(ӨЗЕН ӨТКЕН ӨТКЕЛДЕР)
...Мұнай отандық өнеркәсіптің маңызды саласы ғана болып қоймай, сонымен бірге мемлекеттік тәуелсіздік мәртебесінің нышанына, жарқын болашағына деген сенімге айналды. Енді Қазақстан мұнайы Қазақстан халқының игілігіне қызмет етуде...
Нұрсұлтан Назарбаев
Ғасырлар бойы жер қойнауының терең түкпірлерінде жатқан Өзен кенінің жер бетінен Қазақ елі тәуелсіздігінің төбесі көрінгенде ғана бой көрсетуінде бір таңғажайып сыр жатқандай. «Егер оның байлығы осыдан жүз жыл бұрын, Қара шүңгіл қазынасымен бірге, Ресейдің ортақ қазанына құйыла бастаса, оның күйі дәл қазір қандай боларын бір құдайдың өзі білер еді ау», — деп, ойлайсың еріксіз. «Халқымыздың несібесіне тиіп, ертеңгі күнінің жарық жұлдызындай қызықтырып отырған қалған ырысы өзіне бұйырғай, ырыс бұлағына айналып, игілігіне ғана жұмсалған», — дейді енді маңғыстаулықтар.
Иә, Өзен кенін игерудің де ширек ғасыры Кеңес Одағы тұсында жүзеге асты. Адам факторы ескерусіз қалған сол бір жылдарда елсіз, сусыз аймақтағы табиғаттың барлық қаталдығын бастарынан өткізе жүріп, оның тамаша тағылымға, жасампаздық пен ерлікке толы отыз бес жылдық тарихын жасаған Маңғыстау кеншілері алдында бас иіп, тағзым ету парыз дер едік.
Өзен кен орнындағы ұлы дүбір №1 ұңғыдан тұңғыш рет 1961 жылғы 15 желтоқсанда 1248-1261 метрлік тереңдік аралығын сынау кезінде атқан мұнай фонтанынан басталған. Осынау тарихи сәттің мәңгілік мақтаныш құрметі сол жылдың көктемінен бастап Өзен кен орнында іздестіру-барлау жұмыстарында жүрген Михаил Кулебакин басқарған бригада мүшелері үлесіне тиген еді. Ол қуанышты Демесін Арғымбаев, Сапар Денов, Болат Қарамұрзаев, Бітім Қыдырбаев, Кали Алданов, Тынышбай Опиев, Қартбай Жалғасбаев, Көшербай Әлібаев, Еділбай Қараев, Ершал Көшеров, Жылқыбай Шүйішбеков сияқты бригада мүшелері де бөліскені қаң. Өзен кен орнының атағын шартарапқа жеткізген сол бірінші ұңғы бүгінде кендегі мыңдаған мұнай көздерінің көшбасшысындай, құрметті тұғырда тұр. Әрине, бұл тек қана жеке бригаданың немесе жеке адамның емес, сол өңірде сол кезеңде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан барлық барлаушылардың ортақ табысы еді. Сонымен қатар Қазақ елінің жаңа ашылған ырыс кезі болатын.
Түбектегі мұнай мен газ кеніштерін іздестіру жұмыстары жүргізіле бастаған кезеңнен бастап 1965 жылға дейін 91256 мың метр тереңдік бұрғыланған екен де, ол негізінен Өзен кен орнының үлесіне тиіпті. Соңын ала іздестіру барлау жұмыстары Қарамандыбас пен Теңгеде жалғасқан. Бұл жағдай Өзен кенінің жылдамырақ игерілуіне алғышарттар жасағандай. Алайда бұл өңірдегі жағымды жаңалықтар одан әрі көп күттірмейді. Келесі жылдарда осы төңіректегі кен орындары бірінен соң, бірі ашылып, барлаушылардың өз сөзімен айтқанда, Маңғыстаудың мойнына тағылған алтын алқалардай, қатары көбейе берген. Бұл турасында түбектегі алғашқы іздестіру барлау экспедициясының бастығы Қамысбай Мырзағалиев былай дейді:
Мен ол кезде Грозныйдан техникум, Москвадан институт бітірген, Ембі кәсіпшіліктерінде он жылдай геофизика, бұрғылау жұмыстарымен шұғылданған отыз бес жастағы қарт бастық екенмін. Ал жұмысшылар тобын құрағандар Форт Шевченко мен Таушық орта мектептерін бітірген, Доссор кәсіптік мектебінен келген уыздай жастар еді. Олардың өздері атқаратын жұмыстарынан сәл де болса хабардар болуы үшін сол жұмыс басында мұнайшылық сырларын ашатын, техника тетіктерін қалай пайдалануға болатындығын үйрететін сабақтар жүргізіп, содан кейін барып іске пайдалануға мәжбүр болдық. Сөйтіп жүріп, солардың күшімен Жетібай, Өзен, Теңге, Қарамандыбас, Асар сияқты белгілі кен орындарының кіндігін кесіп, тізгінінен ұстаймыз деп кім ойлаған...
Өзен кенінің отыз бес жылдық игерілуі туралы айтқанда, оның үлкен болашағы үшін кен орнының іргетасын қалап, мұнай мен газ құбырларын тартып, топтық қондырғыларын тұрғызып, өндіріске жол салып бергендердің еңбегі ұмытылмақ емес. Олар алғашқы мұнай эшелонын жөнелтіп, өздері құрған кәсіпорынды айтулы мұнай кешеніне айналдырды. Алдында тұрған одан да мәртебелі шақтарының негізін жасады. Алайда Маңғыстау кеншілері мұны жан-тәнімен сезінгенше әлі көп уақыт бар болатын...
Қазақстанның мойнынан бодандық құрығы қысып тұрған кез екені өз алдына, жалпы қандай жағдайда да ашылған байлықты игілікке айналдыру үшін оның өзін өзі ақтайтындығын анықтау қажет. Осы негізде қазақстандықтар Мәскеудегі Мемлекеттік қор жөніндегі комитет алдында, Өзен кенін игеру жөніндегі өз талаптарын қорғап шығулары керек еді. Мәселе ашылып жатқан кен орнында қанша мұнай қоры бар екендігін дәлелдеп шығуда болатын. Ал дәлелдеу үшін жасалатын шаруа ұшан теңіз. Осындай қорғау мақсатында жасалатын схемалар мен есеп құжаттары ондаған том құрап, оларды алып жүру үшін арнаулы көлік керек болады екен.
Сөйтіп 1964 жылдың 1 қаңтарында Өзен кенінің мұнай қоры жайлы есеп Мәскеуде қабылданады. Осыдан соң барып, Маңғыстау қазынасын игеру мақсатында Ақтау қаласында «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігі құрылады. Байқап қарасаңыз, қазір Теңіз кен орнынан кейін екінші орындағы алып мұнай кеніші деп танылып отырған Өзен кен орнының игеріле бастауы жарты аралдағы ғаламат өзгерістерге алғаш жол салған екен. Әдетте бір жақсылық екіншісін ілестіре жүрмей ме, сол сияқты Одаққа өзін мойындатқан Өзен кені өзі жаңғырып, жаңа тыныс алуымен бірге өмірге мұнайшылар қаласы Жаңаөзенді де ала келді.
Ең алғашқы жеркепелер... вагондар мен сүреңсіз шатырлар... құрастырмалы баспаналар... Алғашында ол қала типтес поселок еді, Өзен ауданының құрылуына байланысты қала атауы берілді. Әуелде оның салыну салынбауы жөнінде қилы-қилы пікірлер болғаны әр жерде жазылып та, айтылып та жүр. Қаланың алғашқы қадасын қаққан, бүгінде аты аңызға айналған құрметті ағамыз Рахмет Өтесіновтың жазбаларына қарағанда, алғашында мұнайшылар Ақтаудан қатынап істеуге тиіс деген пікір басшылыққа алынған. Өзен мұнайшылары вахталық әдіспен жұмыс істеп, жатақханаларда тұруға тиіс екен. Алайда жүз елу шақырым жерге қатынап жұмыс істеу ол кезде оңай шаруа емес болу керек. Марқұм Әнес аға Бүркітбаев ол кездегі жолдың нашарлығынан екі ортаға алты сағат жүретін едік десе, «Тарлы асуынан» өту көлікке ауыр болғандықтан, өзіміз машинадан түсіп, жаяулап шығатын едік деп жүргендер де бар. Әйтеуір, көпшілік отбасынан жырылып, барып-келіп жүруді қолайламайды да, сол жақта үй ішімен тұрып қала беріп, қала салуға мәжбүр еткен. Сөйтіп, 1964 жылдың наурызында Жаңаөзен қаласының алғашқы қадасы қағылыпты.
Осы жылы «Маңғыстаумұнай» бірлестігі құрамында «Өзенмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы өз алдына шаңырақ көтеріп, шоқтығы көріне бастайды. Оның тұңғыш бастығы болып Рахмет Өтесінов тағайындалады. Отыз екі жасында аудан басқарып, отыз жеті жасында Өзен сияқты алып кен орнының тізгінін қолына ұстаған, бүгінде маңдайалды мұнайшы ғана емес, ғалымдық, жазушылық дәрежелерге жеткен бұл қайсар қазақты өзендіктер ешқашан да ұмытпақ емес, мәңгілік мақтаныш етері де сөзсіз.
Өзен кенінде үлкен қиыншылықтармен, ауыр жағдайларда жылдар бойы жүргізген жұмыстарының жемісін өзендіктер 1965 жылы алғаш рет көзбен көрді деуге болар еді. Оныншы шілдеде Гурьев мұнай өңдеу зауытына Өзен мұнайының алғашқы эшелоны жөнелтілді. Сонымен бірге Өзен Кеңес одағының түкпір-түкпірінде жылы-жұмсақ аңсаған алуан түрлі ұлт өкілдерінің көз құртына айналып, тәттіге үймелеген шыбындай, жан-жақтан қаптай бастаған. Орталықтың да назары түсіп, осылай қарай болатын іссапарлар көбейген. Соның бір мысалы ретінде мамыр айының екінші жартысында өткен Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференцияны атауға болар еді. Оған Кеңес одағындағы барлық мұнайлы аймақтар өкілдері, мұнай мен газ ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты.
Бұл жылдары жергілікті бола бастаған Өзен өңірі тұрғындары өмірінде күн сайын дерлік жаңалықтар көрініс беріп отырды десе болғандай. Өйткені бұрын тұрақты халқы болмаған жерде олардың қамы үшін жасалатын әрбір әрекет жаңалық, жанға жылу беретін жақсылық белгісі болып қабылданатын. Осындай жаңалықтар қатарында Өзен — Маңғышлақ — Мақат теміржолының пайдалануға берілуін де, Шевченко — Өзен электр жүйесінің іске қосылғанын да, Сауысқан — Өзен тұщы су құбырының пайдалануға берілгенін де айтуға болар еді. Олар біртіндеп Өзен тұрғындары өміріне тіршілік етудің жарық сәулесін түсіре бастаған.
Өзендік мұнайшылар 1966 жылдың шілдесінде алғашқы миллион тонна мұнайды өндіріп, түбектің «қара алтынын» енді Ресей жеріне асыра бастаған. Бұл мақсатқа алдымен теңіз жолы пайдаланылды. Оны арнайы салынған бір жүз қырық шақырымдық Өзен — Жетібай—Шевченко мұнай құбыры қамтамасыз етті. Ал Ресейге мұнайды жер бетімен тасымалдау үшін мың жарым шақырымға созылған Өзен — Гурьев — Куйбышев құбыры салына бастады. Бұл әлемдегі тұңғыш трансконтиненталдық ысытылып айдалатын мұнай құбыры еді. Оның бірінші кезегі 1969 жылғы 26 тамызда іске қосылды.
Қоймасынан атқылап шығып жатқан мұнайды көтеріп тұрған қысымды сақтау қажеттілігі Өзен кен орнын игеру басталар-басталмастан-ақ қолға алына бастаған. 1970 жылы пайдалануға берілген, тәулігіне 7,5 мың текшеметр теңіз суын айдайтын құбыр осыған дәлел. Сонымен қатар сол кезде мұнай өндірудің түрлі тәсілдері зерттеліп, құрамында балауызы көп Өзен мұнайы үшін оның ең қолайлы деген түрлерін игеруге де мән беру қажет еді. Осыған сәйкес осы жылдары компрессорсыз газлифт әдісін қолдану жүзеге асырылған.
Әрине, өмір мен өндіріс қажеттігінен туған жаңалықтардың барған сайын көбейе түсуі табиғи нәрсе. Өндірілген мұнай шикізат, арада отыз бес жыл өткен бүгінгі күнге дейін ол әлі шикізат түрінде сатылып келеді. Миллион тонналап өндірілген «қара алтынды» барынша тиімді пайдалану, оның игілігін мейілінше көбірек көру ол кезде де оны өз қолымен өндіріп жатқан мұнайшылардың немесе оларды басқарып отырған басшыларының білместігінен еместігін жұртшылық жақсы түсінеді. Мұнай Маңғыстаудікі болғанымен, оған басқалар қожайындық жасайтын. Кеңес Одағы тұсында Өзен мұнайшыларының қол жеткізгені — Қазақ газ өңдеу зауытын салдыруға рұқсат қана еді. Бұл Шешім Кеңес одағы компартиясы Құрылтайының 1971-1975 жылдарда халық шаруашылығын дамыту жөніндегі нұсқауларына сәйкес алынған. Сол жылы-ақ газ зауытының құрылысы басталып, бу қазандарын салуға назар аударылған.
Өзен кен орнындағы ен байлықтың бірі газ болуы себепті осы өңірде газ өңдеу зауытының құрылысы қолға алынды. Көп ұзамай Маңғыстау газ өндіру басқармасы да құрылған. Ұзындығы 340 шақырымдық Өзен — Бейнеу газ құбыры пайдалануға берілді. Теңге кен орнының өнеркәсіптік газы Орта Азия Орталық құбырына қосылды. Өзен мұнай кәсіпшіліктерін теле механикаландыру жүзеге асты.
Сол жылдары Қарамандыбас, Асар кен орындарын игеру басталған. Кейінгі геологиялық зерттеулердің нәтижесінде Қарамандыбас Өзен кен орнының батыс жақ жалғасы екені анықталды. Өзен кен орнындағы құнарлы горизонттар Қарамандыбаста да тегіс таралған. Мұның мұнайы да Өзен мұнайына ұқсас, құрамында балауыз көп — 23,5 процент құрайды, ал асфальт пен смола 18,8 процент. Қарамандыбас қазір де Өзен кен орнымен қатар мұнай өндірісіне өз үлесін қосып келеді.
Маңғыстау облысының шаңырақ көтеруі Өзен кені аймағына өз жаңалықтарын ала келді. Жаңаөзен енді облысқа қарайтын қала болды. Өзен халқы орталық теледидар хабарларын көру мүмкіндігін алды. Осы жылдары Маңғыстау газ өңдеу зауытының алғашқы екі блогы іске қосылып үлгерді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы тойланған 1975 жыл Өзен кені өңіріндегі үлкен оқиғаға тұспа-тұс келген. Өзен мұнайшыларының кен орны игеріле бастағаннан бергі өндірген мұнайы 100 миллион тоннаға жеткен. Бұл кезде Өзен кенін игерушілердің алдыңғы легі тұңғыш рет марапат белгілерін тағынып үлгерді. Сондай-ақ әрбіреуінің он мың киловаттық қуаты бар үш агрегаттан тұратын Өзен компрессор стансасы іске қосылған. Жаңалықтар мұнайшылардың мәдени, тұрмыстық өмірінде де болып жатты. Алдымен қалада стадион бой көрсетті, сәл кейінірек алты жүз орындық «Жалын» кинотеатры салынды. Тәулігіне 15000 тонна сүт және сүт өнімдерін шығара алатын сүт зауыты жұмыс істей бастады. Алғашқы демалу сауықтыру орны «Өзен» санаторий профилакторий» ашылды. Бейнеу — Өзен су құбыры пайдалануға беріліп, жаңаөзендіктер Амудария суын іше бастады.
Сонымен қатар өндірісті жетілдіру жұмыстары одан әрі өріс алды. Кен қабатына су айдауға арналған қондырғы, қабатқа жіберілетін ыстық суды дайындайтын пештер осы кезде іске қосылды. Бұл 1976-1977 жылдар болатын. Отыз бес жылдық өркендеу биігінен өткенге көз жіберген «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылары қазір Өзен кен орнын игеру мен пайдаланудың басынан осы жылдарға дейінгі аралығын — кен орнын игеру жұмыстары бірқалыпты жүрген, жаңа учаскелер мен алаңдар бірінен кейін бірі пайдалануға беріліп, нәтижесінде мұнай өндіру көрсеткіштері тұрақты есе келе 16,2 млн тоннаға жеткен өрлеу шағы деп баға береді.
Ал 1978-1981 жылдар мұнай өндірісінің құлдырау кезеңі деп есептеліп, бұл кезең бұрынғы геологиялық-техникалық шаралардың Өзен кен орны үшін тиімсіздігін көрсетті дейді. Қабатқа ұдайы айдалған судың салдарынан мұнай өнімінің көлемі азайған. Әрине, бұл жағдай орын алған кемшіліктерді жою жолдарын іздестіруді талап етті. Түрлі тәжірибелер жасалды. Нәтижесінде 1983 жылдың көктемінен бастап қабат қысымын арттыру мақсатында Өзен кен орнының барлық жерінде жер астына ыстық су айдау жүзеге асырылды. Тәулігіне айдалатын ыстық су көлемі 150 мың текшеметрге жетті. Бұл тұрғыдағы жұмыстар одан әрі жүргізіле берді. Олардың қатарында балауыз тұнбаларына қарсы әсер ететін ингибираторларды енгізу сияқты тәсілдер де болды. Ал мұнай қабатына ыстық суды сатылап айдау тәсілі тәжірибе ретінде сынақтан өтіп, дуниежүзілік практикада бірінші рет Өзен кен орнында жүзеге асты. Сөйтіп мұнай өндіру бір арнаға түсті. Өнім үшін күресу жолдарын ұдайы іздестіру оның көлемін жылына 9—10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.
Бұл жылдары Жаңаөзен қаласының мәдени-тұрмыстық ахуалы бұрынғыдан жақсара түсті. Қалада «Мұнайшы» мәдениет сарайы, балшықпен емдейтін сауықтыру орны, жаңа үлгідегі санаторий, соғыс ардагерлерінің аллеясы, дәрігерлік училище, пионер лагері, мұнай техникумы пайда болды. Мұның бәрі де, әсіресе орта оқу орындарының ашылуы үлкен оқиға болатын. Бұл жаңалықтар Жаңаөзен қаласын шын мәніндегі қала деңгейіне көтерген. Мұнай техникумы қалада мұнайшылардың жаңа легін тәрбиелей бастады. Оның дербес оқу орны ретінде кемелденіп кетуіне сол кездегі Өзен мұнай-газ өндіру басқармасы мен осы саланың өзге де еңбек ұжымдары көп ықпал жасады. Кабинеттері мен лабораторияларын жабдықтап берді. Техникум оқушыларын жатақханамен қамтамасыз етті. Қажетті мамандықтар бойынша жастарды оқытып, стипендияларын төледі, қаражат бөлді. Техникум бара-бара колледжге айналды. Енді жастардың Жаңаөзен қаласында жүріп жоғары білімді маман болу мүмкіндіктерін іздестіруде.
Өзен кенінде мұнай өндіру ісінің екінші рет құлдырауы 1991-1995 жылдар аралығын қамтиды. Бұл құлдыраудың себептері негізінен бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауына байланысты қалыптасқан жүйелердің бұзылуы мен инфляция және сыртқы экономикалық әсерлердің салдары еді. 1994 жылға дейін Өзен мұнай газ өндіру басқармасы қаланың барлық мәдениет ошақтарын, емдеу-сауықтыру мекемелерін, мектептер мен он алты балалар бақшасын, орта білім беретін оқу орындарын ұстап тұрды. Бұл заңды да еді, өйткені мәдениет ошақтары сол мұнайшылардың өздеріне қызмет көрсететін, емдеу мекемелері де солай. Мектептер мен бақшаларда солардың балалары тәрбиеленіп жатты. Ал қаланың шаруашылығы мұнай мен газ өндіру. Мұнда келетін табыстың өзге көзі де жоқ.
Алайда, 1990 жылдан бастап мұнай кәсіпшіліктерінің жағдайы кете бастады. Ыдыраған Одақтың қолтығынан шығып қалған Қазақ елінің сол бойда-ақ бойын билеп, жолын тауып кетуі қиынға соқты. Бұрынғы байланыстың бәрі үзілген, мұнай өндіру жабдықтары жаппай тоза бастаған. Қазақстанда мұнай өнеркәсібі үшін ешқандай құрал-жабдық жасалмайды. Дербес бөлшектер жоқ. Ол кезде өндіріп берген мұнайдың өзі негізінен Ресей зауыттарында өңделді. Кен орнында жағдай барған сайын ауырлай түскен... Осынау кезең турасында Жақсылық Жанғазиевтың мынадай сөздері бар:
Қайсыбір табиғи құбылыстың да басталуы, шарықтау шегі, бәсеңсуі болатыны секілді, Өзеннің де қойныңдағы «қара алтынын» фонтандата ақтарудан басталған қарқыны жетпісінші жылдардың ортасында шарықтау шегіне жетті. Содан кейін өнім өндіру көлемі біртіндеп кеми бастауы табиғи заңдылық еді. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардың басында біртіндеп кему күрт құлдырауға ұласты. Оның көптеген себептері болды. Ең бастысы, әуел баста кен орнын тиімді пайдаланудың дұрыс технологиялық бағыты айқындалмаған еді. Қабат қысымы төмендеп, мұнайдың фонтандатуы тыйылғанда шұғыл түрде жер астына ыстық бу айдау басталды. Алғашқы кезде қабат қысымын арттырып, мұнай алуды жеңілдетуге оң ықпал жасағанмен, миллиондаған текшеметр ыстық бу қазыналы қыртыстардың табиғи қалпын бұзып, шылқыған суға айналып, мұнайдың сапасын төмендетіп жіберді. Осыдан кейін кен орнын сауықтыру, жаңа технология енгізу мақсатында қолға алынған шаралар Одақтың тарап кетуіне байланысты іске аспай қалды... Егемендік туын енді тіктей бастаған жас мемлекетіміздің бұл шараларды өз бетінше жүзеге асыруына материалдық-техникалық та, қаржылай да мүмкіндігі болмады... Нәтижесінде соңғы бес жылда өнім өндіру көлемі жыл сайын жиырма процентке кеміп отырды. Бірақ бұл Өзеннің берері азайып, бағы қайтқандығына емес. Біз баяғыдан бері ұрандап жүріп, Өзен қойнауынан екі жүз миллион тонна ғана өнім өндірдік. Бұйырса, егемен еліміздің несібесіне айналғалы тұрған екі жүз миллион тоннадан астам қазына кен орнының қойны қонышында игерілместен жатыр. Мұнай қорының молдығы жөнінен әзірше Теңізден басқа алдымызға түсетін кен орны жоқ...
Кәсіпорынның қаржы-қаражат жағдайын жақсарту және өндірісті басқару тиімділігін арттыру мақсатында 1994 жылы «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Оның құрамына Жаңаөзен қаласында орналасқан 24 бөлімшесі кірді. Бірлестіктің Бас директоры болып Жақсылық Смағұлұлы Жанғазиев, бас инженері болып Мұрат Ізбергенұлы Құрбанбаев, бас геологы болып Қолғанат Құлсариев тағайындалды. Бұл — өзінің сипаты жөнінен Өзен мұнай кені тарихындағы жаңа кезеңнің басы болатын. Әкімшіліктің жаңа құрамы мен жауапты қызметкерлері кен орны үшін түбегейлі бетбұрыс қажеттігін, іске жаңаша көзқарас тұрғысынан келу керектігін жақсы түсінді. Сондықтан да батыл қимылға көшкен...
1970 жылдан бері шығып, Өзен кен орны шежіресін күнбе-күн жазып келе жатқан жергілікті газетте «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының ардагер мұнайшысы бұл турасында былай деп жазған еді: «Кен орнынан жылына бір миллион тонна мұнай жоғалтқан кездер болды... Бір топ жігерлі азаматтар кен орнын оңалту ісін шұғыл түрде қолға алып, оны тығырықтан шығарды. Соның жемісін Жаңаөзен халқы осы күні татып отыр». (Жаңаөзен». 06. 07. 2000). Осы басылымның келесі бір санында мынадай да жолдар бар: «1994 жылдың аяқ кезінде Мұрат Құрбанбаев Өзеннен құрылған мұнай-газ өндіру басқармасының керегесін керіп, шаңырағын көтерушілердің бірі болды. Сол бір ауыр кезеңде туралап бара жатқан кәсіпорынға жан бітіріп, оның екінші тынысын ашу кім-кімге де аса оңай шаруа емес болатын. Бірақ кіндік қаны осы жерге тамған, туған өлкенің арын арлап, намысын жыртуға жанын салатын Жақсылық Смағұлұлы бастаған бір топ азаматтар ол қиындықтардан қобалжи қойған жоқ. Сөйтіп жылға жетпейтін мерзімде мұнай өндірудің (жылына бір миллион тонна кеміп отырған) құлдырауын тоқтатты. Жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен жергілікті маман азаматтардың басын қосып, ортақ мақсатқа жұмылдырудағы игілікті бастама, оң істерге бастау болғанын айта жүрген орынды». («Жаңаөзен». 01.06. 2000).
1990 жылғы өндірістің құлдырауы одан әрі де осылай жалғаса беретін болса, кен орны өзінің тоқырау шегіне жететіндігін аңғарған кәсіпорын басшылары мен мамандары өз алдарында тұрған міндеттерді саралап, әрекет бағдарын әбден айқындап алады. Олар негізінен үш бағытта жұмыстану дұрыс деп шешеді. Біріншісі — мұнай өндірудегі құлдырауды тоқтату. Екіншісі — өнім өндірудегі тұрақтылықты сақтай отырып, бірте-бірте жоспар деңгейінен шығуды қамтамасыз ету. Үшіншісі — халықтың өз еңбегімен тапқан табысын өзіне қайтару яғни әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осы мақсаттарын жүзеге асыру үшін бірлестік әкімшілігі мен бас мамандары министрлік қызметкерлерімен бірлесе отырып, кешенді бағдарлама жасақтайды. Өзен кенін қалпына келтіру жобасы жасалып, оған Мұрат Құрбанбаев жетекшілік жасады. Осы бағдарлама негізінде жүргізілген ұйымдастыру-техникалық шараларының нәтижесінде мұнай кәсіпшіліктеріндегі жұмыс қалыпты арнаға түсе бастайды, Мамандарға қойылатын талап күшейіп, жауапкершілік артады. Сонымен қатар мұнай өндірумен тікелей шұғылданатын жерлерде тәртіп нығайтылды. Сөйтіп 1995 жылдың 6 айында алдыңғы екі жылмен салыстырғанда мұнай өнімінің төмендеуі 6,4% кемиді.
Кешенді бағдарлама, шынымен де, көп жағдайды оңалтудың толып жатқан тетіктерін дөп басып, көптеген мәселелерге жаңаша қарауға жол ашты. Соның бірі мұнайшылар өздері өндірген өнімдерін өңдеу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытымен келісім-шартқа отыруы. Келісім бойынша, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі өз өнімі үшін олардан өндірілген бензин, басқа да мұнай өнімдерін сатып алатын болды. Оны сатып, өз адамдарына берді, кейбір құрал-жабдықтарын да ала алатын жағдайға жетті. Қосымша қаржы табудың тағы бір көзін тапты, бұрын тұрмыстық мақсаттарға ғана қолданылып келген сығымдалған газды өндірістік мақсаттарға, оның ішінде автокөліктерге отын ретінде пайдалануға болатынын анықтады. Бұл қыруар қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Өйткені автокөлікке отын ретінде пайдаланылатын газ бензиннен төрт есе арзан болатын. Мұнайшылар еңбекақыларын ала бастады. Бюджет қарызынан құтылды.
Осындай күрделі кезеңдерде тығырықтан шығудың түрлі жолдарын тауып, ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып көріп, олардың игі ықпалын бастарынан кешіре отырып, кәсіпорын басшылары мен мамандары барлың түйінді мәселелерді түбегейлі шешу үшін мұның бәрі жеткіліксіздігіне, оның өзге даңғыл жолы бар екеніне көздерін жеткізген. Шетел инвестициясынсыз іс бітпейтіні түсінікті еді. Сондықтан да олар өз ұсыныстарын білдіріп, жоғары орындардың алдына мәселе қоюмен болды. Ақыры өздері таңдаған жолдарының дұрыстығына көздерін жеткізіп, өз бастарына түсіп отырған қиыншылықтарға Қазақстан Республикасы Үкіметі назарын аудара алды. Осылайша, 1993 жылдың басында Қазақстан Республикасы Үкіметі Дүниежүзілік Банкке Өзен мұнай кен орнын қалпына келтіру үшін көмек көрсету жөнінде өтініш жасады.
Кен орны қорының мөлшеріне деген сенімсіздік, кен орнының экологиялық ахуалы, жерүсті құрал-жабдықтарының жай-күйі, өндірілген өнімді рынокқа шығаруға байланысты орныққан түрлі күмәндар салдарынан Үкіметтің алғашқы ұсыныстары бірден қолдау таппаған. Өз күмәндарын сейілту үшін Дүниежүзілік Банк Өзен мұнай кен орнына инженерлік зерттеулер жүргізу жөн деп шешіп, бірқатар белгілі фирмаларға тапсырмалар берді. Мұнай қорын бағалауды — Адаме Пирсон Ассошиэйтс (Канада), жер бетіндегі құрал-жабдықтардың жай-күйін зерттеуді — Кольт Инжинниринг, Калгари (Канада), кен орнының экологиялық ахуалын анықтауды — Агра Энд Инвайроментал Лимитед, Калгари (Канада), «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің қаржылық қызметіне баға беріп, контрактіні заң жүзінде бағалайтын юрист Стикли болып белгіленді.
Абырой болғанда, зерттеу жұмыстары Өзен кен орнын қалпына келтіруге болатынын, тиімділігін және экономикалық жағынан өзін толық ақтайтынын көрсетіп берді. Өзен кен орнын қалпына келтіру мақсатында жасалған бұл инвестициялық Жоба Қазақстан Республикасының мұнай мен газ өнеркәсібі саласында бұрын-соңды болған жобалардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі деп бағаланды. Несиенің мақсаты мұнай өндіру қарқынының төмендеуін тоқтату және кен орнын басқару ісін жетілдіру, сырттан инвестиция тартуға қажетті жағдай жасау еді. Оның міндеттері қатарына өндірісті қаражат жағынан сауықтыру, «Өзенмұнайгаз» өндірістік басқармасын өмір сүруге қабілетті корпоративтік бөлімшелері бар кәсіпорындарға айналдырып, қайта құру және жекешелендіру болды. Кәсіпорынның қоршаған ортаға келтіріп отырған зиянын анықтауға көмектесіп, кен орнындағы табиғатты қалпына келтіру де негізгі міндеттер қатарына енді. Сонымен бірге басқару жүйесін нығайтуға, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі қызметкерлерін өндірісті жаңа техникалық және коммерциялық әдістермен басқаруға үйретуге міндеттенген.
Инвестициялық Жобаның маңызды тарауының бірі қалпына келтіру, қайта құру, жекешелендіру, партнер тарту жөніндегі бір топ маңызды бағдарламалар.
Дүниежүзілік Банктің Директорлар кеңесіне бұл Жоба ұсынылмастан бұрын Дүниежүзілік Банк кәсіпорынның алдына өз шарттарын қойды. Бұл шарт бойынша «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі ашық типтегі акционерлік қоғам болып қайта тіркелуі керек еді. Бұл талап орындалып, Мемлекеттік мүлік жөніндегі Маңғыстау облыстық комитетінде 1996 жылдың 14 мамырында «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі ашық акционерлік қоғам болып, қайта тіркелді.
1996 жылдың 2 шілдесінде өзен кен орнын қалпына келтірудің инвестициялық Жобасы Дүниежүзілік Банк Директорлар кеңесінен қолдау тауып, Жобаны жүзеге асыру үшін Республикаға 109 миллион АҚШ доллары көлемінде несие беруге шешім қабылданды. Алайда Өзен кен орнын қалпына келтіру мақсатымен жасалған бұл Келісім өз күшіне ену үшін мемлекеттік деңгейде заңдастырылуға тиіс еді. Бұл үшін ол мемлекеттік жоғары өкімет органдарында бекітілді, яғни ратификацияланды. 1996 жылғы 2-ші және 9-шы қазан күндері Қазақстан Республикасы Парламентінің екі палатасында қаралып, бекітілуі бұл құжаттың заңдастырылғаны болатын. Ал 1996 жылғы 16 қазанда Өзен мұнай кен орнын қалпына келтіру жобасы бойынша Қазақстан Республикасының екі жақты Келісімі жөніндегі арнаулы Заңы шықты.
Осылайша, 1993 жылы басталған несие беру құжаттарын дайындау 1997 жылдың басында ғана аяқталды. Үш жылдан аса мерзімге созылған бұл шаруа тиянақталғанға дейін «Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрамынан шығып, дербес кәсіпорынға айналған «Өзенмұнайгаз» өндірістік кәсіпорнында жұмыс қызу жүріп жатты. Өндірісті басқару, ұйымдастыру қызметі мұнай кәсіпшіліктеріне жақындатылды, өндірісті ұйымдастыру жаңаша сипат алды. Кен орындарындағы өндіріс қызметін барынша тиімді жүргізу үшін тиісті шаралар алынды. Басқару аппараттары өздерінің ең негізгі міндеттері өнім өндіруден өзге ешқандай қосалқы шаруаларға алаңдамау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Ал қосымша уақыт пен жүйке қызметін қажетсінетін, өндіріп берген өнімді өңдеуден бастап, барлық әлеуметтік жұмыстармен орталық аппарат қызметкерлері шұғылданатын болды. Мұнай өндірумен тікелей айналыспайтын көлденең құрылымдар мен кәсіпорындар «Өзенмұнайгаз» құрамынан шығарылып, мұнайшылар тапсырыстарымен ғана жұмыс істейтін жағдайға көшірілді. Әлеуметтік мекемелер қала балансына берілді. Нәтижесінде өндірістік емес шығындар азайтылып, керісінше, өндіріс қажеті үшін жұмсалатын шығындар молайтылды.
Кәсіпорын басшылары мен мамандары бұл кезеңде де жергілікті халық жағдайын, тұрмыстық мәселелерді ұмытқан жоқ. Жаңаөзендегі ең күрделі мәселенің бірі соңғы кездерге дейін сапалы ауыз суы болып келе жатқан. Оны халықтың көңілінен шығатындай етіп шешу мәселесі өзендіктерді ұзақ уақыттан бері толғандырып келе жатқаны жасырын емес. «Астрахань —Маңғыстау» су құбыры келіп тұрған. «Сауысқан» мен «Түйе судан» да су келеді, бірақ ол аз. Оның үстіне тым қашықтан құбыр бойымен келетін ауыз судың сапасы төмен. Су темір татып кететін. Ең қиыны, қала тұрғындары арасында асқазан, бүйрек, бауыр аурулары көбейе бастағаны еді. Бұл сырқат түрлері белең ала бастауының себебі судан екені де белгілі болған. Сондықтан ауыз су мәселесін тез қолға алған қала мен «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылары жедел түрде су тазалайтын қондырғы алу туралы шешім қабылдап, тиісті қаражат бөліп, халықаралық тендер жариялайды. 1995 жылы мақсатты жүргізілген осы шаралардың нәтижесінде тендерде жеңіп шыққан «Дегремон» француз компаниясымен жасасқан келісім бойынша, қалаға тәулігіне 34 мың текшеметр сапалы су бере алатын кіші габаритті қондырғылар әкелінді. Бүгінде қала тұрғындары үйлеріне келіп тұрған мөлдір су осы қондырғыдан шығып келген Еділ суы. Ол қала халқының талабын қанағаттандырды деуге болады. Мұндай таза, табиғи су облыс орталығы Ақтау қаласы тұрғындары үшін де таңсық. Жаңаөзеннің кербез келіншектері енді әлдеқалай мұнда келе қалғанда: «Біз шай ішетін суымызды Жаңаөзеннен ала келеміз», — деп, Ақтаудың тұшытылған суын кейде менсінбей қалатыны да бар... Бір айта қаларлығы, халықты ауыз сумен қамтамасыз еткен бұл қондырғы құбыр бойымен келген суды ғана емес, тұрмыстық қалдық суларды да тазалап, қайта пайдалануға жаратып бере алады. Ондай суды егінге, қосалқы шаруашылықтар қажетіне жаратуға әбден болады.
Француздардың көмегімен бөтелкелеп су дайындайтын желі де іске қосылды. Сауда орындары мен базарлардан маңғыстаулықтардың қазір іздеп жүріп алатын «Маңғыстау» суы да осындай игілікті істердің нәтижесі.
Әрине, «Өзенмұнайгаз» ААҚ мен Жаңаөзен қаласы басшылары осымен ауыз су мәселесін толық шештік деп отырған жоқ. Өзге жердей құбырмен келіп тұрған су мәселені түбегейлі шешпейтінін де түсіну қиын емес секілді. Қазір Жаңаөзенде су тұшытатын қондырғы жайының ойластырылып жатуы соның айғағы. Тіпті бүгінгі таңда бұл да шешіліп тұрған мәселенің бірі.
Байқап отырсаңыз, жергілікті халық қамы ешқашан да «Өзенмұнайгаз» назарынан тыс қалып көрмеген сияқты. Жаңаөзендіктердің бағына қарай, оның басшылығында ізгі жанды, үлкен жүректі азаматтар, халқымыздың адал сүт емген ұлдары ғана отырғандай. Әсіресе басқару билігі Қазақ елінің өз қолына тиген шақта олар қажет-ақ еді, аллатағала оларды көп қиыншылық көрген Жаңаөзен халқының ниетіне әдейі бергендей. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөзді бабаларымыз тегін айтпаған ғой. Осы өлкеде туып, ержетіп, осы өлкенің көркейгенін арман етіп өскен адамдардан артық оның жайын, халқының қамын кім ойласын... Мына бір ғана дерек төңірегінде ойланып көріңізші: адам есейеді, қартаяды. Бойынан қуат кетіп, күш тайған шақта оның өзгеге берері де шамалы, оның өзгенің қабағына жәутеңдейтін көздері де көп. Ал адамдар кейде олардың да бір кезде жарқылдаған жас, өзіміз секілді арман қуған, шаттықтан шалқып шарықтаған, өмір — күрес деп, ертеңге құлшынған жандар болғанын ұмытып кетеді. Олардың арасында жанын аямай еңбек еткендер де, елі мен жерін қорғап қан төккендерде бар. Сондықтан олар қазір қартайды екен деп немесе денсаулығы кемдіктен мүгедек атанды екен деп, олардың қадір-қасиетін кемітуге ешкімнің хақысы жоқ қой. Қазір азғантай зейнетақымен қалт-құлт күн кешкен сол жандарға көмек жасаушылар баршылық. Бірақ сол көмекті итке сүйек тастағандай кейіпте жасайтындар да жоқ емес. Оны жасаушылардың өзі көбінесе қайырымдылық деген сөздің тұсына белгі соғу үшін, өзгелерге көз қылып істейтіні тағы жасырын емес. Республика Үкіметінің «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңын басшылыққа алған «Өзенмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы есепте тұратын 725 адамның аяғы жүрген жәрдемақыларын төрт есеге жақын өсіріп берді. Ал Одақ тарағаннан кейінгі халықтың еңбекақылары уақтылы төленбей, мыңдаған отбасыларының пәтерақыға деген қарызы шаш-етектен келген кезде (жаңаөзендіктердің өзі 1998 жылдың күзінде пәтерақы үшін 608 млн теңгеге жақын қарыз болып отырды) Ұлы Отан соғысына қатысқан 135 ардагер мен соғыста қаза болған солдат жесірлерінің 2000 жылғы пәтерақыларын акционерлік қоғам атынан төлеп берді. Олардың арасында талайларының уақтылы өтей алмай жүрген қарыздары да болғаны сөзсіз. Жеңістің елу бес жылдық мерекесіне орай 35 соғыс ардагеріне жаңадан пәтер берілген кез де болды. Ал қазір жаңаөзендіктер еңбекақысы есебінен несие алып, өздеріне үй салып немесе сатып ала алады. Бұл мүмкіндік те қызығарлық. Бұл орайда қоғам имандылық иірімдері туралы да ұмытып көрген жоқ. Шопан ата қорымына тартылған электр жүйелері — соның мысалы. Ал Жаңаөзенді былай қойғанда, Маңғыстay ауданының Онды ауылында Мәдениет сарайының салынуы, облыстың өзге аудандарына ұдайы көрсетіп келе жатқан көмегі тұрғысындағы әңгімелер өз алдына. Мұндай деректерді әлі де келтіре беруге болар еді.
1998 жылы мұнай мен мұнай өнімдеріне деген сұраныстың күрт азаюы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамындағы тіршілікке өз әсерін тигізбей қоймаған. Көп елді қамтыған энергетикалық тоқырауға аузын ашып қарап отырмай, тоқырау зардабын қалайша жеңілдетуге болатынын ойлап, соның жолдарын іздестіре білген қоғам басшылары мен мамандары өз кәсіпорындарын дағдарыстан, мыңдаған жұмыс орындарын қысқартудан сақтап қалды. Жұмыс орындарын қысқартудың орнына өндіріс қысқа сағаттық жұмыс кестесіне көшірілді. «Жұмыс орындарының бәрі сақталады, бірақ жұмыс сағаты азаяды. Соған сәйкес еңбекақы қысқарады, оның есесіне басқа түскен қиыншылықты бөліп көтереміз, жұмыссыз қалатындар болмайды». Мұндай әділ шешімге қарсы келу мүмкін емес еді, қайта үлкен ұжым адамдарының ынтымағы артып, топтаса түскен. Осының арқасында жанашыр жауапкершілік дегеннің не екенін де сезіне білген қоғам жұмысшылары мен қызметкерлерінің де шоқтығы биіктеп қалғаны сөзсіз.
Иә, атқарып жүрген ісіңнің тізгінінен айырылып қалмау бүгінде үлкен мәселе. «Жұмыссыздықтан сақтасын!» — дейміз қазір көпшілігіміз. Ал Жаңаөзенде әлгіндегідей шараларға қарамастан, жұмыссыздық мәселесі шешілу қиын түйінге айналуда. Мұның басты себептерінің бірі өзге республикаларда тұратын қандастарымыздың алаулы Өзен кеніне қарай қоныс аудару қарқынының күшейе түсуінен десек, екіншіден, өмір сүре алмай тарап кетіп жатқан шағын кәсіпорындардан босағандар да олардың қатарын толтыра түсіп отыр. Бұл турасында да «Өзенмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда деуге толық негіз бар. Тіпті жұмыссыздық жайы Өзен кен орнын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық Жобадан да көрініс тауып отырғаны осының кепілі. Онда жаңа жұмыс орындарын жасау жөнінде арнаулы тарау, басшылыққа алынатын бағдарлама бар. Осының негізінде мұнай кәсіпшіліктерін төгіліп-шашылып қалған мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстарына бір мың адам кірісіп те кетті. Бұл экологиялық сауықтыру мақсатына қызмет ететін болса керек. Сондай-ақ жүздеген адам қаладағы әр түрлі құрылыс жұмыстарына көмектесуде. «Өзенмұнайгаз» ААҚ бас офисін, қаладағы перзентхана үйін, қалалық канализациялық тазарту ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, қаланың шағын аудандарындағы бітпей тұрған үйлер құрылысын жандандыру сияқты бірқатар жобалар соған негіз жасауда. Теңгеде жаңа мектеп үйі пайдалануға берілді, қалада жаңа қонақ үй бой көтермек. Ұңғыларды күрделі жөндеуден өткізу және жерасты жөндеу жұмыстарына да жұмыс күші керек. Осының бәрі де қала тұрғындарының және өндірістің қажеттерінен туындап отырған міндеттер. Оларды жүзеге асыра отырып, акционерлік қоғам халыққа қызмет көрсетеді, әрі өндіріс жағдайын оңалта түсуге ықпал жасайды, сонымен бірге адамдар жұмыспен қамтамасыз етіледі. ізденістер... тағы да ізденістер... Біздің мұнайшы азаматтардан үйренетін нәрсе аз емес-ау, сірә...
«Өзенмұнайгаз» бен Жаңаөзен қаласының әкімшілігі туралы облыста әуелден жақсы пікір қалыптасқан. 1998 жылғы облыс бюджеті қаралып жатқан сессияда облыс әкімінің орынбасары, қаржы басқармасының бастығы С.Б. Шаметова Жаңаөзен қаласының әкімі мен оның салық төлеушісі болып отырған Ж. Жанғазиев туралы: «Олар көп нәрсе істеп отыр. Олар іс жүзінде барлық мәселені шешіп отыр», — дегені ойдан кетпейді. Бұл жөніндегі қаланың сол кездегі әкімінің мына бір сөздерінен көп нәрсені аңғаруға болар еді:
1994 жылдың күзінде «Маңғыстаумұнайгаздан» бөлінген «Өзенмұнайгаз» өз алдына дербес кәсіпорын болып құрылды. Оның басшылығына осы өңірдің перзенті, іскер де талапты азамат Жақсылық Жанғазиев тағайындалды. Жасыратыны жоқ, алғашқы кездері арамызда түсініспеушіліктер де болды. Өндіріс нарықтық қатынастарға көшіп, әкімшілік тарапынан араласуға шектеу қойыла бастаған. Жергілікті атқарушы билік орнының құзырлы қызметін заңдастыру жетілмей жатқан өтпелі кезең болатын. Абырой болғанда, алпыс мың қала тұрғынының тағдыры, жас мемлекеттің жетекші өндіріс саласы үшін жауапкершілікті сезіну билік таластырудың батпағына ұрындырмай, бұл кезеңнен тез алып шықты. Өз басым Жақсылық Смағұлұлының шаруашылықты ұйымдастырудағы шеберлігіне, қаржы, экономика ісіндегі сауаттылығына, шетелдік инвесторлармен мәміле жасасқанда елінің есесін жібермейтін қарымдылығына аса тәнті болдым, — дейді сол кездегі әкімі М. Абылханов.
...Өзен кен орнын қайта жарақтандыруға 109 млн АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция берген Дүниежүзілік Банк: әрі салық төлеп, әрі қаланы ұстай алмаймыз. Акционерлік қоғам құрамындағы барлық әлеуметтік нысандар мен қаланы қаржыландыру тоқтатылсын деген талап қойған. Қала мен акционерлік қоғам басшылары бірлесе отырып, мәселенің бұлай қойылуы әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістіріп, қоғамдық-саяси қайшылықтарға апарып соқтыратынын ескертіп, оны болдырмау үшін мұнайшыларға төленетін еңбекақыны олардың барлық әлеуметтік-тұрмыстық сұраныстарын өтерліктей деңгейге жеткізу жөнінде қарсы талап қойды. Нәтижесінде Дүниежүзілік Банк тиімді мәмілеге келіп, қала шаруашылығын қаржыландыру мақсатына 15 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуге келіскен...
«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамын қазір Өзен кенін қалпына келтіру жобасының жетекшісі Мұрат Ізбергенұлы Құрбанбаев басқарып отыр. Өзінің еңбек жолын осы кен орнында, Өзен мұнайшыларының көз алдында операторлықтан бастап, барлық басшылық сатысынан еткен және білгір маман, іскер басшы ретінде жұртшылыққа әбден танылған ол бұл кәсіпорынның бүкіл дербестік ғұмырын өзі жобалап, енді оны өз қолымен жүзеге асырып та келе жатыр десе де болғандай. Қазір «Өзенмұнайгаз» құрамына еніп отырған 12 филиал мен 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Оларда қалыптасқан темірдей тәртіп пен қызметкерлердің өз жауапкершіліктерін терең сезіне қимылдауы да іскер басшылық пен берік ынтымақ белгісіндей. Бір атап айтарлық жай, қазір еңбек ұжымдарының бәрінде де көтеріңкі көңіл күй, ертеңгі күнге деген сенім қалыптасқан. Дүниежүзілік Банк несиесі қолға тие бастағаннан бері мұнайшылардың жағдайы жаман еместігі білініп тұр. Қазір ескірген техника құрал-жабдықтары алмастырыла бастады. Қазірдің өзінде 1800 шақырымға жуық құбыр желілері күрделі жөндеуден өтті. Болаттан құйылған құбырларды енді коррозияға төзімді металлопластикалық құбырлармен алмастырулар жүзеге асуда. Ұңғылар мен сорапты компрессорлы құбырлар, штангілер, түрлі химикаттар алынуда. «Кардвелл» бұрғылары алынып, іске кірісіп кетті. Мұнайды қыздырып айдау қондырғысы, күрделі жөндеу құралдары қолға тие бастады. Осының бәрі жұмыс сапасын да арттырып, мұнай өндірісін де тиімді етіп, замандастарымыздың шын мәнінде ғылым мен техника дамыған дәуірде күн кешіп жатқанына сендіретін жаңалықтар.
Бұрын қиындық келтіріп жүрген жайлардың бірі — мұнай өнеркәсібіне қажетті құрал-жабдықтардың Ресейден әкелінетіндігі, осыған байланысты соңғы кездерде түрлі кедергілердің көбейе түскендігі еді. Олар өз тауарларын долларға сататын болған. Қазақстан Үкіметінің ұлттық тауар өндірушілерді қорғау жөнінде шыққан шешіміне орай мұнай өнеркәсібі жабдықтарын өз елімізден алу мүмкіндіктері молаюда. Мысалы, соңғы жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ Петропавл ауыр машина жасау зауытына, «ПОИСК», АООТ «ЗИМ» фирмаларына, Алматыдағы «Гидромаш — модуль» зауытына, Атыраудағы «Заманнефтемаш», Ақтаудағы «Каскор —ремзаводына» тапсырыстар берді. Олар бойынша кәсіпорын автокөліктер үшін қажетті дербес бөлшектерден бастап, станок-качалкалардың редукторларына дейін толып жатқан керек-жарақтарын ала алады.
Біздің кен орын он алты қабаттан турады. Солардың әрқайсысын жеке-жеке қалыпқа келтіру, жер бетіндегі инженерлік коммуникацияларды жобалау жұмыстарын жасау үшін Ақтаудағы «Өзенмұнайгаз» ғылыми жобалау институтымен шартқа отырдық. Алдымен 4 қатардың жобасы жасалады. Бұл реконструкциядан кейін мұнай коммуникация желілері берісі 20—25 жылға дейін шыдайтындай болу керек. Яғни, бұл қайта құру жобасы негізінде күрделі қаржы да үнемделеді деген сөз, — дейді Мұрат Ізбергенұлы.
Сонымен қатар Өзен кен орнында кен орнын бақылау мақсатында жүргізілетін гидродинамикалық жұмыстар қайтадан жандана бастады. Жуық арада 1759 ұңғыға геофизикалық зерттеулер жүргізу жобаланып отыр. Бұл шаралар әр ұңғының техникалық жағдайы, мұнай қабатының қайтарымдылығы, қай қабаттың суланғаны, қабат қысымы, өнімділігі, игеруге қатыспайтын мұнай қабаттары турасында көптеген деректерді оңай біліп отыруға мүмкіндік береді.
***
Мұнай гректің «нафта» деген сөзі екен, бұл жарып шығарлық қасиеті бар деген мағына білдіреді. Дүние жүзіндегі кейбір ойпаттарда жер қойнауын жарып шығып, фонтан болып атқылап, кей жерлерде бұлақ болып ағып жататын немесе от болып жанып тұратын таңғажайып табиғат құбылыстарының не екенін түсінбеген адамдар ертеректе оны құдірет күші деп ұқса керек. Ал бүгінгі күнгі өркениетті заманның өмір шындығы мұнайды шын мәніндегі құдіретті күшке айналдырып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мұнай өнеркәсібін «дүниежүзілік маңызы бар ғаламдық сала» деп атауы да сондықтан. Өзен кені — осындай дүниежүзілік маңызы бар жаратылыстың тамаша сыйының алып кені. Оның қойнауындағы қазына әлі ұзақ жылдар бойы халқымыздың ырыс, несібесіне қызмет ететіні белгілі болып отыр. Отыз бес жылдық жол — оның үлкен болашағына апаратын жол. Ол әлі алда. Тек қана ел аман, жұрт тыныш болғай...
***
1998 жылы Жаңаөзен қаласындағы Мұнайшылар алаңында «Дулыға» мемориалдық кешені ашылды. Ол бейне бүгінгі аға ұрпақтың болашақ ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған ескерткіш белгісі іспетті. Оған қараған әрбір адамның бейне бір шежіре кітабының бетін ашқандай әсерге бөленері сөзсіз. Мәрмәр тастарға көрнекті етіп жазылған тарихымыздың толып жатқан деректері еріксіз сіздің кім екеніңізді, жан дүниеңіздегі көнере бастаған өзгеше бір ыстық та қымбат сезімдеріңізді еске түсіретіндей. Бұл турасында өзім құрметтейтін әріптесім Маңдайлы Қосымбаеваның былай деп жазғаны бар: ...Бодандық балтасы қанша қиқалағанымен, құламаған қос босаға, сұрқия саясаттың жалынын өшіргенімен, қоламтада шоғын сақтап қалып, шалқи маздар күнін күткен киелі ошақ, ер басына күн туған шерлі кезеңдердің, ел жүрегінде үміт шырағын жағып, өркендеуіне бастаған жақсы жылдардың бірде қаралы, бірде күңгірт, бірде сәулелі көріністері бедерленген қабырға кереге, халық еркінің беріктігіндей шаншылған уық тірек үстінен аспандай көтерілген шаңырақ — ескерткіштің мазмұны, міне, осы... Қазақы ұғымға соншалықты жақын ескерткіш кешенінің қала тұрғындары мен қонақтарының жазықсыз жапа шеккендер аруағына тәуеп ететін, отбасының, Отанының амандығын тілеп, мінәжат ететін қасиетті орынға айналатындығына ешбір шүбә жоқ...
Сонымен бірге ол мұнайшылар бастан өткерген қиын да, қызықты жылдардың да бір белгісі болып қала бермек...
***
Осы жылдар ішінде Өзен кен орнында талай майталман мұнайшылар, өз ісінің тамаша шеберлері тәрбиеленіп шықты. Өзен кенін игеріп, қазынасын ел игілігіне жаратуға өлшеусіз үлес қосқан көптеген ардагер ағаларды, аяулы азаматтарды жұртшылық жақсы біледі. Мысалы, олар — Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының ұңғыларды жерасты жөндеу шебері Аллахверді Беквердиев, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының операторы Смағұл Жалғасбаев, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының операторы Ақжан Қадымова, Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының бұрғылау шебері Төреғали Қадыров, Маңғыстау газ өндіру басқармасының операторы Қаныш Қалиев, газ өңдеу операторы Қарлыға Қарамбетова, мұнай дайындау және айдау жөніндегі инженер-технолог Зоя Маликова, Өзен геологиялық барлау экспедициясының бас геологы Халила Махамбетов, Өзен барлау басқармасының бұрғышы шебері Ғазиз Әбдіразақов, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының операторы Сәбит Әбенов, Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының бұрғылау шебері Александр Еремин, Өзен барлау жұмыстары басқармасының инженер геологы Қанзиба Есмұрзина, Өзен мұнай лабораториясының ұйымдастырушысы және тұңғыш меңгерушісі Әлия Жандауова, өзге де көптеген аты аталмаған барлаушылар, бұрғышылар, мұнайшылар мен газ өндірушілер, энергетиктер мен транспортшылар дер едік. Олардың соңында жаңа ұрпақ, жас буын келе жатыр. Мұнайшылардың бірнеше буындарының өкілдері екі ғасыр тоғысындағы «Мыңжылдық мейрамына» — «Миллиениум-пати» тойына барып қайтты. Жаңа астанадағы бұл мерекеге қатысқандардың арасында Өзен кенінен Сәбит Әбенов, Мырзахан Нысанбаев, Көмек Жаңбырбаев, Ғалия Құлсариева, Тегісбаев, Ноятов сияқты еңбек ардагерлері мен жаңа буын өкілдері де болды. Ал алдағы уақытта өзендіктер тойлайтын тойлар мәртебесі бұдан да биік боларына сенеміз.
Сонымен бірге, министрден бастап ұлттық мұнай және газ өнеркәсібіндегі басшы қызметтер тізгінін ұстап отырған азаматтардың арасында еңбек жолы Жаңаөзенге, Өзен кен орнына соқпай өткендер жоқтың қасы деген пікір де бар. Осы ретте бір кездері Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының тұңғыш бастығы Рахмет Өтесіновті, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасында бөлім меңгерушісі, Жаңаөзен қаласының әкімі болған Машинист Абылхановты, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасында күрделі құрылыс бөлімі жоспарлау тобының жетекшісі, Жаңаөзен қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Зейнолла Алшынбаевты, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының бас энергетигі, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Нұрлыхан Бекбосыновты, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының тұңғыш президенті Жақсылық Жанғазиевты, Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының бастығы Нәсіпқали Марабаевты, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасында техникалық бөлім бастығы, партком хатшысы болған Меңдеш Салықовты, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасында аудандық инженерлік-технологиялық қызмет бастығының орынбасары, Жаңаөзен қалалық атқару комитетінің төрағасы болған Зылиха Иманғалиеваны т. б. атауға болар еді. Олардың есімі Өзен кені тарихының беттерінде мәңгілікке сақталары сөзсіз...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі