Сары аурудың дауасы бит екенін, үлкен кісілерден бұрын да талай естігенмін. Тіпті інілерімнің бірі ауырып қалғанда, анамның оны ауруханаға жатқызбай-ақ, битпен емдеп, жазылып кеткенін де көзім көрді.
Арада көп жыл өткен соң, 1981-1982 жылдар шамасы болу керек, балалар бақшасына барып жүрген кішкентай қызыма сары ауру жұқты. Сол топтағы балалар тегіс ауырған.
Алғашында не екенін білмей, дәрігер шақырттым, үйде екеуміз ғанамыз, әкесі Алматыда. Қызымның тамаққа тәбеті тартпай, сұлық жата берді. Бірақ дәрігері күдікті ештеңе айтпады, ондай-ондай бола береді деп, кетіп қалды. Жаным жай таппай, дәрігерді екінші рет шақырттым. Келіп қарады да, өзіме ұрсып кетті. Тектен текке мазаладың дейді. Үшінші күні таңертең ерте гаршокқа отырғыздым. Қарасам, дәреті күп-күрең, сыра түстес. Шошып кеттім.
Сол күні таңда Алматыдан әкесі келген, бір мейрамның қарсаңы еді, 2 жылдық курста жүргендердің бәрін үйлеріне жіберіпті.
— Дереу машина шақыр, дәрігерге алып барамыз! — дедім. Балалар ауруханасының бас дәрігері Жаңыл Бекарышева да уақытында келе қалған. Баланың дәретін көрсеттім:
— Дені сау баланың дәреті осындай бола ма? Дәрігерлеріңіз бекер мазалайсың деп, маған ұрсуы дұрыс па?! — дедім.
Ол кісі ештеңе айтпастан, дәретті алып, лабораторияға өзі кетті. Көп кешікпей қайтып келген.
— Балаңызды дереу ауруханаға салу керек, сары ауру, — деді.
Өзім сұранып, жанына бірге жатуға рұқсат алдым. Бокс дейді екен, жеке-жеке бөлмелер, әрбіреуінің өз ваннасы, туалеті бар.
Балаға бірден система қойып, қанын тазартуға кіріскен. Бірақ 2-3 жасар сәби оған қайдан көне қойсын, қол-аяғын ұстатпай, шырқырап жылағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Қоса шырылдаған мені шығарып жіберіп, есікті жауып алды. Сол күн, әйтеуір, азаппен өткен. Ертеңіне әуре сарсаң тағы басталды, кеше де тамырын таба алмай, төменгі қабаттан бір үлкен медсестра әйел келіп салған, бүгін ол да жоқ.
Шыдамадым, кіріп бардым да, балама жармастым:
— Кетіңдер! Жұмыстарың болмасын! Сендер емдейді екен десем, бес-алтауың жабылып, құйтақандай сәбиді азапқа салдыңдар ғой! Барыңдар, бастықтарыңа барып айтыңдар, мен мұндай емге қарсымын!
Шұбырып, бастықтар жетті:
— Неге қарсысыз? — деді бас дәрігер.
Түсіндірдім:
— Басқаша емдеуге болмай ма?! Мына түрлеріңізбен, ажалынан бұрын өздеріңіз өлтіресіздер ғой, — деп едім:
— Тамырдан жіберілетін сұйық глюкоза ғой, оны ішкізуге де болады. Өзіңіз ішкізе аласыз ба? — дейді.
— Неге ішкізе алмаймын?! Ішкіземін! — деймін.
Сөйтсем ол күніне небәрі 1 литр. Баламды жаныма отырғыздым, сұрағанын бәрін бердім, онан соң, жайлап отырып мынаны айттым:
— Мен саған тағы да шоколад беремін, екеуміз ойнаймыз. Бірақ сен мына дәріні ішесің, ол ащы емес. Ал ішпесең, тағы да қолыңа укол салады. Сондықтан ішіп қой.
Бір байқағаным, кішкентай кезінен қызым айтқанның бәрін де ұғатын. 2-3 айлық кезінің өзінде далаға шығаруға дайындала бастасам, соны сезіп, қуанып, қолын шапалақтап, менің бетімнен сүйіп, ризашылығын білдіріп мәз болатын.
Кейіннен мынандай бір қызық болды. Ол кезде сол папасы Алматыда партия мектебінде жүрген. Семейдегі сіңлім жолдасымен, кішкентай ұлымен көшіп келіп, біздің үйде тұрып жатқан. Бақшаға баратын қызымды күнде өзім алып кететінмін. Сол күні газеттің бір шұғыл берілетін хабарын күтіп, кешігуге тура келді. Сол себепті үйдегі күйеу балама баруға тура келген.
Барса қызым бірден:
— Мама где? — депті. Онда орысша сөйлейді. Оны баласынған анау шықпай қояр деп қорқып, алдай салыпты:
— Жүр, тез киін. Мамаң есіктің алдында тұр. Жанка тез киініп, жүгіріп есік алдына шығады, ешкім жоқ.
— Ты меня обманул! Где мама?! — деп, жыламсырайды.
— Жанка, жылама! Мамаң үйде күтіп отыр?! — дейді, тағы да өтірік айтып. Жүгіріп үйге келеді.
Жұмыстан келсем, бір бөлмеде еңіреп жылап қызым жатыр, екпетінен түсіп. Екінші бөлмеде, күйеу балам отыр, телевизор көріп.
— Бұл не?!
Сөйтсем Жанка барлық бөлмелерді, балконды, қуыс қуысты зыр жүгіріп қарап шығады да, еңіреп төсекке құлай кетеді. Айтқаныңа тіпті құлақ аспапты. Сол жатып еңірегеннен, мен келгенше еңіреп жата беріпті.
Айтайын дегенім, егер мен оған өзімнің кідіретінімді түсіндіріп кеткен болсам, ол ешуақытта жыламайтын. Бірақ тағатсыз күтіп жүретін. Сол себепті белгілі уақыттан тыс кешікпеуге тырысатынмын.
...Бұл жолы да айтқанымды түсінді. Арасында әр нәрсеге бір алдандырып отырып, 2 сағат шамасында 1 литр глюкозаны ішкіздім. Сөйтіп, күн сайын, укол салудың орнына, медсестра маған 1 литр емдік сұйық әкеліп беріп жүрді. Дегенмен менің бұған көңілім көншімей, бит іздестірдім, таптырмады. Соған ниетімнің ауғаны сонша, баламның сауығуына өзге ештеңенің пәрменді әсері болмайтындай көрініп, жылап жүрдім.
Бір күні осылай уәйімдеп жатып ұйықтап қалғанмын. Түн ішінде әлденеден оянып кеттім. Дәл көкірек тұсымда, әлдене, жыбырлайтын сияқты. Қолыммен сипап көріп едім, әлдене ілікті. Бит сияқты. Көкірегімнен қолымды алмаған күйімде орнымнан тұрып, шамды жақтым. Әбден орнығып алған соң, алдымдағы ақжаймаға салып қарасам, шынымен, бит екен. Аппақ аш бит. Өзі әжептәуір үлкен. Қайдан, қалай келді ол?! Алғашында бұған көп бас қатырған жоқпын. Қалай жегіземін? Ақыры қатарластыра бірінің үстіне бірін жинап таблеткалар салатын жіңішке әйнек құты бар еді, соны босатып, ішіне жібердім де, аузын тас қып жаптым. Таңертеңге дейін бірнеше рет тұрып, қарап қойдым.
Қызымның таңғы алтыда тұрып сүт ішетін әдеті бар. Сол кезді күттім. Сүтін ішпестен бұрын тағы да алдын ала түсіндіріп, мен кішкентай ғана нан беретінімді, оны шайнауға болмайтынын айттым. Тілінде тұрған нанды әлгі бір стакан сүт әрі қарай алып кетуге тиіс.
Солай болды да қойды...
30 күннің ішінде бізді үйге шығарды.
— Бұл аурумен әдетте 40 күнде әрең шығарамыз. Не істедіңіз?! — деп, сұрады бас дәрігер. Мен иығымды қиқаң еткіздім, ештеңе айтпадым. Өйткені әлгі оқиға ішіме сыймай таңертең медсестраға жеткізгенімде, ол сенбеген: "Тоже мне сказки рассказывает", — деп, жүре беріп еді.
Сол бит әлі көз алдымда. Әлі күнге дейін таң қаламын және түсінбеймін...
...Түсімде теңіздің жағасы секілді. Биік өскен қалың шөп көрдім. Кенет әлгі шөптердің арасынан Жанка шыға келді. Үстінде жасыл көйлегі бар. Өзі көңілді, күліп тұр. Сонадай жерден әкем Нұрсапа еңкейе қарап күледі...
Бұл балам ауырып, тәуір бола бастаған кез болатын. Енді ойласам, менің кеудемдегі әлгі бит, шынында, қайдан келді? Шынымен әкем жеткізді ме екен?!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі