір, менен гөрі назары кітапқа ауып отырған қыз, осы бір секундта бейтаныстана бастап, оны білетіндігіме де шүбә туып қалды. Тыныш залда күбір сөз сонаның ызылы тәрізді құлаққа түрпідей тиетіні еске түсіп, қызға қайтып тіл қатпай әрі аялдап тұра да алмай, ілгері өтіп, өзіме орын іздедім.
Орын тауып жайғасқан минутымда-ақ бұл қыз жайына қайта оралдым. Қанша жаңсақ бастым, танымай амандастым деп өзіме-өзім күдік тудырсам да, ол, шынында да, жақсы білетін адамым сияқтана береді. Анық-ақ көрген кісім. Ал, сонда қашан көрдім? Бұл арасы еске түспей мүдіремін...
Екі ой қабаттасса, жүректің тынышы кететіні қандай?! Кітапқа арналған зейінге көлденеңнен кездейсоқ қосылған бөгде ой кесірін тигізіп, көңілді беймазалай бастады. «Өзіне байыптап тағы бір қарайыншы, мүмкін, қайда көргенім ойыма түсер» деп, алдымдағы кітапқа үңілген бола отырып, көз қиығын таныс қызға тастадым. Екі қолын екі жақ шекесіне таянып, жан-жағына бұрылмай қыбыр етпестен кітапқа тесіліп отырған қыздың көзі де әлден уақыттан кейін ойысып, маған қадала, күлімсірей бір қарап өткендей болды. Шынымен-ақ қарады ма, әлде маған солай көрінді ме? Оншасын анық, біле алмай қалдым. Әйтеуір, кітаптан көзін алып, мен жаққа бір қарап қалғаны күмәнсіз. Мүмкін, ол да шүу дегенде байқай алмай, таныстығы қазір ғана есіне түсіп қараған шығар. Мүмкін «бұл не қылған жігіт, өзін анықтап көріп алайыншы»- деп, мысқылды ажуамен күле қарап отырмағанын кім білсін?.. Әлде, тіпті, бұл тұсқа жай қарай салды ма?.. Адам сырын біле қою деген қиын ғой, достарым...
Менің көзім қазір бір-ақ нәрсеге анық жетіп отыр. Ол пе десеңіздер, осы қызды білетіндігімді ақиқат демекпін. Мұным даусыз шындыққа айналып келеді. Аз күн ғана далада, таза ауада болып қайтудан пайда болған кілегей тотығу емес, таза ауада айлап, жылдап ұзақ жүргенде, әрі дені сау, еңбекпен әбден шындалған адамда ғана болатын тотығы мол қызыл реңді, қою қара шашты екі жаққа қақ жара келістіре өріп қойған, толық денелі сол бір қыз анық танысым екеніне титтей де күмәнім қалмады. Сөз жоқ, білетін, білгенде де жақсы білетін адамым. Әттең есіме түспей, діңкемді құртып отырғанын көрмейсің бе!
Овсов деген фамилияны ойына түсіре алмай дал болатын Чеховтың геройына ұқсап, бір қызды көре салып, қайдан кездестіргенін білмей, шала бүлінген, бұл неткен жан? — деп маған күле қарап отырғандар да табылар. Антон Павловнчтің сол әңгімесін оқып, менің де бір кезде күлгенім бар. Енді, ойлап отырсам, адамды қандай жақсы білген жазушы деп таңданамын. Сырт көзге күлкі үшін жазылған сияқты, кішкентай нәрседен көп сыр аңғартады, басқа, емес-ау, ең киын сырды.. мидың сырын аңғартады. Ми деген бейне бір түпсіз терең теңіз ғой! Естігенін де, білгенін де, сезгенін де, үйренгенің де алуан нәзік жолдармен шымырлап сіңіп, түпсіз тереңіне жым-жылас боп бойлап кетеді. Бірақ, бір де бірі ізсіз батып кетпей, қайырып алуға толғана күш жұмсасаң, қайта шығатыны қандай керемет! Көрмейсіз бе, миымның таңдайланған тарғыл толқынына, сан-сипат істерге қабаттаса бір кезде араласып, батып кеткен таныс қызымды жадыма түсіруге амалсыздан әбігерленіп отырмын. Мұны білуді әрі қажет көремін, әрі борышым деп санаймын.
Мен психолог емеспін. Жадымыз жайында тәжрибе жасаймын деген ниет менде жоқ, яки көрсе қызарлыққа салынып, бір көзім шалып қалған қызбен оңай жерде таныса қояйыншы дегеннен де аулақпын. Ондай арзан ниет ойда жоқ. Мен атаған борыш армен, адамгершілікпен сабақтасып жатыр. Шынымды айтайын, осы адамға деген менде бір ерекше құрмет сақталған. Неліктен сонша құрметтеймін? Неліктен танитын сияқтана беремін? Соны ғана ажыратып алғым келеді. Жас та болсам, өмірдің ащы-тұщы дәмін татып көрген, кешегі қанды селді кешіп келген жан едім, басыма іс түскен, сондай бір қиын күндерде еңбегі сіңген, қарыздар адамым ба деп ойлап, білейінші деп мазасызданамын...
Адамға құрметпен қарасаң, оның бойындағы қасиетті жайшылықтағыдан әлдеқайда көп аңғарасың. Міне, мен жақсы ниетпен қадір тұтып қараған сайын, қыз маған бір ауыз тіл қатпаса да, аса бір қымбатты адамымдай көзіме бірте-бірте жылы ұшырап барады...
Білуге асығып шындап ойға кеттім. Ең алдымен беріден бастап, қазіргі өзім оқып жүрген мединститутты ойға алып, соның маңындағы таныстарымды көңілмен шолып шықтым. Одан кезіктіре алмадым бұл қызды. Дәу де болсаң солсын-ау деген негізгі жорамалыма енді алаңсыз келіп жеттім. Көз алдымнан кешегі сұрапыл шайқасты, қанды майдан даласын өткізіп, өз басыма төнген қауып сағатына келіп, кілт тоқтадым.
Будапешт түбінде жау оғынан мерт болып, көзін бір ашып, бір жұмып жаралы жас солдат жатты. Бұл мен едім. Осындай ғаламат қиын сағатта, жаудың бората атқан оғын да елеместен, қасыма еңбектей басып бір жан жетті. Сен үшін өлімге басын байлап қауіптің қара селіне іркілмей қойып кетіп, көшіп келген адамның жанын өле-өлгенше жыр етіп өтер ең, әттең дүние, ақын болып тумадым ғой!..
Арқасына салып, өзімді ажал аузынан алып шыққан сол жанға іштей мың мәртебе алғыс айтсам да, дұрыстап тілдесе де алмай арманда қалған едім. Тілдесуге менде шама, онда уақыт та жоқ еді.
— Атың кім, шырағым? — деген бір ғана сөзді айтқанның өзінде, іші-бауырым суырылып, үзіліп кеткендей болып, талықсып қалған едім. Құлағыма:
— Рауза! — деген жалғыз сөз ғана алыстан айтылғандай еміс-еміс шалынып, өн бойымды баса түскен зілді жеңілдеткендей жүрегімнің терең түбіне дару болып сіңген еді. Бір уақыт есім кіріп, жарам жаныма батып ыңыранғанымда:
— Аға, сабыр етіңіз, қазір жетеміз, — дегені де дәл бүгін айтылғандай құлағымнан бір кетпейді.
Ең болмаса, сол қарындастың жүзіне де дұрыстап қарай алмадым ғой. Білмеймін, қараған да болармын. Бірақ, кескін-келбеті есімде жоқ... Бар болғаны: қара торы ма, қалай еді деп шамалаймын.
Содан қайтып Раузаны көрген де, ол жайында еш хабар естіген де емеспін. Мен госпиталға, ол майданға кетті. Қазір қайда? Оны да білмеймін. Мүмкін, ол я қалада, я ауылда бейбіт еңбек майданында болар. Мүмкін сан азаматты, ауру атты ежелгі жаудан арашалап жүрген дәрігер ме? Әлде, осынау том ақтарып отырған нақ соның өзі ме?.. Менің білуімше ол қандай жұмыста, қандай қызметте, я оқуда жүрсе де, алдыңғы сапта екеніне шек келтірмеймін. Елін, жерін жаудан қорғай білген адам, еңбек күйін толғай да біледі. Адам жөнінде менің ұғымым осылай...
Түсі таныс қыз көрінсе, осы Рауза емес пе екен деген ой сап ете қалатын басым, нақ осы жолы да сондай бір жақсы үмітке беріліп, манадан бергі: «сол ма, жоқ па» деген шүбәмнан арыла бастағандай болып отырмын. Сірә, қадірлі қарындасты таптым-ау деп шамалаймын.
Қызық-ау, мұның өзі! Ойламаған жерден кездестіргенімді көрмейсіз бе? Кітап қызығына түсіп, қаннен-қаперсіз отырғанын қарашы, өзінің. Өмірін сақтап қалған адамның алдында отыр, сеземісің, Рауза! Тым болмаса сүйкімді көзіңмен бір ғана қарашы! Тағы бір үңілейін жүзіңе! Еткен қызметін жұрт мақтап айтып жүрсе, адамға қандай ұлы мәртебе! Қазір сен де менен кем қуанар ма екенсің. Қуан, мақтан, қарындасым! Сенің тал бойына осының екеуі де жарасады.
Осындай шырын ойға беріліп, жоғым табылғандай қуанып отырғанымда қыз тысқа беттеді. Оқып отырған кітабын қолына алса да, алдындағы дәптерін қалдырғанына қарап, оның біржолата кетігі бара жатпағанын сездім. Әйткенмен, манадан бері бір тілдесуге ынтызар болып отырғандықтан, тағат таппай, мен ізінше ере шықтым. Қыз кітапханашының алдына барып әлденендей кітапты сұрастырып тұрғанда, жайлап басып қасына келдім. Ол кітапханашымен сөзін бітірген соң:
— Ғапу етіңіз, мен сізді танитын сияқтымын, — дедім.
«Бұл неге менің соңымнан қалмайды» дегендей, қыз алғашқы бетте үнсіз таңырқап қалды да, артынша күлімсірей түсіп тіл қатты:
— Мүмкін...
Күлімсірей айтқан осы жалғыз сөзі «мен де сізді білемін» дегендей болып көрінді маған. Әлгідей емес, мұнан соң, менің өрісім жазылып, еркінірек сөйлей бастадым.
— Жанылмасам, сіздің есіміңіз Рауза болар...
— Я, кейбір жолдастарым Рауза деп те атайды.
Кейбіреулер ғана емес, өзіңіз де солай атағаныңыз есімде, дедім мен, өзім білетін сонау жайды тезірек ойына салмақ болып.
— Білмеймін, есімде жоқ.
— Шын айтып тұрсыз ба?
— Шын айтам.
Майдан даласын есіңізге түсіріңізші, — дедім мен ойына тез түсе қалсын деп.
— Мен майданда болып көрген жан емеспін...
— Жоқ, жоқ, — дедім мен оның сөзін бөліп, — анық сізсіз. Ағаға жөн айтпай, жақсы қарындас орынсыз ажуаламас болар.
Әлгіден бергі әңгімемізге әшейін бір бос ермек сияқты қарап әзілді пішінмен күле сөйлеп тұрған қыз, осы сәт оның бәрін кейінге ысырып, маған шындап жауап берді.
— Қалжыңсыз айтам, аға. Нансаңыз, майдан түгіл оның маңына барған, тіпті, мылтық даусын естіген жан емеспін.
Сенбесіме шарам қалмады. Амал нешік, ақырында қыздан екінші рет кешірім сұрауға тура келді.
— Олай болса, кешіріңіз, Рауза деген бір жақсы қарындасым болушы еді, сізді сол ма деп қалып, қателескен түрім бар.
— Жақсы қарындасыңызды танымайтыныңыз қызық екен? — деді бір қыз жанымнан өте беріп.
Жайшылықта болса, мұндай тілмар қарындасқа бірдеңе тауып айтқан да болар едім. Ал, мына арада үндемедім және үндеуді қажет те көрмедім. Өйткені, мен ойлап тұрған қарындас сыры, ол қыз ойлаған үстірт, аласа, ойдан жоғары жатты.
Рауза кітапханашыға бұрылды. Мен өз орныма қайтып келдім. Манадан бергі әуре -сарсаным бос әбігердей көрініп, қыз жайындағы ойдан серілуге ниет қойып, кітап дүниесіне шындап араласуға кірістім де, кеше бастап, бүгін жөнді жылжи алмай отырған, вирус жайындағы еңбекті аздан соң қызыға оқып кеттім.
Осы кеш өте ұзақ отырдым. Бірақ, бұл жолы күндегімнен көп оқыдым, жемісті оқыдым дей алмаймын. Қаншама серпіп тастағанымен, әлгі қыз жайына ойым анда-санда оралып соға берді де, алаңдауым көп болды. Бастапқы үміт сөнсе де, қызды танитындығым сөнбей, ол жайында тосын басталып, жақсы ниетке басқан тәтті ойым: «Апырау, бұл қызды енді қайда көрдім?» — деген әуесқой сұраққа айналды.
2
Бұдан кейін Раузамен кітапханада жиі ұшырасып тұратын болдық. Залда, яки кітапхана алдында кездесе қалсақ, бірімізге-біріміз бас изеп, амандасып өтеміз. Мен оған, ол маған басқа ештеңе демейміз. Қыз не ойлайтынын өзі біледі, мен өзім әр кездескен сайын «жаным-ау, көрдім» дегенді еске бір алмай қалған емеспін. Бірақ, ойлағанмен есіме бір түспей-ақ келеді.
Шу дегенде болатын тосырқаулық та салқын сыпайыгершілікпен амандасу да бірте-бірте жойылды. Бұрынғыдай бас изеп қана өту емес, келе-келе шүйіркелесе әңгімелесіп кеттік. Бір-біріміздің аты-жөнімізді білістік. Ол ауылшаруашылық институтының 1-курсына биыл келін түскенін, келешекте агроном болғысы келетінін, мен хирург болуға талпынып жүргенімді ортаға салып, болашақ жайында тәтті қиялдарға шомып та алатын болдық. Сондай әңгімелердің соңында мен баяғы ескі күйіме басып:
— Бұрын бір жерде көргенім шәксіз, — дей бастасам-ақ:
— Көруіңіз мүмкін емес, — деп күлімсірей түсіп өршеленеді ол, — сіз жүрген жердің ешқайсысында болған емеспін. Жастайымнан колхозда өстім. Шымкент пен Алматыдан ұзап ешқайда аттап көрген жоқпын.
Әлде, осы Алматыда көрдім бе екен? Бір қалада тұрған соң әрине, көруім де мүмкін, алайда күнде талай адамды көресің талай адаммен ұшырасасың оның бәрін жадында сақтай да бермейсің ғой. Раузаны көруім бұлардан мүлде басқаша екеніне шәк келтірмеймін. Мейлі осында көрейін, тіпті қайда көрсем, онда көрейін, әйтеуір зор құрметпен жадымда сақтағанымды жақсы білемін. Дәл қазіргідей, сол қыздың түр -сипаты, шаттық ойнаған сонау бір жандары жүзі күні бүгінгідей көз алдымда тұр.
Танысып, біліскен сайын менің бұл адамға деген құрметім арта түсті. Мұндай еңбек сүйгіш жанды мен білмеймін. Кітапханаға қашан келсем де, оның қалың томға көз майын тауысып, үңіліп отырғанын көремін. Кейде басын кітаптан көтеріп, көзін ойлы пішінмен қыса жұмып, аз кідіріп отырып қалатын да кездері болады. Содан соң кітапқа қайта төніп, ұзақ уақыт бас алмастан отырып, дәптеріне әлденелерді жаза бастайды. Оның кей тұсқа түсінбей. түсінсе де жете түсінбей кідіргені екінші мәртебе ой жіберіп, қайталап оқып отырғаны, оқығандарын зердесіне құя түсуге құмартатыны байқаған адамға айқын аңғарылып тұрады.
Мен де кітап оқуды жақсы көретіндердің бірімін. Бірақ, мені мен Раушанның (Рауза деп бірге оқитын жолдастары атап кеткен көрінеді) оқысында үлкен айырма бар екенін сезгендеймін. Мен қанша зейін қойып, ұқыпты оқыдым десем де, шаршап кеткен кейбір кездерімде жеке сөздерге, сөйлемдерге жете мән бермей өте шығатын әдеттен онша сау емеспін. Кейін, бүгін пәлен бет оқып кетсем бе екен деген ойым да болып, асыға түсетінім тағы бар.
Раузада мұндай әдеттің бірде-бірі байқалмайды. Оқығандарын әбден көкейге қондырып, қайтып оралмастай болып біліп алмай, ол алға жылжымайды. Кітапты өнебойы бұлай оқу өте төзімділікпен ерінбей еңбек етуді тілесе де, Раушан сол қиындықтың бәрін жеңетін күшті өз ойынан таба білген.
— Тым көп оқиды екенсіз, Раушан, — дедім мен бір күні оны жатақханасына ұзатып бара жатып, — қай уақытта демаласыз?
— Мен көп оқимын ба? — деді ол таңданған адамша бетіме күлімсірей қарап.
— Иә, көп оқисыз, — дедім мен оның назды даусына сала сөйлеп.
— Кітапханаға күніне 4 — 5 сағат уақытты қиюға болады ғой деймін...
— 4 — 5 сағат болса, ештеңе емес қой...
— Мен сияқты білімі аз адамға күніне 10 сағат оқыса да көптік ететін түрі көрінбейді...
— Білімде шек жоқ екені рас, оқи берсе, білген үстіне біле беру табиғи да нәрсе. Ал, бірақ, «білімсізбін» деп өзіңізді өзіңіз әдейілеп кемітуіңізге жол болсын. Мұныңыз не шектен асқан кішіпейілдік те, не жасанды жалған кішіпейілділік, — дедім мен оған.
— Сіз айтқанның екеуі де емес. Шыным сол. Мен соғыс жылдарында колхоз жұмысына араласып, мектепте жөндеп оқи алмадым... Институт өте киын соғып тұр.
— Мұныңызға нануға болады. Әйтсе де, дәл қазір жаман оқымайтын боларсыз?
— Неліктен олай деп ойлайсыз?
— Сіз сияқты еңбек сүйгіш адам жаман оқуға тиіс емес...
Алдымыздан зу етіп, бір «Победа» өтті де, екеуміз де кілт тоқтап, сәл абыржып қалдық. Соның салдары ма, әлде жаңағы сұрағыма жауап бергісі келмеді ме, қыз бұл жайға сол кеш қайтып оралмады.
Дегенмен, мен жаңылмаппын. Ақыры, Раушанды қайда көріп, қалай танысқаным есіме түсті. Бұған студенттердің қалалық жиналысы себеп болғаны бар емес пе.
Бұл күнге дейін біз Раушан екеуміз кітапханада, ауылшаруашылық институтының клубында, кино-театрларда ғана болмаса, қала көлеміндегі мұндай салтанатты жиналыстарға бірге барып көрмеген едік. Шыны керек, астананың студент жастары бас қосатын үлкен жиынға Раушанмен баруды өз бойыма мақтаныш көрдім.
— Бүгін кешке қайда боласың?деп сұрадым, мен одан жиналысқа бірге баруды алдын-ала келісіп қояйын деген оймен.
— Білмеймін, ешқайда бармаспын...
— Жиналысты қайтесің?
— Айтқандай солай екен ғой.
— Барамыз ғой?
— Барамыз, Бекен аға.
...Міне біз опера театрын бетке алып, асфальтты кең көшенің бойымен қолтықтасып жүріп келеміз. Тұп-тұтас аппақ қар жылдағыдан биыл айрықша мол басқан Алатау шыңдары іңір қараңғысын жамылып, көзден ғайып болып барады. Көшенің екі жағында тізілген сәнді бағаналардың басындағы күмбез шамдар, жауып келе жатқан түн қараңғысын қаладан сол тауға ысырып тастағандай. Алматының ақ үйлерін көзге нұрландырып көрсетеді. Ерсілі -қарсылы зымыраған машинадан, ағылған жаяудан көше біткен бір босамайды. Осындай тыным алмай өмір күйін шертіп тұрған сүйікті қаламыз адамның от жігерлі тынымсыз жастық шағына ұқсайды.
Неге екенін білмеймін, Алматының әсем көркіне өз басым тойып көрген жан емеспін. Маған ол күнде жаңа, күнде жас боп көрінеді. Әрдайым, көшеге шыққан сайын не үйінен, не алмалы бағынан бұрын аңғармаған бір жаңалық кезіктірем де отырам. Мен оған қаншалық қызыға қарасам, ол соншалық сұлулана береді. Оқу майданындағы жарты жылдықты өте жақсы бағамен аттандырып, «уһ» деп бір дем алған соң солай көріне ме, қалай, Алматы, әсіресе, бүгін айрықша қырланып, гүл-гүл жайнап кеткен тәрізденді.
Манадан бері біз үнсізбіз. Екеуміздің де құлағымыз көшедегі үлкен репродуктордан алысқа кетіп жатқан назқоңыр, мұңды әнде. Ән күңіренеді, әнші жылайды. Өзекті өртеп шыққан ащы зар сезімге шауып, сіздің де жүрегіңізді бір сәт толқытып-толқытып жібереді. Көз алдыңызға осы әнді шығарған негр халқы, оның тамаша әншісі Поль Робсон елестейді. Алыстағы азап шеккен бауырлардың аянышты өмірі, осы ән арқылы бүкіл әлемге жетіп, аспан астын аралап жүргендей желмен бірге ызыңдайды.
Осы әнді естіген сайын, Алматыма деген махаббатым арта түседі. Мұнсыз әнімді, қайғысыз қаламды, қапасыз өмірімді мақтаныш сезіммен есіме алып, мұң мен зарды жерімізде тағынан тайдырған алып Отанымды осындайда көз алдыма бір келтірмей көңілім көншімейді. Сүйген қызымды қолтықтап, мен өз өлімнің кең көшесінде аяғымды алшақ басамын. Алайда, айналамда не болып жатқанына көзімді жұма қарайтын парықсыз, тоғышар жан мен емес. Мен басқа дүние елдерінің оның ішінде негр ағайындардың халіне де немқұрайды қарай алмаймын!..
«Қазақ та солардай ащы өмірді кешіп келгенін ұмытар жөніміз жоқ! Солай емес пе?» дегендей бұрылып Раушанға қараймын.
«Солай» дегендей болып көзін жаутаңдатады ол.
Екеуміз тіс жарып сөйлеспесек те, бір-бірімізді жақсы ұғынып келе жатқандаймыз.
Мұңды ән бітті. Өзіміздің қазақ әні, бүгінгі жаңа қазақ әні шырқалды. Осы ән бізді театрға дейін ұзатып салды.
...Жиналыс президиумының құрамын жариялай бастаған жігіттен өзіме таныс фамилияны естіп, Раузаға жалт қарадым. Мені таңдандырған Маралдина деген фамилия емес еді, бұл фамилияны қыздың өз аузынан әлдеқашан естіген болатынмын... Жоқ, мені осы фамилияға қоса айтылған бір сөздер таңдандырды. Дәл осы секундта, Раузаны қайда көргенім де есіме сап ете қалды.
Бұдан 4 жыл бұрын Берлиннен шығып, туған еліме қайтып келе жатқанымда, Польшамен екі арадағы шекарадан өткен соң бір станциядан «Правда» газетінің жаңа номерін сатып алғаным есіме түсті. Газеттің бірінші бетінде, екі бағанаға үлкен сурет басылған еді. Мен сол суреттің жазуына сұқтана қарап: «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған жас колхозшы, Қазақстанның атақты мақташысы Рауза Маралдина деген сөзді бір емес, екі рет оқып шыққан едім. Туған елімді ұзақ жыл бойы көре алмай, аңсап келе жатқанымда Қазақстаннан алғашқы кездескен даңқты қыз көзіме сондай ыстық көрініп кеткен еді де, суретін газеттен қиып алып, қойын дәптерімнің арасына салып қойған болатынмын.
Социалистік Еңбек Ері, ауылшаруашылық институтының үздік студенті Маралдина деген сөз айтылғанда барып қана сол таныстық есіме түскені ғой. Я, достар, Рауза мен ойлағандай маған емес, менен зорға — Отаныма еңбек сіңірген жан болып шықты.
Мен онымен алғашқы рет қалай танысқанымды бажайлап айтып бердім. Ол мырс етіп күліп жіберді.
— Социалистік Еңбек Ері екеніңді айтсаң мен сені баяғыда білетін едім ғой, — деді қызға кәдімгідей кейіп. (Әрине, дөрекі кейіс емес, өзімсінгенде айтылған майда, жарасымды кейістік қой.)
— Мен солай едім деу қанша орынды болады?..
— Құрметті атақты атаудың өзі зор мақтаныш емес пе!
Қыз үндемей төмен қарады.
— Ең болмаса, алтын жұлдызды тағып жүрмейсің бе — дедім.
— Еңбек Ері екенім кеудемде тағылған балға, орақты жұлдыздан танылмай, әрдайым ісімнен танылса екен дегенді арман етемін...
Қандай кішіпейіл, қарапайым, зерделі жансын, Раушан! Өскен ауылың, оның келешегі жайында талай-талай әңгіме шерте жүріп, өзіңнің еңбегің жөнінде бір ауыз сөз айтпауын қызық екен! Мейлі, оқа емес, бұл да сенің тал бойына жарасады. Менменсіз, кішіпейілдік біздің бәрімізге ұнайды.
Раушанмен танысқаныма шексіз қуаныштымын, достарым. Өздерің айтыңдаршы, майданда солдат, еңбекте батыр, біздің тамаша қыздарды қайтып жақсы көрмессің!..
Март, 1951.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі