Өлең, жыр, ақындар

Аттаныс алдында

I

Қыз уәделі уақытында келді. Жігіт жоқ... Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан халықтан именіп, бір орында аялдай алмай, қыз ағаш тасасында қаракөлеңке жамыла тұрып жан-жағына жалтақтады...

«Мұнысы қалай? Неге кешігеді?» — деп ойлады ол, әрі ыңғайсызданып, әрі әлденеге мазасызданып. Уақыт көз алдында, елеусіз ұрланып секундтап, минуттап жоғалып жатты. Көңілсіз де, шүбәлі де ой меңдеп, қыздан барған сайын дегбір қашты. «Мен неге күтемін, қайта ол күтсін». Намыстан туған бұл ойға бас қойып, қыз өз қақпасына қарай бұрыла берді де, кілт тоқтап қалды: «Өмірде кездейсоқ уақиға аз ба?..»

Бәсе, аз ба? Осы бір алғашқы танысудың өзі де өмірі ойламаған жерден басталғаны қалай?.. Қыз көз алдына өзі күткен жігітін әкелді. Сондай сүйікті, сондай инабатты, асқан бір биязы жан елестеді... ондай адам алдамайды!..

Бұдан бірнеше күн бұрын, шаңғы тебемін деп оң аяғын сындырып алған Кәрім деген жас жігіт, осы қыз сестра боп істейтін ауруханаға келіп түсті. Сынығы пәлендей ауыр болмаса да дәрігерлер оған қимылсыз жатып емделуге кеңес берген. Бұл өзі кісіге өте жұғысымды, үйірсең жігіт екен. Келген күннің ертеңіне-ақ ол ауруханадағылардың көбімен танысып та

үлгірді. Әсіресе сондағы қызмет істейтін әйел жолдастарға қатты ұнады. Аурулығын міндет қып орынсыз тыжырынбайды, айқай-шу көтермейді, тәртіп бұзбайды, сөздері де мап-майда, ылғи «сізден» келеді. Кішкене әңгімелесе бастасаң-ақ, ұйытып өзіне тартып алады. Оның үстіне әйелдер алдында күллі кавалерлік кәделерді сақтауға да сақ-ақ... Бұларына орай, табиғат оған түр-келбетті де жаман бермеген...

Осы сүйкімді, сыпайы жігіт сестраның да назарын аудармай қала алмады. Бұған ең алдымен сондағы бір әйелдердің: «Біздің Зейінгүлге дәл осындай кавалер душар болсын десейші», — деген сөздері де себеп болды.

Үндемей ғана тыңдап, Зейінгүл кете барады. Тіпті бұл сөздерге онша мән де бермейтін сияқтанады. Әйтсе де, «бұл не қылған жігіт?» деген таңсықтық тумауы мүмкін де емес еді... Осыны білгендей, Кәрім де қарап қалмады. Палатасына келген сайын ол қызды түрлі сылтаумен бөгеп, оған жігіт бойында болатын сүйкімділік атаулыны аңғартып бағады. Кейде койкасында жағын таяна отырып, жастық толқыны мол ғажайып сырлар қозғайды, тұнық, мөлдір ыстық сезімдердің ұшқынын шашады, жас жүректі қытықтар жақсы армандар айтып, көңілді шалқытып биікке әкетеді... Жан толқынындағы осындай көп қалтарыстарға үңілте жүріп, қызға ол өз жүрегінің қалауын ақыры жеткізіп тынды...

Зейінгүл де бұл кездерде оның палатасына келуді жиілеткен еді... Осы жиілетудің аяғы сүйіспеншілік сезімге барып соққанын қызымыздың өзі де кейін бір-ақ білді. Ал, бұған ол өкінген жоқ, қуанды. Мұндай адаммен келешекте өз тағдырын ортақтастырғанын ең зор бақытқа санады.

Сол бақытты адам қазір мұңайып тұр. Алғашқы махаббатын оятқан асыл жан әлі жоқ. Ауруханадан жазылып шығып, үйіне кетерде қиыспай ұзақ тұрып, кешкі сегізге кездеспек болған оның кеше берген уәдесі бар еді. Сол уәде бұзылды... Мұны қалай түсіну керек?.. Сондай жақсы деген адамдар да екі айтатын болғаны ма?»

Қыз бұдан әрі аялдауды үлкен қазадай көрді. Үйге бет бұрды. Жап-жаңа ғана жайраңдап күліп шыққан бөлмеге енді мұңайып кірді...

— Сен неге тез қайттың? Киноға бармадыңдар ма? — деді кітап оқып отырған Галя құрбысының жүзінен көңілсіздікті байқамаған жайдары қалыппен.

— Бармадық! — деді Зейінгүл төмен қарап.

— Неге бармадыңдар?

— Келмеді...

Бұдан арғы сөзді Зейінгүл де айтқан жоқ, Галя да сұрамады...

Сол күні түн деген сондай ұзарып таң көпке дейін атпай қойды...

II

Кәрім келесі күні ертемен телефон арқылы Зейінгүлге кеше неге келе алмағанын айтып, кешірім сұраса да, қыз ашуы кешке жолыққаннан кейін де көпке дейін тарамады.

Шындығында, жігіттің кешігу себебі Зейінгүлдің өзіне де дәлелді көрініп еді. Солай бола тұрса да, ол бір жағынан назданып, әрі «байқа, екіншілей кешірмеймін» дегенді мықтап сездіргісі келіп, әдейі тосырайды. Қыздың осынысын сезді ме, әлде өзінің мінезі ме, Кәрім тап бір кінәлы адамдай, кешірім үстіне кешірім сұрап, елпілдеумен болды да, ренжісті сол жайдарылықпен жуып-шайды.

— Зейінгүлжан, ренжуің әбден орынды, әйтседе, өзің айтшы, мұндай төтенше жағдайда лаж жоқ еді ғой, — деп бір сәт оған қиыла қарап «енді кешірсейшіні» анық-ақ тілек етті.

Төтенше жағдай екені рас еді.

Кеше газетте жарияланған москвалық бір топ комсомол жастардың хаты бүкіл елге демде тарап, ұлан-байтақ отан жерін шарлап кетті. Бұл хатты тудырған партиямыздың тың жерді игеру жайындағы жаңа ұраны болатын. Осы ұранға озық жастар үн қосып, құлазып жатқан жойқын тыңға бет бұрды да, «достар, тың қопаруға келіңдер!» деп жар сала аттанды.

Бұл дабылға құлақ тез түрілді. «Тыңға мені де жіберуді сұраймын» деген өтініштер әр қалалық аудандық комсомол комитеттеріне лек-легімен ағылып берді.

Осы отаншыл сезім толқыны біздің қалада да лезде селге айналды. Комсомол комитеттерінің үйі жастарға толды. Олардың бұл тарихи қозғалысын басқаруды қолға алған, қалалық комитетте кеше осы мәселені ойластыруға арналған мәжіліс өткізілген-ді. Осыған Кәрім де шақырылған болып шықты.

Кәрімді біраз қусырып алған соң, Зейінгүл ежелгі ақжарқын қалпына көшті.

— Сіз қалалық комитеттегі мәжілісте болдыңыз ба, жоқ па, оны өзіңіз білесіз. Ал, бірақ бұл тарихи күндер сізді кешегі кінәңізден арашалап алды, — деп күлді ол.

— Зейінгүлжан-ау, әлі де сенбей келесің бе?.. Жүрші, айналайын, секретарьдың өзіне көзіңше телефон соғайын...

— Соқпай-ақ қойыңыз.

— Нандың ба?

— Нандым.

— Ашуың да басылды ма?

— Ашу ма? Ашу тарады ғой...

— Ойбай-ау, мен пақырыңды қыса бергенше, соныңды баяғыдан бері неге айтпай келесің!.. — деп Кәрім көзін құбылта күліп, Зейінгүлді қолтығына тарта түсті.

Қыз сәл қымсынып қалды. Мұнымды жаратпады ма дегендей, жігіт те бүгілген қарын елеусіз жаза қойды. Әйткенмен Зейінгүл қолын жұлып алмай, бұрынғы қалпын, қолтықтасқан күйді бұзбады. Мұнысы мәдениеттілігі ме, әлде «қолтығына қыссаң қарсы емеспін ғой» дегені ме екен, Кәрім әдетте, сезгіш жігіт болса да дәл баса алмай, екінші бір сәтті күтті. Бұл сәттің де орайы тез табылды. Кинотеатр алдындағы аланға жете беріп, ол жалтыр мұз үстімен әдейі қия жүрді.

— Зейінгүл, байқа тайып кетіп жүрме! — дей отырып, қызды тағы да өз қолтығына тартып, оның нәп-нәзік, мап-майда саусақтарын да уысына қатты қысып алды.

Қыз бұл жолы қымсынбады. Бірақ, мұздан өтісімен тағы да арасын сәл ашып ала қойды. Жүректер осындай үнсіз қақтығысып, қыз, жігіт киноға кірді.

...Жігіт басынан ұстамсыздық сияқты бір тосын құбылыстар аңғарғандай боп Зейінгүлдің бұл кеште сәл ғана секем алғаны да рас еді, бірақ кинодан шығысымен бұл күдігі тарап кетті. Кәрімін, ауруханадағы өзі білетін Кәрімін енді көрді. Әрі майда, әрі тәтті тіл қайта шықты. Кешеде халық селдіреп, өздері оңашаланған сайын Кәрім сөзі де қызықты бола бастады. Ол неше түрлі жайларды қозғап, арагідік терең-терең сырларға бойлап кетеді де, аяғын ылғи орағытып әкеп сүйіспеншілікке тірейді. Ал, мұнысы бұрынғы айтқандарын қайталау емес, одан мүлде тереңдеп, әдеміленіп кеткен тың, жаңа сезім боп аңғарылады. Зейінгүл болса, сондай еліге рақаттанып тыңдап, айта түссе екен деген жақсы ниетпен оған жаутаңдап, күлімсірей қарайды.

— Сені қандай сүйетіндігімді білсең, Зейнешжан, дүниеде өзімді армансыз санар едім, — деп бір тоқтады ол.

— Мүмкін білетін шығармын...

— Білу деген қиын ғой... Әртүрлі адам бар, әртүрлі сүйісу бар... Адамды адам ұға беру, әсіресе, сүйіспеншілік сезімін ұға беру оңай аңғарыла бермейді-ау, Зейнешжан!..

— Ол рас, — дейді қыз тез келісіп.

— Кейде ішті өртеген ыстық сезімдеріңді жеткізе алмай қиналып, қор боласың, кейде сенің сол адал сезіміңді сүйген адамың басқаша жорып, бағаламай жеңіл түсініп, жаныңа жара салуы мүмкін... Қиын ғой ұғысу...

Зейінгүл үндемейді. Бірақ іштей құптап келеді. Әлгінде ғана орынсыз секем алғанын да сол дос жүрегін ұға білмегендігімнің әлегі емес пе деп жориды...

Сөз үзіліп, бірер секунд тынып қалды. Жел де еспейді. Көшеде дыбыс та естілмейді... жым-жырт... Тек қана екі жүрек дүрс-дүрс соғып, осы бір секундта күллі қаланың тынысын солар жеткізіп тұрғандай болады...

— Не, не ойлап қалдың екен? Шіркін, білсем, — деді Кәрім сөзді қайта қозғап.

— Не ойлаймын, түк те ойлағаным жоқ.

— Ойлауын ойладың ғой, Зейнешжан, амал не, айтпаған соң...

— Наныңыз, рас айтамын...

Қыз лебізі біртүрлі ашық үнмен еркелей шықты. Дауыс ырғағынан күлімсіреп тұрғанын да байқау қиын емес еді...

— Жақсысың-ау, Зейнешжан!

— Мұныңыз орынсыз сөз...

— Кешір, айтпасқа шарам жоқ...

— Жоқ, айтпаңызшы...

— Ал, айтпайын, үндемейін!..

— Міне, үйге де келдік, — деді Зейінгүл әңгіменің тақырыбын өзгертіп.

— Солай ма?

— Рақмет, ал сау болыңыз, — деді Зейінгүл.

— Неге асықтың?

— Ертең ерте тұруым керек...

— Олай болса, енді қашан кездесеміз?.. Айтпақшы, ертең тың жерге баратындарға арналған қалалық жиналыс болады екен ғой... соған қатысуға тиіс едім...

— Қатысыңыз...

— Егер бірге барсақ қайтеді?..

Қыз қарсы болмады...

...Үйіне кіре бергенде, Зейінгүлдің ойына жігіттің осы соңғы сөзі түсті.

«Тың жерге баратындардың бірі болғаны ғой... Онысын айтпай менен жасырғаны несі екен?..»

III

— Тыңды игеруге баратын әрбір жас-біздің заманның бүгінгі геройы, Отанның от жүректі ұлы. Оның атқаратын ісі тарихи іс. Ол көтерген тыңнан даламызда егін жайқалады да жаңарады, ол өндірген алтын дәндер ел қазынасына жаңа дәулет болып қосылады... Ендеше, кімде-кім Отанды сүйсе, оның көркеюін тілесе, кімде-кім халқымыздың игілігі жолында өмір бастап, тұрмысымызды шалқытқысы келіп, ол бөгелместен тыңға тартады, ендігі еңбекті тыңнан бастайды...

Кәрім мінбеде осы сөздерді айтып тұрғанда, Зейінгүл залда бірінші боп қол соқты. Бұл сөз оған Кәрімнің бүкіл жан дүниесін көз алдына әкелгендей болды. Одан отаншыл, сондай бір үлкен саналы жүректі көрді. Мұндай жүректің лаулаған жалыны да өмірі суымаса керек деп түйді де, ол өз басынын тағдырын қызыға есіне алды...

Бір кезде бұл тағдыр оған ауыр да боп көрінген. Сегізге жаңа аяқ басқан кезінде Отан соғысы майданында әкесі өлді. Бұл аздай, 1944 жылы шешесі қайтыс болды. Осы ауыр соққыға ұшыраған Зейінгүл өмірден алар қызығы біткендей, күзгі гүлдей сола бастады. Осындай қиын күнде бақытты өмір оған қайта оралды... Ол интернатқа алынды. Жаңа достарының арасында басталған жаңа өмір барған сайын қызығы артып, жан жарасына шипа боп дарыды. Уақыт-емші бірте-бірте қайғыны да ұмыттырды. Солғын гүл қайта тірілді... Ақырында келіп жастық шақтың заңды ерке толқыны көтеріліп, қызды өз теңізіне әкетті.

Ешбір өгейлік көрмеген өзінің жастық шағына Зейінгүл риза еді. Оқыды, мектеп бітірді, өзі қалады да, кейін медсестра болды... Бұдан әрі де сайрап тамаша жолдар жатты. Кезек күтіп, медицина институты тұр. Дәрігер болады... Тілесе, одан әрі тағы да оқиды, ғылым шыңына көтеріледі...

Қаяусыз, осындай тамаша жастық шақта өмірге өзек боп тартылып махаббат оянады. Ол сәтті басталса, адам өмірін рухани байытып, тың ізгілікке, жарқын жаңа сезімдерге жолықтырады да, келешегіне күнгей шуақ әзірлейді. Ал, сәтсіз басталса, жап-жас жанды тебіренте шайқап кетеді де, жүректе ұмытылмас із қалдырады...

Зейінгүл мұның ешбірін де бастан кешірмеген, өмір тәжірибесі аз, албырт жас еді. Махаббатпен ере келетін көңілділіктің алғашқы дәмін татуы да енді басталып, іштей тағат таптырмас мазасыз жаңа күйге түскені де осы болатын...

Жатақханаға ол кеш оралса да, Галя әлі келмепті. Жүрегі алып-ұшып Зейінгүл жатқысы келмей, Галяны күтті. Оған айтып жеткізгісіз ғажайып көңілділік пайда болған. Рақат ойлар балбыратып, содан бір тәтті шырын татқандай, тамсана күлімсірейді... құстай ұшып билегісі, шырқап ән салғысы келеді... Жүрек сырласуды тілейді, қуаныш сыртқа тебеді...

Әбден зарықтырған Галя да келді бір кезде.

— Сен осынша кешігіп қайда жүрсің?

— Гришаларда болдым... сонда отырып қалдым...

— Галя, айтшы, Гриша жақсы жігіт пе? — деп Зейінгүл бала мінезденіп досының аузына қарады.

Галя көкшіл көздері ойнап күліп жіберді.

— Мен үшін Гришадан жақсы адам бұл дүниеден табыла қояр ма екен!

— Сен менің, менің қуанышымды білсең!.. Өзімнен өзім бүгін біртүрлі көңілдімін!..

— Білемін, білемін, — деді Галя сұқ қолын Зейінгүлге күлімсірей кезеніп.

— Мен оны сондай сүйемін!.. Рас айтам, Галочка!..

— Ол ше?

— Ол да сүйеді!..

— Айтшы, Зейнешка, сен мұны аз күнде қалай біле қойдың, ә?..

— Білмегенде... Оның сөздерін естісең сен...

Галя бозғыл кірпіктерін жиілете қағып, Зейінгүлге ойлы пішінмен қарап өтті.

— Сүйіспеншілікті сөзбен жеткізу болмайды ғой. Сөз-сөз де, сезім-сезім ғой...

Зейінгүл Галяның бұл сөзін көңіліне ауыр алып қалса да, көңілді қалпын бұзбады.

— Сен қызық екенсің. Сөздің де сөзі бар ғой. Немене, сенің Гришаң саған деген өзінің сүйіспеншілік сезімін айтпай ма!..

— Ол ондайды көп айта бермейді...

— Мә, саған керек болса... үндемесе, сүйген-сүймегенін қайдан білеміз!..

— Оны сөзден білмейсің, ісі көрсетеді... Ал, мен бар ғой, Зейнешка, «сүйемін де күйемін» деп жүрегін ала жүгіретін жігіттерді ме, ой сондай жаратпаймын!..

— Қызықсың, Галя, әртүрлі адам бар, әртүрлі сүйісу бар...

Біреудің пікірін төл етіп айтуы, кенет, өзіне де ерсі көрініп, Зейінгүл ыңғайсызданып кілт тоқтады да, әлденені сылтауратып, теріс айналып кетті. Галя да бұл әңгімені қазбаламады.

— Сен қалай ететін болдың? Жігітіңмен ақылдастың ба? — деді ол біраз тыныштықтан кейін араларында болған таңертеңгі бір әңгімеге оралып.

— Әлі ақылдаса қойғаным жоқ...

— Неге?.. Әлде айныдың ба?

— Неге айнимын.

— Кім білсін, сүйген жігітіңді қимай жүрмесең дегенім ғой...

— Қисам да, қимасам да, барсам болды ғой саған, — деп Зейінгүл жымиып күліп қойды.

— Олай болса, күнде ертең деп уақыт оздыра бермейік... Ендігі эшелонмен кетейік, жарай ма, Зейнешка?..

— Олай етуге де болады, — деді Зейінгүл ойлы пішінмен.

— Кетеміз! Кетеміз!.. Өзің айтшы, Зейнешка, қандай ғажап сапар... Жаңа жерге барамыз!.. Жаңа тұрмыс бастаймыз... Жаңадан қала саламыз! Сол бір дүниеге жаңа келетін қаланың бірінші емшісі де біз боламыз!.. Міне, бұл қызық тарих... Мен осындай бір ғажайып нәрселерді жақсы көремін!..

— Галочка, сен әрқашанда дұрыс айтасың?..

Отан шақырған ұлы іске аттануды екі қыз да азаматтық борышымыз деп ұққан еді. Тыңға басталатын шабуылға ауыл шаруашылығы мамандары ғана емес, басқа да кәсіптің, соның ішінде медициналық қызметтің адамдары да керектігін еске ала, екеуі де қатты толғанып, өздерінің дәл бүгінгі таңда сонда қажеттірек екенін жанмен ұққан еді. Сондықтан да олар бұл қиын жорыққа араласуды алдарына мақсат етіп қойған-ды...

— Гриша да баратын болды. Мүмкін, сенің де жігітің, деп бастаған Галяның Зейінгүл алдын орап әкетті.

— Кәрім бе, Кәрім бір күн аялдар ма екен!.. Мен ренжи ме деп, айтуға қипақтап жүргенін кеше-ақ сезгенмін... Қызық өзі!.. Мен оны бір-ақ қуантам.

IV

Кәрім қуанбады. Қыздың сөзін естіп, шошып кетті.

— Бала екенсің ғой, Зейнеш өзің, дәл саған сонда барудың қанша қажеті бар?.. Тың жерді игерудің не екенін, сірә, білемісің?.. Бұл ойыншық емес, жаным. Ол ең ауыр жұмыс... Сиықсыз қу далада!.. Азынаған суық жел... Дайын тұрған баспана да жоқ. Айтшы, сондай қиын жағдайда қайтып тіршілік етемін деп ойлайсың? Болмайды! Ұмыт ондай ойды?.. Босқа өмірің өксиді...

— Басқалар қалай барады?.. Мен солардан артықпын ба?..

— Мәселені олай қоюымызға бола ма?.. Мұнда да біреулер қалуы керек емес пе..

— Сіздің мұныңызға түсіне алмадым: басқалар тоңсын, қиналсын... Ал, сен қиналма... Бұл ақылыңызды алдымен өзіңізге неге айтпайсыз...

— Өзіме де айтқам...

— Сіз... сіз бармайсыз ба?..

— Бармаймын?

Зейінгүл жаңсақ естіп тұрмын ба деп өз құлағына өзі сене алмай, қайталап сұрады.

— Шын бармайсыз ба?

— Шын, шын бармаймын!

— Мүмкін емес!..

— Неге сенбейсің?.. Барам деп айтқан жерім бар ма?

— Жиналыста айттыңыз ғой.

— Жиналыста үгіт үшін қызу-қызу сөздер айтуға болады ғой. Бірақ онда да мен барамын дегенім жоқ, тек барайын деп үндедім емес пе...

Кәрім күлімсіреп Зейінгүлге қарады. Жұқа енді, көзінен күлкісі тарамайтын бозғыл, ашаң беттен әр үңілген сайын ақылдылық көргендей болушы еді де, қадала қарай беруге ыңғайсызданып, қыз қызыға отырып, көбіне көз қиығын салатын... Сол сүйкімді бет дәл қазір бұрынғы қасиеттерін жоғалтып, қызға бірінші рет басқа әсер қалдырды...

— Сізді бұлай деп ойлаған жоқ едім, — деді де ол өңі сұрланып, басын шайқады. Қыздың түсі бұзылып, даусы дірілдей шыққанын көріп, Кәрім күліп ала жөнелді...

— Құдды баласың!.. Не айтса, соған нанасың... Есіңде болсын, бұл ұлы іске үн қосқанның бірі мына мен болармын!..

Жап-жаңа ғана майда тілі болмаса, жаны тебіренбейтін өзімшіл, қатыгез сияқтана қалған Кәрімнің жүзіне ізгілік қайтып келді. Қыз жүрегіндегі суи қалған сезім де лезде жылып жүре берді. Тілге:

— Сіз баруға болады. Басқалар баруға болады. Маған неге болмайды?.. — деген назды тілек оралды.

— Сені аясам қайтейін...

— Неге аяйсыз? Мені біреу зорлап жіберіп отырған жоқ. Қалаған өзім ғой... Курортқа барады екенмін деп өзім де ойламаймын. Сіз айтқан қиынға, ең қиынға бел буғанмын. Ол мені қорқыта алмайды! Мүмкін, сіз айтқандай, тоңармын да, жүдермін де... Бірақ, мұның маған бәрібір. Өз басымның ғана рақаты үшін өмір сүрмей-ақ қойдым.

Кәрім ешнәрсе дей алмай, едәуір уақыт үнсіз тұрып қалды. Қарадан қарап тұрып, демі тарылып бара жатқандай қысаң, қипақ күйге душар болды. Бір сөз аузына қайта-қайта келіп, бірақ, сыртқа шыға алмай өзінен-өзі булыға берді...

— Сонымен барамын дейсің бе, Зейнеш? — деп қызға ол күмілжи тіл қатты.

— Барамын!..

— Егер мен өтініп сұрасам ше?..

— Сіз, немене, менімен барғыңыз келмей ме?

Аузына қайта-қайта келіп, бірақ манадан қипықтап, айта алмай тұрған сөзді Кәрім осы арада ақтара салғысы кеп бір оқталды да, оным шұғыл болар дегендей екі ұштылай сөйледі.

— Барғым келгенде қандай!.. Бірақ бір жайсыз жағдай болып тұр ғой...

— Ол не жағдай?

— Адам деген қызық қой... Сен тілейсің... Бастықтар оныңды ұға бермейді... Сенің күйінгенінде олардың жұмысы да болмайды..

— Түсіне алмадым.

— Жібермейді...

— Кім жібермейді?

— Бастықтарым... Сен бармайсың, мұнда керексің дейді. Не дерсің оларға...

Бұл сөз Зейінгүлді иландырмады. Тыңды игеруге барамын деген адамға ешбір бөгет жоғын ол жақсы білді. Өзімшіл жігіттің сылдыраған қызыл тілі болмаса, іші қуыс, екіжүзді болмысы жаңа ғана айқындала бастағандай, қыздың көз алды тұманданып бара жатты...

— Солай деңіз!..

— Сен де қал, Зейнеш!.. Ұзақ сапарға сені қимаймын! Өзіңді аямасаң да, мені ая!..

— Ол қолқаңызды орындай алмаймын!..

— Кеткенің бе қайырылмастан?.. Ұмытамыз ба бір-бірімізді?

— Арамызда анық достық бар болса, ешбір ұзақ уақыт, алыс жол ұмыттырмаса керек... Тек сол болмай қор қылады ғой...

— Ол не дегенің, Зейнеш-ау, мен сені ұмыта алармын ба... Бірақ, сорлыңды осынша күйзелтіп, өзіңді алысқа әкетуін жөн бе еді... Әлі де ойлан, кеш емес... сүйген жүректі қансыратпа!.. Екі тілекті бірге түйіп, бақытты өмір бастайық...

— Сүйе білсеңіз, күте де біліңіз...

— Жоқ, ондай сыныңызға түспесем де болар? — деді Кәрім мәмледен ештеңе шықпасын көрген соң паңдыққа басып. Қыз, мүмкін, сонда илігер деп ойлады ол.

Бұл ниеті ақталмады. Қыз ыза мен өкінішке булығып:

— Ерік өзіңізде, — дей салып жалт бұрылды да, көзіне бұрқ етіп келіп қалған қос тамшы жасын жігітке көрсеткісі келмей жүгіріп ала жөнелді.

V

Вокзал басы қарақұрым халық. Жаңа жерді игеруге аттанған жас азаматтарды шығарып салуға қала халқының едәуірі келген... Біреулер кеткелі тұрған жолдастарына жақсы ниеттерін білдіріп, қайырлы сапар тілеп перрон басындағы буфеттен көк мойын, ақ мойын шөлмектерді көп қиналыссыз-ақ демде босатып жатыр. Біреулер қайта-қайта сүйісіп, қолдарын қатты-қатты қысысып, қиыспай бір-біріне ұзақ қарап жымыңдасады... Бір қарттау ана көзінен байқаусызда шығып кеткен жасын жаулығының етегімен сүртіп, ұлына:

— Шайқалып жүріп алмай, барысымен хат жаз, — деп әмір айтқансып, өзі кемсең-кемсең етеді. Енді бір ана көкіректі ашып тастаған соқтауылдай ұлының мойнын қымтап:

— Тамағыңа суық тиеді. Сақ бол! — деп ескертеді.

Жалғыз бір ғана ана емес, қай вагонның қасына барсаң да, осы тәріздес қамқор сөздер есітесің.

— Терістіктің қара суығы жаман болады. Шымқанып жүр!..

— Қатты аяздарда мұрныңа, бетіңе қаздың майын жағып ал, үсімейді...

Балалары шешелерінің көңілін жықпай, «дұрыс, дұрыс» деп бір-біріне ұрлана көздерін қысып, өзара жымыңдасып қояды.

Сол көптің ішінде, өз достарының ортасында, Зейінгүл де жүр. Оны шығара келген бір топ қыз-келіншек қоршап алған. Достар ортасында өзін бақытты сезінсе де, Кәрімді ойлап, көңілі алабұртады. «Шынымен-ақ келмегені ме, достық пен махаббат оп-оңай басталып осылай оп-оңай біткені ме» деп қиналады.

Бір сәт кінәлап: «Соншама егілгендей ол менің кімім? Ондай бояма мәдениеттілерден алыс болғанымның өзі жақсы»-деп жігітті жүрегінен аластап; ұмыт қалдыруға да ұмтылады. Алайда, жігіті бар болғыр ұмытылмайды. Онсыз бірдеңе жетпей тұрғандай, қай-қайдағы бір көңілсіздіктер кеп тап болып, Зейінгүл еріксіз қабақ шытады.

Досының бұл күйін елден ала-бөтен Галя ғана ұғып, оны өзгелерден аулақтап, оңаша әкетіп жұбатады.

— Зейнешка, ойламашы соны... Шын сүйген адам бүйтер ме еді... Мана-ақ келмей ме!.. Жайшылықта жақсы көрінетіндер көп-ақ... Оны айтып та қажеті жоқ... Адамның адамгершілігі нағыз осындай кезеңде көрінеді емес пе... Көрдік оны... Сенің түгің кеткен жоқ, өзі болып өзі қалды... Қайта сондай жалған жанды адамға өмірің қор болмағанға қуан...

Зейінгүлдің өзі де мұны түсінеді. Бір есептен, Кәріммен араларындағы драма осылай аяқталғанына қуанатын да сияқты. Әйтсе де... әйтсе де, ұзақ сапарға аттанар алдында оны бір ғана көргісі келеді... Қаншама жиренбек болса да, сол адам әзірге ыстық-ақ...

Үшінші қоңырау соғылып, поезд жылжи бастады. Осы кезде Зейінгүл кетіп бара жатқан вагонға Кәрім келді. Оның қаладан келіп тұрған беті осы ма, әлде жолығуға жүзі шыдамай, манадан бері қипақтап осы арада жүрді ме ол жағы белгісіз еді. Әйтеуір пальтосының жағасын көтерген күйі, мұрнын қайта-қайта сіңбіріп, кетіп бара жатқандарға жұртпен бірге бұл да қолының ұшын қимылдатып, сәлем жолдап тұрды. Оның мұнысын Зейінгүл кермеді білем (әлде көрсе де, көрмегенге салынды ма екен), есік алдында тұрып ап, бұдан әрірекке, алысқа қарап, кейінде қалып бара жатқан достарынан көз алмады. Кәрім қалайда оның көзіне шалынбақ болып, жүріп бара жатқан поезға ілесе, бара-бара жұрттан оқшау шығып кетті. Бірақ та, қаншама дәмеленсе де, қыз назары бұдан асып түсіп, алысқа, алысқа тігіле берді.

Күн ызғырық еді. Әйтсе де, күн нұрымен шағырмақтанған ашық аспаннан тұп-тұнық жылы ауаның болмашы лебі еседі. Енді біраз күнде көктем шығатыны сезіледі... Бұл лепті поездағылар да, мұнда қалғандар да жақсы сезініп, жүректеріне жаз орнап, жадырай тыныстайды... Ал, қыс тек Кәрімнің басына ғана қалып қойды. Жақ жүні үрпиіп, тітіркене, ұсқыны қашып, ол мүлде қатты жаураған...

Поезд тәтті қиялдай бұлдырап, көз алдынан лезде ғайып болды...

Март, 1954


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз