Өлең, жыр, ақындар

Бувар мен Пекюше

I

Күннің ыстығы отыз үш градусқа жетіп тұрғандықтан, Бурдон бульварында тірі жан көрінбейді.

Төменде екі тоспамен тұйықталған Сен-Мартен каналының сия түстес суы түп-түзу сызық жасай созылып жатыр. Су ортасында ағаш тиелген баржа тұр, ал жағалауға екі қатар етіп бөшкелерді үйіп қойыпты.

Каналдың ағаш қоймалары орналасқан арғы бетінде, үйлердің арасынан көгілдір таза аспан көзге шалынады, үйлердің күн сәулесіне шағылысқан ақшыл қасбеттері мен қыш жабындары, гранит төселген жағалау көзді қарықтыра жарқырайды. Тымырсық әуеде алыстан бір гуіл талып жетіп, айнала жазғы күнге тән жым-жырт тыныштық пен мұңға ұйып тұр.

Жолда екі жүргінші көрінді.

Біреуі Бастилия — алаңынан, екіншісі Ботаника бағы жақтан келе жатыр. Кенеп кәстөм киген ұзын бойлысы қалпағын желкесіне ысырып, жилетінің түймелерін ағытып жіберіп, галстугін қолына ұстап алыпты. Бойы аласалау екіншісі қоңыр сүртігін түгел түймелеп, картузының үшкір күнқағарын маңдайына түсіре киіпті.

Бульвар ортасына жете бере екеуі қатарласып бір орындыққа отыра кетті.

Маңдай терін сүрту үшін екеуі де бас киімдерін алып, жандарына қойды; аласа бойлысы көршісінің қалпағынан "Бувар" деген жазуды оқыды, ал ананың көзі бейтаныстың картузынан "Пекюше" деген сөзді шалып қалды.

— Қарай гөр, — деді ол, — екеуіміз де бас киімімізге аты-жөнімізді жазып қойған екенбіз.

— Иә, әйтпесе кеңседе біреу ауыстырып киіп кетуі мүмкін.

— Мен де сондықтан жаздым; мен де кеңседе қызметшімін.

Екеуі сол сәт бір-бірінің бетіне қарады.

Пекюшеге Бувардың тартымды келбеті бірден ұнады. Жартылай түсіңкі қабағының астынан көгілдір көздері үнемі күлімдеп тұрады екен. Кең пішілген панталоны киіз байпағына қарай жиырылып, қарнын қампайтып, белбеудің жоғарғы жағында жейдесін қомпитып тұр; ал ақшыл бұйра үрпек шашы оның өңіне балаға тән сипат беретіндей. Үнемі ернін шүйіріп, ысқырып жүретін әдеті бар көрінеді.

Буварды Пекюшенің салмақты пішіні таңдандырды.

Оның шүйделі басына жабыса біткен қара шашын парик екен деп қаласың. Салбыраған ұзын мұрынды пішіні сізге ылғи қырынан қарап тұратындай. Тарлау, жылтыр шалбар киген қысқа аяғы, кеудесінің ұзындығымен салыстырғанда үйлесімсіз көрінеді. Пекюше күңгірт, әрең естілетін даусымен тамсана тіл қатты:

— Қазір ауылдық жерде қандай жақсы!

Бірақ Бувар қала сыртында дәмханалардың көптігінен у-шудың да мол екенін көлденең тартты, Пекюше оған келісті. Дегенмен астаналық өмірден жалыға бастағанын айтты. Бувар да сондай күйде болатын.

Олар құрылыстан қалған үйінділерге, каналдың сабан жүзіп жүрген лай суына, алыстан көрінген фабрика мұржаларына жағалай қарасты; сарқынды судан мұрындарына сасық иіс келді. Олар бастарын екінші жаққа бұрып еді: көз алдарында астық сақтайтын қамбаның бір-біріне жалғасқан биік қабырғалары жалғасып жатты.

— Даланың қапырығы үйден де күшті екен-ау! — деп таңданыс білдірді Пекюше. Бувар оған сүртігін шешіп алуға кеңес берді. Мынандай ыстықта сыпайыгершілікке түкіргені бар ма, жұрт ауыздарына келгенін айта берсін.

Аяқжолмен теңселе басып мас адам өтті; осыған байланысты екеуі жұмысшылар жайын сөз қылып, одан кейін саясатқа ауысты: Бувардың аздап солшылдығы болғанымен, екеуінің көзқарасы бірдей болып шықты.

Шаңдатып, сартылдатып, соңынан шаң үйірген үш жалдамалы күйме тас жолмен Берси жаққа қарай өтті; ол күймелерде гүл шоғын ұстаған қалыңдық пен ақ галстукті бірнеше қалалық иықтары ашық көйлек киген әйелдер, екі-үш бойжеткен қыз және жасөспірім оқушы бала отыр екен. Үйлену тойының ауанымен Бувар мен Пекюшенің әңгімесі әйелдер жайына ауысып, олардың бәрі жеңілтек, қазымыр, ұрысқақ әрі бірбеткей деген қорытындыға келісті. Рас, кейде еркекке бергісіз әйелдер де кездеседі; дегенмен еркектің аты еркек қой. Қысқасы, оларсыз өмір сүрген әлдеқайда тыныш, сондықтан да Пекюше әлі күнге бойдақ.

— Ал менің әйелім қайтыс болған, — деді Бувар, — баламыз жоқ.

— Мүмкін, солай болғаны да дұрыс шығар! Бірақ түбінде жалғыздық деген қиын нәрсе.

Жағалауда келе жатқан әскери киімді жігіт пен жезөкше көрінді. Боп-боз шұбар бетті, қара шашты қыз солдаттың қолтығына кіріп, туфлиін сүйрете басып, мықынын ойнатып барады.

Олар қастарынан өтіп кеткенсің, Бувар бір әдепсіз қалжыңды айтып салды. Пекюше қып-қызыл болып кетті де, тақырыпты тезірек өзгертпек ниетпен оған қастарына келіп қалған священникті нұсқады.

Аббат аяқжолдың екі жағына тізіліп өскен сида шегіршін ағаштарының аллеясымен асықпай аяңдап бара жатты. Оның үшбұрышты қалпағы көзден таса болысымен Бувар жеңіл күрсінді де, иезуиттерді жек көретінін айтты. Пекюше оны жақтамағанымен, дінге бүйрегі бұратынын білдірді.

Бұл кезде ымырт үйіріліп қалған, қарсы беттегі үйлердің жалюздері көтеріле бастады. Қыдырушылардың қатары көбейе түсті. Сағат жетіні соқты.

Бұлардың әңгімелері таусылар емес, анекдоттары аяқталса, өткен-кеткенді сөз қылады, жеке пікірлері пәлсапалық топшылауға ұласып кетеді. Олар жол қатынасы мекемесін, темекі салығын, сауда үйлерін, театрларды, қыза келе барлығынан баз кешкен жандардай-ақ теңіз министрлігі мен бүкіл адамзат тегінің түгін қоймай сынады. Олардың әрқайсысы екіншісін тыңдап отырғанда, өзінің ұмытыла бастаған қасиеттерін есіне түсіргендей, өз-өзін көріп танығандай сезімде болды. Жоқтан өзгеге желпінетін жасты әлдеқашан артта қалдырса да, екеуі де бір жаңа, бұрын бастан кешіп көрмеген, ғажап достық сезімінің туып келе жатқанын сезініп отырды.

Олар жиырма шақты рет орындарынан тұрып, қайта отырды, бульварды бойлап, жоғарғы және төменгі су қақпаларының арасында әрлі-берлі қыдырыстап жүрді, қанша кетуге жиналса да, сиқырланған жандардай бірін-бірі қия алмай-ақ қойды.

Ақыры қоштасып, бір-бірінің қолдарын қысысып тұрған мезетте кенет Буварға бір ой түсе кетті:

— Тоқтай тұрыңыз! Бірге тамақтансақ қайтеді?

— Менің ойыма да келген, — деп жауап қатты Пекюше, — бірақ айтуға батпай тұр едім.

Бувар оны ратушаның қарсысындағы, өзі тәп-тәуір деп есептейтін мейрамханаға бастап жүрді.

Ол тамаққа тапсырысты да өзі жасады.

Пекюше, қанды қыздырады деп, дәм-тұздықтардан сақтанатын. Бұл медициналық пікір алысу тақырыбына айналды. Содан кейін олар ғылымды мадақтауға кірісті: қаншама қызықты нәрселерді біліп, қаншама зерттеулер жүргізер еді... егер уақыт болса! Өкінішке қарай, бар уақыттары нан табу әрекетінен артылмайды. Осы кезде екеуінің де қағаз көшіруші болып қызмет істейтіндері анықталды; қатты таңырқаған олар алақандарын шарт еткізіп, үстел басында құшақтаса кетуге сәл-ақ қалды. Бувар — бір сауда үйінде, ал Пекюше теңіз министрлігінде істей жүріп, күнде кешкісін біраз уақытын ғылыми ізденіске арнайды екен. Ол Тьер шығармаларынан біршама қате тауыпты, сөз арасында Дюмушель деген профессор жайында үлкен құрметпен айтып отырды.

Одан Бувардың басқа жағынан артықшылықтары бар екені байқалды. Оның қылдан өріп жасалған сағат бауы мен тамақты тұздықтап жеу мәнерінен көргені көп, өмір сүре білетін адам екені аңғарылды, ас үстінде сүлгісін қолтығына қыса отырып ол күлкілі әңгімелермен Пеюошені қарық қылды. Пекюшенің күлкісі ерекше екен — жуан дауыспен, бір нотадан ауытқымай, арасына ұзақ үзіліс салып, лекіте күледі. Бувар тістерін ақсита, иықтарын селкілдете, сылқылдап, рақаттана күледі. Тамақ жеп отырғандар екеуіне еріксіз бұрылып қарайды.

Тамақтан кейін олар кофе ішу үшін басқа дәмханаға кірді. Пекюше газ алауларының жарығында айналасына шола қарап, артық салтанатқұмарлыққа кейістік білдірді, онымен де қоймай, газеттерді алдынан жұлқына ысырып тастады. Бувар бәріне кеңпейілділік танытты. Ол жазушы атаулыны жақсы көретін, ал жас кезінде театрға актер болып барсам ба деген де ойы болған көрінеді.

Кенет ол бильярдтың кийі мен екі шарды алып, Барберу атты досынан үйренген ептілік фокустарын көрсетпек болды. Алайда шарлар қайта-қайта құлап түсіп, жұрттың аяғының астымен бұрыш-бұрышқа домалап кете берді. Оларды орындықтардың арасымен еңбектеп жүріп бірнеше рет алып берген даяшы ақырында күңкілдей бастап еді, Пекюше оған ақырып жіберді. Қожайын келіп кешірім өтінсе де, басыла қоймай, тіпті мейрамхананың бар тамағын түкке алғысыз қылып жамандады.

Содан кейін Пекюше осы жерде тиіп тұрған, Сен — Мартен көшесіндегі өзінің пәтеріне барып, бұл кешті тып-тыныш жалғастыруға ұсыныс жасады.

Үйге кірісімен ол матадан тігілген көкірекше сияқты бірдеңені үстіне іле салып, қонағына тұратын жайын көрсете бастады.

Жүріс-тұрысты бөгеп, қарағайдан жасалған жазу үстелі бөлменің қақ ортасына қойылыпты. Айнала сөрелерде, орындықтарда, көне креслода және бұрыштарда қалай болса солай үйіліп жатқан кітаптар: Pope энциклопедияларының бірнеше томы, Магнетизер басшылығы, Фенелон томдары және басқа кітаптар, қағаз бумаларымен аралас екі кокос жаңғағы, әртүрлі медальдар, түрік фескасы және Дюмушель Гаврдан әкеп берген ұлу қабыршақтары да шашылып жатыр. Бір кезде сары түсті болған қабырға қазір барқыттай шаң қабатына бөгіп қалыпты. Ақжаймасы салбыраған кереует шетінде аяқ киім шөткесі жатыр. Төбеде шамның ысынан пайда болған үлкен қара дақ қарауытады.

Үйдің тымырсық ауасын ұнатпаған Бувар терезені ашуға рұқсат сұрады.

— Қағаздарым ұшып кетеді! — деп қарсылық білдірді Пекюше. Оның үстіне ол өкпек желден қорқады екен.

Дегенмен күні бойы шатырдың қыш жабынынан өткен ыстықтан тымырсық тартқан бөлмеде өзі де алқына бастады.

Бувар оған ескерту жасады:

— Сіздің орныңызда болсам, көкірекшені шешіп тастаған болар ем.

— О не дегеніңіз!

Пекюше өзін суықтан сақтайтын фланель жилетінсіз елестете алмай, үрейлене басын шайқады.

— Онда мені үйге дейін шығарып салыңыз, — деді Бувар, — таза ауамен демалып қайтасыз.

Пекюше тағы да етігін тартқылай киіп жатып:

— Сіз мені сиқырлап алдыңыз, шын айтам! — деді күбірлей сөйлеп.

Ол қашықтығына қарамастан, жаңа танысын Турнель көпірінің қарсысындағы Бетюн көшесінің бұрышында орналасқан үйіне дейін шығарып салды.

Бувардың едені жалтырай тазаланып, матадан терезесіне перде ілген, жиһаздары қызыл ағаштан жасалған бөлмесінің өзен жаққа қараған бетінде балконы бар екен. Басты көзге түсер әшекейлері — комод үстінде тұрған қол сандық пен айнаның шетіне айнала қыстырылған дос- таныстарының суреттері. Қабырғадағы қуысқа майлы бояумен салынған сурет ілініпті.

— Бұл — менің ағайым, — деді Бувар. Оның қолындағы майшам мосқал еркек бейнесін алға тартты.

Үрпиіп бұйраланған айдар шашына ұласып кеткен жирен жасақалы жалпақ бетін көмкеріп тұр. Сәнді галстугіне қоса жейдесі мен барқыт жилетінің және фрагі үшеуінің үш бірдей жағасы жабыла мойнын қылқындырып тұрғандай әсер береді. Омырау желбіршегі бриллиант түйреуішпен бекітіліпті. Еті салбыраңқы бетінің жоғарғы жағынан көздері сығырая қарап, еріндері мысқылмен күлімсірейді.

— Мен сіздің әкеңіз деп қалып едім.

— Ол — менің кіндік әкем, — деді Бувар жайбарақат қана, сонсын өзінің шоқындырған кездегі есімі Франсуа — Дени-Бартоломе екенін айтты.

Пекюшенің аты Жюст — Ромен-Сирил болатын. Екеуі де қырық жетіде, құрдас болып шықты. Бұл сәйкестікке олар қуана тұрып, қатты таңғалысты, өйткені екеуі де бір-бірін өзінен анағұрлым үлкен болар деп ойлаған-ды. Олар содан кейін екеуін барлық жағынан осылай керемет үйлестіріп қойған құдіреттің пәрмені шексіз екенін айтып даурығысты.

— Ойлап қараңызшы, егер біз бүгін қыдыруға шықпаған болсақ, таныспаған күйі өліп кетер ме едік.

Өз жұмыс орындарының қайда екенін айтып, ақыры екеуі бір-біріне қайырлы түн тілесті.

— Байқаңыз, жолда қыздарға бұрылып кетіп жүрмеңіз, — деп дауыстады Бувар қонағын баспалдақ алаңшасына шығарып салып тұрып.

Пекюше бұл орынсыз әзілге жауап қатпаған күйі баспалдақпен төмендей берді.

Келесі күні таңертең Отфей көшесі, 92-дегі ағайынды Декамболардың Эльзас маталары кеңсесінің ауласында біреу айғайлап тұрды:

— Бувар! Бувар мырза!

Бувар терезеден басын шығарып, Пекюшені көрді.

— Мен сап-саумын! Мен оны шешіп тастадым, — деп ол одан да қаттырақ айғайлады.

— Нені дейсіз?

— Мен кеудешемді шешіп тастадым, — деді Пекюше кеудесін түртіп.

Кешегі әңгіменің әсерінен әрі бөлменің тымырсық ауасы мен тоя ішкен тамақтан ұйықтай алмай, шыдамай кеткендіктен, ол түнде фланель кеудешесін шешіп тастаған еді. Ертеңгісін одан еш зиян шекпегеніне көзі жеткесін, осылай жасауға ақыл берген Бувардың беделі арта түсіп, жаңалығын жеткізуге асыққан болатын.

Ұсақ саудагердің ұлы Пекюше дүниеден өте жас кеткен анасын білмейтін. Ол он бес жасқа толғанда мектептен шығып, жекеменшік сот приставына қызметке орналасуға тура келген. Бір күні аяқ астынан жандармдар жетіп келіп, қожайынын галерада жұмыс істеуге кесті. Бұл сұмдық оқиға есіне түссе, әлі күнге денесі түршігеді. Содан кейін ол көптеген мамандықтың басын қайырды: дәріханашыға көмекші, репетитор, Жоғарғы Сена пакетботында есепші болып істеді. Ақыр аяғында жазуын ұнатқан бір бастық оны кеңсесіне көшірмеші етіп алды. Талапты ақыл иесі Пекюшені білімінің аздығы қатты қынжылтатын еді. Мінезі ашушаң болғандықтан, ол ешбір туысқансыз, ашынасыз, жападан-жалғыз өмір өткізіп келеді; жексенбі күні ермек үшін құрылыс жұмыстарын бақылауға баратын.

Балалық шағын еске алғанда, Бувардың көз алдына Луараның жағалауындағы бір ферма ауласы келеді. Содан кейін сауда ісіне баулымақ ниетпен, немере аға болып келетін бір кісі оны Парижге алып кетті. Кәмелетке толғанда оған банктен бірнеше мың франк берілді. Осы ақшаға ол үйленіп, кондитер дүкенін ашты. Жарты жыл өткенде, кассадағы ақшаны алып әйелі қашып кетті. Қалған ақшаның түбіне достарымен өткізетін дырду-думан, тамақтан қайысқан үстел, ең бастысы — жалқаулық жетті. Осы кезде оған өзінің таланты — әдемі жазуының пайдасын көру туралы ой түсті; содан бері он екі жыл бойы матамен сауда жасайтын ағайынды Декамболардың Отфей көшесі, 92-үйде орналасқан кеңсесінде табан аудармай жұмыс істеп келеді. Бір кезде естелікке портретін жіберген ағайының қайда тұратынын ол білмейді, одан ештеңе дәметпейді де. Бір жарым мың франк түсім мен көшірмешінің айлығы оған күнде кешкісін кофеханада қалғып отыруына жетіп жатыр.

Сөйтіп, кездейсоқ кездесу екеуінің де өміріндегі бір нышанды оқиға болып шықты. Олар алғаш көргеннен еріксіз бір-біріне тартылысып, бауыр басып кетті. Шынында да, олардың арасындағы тартылысты немен түсіндіруге болады? Бір адамның бойындағы қандайда бір ерекшелік, кәдімгі кемшілік, немқұрайдылық немесе адам төзгісіз нашар қасиет екінші біреуге тартымды болып көрінетіні неден екен? Жұрт айтатын бір көргеннен ғашық болу өмірде жиі кездеседі ғой. Қысқасын айтқанда, апта өтпей жатып Бувар мен Пекюше сенге ауысты.

Олар бір-бірінің жұмыс орнына жиі келетін болды. Біреуі келген бойда, екіншісі дереу үстелін кілттеп, екеуі көшеге шығады. Бувар адымын кере аяңдаса, өкшесін соққан сүртігіне аяғы шалынып, соңынан зорға ілеседі. Олардың талғамдары да осындай кереғар. Бувар трубка тартады, ірімшікті ұнатады, тамақтан соң міндетті түрде бір шыны кофе ішеді. Пекюше темекі иіскейді, десертке тек қана қайнатпа жеп, қантты кофеге малып тістеп жейді. Алғашқысы сенгіш, ақкөңіл, жомарт болса, екіншісі — тұйық, ойлы, сараңдау.

Пекюшені көңілдендірмек оймен Бувар оны Барберумен таныстырды. Ол бұрынғы сауда фирмасының өкілі, қазір биржада істейтін, отанын жанындай сүйетін, әйелдердің тілін таба білетін, тұздықтап сөйлегенді ұнататын сүйкімді жігіт еді. Пекюше оны ұната қоймады да, Буварды Дюмушельге ертіп апарды. Бұл жас қыздарға арналған пансионда әдебиеттен сабақ беретін, принципті көзқарасы бар, өте салмақты ғалым (мнемоника бойынша кітап шығарған) екен. Ол Буварға көңілсіз адам болып көрінді.

Екеуі де оз пікірлерін ашып айтты және әрқайсысы екіншісінің дұрыс айтып тұрғанын мойындады. Ұзамай олар әдеттерін өзгертіп, пансион тағамдарын жеуді қойып, күнделікті бірге тамақтанатын болды.

Олар қазіргі ауызға алынып жүрген пьесалар мен үкімет саясаты жайлы, азық-түлік бағасының өсуі және саудадағы алаяқтық жайында әңгіме қылысады. Арасында королеваның алқасына қатысты іске немесе Фюальдес процесіне байланысты тарихи оқиғаларға айналып соғып отырады; содан кейін революция себептерін қарастыруға кіріседі.

Олар ескі-құсқы сатылатын жаймаларды да аралады, Өнер және қолөнер мұражайына, Сен-Дени аббатына, гобелен фабрикасына, Мүгедектер үйіне барды және көрмелер мен коллекциялардың барлығын қарап шықты.

Рұқсат қағаз сұраған кезде, олар оны жоғалтып алған түр танытады немесе өздерін шетелден келген екі ағылшын етіп көрсетеді.

Табиғат тарихы мұражайының галереяларында жануарлар тұлыптарының алдында олар ұзақ тұрады, көбелектерге сүйсіне көз тігеді, металдарға сыдырта көз жүгіртіп, кен қазбаларына әуестікпен қарайды, ал моллюскілердің қасынан өте шығады. Жылыжай әйнегінен өсімдіктерге көз салып, осы жапырақтардан у бөлінетінін ойлағанда, денелері түршігіп кетеді. Балқарағайдың алғаш қалпаққа салынып әкелінгенін естігенде, екеуі де қатты таңырқады.

Луврде олар Рафаэль туындыларынан ләззат алуға тырысты. Ұлттық кітапханада томдардың нақты санын анықтамақ болып әуреленді.

Бір жолы олар Колеж де Франс университетіндегі араб тілі дәрісіне қатысып, профессордың таңданысына орай, бір нәрсе жазып алуға тырысып жатты. Барберудің көмегімен олар бульварлық театрда сахнаның арғы жағына өтіп кетті. Дюмушель оларға академияның мәжілісіне билет алып берді. Онда олар қандай ғылыми жаңалықтар ашылғанын сұрастырды, кітап каталогтарын оқыды, сөйтіп, осындай екеуіне де тән әуесқойлықпен ақыл-ой қабілеттерін арттыра түсті. Күн санап ой-өрістері кеңейе түскен олар құпияға толы қызықты нәрселерге көз тіге бастады.

Көне жиһаздарды қарай жүріп, ол дәуір жайлы түк білмесе де, сол жиһаздар заманында өмір сүрмегендіктеріне өкініш білдірісті. Кейбір ел аттарын естігенде, сол мемлекет жайынан ештеңе білмегендіктен, құпия көрінген елді қызыға армандасты. Кітаптың түсініксіз атауларының өзінде құпия тұнып тұрғандай әсерлі көрінеді.

Жаңа идеялар туындаумен қатар олардың өмір сүруі де қиындай түсті. Көшеде пошта күймесін көріп қалса, онымен бір жаққа жол жүргілері келеді. Гүлге тұнған жағалау дала табиғатына деген сағыныштарын оятады.

Бір жексенбі күні жаяу қыдырып қайту үшін, олар таңсәріден жолға түсті; Медон, Бельвю, Сюрен, Отейльді көктей өтіп, күні бойы жүзімдіктерді аралады, даладан жабайы қызғалдақ терді, шөпте жатып мызғып алды, сүт ішті, қала сыртындағы дәмханада, акация түбінде отырып тамақтанды; үйлеріне күн батқанда шаң-шаң болып, шаршап-шалдығып, бірақ сондай көңілді оралды. Олар мұндай серуенді жиілетті, бірақ келесі күні адам айтқысыз мұң басатындықтан, ақыр аяғында одан бас тартуға мәжбүр болды.

Кеңседегі бірқалыпты өмір екеуін де жалықтырған. Қолдарында сол баяғы қырғыш пышақ пен өшіргіш, сол сиясауыт пен қауырсын қалам, сол қызметтестер. Бувар мен Пекюше кеңсе қызметкерлерін ақымақ санап, жұмыста сирек тіл қатысады. Олар реніш білдіріп, өздерінше бұларды мазақ қылады. Екі дос та күнде дерлік жұмысқа кешігіп келіп, сөгіс алып жүрді.

Бір кездері бұлар өз жағдайларына ризашылық сезінетін кездері болған; бірақ қазір өздерін жоғары бағалай бастағандықтан, мына жұмыс қорлық сияқты көріне бастады. Олар осы ойды бір-біріне сіңіріп, қолдап, қолпаштап, бірін-бірі одан әрі бұза түседі.

Пекюше Бувардың шырт етпе мінезін қабылдап алса, Бувар Пекюше сияқты түнеріңкіреп қабақ шытуды үйренді.

— Мен көшпелі цирктің акробаты болып кетуге даяр жүрмін! — дейді біреуі.

— Тіпті бұдан гөрі ел кезіп, ескі-құсқы жинаушы болып кеткенім артық! — деп екіншісі қостай кетеді.

Неткен торығушылық! Бұдан шығатын ешқандай жол жоқ! Тіпті үміт те жоқ!

Бір күні (бұл 1839 жылдың 20 қаңтары болатын) кеңсесінде отырған Буварға пошташы хат әкеліп тапсырды.

Бувар әуелі қолдарын шарт еткізді, басы ақырындап шалқалай берді де, ол есінен танып құлап түсті.

Кеңседегілер тұра ұмтылып, галстугін ағытты, дәрігерге адам жіберілді. Бувар көзін ашты; жан-жақтан жаудырған сұрақтарға міңгірлей жауап қатты:

— Аһ!.. Жай әншейін... Таза ауаға шықсам, жеңілдеп қалармын. Жоқ, тиіспеңіз маған! Шығып кетейінші!

Денесінің ауырлығына қарамастан, ол теңіз министрлігіне жеткенше тоқтамастан жүгірді; маңдайын сипап, есімнен ауысып кетермін деп қорқып, өзін сабырға шақырып қояды.

Ол Пекюшені шақыртты.

Пекюше көп күттірген жоқ.

— Менің ағайым қайтыс болыпты! Маған мұра қалдырыпты!

— Шын айтасың ба?

Бувар қолындағы қағазды ұсына берді: Тардивель мырзаның потариалдық кеңсесі Септендегі Савиньи, 14 қаңтар 1839 ж.

Құрметті мырза!

Менің кеңсеме келіп, біздің аймақта осы айдың 10-ы күні қайтыс болған бұрынғы Нант қаласының негоцианты, әкеңіз Франсуа — Дени- Бартоломе Бувардың өсиетімен танысуыңызды өтінемін. Аталған өсиетте сіздің пайдаңызға аса маңызды жарлық берілген.

Сізге деген құрметімді қабыл алғайсыз.

Нотариус Тардивель.

Толқудан өзін әлсіз сезінген Пекюше аулада тұрған жәшікке отыра кетті. Қағазды Буварға қайтып беріп жатып, тұтыға тіл қатты:

— Тек қана... бұл өзі... біреудің қалжыңы болып жүрмесе!

— Сен солай ойлайсың ба? — деп сұрады Бувар жан тапсырар алдындағы адамның қырылына ұқсас үнмен.

Бірақ пошта мөртабаны, кеңсенің атаулы қағазы, нотариустың қойған қолы — барлығы құжаттың түпнұсқалығын айғақтап тұр. Олар бір-біріне қадала қарағанда еріндері дірілдеп, көздерінде жас тұнып тұрды.

Екеуі де жер-көкке сыяр емес. Олар жаяу аяңдап Салтанат аркасына дейін барып, жағалаумен қайта оралды, Құдай-Ана соборының қасынан өтті. Бувардың беті оттай жанып барады. Ол жұдырығымен Пекюшені арқасынан қойып қалып, жақ жаппай, аузына келгенін сөйлей берді. Екеуі қосыла кеңкілдеп күледі. Мұра сөзсіз аз болмауы керек, мүмкін...

— Ох, онда керемет болар еді! Қой, енді ол туралы сөз етпейік.

Бірақ бәрібір соны ғана сөз қылысты. Айтпақшы, тап қазір хат жазып, анықтап білуге болады ғой. Бувар нотариуске хат жазды.

Нотариус өсиеттің көшірмесін салып жіберіпті. Көшірме мынадай сөздермен аяқталған екен:

"Сондықтан мен некесіз туған, балам екенін мойындаған өзімнің ұлым Франсуа — Дени-Бартоломе Буварға, мүлкімнің оған заң бойынша тиесілі бөлігін өсиет етемін".

Жас кезінде жасаған күнәсін барынша жасырып, Бувар қария баланы немере інім деп атап, өзі тұратын қаладан жырақта тәрбиелейді, ол да істің мәнісінен хабардар болғанмен, оны ағайым деуден танған емес. Қырыққа таянғанда Бувар — әке үйленеді, содан кейін әйелі қайтыс болады. Заңды екі ұлы тілін алмай ренжіткен кезде ол тұңғышын тағдыр тәлкегіне тастағанына өкіне бастайды. Егер өзі аспаз қатынның ықпалында болмағанда, оны қолына да алар ма еді. Отбасылық жанжалдың қырсығынан әйел мұны тастап кетеді де, жалғыздық зардабын тартқан қария ажал аузына таянған кезде оз кінәсін жеңілдетпек болып, алғашқы махаббатының жемісіне қолда бар мүлкінен үлес беруге шешім қабылдаған екен. Оның барлық мұрасы жарты миллиондай болыпты. Одан екі жүз елу мың франк көшірмешіге тиесілі болып шықты. Ағайындылардың үлкені Этьен мырза өсиетті мойындайтындығын білдіріпті.

Бувардың есі ауысып кеткендей. Ол ішіп алған адамша масайрай күліп, сыбырлай қайталай береді:

— Он бес мың франк рента!

Буварға қарағанда қаттылау болғанмен, Пекюше де өз-өзіне келе алмай жүр.

Тардивельден келген жағымсыз хабары бар хат олардың есін тез жиғызды. Александр атты кіші ұл бәрін сот арқылы шешетінін, қажет болса, өсиеттің шынайылығын тексертіп, жарамсыз етіп шығаратынын айтып, дүние-мүліктің мөрленіп, тізімге алынуын, пайдалануға тыйым салынуын, тағы сондай істерді талап етіп жатқан көрінеді. Бұл хабарды естігенде Бувардың өті жарылып кете жаздады. Аздап тәуір болысымен ол Савиньиге жүріп кетті де, онда еш мәселе шешілмей, жолға босқа шығынданғанына ренішпен қайтып оралды.

Содан кейін ұйқысыз түндер, торығу мен үміт, шаттық пен уайым кезек алмасқан күндер өтіп жатты. Ақырында, алты ай өткен кезде, Александр ақылға келіп, Бувардың мұрагерлік құқығы күшіне енді.

Оның бірінші сөзі:

— Енді қыстаққа кетеміз! — болды.

Аяқ астынан басына түсе қалған бұл бақытты досымен бөлісу шешімін Пекюше солай болуға тиісті нәрседей қабылдады: бұл екі адамның одағы ажырамастай берік болатын.

Бірақ Бувардың есебінен күнелткісі келмеген Пекюше зейнетке шыққанша ешқайда бармайтынын айтты. Екі жыл деген де сөз бе екен! Ол шешімінен қайтпай қойды; ақыры екеуі соған келісті.

Қай жерге көшуді ойластырып, олар барлық шет-аймақты түгел саралап шықты. Солтүстіктің топырағы құнарлы, бірақ тым салқын; оңтүстіктің климаты жайлы болғанымен, ұсақ жәндіктері мазасыз; ал орталық аймақта, шынын айтқанда, қызығатын түк те жоқ. Бретань жақсы-ақ жер, бірақ онда өңкей тақуа жандар тұрады. Шығыс өңірлер жайлы, жергілікті диалектісіне бола, оны да ойлаудың қажеті жоқ. Бірақ басқа өлке де аз емес қой. Мысалы, Форе, Бюже, Румуа сияқтылар. Географиялық картада олар жайлы еш мәлімет берілмеген. Әйткенмен, қай жерде екендігі де тым маңызды емес, — бастысы, бұлардың өз үйлері болады ғой.

Олар өздерінің пиджакты шешіп тастап, жеңдерін түрініп алып, бақтағы раушан гүлдерін қиып, жер қазып, топырақ аударып, қызғалдақты көшіріп отырғызып жүргендерін көз алдарына елестетеді. Таң атар-атпас бозторғай әнімен оянып, соқамен жер жыртатындарын, себет алып, алма жинайтындарын, май былғау, астық бастыру, қой қырқу, араларды азықтандыру жұмыстарының басы-қасында болып, сиырдың мөңірегенін тыңдап, шабылған шөп иісін құмарта жұтатындарын жыр қылысады. Кешірмешілік жайына қалады! Бастық болмайды! Пәтер ақысын уақытында төлеу дегеннен құтылады! Өйткені үй өздерінікі ғой. Өздерінің құс қорасында өсірілген тауық етін, өз бақшасының көкөнісін жейді, тамақты үй киімдерімен отырып, өз үйлерінде ішеді.

— Біз не істегіміз келсе, соны істейміз! Сақалымызды өсіріп жібереміз!

Олар бау-бақша саймандарын, содан кейін "қажет болып қалуы мүмкін" құрал-сайман жәшігін (ол шаруашылыққа қашанда керек), таразы, жер өлшейтін шынжыр, сырқаттана қалса бұлауға түсетін ванна, қызу өлшер, тіпті физикалық тәжірибе жасай қалса керек болар Тей - Люссак жүйесінің" барометрі сияқты заттарды сатып алды. Біраз үйде оқитын әдеби шығармалар алса да болар еді - өйткені үнемі бақшада жұмыс істей бермейді ғой; олар кітап дүкендеріне кіріп, кейде ол кітап шынында "үй кітапханасына" лайық екенін анық біле алмай қинала жүріп, кітап таңдауға кірісті.

Ақыры Бувар мәселені шорт кесті:

— Құрысын! Бізге кітапхананың керегі жоқ!

— Менің кітаптарым да жетеді ғой, — деді Пекюше.

Олар жоспар жасаумен болды. Бувар барлық жиһазын, Пекюше үлкен қара үстелін алады; перделер де керек, соған қоса аздаған асүй жабдықтарын алса, жетіп жатыр.

Олар ешкімге ештеңе айтпауға келіскенімен, екеуінің жарқын жүздері қызметтестер қалжыңына тұздық болып жүрді. Бувар кеңсе үстеліне еңсесін сала жатып алып, қисық әріптерді әдемі етіп түсіру үшін шынтағын көтере түсіп, үнемі көңілдене ысқырып, қалың қабағын қулана керіп қояды. Пекюше биік қамыс орындыққа жайғасып, бұрынғыша маржандай әріптерді мұқият тізе отырып, кенет танауы желбірей түсіп, бірдеңе айтып қоярмын деп қорыққандай, ернін жымқырып алады.

Олар бір жарым жыл іздегенмен, лайықты ештеңе таба алмай-ақ қойды. Париж төңірегін түгел қарап шықты, Амьеннен Эвреге, Фонтенеблодан Гаврге дейінгі аралықты шарлады. Олар міндетті түрде көрікті жер болуын мақсат етпей, нағыз кең-байтақ жазықта орналасқан деревняны іздестірді.

Олар халқы көп елді мекенді ұнатпайды, сондай-ақ айдалада жалғыз тұруды да қаламайды.

Кейде олар бір шешімге келгендей болады да, содан кейін артынан өкініп қалудан қорқып, ол жер қолайсыз сияқты, теңізден соққан жел өтінде екен немесе фабрикаға тым жақын, немесе жол қатынасы қиын деген сылтаумен дереу бас тартып жүрді.

Оларға Барберу көмекке келді.

Бұлардың нені армандайтынын білетін ол бір сәтті күні Кан мен Фалез арасындағы Шавиньолда поместье сатылады деген хабар естігенін айтып келді. Поместье отыз сегіз гектар аумағындағы фермасы, қожайындар үйі мен мол табыс әкеліп тұрған бағы бар шаруашылық екен.

Олар дереу Кальвадосқа барып, бірден ұнатты. Бірақ ферма мен үйді қоса (бөлек сатуға қожайын келіспеді) жүз қырық үш мың франк сұрады, ал Бувар жүз жиырма мыңнан артық бергісі келмеді.

Пекюше оны көндіруге тырысып, келісім беруін өтінді, ақырында ол қалған ақшаны өз қаражатынан төлейтінін мәлімдеді. Бұған оның барлық ақшасы — анасынан қалған мұра, өзінің барлық жиған-тергені түгел кетті. Ол бұл капиталын төтенше жағдай бола қалса деп, ешкімге айтпай сақтап жүретін.

Пекюшенің зейнетке шығуына алты ай қалғанда, 1840 жылдың аяғына қарай үйдің ақысы толық төленіп те болды.

Бувар бұл кезде жұмысты қойған-ды. Алғашында ол әлі де келешегіне сенбей, жұмысқа барып жүрді. Тек мұрагерлік мәселесі толық шешілген соң ғана жұмысты біржолата тастап шықты. Алайда ол ағайынды Декамболар кеңсесіне жиі барып жүрді де, көшіп кетер алдында кеңседегілерді түгел пуншпен сыйлады.

Пекюше керісінше, әріптестерімен салқын қоштасып, соңғы рет шығарында есікті тарс еткізіп жауып кетті.

Оның алдында әлі заттардың буылып-түйілуіне бақылау жасау, көптеген тапсырманы орындау, керек-жарақтарын сатып алу және Дюмушельмен қоштасып шығу міндеті тұр еді.

Профессор оған хат жазып тұруға, барлық әдеби жаңалықтарды хабарлап отыруға уәде берді, содан кейін тағы бір құттықтап, мықты денсаулық тіледі.

Бувармен қоштасар сәтте Барберу сезімге көбірек ерік беріп, тіпті ойнап отырған доминосын тастай салды. Оған деревняға қонаққа баруға уәде берді, екі рөмке анис арағын алдырып, қатты қысып сүйіп қоштасты.

Үйге келісімен Бувар балконға шықты да, кеудесін кере дем алып, күрсіне сөйледі: "Жеттім-ау!" Канал суының бетінде жағалаудағы шам оттары дірілдейді, омнибустар шуы алысқа сіңіп кетіп жатқандай. Бувар осы қалада өткізген бақытты күндерін, мейрамханалардағы дырду- думандарды, театрдағы кештерді, қақпа қарауылдайтын әйелдердің өсектерін, өзінің барлық әдетін еске түсірген кезде, жүрегінің қысылыңқырап, бойын өзі де мойындағысы келмейтін мұң билеп алғанын сезінді.

Пекюше түнгі сағат екіге дейін бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрумен болды. Ол енді мұнда қайтып келмейді, құдайға шүкір!

Дегенмен артында қандай да бір естелік қалдырып кеткісі келіп, камин қабырғасына атын ойып жазды.

Жүктің ауырлары кеше жөнелтілген. Бақ жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, кереуеттер, матрастар, үстел-орындықтар, темір пеш, ванна және үш бөшке бургун шарабы Сенамен баржа арқылы Гаврға, одан Канға жеткізіледі, ол жерде Бувар тосып алып, Шавиньолға жөнелтеді.

Оның әкесінің портреті, креслолар, ликер қорлары, кітаптар, қабырға сағаттары және басқа барлық бағалы бұйымдар жабық арбаға тиеліп, Нонанкур, Верней және Фалез арқылы жеткізіледі. Пекюше оны өзі бастап жүрмек болды.

Ол өзінің ең ескі сүртігін, мойыншалғышын, қолғабын киіп, аяғын тері қапшыққа орап, жол бастаушының қасына жайғасты да, жексенбі, 20 наурыз күні азанмен астананы тастап шықты.

Алғашында шапшаң қозғалыс пен жаңа жол әсерінен ол сергек отырды. Содан кейін аттардың жүрісі баяулай бастады, осы үшін Пекюше жол бастаушымен және арбакешпен ұрсысып қалды. Түнеуге олар қайдағы бір оңбай қалған керуен сарайларды тандап қонады, дүние-мүліктің сақталуына солар жауапты болғанымен, оларды көзден таса қылмас үшін, Пекюше де сонда қонуға мәжбүр болды.

Ертеңіне олар таңсәріден жолға шықты; жол еш өзгеріссіз, бұрынғыша көкжиектен асып созылып жатыр. Үйілген ұсақ тастар, су толы орлар, біркелкі, салқын жасыл түсті жазықтың шет-шегі жоқ тәрізді, аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп өтеді. Үшінші күні күшті дауыл көтерілді. Арбаның нашар байланған брезент төбесі жел екпінімен желкенше жалп-жалп етеді. Пекюше қусырынып, күнқағарын мұрнына түсіре бетін көлегейлеп алды, темекі сауытын ашқан сайын, көзіне түспесін деп, желге қырындай арқасымен бұрылады. Кедір-бұдыр жерлерде арба қатты шайқатылған сәтте арттағы жүктерінің салдыры күшейгенін естіп, жол бастаушыны ақыл-кеңес айтумен шаршатты. Онысынан ештеңе өнбесін білгенде, ол мінезін шұғыл өзгертті: айтарын жұмсақ жеткізуге тырысып, қалжыңдай, жағымпаздана сөйледі; өрлеу жерге келгенде жұртпен бірге арбаны итерісті, тіпті тамақтан соң кофе мен арақ әперіп сыйлады да. Осыдан кейін бұлардың жүрісі жылдамдағаны соншалық, Гобюрж маңында білігі сынып кетіп, арба қисайып қалды. Пекюше дереу жүгін тексеруге кірісті: фарфор шыныаяқтардың быт-шыты шығыпты. Ол екі қолын аспанға көтеріп, тісін шықырлатып, екі нақұрысқа қарғыс жаудырды. Келесі күні арбакеш мас болып қалып, бір күн босқа өлді; уайым-қайғысы бастан асқан Пекюшенің енді ашулануға да шамасы қалмаған-ды.

Бувар Барберумен тағы бір кешті бірге өткізіп, Парижден тек екінші күні ғана жолға шықты. Пошта стансасына асыға-аптыға жүгіріп жеткен ол оянған кезде алдынан Руан соборын көргенде ғана шатасып басқа дилижансқа мініп кеткенін түсінді.

Кешкілік Канға бірде-бір бос орын болмады; уақытын қалай өткізерін білмеген ол театрға барды. Онда көршілеріне күле қарап, өзінің таяуда ғана осы төңіректен поместье сатып алған бұрынғы коммерсант екенін айтып танысты. Ақырында ол Канға жеткенде, жүгінің әлі келмегенін білді. Оны тек жексенбі күні ғана алып, арбаға тиеп Шавиньолға жөнелтті де, фермерге өзінің жүктің артынан бірнеше сағаттан кейін жолға шығатынын айтып, сәлем жолдады.

Пекюше жолға шыққанына тоғызыншы күн болғанда Фалезде жалдап жегілетін ат жалдады да, күн батқанша олар жақсы жүріп отырды. Бретвильден өткеннен кейін арба үлкен жолдан бұрылып шаңдақ жолға түсті де, Пекюше әне-міне Шавиньоль шатырлары көрініп қалар деген үмітпен келе жатты. Бұл арада шаңдақ жол ақырындап көмескілене беріп, ақыры мүлде жоғалып кетті де, жолаушылар жыртылған егістікке келіп тірелді. Ымырт жабылып келеді. Не істеу керек? Пекюше арбаны қалдырып, батпақтай басып шолғыншылық жасады. Бір фермаға жақындап келгенде, иттің үргені естілді. Пекюше бар даусымен айқайлап, жол көрсетуді өтінсе де, ешкім шықпай қойды. Үрейден денесі түршігіп кеткен ол қайтадан кері салды. Кенет қараңғылықтан екі жарық көрінді. Оның екі доңғалақты жеңіл арба екенін білген Пекюше қарсы жүгірді. Арбада Бувар отыр екен.

Ал жүк тиелген арба қайда қалды? Олар тастай қараңғыда арбакештерді шақырып, бір сағат бойы айқайлаумен жүрді. Ақырында әрең дегенде фургон табылып, бәрі Шавиньолға келді.

Каминде қу бұта мен шырша бүршіктері шытырлай жанып жатыр. Екі адамға үстел жасаулы тұр. Арбамен әкелінген жиһаз кіреберіске үйіліпті. Бәрі аман-сау жеткізілген екен. Екеуі дастарқанға отырды.

Оларға сарымсақ қосқан кеспе, балапан еті, шошқа майы мен піскен жұмыртқа берілді. Қартан аспаз әйел жиі-жиі келіп, тамақтың дәмі қандай болғанын сұрап қояды. Бұлар: "Тамаша, керемет!" — деп жауап береді; кесілуі қиын көмпиіп піскен нан, қаймақ, жаңғақтар — бұларға бәрі керемет болып көрінді. Еден тақтайларының арасы ашылған, қабырғаны сыз басыпты. Алайда үстінде майшам жанып тұрған кішірек үстелде тамақ іше отырып, олар айналасына ризашылықпен көз салады. Таза ауадан екеуінің де беттеріне қызыл жүгіріпті. Олар қарындарын қампайтып, сықырлауық орындық арқалығына шалқалай түсіп, бір-біріне:

— Әйтеуір, үйге жеттік-ау! Неткен бақыт! Мен әлі түс көріп отырған сияқтымын! — деседі.

Түн ортасы болып қалса да, Пекюшенің бақты аралап көргісі келді. Бувар қарсы болмады. Олар майшамды желден газетпен қалқалап, жүйектерді аралап жүрді. Көздеріне түскен көкөністердің атын қуанышпен атайды:

— Сәбізді қара! Мынау — орамжапырақ!

Содан кейін олар ағаштар қатарын аралады. Пекюше бүршік атқан ағашты тауып алуға тырысты. Кейде қабырғамен өрмекші жүгіріп өтеді, ал бұлардың зорайып кеткен көлеңкелері екеуінің барлық қозғалысын қайталап, ербең-ербең етеді. Жіңішке шыбықтардан шық тамшылайды. Көзге түртсе көргісіз түнде айнала ұлы тыныштықта мүлгіп қалған. Алыстан әтеш шақырды.

Екеуінің бөлмелерінің ортасында тұсқағазбен желімдеп тастаған құпия есік бар болып шықты. Комодты жылжытқан кезде ілгегі шығып кетті де, есік үңірейе ашылып қалды. Бұл олар күтпеген қуаныш болды.

Шешініп, өз төсектеріне жайғасқаннан кейін де олар біраз сөйлесіп жатып, ұйықтап кетті: Бувар — шалқасынан, аузын ашып, жалаңбас жатса; Пекюше — он бүйірімен, тізелерін ішіне бүгіп, басына жылы телпегін киіп алған; екеуі де терезеден түскен ай сәулесінің астында қатты қорылға басты.

II

Келесі таңда ояну қандай қуанышты болды десеңізші! Бувар трубкасын тартты, ал Пекюше бір шымшым насыбайды иіскеді, екеуі де ешқашан темекіден дәл қазіргідей рақат сезініп көрмегендігін жарыса мойындады. Содан кейін олар терезе алдына келіп, далаға көз салды.

Тура алдарында егістік алқабы жатыр, оң жақта — астық кептіретін сарай мен шіркеу мұнарасы, ал сол жақты терек ағаштарының қатары қалқалайды.

Айқыштанып түскен екі бас аллея бақты төртке бөліп тұр. Көкөніс жүйектерінің ара-арасында тапал кипаристер мен аласа ағаштар өскен. Бір жағында жүзімдікке оранған беседка; екінші жағындам — ағаштар қатары үй қабырғасына барып тіреледі; түкпірде шыбықтан тоқылған дуалдардың ашық жерлерінен жазық дала көрінеді. Қабырғаның арғы бетінде жеміс бағы, одан әрі — шамшат ағаштарының аллеясы, тоғай; ал дуалдан шыға жол басталады.

Олар бұл көрініске көз салып тұрғанда, соқпақ жолмен ақ шашты, қара пальтолы адам таяғымен қоршау сырғауылдарын тырсылдата қағып өтіп кетті. Қартаң қызметші әйел оның осы өңірге белгілі дәрігер Вокорбей мырза екенін айтты.

Одан басқа бұл жерде белгілі адамдардан: бұрын депутат болған, үлгілі мал шаруашылығының қожайыны граф де Фаверж; ағаш, әк, тағы басқа уақ-түйектер сатумен айналысатын жергілікті қалабасы Фуро; нотариус Мареско, аббат Жефруа және жесір әйел, өз табысымен күнелтетін Борден ханымдар тұратынын атады. Қызметші әйелді марқұм күйеуі Жерменнің атымен Жермена деп атайды екен. Ол келіп-кетіп жұмыс істейтінін, бірақ жаңа мырзаларға тұрақты қызметші болуға даяр екенін білдірді. Олар оны жұмысқа қабылдауға келісті де, бір шақырым жерде орналасқан ферманы көріп қайту үшін көшеге шықты.

Бұлар аулаға кіргенде, фермер Гуи ағай бір балаға ұрсып жатыр екен, ал орындықта отырған әйелі күркетауық балапанын тізесінің арасына қысып алып, суға шыланған үнмен қоректендіріп жатты. Ері иықты, тар маңдайлы, үшкір мұрынды, адамға қабағының астымен сезіктене қарайтын кісі екен. Әйелі ақшыл өңді, сарғыш шашты, бетін секпіл басқан, шіркеудің түрлі-түсті әйнектерінде бейнеленетін шаруа әйелдері сияқты қарапайымдығы көзге ұрып тұр.

Асүйдің төбесінен кендір талшығының бумалары салбырайды. Биік камин үстіне үш ескі мылтық ілініпті. Қабырғаның орта шеніне гүлді фаянс ыдыс жиналған буфет қойылыпты; қаңылтыр мен қызыл мыстан жасалған асүй құрал-жабдықтарына терезеге орнатылған шөлмек шынысынан күңгірт жарық түсіп тұр.

Париждік қожайындар өткен жолы атүсті шолып қана үлгерген қожалықтарын асықпай қарағылары келетінін білдірді. Оларға ере жүрген Гуи ағай мен әйелі ауыз жаппай шағым айтумен болды.

Сарайдан бастап, шарап сығу орнына дейінгі барлық ғимарат жөндеуді қажет етіп тұр. Тағы бір ірімшік қайнату орнын салу керек, қақпаның темір ұстатқыштарын жаңалау, ашық малқораның қоршауын биіктету, сарқынды су шұңқырын қазу, барлық үш ауладағы көптеген алма ағашын көшіріп отырғызу керек.

Бұдан кейін олар егістікті көрді; Гуи ағай бұл жерді ұнатпайтынын білдірді. Тыңайтқышты көп қажет етеді, оны тасу қымбатқа түседі, ұсақ тасы көп; шалғындықты арамшөп басып кетеді. Өз жерін мұнша іске алғысыз еткені оны мақтанышпен аралап келе жатқан Бувардың көңілін су сепкендей басты.

Қайтар жолда олар шамшат ағаштары аллеясына апаратын жылғамен жүрді. Бұл арадан үйлерінің қасбеті мен ауласы көрініп тұрады екен.

Үй әктеліп, сары түсті өрнектер жапсырылыпты. Арба қоятын лапас пен қойма, наубайхана мен отын сарайы үйге аласалау қосалқы бөлмелер болып жалғастырылыпты. Асүйден кіші залға өтеді. Одан әрі кіреберіс, үлкенірек екінші зал мен қонақжай келеді. Екінші қабаттағы төрт бөлменің есіктері терезесі аулаға қараған дәлізге шығады. Пекюше олардың бірін өзінің коллекциясына арнады; ал соңғы бөлмені кітапхана жасамақ болды. Шкаф есіктерін ашқан кезде, олар мұнда да бірсыпыра кітап жатқанын көрді, бірақ тіпті атауларын да оқыған жоқ. Олардың есіл-дерті бақ жұмысымен айналысуда еді.

Шамшат ағаштары аллеясымен өтіп бара жатқан Бувар бұтақтар арасынан гипстен жасалған әйелді көріп қалды. Екі саусағымен белдемшесін шымши көтеріп, тізелерін бүгіңкіреп, басын иығына қарай қисайтыңқыраған әйел біреу көріп қоя ма деп қымсынған түр танытады.

— Аһ, кешірерсіз! Құдай үшін, қымсынбай-ақ қойыңыз!

Бұл әзіл оларға ұнағаны сондай, бірнеше апта бойы күніне оны жиырма шақты рет қайталайтын болды.

Шавиньолдық тұрғындар жаңа көршілермен танысқысы келіп, тіпті қақпадан бұлардың не істеп жатқандарына сұқтана қарап өтіп жүрді. Бұлар қақпаны тақтай қағып бітеп тастағанда, жұрт бұған ренжіп қалды.

Күннен қорғану үшін, Бувар басына сәлде сияқтандырып орамал орайды, Пекюше күнқағарын тастамайды; ол алдындағы қалтасына ағаш шырпитын қайшы, насыбай шақшасы мен қолорамалын салып жүретін ұзын алжапқыш киіп алады. Жеңдерін түрініп, қатарласа тұра қалып олар жер қазды, арамшөп отады, ағаштарды қырықты, бір-бірін асықтыра жүріп асығыс тамақтанады, бірақ кофе ішу үшін үнемі төмпешік үстіндегі жүзімдікке оранған беседкаға барып, айналаға көз жүгіртіп отырады.

Көздеріне ұлу түсе қалса, жетіп барып, жаңғақ шағып жатқандай-ақ тістеніп тұрып өкшелерімен езіп өлтіреді. Қастарынан тастамайтын кетпендерін ақ құрттарға өршелене сілтегенде, темірдің жүзі жартысына дейін жерге кіріп кетеді.

Ағаш құрттарынан құтылу үшін, олар таяқпен ағаш діңдерін аямай соққылайды.

Шөп ортасына Бувар пион гүлін, ал беседка қабырғаларына шамдал құсап салбырап тұруы үшін, қызанақ отырғызды.

Пекюше асүйдің қасынан үш бөліктен тұратын терең шұңқыр қаздырып, онда тыңайтқыш қордасын жасамақ болды: неше түрлі шіритін нәрселерден әртүрлі өскіндер өсіп шығады да, ол шіріп, одан тағы неше түрлі өскіндер өседі, олар да тыңайтқышқа айналады, сөйтіп, шексіз қайталана береді; ол шұңқыр қасында тұрып, болашақта алынатын тау-тау жемістер, көкөністер мен сансыз гүлдерді көз алдына елестетіп, тәтті қиялға беріледі. Бірақ топыраққа өте пайдалы жылқы қиы азшылық етті. Егіншілер сатпайды, керуенсарай иелері де бере қоймады. Ақыры, тіпті болмаған соң, Бувардың тежемек болғанына да қарамастан, ұятты жиып қойып, Пекюше қиды жол бойынан өзі жиып алуға шықты.

Үлкен жолдың бойында осы жұмыспен айналысып жүргенде, ол Борден ханыммен кездесіп қалды.

Сыпайы амандасқаннан кейін әйел одан досының жағдайын сұрастырды. Бұл әйелдің қап-қара, жалт-жұлт еткен көздерінен, ақ-қызылы айқын бетінен, өркөкіректігінен (оның тіпті мұрты білініп тұрды) Пекюше жасқанып қалды. Ол міңгірлей бірдеңе айтып, бұрылып кетті. Бувар оның мұнысын көргенсіздік деп айыптады.

Содан кейін қар жауған, ызғарлы суық түскен көңілсіз күндер басталды. Достар үйден шықпай, асүйде ыдыс-аяқ сөресін жасаумен айналысты, бөлмеде әрлі-берлі жүріп, от алдында әңгіме-дүкен құрып, терезеден жаңбыр себелеген далаға қараумен уақыт өткізді.

Оразаның ортасынан бастап олар көктемді асыға күтіп, әр таңда: "Бұл да өтеді!" деген сөзбен өздерін жұбатып жүрді. Бірақ қыс ұзаққа созылды да, бұлар төзімдерін "Бұл да өтеді!" деген сөзбен шыңдай берді.

Ақырында жүйекте көк бұршақ гүлдеп, қояншөп ұзарып өсті, жүзімдік жақсы өнім беретін түр танытады.

Достар бақшаны күтіп-баптау қолдарынан келетін жандарға егіншіліктің түк те қиындығы бола қоймас деген шешімге келді; оларды ферма жерін өндеумен айналысу туралы ой меңдеп алды. Ақыл-ойды басшылыққа алып, аздап тәжірибе жинақтаса, табысқа жететіндеріне күмәнданудың да қажеті жоқ.

Ең алдымен басқалардың шаруашылығында істің қалай жүргізіліп жатқанын көріп алу керек; олар де Фаверж мырзаға хат жазып, поместьесін көріп қайтуға рұқсат етуін өтінді. Граф дереу шақыру жолдады.

Бір сағаттай жүріп, бұлар Орна аңғарындағы көтеріңкі жотаның етегіне жетті. Терең сайда жыланша ирелеңдеп өзен ағып жатыр. Ана жер, мына жерде қызғылт құмдақ қойтастар көрінеді, алыстан жартас тәрізденіп көрінетін ірірек тастар астық егілетін жазық алқапты қоршай орналасыпты. Екінші беттегі басқа жотада қалың өскен өсімдік арасында жасырынып қалған үйлер көрінеді. Шөпке қарағанда қошқылдау болып көрінетін ағаштар қатары жасыл түсті көріністі тең емес төртбұрыштарға бөліп тұр.

Әрі қарай поместьенің жалпы көрінісі көз алдарына тартылды. Қыш жабындарына қарап, ферма құрылысын аңғаруға болады. Оң жақтағы ағаштар бауырында қасбеті ағараңдап замок тұр; сол жерден басталған шалғындық шынар ағаштарының көлеңкесі түсіп тұрған өзенге дейін созылады.

Достар жоңышқа кептірілетін алқапқа шықты. Сабан қалпақ, сиса орамал, қағаздан баскиім жасап киген әйелдер тырнауышпен шабылған шөпті аударыстырып жүр, алқаптың келесі шетінде, маялар қасында бауланған шөптер үш атқа жегілген ұзын арбаға жылдамдата тиеліп жатыр. Іс басқарушысын қасына ерткен граф қонақтарының алдынан шықты.

Жолақ, жұқа матадан тігілген кәстөм киген, жинақы, бойын тік ұстайтын граф кербез ақсүйекке әрі сот шенеунігіне бірдей ұқсайды екен. Сөйлеп тұрған кезінің өзінде беті қимылдамайды.

Амандық-саулық сұрасқаннан кейін граф малазықтың шөп жинаудағы өз тәсілін баяндауға кірісті. Шабылған шөп қатарларын шашпай аудару керек. Шөпті жатқан орнында дереу баулап, он-оннан шошақ етіп шөмеле жасаған жөн. Ағылшын тырнауыштары бізге жарамайды, — жеріміз тым кедір-бұдырлы.

Жалаң аяғына туфли кие салған, жыртық көйлегінен денесі жылтыраған жасөспірім қыз бүйіріне тіреп алған құмырадан әйелдерге сусын құйып беріп жүрді. Граф бұл баланың қайдан келгенін сұрағанда, ешкім жауап бере алмады. Жұмысшы әйелдер оны егіс науқаны аяқталғанша жұмсау үшін қалдырыпты. Граф иығын көтерді де, деревня тұрғындарының адамгершілікке жатпайтын қылықтарына реніш білдірген күйі ұзай берді.

Бувар оның жоңышқасына мақтау айтты. Граф арам — шырмауықтың зиянкестігіне қарамастан, биыл өнім жақсы болғанын білдірді (арамшырмауық дегенді бірінші рет естіген болашақ агрономдардың көз шаралары үлкейейін деді). Граф малы үшін қосымша малазықтың шөп өсіруге көп көңіл бөледі екен; ал (гүл малазықтың шөптерден басқа дақылдардың өсуіне жақсы әсер ететін көрінеді.

— Менің топшылауымша, бұл даусыз нәрсе.

Бувар мен Пекюше оны қостай кетті:

— Өте дұрыс айтасыз, даусыз нәрсе!

Олар мұқият жыртылған егістік шетінде тұрды; тізгінінен бір адам ұстаған ат үш дөңгелекті ұзын арбаны сүйреп келеді. Астындағы жеті түрен атыз бетіне қаз-қатар із қазып, жерге дейін сүйретілген жіңішке құбырлардан оларға тұқым құйылып жатыр.

— Бұл жерге мен турнепс сеуіп жатырмын, — деді граф, — бұл — менің төрт танапты ауыспалы егістігімнің негізі.

Ол тұқым сепкіштер жайын түсіндіруге кірісті. Бірақ осы кезде замокқа шақыра келген малайы бір шұғыл шаруаға керек болып жатқанын айтты.

Графтың орнын жағымпаздана сөйлейтін дәрменсіз іс басқарушы басты.

Ол "құрметті мырзаларды" он төрт шалғышы омырауларын ашып тастап, аяқтарын талтайта тұрып қарабидайды жығып жатқан басқа алқапқа алып келді. Өткір шалғылар ысқырынып, бидай сабақтарын оңға қарай сұлатып салып келеді. Әрқайсысы өз алдынан жарты шеңбер жасай жылжып, барлығы бір қимылмен алға қозғалып барады.

Шалғышылардың қарулы қолдарына қызыға қараған париждіктердің бойын құнарлы жерге тізерлей табынғылары келген сезім биледі.

Олар тағы көптеген өңделген алқапты басып өтті. Ымырт үйіріліп, жыртылған жерге қарғалар қонақтай бастапты. Алдарынан қой отары кездесті. Қойлар шашырай жайылып жүр, олардың шөп жұлып жеген дыбыстарына дейін естіледі. Бақташы томарға жайғасып, жүн жіптен шұлық тоқып отыр, қасында иті жатыр.

Іс басқарушы Бувар мен Пекюшенің тоқылған қоршаудан аттап өтулеріне көмектесті, сөйтіп, екі лашықты басып өткен олар алма ағаштарының түбінде сиырлар күйіс қайырып жатқан ауладан келіп шықты.

Ферма ғимараттарының барлығы бір-біріне жалғасып, ауланы үш жағынан тұйықтап тұр. Мұндағы жұмыстар бұлақтан бұрып әкелінген арнаға орнатылған су доңғалағының көмегімен атқарылады екен. Теріден жасалған жетектер бір шатырдан екінші шатырға тартылыпты, мал қиының ортасында темір сорғы жұмыс істеп тұр.

Іс басқарушы бұларға қой қораның ішіндегі жер деңгейінде жасалған тесіктерді, ал шошқа қорасында өзі ашылып-жабылатын күрделі есіктерді көрсетті.

Тас қабырғаларға кірпіш аркалы есік өрілген астық кептіретін сарай собор тәрізді күмбезделіп жасалыпты.

Мырзалардың көңілін көтеру үшін, қызметші әйел тауықтарға бір уыс сұлыны шаша салды. Жеміс сығатын станок бұларды аса үлкендігімен таңдандырды; бұдан кейін олар көгершіндер ұсталатын мұнараға шығып көрді. Бұлар әсіресе сүт фермасына ерекше таңданды. Бұрыш-бұрыштағы крандардан тас еденді салқындату үшін су ағып тұрғандықтан, кіріп келгенде бетке салқын самал ұрады. Сөрелерде тізіліп тұрған қоңыр құмыралар ернеуіне дейін сүтке, олардан кішірек тостақтар қаймаққа толы екен. Мыс бағананың сынықтары тәрізденіп дөңгелек май кесектері жатыр, әлгінде ғана әкелінген қаңылтыр сауын шелектердегі жаңа сауған сүт көпіршігі әлі басылмапты. Ферманың көркі мен мақтанышы өгіздер тұратын қора болып шықты. Қабырғаның ұзына бойына бекітілген сырықтар оның ішін екіге бөліп тұр: бір жағы өгіздер тұруға, екінші жағы оларды күтіп-баптаушыларға арналған. Барлық тесігі тарс жабық тұрғандықтан, ол жақ қаракөлеңке. Аласа төбенің астында шынжырға байланған өгіздер күйіс қайырып жатыр; олардың бүйірлерінен жылу бөлінгеніне дейін көрінеді. Кенет біреу есікті ашты да, ақырларды бойлай науаларға сылдырап су құйылды. Мөңіреген дауыстар шығып, мүйіздердің бір-біріне тырсылдай тиген дыбысы естіле бастады, өгіздер бастарын созып, сыздықтата су ішуге кірісті.

Аулаға үлкен арбалар кіріп, айғырлар кісінеді. Төменгі қабатта екі-үш панар жарығы көрінді де, қайта жоғалып кетті. Тас жолмен ағаш башмақтарын сүйрете басқан жұмысшылар өтті, осы кезде тамаққа шақырған қоңырау үні естілді.

Бувар мен Пекюше де үйлеріне қайтты.

Олар көргендерінен үлкен әсер алған еді, соған орай өз шешімдерін бекіте түсті. Сол күні кешке-ақ олар кітапханаларынан «Қыстақтағы мекенжай» төрт томдығын тауып алды, Гаспарен курсын жаздырып алдырды және агрономия газетіне жазылды.

Жәрмеңкеге барып тұру үшін, олар екі доңғалақты арба сатып алды, оны Бувардың өзі айдайтын болды.

Көк жейде, жалпақ жиекті қалпақ, тізеге дейінгі жүн шалбар киіп, делдалдар ұстайтын таяқ сүйреткен олар мал сатушыларды төңіректеп жүреді, диқандардан анау-мынау жайында сұрастырып, ауыл шаруашылығына арналған көрмелердің біреуін де құр жібермейтін болды.

Ұзамай Гуи ағай олардың ақыл-кеңесінен қажи бастады, бұлар әсіресе оның танапты тыңайту үшін бос қалдыру әдісіне қатты шүйлікті. Бірақ фермер ескі әдісін өзгерте қоймады. Ол бұршақ жауғанын сылтауратып, төлемақысын кейінге қалдыруды өтінді. Жалдау ақысын ол мүлде төлеп көрмепті. Бұлардың кез келген әділетті талаптарына оның әйелі дауыс салып жылай бастайды. Ақыры Бувар онымен жалгерлік шартын жалғастырмайтынын мәлімдеді.

Осыдан бастап Гуи ағай тыңайтқышты тыққыштап, арамшөпті отауын тоқтатты, барлық қорды жоқ қылып жіберді, кетерінде кек алмай қоймайтын адамның кейпін танытып, ашумен аттанды.

Бувар істі бастау үшін алғашқы кезде жиырма мың франк, яғни жалгерлік ақыдан төрт есе артық сома жеткілікті деп есептеді. Оның нотариусы Парижден бұл ақшаны салып жіберді.

Бұлардың шаруашылығы шабындық пен жайылымға арналған он бес гектар, жыртылатын жиырма үш және Дөңес деп аталатын тастақты жотадағы ештеңеге жарамайтын бес гектар жерден тұратын.

Олар барлық керекті құрал-жабдықты, төрт ат, он екі сиыр, алты шошқа, жүз алпыс қой сатып алды, екі жұмыскер, екі малшы әйел, бір бақташыны жалдады; оған қоса үлкен бір төбет асырады.

Жұмсайтын ақша табу үшін олар барлық малазықтың қорларын сатып жіберді. Оның ақшасын олардың үйіне әкеліп берді. Сұлыдан босаған жәшік үстінде жатқан алтын ақшалар оларға бұған дейін көрген ақшаларының ішіндегі ең ерекше жарқырағаны және жоғары сапалысы болып көрінді.

Қараша айында олар сидр даярлауға кірісті. Бувар атты қамшымен айдады, ал Пекюше күбіге төне түсіп, сығындыны күрекпен аударыстырып тұрды.

Ауыр ағаш башмак киген олар бұранданы ырсылдай бұрап, жапқышты реттеп, ожаумен астаудан сұйықтықты қотарып, мәз-мейрам болып жүрді.

Астық қаншалықты көп болса, соғұрлым жақсы деген оймен олар малазықтың дақылға пайдаланатын шалғындықтың жартысын жыртып тастады, тыңайтқыштары аз болғандықтан, күнжараны ұсақтамай пайдаланып, ақыры өнім өте нашар болып шықты.

Келесі жылы олар тұқымды қалың сепкен еді, дауылды нөсер тұрып, масақтарды жығып кетті.

Дегенмен олар ештеңеге қарамастан, бидай егуді жалғастыра берді, тіпті дөңесті жерді өңдеуді мақсат етіп, тастан тазарту жұмысына кірісті. Тастарды талдан тоқылған арбамен тасып шығарды. Жыл бойы, таң атқаннан кеш қарайғанша дейін бір адам жетекке алған аттың арбаны сүйретіп кішірек жотаға өрмелегенін, одан түсіп, қайта тырмысып бара жатқанын көруге болатын еді. Кейде оның соңынан Бувардың өзі ере жүріп, жол ортасына келгенде тоқтап, маңдай терін сүртіп тұрады.

Ешкімге сенбестен, олар малды өздері емдеді, іш жүргізетін дәрі ішкізеді, клизма жасайды.

Ұзамай өңшең бір келеңсіздіктер басталды. Құс бағушы қыздың аяғы ауырлап қалыпты. Оның орнына отбасылы жандарды қабылдап еді, олар бала туып, өсіп-өніп, балға үймелеген арадай туысқандар: немере ағалар, әпкелер, қайынсіңлілер қаптап кетті; бұлардың есебінен тұтас бір орда күн көруге айналды, оған жол бермес үшін, бұлар кезегімен фермада қонып жүрді.

Бірақ кешкісін мұнда өте көңілсіз. Лас бөлме жүректі айнытады әрі тамақты осы жаққа әкеліп беретін Жермена да күңкілдеп ұрсатын болып жүр. Жұрттың бәрі бұларды көз алдында алдап кетуге даяр тұрады. Астық бастырушылар құмыраларын бидайға толтырып әкетеді. Олардың бірін ұстап алған Пекюше арқасынан итеріп жіберіп:

— Оңбаған! Сен өзің дүниеге келген деревнянның атын масқаралап жүрсің! — деді.

Оны бұл жерде ешкім адамға санамайды. Оның үстіне ол бақты ойлап, мазасызданумен болды. Бақты жақсылап күтіп-баптап, тәртіпке келтіру үшін бар уақытын соған арнауы керек. Фермамен Бувар-ақ айналыссын. Бұл мәселені талқылап, екеуі міндеттерін осылай бөлісті.

Ең алдымен жылыжай орнату керек. Пекюше оны кірпіштен қалатты. Ол терезе жақтауларын өзі сырлап, күн сәулесінен сақтау үшін, бүкіл әйнектерді бормен сылап тастады.

Сақтық жасап, ол шыбықтардың ұшын жапырақтарымен қоса қырықты. Ұластырудың әр түрлі тәсілдерін — сыбызғылап, гүлтәждеп, қалқаншалап, шөппен, ағылшын әдісімен ұластыру түрлерін байқап көрді. Екі қабықты қалай мұқият байластырып, құрсауды қандай шеберлікпен тартты десеңізші! Сылағын қанша рет қабаттап жақты!

Күніне екі рет ол сусепкішті алып, өсімдіктер үстінен себелеп жүргені. Ұсақ су тамшылары астында өскіндер түсі айқындалып, жасылдана түскенін көргенде, ол өзінің шөлі қанғандай рақаттанатын. Содан кейін қыза келе сусепкіштің шүмегіндегі шашыратқышты алып тастап, суды аямастан лақылдатып төгеді-ай келіп.

Шамшат ағаштарының түкпірінде, гипстен жасалған әйелдің қасында дөңгелек бөренелерден жасалған күрке тұратын. Онда Пекюше құрал- саймандарын сақтайды және тұқымдарды сұрыптап, оларға құлақша жапсырып, сұлатпа сабақтар өсіретін қыш құмыраларын реттестіріп, өзіне ұнайтын ләззатты сағаттарын өткізеді. Демалу үшін, ол есік алдындағы жәшікте отырып, бақты тағы қалай әсемдей түсуге болар еді деген ойға шомады.

Кіреберіс баспалдақ қасына ол екі көмбе герань гүлін, кипаристер мен аласа бұталар арасына күнбағыс отырғызды. Жүйектерде сарғалдақтар өсіп, аллеяларға таза құм төгілгеннен кейін бақтың іші түрлі реңдегі сарғыш түске малынып, жарқырап тұратын болған еді.

Бірақ жылыжайлар дернәсілдерге толып кетті; тыңайтқыш үшін қураған жапырақтар пайдаланылса да, сырланған жақтау мен боялған әйнектер астында өскен дақылдардың барлығы дімкәсті болып шықты. Шыбықтар ағаштарға ұласып кете алмады, телінген жерінен ажырап түсіп жатты, сұлатпа бұтақтар сөлі құрғап қалды; ұласқан бұтақтар бүршік атпай қойды, жабайы ағаштардың тамырлары ағарып кетті; екпе көшеттердің түрі көңіл құлазытады. Жел үрмебұршақтың тіреулерін құлатып тастады. Тыңайтқыштың артық болуы құлпынайға, жеткілікті шырпымау қызанақтарға зиянын тигізген болып шықты.

Ағаш астауға отырғызылған бұйра орамжапырақ, тарна мен кресс-салаттар да Пекюшеге абырой әпермеді. Жылымықтан кейін барлық бөрікгүлдер қурап қалды. Тек орамжапырақ қана көңіл жұбатуға жарап тұр. Әсіресе бір қауданына Пекюше үлкен үміт артып еді, бірақ жарқырай гүлдеп, керемет үлкен болып өскенімен, жеуге мүлде жарамсыз болып шықты. Оқа емес! Пекюше осындай табиғат тамашасын өз қолымен өсіргеніне мәз болды.

Енді ол өзінше өнер шыңы болып көрінген іске: қауын өсіруге бел буды.

Ол ішінде қара топырағы бар жайпақ ыдысқа әртүрлі сорт тұқымдарынан отырғызып, жылыжайға апарып көмді. Содан кейін екінші жылыжай жасады да, ең мықты деген өскіндерді сонда көшіріп отырғызып, барлығына шыны қалпақ кигізіп қойды. Ол шырпуды да көнігі бағбанша жасады, гүлдеріне тиіспей, түйін салуына мүмкіндік берді, содан кейін әр сабақта бір түйіннен қалдырып, қалғанын кесіп тастап отырды, қауындар жаңғақтай болған кезде, көңнен шіріп кетпеуі үшін астарына тақтай төседі. Оларды суарды, желдетті, буланған әйнекті қолорамалымен сүртіп отырды, аспанда бұлт байқала қалса, дереу жөке тоқымасын сүйреп әкеледі.

Ол түнде де мазасызданып, ұйықтай алмай жүрді. Бірнеше рет орнынан атып тұрып, жалаң аяғына етігін сұға сала, ішкиімшең, тісі-тісіне тимей дірілдеген күйі бақты көктей жүгіріп келіп, жылыжайға өз көрпесін жапқан күндері де болды.

Қауын да пісіп-жетілді. Біреуін жеп көріп, Бувар мұрнын тыржитты. Екіншісі де, үшіншісі де сондай болып шықты. Пекюше шыр-пыры шыға олардың әрқайсысын ақтауға сылтау тауып, жаны шыға қорғағанымен, соңғысын өзі терезеден сыртқа лақтырып жіберіп, бұйырмасынға түк түсінбегенін айтты.

Мәселе мынада болатын: ол әртүрлі сұрыптарды аралас отырғызғандықтан, қантты қауын кәдімгі қауынмен, португалдық моңғолдық қауынмен қатар өсуі тек зиянға шығып, қызанақтармен аралас өсуі одан әрі бүлдіріп, содан дәмі асқабаққа ұқсайтын жексұрын бірдеңе пайда болған еді.

Енді Пекюше гүл өсірумен айналыспақ болды. Ол Дюмушель арқылы бұталар мен тұқымдар алдырып, қарашірік сатып алып, іске белсене кірісті.

Алайда ол пассифлорды көлеңкеге, үкікөзді керісінше күн астына отырғызыпты, сүмбіл гүлін мал қиымен тыңайтып, лала гүлін гүлдегеннен кейін суарған-ды, әлпеншекті тақырлап қырнаймын деп құртты, фуксияны сүйек желімімен қоректендірсе, анар ағашын асүйдегі қазандық қасына қойып, қуратып жіберді.

Суықтан қорғау үшін, ол итмұрын бұталарына майшам балауызы жағылған қатырмақағаздар жауып, қантты қалпақ киген бірдеңелерге ұқсатып қойды.

Қолапайсыз биік тіреулерге сүйенген нарғызгүлдердің арасынан қисық бұтақты жапондық софоралар сорайып шығып, не өспей, не өлмей, өзгеріссіз тұрды да алды.

Париж бақтарында өсетін сирек кездесетін өсімдіктер Шавиньолға да жерсінуі тиіс деп ойлаған Пекюше үнді лаласын, қытай раушаны мен соңғы кезде сәнге кіре бастаған эвкалипт алдырды. Бұл тәжірибесінен де ештеңе шықпады. Әрбір сәтсіздігінен кейін оның себебін біле алмай ол аңтарылып қалатын еді.

Бувар да қиыншылықтан көз ашпады. Достар өзара ақылдасады, кітаптан кітапты ақтарады, бірақ қайшылықты пікірлерге тап болып, қайсысын қабылдарын біле алмай дал болысады.

Мысалы, мергельді алайықшы. Пювис оны мақтайды, ал Pope текке алғысыз етіп жамандайды.

Франклиннің тамаша нәтижелер шығарғанына қарамастан, Риефель мен Риго әктасты құптай қоймайды.

Бувардың ойынша, топырақты буландырып ұстау — ортағасырлық нанымдар қалдығы. Ал Леклер мұның қажеттіліктен туғанын айтады. Гаспарен болса, бір лиондықтың елу жыл бойы бір ғана егістік жерге астық өсіргенін айтып, ауыспалы егіс теориясын жоққа шығарады. Туль тыңайтқышсыз жер жыртуды лайық көрсе, майор Битсон жырту да, тыңайтқыш та қажет емес деп есептейді.

Ауа райын болжап үйрену үшін достар Льюк Говард жіктемесі бойынша бұлттарды зерттеуге кірісті. Олар аттың жалына, аралдарға немесе қарлы тау шыңына ұқсайтын бұлттарды бақылап, жауын бұлтын шарбы бұлттардан, қабат бұлттарды түйдек бұлттардан ажырата білуге тырысты; алайда бұлттар түрі тез өзгереді де, бұлар олардың лайықты атын таба алмай, дал болып қалады.

Барометр де алдайды екен, градусниктің көрсеткені де пайдаға аспай жатады; сондықтан олар Он бесінші Людовик кезіндегі бір турлық священник ойлап тапқан әдісті қолдай көрді. Суы бар шыныға салынған сүлік жаңбыр жауар алдында су бетіне шығып, тұрақты ашық ауа райында түбінде жатып алуға, ал дауыл болар алдында дамыл таппай ирелеңдеп кетуге тиісті. Алайда атмосфералық құбылыстар сүліктің мінез-құлқына сәйкес келмей-ақ қойды. Зерттеушілеріміз шыныға тағы үш сүлік салды. Бірақ төртеуінің қимыл-әрекеттері төрт түрлі болып шықты.

Ұзақ ойланып-толғанғаннан кейін Бувар өзінің қателескенін мойындады. Поместье үлгілі шаруашылық жолына түсіп, интенсивті жүйеге көшпесе болмайды екен. Ол бұл іске өзінің барлық қолда бар капиталын — отыз мың франк қаражатын жұмсады.

Пекюшенің ықпалымен ол тыңайтқыш ауруына шалдықты. Қорда шұңқырына қолға түскеннің бәрін — бұтақтар, қан, ішек-қарын, қауырсын, т.б. сала берді. Ол тыңайтқыш ретінде бельгиялық және швейцариялық фекаль сұйықтығын, сілті, қақталған балық, балдыр, шүберектерді де пайдаға асырды; гуано алдырды, оны өзі де жинауға тырысты, тіпті қыза келе, адамнан бөлініп шыққанның барлығы да әжетке жарауы керек деген шешіммен әжетхананы да құртты. Жан-жақтан оның ауласына сан түрлі өлімтіктер жеткізіліп жатты. Егістік жерінде өлген жануарлар сүйектері шашылып қалды. Осы мүңкіген сасықтың ортасында Бувар жан-жағына қоқилана қарап жүреді. Арбаға орнатылған сорғы жасыл өскіндердің үстіне қоймалжың қиды шашып жатқаны. Жиіркене мұрнын басқандарға ол:

— Бұл деген алтын ғой, таза алтын! — дейді.

Ол қидың аздығына налиды. Құс саңғырығына толы үңгірлері көп елдің тұрғындары неткен бақытты еді!

Қышабас нашар шықты, сұлы орташа ғана өнім берді, ал бидайды жағымсыз иісіне бола әрең дегенде өткізіп құтылды. Ең таңданарлығы сол, көп қиыншылықпен тастан тазартылған дөңестің өнімі бұрынғысынан анағұрлым азайып кетті.

Бувар құрал-сайманды жаңарту керек деген шешімге келді. Гильом скарификаторын, Валькур экстирпаторын, Матье де Домбальдың ағылшындық тұқым сепкіші мен үлкен соқасын сатып алды, бірақ жұмыскер соқаны бір көргеннен ұнатпады.

— Әуелі мұнымен жұмыс істеп көр!

— Кәнеки, үйрете қойыңыз.

Бувар жер жыртпақ болып еді, ештеңе жасай алмай, шаруалардың мазағына қалды.

Бувар жұмыскерлерін дабыл бойынша, қоңырау соғылысымен жұмысты бастап кетуге үйрете алмай-ақ қойды. Оларды шетінен боқтап, әрі-бері жүгіріп, жазу кітапшасына сөгіс жазып отырды, іскерлік кездесулер тағайындап, оларың өзі ұмытып кетіп, шаруашылыққа байланысты түрлі ойдан басы даң-дүң болып жүргені. Ол апиын алу үшін мак, және, ең бастысы, "үй кофесін" атымен сатып жіберермін деген оймен астрагүл өсірмекші болды.

Тезірек семірсін деген ниетпен әр екі апта сайын Бувар бұқалардан қан алып жүрді.

Шошқалардың біреуін де союға қимай, оларды тұздалған сұлымен асырағандықтан, олар төлінен көбейе берді. Ұзамай шошқа қора тарлық етіп, шошқалар қоршауды қиратып, аулада шұбырып жүріп, адамдарды тістеп алатын болды.

Жазда, нағыз қапырық ыстық кезінде, 25 қой бір орында айнала беретін өнер тауып, ақыры бәрі бірдей өліп тынды.

Сол арада Бувардың қан алуынан әлсіреген үш бұқа да арам қатты.

Саратан қоңыздың дернәсілдерін құрту үшін, ол екі жұмыскерге соқаның артынан ішіне тауықтар отырғызылған кішкентай доңғалақты торды сүйреп отыруға бұйырды; сөйтіп, барлық құстың аяқтарын сындырып тынды.

Ол еменшөп жапырағынан сыра қайнатып, шалғышыларға сидр орнына ішкізді. Сол-ақ екен олардың арасында жаппай асқазан ауруы басталды. Балалар жылап, әйелдер дауыс салып, еркектер сыбап жүргені. Жұмыскерлер жұмысты тастап кетеміз деген соң, Бувар сырадан бас тартуға мәжбүр болды.

Дегенмен, өзі жасаған сусынның зиянсыз екенін дәлелдеу үшін, олардың көзінше бірнеше шөлмегін ішіп алды, содан кейін өзін нашар сезінсе де, жағдайын жасырып, көңілдене күлімдеп жүрді. Ол тіпті бұл сусынды өз үйіне апаруға бұйырды. Кешкісін оны Пекюше екеуі ішіп, жақсы сусын деп мақтауын асырып отырды. Қайткенде де босқа төгу обал ғой. Бірақ ұзамай Бувардың іші бұрап ауырған кезде, Жерменаны дәрігер шақыруға жүгіртті.

Дәрігер — кең дөңес маңдайлы, қатал жүзді мырза — бастан-ақ Буварды қатты қорқытты. Оның ауруы жұрт айтып жүрген сырадан болған тырысқақ сияқты деді. Сусынның құрамын сұрап біліп, таңдана иығын көтерді, содан кейін түсініксіз ғылыми тілімен оны түкке алғысыз етіп сынады. Сусын рецептін берген Пекюше әбден ұятқа қалды.

Әкті қолданудың залалды әсері болғандығына, жердің екінші қайтара жыртылмағанына, түйетікеннің уақытында оталмағанына қарамастан, келесі жылы Бувар бидайдан тамаша өнім алды. Ол астықты Клап-Мейердің голландық жүйесі бойынша қыздыру әдісімен кептірмек болып шешті, сөйтіп, барлық бидайды орғызып алып, мая етіп үйгізді де, газ бөлінген кезде ғана кептіру үшін жаймалауға бұйрық беріп, одан арғысына бас қатырмастан үйіне қайтты.

Келесі күні түскі асқа отыра берген достар шамшат тоғайы жақтан барабанның дүңкілдеген дыбысын естіді. Жермена не екенін білу үшін жүгіріп шыққанымен, жаршы бұл кезде ұзап кеткен еді. Ұзамай шіркеу қоңырауы дабылдатып ала жөнелді.

Әлдебір мазасыздық билеп алған Бувар мен Пекюше үстел басынан атып тұрып, қалпақтарын да киместен, Шавиньолға қарай, не болып қалғанын білмекке асығыс жүріп кетті.

Жолда оларға бір кемпір кездесіп еді, ол да еш нәрсе білмейді екен. Бір жасөспірімді тоқтатып сұрады.

— Бір жерде өрт болып жатқан сияқты, — деді ол.

Барабан дүңкілі басылар емес, қоңырау да тыйылмастан соғып тұр. Бұлар қыстақтың шеткі үйлеріне іліге бергенде, дүкенші алыстан айқай салды:

— Сендердікі жанып жатыр!

Пекюше асыға адымдады, Бувар жүгіре басып келеді.

— Бір, екі! Бір, екі! — деп Пекюше венсен атқыштарының әдісімен досын асықтыра түсті.

Жоғары өрлейтін жолдың алдын қырат көлегейлеп тұр. Дөңеске жақынырақ қыр басына шыға келіп, алғаш көз салғанда-ақ олар апаттың көлемін аңғарып үлгерді.

Кешкі аспан аясындағы жалаңаш жазық ортасындағы барлық мая жанартауша лапылдап жанып жатыр.

Ең ірі маяның қасына үш жүздей адам жиналып қалыпты да, үш түсті аспабау асынған қалабасы Фуроның басшылығымен қолдарына бақан, ілмек темір алған жігіттер астыңғы жағын аман алып қалу үшін үстіңгі бауларды жан-жаққа шашып жатты.

Ырсылдай жеткен Бувар осы жерде тұрған Борден ханымды қағып құлатып кете жаздады. Жұмыскерінің бірін көзі шалып қалып, оны міндетіне салақ қарағаны үшін балағаттап жіберді. Ал ол байғұс жанұшыра жүгіріп, алдымен өз үйіне соғып, одан соң шіркеуге барып, одан шыға сала Буварға жүгіріп, қайтар жолында да оны ұшырастыра алмай, бұлардың алдында ғана жеткен болатын.

Бувар не істерін білмей абдырап қалды. Жұмыскерлер оны қоршап алып, бірін-бірі тыңдамай әлдене деп айқайласады, ал ол болса маяны шашып тастауға тыйым салмақ болып, көмектесулерін, су тасуларын, өрт сөндірушілерді шақыруды өтіне береді.

— Бізде өрт сөндірушілер қайдан болсын! — деді қалабасы.

— Жоқ болса, бұл сіздің кінәңіз! — деп ақырып жіберді Бувар.

Ол ашуы қайнап, аузына келгенін айтты, қарап тұрғандар қалың еріні мен бульдог итке ұқсайтын шықшытына қарағанда дөкір жан болып көрінетін Фуро мырзаның шыдамдылығына таң қалысты.

Өрт лапылдай түсіп, маяларға жақындау мүмкін болмай қалды. Тойымсыз жалынға оранған сабан шатырлай майысып, бидай дәндері бетке оқ бытырасындай ыршиды. Енді маялар шөгіп, үлкен алауға айналды да, жан-жаққа отшашудай шашыла бастады; жанып жатқан үйіндіні орай жалаңдаған от тілдері бірде қып-қызыл бояуға ұқсап кетсе, енді бірде ұйыған қан тәрізденіп қошқылдана қалады. Ымырт үйіріліп, жел соқты; адамдар тобын түтін тұмшалап алған. Қап-қара аспанды ауық-ауық жалын тілгілеп өтеді.

Бувар өртке қарап, ақырын жылап тұрды. Көздері домбығып, бет-әлпеті қайғыдан ісініп кеткендей көрінеді. Борден ханым жасыл шәлісінің шашақтарын тарақтай тұрып, оны "байғұс досым-ау" деп атап, жұбатпақ болады. Қиыншылықты көз жасыңмен жеңілдете алмайсың, болған іске болаттай берік болған жөн.

Пекюше жылаған жоқ. Құп-қу болып, тіпті сұрланып, ауызы ашылып, суық терге шыланған шашы басына жабысып, шеткерек барып, әлдене жайлы ойланып тұрды. Кенет дәл қасынан аббаттың ұрлана сыбырлаған үні естілді:

— Үлкен бақытсыздық болды. Өкінішті, өте өкінішті! Қайғыңызға ортақпын, сеніңіз маған!

Басқа ешкім қайғырған түр танытқан жоқ. Жұрт отқа қолдарын жылытып, күле әңгімелесіп тұр. Бір шал түтіндеген масақты алып, трубкасын тұтатты. Балалар билеуге кірісіпті. Бір тентек өрттің көңілді нәрсе екенін айтып, айқайлай сөйледі.

— Көңілді екенінде шәк жоқ! — деді осы сөзді естіген Пекюше.

Алау бәсеңсіп, күйген маяның орны шөмейіп қалды, енді бір сағаттан соң алқапта күл басқан қара үйінділер ғана жатты. Осы кезде жұрт тарай бастады.

Бувар мен Пекюшені Борден ханым мен аббат Жефруа үйлеріне дейін әкеліп салды.

Жолда жесір әйел көршісінің кісі киіктігіне сыпайы ғана өкпесін білдірді, ал дін қызметшісі бүгінгі күнге дейін өзінің ең бір құрметті құдайдың құлдарымен танысу құрметіне ие бола алмай келгеніне қатты қайран екенін жеткізді.

Оңаша қалған соң екеуі өрттің шығу себебін ойластыра бастады, жұрттың оны жас сабанның өздігінен қызып жануынан дегенін қабылдамай, біреудің кек қайтаруы деген қорытындыға келді.

Әрине, ол Гуи ағайдан немесе суыр аулаушының қолынан келген іс. Бұдан жарты жыл бұрын Бувар оның қызметінен бас тартқан болатын, тіпті бірер адамдарға суыр аулаудың ұят іс екенін, үкімет оған тыйым салуы қажет екені жөнінде сөз қылғаны бар-ды. Содан бері ол адамның осы төңіректе айналшықтап жүргенін бірнеше рет көрген. Сақалын өсіріп жіберген ол бұларға қорқынышты болып көрінеді, әсіресе кешқұрым ұзын сырыққа байлап алған суырларын салақтатып қақпа алдынан өткенде, зәре-иманыңды ұшырады.

Шығын айтарлықтай еді, оның мөлшерін анықтау үшін, Пекюше Бувардың шым-шытырық жазуға толы кітаптарын парақтаумен бір аптадай уақытын кетірді. Жазбахаттар мен кіріс-шығыс кітабындағы қарындашпен түсірілген белгілерді салыстыра отырып, ол адам сенгісіз ақиқатқа көз жеткізді: сататын еш тауар да, вексель де қалмаған, касса таза тақырланған. Тапшылық отыз үш мың франк болып шықты.

Бувар бұған еш сене алмады. Сөйтіп, олар жиырмасыншы рет басынан бастап қайта есептеуге кірісті. Қанша есептесе де шығатын қорытынды біреу-ақ: енді екі жыл осындай шаруашылық жүргізетін болса, байлығынан дым да қалмайды. Жалғыз ғана жол бар — поместьені сату керек.

Қалай болғанда да, нотариуспен ақылдаспаса болмайтын еді. Бувардың батылы бармайтын бұл істі Пекюше өз мойнына алды.

Нотариус Мареско мырзаның пікірінше, алдын ала жарнама беру қажетсіз көрінеді. Ол ферма жайлы қалталы клиенттермен сөйлесіп, олардың ұсыныстарын бұларға хабарлауға уәде берді.

— Өте жақсы, — деді Бувар, — бізде әлі уақыт жетеді.

Ол фермер жалдайды, содан кейінгісін көре жатар.

— Екеуіміздің бұған дейінгі жағдайымыз нашарлай қоймас, тек қана енді бізге үнемшіл болуға тура келеді.

Бұл Пекюшенің бағбандыққа байланысты жоспарының үдесінен шыға қоймады да, бірнеше күн өткенде ол өз пікірін білдірді:

— Бізге тек қана жеміс ағаштарын өсірумен айналысып, ермек үшін емес, ең алдымен пайда табуды ойлауымыз керек. Бізде қадағы үш суға ғана түсетін алмұртты астанада бес, тіпті алты франкке сатуға болады. Бағбандар шабдалыны пайдаға айналдырып, қартайғанда жиырма бес мың ливрлік рента алып жатады. Санкт-Петербургте қыста жүзімнің бір шоғына наполеондор төлейді. Пайдалы іс екенін көріп тұрсың ғой. Ал ол үшін не қажет? Еңбек, көң мен өткір қайралған бағбан пышағы ғана!

Бұл сөз Бувардың қиялына әсер еткені соншалық, олар дереу кітаптарын ақтарып, сатып алынуға тиісті көшеттер тізімін жасауға кірісті, сөйтіп, өздеріне керемет болып көрінген атауларды таңдап алып, Фалездегі көшетжай иесіне өтініш жасап еді, ол өтпей жатқан үш жүз өскінді дереу жеткізіп бере қойды.

Бувар мен Пекюше тіреу жасату үшін темір ұстасын, таяныш үшін қапсырма жасаушыны, тұғырық даярлауға ағаш ұстасын шақырды. Ағаштарды келешекте қандай түрде қырқып өсіруі керегі, тіпті шамдал бейнесінде болатындары да алдын ала ойластырылды. Осы мақсатта олар қабырғаға ілмектері бар тақтай қақты, атыздың екі шетіне орнатылған екі бағанаға темір сымдар тартылды; жерге тасталған шеңберлер келешекте құмыралар тұратын орынды, ал таяқшалардан құрастырылған конус — болашақ пирамида рөлін атқарып тұрды; сондықтан мұнда келгендер бұларды белгісіз бір механизм бөлшектері немесе отшашу қаңқасы ма деп ойлап қалатын еді.

Шұңқырлар қазылып болған кезде олар оны тыңайтқышқа толтырып, жақсы-жаман демей, көшеттердің барлық тамыр ұштарын қырқып, тыңайтқыш үстіне шаншыды. Жарты жыл өткенде көшеттер түгел семіп қалды. Бұдан кейін де көшетжай месіне жаңа тапсырыстар беріліп, көшеттер шұңқыры бұрынғыдан да тереңірек етіп қазылды. Бірақ жаңбырдан жер қатты езіліп, көшеттер өз салмағымен топыраққа батып кетті де, біздің бағбандардан оңай құтылды.

Көктем шығысымен Пекюше алмұрт ағаштарын күзеуге кірісті. Ол тік өскен бұтақтарға тиіскен жоқ, әлсіз өскіндерге аяушылық білдірді; сөйтті де, қайтсе де "дюшес" сұрыпты ағаштарының бұтақтарын діңіне тік бұрыш жасай қатарын тіктеп өсірмек ниетпен бұтақтарын аяусыз сындырды немесе жас ағаштарды тамырымен жұлып тастап отырды. Шабдалы ағаштарына келгенде ол қандай бұтақтар жанама жоғарғы, жанама төменгі, ал қайсысы — қайталама жанама төменгі екенінен әбден шатасты. Оның үстіне ол ағаштар қатарын дұрыс тік бұрышпен орналастырмақ болып, басты екі бұтақты есептемегенде, алты бұтақты оң жаққа және алтауын сол жаққа тартып, әп-әдемі балық қаңқасы кейпіне келтірмек болып қанша әуреленсе де, түк шығара алмай-ақ қойды.

Бувар өрік ағаштарын түзу өсірмек болып қанша бағыттағанымен, олар ырқына көне қоймады. Ол ағаш діндерін топырақ деңгейіне жеткізе иіп қойды, бірақ біреуі де қайтып бой көтермеді. Оның шие ағаштарына бұтақ телімек болып жасаған кертіктерінен желім ағып тұрды.

Алдымен олар кертікті өте ұзын жасап қойып, бұтақты түбіріндегі көздерінен бүлдірді; содан кейін тым қысқа жасап, одан бұтақтар қоюланып кетті; одан кейін бүршікті түйнектерден айыра алмай қобалжып жүрді. Алғашында олар ағашта гүл көп болады деп қуанып қалған еді, содан кейін қателескендерін біліп, қалғандары мықты болуы үшін, түйнектердің төрттен үшін жұлып тастады.

Олардың әңгімесі тек шырын мен түзуші ұлпалар туралы, ағаштарды байлау, сындыру, көздерін жұлу маңынан ұзамайтын болды. Асүй қабырғасына олар өсірілген өскіндерінің нөмірленген тізімін іліп қойды, сол нөмірлер жазылған тақтайшалар ағаштардың түбіне де орнатылды.

Елең-алаңнан оянатын олар бақ құралдарын алып, қас қарайғанша тыным таппай жұмыс істеп жүреді. Көктемгі ызғырық кезінде, таңертең Бувар жейдесінің ішінен тоқыма кеудеше кисе,Пекюше ескі сүртігін тастамайды, сонда да қақпа сыртынан өткен кісілер тұман арасынан олардың жөтелгендерін еститін.

Кейде Пекюше қалтасынан бақ шаруашылығы бойынша басшылық кітабын суырып алып, күрегіне сүйенген күйі, осы кітаптың мұқабасында бейнеленген бағбанның тұрысына салып, қажет беттерін оқып тұрады. Сонда өзінің осы тұрысы бағбаннан аумай қалғанын біліп, мардамсиды. Осыдан оның кітап авторына деген құрметі арта түсетін.

Бувар пирамида түрінде қырқылған ағаштардың жанындағы биік сатыдан түспейді. Бір рет оның басы айналып, жерге Пекюшенің көмегімен зорға түскені бар.

Ақырында алмұрттар да көрінді-ау, алхоры да түйін салды. Енді олар құстарға қарсы нағыз майдан ашып, білетін әдістерінің барлығын пайдаға асырды. Айна сынықтарының жарқылынан өздерінің көздері шағылысса, жел диірмен зырылдауығы түні бойы ұйқы бермейтін болды. Қарақшыда торғайлар тізіліп отырады. Олар киімін өзгертіп екіншісін, үшіншісін жасады — түк көмегі жоқ.

Дегенмен біраз табыс алармыз деген үміт те бар еді. Пекюше осы хабарымен Буварды қуантып үлгермеді, аяқ астынан күн жарқылдап, ірі-ірі, ап-ауыр жаңбыр құйып кеп берді. Жел екпіні ағаштар қатарын солқылдатып, тіреулер бірінен кейін бірі жығыла бастады, сүйеусіз қалған байғұс ағаштар алмұрттарын бір-біріне соға шайқатылып кетті.

Бақта жүрген Пекюше нөсерден күркеге қашып тығылды, Бувар асүйде отырған болатын. Олардың көз алдында ағаш сынықтары, бұтақтар, жабынқыштар жаңқадай ұшып жатты. Дәл осы сәттегі Бувар мен Пекюшенің көздеріндегі уайым, жүректеріндегі шаншу осыдан он мильдей жердегі жағалаудан теңізге телміре қараған теңізші әйелдерінің басындағы жағдайдан бір де кем емес еді. Кенет екінші ағаш қатарының тіреулері мен бағандары жіңішке торларымен бірге жүйек үстіне сұлап түсті.

Осыдан біраз уақыт өткенде бақты аралауға шыққан олардың көргендері тіпті сұмдық еді! Алхорылар мен шиелер еріген бұршақтармен аралас шөп үстінде жайрап жатты. "Бергамот" алмұрттары "ардагерлер" және "салтанат" сорттарымен бірге тып-типыл болып күйреген. Алмадан тек біраз "аталар" мен он екі түп "Шолпан омырауы" аман қалыпты; Шабдалының барлық өнімі түбірінен қопарылған самшиттердің қасындағы шалшықта жүзіп жүрді.

Шұқып қана желінген түстіктен кейін Пекюше тіл қатты:

— Фермаға барып, онда не болып жатқанын көрсек пе екен?

— Қой әрі! Ренішіміз аз еді!

— Рас айтасың, шынында, біздің жолымыз болмай-ақ қойды.

Олар бәрін құдіреттің күші мен табиғат қатыгездігінен көріп, бір-біріне шағына бастады.

Үстелге шынтақтай сүйенген Бувар әдетінше ақырын ғана ысқыруға көшті, сәтсіздік қай-қайдағыны еске түсіреді, ол өзінің ауыл шаруашылығына байланысты бұрынғы жоспарларын, оның ішінде — крахмал фабрикасы мен жаңа сыр сортын есіне түсірді.

Ауыр күрсінген Пекюше танауына темекі шөкімін тығып жатып, тағдырым сәл мейірімділеу болғанда, ендігі бір агрономиялық қоғамның мүшелігіне өтіп, көрмелерде жарқылдап жүрер едім-ау, атым газет бетінен түспес еді деген ойға берілді.

Бувар жан-жағына мұңая қарады.

— Құдай ақы, мынаның бәрін көрмейтіндей басқа бір жаққа кетіп қалғым келеді.

— Өзің білесің де, — деді Пекюше. Сәл үнсіздіктен кейін ол сөзін жалғады: — Авторлар бізге ағаш діңіне кертік салудан бас тартуды кеңес етеді. Кертіктер шырын қозғалысына кедергі жасап, ағашқа зиян келтіреді. Шынын айтқанда, жеміс ағашы өзін жақсы сезінуі үшін, мүлдем жеміссіз болуы керек. Ал былай қарасаң, ешқашан оталмаған, тыңайтылмаған ағаштар да жеміс береді, — рас, бақ жемістеріндей ірі емес, бірақ шырынды болып келеді. Осының мәнін маған кім түсіндіріп берер екен!? Әрбір сұрып қана емес, әрбір данасы климатқа, температураға және басқа көптеген жағдайға орай ерекше күтімді қажет етеді. Мұндай жағдайда ортақ ережелер не үшін қажет, біз несіне қандайда бір табысқа жетуден немесе пайда алудан үміттенеміз?

— Гаспаренді оқысаң, әдетте пайда капиталдың оннан бірінен аспайды, — деп жауап қатты Бувар: — Демек, капиталды банкіге салған тиімдірек. Қаныңды босқа қарайтпай-ақ, он бес жылда күрделі пайыздар арқылы екі еселеп алуға болады.

Пекюшенің басы салбырап кетті.

— Сонда жеміс шаруашылығы дегеніміз — сандырақ болғаны ғой!

— Агрономия да солай! — деді Бувар.

Енді олар өздерін атаққұмарлықтары үшін сөгіп, бұдан былай өз еңбектері мен ақшаларын үнемдеп жұмсауға шешім қабылдады. Алдағы уақытта жеміс бауын тазартып, бұтақтарын қырқып отыру ғана жеткілікті. Тіктегіш тіреулердің көзін құртады, шіріген, құлаған ағаштардың орнына басқасын отырғызбайды. Бірақ онда жоқ ағаштардың орны сүйкімсіз үңірейіп қалады ғой, әлде аман қалғандарын да түгелдей сырып тастаған дұрыс болар ма? Не істеу керек?

Пекюше сызу құралдарының көмегімен бірнеше жоба сызды. Бувар оған кеңес беріп отырды. Бірақ көңіл жұбатар бірдеңе шыға қоймады. Сәті түскенде олар кітапханаларынан Буатардың "Бақтағы сәулет өнері" аталатын еңбегін тауып алды.

Автор бақтарды бірнеше тип пен түрге бөледі. Ең алдымен иммортельдер, қирандылар, мазарлар және қасақының қолынан қаза тапқан ақсүйек жерленген жерді нұсқап тұрған құдай — ананың ex - voto1 құдай — ананың құрбандығы бейнеленген "арманшыл-романтикалық" тип бар. "Қатал" типі ентелей біткен жартастар, быт-шыты шыққан ағаштар, күйген күркелерден тұрады; "экзотикалық" типте "қоныс аударушыға немесе саяхатшының есіне қай-қайдағыларды түсіру үшін" перулік інжір өскіндері басым келеді. "Салтанатты" типте Эрменонвиль тәрізді пәлсапа храмы болуы міндетті. Салтанат аркалары мен обелискілер "айбындылық" типін сипаттайды; мүк пен "үңгірлер" — "құпиялы" типті, ал қол — "арманшыл" типті береді. Сондай-ақ "фантастикалық" тип болады, оның тамаша үлгісін біраз уақыт бұрын вюртембергтік бір бақтан көрген болатынбыз: онда келген адам бірінен кейін бірін — қабанды, дуананы, бірнеше сағананы көреді және ең соңында ол келіп мінген қайық жағалаудан ешкімнің көмегінсіз өзі жүзіп шығып, бөлек жайға алып кіреді, онда тұрған диванға жайғаса берген адамның бетіне суды шашып кеп жібереді.

Мынандай ғажайыптан Бувар мен Пекюшенің бастары айналып қалған. Оларға таңғажайып бейне тек әйгілі адамдарға ғана арналған сияқты болып көрінген. Пәлсапа храмы айрықша арбиған, қолапайсыз болып шықты. Кісі өлтіруші болмауы себепті құдай — ананы бейнелеу мағынасын жоғалтқан, ал қоныс аударушылар мен саяхатшылардың сорына қарай америкалық өсімдіктердің бағасы өте қымбат. Оның есесіне нақ бір бөліп-жарып тасталған, түк басқан ағаштар сияқты жартастарға қол жеткізу оңай болатын. Енді, міне, достар зор табыспен, бір ғана жұмыскердің жәрдемімен және болмашы қаражатқа өз резиденцияларына таяу төңіректе теңдесі жоқ бақтың сәулет өнерін өмірге әкелді.

Айналмалы, адам адастыратын соқпақтары сан тарапқа таралған шамшат саяжолы тоғайға маңдай тірейтін. Осы жерде қатар түзеген ағаштардың ортасынан оңтайлы көріністі

тамашалауға арнап шағын арка орнату көзделген еді. Алайда арканы ұстап тұратын ештеңе болмауы себепті, ол ойығы аумақты көркем үйінді болып шықты.

Достар этрустық, басқа сөзбен айтқанда, иттің үйшігіне ұқсас, биіктігі алты фут қара гипстен төртбұрышты мазар орнату үшін, қояншөп өскен жүйектерді құрбан етті. Гүлтәжді сауытқа іліп, қабір үстіндегі құлпытасқа жазылатын жазумен безендіруді ойластырған бұл ескерткіштің бұрыш-бұрышында сақшылар сынды төрт канадалық шырша сап түзеп тұр.

Бақтың басқа бөлігінде Риальттікіне ұқсас көпір бар-тын. Ол жиектеріне ұлу қабыршақтары жабыстырылған алажабақ бассейннің екі шетін жалғастырып тұр. Су жиналмай, жерге сіңіп кетуде, бірақ оған қынжылу қажетсіз. Уақыты келгенде бассейннің түбінде сазбалшық қабаттары түзіледі де, суды ұстап қалатын болады.

Түрлі-түсті шынылардың арқасында бақтағы күрке қыстақ лашығына айналған. Ал төбешікте қытай ғибадатханасын бейнелейтін, сүргіленген алты бөренеден құрастырылып, қаңылтырмен жабылған, шатырының бұрыштары жоғары қарай қайырылған ғимарат пайда болды.

Бувар мен Пекюше Орнаның жағалауынан мәрмәр қойтастар тауып алып, оларды уатып, нөмірлеп, арбаға артып үйлеріне әкелді де, бірінің үстіне бірін үйіп, цементпен бекітті, содан соң, көгал ортасында алып картопқа ұқсас жартас бой көтерді.

Қалай болғанда да, көріністің көрнекілігіне бірдеңе жетпей тұрғандай. Олар ең жуан жөке ағашын кесіп алды да (оның үстіне қурап кетуге айналған), оны бақтың қақ ортасына апарып тастай салды; ағашты жағалауға долы тасқын айдап шығарған немесе найзағай түсіп құлатқан деп ойлауға болатын.

Жұмыс біткен соң, кіреберісте тұрған Бувар Пекюшеге айқайлай тіл қатты:

— Мында кел! Бұл жерден көрінісі керемет!

...Керемет... — деп қайталады біреу.

— Бара жатырмын! — Пекюше жауап қайырды.

...Бара жатырмын!

— Жаңғырық естіле ме?

...Жаңғырық!

Осыған дейін оларға жаңғырық естілген емес, шамасы, жөке ағашы бөгесін болған сыңайлы; ендігі жерде оның пайда бола кетуі, шамасы, астық кептіретін сарайдың қарсы бетіне салынған ұшар басындағы әшекей атшасы алыстан көзге шалынатын ғибадатхнаның арқасы болар.

Достар көңіл көтеру мақсатымен бір-біріне күлкілі бірдеңелер айтып жатыр, ал Бувар болса әзілдеп және тіпті әдепсіз сөздер ойлап табуда. Ол тиын-тебен әкелмекші болғансып Фалезге бірнеше рет барып қайтты, әрдайым бір шағын түйіншек алып келіп, оны комодқа тыға салатын. Бір күні таңертең Пекюше де Бретвилге жол тартып, ол жақтан өте кеш оралып, қолындағы кәрзеңкесін кереуеттің астына жасыра салды.

Келесі күні ертеңгісін оянған бетте Бувар керемет таңданды. Тис саяжолының алдыңғы екі ағашы кешелері ғана шар тәрізді домалақ еді, ал қазір тауысқа ұқсап кетіпті; екі фарфор түймелі мүйізі тұмсық пен көздерін бейнелеп, қатты ұқсастырып жіберіпті. Сөйтсе, бұл күні Пекюше таң сәріде тұрып, Бувар өзін көріп қалады-ау деп қорыққаннан қалтырап-дірілдей жүріп, екі ағашты да Дюмушель салып жіберген суреттерге сәйкес қырқып тастапты.

Соңғы жарты жылда сол саяжолдың басқа ағаштары пирамидаға, текшеге, цилиндрге, бұғылар мен креслоларға ұқсап кетсе де, тауыстарға ештеңе теңесе алмаған еді. Бувар мұны мойындаған және досын жатып кеп мақтады.

Бувар күрегін ала келуді ұмытқанын сылтауратып, Пекюшені шытырман жол торабына ертіп әкетті; шын мәнісінде ол бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген бірдеңе жасау үшін досының қасында жоқтығын пайдаланған болатын.

Далаға шығатын шағын қақпаны ол балшықпен сылап, оған зәңгілер, тыржалаңаш әйелдер, жылқы тұяқтары мен бассүйектері түріндегі бес жүз Әбділқадыр трубкасын жабыстырып тастаған.

— Менің тыпыршуымның сырын түсіндің бе?

— Айтасың-ау!

Көңілдері қуаныштан алып-ұшқан олар айқара құшақтаса кетті.

Барша суретшілер секілді, оларға да жұртшылықтың таңдана тамсануы ғана жетіспей тұрды, сол себепті Бувар қонақасы беруге бел байлаған.

— Абайла! — деген Пекюше. — Қонақ қабылдауға әуестеніп алсаң, ол дегенің түбі тесік шелек сықылды!

Қалай болғанда да түстік беру жөнінде шешім қабылданды.

Бувар мен Пекюше осы өңірге қоныс аударғалы бері жұрттан оқшау ғұмыр кешіп жатқан. Олармен танысып-білісуді қалаған барлық көрші-қолаң, жұмыс жағдайына байланысты Парижге шақырылған граф де Фабержден басқалары, шақыруды қабылдаған. Оның орнына іс басқарушысы Гюрель мырза келді.

Бір кездері Лизьеде бас аспаз болған трактирші Бельжамбыға сан түрлі тағам даярлау тапсырылған. Ол бұларға кімдердің даяшыға лайық екенін білдірді. Жермена өзіне көмекшілікке құс өсіруші әйелді алды. Борден ханымның қызметшісі Марианна да келуге уәде берген. Түс ауа, сағат төрттен аса бере қоныс иелерінің қақпасы айқара ашылып, екі қожайын да қонақтарын сағаттары таусыла тосты.

Босағаны алғаш аттаған Гюрель еді, бірақ ол сүртігін киюге әуреленіп, шамшат ағашының түбінде бөгеліп қалды. Іле-шала жаңа сутанын киген священник, бір минуттан соң барқыт көкірекшелі Фуро мырза келіп кірді. Қолшатырымен күннен көлеңкелеп, аяғын әрең басып келе жатқан әйелін қолтықтап алыпты. Ерлі-зайыптылардың арт жағында қызғылт таспалар толқындай шайқалып келеді. Бұл сәнді жібек көйлегі құбыла құлпырған Борден ханымның қалпағы болатын. Оның кеудесінде сағаттың алтын бауы жарқырап тұр; саусақты қара қолғап киген қолында алтын жүзік жалтылдайды. Елдің соңын ала басына жеңіл қалпақ, көзіне монокль — дөңгелек шыны қыстырған нотариус Мареско келіп жетті — ресми қызметі оның зиялы адам қалпын сақтауына кедергі келтірмейтін.

Қонақжай еденінің жалтыратылғаны сондай, ол тіпті мұз айдынындай тайғақ екен. Қабырғаға жағалата креслолар қойылған; бөлме ортасында тұрған дөңгелек үстелде ликер құйылған тұғыр айырықша көзге түссе, каминнің үстінде Бувардың әкесінің суреті ілулі тұр. Жарықтың көмескі түсуінен оның аузы қисық, көзі қитар сияқтанып, жабысқан өңез жақ сақалға ұқсап кетіпті. Қонақтар ұлы әкесіне ұқсас екен деген шешімге келген, ал Борден ханым болса, Буварға сұқтана қарап, оның әкесі көркем жігіт болған сыңайлы деген пікір қосты.

Бір сағат өтті; содан соң ғана Пекюше үйге кіруге болатындығын хабарлады.

Қонақжайдағы секілді мұнда да қызыл жиекті ақ матадан тігілген перделер түрулі тұр; күннің алтын сәулесі, бар болғаны бір ғана барометрмен безендірілген, ағашпен қапталған қабырғаларға түсіп тұр.

Бувар екі әйелді өзінің қасына отырғызды: Пекюше қалабасы мен священниктің ортасына жайғасты: түстік балық жеуден басталған; өкініштісі — балықтан балдыр иісі шығып тұр. Бұған қынжылған Бувар жұрттан сан қайыра кешірім өтінді; Пекюше болса Бельжамбыға ұрсу үшін асүйге жүгіріп кетті.

Дастарқан мәзірі ауыстырылып, алға түйетабан балық, ет салып пісірген бәліш және саңырауқұлақ қосылған көгершін сияқты тағамдар қойылғаннан кейін қонақтар сидр шарабын дайындау тәсілдерін талқылауға кірісті.

Одан кейін әңгіме желісі оңай қорытылатын және қорытылмайтын тағамдар жөнінде өрбіді. Әлбетте, бұл ретте жұрт дәрігерді тыңдағысы келген. Ол ғылымды зерделей зерттеген адамсып, бұл мәселе жөнінде сыни пікірлерін келтірді, дегенмен ешқандай қайшылыққа жол берген жоқ.

Сүбе етіне қоса дастарқанға бургун шарабы қойылған. Шарап қоймалжың екен. Бувар дұрыс таңдалмағанын айтып, тағы үш шишаны аштырып еді, бәрі де осындай болып шықты. Содан кейін қонақтарға Сен-Жюльен шарабы құйылып еді, сөйтсе ол толық ашытылмапты. Қонақтар үнсіз отыр. Гюрельдің жүзіне күлкі үйіріліпті, тек даяшының тас еденді тарсылдата жүрген дыбысы ғана естіледі.

Вокорбей ханым, түріне қарағанда сарыуайымшыл толық әйел (оның үстіне босануына бір-ақ ай қалған) кеш бойы жұмған аузын ашқан жоқ. Оның көңілін қалай табарын білмеген Бувар театр жайлы әңгіме бастады.

— Әйелім ешқашан театр есігін ашқан емес, — деп дәрігер сөзге араласты.

Мареско мырза Парижде болған кездерінде тек қана итальяндықтар өнерін тамашалайтын.

— Ал мен болсам, — Бувар сөзін жалғастырды, — қалжың тыңдау үшін Сықақ театрына жиі баратынмын.

Фуро Борден ханымнан әзіл-қалжыңға қалай қарайтынын сұрады. Ол:

— Мәселе оның мазмұн — мәніне байланысты, — деген жауап қайырды.

Қалабасы жесір әйелге жорта тиіскен-тін. Ханым да оған әзілге жыға жауап қайырды. Содан кейін қонақтарға корнишон даярлаудың жолын айта бастады. Айтқандай, Борден ханымның іскерлік қабілеті жалпы жұртқа аян еді, оның фермасының да үлгілі тәртібімен атағы алысқа жайылған.

— Сіз өзіңіздің фермаңызды сатпайсыз ба? — деп сұрады Фуро Бувардан.

— Бір құдайға аян, соны өзім де білмеймін...

— Қалай, тіпті Экаль қонысын да сатпайсыз ба? — деп нотариус әңгімеге араласа кетті. — Сол жер сізге өте қолайлы болар еді ғой, Борден ханым.

— Солайы солай ғой, бірақ та Бувар мырза бағасын тым аспандатып жіберіп отыр, — деп жесір әйел қылымси жауап қайырды.

— Оны қыбын тауып көндіруге болатын шығар?

— Мен ондай әрекет жасай алмаймын.

— Жарар енді, ал егер оның бетінен сүйіп алсаңыз ше?

— Кәнеки, қалай болса да байқап көрелік, — деп ұсыныс жасады Бувар, содан кейін жиналғандардың жаппай қол шапалақтауы кезінде әйелдің екі бетінен алма-кезек шөпілдетіп сүйді.

Сол сәтінде шампанның тығыны атылды; тығынның тарсылы шаттықты шалқыта түсті. Осы кезде Пекюше қызметшіге белгі беріп еді, перделер айқара ашылып, қонақтардың көзі баққа түсті.

Бұл, әсіресе күн батып бара жатқан қазіргі кезде жантүршігерлік көрініс болды. Көгалдың үстіне жайғасқан жартас төбедей болып төніп тұр, этрустік мазар саумалдық жүйелерін басып кеткен, венециандық көпір үрмебұршақтың үстінде кемпірқосақ кейпінде жарқырайды, ал лашық алыстан қарағанда қара нүкте сияқты көрінетін, өйткені көркемділігін арттыру үшін достар оның қамыс шатырын өртеп жіберген болатын. Бұғылар мен креслолар пішіндес қылқанды ағаштар саяжолдан қызанақтар қолшамдар сияқты ілініп тұрған, түгелдей жасылкөк шөпке малынған беседкаға дейінгі аралықта найзағай түсіп, қиратып кеткен жөкелерге жеткенше созылып жатыр. Әр жерден күнбағыстың дөңгелек сары қалпақтары көзге шалынады. Қытайдың қызыл ғибадатханасы төбеден көрінген шамшырақ сияқты. Күн сәулесі түскен тауыстың тұмсығы қызарып, жарқырап кеткен, оның аржағында қоршау тақтайларын қиратып тастағаннан кейін көсіліп жатқан жалаңаш жазық көрінеді.

Қонақтардың таң-тамаша қалғаны Бувар мен Пекюшені рақат сезімге бөледі.

Борден ханым тауыстарды көргенде мәз болса, өртеніп кеткен лашық пен қарайған қабырға сияқты мазар да көргендерді аң-таң қалдырды. Содан соң күллі қонақтар бірінің артынан бірі тізіліп көпірден өтті. Бувар мен Пекюше бассейнді толтыру үшін бозала таңнан оған су тасумен айналысқан, бірақ тастар қиюластыра төселгендіктен су жерге сіңіп кетіп, түбінде лай ғана қалған.

Бақта сейіл құрып жүрген қонақтар сын-ескертпелерін де айтты: "Сіздің орныңызда болсам, мен басқаша істеген болар едім". — "Көк бұршақ көктемей қалыпты". — "Ақиқатын айтқанда, сіздің мына жеріңіз қоқыс төгетін орынға ұқсап кетіпті". — "Ағаштарды бұлайша қырқатын болсаңыз, он да ешқашан жемісін жинай алмайсыз".

Бувар өзіне жемістің түкке де керегі жоқтығын айтты.

Шамшат ағаштарының арасындағы саяжолда келе жатқанда ол өз ойынша аса мәнді деп есептеген сөзін айтты:

— Біз бір кісіні әуреге салыппыз, одан кешірім сұрауға тиіспіз!

Бұл әзіл көңілден шыққан жоқ. Гипс бикешті жұрттың бәрі баяғыдан білетін.

Шытырман жолмен біраз жерді шыр айналған қонақтар трубкалар тізілген қақпаға маңдай тіреді. Қонақтар бір-біріне таңырқай қарасты. Жұрттың бет құбылыстарын бағып тұрған Бувар олардың пікірлерін білуге асығып, сауал қойды:

— Қалай, бұл сіздерге ұнай ма?

Борден ханым дауыстап тұрып күлді. Өзгелер де оған қосыла кетті. Кюре қиқылдап, Гюрель жөтеле, дәрігер көзінің жасын сүрте, оның зайыбы дірілдей булықты, ал Фуро — ештеңеден қымсынбайтын жан — Әбділқадырлардың біреуін суырып, "естелік үшін" қалтасына салып алды.

Саяжолдан шығар сәтте Бувар келгендерді таңдандырмақ болып, бар даусымен шыңғыра айғай салды:

— Ханым! Сізге қызмет көрсетуге әзірмін!

Жым-жырт! Жаңғырық үнсіз қалды — өйткен себебі астық сарайын қайта салғанда оның атша ілінген биік шатырын сыпырып алғандықтан болса керек.

Кофе төбе басында берілді: еркектер жағы шар ойнауға енді кіріскелі жатқан, сол сәтте қақпадан әлдебіреудің тесіле қарап тұрғанын бәрі де аңғарды.

Жолаушы жүдеу өңді, күнқақты болып қарайып кеткен, үрпиген қауға сақалды кісі екен, үстіне кигені алба-жұлба қызыл шалбар мен көк жейде.

— Маған бір стакан шарап құйыңдаршы, — деді даусы қырылдай шыққан ол.

Қалабасы мен Жефруа аббат оны бірден тани кетті. Ол ілгеріде Шавиньолда ағаш шебері болып істеген.

— Құдай жар болсын, қайта бер, Горжю, — деді Фуро мырза. — Қайыр сұрауға тыйым салынған.

— Қайыр сұрау?! — Ол қатты ашулана айғай салды. — Мен табандатқан жеті жыл Африкадағы соғысқа қатыстым. Осы жаңа ғана госпитальдан шыққан бетім. Ал жұмыс жоқ. Енді қайтем, ұрлық істейін бе? Өлмесеңдер өмірем қабыңдар!

Еркектің ашуы басылды да, ол қарындары тоқ байшыкештерге бүйірін таяна қарап тұрып ызалана күлді. Соғыс зардабы, арақтың уыты, безгектің әлегі, жоқ-жітік тіршілік — осының бәрі оның қарауытып кеткен жанарынан байқалып тұр. Еріндері дірілдеп, қызыл иегі көрінеді. Алқызыл биік аспаннан оған қанжоса сәуле түсіп, және ол орнынан тапжыла қоймағандықтан, жұрттың бәрінің дегбірі қашты.

Қолайсыз жағдайдан құтылуды көздеген Бувар жартылай ішілген шишаны ұсынды. Қаңғыбас шарапты қомағайлана қағып салды да, қолын ербеңдетіп, сұлы егістігіне қарай кете барды.

Бувардың ісі өзгелер тарапынан күстәналанды. Мұндай артық мейірім қарапайым халықты тек қана даңдайсытып жібермекші. Бірақ та қонақтардың бақтағы көркемөнерін бағалай алмағанына қатты қынжылған Бувар халық жағына шыққан соң, басқалар шуылдап, жарыса сөйлей жөнелді.

Фуро үкіметті мақтаса, Гюрель бұл жарық дүниеде бір нәрсені жердің жеке меншікке берілуін ғана мойындайтынын айтты. Аббат Жефруа дінге немкетті көзқарас калыптасқандығына қынжылыс білдірді. Пекюше салықтың жөнсіздігін айтып, дүрсе қоя берді. Борден ханым әлсін-әлі "Республиканы жек көремін!" — деп айқайлап қояды.

Дәрігер әрлеуді дәріптеуге көшті:

— Сеніңізші, мырза, бізге реформалар жасау қажет.

— Солай да шығар, — деді Фуро, — бірақ сол бір мақсаттардың бәрі іске кесірін тигізуде.

— Іске мен пысқырмаймын да! — Пекюшенің даусы қатты шықты.

— Ең болмаса қабілетті адамдарға жол берсеңдерші! — деді Вокорбей.

Бұл талап Буварға шектен шыққандық болып көрінді.

— Сіз солай ойлайсыз ба? — деп дәрігер қайталап сұрады. — Олай десеңіз, сіздің бағаңыз бес тиын. Сау болыңыз! Топан су қаптауын тілеймін, олай болмаған жағдайда, сіздің мына бассейнде ешқашан қайықпен жүзе алмасыңыз айдан анық.

— Менің де қоштасуыма рұқсат етіңіз, — Фуро мырза осыны айтып, Әбділқадыр трубкасы жатқан қалтасын көрсетті де, сөзін жалғастырды: — Маған тағы да біреуі қажет бола қалса, мен сізге жолығармын.

Священник қайтар алдында Пекюшеге бақшаның қақ ортасында мазарға ұқсас үйіндінің жатқанын келіссіз деп санайтынын имене айтты. Гюрель қоштасар сәтте қатысып отырғандардың бәріне басын иіп, тәжім етті. Мареско шарап ішісімен тайып тұрған.

Борден ханым тағы да шарап даярлаудың жай-жапсарына егжей-тегжейлі тоқталып, бірден масайтатын шарап даярлаудың рецептін беруге уәде етті және үлкен саяжолмен үш мәрте серуендеп жүріп өтті, бірақ та құлап жатқан жөкенің қасынан өте бергенде бұтағына етегі ілініп қалған кезде, оның не деп күбір ете қалғанын достардың құлағы шалған:

— Құдай-ай, не деген жаман ағаш еді!

Бувар мен Пекюше түн ортасы ауғанша күркеде отырып, өздерінің наразылықтарын айтып, сыр ақтарысты.

Расында да, түстік онша болмады, алайда қонақтар үш күн бойы нәр татпаған секілді дастарқанды жайпап кетті — ендеше, оның соншалықты жаман болмағаны ғой. Ал бақтың сыныққа сылтау тауып сыналуы, басқа емес, қызғаншақтық кесірі. Қызулана сөйлеген достар қатты даурығысты:

— Міне, көрдіңіз бе! Бассейнде су тапшы! Тоса тұрыңдар, мұнда түбі әлі балықтар, тіпті аққулар да жүзіп жүретін болады.

— Олар ғибадатханаға көздерінің қиығын да салған жоқ!

— Үйінділерді қоқыс тастайтын жерге балау — бұл тек қана топастар жасайтын түйін!

— Ойпырмай десеңізші, олардың ойынша мазар келіссіз орналасыпты! Неге келіссіз екен? Мен тіпті өзімді осы жерге жерлеуді өсиет етемін.

— Ондай сөз аузыңнан шыға көрмесін! — деді Пекюше.

Содан кейін достар қонақтарын ағаш атқа мінгізуге кірісті.

— Меніңше, дәрігер деген қу болар!

— Ал сен Мареско мырзаның суретті көргенде мысқылдай жымиғанын байқадың ба?

— Қалабасы қандай надан адам! Егер сен бөтен біреудің дастарқанында отыр екенсің, онда, сайтан алғыр-ау, оның бар мәзір, жоқ-жайына құрметпен қарауың керек қой!

— Ал сен Борден ханым туралы не айтасың? — Бұл Бувардың сұрағы еді.

— Әдеттегі әзәзіл! Ол туралы айтудың өзі артық.

Достар қоғамды жек көріп кетті де, енді ешкіммен араласпай, бұрынғыдан да оқшауланып, тек өздері үшін ғана ғұмыр кешуге бекінді.

Олар ұзақты күн жерқоймада отырып, шишалардың түбіндегі шарап тұнбаларын тазалап, жиһаздарды қайтадан лактап, үйдің едендерін ысқылап жалтыратумен өткізетін; кешкісін, каминде жанып жатқан отқа қарай отырып, үйді жылытудың сәтті жүйелері жөнінде әңгімелесетін.

Бувар мен Пекюше үнемдеу мақсатымен етті өздері ыстап, кір-қоқысты өздері жууға ұмтылды. Өзіне кедергі келтіргені болмаса, түк пайдасы тимеген оларға Жермена иығын қиқаңдатқан да қойған. Тосап қайнату кезі келген кезде, қызметші әйел айқайды салып оларды қуып шықты, олар наубайханаға барып бас сауғалады.

Бұл үй бұрын кір жуатын орын болатын; буда-буда қурайдың қасында, қаланған кірпіштің үстінде дәу кеспек тұратын, бұл олардың консервіні өзіміз даярлаймыз деген атаққұмарлық ойларын жүзеге асыруларына өте ыңғайлы еді.

Олар он төрт шыныны қызанақ пен көк бұршаққа толтырды; оның қақпақтарына сыр араластырған сөндірілмеген әктас жағып, кенеп матамен орап байлап, шыныларды қайнап жатқан суға салып қойған-тын. Алайда су буланып ұшып кетіп, оны суық сумен еселеуге тура келген; қызудың кілт өзгеруінен шынылар быт-шыт жарылып кетті. Аман қалғаны үшеу ғана.

Содан кейін олар бір жерден майшабақ салған қаңылтыр қорап тауып әкеліп, оны бұзау етіне толтырып, су құйылған кастрөлге салып, астына от қойған. Бүл рәсімнен қораптар үрлеген шар сияқты ісініп кетті. Оқасы жоқ! Суыған соң қабысып қалары хақ. Өз тәжірибелерін әрі жалғастырған Бувар мен Пекюше басқа қораптарды жұмыртқа, шашыратқы, теңіз шаяны, балық тілімдері мен сорпаның бір кісілік сыбағасымен толтырды және Аппердің өнегесі бойынша "жылдың айналмалы уақытын тоқтатқандарын'' мақтаныш етті; Пекюшенің пікірі бойынша, мұндай жаңадан ашылған жаңалықтар жаулап алушылардың ерлігінен әлдеқайда маңыздырақ.

Олар бұрыш қосып, Борден ханымның маринадын жетілдіре түсті, ал бірден масайтатын шараптары оныкінен әлдеқайда дәмдірек болып шықты. Таңқурай мен жусан тұндырмасынан олар ғажап неміс шарабын даярлады. Бал мен балдырғанның қоспасынан малата жасауға әрекеттеніп, тіпті шампан шығаруды да ойластырды. Сыра ашытқысы араластырылған жебіршөп шишалары ұзамай быт-шыт жарылып кетті. Содан соң Бувар мен Пекюше табысқа жететіндеріне күдіктенуден құлантаза арылғандай болды.

Ізденіс жалғаса берді: достардың сатып алынған тағамдардың бәрінің де ішінде залалды қоспалар бар деген күдіктері ұлғая түсті.

Нанның сыртқы қабығының түсіне байланысты наубайшыға кінә тақты. Шоколадты жасанды деп айыптап, бақалшыны өздеріне қарсы қойып алды. Фалезге барып, жидектен жасалған жөтел жемісін сатып алып, дәріханашының көзінше оған су араластыру арқылы қаншама сынақтар жасады. Оның түсі шошқа терісіне ұқсап кетті, ал бұл оның құрамында желатин барының айғағы.

Осы жолғы жеңістерінен кейін Бувар мен Пекюше мақтанып, көтеріле бастады. Белшесінен борышқа батқан арақ-шарап маманынан құрал-саймандарын сатып алған олардың қолына ұзамай ыдысын есептемегенде, кеспек пен айдау елеуіш, күбі, шұңғыма, кепсер, таразы сияқты қажетті заттар түсті.

Қантты тазалаудың тәсілін тәптіштеп біліп алған соң, оны қайнатудың сан алуан әдістерін зерттеді. Олар айыру ыдысының қозғалысын көруге ынтықты және анис алмасы қосылған арақ жасаудан бастап, жоғары сортты ликер ішімдігін даярлаумен айналысты. Бірақта сұйықтық бетінде көбінесе қайдағы бір түйіршіктер қалқып жүретін еді және бірдеңелер түбіне жабыса берді; кей кездері мөлшерлеуден қателік кетіп жатты. Барлық жерде мыс астаулар жалтылдап, шыны сауыттардың мойындары сорайып тұр, қабырғаларға бақыраштар ілінген. Кейде достардың біреуі үстел үстінде шөптерді іріктесе, ал екіншісі күбіні дуалаумен айналысты; олар бірдеңелерді араластырып және сол сәтте даяр құрамның дәмін татып көреді.

Тұла бойын тер басқан Бувардын үстіне кигені жалғыз жейде мен қысқа тартпалы шалбар; ол өзінің шалағайлығынан айыру ыдысының бетін тормен жабуды ұмытып, иә болмаса отынды тым артық жағып жіберетін.

Баланың жеңді алшалғышына ұқсас кең етек жейде киген Пекюше тапжылмай отырып, күбірлей сөйлеп, қайдағы бір есеп-қисап шығарумен айналысуда; екі дос өздерін пайдалы іспен шұғылданып жатқан парасатты ғалымдар санайды.

Ақыр соңында олар жаңа ликер ойлап шығарды және өздерінің пайымдауынша ол бұған дейінгілерінің бәрінен де асып түсетіндігіне сенімді. Олар оған кюммелге қосқандай күнзені, мараскинге қосқандай шие арағын, шартрезге қосқандай иссопты, веспетроға қосқандай жұпарсуды, крамбамбулаға қосқандай хош иісті салатты қосып, оның түсін сандал арқылы қызартты. Жана ликерді сатуға қандай атпен шығарған жөн? Есте оңай сақталатын және сонымен бірге өзгеге ұқсамайтын ат қою қажет болатын. Ұзақ ойланып-толғанып оған "Буварин" атын беруге келісті.

Күздің аяғында үш консерві құтысында дақ пайда болды. Қызанақ пен көк бұршақ бұзылып кетті. Шамасы бұл бетін жабуға байланысты болса керек. Бұл мәселе олардың ойын он санға бөлді. Бірақта жаңа тәсілдерді байқап көруге қаражаттары жетіспеді. Ферма оларды кедейлендіріп біткен еді.

Оларға жалгерлер әлденеше рет келген, алайда Бувардың жерді жалға беру жөнінде тыңдағысы да келмеді. Оның жөн сілтеуінше істеген қызметкер шаруашылықты соншама жөнсіз жүргізгені себепті, егіс өнімділігі күрт төмендеп, іс адам айтқысыз құлдырап кетті. Бір жолы достар өз жағдайларының нашарлап кеткені жөнінде әңгімелесіп отырған кезде, зертханаға қасында артына имене тығылған зайыбы бар Гуи ағай келіп кірді.

Тыңайтқышты мейлінше мол қолдану нәтижесінде Бувардың егістік алқабы құнарлы болатын — Гуи ағайдың ферманы қайтадан жалға алғысы келуінің себебі осы еді. Ол қанша тырысқанмен ферманың табыс келтіруі екіталай деген пікірінен қайтпай қойды; қысқасын айтқанда, егер ол жерді жалға алса да, сол жерге бауыр басып қалғандықтан, сондай-ақ қадірлі қожайындарды сыйлайтындықтан. Бувар мен Пекюше оларды салқын қабақпен шығарып салған. Ол сол күннің кешінде қайыра келді.

Сол екі арада Пекюше Бувардың бетін бері қаратып қойған, ол енді көнуге әзір болатын. Гуи жаратқанның атынан жалбарынып, өзінің еңбегі мен бейнетін айтып, өз жасын төгіп, жалдау ақысын төмендетуді өтінді. Одан өзі қаншаға бағалайтынын сұрағанда ол басы салбырап үнсіз қалды, ал тізесіне үлкен себет қойып есік алдында отырған әйелі басы шала кесілген мекиенше қытқыттап, тағы да шағымдана жөнелді.

Ақырында жалдау бағасы бұрынғыдан үш есеге кеміп, жылына үш мың франк болып келісілді.

Гуи ағай табан астында барлық құрал-саймандарды сатып алу мәселесін қозғап, саудаласу қайта жалғасты.

Құрал-саймандарды бағалау екі айға созылды. Бувар одан өлердей шаршады. Ол тіпті кісі күлерлік бағаға көнген сәтте, Гуидің көзі адырайып кетті, бірақ сол сәтінде "келістім" деп айғайлап жіберді, сөйтті де олар қол алысты.

Содан кейін қожайындар жалгерді құдай бұйыртқан дәмді татуға шақырды; Пекюшенің мырзалығы ұстап, мақтау сөз естірмін деген үмітпен өзі жасаған шарабының аузын ашты.

Алайда диқан маңдайын тыржитты.

— Мия шәрбетіне ұқсайды екен, — деді ол.

Ал оның әйелі "мына қышқыл дәмнің артынан ішу үшін" бір рөмке арақ сұрады.

Бірақ та Бувар мен Пекюшенің одан да маңыздырақ шаруалары бар-тын! Ақыры "Бувариннің" барша құрамының элементтері жиналып болған.

Олар оны айыру ыдысына салып, спирт қосты да, астына от жағып, артын тосты. Осы мезгіл малатадан жолы болмаған Пекюше шкафтан қаңылтыр қораптарды алып, бір-бірлеп үшеуін де ашты. Ол қатты ашуланып, оларды лақтырып жіберді де, Буварды шақырды.

Бувар иректүтікті бекіте салып, консервілерге еңкейе көз жүгіртіп еді, мүлде түңіліп кетті. Бұзау етінің кесектері пісірілген ұлтанды еске түсіреді. Теңіз шаяны жабысқан бөкпенге айналыпты. Теңіз балығын тану мүлде мүмкін емес. Сорпаның өңезі жүзіп жүр. Зертханаға адам төзгісіз сасық иіс жайылып кетті.

Осы сәтте бейне бомба жарылған секілді тарсыл-гүрсіл естілді; айыру ыдысы қазандарды қиратып, стақандарды сындырып, көптеген кесектерге бөлініп, жан-жаққа, тіпті үйдің төбесіне дейін шашырай ұшып кетті; көмір шашылып, пеш опырыла құлап түсті, келесі күні Жермена қалақтың біреуін есік алдынан тауып алды.

Аспап бу қысымынан және ең бастысы айыру ыдысы дулығалы бұрандамен бекітілгендігінен жарылған болатын.

Пекюше сол сәт кеспектің алдына жүресінен отыра кетті. Бувар орындық үстіне сұлап түсті. Олар он минөттей қимылсыз қалып, жарықшақтарға қарап, үрейден зәрелері ұшып, беттері бозарып кетті. Байланып қалған тілдері қайта шыққан кезде, олар осынау сәтсіздіктің, әсіресе соңғысының себебі не болғанын бір-бірінен сұрай бастады. Олар өлім-жітімнен әрең тірі қалғандарынан өзге ештеңені түсінбеген-тін.

— Бәлкім, мәселенің мәнісі біздің химияны білмейтіндігімізден болар, — деп қорытты Пекюше сөзін.

III

Химияны оқып-үйрену үшін олар Реньо курсын тауып алып, одан ең бірінші білгендері — "қарапайым заттар күрделі болып шығуы да мүмкін" екені болды.

Заттарды металлоидтер мен металдарға бөледі; бірақ бұл айырмашылық "абсолютті емес" дейді автор. Негіздер мен қышқылдарға қатысты да осыны айтуға болады, өйткені "бір дене жағдайға қарай өзін қышқыл ретінде де, негіз ретінде де көрсете алады".

Бұл ескерту оларға қисынсыз бірдеңе болып көрінді. Еселік қатынастар Пекюшенің абыржуын арттыра түсті.

— Егер А затының молекуласы, айталық, В затының бірнеше бөлігімен қосылысатын болса, меніңше, бұл молекула соншалықты бөліктерге бөлінуі керек сияқты; алайда егер ол бөлінсе, бастапқы тұтас молекула болудан қалады емес пе. Қысқасын айтқанда, түкке түсінсем бұйырмасын.

— Мен де, — деді Бувар.

Енді олар Жирарденнің неғұрлым оңай шығармаларына ауысып, одан көптеген мәліметті: мәселен, он литр ауаның салмағы жүз грамм екенін, қарындаштың құрамына қорғасын кірмейтінін, алмастың көмір қышқылына жататынын оқып білді.

Бәрінен бұрын олар жердің элемент санатында жоқ екеніне қатты таңырқады.

Олар дәнекерлеуші құбыр, алтын, күміс, кір жуатын сақар мен кәстрөлді қалайылау жайлы біраз нәрседен мағлұмат алды; осыдан кейін Бувар мен Пекюше еш ойланып жатпастан органикалық химияға бас қойды.

Неткен керемет! Минералдың құрамындағы заттар түгел тірі ағзалардан табылады екен! Сонымен бірге олар өз тәндерінде сіріңкедегі сияқты фосфор, жұмыртқаның ақуызындағы сияқты альбумин, панарлардағы сутегі бар екенін білгенде, аздап қорланып та қалғандай болды.

Бояулар мен майлардан кейін Бувар мен Пекюше ашыту мәселесіне ауысты.

Ашытудан қышқылдарға ауысты, осы жерде баламалық заңына олардың тістері батпай, тұйыққа тіреліп қалды. Оны атом теориясы көмегімен түсінуге тырысып көріп еді, мүлдем шатасып, бастары даң болды.

Бұлардың бәрін, Бувардың ойынша, тәжірибе жасау мен аспаптардың көмегінсіз меңгеру қиын болады.

Бірақ аспаптардың шығыны да аз болмас, ал бұлардың залалы онсыз да жетіп жатыр.

Дегенмен Вокорбей дәрігер, сөз жоқ, бұлардың біраз нәрсені түсінуіне көмек көрсете алар еді.

Бұлар дәрігердің кісі қабылдап жатқан кезіне тап келіпті.

— Мырзалар, құлағым сіздерде! Сырқаттанып қалдыңыздар ма?

Пекюше өздерінің дін аман екендіктерін айтып, бұйымтайларын түсіндіре келіп:

— Біріншіден, біз атом теориясын түсінгіміз келеді, — деп аяқтады.

Дәрігер қып-қызыл болып кетті, содан кейін олардың химиямен айналысқысы келгендерін кінәлай сөйледі:

— Мен бұл ғылымның маңызын жоққа шығармаймын, оған сеніңіздер! Бірақ қазіргі кезде оны тықпаламайтын жер жоқ! Химия медицинаға зиянды әсерін тигізуде.

Дәрігердің айналасындағы заттардың түрі оның сөзінің шындығын әйгілеп-ақ тұрды.

Камин үстінде дәкелер мен бұласырлар жатыр. Хирургиялық аспаптар жәшігі жазу үстелінің ортасында тұр, бұрыштағы леген сүңгілерге толы, қабырғаға таяу жерде терісі жоқ адам үлгісі қойылыпты.

Пекюше үлгіге мақтау айтты.

— Анатомиямен айналысу, сірә, керемет шығар?

Вокорбей мырза студент кезінде мүрдені ашып көруден қандай ләззат алғанын әңгімелей бастады; Бувар одан әйел мен еркектің ішкі құрылыстарының айырмашылығы қандай екенін сұрады.

Олардың көңілін қимаған дәрігер кітапханасынан анатомия атласын суырып алды.

— Осыны алып кетіп, үйде асықпай қарағандарыңыз дұрыс болар!

Адам қаңқасының суретіне Бувар мен Пекюше таңдай қаға қарады. Олар адамның жақ сүйектері осынша шығыңқы, көз ойықтары осынша терең, ал қолдары ебедейсіз ұзын болатынын білмеген екен. Атласта түсіндірме мәтін болмағандықтан, олар Вокорбейге тағы барып қайтты; содан кейін Александр Лоттың басшылығы бойынша қаңқа сүйектің құрылысын зерттеді, омыртқалардан тұратын арқаның осы қалпы тік жаратылғаннан гөрі он алты есе мықты екенін оқып, таң-тамаша қалды. Неге нақты он алты есе десеңізші?

Білек бұлшықеттеріне қарап Бувардың қабағы салбырап кетті; ал бассүйек құрылысына ынталана зер салған Пекюше "түрік еріне" ұқсайтын сына тәріздес сүйекті көргенде, жүні жығылып қалды.

Буын тұстарын көптеген сіңір жауып тұрады екен, сондықтан олар енді бұлшықеттерді зерттеуге кірісті.

Бірақ олардың ұстасқан жерлерін табу қиынға түсті, ал омыртқа өсінділеріне келген кезде Бувар мен Пекюшенің анатомияға сенімдері селдіреп, одан әрі оқуды тоқтатты.

— Қайтадан химияны қолға алсақ қайтеді? Тым болмаса лабораториямыздың пайдасын көрелік те! — деді Пекюше.

Бувар қарсылық білдірді, ол бір жерден оқыған ыстық жақтағы елдерде оқу құралы ретінде жасанды мәйіттер пайдаланылатынын есіне алды.

Барберуге хат жазып еді, ол қажетті мәліметтерді тауып берді. Айына он франк төлеп, Озу мырзадан үлгілерінің біреуін жаздырып алуға болады екен; содан бір апта өткенде фалездік пошташы бұлардың қақпасының алдына ұзынша жәшік әкеліп түсірді.

Бұлар толқынысын баса алмай жүріп, оны наубайханаға кіргізіп алды. Қақпағы ашылып, сабаны алынып, папирос қағазы сусып ашылған кезде адам үлгісі көрінді.

Ол қызыл кірпіш түстес, шашы, тері қабығы жоқ, сан жетпес көк, қызыл және ақ тамырлардан тұрады екен; манекен тіпті де мәйітке ұқсамайды, одан гөрі қорқыныштылау болса да тап-таза, лак иісі аңқыған ойыншық сияқты.

Олар кеуде қуысын алып, екі губка сияқтанған өкпені, үлкен жұмыртқаға ұқсас жүректі, көк етті, бүйректер мен иреленген ішектерді көрді.

— Кірістік! — деді Пекюше өрекпи сөйлеп.

Олар күн ұзаққа, кеш бойы үлгіден бас алмады. Екеуі де анатомиялық курс студенттері сияқты халат киіп алып, үш майшам жарығымен картон бөліктерін бөлшектеп, одан орнына қайта қойып жатқан. Кенет біреу есікті жұдырықтап ала жөнелді:

— Ашыңыздар!

Бұл қарауылды ерткен Фуро мырза екен.

Қожайындар қалжың үшін "мәйітті" Жерменаға көрсеткен болатын. Ол бұл жаңалықты дереу бакалея сатушысына жеткізіпті, сөйтіп, бүкіл қыстақ Бувар мен Пекюше үйде шын мәйітті жасырып отыр деген шешімге келіп үлгеріпті. Фуро халық толқынысына құлақ асып, оның шындығын өз көзімен көргелі келген екен; қызыққұмарлар аулаға жиналып қалыпты.

Фуро кірген кезде үлгі қырынан жатқан, бетінің бұлшықеттері суырып алынған, сұмдық бақырайған көз көрген кісінің денесін түршіктіргендей.

— Сіз жай жүрсіз бе? — деп сұрады Пекюше.

— Жай, жай әншейін, — деп күбірлей жауап қатқан Фуро үстелден бір қатырма бөлікті алып, айналдыра қарады: — Бұл не?

— Бұлшықет қой, — деп жауап берді Бувар.

Фуро үнсіз езу тартты; бірақ іштей олардың өз түсінігінен тыс іспен айналысып жатқандарына қызғаныш сезінді.

Екі анатом да өз зерттеулерін жалғастырып жатқан түр танытты. Сыртта топырлап тұрғандар ішке кіре бастады, бірін-бірі кимелеп, үстел дірілдеп кетті.

— Мынау не бассыздық! — деп Пекюше айғай салды. Шығарыңыз мына көрермендерді!

Қарауыл әуесқойларды итермелеп шығара бастады.

— Жақсы болды, — деді Бувар, — бізге бөтен адамдардың қажеті жоқ.

Фуро ишараны түсінді, бірақ бұлар дәрігер болмағандықтан, мәйіт үлгісін иемденуге хақылары бар ма екен. Дегенмен, префектімен хабарласып көреді.

— Неткен ел еді! Дәл осындағыдай ақымақ, жабайы, кертартпа жандар еш жерде жоқ шығар!

Өздерін өзгелермен салыстырып, олар қанағаттанушылық сезінді; екеуі де мақтансүйгіштікпен ғылым жолында қандай қиындыққа да төзуді армандады.

Бұларға дәрігер де келді. Ол үлгінің табиғи адамнан көп ауытқушылығы бар екен деп сынады, осыны пайдаланып, біраз дәріс оқып тастады.

Бувар мен Пекюше қатты риза болып, табына тыңдады, олардың өтінішімен Вокорбей мырза өз кітапханасынан бірнеше том кітап берді, бірақ олардың мұны аяғына дейін оқып шыға алмайтындарын жасырмай ашық айтты.

"Медициналық ғылым сөздігінен" олар босанудың қалыптан ауытқу мысалдарын, ұзақ өмір сүру, семіздік және іш қату жайлы оқып білді. Атақты канадалық Бомонды, екі қомағай Тарар мен Бижуды, Эр департаментіндегі шеменмен ауырған сырқат әйелді, ішек-қарны әр жиырма күнде бір рет қана жұмыс істейтін пьемонттықты, сүйегі семіп қалғаннан өлген Симон де Мирпуаны және мұрыны үш фунт тартқан ангулемдік қалабасын көру бақытына ие бола алмағандары қандай өкінішті.

Ми суреті оларды пәлсапалық толғанысқа жетеледі. Олар оның ішіндегі жарты шарларды бөліп тұратын septum lucidum мөлдір бөлгіш қабығын, қызыл бұршаққа ұқсайтын түйін тәріздес темірді айқын көрді, сонымен қатар сабақтар мен асқазандар, доғалар, бағаналар, бұдырлар мен түйіндер, сан қилы талшықтар, Паккионилік жараның бітуі, Пачини денелері, қысқасын айтқанда, зерттеуге бір адамның өмірі жетпейтін буылтық-бұлтарыстарға ғажаптана қарады.

Кейде қызып кетіп, олар мәйіт бөлшектерін быт-шыт етіп шашып тастайды да, содан кейін қалай жинауды білмей бастары қатып отырғаны.

Бұл бір қиын жұмыс еді, сондықтан әсіресе түскі астан кейін олар отырған жерлерінде, Бувар — басы кеудесіне домалап, ішін қампитып, ал Пекюше шынтағын үстелге тіреген қолына басын қойған күйі ұйықтап кететін болды.

Көбіне осы мезгілде наубайхана есігі ашылып, алғашқы сырқаттарын аралап шыққан Вокорбей мырза кіріп келеді.

— Сонымен, құрметті әріптестер, анатомия не болып жатыр?

— Тамаша, — деп жауап береді бұлар.

Содан кейін бұларды тұйыққа тіреп тастаудан ләззат aлy үшін ғана дәрігер сұрақ қоя бастайды.

Бувар мен Пекюшені бір мүше жалықтыра бастаса, олар дереу екіншісіне ауысады, сөйтіп, кезегімен жүрек, асқазан, құлақ, ішектерді қарап қана аттап өте береді, бұл кезде қанша қызығу танытпақ болғандарымен, олар мәйіттен әбден жерініп те болған-ды. Ақыры соңғы бір келгенінде дәрігер олардың манекен салынған жәшікті шегелеп жауып жатқандарының үстінен шықты.

— Дұрыс-ақ! Мен де осыны күткен ем.

Құдай ақы, бұлардың жасында мұндай істі қолға алуға болмайды ғой! Бұл сөзді айтқан кездегі оның жымысқы күлкісін Бувар мен Пекюше көңілдеріне алып қалды.

Неге ол мырза бұларды ғылымға қабілетсіз деп ойлайды? Соншалықты анатомия тек осының ғана жетістігі ме еді, тіпті өзін өзгелерден жоғары санайтын сияқты!

Оған ерегескенде, бұлар кітап алу үшін арнайы Байеге де барып қайтты.

Достарға білімін толықтыру үшін енді тек физиология ғана жетпей тұрған, бір букинист сол кездегі атағы шығып жүрген Ришеран мен Аделонның шығармаларын тауып берді.

Адамның жасы, жынысы мен темпераментіне қатысты жалпы сұрақтар бұларға ең маңыздысы болып көрінді; тіс тасында үш түрлі микробтың болатынын, дәмді сезу орталығы — тіл, ал аштықты сезу мүшес — асқазан екенін оқып білді.

Монтегр, Госс мырза мен Берардың інісі сияқты сағыз шайнау өнерлерінің жоқтығына екеуі өкініш білдірді, әйтпесе ас қорыту үрдісін жақсырақ ұғынар еді-ау; енді олар тамақты асықпай шайнап, ұсақтап, сілекейлеп, ішке қарай кетіп бара жатқан тамақ кесектерінің жолына ойша көз жүгіртіп отыратын болды, тіпті әдіскерлік ықтияттылықпен оның соңғы нәтижесіне дейін бақылау жүргізуге айналды.

Жасанды ас қорыту үрдісін көру үшін, олар шыны ыдысқа үйректің асқазан сөліне араластырған бір кесек ет салды да, оны бойларынан сасық иіс шыға бастағанша екі апта қолтықтарына қысып жүрді.

Көршілері күн шыжып тұрғанда, үлкен жолдың бойымен киімдері терден шылқып, олардың әрі-бері неге жүгіріп жүргенін түсіне алмады. Бұл әдіспен олар терісі суланған кезде адамның шөлі азаятынын тексеріп көрмек болған-ды. Үйге екеуі де қатты алқынып, тұмауратып оралды.

Олар есіту, дыбыс шығару, көру мүшелерін оңай қағып тастап, бала туу органдарына келгенде, Бувар ұзағырақ кідіріп қалды.

Бұл салаға Пекюшенің салқынқандылық танытатынына ол ылғи қайран қалады. Досының бұл мәселеде түк білмейтінін аңғарған ол одан ашық жауап алуға кірісті, ақыры Пекюше қысыла-қымтырыла отырып, мынандай шындықты мойындады.

Қылжақбас достары бірде оны жезөкшелер үйіне еріксіз алып барған екен, өзімді болашақ сүйіктім үшін сақтаймын деп, бұл ол жерден қашып шығыпты. Бірақ қолайлы жағдайдың сәті түспей, ұялшақтығы, ақша тапшылығы, ауру жұқтырып алу қорқынышы, бірбеткейлігі, әдет-дағдылары кесірінен ол астанада өмір сүргеніне қарамастан, елу екі жасында әлі пәк қалпын сақтаған болып шықты.

Бувар әуелі бұған сенер-сенбесін білмей, содан кейін есі ауысқан адамша қарқылдап тұрып күлді де, Пекюшенің көзіне жас үйірілгенін байқап, өзін әзер тоқтатты; әйткенмен кәрі бойдақтың өмірінде бір сезімдер болған еді ғой: ол әуелі арқан үстінде жүретін даршы қызға, содан кейін бір таныс сәулетшінің балдызына, кеңседе істейтін бір әйелге әуейі болғаны, ақырында жап-жас кір жуатын қызға ғашық болып, тіпті үйленуге таянған кезде оның басқадан аяғы ауыр екенін біліп қалғаны бар-ды.

— Өткен күндердің есесін қайтаруға болады. Қапа болма! Қаласаң... мен мұны өз мойныма алайын, — деді Бувар.

Пекюше күрсіне түсіп, енді бұл туралы ойлаудың кеш екенін айтты, содан кейін олар қайтадан физиологияға кірісті.

Біздің терімізден үнемі бу бөлініп тұратыны шын ба? Бұл адам салмағының минөт сайын азая түсуімен дәлелденеді. Егер күнделікті шығынның орнын толтырып, артығын шығарып отырса, денсаулықты тепе-теңдікте сақтауға болады екен. Бұл заңды ойлап табушы Санкториус күнделікті ішкен-жегені мен өзінен бөлініп шыққанды және өзін-өзі өлшеумен, тек өлшенген сандарды жазып болғанда ғана демалумен жарты ғасыр өмірін өткізіпті.

Бұлар Санкториус үлгісін ұстануға тырысты. Таразыға екеуі бірдей сыймайтын болған соң, тәжірибені Пекюше бастады.

Ол денесінен бөлінетін буға кедергі келтірмес үшін, ұялыңқыраса да бар киімін шешіп, цилиндр тәріздес ұзын қоңырқай іспесін және жалпақ табанды қысқа аяқтарын жалаңаштанды. Оның қасындағы орындықта отырып, Бувар кітапты дауыстап оқуға кірісті.

Ғалымдар адам жылуы бұлшықеттердің жиырылуы нәтижесінде артатынын айтады, егер жылылау ваннада кеудесі мен жамбас жағын қозғалтып жатса, судың температур асы көтеріледі екен.

Бувар мырыш ваннаны алып келіп, су құйып, градусникті қолына ұстаған күйі суға кірді.

Бөлменің алыс бұрышына үйілген жүзім сығу аспаптарының сынықтары қаракөлеңкеде қарауытып көрінеді. Анда-санда тышқанның тықыры естіледі; әуеде шөптің хош иісі аңқиды; осыдан өздерін жақсы сезінген достар алаңсыз әңгімелесіп отырды.

Бірақ Бувар аздап тоңазиын деді.

— Аяқ-қолыңды қозғалт! — деді Пекюше.

Бувар қанша қозғалса да термометрге еш әсер ете алмады.

— Мен тоңа бастадым.

— Мен ыстықтап отыр дейсің бе? — деді Пекюше тоңазығанын сезіп. — Сонда да арт жағыңды қаттырақ қозғалта бер.

Бувар әрі-бері аударылды, жамбасын көтерді, аяқтарын талтайтты, ішін қампитты, итбалықтай пысылдап, градусникке қарап еді: сынап одан ары төмен түсіп қалыпты.

— Түсінсем бұйырмасын. Қозғалып-ақ жатырмын!

— Демек, аз қозғаласың!

Бувар тағы да гимнастика жасауға кірісті.

Үш сағат қозғалыстан кейін тағы градусникті қолына алды.

— Не? Он екі градус? Қош бол! Мен шығамын!

Тап осы кезде ізшіл ит пен дог араласуынан пайда болған сарғыш жүнді қотыр ит тілін салақтатып кіріп келді.

Не істеу керек? Қоңырау жоқ. Қызметші әйелдің құлағы ауыр естиді. Екеуі тістері сақылдап тоңса да, ит қауып алар деп, қозғалуға батылдары бармады.

Пекюше көзін алайтып, итті қорқыта бастады. Ит қорқудың орнына үріп, таразыны айнала секірді, ал Пекюше арқанға жармасып, аяқтарын бауырына жиып, барынша жоғары көтерілуге тырысып бақты.

— Итке өйтуге болмайды, — деді Бувар.

Өзі итке күле қарап, жылы-жылы сөздер айта бастады. Ит оған еркелеп, алдыңғы аяқтарын Бувардың иығына саламын дегенде, денесін тырнап алды.

— Мәссаған! Мынау менің шалбарымды алып кетті.

Ит шалбардың үстіне жатып алды.

Ақырында үлкен сақтықпен біреуі таразыдан түсіп, екіншісі ваннадан шықты-ау. Киініп алған Пекюшенің басына бір ой келе қалды.

— Сен, жарқыным, бізге тәжірибеге керек боласың!

— Қандай тәжірибе?

Мысалы, оның аузына фосфор тамызып, жертөлеге қамап, танауынан от шашырай ма, соны көруге болады. Бірақ оны кім тамызады? Оның үстіне бұларға фосфорды кім сата қояр дейсің.

Енді олар итке газды иіскетсе не болар еді, биіктегі қоңырау тіліне байлап қойса қайтер еді, у берсек пе екен деген оймен бастарын қатырды. Бұлардың бірі де қызық емес. Ақыры олар омыртқа жұлынына шойынды түйістіру арқылы магниттендіру тәжірибесін жасауға тоқталды.

Бувар толқынысын жасыруға тырысып, тәрелкедегі инелерді Пекюшеге әперіп тұрды, оларды ол иттің омыртқасына қадай бастады. Инелер сынып, қолдан сусып түсе береді. Ол келесісін алып, асыға-аптыға кез келген жеріне тыға бастады. Ит жанұшыра жұлқынғаннан аяғын байлаған жіп шешіліп кетіп, терезеден оқтай атылып шықты да, ауланы, сенекті кесіп өтіп, асүйге кіріп барды.

Үсті-басынан қан саулаған, аяғында арқаны шұбатылып жүрген итті көргенде, Жермена шыңғырып жіберді.

Қуғыншы қожайындар алқынып кіріп келген кезде, ит бір-ақ қарғып жоқ болды.

Қартаң әйел қожайындарына бұрқылдай ұрысып жүр:

— Тағы не сұмдықты ойлап тапқансыңдар! Менің асүйіме қанша қоқыс алып кірдіңдер! Мына ит құтырып кетсе қайтесіңдер! Түрмеде отырғандар да сендерге ілесе алмас.

Бувар мен Пекюше лабораторияға қайта оралып, инелерді сынауға кірісті. Біреуі де, тіпті, темірдің ең кішкентай қоқымын көтеруге жарамады.

Енді олар Жерменаның әлгі сөзін естеріне алып, қауіптене бастады. Ит құтырса, қайтып келіп бұларға бас салуы мүмкін ғой. Келесі күні олар аяқ жетер жерден итті сұрастырды, содан бері неше жыл бойы, айдаладан соған ұқсас ит көрсе, жолдан бұрылып барып көріп қайтатын болды.

Басқа тәжірибелер де нәтиже бермеді. Авторлардың жазғанына керісінше, асқазаны бос және асқазаны толық көгершіндерден қан шығарған кезде, екеуі бір мезгілде жан тапсырды. Суға тоғытылған мәулендер бес минөтте-ақ өліп қалды. Ал ойран шөбін торлап жегізген қаз сүйегінің жылтыр қабығы қызармай, бұрынғыша ақ күйінде қалды.

Ас қорыту мәселесі оларды қатты толғандырды.

Сүйек, қан, лимфа және дәрет бір ғана заттан пайда болатынын немен түсіндіруге болады? Желінген кез келген тамақтың зат айналысын қалай бақыласа екен? Күнде бір ғана тағам түрін жейтін адам мен әртүрлі тағам қабылдайтын жанның арасында ешқандай химиялық айырмашылық көрінбейді. Воклен тауыққа шашылған сұлы құрамындағы әкті санап, тапқан жұмыртқасының қабығынан оның үлкен мөлшерін анықтаған. Демек, заттану үрдісі жүріп жатады. Бірақ қай түрде? Оны ешкім білмейді.

Жүрек бұлшықет күшінің қаншалықты екені де белгісіз. Борелли оны жүз сексен мың фунт салмақты көтеруге қажетті күшке тең деп есептейді, ал Кейл оны бар-жоғы сегіз унция деп анықтайды. Осыған қарап, Бувар мен Пекюше физиология-фантастикалық медициналық роман (бір көне нақыл айтқандай) деген қорытындыға келді. Оны түсіне алмағандықтан, бұлардың оған сенімі оянбады.

Ай дырдумен өте шығыпты. Енді бақ естеріне түсті.

Ортада жатқан қураған ағаш аяққа кедергі бола беретін. Бұлар оның бұтақтарын шауып, бөренелеп тастамақ болды. Бірақ екеуі де жұмыстан тез шаршап қалады. Бувар саймандарды жөндету үшін ұстаға жиі апарып жүрді.

Бір жолы, сол жаққа бара жатқанда, оны кенеп қап асынған бір адам тоқтатып, альманах, діни кітаптар, діни суреттер, сондай-ақ Франсуа Распайльдің "Денсаулық " деп аталатын кітабын сатып алуға ұсыныс жасады.

Бұл кітапша Буварға қатты ұнап, ол Барберуге осы автордың іргелі еңбегін тауып беруге өтініш жасады. Барберу ол кітапты ғана емес, онда аталатын дәрі-дәрмекті жаздырып алатын дәріхананың мекен-жайын да жазып жіберіпті.

Ілімнің түсінікті баяндалуы бұларды еліктіріп әкетті. Барлық ауру құрттардан екен. Құрттар тісті бұзады, өкпені мүжиді, бауырды ұлғайтады, ішек жұмысын бұзып, құрыл-шұрыл шығарады. Олардан құтылудың ең оңай жолы — камфора. Бувар мен Пекюше бұл дәріні қатты ұнатып қалды. Олар камфораны иіскеді, шайнады, папирос түрінде, шыныға құйылған микстура және домалақ дәрі түрінде жұртқа тарата бастады. Тіпті бір баланың бүкірін емдеп жазуға бел байлады.

Бұл баланы олар жәрмеңкеде кездестірген болатын. Қайыршы шешесі баланы күнде таңертең алып келеді. Бұлар бүкірін камфора майымен сылайды, жиырма минөт қыша қояды, содан кейін жұмсартатын бұласыр жапсырады және пациент қашып кетпес үшін, оған тамақ береді.

Назары ішек құрттарына ауып жүрген Пекюше бір күні Борден ханымның бетінде түсініксіз дақ барын көріп қалды. Дәрігер оны көптен бері ащы тұнбамен емдеп жүрген болатын: бірақ алғашында жиырма су көлеміндей болған нәрсе жоғалудың орнына жалпайып, қызғылт шеңберге айналған екен. Бувар мен Пекюше оны емдеуге тілек білдірді. Борден ханым келісті, бірақ май жағу ісін Бувар атқаруын талап етті. Терезе алдына тұрып, кеудешесінің жоғарғы түймелерін ағытты да, Буварға, бұл жерде Пекюше болмағанда, үлкен қауіп тудыратындай көзбен қарап, бетін тосты. Сынаптан қорыққанмен, бұлар оны рұқсат етілетін мөлшерде каломельге қосып пайдаланды. Бір айдың ішінде Борден ханымның бетіндегі дақ жоғалып кетті.

Әйел мұны жұртқа жайып жіберді. Содан кейін-ақ салық инспекторы, қалалық басқарма хатшысы, қалабасының өзі, тіпті бүкіл Шавиньоль тұрғындары камфора соруға айналды.

Бірақ бүкір баланың арқасы түзелмеді. Салық инспекторы камфоралы папиростан тұншығуының күшейе түскенін айтты. Фуро домалақ дәрілерден көтеуінің қозып кеткеніне шағымданды; Бувардың асқазаны ауыра бастады, ал Пекюшенің өзі бас ауруына ұшырады. Олар Распайльге сенімдерін жоғалтты, бірақ беделдерін түсіріп алудан сақтанып, оны барынша жасырып бақты.

Олар шешек егу ісіне әуестеніп, әуелі орамжапыраққа тілік салып үйрене бастады; тіпті бұл үшін екі ланцет сатып алды.

Дәрігермен бірге кедей науқастарға барып, содан кейін кітап ақтарып, мағлұмат іздестіреді.

Бірақ авторлар суреттеген ауру белгілері бұлардың әлгінде ғана көргендеріне еш сәйкес келмейді. Латынша, грекше, французша араласқан ауру атаулары тілдер қойыртпағы сияқты бірдеңе болып шығады.

Аурудың мыңдаған түрі бар; Линнейдің оларды тектерге, түрлерге жіктеуі өте қолайлы, бірақ түрлерді қалай анықтау керек? Осы жерде олар медицина пәлсапасына малтығып қалды.

Олар Ван Гельмонттің өмір бастауы, витализм, броунизм, органицизм жайында көп ойланатын болды; дәрігерден құлақ шіріншесі неден пайда болатынын, жұқпалы улы сасық ең алдымен қай жерлерде ұялайтынын және барлық ауру көріністерінде себепті салдардан қалай ажыратуға болатынын сұрастырды.

Себеп пен салдар шатысып жатыр, — деп жауап берді Вокорбей.

Оның қисынсыз жауаптарынан жалыққан олар адамсүйгіштік желеуімен науқастарға жеке баруды шығарды.

Кедей бөлме түкпірінде, кір төсектерде аурулар жатады; қайсыбірінің беті қисайып кеткен, енді біреулерінің беті ісінген, қызарған немесе лимондай сап-сары немесе көгілдір тартқан; танаулары үшкірленген, еріндері дірілдеп, қырылдап, ықылық атып, терлеп, терісінің иісі мен көгерген ірімшік иісі сасып жатады.

Бувар мен Пекюше оларға дәрігер берген рецепт қағазын оқып, тыныштандыратын дәрінің керісінше қоздырғыш ретінде берілетінін, құстыратын дәрі іш өткізетін орнына, бір дәрінің кейде әр түрлі ауруларға қолданылатынын, кейде қарама-қарсы әдіспен емдеген кезде науқастың жазылып кететінін біліп, таң қалып жүрді.

Дегенмен де олар науқастарға кеңес беріп, көңілдерін көтереді, тіпті кеудені тыңдау үшін, дәрігерлік трубканы пайдаланып та жүрді.

Олардың қиялы қатты шарықтады. Корольге Кальвадоста ауру күтушілер институтын ашу қажеттігі жөнінде өтініш хат жазды, өздері онда сабақ беруден дәмелі екендерін де жасырған жоқ.

Байеде дәріханашыға барып (фалездік оларға кеуде жемісі жөнінде әлі ашулы болатын), оған ежелгі pila purgatoria үлгісімен, қолмен уқалап жаққан кезде денеге сіңіп кететін дәрілік домалақтар өндіруге ұсыныс жасады.

Дене қызуын төмендету ішкі ағзалардың қабынуына көмектеседі деген пікірге ден қойған олар менингитпен ауырған әйел отырған креслоны төбе мәткесіне іліп қойып, әрі-бері тербете бастаған еді, күйеуі келіп қалып, бұларды үйден қуып шықты.

Ақырында олар дін қызметшісінің наразылығына құлақ аспастан, жаңа әдіс — қызуөлшерді артқы тесікке қою әдісіне кірісті.

Төңіректе сүзек ауруы белең алып тұр еді. Бувар бұған араласпайтынын мәлімдеді. Бірақ фермер Гуи ағайдың әйелі жылап келіп, күйеуінің екі аптадан бері ауырып жатқанын, ал Вокорбей мырза үйге бас сұқпағанын айтты.

Пекюше өзін құрбандыққа шалуға қуана келісті.

Кеудесіндегі жасымық дәніндей дақтар, буын-буынының сырқырауы, іштің кебуі, тілдің қызаруы — сүзек безгегінің бар белгілері байқалады. Безгекті басу үшін, диетаны тоқтату керек деген Распайль ұсынысын еске алып, Пекюше оған сорпа ішіп, ет жеуге қосты.

Кенет дәрігер кіріп келді.

Бұл кезде әйелі мен Пекюше екі жағынан қаумалап, арқасын екі жастыққа тіреген оның пациенті тамаққа кірісіп жатқан.

Дәрігер төсекке жетіп келіп, тәрелкені терезеден лақтырып жіберіп, айқай салды:

— Сіз кісі өлтіргелі жүрсіз!

— О не дегеніңіз?

— Тамақтан ішек тесіліп кетуі мүмкін, — сүзек кезінде ішектің шырышты қабығы зақымданады.

— Үнемі олай бола бермейді!

Сөйтіп, сүзек табиғаты жайлы сөз сайысы басталды. Пекюше сүзек өзінен-өзі пайда болады десе, Вокорбей оның басқа мүшелерге байланысты туындайтынына сенімді еді.

— Сондықтан мен оны қоздыратынның бәріне тыйым саламын.

— Бірақ диета өмір бастауын әлсіретеді!

— Сандырақтамаңыз! Өмір бастауы дегенді қайдан алдыңыз? Ол не нәрсе? Оны кім көріпті?

Пекюше не жауап берерін білмей қалды.

— Оның үстіне, — деді дәрігер, — Гуидің асқа тәбеті жоқ. Сырқат түнгі қалпақ киген басын изеп, құптау білдірді.

— Бәрібір, оған тамақ ішу керек.

— Міндетті емес, оның тамыр соғысы — тоқсан сегіз.

— Тамыр соғысының бұған қандай қатысы бар? Пекюше өзі сенетін беделділерден мысал келтіре бастады.

— Теорияңызды тықпаламай-ақ қойыңыз! — деді дәрігер. Пекюше қолдарын айқастырып алды.

— Демек, сіз эмпирик болдыңыз ғой?

— Тіпті де олай емес. Бұл — менің бақылауым...

— Ал егер бақылауыңыз түкке тұрғысыз болса ше? Вокорбей мұны Борден ханымның теміреткісіне меңзеу деп ұқты, ол туралы жесір жұртқа жайып жіберген болатын. Оны еске түсіру дәрігердің ашуын қоздырайын деді.

— Ең алдымен дәрігерлік тәжірибе болуы керек.

— Ғылымда тәжірибесіз жандардың жаңалық ашқандары аз кездеспеген! Ван Гельмонт, Бургаве, тіпті Брусенің өзін алыңыз!

Вокорбей жауап қайтармастан фермерге еңкейіп, дауысын көтере сұрады:

— Екеуіміздің қайсымыздың емдегенімізді қалайсың?

Көзі бұлдырап іліне берген науқас, бетіне төнген екі бірдей қаһарлы жүзді көргенде, жылап жіберді.

Оның әйелі де не жауап берерін білмеді; біреуі оқыған адам, (бірақ екіншісі, мүмкін, емдеу құпиясын білетін шығар).

— Тамаша! — деді Вокорбей. — Егер сіздер дипломды дәрігер мен...

Пекюше шиқылдай күлді.

— Несіне күлдіңіз?

— Диплом үнемі кепіл бола бермейді ғой!

Мәселе дәрігердің емдеу ақысына, құқығы мен беделіне келіп тірелгенде, Вокорбей шарт кетті:

— Оны сізді рұқсатсыз дәрігерлік еткеніңіз үшін сотқа тартқан кезде білерміз!

Содан кейін ол фермер әйеліне бұрылды:

— Мына мырза күйеуіңізді ана дүниеге аттандырғанша қарап отыра беріңіз, енді осы үйдің табалдырығын аттасам, қарғыс атсын.

Сөйтті де, таяғын сілтей түсіп, шамшат ағашының аллеясына сүңгіп кетті.

Пекюше үйге келгенде Бувар да қатты толқыныс үстінде екен.

Бұған әлгінде ғана көтеу түйінінен әбден жаны қиналған Фуро келіп кетіпті. Бувар оның көптеген аурулардан қорғайтынын қанша айтса да, ол сөзге құлақ аспай, денсаулығына залал келтіргені үшін сотқа шағымданатынын айтыпты. Енді Бувар не істерін білмей отырған көрінеді.

Пекюше одан гөрі маңызды деп есептеген өз оқиғасын айтып беріп еді, Бувардың немқұрайдылық танытқанына ренжіп қалды.

Келесі күні Гуидің іші ауырды. Бұл асты қорыта алмаудан болуы мүмкін. Сірә, Вокорбей дұрыс айтқан болар. Дәрігер болған соң, бірдеңе біледі ғой. Енді Пекюшені ары мазалай бастады. Ол адам өлтіргіш атанудан қорықты.

Сақтық жасап, олар бүкірді одан әрі емдеуден бас тартты. Бірақ баласының таңғы асынан қағылған шешесі шу көтерді. Емдей алмайтындарың бар, күнде таңертең Барневальдан Шавиньолға неге босқа салпақтаттыңдар деп сөкті.

Ұзамай Фуро тынышталды, ал Гуи сауығуға бет алды. Енді өзінің емдеу қабілетіне сенімділік пайда болып, Пекюше өзін еркін сезіне бастады.

— Біз акушерлікпен айналыссақ қалай болар екен? Әуелі манекенде жаттығып үйренеміз.

— Енді манекеннің керегі жоқ, осы да жетер!

— Бұл кеуденің жарымы ғана және оның үстіне теріден жасалған акушерлер даярлаудағы ең соңғы жаңалық. Ұрықты бұрып жіберу менің қолымнан келетін сияқты.

Алайда Бувар медицинамен шұғылданудан зеріккен-ді.

— Өмірдің қыр-сыры бізге беймәлім, аурулар биқасап, дәрілерге сенім жоқ, ал кітаптардан тіпті денсаулықтың, аурудың диатез иә болмаса іріңнің сыр-сипаты туралы бірде-бір көкейге қонарлық анықтама таппайсыз!

Әйтсе де медицина жайындағы кітаптарды оқудан олар ақылдарынан алжасқандай еді.

Бувар кәдімгі үйреншікті тұмауды өкпенің қабынуымен шатыстырды. Сүлік салу бүйірінің шаншуын жеңілдетпеген соң, ол өзін шіркейге шақтырды: сол кезде белі ауыра бастады. Ол бүйрегімде тас бар деген ойға келді.

Пекюше шамшат ағаштарының бұтақтарын кесуден әбден әлсіреді; түстен кейін ол құсты. Ол бетінің сарғайып кеткенін байқап, оны бауыр ауруы деп күдіктеніп, зәресі ұшып кетті.

"Ол жерім ауыра ма өзі?" — деп өзіне-өзі сұрақ қойды.

Сол сәтінде ауырғанын сезінді.

Бірін-бірі шошытып, олар тілдерін шығарып, тамырларының соғуын тексеріп, біресе ана, біресе мына арасан суларын ішіп, іш жүргізетін дәрі қабылдап, суықтан, ыстықтан, желден, жаңбырдан, шыбыннан және бәрінен бұрын өкпек желден сақтанды.

Пекюше бір жерден темекі иіскеу залалды дегенді оқыпты. Оның үстіне, егер қаттырақ түшкірсе, оның арты артерия тамырларының үзіліп кетуіне әкеп соғуы мүмкін, сол үшін ол залалды әдетінен құтылуды ниет етті. Кей кездері ойланбастан саусағын шақшаға батыра бастап, алайда қателескенін дер кезінде байқап қалып, ұстамсыздығы үшін өзін-өзі жазғырады.

Қара кофе ішу жүйкені қоздыратын болғандықтан, Бувар түстен кейінгі бір шыныаяқтан бас тартуды ойластырған, олай болған жағдайда оны бірден ұйқы басатын, ал ояна сала ол қорқып кететін. Себебі ұзақ ұйқының арты кенеттен миға қан құйылуына соқтыруы ықтимал-тын.

Олардың пір тұтатыны — ерекше тәртіп сақтаудың арқасында ұзақ ғұмыр кешкен әлгі венециандық дворян Корнаро болатын. Оның істегенін бұлжытпай орындамай-ақ, бәрібір әйтеуір бір шара қолдану мүмкін болатын. Және Пекюше өз кітапханасынан дәрігер Мореннің гигиена бойынша нұсқауын тауып алған-тын.

Олардың осы уақытқа дейін өмір сүріп келгені тіпті ғажап! Кітапта олардың сүйсініп ішетін тағамдарына түгел тыйым салынған. Жермена есінен жаңылып, оларға қандай тамақ әзірлеу керектігін білмей састы.

Кез келген еттің жағымсыз зардабы болатыны белгілі. Қаннан жасалған шұжық пен шошқа еті, ысталған майшабақ, теңіз шаяны мен жабайы құс еті "залалды". Балық неғұрлым ірі болса, онда соғұрлым желатині көп болады да, соған орай оның асқазанға ауыр шері сөзсіз. Көкөністер тамағыңды қыжылдатса, макарон жесең, ұйқың қашады; ірімшік басқа тағамдарға араласса, қорытылуы қиындап кететіні бар. Таңертең ішкен бір стақан су "қауіпті". Әрбір сусынның, әрбір тағамның атына ескертпе жазылған: "Зиянды! Сақтаныңыз! Оларды шамадан тыс пайдаланбаңдар! Жұрттың бәріне бірдей жақпайды!" Неге "зиянды?" Артық пайдаланбау дегенді қалай түсіну керек? Қайсысының жағымды иә жағымсыз екенін қалай білесің?

Ал енді таңғы ас ішудің қалай күрделіленіп кеткенін айтсаңызшы! Достар залалды саналғандықтан сүт қатқан кофе ішуден бас тартты, одан кейінгі кезек шоколадқа келді, өйткені ол "тыңайтылмаған заттардың" қоспасы. Енді қалғаны шай. Алайда "жүйкесі тозған адамдар одан бас тартуы тиіс". Ал енді XVII ғасырда Декер асқазан астындағы ұйқы безін шаю мақсатында күн сайын жиырма декалитр көлемінде шай ішуге кеңес берген.

Декердің пайымдауы олардың Моренге деген сенімдеріне селкеу түсірді, оның үстіне ол бас киімдердің бәріне — қалпақ, күнқағар, т.б. киюге қарсы; бұл талап Пекюшенің зығырданын қайнатты.

Содан кейін олар Бекерельдің трактатын сатып алған және оны оқи отырып, шошқа етінің "тамаша тағам", "темекінің түк зияны жоқтығын", ал кофенің "әскерилерге аса қажет екенін" білді.

Достар осы уақытқа дейін ылғалды жер денсаулыққа зиян деп санап келген. Тіпті олай емес екен! Каспердің тұжырымына сәйкес, оның зияны құрғақ ауалы жерден әлдеқайда кеміс екен. Алдын ала суынып алмай теңізге шомылуға болмайды-мыс. Ал мына Беженнің кеңесі бойынша, нақ ыстықтаған кезде суға сүңгіген жөн. Сорпадан кейін ішкен шарап асқазанға аса пайдалы. Керісінше, Левидің пікірінше, шараптан тісің бүлінеді екен. Ең соңында, түкті мақта матадан тігілген көкірекшені — Бувардың осынау жан сақтап жүрген қорғаушысы мен денсаулығының кепілі, Пекюшенің тап осындай бел тартқышы-айырылмас серігі — барлық ғалымдар мұны ешқандай да ескертусіз, әсіресе етжеңді, пысық, қызу қанды еркектер үшін қажетсіз туалет бұйымдары санайды екен.

Гигиена дегеннің өзі не?

Левидің пайымдауынша, "шындық Пиренейдің бергі жағында да, адасу ар жағында", ал Бекерельдің айтуынша, гигиенаның жалпы алғанда ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмақ емес.

Екі дос табан астында түстікке балық, үйрек пен орамжапырақ қосқан шошқа етін, балқаймақ, тәтті бәліш және бір шиша бургундық шарап әкелуге тапсырыс берді. Бұл өздері тартқан тауқыметтен өш алып құтылу еді, ал олар Корнароны күлкі етті. Оның айтқанын өнеге тұтып, өзіңді-өзің азаптау қандай ақымақтық десеңізші! Ұдайы өмірді ұзартуды ойлау не деген нақұрыстық! Өмір рақатын көрген де ғана ғажап қой.

— Тағы бір тілімін жеймісің?

— Қарсы емеспін.

— Мен де сенің істегеніңді қайталаймын!

— Сенің денсаулығың үшін көтеріп қоямын!

— Ал мен сен үшін аламын!

— Біз ешкімге пысқырмаймыз!

Олар өршелене түсті.

Бувар әскери адам болмаса да үш шыныаяқ кофе ішетінін мәлімдеді. Күнқағарын шекесіне қарай қисайта киген Пекюше темекіні дамылсыз иіскеп, алды-артын ойламастан түшкіре берді; олардың шампан ішкілері келіп кетті де, оны алдыруға Жерменаны дүкенге жұмсады. Қыстақ қашық болатын, қызметші әйел барудан бас тартты. Пекюше ызаланып кетті:

— Мен саған бұйырамын! Естіп тұрмысың? Жүгіріп барып шампан әкелуді тапсырамын.

Жермена амалсыз көнді, алайда мына қожайындардан кетемін деп өз-өзіне сөз берді, бұлар өте-мөте кірпияз және делқұлы болып кетті.

Түстен кейін екі дос баяғы кездердегідей, коньяк қосылған кофе ішу үшін беседкаға бет алды.

Егін орағы жаңа ғана аяқталған және далада шашыраңқы орналасқан төбесі қарауытқан маялар жеңіл көк аспан аясында айқын көрінеді. Төңірек тым-тырыс. Тіпті шегірткелер де шырылдауын ұмытқан. Табиғат маужырап, ұйқы құшағында. Қос дос албыраған жүздерін желпіген кешкі самалды рақаттана жұтып, тып-тыныш демалуда.

Алыс аспан төрі толы жымыңдаған жұлдыздар; олар біресе қатар түзіп, біресе топтасып, біресе аралары алыстап, жалғыз- жарым жарқырап тұр. Солтүстіктен оңтүстікке қарай жөңкіле жүзген ғарыш тозаңының жылтыраған легі олардың тас төбесінен екіге ажырауда. Оның жайнаған ұлпасының арасын бос кеңістік алып жатыр; көк күмбезі архипелагтар мен аралдар жайғасқан көк теңізге ұқсап кеткен.

— Неткен қисапсыз жұлдыздар! — деп Бувар айқайлап жіберді.

— Біз бәрін бірдей көріп тұрғанымыз жоқ, — деп Пекюше сөзге араласты. — Құс жолының ар жағында бұлыңғыр тұман, одан кейін тағы да сансыз жұлдыздар бар; олардың ең үлкені Жерден үш жүз биллион мириаметр қашықтықта.

Пекюше Вандом алаңындағы телескоптан аспанға жиі-жиі көз салған және кейбір мәліметтерді есінде сақтап қалған.

— Күн Жерден миллион есе үлкен, Сириус Күннен он екі есе үлкен, кометалар ұзындығы бойынша отыз төрт миллион льеге тең!

— Ақылыңнан адасуың ғажап емес! — деді Бувар.

Ол өзінің надандығына қынжылды және жас кезінде Политехникалық институтты бітірмегеніне өкініш білдірді.

Пекюше аспаннан Жетіқарақшыны тауып алып, досына Темірқазықты, У пішіндес Кассиопея шоқжұлдызын, Лира шоқжұлдызындағы жарқыраған Веганы, төмендегі, көкжиектің нақ үстіндегі алқызыл Альдебаранды көрсетті.

Бувар аспанға басын шалқайта қарап тұрып, жұлдыздарды лезде тауып алу үшін көк күмбезін бөлшектеп қарауға қажетті ұшбұрыштарды, төртбұрыштарды және бесбұрыштарды көз алдына көп қинала елестетті.

Пекюше әңгімесін жалғастырды:

— Жарықтың жылдамдығы секундына сексен мың льеге тең. Жетіқарақшының жарығы бізге алты ғасырда жетеді. Сайып келгенде, Жерден көрінетін жұлдыздың баяғыда жоғалып кетуі ықтимал. Қайсыбір жұлдыздар өзгермелі, басқалары біз үшін мәңгілік жоқ, аспан шырақтарының орны өзгеріп тұрады; бәрі қозғалыста, бәрі өткінші.

— Алайда Күн қозғалмайды ғой!

— Баяғыда солай болжанатын. Біздің заманымызда Күн Геркулес шоқжұлдызы бағытында аса зор жылдамдықпен зымырап бара жатыр деп есептелінеді.

Мұның бәрі Бувар ұғымының тас-талқанын шығарды, бір минөт ойланғаннан соң ол былай деді:

— Ғылым ғарыш ғаламының бір ғана бұрышын зерттеуге негізделген. Оның тұжырымдары шексіз де ақылға сыйымсыз өзге кеңістікке сәйкес келмеуі мүмкін.

Төбе басында, жарық жұлдыздар астында тұрған Бувар мен Пекюше осылайша, сөз арасында ұзақ үнсіз қалып, әңгіме-дүкен құрды.

Ең соңында олар өзге планеталарда адамдар бар ма деген сұраққа келіп тірелді. Ал неге ол жақта тіршілік болмауы тиіс? Олай болатын себебі әлемде бәрі де бір-бірімен үйлесімді, егер де олар қай жерде де бірдей болмаса, онда Сириустың тұрғындары алып, Марстікі -орта бойлы, ал Шолпандікі — бәкене болуға тиіс. Мұндай жағдайда көкте де саудагерлер, жандармдар бар болар, онда да адамдар сауда жасайтын, төбелесетін, корольдерді төңкеріп тастайтын шығар.

Кенеттен аспанда алып сызықтар жасап бірнеше жұлдыздар ағып түсті.

— Ойлап көрсеңіз, — деді Бувар, — тұтас әлем ғайып болуда.

— Егер біздің әлеміміз де жаһаннамға кетсе, — деп Пекюше сөзге араласты, — басқа ғаламшар тұрғындары осы сәттегі біз секілді бұл құбылысқа немқұрайды қарап тұрар еді. Осындай ойлардан күллі өзіндік пікірлердің күлі көкке ұшады.

— Осының бәрінің мақсаты неде?

— Бәлкім, ешқандай мақсаттың болмауы да ықтимал.

— Алайда...

Не айтарын білмеген Пекюше "алайданы" екі-үш мәрте қайталап айтты.

— Зәрулік жоқ, әйтпесе әлемнің қалай жаратылғанын менің өте білгім келер еді.

— Сірә, мұны біз Бюффоннан табармыз, — Бувардың көзі жұмыла бастаған. — Бұдан әрі төзетін дәрменім жоқ, ұйықтауға кеттім.

Олардың "Табиғат дәуірі" кітабынан білгені — комета Күнге жанаса кетіп, оның бір бөлшегін омырып әкетіп, сол түбінде Жерге айналыпты. Полюстер суыныпты. Жер бетін топан су басып, үңгірлер арқылы ағып кетіпті; сөйтіп, материктер, жан-жануарлар, сосын адамдар пайда болыпты.

Әлемнің ұлылығы оларды тап соның өзіндей шексіз таңданысқа бөледі.

Бувар мен Пекюшенің ой-өрістері кеңейіп, олар өздерінің нақ осындай асқақ мәнді тақырыпта әңгіме тербегендерін мақтаныш етті.

Ұзамай минералдар оларды жалықтырды да, көңіл көтеру үшін олар Бернарден де Сен-Пьердің "Үйлесіміне" бас қойды.

Достар түрлі-түсті үйлесімділіктермен танысты — өсімдіктер, жер, ауа, су, адамдар, бауырластық және тіпті ерлі-зайыптық әлемімен танысып, Шолпанға, Зефирлер мен Амурларға табынуды түгін қалдырмай оқып шықты. Оларды балықтарда — желбезек, құстарда — қанат, тұқымдарда қабық болатыны таңдандырды, өйткені олар жаратылыстың мейірімділігін және оны шаршап-шалдықпай ізгілік тарататын әулие Винцент де Поль деп санайтын философияның байыбына мойынсұнған.

Олар табиғат құбылыстарына — қара құйынға, жанартауларға, ну жынысты ормандарға тәнті болды және Деппингтің "Француз табиғатының ғажаптары мен сұлулығы" шығармасын сатып алды. Канталда — үш, Города — бес, Бургундияда — бар болғаны екі керемет бар, есесіне Дофинде оның саны тұтастай он бес. Алайда таяуда кереметтердің мүлде қалмасы хақ. Сталактит үңгірлері шөгуде, алау атқан жанартаулар сөнуде, тау мұздықтары еруде, қуысында құдайға құлшылық жасаған кәрі ағаштарды адамдар балталап, баудай түсіруде иә бірте-бірте шіріп құруда.

Екі досты осыдан кейін жануарлар әлемі қызықтыра бастады.

Олар өздерінің қолындағы Бюффонның кітабын ашып, кейбір жануарлардың оғаш қылықтарына таң қалды.

Әйтсе де, қанша кітап болса да, өз көзіңмен көргенге жетпейді ғой, сондықтан екі дос аулаларды аралап, шаруалардан бұқалардың биелермен шағылысқанын, азбан шошқаның — сиырмен, ал құрлардың табиғи заңдылықтан тыс махаббатқа берілгендерін көргендері бар ма деп сұрастырды.

— О не дегендерің? Ешқашанда! Ондайды қайдан көріп едіңдер?

Мұндай сұрақтардың әсіресе жасамыс мырзалардың аузынан шыққаны шаруаларға күлкілі және әбес көрінді.

Бувар мен Пекюше табиғи заңдылыққа қайшы келетін шағылыстыру тәжірибесін өздері жасамаққа ниеттенді.

Оларға қойды текемен қашыру онша қиын емес болып көрінді. Гуи фермасынан теке табылмай, олар оны көрші әйелден сұрап алды; күйлеу сәтінде екі жануарды қыспаққа қамап, ал өздері істің табиғи барысына кедергі жасамас үшін кеспектің артына барып тығылды.

Теке мен қой әуелі бір-бір құшақ шөпті жеп алды, содан кейін күйіс қайырды; қой жата кетіп, маңырай бастады, ал сақалды, салпаңқұлақ теке қисық аяқтарын алшайтып, қараңғылықта жайнаған көздерін Бувар мен Пекюшеге қадаумен болды.

Ақырында, үшінші күні кешкісін, достар табиғатқа көмектеспек болып шешті. Бірақ теке Пекюшені кіндігінен төмен ала сүзіп жіберді, қорқып кеткен қой шарбақ ішін шыр айнала қашты. Оны ұстап алмақшы болып артынан тұра жүгірген Бувар серең етіп құлап түскенде, қолында бір уыс жүн ғана қалды.

Олар шағылыстыру арқылы кемтар болып туатын бірдеңелер алудан үміттеніп, тауық пен ата үйрекке, ит пен шошқаға тәжірибелерін жалғастыра берді, өйткені олар жануарлар түрлері туралы мәселеден мүлде хабарсыз болатын.

Түр — ол шағылыстырған соң өсімтал тұқым беретін ерекше топ; алайда түрлі түрге жататын жануарлардың шағылысуы, көбейіп, өсіп-өнуі мүмкін, ал енді бір түрге жататын жануарлар бұл қабілеттерін жоғалтуы ықтимал.

Ұрықтың жетілуін зерттеу арқылы бұл мәселенің шешімін табуға боларынан үміттенген Пекюше Дюмушель арқылы микроскоп сатып алдырды.

Бувар мен Пекюше шыныға шаш, темекі, түкірік, шыбынның аяғын, тырнақтың қиындысын салып, бірақ та біресе ана, біресе мына бөлшегін салуды ұдайы ұмытып кете берген; олар микроскоптың қасында әбігерге түсіп, оны сілкілеп те алатын; сосын көз алдары бұлдырап, ештеңе көре алмай, бәріне оптикасын кінәлі санады. Олар ақыр соңында микроскоптан түңіліп кетті. Оның көмегімен ашылды деген жаңалықтар сірә сенімді емес сыңайлы.

Дюмушель қос досқа микроскоптың ақысы көрсетілген құжатқа қоса, өзіне арнап өзі сондай жақсы көретін осы аймақтың назар аударарлық — аммониттері мен теңіз кірпісін жинап, салып жіберуді өтініп хат салыпты. Олардың геологияға деген қызығушылығын тудыру үшін ол бұларға екі кітап: Бертранның хаттары және Кювьенің жер шарындағы апатты жағдайлар туралы пайымдауларын салып жіберген.

Бұл шығармаларды оқығаннан кейін олар төмендегідей ойға келді:

Әуелде жер бетін жаппай су басып кетіп, олардың ара-арасынан үстіне қына басқан тастар көрініп жатса керек. Төңіректе бірде-бір тырс еткен дыбыс жоқ, бірде-бір тірі мақұлық жоқ — мылқау, қозғалыссыз және тыр жалаңаш жатқан кеңістік әлемі; сосын моншаның буы сияқты тұман арасынан өскелең өсімдіктердің сұлбасы көзге түсе бастаған. Күннің қызуы дымқыл атмосфераны қыздырып жіберді. От-жалын бүріккен таулар гүрсілдеп, олардан бөлінген жанартау жыныстары мен сұйық қоспа порфир мен базальт ептеп-ептеп қатып қалды. Тағы бір көрініс: таяздау теңіздерде маржан аралдары пайда бола бастаған; оларда пальма ағштары өсіп тұр. Ол аралдарда көлемі доңғалақтай бақалшақтар, бір метрлік тасбақалар және ұзындығы алпыс фут болатын кесірткелер бар; амфибиялар жар қамыстар арасынан түйеқұстікіндей мойындарын созады және қолтырауындай ауыздарын ашады. Соңынан құрлықта алып сүтқоректілер пайда болды; біреулерінің үсті жонылған бөрене сияқты, аяқтары көріксіз және терілері қола тақтадан да қалың болса, екіншілері — алба-жұлба, жалдары жалбыраған және азу тістері қисайып кеткен. Мамонттар табыны кейін Атлант мұхитына айналып кеткен жазықтықта жайылып жүр; палеотерий — жартылай ат, жартылай тапир — өзінің тұмсығымен Монмартрда құмырсқаның илеулерін қопарып тастаса, ал талшын тоғайында жүрген алып бұғы үңгірдегі аюдың өкіргенінен, оған Боженсиде жүрген қасқырдан үш есе үлкен ит қосыла үргенде, дірілдеп-қалшылдап кетті.

Бұл дәуірлердің бәрі де өзара апатты жағдайлар арқылы жалғасып жатты, оның ең соңғысы топан су қаптауы еді — бұл бірнеше көріністеріне адам қатынасқан әсем декорация сияқты-тын.

Қос дос кейбір тастарда жәндіктердің, құстардың аяқтарының және басқа сол сияқтылардың іздері сақталып қалғанын білгенде қайран қалған; Роренің нұсқаулығын ақтарыстырып шыққан соң, олар тасқа айналған заттарды жинауға бекінді.

Бір жолы олар жол бойында жұмыр тас қазып алып жатқанда, олардың қасына священник келді.

— Мырзалар, немене геология еліктіріп әкетті ме? Тамаша кәсіп, — ол жағымпаздана тіл қатты.

Священник аталмыш ғылым жөнінде жоғары пікірде болатын, себебі ол дүниежүзілік топан судың растығын дәлелдей түсетін, қасиетті жазбаның беделін өсіретін.

Бувар копролиттер — тасқа айналып кеткен жануарлар туралы әңгімеге көшті.

Аббат Жефруа, шамасы, бұл жайында ешқашан естімесе керек; бұл айтқандай, хақ-тағаланың құдіреттілігін мазақтауға тағы бір желеу болары сөзсіз. Пекюше бұдан кейін өз ізденістерінің нәтижесіз болғанын мойындады, соған қарамастан юра кезеңіндегі барлық геологиялық тау жыныстарындагы сияқты Фалездің төңірегі жануарлардың тасқа айналған сүйектеріне толы болуы тиіс.

— Менің естуімше, — деді аббат Жефруа, — Вилерден бір пілдің жағы табылыпты.

Қажетті мәліметті оған досы, Лизьедегі адвокат және археолог Ларсонердің хабарлауы ықтимал. Ол қолтырауын табылғаны жайында да айтыла кететін Порт — ан — Бесеннің тарихын жазған болатын.

Бувар мен Пекюшенің жанарлары түйісіп қалған кезде, көздерінен үміт сәулесі сезілді; күннің күйіп, апшысын қуырып тұрғанына қарамастан, одан көк сиса қолшатырымен жүзін көлегейлеп тұрған священникті сұрақтың астына алып, көпке дейін босатпай қойды. Оның иегі етжеңді, мұрны сүйір еді; ол басын бір жағына қисайтып, көздерін жартылай жұмып, күле береді.

Кешкілік құлшылыққа шақырған шіркеу қоңырауы естілді.

— Жанға жағымды жағдайда кездесуге жазсын! Қоштасуға рұқсат етіңіздер.

Аббат Жефруаға сілтеме жасап, қос дос Ларсонерге хат жазды және үш апта бойы жауабын күтімен болды. Ақыры күткен хат та келіп жетті.

Бір жерден пілдің азу тісін тауып алған Вилер тұрғыны Луи Блош екен; егжей-тегжейі беймәлім. Порт-ан Бесеннің тарихы Лизьедегі ғалымдар қоғамы бастырып шығарған жүйелі кітаптың біреуіне кірген еді, алайда кітапханасының бүтіндігінен айырылып қалудан қорыққан ол өзінің авторлығы үшін алған кітабын жан баласына бермейтін. Ал қолтырауынға келер болсақ, ол 1825 жылы Байе аймағындағы Порт-ан Бесенге таяу жердегі Сент-Оноринде, Ашеттің жартасты жағалауынан табылған болатын. Одан арғысы түгел оқып шыққанына шүбәсіз сендіру ғана.

Пілге қатысты әңгіменің түсініксіздігі Пекюшенің көңілін қалдырып, ызасын келтірді. Ол Вилерге шұғыл жүріп кетуге әзір-тін.

Бувар оны әрең айнытты: сапардың сәтті аяқталуы неғайбыл, ал шығыны шаш-етектен; достар Луи Блоштың жағдайын біліп беруді өтініп, Вилердің қалабасына хабар салды.

Егер де ол қайтыс болып кеткендей болса, бағалы олжаның тағдыры туралы оның тікелей өз иә болмаса жамағайын туыстары хабар беруге келіспес пе екен. Ол тауып алған кезде алыс дәуірлердің сүйегі аймақтың қай жерінде жатты екен? Олардың өлкесінен тап сондай затты тағы да табуға үміт ету мүмкін бе? Арбалы жұмыскерді жалдап алу қаншаға түсер екен?

Бірақ олар қалабасының көмекшісі мен муниципалдың бірінші кеңесшісіне неше мәрте өтініш жасаса да, бәрібір жауап келген жоқ. Шамасы, жергілікті тұрғындар өз жерінде жасырын жатқан бағалы байлықтарды көздерінің қарашығындай сақтайтын болса керек. Егер де олар оны ағылшындарға сатып жібермесе. Ашетке сапар шегуге шешім қабылданды.

Бувар мен Пекюше Фалезден Канта дилижанспен аттанды. Одан кейін жеңіл арбаға отырып, Каннан Байеге жетті, ол жерден Порт—ан- Бесенге жаяу тартты.

Достардың күткені ақталды. Ашет неше түрлі таңғаларлық тастарға толы екен; керуенсарайдың қожасынан жөн сұрап алып, олар ұзамай теңізге табан тіреді.

Судың қайтуынан осы кез малтатас пен балдыр жамылған жағалау жалаңаштанып қалған еді.

Қатып қалғандықтан төменгі қабаттары сұрғылт тас қабырғаға айналған жұмсақ қоңыр жыныстардан құралған теңіздің тік жарқабағын жасыл жыралар қақ айырып жатыр.

Олардан тоқтаусыз сорғалап су ағады, ал алыста теңіз өкіріп жатыр. Ара-арасында, теңіздің шуылы басылған кезде, тек қана жылғалардың сыбдыры естіледі.

Достар біресе дымқыл балдырлармен сырғанап, біресе шұңқырлардан секіруде. Бувар басы айналған қалпы ештеңе де ойламастан, толқындарға тесіле қарап, су шайған құмға отыра кетті. Пекюше оны нагыз алмас сияқты тау-жыныс жарықтарына, шыңдағы тастың арасына кірігіп кеткен аммонитті көрсетуге амалдап шақырып әкетті. Олар тырнақтарын сындырып алды — құрал-аспапсыз аммонитті бөліп алу мүмкін емес-тін; оның үстіне ымырт жабылып келе жатқан. Аспан алқызыл түске боянды, жағажайға көлеңке түсті. Қара балдырлардың арасы толы шалшық су. Теңіз жағалауға ентелей емінуде, қайтатын мезгіл де болған.

Келесі күні Бувар мен Пекюше бозала таңнан тұрып, қайла және сүйменмен қаруланып, қатқан тасты ойып алуға тырысты; әйтеуір сыртқы қабаты жарылып түсті. Оның жиектері сынып қалса да, есесіне келесі он алты фунт ammonites nodosus еді.

— Біз мұны Дюмушельге жеткізуіміз керек! — Қуанышы қойнына сыймаған Пекюше саңқылдай сөйледі.

Достар оның сыртында омыртқасыз жануар — губканың, теребратуланың, қызыл тұмсық қарлығаштың қаңқаларын тауып алды, алайда қолтырауын зым-зия жоқ болып шықты! Олар оның орнына ең болмаса сусиырдың иә теңіз жануары — ихтиозаврдың омыртқасын, біздерге бағзы топан су қаптаған заманнан жеткен кез келген тас бейнені табуға тырысты, сол мезет олар шыңнан, адам бойындай биіктіктен, алып балықтың сүйегін байқап қалған.

Оны сол қалпында, бүлдірмей қалай алуға болатынын ақылдасты.

Бувар шың тастың жоғарғы жағын, ал Пекюше төменгі жағын опырып, сүйектің сол қалпын сақтау үшін оны бірқалыпты, баяу қозғалтып түсіруге тырысатын болып шешті.

Тыныс алу үшін жұмыстарын тоқтатқан олар жоғарыдан қарай тұрған, үстіне сулық киген кеденшіні байқап қалды — ол бұларға айбат көрсетіп, жұдырық түйіп, қолын сермеп тұр екен.

— Не болып қалды? Біздің мазамызды алма!

Сөйтіп олар қайтадан іске кірісті; Бувар аяғының ұшымен тұрып, шыңды шотпен ұрғылап жатыр; Пекюше үш бүктетіле иіліп оны сүйеменімен соққылауда.

Кеденші төменге, сайға түсіп, қолдарын бұрынғыдан да қаттырақ сермеп тұр. Достардың онда шаруалары да болған жоқ.

Шомбал тас жер қыртысынан босап шығып, тербеліп, қисайып, енді болмаса төменге сырғанап түскелі тұр.

Күтпеген жерден олардың алдынан қылыш асынған басқа бір бейтаныс кісі шыға келді.

— Төлқұжаттарыңызды көрсетуді сұраймын!

Бұл селоның қарауылы еді; жағажайға тау жықпылдары арқылы жеткен кеденші де тап бола кетті.

— Морен ағай, бұларды тұтқынға алыңыз! Әйтпесе шыңның түгел құлап түсетін түрі бар!

— Біз ғылыми мақсатпен қазып жатырмыз ғой! — деп Пекюше қарсы дау айтты.

Нақ осы сәтте алып шомбал тастың олардың жанына өте жақын құлап түскені сондай, тіпті төртеуін де жаншып қала жаздады.

Шаң сейілген кезде екі дос оның балықтың қаңқасы емес, кеменің діңгегі екенін байқап қалды; күл-паршасы шыққан ол кеденшінің аяқ астына түсіп, жан-жаққа шашырап кетті.

— Біз ештеңені бүлдіргеніміз жоқ, — деді күрсіне сөйлеген Бувар.

— Инженерлік мекеменің аумағында ештеңені де қазуға болмайды, — деді қарауыл. — Иә, сіздер өзі кімсіздер? Менің хаттама толтыруым керек.

Пекюше қасарысып, әділетсіздікке шағымдана бастады.

— Әңгімені доғарыңдар! Менің соңымнан еріңдер!

Олар айлаққа кірген бетте, топ бала олардың соңына ерді. Шаяндай қызарып кеткен Бувар абыройын жоғары ұстауға тырысты; өңі бозарып кеткен Пекюше төңірегіне көз қиығын салуда; шынын айтқанда, қолорамалдарына тас түйіп алған екі бейтаныстың түрлері күдікті еді. Бувар мен Пекюшені керуенсарайға әкелді, табалдырықта тұрған оның қожайыны әуесқойлардың жолын кесті. Осы кез тас қашаушы келіп өзінің саймандарын қайтаруды талап етті. Қос достың оның ақысын төлеулеріне тура келді — ойда жоқ шығын! Ал қарауылдың қайтып оралмай-ақ қойғаны! Неге өйтті екен? Ақыр соңында өңіріне құрметті легион кірешін таққан біреу келіп босатып жіберді, және олар өздерінің аты-жөндерін, мекен-жайларын жаздырып, келешекте сақ болуға уәде беріп қайтып кетті.

Олардың төлқұжаттарынан басқа да толып жатқан нәрселері жоқ болып шықты, сондықтан жаңа ізденістерге шықпас бұрын, Буэ құрастырған "Саяхатшы — геологтың серіктігін" қарап шыққан. Геологқа басты керегі — иыққа асатын мықты сөмке, жер өлшейтін шынжыр, егеу, қысқаш, құбылнама және әдеттен тыс түрімен назар аудартпас үшін жолда қашқақтап жүру қажеттігіне орай сүртігімен жасырып, белбеуінің арт жағына қыстырып қоятын үш балға. Пекюше еш ойланбастан ұзындығы алты фут; үлкен темір ұшы бар турист таяғын таңдап алды. Бувар ұшы алмалы — салмалы қолшатыр таяқты артық санады. Достар сондай-ақ жүн шалбар мен мықты кебіс, "қара терге түскен жағдайда" қажет екі пар иықбау және "барлық жерде бірдей күнқағар киіп жүруге" болмаса да, оны "ойлап тапқан адамның атына қойылған Жибюстің жиналмалы қалпағына" шығынданғысы келмеген.

Осы бір еңбекте мінез-құлық ережелері де баяндалған: "Өзің баратын елдің тілін білуің керек" — олар бұл тілді білетін. "Өзіңді сыпайы ұста" — бұл олардың қалыпты әдеті болатын. "Қалтаңда артық-ауыс ақшаң болмауға тиіс" — енді бұл оңайдың оңайы ғой. Ал кездейсоқ ыңғайсыз жағдайға тап болмас үшін "өзіңді инженер деп таныстыруға тиіссің".

— Несі бар, инженер болуға даярмыз!

Олар осылайша әзірленіп, алыс жорықтарға, көп ретте апталап сапарға шығып, өмірлерін таза ауада өткізіп жүрді.

Олар кей кездері Орманның жағалауынан, теректер мен аршалардың, шыңдардың жайпақ қырларының арасынан тау жықпылдарын көретін иә болмаса жолай сазбалшық қабаттарынан өзге ештеңе кездестірмей уайымға бататын. Олардың назарын аударатын көз тартар көріністері мен қияларының сұқтанар сұлулығы, жел тербеп сыбдырлаған ағаштардың жапырақтары емес, керісінше, көзден тасада, жер астында жатқандар еді; әрбір дөң олар үшін бүкіл әлемді топан су қарқ қылғандығының тағы бір дәлелі сияқтанатын. Осынау құмарлық ұзамай басқасымен — шомбал қойтастармен алмасты. Далаларда жалғыз-жарым сорайып, сонадайдан көрініп дөңкиіп жататын шомбал тастар, бәлкім, мұз дәуірінен қалған шығар, екі дос болса тау жыныстары — морена мен ұлутастарды шаршап-шалдықпай іздей беретін.

Бувар мен Пекюшенің әдеттен тыс киінгендері сондай, оларды хат тасушылар деп қабылдайтын; олар болса өздерін "инженерміз" дейтін және өз сөздерінен өздері үрейленетін: өзгенің атын жамылу оларға ыңғайсыздық әкелуі мүмкін ғой.

Кеш түсе олар үлгілердің ауырлығынан аяқтарын баса алмай қалатын, алайда үлкен ерлік танытып, оларды үйлеріне жеткізіп алатын. Жыныс тастар басқыш сатылары астында, бөлмелерде, тор үй мен жер үйде үйіліп жатыр, Жермена болса шаң басып кеткеніне қынжылулы.

Кейін арнайы зат-белгі жапсырып қою үшін де ол тау жыныстарының аттарын айыру оңай болмайтын; түстері мен құрылымының әр түрлі болуына орай олар сазбалшықты мергельден, мәрмәрді тау жыныстан ажырата алмайтын.

Терминологияның өзі олардың жынын келтіретін. Девондық, кембрийлік, юралық деудің қажеті қанша, бейнебір осы сөздермен аталған тау жыныстары Девонширде, Кембридж маңында және Юра тауларында ғана орналасқан сияқты? Осынау былықтан жол табудың өзі қиямет-қайым; бір геологтар үшін жүйе болса, басқалар үшін — қат-қабат, ал үшіншілеріне жай ғана жер қыртысы. Қатпарлану араласып кеткен, шатасып, бытысып кеткен; оның үстіне Омалус д'Алуа геологиялық жіктеулерге жалпы сенуге болмайтынын ескертеді.

Бұл тұжырым оларды тыныштандырды. Сол себепті де Кан жазығынан полипті әктас, Баллеруадан сазды тақтатас, Сен-Блезден ақ балшық, өлкенің өздері аралаған жерінің бәрінен Неолит және Картиньиден тас көмір, Сен-Лоға таяу Шанель — ан-Жюжеден сынап тапқаннан кейін достар алыс экскурсияға шығуға бел буған, атап айтқанда — кварц, пироморфит және киммеридждік сазбалшықты зерттеу үшін Гаврға барып қайтпақшы болды.

Олар кемеден түскен бетте шамшыраққа қалай баруға болатынын сұрастырған; сөйтсе оған баратын жолда қопарылыс болып, енді ол жақпен жүру қауіпті екен.

Бувар мен Пекюшеге күймелер мекемесінің қожасы жолығып, оларға төңіректегі: Ингувильге, Октевильге, Феканға, Лильбонға және қаласаңыздар тіпті Римге де қыдырып қайтуға ұсыныс жасаған.

Оның алатын ақысы шамадан тыс екен, бірақ Фекан аталғанда достардың естері шығып кетті; сол айналма жолмен жүрсе Этретке соға кетуге де болатын. Олар күймеге отырып, алыстау орналасқан Феканға бармақшы болды.

Бувар мен Пекюше күймеде үш шаруа, екі егде әйелмен және бip семинария шәкіртімен әңгімелесіп, өздерін қысылып — қымтырылмай-ақ инженерміз деп таныстырды.

Күйме айлаққа келіп аялдады. Екі дос құзды жағалауға бет алып, арада бес минут өткенде шағын шығанақты айналып өтіп, аса сақтықпен жүріп бара жатты. Сосын олар өте жарық, желі гуілдеген терең үңгірді көрді; қаздиған биік тас бағаналар және тастардың бетін жауып кеткен кілемдей жайқалған балдырлар шіркеуді еске түсіріп тұр.

Табиғаттың бұл кереметі оларды таң қалдырды және жолай ұлутас жинап, сейілдеп жүрген кезде, дүниенің жаралуы жайлы көтеріңкі дәрежелі әңгіме тиегін ағытты. Бувар нептунизмге бой алдырса, Пекюше, керісінше, плутоншыл еді.

Жер ортасында жанып жатқан от оның қыртысын жарып шығып, топырағын көтеріп, жарықшақтар пайда болған. Осынау от-жалын суының көтерілуі мен төмендеуі және дауылдары бар жерасты теңізіне ұқсас, ал оны бізден бөліп тұрған жердің жұқа ғана қабаты. Аяғымыздың астында не жатқанын көз алдына елестетсең, есің шығып, түнде ұйқы, күндіз күлкіңнен айырылар едің. Алайда жер астының қызуы бірте-бірте кеміп, күн сөнеді, сосын мына жарық дүние суықтан мерт болмақ. Жер өнім бермей, ағаш пен көмір көмірқышқыл газына айналып, жер бетіндегі ешбір тіршілік иесі өмір сүре алмасы аян.

— Ондай күннің туары әзірге түу алыста, — деді Бувар.

— Оған сенейік, — деп жауап қатты Пекюше.

Дүниенің ақыры туралы әңгіме, қалай болғанда да — қанша қашықта болса да, бәрібір екі досты жабырқатып жіберді, енді міне екеуі тым-тырыс, қиыршық тас үстімен қатарласа жүріп келе жатыр.

Құлама, қара тастақ жолақты құзды жағалау, бейне ұзындығы бес миль қорған қабырғасы секілді, ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Шығыстан өңменнен өтетін ызғарлы жел соғып тұр. Аспан бұлыңғыр, көкшіл теңіз бейне ісініп кеткендей. Құздың басынан ұшып шыққан құстар бір айналып шығысымен қайтадан жыра-жықпылдарға жанұшыра қонуға ұмтылуда. Кей-кейде қайдан түскені белгісіз түйір-түйір тастар домалап, секіріп, төменге сырғанап түсуде.

Пекюше әңгімесін әрі жалғастыра берді:

— Оның сыртында жердің қайдағы бір күтпеген апаттан да жойылып кетуі мүмкін! Оның өмір сүру мезгілінің қаншалықты екені де беймәлім. Қабат-қатпарларында алаулап жатқан от-жалын жер бетіне жарып шықса болды, ақырзаман келді дей беріңіз.

— Бірақ ол әлсіреп бара жатыр ғой.

— Қалай болғанда да Юлия, Монте-Нуово, тағы да басқа аралдар сол жанартаулардан пайда болды емес пе.

Бувар осының қыр-сырын Бертраннан оқығанын есіне алды.

— Алайда мұндай күйзеліс Еуропаға қауіп төндіріп тұрған жоқ.

— Кешір, құдай жарылқасын, ең болмаса Лиссабонды есіңе түсірші. Біздің жақта көмір мен темірдің орасан зор кендері бар; шіріген кезде олардан газ бөлініп шығады, оның сыртқа атылуы әбден мүмкін. Сөнбеген жанартаулардың бәрі теңіз жағалай жайғасқан.

Бувар теңізге көз салып еді, оған алыста түтін көтеріліп келе жатқандай болып көрінді.

— Юлия аралының жоғалып кеткеніне қарағанда, — деп Пекюше әңгімесін жалғастырды, — бәлкім, жанартаулардан пайда болған өзге құрлықтарды да сол жағдай күтіп тұрған шығар. Архипелагтың кез келген аралы, Нормандия және тіпті бүкіл Еуропадан да маңызды болмаса, кем емес.

Бувар түпсіз тұңғиыққа батып кеткен Еуропаны көз алдыңа елестетіп көрді.

— Айталық, — Пекюше өрекпи сөйледі, — Ла-Манштың астында жер сілкінді делік; бұғаздың суы Атлант мұхитына қарай жөңкіле жөнеледі; Франция мен Англияның жағалаулары теңселіп, шайқалып, қосылып кетсе, сонда бәрі түгел құрып, шаңырағы ортасына түспей ме?!

Бувардың жауап қайырудың орнына зымырап жүгіріп ала жөнелгені сондай, ұзамай досынан жүз қадам алға ұзап кетті. Оңаша қалған оның басын табиғат өзгерісі туралы ой шырмап алып, қатты абыржытты. Таңертеңнен бері дым татпаған оның екі шекесі зырқылдап тұр. Кенет оған жер қозғалып, жанындағы шың бір жағына қисайып кеткендей боп елестеді; нақ осы кезде жоғары жақтан қиыршық тастар қопарыла домалай жөнелді.

Досының зымырай жөнелгенін көрген Пекюше оның қорқып кеткенін сезді де, артынан қуа айғай салды:

— Тоқта! Тоқта! Жер әлі жойылған жоқ.

Буварды қуып жетуге тырысқан ол өзінің туристік таяғына сүйеніп, аршындай адымдап, бақыруын жалғастыра берді:

— Мезгілі әлі келген жоқ, жер әлі жойылған жоқ!

Қорыққаннан есі шығып кеткен Бувар тіпті тоқтар емес. Қолшатырын жоғалтып алған, сүртігінің етегі жалпылдап, жайылып кеткен, арқасындағы сөмкесі селкілдеп келеді. Құздардың арасымен бейне қанатты тасбақа ұшып келе жатқандай; ұзамай ол биік жартастың арасынан көрінбей кетті.

Пекюше ентігін баса алмай сол жерге жеткенде, ешкімді көре алмады, Бувар қайта оралып бәлкім солай қарай кеткен болар деген ой мен, жыраларды бойлай жоғарыға көтерілмекке бекінді.

Екі адам бір-біріне әрең-әрең жол беретін сүрлеу, жылтыратылған алебастр секілді жарқыраған кертпеш арқылы таудың басына өрлеп барады.

Елу фут көтерілгеннен кейін Пекюшенің төмен түскісі келіп кетті. Алайда соқпа толқын басталып кеткендіктен, ол қайтадан тау басына шығуға тырмысты.

Екінші бұрылыста ол аяғының астында жатқан түпсіз тұңғиықты көріп, зәресі ұшып, денесі мұздап кетті. Үшінші бұрылысқа жете бергенде ол аяғының жансыздана бастағанын сезді. Құлағы шуылдап, кеудесінің асты сыздады; жүрегінің тарсылдап жиі соғуын сезген ол, көзін тарс жұмып, жерге отыра кетті; содан соң туристік таяғын лақтырып жіберіп, жоғары қарай төрт аяқтап еңбектей жөнелді. Белбеуіне қыстырған үш балға қарнына тірелді; қалтасы толы тастар санын соққылайды; күнқағарының маңдайы көзіне түсіп, жел үдей соққандай сезілді. Әрең дегенде ол таулы қыратқа тырмысып шықты да, сол жерге басқа жеңілдеу жолмен көтерілген Буварға жолықты.

Екі досты қастарынан өтіп бара жатқан жүк арба ала кетті. Олар Этретке баруды ойларына да алған жоқ.

Келесі күні кешкісін, Гаврда кеме тосып отырғанда, олар газеттен "Геология сабақтары" деген мақаланы оқыды.

Бұл мысалдарға өте бай мақалада мәселе сол кездің түсінігіне лайық жазылыпты.

Жер шарын түгел қамтыған табиғат сүргіні ешқашан болмаған; кез келген тіршілік түрінің өмір сүру мерзімі әр географиялық аймақта бірдей емес; бір түрінің ғұмыры ұзақ, ал екіншілері тез жойылып кетеді. Баяғы замандарда пайда болған тау жыныстарында әртүрлі қазба байлықтары бар және керісінше, біркелкі қазба байлықтар әртүрлі қабаттардан табыла береді. Баяғы заманның папоротниктерінің бүгінгі кездегіден еш айырмашылығы жоқ. Қазіргі кездегі көптеген зоофиттер жер қабығының ежелгі қабаттарынан да кездеседі. Қысқасын айтқанда, бұрынғы табиғат сүргіндерінің кілтін қазіргі өзгерістерден іздеген жөн. Сондай-ақ бірдей себептері бұрын қалай әсер етсе, қазір де дәл солай ықпал етеді, өйткені табиғатқа секірмелік тән емес, Броньярдың айтуынша, уақыт кезеңдері басқа емес, дерексіздік.

Бұған дейін қатты құрметтеп келген Кювье қол жетпейтін биіктікте тұратын. Енді олардың оған деген сенімі шайқалды. Дүниенің түзілімі мүлде басқаша болып шықты, сол себепті екі дос осынау ұлы адамға деген құрметтерін жоғалтты.

Олар ғалымдардың өмірбаяндарынан және кеңінен таралған кітаптардан Ламарк пен Жоффруа Сент-Илердің ілімдері туралы кейбір мәліметтер жинап алған.

— Осының бәрі олардың бұрынғы көзқарастары мен шіркеудің іліміне қарсы болып шықты.

Бувар бейне бұғаудан құтылған кісіше өзін жеңіл сезінді.

— Аса мәртебелі Жефруа бүкіл әлемді жоқ қылған топан су туралы не айтатынын естісем деп едім!

Достар аббатты діни адамдарға жаңа киім сатып алу жөніндегі мәселені ақылдасуға бас қосатын шіркеу кеңесі мүшелерін күтіп отырған бақтың ішінен тапты.

— Сіздерге не керек, мырзалар?..

— Сізден түсінік алуға келдік.

Сөзді Бувар бастады:

— Тіршілік кітабында жазылған "шыңырау пайда болды" және "аспанның түбі тесілді" деген сөздердің мағынасын қалай түсінуге болады? Шыңыраудың пайда болмайтыны және аспанның түбі тесілмейтіні шындық қой!

Аббат назарын төмен салып үнсіз тұрды да, pyx пен әріпті ажырата білу керек деген жауап қайырды. Алдымен бізді тосырқататын түсінік, егер де оның мәніне терең бойласақ, заңға толық сыйымды бола кетеді.

— Тамаша, ал бірақ Інжілде жазылған биіктігі екі миль алып тауды жаңбыр суы басып кетеді дегенді қалай түсіндіресіз? Ойлап көріңізші: екі миль! Судың тереңдігі екі миль!

Осы сәтте келе қалған қалабасы айқайлап жіберді:

— Оқыстан, жаратқан ием қолдап, сол суға шомылып шықса ғой!

— Келісіңіз, — деп Бувар сөз қосты, — Мұса тым асыра көпіртіп жіберіпті.

Бір кездері Бональданы оқыған священник қарсы дау айтты:

— Олардың қандай пікірді басшылыққа алғанын білмеймін; шамасы бұл өзі басқарған халықтарды қорқыныштан құтқаруға иландыру тілегінен туындаса керек!

— Ал осынша көлемдегі су қайдан пайда болды?

— Кім білсін! Біздің көз алдымызда ұдайы болып жататын сияқты, ауа жаңбырға айналып кеткен шығар.

Салық басқарушысы мен помещик, капитан Гертоға ілесіп Жирбаль мырза қақпадан енді; қонақүй иесі Бельжамб асқазаны галаурауы себепті аяғын әрең басып келе жатқан бакалшы Ланглуаны қолтықтап алыпты.

Оларға назарын да салмаған Пекюше сөзді жалғады;

— Жефруа мырза, кешірім өтінемін. Атмосфераның салмағы — және бұл ғылымда дәлелденген — бұл жер шарын жауып кететіндей тереңдігі он метр судың салмағына тепе-тең. Демек, егер ауа қоюланса және жаңбыр түрінде жерге жауса, бұл тіршіліктегі су көлемін онша көбейте қоймас еді.

Шіркеу кеңесінің мүшелері Пекюшенін сөзін көздерін бақырайтып, таңдана тыңдады.

Священниктің шыдамы таусылды.

— Сіз таудан бақалшық табылғанын теріске шығармайтын шығарсыз! Егер топан су болмаса, оларды онда кім апарып тастапты? Бақалшықтар жүйекте өсе беретін сәбіз емес қой.

Жиналғандарды осы сөздерімен күлдіріп, ол ернін жымқыра сөзін жалғастырды:

— Егер сіздің ғылымыңыз мұны да мүмкін емес деп санамаса!

Бувар Эли де Бомонның таудың жаратылуы туралы теориясына жүгініп, таласа кеткісі келген.

— Ондай әңгімені естіген емеспін! — деп аббат қарсылық білдірді.

Фуро сөз қосуға асықты:

— Бомон Канның тұрғыны ма? Мен оны бір жолы префектурада жолықтырғанмын!

— Егер сіздің топан суыңыз бақалшықтарды өзімен бірге әкеткен болса, — деп Бувар сөзін жалғады, — оларды тереңдігі үш жүз метр жер астынан емес, үстінен табар еді ғой.

Священник Қасиетті жазуға, көне аңыздарға және сібірлік мұздықтарда қатып қалып, табылған жануарларға сілтеме жасады.

Бірақ бұл адамдардың осынау қазба байлықтармен бір мезгілде ғұмыр кешкенін тіпті де дәлелдемейді! Пекюшенің тұжырымдауынша, Жер адамнан әлдеқайда ерте жаратылған.

— Миссисипи сағасы ондаған мың жылдар бұрын пайда болған. Біздің дәуіріміз, ең болмаса жүз мың жаста деп есептелінеді. Манефонның тізімдері...

Граф де Фаверж ортаға қосылды. Ол келген сәтте бәрі тыныштала қалды.

— Тәңір жарылқасын, жалғастыра беріңіздер! Әңгімелеріңіз не жайында еді?

— Мына мырзалар маған жабылып жатыр, — деді аббат.

— Не үшін?

— Қасиетті жазуға бола, граф!

Бувар табан астында, геолог ретінде дінге таласуға хақылары барын айтты.

— Қымбаттым менің, сақтан, — деді граф. — Бәлкім, сіздерге мына нақыл сөз белгілі болар: кім аз білсе, сол діннен безеді, кім көп білсе, сол оған қайта оралады.

Тәкаппарлана, әкелік ақылмен тағы бір сөз қосты:

— Маған сеніңіздер, сіздер дінге ораласыздар, сөзсіз ораласыздар!

— Келісемін! Алайда бейне Күн — жарықтың жалғыз қайнар көзі еместей, жарық Күннен бұрын жаралды деп жазылған кітапқа сенуге бола ма?!

— Сіз солтүстік шұғыласы туралы ұмытып тұрсыз, — деді священник.

Оған жауап қайыра отырып, Бувар Інжілдің жарық бір жағында, ал түнек екінші жағында болды, таң мен кеш аспан шырақтары пайда болғанға дейін бар еді және жануарлар эволюциялық жолмен емес, кенеттен жаралды деп жазылған жерлерін үзілді-кесілді теріске шығарды. Жол тым тар болғандықтан, даукестер қолдарын ербеңдетіп, тура жүйектерді таптап жүрді. Ланглуаны жөтел қысты. Капитан айғай салды:

— Сендер революцияшылсыңдар!

Жирбаль жалбарына сөйледі:

— Ақырын! Ақырын! Тынышталыңыздар!

Священник ашуланды:

— Иә, бұл нағыз материализм ғой!

Фуро жұбата сөйледі:

— Одан да шіркеуге арналған киімдермен айналысайық та.

— Менің сөзімді аяқтауыма мұрсат беріңдерші!

Қызулана түскен Бувар енді адам маймылдан жаратылғанын дәлелдеуге кірісті.

Шіркеу кеңесінің мүшелері өздерінің маймыл еместеріне көз жеткізіп алғылары келген тәрізді ауыздарын ашып, бір-біріне абдырай көз тастады.

— Адамның, иттің, құстың, көлбақаның... ұрығын салыстырамыз, — деп Бувар сөзін жалғастырды.

— Жетер!

— Мен одан да әріге барамын! — деп айғайлады Пекюше. — Адам балықтан пайда болған!

Жұрт жамырай күлісті, бірақ Пекюше қысылған жоқ:

— Теллиамеде, араб кітабында...

— Іске кіріселік, мырзалар!..

Шіркеу кеңесінің мүшелері ризницаға кіріп кетті.

Екі дос өздері ойлағандай аббат Жефруаның абыройын төге алмады; Пекюше осы себептен оның бойынан "сұрқиялық бірдеңе" тапқандай болды.

Солтүстік шұғыласы бәрібір оларға тыныштық бермеді, сол себепті олар д'Орбиньидің басшылығына өтініш жасады.

Баффинов шығанағындағы тасқа айналған өсімдіктердің қазіргі экваторлық өсімдік әлемімен ұқсастығын түсіндіруге арналған болжам бар. Күннің орнында бүгінде жоғалып кеткен аспан шырақтары болды деген жорамал бар және солтүстік шұғыла басқа емес, нақ содан қалған із деп саналады.

Осыдан кейін адамның жаратылысы туралы олардың ойында күдік пайда болды; кімнен сұрарын біле алмай, олар Вокорбейді естеріне түсірді.

Дәрігер өзінің қоқан-лоқысын орындаған жоқ. Сол баяғыша, ол күнде таңертең олардың дуалдарының қасынан өтіп жүрді және таяғымен бірде-бір сырғауылды құр жібермей сыдыртып өтеді.

Бувар бір жолы аңдып тұрып жолықты да, оған антропология жөніндегі өздерін қызықтыратын сұрағын қойды:

— Адам ұрпағы балықтан шықты деген сөз рас па?

— Не деген сандырақ!

— Ең дұрысы маймылдан шығар! Сіздің жорамалыңыз қандай?

— Тура содан ба? Жоқ, олай болуы мүмкін емес!

Кімге сенерсің? Дәрігердің боса-болмасын дінге қатысы жоқ қой.

Бувар мен Пекюше, бұрынғыдай қызу болмаса да, өздерінің ізденістерін жалғастыра берді; оларды эоцен мен миоцен, Юлия аралы, сібір мамонттары мен әртүрлі қазба байлықтар, ғалымдар айтатындай, осынау "өткен дәуірлердің анық айғағы" жалықтырды. Күндердің бір күні Бувар сөмкесін жерге алып ұрып, геология оны әбден тойдырғанын айтты.

Геология өте-мөте жетілмеген! Мамандар Еуропаның бірқатар жерлерін ғана зерттеген. Ал одан басқалары, мұхит тереңдігін қоса алғанда, мәңгі-бақи беймәлім болып қала бермек.

Пекюше минералдар патшалығы туралы әңгіме бастай бергенде Бувар айғай салды:

— Мен минералдар патшалығына сенбеймін! Ойлап қарашы: кремнийдің, бордың және бәлкім алтынның да пайда болуына органикалық заттектер қатысқан болар! Алмас әуелде тас көмір болды ма? Тас көмірдің, әртүрлі өсімдіктердің қосындысы емес пе? Егер оны қыздырсақ, қанша градусқа жеткізу керектігі есімде жоқ — ағаш үгіндісін аламыз ғой; ендеше бәрі де өткінші, бәрі де бүлінеді, бәрі де өзгереді. Дүние аумалы-төкпелі, құбылмалы. Одан да басқа бірдеңемен айналысқанымыз жөн!

Бувар шалқасынан жатты да, қалғып кетті, ал Пекюше басын салбыратып, екі тізесін құшақтай отырып ойға шомды.

Соқпақ жиегін мүк басқан, шағын ағаштардың діріл қаққан жасыл жапырақтарының көлеңкесінің арасынан өтетін; жылы ауада жалбыздың, қурайдың, лаванданың хош иістері анқып тұр; қапырық болатын;

Пекюше айналасын қоршаған тіршілік, ызыңдаған шыбын-шіркейлер, шөп астына жасырынған тұмалар, өсімдіктер шырыны, ұяларында жатқан құстар, жел мен бұлттар, жалпы табиғат туралы оның құпияларын білуге тырыспай-ақ, оның құдіреттілігіне сиқырланып, оның ұлылығына табынып, қисапсыз қиялға батты.

— Су ішкім келеді, — деді ұйқысынан оянған Бувар.

— Мен де шөлдеп барамын! Шөл қандыратын бірдеңе табылса ғой!

— Оны табудан оңай ештеңе жоқ, — деді ұзын етек жейде киіп, арқасына тақтай артып, қастарынан өтіп бара жатқан ер кісі.

Екі дос бір жолы Бувар шарап ішкізген кезбені тани кетті. Ол он жасқа жасарып кеткен сияқты; оның шашы бұйра, мұрты майланған, париждік әдетпен шайқала басып жүріп келеді.

Жүз кадамнан кейін аулаға кіретін дарбазаны ашты, тақтайды қабырғаға тірей салды да келгендерді кең асүйге кіргізді.

— Мели! Сен қайдасың, Мели?

Жас қыз кірді де, "шарапты сүз" деген бұйрықты естіп, мырзаларға қызмет көрсету үшін үстелге қайта оралды.

Сұр кенеп телпегі астынан ортасынан екі айыра бөліп тараған піскен бидайдың түсіндей шашы көрінеді. Жұпыны көйлегі талдырмаш денесіне қонымды көрінеді. Қыз қыр мұрынды, көздері ижшіл, оның жалпы кейпінен әйтеуір бір сүйкімділік, ауыл адамдарына тән кішіпейілділік сезіліп тұр.

Өте жақсы қыз емес пе? — деді ағаш ұстасы ол стақандарды үстелге қойып жатқан кезде. — Шаруа киімін киген бай үйдің бойжеткені деп қалуға болады! Ал еңбекқорлығы ғажап! Байғұсым менің, аз ғана шыдашы: байып алған соң, саған үйленемін!

— Сіз ылғи ақымақтың сөзін айтасыз, Горжю мырза, — қыз нәзік дауысын соза сөйлеп жауап қайырды.

Асүйге атшы келіп, ескі сандықтан сұлы салып алды да, оның қақпағын қатты күшпен жапқаны сондай, одан бір кесек ағаш ұшып кетті.

Горжю осынау ебедейсіз "ауылбайды" жерден алып, жерге салды; содан кейін сандықтың қасына барып, тізерлей отырып, сынған жерін қарай бастады. Пекюше оған көмектесу ниетімен қасына келгенде, шаң-тозаңның астынан адам суреттерінің сұлбасын байқап қалды.

Бұл төменгі жағында өрілген оюлары, оның бет жағын бес бөлікке бөлген бұрыштары мен бағанға оралған жүзім сабақтары бар Қайта өрлеу дәуірінің қолсандығы екен. Ортасында ұлутас таққан Венера-Анадиомена. Содан соң Геракл мен Омфала, Самсон мен Далила, шошқаларымен Цирцея, әкесіне шарап әкеле жатқан Лот қыздары бейнеленген сандықтың саутамтығы қалмай әбден тозығы жетіпті, қоңыздар мүжіп тастапты, ал оң жақ қабырғасы мүлде жоқ. Пекюшеге оның сол жақ қабырғасындағы жұмақ ағашын және Адам ата мен Хауа ананың әдепсіз қалыпта тұрған суретін көрсету үшін Горжю қолына шырағдан алды.

Бувар да сандықты қайран қалып қарай бастады.

— Егер сіздерге сандық ұнаса, оны арзан бағаға түсіріп беруге болады.

Достар қобалжу білдірді: сандықты қалпына келтіру керек қой.

Горжю бұл іске кірісуге әзір-тін: оның өзі жиһаз жасаушы ғой.

— Менің соңыма еріңіздер!

Ол Пекюшені үй иесі Кастильон ханым кір жайып жатқан аулаға алып шықты.

Мели қолын жуып, терезе алды тақтайында тұрған шілтер мен шілтер тоқитын шиді алды да, жарыққа жақын отырып, іске кірісті.

Есік оған әйнекті терезе сияқты, қолындағы ши кастаньетше тақылдап ала жөнелді.

Бувар оның қай тектен шыққанын, ата-анасы кімдер екенін және қанша жалақы алатынын сұрады.

Мели тұл жетім болып шықты, ол мұнда Уистрегамнан келіпті, табысы айына бір пистоль екен. Буварға қыздың ұнағаны сондай, ол оны Жерменаға көмекшілікке жалдап алғысы келді.

Пекюше фермермен бірге келді, олар сандық жөнінде саудаласып жатқан кезде, Бувар Горжюдің құлағына сыбырлап. Мели оған қызметші болуға келісер ме екен деп сұрады.

— Әрине, келіседі!

— Жақсы, — деді Бувар, — бірақ менің досыммен ақылдасуым керек.

— Мен сіздерге көмектесемін, тек үй иесі әйелдің көзінше ауыз ашпаңыздар.

Мәміле іске асты, сөйтіп сандық отыз бес франкке сатып алынды. Оны жөндеу жөнінде ерекше келісім жасау керек-тін.

Достар аулаға шыққан бетте, Бувар Мелиді жалдау жөніндегі ойын айтты.

Пекюше жақсылап ойлану үшін, тоқтай қалып, шақшасынан мұрнына бір шөкім темекі салды да, сіңбірініп алып, жауап қайырды:

— Несі бар, жақсы пікір! Құдайым-ау, бұл жерде қандай әңгіме болуы мүмкін? Оның үстіне қожайын өзің!

Он минут өткенде Горжю ордың жағасына келіп, оларды айқайлап шақырды.

— Сандықты қашан апару керек?

— Ертең.

— Ал екінші мәселенің жөні қалай?

— Келістік! — деп жауап берді Пекюше.

IV

Жарты жыл өткенде олар археологқа айналды, ал үйлері музейден аумай қалған.

Кіреберісте ескі ағаш бөрене сүйеулі тұр, баспалдақта геологиялық үлгілер үйіліп жатыр, ал дәліздің ұзына бойына созылып үлкен шынжыр жатты.

Олар өздерінін жатын бөлмелерінен басқа екі бөлменің ортасындағы есікті алып тастап, біреуінің сырттан кіретін есігін бекітіп қойды, сөйтіп, екі бөлмеден үлкен бір бөлме жасап шығарды.

Сырттан кірген адамның көзі бірден тас құймаға түседі (галл — римдік саркофаг), содан кейін оның назары металл бұйымдарға ауады.

Қарсы қабырғада екі тас таған мен бақташы әйелді еркелетіп жатқан монах бейнеленген, тастақтаның жоғарғы жағына мыс жылытқыш ілінген. Айнала сөрелерден шырақтар, құлыптар, бұранда мен бұрамалар көзге түседі. Еден қызыл қыш сынықтарынан көрінбейді. Ортадағы үстелге көне нормандық телпектің қаңқасы, екі қыш урна, медальдар, жылтыр шыныдан жасалған шөлмек секілді неғұрлым сирек кездесетін көрнекті заттар қойылыпты. Кілем тысты креслоның арқалығына үшбұрышты шілтер жабылған. Он жақтағы қабырғада сауыттың бір бөлігі, оның астындағы шегелерге бірегей көрмелік зат — айбалта ілініпті.

Екі баспалдақпен төмен түсетін екінші бөлмеде Парижден әкелінген көне кітаптар мен осында алғаш келген күні Бувар мен Пекюше шкафтардың бірінен тауып алған ескі кітаптар сақтаулы. Қақпақтарын алып тастаған шкафты олар кітапхана деп атайды.

Есіктің қасындағы ойықты түгелдей Круамар әулетінің шежіре ағашы алып тұр. Ағашпен қапталған қабырғада XV Людовик дәуірінің үлгісінде киінген әйелдің жұмсақ бояу қарындашпен салынған портреті көзге түседі, ал оның қарсысына Бувар — әке портреті ілініпті. Камин үстіне қара фетр сомбреро мен ағаш табанды үлкен башмак қойылған, оның ішінде ұя болған кезден қалған жапырақтар көзге шалынады.

Фаянс кеспекке атша мініп отырған фаянстан жасалған село тұрғыны мүсінінің екі жағына екі кокос жаңғағы (олар Пекюшенің жас кезінен келе жатқан) қойылыпты. Қасындағы себетте бір үйректің асқазанынан табылған децима — мыс теңге сақтаулы.

Ұлу қабыршақтарымен, доқаба әшекейлермен өрнектелген комод кітапханаға қарсы қабырға жаққа жеке қойылыпты. Оның үстіне аузына тышқан тістеген мысық (Сент-Аллирлік құйматас) және ұлу қабыршағынан жасалған ісмерлік қобдиша мен арақтан босаған көзеге салынған бонкретьен алмұрты тұр.

Бәрінен көз тартатыны терезе қуысында тұрған әулие Петр мүсіні! Ол қолғап киген оң қолына шикі алма түстес жұмақ кілтін қыса ұстапты. Лала гүлдерімен өрнектелген ризасы аспан түстес көгілдір, ал құрым — сары түсті тәжі пагода тәрізді үшкір. Әулиенің екі беті қып-қызыл, үлкен дөңгелек көзді, ауызы ашық, таңқы танауы қисық. Оның жоғарғы жағына ілінген көне кілемдегі раушан гүлдерінің өрімінен шір киген екі амурдың бейнесін ажыратуға болады, ал олардың аяқ жағында қоңыр түске ақ әріптермен "Король шапағатты тақсыр герцог Ангулемскийдің қатысуымен жасалды. Норон, 3 қазан 1817 жыл" деген жазуы бар май құятын түбек қойылыпты.

Пекюше төсегінде жатып, осы қазыналарға алыстан көз жүгіртеді, ал кейде келешекті ұзарта түсу үшін, Бувардың жатын бөлмесіне кетеді.

Сауыттың алдындағы орын бос: ол Қайта өрлеу дәуірінде жасалған қолсандықты күтіп тұр. Ал оның дайын болатын түрі көрінбейді, наубайханада Горжю жекелеген тақтайларды қиюластырып, бір жиып, іле қайта бұзып, жұмыс істеп жатыр.

Сағат 11-де, таңғы асын ішкен соң, оның Мелимен сөйлесіп тұрғанын бір көресің, содан кейін кейде күні бойы көрінбей жоғалып кетеді.

Қолсандыққа сәйкес келетін заттарды іздеп, Бувар мен Пекюше төңіректі түгел тіміскілеп шықты. Алып келгендері сандыққа үйлеспей қалады. Бірақ сөйтіп жүріп көптеген қызықты нәрсеге тап болды. Олар әшекей жинауға әуестенді, жүре келе олары ортағасырлық заттарға құмартушылыққа айналды.

Әуелі олар соборларға барудан бастады; шарадағы қасиетті су бетінде бейнесі дірілдеп тұратын биік нефтер, бағалы тастай жарқ-жұрқ еткен түрлі түсті әйнектер, шіркеу түкпіріндегі мазарлар, мүрдехананың құпиялы күңгірт жарығы, тіпті қабырғаның дымқыл салқындығы да олар асқан толқыныспен рақаттана тамашалайтын нәрселер.

Ұзамай олар дәуірлер мен стильдерді ажырата білуді үйреніп, өздері шырақшылардың көмегінсіз-ақ:

— Міне, роман күмбезі... Ал мынау он екінші ғасыр. Жалынға толы готика тағы да! — десетін болды.

Олар капительге ойылған өрнектердің мәнін түсінуге тырысты, мысалы, Мариньидегі колоннада гүлдеп тұрған бұтаны шоқып жатқан бүркіт басты, арыстан денелі екі құс нені бейнелейді? Фегероле ернеуінде бейнеленген шықшытты әншілерді Пекюше сатир деп таныды, ал Герувиль терезе жақтауларының бірінде бейнеленген анайы позадағы еркек денесін көрген Бувар бұл ата-бабамыздың ұятсыз істерге жақын болғанын көрсететінін айтты.

Олар азғантай берекесіздіктің өзіне төзбейтін болып алды. Айналадағының бәрі құлдырау, қирату, бүлдіру көріністері болып, ал қабырғаларды жаңадан бояуды қиратушылық деп танып, ашу шақыратын болды.

Алайда ескерткіш стилі оның пайда болу кезеңіне үнемі сәйкес келе бермейтіні оларды таң қалдырады. XIII жүзжылдықтағы жарты шеңберлі арка Прованста әлі күнге дейін қолданылады. Үшкір күмбез есте жоқ ерте заманнан келе жатуы мүмкін. Және ғалымдар роман және готикалық күмбездердің қайсысы бұрын болғаны жөнінде әлі күнге дейін дауласып келеді. Мұндай бірізділіктің жоқтығына олар реніш білдірісті.

Шіркеулерден кейін олар Донфрондық және Фалездік феодалдық бекіністерді зерттеуге кірісті. Қақпа астындағы көтерілетін тормен жабылған науаларды қызықтады, мұнараға тынығып, алдымен жазық даланы, содан кейін қала шатырларын, көше қиылыстарын, алаңда толып тұрған арбаларды, кір шайқап жатқан әйелдерді көрді. Бұта басып кеткен бекініс орларына дейінгі қабырға тіп-тік, соған қарап олар, сатымен өрмелеп келе жатқан адамдарды көздеріне елестеткенде, еріксіз бозарып кетті. Бұлар бекіністің жертөлесіне де түспекші болып еді, бірақ Бувардың қарны, ал Пекюшенің жыланнан қорқатыны кедергі жасады.

Достар Кюрси, Бюли, Фонтенейе, Лемармион, Аргуже сияқты көне замоктармен танысуға құмартты. Көң төбешігінің аржағынан Каролинг мұнарасы сорайып көзге түседі. Тас орындықтар қойылған асүй феодалдардың дырду-думаның еске түсіреді. Бұл замоктардың кейбіреуі әлі де қаһарлы көрінеді; әрең ажыратарлық үш қатар қабырға қоршаулары, баспалдақ астындағы атыс тесігі, биік, өткір қырлы мұнаралары сақталып қалған. Онда Валуа кезіндегі піл сүйегі сияқты өңделген жақтауы бар терезеден күн сәулесі түсіп, паркет еденде шашылып жатқан қышабас дәнін қыздыратын залдар бар. Олардың шағын шіркеулері астық сақтайтын қоймаға айналдырылған. Мазар тастарындағы жазу өшіп біткен. Қаңырап қалған жердің ортасында қаңқайып тұрған ғимараттың аман қалған қабырғасын басқан шырмауық желмен қосыла желбірейді.

Достар көп нәрсені қуана-қуана сатып алар еді; олар қалайы құмыраға, шыны жапсырмалы тоғаға, керілген сисаға көздерін сатып қызығады. Тек ақшаның аздығы ғана ұстап қалып жүр.

Күтпеген жерден олар Балеруадағы бір қалайышыдан готикалық витраж тауып алып, ол креслоның қасындағы терезенің оң жақтауына тура келе кетті. Сол арадан қарағанда алыстан көзге түсетін Шавиньоль шіркеуінің мұнарасы ғажап әдемі болып көрінетін болды.

Горжю олардың құмарлықтарына барынша қоштау көрсетіп, бір шкафтың төменгі бөлігінен тұғыр жасап, оны терезе жақтауының астына орналастырды.

Енді бұлар, мысалы, Сез епископтарының қала сыртындағы резиденциясы сияқты ол туралы ешкім ештеңе білмейтін ескерткіштерге құмарлық таныта бастады.

Археолог де Комонның айтуынша, Байеде бір кездері театр болған көрінеді. Бұлар дереу оның орнын іздеуге кіріскенмен, еш хабар-ошарын біле алмады.

Монреси қыстағының жанында бір кезде көне теңгелер қазылын алынуымен атақты болған шалғындық жер бар. Бұлар ол жерден үлкен олжаға кенеле қоймақ болып ниеттеніп еді, бірақ күзетшілер онда өткізбей қойды.

Бұрынғы кезде Фалез суқоймасын Кан төңірегімен жалғастырған каналды іздестіру де нәтиже бермеді. Осы каналмен жүзген үйректер қалаға "кан, кан, кан" деп қырқылдап кіргендіктен, қала атауы содан шыққан деседі.

Бұларды ешқандай қиындық, ешбір құрбандық тоқтата алмақ емес.

Аңызға сенсек, Мениль-Вилеман керуен сарайында 1816 жылы Галерон мырза таңғы асын ішіп, төрт су төлеген екен. Бұлар сол жерде тап сондай тамаққа тапсырыс беріп, содан бері заманның да, бағаның да қаншалықты өзгеріп кеткеніне қатты таңырқады.

Әулие Анна аббаттығының негізін кім қалаған? XII ғасырда шетелден картоптың жаңа сортын алып келген теңізші Онфруа мен Гастингс жаулап алынғаннан кейін оның губернаторы болған Онфруа арасында туысқандық байланыс бар ма? Байеде Дютрезор дейтін біреу өлеңмен жазған, бүгінде өте сирек жәдігердің бірінен саналатын "Сұрқия сәуегей" комедиясын қайдан табуға болады? XIV Людовик кезінде Герамбер Дюпати, немесе Дюпастис Герамбер дейтін біреу Аржантан туралы қалжың әңгімелерге толы ешқашан жарық көрмеген шығарма жазған екен, осы туындыны қалай табуға болады? Сен-Мартендік викарий Луи Даспре Легль жайлы жарияланбаған тарихты жазу кезінде пайдаланған Дюбуа де ла Пьер ханымның өз қолымен жазған мемуары қайда кетті? Осының бәрі анықтауды қажет ететін мәселелер, шешілуі тиіс проблемалар еді.

Көбіне елеусіз бір сөз маңызы орасан зор нәрсенің ашылуына себепші болып жатады.

Күдік тудырмас үшін, жейделерін қайта киіп, олар қыдырма саудагер түрінде үй-үйді аралап, ескі қағаздар сатып ала бастады. Жұрт оларын бума-бумасымен сатып жатты. Бірақ бұлар оқушы дәптерлері, есеп айырысулар, ескі газеттер, қысқасын айтқанда, пайдалы ештеңе болмай шықты.

Ақырында Бувар мен Пекюше Ларсонерден көмек сұрады. Көне кельт мәдениетімен айналысып жүрген ол бұлардың қойған сауалдарына қысқа ғана жауап беріп, керісінше олардан өзіне керегін сұрастырумен болды.

Бұлар өз жерінде Монтаржидегі сияқты төбетке табыну іздерін кездестірмеді ме? "Әулие Иоанн оттары" мерекесін тойлауда, некелесу салтында, халықтың мақал-мәтелдерінде қандайда бір ерекшеліктері жоқ па, т.б. Ол тіпті өзіне олардың друидтер "қанды құрбандық шалу" кезінде пайдаланған, celtae деп аталатын кремнийден жасалған балтаның бірнешеуін жинап беруін өтінді.

Горжю бұларға ондай балтаның он екісін тауып берді, ал олар Ларсонерге ең нашарлау біреуін ғана жіберді де, қалғанымен өз жинақтамаларын толықтырды.

Олар музей бөлмесін өздері сыпырады, әрбір жаңадан қосқан заттары жайлы таныстарының бәріне мақтана әңгіме етіп жүреді.

Бір күні түстен кейін музейді көру үшін Борден ханым мен Мареско мырза келді.

Бувар оларды қарсы алып, көрсетуді кіреберістен бастады. Мына бөрене — фалездік дар ағашының көлденең салмасы болған; оны сатқан ағаш шебері бұл жайлы атасының өз аузынан естіпті.

Дәлізде жатқан ұзын шынжыр Тортеваль мұнарасының зынданынан алынған болып шықты. Нотариус тура осындай шынжырлар салтанатты қақпа алдындағы тастарда ілулі тұратынын айтып еді, Бувар онымен бір кезде зындандағы тұтқындар байланғанына сенімді екенін білдірді. Содан кейін ол бірінші бөлменің есігін ашып жіберді.

— Мұнша қыштарды қайтпексіз? — деп таңдана сұрады Борден ханым.

— Моншаның бу бөлмесін қыздыру үшін. Дегенмен, барлығын рет-ретімен көрсетуге рұқсат етіңіз. Мына табытты керуен сарайда су ішетін науа ретінде пайдаланып жүрген жерінен таптық.

Содан кейін Бувар топыраққа толы екі урнаны қолына алды, оның ішіндегі адамның шіріген тәні екен, сосын шишаны көзіне тақап, жақыны қайтыс болғанда жылаған римдіктер оның ішіне көз жасын қайтіп жинағанын көрсетті.

— Мұндағы ылғи бір көңілсіз нәрселер екен! — деп күрсіне тіл қатты Борден ханым.

Бувар, шынында да, әйел адамға ауыр екенін мойындады, сөйтті де жәшіктен бірнеше мыс теңге мен бір күміс динарды алып көрсетті.

Борден ханым нотариустан бұлар қазіргі ақшаға шаққанда қанша тұратынын сұрады.

Мареско көріп жатқанда, сауыт жерге түсіп кетіп, бірнеше шығыршықтары шашылып қалды. Бувар ренішін байқатпауға тырысты.

Қонақтарын риза қылу үшін, ол тіпті айбалтаны қолына алып, еңкейе бере қолын көтеріп, өкшесін сарт еткізді, аттың желкесін қиып жіберген, найзамен түйреп түсірген, жауды өлтірген қимылдар жасады. Жесірге ол бойында күш-қуаты бар адам болып көрінді.

Ұлу қабыршақты комод әйелге ұнады. Сенталир мысығына да қызығушылық танытты, көзедегі алмұртқа жай ғана көз жүгіртіп өтті. Содан кейін каминге жақындап, қалжыңдай сөйледі:

— О, мына қалпақты жөндеуге беру керек қой!

Қалпақтың жиегін үш оқ тесіп өтіпті.

Бувар оның Базоктік қарақшылар атаманы Давидтің қалпағы екенін айтты; Директория кезеңінде оған сатқындық жасалып, сол жерде өлтірілген.

— Өте дұрыс істеген екен! — деді Борден ханым.

Жинақтамаларды қарай жүріп, Мареско кекесінмен езу тартты.

Ол бір кезде аяқ киім сатушы дүкенінің маңдайшасы қызметін атқарған ағаш табанды башмақтың, сидр құятын қарапайым ыдыс-фаянс кеспегінің бұл жерде не қызмет атқарып тұрғанын түсіне алмады, ал маскүнемнен аумайтын әулие Петр кейпіне, шынын айтқанда, қарағың келмейді!

— Сізге ол арзанға түспеген болар? — деді Борден ханым.

— Жоқ, сонша қымбат емес, әншейін ғана.

Бір шатыршы оны бұларға он бес франкке берген болатын.

Борден ханым опаланған паригі бар әйелдің омырауы тым ашықтығын кінәлай сөйледі.

— Онда тұрған не бар? — деп Бувар қарсылық білдірді. — Әдемілікті жасырудың керегі не?

Дауысын бәсеңдете түсіп:

— Сіздікі одан кем емес сияқты! — дегенді қосып қойды.

Нотариус бұларға арқасын бере, Круамар әулетінің шежіре ағашына қарап тұрған. Әйел жауап қайырмады, бірақ саусақтары мойнындағы ұзын сағатбауымен ойнап кетті. Іштартқышының қара жібегімен көмкерілген омырауын көтере түсіп, көзін қысыңқырап, басын көгершіндей иіңкіреп:

— Бұл бикештің аты кім? — деп аңқаулана сұрады.

— Белгісіз. Ол әлгі, білетін шығарсыз, азғындықпен атағы шыққан регенттің нақсүйері болған.

— Білмегенде ше, сол дәуірдің мемуарларында... Нотариус сөзін аяқтамай кідіріс жасады да, асыл қанды жандардың құштарлықтың құлына айналып, жұртқа жаман үлгі көрсететіндігіне өкініш білдірді.

— Қойыңызшы, сіздер, еркектер, бәріңіз де сондайсыздар ғой! Екі еркек қызулана дауласа кетті; әйелдер, махаббат жайы әңгіме болды. Мареско көптеген бақытты жұпты мысалға келтірді; кейде бақытының қасында жүргенін сезбейтін адамдар да болады. Ишара түсінікті еді. Жесірдің беті алаулап шыға келді, бірақ өзін тез қолға алып:

— Біз ақымақшылық жасайтын жастан өтіп кеткенбіз, солай емес пе, Бувар мырза? — деді.

— Е, жоқ, мен өзім жайлы олай айта алмаймын!

Сөйтті де, әйелге қолын ұсынып, оны келесі бөлмеге бастады.

— Байқаңыз, мында баспалдақ бар. Осылай. Ал енді терезе жақтауына қараңыз.

Терезе шынысынан олар періштенің алқызыл шапаны мен екі қанатын ажырата алды. Қалғаны әйнектің сансыз көп жарығын жамау үшін құйылған қорғасын қабатынан көрінбейді. Кеш түсіп, көлеңке басы ұзарып қалыпты, Борден ханым байсал тартты.

Бувар шығып кетіп, жұқа жүн көрпеге оранып қайта кірді де, терезе алдына тізерлей отыра кетіп, шынтағын әуелете көтерген күйі күн сәулесіне басының тазын тоса, қолымен бетін басты. Өзінің бұл қимылы әсерлі болғанына сенімді үнмен:

— Ортағасырлық монахтан аумай қалған жоқпын ба? — деп сұрады.

Содан кейін ол басын көтерді, жанары тұманданып, қиялға шомған кейіп көрсетті. Дәлізден Пекюшенің жуан даусы естілді: — Қорықпа, бұл — мен.

Ол салтанатты жүріспен кіріп келді; басына дулыға киіп алыпты, онысы үшкір құлақшалары бар темір түбек еді.

Бувар әлі де тізерлеген қалпы отыр. Екі қонақ сілейіп қалыпты. Бір сәт қолайсыз үнсіздік орнады.

Пекюшемен Борден ханым салқын амандасты. Ол әйелден барлығын да көре алдыңыз ба деп сұрады.

— Көрген сияқтымын. Қабырғаны көрсетіп, Пекюше:

— Кешірерсіз, мына жерде тағы бір тамаша нәрсе тұруы керек еді, ол қазір жөнделіп жатыр, — деді.

Жесір мен Мареско қоштасып, қайтып кетті.

Бувар мен Пекюше іштей өзара жарысқа түскендей. Олар іздеуге бөлек-бөлек шығып, тауып келген заттарының мақтауын бірінен бірі асыруға тырысады. Пекюше әлгінде ғана дулыға тауып келген болатын.

Бувар оны олжасымен құттықтады, өзі де Мели бау қадап беру арқылы монах сутанына айналдырған жүн көрпе үшін мақтау естіді. Оларын қонақ қабылдаған кезде екеуі кезек киіп шығып жүрді.

Бұлардың мұражайын Жирбаль, Фуро, капитан Герто, содан кейін дәрежесі жағынан олардан төменірек тұратын: Ланглуа, Бельжамб, фермерлер мен тіпті көрші үйлердің қызметшілері де келіп көрді. Адам келген сайын бұлар түсіндірме сөздерін қайталап, қолсандық қойылуы тиіс орынды көрсетеді, өздерін барынша қарапайым ұстап, бөлменің шашылып жатқаны үшін кешірім өтінумен болады.

Мұндай қабылдау күндері Пекюше шығармашылық жағдайға соны лайық санап, бір кезде Парижде сатып алған зуав фескасын киеді. Арасында дулығаны киіп шығып, бетін жауып кетпес үшін желкесіне қарай ысырып қоятыны бар. Бувар айбалтамен көрсететін қимылын қайталайды; ақырында олар бір-біріне қарап, келуші "ортағасырлық монахты" көрсетуге тұратын адам ба деген мәселені көздерімен ұғысады.

Қақпа алдына граф де Фаверж мырзаның күймесі келіп тоқтаған кездегі олардың толқығанын көрсеңіз! Ол бұларға бір минөтке ғана бұрылғанын айтты. Жұмысы екі ауыз сөзбен айтқанда, мынадай екен:

Оның іс қағаздарын жүргізетін сенімді адамы Гюрель бір құжатты іздеп таба алмай, бұлардың Обри фермасынан ескі қағаздарды сатып алғанын айтқан екен.

Достар бұның шындық екенін растады.

Оның арасынан Обриде қонақ болған, герцог Ангулемскийдің бұрынғы адъютанты барон де Гонневальдың хаттары көздеріне түспеді ме екен? Отбасылық мәселелерге байланысты, ол бұл хаттардың өзінде болғанын қалайтын көрінеді.

Бұлар хаттарды көрген жоқ, бірақ, егер граф арбадан түсіп, кітапханаға кірер болса, ол кісіні қызықтыруы мүмкін басқа нәрселері жеткілікті.

Бұл дәліз мұндай сүйріктей лакты етіктің сықырын бірінші рет естіген шығар-ау. Граф саркофагқа сүрініп кетті, бірнеше жабынқыштарды таптап кетуге шақ қалды, креслоға сүйкене өтіп, екі баспалдақпен төмен түсті. Екінші бөлмеге алып кірген қонағына олар кілем жұрнағы мен әулие Петр алдында тұрған, Поронда жасалған май құятын түбекті көрсетті.

Заттың жасалған мерзімінің өзі графты бей-жай қалдыра қоймасына Бувар мен Пекюше сенімді еді.

Граф сыпайыгершілікпен музейді аралап көрді. Ол таяғының тұтқасымен өз ернін ұрғылай жүріп: "Жаман емес! Қызық екен!" — деп қайталай берді. Содан кейін өз тарапынан бұлардың діни сенім мен серілік жанқиярлықтың гүлденген дәуірі — ортағасырлық бұл заттарды құрып кетуден сақтап қалғандары үшін алғысын айтты. Ол прогресті құрметтейді және бұлар сияқты осындай қызықты іспен айналысар-ақ еді, бірақ саясат, муниципалдық кеңес, ауыл шаруашылығы сияқты сансыз іс қолын босатар емес.

— Бәрібір сіздерден кейін мен қызығатын түк те қалмас еді, ұзамай департаменттің барлық көруге тұрарлық игіліктерін жинап алатын түрлеріңіз бар.

— Мақтанғанымыз емес, бірақ біз де солай ойлаймыз! — деп қостады Пекюше.

Дегенмен, Шавиньолда әлі де бір заттар бар; мысалы, зират қабырғасының бұрылысында баяғы заманда жерге көмілген қасиетті су құйылған шара жатыр.

Бұл хабарға қатты қуанған бұлар бір-біріне: "Қалай, айналысамыз ба?" — деген мағынада көз тастап үлгергенше, граф шығатын есікті аша берді.

Есік артында тыңдап тұрған Мели қаша жөнелді.

Ауламен өтіп бара жатқан граф қолдарын кеудесіне айқастыра қойып, трубка тартып тұрған Горжюді көріп қалды.

— Мына жігіт сіздерде істеп жүр ме? Солай де! Әйтсе де толқу бола қалса, мен одан сақтанған болар ем.

Қонақ екі доңғалақты арбасына мініп, жүріп кетті.

Қызметші қыз одан неге қорықты?

Одан жауап алып, қыздың граф фермасында жұмыс істегенін білді. Бұдан екі жыл бұрын бұлар барған кезде шалғышы әйелдерге сусын құйып беріп жүрген қыз осы болып шықты. Оны замокқа қызметшілікке алып, ұзамай шығарып жіберіпті: "Біреу қызға жала жапқан көрінеді".

Ал Горжюді не үшін жазғыруға болады? Оның қолы бар нәрсеге епті, бұлардың алдынан қия өтпей, сыйлап тұрады.

Келесі күні таңсәріден зиратқа жөнелді.

Бувар аталған жерді таяқпен түрткілей бастады; қатты бір нәрсеге тигені білінді. Біраз арамшөпті жұлып тазартқанда, ішіне шөп өсіп кеткен, шоқындырған кезде баланы шомылдыратын астау-шараны көрді.

Алайда діни заттарды шіркеу қабырғасынан тыс жерге көму салтта жоқ нәрсе еді ғой!

Пекюше оның суретін салды, Бувар сөзбен сипаттап жазды, осының бәрін олар Ларсонерге салып жіберді.

Жауап көп күттірген жоқ:

"Жасаңдар, құрметті туысқандар! Бұл, сөзсіз, друидтік шара!"

Дегенмен қателесуден сақтанбаса болмайды. Бұлар жіберген балта өте күмәнді, сондықтан өзінің де, бұлардың да мүддесі үшін бірнеше шығармалардың тізімін жазып, солардан жауап іздеуге кеңес беріпті.

Хат соңындағы қосымшада Ларсонер Бретаньға саяхат жасауына байланысты жақын күндері өзі келіп, шараны көзімен көргісі келетінін білдіріпті.

Сөйтіп, Бувар мен Пекюше кельт археологиясын зерттеуге бас қойды.

Бұл, ғылымның айтуынша, француздардың ата-бабалары — көне галлдар Кирк пен Кронға, Таранис Эзуске, Неталемнияға, аспан мен жерге, жел мен суға, оларға қоса ұлы Тевтатқа табынған, ол пұтқа табынушыларда Сатурн болып есептеледі. Сатурн Финикияда патшалық құрған кезде Анобрет есімді нимфаға үйленіп, одан Иеуд атты ұлы болған. Анобреттің Сарраға ұқсастықтары бар, Иеуд Исаак сияқты құрбандыққа шалынған (немесе шалынуға шақ қалған); сөйтіп, Сатурн дегеніміз — бұл Авраам, демек, галлдар діні мен иудейлер дінінің шығу төркіні бір деген сөз.

Галлдар қоғамының құрылысы тамаша жетілген. Бірінші кастаға халық, ақсақалдар мен патша, екіншіге — заң шығарушылар, ал үшінші, ең жоғары тапқа, Тайепьенің жазуы бойынша, "әртүрлі абыздар мен философтар", яғни друидтер немесе саронидтер жатқызылған, ал олар өз кезегінде эвбагтар, бардтар мен ваттарға бөлінеді.

Біреулері сәуегейлік жасаған, екіншілері мадақ жырлар жазған, үшіншілері ботаника, дәрігерлік, тарих пен әдебиеттен, яғни "өз кезіндегі барлық өнерден" сабақ берген, Пифагор мен Платон олардың шәкірті болған. Олар гректерді метафизикаға, парсыларды-сиқырлыққа, этрускілерді — іш құрылысымен бал ашуға, ал римдіктерді — мысты қалайылау және сан етті қақтауға үйреткен.

Бірақ осы көне дүниеде билік құрған халықтан бүгінгі күні қалғаны тек бір-бірден, үшеуден топтанып жатқан, кейде галереялар мен шеңберлер түріндегі тастар ғана.

Желігіп алған Бувар мен Пекюше бірінен кейін бірін, Юсидегі Пост тасын, Гестедегі қосқабат тасты, Легль маңындағы Дарье тасын, тағы- тағыларын зерттеуге кірісті.

Бәрі де бірдей қызықсыз бұл қойтастар оларды тез жалықтырды. Бір жолы Пастағы тас бағананы көріп, енді кері қайтуға айналған кезде, жол бастаушы бұларды баспалдақтар немесе аса юр тасбақаға ұқсас гранит жартастарына толы шамшат тоғайына алып барды.

Тастардың ең үлкені шараға ұқсатып ойылыпты. Бір шеті көтеріңкі; түбінен басталған екі науа тәріздес ойық жерге дейін жетеді; олардың қан ағызу үшін жасалғаны күмәнсіз. Мұндай нәрсенің өзінен-өзі пайда болуы мүмкін емес!

Осы қиранды қалдығын қоршай өскен ағаштар тамырларымен бір-біріне жалғасып кетіпті. Жаңбыр сіркіреп, алыстан үлкен елес секілденіп, тұман бұлты көтеріліп келеді. Бұлардың көздеріне қалың жапырақты ағаш аясында қолдары артына қайырып байланған адамдарды құрбандыққа шалып жатқан алтын тәжді, ақ киімді абыздар, қып-қызыл қанның ағуын бақылап, шараға үңіліп тұрған друид әйел, айнала кимвалдарын ұрып, зубр мүйізінен жасалған кернейлерін қаңқылдатып, азан-қазан болған тобыр ап-анық елестегендей еді.

Шешім өзінен-өзі келді.

Бір айлы түні олар үй көлеңкесін торыған қарақшылардай ұрлана басып зиратқа беттеді. Терезе қақпақтары жабық, лашықтар тым-тырыс; бірде-бір ит үрген жоқ.

Қастарына Горжюді ертіп алған олар, келе іске кірісті. Шымға бойлата сұғылған күрек ұшы тигенде, тастың сықырлағаны ғана естіледі.

Өлілердің жақындығынан бұлар өздерін қолайсыз сезінді; мұнара сағатының қырылдаған үні құлаққа келеді, ал шіркеу маңдайшасындағы дөңгелек тесік қасиеттіге қол қатып жатқан бұларды бақылап тұрған біреудің көзі сияқты көрініп, үрейлерін ұшыра түседі. Әйтеуір, шараны үйлеріне жеткізіп алды.

Келесі күні олар өз істерінен із қалмады ма екен деп, соны көру үшін, тағы зират жаққа барған.

Өз үйінің табалдырығында тұрған аббат бұларды үйіне кіре кетуге шақырды; кішірек залға ертіп кірген ол бұларға біртүрлі көзбен қарағандай болды.

Буфетте кептіруге қойылған тәрелкелер арасында сары жапырақты кеспе тостағы бірден көзге түсті.

Әңгімені неден сабақтарын білмеген Пекюше соны мақтады.

— Бұл көне руандық фаянс, — деді кюре, — отбасылық бағалы зат.

Білгіштер, әсіресе Мареско мырза мұны жоғары бағалап жатады, өзінің ондай құнды заттарға құмарлығы жоқ.

Бұлар оның нені меңзеп тұрғанын түсіне қоймаған соң, ол шоқындыруға арналған шараны бұлардың ұрлап әкеткенін өз көзімен көргенін ашық айтты.

Екі археологымыз бірдеңе деп міңгірлеген болды. Ол бір қараусыз қалған зат еді ғой.

Бәрібір! Бұлар затты қайтаруға міндетті.

Қайтарады ғой. Бірақ, тым болмаса, суретші шақыртып, кескінін түсіріп алуға мүмкіндік берсін де.

— Онда сөйте қойыңыздар, мырзалар.

— Бұл өз арамызда қалатын шығар? — деп өтінді Бувар. — Тәубаға келу құпиясы сияқты!

Священник күлімсіреп, қауіптенбеңдер деген ишара жасады.

Бұлар одан гөрі Ларсонерден қорықты. Ол саяхатқа шыққан сапарында жолай Шавиньолға келіп, шараны көргеннен кейін, аузына ие бола алмай, оның сөзі үкімет құлағына дейін жетуі мүмкін. Сақтық жасап, шараны алдымен наубайханаға, одан алып беседкаға, бақтағы күркеге, шкафтардың біріне апарып тықты. Горжю оны бір жерден екінші орынға тасумен-ақ шаршады.

Мұндай сирек затты иелену олардың Нормандиялық көне кельт мәдениетіне деген құмарлықтарын оятты.

Олардың барлығы да Египеттен шыққан екен. Орна департаментіндегі Сез қаласы кейде Ніл атырауындағы қала сияқты Саис деп жазылады. Галлдар бұқаны ауызға алып ант береді — египеттіктер де Апис бұқаға табынған. Байе тұрғындарының латынша атауы — байокастар — Beli casa, Бэл тұрғынжайы, қасиетті мекен дегеннен шыққан. Бэл мен Озирис — екеуі бір құдай. "Байе маңында бір кезде друидтік ескерткіштер болуы әбден ықтимал", — деп жазады Мангон де ла Ланд. "Бұл өлке, — деп қостайды Русель мырза, — египеттіктер Юпитер-Аммонға храм көтерген жерге сондай ұқсас". Демек, онда храм болған, оның ішінде қазына болуы сөзсіз. Ешбір кельт ескерткіштері қазынасыз болмайды.

"1715 жылы, — дейді дон Мартен, — сеньор Герибель дейтін біреу Байе төңірегінен ішінде сүйектері бар бірнеше қыш ыдыс қазып алады да (жергілікті аңыздар мен аты ұмытылған авторлардың айтуы бойынша), бұл жерде зират, Алтын бұзау жерленген Фунус тауы болған деген қорытынды жасайды".

Дегенмен, Інжілге сенсек, Алтын бұзау өртеп жіберілген.

Ең алдымен Фунус тауы қай жерде екенін анықтау керек. Авторлар мұны көрсетпейді. Жергілікті тұрғындар бұл туралы ештеңе естімеген. Осы маңда қазба жұмысын жүргізу керек; осы ниетпен олар префектіге баяндаухат жолдап еді, ол жауапсыз қалды.

Мүмкін, Фунус тауы жоғалып кеткен шығар, мүмкін, ол жота емес, қорған болар. Қорған деген нені білдіреді?

Қорғандардың көбінен ана құрсағында жатқан қалыптағы қаңқа сүйектер табылады. Бұл мазар оларды басқа өмірге даярлайтын жатыр міндетін атқарады дегенді білдіреді. Демек, қорған әйел мүшесінің, ал басына қойылатын тас еркек мүшесінің символы.

Шынында да, менгирлер сақталған жердің бәрінде фаллосқа табыну болғаны байқалады. Бұған Герандта, Шишбушта, Круазикте, Ливародағы көне ғұрыптар куә бола алады. Ертеде мұнара, пирамида, майшам, жол шетіндегі бағандар, тіпті ағаштар да фаллос эмблемасы саналған; енді Бувар мен Пекюше де айналадан тек фаллосты көретін болды. Олар арба біліктерін, орындық аяқтарын, жертөле ысырмаларын, дәріханалық келсаптарды жинай жүрді. Келгіншілерден олар:

— Мынау, сіздіңше, неге ұқсайды? — деп сұрайтын.

Содан кейін түк білмейтін надандарға оның құпиясын ашады, ал сенімсіздік көрсеткендерге аянышпен иықтарын көтеріп қоятын.

Бір күні кешкісін, екеуі друидтер ілімі жайлы әңгімелесіп отырғанда, үн-түнсіз ғана аббат кіріп келді.

Бұлар оны дереу мұражайға алып барып, түрлі түсті әйнекті терезеден бастап көрсетуге кірісті; бірақ екеуі де іштей жаңа бөлік — фаллостар жинағына жеткенше асығулы еді. Священник бұл көрмені әдепсіздік деп атап, сөзді бөліп кетті де, шоқындыратын шараны алуға келгенін айтты.

Бувар мен Пекюше көшірмесін құйып алу үшін тағы екі апта беруін өтінді.

— Неғұрлым тезірек қайтарғандарыңыз жөн болар, — деді аббат.

Содан кейін ол басқа әңгімеге ауысты.

Бір минөтке шығып, қайтып келген Пекюше оның қолына жиырма франк ұстатты.

Священник шошып кетті.

— Алыңыз! Кедей-кепшіктеріңіз үшін!

Жефруа қызара түсіп, алтын ақшаны сутанының қалтасына тықты.

Құрбандыққа арналған шараны қайтарып беру ме! Ешқашанда! Бұлар тіпті кельт тілінің бастауы болған немесе өзі содан шығуы да мүмкін ежелгі еврей тілін үйреніп алғылары келді. Олар Кельт академиясының еңбектерінде аты аталған, сірә, Артемизия патшайымның күлі сақталған болуы ықтимал урнаны бірігіп зерттеу үшін, Ларсонермен кездесу белгіленген Реннадан бастап Бретаньға саяхатқа шығуға даярлана бастаған-ды... Кенет ескертусіз екпіндей басып қалабасы кіріп келді де, қалпағын да шешпестен, өзіне тән ожарлықпен саңқ етті:

— Бұлай болмайды, көкетайлар! Әкеліңіздер бері!

— Нені айтасыз? Не болып қалды?

— Қалжыңды қойыңыздар! Тіпті қай жерге тығып отырғандарыңызды да білемін!

Сатқындық жасаған кім болды екен?

Бувар мен Пекюше шараны ұстай тұруға священник мырзаның рұқсат бергенін айтты.

— Оны сұрап білуге болады.

Фуро шығып кетті.

Ол бір сағаттан кейін қайтып келді.

— Священник ештеңеге рұқсат етпепті. Сөйлеңіздер!

Бұлар айтқанынан қайтпады.

Ең алдымен, ол шараның ешкімге керегі жоқ; екіншіден, ол тіпті де шоқындыру заты емес, бұған олар көптеген ғылыми дәлелдер келтіре алады. Содан кейін олар өз өсиеттерінде оның қоғамдық мүлік екенін мойындауға міндеттенеді.

Олар оны тіпті сатып алуға да ұсыныс жасады.

— Онсыз да бұл менің мүлкім! — деп қайталай берді Пекюше.

Жефруа мырза жиырма франкты алды ғой — бұл мәміле жасалғанының дәлелі! Ал егер бітімші сот алдында жауап беруге тура келсе, тіпті жақсы, священник жалған ант беруші болып шығады!

Осы дау шешілгенше Пекюше бірнеше рет кеспе тостағын көруге барып, оның ішінде осы фаянсты иеленуге деген тілек оянды. Егер сол тостағын берсе, шараны қайтарады. Әйтпесе — өзінен көрсін.

Шаршады ма әлде жанжалдан қорықты ма, Жефруа тостағын беруге келісті.

Кеспе тостағы бұлардың коллекциясында қошуаздық телпектің қасынан орын алды. Ал шара шіркеу басқышына қойылды; одан айырылған бұлар өздерін Шавиньоль халқы оның қандай құнды жәдігер екенін білмейді деген оймен жұбатты.

Кеспе тостағы бұлардың фаянс жинауға деген ынталарын оятып, жаңа зерттеу тақырыбына айналды да, төңірекке қайтадан барлау жасауға құлшындырды.

Бұл кезде көне руан ыдысын жинау сәнге айналған болатын. Нотариус жап-жақсы коллекция жинап, бұл оның мамандығына келісімсіз болғанымен, байсалды да парасатты мінез-құлқына лайық көркемдік талғамы бар адам атануына мүмкіндік берген еді.

Бувар мен Пекюшенің кеспе тостағын иеленгенін естіген ол, оны басқа бір нәрсеге айырбастауға ұсыныс жасады.

Пекюше бірден бас тартты.

— Бермесеңіз қайтеміз енді.

Ол енді бұлардың керамикасын қарай бастады.

Қабырғаға ілінген барлық бұйымдар — кірлеу ақ түс аясындағы көк бояулы фаянс табақтар, жасылдау және алқызыл реңктегі молшылық мүйізі, қырынуға арналған леген, тәрелкелер мен табақтар — бұлардың ұзақ аңдып жүріп, сүртіктерінің етегіне орап, қойындарына тығып алып келген заттары еді.

Мареско бір заттарға мақтау айтты, фаянстың испан-арабтық, голландық, ағылшындық, итальяндық сорттары жайлы сөз етті, бұларды өз білімділігімен тұқыртып алған ол:

— Тостағыңызды тағы бір рет көруіме бола ма? — деп сұрады.

Ол оны саусағымен шертіп байқады, сонсын оюлы қақпағындағы әріптер суретіне қарады.

— Бұл — руандық марка! — деді Пекюше.

— О не дегеніңіз! Руан зауытында, шынын айтқанда, марка болған емес. Мутьенің аты шықпай тұрған кезде, барлық француздық фаянс бұйымы Неверде жасалған болатын. Руанның да жағдайы сондай! Оның үстіне Эльбеф оны айнытпай қайталайды.

— Мүмкін емес!

— Майоликаны көшірмелеу оңайдың оңайы. Мына ыдысыңыздың ешқандай бағасы жоқ, мен ақымақ болып қала жаздаппын!

Нотариус шығып кеткенде, Пекюше креслоға сылқ етіп құлап түсті.

— Шараны қайтармау керек еді, — деді Бувар оны жазғыра сөйлеп. — Ылғи сен көрсеқызарланып, шектен шығып кетуге бейім тұрасың!

— Иә, көрсеқызарлығым бар!

Ашулы Пекюше кеспе тостағын алып, саркофагтың аржағына қарай лақтырып жіберді.

Бувар сабырлы қалыппен шыны сынықтарын бір-бірлеп жинай бастаған; кенет басына бір ой түсе кетті.

— Мареско қызғанышпен өтірік айтуы да мүмкін ғой!

— Қалайша?

— Кеспе тостағының көшірме екенін кім дәлелдеп бере алады? Одан гөрі ол әдейі мақтаған басқа заттар көшірме болуы әбден мүмкін.

Сол күнгі кеш дауласумен, өкінумен өтті.

Дегенмен, бұған бола Бретань сапарынан қалуға болмайды. Олар тіпті жер қазғанда көмектесуі үшін, Горжюді ала кетпек болды.

Біраздан бері Горжю қолсандықты тез жөндеп бітіру үшін осы үйде қонып жүрген. Ол жол жүруге құлшыныс таныта қойған жоқ; бұлар Бретаньда көрсек деп үміттенетін менгирлер мен қорғандар жайын әңгіме етіп отырғанда:

— Мен одан да жақсы жерді білем, — деп мәлімдеді ол. — Алжирдің оңтүстігінде, Бу-Мурзуг бастауына жақын жерде ондай қорған өте көп.

Ол тіпті өзінің көзінше байқаусызда ашылған бір мазарды суреттеп берді, ондағы қаңқа маймыл сияқты бүк түсіп, екі тізесін құшақтап отыр екен.

Бұл әңгімені Ларсонерге айтқан кезде, ол бұған сенбестік танытты.

Бувар осы тақырыпты тереңдетіп, археологты сұрақтың астына алды.

Егер бұл галлдар Юлий Цезар кезіндегі өркениетті адамдар болса, галл ескерткіштерінің соншалық қарабайыр болуын қалай түсіндіресіз? Демек, бұл олардан да ежелгі тайпалар туындысы болуы ғажап емес.

Ларсонердің пікірінше, бұл — патриотизмнен құралақан жанның болжамы.

Мейлі, солай-ақ болсын! Бірақ бұл галлдар ескерткіші екені жайлы ешқандай дәлел жоқ қой. "Қандай да бір мәтінді көрсетіңізші!"

Академик ашуланып, сөйлеспей қойды; Бувар мен Пекюше бұған қуанбаса, ренжіген жоқ: екеуі де друидтерден жүрегі айнитын дәрежеге жетіп қалған еді.

Бұлардың керамиканы ажырата алмауы, көне кельт мәдениетін түсінбеуі тарихты, оның ішінде Франция тарихын білмегендіктен болса керек.

Кітапханаларынан Анкетиль аббаттың шығармасы табылды. Бірақ "жалқау" меровинг корольдеріне бұлар қызығушылық таныта қоймады, ал король сарайын басқарушылардың қулық сауған аярлықтарына еш күйініш сезіндірмеді. Анкетильдің көпірме сөздерінен мезі болып, олар кітапты лақтырып тастады.

Бұлар Дюмушельден: "Франция тарихының қай жері қызықғырақ?" — деп сұрады.

Дюмушель бұлардың атынан кітапханаға абонемент алып, Огюстен Тьерридің хаттары мен Женудтың екі томдығын салып жіберді.

Бұл автордың пікірінше, король билігі, дін және ұлттық жиналыс — міне, Меровингтер кезеңіндегі француз ұлтының тарихы тек қана осылар болған; Каролингтерде бұл принциптерден ауытқу байқалады. Капетингтер халықпен келісімде болып, оларды сақтауға тырысты. XIII Людовик кезінде феодализмнің соңғы серпіні — протестанттықты жеңу үшін, абсолютті билік орнатылды, ал 89-жыл ата-бабамыздың мемлекеттік құрылысына оралуымызбен құнды.

Пекюше автор идеяларына тәнтілік білдірді.

Ал Огюстен Тьерриді оқып шыққан Бувар оған жылышырай таныта қоймады.

— Сен не деп көкіп отырсың! Франция, Ұлттық жиналыс дегендерің әлі жоқ кезде қайдағы француз ұлты! Каролингтер ештеңені заңсыз басып алған жоқ! Ал корольдер коммунаны азат етуге қолұшын да тигізбеген! Өзің оқы, міне!

Пекюше Бувардың шын айтып тұрғанын мойындауға мәжбүр болып, тіпті ғылыми терминдерге қаталдық көрсетуде Бувардан да асып түсті. Ол "Ұлы Карл" деудің орнына "ІІІарлемань" деуді, "Хлодвигтің" орнына "Кловис" деуді намыс көретін болды.

Дегенмен, ол Женуд пікіріне де ұйып, француз тарихының басы мен аяғын сондай ептілікпен жалғастырып, ортасының маңызын төмендеткеніне сүйсінді. Бұған барынша көз жеткізу үшін, олар енді Бюше мен Руды оқуға кірісті.

Бірақ социализм мен католиктік догматтар идеяларының қоспасынан тұратын тебіреніске толы алғы сөз олардың жүрегін айнытты; ұсақ-түйекті күлбілтелеп қазбалай беру тұтас нәрсені көруге бөгет жасайды.

Енді олар Тьер еңбектеріне жүгінді.

Бұл 1845 жылдың жазы еді, екеуі бақ ішіндегі беседкада отырған-ды. Пекюше аяқтарын орындыққа салып қойып, көрден шыққандай үнімен ерінбей-жалықпай дауыстап оқып отырды, тек арасында қолын темекі қалтаға жүгірткен кезде ғана үзіліс жасайды. Бувар аяғын талтайта салып, панталонының белбеуін ағытып, трубкасын бұрқыратқан күйі тыңдаумен болды.

Бұлар бала кездерінде үлкендерден 93-жыл жайлы көп естіген болатын; енді автордың көңілсіз баяндауына өздерінің жеке өмірлерін еске түсіруі жан бергендей болып көрінді. Ол кезде үлкен жолдың бойымен "Марсельезаны" шырқаған солдаттар өтіп жататын. Әйелдер табалдырықта отырып, палатка кенептерін тігетін. Кейде қызыл қалпақты адамдар тобы өтеді, сонда олардың әрлі-берлі шайқаған найзасының ұшына шашы жалбыраған адамның басын шаншып алғанын көресіз. Конвенттің шаңы аспанға көтерілген биік мінберінен жұлқына сөйлегендердің барлығы өлім жазасын талап етумен болады. Тапа-тал түсте Тюильрий тоғанының қасынан өтіп бара жатқан адам қада қағып жатқандай тарсылдаған гильотина дыбысын еститін-ді.

Ал мұнда, бақ ішінде, самал жел салбыраған жүзім шоқтарын тербетеді, таяу жерден пісіп-жетілген сұлының сыбдыры, барылдақ торғайдың шырылы естіледі. Бұлар айналаға көз салып, осы тыныштықтан рақатқа бөленіп отырды.

Революцияның басынан-ақ келісімге келе алмағандары қандай өкінішті! Егер роялистер патриоттар секілді ойлай алғанда, король сарайы мұнша екіжүзділік көрсетпегенде, ал оның қарсыластары қаһарын тізгіндей алғанда — мұнша қантөгіске жол берілмеген болар еді ғой.

Революция туралы әңгіме қозғай отырып, екеуінің даулары ушығып кетті. Неғұрлым ымырашыл, сезімтал жүректі Бувар конституцияны, Жиронданы, Термидорды жақтады. Мықты билікті ұнататын қатыгез Пекюше өзін санкюлотпын, тіпті робеспьершілмін деп жариялады.

Ол корольді өлім жазасына кесуді, ең қатал декреттерді, Аспан тәңіріне табынуды құптайтынын білдірді. Бувар Табиғатқа табыну дұрыс екенін айтты. Егер өз емшегінен су емес, бургунд шарабын құйып тұратын болса, жайқатылған толық әйел бейнесіне де табынған болар ем дегенді айтты ол.

Өз дәлелдерін жаңа фактілермен бекіте түсу үшін, олар Монгаяр, Прюдом, Галлуа, Лакретель және тағы басқалардың тарихи туындыларын тауып алды, тіпті бұл кітаптардың өз көзқарастарына қайшы екеніне де мән беріп жатпады. Әрқайсысы тек өз көзқарасына дәлел болуы мүмкін сөздерді ғана теріп алды.

Мысалы, Бувар Дантонның ақшаға сатылып, жүз мың экюге бола Республиканы құртатын заң жобаларын енгізгеніне титтей де күмәнданбайды; ал Пекюше Верньоның сатқындық жасау үшін, айына алты мың франк талап еткенін сенімді түрде мәлімдеді.

— Ешқашанда сенбеймін! Сен одан да маған мынаны түсіндіріп берші, Робеспьердің қарындасы XVIII Людовиктен не үшін зейнетақы алып тұрды?

— Тіпті де Людовиктен емес, Бонапарттан алып тұрған, білгір болсаң, айта қойшы, Филипп Эгалите жазаға тартылар алдында онымен құпия кездесуге барған әйел кім деп ойлайсың? Мен Кампан ханымның мемуарындағы цензура алып тастаған абзацтардың қалпына келтірілуін талап етемін! Дофиннің өлімі маған күдікті болып көрінеді. Гренелдегі оқ-дәрі қоймасы жарылғанда, екі мың адам қаза тапқан! Ал не себептен екені белгісіз дейді — неткен сандырақ!

Пекюше оның себебін білетінін, барлық қылмыстық іс ақсүйектердің айла-шарғысы мен шетелдік алтынның кесірінен орын алатынын алға тартты.

Бувардың пайымдауынша, "Әулие Людовиктің ұлдары, аспанға көтеріліңдер!" деген сөз де, вердендік қыздар туралы немесе адам терісінен тігілген панталондар жайлы ғайбат сөздердің болғаны даусыз. Ол Продюм келтірген тізімге: тұп-тура бір миллион құрбандық болғанына күмәнсіз сенім білдірді.

Алайда Сомюрден бастап Нантқа дейін он сегіз миль бойы Луараның қанға бөгіп қызарып жатқаны күдік тудырады. Пекюше де бұған күдіктенетінін айтты, осыдан бастап олар тарихшыларға көзсіз сенуді доғарды.

Революцияны бір тарихшылар ібілістің ісі деседі. Кейбіреулер оны ұлы оқиға деп түсінеді. Екі жақтан да жеңілгендер, әрине, азапкерлер деп саналады.

Тьерри варварлар жайлы айта келіп, қандай да бір билеуші жаман не жақсы болды деп дәлелдеуге тырысу — ақымақшылық дейді. Бізге неғұрлым жақын дәуірлерді зерттеуде сол әдісті неге қолданбасқа? Бірақ әдетте тарих адамгершіліктен ауытқығанды кешірмейді, жауыздық жазаланады, Тацитке біз Тиберийді әшкерелегені үшін ризамыз. Королеваның ашыналары болды ма, жоқ па, Дюмурье Вальми түбіндегі ұрыста опасыздық жасады ма, прериалда кім бірінші бастады — Гора ма, әлде Жиронда ма, ал термидорда — якобшылдар ма олде Равнин ба — бәрібір емес пе? Түптеп келгенде, бұлар себебі өте терең, ал салдарына сан жетпес, революция үшін түк маңызы жоқ нәрселер.

Әрине, болуы тиіс нәрсе болып тынды; ал енді ойлап көріңізші, король еш кедергісіз қашып кетсе, Робеспьер жасырынып үлгірсе, Наполеон ажал тапса, — ал мұндай кездейсоқтықтар қандай да бір қонақүй қожайынының салақтығынан, бір есіктің жабылмай қалуынан, қарауылдың ұйықтап кетуінен орын алуы да мүмкін еді ғой, — сонда тарих дөңгелегі басқаша айналар ма еді?

Бувар мен Пекюше біржола шатасып, бұл дәуірдің адамдары мен оқиғаларына байланысты сеніммен айтарлықтай айқын түсінігі қалмауға айналды.

Ол жайлы риясыз пікір айту үшін барлық тарихи кітапты, мемуар атаулыны, барлық газет пен түпнұсқа құжатты қалдырмай оқып шығу керек еді, өйткені бір нәрсе назардан тыс қалса, сол жерден қате туындап, қате адасуға жалғасып кете береді. Оларға бұдан бас тартуға тура келді.

Дегенмен оларда тарихқа деген талғам, толық мәнді ақиқатқа ұмтылыс туындап үлгірген-ді.

Мүмкін оларды ежелгі дәуірлерден іздеу оңай шығар? Оқиғадан неғұрлым алыс жазушылар ол жайлы салқынқандылықпен жазатын болар. Сондықтан олар ақпейіл Роллен қарияны қолға алды.

— Неғып бостан-бос қоқи берген! — деп ренжіді бірнеше бетті оқып шыққан Бувар.

— Кішкене шыдай тұр, — деді, осы мекен-жайдың бұрынғы иесі, қалжыңбастау, өте сауатты кәрі заңгердің кітаптары тұрған шкафтың төменгі сөрелерін ақтарыстырып жатқан Пекюше.

Көптеген роман мен пьесаны, Монтескье томдары мен Гораций аудармаларын ақтарыстырып отырып, іздегенін — Бофордың Рим тарихы жайлы шығармасын тауып алды.

Тит Ливий Римнің негізін қалаған Ромул дейді. Саллюстий оны Эней мен оның троялықтары деп біледі. Кориолан, Фабий Пиктордың айтуынша, қуғын-сүргінде өлген, ал Дионисийге сенсек, Аттий Туллдың қастандығынан қаза тапқан болып шығады. Сенека Гораций Коклестің жеңістен кейін дін аман оралғанын, ал Дион оның аяғынан жараланғанын айтады. Ал Ла Мот ле Вайе өзге халықтар тарихынан да осындай қайшылықтарды келтіреді.

Халдейліктердің өмір сүрген уақытын, Гомердің ғасырын, Заратустраның өмір сүргенін, екі Ассириялық патшалықтардың өмірде болғанын анықтауда көзқарастар бірлігі жоқ. Квинт Курций мысал жазумен айналысқан, Плутарх Геродоттың жазғанын жоққа шығарады. Егер де Галл соғыстарының жазбаларын Верцингеторикс жазғанда, Цезар жайлы түсінігіміз мүлде басқаша болар ма еді.

Ежелгі тарих дереккөздердің аздығынан бұлыңғыр болса, жаңа тарихта ол жетіп артылады. Сондықтан Бувар мен Пекюше Франция тарихына қайта оралып, Сисмондиді қолға алды.

Онда көптеген адамның сипатталуы олармен жақынырақ танысу, қоян-қолтық араласу тілегін оятты. Григорий Турский, Монстрел, Комин, тағы басқа есімдері оғаштау немесе тартымды болып көрінгеннің бәрін түпнұсқадан оқып танысар ма еді?!

Бірақ хронологияны білмегендіктен, сапырылысқан оқиғалар мен фактілерді шатастыра берді.

Бақытына қарай, бұлардың қолында Дюмушельдің мнемоникасы бар еді, кішігірім пішімді, мұқабалы кітапшаның шекесіне: "Ермек үшін оқы!" деген эпиграф қойылыпты.

Онда үш — Алеви, Пари және Фенегль жүйесі топтастырылыпты.

Алеви сандарды бейнеге айналдырады; мысалы, 1 — мұнара, 2 құс, 3 — түйе түрінде кескінделеді, т.б. Пари адам қиялын ребустарымен қанаттандырады: қалампыр гүлімен әшекейленген (clou) бұрандалы (vis) кресло — Кловис есімін береді, отқа қызған май "рик, рик" деген дыбыс шығаратындықтан, табадағы балық Хильперик есімін еске салады. Фенегль ғаламды үйлерге бөледі, үйді бөлмелерге, бөлмені төрт қабырғаға, қабырғаны әрбір тақтайда ерекше эмблемасы бар тоғыз тақтайға бөледі. Сөйтіп, Пари жүйесі бойынша, бірінші әулеттің тұңғыш королі бірінші бөлмедегі бірінші тақтайды иеленеді, ал маяк (рһаге) тауда (mont) оның аты "Pharamond" — Фарамунд екенін білдіреді; оған қоса Алеви жүйесімен жоғары жағына 4 санын білдіретін айна, құс — 2 және шеңбер — 0 орналастырса, 420 — осы корольдің таққа отырған жылының белгісі болады.

Түсініктірек болу үшін бұлар өз үйлерін мнемоникаға негіз етіп алып, оның әрбір бөлігін ерекше оқиғамен байланыстырды; осыдан бастап аула да, бақ, төңірек, барлық өлке бұлар үшін бұрынғы мағынасын жоғалтып, жадыларын дамытатын мәнге ғана ие болды. Алқаптағы меже бағандары белгілі бір дәуірлердің шегін білдіріп тұрды, алма ағаштары әулет шежіресіне айналды, бұталар шайқас орындарын еске түсіреді — бүкіл әлем символға айналды. Олар қабырғалардан сан түрлі жоқ белгіні іздестірумен жүрді, өздерін оларды көріп тұрмыз деп сендіретін, бірақ олардың қазір қай жылды бейнелеуі тиіс екенін де ұмытып қалған болатын.

Оның үстіне тарихи даталар көбіне өтірік болып шығады. Бір мектеп оқулығынан олар Иисус Христостың өздері ойлап жүргеннен бес жыл бұрын дүниеге келгенін, гректерде Олимпиаданы есептеп шығарудың үш тәсілі барын, ал римдіктерде жыл басын белгілеудің сегіз тәсілі барын оқып білді. Демек, жұлдыз жорамалдар, дәуірлер мен әр түрлі күнтізбелерден басқа да осыншама қателік көздері болғаны ғой!

Сөйтіп, хронологияға сенімсіздік көрсетуден бастаған олар фактілерге астамшылықпен қарауға келіп жетті.

Ал тарих философиясының, шынында да, маңызы зор.

Бувар атақты Боссюэнің толғамдарын аяғына дейін оқып шыға алмады.

— Мынау Мо данышпаны неткен қылжақпас еді! Ол Қытайды, Үндістан мен Американы көзге де ілмейді, бірақ Феодосийдің "ғаламға көзқуаныш" болғанын, Авраамның "патшалармен құрдасындай сөйлескенін" біздің құлағымызға құя бергісі келеді. Оның ойынша, гректер философиясы еврейлерден бастау алған көрінеді. Оның еврейлерге бүйрегі бұратыны менің зығырданымды қайнатты.

Пекюше бұл пікірмен келісіп, Буварға Виконы оқуға кеңес берді.

— Мысал тарихшылардың жазғанынан гөрі шындыққа жақын дегің келе ме? — деп Бувар қарсылық білдірді.

Пекюше Виконың Scienza Nuova2 — сынан алынған үзінділерге малтығып жатып, мифтердің шығу тегін түсіндіруге тырысты.

— Хақ тағаланың ниеті ақ екенін сен жоққа шығармайтын шығарсың?

— Мен оны қайдан білейін, — деді Бувар жеңіле салғысы келмей.

Олар бұл мәселеде Дюмушельге жүгінуді жөн көрді.

Профессор соңғы кезде өзінің де тұйыққа тірелгенін мойындады.

— Тарих ғылымы күн сайын өзгеруде. Қазір енді Рим патшаларының өмір сүргені мен Пифагор саяхаттары да күмән тудырып отыр. Велизарий, Вильгельм Теллдерді жерден алып, жерге салады, тіпті Сид те, соңғы зерттеушілердің айтуына қарағанда, жай ғана жол торыған қарақшы болып шықты. Мұндай жаңалық ашулар енді болмай-ақ қойса екен, ал академия неге сеніп, неге сенуге болмайтыны жайлы бір қағида белгілесе екен деп тілегеннен басқа ештеңе калмады емес пе?

Хатының соңында ол Дону курсынан көшіріп алған дереккөздерді сынау ережелерін келтіріпті:

"Дәлел ретінде халық тобырының куәлігін алға тартуға болмайды, өйткені оны тексеру мүмкін емес.

Басынан-ақ сенімсіз нәрселерді, мысалы, Павзанийге Сатурн жұтып қойған тасты көрсеткен деген сияқтыларды жоққа шығару керек.

Архитектуралық ескерткіштер де жалған хабар таратуы мүмкін, оған алдында Помпей болғанын ескермей, Тит Иерусалимді тұңғыш бағындырушы дейтін Форумдағы арка мысал бола алады.

Кейде теңгелер де шатастырады. IX Карл кезінде II Генрих бейнеленген теңгелер шығарылған.

Қолдан құжат жасаушылардан сақтаныңыз, жақтаушылар да, жала жабушылар да әділетсіз, біржақты кететінін ескермесе болмайды".

Тарихшылардың бұл ережелерге сүйеніп жатқаны шамалы, олардың барлығы да оқиғаны ашып көрсетуде қандайда бір дін, партия, ғылыми теориялар мүдделерін немесе корольдерге жала жабу, халықтың көзін ашу, жоғары адамгершілік үлгісін көрсету тілегін біржақты басшылыққа алады.

Тек қана баяндау үлгісін ұстанатындардың да олардан асып тұрған ештеңесі жоқ, өйткені бәрін бірдей жаза бермейсің, таңдауға тура келеді. Ал құжаттар қашанда автордың көзқарасына сай таңдалады, жазушының жағдайына қарай көзқарасы да өзгеріп тұратындықтан, ешқашан шынайы тарих жазылмайды.

"Қандай өкінішті!" — деп ойлады достар.

Алайда бұлар қандай да бір тақырыпты алып, дереккөзін тиісінше зерттеп, оны мұқият тексеріп, содан кейін ең маңызды дегендерін таңдап алып, қысқа әңгімеге айналдыру арқылы бұлардың шынайы оқиға көрінісін берулеріне болады ғой. Пекюшеге мұндай еңбек қолдан келетіндей болып көрінді.

— Тарихи очерк жазып көрсек қайтеді?

— Қуана-қуана келісемін! Қандай тарих жасаймыз?

— Шынында да, қандай?

Бувар креслоға отырды. Пекюше музей бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Көзі май құятын құтыға түскенде, ол кілт тоқтай қалды.

— Герцог Ангулемскийдің өмірбаянын жазсақ қайтеді?

— Өй, ол бір нақұрыс қой!

— Онда тұрған не бар! Кейде екінші сатыдағы тұлғалардың ықпалы күшті болады, бұл герцог, мүмкін, барлық істі өзі басқарып отырған шығар.

Ол жайлы мәліметтерді кітаптан жинауға болады, сондай-ақ граф де Фаверждің өзі білетіндері немесе достарынан, ескі дворяндардан естігендері болуы мүмкін.

Олар бұл жобаны ойластырып, талқыға салып, қажетті материалды жинау үшін, Канға барып, муниципалдық кітапханада екі аптадай жұмыс істеу керек деген шешімге келді.

Кітапханашы оларға тарихи кітаптар, кітапшалар және қырынан тұрған герцог Ангулемский бейнеленген түрлі-түсті литографияны тауып берді.

Оның көк шұға мундирінде эполеті, орден жұлдыздары мен Құрметті легионның жалпақ қызыл таспасы көзге түседі. Аса биік тік жағасы ұзын мойнына жабысып тұр. Алмұрт тәріздес басын бұйраланған шашы мен жіңішке жақсақалы көмкеріп, салбыраңқы қабағы, кесек мұрыны мен қалың еріндері өңіне ақылсыздау ақкөңіл адамның кейпін береді.

Жоспар құрып алғаннан кейін, достар конспект жасауға кірісті.

Дүниеге келуі мен балалық шағында қызықтыратын ештеңе жоқ. Герцогтың бала кезіндегі тәрбиешілерінің бірі аббат Гене — Вольтердің жауы. Туринде принц VIII Карл жорығын зерттейді және зеңбірек құюмен айналысады. Сондықтан оны жастығына қарамай, гвардияшылар полкінің командирі етіп тағайындайды.

1797 ж. Герцог үйленеді.

1814 ж. Ағылшындар Бордоға басып кіреді. Ол сол жаққа жедел жетіп, өзінің кім екенін халыққа танытады. Герцогтың сырт келбетін сипаттау.

1815 ж. Күтпеген жерден оған Бонапарт тап береді. Ол дереу көмекке испан королін шақырады, ал Массенсіз қалған Тулон ағылшындарға беріледі.

Оңтүстіктегі әскери операциялар. Герцог жеңіліп, қолға түседі, бірақ король, мұның ағайы қашып бара жатқанда ала кеткен тәжіңдегі гауһарды әкеліп беру шартымен босатылады.

Жүз күннен кейін ол ата-анасымен бірге Парижге қайтып оралып, беймарал күн кешеді. Бірнеше жыл өтеді.

Испан соғысы. IV Генрихтың ұрпағы Пиренейден асып түсіп, жеңістен жеңіске қол жеткізе бастайды. Ол Трокадероны алады, Геркулес жартастарына дейін жетеді, қаскүнемдікті тұншықтырады, Фердинанд корольді құшақтайды, содан кейін Парижге қайтып оралады.

Салтанат аркалары; бойжеткендер ұсынған гүлдер; префектурадағы түстіктер; шіркеулердегі салтанатты ғибадаттар. Париждіктер жеңіске мас. Қала оның құрметіне банкет ұйымдастырады. Театрларда батырға арналған одалар шырқалады.

Ынта-ықылас біртіндеп әлсірей бастағандай. 1827 жылы Шербурде оның құрметіне жазылу арқылы ұйымдастырылған бал өтпей қалады.

Францияның бас адмиралы ретінде ол Алжирге аттанатын флотты байқаудан өткізеді.

1830 жылдың шілде айы. Мармон герцогті істің жағдайымен таныстырады. Герцог қатты ашуланғаны сонша, генералдың семсеріне қолын жаралап алады.

Король барлық қарулы күшке басшылық жасау міндетін оның мойнына жүктейді.

Булон орманында ол әскер бөлімін кезіктіреді, бірақ оларға жалынды сөз арнамақ болған әскербасы екі сөздің басын құрай алмайды.

Сен-Клуден ол Севр көпіріне қарай шабады. Әскері оны салқын қарсы алады. Бірақ ол оны елең қылмайды. Король отбасы Трианонды тастап шығады. Ол емен ағашының түбіне отыра қалып, картаны ашып, ойға батады, содан кейін тағы атына қарғып мінеді. Сен-Сир алдынан өтіп бара жатып, ол тәрбиеленушілерге үміттендіретін біраз сөз арнайды.

Рамбуйеде лейб-гвардияшылар онымен қоштасады.

Ол кемеге отырады, жүзу кезінде бас көтере алмай ауырып жатады. Мансап жорығы осымен аяқталады.

Бұл еңбекте герцогтің өміріндегі көпірдің маңызын ашып көрсеткен дұрыс. Герцог алдымен Инн көпірінде мақсатсыз қауіпке бас тігеді; содан кейін шабуылмен Сент-Эспри көпірін, Лориоль көпірін алады; Лиондағы екі көпір де ол үшін қатерлі болып шықты, ал Севр көпірінің алдында оның бағы тая бастайды.

Оның адамгершілігін сипаттау. Саяси шеберлік өнерімен ұштасқан батылдығын сөз етудің қажеті жоқ. Императорға опасыздық жасағаны үшін ол әрбір солдатқа алпыс франктен беруге уәде еткен, ал Испанияда Конституцияны жақтаушыларды ақшаға сатып алмақ болған.

Оның ақылды екенінде шәк жоқ, әкесінің Этрурия королеваға үйленбек болғанына, Ордонандықтардан кейін жаңа кабинеттің құрылуына, граф Шамбор пайдасына тақтан бас тартуға, қысқасын айтқанда, өзінен талап етілгеннің барлығына келісімпаздық танытады.

Алайда оның бірбеткейлігі де жетіп артылады. Анжерде жаяу гвардиялық отрядтың атты әскерге деген қызғанышынан, қасындағы нөкерін ысырып тастап, оны өздері алып жүрмек болғанда, шапағатты тақсыр жаяу әскер арасында бар көрнекілігінен айырылып, тізесіне дейін қысылып қалғандықтан, жаяу әскердің мәртебесін төмендетіп тастайды. Бірақ тәртіпсіздіктің басты кінәлісі кавалерияға ашуланып, кейін ол жаяу әскерге кешірім жасайды: Сүлейменнің нағыз дана үкімі осындай-ақ болар!

Оның діншілдігіне көптеген қайырымды ісі, ал рақымшылдығына бір кезде өзіне қарсы қару көтерген генерал Дебельге кешірім жасалуына қол жеткізуі куә.

Герцогтің жеке басына қатысты егжей-тегжейлі суреттеулер, мінез-құлық ерекшеліктері.

Бала кезінде Борегар замогінде ол ағасымен бірге тоған қазу ісімен айналысқан, ол тоғаны қазірге дейін сақталыпты. Бір рет ол сарай күзетуші егерьлер казармасына барып, бір стақан шарап сұрап алып, корольдің денсаулығы үшін ішіп салған.

Қыдыруға шыққанның өзінде ол іштей: "Бір, екі! Бір, екі! Бір, екі!" — деп қайталап, аяғын нық-нық басып жүретін.

Оның бірқатар нақыл сөздері сақталған.

Бордодан келген депутацияға арнап айтқан сөзі: "Сіздердің орталарыңызда тұрғанмен, Бордода болмағаныма қуанамын".

Ним протестанттарына арнап айтқаны: "Мен қайырымды католикпін, бірақ менің атақты аталарымның бірі протестант болғанын ешқашан ұмытпаймын".

Бәрінен айырылған күні Сен-Сир тәрбиеленушілеріне айтқаны: "Бәрі жақсы, достарым менің! Жақсы жаңалықтар бар! Іс жөнделіп келеді! Бәрі тамаша!"

X Карл тақтан бас тартқан кезде айтқаны: "Егер олар мені керек қылмаса, өз жағдайларын өздері жасасын".

Ал 1814 жылы кез келген мәселеге байланысты, кез келген қыстақта айтатыны: "Соғыс аяқталды, енді солдатқа алмаймыз, салықтар да болмайды".

Оның жазу шеберлігі де шешендігінен кем емес. Үндеулерінің теңдесі жоқ деуге болады.

Граф д Артуа атынан айтылатын біріншісі былай басталады: "Француздар, корольдеріңнің туысы келді!"

Өз атынан айтылатын екіншісі: "Мен келдім. Мен корольдеріңнің ұлымын! Ал сендер французсыңдар!"

Байоннада берген бұйрығы: "Солдаттар! Мен келдім".

Тас-талқан болып жеңілген күнгі тағы бір бұйрығы: "Бастаған соғыстарыңды француз солдатына лайық ерлікпен жалғастырыңдар. Франция сендерге сенеді!"

Рамбуйеде берген соңғы бұйрығы: "Король Париждегі үкіметпен келісім жүргізіп жатыр, жағдайға қарағанда, бұл келісім жасалып қалатын шығар".

"Жағдайға қарағанда" деген сөзді қалай тауып айтқан!

— Мен бір нәрсеге қайранмын, — деді Бувар, — оның ғашықтық мәселесі жайында еш жерде айтылмайтыны несі?

Олар қағаздың шетіне "Герцогтің махаббат жорықтары жайын зерттеу керек" деген белгі соқты.

Бұлар кетуге жиналған кезде кітапханашы герцог Ангулемскийдің тағы бір портреті болғанын есіне түсіріп, алып келді.

Онда ол қырынан түсіпті, кирасир полковнигі мундирінде, көзі қысыңқы, ауызы сәл ашық, жып-жылмағай шашын жел желбіреткен.

Бұл екі портретті қалай біріктіріп беруге болады? Герцогтің шашы жылмағай болған ба, әлде бұйра ма, әлде кербездігінен шаш бұйралатуға барған ба?

Пекюшенің ойынша, бұл ең басты, маңызды мәселе, өйткені шаштың өсуі адамның темпераментіне байланысты, ал темперамент мінез-құлыққа әсерін тигізеді.

Бувар болса, адамның құштарлығы жайлы білмесең, ол туралы ештеңе айта алмайсың деп есептейді. Осы мәселелерді анықтау үшін, олар де Фаверж замогына бет алды. Граф үйінде жоқ екен; олар ғылыми еңбектерінің алға баспайтын болғанына қатты қынжылып қайтты.

Кіреберіс қақпа шалқасынан ашық, асүйде ешкім жоқ. Олар баспалдақпен жоғары көтеріліп, Бувардың жатын бөлмесінің қақ ортасында жан-жағына көз жіберіп тұрған кімді көрді дейсіздер ғой? Борден ханымды.

— Кешіріңіздер, — деді ол қылымси күлімсіреп, — аспаздарыңызды іздеп жүргеніме бір сағат болды. Қайнатпа жайынан кеңес алсам деп едім.

Жерменаны олар отын сарайында, орындықта қорылға басып отырған жерінен тапты. Иығынан жұлқылағанда, ол көзін әрең ашты.

— Не болды? Тағы да сұрақ қойып, миымды ашытайын деп келдіңіз бе?

Бұлар жоқта Борден ханым одан бір нәрсе жайында білмек болған сияқты.

Жермена есін жиып, асқазаны ауырып отырғанын айтты.

— Онда мен сіздерге тамақ жасап берейін, — деді жесір әйел.

Осы кезде ауладан желбіршектері желбіреген үлкен телпек көрінді. Бұл фермер Кастильонның әйелі екен. Ол:

— Горжю! Горжю! — деп айқайлады.

Шатырдан осы үйдегі жас қызметші қыз бас көрсетіп, жұлқына жауап қатты:

— Ол мұнда жоқ!

Бес минуттан кейін абыржып, екі беті албыраған қыз жерге түсті. Бувар мен Пекюше оның жайбасарлығына кейістік білдірді. Қыз үн-түнсіз бұлардың қонышты етіктеріне жармасты.

Содан кейін бұлар сандықты көруге беттеді. Оның жекелеген бөлшектері наубайхана ішінде жайрап жатыр; қолдан ойылған оюлар бүлінген, қақпағы сынған.

Мынадай жаңа келеңсіздікке шыдай алмай, Бувардың көзіне жас үйірілді, ал Пекюше ашудан қалшылдап кетті.

Аяқ астынан шыққандай пайда бола кеткен Горжю сандықты лакпен бояу үшін аулаға алып шыққанын, аулаға кіріп кеткен қаңғырған сиыр оны мүйізіне іліп төңкеріп тастағанын айтып ақталды.

— Ол кімнің сиыры?

— Мен қайдан білейін?

— Әне, қақпаны тағы ашып кетіпсіздер! Бұған сіздер кінәлісіздер!

Не болса да, бұлардың шыдамы таусылды! Осы алдағаны да жетер, оның өзі де, жұмысы да құрысын!

Мырзалар босқа ашу шақырады. Соншалықты қирап қалған ештеңе жоқ. Енді бір үш аптаның көлемінде дап-дайын болады. Жермена сүйретіліп келіп тамақ даярлауға кіріскен асүйге дейін Горжю соңдарынан қалмай ере келді.

Үстел үстінде төрттен үш бөлігі ішілген кальвадос шөлмегі тұр.

— Мынау сіздің ісіңіз болар? — деді Пекюше Горжюге бұрылып.

— Мен бе? Құдай сақтасын!

— Үйде қалған еркек жалғыз сіз ғанасыз, — деді Бувар.

— Әйелдерде ішетін ауыз жоқ дейсіз бе? — деп жұмыскер Жерменаға қиғаштай қарап қойды.

Ол бұған шап ете қалды:

— Сонда мен ішті дегің келіп тұр ма?

— Әрине, сен!

— Онда сандықты да мен қиратқан шығармын?

Горжю бұлтарып кетті.

— Ес-түсін білмейтін мас екенін көріп тұрсыздар ғой!

Екеуінің арасында қырғын ұрыс басталды. Горжю өңі бозара түсіп, әйелді мазақтай қылжақтайды, ал аспаз әйел булыға қызарып, сиса қалпағының астынан бір уыс ақ шашын жұлып алды. Борден ханым Жерменаны жақтады, ал Мели Горжюдің сөзін қоштайды.

Кемпір әбден долданып алды.

— Сен екі арсызға түн аз болғандай, күні бойы бұта түбінен шықпайсыңдар! Парижді адақтап келген алаяқ, сандалбай неме, сен етегін түрмеген қатын қалды ма! Тіліңнің майын тамызып, қожайындарды алдайсың келіп!

Бувардың көзі бақырайып кетті.

— Не деп алдайды?

— Айттым ғой, сырттарыңнан мазақ етіп жүр.

— Мені ешкім мазақ қыла алмайды! — деді Пекюше.

Оның көкайылдығына, осынша шу шығарғанына ренжіген ол әйелді жұмыстан қуатының айтты. Бувар бұл шешімге қарсылық білдірген жоқ. Жылаған Жермена мен оны жұбатпақ болған Борден ханымды қалдырып, екеуі асүйден шығып кетті.

Кешкісін, сабаларына түскен кезде, олар болған оқиғаны ой елегінен өткізіп, кальвадосты кім ішті, сандық неге быт-шыт болған, Кастильон ханым неге келіп, Горжюді іздеді, оның Мелиді азғырып жүргені шын ба деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

— Біз өз үйімізде не болып жатқанын білмейміз, — деді Бувар күрсіне түсіп, — сөйте тұра герцог Ангулемскийдің шашы қандай болғанын, ашыналары бар-жоғын анықтамақ боламыз.

Пекюше оған қостау білдірді:

— Бұлардан да басқа маңызды әрі қиын мәселелер жетіп жатыр!

Осыдан келіп олар — ең бастысы фактіні баяндап шығу емес.

Оны психологиямен астастыру керек. Тарихқа қиял араластырмаса болмайды деп шешті.

— Бірнеше тарихи роман жаздырып алу керек!

V

Олар әуелі Вальтер Скотты оқып шықты.

Екеуі де алдарынан бір жаңа әлем ашылғандай сезімде болды.

Бұған дейін бұларға тек елес немесе жай ғана атау болып келген өткен уақыт адамдары тіріліп, корольдерге, сиқыршыларға, ханзадалар, малайлар, орманшылар, монахтар, сыгандар, көпестер мен солдаттарға айналып, сарайдың қару-жарақ залдарында, трактирдің лас орындықтарында, қаланың ирелең тар көшелерінде, дүкен маңдайшалары астында, монастырь қабырғаларында бір-бірімен дауласады, соғысады, саяхатқа шығады, сауда жасайды, тамақ, ішімдік ішеді, он айтады және құдайға құлшылық жасайды. Көркем суреттелген пейзаж әрекет алаңын театр декорациясына айналдырып жібереді. Сіз құмды жағалауды бойлай шауып бара жатқан салт аттының соңынан қарап қаласыз. Тікенді шомырт бұталарының арасында желпіген самал желмен құныға дем аласыз. Сүйір тұмсықты қайық жылжып келе жатқан көл бетін ай жарығы аймалайды, күн сәулесі құрыш сауыттарға шағылысады, бұтақты күркенің арасынан жаңбыр тамшылары саулайды. Бувар мен Пекюше оның қалай болатынын білмесе де, осы суреттемелерді шындықтан ажырата алмайды. Қысты олар осындай оқу үстінде өткізді.

Таңғы астан кейін олар кіші залда, каминнің екі жағына, бір-біріне қарама-қарсы жайғасып, қолдарына кітап алады да, үнсіз оқуға кіріседі. Күн еңкейген кезде үлкен жолдың бойымен әрі- бері бой жазып жүреді де, тамақты асығыс ішіп, түннің бір уағына дейін тағы кітап оқиды. Көзін шам жарығынан қорғау үшін, Бувар көк көзәйнек кисе, Пекюше күнқағарының маңдайшасын көзіне түсіріңкіреп қояды.

Жермена ешқайда кеткен жоқ, ал Горжю анда-санда келіп, бақта жер қазып, бірдеңемен айналысып жүреді, өйткені бұлар материалдық мүддені таза ұмытып, тіршілік қамына қол сілтеп қойған болатын.

Вальтер Скоттан кейін Александр Дюма сиқыршы шамдай еліктіре жөнелді. Оның маймылдай епті, өгіздей күшті, шымшықтай көңілді кейіпкерлері екпіндей кіріп келіп, даурыға сөйлей жөнеледі, шатырдан тас жолға секіреді, ауыр жараланып, емделеді, хабарсыз жоғалып кетіп, қайта табылып жатады. Жерасты жолдары да сонда, уға қарсы емшара, басқа біреу болып киіну де сонда, оқиғалар шиеленісіп, жылт-жылт етіп, шешімі табылып, ойлануға да мұрша бермей, тұңғиығына тартқан үстіне тарта береді. Ашыналар инабаттылығынан аумайды, фанатиктер көңілді, қырғын шайқас күлкі шақырады.

Осы екі жазушының керемет шеберлігінен талғампаз болып алған Бувар мен Пекюше Велизарийдің боссөзділігін, Нум Помпилийдің зердесіздігін, Маршанжи мен виконт д'Арленкурдын ойсыздықтарын қабылдай алмады.

Фредерик Сулье бояуларының (Библиофил Жакобтың да) жарқындығы бұларға жеткіліксіз болып көрінді, ал Вильмен өзінің "Ласкарисінің" 85-бетінде XV ғасырдың ортасында "ұзын араб трубкасын" бұрқыратқан испан қызын суреттеуімен бұлардың наразылығын тудырды.

Пекюше Дюманы ғылыми көзқарас тұрғысынан тексеріп көрмекші болып, "Жалпы өмірбаяннан" анықтама іздестірді.

"Екі Диана" романында автор хронологиядан қателескен екен. «Франсуа дофиннің некелесуі 1549 жылдың 20 наурызында емес, 1548 жылдың 15 қазанында өткен болатын. Автор Екатерина Медичидің күйеуі өлгеннен кейін соғысты жалғастырғысы келгенін қайдан біледі ("Герцог Савойскийдің пажын" қара) "Графиня де Монсорода" тәптіштеп суреттелгендей, герцог Анжуйекийге шіркеуде түн ішінде тәж кигізілуі сендірмейді. "Королева Маргода" қате тіпті құжынап жүр. Герцог Неверекийдің жол жүріп кетуі шындыққа жатпайды. Ол Варфоломей түні алдындағы кеңеске қатысқан. Генрих Наваррскийдің төрт күннен кейін жерлеу шеруіне ілесуі де жалған. III Генрихтің Польшадан мұнша тез оралуы сендірмейді. Оның үстіне қарабайырлықтан аяқ алып жүргісіз: долана кереметі, IX Карл балконы, Жанна д Альбренің у жағылған қолғабы! Пекюше Дюмаға деген сенімінен айырылды.

Ол тіпті "Квентин Дорвардта " қателікке жол бергені үшін, Вальтер Скоттың өзіне де құрметін жоғалтты. Льеж епископының өлтірілуі шындығында он бес жыл кейін болған. Роберт Ламарктің әйелі Гамелина де Круа емес, Жанна д'Аршель. Оны солдат өлтірген жоқ, Максимилиан жазалаған. Ал Ержүрек Карлдің мүрдесін тапқан кезде, оның жүзінде ешқандай қаһар белгісі болуы мүмкін емес, өйткені оны қасқырлар жартылай жеп кеткен болатын.

Бувар Вальтерді оқуын жалғастыра берді, бірақ ақыр аяғында бір әсерлердің қайталана беруінен ол да жалықты. Әдетте кейіпкер әйел ауылда, қарт әкесінің қолында тұрады, ал оның ашынасы бала кезінде ұрланған болып шығып, өз құқығын қалпына келтіру үшін күреседі, ақыры қарсыластарының бәрін жеңіп шығып жатады. Барлық жерде қайыршыланған философ, замоктің түнжыраған иесі, күнәсіз қыз, күлдіргі малайлар және таусылмайтын диалогтар, бәлденгіш кербездік, тайыздық.

Көне әдебиетке әбден тойған Бувар енді Жорж Сандты қолға алды. Сүйкімді зинақорлар мен парасатты ашыналар оған қатты ұнады, ол өзі Жак сияқты болғысы, Симон, Бенедикт, Лелиоға айналып, Венецияда өмір сүргісі келді! Ол өз-өзінен күрсінеді, өзіне не болғанын түсінбей, әйтеуір, іштей бір өзгеріс сезінеді.

Пекюше тарихи әдебиетті қарастыра келе, пьесаларды зерттеуге ойысты.

Ол екі Фарамунд, үш Хлодвиг, торт Ұлы Карл, бірнеше Филипп Август, бір топ орлеандық бикешпен және көптеген маркиз де Помпадур мен Селламаре қастандықтарымен танысты.

Драмалардың барлығы дерлік романдардан да өткен сорақы болып көрінді, өйткені театрлардың ештеңе өзгерте алмайтын өз шартты тарихы болады. XI Людовик қасиетті бейнелер алдында ылғи қалпағын алмастан тізе бүгеді, IV Генрих қашанда көңілді, Мария Стюарттың көзі жастан құрғамайды, Ришелье қатал, қысқасын айтқанда, қарапайым идеяларды ұнату мен көрерменнің надандығына құрмет көрсетуден тұратын бірсарындықтан аумайды, сондықтан драматург көрерменді аспандатудың орнына тұқырта, үйретудің орнына топастандыра түседі.

Бувар Жорж Сандты мақтаған соң, Пекюше "Консуэло", "Орас ", "Мопрды" оқуға кіріскен еді, езілгендерді қорғаушылық, әлеуметтік және республикашылдық идеялар оны еліктіріп әкетті. Бувар, керісінше, тенденциялар баяндауға зиянды деп, кітапханадан сүйіспеншілік романдарын жаздырып алды.

"Жаңа Элоиза", "Дельфина", "Адольф", "Уриканы" олар кезектесе дауыстап оқып шықты. Бірақ оқып отырғанды тыңдаушының есінеуі еліктіріп, кітап қолынан түсіп, қалғып кетеді.

Бұл жазушылар кейіпкерлерінің өмір сүрген ортасы, дәуірі, киімдері жайлы мәлімет бермейді. Дүниеде содан басқа нәрсе жоқ сияқты тек қана жүрек қобалжуы мен сезімді ғана сөз етулері бұларға ұнамады.

Содан кейін олар Ксавье де Местрдің "Менің бөлмемнің айналасындағы саяхат", Альфонс Карраның "Жөке түбінде" сияқты әзіл-оспақ романдарын оқып көрді. Бұл тектес кітаптарда өзінің иті, туфлиі немесе ашынасы жайлы айту үшін баяндап жатқан оқиғаны үзіп, шегініс жасау сияқтылар болып тұрады. Мұндай еркіншілік әуелі бұларға ұнағанымен, кейін ақымақшылық болып көрінді, өйткені автор шығармашылықты жиып қойып, қара басын алға тартады.

Еліктіріп әкететін бірдеңеге ынтыққан олар шытырман оқиғалы романдарды оқуға кірісті, шиеленіс неғұрлым шым-шытырық, адам сенгісіз болса, соғұрлым олардың құмарлығы арта түседі. Олар оның немен аяқталатынын болжап білуге тырысып, бұл жағынан үлкен жетістіктер көрсетіп жүрді, бірақ парасатты жанға лайықсыз ермектен тез жалықты.

Бальзактың ұлы туындылары бір мезетте әрі Вавилон мұнарасындай биік, әрі микроскоп астындағы шаң түйірі сияқтанып көрініп, оларды таң қалдырды. Ең қарапайым нәрселердің өзі өзгеше бір қырынан ашылып көрсетілген. Олар бүгінгі өмірде ондай тереңдік болады деп ойлап көрмеген еді.

— Неткен байқағыш адам еді! — деп сүйсінді Бувар.

— Ал мен оны қиялшыл дер едім, — деп Пекюше қарсылық білдірді. — Ол магияға, монархияға, дворяндықтың ұлылығына сенеді, алаяқтардың алдында бас иеді, миллиондарды сантим жұмсағандай шашады, оның буржуалары да буржуа емес, нағыз алыптар. Ақымақшылық пен көргенсіздікті сонша тәптіштей суреттеудің керегі не? Ол "көшір", "су тасушы", "қыдырма саудагер" жайлы жазған Рикар деген біреуге ұқсап химияға бір роман, екіншісін банктерге, баспахана машиналарына үшіншісін арнаған. Бүйте берсе, ол бізге барлық кәсіп пен барлық провинция туралы сипаттап, содан кейін барлық қала мен үйдегі әрбір қабат жайлы және әр адам өмірінен жеке хикаялар жазып, бұл енді әдебиет емес, статистика немесе этнографияға айналып кететін шығар.

Бувар жазылу әдістеріне көңіл бөліп жатпайды. Ол көп біліп, түрлі мінездермен тереңірек танысқысы келеді. Сол оймен Поль де Кок шығармасын оқып, Шоссе д'Антеннен шыққан тақуаны нарақтап қарап шықты.

— Осындай мағынасыз нәрселерге қалай уақыт кетіруте болады! — деп Пекюше кейістік білдірді.

— Жоқ, бұл кейінгі зерттеушілер үшін өте қызықты құжат болады ғой.

— Құжатыңмен қоса құрышы! Маған мені таң қалдырып, күнделікті күйбеңді ұмыттырып жіберетін бірдеңе керек.

Идеалға ынтыққан Пекюше біртіндеп Буварды трагедияларды оқуға еліктіріп әкетті.

Артта қалған кезеңдегі іс-әрекеттер, ондағы мүдделер қақтығысы мен кейіпкерлер адамгершілігі — бұларда бір ұлылық әсерін тудырды.

Бір жолы Бувар "Аталияны" алып, түс көру көрінісін мәнеріне келтіре оқып бергенде, Пекюше де осы өнерді байқап көруге ниет білдірді. Бірақ алғашқы сөйлемнен бастап мәнерлі оқуы бір гүжілге айналды да кетті. Оның даусы күшті болғанымен, әсерсіз, өңсіз еді.

Мәнерлеп оқудан біраз тәжірибесі бар Бувар дауысқа икемділік беру үшін, ең төменнен ең жоғарыға дейін бір қалыппен көтеріп барып, біреуі — көтеріңкі, екіншіс — бәсең екі гамманы әндете шығаруға ақыл қосты; өзі де таңертең төсегінен тұрмай шалқасынан жатып, гректер ілімі бойынша осындай жаттығу жасауға көшті. Бұл кезде Пекюше де ояна сала осы әдіспен дауыс икемділігін дамытумен айналысады. Екі бөлменің арасындағы есікті жауып қойып, екеуі екі жақта тамақтары жыртылғанша айғайлап жатқаны.

Трагедиядан оларға ең ұнағаны — тебірене сөйлеу, түйдектеп, ызамен айтылатын саяси сөздер, бұзықтықты әшкерелсу уағыздары.

Олар Расин мен Вальтердің ең әйгілі диалогтарын жаттап алын, жаттығу жасау үшін дәлізде әрлі-берлі теңселіп жүреді. Бувар ара-арасында тоқтай қалып, Француз комедиясының сахнасында тұрған актерше қолын Пекюшенің иығына салып, көзін аударып-төңкеріп, алақанын жайып, салтанатты шарасыздық күйін келтіреді. Ол Лагарптың "Филоктетіндегі" қайғылы ышқынысты, "Габриэль де Вержидегі" жантәсілім алдындағы ықылық атуды тамаша келтіреді, ал Дионисийдің Сиракуз тиранын бейнелегенде, оның "Өзіме лайық құбыжық!" — дегенін айтып, өз ұлына жерге тығып жіберердей көзбен қараған кезде, қорқыныштан Пекюше тіпті рөлін ұмытып қалады. Өзінің ерік-жігері жетерлік болғанымен, табиғи қабілеті жетіспейді.

Бір жолы Мармонтельдің "Клеопатрасында" ол театр қойылымы үшін Вокансон арнайы ойлап тапқан автоматпен шығарылатын жыланның ысылын қайталамақ болды. Оның бұл шығарған дыбысына екеуі кешке дейін күлкілерін тыя алмай жүрді. Сөйтіп, трагедия біраз салмағынан айырылып қалды.

Бувар одан бірінші болып жеріді, ол трагедияның жасанды және дімкәсті екенін, тәсілдері соқыр еліктеу, сүйікті адамның рөлдері қолапайсыз екенін ашық дәлелдей бастады.

Енді олар реңк мектебі болып саналатын комедияға ауысты. Мұнда сөйлемді бөлшектеп, анық етіп, буындарды безбендеп айту керек. Пекюше оны жасай алмады да, Селимена рөлінде біржолата сәтсіздікке ұшырады.

Оның ойынша, ашыналар тым салқынқанды, ақылгөйлер іш пыстырардай көңілсіз, малайлар — адам төзгісіз, Эгисф пен Агамемнон сияқты Клитандр мен Сганарель де сондай жасанды.

Енді қалғаны — күрделі комедия немесе отбасының қайыршыланған отағасын, мырзаларын құтқарып қалатын малайларды, байлығынан бас тартатын байларды, күнәсіз тігінші қыздар мен арсыз азғырушыларды бейнелейтін мещандык трагедия; бұл әдеби сюжеттер Дидродан Пиксерекурге дейін жалғасып келеді. Адамгершілікті уағыздайтын бұл пьесаның бәрі оларды езбе мылжыңымен жалықтырып жіберді.

Алайда 1830 жыл драмасы оларға ширақтығымен, әдемілігімен, жастық жігерімен ұнады.

Олар Виктор Гюго мен Бушарди арасынан ешқандай айырма көре алған жоқ, — ең бастысы, бұл жерде мәнерлеп оқу өнері салтанатты немесе сыпайы емес, лирикалық, еркін мәнерде болуы тиіс.

Бір жолы, Бувар Пекюшеге Фредерик Леметр ойынының тәсілдерін түсіндіріп жатқан кезде, күтпеген жерден Борден ханым кіріп келді. Қолында Пиго-Лебрен томы, иығына жасыл шәлісін жамылған. Бұлар қайырымдылық көрсетіп, оған кейде оқуға романдар беріп тұратын, бұл жолы да әйел кітап айырбастап алу үшін келіп тұрған.

— Құдай үшін, жалғастыра беріңіздер!

Сөйтсе, әйел есік сыртында бірнеше минөт рақаттана тыңдап тұрыпты.

Бұлар бас тартқанмен, әйел қоймады.

— Жарайды онда, — деді Бувар. — Біз қуана-қуана ойнап беруге дайынбыз!..

Пекюше өтірік қысылғансып, бұлайша аяқ астынан, кәстөмсіз ойнай алмайтындарын айтты.

— Шынында да! Бізге киім ауыстыру керек.

Бувар жан-жағына қарап, фескадан басқа ештеңе таппай, басына соны киіп алды.

Дәліз тар болғандықтан, олар залға ауысты.

Қабырғада өрмекшілер жүгіріп жүр, еденде шашылып жатқан геологиялық үлгілер мен жиһаздардың барқыт жапқышын да ақшыл шаң көміп тастапты. Басқасынан гөрі тазалау креслоға Борден ханым отыруы үшін мата төселді.

Әйелді бір әсерлі көрініспен таң қалдыру керек. Бувар "Нелъск мұнарасын" ұсынып еді, Пекюше оқиғасы көп рөлдерден қашқақтады.

— Оған классикалық бірдеңе ұнауы мүмкін. Мысалы, "Федраға" қалай қарайсың?

— Жарайды.

Бувар сюжетін түсіндіре бастады:

— Бұл — патшайым, оның күйеуінің басқа әйелінен туған ұлы бар. Патшайым жас жігітке ғашық. Түсіндіңіз бе? Бастаймыз.

Иә, тақсыр, қайғылымын, сағынамын мен оны, Сүйемін оны!

Сөйтті де, қырынан тұрған Пекюшеге қарап, оның сымбатты мүсініне, бет-әлпетіне, өр ұстайтын басына мақтау айтты, оны гректер кемесінде кездестірмегендігіне өкініш білдірді, онымен бірге лабиринтте адасып өлуге даярлығын сездірді.

Қызыл фесканың шашағы сүйіспеншілікпен ырғалып, дірілдегеп дауысы мен жалынышты көзі қатал жанды өз құштарлығына аяныш білдіруге шақырғандай. Пекюше теріс бұрылып, толқынысын білдіру үшін, екі иінінен ырсылдай дем алып тұрды.

Борден ханым көзін кең ашып, қозғалмастан, сиқыршыны көргендей қарап қалыпты. Мели есіктің сыртында құлағын тосып тыңдап, ал пиджаксыз Горжю терезеден үңіліп тұрды.

Бувар көтеріңкі үнмен сөзінің екінші бөлігін бастады. Ол бойын билеген құмарлығын, ар азабын, уайым-қайғысын жасанды ойынымен де жеткізе білді. Ақырында көзге көрінбейтін семсеріне жанталаса ұмтылғанда, тастарға сүрініп кетіп, құлап қала жаздады.

— Бұған назар аудармай-ақ қойыңыз! Осыдан кейін Тезей келеді де, әйел уды ішіп салады.

— Байғұс әйел! — деп күрсінді Борден ханым.

Енді олар пьесаны Борден ханымның өзі таңдауын сұрады.

Бұл Борден ханымға қиынға түсті. Ол өмірінде үш-ақ пьеса көрген болатын: Парижде "Роберт ібілісті", Руанда "Жас жұбайды" және Фалезде "Сіркесу сатушы" деп аталатын күлкілі бірдеңені көргені бар-ды.

Ақыры Бувар оған "Тартюфтің" үшінші көрінісінен бір сахнаны тыңдауға ұсыныс жасады.

Пекюше алдымен біраз түсінік беру қажет деген оймен:

— Тартюф дегеніміз... — деп келе жатыр еді, Борден ханым оның сөзін бөліп кетті:

— Тартюфтің кім екенін білеміз!

Бір диалог үшін Буварға әйел көйлегі қажет болды.

— Бізде тек монах көйлегі бар, — деді Пекюше.

— Түк те етпейді! Киіп ал.

Ол көйлекті киіп, Мольер томдығын ала келді.

Пьесаның басы көңілсіздеу өтті. Тартюф Эльмираны тізесінен сипаған кезде, Пекюше жандармның даусымен дүңк етті:

— Қолыңызды тартпас па екенсіз?

Бувар дереу мәймөңке үнмен жауап қатты:

— Мен көйлегіңізді көрмекші едім, матасы қандай жұмсақ!

Ол көзін жарқ-жұрқ еткізіп, ернін шүйіріп, айналасын иіскелеп, соншалық бір құмарлық кейіпке еніп, ақырында Борден ханымға қырындай бастады.

Бұл көзқарастан әйел қысылып қалды, Бувар тынышталып, жүрегі уланған қалпы үнсіз қалған кезде ол тіпті жауап беруге әзірлене бастаған еді.

Пекюше кітапқа қарап жауап қатты:

Ғашықтығын мойындау ғой естіп тұрғаным.

Рас айтасыз, — деп дауыстап жіберді әйел. — Бұл тәжірибелі азғырушы ғой!

— Солай ма екен? — деп мақтанышпен іліп әкетті Бувар. — Міне, тағы бір, кейінгі кездің мойындауы.

Сүртігін шешіп тастап, үлкенірек бір тасқа отыра қалды да, басын шалқайта түсіп, нақышына келтіре оқи жөнелді:

Көзіңнің оты жанарымды табады,

Түндерде айтқан әніңнен жүрек жанады,

Қара көзден мөлдір жасың тамады.

"Мұнысы маған ұқсайды", — деп ойлады Борден ханым.

Тостақ толы, рақатпен ішейікші тамсана!

Бұл сәт ортақ екеумізге, қалғаны арман болса да!

— Қандай қызықсыз!

Омырауы көтеріліп-басылып, Борден ханым тістерін ақсита қылымсып күле берді.

Тәтті емес пе, сүю де, сүйілу де!..

Тізе бүгем алдыңда...

Ол тізерлей кетті.

— Аһ, қойсаңызшы!

Көкірегіңе басым қойып түс көруге жайлансам,

Сүйгенім сен, сұлуым деп, бір өзіңнен айналсам...

Осы кезде қоңырау соғылып, бір таулық сөзді бөліп жібереді.

— Құдайға шүкір! Әйтпесе...

Борден ханым сөзін аяқтамай, күлімсіреді. Сам жамырап қалған. Ол орнынан тұрды.

Осының алдында ғана жаңбыр жауып өткен, сондықтан шамшат тоғайының арасымен жүру қиын, одан гөрі көгалды жермен барған қолайлы. Борден ханымды шығарып салу үшін, Бувар бақ арқылы қақпаға қарай жүрді.

Олар қырқылған бұталарды бойлай үнсіз аяңдады. Бувардың жаңағы толқынысы әлі басылмаған, әйел де жүрек түкпірінде ғажаптанып, поэзия сиқырына елігіп келеді. Өнердің кейде орта қолды адамдардың да жанын сілкіндіріп, ең бір дарынсыз жанның өзі тұтас әлемді алдыңа әкеліп тосатын құдіретке айналатыны бар.

Бұлт арасынан жарқырай шыққан күн жапырақтарға шағылысып, бұталарға ақшыл таңбасын түсіріп тұр. Кесілген жөке түбірінде үш торғай шырылдай әндетіп секектеп жүр. Тікенді бұта алқызыл гүлге ораныпты, ал сиреньнің ауыр тартқан бұтақтары жерге иіле түскендей.

— Қандай керемет! — деді Бувар таза ауамен кеудесін кере дем алыи.

— Өзіңізді аямайды екенсіз!

— Талантым бар деп айта алмаймын, бірақ қызбалығым жетіп артылады.

— Көрініп тұр... — деді әйел үзіп-үзіп, — бір кезде... ғашық болған... шығарсыз?

— Бір кезде ғана деп ойлайсыз ба?

Әйел тоқтай қалды.

— Білмеймін.

"Мұнымен не айтқысы келеді?"

Бувар жүрегінің тарсылдай соғып кеткенін сезді.

Жолдың ортасында, құм үстінде көлшік пайда болыпты, бұларға айналып, шамшат аллеясымен жүруге тура келді.

Қойылымды әңгіме етіп келеді.

— Соңғы үзіндіңізді қайдан алдыңыз?

— Ол "Эрнани" драмасынан.

— Солай ма?

Содан кейін өзіне-өзі айтқандай баяу үнмен:

— Осындай сөзді бір мырзаның өзіне айтқанын есту әйел үшін қандай ғанибет!.. — деді.

— Мен даярмын, тек бұйырыңыз! — деп жауап берді Бувар.

— Сіз?

— Иә, мен!

— Әзіліңіз болар?

— Ешқандай әзіл емес!

Айналасына қарап алды да, әйелдің белінен құшақтап, желке тұсынан қадала сүйіп алды.

Әйел боп-боз болып кетті де, есінен танып қалармын деп қорыққандай ағашты құшақтай алды; содан кейін қабағын көтеріп, басын шайқады.

— Болды, өтті.

Бувар есі шыға аңырып қалған.

Ол қақпаны ашты, әйел табалдырық алдында кідіріп қалды. Арғы бетте жырамен су сарқырай ағып жатыр екен. Борден ханым етегінің бүкіл желбіршектерін жиырып ұстап, батылы жетпегендей қалып танытты.

— Рақым етіңіз, көмектесіп жіберейін.

— Жоқ, қажет емес.

— Неліктен?

— Қойыңыз, сіз қауіпті адамсыз!

Әйел жылғадан секіріп өткен кезде ақшыл шұлығы көзге шалынды.

Бувар қолайлы сәтті жіберіп алғаны үшін өзін сөкті. Тұра тұр, тағы бір қолайы келер, сонда мүлт жібере қоймас! Әр әйел әртүрлі болып келеді: біреуін ес жиғызбай бас салу керек, екіншілеріне батылдық көрсетем деп, құртып алуың мүмкін. Дегенмен, ол өзіне дән риза, үміті жайлы Пекюшемен бөліспегені сыпайылығынан емес, ескерту естіп қалудан қорыққандықтан еді.

Осы күннен бастап олар Горжю мен Мелиді отырғызып қойып, өнер көрсететін болды, басқа көрермендері жоқтығы өкінішті-ақ.

Жас қызметші қыз түк түсінбесе де, мәнерлі тіл мен сыңғырлай төгілген өлең сөзін ұнатып, шын ниетімен қызықтай қарайды. Горжю трагедиядағы философиялық түйдек сөздерге және мелодрамадағы халық қамқоршыларына қолын аямай соғады. Оның талғамына тәнті болған достар одан актер жасап шығармақ ниетпен сабақ беруге шешім қабылдады. Болашақтың мұндай жоспары жұмыскер жігітке де ұнады.

Бұлардың сабақ беріп жатқаны туралы жұрт құлақтанып қалды. Ол жөнінде бұлармен Вокорбей ашық кекесінмен сөйлесті. Жалпы, бұларға жұрт ұнатпай қарайды.

Ал бұлардың бір-біріне деген құрметі арта түсті. Өздерін жан-тәнімен өнерге арнауға даярлай бастады. Пекюше мұрт қойды, ал Бувар өзінің доп-домалақ бет-әлпеті мен таздығына қарамастан, "Беранже үлгісімен" шашын өсіріп жіберді.

Ақыры олар пьеса жазбақ болып келісті.

Ең қиыны сюжет табу еді.

Оны олар таңғы ас үстінде, ақыл-ой жұмысына таптырмайтын сусын — кофе іше отырып, оған қосымша екі-үш рөмкені төңкеріп алғаннан кейін ойластырады. Содан кейін төсекке жатып біраз дамылдап алады да, жеміс бағында қыдырыстай жүріп те, табиғаттан шабыт алу үшін қақпаның сыртына шығып, далада ұзақ аяңдай жүріп те ойластырып, әбден шаршап оралатын.

Кейде әрқайсысы өз бөлмесінде, есікті кілттеп алып та отырады. Бувар үстелді босатып, алдына қағаз қойып, қауырсынды сияға малып алады да, төбеге тесілген күйі қимылсыз қалады. Ал креслоға жайғасқан Пекюше аяқтарын созып жіберіп, басын кеудесіне тұқыртқан күйі ойға шомады.

Арасында олар жылт етіп бір идеяның қылаң бергенін сезеді, бірақ ұстап үлгергенше айырылып қалады.

Алайда сюжет табу тәсілдері де бар көрінеді! Таңдап жатпай, кез келген тақырыпты ала саласың, оған мазмұн бересің немесе соған лайық мақал-мәтелдердің мағынасын таратып жазасың, немесе бірнеше оқиғаның басын біріктіріп жаза бастайсың. Бұл тәсілдердің біреуі де нәтиже бермеді. Анекдоттар жинағын, атақты сот процестерінің бірнеше томын, көптеген тарихи кітаптарды ақтарып шықты.

Олар оз пьесаларының "Одеонда" қойылуын армандады, көрген спектакльдерін талқылады, Парижді сағына естеріне алды.

— Мен мынадай түкпірде мағынасыз күн кешу үшін емес, жазушы болу үшін жаратылғанмын! — деді Бувар.

— Мен де, — деп Пекюше қостай кетті.

Кенет оларға жазу ережелерін білмегендіктен өстіп қиналып жүрміз-ау деген ой түсті.

Үйренуді олар д'Обиньяктың "Театр практикасы " кітабын, және басқа әлі ескіре қоймаған шығармаларды оқудан бастады.

Онда: Комедияны өлеңмен жазуға бола ма? Қазіргі заман тарихынан фабула алған трагедия өз шекарасынан ауытқып кетпей ме? Кейіпкерлердің парасатты болуы міндетті ме? Қандай жаман адамдардың типтерін трагедияға енгізуге болады? Сахнада қорқынышты нәрселер қай мөлшерде болуы мүмкін деген сияқты маңызды мәселелер қарастырылады. Жекелеген бөліктер жалпы мақсатқа қызмет етуі керек, қызықтыруды еш бәсендетпеген жөн, және, сөзсіз, соңы басталуына сәйкес келуі тиіс.

"Қызықтырғың келсе мені, серіппесін ойлап тап", — дейді Буало.

Серіппені қалай ойлап табу керек?

Әр сөзінде сезім оты туласын,

Жүректерге жол тауып, лүпілдетсін, жылытсын.

Жүректерді қалай жылыту керек?

Демек, ереже ғана жеткіліксіз, оған қосымша дарын керек. Дарын да жеткіліксіз. Француз академиясының жазуына қарағанда, Корнель театрдан түк түсінбеген екен. Жоффруа Вольтерді жерден алып, жерге салады. Сюблинъи Расинді келемеж қылады. Лагарп Шекспирдің атын да естігісі келмейді.

Ескі театр сынынан көңілі қалған Бувар мен Пекюше қазіргі сынмен таныспақ болып, пьесалар жайлы газет есептерін жаздырып алды.

Неткен өркөкіректік! Неткен бірбеткейлік! Неткен қасиетсіздік! Жауһар туындыларды даттап, күлдібадам дүниелерді көкке көтереді! Білгір деген театрқұмарлардың топастығы, сұңғыла деп мадақталғандардың надандығы көзге ұрып тұрады.

Әлде бұл жерде көрермендер пікіріне арқа сүйеген жөн болар ма?

Бірақ кейде табысты делінген туынды оларға мүлде ұнамайды, ал мақтау көрмеген пьесалардың кейбіріне жұрт көп барады.

Сондықтан талғамы бар адамдардың пікірі алдамшы, ал көптің үкімі түсініксіз болып келеді.

Бувар Барберуден кеңес сұрады. Пекюше өз тарапынан Дюмушельге хат жазды.

Провинцияның адамды топастандырып жіберетін әсеріне бұрынғы сауда фирмасының өкілі таң қалды; оның Бувар қариясы шатаса бастапты, қысқасын айтқанда, "шаршап бітіпті".

Театр, деп жазды ол, жай ғана дәмді тамақ, көптеген париждік ғанибеттің бірі ғана. Спектакльге көңіл көтеру үшін барады. Қызық көрінген нәрсенің бәрі жақсы.

— Бірақ, ақымағым-ау, — деп ашулана сөйледі Пекюше, — саған қызық нәрсе маған қызық емес қой, ол кейінірек өзгелерді де, өзіңді де жалықтырып жібереді. Егер пьеса тек қана сахнада қойылу үшін жазылатын болса, неге олардың ең жақсыларын жұрт ылғи оқып жүреді?

Ол Дюмушелдің жауабын тосып жүрді.

Профессордың ойынша, пьесаның көрермендер алдында табысқа жетуі ештеңені де білдірмейді. "Мизантроп" пен "Аталия" сәтсіздікке ұшырады. "Заирды" ешкім түсіне алмады. Дюканж бен Пикарды қазір кім ауызға алып жатыр? Соңғы кезде даңқы аспандап тұрған спектакльдерді, "Шарманкашы Фаншоннан " бастап, "Гаспардо балықшыға" дейін мысалға келтіре отырып, ол театр өнерінің құлдырап кеткеніне қынжылыс білдіреді. Осының барлығының себебі — әдебиетке немесе, шындығын айтқанда, стильге немқұрайдылықтан.

Бувар мен Пекюше стиль дегеннің не екенін анықтауды алдарына мақсат етіп қойды. Дюмушель атаған кітаптардың көмегімен олар стиль жайлы ілімнің құпиясына қол жеткізуге тырысты.

Жоғары, орташа және төмен стильдермен қалай жазуға болады. Парасатты сөйлемдердің немесе ұждансыз сөздердің стилін қалай табуға болады? "Жауыз" эпитетін қосқанда төбет сөзі көтеріліп шыға келеді. "Құсу" тек жанама мағынасында ғана қолданылады. "Дірілдеу" құштарлықты бейнелейді. "Айбын" — өлең сөзге жарасымды.

— Өлең жазайық та! — деді Пекюше.

— Кейінірек! Әуелі прозамен айналысамыз.

Жазуды жаңа бастағандарға үлгі үшін классиктердің бірін таңдап алу ұсынылады; алайда мұның қауіпті жағы да бар, өйткені классиктердің бәрі біреуі стильден, кейбіреуі тілден ақсап жатады.

Бұл ескерту сөзден абыржып қалған Бувар мен Пекюше алдымен грамматиканы зерттеп алған жөн деп тапты.

Біздің тілімізде латын тіліндегі сияқты айқындаушы мүше, белгісіздік есімдігі сияқтылар бола ма? Бір ғалымдар бар десе, екіншілері жоққа шығарады. Олар бұл мәселеде ешқандай шешімге келе алмады.

Зат есім етістікпен үнемі қиысады, тек кейбір жағдайларда ғана қиыспайды.

Бұрын етістіктен жасалған сын есім мен есімше арасында ешқандай айырма болмайтын; қазір академия ондай айырма бар деп жүр, бірақ оларды айыру сондай қиын.

Қалай айтқан дұрыс: "Мен бұл әйелді білмеймін", — деген дұрыс па әлде: "Мен мына әйелді білмеймін", — деген бе? "Мен өз әйелімді сөктім" бе, әлде "Мен әйелімді сөктім" бе? "Тыңдағандардың барлығы" ма, әлде "Тыңдағандардың бәрі" ме?

Тағы бір қиын мәселе: Расин мен Буало "айнала" және "айналасында" сөздерінің арасында айырма бар деп ойламайды. Массильон мен Вольтер "иландыру" мен "алдау" сөздерін синоним деп қарайды. Лафонтен қарға мен бақаның айырмашылығын білсе де, "қарқылдау" мен "бақылдау" етістіктерін шатастыра беретін болған.

Грамматиканы жасаушылар бір-бірін мойындағысы келмейді. Біреулері қате деп тапқан нәрсені екіншілері керемет көреді. Принципіне келіссе, салдарын жоққа шығарады, салдарын мақұлдаса, принципін маңайлатпайды, дәстүрге сүйеніп, шеберлердің беделін көзге де ілмейді, және көбіне бүге-шігесіне дейін тәптіштеп кетеді. Менаж "қышабас" дегеннің орнына "сарбас" деп, "құмшекердің" орнына "құмдай қант" деп жазған дұрыс деп біледі. Бугур "иерархияның" орнына "гиерархия" деп жазады, ал Шапсаль "кеспенің беті жарқырайды" дегенді ойлап табады.

Жененнің кейбір сөздерін де Пекюше түсіне алмайды. "Бақытсыздық жайлы" дегеннің орнына "бақытсыздық жайында" деудің несі артық? "Қолтықтап" дегеннің орнына "қолтығынан алып" дейтіні несі? Сонда сіз "мысықты қолтығыңызға алып" келесіз бе? XIV Людовик кезінде "Ром" және "де Лион" мырза деудің орнына "Рум" және "де Лиун" мырза деп сөйлеген көрінеді.

Литре грамматика ешқашан нақты ғылым болған жоқ және болмайды да деген пайымдауымен Бувар мен Пекюшенің төзімін тауысты.

Осыдан кейін олар синтаксис — қиял, ал грамматика сағым деген қорытындыға келді.

Сол кезде жарық көрген бір шешендік өнер теориясының оқулығы: қалай сөйлесең, солай жазу керек, тек авторда сезім мен байқағыштығы молырақ болса, бәрі жақсы болады депті.

Сезіміміз жетерлік, бақылағанымыз да көп деп есептеген олар жазуға отыруға даярмыз деп шешті. Пьеса аясының тарлығымен, шарттылығының көптігімен шектеп тастайды, ал романда еркіндік мол. Сөйтіп, роман жазуға кірісу үшін бұларға өткен өмірлерін еске түсіруі ғана қалды.

Пекюше өзінің бір сондай жексұрын бастығын есіне түсіріп, кітап жүзінде одан кек алуды ойластырды.

Бувар кабакта кездестіріп жүрген бұрынғы көркем жазу мұғалімін, сорлы маскүнемді ойына алды. Одан асқан қызықты тұлғаны ойлап таба алмассың.

Аптаның аяғына таяғанда олар бұл екеуін бір адамның бойына сыйғызып, ортақ роман жазуға келісті де, басқа кейіпкерлерді сомдауға кірісті: отбасына бақытсыздық әкелетін әйелді; әйелді, оның күйеуі мен ашынасын; дене кемістігінің кесірінен амалсыз пәк қалпында қалған әйел; атаққұмар еркек, жаман священник туралы жазуға шешім қабылданды.

Осындай бұлыңғыр ойларымен олар жадында сақталған тірі адамдардың бірдеңесін алып тастап, бір жеріне қосып, соларды байланыстыруға тырысты.

Пекюше идея мен сезімді басты назарға алса, Бувар — бейнелілік пен шырайды қолдайды; сөйтіп, олар бір-бірін түсінуден қалды, әрқайсысы екіншісінің өресі тарлығына іштей таңданып қояды.

Мүмкін, эстетика деп аталатын ғылым көмекке келіп, бұл келіспеушіліктің шешімі табылар. Дюмушельдің достарының бірі, философия профессоры, осы пән бойынша шығармалар тізімін жіберді. Бұлар ол кітаптарды жеке-жеке зерттеп, содан кейін бір-бірімен ой бөлісіп отырды.

Ең алдымен, әсемдік деген не?

Шеллинг бойынша, ол — шектілікке айналған шексіздік көрінісі; Рид үшін — танылмайтын сапа; Жоффруада — бөлінбейтін құбылыс; де Местр үшін — адамгершілікке сәйкес нәрсе; Андре әкей үшін — ақыл-ойға сай келушілік.

Әсемдіктің бірнеше түрі болады: ғылымдағы әсемдік геометрия; адамгершілік әлеміндегі әсемдік — Сократтың өлімі әсем екенінен бас тарта алмаймыз. Жануарлар патшалығындағы әсемдік: иттің әсемдігі ізшілдігінде. Жаман қылықтары қом шошқаны әсем дей алмаймыз; жылан да солай, өйткені ол бізге жербауырлаған ұждансыздық жайлы ой тудырады.

Гүлдер, көбелектер, құстар өсімдікке жатады. Әсемдіктің басты шарты, оның негізгі принципі — әртүрліліктің бірлігі. — Алайда, — деді Бувар, — екі қыли көз екі түзу көзден гөрі әртүрлі, бірақ әдетте жағымсыз әсер тудырады.

Олар содан кейін сәулеттілік мәселесіне ауысты.

Кейбір нәрселер өзінен-өзі сәулетті: ағыстың гүрілі, ымыр қараңғылығы, дауыл жұлып алған ағаш. Кейіпкер салтанат құрған кезде әсем, ал күрескен кезде сәулетті.

— Әсемдік деген — әсемдік, ал сәулеттілік деген — асқан әсемдік екенін түсінемін, — деді Бувар. — Алайда оларды қалай ажыратамыз?

— Ішкі түйсік арқылы.

— Ал түйсік қайдан?

— Талғамнан.

— Талғам деген не?

— Талғам — ерекше қабілеттілік, пайымдау жылдамдығы, әсемдік реңктерін ажырата білу.

— Қысқасын айтқанда, талғам деген — талғам, бірақ оның қайдан пайда болатыны түсініксіз.

Қанағатшылық сезімі болуы керек, бірақ шама өзгеріп тұрады; және туынды қанша жетілген болса да мінсіз бола алмайды. Алайда өзгермейтін баянды әсемдік те болады, оның заңдылығы бізге белгісіз, өйткені оның шығу тегі құпия.

Идеяны кез келген түр арқылы беруге болмайды, сол себепті өнерлердің арасында шекара болады және әр өнер бірнеше тектерге бөлінеді; әртүрлі түрлер арасында үйлесім пайда болғанда, мақсаттан айнымас үшін және көркемдік шындықтан ауытқымау үшін біреуінің стилі екіншісіне ауысады.

Шындықты тым мүлтіксіз сақтау әдемілікке зиян келтіреді, ал әдемілікке шектен тыс қамқорлық жасау шындықты бұрмалайды; сонымен қатар идеалға ұмтылу болмаса, шындық та болмайды, — міне, сондықтан, портреттен гөрі типтер неғұрлым шынайы болып табылады. Өнер шындыққа ұқсастыққа ұмтылады, ал шындыққа ұқсастық — бақылаушы тұлғаға тәуелді, сондықтан бұл ұғым барынша шартты нәрсе.

Олар ойдан шатасып қалды. Бувардың барған сайын эстетикаға деген сенімі азая берді

— Егер ол сандырақ болмаса, оның қатаң ережелері мысалмен нақтылануы керек. Ал енді тыңдашы!

Ол көптеген кітапты ақтару арқасында жазып шыққан мақаласын оқи бастады:

"Бугур Тацитті тарих талап ететін қарапайымдылығы жоқ деп кінәлайды.

Профессор Дроз мырза Шекспирді күрделі және күлдіргі стильдерді сапырылыстырғаны үшін сөгеді. Тағы бір Низар деген профессор Андрэ Шенье ақын ретінде XVII ғасыр ақындарынан көп төмен түр деп санайды. Ағылшын Блер Вергилийді гарпиялар туралы сахнасы үшін тілдесе, Мармонтель Гомерді өлең тілінің нормасын бұзғаны үшін жазғырады. Ламот Гомердің кейіпкерлері мәңгілік дегенмен келіскісі келмейді, ал оның салыстыруларына Виданың зығырданы қайнайды. Қысқасын айтқанда, шешендік сөздер, өлең сөздер мен эстетика оқулықтары авторларының барлығы, меніңше, барып тұрған ақымақтар!"

— Сен асыра айтып тұрсың! — деді Пекюше.

Оны да күдік кеміріп жатқан еді: өйткені, Лонгиннің айтуынша, дарынсыз ақыл-ой иелері қателесуге де қабілетсіз болса, демек, қателесу ғалымдарға тән, — сонда олардың тіпті қатесінің өзіне сүйсінесің! Сонда қалай? Бұл енді шектен шыққандық! Алайда ғалымның аты ғалым. Ол доктринаны көркем туындылармен келістіргісі, сыншыларды ақындармен табыстырғысы, әсемдіктің мәнін түсініп алғысы келеді. Бұл оның жанын қинағаны соншалық, оның өті жайылып, сары ауруға ұшырады.

Аурудың нағыз асқынған кезінде Борден ханымның аспазы Марианна келіп, Буварға бибісінің ертең келгісі келетіні туралы өтінішін жеткізді.

Жесір бұл үйде әлгібір драмалық қойылымнан бері көрінбеген еді. Бұл әйел тарапынан жасалған бірінші қадам болар ма? Бірақ онда Марианнаның жеңгетайлығының қажеті не еді? Түні бойы Бувардың қиялы сан-саққа жүгірумен болды.

Келесі күні сағат екіге жақындағанда ол дәлізде әрлі-берлі жүріп, терезеге қарағыштаумен болды. Қоңырау қағылды. Келген нотариус екен.

Ол ауланы кесіп өтіп, баспалдақпен көтерілді де, креслоға келіп отырды, амандасты, содан кейін Борден ханымды күтпей, ерте келе беруді жон көргенін айтты. Мәселенің мәнісі — әйел бұлардан Экай үлескісін сатып алғысы келеді екен.

Бірден салқын тартқан Бувар ақылдасу үшін Пекюшенің бөлмесіне беттеді.

Пекюше ештеңе айта алмады. Ол дерті жанына батып, әне-міне келіп қалар Вокорбейді күтіп, алаңдап отырған.

Ақыры Борден ханым да келді. Оның кешіккен себебі, бүгін ерекше ұзақ әрі мұқият киінгендігінен еді: кашемир шәлі, қалпақ, лайка қолғап — салтанатқа лайық киініпті.

Анау-мынау жайлы біраз әңгімелесіп отырғаннан кейін ол мың экю жеткілікті ме деп сұрады.

— Акрі үшін? Мың экю? Олай болмайды!

— Мен үшін келіссеңізші! — деді жесір әйел көзін қылмита қарап.

Ыңғайсыз үнсіздік орнады. Осы кезде қолтығына қысып алған сактиян портфелі бар граф де Фаверж кірді. Ол портфелін үстелге қойып жатып:

— Бұл кітапшалар. Олар қазіргі өзекті мәселе — жаңа Реформаға байланысты. Ал мына нәрсе, сөзсіз, сіздікі болар! — деді.

Ол Буварға "Ібіліс жазбаларының" екінші томын ұсынды. Оны жаңа ғана Мелидің асүйде оқып отырғанын көріп, қол астындағылардың мінез-құлқын бақылауға міндеттімін деп санайтындықтан, одан кітапты алып койған-ды.

Шынында да, оны күтуші қызға Бувар оқуға берген болатын. Роман туралы әңгіме басталып кетті.

Борден ханым романдарды сүйіп оқитынын, бірақ тек көңілділерін ғана таңдайтынын айтты.

— Жазушылар, — деді Фаверж мырза, — көбіне өмірді әрлендіріп, тек жақсы жағынан ғана суреттейді.

— Өмірде қалай болса, солай жазылуы керек қой! — деп Бувар қарсылық білдірді.

— Сонда оқырмандар жаман әдетті өнеге көрсін дегеніңіз бе?

— Мәселе үлгіде емес!

— Ол кітап жасөспірім қыздың қолына түсуі де мүмкін ғой. Мысалы, менің қызым бар.

— Қызыңыз сондай сүп-сүйкімді! — деді нотариус, неке қию сәтіндегідей елжіреуік түрмен.

— Міне, сондықтан да қызымды, дұрысын айтқанда, оның айналасындағы жандарды қорғау үшін, ондай романдарды өз үйіме жақындатпаймын. Өйткені халық деген, құрметтім...

— Халық сізге не істеді? — деді кенеттен есік көзінде пайда бола кеткен Вокорбей.

Оның дауысын естіген Пекюше жылдам келіп жұртқа қосылды.

— Мен халықтың қолына кейбір зиянды кітаптарды тигізбеу керек деп есептеймін, — деді граф.

— Демек, сіз ағартуға қарсы екенсіз ғой? — деп кекете сөйледі Вокорбей.

— О не дегеніңіз! Керісінше!..

— Газет бетінде күнде өкіметке қарсы сөздер жазылып жатады ғой, — деді Мареско.

— Оның несі ұнамай қалды?

Енді граф пен дәрігер бірлесіп, Притчард ісін, баспасөз бостандығына қарсы қыркүйек заңдарын тілге тиек ете отырып, Луи-Филиппті жерден алып, жерге салды.

— Театрлық қойылымдар бостандығын да, — дегенді қосып қойды Пекюше.

Мареско үнсіз қалуды жөн көрмеді:

— Сіздің театрларыңыз айтуға болмайтын нәрсені сөз етуге құмар!

— Мұныңызға қосыламын, — деді граф. — Адам өлтіруді мадақтайтын пьесалардың көзін құрту керек.

— Өзін өзі өлтіру — әсемдік, Катон солай деген, — деп Пекюше қарсылық білдірді.

Оның дәлелін жауапсыз қалдырып, де Фаверж ең қасиетті ұғымдар — отбасы, меншік, некеге тіл тигізетін комедиялық шығармаларды сынай бастады.

— Ал Мольер ше? — деп сұрады Бувар.

Мареско бәрінен хабардар адамша, Мольердің сәннен қалғанын әрі оның тым асыра көтермеленіп кеткенін айтты.

— Ал Виктор Гюгоға келетін болсақ, — деді граф, — сахнаға Мария Тюдор сияқты королеваны алып шығу Мария-Антуанеттаны қорлағандық, иә, қорлағандық.

— Қалайша?! — деп Бувар шаңқ ете қалды. — Сонда мен, авторлық құқығым бола тұра...

— Жоқ, сударь, сіз қылмысқа бізге сабақ болатындай түзету енгізбейінше жұртқа суреттеп беруге құқығыңыз жоқ.

Вокорбей де өнердің жұртшылықты моральдық жағынан тәрбиелеуге бағытталған мақсаты болуы керек деп есептейтінін білдірді.

— Сіздер біздің ғылымымызды, ашылған жаңалықтарды, патриотизмімізді жырлауға тиіссіздер!

Ол Казимир Делавинді үлгі ете сөйледі.

Борден ханым маркиз де Фудраны мақтады. Нотариус оның сөзін бөліп жіберді:

— О не дегеніңіз! Сіз тіліне көңіл аудармаған сияқтысыз.

— Қандай тіл? Мұнымен не айтқыңыз келеді?

— Бұл кісі стиль жайын айтып отыр, — деп айғай салды Пекюше. — Сонда сіз ол жақсы жазылған деп ойлайсыз ба?

— Әрине, өте қызықты.

Пекюше менсінбеген түрмен иығын көтерді, мұндай көргенсіздіктен әйел қызарып кетті.

Борден ханым бірнеше рет өзінің келген шаруасын сөз еткісі келгенмен, ыңғайын таба алмады. Күн кешкіріп қалған еді. Ол Маресконың қолтығынан ұстап, үйіне қайтты.

Граф кітапшаларын бұлардың барлығына бөліп беріп, жұртқа таратуларын өтінді.

Кетуге айналған Вокорбейді Пекюше тоқтатты.

— Дәрігер! Сіз мені ұмытып барасыз.

Оның сап-сары бет-әлпетіне, қара мұрты мен басына қисайтыи байлай салған орамалынан салбырап шығып тұрған шашына қарау сондай аянышты еді.

— Іш жүргізетін дәрі ішіңіз, — деді дәрігер. Содан кейін оны бала сияқтандырып құйрығынан екі рет тартып-тартып жіберді:

— Аса сезімтал жүйке, тым әртіс мінездісіз!

Бұл тұрпайылық Пекюшеге ұнап қалды, оны тыныштандырды, оңаша қалысымен досына сұрақ қойды:

— Менің ауруым қауіпті емес деп ойлайсың ба?

— Әрине, жоқ.

Олар жаңағы сөз болған әңгімені қорытындылауға кірісті. Әр адам үшін өнердің адамгершілікті мәні өз мүддесіне сәйкес келуі болмақ. Әдебиетті, шынын айтқанда, ешкім ұнатпайды.

Содан кейін олар граф әкелген кітапшаларды қарай бастады. Барлығы да жаппай сайлауға қатысу құқығын талап етеді.

— Меніңше, ұзамай бір қарбалас басталады, — деді Пекюше.

Ол өмірден тек қана жамандық күтетін болыпты, мүмкін, бұл сары аурудың салдары шығар.

VI

1848 жылдың 25 ақпаны күні таңертең шавиньольдықтар Фалезден келген бір адамнан Париж көшелері баррикадаға толы екені жайлы естіп білді, ал келесі күні қала басқармасы ғимаратының қабырғасында Республика жарияланғаны туралы плакат ілулі тұрды.

Бұл ұлы оқиға Шавиньоль тұрғындарын дүрбелеңге түсірді. Бірақ кассациялық сот, апелляциялық сот, есеп палатасы, коммерциялық сот, нотариалдық мекемелер, қорғаушылар сословиесі, мемлекеттік кеңес, генералитет, сондай-ақ де ла Рошжаклен мырзаның өзі уақытша үкіметті мойындағаннан кейін ғана жұрт иығынан ауыр жүк түскендей сезінді. Парижде бостандық ағаштары отырғызыла бастағанын естіген кезде муниципалдық кеңес Шавиньоль де астана үлгісімен ағаш отырғызуы керек деп шешті.

Бувар халық жеңісіне қуанышты еді, сондықтан патриот ретінде бір ағашын құрбандыққа шалмақ болды. Пекюше болса, король билігінің құлауы оның болжап айтқан жерінен шыққандықтан, риза болмауға әддісі жоқ еді.

Горжю олардың бұйрығын құлшына орындап, Дөңес шалғынын қоршап тұрған теректердің бірін қазып алды да, селоға кіреберістегі белгіленген орынға, Па де ла Вак алаңқайына алып барды.

Бұлардың үшеуі де салтанат басталудан көп ерте барып, шерудің қозғалуын күтіп тұрды.

Барабанның дүңкілі естіліп, салтанатты шеру көрінді: ең алдында күміс кіреш, содан кейін — қолдарына шамтұғыр ұстаған екі әнші, риза мен епитрахилдерін киген священник; оған нөкер ретінде хорға қатысушы төрт бала еріп, бесіншісі қасиетті су құйылған шелекті көтеріп келеді, ең соңында пономарь.

Аббат үш түсті ленталармен әшекейленген терек орнатылған шұңқырдың жиегіне келіп тоқтады. Оның қарсысында қалабасы мен оның екі көмекшісі — Бельжамб пен Мареско, одан кейін осы төңіректегі құрметті адамдар: граф де Фаверж, Вокорбей және ұйқысы ашылмағандай көрінетін бітімші сот Кулон тұр; Герто полиция фуражкасын, ал жаңадан келген мұғалім Александр Пти өзінің мерекелік киімі көнелеу жасыл сүртігін киіпті. Жирбаль бұйрық берген өрт сөндірушілер қылыштарын жалаңаштап бір қатарға тізілді; олардың қарсы алдында Лафайет кезеңінің бірнеше ескі кивераларының ақшыл тоғалары күнге шағылыса жарқырап көрінеді; көп емес, бес-алтау ғана, Шавиньольдағы ұлттық гвардия құрып бітіпті. Шаруалар әйелдерімен, жақын жердегі фабрика жұмысшылары, ұл балалар арт жақта топырлап тұр; бойы бес фут, сегіз дюйм болып келетін, қолдарын артына айқастыра ұстаған село қарауылы Плакван әрлі-берлі қыдырыстай жүріп, оларды көзқарасымен-ақ қорқытып, тырп еткізбейді.

Кюре осындай жағдайда өзге де священниктер айтатын сөздерді айтты.

Корольдерді жамандап, Республиканы көкке көтерді. Ғылым республикасы, христиандық республика деген сөз бар емес пе? Біріншісінен асқан күнәсіз, екіншісінен әсем не бар? Иисус Христос бізге қалдырған ұлы өсиет: халық ағашы — кіреш ағашы. Дін жеміс беруі үшін, қайырымдылық қажет, қайырымдылық атынан шіркеу қызметшісі өз бауырластарын ешқандай тәртіпсіздік жасамауға және бейбіт түрде үйді-үйіне тарауға шақырды.

Содан кейін ол ағашқа қасиетті судан бүркіп, құдайдың оған шапағатын тигізуін жалбарына өтінді.

— Бұл ағаш өсіп, гүлденіп, бізге құлдықтан азаттық алғанымызды еске салып тұрсын және оның берекелі көлеңкесі аясында туысқандығымыз нығая берсін! Әмин!

Көптеген дауыс "Әмин" деп қайталады да, барабанның дүңкілі естіліп, клирлер "Те Deum "-ді әндетіп, барлығы шіркеуге қарай жүріп кетті.

Бұл рәсімнің әсері керемет болды. Қара халық одан береке кепілдігін көрсе, патриоттар оны өздерінің сенімдеріне көрсетілген құрмет деп білді.

Бувар мен Пекюше ағаш сыйлағаны үшін өздеріне алғыс айтса да болар еді деп ойлады, тым болмаса сөз арасында атап кетсе де жетер еді; бұл туралы олар граф пен дәрігерге айтты да.

Олар мұндай ұсақ-түйекте тұрған түк те жоқ деп жауап берді. Вокорбей революцияға қуанышты, граф та. Ол Орлеандарды жек көретін. Енді олардан біржола құтылдық; жолдары болсын! Бұдан былай бастысы — халық, барлығы халық үшін! Өзінің іс басқарушысы Гюрельді ертіп, граф священникті қуып жетуге асықты.

Рәсімге көңілі толмаған Фуро басын салбыратып, абыржыған түрмен, нотариус пен трактир иесінің ортасында келе жатты.

Ол тәртіпсіздік болып кете ме деп қауіптеніп, Жирбаль командасының дұрыс тұра алмаған салақтығын айтып, қосыла жамандап келе жатқан қарауыл мен капитанға қарап қояды. Жолмен Марселъезсіны шырқатып жұмысшылар өтті: Топ ортасында таяғын сермей түскен Горжю кетіп барады. Оның соңында көздері жайнап, Пти адымдай басады.

— Осылары ұнамайды-ақ! — деді Мареско. — Тамақтарын жырта айқайлап, желігіп алыпты.

— Ой, құдай-ай, онда тұрған не бар? — деп Кулон қарсылық білдірді. — Жастар көңіл көтере берсін.

Фуро күрсініп қойды:

— Көңіл көтеру дейсің бе? Гильотинамен аяқталатын ойын бұл.

Оның көзіне бүлік, эшафот, неше түрлі сұмдықтар елестеп, жүрегі бір жамандықты сезгендей.

Париждегі толқу әсері Шавиньольда жалғасын тапқандай. Жұрт газет жаздырып ала бастады. Таңертеңгілік поштада адамдар топырласып қалады, капитан көмектеспегенде, пошта қызметкері жалғыз үлгермес еді. Содан кейін көпшілігі алаңға жиналып, соңғы жаңалықтарды әңгіме етісіп, ду-думен уақыт өткізеді.

Алғашқы қызу дау Польша төңірегінде туындады.

Герто мен Бувар оның азаттық алуын талап етті.

Граф де Фаберж басқаша ой айтты:

— Біздің онда баруға хақымыз жоқ! Мұнымызбен бүкіл Еуропаны өзімізге қарсы қойып алмыз. Сақ болған жөн!

Оны барлығы қолдап кетті де, Польшаны қорғаушы екеу үнсіз қалды.

Ендігі кезекте Вокорбей Ледрю-Ролленнің бұйрық-жарлықтарын мадақтай сөйледі.

Фуро 45 сантимді есіне салып, оны ұялтып тастады.

— Бірақ үкімет құлдықты жойды ғой, — деп Пекюше қарсылық білдірді.

— Құлдықтағы менің жұмысым не?

— Ал саяси қылмысы үшін өлім жазасын жойғаны ше?

— Құрып кетсін! Қазір барлығын да жоюға даяр, — деді Фуро. — Мұның аяғы не боларын кім білсін? Тіпті жалгерлер талап қоя бастапты.

— Тіпті жақсы! — деді Пекюше. — Жер иеленушілердің артықшылығы тым көп, ал жылжымайтын мүлік иелерінің...

Фуро мен Мареско оның сөзін бөліп, "Сіз коммуниссіз!" — деп айғайлай жөнелді.

— Мен бе коммунист?!

Бәрі бірін-бірі тыңдамай, жарыса сөйлеп жатты. Пекюше клуб құру туралы ұсыныс жасаған кезде, Фуро дөрекі түрде, Шавиньольда ешқашан клуб құрылуына жол бермейтінін мәлімдеді. Содан кейін Горжю келіп, жұрт өзін нұсқаушы етіп сайлағанын айтып, ұлттық гвардия үшін қару берілуін талап етті.

Қару тек өрт сөндірушілерде ғана бар болатын. Жирбаль оны бергісі келмеді, ал Фуро қару жайына көңіл бөлмейтін рай танытты.

Горжю оның бетіне қадала қарады:

— Жұрт менің қаруды пайдалана алатынымды біледі.

Оның басқа да өнерлеріне қоса браконьерлігі де бар-тұғын; трактир қожайыны мен қалабасының өзі де одан дала немесе үй қоянын сатып алып тұратын-ды.

— Мейлі онда, алыңыз, — деді Фуро қолын бір сілтеп.

Сол күні кешке-ақ әскери жаттығулар басталып кетті.

Ол шіркеу алдындағы көгалда өтіп жатты. Көк жұмысшы күртесін киіп, беліне шарф байлап алған Горжю қаруды қолданудың неше түрлі тәсілдерді көрсеткенде қолды-аяққа тұрмайды. Бұйрық берген даусы дөрекі естіледі:

— Ішіңді тарт!

Бувар тыныс алуын тежеп, ішін тартқан кезде, арт жағы қайқайып кетеді.

— Шайтан алғыр, сізге доғаша иіл деген кім бар, тік тұр!

Пекюше қатар мен сапты, жартылай оңға айнал, жартылай солға айнал дегендерді шатастыра береді. Мектеп мұғалімінің түрі бәрінен аянышты — арық, әлжуаз, ақшыл сақалды кісі мылтық салмағынан шатқаяқтап, найзасымен көршілерін ығыстырумен болды.

Жаңа әскерлердің панталондары неше түсті, портупеялары кір, шолтиған мундирлерінің етегінен жейделері шығып жүр; және әрқайсысы-ақ "бұдан жақсы киінетін жағдайы жоқ" екенін айтады. Кедейлерге мундир сатып алу үшін жазылу ашылғаны жарияланды. Фуро сараңдық танытты, оның есесіне әйелдер жомарттық көрсетті. Борден ханым республиканы жек көретініне қарамастан, бес франк ұсынды. Граф де Фаверж он екі адамды киіммен қамтамасыз етті және бірде-бір жаттығуды жібермей қатысып жүрді. Жаттығудан кейін ол осы жердегі кішкене дәмханада отырып, көзіне түскеннің бәрін бір рөмке ішімдікпен сыйлайтын болып алды.

Ол күндері ықпалды адамдар төменгі таптан шыққандарға мүмкіндігінше жағымпаздық танытатын. Жұмысшылар алдыңғы орынға шыққан. Жұрт жұмысшы атануды бақыт санайтын болды. Олар ақсүйекке айналып шыға келгендей.

Бұл округте негізінен тоқымашылар тұрады; қалғандары шыт тоқитын мануфактураларда және жуырда салынған қағаз жасау фабрикасында жұмыс істейтіндер.

Горжю оларды өзінің пысық сөздерімен билеп алып, бокс ойынына үйретті, кейбіреуін Кастильон ханымның ішімдігін ішуге ертіп апарды.

Бірақ жұмысшылардан да шаруалар саны көбірек еді, граф де Фаверж базар күндері алаңда қыдырыстай жүріп, олардың мұқтаждықтарын сұрастырып, оларды өз жағына тартуға тырысады. Шаруалар құлақ қойып тыңдағанымен, жауап бермейді; Гуи ағай сияқты олар да тек салықты азайтса болғаны, кез келген өкіметті қабылдауға даяр жандар болса керек.

Қызыл өңеш сөзуарлығымен Горжю өзінің атағын шығарды. Тіпті оның Ұлттық жиналысқа сайланып қалуы да мүмкін.

Граф де Фаверж де депутат болуды армандайтын, бірақ онысын барынша жасырып бақты. Консерваторлар Фуро мен Маресконың қайсысын жақтарын білмей, біраз толқыды. Ақыры нотариус өз кеңсесінен айырылғысы келмегендіктен, Фуро — осы бір дөкір де меңіреу адам кандидат болып тіркелді. Дәрігердің зығырданы қайнады.

Вокорбей провинцияда жұмыс істеп жүргенін қатты уайымдайтын, ол Парижді аңсайды; оның сынық жүзіне қарап, рухы түсіп жүргенін түсіну қиын емес-ті. Депутаттыққа қолы жеткенде, оның алдынан үлкен майдан ашылар еді, сол кезде өзінің кім екенін танытар еді-ау! Ол өзінің саяси принциптерін хатқа түсіріп, оны Бувар мен Пекюшеге оқып беруге келді.

Олар дәрігердің көзқарасын қоштайтынын білдіріп, декларацияны мақұлдады. Алайда олар да бұдан кем жазбас еді, тарихты одан жақсы біледі. Палатада отыруға одан кем құқылы емес. Неге бақ сынап көрмеске? Бірақ екеуінің қайсысы лайықты? Сөйтіп, сыпайыгершілік сайысы басталды.

Пекюше өзінен гөрі досын лайықтырақ деп есептеді.

— Жоқ, жоқ, бұл саған лайық, сен сондай көрнектісің!

— Солай-ақ делік, — деді Бувар, — бірақ сен менен гөрі батылдаусың.

Бір шешімге келе алмаса да, олар дегенмен әрекет жоспарын жасауға кірісті.

Депутат атанудан үміткерлік жұқпалы аурудай тез тарады. Полиция фуражкасын баса киіп, трубкасын бұрқырата отырып, капитан да, сынып ішінде мектеп мұғалімі де армандады, тіпті аббаттың өзі де жалбарынудың арасында көзін аспанға көтеріп:

— Құдайым! Мені депутат ете гөр! — деп сыбырлаудан өзін әзер тежеп қалып жүрді.

Бувардың мадағынан жалданған дәрігер Гертоға барып, өзінің үмітімен бөлісті.

Капитан өз пікірін ашық айтты. Вокорбей, әрине, белгілі адам, бірақ өз әріптестерінің арасында, әсіресе дәріханашылар арасында онша беделді емес. Олардың бәрі қарсы шығар еді, ал қыстақ халқы мырзаларды сайлағысы келмейді; сөйтіп, депутат болам деп жақсы пациенттерінен айырылып қалуы мүмкін. Бұл сөзден үрейленген дәрігер өзінің әлсіздік танытып алғанына өкіне бастады.

Ол кетісімен Герто Плакванға беттеді. Ескі таныс әскери әріптестер бір-бірінің сөзін жерге тастай қоймас. Бірақ Фуроға көзсіз берілген қарауыл оны қолдаудан үзілді-кесілді бас тартты.

Священник болса граф де Фавержге оның түсу сағатына әлі ерте екенін, Республиканың өз күшін сарқуы үшін уақыт керек екенін дәлелдеп, иландырып қойды.

Бувар мен Пекюше Горжюге шаруалар мен буржуалар одағын ешқашан жарып шыға алмайтынын түсіндіріп, оның көңіліне күдік егіп, өзіне деген сеніміне селкеу түсірді.

Пти өз арманын мақтаныш етіп, жасыруға да тырысқан жоқ. Оны естіген Бельжамб, егер ол өтпей қалса, өз орнынан айырылатынын ескертті.

Ақырында кардиналдың өзі священникке босқа әбігер болмай, тып-тыныш отыруға бұйрық етті.

Сөйтіп, тек Фуро ғана қалды.

Бувар мен Пекюше оның қаруға салақтығын, клуб құруға тыйым салғанын, сараңдығын, ескі көзқарастағы адам екенін жұрттың есіне салып, оған қарсы науқан жүргізді, тіпті Гуи ағайды қалабасының ескі құрылысты қайта орнатқысы келіп жүргеніне сендіріп қойды.

Шаруаға бұл ұғым қаншалықты түсініксіз болса да, ғасырлар бойы ата-бабалар жүрегінде жиналып қалған түйсігімен ол ескі режімді жан-тәнімен жек көретін, сондықтан өзінің және әйелінің барлық туысқанын, күйеу балаларын, немере-жиендерін, нағашыларын, тұтас бір тобырды Фуроға қарсы етіп қойды.

Горжю, Вокорбей мен Пти қалабасының беделін біржолата мұқатып, быт-шыт қылды, сөйтіп, күтпеген жерден Бувар мен Пекюшенің табысқа жетуіне мүмкіншілік ашылды.

Олар қайсысы үміткер болатынын шешу үшін жеребе салды, бірақ ол екеуіне де шықпаған соң, ақылдасу үшін дәрігерге тартты.

Вокорбей бұлар күтпеген жаңалық айтты: үміткер болып "Кальвадос" шығарушысы Флакарду тіркеліпті. Бувар мен Пекюше қатты түңіліп кетті; әрқайсысы өзі үшін ғана емес, досы үшін де қайғырды. Алайда саясат оларды өз екпініне ілестіріп әкетті. Сайлау күні олар дауыс санауды бақылаушы болды. Флакарду жеңіп шықты.

Граф енді ұлттық гвардияға үміт артып еді, бірақ командир эполеті де оған бұйырмады. Неге екені белгісіз, Шавиньоль тұрғындары Бельжамбты дұрысырақ көрді.

Халықтың бұл түсініксіз, күтпеген қалауы Гертоны қатты абыржытты. Әрине, оның өз міндеттеріне жете мән бермейтіні, анда-санда жаттығу барысын қадағалап, ескерту жасаумен шектелетіні шындық. Дегенмен қайдағы бір асхана иесін Империяның отставкадағы капитанынан артық бағалауы оған бір сұмдық әділетсіздік болып көрінді. 15 мамырдағы Палатаға басып кіруден кейін ол кекесінмен:

— Егер астанада да әскери тендер біздегідей таратылатын болса, мен мына болып жатқан оқиғаларға еш таңғалмаймын! — деді.

Реакция басталды.

Жұрт Луи Бланның ананас езбесі, Флоконның алтын кереуеті, Ледрю-Ролленнің корольдік оргиялары жайлы қауесеттерге құлай сеніп, ауыздарынан тастамай жүрді, провинция халқы Парижде болып жатқан істерді бүге-шігесіне дейін біліп отыруға тырысқандықтан, шавиньольдық тұрғындар үкіметтің зұлымдық мақсатына күмән келтірмей, қисынсыз дақпырттардың өзін шындық деп қабылдайтын.

Бір күні кешкісін священникке де Фаверж келіп, Нормандияға граф Шамбордың келгенін хабарлады.

Фуроның сөзіне сенсек, Жуанвиль өз теңізшілерімен социалиетерді тізгіндеуге даярланып жатқан көрінді. Герто Луи Бонапарттың ұзамай-ақ консул болатынын айтып жүрді.

Фабрикалар тоқтап тұр. Кедейлер топ-тобымен ел кезіп кеткен.

Бір жексенбі күні, бұл маусым айының алғашқы күндерінің бірі болатын, Фалезге бір жандарм шапқылап кірді. Ол Шавиньольға Аквиль, Лифар, Пьерпон мен Сен-Ремиден жұмысшылар шұбырып келе жатқанын хабарлады.

Жұрт дереу терезе қақпақтарын жауып алды, муниципалдық кеңес жиналып, қантөгіске жол бермес үшін, ешқандай қарсылық жасамауға шешім қабылдады. Жандармдарға казармадан шықпай отыруға бұйрық берілді.

Ұзамай бір дауыл жақындап келе жатқандай, түсініксіз гуіл естіле бастады. Көтеріңкі шырқалған "Жирондықтар әнінен" терезе әйнектері дірілдеп, Кан жолымен сап құрып келе жатқан шаң-шаң, терлеген, жыртық киімді адамдар көзге шалынды; қол ұстасып алған олар аланды кернеп кетті. Сұмдық күшті айқай-шу көтерілді.

Қала басқармасының залына екі жолдасын ертіп Горжю кірді. Оның бірі — жыртық тоқыма кеудешесінің жіптері сөгіліп кеткен, жағына пышақ жанығандай арық, ішкіштігі бетінен көрініп тұрған адам болса, екіншісі — қап-қара көмір таты бетіне сіңіп қалған, сірә, машинист болар, шашы қайратты, қалың қасты, кенеп аяқкиім киген. Горжюдің шолақ күртесі гусардікі сияқты бір иығында ғана салбырап жүр.

Үшеуі қатарласа келіп тоқтады, ал көк шұға жабылған үстелді қоршалай жүздері толқудан қуарып кеткен муниципалдық кеңес мүшелері отыр.

— Азаматтар! — деді Горжю. — Бізге жұмыс берілуін талап етеміз!

Дір-дір еткен қалабасы жауап бере алмады.

Ол үшін Мареско жауап беріп, муниципалитет мәселені дереу қарайтынын айтты. Делегаттар шығып кетісімен олар жанталаса жоспар құруға кірісті.

Біреулер оларды тас ұсақтауға жегуді ұсынды.

Ұсақталған тасты іске асыру үшін, Жирбаль Англевиль мен Турнебю арасына жол салдырайық деді.

Байе жолы да осы мақсатқа пайдалануға лайық емес пе!?

Тоғанды тазалатуға болады! Бірақ бұл жерде жұмыс жеткіліксіз. Әлде екінші тоған қаздырса ма екен! Бірақ қай жерде?

Ланглуа су тасуы бола қалған жағдайда деп, Мартен жағалауына жал үйгізу қажеттігін айтты. Бәрінен дұрысы, Бельжамбтың ойынша, арша басып кеткен жерді тазартып, жыртқызу. Кеңес бір шешімге келе алмай-ақ қойды... Жұртты тыныштандыру үшін, Кулон баспалдаққа шығып, жиналыс қайырымдылық шеберханасын құру жоспарын жасап жатқанын хабарлады.

— Қайырымың өздеріңе! — деп айқайлады Горжю. — Ақсүйектер жойылсын! Біз еңбек ету құқығын талап етеміз!

Бұл қазіргі өзекті мәселе, атағын шығару үшін Горжю соны пайдаланып тұр. Дуылдаған шапалақ даусы естілді.

Бұрыла бергенде ол Пекюше сүйрелеп алып келген Бувармен беттесіп қалды да, екеуі сөйлесе бастады. Асығатын ештеңе жоқ: ғимарат бар жағынан қоршауға алынған, кеңесшілер ешқайда қашып кете алмайды...

— Ақшаны қайдан алады? — деп сұрады Бувар.

— Байлардан! Оның үстіне үкімет оларға жұмысты ұйымдастыруға бұйрық береді.

— Ал егер қазір жұмыс қажет болмаса?

— Келешек үшін орындауға болады.

— Онда еңбекақы аз болады, — деп Пекюше қарсылық білдірді. — Егер еңбекке сұраныс жоқ болса, азық-түлік артығымен болғаны, ал сендер оның одан әрі шығарылуын талап етесіңдер!

Горжю мұртын тістеледі.

— Алайда... еңбекті ұйымдастыруда...

— Онда үкімет өзі қожайындық жасайды.

Айнала бірнеше адам жамырай сөйледі:

— Жоқ! Жоқ! Ендігі қожайындыққа төзбейміз!

Горжю ашулана бастады:

— Бәрібір. Еңбекшілерге ақы төленуі керек немесе несие беруді жолға қойсын!

— Қалайша?

— Оны білмеймін! Бірақ бәрібір несие берілуі тиіс!

— Осы тосқанымыз жетер! — деді механик. — Мына алдамшылар бізді мазақ қылып отыр.

Ол баспалдаққа секіріп шығып, есікті бұзатынын айтты.

Есік аузында тұрған Плакван он аяғына салмағын сала алға шығарып, жұдырығын түйе қарсы алды.

— Жақындап көр!

Механик кідіріп қалды.

Жұрттың айғайы залдағыларға естілді. Олар атып-атып тұрып, қашуға ыңғайланды. Фалезден күткен көмек келер емес. Бұлардың сорына, графтың да жоқтығы өкінішті. Мареско қолындағы қауырсынды майыстыра берді, Кулон қария қорқыныштан ыңырана күрсінді. Герто жандармдардың шақырылуын талап етті.

— Команда беруді өз қолынызға алыңыз! — деді Фуро.

— Менің өкілеттігім жоқ!

Даладағы шу күшейе түсті. Алаңға лық толы халықтың көзі ратушаның екінші қабатының терезелеріне қадалып тұрған, кенет сағаттың астындағы тесіктен Пекюше көрінді.

Қосалқы баспалдақ арқылы бұл жерге оп-оңай көтерілген ол Ламартиннің үлгісімен халыққа арнап сөз бастады:

— Азаматтар!

Алайда оның ұзын мұрыны, картузы, сүртігі, барлық кескінсіз кейпі жұртшылықты ұйыта қоймады.

Оған тоқыма кеудеше киген адам айқай салды:

— Сен кімсің, жұмысшымысың?

— Жоқ.

— Демек, помещиксің ғой?

— Ол да емес.

— Онда жоғал әрі!

— Неге? — дегі кекірейе сұрады ол.

Бірақ сол сәтте-ақ тесіктен жоқ болды, машинист оны жағасынан алып, сүйреп әкеткен еді.

Горжю оған көмекке ұмтылды:

— Жібер, ол жаман кісі емес!

Екеуі бір-бірімен ұстасып қалды.

Есік ашылды да, Мареско табалдырықта тұрып, муниципалдық кеңестің шешімін жариялады. (Идея Гюрельдікі болатын.)

Турнебю жолы Англевиль тарапына тармақталып, граф де Фаверж замогына дейін жеткізіледі.

Бұл коммунаның еңбекшілер мүддесі үшін жасаған құрбандығы еді.

Жұрт бейбіт қалыппен тарай бастады.

Үйге қайтып келе жатқан Бувар мен Пекюшенің құлағына бір әйелдің айқайлаған жіңішке даусы жетті. Айғайлап жатқан Борден ханым мен оның қызметші әйелі екен, әсіресе үй иесінің даусы қаттырақ шығады. Жесір әйел бұларды көргенде қуанып кеткендей болды:

— Құдайға шүкір, келдіңіздер-ау! Сіздерді күткеніме үш сағат болды! Байғұс бағымда бір тал қызғалдақ қалмады ғой! Оны қуып шығу мүмкін емес.

— Кімді?

— Гуи ағайды. Арбамен мал қиын алып келіп, көгал үстіне төге салды. Енді көк шөп өскен жерімді қазып жатыр. Тезірек тоқтатыңыз оны!

— Жүріңдер! — деді Бувар.

Балкон баспалдағында арбаға жегілген ат олеандр бұтасын жұлып жеп емін-еркін жүр. Арба доңғалағы самшитті ұйқы-тұйқы етіп, рододендрондарды сындырып, георгиндерді таптап, ал суыр інінің аузындағы қазыңды төмпешіктей қап-қара көң шым бетіндегі көгалды айғыздап тастапты. Гуи жанталаса қимылдап, шымды аударып жатыр.

Бір жолы Борден ханым бұл көгал жерді жыртқысы келетінін байқаусызда айтып қалған болатын. Гуи ағай жесірдің қарсылығына қарамастан, сол жұмысты атқаруды қолға алған екен. Горжюдің сөзінен басы айналып қалған ол еңбек ету құқығын осылайша түсінген еді. Ол тек Бувар ашумен қатты ұрысқан соң ғана кетті.

Борден ханым оның жұмысына ақы төлеген жоқ, келтірген шығынының өтемі ретінде қиды алып қалды. Ол іскер әйел болатын; өз дәрежелері жоғары екеніне қарамастан, дәрігердің әйелі, тіпті нотариустың әйелі де оны сыйлап тұратыны сондықтан еді.

Қайырымдылық шеберханалары бір апта ғана өмір сүрді. Ешқандай бүлік болған жоқ. Горжю жоғалып кетті.

Дегенмен ұлттық гвардия жаттығуын тастамады: жексенбі сайын парад, байқаулар, кейде маршпен жүру өткізіліп тұрады. Түн сайын поселке тұрғындарының ұйқысын бұзып шолғыншылар жүреді.

Шолғыншылар ермек үшін есік сыртындағы қоңырауды сыңғырлатады, ерлі-зайыптылар ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп келіп, тұздықты қалжыңдар айтады, ал күйеуі амалсыз орнынан тұрып, оларды шараппен сыйлап шығарып салады. Содан кейін казармаға оралып, домино ойнайды, сыр жеп, сидр ішеді, ал есік сыртында іші пысып тұрған күзетші әр минөт сайын есікті ашып, кіріп-шығып жүргені. Бельжамбтың жұмсақтығынан ұлттық гвардияның тәртібі мүлде құлдырап кеткен.

Маусым оқиғалары белен алған кезде жұрттың барлығы "Парижге көмекке ұмтылуға" дайын еді. Бірақ Фуро қалалық мекемені, Мареско - кеңсесін, дәрігер — пациенттерін, Жирбаль өрт қызметін тастап кете алмады; граф де Фаверж мырза Шербурге жүріп кеткен болатын, Бельжамб төсек тартып жатып қалды. Капитан болса:

— Мені сайламаған оларға сол керек, — деп күңкілдейді.

Бувар ақылға тізгін беріп, Пекюшені жібермей ұстап қалды.

Төңірекке барлау жасау ісі кеңейтіле түсті. Шөп маясынан түскен көлеңке немесе бір нәрсеге ұқсап көрінген ағаш бұтағы дүрбелең тудырады. Бір жолы ай жарығы астында алма ағашында бұларға мылтық кезеп бір адам отырған секілді көрініп, ұлттық гвардия отряды дүркірей қашып келді.

Келесі жолы, қараңғы түнде шамшат тоғайының арасымен келе жатқан торуылшылар алдынан біреудің аяқ дыбысын естіп, тоқтай қалды.

— Тоқта! Бұл кім?

Жауап болмады.

Ол адамның тапаншасы немесе шоқпары болуы мүмкін деген оймен, өз бетімен жүре беруіне ерік беріп, соңынан белгілі бір қашықтықта еріп отырады. Ауылға жетіп, қарауылға жақындаған кезде, он екі адамдық жасақ оны қоршап алып, айқай салды:

— Құжаттарыңды көрсет!

Бейтанысты ұрып, боқтап жүр. Казармадан шалғыншылар жүгіріп шығып, бәрі жабылып оны ішке кіргізді. Пеште жанып жатқан от сәулесімен тұтқындалғанның Горжю екенін таныды.

Көне люстрин пәлтесінін иығы жыртылып кетіпті. Етігінің тесігінен башпайы жылтырап тұр. Соққы мен тырнаудан беті көгеріп, қанап қалыпты. Өзі қатты азып кеткен, қолға түскен қасқыр сияқтанып, айналасына жалтақ-жалтақ қарайды.

Фуро алқына жүгіріп келіп, тұтқыннан жауап ала бастады: оның шамшат тоғайында не істегенін, Шавиньолға неге қайтып келгенін, соңғы бір жарым айда қайда болғанын сұрады.

Онда кімнің қандай жұмысы бар? Ол — өз еркі өзіндегі адам.

Плакван мылтық оғы табылып қалар деген оймен тінтіп көрді. Содан кейін оны қамауға алуға шешім қабылданды.

Бувар оны қорғамақ болып еді:

— Қой-ақ қойыңыз! — деді қалабасы. — Сіздің не айтарыңызды бәріміз білеміз.

— Дегенмен де...

— Сақ болыңыз, тағы да ескертемін, сақтаныңыз!

Бувар енді өжеңдей қоймады.

Горжю Пекюшеге қарады:

— Ал сіз, қожайын, ештеңе айтпайсыз ба?

Пекюше оның кінәсіздігіне күмәні бар адамның кейпімен төмен қарады.

Байғұс ащы жымиды.

— Әй, сіз де! Ал мен сізді қорғап қалып ем!

Таң ата екі жандарм оны Фалезге алып кетті.

Ол әскери сотқа тартылған жоқ, бірақ түзету полициясы оның үкіметті құлатуға шақырған бүлікшіл сөзі үшін үш ай түрмеге қамауға үкім шығарды.

Фалезден ол өзінің бұрынғы қожайындарына хат жазып, тәртібі жақсы, мейірімді жан деген куәлікті тезірек жеткізіп берулерін өтінді; бұлардың қолын қалабасы немесе оның көмекшісі бекітуге тиісті болатын, олар бұл қолқамен Марескоға барды.

Бұларды асханаға кіргізді; қабырғаларға ескі фаянс ыдыс-аяқтар ілініпті. Екі терезенің арасында Буль сағаты көрінеді. Қызыл ағаштан жасалған дастарқансыз үстелге екі сүлгі, шәйнек пен екі шыныаяқ қойылыпты. Көк кашемир пеньюар жамылған Мареско ханым амандасып, өтіп кетті. Бұл ауылдық жерде зерігіп жүрген париждік әйел еді. Оның соңынан бір қолында адвокаттық береті, екінші қолында газеті бар нотариус келді; ол бұлардың қамқорлық көрсетіп жүргендері қауіпті адам екенін айтқанымен, сыпайы жымиған қалпы бірден мөрін басып берді.

— О не дегеніңіз! — деді Бувар. — Байқаусызда айтқан бірнеше сөзіне бола...

— Егер ол қылмысқа бастайтын сөз болса ше, қымбатты көрші!

— Сонда күнәсіз сөзді қылмысты сөзден қалай айыруға болады? — деді Пекюше. — Бүгін тыйым салынған сөзді ертең қол шапалақтап қарсы алуы мүмкін.

Ол көтерілісшілердің қатаң жазалануын жазғыра сөйледі.

Мареско қоғамдық тәртіпті, мемлекет мүддесін, жоғары заңды қорғау тұрғысындағы дәлелдер келтірді.

— Кешіріңіз, — деді Пекюше, — бір адамның құқығы қоғамның құқығындай қасиетті, бұл аксиомаға сіз күштен басқа ештеңені қарсы қоя алмайсыз.

Мареско жауап орнына немкеттілікпен қасын керді де қойды. Оған тек нотариалдық актілерін жасап, өзінің фаянс тәрелкелері арасында ыңғайлы, қолайлы жағдайда өмір сүрсе болды, басқа жақта болып жатқандарда не жұмысы бар: егер де өмірде әділетсіздік деген бар болса, мұның кінәсінен емес. Өзін күтіп тұрған жұмыстары жетерлік екенін айтып, ол қонақтарынан кешірім өтінді.

Мемлекет мүддесі үшін дейтін көтеріңкі сөзі бұлардың ашу-ызасын келтірді. Консерваторлар енді Робеспьерше сайрай бастапты.

Таңданарлық жағдай көбейіп барады: Кавеньяктің даңқы құлдырап барады. Ұлттық гвардия күдік тудыра бастады. Ледрю-Роллен тіпті Вокорбей тарапынан да беделінен айырылды. Конституция жайлы айтыс-тартыс ешкімді қызықтырмайтын болды, сөйтіп, 10 желтоқсан күні барлық шавиньольдықтар Бонапартқа дауыс берді.

Алты миллион дауыстан кейін Пекюшенің халыққа деген көзқарасы өзгерейін деді, Бувар екеуі енді жалпыхалықтық дауыс беру мәселесін зерттеумен айналыса бастады.

Қай жағынан алып қарағанда да, ол ақылға қонымды бола алмайды. Шенқұмар қу қашанда дауыс беру бағытына өз ықпалын жасау жолын тауып, тілсіз тобырды соңынан ерте алады, өйткені сайлаушылар жаза және оқи білуге міндетті деген сөз айтылмайды ғой; міне, сондықтан, Пекюшенің пікірінше, президент сайлауында қаншама алдау-арбау орын алып жатады.

— Ешқандай көзбояушылық болмайды, — деп Бувар қарсылық білдірді, — меніңше, бәрі халықтың надандығынан. Әртүрлі емдік ішірткілерді, Дюпюитрен далабын, сұлулық эликсирі, т.б. көр-жерлерді сатып алып жатқан кімдер дейсің. Сайлаушылардың негізін осы ашықауыздар құрайды да, біз олардың еркіне бағынуға мәжбүрміз. Үй қоянын өсіруден неге үш мың франк жылдық табыс алынбайды деп ойлайсың? Өйткені олар тым көбейіп кетсе, қырыла бастайды. Сол сияқты тобыр арасында ақымақшылық ұрып әзелден бар болғандықтан дами береді де, сан жетпес салдарлар осыдан келіп шығады.

— Сенің осы ештеңеге сенбейтініңнен қорқамын! — деді Пекюше.

Кейінірек, көктемде олар граф де Фавержді кезіктіріп, ол Рим экспедициясының хабарын жеткізді. Франция Италияны жаулап алуды ойына да алмайды, бірақ бізге кепілдік керек. Әйтпесе саяси ықпалымызға зиян келер еді. Мұндай қол сұғудың заңды екенінде шек жоқ.Бувардың көзі бақырайып кетті:

— Бірақ Польшаға байланысты мәселеде сіздің көзқарасыңыз мүлде басқа болған сияқты еді.

— Қазіргі жағдай басқаша! Қазір мәселе папаға байланысты болып отыр.

Де Фаверж: "Біз өйткіміз келеді, біз бүйтеміз, біз анық сенімдіміз", — деп, өз партиясының атынан сөйлеп тұрды.

Бувар мен Пекюшенің азшылықтан да, көпшіліктен де көңілдері қалайын деді. Қысқасын айтқанда, ақсүйектер мен қара халық апама жездем сайдың нағыз өзі.

Қол сұғу құқығы бұларға күмәнді болып көрінеді. Олар Кальво, Мартене, Ватель еңбектерін ақтарып, халықаралық құқық принциптерін зерттеді; ақыры Бувар мынандай қорытындыға келді:

— Саяси қол сұғу белгілі бір халықты құтқару үшін, билеушіге тағын қайтару немесе қандай да бір қауіптің алдын алу мақсатында жүзеге асырылады. Қандай жағдайда болса да — бұл өзгенің құқығына қол сұғу, күш көрсету, екіжүзді күштеу шарасы.

— Алайда, — деді Пекюше, — халықтар арасында да адамдар арасындағы сияқты, өзара жауапкершілік деген болады ғой.

— Мүмкін.

Бувар ойланып қалды.

Ұзамай Рим экспедициясы басталып кетті.

Елдің ішінде бұзып-жару идеясына қарсылығын білдіру үшін париждік буржуазия екі баспахананы қиратты. Аса ықпалды тәртіп партиясы құрылды.

Бұл аймақтағы оның көсемдері граф, Фуро, Мареско, священник болды. Күн сайын сағат төрттің кезінде олар алаңның бір шетінен екінші шетіне аяңдай жүріп, болып жатқан оқиғаларды сөз етеді. Олардың басты ісі кітапшалар тарату болды. Оларының тақырыптары да ауыз тұщытарлық емес: "Құдайдың қалауы осы ", "Қолайсыз жер бөлісі", "Елігуден ес жиялық", "Қайда бара жатырмыз? " Әсіресе олардың ішіндегі жоғары адамгершілік мазмұндағы, шаруаға түсінікті болуы үшін боқтап-боралаған, грамматикалық қателері түзетілмей алынған, қарапайым халық тілінде жазылған диалогтері қызық еді.

Жаңа заң бойынша ұзынқұлақ хабарларын таратқаны үшін, префектілерге жазалау құқығы берілді, ал Прудон Сент-Пелажда қамауға алынды: бұдан үлкен жеңіс болар ма!?

Барлық жердегі бостандық ағаштары құлатылды. Шавиньоль де бұйрықты орындады. Бувар арбаға тиелген терегінің кесінділерін өз көзімен көрді. Ол жандармдар пешіне отын болып кетті, ал томары священникке апарып берілді, қайткенмен қасиетті суын бүрікті ғой. Тағдыр тәлкегін қараңызшы!

Мұғалім өз пікірін жасырмай ашық айтып жүрді.

Бір жолы оның есігі алдынан өтіп бара жатып, Бувар мен Пекюше мүғалімнің бұл ісіне мақтау айтты.

Келесі күні ол бұлардың үйіне келді. Апта аяғында бұлар оның үйіне барды.

Күн еңкейіп қалған, оқушылар үйді-үйіне тарап кетіпті, мұғалім аула сыпырып жүр екен. Басына орамал байлаған әйелі бала емізіп отыр. Кішкентай қыз шешесінің етегіне тығылып, аяғының қасында, жерде сиықсыздау ұл бала еңбектеп жүрді. Жаңа ғана жуылған кірдің суы ас үйдің есігінен ақ көбік болып ағып, жерге сіңе қоймапты.

— Үкіметтің бізге қандай қамқорлық жасап отырғанын көрдіңіздер ме? — деді мұғалім күйіне.

Ол қарғыс атқыр капиталға шүйліге бастады. Оны демократияландыру, өндіргіш күштерді азат ету керек.

— Өте дұрыс айттыңыз! — деді Пекюше.

Тым болмаса, әрбір адамның қоғамдық көмекке сүйену құқығын мойындаса ғой.

— Тағы бір құқық?! — деп Бувар ішін тартты.

— Бұл да ештеңе емес, уақытша үкіметтің бауырластық жайлы декрет шығармауы — оның нашарлығының белгісі.

— Соны орындатып көрсеңіз ғой!

Ымырт қоюлана түсті; Пти кабинетіне майшам әкелуді дөрекі үнмен әйеліне бұйырды.

Әктелген қабырғаға солшыл шешендердің литографиялық портреттерін түйреуішпен шаншып қойыпты. Шыршадан жасалған жазу үстелінің жоғарғы жағында кітап жиналған кішірек шкаф ілулі тұр. Отырғыш ретінде бір арқалықты, бір арқалықсыз орындық пен сабыннан босаған ескі жәшік қойылыпты. Мұғалім айналасындағы кедейлікке көңіл аудармайтын түр танытады; аштықтан суалған жағы самайының тарлығы оның бірбеткейлігін, ешкімге бас имейтін өркөкіректігін білдіреді. Ол ешқашан жеңілмек емес.

— Мен, міне, мыналардан күш аламын.

Онысы сөреде жатқан газет бумалары еді. Ол қызулана сөйлен, өз сенімінің символдарын баяндай бастады: әскерді қарусыздандыру, магистратураны қысқарту, еңбекақыны теңгеріп, жағдайларын теңестірсе, диктатор басқарған республика түріндегі алтын ғасыр орнамақ. Ондай адам істі оң бағытқа бұра алады!

Содан кейін бір шөлмек анис арағы мен үш стақан әкеліп, әрі батыр, әрі мәңгілік құрбандық ұлы Максимилиан үшін тост көтерді.

Осы сәтте босағадан аббаттың қара сүтанасы көрінді. Іштегілерге иіле амандасқан ол мұғалімнің қасына барып, сыбырға бергісіз үнмен:

— Біздің әулие Жүсіп жайлы ісіміз қандай күйде? — деп сұрады.

— Одан ештеңе шықпады.

— Бұл сіздің кінәңіз!

— Мен қолымнан келгенін жасадым.

— Солай деңіз?

Бувар мен Пекюше бұларға кедергі жасамас үшін орындарынан тұрып еді, Пти оларды қайта отырғызып, священникке бұрылды:

— Айтып болдыңыз ба?

Аббат Жефруа не істерін білмей қипақтап қалды; содан кейін сөге сөйлегенін жымиысымен жұмсартып:

— Жұрт сізді қасиетті тарихты жақтырмайды десіп жүр ғой, — деді.

— Қасиетті тарихты деймісіз! — деп Бувар сөзді бөліп жіберді. — Қасиеттіні тапқан екенсіз!

— Оның, сударь, сізге несі ұнамайды?

— Маған бәрібір. Бірақ қазір израильдық патшалар мен Иона жайлы анекдоттардан гөрі неғұрлым күрделі нәрселер болып жатыр ғой.

— Не ойласаңыз да өз еркіңіз! — деді священник салқын ғана. Сөйтті де бөтен біреулер бар-ау деп көңіл бөлместен, тіпті оларды да түйрей кетіп, өз сөзін жалғастыра берді:

— Катехизиске уақыт тым аз бөлінеді.

Пти иығын көтерді де қойды.

— Пансионерлерден айырылып қалуыңыз мүмкін екенін ұмытпассыз!

Ай сайын он франк төлейтін оқушылардың ол ақшасы оның қызметіндегі ең табысты жақ болатын. Бірақ поптың сүтанасы оның ашуын қоздырып жіберген-ді.

— Мейлі, қолыңыздан екі келсе, бірін қылыңыз!

— Мен сияқты киім киген жан кек қумайды, — деді священник салмақты қалпынан айнымай. — Мен тек 15 наурыз заңы бізді бастауыш білім беру ісін бақылауға міндеттейтінін есіңізге салғым келеді.

— Оны менен артық кім біледі! — деп шаңқ етті мұғалім. — Ондай міндет жандарм полковниктеріне де жүктелген! Тек қарауылға да жүктелмегені өкінішті! Сонда бас-аяғы түгелденер еді!

Ол ентіге орындыққа сылқ түсіп, дәрменсіздігіне қорлана жұдырығын тістеледі.

Аббат оның иығына қолын тигізді.

— Мен сізді ренжітейін деген жоқ ем, достым! Сабыр етіңіз. Ақылға келіңіз!.. Пасха жақын қалды: сіз өзгелермен бірге причастиеге келіп, жұртқа үлгі көрсетеді деп сенемін.

— Мұныңыз тіпті басынғандық! Мен? Мен мұндай еренсіз жораларды атқаруым керек пе?!

Мұндай қорлау сөзден священник бозарып кетті. Көзінен от шашып, иегі дірілдеді.

— Жап аузыңды, сорлы! Тіліңе ие бол!.. Әйелің шіркеу кірін жуып жүргенін ұмыттың ба?

— Жуса ше? Оның жазығы не?

— Ол да сен сияқты ешқашан шіркеуге сиынуға келмейді!

— Ол үшін мұғалімдерді жұмыстан қуа алмайды!

— Қумаса да, басқа жаққа ауыстырып жіберуге болады!

Бөлменің төр жағына, қараңғы жерге ауысқан священник үнсіз қалды. Птидің басы кеудесіне салбырап кетті.

Егер олар соңғы тиындарына дейін жұмсап, Францияның екінші шетіне жетсе де, алдарынан дәл осындай священник, осындай ректор, осындай префект шығары сөзсіз; осылардың барлығы, министрге шейін мұны шырмап алған бір ауыр шынжырдың буындары емес пе? Бұл бір рет ескерту алған, енді екіншісін алуы мүмкін. Сонда не болады? Көз алдына арқасында қап, қасында жақын адамдары, пошта арбасына жалынышпен қол көтеріп, үлкен жолдың бойымен кетіп бара жатқан өзін елестетіп көрді.

Осы сәтте ас үйден әйелі жөтелді; сәбиінің қыңқылы, ұлының жылағаны естілді.

— Байғұс балалар! — деді священник мейірімді үнмен.

Осы кезде әкелері де жылап жіберді.

— Иә! Жақсы! Айтқаныңыздың бәрін орындаймын!

— Солай болар деп сенемін, — деп жауап қатқан аббат иіліп қоштасты:

— Сау болыңыздар, мырзалар!

Мұғалім алақанымен бетін басқан күйі отырып қалған. Ол қасына жақындаған Бувардың қолын қағып жіберді.

— Жоқ! Жоламаңдар маған! Тезірек қата қалсам екен! Неткен жексұрын жан едім!

Достар үйге қайтып келе жатқанда, өздерінің ешкімге тәуелді жағдайлары үшін тағдырға алғыс айтумен болды. Олар діннің қуаттылығынан қорқайын деді.

Ол кезде дінді қоғамдық тәртіпті нығайту үшін пайдаланатын. Республика құрып кетудің аз-ақ алдында тұрды.

Үш миллион сайлаушылар жалпы сайлау құқығынан айырылды. Газет шығарушылар үшін кепілдік өсірілді. Цензура қалпына келтірілді. Тіпті фельетон-романдар да цензурадан өткізілетін болды. Классикалық философтар идеясы қауіпті деп саналды. Буржуа материалдық мүдде догмасын уағыздады, ал халық барлығын да ризашылықпен қабылдайтын сияқты.

Қыстақ кедейлері бұрынғы қожайындарына қайтып оралды.

Эвредегі жер иелігі арқасында граф де Фаверж Заң шығару жиналысына сайланды және оның Кальвадостагы муниципалдық кеңеске кайта сайланатыны да күні бұрын белгілі еді.

Ол өлкедегі белгілі адамдарды таңғы асқа шақыруды ұйғарыпты.

Қонақтар асқан салтанатпен қарсы алынды: үш малай сырт киімдерін шешіндіріп тұрған вестибюль, бильярд бөлмесі және анфилада түріндегі екі қонақжай, қытай вазаларындағы өсімдіктер, камин үстіндегі қола мүсіндер, жақтаулардағы алтын жалатылған багеттер, қалың перделер, кең креслолар — осылардың барлығы қонақтарды таң-тамаша қалдырды. Ал асханаға кіргенде, күміс табақтарға салынған тағамдарды, әр тәрелкенің қасында тізіліп тұрған үлкенді-кішілі бокалдарды, тіске басары мол және ортасына аса зор арқан балығы қойылған үстелді көргенде — жүздері жайнап кетті.

Шақырылғандар он жеті адам болатын, оның ішінде екі ірі жер иеленуші, Байедегі супрефект және Шербурден келген бір мырза бар. Граф де Фаверж жиналғандар алдында сақинасы ұстап жатып қалған графиня үшін кешірім өтінді. Қонақтар алдымен үстелдің төрт шетіндегі себеттер толы алмұрт пен жүзімге мақтау айтты, содан кейін сөз маңызды жаңалық — Англияға генерал Шангарнье әскерінің кіргізілуі тақырыбына ауысты.

Герто әскери адам ретінде, священник-протестанттарды жек көретіндіктен, ал Фуро — сауда мүддесі үшін оған қолдау білдірді.

— Сіздер ортағасырлық көзқарасты уағыздап отырсыздар! — деді Пекюше.

— Орта ғасырдың да өз артықшылығы бар! —  деп Мареско қарсылық білдірді. — Мысалға біздің соборларды алсақ та болады.

— Ал қаншама қиянаттар жасалды...

— Онда тұрған түк те жоқ! Егер революция болмағанда...

— Дұрыс айтасыз, қайғы-қасіреттің барлығы революциядан! — деп күрсінді священник.

— Бірақ революцияға бәрі де қолдау көрсетті ғой! Тіпті (граф мені кешірсін) ақсүйектер де философтармен одақтасып кетті емес пе!?

— Не істерсің! Он сегізінші Людовик тонаушылықты заңдастырып бергеннен бері парламенттік режімнің негізі шайқалды ғой...

Ростбиф келтіріліп, бірнеше минут бойы тек қана шанышқылардың тәрелкеге тигені мен ет шайнаған ауыздардың дыбысы және малайлардың паркет еденмен жүрген адымдары ғана естіліп, "Мадера! Сотерн!" деген екі сөз ғана қайталанып тұрды.

Жаңа әңгіме тақырыбын Шербурден келген кісі бастап берді.

— Шыңыраудың жиегінде тұрып қалай аман қалуға болады? — деп сұрады ол.

— Бізбен біраз ұқсастықтары бар Афиныда, — деді Мареско, — Солон сайлау цензін көтеру арқылы демократтарды ауыздықтаған.

— Одан гөрі Палатаны таратқан жөн болар еді, — деді Гюрель, — барлық тәртіпсіздік Парижден шығып жатыр ғой.

— Орталықсыздандыру керек! — деді нотариус.

— Кеңінен өкілеттік беру арқылы! — дегенді қосты граф.

Фуроның пікірі бойынша, жергілікті биліктің өз өлкесінде толыққанды қожайындық етуі, егер қажет болса, өткіншілердің өз жолдарымен жүруіне тыйым салуға дейін құқығы болуы керек.

Бір тамақтың орнына екіншісі келіп, тұздықты тауық, шаяндар, шампиньондар, көкөніс салаттары, қуырылған бозторғайлар ауыстырылып қойылып жатқан арада қонақтар салық салу жүйесін жақсарту, ірі жер иеленудің артықшылығы, өлім жазасын жою сияқты көптеген мәселенің басын шалды; супрефект жағдайға орай бір өткір тілді кісінің: "Кісі өлтіргіш мырзалар бастап берсін" — деген тамаша сөзін келтіруді ұмытқан жоқ.

Бувар өзін қоршаған керемет заттар мен айтылып жатқам сөздер арасындағы қарама-қайшылыққа таңғалумен отырды, оған ылғи айтылатын сөз айналадағы жағдайға сай болатындай, биік төбенің астында ұлы ойлар туындайтын сияқты болып көрінетін-ді. Дегенмен бұл оның десерт кезінде рақаттан қызара бөртіп, айналасын тұман арасынан көретін халге жетуіне бөгет бола алмады.

Бордо, бургунд, малаға шараптары ішілді. Көршілерінің талғамын білетін граф де Фаверж шампан ашуға бұйрық берді. Қонақтар сайлаудың табысты өтуі үшін рөмке соғыстырды, кейінірек олар кофе ішу үшін темекі тарту бөлмесіне ауысқанда, келгендеріне төрт сағаттай болып қалған еді.

Үстелде "Универ" нөмірлерінің арасында "Шаривари" карикатурасы жатыр екен; онда сүртігінің етегінен шығып тұрған құйрығының ұшында көзі бар кісі салыныпты. Мареско оның мағынасын түсіндірді. Жұрт ішек-сілелері қатқанша күлді.

Қонақтар ликер ішіп отырды, олардың сигарларынан жиһаздардың жібек жапқыштарына күл түсіп жатты. Аббат Жирбальмен дауласып, Вольтерді аяусыз сынаумен болды. Кулон қалғып-шұлғып отыр. Граф де Фаверж өзінің Шамборға берілгендігін мәлімдеді.

— Аралар ұясы монархия пайдасын көздейді.

— Ал құмырсқа илеуі республиканы жақтайды.

Дәрігер енді республикаға сенбейтінін айтты.

— Дұрыс айтасыз! — деді супрефект. — Мәселе мемлекеттік басқару формасында емес.

— Егер бостандықты қамтамасыз ететін болса! — деп Пекюше араласа кетті.

— Адал адамға бостандығыңыздың түкке де қажеті жоқ, — деп жауап қатты Фуро. — Мен сөзге шешен емеспін, журналист те емеспін! Бірақ Францияны басқаруға темірдей мықты қол керек деп есептеймін!

Барлығы да сондай құтқарушыны тілейтінін айтысты.

Кетуге жиналған Бувар мен Пекюше граф де Фаверж мырзаның аббат Жефруага:

— Бойұсынушылықты қалпына келтіру керек. Жарлықтары сынға ұшыраған билік көпке бармайды. Одан тек құдай құқығы қана құтқара алады, — деп жатқанын естіді.

— Өте дұрыс айтасыз, граф.

Қазан айының солғын күн сәулесі орманның ар жағына ғана түсіп тұрғандай, дымқыл жел соғады; аткөпір жапырақты кешіп келе жатқан достар өздерін қамаудан еркіндікке шыққандай сезінді.

Замокта айта алмаған сөздері енді ғана ағытылды. Олар тек:

— Неткен ақымақтар! Неткен ұждансыздық! — деп таңданыс білдірді. — Мұндай сіреспе ескілікті кім көрген! Құдай құқығы дегені не нәрсе өзі?

Дюмушельдің танысы, эстетика мәселесін түсіндіріп берген профессор бұлардың хатына ғылыми тілмен түсінікті жауап жазды.

Құдай құқығы теориясын Екінші Карл тұсында ағылшын Фильмер қалыптастырыпты. Ол былай дейді:

"Жаратушы алғашқы адамға бүкіл әлем билігін сыйлаған. Ол билік оның ұрпақтарына ауысқан, сөйтіп, король билігі құдайдан берілген болып есептеледі. "Король — құдай бейнесі" деп жазады Боссюэ. Отбасында әке билігі бір адамға бағынуға міндеттейді. Корольдер "әке" міндетін атқарады.

Локк бұл доктринаны мойындамайды. Әкелік және монархиялық билік арасында айырма бар, өйткені өзінен туған баласына қатысты кез келген бағынышты мен монархтың құқығы бірдей. Король билігі халық сайлауына негізделген; халық алдында екі епископ корольді көрсетіп тұрып, ақсүйектер мен қара халықтан, мына кісіні билеуші ретінде мойындайсыңдар ма деп сұрайтын ежелгі тәж кигізу ғұрпы да осыны еске түсіреді.

Демек, билік халықтан шыққан. Ол "істегісі келгеннің бәрін жасауға" қақылы дейді Гельвеций, Ватель бойынша "мемлекет құрылысын өзгертуге", Глафей, Отман, Мабли, т.б. бойынша, әділетсіздікке қарсы көтерілуге қақылы. Ал әулие Фома Аквинский халыққа өздерін тирандардан азат етуге рұқсат етеді. "Халық тіпті дұрыс іс істеу міндетінен де азат", — деп мәлімдейді Жюрье.

Мұндай аксиомаға таңырқаған Бувар мен Пекюше Руссоның "Қоғамдық келісімін" қолға алды.

Пекюше оны аяғына дейін оқып шықты; содан кейін көзін жұмып, басын шалқайтып, оны талдауға кірісті.

Ол бойынша жеке адам өзінің табиғи бостандығынан бас тартатын келісім жасалған сияқты.

Қоғам өз тарапынан жеке адамды табиғат заңсыздықтарынан қорғауға және оған тиесілі игіліктің бәрін оның меншігіне беруге міндеттенген.

Алайда мұндай келісімнің жасалғандығына дәлел қайсы? Дәлел жоқ! Оның үстіне қоғам ешқандай кепілдік бере алмайды. Азаматтар тек қана саясатпен айналысады. Қолөнершілер керек болған кезде Руссо құлдықты енгізуді ұсынады. Ғылым адамзат тегін құртып барады. Театр адамгершілік пиғылды бұзады, ақша қырып-жоюдың жолы, сондықтан мемлекет өлім жазасымен қорқыта отырып, халыққа белгілі бір дінді уағыздауы керек.

"Қарай гөр! — деді олар таңырқай. — Демократияның уағызы осындай болғаны ма?"

Барлық реформашы Руссоға ұқсауға тырысады екен ғой; сондықтан олар Моранның "Социализмді зерттеуін " қолға алды.

Бірінші бөлім сенсимонизм доктринасын баяндайды.

Мемлекет басында папа мен император бейнесіндегі әке отырады. Мұрагерлік құқығы жойылады, жылжитын, жылжымай-тын барлық мүлік қоғамдық қорға біріктіріледі, ол иерархия принципімен бөлінеді. Халық байлығын өндірісшілер басқаратын болады. Бірақ қауіптенудің қажеті жоқ: басында "жұрт ең жақсы көретін" көсем тұрады.

Тек әйел ғана жетіспейді. Әлемнің құтқарылуы әйелге байланысты.

— Түсінсем бұйырмасын.

— Мен де.

Енді олар фурьеризмге бас қойды.

Барлық бәле мәжбүрлеуден басталады. Тартылыс ерікті түрде болса ғана үйлесім орнайды.

Біздің жанымыз бес эгоистік, төрт анимистік, үш таратушы болып, басты-басты он екі құштарлықтан тұрады. Олардың алғашқылары — жеке-даралыққа, екіншілері — топтасуға, үшіншілері — топтар жүйесіне немесе серияларға ұмтылады, ал олардың жиынтығы фаланганы — салтанатты сарайда өмір сүретін бір мың сегіз жүз адам қауымын құрайды. Әр күні таңертең күймелермен фалангашыларды егіс алқабына жұмысқа апарып, кешкісін алып қайтады. Олар қолдарына ту алып жүреді, мерекелер ұйымдастырып, қаттама жейді. Әрбір әйел, егер қажет деп тапса, жұбайы, ашынасы және бала туғызушы үш еркекті иемдене алады. Бойдақтар үшін әр фалангада әнші-биші әйелдер штаты жұмыс істейді.

— Бұл маған ұнар еді! — деді Бувар, сөйтіп ол "үйлесімді" қауым жайлы арманды ойға берілді.

Ауа райының жақсаруынан жер беті бұдан да құлпыра түседі; нәсілдер араласуынан адам өмірі ұзарады. Адамдар қазір найзағай шақыра алатыны сияқты, бұлттарды басқаруды үйренеді, содан түн сайын қала көшелерін жаңбыр суы жуып өтетін болады. Солтүстік шұғыласы әсерінен еритін поляр теңізін кемелер көктей өтіп жатады. Жер полюстерінен соғатын еркектік және әйелдік екі флюидтің үйлесімі әсерінен барлығы да жұмсарады, өйткені солтүстік шұғыласы — ағысты ұрықтандыратын планетаның күйлеу белгісі.

— Мұны түсінуге менің өрем жетпейді, — деді Пекюше.

Сен-Симон мен Фурьеден кейін мәселе еңбекақыға реформа жасауға келіп тірелді.

Луи Блан жұмысшылар мүддесі үшін сыртқы сауданы тоқтатуды жақтайды; Лафарель — машиналар енгізу арқылы еңбекті жеңілдетуді; енді біреулер шарап акцизін азайтуды не цехтарды қайта құруды, не тегін көже таратылуын талап етеді. Прудон біркелкі тариф жасап шығарып, қант монополиясын талап етеді.

— Бұл социалистерің тек тирандықты қалайды екен, — деді Бувар.

— Олай емес!

— Нақ солай!

— Сен ақымақсың!

— Ал сен менің жынымды келтіресің!

Енді олар Моранның кітабында сөз болатын мәселелер жайлы жазған басқалардың шығармаларын жаздырып алды. Бувар бірнеше жеріне белгі соқты да, Пекюшеге ұсынды:

— Оқып көр! Олар ессейлер, Моравтық туысқандар, Парагвай иезуиттерінен бастап, түрме режіміне дейінгі жайларды бізге үлгі етіп ұсынады. Икарийліктерде таңғы асты ішуге 20 минөт қана уақыт бөлінеді, әйелдер ауруханада босануы керек; ал кітаптарды биліктің рұқсатынсыз жариялауға тыйым салады.

— Кабэнің нақұрыс екенін кім білмейді!

— Онда мына Сен-Симонды қара: көсемсөзшілер өз туындыларын өнеркәсіп комитетінің қарауына ұсынады. Ал Пьер Леруде заң азаматтарды шешеннің сөзін аяғына дейін тыңдауға мәжбүрлейді.

Міне, Огюст Конт: священниктер жасөспірімдерге тәлім береді, ақыл-ой жұмыстарына басшылық жасап, бала тууын реттеп отыруды билікке тапсырады.

Бұл үзінділерді оқығаннан кейін Пекюше жабырқау тартып жүрген-ді. Бірақ кешкі ас үстінде ол әңгімені жалғастырды:

— Утопияшылдар жазбасында қолайсыздықтар кездесетінін мойындаймын, дегенмен оларды жек көре алмайсың. Дүниедегі қыңырлықтар оларды торығуға мәжбүр етіп, оны жақсарту жолында олар ештеңеден тайынбаған. Томас Мордың басы алынған, Буонароттидің мойнына шынжыр тағылған, Кампанелла жеті рет қинауға түскен, Сен-Симон қайыршылықта өлген, тағы басқа көптеген жанды есіңе түсірші. Олар да өзгелер құсап тыньш қана өмір сүруіне болар еді ғой, жоқ, олар өйтпейді! Олар өз жолымен, батырларша, бастарын асқақ ұстаумен өмір сүрді.

— Бірақ бір мырзаның ғана теориясы әлемді өзгерте алады деп ойламайтын шығарсың?

— Бәрібір! — деді Пекюше. — Эгоизмге жабысып қалуды қойғанымыз жөн! Ең жақсы жүйені іздеу керек!

— Демек, сен оны табудан дәмелісің ғой?

— Әрине!

— Мына сен бе?

Күлкіге булыққан Бувардың қарны мен иығы селкілдеп кетті. Шаяндай қып-қызыл болып, сүлгісін қолтығына қысып алған ол досын мазақ еткен түрмен:

— -Мына сен бе? Ха! Ха! Ха! — деп қайталады.

Пекюше есікті сарт ұрып асүйден шыға жөнелді.

Жермена оны іздеп, бүкіл бөлмені аралап шықты. Ол от жағылмаған өз бөлмесінде қара көлеңкеде креслоға тығыла түсіп отыр екен, күнқағарын көзін түсіре киіп алыпты. Ол ауырмаған, бірақ терең ойға шырмалып қалған секілді.

Татуласқаннан кейін Бувар мен Пекюше өз зерттеулеріне бір ғана негіз — саяси экономия жетіспей тұр деген қорытындыға келді.

Олар сұраныс пен ұсыныс, капитал мен жалдау ақысы, тауар шығару мен тауар әкелу, тыйым салу жүйелерін қарастыруға кірісті.

Бір түнде Пекюше дәлізден естілген етік тықырынан оянып кетті. Алдында ғана ол әдеті бойынша бүкіл есіктің ілгегін өзі жапқан болатын; енді ол қатты ұйқыда жатқан Буварды оята бастады.

Олар көрпе астында жатып, демдерін ішке тарта тың тыңдады. Тықыр қайталанған жоқ.

Қызметшілер ештеңе естімеген болып шықты.

Бірақ ертеңіне бақ ішінде серуендеп жүріп Бувар мен Пекюше қоршау тұсындағы екпе гүлдер жүйегіне түскен етіктің ізін байқады, қоршаудың екі тақтайы сыныпты, сол жерден біреу кірген сияқты.

Бұл туралы қарауылға мәлімдеу керек еді.

Оны қала басқармасынан таба алмаған Пекюше бакалея дүкеніне беттеді.

Дүкеннің түпкі бөлмесінде Плакван және басқалармен бірге ішімдік ішіп отырған кімді көрді дейсіз ғой? Горжю! Өзі қалалықтарша шыт жаңа киінген және осындағыларды түгел шараппен сыйлап отыр.

Бұл кездесуге Бувар мен Пекюше онша мән бере қоймады.

Ізденулерін жалғастырған олар ұзамай прогресс мәселесіне келіп тірелді.

Бувар ғылым саласындағы прогреске дау айта қойған жоқ. Бірақ әдебиеттегі прогресті көре алмапты, халықтың жағдайы жақсарғанымен, өмір сұрқайланып барады.

Бувардың көзін жеткізу үшін, Пекюше бір парақ қағаз алды:

— Мен қиғашынан толқынды сызық сызамын. Оны бойлай жүрген жан төмен түскен сайын көкжиекті көруден қалар еді. Бірақ ол енді жоғары өрмелей бастайды да, қанша бұралаң болғанымен, әйтеуір шыңына шығады. Прогресс көрінісі де осы сияқты.

Кенет Борден ханым кіріп келді.

Бұл 1851 жылдың 3 желтоқсаны еді. Жесір газет ала келіпті. Бұлар қатарласа тұра қалып, халыққа арналған үндеуді, Палатаның таратылғаны туралы, депутаттарды тұтқындау жайлы оқып шықты.

Пекюше бозарып кетті. Бувар жесірге қадала қарап қалды.

— Сонда сіз ештеңе айтпайсыз ба?

— Сіздіңше мен не айтуым керек еді?

Бұлар тіпті әйелге орындық ұсынуды да ұмытып кетіпті.

— Ал мен сіздер қуанатын шығар деп асығып келсем! Шамасы, бүгін біз сыпайылықты мүлде ұмытқан болармыз!

Бұлардың әдепсіздігіне ренжіген әйел шығып кетті.

Күтпеген жаңалықтан олардың үні шықпай қалды. Содан кейін реніштерін жұртпен бөлісу үшін, қыстаққа қарай тартты.

Оларды қызу жұмыс үстінде қарсы алған Маресконың ойы мүлде басқа болып шықты. Палатадағы көкіген мылжыңдыққа тыйым болды, құдайға шүкір! Енді іскер саясат басталады.

Бельжамб төңкеріс хабарын естімепті де, шынын айтқанда, оның оған түкіргені бар ма?

Базарда Вокорбейді кезіктірді.

Дәрігер бұл кезде естіген хабарынан есін жиып алған-ды.

— Сіздер босқа ренжімеңіздер, денсаулықты құртасыздар!

Фуро бұлардың қасынан өте беріп, кекесінді тіл қатты:

— Демократтарың күл-талқан болды!

Ал Жирбальды қолтықтап алып серуендеп жүрген капитан алыстан айғай салды:

— Император жасасын!

Бұларды тек Пти ғана түсінетін шығар, Бувар терезені тықылдатып еді, мұғалім сынып бөлмесінен сыртқа шықты.

Ол Тьердің түрмеде отырғанына қуаныш білдірді. Халықтың кегі қайтты деген осы болады.

— Ал, депутат мырзалар, енді сендерге де кезек келді!

Бульвардағы ату жазаларына Шавиньоль тұрғындары қолдау көрсетті. Жеңілгендерді аяудың керегі жоқ, құрбандар өздері кінәлі! Бүлікшіл — нағыз оңбаған адам!

— Жасағанға алғыс айталық! — деді священник. — Содан кейін Луи Бонапартқа! Ол енді айналасына құрметті адамдарды жинайды. Граф де Фаверж сенатор болып қалуы да ғажап емес.

Келесі күні бұларға Плакван келді.

Құрметті мырзалар көп сөйлейтін көрінеді. Ол бұларға тілдерін тістерінің аржағында ұстауға кеңес берді.

— Менің пікірімді білгің келе ме? — деді Пекюше. — Буржуа қатыгез, ал жұмысшылар қызғаншақ, священниктер жағымпаз болғандықтан, ақыр соңында тек астаудан жем берсе болғаны, халық кез келген тиранды қабылдай береді, сондықтан Наполеон дұрыс істеді! Олардың аузын тығындасын, тепкілесін, өлтірсін! Құқықты жек көргені, ұждансыздығы, топастығы, соқырлығы үшін бұл да аз әлі!

Бувар ойлана сөйледі:

— Прогресс, прогресс дейміз! Неткен алдамшылар!

Содан кейін тағы да:

— Ал саясат ше? Неткен пасықтық! — деді.

— Ол ғылым емес, — деп іліп әкетті Пекюше. — Әскери өнер анағұрлым қызықтырақ, ол қандай оқиға боларын алдын ала біліп отыруға мүмкіндік береді. Сонымен айналыссақ қайтеді.

— Жоқ, айналайын, рахмет, — деді Бувар. — Бәрінен де жүрегім айниды. Одан да мына лашығымызды сатып, жабайылардың арасына кеткеніміз артық.

— Өзің білесің де!

Аулада Мели су алып жатты.

Ағаш сорғының ұзын иінтірегі бар. Оны құдыққа жіберген кезде қыз еңкейеді, сол кезде көк шолки киген аяғы балтырына дейін көрінеді. Содан кейін ол жылдам қимылмен оң қолын көтеріп, басын бұрыңқырады, сол сәтте оған қарап тұрған Пекюше бір мүлде жаңа сезімге, таңданыс пен шексіз рақатка бөленгенін сезінді.

Көңілсіз күндер басталды.

Бувар мен Пекюше тағы бірдеңеден көңіліміз қалар деп қорқып, ғылымды жылы жауып қойды; Шавиньоль тұрғындары олардан қашқақтайды, рұқсат етілген газеттерден ештеңе біле алмайсың, сондықтан олар екеуден-екеу, толық жұмыссыздықпен күн өткізіп жатты.

Кей-кейде олар бір кітапты ашады да, іле сарт еткізіп жаба салады: оқығаннан не пайда? Арасында бақты тазалауға көңілдері ауады, бірақ он бес минөттен кейін жалығып, шаршап қалады; немесе ферманың жағдайын көріп қайтуға барып, одан да үйге жабырқау оралады; бір мезет үй шаруашылығын қолға алмақ болып еді, Жермена бажылдап шыға келген соң, бұл ойдан да бас тартуға тура келді.

Бувар мұражай каталогін жасауға кіріскен еді, бірақ жинаған ұсақ-түйектерінің түкке тұрмайтынына көзі жетіп, одан да бас тартты.

Пекюше бозторғай ату үшін Ланглуаның мылтығын сұрап алып еді, бірақ бірінші атқанда-ақ ол жарылып кетіп, өзін өлтіріп ала жаздады.

Өстіп, сұп-сұр аспан олардың үмітсіз сұрғылт жүрегімен астасқан аса ауыр, көңілсіз ауылдық тіршілігі басталды. Үй қасынан өтіп бара жатқан кісінің ағаш табанды аяқ киімінің дыбысына немесе шатырдан тамған тамшының тырсылына құлақ түресің. Ара-тұра үзіліп түскен жапырақ терезені сипап өтеді де, қалықтап барып жоғалады. Жел бір түсініксіз жерлеу әуенінің үзік дыбысын құлаққа әкеледі. Мал қорада сиыр мөңірейді.

Олар бір-біріне қарама-қарсы отырып есінейді, күнтізбеге қарайды, сағатқа көз салып, тамақ уақытын тосады; ал көкжиекте еш өзгеріс жоқ: алды — егістік даласы, оң жақта — шіркеу, сол жақта — тізілген теректер, олардың тұман арасында дамылсыз бұлғаңдаған төбелері көңілге аяныш ұялатады.

Бұрын елей қоймайтын кейбір әдеттер енді жанды қинауға айналды. Пекюшенің дастарқанға қолорамалын қоятын әдеті жеккөрінішті көріне бастады. Бувардың қолынан трубкасын тастамай, әңгімелесе отырып әрлі-берлі теңселтетіні ұнамайды. Тамақтың түрлері, майдың сапасы да дау тақырыбына азық бола кетеді. Қатар отырып олардың екеуі екі түрлі ойға батады.

Өзіне қатты әсер еткен бір оқиға Пекюшенің есінен кетпей қойды.

Шавиньольдағы бүліктен кейін екі күн өткенде, ол саяси қынжылыстардан көңілін бөліп, қыдырып қайтуға шыққан-ды, қалың бұтақты шегіршін ағаштарының арасындағы жол үстінде келе жатқан ол артынан шыққан дауысты естіді:

— Тұра тұр!

Бұл Кастильон ханым еді. Әйел мұны көрмей, басқа жаққа жүгіріп бара жатты. Ол әйел қуып жеткен адам бұрылып қарады. Бұл Горжю еді; олар артында Пекюше тұрған ағаштың қасында түйісті.

— Бұл рас па? — деп сұрады әйел. — Сен төбелесуге бара жатырсың ба?

Пекюшенің тыңдағысы келіп, жыраға бұға қалды.

— Иә, мен төбелесуге бара жатырмын, — деп жауап қатты Горжю. — Оны қайтесің?

— Сұрайды тағы да! — деп күйіне сөйледі әйел, қолдарын уқалап. — Егер сені өлтіріп қойса ше? Періштем менің, бармашы!

Оның көгілдір көздеріндегі жалбарыну сөзінен де күштірек еді.

— Жұмысың болмасын! Менің кетуім керек!

Әйел кекете мырс етті.

— Ғашығың, сірә, рұқсат берген ғой?

— Оны аузыңа да алушы болма!

Горжю түюлі жұдырығын көтерді.

— Жоқ, қымбаттым, жоқ! Мен аузымды ашпаймын!

Бетін қуалай аққан ірі жас тамшылары жағасына барып сіңіп жатты.

Талтүс болатын. Сап-сары бидайға бөленген Күн жазықтық бетінде жарқырап тұр. Алыс көкжиекте баяу қозғалған пәуескенің төбесі көзге шалынады. Әуе тып-тымық: не құстың шырылы, не жәндіктердің ызыңы естілмейді. Горжю ағаштан шыбық кесіп алып, оның қабығын арши бастады. Кастильон ханымның басы салбырап мелшиіп тұр.

Байғұс әйел өзінің қайырсыз құрбандыққа барғанын, оның қаншама қарыздарын төлегенін, алда күтіп тұрған төлемдер жайлы, оның жолына садаға қылған ар-ұятын ойлады. Ол жылауын тыйып, екеуара махаббаттарының алғашқы кезін, түн сайын онымен кездесу үшін астық сарайына барып жүргенін, күйеуі тықырлатып жүрген ұры деп ойлап, терезеден тапаншамен атқанын, оғы әлі күнге қабырғада тұрғанын есіне салды.

— Сені алғаш көргенімде-ақ көзіме ханзада сияқтанып көрінгенеің. Мен сенің көзіңді, дауысыңды, жүрісіңді, иісіңді ұнатқанмын.

Дауысын бәсеңдете түсті:

— Сені шексіз сүйемін!

Жігіттің көңілі көншігендей жымиып қойды.

Әйел екі қолымен оның белінен ұстап, құдайға жалбарынғандай басын шалқайта түсіп, сөзін жалғады:

— Қымбаттым менің! Жүрегім! Махаббатым! Өмірім! Сөйлесейікші! Не керек екенін айтшы? Ақша керек пе, табамын. Мен кінәлімін, сенің мазаңды алып біттім! Кешір мені! Тігіншіге барып, өзіңе көйлек тіктір, шампан іш, дуылдат, мен сен үшін бәрін жасаймын, бәрін, бәрін!

Өзін зорлағандай етіп сыбырлай сөйледі:

— Тіпті ана әйелді де!.. Тек маған қайтып оралшы.

Әйел құлап кетпесін деп, жігіт бір қолымен белінен құшақтап, ерніне төнді, ал әйел күбірлеп сөйлей берді:

— Жүрегім менің! Сүйіктім! Сен сондай әдемісің! Құдайым-ау, қандай көркем едің!

Ордың жиегі Пекюшенің иегімен бір деңгейде екен. Ол тырп етпей отырып, өз-өзінен алқына түсіп, аналардан көз алмады.

— Қыңсылай бермеші! — деді Горжю. — Сенін кесіріңнен дилижанстан қалып қоярмын. Мықты ұрыс болмақ. Менің оған қатысуым керек. Он су бар ма, көшірдің ішуіне бере салайын.

Әйел әмиянынан бес франк суырып алды.

— Ұзамай бәрін де қайтарып бере аласың. Азырақ шыда! Ол сал болып жатқалы да біраз болды!.. Ойланып көрші! Егер сен қаласаң, біз Круа-Жанваль шіркеуіне барайық, сол жерде мен, сүйіктім, Қасиетті бикеш алдында, күйеуім қайтыс болысымен саған тұрмысқа шығамын деп ант берейін!

— Қой, сенің күйеуіңнің өлетін түрі көрінбейді!

Горжю әйелді тастап, жөніне жүре берді. Әйел оны қуып жетіп, иығына жармасты.

— Мені өзіңмен ала кет! Қызметшің болайын! Саған қамқорлық жасайтын біреу керек қой. Кетпеші! Мені тастамашы! Одан өлгенім артық! Өлтіріп кет мені!

Әйел оның аяғын құшақтап жатып, қолын ұстап алып сүймек болады; қалпағы мен желке тарағы ұшып кетіп, қысқа шашы жайылып кетті. Самай шашы аппақ екен. Жасқа булыға төменнен жоғары қарағанда, қып-қызыл қабағы мен домбыққан еріндерін көргенде, жігіттің жүрегі мұздай болып, оны итеріп жіберді:

— Жоғал әрі, кәртамыш! Сау бол!

Әйел көтеріле беріп, мойнындағы алтын кірешін жұлып алды да, оның соңынан лақтырып жіберді:

— Мә саған! Оңбаған!

Горжю ағаш жапырақтарын шыбығымен сабалаған күйі ұзай берді.

Кастильон ханым енді жылаған жоқ. Жағы салбырап, көз жанары сөнген ол қайғыдан тас боп қалғандай қозғалмастан тұр; дәл осы қалпы тірі жан емес, қираған зат секілді.

Пекюшеге бұл көргені бұрын білмеген тылсым, тұтас әлем, ерекше бір жарқыраған жарық, мезгілсіз гүл жару, мұхиттар, дауылдар, қазыналар, түпсіз терең тұңғиық сияқтанып танылды. Бұл әлемнен сұмдық қорқыныш еседі. Ол да мейлі! Ол махаббатты аңсады, сүйіспеншілік отына әлгі әйелше өртенуді, әлгі еркекше сезінуді қалайды.

Сонымен бірге сол Горжюді жек көріп кетті, тіпті бір жолы казармада оны сатып жіберуге сәл-ақ қалды.

Кастильон ханымның ашынасы мұны қыпша белімен, бұйра шашымен, үлпілдеген сақалымен, жеңімпаз келбетімен қорлап тұрғандай көрінеді; ал бұл өзінің шашы бассүйегіне су тиген парик сияқтанып жабысып тұрғанын; қолпылдаған киім киген денесі дөңбекке ұқсайтынын, екі тісі кетік, бет-әлпеті жабырқау екенін біледі. Ол тағдырына өкпелі, өзін мұрагерліктен қағылған жандай сезінеді, әрі досы да соңғы кезде бұрынғыдай емес, салқын.

Бувар күнде кешкісін оны жалғыз қалдырып кетіп жүр. Әйелі өлгеннен кейін екінші рет үйлену оған түкке тұрмайтын еді, қазір әйелі оны күтіп-бағып, шаруашылықты басқарып отырар еді. Ал қазір ол тым кәрімін, кеш деп есептейді.

Бірақ Бувар айнаға дұрыстап тұрып қарады. Бетінің қызылы әлі қайтпаған, шашының бұйрасы да бұрынғыдай, тістері түгел, әлі де біреуге ұнауы мүмкін екенін ойлағанда, ол жасарып кеткендей болды. Борден ханымды есіне алды. Әйел бірнеше рет бұған кетәрі еместігін білдірген болатын: бірінші рет — егістіктегі өрттен кейін, екіншіде мосы үйде қонақ болғанда, содан кейін бұл мұражайда нақыштап өлең оқу өнерін көрсеткен кезде, ал соңғы кездері әйел өкпесін ұмытып, соңғы үш жексенбі қатарынан келіп жүр. Бувар да оның үйіне барды, содан кейін әйелді айналдырмақ ниетпен баруды жиілетті.

Пекюше жас қызметші қызды су тартып жатқанда алғаш бақылаған күннен бастап, онымен жиі сөйлесетін болды; ол дәлізді сыпырып жүре ме, кір жайып жата ма, ыдыс-аяқ тазалап отыра ма, қанша караса да көзін тойдыра алмай, бозбала шағындағыдай денесін бір суытып, бір ысытқан сезімге өзі таң қалып жүрді. Кастильон ханымның Горжюді құшақтаған кейпі көз алдынан бір кетпейді.

Ол Бувардан әйелді азғыру үшін пысық жандар қандай тәсіл қолданатынын сұрастырды.

— Олар әйелдерге сыйлық әпереді, мейрамханаға апарады.

— Тамаша! Содан кейін?

— Кейбір әйел есінен танып қалған түр танытып, өзін диванға көтеріп апаруға жағдай жасайды, енді біреуі қолорамалын жерге түсіріп алады. Ең жақсысы — сені кездесуге өзі шақыратындар.

Бувар Пекюшенің қиялын аспандатып әкеткен ұятсыз суретті сипаттамаға кірісті.

— Бірінші ереже — олардың айтқан сөзіне сенбеу. Мен ондайларды көргем, түріне қарасаң, әулие сияқты, ал шын мәнінде Мессалинаны жолда қалдырады. Ең алдымен батыл болу керек!

Бірақ батылдықты қолдан жасай алмайсың. Пекюше шешімін күнде кейінге сырғытумен болды, әрі үйде Жерменаның жүруі жасқаншақтығын арттыра түседі.

Есеп айырысуды өзі-ақ сұрар деген оймен ол оған жұмысты үйіп-төгіп беретін болды, оның неше рет мас болғанын жазып отырды, салақтығы, жалқаулығы үшін сөгістен сөгіс жариялап, істі керемет ептілікпен жүргізгені сонша, Жерменаны жұмыстан шығарып тынды.

Пекюшенің тынысы кеңіп қалды.

Бувардың үйден шығуын ол қалай шыдамсыздана күтті десеңші! Ақырында Бувардың артынан есік жабылған кезде жүрегінің тарсылдай жөнелгені-ай!

Мели терезе алдындағы үстелде, майшам жарығымен іс тігіп отыр екен; арасында тісімен жіпті үзіп алады да, көзін сығырайтып, оны иненің көзінен өткізеді.

Алдымен ол қызға қандай еркек ұнайтынын білгісі келді, мысалы, Бувар сияқтылар ма? Тіпті де олай емес, қызға арық адам ұнайды. Ол енді қыздан ашынасы бар-жоғын сұрастырды.

— Ешқашан болған емес!

Енді ол қызға жақынырақ келіп, қыр мұрнына, оймақ аузына, бет-әлпетіне құмарта қарады. Бірнеше мақтау сөздер айтты, ақылды болуды кеңес етті.

Қыздың төбесінен төніңкіреп тұрып, төстартқышының астындағы аппақ төмпешіктерді көрді; ол жақтан жып-жылы, оның бетін қызартқан хош иіс келіп тұрды. Бір күні кешкісін ол ернін қыздың желкесіндегі майда шашына тигізіп еді, жұлын омыртқасына дейін діріл жүгіріп өткенін сезді. Келесі жолы тәп-тәтті көрінген терісінен тістеп алудан сақтанып, қыздың иегінен ғана сүйді. Мели жауап сүйіс қайырды. Бөлме шыркөбелек айнала жөнелді. Көзі тұманданып, түк көрмей қалды.

Ол қызға бәтеңке сыйлады, анис арағынан құйып беріп жүрді...

Оның жұмысын жеңілдетуге тырысып, ерте тұра сала отын жарып, от жақты, қызға жақсы атты көрінемін деп жүріп, Бувардың аяқ киімін тазалауға дейін барды.

Мели есінен танған жоқ, орамалын да түсіріп алмады, Пекюше не істерін білмеді, ал тілегін орындау қорқынышынан құмарлығы еселеп арта түсті.

Бувар Борден ханымды айналдыруын күшейте бастады.

Әйел оны құлпырма түсті тым тарлау көйлегін судырлата қарсы алды да, маңыздылық танытып, мойнындағы ұзын алтын шынжырымен ойнап отырады.

Екеуінің әңгімесі Шавиньоль тұрғындары немесе Ливорода сот приставы болған "марқұм күйеуі" төңірегінде өрбіді.

Содан кейін әйел Бувардың өмірі жайлы сұрастыра бастады, әсіресе "жас жігіт кезіндегі тентектігіне" көп көңіл бөлінді, жолшыбай оның дәулеті жайына тоқталып, Пекюше екеуін не байланыстыратынына да назар аударылды.

Бувар әйелдің үйіндегі тәртіпке қатты қызықты, ал онымен бірге тамақ ішкен кезде ыдыс-аяғының ұқыптылығына, асүйінің тазалығына риза болды. Бірдей уақыт аралығында бірінен кейін бірін әкелген дәмді тамақтардан кейін десертке ауысып, олар кофені асықпай, ұзақ отырып ішті. Борден ханымның мұрын желбезегі дірілдеп, үстіңгі жағында жұқалтаң қара түбіт білінетін қалың ернін шәшкесінің жиегіне тигізіп қойып қана отырды.

Бір жолы Борден ханым омырауы ашық көйлек киіп шықты. Бувар оның иығына сүйсіне қарады. Әйелдің алдындағы аласа орындыққа отырып, ол екі алақанымен оның жалаңаш қолынан сипай берді. Жесір ренжіген түр танытты. Бувар қайтып сипалауға батпады, бірақ оның толық та тығыз денесін көзіне елестетумен жүрді.

Бір жолы Мели жасаған кешкі асына риза болмай шыққан ол Борден ханымның қонақжайына беттегенде үлкен қуаныш сезінді. Міне, осындай үйде тұру керек қой!

Қызғылт қағазбен бүркелген шам қалпағы бөлмеге ұяң жарық төгіп тұрды. От алдында отырған Борден ханымның етегінен аяғы көрінеді. Әңгімелері жиі үзіліп қала берді.

Әйел Буварға кірпіктерімен көзін қалқалай, қадала, қажыған түрмен қарады.

Бувар бұдан әрі шыдай алмады. Тізерлей кетіп, күбірлей қайталай берді:

— Мен сізді сүйемін! Маған күйеуге шығыңыз!

Борден ханымның тынысы жиілеп кетті, бірақ өзін қолға алып, жайбарақат үнмен, оның қалжыңдап тұрғанын, жұрт күлкі етуі мүмкін, бұл ойсыз әрекет екенін айтты. Оның аяқ астынан жасаған ұсынысына әйел абыржып қалған еді.

Бувар ешкімнің қоштауын қажет етпейтінін айтты.

— Бізге не бөгет болады? Жасау ма? Екеуіміздің киім-кешегіміздің белгісі де бірдей — "Б". Біз тек қана осы қиғаш әріптерді біріктіреміз.

Бұл дәлел әйелге ұнады. Бірақ аса маңызды бір іс оған осы айдың аяғына дейін шешім қабылдауына кедергі келтіріп тұрғанын айтты. Бувар ренжіп қалды.

Әйел тарапынан бүгін айырықша көңіл бөлініп, панар ұстаған Марианна екеуі оны үйіне дейін шығарып салды.

Екі дос бір-бірінен өз ғашықтарын жасырып жүрді.

Пекюше қызметші қызбен әуейілігін құпия сақтауға тырысты. Егер Бувар біліп қойып, қарсылық білдірсе, ол қызды басқа жаққа, тіпті болмаса өмір сүру арзанға түсетін Алжирге алып кетер еді. Бірақ ол махаббатына елігіп, оның арты неге соғарын ойламай, мұндай жоспарды жиі құра бермейді.

Бувар мұражайды ерлі-зайыптылардың жатын бөлмесіне айналдыруды, ал бұған Пекюше қарсы болса, зайыбының үйіне көшіп баруды ойлады.

Бірнеше күн өткенде, кешкісін екеуі Борден ханымның бағында отырды. Ағаштар бүршік жара бастаған, бұлттардың арасынан кең-мол көкшіл кеңістік көзге шалынады, әйел еңкейіп шегіргүлден үзіп алды да, оны Буварға ұсына беріп:

— Бувар ханымды құттықтап қойыңыз! — деді.

— Қалай! Шын ба?

— Шын болғанда қандай.

Бувар әйелді құшақтай алғысы келіп еді, әйел итеріп жіберді.

— Неткен адамсыз!

Содан кейін байсалды қалыпқа көшіп, ұзамай одан бір нәрсесін құрбандыққа шалуын өтінетінін ескертті.

-Қалауыңызды орындаймын!

Олар неке шартына қол қоюды алдағы бейсенбіге белгіледі.

Соңғы сәтке кейін бұл туралы ешкім білмеуі керек!

— Солай-ақ болсын!

Ол көзін көкке көтеріп, ұшып кетердей жеңіл басып көшеге шықты.

Пекюше сол күні таңертең бүгін қайтсе де қызметші қыздың ниеттестігіне қол жеткіземін деп өзіне-өзі сөз берді, сөйтіп, қараңғыда батылдығым артатын шығар деген оймен, жертөлеге беттеген қыздың соңынан ере кірді.

Қыз бірнеше рет кетуге жиналса да, Пекюше жібермей, онымен бірге шөлмектерді санады, тақтайшаларды іріктеді, кеспектердің түптерін тексерді, — бұл екеуінің үнемі айналысатын істері болатын. Шатыр тесігінен жылтыраған әлсіз жарық астында қыз кірпігін төмен салып, езуін сәл жиыра түсіп оның қарсы алдында тұрды.

— Мені сүйесің бе? — деп сұрады кенет Пекюше.

— Сүйемін.

— Онда сүйетініңді дәлелдеші!

Сөйтті де, сол қолымен құшақтап, оң қолымен омырау түймесін ағыта бастады.

— Сіз мені ренжітпексіз ғой?

— Жоқ! Періштем менің! Қорықпа!

— Ал егер Бувар мырза...

— Мен оған түк те айтпаймын! Ештеңе ойлама!

Арт жақта шөпшек байламдары жатқан. Қыз оның үстіне құлап түсті, омырауы ашылып, басы шалқайып қалды, содан кейін қыз қолымен бетін жапты, Пекюшенің орнында кез келген жан оның тәжірибесіз бейкүнә еместігін аңғарардай еді.

Ұзамай түскі асқа Бувар келді.

Екеуі де бір-біріне жасырын сырын білдіріп алмас үшін, тамақты үнсіз ішті; Мели әдеттегі сабырлы қалпында бұларға қызмет көрсетіп жүр. Пекюше оның көзімен кезігіп қалмас үшін, басқа жаққа қарайды. Ал Бувар қабырғаға қадала қарап, болашақ өмірі жайын ойластырды.

Бір апта өткенде, бейсенбі күні, ол үйге қатты ашулы келді.

— Сайқал!

— Кімді айтасың?

— Борден ханым.

Сөйтіп, ол ақылсыздықпен оған үйленіп қоя жаздағанын, ширек сағат бұрын Мареско алдында ол ойының күлі көкке ұшқанын айтып берді.

Әйел үйлену сыйлығы ретінде Экай қонысын өз атына жазып беруді талап етіпті, өйткені ол үшін де, фермасы үшін де жартылай ақшасын бөтен біреу төлегендіктен, Бувардың оны басқаруға толық құқығы жоқ көрінеді.

— Онысы рас! — деді Пекюше

— Ал мен ақымақ оған қалауыңды орындаймын деп уәде беріп жүрмін ғой! Сөйтсем, оның қалауы осы екен! Мен көнбей қойдым. Егер ол мені жақсы көрсе, айтқанынан қайтпай қасарыспас еді ғой!

Жесір, керісінше, оны тілдеуге дейін барып, оның сырт кейпін, қарнын келемежге айналдырыпты.

— Менде қайдағы қарын! Сөзін қарашы!

Бұл арада Пекюше бірнеше рет орнынан тұрып, далаға шығып келді және аяқтарын кере басып, адымдай жүреді.

— Сен ауырып қалғансың ба? — деп сұрады Бувар

— Иә! Аурумын.

Есікті жауып келіп, ұзақ қипақтаған Пекюше жаман ауру жұқтырып алғанын қазір ғана білгенін айтты.

— Өзің білдің бе?

— Өзім.

— Ой, байғұсым-ай! Кім саған оны сыйлап жүрген?

Ол одан сайын қызара түсіп, сыбырлай жауап берді:

— Бұл тек қана Мели болар.

Бувар қалшиып қатты да қалды.

Ең алдымен олар бұл бәлекейді жұмыстан шығарды.

Қыз бейкүнә кейіппен ақталған болды.

Пекюшенің ауруы ойыншық болмай шықты; бірақ ол масқара болудан ұялып, дәрігерге көрінуге батпады.

Бувар Барберуден ақыл сұрамақ болды.

Бұлар аурудың мән-жайын сипаттап жазып, одан хатты дәрігерге көрсетіп, хат арқылы емдеуін өтінді. Барберу ауырғанның Бувар екеніне сенімділікпен өтінішті орындауға жанын сала кірісті, ол Буварды кәрі шөңгел деп атап, дегенмен құттықтап қоюды да ұмытқан жоқ.

— Менің жасымда! — деді Пекюше күйіне сөйлеп. — Масқара болдым ғой. Неге ол қыз онысын маған айтпаған?

— Сен оған қатты ұнағансың ғой.

— Ол маған ескертуі керек еді.

— Сүйіспеншілік сөзге көне ме?

Ал Бувардың өзі Борден ханым жайлы ренішін айтып тауыса алмай жүрді.

Ол әйел мен Маресконы Экай қонысы қасынан жиі көріи қалады, олар тоқтап, Жерменамен сөйлесіп тұрады. Бір жапырақ жер үшін қаншама айла-шарғының қажеті не еді!

— Ол ашкөз әйел! Одан басқа түк те емес!

Кіші залдағы камин алдында, Пекюше аузына дәріні ытқытып жіберіп, Бувар трубкасын тарта отырып, олар өздерінің алданғам үміттерін сөз ететін болды, одан жалпы әйелдер жайына ауысады.

— Таңғаларлық қажеттілік, егер қажеттілікке жататын болса! Олар бізді қылмысқа да, ерлікке де, айуандыққа да итермелейді. Етек астындағысы тозақ, сүйіскені жұмақ, көгершінше шүйіркелесіп, жыланша бұралаңдап, мысықтабандап басыңды айналдырады, зұлымдығы теңіздей, тұрақсыздығы туған айдай.

Олар әйелге байланысты айтылатын пасық сөз қолданыстарын түгел қайталап шықты.

Әйелге құмарту олардың достықтарына уақытша селкеу түсірген-ді. Оған екеуі де қатты өкінетіндерін мойындады.

— Әйел мәселесін осымен жауып қоямыз, солай ма? Оларсыз-ақ күн көрерміз!

Екеуі елжірей құшақтасты.

Ұмыту үшін бірдеңе істеу керек еді, сондықтан Пекюше тәуір болғаннан кейін Бувар екеуіне де сумен емделу пайдалы болады деген шешімге келді.

Мели кеткеннен кейін бұларға қайтып оралған Жермена күнде таңертең дәлізге ваннаны сүйреп шығарады.

Бұл екеуі жабайы адамдарша тыржалаңаш шешініп, бір-бірінің үстіне шелекпен су құйысады, содан кейін әрқайсысы өз бөлмелеріне қарай тұра жүгіреді. Шарбақ арасынан көріп қалған кейбіреулер бұларын өрескел санап, бастарын шайқап өтеді.

VIII

Осы әдеттерін әбден ұнатқан олар енді денсаулықтарын гимнастика арқылы жақсартпақ болды.

Аморос басшылығын тауып алып, оған қосымша берілген атласын қарады.

Ондағы суреттерде жүрелеп отырған, шалқасынан жатқан, тік тұрған, аяқтарын бүккен, қолдарын жазып, жұдырықтарын жұмған, кір тастарын көтерген, көлденең бөренеге атша мініп отырған, сатыға өрмелеп жүрген, трапецияларда аунаған жас жігіттердің күштері мен епті қимылдары олардың қызғанышын оятты.

Алғы сөзде суреттелген ғажайып стадиондар олардың төбе шашын тік тұрғызды. Өйткені олардың экипаждар тұратын жаппа, атшабыс үшін ипподром, жүзетін бассейн немесе биіктігі отыз екі метрлік жасанды жота — "даңқ төбесін" жасауға ешқандай мүмкіндіктері жоқ еді.

Ат үстінде ойнап үйрену үшін, ішіне қыл толтырылып, терімен қапталған ағаш ат жасау тым қымбатқа түсер еді, сондықтан одан бас тартуға тура келді; бақ ішіндегі құлап жатқан жөке ағашы бұларға көлденең бөрене қызметін атқаратын болды; бұлар оның бойымен бір шетінен екінші шетіне дейін жүгіріп үйренген кезде, тік баған қажет болып, шарбақ сырғауылдарының бірін жерге шаншып қойды. Пекюше оның басына дейін өрмелеп шықты. Бувар сырғанап құлап түсе берді де, ақырында бұл іске қолын бір-ақ сілтеді.

"Ортосометрикалық сырық" оларға қатты ұнады, — бұл сыпырғыштан алынған екі таяқты екі арқанмен бекітіп, біреуін қолтық астынан өткізіп, екіншісіне қол саусақтарын қояды да, бұл құралды бірнеше сағаттар бойы тастамай, иектерін көтеріңкіреп, кеуделерін томпайтып, шынтақтарын денесіне жабыстыра ұстап жүретін болды.

Кір тасы болмағандықтан, арба жасаушы оның орнына шетен ағашынан бастары қызылшаға ұқсайтын, қолға алатын жері шөлмек мойны сияқтанып келген төрт қалып жонып берді. Бұл дөңбектерді оңға, солға, алға, артқа лақтырып, қағып алу керек; бірақ өте ауыр болғандықтан, олар қолдарынан сусып түсіп, аяқтарын сындырып кете жаздайды. Дегенмен бұлар "парсылық шоқпарларды" қатты ұнатып, жарылып кетуден сақтау үшін, күнде кешкісін балауызбен және шұға шүберекпен сүртіп жүрді.

Содан кейін олар ор іздеді. Лайықты орды тауып, ұзын сырғауылға салмақтарын сала, сол аяқтарымен серпіліп, екінші жағына секіріп түсіп, және кейін қарай секіреді. Бұл теп-тегіс жазық дала болғандықтан, олар алыстан көзге түседі де, шаруалар көкжиекте секеңдеп жүрген екеудің не нәрсе екенін біле алмай таңырқап қоятын.

Күз түскенде олар бөлмедегі гимнастикаға ауысты да, одан тез жалықты. XIV Людовик билігі кезіндегі аббат Сен-Пьер ойлап тапқан өткеншек немесе пошта креслосы болар ма еді! Оның құрылысы қандай болғанын кімнен сұрап білсе екен? Бұлардың салған сауалына Дюмушель тіпті жауап жазуға жарамады.

Содан кейін олар наубайханада қолдан өткеншек жасауға кірісті. Төбеге қатар бекітілген екі тақтай арасынан арқан өткізіліп, оның екі ұшына да көлденең таяқтар байланды. Олардан ұстап алып, біреуі аяғын еденге тіреп, серпіле көтерілгенде, екіншісі қолын еденге дейін жеткізеді; бірінші өз салмағымен екіншісін тартады да, ол арқанды босатыңқырап, өз кезегінде жоғары көтеріледі; сөйтіп, бес минөт өтпей жатып екеуі де қара терге малшынды.

Аморос нұсқауына сай олар сол қолдарын жұмысқа қосамыз деп, біраз уақытқа дейін оң қолдарымен жұмыс істеуді мүлде қойып кетті.

Олар басшылықтың айтқанын артығымен орындап жүрді. Аморос гимнастикалық жаттығу кезінде айтылуға тиісті бірнеше өлең үзіндісін келтіреді; Бувар мен Пекюше адымдай жүріп, тоғызыншы нөмірлі гимнді дауыстай қайталайды:

Король, әділетті король-жарты бақыт...

Кеуделерін ұрғылап:

Достар! Тәж де, даңқ та бар, т.б.

Жүгіріп келе жатып:

Белді бекем буғаным!

Жүйрік бұғы қуғаным!

Жеңіске жетпей қойман!

Жүгір! Жүгір! Жүгір!

Зорыққан аттай ентіге алқынып, олар өздерін өз даусымен жігерлендіреді.

Әсіресе гимнастиканың ажал аузындағы адамға жәрдем көрсету мүмкіншілігіне олар қатты құлшынды.

Бірақ балаларды қапқа салып тасуды үйрену үшін, бірнеше бала керек болды да, олар мұғалімге өтініш жасады. Пти ата-аналардың шу көтеретінін айтып, келісе қоймады. Ақыры жаралыға көмек көрсетумен шектелуге тура келді. Бірі есінен танып қалғансып жатады да, екіншісі барынша сақ қимылдауға тырысып, оны қол арбамен сүйреп әкеледі.

Әскери шабуылдарға келгенде автор, жартасқа өрмелеу арқылы Феканды шабуылмен алған қолбасшының атымен аталған Буа- Розе сатысын лайық көреді.

Кітаптағы суретке қарай отырып бұлар арқанға қысқа таяқшаларды көлденеңінен байлап, сарай төбесіне іліп қойды. Ең төменгі таяқшаға аяқты қойып отырып, үшіншісінен мықтап ұстау керек те, жаңа ғана кеуде тұсыңда тұрған екінші таяқ табанның тұсында қалатындай етіп, аяғыңды жоғары қарай серпіп қалуың керек. Содан кейін бойыңды түзеп, төртінші таяқтан ұстайсың да, әрі қарай жалғастырасың. Бұлар қанша ирелеңдегенімен, екінші сатыға да жете алмай-ақ қойды.

Мүмкін, Фор-Шамбреге шабуылдаған Бонапарт солдаттарынша қолмен тасқа жабыса өрмелеу керек шығар? Мұны жасау үшін Аморос өз ғимаратында арнайы мұнара тұрғызған.

Мұнараны құлаған қабырғамен алмастыруға болады. Бұлар оны шабуылмен алуға тырысты. Бірақ аяғын жарықтан асығыс суырып алған кезде Бувар басының айналғанын сезіп, қорқып кетті.

Пекюше мұны өз әдістерінің жетілмегендігімен түсіндірді; бұлар буынға байланысты нұсқауларды елемей кеткендіктен, енді негізгі принциптерді үйренуге қайта оралуға тура келеді.

Ол қанша үгіттегенімен Бувар келіспей қойды; өркөкіректігі мен менмендігін жеңе алмаған Пекюше енді ағашаяқты қолға алды. Ағашаяқ бұлар үшін құдай арнайы жаратқан нәрсе болып көрінді, сондықтан ол бірден аяқ басқышы жерден төрт фут биіктіктегі көтеріңкі үлгісін таңдады да, дене тепе-теңдігін сақтап, алып көкқұтан сияқтанып, бақ ішінде жүре бастады.

Бувар терезеден оның шайқатылып барып үрмебұршақ үстіне құлап түскенін көрді; қайта өсімдіктің тіреу ағаштары сынып, оның жерге түсуін жұмсартқандай. Шіріндіге әбден былғанған Пекюшені жерден көтеріп алғанда, ол құп-қу болып, мұрнынан қан ағып тұрды, өзі жарық болып қалдым ба деп қатты қорықты.

Сірә, гимнастика бұлардың жасындағы жандарға арналмаған болса керек. Олар гимнастиканы жиып қойып, тағы бір нәрсеге ұшырап қалудан қорыққандықтан, қозғалыс жасамауға тырысып, ұзақты күн мұражайда енді немен айналысуды ойластырумен отыратын болды.

Режімнің өзгеруі Бувардың денсаулығына жаман әсерін тигізді. Оның денесі ауырлап, тамақтан кейін сиырша ыңыранатын болды, арықтау үшін тамақ ішуді азайтып еді, әлсіреп қалды.

Пекюше де өзінің титықтағанын сезді, денесі қышынып, тамағы жыбырлайтын болды.

— Жағдайымыз нашар, — десті олар, — өте нашар.

Бувар күш беретін бірнеше шыны испан шарабын таңдап алмақ болып трактирге барған еді.

Ол трактирден шыққанда Маресконың көшірмешісі мен тағы үш адамның жаңғақ ағашынан жасалған үлкен үстелді Бельжамбтың үйіне көтеріп кіргізіп жатқанын көрді. Мареско мырза үлкен алғысын айтыпты. Үстелі өзін жақсы жағынан көрсеткен көрінеді.

Сөйтіп, Бувар сәнге айналған жаңалық — үстел айналдыру жайлы естіп білді. Ол көшірмешіні келекелей күлді.

Алайда әлемнің барлық жерінде, Еуропа мен Америкада, Австралия мен Үндістанда миллиондаған адам өз өмірін үстел айналдырумен, көріпкел шүлдек таяқты пайдалану әдістерін ашумен, аспаптың сүйемелдеуінсіз концерт беру, ұлулар арқылы қарым-қатынас жасаумен өткізіп жатқан-ды. Баспасөз бұл алдамшылық жайлы байыпты мақалалар жазып, жеңіл ойлы жандарды қыздыра түседі.

Граф де Фаверж замогын қоныстанатын тарсылдатқыш рухтар ол жерден село ішіне таралады екен, оларға басты сұрақ қойғыш нотариус көрінеді.

Бувардың сенімсіздік көрсетуін көңіліне алған ол бүл екеуін үстел айналдыру кешіне арнайы шақырды.

Бұл өзі тор құру емес пе екен? Онда Борден ханымның болуы әбден ықтимал. Нотариуске Пекюшенің жалғыз өзі баруына тура келді.

Жиынға қалабасы, салық инспекторы, капитан, тағы бірнеше жергілікті тұрғын әйелдерімен, Вокорбей ханым, бұлар күткендей-ақ Борден ханым және де Мареско ханымның бұрынғы ұстазы, аздап көзі қылилау, ағарып кеткен шаштары 1830 жылғы сәнмен иығына бұйралана төгіліп тұрған мадмуазель Лаверьер келді. Креслода көк фрак киген, түріне қарағанда дарақы жанға ұқсайтын, үй қожасының Парижден келген жиені отырды.

Бөлмеге екі кола шам жарық беріп тұр, ұсақ-түйек заттар қойылған кітап сөресі, фортепиано үстіндегі виньеткалы ноталар және қолапайсыз үлкен жақтауға салынған кішігірім акварельдерге шавиньольдықтар үнемі таңдана қарайтын. Алайда бүгін барлық назар қызыл ағаштан жасалған үстелге ауған. Барлық құпиялы нәрселердей, қазір сынға түскелі тұрған үстелдің қалпы да аса мағыналы еді.

Шақырылған он екі адам үстелді айнала отырып, қолдарын алға созып, бір-біріне шынашақтарын тигізді. Тек қана сағаттың тықылы естіледі. Бәрінің де түрінен зейін сала күтушілік байқалады.

Он минуттан кейін біраз адам қолдарында құмырсқа жүгіріп жүргенін айтып шағынды. Пекюше өзін жаман сезінді.

— Сіз неге итересіз! — деді капитан Фуроға.

— Мен итерген жоқпын!

— Шын айтамысыз?

— О не дегеніңіз, сударь!

Мареско оларды тыныштандырды.

Тырп етпей құлақ түргендер ағаштың шытырлағанын естігендей болды. Елес! Тырс еткен дыбыс жоқ.

Өткен жолы Лизьеден Оберлер мен Лормолар келіп, Бельжамбының үстелін әдейілеп алдырғанда, бәрі жақсы өткен болатын. Ал бүгін үстел былқ етер емес... Не болып қалды екен?

Сірә, оған кілем кедергі жасап тұрған шығар, сондықтан жұрт енді асүйге ауысты.

Бір ғана аяғы бар жалпақ үстел таңдап алынды, оны жағалай Пекюше, Жирбаль, Мареско ханым мен оның жиені, Альфред жайғасты.

Үстелдің доңғалақтары бар еді, біраздан кейін ол оң жаққа сырғанап кетті; сеансқа қатысушылар, қолдарын жазбастан оның соңынан барды, сол кезде ол өзінен-өзі екі рет айналып түсті. Жұрт аң-таң болды.

Осы кезде Альфред мырза даусын көтере тіл қатты:

— Рух! Менің жиен қарындасым саған ұнай ма?

Үстел ақырын тербеліп, тоғыз рет тарсылдатты.

Тарсыл санын әріптерге аударатын тақтайша бойынша бұл "Тап-тамаша!" дегенді білдіретін. Қошемет дауыстар шығып жатты.

Содан кейін Мареско Борден ханымды мазақтағысы келіп, рухтан оның шын жасын айтуды өтінді.

Үстелдің аяғы бес рет тақылдатты.

— Қалай? Бес-ақ жаста ма? — деп ішін тартты Жирбаль.

— Ондықтар есепке алынбайды, — деді Фуро.

Жесір әйел іші қайнап, зорлана езу тартты.

Басқа сұрақтарға жауап болмады, өйткені алфавит сондай күрделі еді. Одан гөрі өзінің XII Людовик, Клеманса Изор, Франклин, Жан-Жак Руссо, тағы басқалармен тікелей сөйлескенін альбомға жазып отырған Лаверьер мадмуазель сияқты жылдам әдісті тақтайшаны пайдаланған дұрыс болар еді. Мұндай тақтайшалар Омаль көшесінде сатылады. Альфред мырза оны сатып алуға уәде берді де, бұрынғы мұғалимаға бұрылды:

— Енді аздап музыка қойсақ та болар еді! Мазурканы ойнасаңыз!

Екі қатты аккорд берілді. Ол жиен қыздың белінен алып, екеуі көрші бөлмеге шығып кетті де, іле қайта кірді. Қыздың желбіреген көйлегінен жел лебі сезілді. Қыз басын шалқайтты, жігіт қолын доғаша ие қойды. Бәрі қыздың әсем тұлғасына, жігіттің ойнақы қимылына сүйсіне қарады. Ал Пекюше дәм әкелінуін күтпей, кештің осылайша аяқталғанына таңырқаған күйі үйіне кайтты.

Ол қанша рет: "Мен өзім көрдім! Өз көзіммен көрдім!" — деп қайталаса да, Бувар сенбей қойды, дегенмен өздерінше тәжірибе жасап көруге келісті.

Екі апта бойы олар кешкі астан кейінгі уақыттарын қарама- қарсы жайғасып, қолдарын үстелге, содан кейін қалпаққа, себетке, табақтарға салып қойып отырумен өткізетін болды.

Дегенмен үстелдің айналу құбылысы шындық еді. Жұрт оны рухтар айналдырады десе, Фарадей — жүйке қызметінің көрінісі, Шеврель — санасыз қуат дейді немесе, Сегуен жорамалдағандай, адамдар жиынынан импульс, магниттік қуаттың пайда болуы да мүмкін.

Бұл болжам Пекюшені толғанысқа жетеледі. Ол өз кітапханасынан Монтакабердің "Магнетизерға арналған басшылығын" тауып алып, мұқият оқып шықты да, оның теориясымен Буварды таныстырды.

Барлық жанды дене аспандағы жарық беруші жұлдыздар ықпалын қабылдап алады және оны басқаларға тарата алады. Бұл қабілет магнит қасиетіне ұқсас. Осы күшті бағыттау арқылы ауруларды емдеуге болады — басты принципі осындай. Месмердің кезінен бері ғылым анағұрлым дамыды, алайда өзгермейтін ең бастысы — флюид шығару және пасса жасау, оның міндеті ең алдымен ұйқы келтіруге бағытталуы керек.

— Ал жарайды! Мені ұйықтатып көрші! — деді Бувар.

— Ол мүмкін емес, — деп жауап қатты Пекюше. — Магнит әсерін өзің сезініп, өзгеге беру үшін, оған қатты сенуің керек.

Содан кейін Буварға көз салып, өкініш білдірді:

— Қандай өкінішті!

— Не болды?

— Ынта қойып, біраз жаттығу жасағанда, сен керемет магнетизер болып шығар едің!

Шынында да, Бувардың бойында не қажеттінің бәрі бар еді: келбеті тартымды, дене құрылысы қуатты, табандылығы да жетерлік.

Мұндай қабілеттерінің барын есту Бувардың құлағына майдай жақты. Ол Монтакаберге ұрлана үңіліп жүрді.

Жерменаның құлағым шулай береді, дыбысты қабылдауым нашарлап жүр деп шағынғанын естіп, бір күні кешкісін жай ғана:

— Осыған магнетизмді қолданып көрер ме еді, — деді.

Әйел одан бас тартпады. Бувар қарсы алдына отырып, оның екі бас бармағын алақанына салды да, күнде осы іспен айналысып жүргендей-ақ көздеріне тесіле қарады.

Аяғына жылытқыш қойған кемпірдің алдымен басы қисайып, көзі жұмыла берді де, аздан кейін қорылдап ұйықтауға көшті. Кемпірді бақылап отырғандарына бір сағат болған кезде Пекюше сыбырлап қана:

— Не сезіп отырсың? — деп сұрады.

Кемпір оянып кетті.

Уақыт өте келе бұл кемпірдің көріпкелдік қабілеті міндетті түрде ашылар еді.

Бұл табыс оларға батылдық беріп, емшіліктеріне сенімді түрде қайта оралған олар, шіркеу күзетшісі Шамберланды қабырға араларының ауруынан, тас қалаушы Мигренді асқазан жүйкелеуінен; Варен кемпірдің бұғанасы астындағы ісігіне ет жапсыру арқылы; қашан көрсең кабакты жағалап жүретін, шеменмен ауыратын Лемуан шалды, бір құрт ауруды, бір сал ауруды, т.б. көптеген адамды емдеуге кірісті. Тіпті тұмаумен ауырған, үсіген адамдардың да бетін қайтармады.

Ауру түрін зерттеп шыққаннан кейін олар бір-біріне қарап, бұл жағдайда қандай қуатты қолданған жөн, күштісін бе немесе кішісі жеткілікті ме, қандай пасты іске қосу керек: шығып келе жатқанын немесе батып бара жатқанын ба, көлдеңінен әлде ұзынынан ба, екі саусақты, үш немесе тіпті бес саусақты қолдану керегін көзқарастарымен анықтайтын. Біреуі шаршаған кезде, оны екіншісі алмастырады. Кейін, үйге келгенде, өз бақылауларын ауру тарихына түсіріп қояды.

Бұлардың жеңіл қабылдауы науқастарды еліктіре бастады. Дегенмен жұрт Буварды айырықша ұнататын, ал ол отставкадағы кеме капитаны Барбенің қызын емдеп жазғаннан кейін, оның даңқы Фалезге дейін жетті.

Қыз қарақұсына шеге қадалып тұрғандай сезініп, қырылдай сөйлеп, бірнеше күн тамақ ішпей қоятын да, одан кейін әкті немесе көмірді күрсілдетіп тұрып жейтін. Жүйке талмасы ұстағанда өксуден бастап, ағыл-тегіл жылаумен аяқталатын; шөп тұнбаларынан бастап күйдіруге дейінгі қаншама ем-домнан әбден шаршаған қыз Бувар емдегісі келгенде қарсылық білдірген жоқ.

Қызметші әйелді шығарып жіберіп, есікті ішінен кілттеп алған Бувар қыздың ішін, аналық без тұсына қолын батырыңқырап сипалай бастады. Қыз сүйсіну және есінеу арқылы жеңілдену сезімдерін білдірді. Бувар саусағын екі қасының арасына қойған кезде қыз қозғалыссыз қатып қалды. Бувар оның қолын көтеріп еді, сылқ етіп құлап түседі; басын Бувар қалай қозғаса, сол жағдайда қатып қалады, ал жартылай ашық, дір-дір еткен қабақтарының астынан көз алмасы аунап түскені байқалды, бір кезде қыз көзін көкке көтерген күйі қозғалыссыз қалды.

Бувар одан қай жері ауыратынын сұрап еді, ол еш жері ауырмайтынын айтты; оның есесіне қыз тәнінде не болып жатқанын сезінетінін білдірді.

— Қазір тәніңде не көріп тұрсың?

— Құртты көріп тұрмын.

— Оны қалай өлтіру керек?

Қыздың маңдайы жиырылды:

— Ойланайын... білмеймін, білмеймін.

Екінші сеанс кезінде қыз өзіне қалақай суын, үшіншіде — шөптер тұнбасын ішу керегін айтты. Талмасы бірте-бірте азайып барып, біржолата тоқталды. Бұл шын мәнінде ғажап іс болды.

Басқа науқастарда кеңсірік үстіне саусақ қою еш нәтиже бере қоймады да, адамды ұйқылы-ояу күйге түсіру үшін, бұлар месмер кеспегін жасамақ болып шешті. Пекюше металл жоңқасын жинап, жиырма шақты шөлмекті тазалап қойған кезде, ойына бір күдік кірді: аурулардың ішінде әйел заты да болуы мүмкін ғой.

— Егер оларда эротикалық қозу талмасы бастала қалса не істейміз?

Бувар бұған тоқталмас еді, бірақ өсек тарап, бопсалау орын алуы мүмкіндігін есепке алып, оларға бұл ойдан бас тартуға тура келді. Одан кейін шыны сырнаймен шектеліп, оны тартып, үй-үйді аралағанда, балалар соңдарынан еріп жүретін болды.

Бір жолы Мигрен қатты ауырғанда, олар сырнайды іске қосты. Сыңғыр әуеннен ол одан әрі қозып кетті; бірақ Делез науқастың шағымына көңіл аудармауға кеңес беретін, музыка жалғаса берді.

— Жетеді! Қой енді! — деп айғайлайды науқас.

Пекюше шыны түймелерді басуын жалғастыра берді, аспап сызылтқан сайын науқастың айғайы үдей түседі, — осы сәтте шуды естіген дәрігер үйге кіріп келді.

— Бұл не? Қалай, тағы сіздер ме? — деп, өз науқастарының қасынан үнемі бұларды кездестіруден ашуы қайнаған ол дауысын көтере сөйледі.

Бұлар өздерінің магнетизм тәсілдері жайын түсіндіре бастады. Дәрігер магнетизмді балағаттап, оны көзбояушылық, ал оның әсері бос қиял деп атады.

Алайда жануарларды магнеттеуге болатынын Монтакабер растайды. Фонтен мырза арыстанның қаншырын магнеттеген. Бұлардың қолында қаншыр болмағанмен, жағдайға байланысты басқа бір жануардың сәті түсе кетті.

Келесі күні таңғы сағат алтыда бір жұмысшы келіп, оларды фермаға, өлгелі жатқан сиырды емдеуге шақыратынын айтты. Бұлар дереу жолға түсті.

Алма ағаштары гүлдеген ауладағы шөп үстінде жаңа шыққан күн жылуынан бу көтеріледі.

Тоған жағасында ыңырана қалтыраған, үстіне жабу жабылған сиырға шелекпен су шашып жатты; қарны адам айтқысыз қампайып кеткен ол сусиырға ұқсайтын еді.

Сірә, байғұс сиыр далада жайылып жүріп, улы шөп жеп қойса керек. Мал дәрігері келе қоймай, іш кебуді оқумен жазатын арба жасаушының уақыты болмай, әбден абыржыған Гуи мен оның әйелі өз кітапханаларымен атағы шыққан мырзалар бірдеңе білетін болар деп үмітті еді.

Жеңдерін түрініп жіберген олар бірі сиырдың маңдай алдына, екіншісі арт жағынан тұра қалып, барын сала неше түрлі ишара жасап, саусақтарын тарбайтып, малға флюид ағынын бағыттап жатқанда, фермер, оның әйелі, ұлдары мен көршілер оларға үрейлене қарап тұрды.

Сиырдың ішегі құрылдап, іші бүлкілдей бастады. Содан кейін ол газ шығарды.

— Бұл үміт күтуге болады деген белгі; мүмкін, енді іші өтетін шығар, — деді Пекюше.

Нәтиже көп ұзаған жоқ, үміт ақталып, снаряд жарылғандай тарсылмен сарғыш сұйықтықты сыртқа ытқытты. Терісі тартылып, қампиған қарын кішірейіп, сиыр үйреншікті қалпына түсті. Бір сағаттан кейін онда ауру белгісі де қалмады.

Бұл енді қиял көрінісі емес еді. Демек, флюидтің ерекше күші болғаны. Оны затқа ендіріп, күшін әлсіретпей одан қайта алуға болады. Оның мұндай қабілеті тіпті қозғалысты да керек қылмайды. Олар мұны пайдаланып, өз пациенттеріне магнеттелген салпыншақ, қолорамал, су, нан жіберетін болды.

Зерттеуді одан әрі жалғастыра келе олар магнеттеуді діңі арқанмен оралған ескі ағашпен ауыстыратын Пюисегюр жүйесіне көшті де, қол қимылдарын жасаудан бас тартты.

Бұлардың бағындағы күрке қасында өсіп тұрған алмұрт ағашы бұл мақсат үшін іздегенге сұраған болып шықты. Олар ағашты бірнеше рет айналдыра орау арқылы даярлады да, оның түбіне қойылған отырғышқа ауруларды қаз-қатар отырғызады. Бұдан ғажап нәтижелерге қол жеткізген соң, Вокорбейді масқаралау ниетімен оны және басқа жергілікті игі жақсыларды осы жерге шақыруды ұйғарды.

Шақырылғандар бірі қалмай түгел келді.

Жермена келгендерді кіші қонақжайға шақырып, кішкене күте тұруларын өтінді-мырзалар қазір келеді.

Анда-санда қоңырау шылдырайды. Бұл келіп жатқан науқастар; оларды Жермена басқа жаққа алып кетеді. Қонақтар бір-бірін шынтақтарымен түртіп, көздерімен шаң баттасқан әйнектерді, кірі айғыздалған қабырғалар мен жарылып кеткен есіктерді көрсетеді; терезеден көзге түскен бақ көрінісі де аянышты-ақ. Ағаштар қурап қалған! Жеміс бауына кіретін ойыққа екі сырықтан жасалған бөгеуіл қақпа міндетін атқарып тұр.

Пекюше көрінді.

— Қызметтеріңізге әзірміз, мырзалар!

Бұлардың көзі алысырақта, алмұрт ағашының түбінде отырған бірнеше адамға түсті.

Аббат сияқты кәсе, ластик рясасы мен тері тебетейі бар Шамберлан қабырға араларындағы дертінен селкілдеп отыр; оның қасында асқазан ауруынан әлі де жазылмаған Мигрен тыжырынады; Варен кемпір ісігін жасыру үшін, шәлісін қымтай оранып алыпты; жалаң аяғына көне шоқайын іле салған Лемуан шал балдақтарына сүйеніп отыр, ал Барбенің тойға келгендей әлем- жәлем киінген қызы әппақ қудай болып көрінеді.

Ағаштың арғы бетінде басқа науқастар отыр: бетінде алапес нышаны бар әйел мойнындағы іріңді жарасын сүртіп отыр; бір кішкентай қыздың бетінің жартысын көк көзәйнек жауып тұр; жұлын омыртқасы қисайған шал денесінің дірілімен жыртық жейде, жамаулы шалбар киген Марсель нақұрысты да дірілдетіп қояды. Оның нашар түзетілген жырық ернінен алдыңғы тістері көрінеді, тіс ауруынан сұмдық ісіп кеткен жағын шүберекпен таңып алыпты.

Бұлардың барлығы да ағаштан салбырап тұрған арқаннан ұстап алыпты, айнала құстардың шырылы естіліп, әуеде қызған шөптің иісі аңқиды. Жапырақтар арасынан күн сәулесі құйылып тұр. Қонақтар мүк үстімен жүріп келеді.

Алайда сынаққа қатысушылар ұйықтаудың орнына көздері бақырайып отыр.

— Әзірге ешқандай қызық көріп тұрғам жоқ, — деді Фуро. — Бастай беріңдер, мен қазір келем.

Ұзамай ол трубкалар тізілген қақпадағы соңғы жәдігер, Әбділқадырдың бірін бұрқыратып қайтып келді.

Пекюше магнеттеудің бір тамаша тәсілін есіне түсірді. Ол өзіне қуат жинау үшін, барлық аурудың мұрындарын аузына тығып, тыныстарын тарта бастады, ал Бувар ағашты құшақтап, оның флюид шығаруын күшейте түсуге тырысты.

Тас қалаушының ықылығы тыйылып, шіркеу күзетшісінің дірілі азайды, омыртқасы зақымданған жан мүлде қозғалыссыз қалды. Енді оларға жақындап, әр түрлі тәжірибелер жасауға болады.

Дәрігер ланцетпен Шамберланның жарасынан түртті, ол ақырын ғана дір етті. Басқалардың сезімталдығы сол қалпы: шемен ауру шыңғырып қалды. Барбенің қызы түс көріп отырғандай жымиып қана қойды, оның иегіне сыздықтап қан ағып тұр.

Фуро өзі тәжірибе жасап көргісі келіп қолын созып еді, дәрігер ланцетін бере қоймаған соң, қызды қаттырақ шымшып алды. Капитан қауырсынмен оның танауын қытықтады, салық басқарушысы терісіне ине сұғып көрмек болды.

— Тиіспеңдер! — деді Вокорбей. — Таң қалатын түгі жоқ! Есірік қыз! Бұл жерде шайтанның өзі аяғын сындырып алар!

— Мына әйелдің өзі емші, — деді Пекюше шіріншемен ауыратын Викторияны көрсетіп. — Ол қазір кімнің немен ауыратынын біліп, қандай дәрі ішуін тағайындайды.

Ланглуа одан өзінің асқазан қатары жайлы кеңес алғысы келіп тықыршығанымен, батылы бармай тежеліп қалды; оның есесіне Кулон батылдық танытып, буын құздамасына қандай ем жасауға болатынын сұрады.

Пекюше оның оң қолын Викторияның сол алақанына салды да, сәуегей әйел көзін ашпаған күйі, беті қызара түсіп, еріні дірілдей, әуелі адам түсінбес бірдеңелерді жыбырлады да, содан кейін valum becum дегенді айтты.

Ол бір кезде Байедегі дәріханада жұмыс істеген болатын. Вокорбей осыны еске алып, ол мүмкін дәріханада естіген album graecum деген сөзді айтпақ болған шығар деп долбарлады.

Содан кейін ол, Бувардың айтуынша, көзін қалың нәрсемен жауып алып та көре беретін Лемуан шалға жақындады.

Бұл ішкілікке салынған мектеп мұғалімі болатын. Ағашқа арқасын сүйеп отырған ол ақ шаштары жалбырап, күн сәулесі шағылысқандай-ақ көзін жұмып алыпты.

Дәрігер оның көзін екі қабатталған галстукпен байлап, Бувар газетті алдына тосты да, бұйрықты дауыспен үн қатты:

— Оқыңыз!

Лемуан басын төмен түсіріп, ернін жыбырлатты, содан кейіп басын сол шалқайтты да, ежелеп оқи бастады:

— Кон-сти-тю-си-он-ель!

— Енді, ебін тауып, кез келген таңғышты жылжытуға болады!

Дәрігердің ештеңеге сенбейтіндігі Пекюшенің жынын келтірді, енді ол тәуекелге басып, Барбенің қызы дәл азіргі сәтте дәрігердің өз үйінде не болып жатқанын айтып бере алады деп мәлімдеді.

— Көрелік, — деді ол.

Сөйтті де сағатын суырып алып:

— Менің әйелім қазір не істеп жатыр? — деп сұрады.

Барбенің қызы ұзақ ойланды, ақыры ашулана жауап қатты:

— Не істеп отырғаны қалай? Ә, білдім. Ол қамыс қалпаққа таспа қадап отыр.

Вокорбей қойын кітапшасының бір бетін жұлып алып бірнеше сөз жазды да, оны нотариустың елгезек көшірмешісі апарып беруге даяр екенін білдірді.

Сеанс аяқталды. Науқастар тарап кетті.

Бувар мен Пекюше қуанарлық ештеңе бола қоймады. Бұл ауа райынан немесе темекінің иісінен немесе аббат Жефруаның мыс әшекейі бар қолшатыры кінәсінен болуы мүмкін: бұл металл флюид ағынына кедергі келтіреді.

Вокорбей иығын көтерді де қойды.

Дегенмен ол Делез, Бертран, Морен, Жюль Клок мырзалардың беделін жоққа шығармайтын болар! Бұл ғалымдар айкезбелердің болашақты болжай алатынын, ауыр операцияларды қыңқ етпей көтеретінін жазады.

Аббат тіпті таңғаларлық оқиғаларды әңгіме қылды. Бір миссионер жолда қолдарымен жүгіріп бара жатқан браминдерді көріпті. Тибеттегі далайлама сәуегейлік жасау үшін өзінің ішін жарып жібереді екен.

— Қалжыңдап отырған боларсыз? — деді дәрігер.

— Шын айтам!

— Қойыңыз! Адам сенбейтін нәрсе!

Енді тақырыптан ауытқып, бәрі қалжың әңгімелерге кірісті.

— Менің бір итім болды, — деді бақалшы, — ай жұмадан басталғанда ылғи ауырып қалатын.

— Біз үйде он төрт бала болдық, — деп іліп әкетті бітімші сот. — Мен он төрті күні туғанмын, он төрті күні үйлендім, мерейтойларымның бәрі он төртіне тура келеді. Осыны маған түсіндіріп беріңіздерші?

Бельжамб бірнеше рет түсінде, ертеңіне трактиріне келетін адамдардың санын көргенін айтты, ал Пти Казот болашаққа болжау жасаған кешкі ас жайын әңгімеледі.

Осы кезде кюре сөз қосты:

— Осының бәрі жайдан-жай емес...

— Шайтанның ісі екені рас қой? — деді Вокорбей.

Аббат жауап орнына басын изеді.

Мареско дельфылық пифиялар жайынан сөз қозғады.

— Бұл, сөз жоқ, мәңгүрттік нышандары.

— Солай деңіз, енді мәңгүрттік болып шықты ма?

— Ал мен флюид барына шын сенемін, — деп Бувар қарсылық білдірді.

— Жүйкелік-жұлдыздық, — деп Пекюше үстемелей түсті.

— Олай екенін дәлелдей алмадыңыздар ғой. Кәне, қайда флюидіңіз! Оның үстіне қазір флюид деген сәннен қалған, шын айтам!

Вокорбей әрірек, көлеңкеге ығысты. Қонақтар оның соңынан жылжыды.

— Сіз балаға: "Мен — қасқырмын, сені жеймін", — десеңіз, ол сізді шын қасқыр деп түсініп, қорқады; демек, бұл — сөзден пайда болған әсер. Сол сияқты айкезбелікке ұшыраған жан қиялын қалауынша пайдаланады. Оның есте сақтау қабілеті әрекет етіп, қиялы қалғып жатады, ол үнемі ойлап отырмын деп тек сезінгенін ғана қабылдайды. Бұл әдіс арқылы қылмыстық оймен сананы жаулап алуға болады; тәртіпті адамдар өзін тағы аң ретінде сезініп, еріксіз адамжегішке айналуы мүмкін.

Барлығы Бувар мен Пекюшеге қарады. Олардың ілімі қоғамға қауіпті болып шықты.

Бақ жақтан Вокорбей ханымның хатын бұлғаңдата көрсетіп келе жатқан нотариустың көшірмешісі көрінді.

Дәрігер оны ашып, көз жүгіртіп өткенде, түсі қуарып сала берді, ақыры жұртқа оқып берді: "Мен қамыс қалпаққа таспа тігіп отырмын".

Қатты танырқаған жұрттың күлкісі езулерінде тұнып қалды.

— Әншейін ғана кездейсоқтық! Бұл ештеңені дәлелдей алмайды.

Магнетизерлер мақтаныштан жарыла жаздап тұрды, ал дәрігер есікке жете бере артына бұрылып:

— Бұл қауіпті ермекті қойғандарыңыз жөн! — деді.

Кюре шіркеу күзетшісін өзімен ала кетіп, жолшыбай жер-жебіріне жетумен болды:

— Есіңнен ауысқанбысың өзің? Менің рұқсатымсыз не істсп жүрсің? Шіркеу тыйым салған іс бұл!

Бәрі тарап кетті. Бувар мен Пекюше төбешік үстіндегі беседкада мұғаліммен әңгімелесіп отырған; осы кезде жеміс бағынан шыға келген Марсель таңғышын шешіп алып, қуана айғай салды:

— Мен жазылдым! Жазылдым! Қайырымды мырзалар!

— Жарайды, жетеді! Мазамызды алма!

— Аһ, қайырымды мырзалар, сіздерді сондай жақсы көрем! Еңбектеріңізді қалай ақтасам екен?

Озық ойлы Пти дәрігердің дәлелдерін пасықтық, тоғышарлық деп бағалады. Ғылымды қалталылар жаулап алған. Оған халықтың қолы жете бермейді; ортағасырлық ескі талдаулар қанатын сенімді түрде кеңге жайып келе жатқан синтезге жол босатуы керек. Ақиқатқа тек жүрек арқылы жетуге болады. Сөйтті де, өзінің спиритизммен айналысатынын айтып, бұларға артық-кемді жерлері бар болғанымен, түсірер жарығы да мол бірнеше шығарманы атады.

Олар бұл кітаптарды жаздырып алды.

Спиритизм адамзат тегіне жоғарыдан жетілдірілу жазылған деп есептейді. Жер бір кезде аспанға айналады, доктрина ұстаздарының ұстанымы — осы. Католиктікке жатпайтын ол, өзін жақтаушылардың пікірінше, Августин диуана мен Людовик әулиеден бастау алатын көрінеді. Аллан Кардек тіпті олардың айтқан сөздерінен қазіргі заманғы көзқарастармен деңгейлес үзінділерді жариялапты. Бұл доктрина өміршең, игілікті және адам өлгеннен кейін қуанышты күйдегі жаны ұшып баратын жоғары әлемді телескоп сияқты көз алдымызға тосады. Кейде олар біздің планетамызға келіп, жиһазды тарсылдатып, біздің көңіл көтеруімізге қатысады, табиғат әдемілігі мен өнер қуанышынан рақатқа бөленеді.

Ал біздің көпшілігімізде бассүйегіміздің желке жағында орналасқан, біздің шашымыздан планеталарға көтеріліп, Сатурн рухтарымен тілдесуімізге мүмкіндік беретін арома түтігіміз болады. Тіпті сезілмейтін денелерде де шынайы, жер мен жұлдыздардың арасында байланысқа түсу, алыс-беріс, айырбас үздіксіз жүріп жатады.

Пекюшенің жан-дүниесі үмітті ұмтылысқа айналып, түн ішінде Бувар оның терезе алдында жарықтар тілгілеген, рухтарға толы кеңістікке телміре қарап тұрғанын бірнеше рет көрді.

Сведенборг сол кеңістікті емін-еркін кезіп жүрген көрінеді. Бір жылға толмайтын уақыт ішінде ол Шолпанда, Марс пен Сатурнда және жиырма үш рет Юпитерде болып қайтыпты. Оған қосымша ол Лондонда Иисус Христосты, апостол Павелді, апостол Иоаннды, Мұсаны, ал 1736 жылы тіпті Қиямет-қайымды да көріпті.

Ол аспанды суреттеп жазады.

Онда тура біздегідей гүлдер, сарайлар, базарлар мен шіркеулер бар екен.

Бір кездегі адам — қазіргі періштелер, өз ойларын қағазға түсіреді, шаруашылық істері немесе рухани нәрселер жайлы пікірлеседі, ал жердегі өмірінде Қасиетті жазуды қастерлеген жандар онда діни лауазымды иеленетін көрінеді.

Тамұқ — сасық иісі мүңкіген, күрке-лашықтан тұратын, кір-лас, жырым-жырым киім кигендер кезіп жүретін жер екен.

Пекюше бұл сыр ашудан қандай рақат табатынын ойлап басын қатырды. Буварға ол нақұрыстың дәлдүрі болып көрінді. Бұлардың бәрі табиғат заңының шегінен тыс нәрселер еді. Дегенмен, кім біліпті? Олар мынандай мәселелерді талқылауға тырысып көрді: көзбайлаушылар жұртты алдауға қабілетті жандар; әуесқой адамдар өзгелерді еліктіруге қабілетті; алайда ерік-жігер қалай өз-өзінен инертті материяға әсер ете алады? Бір баварлық көз алдында көк жүзімді уылжып пicy жағдайына жеткізген деседі; Жерве семіп қалған гелиотропты тірілткен; Тулузаның бір мықты тұрғыны бұлтты айдап жібереді екен.

Адамдар мен сыртқы әлем арасында делдалдық етуші субстанция болуы мүмкін бе? Электрдің жаңа, ерекше түрі, салмақсыз затод нақ осындай субстанция болып жүрмесін? Магнетизмге тартылғандар көретін, зираттарды кезіп жүретін елес көріністер мен оттарды осы субстанцияның жарқылы деп түсіндіруге болмас па екен?

Онда бұл бейнелерді елес деуге болмайды; демек, нақұрыс, мәңгі жандарға тән және айкезбелер қабілетіне ұқсас ерекше қасиеттердің негізі бар болғаны ғой.

Ол қасиет қайдан шығып жатса да, қандай да бір мән, бір құпия және бәрін тұтас қамтитын күш иесі бары шындық. Егер біз оны игере алсақ, өзге күшке, уақытқа деген қажеттілік те жоғалар еді. Ғасырларға созылатын нәрсе бір минөтте шешілер еді; неше түрлі ғажаптар жүзеге асып, бар ғалам біздің еркімізге бағынар еді.

Магия адам ақыл-ойының осы мәңгілік ізденісінен туған. Әрине, оның мәні асыра бағалануда, бірақ ол жалған емес. Онымен таныс шығыс тұрғындарының неше түрлі ғаламаттарды жасап жүргенін саяхатшылардың бәрі айтып келеді, ал Пале-Руаял тұрғыны Дюпоте магнит бағдаршасын саусағымен қозғай алатын көрінеді.

Маг болуға қалай қол жеткізсе екен? Бұл ой оларға әуелі ақылсыздық болып көрінді, бірақ қайта оралып соғып, мазалай беретін болды, ақыры олар ол ойларын күлкіге айналдырғансып, жетегіне ере берді.

Алдымен өздеріне ерекше даярлық режімі қажет.

Өздерін тезірек экзальтация жағдайына жеткізу үшін, олар түні бойы ұйықтамады, тамақ ішпеді және Жерменаны неғұрлым сезімтал медиумға айналдыру үшін, оған да тамақ беруді азайтты. Ол тамақтың орнын ішімдікпен толтырмақ болып, арақты көп ішкендіктен, ақырында салынып ішетін ішкішке айналып кетті. Жермена түнде олардың дәлізде сенделіп жүргендерінен оянып кетеді. Аяқ дыбыстарын ол құлағымның шуылы деп, сөйлескен сөздерін қабырғадан шығып жатқан елес дауыстар деп қабылдайды. Бір күні таңертең камбаланы жертөлеге қойып жатқанда, оның өз-өзінен отқа оранғанын көріп, есінен танып қала жаздады; содан бері оның жағдайы нашарлай берді, ақыр аяғында өзіне қожайындарының көзі тиді деген шешімге келді.

Елес көрінер ме деген үмітпен бұлар бір-бірінің желкелерін сығымдайды, итжидектен тұмар жасап тақты; магиялық қорапшаға да жүгінді: шегеге шаншылған саңырауқұлақты кішкентай қорапшаға салып, таспамен жүрек тұсына байлап жүру керек. Бірі де нәтиже бермеді; енді оларға Дюпоте шеңберін пайдалану ғана қалған еді.

Пекюше еденге көмірмен қара шеңбер сызды, оған жануарлар рухтарын қамап, оларға сыртқы ортадағы рухтар көмектесуі тиіс. Сөйтті де, Буварға билік жүргізетініне қуанып, абыз кейпінде саңқылдай сөйледі:

— Мен саған бұл шеңберді аттап өтуге тыйым саламын!

Бувар шеңберге қадала қарады. Кенет оның жүрегі тарсылдай соғып, көз алды қарауытып кетті.

— Қой енді, жетеді!

Ол бойын билеген түсініксіз қорқыныштан құтылу үшін, шеңберден шығып кетті.

Бойын кернеген шаттық сезімі арта түскен Пекюшенің енді бір аруақты шақырғысы келді.

Директория кезінде Эшикье көшесінде тұратын бір адам тілек білдіргендерге Террор құрбандықтарын көрсеткен. Ана дүниеден келгендерді көрсету мысалы өте көп. Мейлі, бұл елес-ақ болсын, бәрібір! Маңыздысы — оны көрсету.

Марқұм өз жақының болса, шақырғанда тезірек келеді. Алайда Пекюшеде жүзік, мүсін, не шаш сияқты ешқандай әулеттік жәдігер жоқ еді, ал Бувардың әкесін шақыруына мүмкіндігі жетіп артылады. Бірақ ол бұдан бас тартты.

— Сен неден қорқасың? — деп сұрады Пекюше.

— Мен бе? Ештеңеден қорықпаймын. Білгеніңді жасай бер.

Олар Шамберланның қолын майлап, ол бұларға жасырын түрде зираттан бассүйек әкеліп берді. Тігінші бұларға монахтардікіндей күләпаралы екі қара қаптал шапан тікті. Фалезден келген арбакеш бұларға қапталған ұзын бума әкеліп тапсырды. Содан олар біреуі бұдан не шығар екен деген әуестікпен, екіншісі — сәтті болып жүрсе қайтемін деген қорқынышпен іске кірісті.

Музей бөлмесін олар өлік таситын арба сияқтандырып қара шүберекпен қаптап тастады. Бувар-әке портретінің астындағы қабырғаға тақап қойылған үстелде үш майшам жанып тұр; портрет үстіне бассүйек ілінген. Бұлар тіпті бассүйек ішіне де майшам орналастырып, оның көз ойықтарынан жарық түсіп тұрды.

Бөлме ортасындағы табада ладан түтіндейді. Бувар алысырақ тұрды, ал Пекюше оған теріс қарап тұрып, каминге бір уыс күкірт тастады.

Марқұмды шақырмас бұрын, бұған жындардың рұқсатын алу керек. Бүгін жұма, Бехет күні болғандықтан, алдымен Бехетпен айналысқан жөн. Бувар оңы мен солына тағзым етіп, басын төмен иіп, қолдарын аспанға көтеріп, бастай жөнелді:

— Эфаниил, Анацин, Исхирос атымен...

Қалғаны есіне түспей қойды. Пекюше параққа жазып алған сөздерді сыбырлап айта бастады:

— Исхирос, Атанатос, Адонай, Садай, Элой, Мессиас (тізім ұзақ еді)... жалбарынамын, өтінемін, бұйырамын саған, о, Бехет!

Содан кейін дауысын ақырындатты:

— Қайдасың сен, Бехет, Бехет, Бехет, Бехет?

Бувар креслоға құлай кетті; ол Бехеттің келмей-ақ қойғанына қуанар еді, ішінен бұл әрекетін күпірлік жасағандай сезініп, өзін-өзі жазғырумен болды. Әкесінің рухы қайда екен? Шынымен мұны естір ме екен? Қазір осы жерде пайда бола қалса, не істер еді?

Перде сынық терезеден соққан желмен баяу қозғалып қояды, майшамдардан бассүйек пен портреттегі бейнеге дір-дір еткен көлеңке түсіп тұр. Бассүйек те, портрет те күңгірт, жер түстеніп шалынады. Жағы өнез басып, көзі кір басқаннан өлімсіреп көрінеді.

Есесіне жоғары жағындағы бассүйектің көз ойығында от маздап жанады. Арасында бассүйек суреттегі бастың орнына ауысып, сүртік жағасына келіп орнағандай, жақсақал өсіп шыққандай көрініп кетеді, шегеге нашар ілінген портрет дірілдей қозғалып қояды.

Біртіндеп олар біреудің жақыннан шыққан демін, жандарында көзге көрінбейтін біреудің тұрғанын сезіне бастады. Пекюшенің маңдайын тер басып, Бувардың тісі сақылдап, төсінің төменгі жағы шаншып кетті, еден толқын сияқтанып аяғының астынан жылжып бара жатты; каминдегі күкірт шатыр-шұтыр дыбыс шығарады; жалпылдап жарқанат ұшып жүр. Біреу айғай салды. Бұл кім болды екен?

Қорқыныштары екі есе ұлғайып, күләпара астындағы беттері қисайып кетті; олар қозғалуға да, сөйлеуге де батылдары жетпей қатып қалған; кенет есік сыртында біреудің жанталаса қырылдаған даусы естілді.

Ақырында олар батылданып, есікке ұмтылды.

Бағанадан есік саңылауынан сығалап тұрған кәрі қызметші әйелдің көзіне албасты елестеп, дәлізде тізерлей кетіп, жанталаса шоқынып жатыр екен.

Бұлар қанша үгіттесе де, Жермена енді көнбей қойды, мұндай ұждансыздарға бұдан былай қызмет ете алмайтынын айтып, сол кеште-ақ кетіп қалды.

Ол жай кетпей, болған оқиғаны жұртқа жайып жіберді. Шамберлан қызметінен алынды, ал Бувар мен Пекюшеге қарсы аббат Жефруа, Борден ханым мен Фуролардың қолдауымен астыртын әрекет жүргізіле бастады.

Бұлардың айналадағылардан өзгеше өмір салты қоғамның қарсылығына ұшырады. Жұрт бұларға күдіктене, тіпті іштей үрейлене қарайтын болды.

Әсіресе қызметші таңдауда қоғамдық пікірдің зияны көп тиді. Басқа ешкімді таппаған соң, Марсельді жалдауға тура келді.

Ұсқыны келіспеген, жырық ерін, түсініксіз дыбдырлап сөйлейтін одан жұрт қашық жүруге тырысатын. Сәби шағында әке-шешесі тастап кеткен ол далада қараусыз өсіп, қайыршылық өмірден ешқашан қарны тойғанын сезбейтін ауруға ұшыраған болатын. Арам өлген мал ма, сасыған шошқа майы ма, өлгелі жатқан ит пе, — ол ештеңені талғамайтын, тамақтан өтетін нәрсе болса болғаны. Соған қарамастан қозыдай момын, бірақ нағыз нақұрыстың өзі.

Ол Бувар мен Пекюше мырзаларға ризалық сезімімен қызмет көрсетуге тілек білдірді; әрі оларды сиқыршы деп түсінетіндіктен, олардың қасында болу пайдалы деп есептеді.

Бірінші күні-ақ ол қожайындарына бір құпияны ашты. Полиньидегі аршалар арасынан біреу бір кездері құйма алтын тауып алыпты. Бұл оқиғаны фалездік тарихшылар жазған болатын; бірақ олар шындығын білмейтін: он екі ағайындылар сапарға шығар алдында Шавиньоль мен Бретвиль арасындағы жол бойына бірдей он екі құйма алтынды көміп кеткен көрінеді. Марсель қожайындарынан іздеуге қайта кірісуді өтінді. Ағайындылар бұл құймаларды шет елге қашар алдында көміп кетуі мүмкін деп ойлады олар.

Бұл іздеу үшін сәуегейлік асатаяғын сынап көруге таптырмайтын жағдай болар еді. Оның қасиеті бары күдік тудырады. Дегенмен олар бұл мәселені зерттеуге кірісті. Пьер Гарнье дейтін біреу асатаяқты дәлелдеу үшін бастаулар мен металдар ағашқа ұқсас бөлшектер бөліп шығарады деген ғылыми дәлел келтіріпті.

Солай бола қояр ма екен. Бірақ, кім біледі? Байқап көрелік!

Олар жаңғақ ағашын үшкірлеп, аша таяқ жасап алып, бір күні таң ертемен көмбе іздеуге шықты.

— Тапсақ, қайтарып беруге тура келеді, — деді Бувар.

— Жоқ, кешіріп қойыңыз!

Үш сағат жүргеннен кейін олардың ойына бір нәрсе түсіп, тоқтай қалды: Шавиньолдан Бретвильге баратын жол! Сонда ескісі ме, жаңасы ма? Әрине, ескісі болуы керек.

Олар кейін қарай жүріп, айналаны шарлай бастады, ескі жол сорабын табу оңай нәрсе емес.

Марсель із кескен тазыша оңға-солға ойқастап жүр. Әр бес минөт сайын Бувар оны айғайлап шақырып алады. Пекюше таяқтың екі ашасынан ұстап, үшкір басын көтерген күйі аяғын аңдап басып жүріп келеді. Кейде әлдебір күш шыбықты жерге тартатындай болып сезіледі, сол кезде Марсель дереу қасындағы ағаштарды кертіп белгі сала қояды, кейін оңай табуға керек болады.

Кенет Пекюше тоқтай қалды. Ауызы ашылып, көз қарашығы сүзіліп кеткен. Бувар оның атын атап, иығынан тартты; сонда да селт етпей, Барбенің қызына ұқсап қатып қалыпты.

Кейін ол жүрек тұсында бірдеңе үзіліп кеткендей болғанын айтты, бұл, сөзсіз, таяқтың әсері, қайтып ол таяққа жоламай қойды.

Келесі күні олар белгі салынған ағаштарға қайтып келді. Марсель күрекпен жер қазуға кірісті. Қазудан еш нәтиже шықпады, әр шұңқырдан кейін олар бір-бірінен ыңғайсызданатын болды. Пекюше шұңқыр жиегіне отыра кетті. Ой үстінде өзінің арома түтігі арқылы рухтар үнін қабылдамақ болып, басын шалқайтты; өзі арома түтігі бар нәрсе ме екен, көзі басындағы күнқағарының маңдайшасына қадалып қалған. Өткендегідей, ол тағы да есерлене желігу күйіне түсті. Ол ұзаққа созылып, қорқынышты түрде өтті.

Сұлы арасындағы соқпақ жолдан киіз қалпақ көрінді: бұл биесімен жортып келе жатқан Вокорбей мырза екен. Бувар мен Марсель оны дауыстап, қол бұлғап шақырды.

Дәрігер келгенде, талма аяқталуға жақын қалған еді, Пекюшені дұрыстап қарау үшін, ол күнқағарын көтеріп, маңдайындағы мыс түстес дақты көріп қалды.

— Түсінікті! Fructus belli! Бұл мерез бөртпесі, достым. Емделу керек, шайтан алғыр! Махаббатпен ойнауға болмайды!

Қысылып қалған Пекюше күнқағарын қайта киіп алды, — маңдайшасы жарты ай секілді томпайып келген бұл берет үлгісін ол Аморостың атласынан алған болатын.

Дәрігердің сөзінен абыржыған ол көзін кеңістікке қыдырта қарап, сөздің астары жайлы ойлана бастаған еді, кенет талмасы қайта ұстады.

Вокорбей оған біраз қарап тұрды да, кенет шалт қимылмен күнқағарын басынан қағып түсірді.

Пекюше есін жинады.

— Өзім де біліп ем, — деді дәрігер, — күнқағардың жалтыраған лакты маңдайшасы сізді айна сияқты гипноздайды; жылтыр затқа тым қадала қарайтын кісілерде бұл жағдай жиі байқалады.

Ол бұл жөнінде тауықтарға қалай тәжірибе жасау керегін түсіндіріп, биесіне мінді де, аяңдатып жүріп кетті.

Жарты мильдей жүрген кезде бұлар алыстағы бір ферманың ауласынан пирамидаға ұқсас бір затты көрді. Оны ана жер, мына жерінде қызыл нүктелері бар үлкен қара жүзім шоғы деп ойлауға болар еді. Бұл Нормандияда жиі кездесетін, күнге қыздырынуды ұнататын күркетауықтар қонақтайтын салмалы биік сырық екен.

— Кіре кетелік!

Пекюше фермермен сөйлесті, ол бұлардың өтінішін орындауға келісім берді.

Бұлар қабырғаға жалтыраған ақ сыр жағып, тұмсығы жолаққа тиетіндей етіп аяғы буылған күркетауықты жатқызып қойды. Құс көзін жұмып, жаны жоқ нәрседей қыбырсыз қалды. Қалған тауықтар да сөйтті. Бувар оларды Пекюшеге беріп тұрды, ол есінен танған құстарды әрірек апарып, қатарластырып тізе берді. Ферма иелері мазасыздана бастады. Әйелі айғайлап, кішкентай қыз жылап жіберді.

Бувар құстардың аяғын босатты. Олар ақырындап ес жия бастады. Бірақ иелері оның салдары қандай боларын білгісі келді. Жауап орнына Пекюше бірнеше рет бетін қайтарып тастап еді, фермер айырын ала жүгірді.

— Көзіме көрінбей жоғалыңдар, шайтан алғырлар! Әйтпесе қарындарынды жарып тастаймын.

Бұлар қаша жөнелді.

Онда тұрған не бар дейсің ең бастысы — проблеманың шешімі табылды: желігудің себебі материалдық болып шықты!

Материя деген не сонда? Pyx деген не? Олардың бір-біріне әсерін қалай түсіндіруге болады?

Бұған жауап табу үшін, олар Вольтер, Боссюэ, Фенелон кітаптарын ақтаруға кірісті, қайтадан кітапханаға жазылды.

Көне шығармалардың көлемі үлкен, тілі ауыр болғандықтан, тістері батпады. Ал Жуффруа мен Дамирон бұларды қазіргі заман философиясымен таныстырды; сондай-ақ өткен ғасыр ойшылдарының ілімінен хабардар етер авторлар шығармаларын да оқып байқады.

Бувар Ламетри, Локк, Гельвецийлерден дәлел іздестірсе; Пекюше Кузен, Томас Рид пен Жерандоға үңілді. Бувар жасалған тәжірибелерге қызығушылық танытса, Пекюше идеал етіп көтеруге дайын тұратын. Біріншісі Аристотель рухын қолдаса, екіншісі — Платонды пір тұтты, сөйтіп, айтыс қызып берді.

— Жан материалдық емес! — дейді бірі.

— Мұның адасушылық! — дейді екіншісі. — Есалаңдық, хлороформ, қан ағызу — оны толғанысқа түсіреді, және ол үнемі ойлай бермейтіндіктен, тек қана ойға негізделген субстанция бола алмайды.

— Алайда менің өз басымда тәнімнен жоғары тұрған және оған қайшылықта болатын бір нәрсе бар.

— Тіршілік ішіндегі тіршілік? Homo duplex? Қой оны! Бейімділіктің әртүрлілігі қарама-қарсы себептерден туады. Бары сол ғана.

— Бірақ ол нәрсе, ол жан, сыртта болып жатқан өзгерістерге қарамастан, сол қалпында қалады. Демек, ол бастапқы, бөлінбейді, және соған орай рухани да болады!

— Егер жан бастапқы болса, — деп қарсылық білдірді Бувар, — жаңа туған нәресте де үлкендер сияқты есті, қиялды болмас па еді. Керісінше, ой өзінің дамуында миға тәуелді. Жанның бөлінбейтіндігіне келсек, раушан гүлінің иісі де немесе қасқырдың тәбеті де кез келген ерік-жігер немесе пайымдаушылық сияқты бөлінуге көнбейді.

— Мұның оған еш қатысы жоқ! — деді Пекюше. — Жанның материалдық қасиеті болмайды.

— Сен өзің тартылыс заңын мойындаймысың? — деді Бувар. — Егер материя құлай білсе, ол ойлай да алады. Басталуы бар жанның ақыры да бар, ол ағзаға тәуелді болғандықтан, онымен бірге жоғалады.

— Ал мен оны мәңгілік деп білем. Құдай оған жол беріп...

— Ал құдай жоқ болса ше?

— Не дейсің?

Пекюше үш картезиандық болжамдарды жайып салды:

— Біріншіден, құдай біздің ол туралы ұғымымыз ғана; екіншіден, оның болу мүмкіндігі бар; үшіншіден, ажалды пенде болғандықтан, біздің мәңгілік жайлы ұғымымыз неге сүйенуі мүмкін? Ал біздің ол жайлы ұғымымыз бар, демек ол құдайдың құдіреті, сондықтан құдай бар!

Ол енді сананың куәгерлігіне, ел аузындағы наным-сенімдерге, жаратушының бар болуы қажет екеніне дәлелдер келтіре бастады.

— Мен сағатқа көзім түскенде...

— Иә, иә, біз мұны білеміз. Ал сағатшының әкесі қайда екенін айта қойшы?

— Оның да бір себебі болуы керек қой!

Бувар ол себептің барлығына күмән келтірді.

— Бір құбылыстан соң екіншісі келетініне қарап, екінші біріншісінен туады деген қорытынды жасалады. Ал осыны дәлелдеп көріңіз!

— Бірақ ғалам көрінісі қандайда бір ниет, жоспар барын көрсетеді ғой!

— Мұны қайдан алдың? Жамандық та қайырымдылық сияқты әбден жетілдірілген. Қошқардың басында өсіп, оны өлтіретін құрт та анатомия көзқарасы тұрғысынан қошқардан еш кемдігі жоқ жаратылыс болып саналады. Неше түрлі кемтарлық сан жағынан қалыпты жаратылыстан анағұрлым артық болып келеді. Адам тәні бұдан да жақсырақ жаратылуына болатын еді. Жер шарының төрттен үші құнарсыз. Жарық көзі саналатын Ай да үнемі көріне бермейді! Сен сонда мұхит тек қана кемелер жүзу үшін, ал ағаштар үйімізді жылытуға ғана арналған деп ойлайсың ба?

Пекюше оған да жауап тапты:

— Алайда асқазан тамақ қорыту үшін, аяқ — жүру, көз — көру үшін жаратылған ғой. Иә, асқазан кейде бұзылады, аяқ-қол сүйектері сынады, көз бұршағы бұлыңғыр тартады. Бірақ бәрі де бір мақсат үшін жаратылған. Әрекет кейде бірден жүзеге асады немесе нәтижесі кейінірек көрінеді. Бәрі бір заңдылыққа бағынады. Демек, алғашқы себептер бар деген сөз.

Бувар Спинозадан лайықты дәлел табуы мүмкін екенін ойлап, Дюмушельге Сессенің аудармасын салып жіберуін өтінген хат жазды.

Дюмушель оған өзінің досы, 2 желтоқсаннан кейін жер аударылған профессор Варлоның кітапханасынан алған кітап данасын салып жіберіпті.

Этиканың аксиомалары, салдарлары мен қорытындылары бұлардың тісі батпас нәрсе болып танылды. Олар тек қарындашпен белгі қойылған жерлерін ғана оқып шығып, мынандай түсінік алды: "Субстанция дегеніміз өзінен-өзі, өзінің ғана арқасында, себепсіз, төркінсіз болатын нәрсе. Бұл субстанция — құдай.

Ол жалғыз — шексіз, ал шексіздіктің шекарасы болмайды. Оны немен шектейсіз?

Ол шексіз болғанымен, абсолютті шексіз емес, өйткені оның тек бір ғана жетістігі бар, ал абсолют солардың бәрін қамтиды."

Олар философтың сөздеріне дұрыстап ой жүгірту үшін жиі үзіліс жасап отырды. Пекюше жиі-жиі темекісін иіскейді, ал Бувар мәселеге қатты зер салғандықтан, күреңітіп кетеді.

— Қалай, бұл саған ұнай ма?

— Иә, әрине! Әрі қарай оқи бер!

"Құдай атрибуттар шексіздігінде дамиды, ал атрибуттардың әрқайсысы оның шексіздік мәнін өзінше білдіреді. Олардан бізге белгілісі екеу ғана: бойлық пен ойлау.

Ойлау мен бойлықтан сансыз модустар келіп шығады, олардың ішінде басқа модустар да болады.

Барлық бойлық пен барлық ойлауды бірден қабылдай алатын біреу болса, олардан ешқандай шарттылық, ешқандай кездейсоқтық көре алмас еді, тек бір-бірімен қажетті заңдылықтар арқылы байланысатын мүшелердің геометриялық қатарын байқар еді."

— Түу, қандай жақсы болар еді! — деді Пекюше.

"Демек, адам үшін де, құдай үшін де еркіндік болмайды".

— Естіп тұрсың ба? — деп ышқына дауыстады Бувар.

"Егер құдайдың ерік-жігері, мақсаты болса, егер ол бір нәрсе үшін әрекеттенетін болса, демек ол белгілі бір қажеттілік сезінер еді, соған орай оны жетілген деп айта алмас едік. Ол құдай болудан қалар еді.

Сөйтіп, біздің әлем — нәрселер жиынтығының бір нүктесі ғана, ғалам біздің санамызға сыймайды, бізбен қатар басқа да сансыз модификация жаратылатын ғалам шексіздігінің бір бөлшегі ғана. Кеңістік біздің ғаламды қамтиды, бірақ өз ойлауына барлық мүмкін ғаламды сыйғызатын құдайды қамти алмайды, ал оның ойлауының өзі оның субстанциясының шамасына сыйымды".

Бұлар өздерін әуе шарына мініп, тас қараңғы түнде, сақылдаған сары аязда, ағыс иірімімен түпсіз тұңғиыққа кетіп бара жатқандай, айналада қол жетпес, мызғымас мәңгіліктен басқа ештеңе жоқтай болып сезінді. Бұдан әріге шамалары келмейтінін біліп, Спинозаны жауып қойды.

Енді саналарына сыйымды бірдеңенің дәмін көрмек болып, мектепте оқытуға арналған Генье философиясының оқулығын сатып алды.

Автор антология немесе психология әдістерінің қайсысы артық деген мәселеге тоқталады.

Алғашқысы адам алғаш айналаға көз тоқтатып қарай бастаған нәресте қоғамға арналған. Бірақ қазіргі кезде, ол өзінің ішкі рухани әлеміне көз сала бастаған шақта, "екінші әдіс неғұрлым ғылыми деп есептейді", Бувар мен Пекюше де осыған тоқталды.

Психологияның мақсаты — "ішкі менде" болып жататын құбылысты зерттеу; оны бақылау жолымен тануға болады.

— Кел, бақылайық!

Екі апта бойы, таңғы тамақтан кейін олар өз саналарына үңіліп, аяқ астынан ұлы жаңалық ашудан үміттеніп жүрді, бірақ еш жаңалық ашыла қоймағанына қатты таңданды.

Менің миымды бір құбылыс, нақтылай айтсақ, ой жаулап алған. Ойдың табиғаты қандай? Заттар мида көрініс табады, ал ми арқылы бұл бейне біздің ақыл-есімізге беріледі де, сол арқылы біз оны танимыз.

Егер ой рухани болса, материяны қалай танимыз? Сыртқы түйсікке шүбәлана қарау осыдан шығады. Егер ой материалдық болса, ол рухани объектілерді тани алмас еді. Осыдан ішкі түйсікке күдіктене қарау пайда болады.

Бұл арада асқан сақтық қажет. Бұл жорамал бізді атеизмге бастауы мүмкін.

Өйткені бейне ақырғы нәрсе болса, ол шексіздікті білдіре алмайды.

— Алайда, — деп Бувар қарсылық білдірді, — мен бір тоғай, адам, ит жайлы ойласам, сол тоғайды, сол адамды, сол итті көре аламын. Демек оларды ой ұсынатын болғаны ғой.

Сөйтіп, бұлар идеяның шығу тегін зерттеуге кірісті.

Локк пікірінше, идеяның екі түрі бар: бірі сезуден, басқалары ойлаудан туады, ал Кондильяк бәрін де тек сезуге әкеліп тірейді.

Онда ойлаудың ешқандай негізі жоқ болып шығады ғой. Оған субъект, сезе алатын нәрсе керек және ол бізді негізгі ұлы ақиқатпен: құдай, қайырымдылық пен жауыздық, әділеттілік, әдемілік, т.б. яғни, құбылыс пен тәжірибеден де бұрынғы жалпыға белгілі, туа біткен ұғымдармен қамтамасыз ете алмайды.

— Олар жалпыға ортақ болса, бізде ол туғаннан бойымыздан табылар еді ғой.

— "Жалпыға ортақ" дегенді қабылдауға бейімділік деп түсінуге болады, Декарт та...

— Сенің Декартың жөнсіз соғудың шебері! Ол оны іштегі ұрықтың бойында да бар дейді, ал енді бір жерінде болуы мүмкін деп мойындайды.

Пекюшенің ауызы ашылып қалды.

— Сені оны қайдан таптың?

— Жерандодан алдым.

Бувар оны қарнынан шапалақтап қойды.

— Тиіспегін! — деді Пекюше. Содан кейін Кондильякке қайта оралды: — Біздің ойымыз түйсік құбылыстары емес. Түйсік тек қана ойды тудырады, қозғалысқа келтіреді. Ал оларды қозғалысқа келтіру үшін, қозғалтқыш қажет. Өйткені материя өзінен-өзі қозғала алмайды... Бұл сенің Вольтеріңнен тапқаным, — деді де, Пекюше оған басы жерге жеткенше иілді.

Бұлардың әрқайсысы өз оқығандарының дұрыстығын дәлелдеп, екіншісінің пікіріне мұрнын тыжырып, оған өз ойын түсіндіре алмай әлек болады.

Бірақ философияның арқасында олардың өздеріне деген құрметтері артып, бұрынғы ауыл шаруашылығымен, саясатпен айналысқан кездеріне аянышпен қарайтын болды.

Музейді де жек көріп кетті. Мына бір түкке қажетсіз нәрселерді сатып алатын біреу табылса, тіпті жақсы болар еді. Енді олар екінші тақырыпқа: рухани қабілеттерге ауысты.

Олар бар-жоғы үшеу ғана: сезім қабілеті, таным қабілеті және ерік қабілеті.

Сезім қабілеті дене сезімі, адамгершілік сезімі деп бөлінеді.

Дене түйсігі бес сезім органдарына сай бес түрге бөлінеді.

Адамгершілік сезімінің, керісінше тәнге еш қатысы болмайды. "Тартылыс заңын ашқан Архимед ләззатты мен қабанның басын мүжіп отырған Апицийдің жексұрын рақатын салыстыруға келе ме?"

Адамгершілік сезімінің төрт түрі болады, оның екінші түрі — "адамгершілік тілек" — бес түрге бөлінеді, оның ішінде адамның өзін-өзі жақсы көруі "сөзсіз заңды нәрсе, бірақ ол шектен асып кетсе, эгоизм деп аталады".

Таным қабілетінде ақыл-ес танымы болады, оның ішінен біз негізгі екі бастама мен торт дәрежені бөліп аламыз.

Барлық ақылға абстракция ерекшелігі су астындағы тастай кедергі келтіруі мүмкін.

Жад өткенмен, алдын ала болжау —болашақпен байланыс орнатады.

Елестету — бұл ерекше қасиет, sui generis'

Жалпы, осындай шатысқан дәлелдемелері, автордың педанттық көзқарасы, "Біз мойындауға дайынбыз... Біз ондай ойдан аулақпыз... Санамызға үңіліп көрелік" сияқты жиі қайталанатын сөз тіркестері, Дегальд-Стюартты жөнді-жөнсіз мақтай беруі, қысқасын айтқанда, осы көпірме сөздің барлығы олардың жүрегін айнытқаны сондай, олар ерік қабілетінен аттап өтіп, логика саласына ауысты.

Онда анализ, синтез, индукция, дедукция деген не, біздің қатеміздің басты себептері қандай екені сөз етіледі.

Оның бәрі сөзді дұрыс қолданбаудан болатын көрінеді. "Күн батып барады, ауа райы бұлыңғыр тартты, қыс жақындап келеді" — мұның бәрі дұрыс сөйлеуге жатпайды; олар жеке мән жайлы ойға жетелейді, ал мәселе өте қарапайым құбылыс туралы ғой. "Мен мынандай нәрсені, мына бір аксиоманы, қандай да бір ақиқатты еске аламын" деу —өзін-өзі алдау! Мұның барлығы менде қалған нәрселер емес, идея ғана, дұрысын айтсақ, былай сөйлеу керек: "Мен ақыл-ойымның мынадай актісін еске аламын, соның нәтижесінде, мен мына нәрсені қабылдадым, мынадай аксиоманы шығардым, осы ақиқатты дұрыс деп таптым".

Қандай да бір құбылысты бейнелейтін термин оның барлық модусын қамти алмайтын болғандықтан, Бувар мен Пекюше тек абстрактілі сөздерді ғана қолдануға тырысып, "Қыдырып қайтамыз, ас ішетін уақыт болды, ішім ауырады" деген сөздердің орнына "Қыдыру өте пайдалы болар еді, организмге тамақ енгізетін сағат болды, мен ішімдегіден арылу қажеттілігін сезінемін" деген сөз тіркестерін пайдаланатын болды.

Логиканы меңгере отырып, олар ақиқаттың әртүрлі белгілерін қайта қарады, алдымен ақыл-ой дұрыстығына тоқталды.

Егер бір жеке адам білім ала алмаса, қалған жеке адамдар қалай одан көп біле алады? Қателік жүз мың жыл өтсе де, ұзақ сақталғанына бола ақиқатқа айнала алмайды. Тобыр міндетті түрде шиырға ұрынады. Керісінше, азшылық прогресс жолына шығады.

Сезім куәлігіне сенуге бола ма? Олар бізді алдайды, тек қана көзбояушылықпен адастырады. Мәні айдалада қалады.

Ақыл-ес кепілдігі көбірек, өйткені ол қозғалыссыз және түрсіз, бірақ сыртқа шығу үшін түрге айналуы керек. Сонда ғана ақыл-ес менің ақыл-есіме айналады; ереже қате болса, мәнін жоғалтады. Қай ереженің ақиқат екенін ешкім дәлелдеп бере алмайды.

Оны түйсік арқылы тексеруге кеңес береді, бірақ ол түнекті қоюландыра түседі. Бұлыңғыр түйсіктен қате заңдылық туып, соның салдарынан құбылысты дұрыс қабылдауға кедергі келтіреді.

Енді тек мораль қалады. Бірақ бұл біздің қажеттеріміз абсолют өлшемі қызметін атқаратындай-ақ, құдайды пайдалы нәрсе деңгейіне дейін төмендету болып табылады.

Біреулер жоққа шығаратын, екіншілер мойындайтын анықтылыққа келетін болсақ, ол өзі өзінің белгісі болып саналады. Мұны Кузен дәлелдеп берген.

—Меніңше, тек қана ашықтық қалады, — деді Бувар.— Бірақ оған сену үшін алдын ала екі білімге: сезетін тән біліміне, саналайтын зияткерлік біліміне, яғни адамнан шығатын екі куәлікке, демек күмәніне — түйсік пен ақыл-еске сүйену керек.

Пекюше қолдарын кеудесіне айқастыра ұстап, ойланып қалды.

—Онда біз сұмдық скептицизм тұңғиығына түсіп кетеміз ғой.

Бувардың пікірінше, шүбәлану тек әлсіз ойды ғана қорқыта алады.

—Қолпашыңа ризамын, — деді Пекюше. —Дегенмен даусыз құбылыстар бар. Ақиқатқа белгілі шекте ғана қол жеткізуге болады.

—Қандай шекте? Екіні екіге көбейтсең қашанда төрт шыға ма? Әлде ыдыстың өзінен оның ішіне құйылған нәрсе, белгілі бір дәрежеде аз бола ма? "Белгілі шектегі ақиқат", "құдайдың бір бөлшегі", "бөлінбейтін бір нәрсенің бөлігі" деген сөздер нені білдіреді өзі?

—Сен өзі нағыз сопыға айналып кетпегейсің!

Пекюше ашуланып, үш күн сөйлеспей жүрді.

Бұл уақыт ішінде олар көптеген томның мазмұнына көз жүгіртіп шықты. Бувар арасында жымиып қояды; ақырында сәті түсіп, әңгімені қайта жалғастырды:

—Мәселе күдіктенбеу мүмкін емесінде. Мысалы, Декарт, Кант, Лейбниц үшеуінің де құдайдың бар екеніне келтірегін дәлелдері әр түрлі, бірін екіншісі жоққа шығарады. Әлемнің атомдардан әлде рух көмегімен жаратылғаны түсініксіз күйде қала береді.

Мен өзімді бір мезгілде әрі материя, әрі рух санаймын, бірақ екеуі жайлы да түк білмеймін.

Құпиялық, мықтылық, ауырлық күші маған өзімнің жаным сияқты құпия, одан да үлкен құпия —жаным мен тәнімнің байланысы.

Осы байланысты түсіндіру үшін, Лейбниц үйлесімді ойлап тапса, Мальбранш —құдайдың еркін, Кедворт — делдалдығын, ал Боссюэ оның тек ғаламаттығын көреді, бірақ бұл келеңсіз нәрсе: мәңгілік кереметтен тұратын нәрсе ғаламат болудан қалады.

— Дұрыс айтасың! —деді Пекюше.

Екеуі де философтардан жерігенін мойындады. Неше түрлі жүйелер шатасқан үстіне шатастырады. Метафизиканың түкке пайдасы жоқ. Онсыз да өмір сүруге болады.

Оның үстіне бұларды қаражат тапшылығы қысып келеді. Бұлар Бельжамбыға үш кеспек шарап үшін, Ланглуаға — он екі қадақ қант үшін, тігіншіге жүз жиырма, етікшіге алпыс франк қарызданып қалған. Шығын арта түсуде, ал Гуи ағай төлемін төлеуге асығар емес.

Олар Марескоға барып, Экай қонысын сату арқылы немесе ферманы кепілге қою арқылы, болмаса үйлерін мемлекет иелігіне алып, бірақ оны пайдалану құқығын сақтап қалу және екеуіне өмірлік рента төлеп тұратындай ету жолымен ақша табуын өтінді. Мареско бұның бәрі тиімсіз екенін, бірақ бір жақсы істің басы көрініп тұрғанын, ол жайлы кезі келгенде хабарлайтынын айтты.

Енді олар байғұс бақты естеріне алды. Бувар шамшат аллеясын тазалауға, Пекюше қоршау ағаштарын жөндеуге кірісті. Марсельге жүйектерді қазу тапсырылды.

Ширек сағаттан кейін олар жұмысты тоқтатып, біреуі ағаш қырқатын пышағын, екіншісі қайшысын жерге тастады да, қыдырыстап жүре бастады: Бувар жөке ағаштарының саясында, жилетсіз, кеудесін кере ұстап, жеңін сыбанған күйі; Пекюше қабырғаны бойлай, басын төмен салып, қолдарын артына айқастыра ұстап, бас киімінің маңдайшасын сақтықпен желкесіне қарай бұрып қойған қалпы, күркенің табалдырығында ауызына нанды бұралай тығып, шайнаңдап отырған Марсельге назар аудармастан, екеуі екі жақта әрлі-берлі аяңдап жүрді.

Осылай жүргеннен бастарына неше түрлі ой келген олар дереу бір-біріне жеткізгенше асығып, сөзге кірісті, сөйтіп, метафизика жайлы әңгіме қайта жанданды.

Жаңбыр мен күн сәулесі, башмағына кіріп кеткен құм, шымға өскен гүл жайлы сөз болды, көздеріне түскеннің бәрі метафизика тақырыбына айналды.

Жанып тұрған майшамға қарап олар жарық объектіде ме әлде біздің көру мүшемізде ме деген сұраққа жауап іздеді. Жұлдыздар әлдеқашан сөніп қалса да, жарығы бізге жетіп тұратынына қарағанда, мүмкін, біз бұл жерде де жоқ нәрсені қызықтап тұрған болармыз.

Жилет қалтасынан ұмыт қалған Распай папиросын тауып алған олар оны суға уатып салып еді, камфора айнала бастады.

Міне, материя қозғалысы осылай пайда болады! Жоғары қуатты қозғалыс өмірдің пайда болуына алып келеді.

Алайда тіршіліктің пайда болуы үшін материяның қозғалысқа келуі жеткілікті болса, олар осынша әрқилы болмас еді ғой. Өйткені жер де, су да, адамдар да, өсімдіктер де алғашқы емес. Ешкім ешқашан көрмеген, мына әлемдегі бар нәрселердің арасында жоқ, бірақ осының бәрін жасаған алғашқы материя қандай?

Кейде бұларға бір кітап керек болып қалады. Дюмушель бұларды қамтамасыз етуші болудан шаршап, жауап бермей қойды, ал бұлардың, әсіресе Пекюшенің ынтығуы бәсеңдер емес.

Оның ақиқатты білуге ұмтылысы тойымсыз ашқарақтыққа айналған.

Бувардың сөзінен беймаза болып, спиритуализмді тастап кеткенмен, кейін қайта қолға алды, тағы да түк шығара алмай, басын қос қолымен ұстай алып күйіне сөйледі:

— О, күдік, күдік! Бұдан да болмыстың жоқтығы артық!

Бувар материализмнің қауқарсыздығына көзі жеткенімен, одан қол үзбей, басының қатып кеткенін айтып шағынумен болды.

Олар мықты негізге сүйеніп, ой жүгіртуге кіріседі, бірақ оның быт-шыты шығып, идея ұстауға шақ қалғанда ұша жөнелген шыбын сияқтанып, қанатын сипатар емес.

Қыстың ұзақ күндері олар музейдегі камин алдында, қызарған көмірге көз сала отырып әңгімелеседі. Дәлізде ойнақ салған желден терезе әйнегі діріл қағады, қарауытқан ағаш бастары изеңдейді, ал түн тылсымы олардың ойларына мән қоса түскендей болады.

Арасында Бувар орнынан тұрып, бөлмені кезіп кетеді. Шырақтар мен қабырғаны бойлай қойылған ыдыстардан еденге қиғаш көлеңке түсіп тұрса; қырынан тұрған Петр апостол мұрнының төбедегі көлеңкесі аса зор аңшы кернейі тәрізденіп көрінеді. Жинап қойған заттардан аяқ алып жүру қиын еді, Бувар қайта-қайта осы мүсінге соқтығып қалады. Оның көзі бақырайған, ерні салпиған, маскүнемге ұқсайтын сұқпыты Пекюшеге де жексұрын көрінетін. Олар оны баяғыда-ақ лақтырып тастауды ойласа да, осы күнге дейін құнттамай келеді.

Бір күні кешкісін, монада жайлы дауласып отырып, Бувар саусағын апостол мүсініне соғып алды да, айғай салды:

— Мына дөңбек менің жыныма тиіп болды! Лақтырып тастайықшы өзін!

Оны баспалдақпен сүйреп шығару қиын еді. Олар терезені айқара ашты да, мүсінді ақырындап еңкейте бастады. Пекюше тізерлеп тұрып, оның өкшесінен көтермек болды, Бувар иығынан ұстады. Тас шалдың орнынан қозғалғысы келмейді; бұлар оны аударып тастау үшін, найзаны иінтірек етіп пайдалануға мәжбүр болды. Ақырында ол теңселіп барып, тәж киген басымен алға қарай ұшып кеп кетті; тарс еткен дыбысы естілді, ертеңіне бұлар оның бірнеше бөлікке бөлініп, бұрынғы тыңайтқыш шұңқырында жатқанын көрді.

Бір сағаттан кейін жақсы хабармен нотариус келді. Жергілікті тұрғындар арасынан бір әйел бұлардың фермасын кепілдікке қойып, мың экю беруге дайын екенін білдіріпті. Бұлар қуанып кетті, ал нотариус сөзін жалғастырды:

— Кешірім өтінем, оның бір шарты бар: сіздер Экай қонысын оған бір жарым мың франкке сатуларыңыз керек. Қарызды бүгін- ақ бере алады. Ақша менің кеңсемде жатыр.

Бұлар екеуін бірдей сатуға даяр еді. Бувар ойланып барып:

— Қайтеміз... жарайды, айтқаныңыз болсын! — деді.

— Қол алысайық! — деді Мареско.

Содан кейін ол әйелдің есімен атады — ол Борден ханым екен.

— Өзім де сол болар деп ойлап ем! — деп Пекюше саңқ етті.

Бувар қорланып, үндемей қалды.

Ол ма, басқа біреу сатып ала ма — қандай айырмасы бар? Ең бастысы — қиын жағдайдан шығу керек қой.

Ақша қолдарына тиген соң (Экай қонысының ақшасы кейінге қалдырылды), дереу қарыздарын төлеп, үйге қайтып келе жатқанда, базар қасындағы бұрылыста оларды Гуи ағай тоқтатты.

Ол бұларға жаман хабармен келе жатқан. Өткен түні жел ауладағы жиырма алма ағашын құлатып, шарап сығатын үйді қиратып, астық сарайының төбесін ұшырып әкетіпті. Күннің қалған уақыты қираған жерлерді қараумен, келесі күн — ағашшы, сылақшы, шатыршылармен бірге бүлінген жерлерді жөндеу үшін келісім ақысын есептеумен өтті. Жөндеу жұмысы кем дегенде мың сегіз жүз франкке түсетін болды.

Кешкісін Гуи келді. Марианна жаңа ғана оған Экай қонысын сатып алғандарын айтқан екен. Бұл фермадағы жақсы табыс әкеліп тұрған, өңдеуді қажет етпейтін ең жақсы бөлігі болатын. Гуи жалдау ақысын төмендетуді талап етті.

Бұлар бас тартты. Іс бітімші сотқа беріліп, ол фермер пайдасына шешім шығарды. Ақыры екі мың франктен бағаланған Экай қонысынан айырылу оны жылына жетпіс франк шығынға ұшыратыпты, тіпті бұдан жоғары тұрған сотқа барса да сөзсіз жеңіп шығады екен.

Бұлардың дәулеті еріген қардай азайып барады. Не істеу керек? Алдағы уақытта қайтіп күн көрмек?

Олар жабырқау күйде үстел басына келіп отырды. Марсель тамақ даярлауға икемсіз болатын, бұл жолғы тамағы тіпті нашар екен. Сорпасы жуындыға ұқсайды, қоян етінен жағымсыз бір иіс шығады, бұршақ шала піскен, ыдыстары баттасқан кір, десерт үстінде Бувар шарт ашуланып, оны ыдыспен басынан қойып жібергісі келетінін айтты.

— Философтың көзімен қарасақ, — деді Пекюше оны жұбата сөйлеп, — ақшаның аздығы, әйелдің әзәзілдігі, малайдың епсіздігі, — осының бәрі түкке тұрмайды. Сен материяға соншама неге жабысып қалдың?

— Енді, ол маған тыныштық бермей қойса ше?

— Ал мен оны мүлде қабылдамаймын.

Ол әлгінде ғана Беркли мақаласын оқып шыққан.

— Мен бойлық, уақыт, кеңістікті, яғни субстанцияны мүлде жоқ деп есептеймін! Өйткені шынайы субстанция — сапаны түйсінетін ақыл.

— Солай делік, — деді Бувар, — бірақ, егер әлемді жоққа шығарсақ, он да құдайдың барын дәлелдеу де керексіз болады ғой.

Пекюше ашуланып, айқайлай берді; йодты калийден болған тұмауы мен бұрыннан бойында бар безгегі оның қозуын үдете түсті.

Бувар абыржып, дәрігер шақыруға мәжбүр болды.

Вокорбей йодты апельсин шырынын ішуге, содан соң киноварь бояуымен ванна қабылдауға кеңес берді.

— Оның қажеті қанша? — Пекюше әлі басылар емес. — Түр ерте ме, кеш пе, әйтеуір жоғалады. Тек мон ғана өлмейді.

— Әрине, — деді дәрігер, — материя жоғалмайды. Дегенмен...

— Жоқ дедім ғой! Жоқ! Жоғалмайтын тек мон ғана! Мына сіздің тәніңіз, дәрігер, сіздің жеке басыңызды білуіме кедергі келтіріп тұр, бұл тек киім, нақтырақ айтсам, маска ғана.

Вокорбей оны есінен ауысқан екен деп ойлады.

— Сау болыңыз! Маскаңызды емдегеніңіз жөн.

Пекюше қояды деген қайда. Ол Гегель философиясының кіріспесін тауып алып, оны Буварға ұғындырмақ болып әуреленуде.

— Адылға сыятынның бәрі —  шынайы. Оның үстіне, идеядан шынайы ештеңе жоқ. Ақыл заңдары — ғалам заңдары, адамның ақыл-есі құдайдың ақыл-есіне барабар.

Бувар бәріне келісетін рай танытты.

— Демек, абсолют — бір мезгілдегі субъект және объект, барлық айырымның қосылатын бірлігі. Барлық қайшылық осылайша шешімін табады. Көлеңке жарықтың көзге түсуіне мүмкіндік береді, жылылықпен араласқан суықтық температураны қалыптастырады, организм өзінің бұзылатындығы арқылы ғана өмір сүреді, айнала — бөлініс бастамасы, байланыс бастамасы.

Екеуі төбешік басында отырған. Қоршаудың қасынан қолында дұғалығы бар кюре өтіп бара жатты.

Пекюше Гегель жүйесі тақырыбын оның алдында аяқтап, пікірін тыңдау үшін, оны кіре кетуге шақырды.

Священник жанына келіп отырысымен, Пекюше христиандық туралы сөз бастады.

— "Табиғат — идеяның бір сәті ғана" деген ақиқатты бірде-бір дін осындай анық етіп жеткізе алған жоқ.

— Идеяның сәті, — деп күбірледі абдырап қалған священник.

— Міне, міне! Құдай көзге көрінетін қабығына оранған кезде, өзінің онымен бір мән екенін аңғарды.

— Табиғатпен деймісіз? О не дегеніңіз!

— Өзінің ажалымен ол өлімнің мәнін ашып берді; демек өлім оның бойында болған, құдайдың бір бөлшегі болған.

Аббаттың қабағы салбырап кетті.

— Құдайды қорламаңыз! Ол адамзатты құтқару үшін азапты өлімді қабылдаған.

— Қателесесіз! Өлім жеке тұлғаға қатысты жаманшылық ретінде қарастырылады, бірақ нәрсеге қатысты олай емес. Рухты материядан бөліп қарауға болмайды!

— Алайда, сударь, әлем жаратылғанға дейін...

— Әлем жаратылған жоқ! Әлем ежелден бар. Олай болмаған жағдайда, бұл құдай ойына қосылатын жаңа нәрсе болар еді, бұл қисынсыз.

Священник орнынан тұрды — оның асығыс шаруасы бар екен.

— Аузын аштырмадым бәлемнің! — деді Пекюше. — Тағы бір сөз! Әлемнің жаратылысы үнемі өмірден өлімге және өлімнен өмірге ауысу ғана болғандықтан, бәрі де бар деген пікірден бас тартып, ещтеңе де жоқ екенін мойындау керек. Бірақ бәрі де даму сатысында, сен мені түсінесің бе?

— Иә, түсінем ғой... дегенмен, шынын айтқанда, түсінбеймін.

Ақыр аяғында идеализм Буварды жалықтырды.

— Жетеді енді! Бұдан әрі тыңдайтын шамам қалмады, көпірме cogito3 жыныма тиіп болды. Заттар идеясын заттың өзі деп қабылдайды. Бұлдыр ұғымдарды түсіндіру үшін, еш түсініксіз сөздер ойлап табады. Субстанция, созылыңқылық, күш, материя, рух! Мұның бәрі абстракция, ойдан шығарылған! Құдай бар ма, болса қандай, оны білу еш мүмкін емес. Бір кезде ол желді тұрғызып, найзағайды ойнатып, төңкерістер жасаған! Кейін өз қызметін шектейді. Оның үстіне одан қандай пайда бар, түсінсем бұйырмасын.

— Сонда моралі не болмақ?

— Түкіргенім бар оныңа!

"Оның, шынында, негізі жоқ", — деп ойлады Пекюше.

Сөйтіп, ол өз алғышарттарынан тұйыққа тіреліп, үнсіз қалды. Ол мұны күтпеген еді, содан жабырқау тартты.

Бувар бұдан әрі тіпті материяға да сенуді қойды.

Ештеңе де жоқ деген пікірге келу, ол қандай болғанда да, бәрібір даусыз пікір болып қалады. Оған бойлай алатындар сирек. Өздерін жұрттан жоғары сезініп, артықшылықтарына тәкаппарланып жүрген оларға ұзамай мақтанудың да сәті түсе кетті.

Бір күні таңертең темекі сатып алуға шыққан олар Ланглуаның дүкені алдында фалездік дилижансты қоршап алған топ адамды көрді. Әңгіме каторгадан қашып шығып, осы төңіректі шарлап жүрген Туаша жайлы екен. Арбакеш Круа-Верта маңында Туашаны екі жандармның айдап бара жатқанын көріпті, оны естіген шавиньольдықтар жеңілденіп қалғандай болды.

Алаңда Жирбаль мен капитан тұр екен. Мән-жайды толық білу үшін, бітімші сот пен барқыт берет, сақтиан туфли киген Мареско мырза да келіп жетті.

Ланглуа оларды сол жерде ыңғайлы болады деп, өз дүкеніне кіруге шақырды. Дүкенге келіп жатқан сауда жасаушылар мен қоңырау сыңғырына назар аударып жатпай, мырзалар Туашаның қылмысын сөз етуді жалғастыра берді.

— Ол бір жаман түйсікке ерік беріп алған ғой, — деді Бувар.

— Жаман түйсікті адамгершілікпен жеңуге болар еді, — деп нотариус қарсылық білдірді.

— Енді, адамгершілігі жетпесе, қайтпек?

Бувар ерік-жігерін жоққа шығаруға тырысты.

— Алайда мен қалағанымды жасауға еріктімін! — деді капитан. — Маған, мысалы, аяғымды қалауымша қозғауыма кім кедергі жасай алады?

— Егер сізде оны қозғауға деген ынта бар болса, ешкім де.

Капитан қарсылық білдірмек болып еді, не айтарын білмеді.

Жирбаль таңғалған түр танытты:

— Республикашыл, ал өзі еркіндікке қарсы! Қызық екен!

— Қызық болғанда сұмдық! — деп Ланглуа қоштау білдірді.

— Неге сіз дүние-мүлкіңізді кедейлерге бөліп бермейсіз? — деп сұрады Бувар.

Бақалшы қауіптенген көзбен дүкенінің ішін шолып өтті.

— Ақымақты тапқан екенсіз! Менің өзіме де керек!

— Егер сіз әулие Винцент де Поль болсаңыз, басқаша істеген болар едіңіз, өйткені сізде оның мінез-құлқы болар еді. Ал сіз өз мінезіңізді көрсетесіз. Демек сіз еркін емессіз.

— Мұныңыз кесірлік! — деді жиын бірауыздан.

Бувар сасқан жоқ, сөреде тұрған таразыны көрсетіп, сөзін жалғады:

— Ыдысының бірі бос болса, мынау қозғалмайды. Ерік-жігер де сол сияқты; көзге тең көрінетін екі салмақ арасында таразы тілінің ауытқуы дәлелдерді қарастырып жатқан миымыздың жұмысына ұқсайды, неғұрлым салмақтысына ұйығанша шешімі табылмайды.

— Мұның бәрінің Туашаға түк қатысы жоқ. Не айтсаңыз да, ол нағыз оңбаған адам.

Пекюше сөзге араласты:

— Бұзақылық тасқын, дауыл сияқты табиғатқа тән қасиет.

Нотариус сөйлеген сайын өкшелерін көтере тұрып, оның сөзін бөліп кетті:

— Меніңше, сіздің теорияңыз адамгершілікке жатпайды. Ол барлық азғындыққа жол ашып, қылмысты ақтап, кінәлілерге кешірім жасамақ.

— Дұрыс айтасыз, — деп араласа кетті Бувар, — өз құштарлығына ерік берген бақытсыз жан да ақыл-ой жетегінде жүрген адал адам сияқты өзінше дұрыс.

— Сіз азғындарды қорғамаңыз.

— Неге оларды азғын дейсіз? Соқыр, ақымақ, кісі өлтіргіш болып туса, — ол бізге дұрыс емес сияқты, сонда біз дұрыстықтың не екенін, табиғат қандай мақсатпен әрекет ететінін білетін сияқтымыз!

— Демек сіз құдіреттің күшіне сенбейсіз ғой?

— Иә, сенбеймін.

— Тарихқа көз жүгіртіңізші! — деп, Пекюше қызулана сөйлеп кетті. — Корольдерді өлтіру, тұтас халықты қырып-жою, отбасындағы жанжалдар, жеке бастың қайғысы...

— Сонымен бір мезгілде, — деп Бувар іліп әкетті, екеуі бір-біріне шақпақ тасша от беретін, — сол құдіретіңіз құстарға да қамқорлық жасап, шаяндардың үзіліп түскен қысқаштарының орнына жаңасын бітіреді. Егер сіз құдірет деп барлығына билік жасайтын заңдылықты айтып тұрған болсаңыз, мен сіз жақпын! Оның өзінде де...

— Дегенмен, принцип деген бар ғой! — деді нотариус.

— Айтып тұрғаныңыз қайдағы ертегі! Кондильяктің пікірінше, ғылым неғұрлым жетілген сайын, принципті қажетсінуі соғұрлым азая түседі! Принцип тек алынған білімдерді топтастырып, бізді кері, даулы ұғымдарға итермелейді.

— Сіздер біз сияқты зерттеу ісімен, метафизика құпияларын ашумен айналысып көрдіңіздер ме? — деді Пекюше.

— Оныңыз рас, мырзалар, оныңыз рас!

Жиын тарқап кетті.

Тек Кулон ғана бұларды жеке алып шығып, ақыл айтып тұрған әке үнімен өзінің құдайшыл еместігін, тіпті иезуиттерді жек көретінін, бірақ бұлар сияқты аузына келгенін сөйлемейтінін жеткізді. Жоқ, жоқ, тіпті де шектен шықпайды. Алаң шетінде бұлар қасынан өте берген кезде трубкасын бұрқыратып тұрған капитан:

— Бәрібір, мен не істегім келсе, соны істеймін, шайтан алғыр! — деп күңкілдеді.

Бувар мен Пекюше өздерінің осындай оғаш пікірлерін ыңғайы келген жердің бәрінде айтып жүрді. Олар еркектің адалдығына, әйелдің тазалығына, биліктің парасаттылығына, халықтың дұрыс ойлай алатындығына күмән келтірумен болды, қысқасын айтқанда, негіз атаулыны тегіс шайқалтты.

Фуро мазасызданып, егер олар ауыздарына не болмаса, қамауға алатынын ескертті.

Олардың артықшылығын сезіну қорлық еді. Олар өнегесіздік теориясын қорғайды, демек өздерінің де адамгершіліктен жұрдай болғаны; енді олар жайлы неше түрлі өсек таратыла бастады.

Бұдан оларда ақымақшылықты тез аңғарып, оған төзе алмастық таныту сияқты жексұрын әдет пайда болды.

Оларды кез келген ұсақ-түйек: газеттегі жарнама, айдаладағы біреудің бет-әлпеті, кездейсоқ естіп қалған ақылсыз пікір — бәрі де қынжылтады.

Сырттарынан ауылдастарының не айтып жүргендерін естіп, бүкіл әлемдегі адамдардың әрқайсысының өз Кулондары, өз Маресколары, өз Фуролары болатынын ойлап, олар жер бетінің ауыртпалығы өз бастарына түскендей сезінді.

Олар үйден шықпайтын болды, ешкімді қабылдамайды да.

Бір күні түскі тамақтан кейін басында жалпақ жиекті қалпағы бар, қара көзәйнекті бір мырза аулада Марсельмен сөйлесіп тұрды. Бұл академик Ларсонер еді. Ол малаймен сөйлесе тұрып, терезе пердесінің бір шеті көтерілгенін, есіктің іштен іліп алынғанын аңғарып тұрды. Татуласу мақсатымен келген ол ашудан түтігіп, малайға қожайындарын надан деп есептейтінін айтуды қадай тапсырып кетті.

Бувар мен Пекюше оған селт еткен жоқ. Әлем олар үшін мәнін жоғалтып; айналаға саналары мен көздеріне торлап алған тұман арқылы қарайтын болды.

Шынында, бұл өзі елес пе әлде жаман түс пе? Мүмкін, ақыр аяғында қайғы мен рақат теңесетін уақыт келетін шығар! Алайда адамзат басына келген жақсылық жеке адамды жұбатуға жарамайды-ау.

— Пұл болмаса күл болсын! — деді Пекюше.

Досының түңілуіне, оны осы халге мен жеткіздім-ау деген оймен Бувар қынжылды, ал шаруашылықтарының қирауға жақын тұрған жағдайы олардың торығуын арттыра түсті.

Ара-тұра еңсе көтеру үшін бір-бірімен пікірлесіп, өздерін зорлап жұмысқа қол тигізген болады да, ұзамай бойларын бұрынғыдан гөрі тереңірек енжарлық, үмітсіздік билеп алады.

Тамақтан кейін үстелден тұра қоймай, шынтақтарын тіреп, жабырқау түрмен күрсініп қойып ұзақ отырады. Марсель оларға көзін адырайта қарап тұрады да, асүйге барып, жалғыз өзі тамаққа құныға кіріседі.

Жаз ортасында оларға Дюмушельдің жесір әйелі Олимпия-Зюльма Пулемен некелескен тойына шақырған қағазы келді.

— Оларға құдай жар болсын!

Бұлар өздерінің бақытты сәттерін еске алды.

Неге қазір бұлар бұрынғыдай шалғышылар қимылын көруге бармайды? Айналадан көне жәдігерлер іздестіріп, фермаларды аралаған күндер қайда? Шарап жасауға немесе әдебиетке арналған қымбатты сағаттардың қазір еш қадірі жоқ сияқты. Ол күндермен арада түпсіз шыңырау жатқандай. Түзеп болмас бір нәрсе орын алғандай.

Бір рет екеуі бұрынғыша алқапты аралап қыдыруға ниеттеніп еді, тым шалғай шығып, адасып кетті. Аспанда әппақ марка қозыдай үлпілдеген ұсақ бұлттар жылжып барады, сұлы бастары желмен ырғалып қояды, шалғында өзен сылдырайды. Кенет сасық иіс шығып, тікенді қара өрік арасындағы таста өліп жатқан итті көрді.

Төрт аяғы қатып қалыпты. Аузы ашық, көкшіл еріндерін жиектей ақшыл азу тістері көрінеді. Қарнының орнында топырақ түстес бірдеме үюлі жатыр, ол жыбырлаған құрттан діріл қағады. Күн сәулесі, ызылдаған шыбындар, адам төзгісіз, қатал да қомағай, сасық нәрсе үздіксіз қозғалады.

Бувардың көзі жасаурап, қабағын түйді.

Пекюше әлденеге ерегіскендей үнмен:

— Бір кезде біз де осындай боламыз! — деді.

Өлім туралы ойға берілген олар қайтар жолда тек соны әңгіме етумен болды.

Шындығында, өлім деген жоқ. Жанды-жәндіктер шыққа, желге, жұлдызға сіңіп кетеді. Ағаш шырынының бір тамшысына, бағалы тастың жарқылына, құс қауырсынының бір талшығына айналарсың. Табиғаттан қарызға алғаныңды оның өзіне қайтарасың; алда тұрған Белгісіздік артта қалған өміріңнен еш қорқынышты емес.

Олар оны қараңғы түн, түпсіз шыңырау, жоқ болып кету түрінде елестетуге тырысты; не болса да мына сұрқай, қолапайсыз да үмітсіз өмірден артық.

Орындалмаған армандарын ойша еске алысты. Бувар өмір бойы жақсы аттары, күймелі арбалары, сәнді үйі болуын, бургун шарабының ең жақсы сорттарын ішіп, өзіне тілектес тамаша әйелді құшуды армандайтын.

Пекюшенің арманы философиялық білімге ие болу еді. Бір-ақ басты ұлы проблема — қалғандарының бәрін ішіне сыйғызып, бір-ақ сәтте шешіледі. Қашан туады сол сәт?

— Ең дұрысы — қазір-ақ өмірмен қоштасу.

— Қалағаның болсын, — деді Бувар келісім білдіріп.

Енді олар өз өмірлеріне қол жұмсау мәселесін қарастыра бастады.

Езіп-жаншып бара жатқан жүкті иықтан лақтырып тастап, ешкімге зияны жоқ істі жасап жіберсе, онда тұрған не жаманшылық бар? Егер ол құдайға ұнамаса, біздің қолымызға мұндай істі жасау билігі берілер ме еді? Бұл жұрт айтатындай рухсыздық емес, тамаша өжеттік — тіпті өз өлімімен жұрт ерекше бағалайтын нәрсені күлкі қылу.

Олар өлім тәсілдерін сөз қылды.

У жанды қинайды. Тамырыңды қию үшін асқан ерлік керек. Иіс тию үнемі сәтті шыға бермейді.

Ақырында Пекюше шатырға өздері гимнастикамен айналысқан екі арқанды алып шықты. Екеуін де шатырдың арқалық мәткесіне байлап, тұзақты салбыратып төмен түсірді де, олардың тұсына үстіне шығып арқанға қол жеткізетін екі орындық қойды.

Екеуі де осы тәсілге қол қойды.

Енді олар бұл істері аймақта қандай әсер туғызатыны, кітапханалары, қағаздары, коллекциялары кімнің қолына түсетінін ойластыра бастады. Оларда өлім туралы ойдан өздеріне деген аяушылық пайда болды. Алайда ойға алған істерінен бас тартқан жоқ, үздіксіз әңгіме ете жүріп, оған әбден бой үйретіп алды.

Жиырма төртінші желтоқсан күні кешкі он мен он бірдің арасында олар музейде әңгімелесіп отырды. Екеуі екі түрлі киінген: Бувар тоқыма жилетінің үстінен жейде іле салған; ал Пекюше үнемділікпен үш айдан бері монах киімін тастамай жүр.

Қарындары қатты ашқанын сезгенде (Марсель таңертең шығып кеткеннен әлі қайтқан жоқ), Бувар арақ ішуді, ал Пекюше шай ішуді қолдай көрді.

Шайнекті көтере бергенде ол паркетке су төгіп алды.

— Жаңғалақ! — деп Бувар айғай салды.

Содан кейін шығымы нашар екен деп, ол тағы екі қасық шай қоспақ болды.

— Ащы болып кетеді, — деді Пекюше.

— Болмайды!

Шай қорабын екеуі кезек-кезек алдарына тартысып қалды; табақ жерге құлап түсіп, әдемі фарфор сервизден қалған соңғы шәшке қақ бөлінді.

Бувар бозарып кетті.

— Сындыр! Қират! Аянба!

— Немене, қазынаң ба еді!

— Иә, қазынам! Ол — менің әкемнен қалған көз!

— Заңсыз әкеңнен! — деп Пекюше шиқылдай күлді.

— Сен мені қорлағың келетін тәрізді ғой?

— Жоқ, бірақ сенің менен тойып болғаныңды көріп жүрмін, мойындасаңшы!

Пекюшені ашу қысып, есіріктене айғайға басты. Бувар да қалысқан жоқ. Екеуі бірін-бірі тыңдамай, шаңқылдай сөйлеп жатыр: бірі — аштықтан, екіншісі — ішімдіктен қозып алған. Пекюшенің тіпті сөйлеуге шамасы келмей, қырылға ауысты.

— Бұл өмір емес, бұл — тамұқ! Өлген артық! Қош бол!

Пекюше майшамды алып, есікті тарс жауып шығып кетті.

Бувар қараңғыда оны зорға ашып, жүгіре басып шатырға беттеді.

Майшамды еденге қойыпты, ал Пекюше өзі орындықтардың біріне шығып, арқаннан ұстап тұр.

Бувар да елігіп кетті.

— Мені тоса тұр.

Ол екінші орындыққа аяғын сала бере тоқтай қалды.

— Тоқта!.. Біз әлі өсиетімізді жазбадық қой.

— Рас айтасың!

Қамығудан жүректері қысылып кеткен олар ауа кіретін тесікке жақындады.

Әуе аязды, сия түстес күңгірт аспанда самсаған жұлдыздар жыпырлайды.

Жерді жауып жатқан қардың ақтығынан көкжиек те тұманға айналып кеткендей.

Олар жер бетінде де жыпырлап, жақындаған сайын ұлғая түсіп, шіркеу жаққа жылжып бара жатқан қалың отты көрді.

Әуесқойлықпен бұлар да сонда беттеді.

Діншілдер түндік ғибадатына жиналыпты. Жаңағы оттар қол шамдары екен. Бірнеше адам баспалдақ үстінде сырт киімдеріндегі қарды қағып жатты.

Орган қырылдап, ладан түтіндейді. Нефтің ұзына бойына ілінген майшам сауыттарында үш орам сан түсті от жайнап тұр. Түкпірде, сыйлық сақталатын орынның екі жағында аса үлкен майшамдар қызыл жалыны шалқи жанып тұрды. Жұрттың бастары мен әйел қалпақтарының үстінен, әншілерден жоғарырақ жерде тұрған, алтынды риза киген священник көрінеді; оның зор дауысына амвонға лық толы еркектердің қатты дауыстары ілескенде, тас ернеуге орналасқан ағаш күмбез дірілдеп кеткендей сезіледі. Қабырғалар кіреш жорығын бейнелейтін суреттермен әшекейленген. Хордың орта тұсында, мехрап алдында, аяқтарын бауырына басып, құлағын тікірейткен қозы жатыр.

Суықтан жылы жерге кірген бұлар өздерін керемет жақсы сезінді, аз ғана уақыт бұрын асқынып тұрған ашулары сабасына түсіп, майда толқындай жуасып қалды.

Олар Інжіл мен "Сенемін"-ді тыңдай тұрып, священниктің қимылынан көз алмады. Ал осында жиналған шал-кемпірлер, жастар, жыртық киімді кедейлер, биік қалпақты фермер әйелдері, ақшыл жақсақалды мықты жігіттер — бәрі-бәрі бір ортақ қуанышқа елігіп, күндей жарқырап науа ішіндегі сабан үстінде жатқан нәресте құдай бейнесін елестете тұрып, құлшына табынып жатты. Адамдардың мұншалықты терең сенімі сабырлы Бувардың да, қатал жүректі Пекюшенің де елжіремес еркіне қоймады.

Жым-жырт тыныштық орнады; арка біткен бүгілген, қоңырау сыңғырына ілесе қозының маңыраған үні естілді.

Священник қолын барынша көкке көтере қасиетті сыйлықтарды көрсетті. Осы кезде әлемді періштелер патшасына бас ұруға шақыратын көңілді ән ойналды. Бувар мен Пекюше оған еріксіз қосыла кетті, екеуі де көкіректерінде бір таң атып келе жатқандай сезімде тұрды.

IX

Марсель үйге келесі күні сағат үште бір-ақ келді, өңі сұрланып, көздері қызарған, маңдайында томпайған ісік бар, шалбары жыртылған; арақ иісі мүңкіген түрі сондай жексұрын еді.

Рождествоның қарсаңын ол әдетінше үйден алты миль шамасындағы, Иквильге жақын жердегі танысының үйінде өткізген болатын. Бұрынғыдан да қаттырақ кекештене жылап, өзін-өзі төмпештеп, ол аса ауыр қылмыс істеген адамша кешірім өтінумен болды. Мырзалар оған кешірім жасады. Бойларына бір айырықша сабырлық біткен олар мейірбандылыққа бейім еді.

Қар қауырт еріп кетті, бақ ішінде қыдырыстай жүріп, жылы ауаны құныға жұтқан олар өмірге қуанышты көзбен қарайды.

Бұларды ажалдан құтқарып қалған кездейсоқтық қана ма? Бувар елжіреуік көңіл күйден арылар емес. Пекюше бірінші рет причастиеге барғанын есіне алды; сөйтіп, өздері тәуелді қүшке, себепке ризашылықтан олар күнәдан арылтатын оқумен айналысу жайлы ойға бекінді.

Інжіл олардың жанын жадыратып, күн сәулесіндей бойларына нәр құйды. Олар төменнен табына қараған жұрттың үстінен қолдарын жайып тау басында тұрған немесе көл жағасында, судан ay тартып жатқан апостолдарының ортасында тұрған; содан кейін "Осанна!" деген дауыстар арасында, пальма бұтақтарының қозғалысынан шаштары желбіреп, есекте отырған; және ақырында, басы кеудесіне салбырап, кірешке таңулы тұрған қалпындағы Иисусты көздеріне елестетті. Бәрінен бұрын оларды оның көнбіс халыққа деген мейірімділігі, кедейлерді қорғауы, езілгендерді көтермелеуі табындырып, рақатқа бөледі. Және мына ашық аспандай кітаптағы қаптаған өнегенің арасында жүректі таза сақтау қажеттігінен басқа бірде-бір қағида, бірде-бір талап қою кездеспейді.

Кереметтерге келетін болсақ, бұлар оған таңырқай қойған жоқ; олармен бала шақтарынан таныс болатын. Апостол Иоанның көтеріңкі сөз саптауы Пекюшенің жанын баурап алып, "Христосқа ұқсап бағу" дегенді дұрыс ұғына білуіне көмектесті.

Мұнда ешқандай нақыл сөз, гүлдер, құстар жоқ, тек қана ыңқыл, жанның өзіне-өзі үңілуі бар. Тұманды күні, жым-жырт монастырь ішінде, шіркеу мұнарасы мен мазар арасында отырып жазылғандай бұл беттерді парақтай отырып Бувар мұңға батты. Мына өткінші жалған онда тіпті сұрықсыз суреттелгені сондай, бәрін тастап, құдайға ғана жалбарынғың келеді; осы күнге дейін қанша түңілуді бастарынан кешкен бұлар да енді қарапайым ғана өмір кешіп, біреулерді жақсы көру, миларына тыным беру қажеттігін сезінді.

Олар Екклесиаст, Исайе, Иеремиге қол созды.

Бірақ Інжіл арыстандай ақырған пайғамбарларымен, аспанды қақырата жарқылдаған найзағайымен, тозақ, тамұқтарымен, бұлтты ыдыратқан жел сияқты патшалықты шашыратып жіберген құдайымен олардың үрейін ұшырды.

Олар Інжілді жексенбі күндері, қоңырау кешкі намазға шақырған кездері оқып жүрді.

Бір жолы олар мессаны тыңдауға барды, содан кейін тағы да барды. Бұл олар үшін апта аяғындағы көңіл көтеруге айналды. Граф пен графиня де Фаверждер бұларға алыстан бас иіп амандасты, олардың мұнысы өзгелердің назарына ілікпей қалмады. Бітімші сот бұларға көзін қысты:

— Тамаша! Сіздер үшін қуаныштымын.

Енді приходтық әйелдердің барлығы бұларға просфор жолдайтын болды.

Аббат Жефруа бұларға келіп қайтты; қарымтасына бұлар оның үйінде болды, сөйтіп, аралас-құраластық басталды, бірақ священник дін жайлы ештеңе айтпайды. Бұлар оның сабырлылығына қайран қалып, Пекюше әншейін ғана сөз еткендей болып, діндар болу үшін не істеу керегін сұрап қалды.

— Алдымен ғұрыпты орындаңдар.

Бұлар оны орындауға кірісті, бірі — жүрегіндегі әлсіз үмітпен, екіншісі — қайтер екен деген ерегіспен, Бувар ешқашан дінге беріліп кетпейтініне сенімді еді. Бір ай бойы ол бірде-бір намаздан қалған жоқ, бірақ Пекюшеден өзгешелігі — ораза ұстауға мойын бұрмай қойды.

Сонда ораза деген не? Гигиеналық шара ма? Бірақ гигиенаның не тұратыны белгілі ғой! Шарттылық па? Шарттылық жойылсын! Шіркеу қағидаларына бағыныштылықтың белгісі ме? Бұған да түкіргені бар! Қысқасын айтқанда, ол бұл ережені келеңсіздік, екіжүзділік және Інжіл рухына қайшылықты деп есептеді.

Бұрынғы жылдары олар Қасиетті бейсенбі күні Жермена не берсе, соны жейтін. Ал бұл жолы Бувар әдейі өзіне бифштекс жасауға тапсырыс берді. Тәрелкесіндегі етті пышақпен кесіп отырған оған Марсель зығырлана қарады, ал Пекюше болса, салтанатты түрмен балығының қабыршағын тазалауға кірісті.

Бувар бір қолына шанышқы, екінші қолына пышақ ұстаған қалпы, не істерін білмей біраз отырып қалды. Ақыры батылданып, бір кесек етті ерніне апара берді де, кенет қолы дірілдеп, өңі қуарып, басын кегжең еткізіп тартып алды.

— Бір жерің ауырып отыр ма?

— Жоқ! Бірақ...

Ол өзінің алған тәрбиесіне байланысты (бұл өз еркінен тыс нәрсе) өліп қалудан қорыққандықтан, бұл күні ораза кезінде тыйым салынған тамақты жей алмайтынын мойындады.

Пекюше болса бұл жеңісіне масаттанбай-ақ, дегенмен өз қалауымша өмір сүргенім де дұрыс-ау деген ойға бекінді.

Бір күні кешкісін ол үйге қуаныштан нұрланған жүзбен оралып, жаңа ғана тәубеге келуде болғанын айтты.

Осы кезде екеуі тәубеге келудің мәні жайында айтысып қалды.

Бувар алғашқы христиандардың ашық түрде өткен тәубеге келуін ғана мойындайды; ал қазіргісі тым оңайлатылған. Дегенмен ол осы сияқты өзін-өзі сұраққа алу жетілуге бастайтынын, адамгершілік ашытқысы екенін жоққа шығармайды.

Пекюше өзін жетілдіруге тырысып, өз бойынан кемшілік іздестірді: өркөкіректігі баяғыда-ақ жоғалған; өзіне тән еңбексүйгіштігі оны арамтамақтық күнәсіне бой ұрғызбайды; ашқарақтыққа келетін болсақ, бұдан ұстамды адамды табу қиын.

Рас, кей-кейде ашуға бой алдыратыны бар. Бұдан былай оған жол бермеске өзіне уәде етті.

Содан кейін өзін ізгілікті болуға бейімдеген жөн: ең алдымен көнбістікке бой ұру, яғни өзін қандай да бір жақсылық жасалуға тұрмайтын жан санау, кішігірім болса да марапатқа лайықсыз көру, өзінің ақыл-ойын тұмшалап, өзін соншалықты төмендетіп, батпақ сияқты аяқпен таптатып қоюға жол беру сияқты қасиеттерден ол әлі алыс болатын.

Және бір ізгілік — тазалық та одан алыс еді, оның іштей Мели жайлы күпірлік ойларға берілетіні бар, ал суретте бейнеленген XV Людовик кезеңіндегі әйелдің тым ашық омырауына ол тура қарай алмайтын.

Ол суретті шкафқа тығып құтылды. Ал өзінің ұялшақтығын әбден шыңдағаны сондай, өз денесіне қарауға қорқып, дамбалмен ұйықтайтын болған. Бірақ осындай жолдармен тән құмарлығынан сақтану, керісінше оның құмарлығын қоздыра түсті. Әсіресе ертеңгілік ол жасы ұлғайған шағында апостол Павел, әулие Бенедикт, әулие Иероним бастарынан кешкен құмарлықпен айқасын қатты сезініп жүрді; олар сондықтан да бас алмай жалбарынумен болған ғой. Ауырлық деген кінәні өтеу, ең жақсы дәрумен құрал, Иисус Христосқа табыну. Кез келген сүйіспеншілік бір нәрсені құрбандыққа шалуды талап етеді, тән құрбандығынан ауыр не болсын!

Өз тәнін аяусыз жазалау үшін, Пекюше түстіктен кейін ішетін бір рөмке шарабынан бас тартты, насыбай қолдануды күніне төрт шөкімге дейін азайтты, қандай аязды күндері баскиімсіз жүретін болды.

Бір жолы жүзім шоқтарын байлап жүрген Бувар сатыны терраса қабырғасына сүйеп жатып, абайсызда Пекюшенің терезесіне көзі түсіп кетті.

Досы беліне дейін жалаңаштанып алып, өзін-өзі иығынан киім қағатын қамшымен ұрып жатыр екен; содан кейін одан әрі қозып кеткендей шалбарын шешіп тастап, майқұйрықтан да аямай осқылап, алқынған күйі орындыққа құлап түсті.

Бувар бір қасиетті құпияны ашып алғандай қатты ыңғайсызданып қалды.

Соңғы кезде ол еденнің тазарып, майлықтардың жыртығы азайып, тамақтың дәмі жақсарғанын аңғарып жүр; мұның бәрі кюренің қызметшісі Ренаның осы үй тіршілігіне араласа бастауынан еді.

Шіркеуге де өз асүйіндей қамқорлық жасап жүретін осы бір аяқ-қолы балғадай, адамға құрметі аз болғанмен, ниеті таза әйел көршілерінің үй шаруашылығына да араласып, ақыл-кеңес беріп, иелігіне ала бастаған-ды. Пекюше оның тәжірибелілігіне көзсіз сенеді.

Бір жолы ол бұларға қытайлықтар сияқты қысық көзді, қаршыға тұмсықты, толықша бір адамды ертіп келді. Бұл діни заттарды сатумен айналысатын Гутман болатын. Бастырма астында ол бұларға жәшігінен алып сататын бұйымдарын — кірештерді, әртүрлі көлемдегі тәспілерді, кішкентай иконаларды, сиыну орнына қойылатын шырағдандарды, жиналмалы мехраптарды, жылтыр қағаздан жасалған гүлшоқтарын, көгілдір картоннан жасалған Христостын жүректерін, жирен сақалды әулие Жүсіп мүсіндерін, фарфордан жасалған керме ағаштарын көрсетті. Пекюшенің көзі жайнап кетті. Тек бағалары ғана оның қарқынын басып тастады.

Бірақ Гутман ақша талап еткен жоқ. Ол айырбасқа да беретінін білдірді. Музейдегі көрмеліктерді көрген ол өз тауарын темір мен қорғасыннан жасалған көне бұйымдарға түгел айырбастайтынын айтты.

Буварға оның тауарлары сиықсыз бірдеңелер болып көрінді. Бірақ Пекюшенің көзқарасы, Ренаның үгіттеуі мен саудагердің сартылдаған сөздері ақыры оны көнуге мәжбүр етті. Оның жұмсақтығын байқаған Гутман айбалтаны да қосуын сұрады; оны қалай ұстау керегін жұртқа көрсетуден баяғыда жалыққан Бувар оған да көнді. Барлығын есептей келгенде, мырзалар тағы ақшалай жүз франк берешек болып шықты. Мәселе үш ай мерзімге төрт вексель берумен шешімін тапты. Сөйтіп, бұлар арзан сауда жасағандарына қуанып қалды.

Сатып алынған заттар барлық бөлмелерге бөлініп орналастырылды. Шөбі бар ақыр және тоз қабығынан жасалған собор көшірмелері мұражайға сән беріп тұрды.

Пекюшенің камині үстінде балауыздан жасалған Шоқындырушы әулие Иоанн тұрды; дәлізді бойлай епископ тәждері ілінген, ал баспалдақтың төменгі алаңшасында, шынжырлы шамдал астына жұлдызды тәж бен көгілдір мантия киген құдай анасының мүсіні қойылды. Оның шаңын сүртіп жүретін Марсель бұдан әдемі нәрсе жұмақта да жоқ шығар деп ойлайтын.

Әулие Петрдің сынып қалғаны қандай өкінішті, вестибюльге қоя салғанда, қандай жарасып кетер еді! Пекюше кейде оның тиарасы, аяқ киімінің бір сыңары, құлағының бір бөлігі көрініп жатқан бұрынғы тыңайтқыш шұңқырының қасына кідіріп, ауыр күрсінеді де, бақтағы жүмысын жалғастыра береді, — ол қазір қол еңбегін құдайға сиынуларымен ұштастырып, монах киімімен жер қаза жүріп, өзін әулие Брунодан кем санамайды. Бірақ бұл киім дінді қорлау емес пе екен осы? Ол монах киімін шешіп тастады.

Дегенмен онда кюремен жиі араласқаннан болар, діндар адамға тән қылықтар пайда болған. Ол аббаттың жымиысын, дауыс мәнерін айнытпай қайталап, жаураған адамша қолын білезігіне дейін жеңіне сұғып жүретін әдет тапты. Жүре-бара әтештің шақырғанына төзбестік танытып, раушандар жексұрын көрінетін болды; ол үйден шығудан қалды, тіпті алқап жаққа ашулана алая қарап қоятын.

Бувар құдай-ананың мерекесіне баруға келісім берді. Гимн шырқаған балалар, сирень гүлінің шоқтары, жасыл жапырақтан тізілген гүлтәждер оған мәңгілік жастық сезімін сыйлағандай болып көрінді. Құдай оған ағаш басындағы ұялар, мөлдір бұлақтар, мейірімін төккен күн шұғыласы түрінде елестеді, ал досының діндарлығы қыңырлық, жасанды, іш пыстырар бірдеңе ғана.

— Тамақ ішіп отырып неге ыңқылдайсың?

— Ас жегенде күрсінуіміз керек, — деп жауап қатты Пекюше, — өйткені адам ас ішуден күнәға батқан. Бұл сөзді ол Жефруадан оқуға алған екі томдық "Семинария шәкіртіне арналған басшылықтан" жаттап алған-ды. Әулие Франциска бауырластығына қосылу үмітімен ол Салет бастауынан әкелінген суды ішіп, есігін жауып алып, бас көтермей намаз оқитын болды.

Дінге тұрақтылық қасиетіне ие болу үшін, ол Әулие қыз басына қажылық жасауды ұйғарды.

Бірақ баратын орынды таңдап алу қажеттігі оны тығырыққа тіреді. Фурвьерлік, Шартрлік Құдай-анаға бару керек пе әлде Амбрен, Марсель, Оренің бірін таңдаған жөн бе?

Дегенмен Деливрандтағы Құдай-ана жақынырақ және осы мақсат үшін маңызы да кем емес.

— Сен менімен бірге барасың!

— Мен онда өзімді қолайсыз сезінем, — деп Бувар қарсылық білдірді.

Дегенмен ол жақтан дінге деген сенім тауып қайтуы да мүмкін-ау; ондай болып жатса, қарсыласпас еді, осы оймен досының көңілі үшін сапарлас болуға келісті.

Қажылыққа жаяу бару керек. Бірақ қырық үш шақырым жаяу жүру өте қиын, дилижанстан айналаны дұрыс көре алмайсың, сондықтан олар ескі кабриолетті жалдап, ол бұларды он екі сағаттан кейін керуен сарайға алып келді.

Олар екі төсегі, үстінде сопақ тегештерде су құйылған құмыралар тұрған екі комоды бар бөлмені иеленді. Қожайын бұл ғимараттың террор кезінде капуциндер иелігінде болғанын айтты. Деливрандтық Құдай-ананы асқан ептілікпен осы үйге тығып, тіпті монах әкейлер құпия түрде келіп, месса қызметін өткеріп тұрған екен.

Бұған Пекюше аса разылық танытып, төмендегі асүйден алған кіші шіркеу жайлы түсініктемені дауыстап тұрып оқып шықты.

Оның негізін қалаған II ғасырдың басында Лизьеде өмір сүрген бірінші епископ әулие Регноберт, немесе VII ғасырда өмір сүрген әулие Рагнеберт, тіпті болмаса XI ғасырдың ортасындағы Ғажайып Роберт болуы да мүмкін.

Даттықтар, нормандар, әсіресе протестанттар оны түрлі дәуірлерде өртеп, тонап кетіп отырған.

1112 жыл мөлшерінде бір қошқар шалғындық жерді тұяғымен тарсылдатып, көне мүсіннің жатқан жерін көрсетіп береді де, осы жерде граф Бодуен мехрап тұрғызады.

Оның ғажаптарын санап тауыса алмайсың. Сарациндер қолына түсіп қалған байелік көпес одан құтқаруын өтініп жалбарынған екен — кісені сыпырылып түсіп, қашып шығыпты. Скупец үйінің шатырында егеуқұйрықтар қаптап кеткенін көріп, одан көмек сұрағанда, егеуқұйрықтардың бірі қалмай жоғалады. Версалдағы бір кәрі құдайсыз жан тапсырғалы жатқанда мүсінді бетіне тақаған екен, ол дереу тәубесіне келіпті. Құдайға күпірлік сөз айтқаны үшін мылқауға айналдырылған сьер Аделин деген біреуге ол тіл бітіріпті; және оның қамқорлығының күшімен ерлі-зайыпты Беквильдер некеде бола тұра өмірден пәктіктерін сақтап өтуге шамалары жеткен көрінеді.

Оның қасиетімен жазылмайтын аурудан сауыққандар қатарында де Пальфрен бикеш, Анна Лирье, Мария Дюшемен, Франсуа Дюфе және қыз күніндегі тегі д-Освиль Жюмийяк ханымдарды атайды.

Оған құрмет көрсетуге XI Людовик, XIII Людовик, орлеандық Гастонның екі қызы, кардинал Виземан, Самирри, Антиохиялық патриарх, монсеньор Вероль, Маньчжуриядағы апостолдық викарий сияқты көрнекті тұлғалар келген. Ач архиепископ де Келен князь Талейранды ақиқат жолына түсіргені үшін алғысын білдіргелі келіп қайтыпты.

— Көр де тұр, ол сені де жолға сала алады, — деді Пекюше.

Төсегіне жатып қалған Бувар бірдеңе деп күңкілдеді де ұйықтап кетті.

Ертеңіне таңғы сағат алтыда олар кіші шіркеуге кірді. Онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен; тақтайлар мен жабылған маталар нефті қалқалап тұр, ғимараттың рококолық стилі, әсіресе коринфтік бағаналары бар қызыл мәрмәрдан жасалған тақ Буварға ұнамады.

Әншілер орнының сол жағындағы қуыста тұрған керемет мүсінге жылтырақ мантия кигізіліпті. Шіркеу күзетшісі келіп, бұларға бір-бірден майшам ұстатты, содан кейін ол майшамдарды балюстрада астында тұрған шамтұғырға қадады да, үш франк сұрап алып, иіліп, жоқ болды.

Бұдан кейін олар жұрт әкелген сыйлықтарды қарап көрді. Тақтайшадағы жазулар діндарлардың алғыстары екен. Политехникалық институттың түлегі сыйлаған, айқастырып қойылған екі семсер, қалыңдықтың гүлшоғы, әскери медальдар, күмістен жасалған жүрек және бұрышта, еденде үйілген көптеген балдақ жатыр.

Ризницадан шыққан священник мехрап түбінде бірнеше минуттай тұрып, үш басқышпен жоғары көтерілді де, Oremus, Introit и Куrіе деген сөздерді айтты, қызмет көрсетуші бала тізерлей кетіп, оны дем алмастан оқып шықты.

Сиынушылар аз еді — он екі немесе он бес шақты кемпір. Олардың тәспілерінің сыртылы мен балғаның тасқа ұрылған дыбысы ғана естіліп тұрды. Пекюше өз тұғырына тұқыра түсіп, "Әмин" деген дауыстарға үн қосып қояды. Сыйлық тарту кезінде ол Құдай-анадан өзіне мызғымайтын тұрақты сенім беруін өтінді.

Оның қасындағы креслода отырған Бувар оның қолынан дұғалықты алып, Құдай-анаға арналған дұғаға көз жүгіртті.

"Ең таза, ең пәк, мақтанға лайық, ең мейірімді, ең мықты, ізгі жүректі, піл сүйегінен жасалған мұнара, алтын мекен, арайлы таң қақпасы".

Бұл табыну сөздері, бұл әсірелеулер оның ойын осынша тамаша сөздермен мадақталған жанға аударды.

Ол оны шіркеу кескіндемелерінде бейнеленетін қалпында, бұлттың үстінде, аяқ жағында ұшып жүрген періштелерімен, қолына сәби құдайды көтерген, жер бетіндегі барлық қиналғандарды жебеуші, жұбатушы ана түрінде; сүйіспеншілігіне бөленген адамды иығына басын салып демалып жатқысы келетіндей сезімге бөлейтін көкке көтерілген әйел идеалындай елестетті.

Мессадан кейін олар храмның алаң жақтағы қабырғасына жағалай тізілген дүкендерді аралады. Онда суреттер мен мүсіндер, су бүркетін ыдыстар, әшекейлі алтын тостағандар, кокос жаңғағынан жасалған қап-қара Иисус Христос мүсіндері, піл сүйегінен жасалған тәспілер сатылып жатты; жақтау әйнектеріне шағылысқан күн сәулесі көз қарықтырып, кескіндеменің дөрекілігін, суреттердің қисық-қыңыр жерлерін көзге ұрып тұрды. Үйінде бұл заттарға ұнатпай қарайтын Бувар мына жерде оларға жұмсақтық танытты. Ол көк фарфордан жасалған кішкентай ғана құдай-ана мүсінін сатып алды. Пекюше ескерткішке деп тәспі алумен шектелді.

Саудагерлердің дауыстары бір тынбайды:

— Алыңыздар! Алыңыздар! Бес франк, үш франк, алпыс сантим, екі су, құдай-анадан бас тартпаңыздар!

Бұл екеуі ештеңе алмай, жай ғана аралап жүрді. Соңдарынан сыбырласқан дауыстарды естіп келеді.

— Мына екеуі не іздеп жүр?

— Түрік емес пе өздері?

— Протестанттар сияқты!

Бір ұзын бойлы қыз Пекюшені сүртігінен тартып тоқтатты; көзәйнекті шал оның иығына қолын салды; жұрттың бәрі бірдей шуласып кетті; содан кейін саудагерлер дүкендерін тастай салып, бұларды қоршап алды, қол тигізу мен тілдеу үдей түсті.

Бувар шыдамай кетті.

— Бізде нелерің бар, шайтан алғырлар!?

Топ сейіле бастады. Тек бір семіз әйел ғана біразға дейін соңдарынан қалмай, алаңдағылардың бәріне естірте, бұлардың әлі өкінетінін айтып айқайлаумен болды.

Қонақүйге қайтып келгенде бұлар дәмханада Гутманды кезіктірді. Ол бұл жаққа өзінің сауда жайымен келген екен. Қасындағы адамы алдында жатқан ұзын-сонар есеп жазылған қағазды қарап отырды.

Ол басында тері фуражкасы бар, өте кең сұр шалбар киген, беті қып-қызыл, шашының ағарғанына қарамастан дене бітімі жып-жинақы, не отставкаға шыққан офицер, не егде актер дерлік жан екен.

Ара-арасында оның аузынан боқтық сөз шығып кетеді де, Гутман даусын бәсеңдетіп бірдеңе айтқан кезде дереу жуасып, келесі қағазға ауысады.

Екеуін ширек сағаттай бақылап тұрған Бувар қастарына жақындады.

— Қателеспесем, Барберу емессіз бе?

— Бувар! — деп дауыстап жіберді фуражкалы адам.

Екеуі құшақтаса кетті.

Барберу соңғы жиырма жылда қаншама мамандықтың басын қайырған болатын.

Ол газет шығарушы, сақтандыру агенті, устрица өсіретін садком меңгерушісі де болып істеді.

— Қазір мен бәрін айтып беремін.

Ақырында өзінің бастапқы мамандығына қайта оралыпты, Бордо қаласында құрылған бір фирманың өкілі ретінде ел аралап жүргенде, Гутман оның шараптарын "иеархияға қызмет ететін" діни орындарға өткізуге көмектескен екен.

— Кешіріңіздер, мен бір минөттен кейін босаймын.

Ол тағы шотесептерді зерттеуге кірісті де, кенет шоршып түсті:

— Қалай? Екі мың ба?

— Әрине.

— Мұныңыз енді шектен шыққандық!

— О не дегеніңіз?

— Ол дегенім, мен Эрамбердің өзін көргенмін, — деді Барберу ашына сөйлеп. — Оның қағазында төрт мың болатын! Кімді мазақ қылғыңыз келеді!?

Антиквардың беті бүлк еткен жоқ.

— Онда тұрған не бар, сізге тиесілі құжат мынау!

Барберу орнынан тұрды, оның әуелі қуарып, іле көгеріп кеткен түріне қарап, Бувар мен Пекюше ол қазір Гутманды қылқындырып өлтірер деп қорқып кетті.

Бірақ ол орнына қайта отырып, қолдарын кеудесіне айқастырды.

— Сіз нағыз алаяқсыз, осыны білесіз бе?

— Барберу мырза, тіл тигізбеңіз, мына жерде куә болатын кісілер бар... Байқаңыз!

— Мен сізді сотқа беремін!

— Та, та, та!

Гутман шотесептерді жиып алып, қалтасына сүңгітіп жіберді де, қалпағының жиегін көтерді:

— Кетуге рұқсат етіңіз!

Сөйтті де, шығып кетті.

Барберу бұларға істің мәнін түсіндірді: мың франктік вексель сомасын өсімқорлық жолдармен көбейту үшін, Гутманға үш мың франк түсіруге тиіс шарап берген екен, одан алған ақшамен мың франктік қарызын өтеп, үстінен пайда табар еді; бірақ керісінше, үш мың қарыз болып шығыпты. Қожайындары қуғынға салатын болды енді!

— Оңбаған! Қарақшы! Жексұрын жид! Тағы да діндарлармен қатар отырып тамақ ішеді. Бірақ бұл туысқандардың оңғанын кім көрген дейсіз...

Ол дінге қатыстының барлығын тілдеп, үстелді құлаштап кеп сарт еткізгенде, Бувардың мүсіні ұшып кете жаздады.

— Байқасаңшы! — деді Бувар.

— Қарай гөр! Мынау не нәрсе?

Барберу кішкентай құдай-ананы айналдырып қарады.

— Тәуап етушілерге арналған ойыншық. Сіздікі ме?

— Менікі! — деді Пекюше.

— Сіз мені ренжіттіңіз, — деді Барберу, — бірақ мен бұл мәселе жөнінде сіздің көзіңізді ашамын, асықпаңыз!

Бірақ өмірде философ болу керек, ал мұңайып отырғаннан түк те шықпайды, сондықтан ол бірге тамақтануға ұсыныс жасады.

Үшеуі үстелге отырды.

Барберу көңілденіп, бірге жүрген күндерін еске түсірді, қызметші қыздың мықынына қол жүгіртті, Бувардың қарнын өлшеймін деп әуреленді. Ол ұзамай бұларға келетінін, бір қызық кітап әкелетінін айтты.

Оның қонаққа келу туралы сөзі бұларды қуанта қойған жоқ. Олар экипажда бір сағат бойы ат тұяғының дүрсіліне қосылып, ол туралы әңгімелесіп отырды. Содан кейін Пекюшенің көзі ілініп кетті. Бувар да үнсіз қалды. Ішінен оның да дінге бүйрегі бұрылып келе жатқандай еді.

Кеше Мареско мырза маңызды бір шаруамен келіп кетіпті. Марсель басқа ештеңе айта алмады.

Тек үш күннен кейін ғана нотариус бұларды қабылдап, бірден мәселені түсіндірді. Борден ханым Бувардан фермасын жеті жарым мың франк рентаға сатуын өтініпті.

Ол бұл фермаға жас кезінен қызығып келеді екен, оның барлық артықшылығы мен кемшілігін бес саусағындай білетін көрінеді. Осы бір тамаша, нағыз нормандық әйел жер қожалығын сенімді капитал салымы ретінде ғана емес, өзінің меншікті жерін басып жүру рақатын сезіну үшін де жоғары бағалайды екен. Нақ осы ферманы иемдену үмітімен ол барлық анықтаманы жинап, ақшасын қомақтап, қазір тек Бувардың жауабын тағатсыздана күтіп жүрген көрінеді.

Бувар бір шешімге келе алмай, ұзақ ойланды. Ол Пекюше бір кезде қаражатсыз қалып жүре ме деп уайымдайтын; екінші жағынан қажылықтарының нәтижесінде сәті түсіп тұрған жағдайдан айырылуға да болмайды. Өз бойларынан екінші рет тек қана жақсылық жасау ниетін сезінген еді.

Бұлар мынадай шарт қойды: жеті жарым емес, алты мың франктік қана рента екеуінің қайсысы ұзақ өмір сүрсе, соған берілуі керек. Мареско Борден ханымға бұлардың біреуінің денсаулығы нашар, ал екіншісі, дене құрылысына қарағанда, қояншық ауруына бейім екенін айтты, бұған қуана-қуана сенген Борден ханым келісімге қол қойды.

Бувар уайымға берілді: бұдан былай өзіне өлім тілейтін біреудің барын білу оны құдай мен мәңгілік жайлы ауыр ойларға жетеледі.

Үш күннен кейін аббат Жефруа оларды жылына бір рет бауырластарына арнап беретін салтанатты түстікке шақырды.

Түстік сағат екіде басталып, кешкі он бірге дейін созылды.

Алмұрт шарабы ішіліп, қалжың әңгімелер айтылды. Аббат Прюно суырыпсалма акроөлеңдерін оқыды, Бугон картамен сиқыр көрсетті, ал жас викарий Серпе әзілге құрылған романс шырқады. Мұндай орта Бувардың көңілін көтерді. Келесі күні ол көңілдірек жүрді.

Оған священник жиі келетін болды. Ол дін жайында тілінің майын тамыза әңгімелейді. Әрі бұдан ештеңе жоғалтпайды ғой. Ұзамай Бувар причастиеге қатысуға келісім берді. Пекюше де онымен бірге даярлана бастады.

Салтанатты күн де келіп жетті.

Бұл күні көптеген жігіт пен бойжеткеннің бірінші причастиесі болатындықтан, шіркеу халыққа лық толды. Ауқаттылар әйелдерімен бірге орындықтарда отыр, ал қара халық арт жақта түрегеп түр, біразы хорға катысуда, сыймай қалғандары есік алдында, баспалдаққа дейін сығылысып тұр.

"Қазір болуға тиіс нәрсені еш түсіндіре алмайсың, — деп ойлады Бувар, — бірақ кейбір нәрсені түсіну үшін ақыл аздық етеді ғой. Осыған шын сенген ұлы адамдар да болған. Соларға ұқсап бағуға болатын шығар". Аштықтан басы аздап айналғандай, біртүрлі әлсіздік сезінген ол тұман арасынан көрінгендей болған мехрапқа, хош иісті заттар салынған ыдысқа, шырақтарға көз салды.

Пекюше құдайға құштарлық жайлы ойлап, өзінің оған деген сүйіспеншілігін арттыруға тырысты. Ол Иисус Христостың табанының астына өз жанын, өзгелердің де жанын жайып салғысы, барлық жандыларды, бүкіл әлемді сыйлағысы келді. Ол бар ықыласын сала сиынғанымен, месса тым ұзақ сияқтанып көрінді.

Ақырында мехраптың бірінші баспалдағына ұл балалар келіп тізерлегенде, олардың киімдері қара таспаға ұқсап, ал ақшыл, қара шашты бастары қисық сызықтар секілденіп көрінді. Оларды ауыстырған қыз балалар, алыстан қарағанда, бастарындағы гүлтәждерімен, ақшыл бетперделерімен хор ортасындағы ақ шарбы бұлттар секілденіп елестейді.

Енді үлкендердің кезегі келді.

Пекюше қатардың басына келіпті; қатты толқығандықтан оның басы қалтылдап тұрды. Священникке оның аузына облатканы күшпен тығуға тура келді, оны қабылдаған кезде Пекюшенің көз қарашықтары аударылып-төңкеріліп кетті.

Бувар керісінше, жағын барынша кең ашқандықтан, тілі ернінен төмен қарай жалау құсап салбырап тұрды. Орнынан көтеріле бергенде ол шынтағымен Борден ханымды қағып кетті. Көздері кезігіп қалғанда, әйел күлімсіреді, ал Бувар, неге екені белгісіз, қызарып кетті.

Борден ханымнан кейін мадмуазель де Фаверж, графиня, олармен серіктес әйел және шавиньольдықтарға бейтаныс бір мырза причастие қабылдады.

Ең соңында Плакван мен Пти мұғалім қалған болатын. Аяқ астынан Горжю келіп тізерлей кетті. Ол қысқа шоқша сақалын қырып тастапты; өз орнына қайтып келгенде де кеудесіне айқастырған қолдарын жазбай, дінге қатты берілген тұр танытты.

Кюре ер балаларға арнап сөз сөйледі. Келешекте өз құдайын сатқан Иуданың қылығын қайталаудан сақ болыңдар, үстеріңдегі киімдерің қашанда пәк болсын. Пекюше пәктігінен айырылған жайын ойлап, күрсініп қойды. Осы кезде орындықтар ысырылып, аналары өз балаларын құшақтап сүюге ұмтылды.

Діншілдер шіркеуден шыға бере бірін-бірі құттықтап жатты. Кейбіреулердің көзінде жас мөлтілдейді. Күймесін күтіп тұрған графиня де Фаверж Бувар мен Пекюшеге бұрылып, оларға өзінің болашақ күйеу баласын таныстырды:

— Барон де Маюро, инженер.

Граф бұларды көптен көре алмағанына кешірім сұрады. Ол келесі аптада қайтып келетінін айтты.

— Ұмытып кетпеңіздер, өтінем!

Күйме келген соң, граф замогінің тұрғындары жүріп кетті, жұрт та тарқай бастады.

Бұлар аулаға кіре бергенде, шөп үстінде жатқан қағазға оралған пакетті көрді. Үйде ешкім болмағандықтан, пошташы оны қоршау үстінен лақтырып кетіпті. Бұл оларға Барберу уәде еткен, Эколь нормаль шәкірті Луи Эрвьенің "Христиандықты зерттеу" кітабы екен. Пекюше кітапты итере салды. Бувардың да көз жүгірткісі келмеді.

Оған причастие қабылдау адамда өзгеріс тудыратыны жайлы талай рет айтылған болатын: ол бірнеше күн бойы өз санасында жаңа сезімнің бүршік жаруын күтіп жүрді. Алайда ешқандай өзгеріс сезіле қойған жоқ, бұған ол қатты таңырқады.

Неге бұлай? Құдай тәні біздің тәнімізге араласса да ештеңе сезілмей, өзгеріссіз қала ма? Әлемді билейтін ой біздің санамызға сәуле себезгілемей ме? Жаратушы ием бізді дәрменсіз қалпымызда қалдырмақ па?

Аббат Жефруа оның сенімін бекіте түсу үшін, аббат Гомның "Катехизисін" оқуға кеңес берді.

Пекюшенің тақуалығы, керісінше, арта түсті. Ол екеуі үшін де сиынғысы келіп, дәлізде әрлі-берлі жүріп, діни жырларды әндетеді; көшеге шыға қалса, шавиньольдықтарды тоқтатып алып, оларды ақиқат жолына түсірмек болып әуреленеді. Вокорбей оның бетіне қарап мазақтай күлді, Жирбаль иығын қомдады да қойды, ал капитан оны Тартюф деп атады. Жұрт бұларды тағы шектен шығып бара жатыр деп ойлайтын болды.

Барлық нәрсені бірдеңенің хабаршысы деп қарау — жақсы әдет. Күн күркіресе, Қиямет-қайым осындай-ақ болар деп ойлайсың; аспан бұлтсыз шайдай ашық болса, жұмақ осы екен дейсің; қыдырыстап жүргенде әp қадамың сені ажалға жақындата түсетіні жайлы ойланасын. Пекюше осы әдіске көшті. Киініп жатқанда ол Троицаның екінші келбетіне айналған тән қабығы жайлы ойға беріледі; сағаттың тықылы өз жүрегінің соғысын еске салады; түйреуіштің ұшы керме ағаштың шегесіне ұқсайды. Бірақ сағаттар бойы тізерлеп тұрса да, қанша ораза ұстап, қиялын қанша қамшылағанымен, өзінен өзі бас тартуға қол жеткізе алмады; пайымдау шыңына көтеріле алмады.

Содан кейін ол әулие Тереза, Хуана де ла Крус, Жан Крестовой, Луис Гренадский, Симполи тәрізді мистик жазушыларға, замандастарынан - монсеньор Шайо көмегіне жүгініп көрді. Бірақ бұл шығармалардан өзі күткен көтеріңкі ойлардың орнына тек қана әдепсіздік, жадағай сөздер, жұтаң бейнелеулер мен моладағы тастар жазуынан алынған көптеген теңеуді ғана кездестірді.

Дегенмен ол тазарудың белсенді және самарқау түрлері болатынын, ішкі және сыртқы көздер барлығын, намаздың төрт түрі барын, сүйіспеншіліктің тоғыз артықшылығын, ал көндігудің алты сатысы болатынын және жаныңды қорлаудың рухани тонауға барабар екенін оқып білді.

Тіпті өзін ұялтқан жерлер де болды.

Егер тәніміз қарғысқа ұшыраған болса, онда құдайға бізге өмір сыйлағаны үшін неге алғыс айтуымыз керек? Құтқару үшін қажетті қорқыныш пен соншалықты керек болатын үміттенудің арақатысында қандай шара қолдану керек? Рақатқа бөлену нені білдіреді? Және т.б.Аббат Жефруаның жауаптары қарапайым:

— Өзіңізді қажай бермеңіз! Қандайда мәселені қазбалай берген адамның қауіпті жолға түсері сөзсіз.

Гомның "Тұрақтылық катехизисі " — нен жүрегі айныған Бувар енді Луи Эрвьенің кітабын қолға алды. Бұл өкімет тыйым салған жаңа экзегетиканың қысқаша курсы екен. Барберу оны республикашыл болғандықтан сатып алған-ды.

Кітап Бувар санасында ең алдымен алғашқы күнәнің жасалуы жайында күдік тудырды.

— Егер құдай адамды күнәкар етіп жаратқан болса, оны жазаламауы керек еді; әрі жанартаулар, жыртқыш аңдар сияқты жамандықтар күнәкарлық жасалмай тұрғанда-ақ болмап па еді. Бұл ілім менің әділеттік жайлы ұғымымның быт-шытын шығарды.

— Мен не айта аламын? — деді кюре. — Бұл дәлелдеу мүмкін болмағанымен, жұрттың бәрі мойындайтын ақиқат. Біздің өзіміз де әкелер күнәсін балаларына аударамыз. Сөйтіп, әдет-ғұрып та, заңдар да бұл ерік құдіретін мойындайды; ол табиғатта да байқалған.

Бувар басын шайқады. Ол сондай-ақ тамұқтың барлығына да күмән келтірді:

— Кез келген жаза кінәліні түзету мақсатына бағытталуы тиіс, ал тамұқтап мәңгілік қинау жағдайында бұл мүмкін емес. Қаншама жандар мәңгілік қинауға бұйырылған! Ойлап көріңізші, қаншама адамдар — Христке дейінгі өмір сүрген ежелгі адамдар, еврейлер, мұсылмандар, пұтқа табынушылар, шоқындырып үлгермей өлген балалар, — құдайдың өзі жаратқан балалар, — не мақсатпен? Оларды жасамаған күнәлары үшін жазалау неге керек?

— Августин дуананың да пікірі осындай болған, — деді кюре-ал Фульгенций әулие қарғыс тіпті дүниеге келмей кеткен ұрыққа да таралады деп есептейді. Бірақ шіркеу бұл мәселеге байланысты ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Дегенмен бір түзету енгізейін: күнәқарды құдай жазаламайды, күнәкар өзін-өзі жазалайды, құдай мәңгілік болғандықтан, қорлау да мәңгілік, демек жаза да мәңгілік болмақ. Сіздің білейін дегеніңіз осы ғана ма еді?

— Үштіктің бірлігі дегенді түсіндіріңізші, — деді Бувар.

— Түсіндірейін. Салыстыра айтсақ: үшбұрыштың үш қабырғасын немесе біздің жанымыздың болмыс, сана, жігер сияқты үш бастаудан тұратынын алайық. Адамның қабілеті дейтініміз құдайдың беті болып саналады. Құпиясы осы жерде.

— Бірақ үшбұрыштың үш қабырғасының әрқайсысы жеке үшбұрыш бола алмайды; жанның үш қабілеті үш жан бола алмайды, ал сіздің Үштігіңіз — үш құдай ғой.

— Мұныңыз қорлаушылық!

— Демек тек бір ғана бет, үш жағынан да бірдей көрінетін бір құдай бар.

— Түсінбесек те, сенейік, — деді кюре.

— Сол дұрыс, — деді Бувар.

Ол күпір атанудан, замок алдында беделін жоғалтып алудан қорықты.

Онда бұлар аптасына үш рет, қыстың күні сағат беске таман барып, шай ішіп жылынып жүрді. Графтың жүріс-тұрыс мәнері "бұрынғы сарай сән-салтанатын" еске салатын еді; графиня, ақкөңіл семіз әйел, барлық нәрсе жайынан салауатты пікір айта алатын. Олардың қызы мадмуазель Иоланда қыздардың идеалы дерлік, сән альбомдарындағы періштелерге ұқсайды, ал олардың серіктесі де Ноар ханымның үп-үшкір мұрны жағынан Пекюшеге бір ұқсастығы бар.

Бұлар бірінші рет қонақжайға кірген сәтте ол біреуді қорғаштап жатты:

— Оның өзгергендігінде сөз жоқ! Өзгергені сыйлығынан-ақ көрініп тұр ғой.

Өзгерген адамы Горжю болатын. Өткенде ол болашақ ерлі-зайыптыларға сиынатын готикалық тұғырды сыйға тартыпты. Сыйлық қонақжайға әкелінді. Онда екі әулеттің де гербтері бояумен бедерленіпті. Де Маюро мырзаға сыйлық ұнаған болуы керек; де Ноар ханым оған:

— Менің қолдауымдағы жан екенін ұмытып кетпеңіз, — деп жатты.

Содан кейін әйел қонақжайға екі баланы: он екі жасар ер бала мен оның қарындасын, он жас шамасындағы қыз баланы алып келді. Киімдерінің жыртығынан суықтан қызарып кеткен жалаңаш денелері көрінеді. Балада көне туфли, қыз жалаң аяғына ағаш башмақ қана киіпті. Ұйысқан шаштарынан маңдайлары көрінбейді, айналаға үрейі ұшқан бөлтіріктер сияқтанып жалт-жұлт қарайды.

Ноар ханым оларды таңертеңгілік үлкен жолдың бойынан кездестіргенін айтты. Плакван олар жайлы ештеңе айта алмады.

Олардан есімдері кім екенін сұрады.

— Виктор, Викторина.

— Әкелерің қайда?

— Түрмеде.

— Бұрын не істеуші еді?

— Ештеңе.

— Қайдан келдіңдер?

— Сен-Пьерден.

— Қай Сен-Пьерден?

Балалар айта алмады, ауыздарын сылп еткізіп:

— Білмеймін, білмеймін, — дей берді.

Шешелері өлгеннен бері қайыр тілеп кеткен көрінеді.

Ноар ханым оларды тағдыр тәлкегіне тастап кету қауіпті екенін айтты; оның мұнысы графиняның жүрегін елжіретті, графтың намысына тиді, мадмуазельден қолдау тауып, қоймай отырып дегенін істетті. Балаларға қорықшының әйелі қамқоршы болады. Кейінірек оларға жұмыс тауып беруге, ал әзірше олар оқи-жаза білмегендіктен, катехизис сабақтарына даярлау үшін олардың сауатын Ноар ханым өзі ашатын болып келісті.

Замокқа аббат Жефруа келген кезде балаларды алдырып, ол біраз сұрақ қойды, содан кейін балаларға арнап уағыз айта бастады, онысы тыңдаушылар назарына ілігу үшін әдейі әсер тудырғысы келгендей болып көрінді.

Бір жолы замоктан аббат пен Пекюше үшеуі үйге қайтып келе жатқанда, Бувар патриархтарды ашықтан-ашық жамандай бастады. Жақып қулық-сұмдыққа бейім, Дәуіт — кісі өлтірген, Сүлеймен — дырдуқұмар.

Аббат оларға кең мағынада қарау керегін айтты. Авраамның құрбандық шалуы жаратқанға деген сүйіспеншілік белгісі; Жақып — Жүсіп сияқты, Мұса сияқты, мыс айдаһар тақылеттес өзгеше түрдегі мессия.

— Бес кітапты нақ солар жазды деп ойлайсыз ба? — деп сұрады Бувар.

— Иә, әрине!

— Ал ол кітапта солардың өздерінің өлгені суреттеледі ғой. Навиннің Иисусы жайлы да осыны айтуға болады, ал Патшалық Кітабына келетін болсақ, оның авторы өзі сөз етіп отырған кезеңде еврейлерде әлі патшалар болмағанын ескертеді. Демек ол патшалар тұсында жазылған. Мен пайғамбарларға да таң қаламын.

— Сіз енді пайғамбарларды да жоққа шығармақсыз ба?

— Олай емес! Бірақ олардың қабынған қиялдарында Иегова бірде от түрінде, бірде бұта, шал, көгершін түрінде елестейді және олар сырдың ашылуына сенімді емес, өйткені үнемі бір нышан берілуін өтініп жатады.

— Солай деңіз! Мұндай тамаша ойларды қайдан таптыңыз сонда?

— Спинозадан.

Мұны естігенде кюре ыршып түсті.

— Сіз оны оқыдыңыз ба? — деп сұрады Бувар.

— Құдай сақтасын!

— Дегенмен ғылым...

— Әуелі христиан болып алмай тұрып, ғылыммен айналысуға болмайды.

Ол ғылымға келекелей қарайтын.

— Сіздің ғылымыңыз бір тал дән сабағын өсіріп пе екен? Тегі, біз өзі не білеміз? — деді ол.

Есесіне ол әлемнің біз үшін жаратылғанын біледі; жебірейілдер періштелердің үстінен қарауылға қойылғанын біледі; ал адамның тәні отыз жасында қандай халде болса, сол күйінде тірілетінін біледі.

Оның өзіне діндарлық сенімділігі Бувардың жынына тиді, сондықтан ол Луи Эрвьеге сенбегендіктен, Варлоға хат жазды. Ал одан гөрі білетіні көбірек Пекюше Жефруадан Қасиетті жазулар туралы түсінік беруін өтінді.

Болмыс Кітабының алты күні алты ұлы дәуірді білдіреді. Еврейлер египеттіктерден ұрлап әкеткен қымбат ыдыс дегеніміз — олар құпиясын ұрлап біліп алған рухани байлықтар, өнер. Исайя тырдай жалаңаш шешінбеген, өйткені nudus латынша "белге дейін жалаңаштану" дегенді білдіреді; Вергилий де жер жырту кезінде тура осылай жалаңаштануға кеңес береді, ал бұл жазушы әдепсіз бірнәрсе айтатын жан емес. Кітап жалмайтын Езекииль адам шошитын құбыжық емес, біз де "кітапшаны, газетті көзбен ішіп- жеді" деп жатамыз ғой.

Алайда егер бәрін метафораға айналдыра берсек, факті қайда қалады? Дегенмен аббат олардың шындық екенін дәлелдеп бақты.

Мұндай түсіндіру Пекюшеге негізсіз болып көрінді. Ол іздеп жүріп, бір күні Библиядағы қайшылықтарға арналған мақала алып келді.

Исход бізді қырық жыл бойы шөлде құрбандық шалынып келді деп сендіреді, ал Амос пен Иеремииге сенсек, бірде-бір құрбандық шалынбаған. Паралипоменон мен Ездра кітаптары халықтың санын есептеуге келгенде бір-бірімен келіспейді. Екінші заңда Мұсаның құдайды көзбе-көз көргендігі айтылады; ал Исход оның көруі мүмкін емес дейді. Құдайлық рухтану қайда қалады сонда?

— Бұл құдайды мойындау пайдасына тағы бір дәлел, — деп жымия сөйледі Жефруа. — Тек өтірікші адамдар ғана бір-бірімен келісіп алады, ал адал адамдарға оның қажеті жоқ! Жаны қысылған адам шіркеуден жұбаныш табады. Дұрыстық тек сонда ғана.

Жаңылыспаушылық кімге тән?

Базель және Констанц соборлары оны соборларға тән дейді. Бірақ көбіне соборлар да бір-біріне қайшы келіп жатады — олардың Афанасий мен Арийге көзқарастары оған дәлел; Флорентия және Латеран соборлары жаңылыспайтын жан папа деп таниды. Бірақ VI Адриан папа да барлық адам сияқты қателесуі мүмкін деп жазады.

Бұл — болмашы нәрсені сылтау етіп, іске бөгет жасаушылықтан басқа түк те емес! Бұның бәрі де парыздардың мызғымастығына бөгет бола алмайды.

Луи Эрвье шығармасында олардың да түр жағынан өзгеретінін жазады: шоқындыру бір кездері тек үлкендерге ғана арналған болатын, соборландыру тек он бірінші ғасырда ғана құпияға айналдырылды; преосуществление он үшінші ғасырда декретпен заңдастырылса, пәктелу он бесінші ғасырда, ал пәк жүктілік — тіпті беріде ғана мойындалды.

Пекюшенің басы қатқаны сондай, енді Иисусқа қалай қарау керегін білмей қалды. Үш Інжіл оны адам ретінде суреттейді. Апостол Иоанның бір жерінде оны құдайға теңейтін сияқты, тағы бір жерінде — өзінің одан төмен екенін мойындайды.

Аббат қарсылық білдіріп, Абгар патшаның жолдауына, Пилаттың әрекеттеріне, сивилл куәліктеріне жүгінді, "олар негізінен ақиқат". Пекюше Бикеш бейнесіне галлдардан, құтқарушының алдын ала сезілуін қытайлардан, Үштікке — барлық жерден, кірешке -далайламаның баскиімінен, Мысырда — құдайларының қолдарынан мысал тапты; ол тіпті гравюрадан нілөлшеуішті көрсетті, ол Пекюшенің ойынша, фаллосқа ұқсайтын болып шықты.

Жефруа жасырын түрде өзінің досы Прюномен ақылдасып жүрді, ол бұған қажетті дәлелдерді кітаптардан тауып беріп отырды. Білімдарлық сайысы қыза түсті; намысы қамшылаған Пекюше трансценденталдыққа, мифологқа айналып кете жаздап жүр.

Ол құдай-ананы Изидаға, евхаристияны — парсылық хаомаға, Вакхты — Мұсаға, Нұх кемесін — Кситур кемесіне ұқсатты; бұл ұқсастық, оның пікірінше, барлық діннің түбі бір екенін дәлелдейді.

Бірақ құдай біреу ғана болғандықтан, бірнеше дін болуы мүмкін емес. Келтірер дәлелі таусылған сүтаналы адам:

— Бұл — құпия! — деп құтылмақ болды.

Бұл не дегені? Білімінің жетімсіздігі ме? Тіпті жақсы! Бірақ ол анықтамасында қандайда бір қайшылық бұғып жатқан бір ұғым болса ше? Пекюше енді Жефруаның қыр соңынан қалмай қойды; ол оны бақта тосып алады, ғибадатхана алдында күтіп тұрады, тіпті ризницаның ішіне кіріп тауып алады.

Священник одан құтылу үшін неше түрлі айлаға көшті.

Бір жолы ол Сасетодағы біреуге причастие қабылдатуға бара жатқанда, Пекюше қарсы алдынан жолыға кетті де, аббаттың әңгімеден жалтаруға мүмкіндігі болмай қалды.

Бұл тамыз айының аяғы, кешқұрым еді. Жаңа ғана ашық аспан түнеріп келеді, төменгі жағы қап-қара, жоғарғы шеті бұйраланған жаңбыр бұлты пайда болыпты.

Пекюше әуелі ана-мынаны сөз еткен болды да, "азапкер" сөзін қисынын тауып кіріктіріп, соған жармаса түсті:

— Сіздіңше олар нешеу болған?

— Жиырма миллионная кем емес-ау.

— Ал Ориген соншалықты көп емес дейді ғой.

— Сол Оригеніңіздің өзіне сену қиын.

Қатты жел соғып, шөптер мен көкжиекке дейін созылып жатқан шегіршін ағаштарын қатты шайқалтып кетті.

Пекюше сөзін жалғады:

— Варварларға қарсылық көрсеткені үшін өлтірілген көптеген галл епископтарын да азапкерлерге қосып жүр, бұл дұрыс емес қой.

— Сіз сонда императорларды жақтамақшысыз ба?

Пекюшенің ойынша, оларға жала жабылған.

— Фива легионының тарихы ойдан шығарылған. Мен Симфорос пен оның жеті ұлы, Фелицитат пен оның жеті қызы және жетпіс жаста екендіктеріне қарамай зорлауға кесілген жеті анкир қыздарын және біреуі Undecimilla деген санмен аталған әулие Урсуланың он бір мың қыздарын мойындамаймын, сондай-ақ александриялық он азапкердің барлығы да ойдан шығарылған деп есептеймін!

— Алайда... Алайда... Олар туралы беделді авторлар жазады ғой.

Жаңбыр тамшылай бастады. Священник қолшатырын ашты, Пекюше оның астына тығыла түсіп, ежелгі римдіктерден де гөрі еврейлер, мұсылмандар, протестанттар мен еркін ойлаушылар арасынан азапкерлер санын көбейте түскен католиктер деген ойын айтып салды.

Священник айқайлап жіберді:

— Нероннан Цезарь Гальбаға дейін-ақ он шақты қуғын-сүргін болды емес пе!

— Ал альбигойлықтарды дүрелеу ше? Варфоломей түні ше? Нант эдиктін жою ше?

— Бұл, әрине, аздап шектен шыққандық, бірақ сіз бұл жапа шеккен адамдарды әулие Стефан, әулие Лаврентий, Киприан, Поликарп және басқа барша миссионерлермен салыстырмайтын шығарсыз?

— Кешіріңіз! Ипатий, прагалық Иероним, Ян Гус, Бруно, Ванини, Ан Дюбур есімдері есіңізге бірдеңені түсірмей ме?

Жаңбыр күшейе түсті, оның жерге түскен тамшысы кішкене ақ ракеталар сияқтанып кері атылады. Пекюше мен Жефруа бір-біріне тығыла түсіп, абайлай басып келеді. Кюре сөзін жалғады:

— Сұмдық қатты қинаудан кейін оларды қазанда қайнап жатқан суға лақтырған!

— Инквизиция да адамдарды солайша қинап, отқа ағашша өртеген.

— Текті әйелдерді сілейте ұрып-соққан!

— Ал XV Людовик драгундерінің істегендерін қайда қоясыз?

— Есіңізде болса, христиандар мемлекетке қарсы еш жаманшылық істемеген!

— Гугеноттар да қаскүнемдік жасамаған!

Жел гуілдей соғып, жаңбыр тамшыларын тілгілеп өтеді. Нөсер жапырақтарды сабалап, жол шетімен сарқырай ағып жатыр, лайлы аспан мен орақтан кейінгі жалаңаш дала астасып кеткен. Тығылар еш пана көрінбейді. Тек алыстан бақташының күркесі көзге түседі.

Пекюшенің жұқа пәлтесі суға малып алғандай болды. Су арқасынан ағып, етігінің ішіне, Аморос картузының күнқағарына қарамастан құлағына, көзіне құйылып жатыр; кюре бір қолымен сүтанының аяғына оратылған етегін көтеріп алған, басындағы үшбұрышты баскиімінен екі иығына собор науасынша су саулап келеді.

Тоқтауға тура келді; желге арқасын бере ықтаған олар бірінің қарны екіншісінің қарнына тіреліп, жұлқынған қолшатырға төрт қолдап әзер ие болып тұрды.

Жефруа католиктерді қорғаштауын қояр емес:

— Әулие Симеон сияқтандырып олар сіздің протестанттарыңызды кірешке керген жоқ қой! Әулие Игнатийге жасағандары сияқты адамды екі жолбарыстың талап жеуіне тастады ма?

— Сіздіңше қаншама қатындарды күйеуінен айыру, ананың қолынан баласын жұлып алу түкке тұрмайды екен ғой? Ал қуғынға ұшырап, қарлы далада сай-сала кезіп кеткендер ше? Түрмеде оларды тығатын жер қалған жоқ, өлгендерін жаны шығып болмай жатып сүйреп тастап отырған.

Аббат езу тартты:

— Мұның біріне де сенбеуге рұқсат етіңіз! Ал біздің азапкерлерге күмәндана алмайсыз. Әулие Бландинаны тырдай жалаңаш шешіндіріп, торға ораған күйі құтырған бұқаның алдына лақтырып тастаған. Әулие Юлия ұрып-соғудан өлген. Әулие Тарақ, әулие Проба, әулие Андрониктің тістерін балғамен сындырып, терісін темір тырнауышпен жыртып, қолдарын қыздырған шегемен тескен, бас терілерін сыпырып алған.

— Сіз асыра айтып тұрсыз, — деді Пекюше. — Азапкерлер өлімі ол кезде шешендік өнер тақырыбына айналған.

— Қалай, шешендік өнері дейсіз бе?

— Әрине. Мен сізге тарихи фактіні айтып отырмын. Ирландия католиктері екіқабат әйелдердің ішін жарып, нәрестелерін суырып алған...

— Олай болуы мүмкін емес!

— Сөйтіп, оларды шошқаларға жегізген.

— Қойыңыз дедім ғой!

— Бельгияда нәрестелерді тірідей жерге көмген.

— Сандырақ!

— Қаласаңыз, есімдерін де атауға болады.

— Тіпті солай болған күннің өзінде, — деді священник қолшатырын ашулана сілкілеп, — бәрібір оларды азапкер дей алмайсыз. Шіркеуден тыс жерде азапкер болмайды.

— Тағы бір сөз. Егер азапкерге діни ілім салмақ қосатын болса, ол өзінің артықшылығын дәлелдеу үшін неге оған сүйенеді?

Жаңбыр саябырлады; қыстаққа жеткенше екеуі үнсіз келді де, шіркеу үйінің табалдырығына жеткен кезде ғана аббат тіл қатты:

— Сізге жаным ашиды! Шынында, аяймын!

Пекюше Буварға аббат екеуінің шайқасы туралы айтып берді, бір сағаттан кейін шатырлай жанып жатқан камин алдында екеуі "Кюре Мелъені" оқып отырды. Оның өздеріне шаң жуытпауға жанын салуы Пекюшенің жиренішін тудырды, ол енді "өмірбаяндарының" бетін аударып, батырлықты мойындамай жүруім де мүмкін-ау деген оймен, ең даңқты азапкерлер жайлы оқуға бас қойды.

Олар аренаға шыққан кезде жұрт қиқуға басты! Арыстандар мен қабыландардың арыны басылыңқыраған кезде азапкерлер ишарамен немесе дауыстарын шығарып, оларды өздеріне шақырады. Үсті-басынан қан сорғалаған адамдар аяқтарынан әрең тұрса да, көздерін аспанға көтеріп, күлімсірей түседі; әулие Перепетуя қиналысын білдірмес үшін, шашын өре бастады.

Пекюше ойға кетті. Терезе ашық болатын, түн жым-жырт, аспанда сансыз жұлдыз жымыңдасады. Бәлкім, христиандық азапкерлер жүректерімен біздің түсімізге де кірмейтін бір кереметті — шаттықты, құдайға ғана тән дірілді сезінген шығар. Пекюше қиялына елігіп, бұл сезімді түсінетінін, өзі де солай жасай алатынын айтты.

— Сен бе?

— Әрине, мен.

— Байқа, бұл ойын емес! Сенде сенім бар ма? Бар ма деймін?

— Білмеймін.

Ол майшамды жақты. Содан кейін қуыста тұрған керілген бейнеге қарап, ойлана тіл қатты:

— Қаншама бақытсыз жандар одан қорғаныш іздеген!

Біраз үнсіз тұрып, сөзін жалғады:

— Оның ілімі бұрмаланған! Бұл — Римнің, Ватикан саясатының кінәсі.

Буварға шіркеудің салтанаты ұнайтын, ол ортағасырлық кардинал болудан бас тартпас еді.

— Қызыл мантия маған сондай жарасар еді, о, айтшы!

Отқа жақын қойған Пекюшенің бас киімі әлі кеппепті. Оның қыртысын жазып отырғанда, астарынан қатты бір нәрсеге қолы тиді. Одан әулие Жүсіп мүсіншесін алып шыққанда, екеуі де абыржып қалды, бұл оларға түсініксіз құбылыс болып көрінді.

Де Ноар ханым Пекюшеден өз бойыңнан бір жеңілдік, рақат сезімін сезбедің бе деп сұраумен болды, осы сұрауымен ол құпиясын ашып қойды. Бір жолы Пекюше бильярд ойнап жүргенде, оның баскиіміне әйел осы мүсіншені тігіп қойған екен.

Сірә, әйел оны ұнатып қалған болуы керек; әйел жесір болатын, екеуі қосылып қалуы да ғажап емес еді, бірақ өзін бақытқа бөлеуі мүмкін бұл сүйіспеншілікті Пекюше сезе қоймады.

Ол Бувардан гөрі дінге бейім болса да, әйел соны таңдап, дінге сенбейтіндерге пайдалы көмек көрсететін әулие Жүсіпке табыстапты.

Бұл әйел өзгелерден гөрі әртүрлі дұға мен соған байланысты күнәдан арылту әдістерін, жәдігерлер әсерін, әулие бастаулар күшін артығырақ білетін. Ол бір кезде сағатының шынжырын да әулие Петр бұғауына жанастырып іліп қойған болатын.

Оның әшекейлерінің арасында алтынға орнатылған інжу — Алуан шіркеуінде сақталатын Христ көз жасының көшірмесі жарқырап тұрады; ал шынашағындағы жүзікте Арск священнигінің шашы сақталады, өзі кедейлер үшін дәрілік шөптер жинаумен айналысатындықтан, оның бөлмесі ризницаға ма, дәріханаға ма, сондай бірдеңеге ұқсап тұратын.

Уақытын ол хат жазумен, кедейлердің үйіне барумен, некесіз бірге тұрып жатқандардың байланысын үзіп, Иисус Жүрегінің фотосуретін таратумен өткізеді. Біреу оған "азапкерлер қамырын" — пасхалық майшамдар балауызы мен адам мәйіті жерленген жерден алынған күл қосындысын беріп жіберуге уәде етіпті; ол үмітсіз жағдайларда домалақтап немесе іліп алып ішетін дәрі екен. Әйел оны Пекюшеге беретінін айтты.

Пекюшені, сірә, осындай материализм үркітсе керек.

Кешкісін бір малай замоктан себет толы кітапшалар әкеліп берді, оның ішінде ұлы Наполеонның мархабатты сөздері, керуен сарайларда сөз сөйлеген кюренің атқан оқтай пікірлері, дінсіздердің азапты өлімі туралы әңгімелер бар екен. Де Ноар ханым бұлардың бәрін, басқа да көптеген ғажайып жағдайды жатқа білетін.

Оның әңгімелерінің арасында еш мақсат көздемейтін, құдай адамдардың басын қатыру үшін ойлап тапқандай мән-мағынасыз жайттар көп-ақ. Оның өз әжесі бір жолы шкафтағы киімдер арасына бір алхоры тығып қойса, бір жылдан кейін сол жерде кіреш түрінде орналасқан он үш алхоры жатқанын көріпті.

— Кәнеки, осыны түсіндіріп беріңізші!

Ол ылғи әңгімесін осылай аяқтап, оның шындығына сендіруге келгенде қыңыр аттай шатқаяқтап қалғанымен, негізінде мейірімді, аса көңілді әйел болатын.

Алайда бір жолы ол мүлде басқа мінез көрсеткені бар. Бувар Педзил ғажайыбын: революция кезінде причастиеге арналған облатканы тығып қойғандықтан, өз-өзінен алтын жалатылып шыға келген ыдыс кереметін мойындамай қойды.

— Мүмкін, ылғалдан оның түбі аздап сарғайған шығар?

— Жоқ деймін, жоқ! Қасиетті затқа жанасқаннан алтынға айналған.

Әйел дәлел ретінде епископтар куәлігін алға тартты.

— Олардың айтуынша, бұл қалқан сияқты... перпиньяндық иерархия үстіндегі жабынды сияқты болса керек. Сенбесеңіз, аббат Жефруадан сұраңызшы!

Бувар шыдай алмады, Луи Эрвьені бір шолып шықты да, Пекюшені ертіп священникке беттеді.

Священник түстік ішіп отыр екен. Рена қонақтарға орындық ұсынды да, қожайынның белгісімен екі рөмке алып, "розолио" құйды.

Бувар өздерінің келген мақсатын түсіндірді.

Аббат жалтара жауап қайтарды:

— Құдайдың қолынан бәрі келеді, мұндай кереметтер діннің шынайылығын дәлелдей түседі.

— Бірақ белгілі бір зандылық деген болады.

— Зандылық деген түк емес. Жұртты үйрету, түзету үшін құдай оны бұза алады.

— Оның бұзатынын сіз қайдан білесіз? — Бувар қарсылық білдірді. — Табиғаттың үйреншікті шиырларына біз көңіл бөлмейміз де, ерекше құбылыстар бола қалса, құдайға таңа саламыз.

— Мүмкін, солай да шығар, — деді шіркеу қызметшісі, — бірақ оқиғаға куәлік етушілер болса, қайтіп жоққа шығарамыз?

— Куәгерлер не болса соған сене береді, жалған кереметтер де болып жатады ғой!

Священник қызарып кетті.

— Әрине... кейде.

— Оларды ақиқат кереметтерден қалай ажыратуға болады? Ал дәлел ретінде алынған ақиқат кереметтердің өзін дәлелдеу қажет болса, оларға жүгінудің қажеті қанша?

Рена сөзге араласып, өз қожайыны сияқты насихат айтқан үнмен, сөзге ұю қажеттігін білдірді.

— Өмір қас қағым сәтте, тек екінші өмір мәңгілік!

— Қысқасын айтқанда, — деді Бувар "розолиодан" ұрттай отырып, — өткен кездегі кереметтер бүгінгіден артық дәлелденбеген; христиандық пен пірге табынушылар аңыздарын қорғайтын дәлелдемелердің ешқандай айырмашылығы жоқ.

Кюре шанышқысын үстелге тастай салды.

— Тағы да қайталаймын, олар ойдан шығарылған! Шіркеуден тыс кереметтер болмайды!

"Қарай гөр! — деп ойлады Пекюше. — Азапкерлерге арналған дәлелді қайталап отыр: діни ілім фактіге, ал факті діни ілімге сүйенеді".

Жефруа бір стақан суды сіміріп салып, сөзін жалғады:

— Қанша жоққа шығарғандарыңызбен, сіздер кереметке сенесіздер. Он екі балықшының шынайы сеніміне сүйенген өлем, міне, меніңше, тамаша керемет!

— Ешқандай кереметі жоқ!

Пекюше мұны басқаша түсіндірді.

— Монотеизм — еврейлерден, Үштік — үндістерден, Логос — Платонның туындысы, Қыз — Ана — Азиядан таралған.

Онда тұрған түк те жоқ! Жефруа табиғаттан тыс нәрселерге сенеді, барлық халықтан оның алғышарттарын немесе бұрмалаушылықтарды көріп жүрсе де, христиандық ілімнің адамдық негізі болуына төзе алмайды. XVIII ғасырдағы сайқымазақ бұзылғандарға ол кешіріммен қарай алар еді, бірақ қазіргі сыпайы қисынды сынға шыдап тұра алмайды.

— Қорлағыш скептиктен гөрі, мен бәріне шүбәмен қарайтын құдайсызды артық көрген болар ем!

Сөйтті де, ол бұлардың шығып тұрғанын қалайтынын сездіретін түрмен асқақтай қарады.

Пекюше үйіне үлкен уайыммен оралды. Ол дінді ақыл-оймен келістірмек болып үміттенген еді.

Бувар оған Луи Эрвьеден бір жерді белгілеп, оқуға ұсынды:

"Олардың арасындағы түпсіз тұңғиықтың неден болғанын тану үшін олардың аксиомаларын бір-бірімен салыстырып көріңдер.

Ақыл-ой: тұтас бөлшектерден тұрады десе, сенім: Христос апостолдарымен қоғамдасып, өз денесін қолында, ал басын ауызында ұстап тұрады деп жауап береді.

Ақыл-ой: адам өзге адамдардың жасаған күнәсі үшін жауапты болмайды десе, сенім: тұңғыш күнә арқылы жауапты деп түсіндіреді.

Ақыл-ой: үш деген үштен тұрады десе, сенім: үш деген біреу дейді".

Олар аббатқа баруды доғарды.

Бұл Италияда соғыс жүріп жатқан кез болатын.

Ізгі ниетті жандар папаның тілеуін тілеп, Эммануильді қарғап-сілейді. Ноар ханым тіпті оған өлім тілеуге дейін жетті.

Бувар мен Пекюше аздап қарсылық білдірген болды. Алдарынан қонақжайдың есігі ашылып, биік айна тұсынан өте бергенде өз бейнелеріне, ал терезеден — жап-жасыл түс аясында ерекше көрінген малайдың қызыл түсті жилетіне көздері түскенде, олар рақат сезіміне бөленіп, айналадағы сән-салтанат осында айтылып жатқан сөздерге мейірбандықпен қарауға мәжбүрлегендей сезінетін.

Граф бұларға де Местрдің барлық шығармаларын оқуға берді. Өзі Гюрель, кюре, бітімші сот, нотариус пен анда-санда замокқа бір тәулікке келіп жүретін болашақ күйеу баласы — барон секілді айналасындағы достары болатын жақсы отырыстарда ол автордың ілімдерін айтып жүрді.

— Ең жаманы — сексен тоғызыншы жыл оқиғасы! — дейді граф. — Адамдар әуелі құдайдың барлығына күмән келтіреді, содан кейін үкіметті сынға алады, одан кейін еркіндік сөз болады. Қорлау еркіндігі, бүлік жасау, рақатқа бөлену немесе, дұрысырақ айтсақ, тонау рақаты, шіркеу мен билікке сондықтан еркін ойлаушылар мен өзгеше ойлайтындарды қуғындауға тура келеді. Әрине, қуғындауға қарсы, жендеттер қылмыскерлер соңына түскендей-ақ шу көтеріледі. Түйіндеп айтсам, құдайсыз мемлекет жоқ. Заң тек жоғарыдан шыққанда ғана құрметтеуге лайық, қазіргі кезде де мәселе итальяндықтарда емес, кім жеңеді — революция ма, әлде папа ма, ібіліс пе, әлде Христос па, сол жөнінде.

Жефруа мырза қысқа ғана қоштау білдірді, Гюрель күлімсіреді, бітімші сот басын изеді. Бувар мен Пекюше төбеге қарады; де Ноар ханым, графиня мен Иоланда кедейлерге арналған қолөнермен айналысып отырған, ал де Маюро қалындығының қасында газет оқып отыр.

Әркім өзінің түйінді мәселесі жайлы ойлап кеткендей ұзақ үнсіздік орнады. III Наполеон ендігі құтқарушы болудан қалған, оны қойып, Тюильриде жексенбі күндері тас қалаушыларға жұмыс істеуге рұқсат етуімен жаман үлгі көрсетушіге айналған.

"Бұған жол бермеуі керек еді", — граф әдетте осылай сөйлейді.

Саяси экономия, өнер, әдебиет, тарих, ғылыми теориялар, — осылардың барлығы жайлы ол христианин және отағасы ретінде шешімді пікірлер айтады; үкімет оның өз үйінде орнатқандай қатал тәртіп орната алса, жаман болмас еді. Тек үкімет қана ғылымның қауіптілігі жайлы сөз ете алады; халық арасына кеңінен тарала қалса, қатерлі ұмтылысқа бастарында сөз жоқ. Сеньорлар мен епископтар корольдің шексіз билігін тізгіндей алған кезде бұл байғұс халық өзін анағұрлым бақытты сезініп еді. Енді оларды өнеркәсіп иелері қанап отыр. Олар құлдыққа қайта түсудің аз-ақ алдында.

Барлығы да ескі құрылысты аңсайды: Гюрель — жағымпаздығынан, Кулон — надандығынан, Мареско — шығармашылық болмысынан.

Бувар үйіне келе сала Ламетри, Гольбах, т.б. шығармаларымен нәрленуге ұмтылды; Пекюше де биліктің құралына айналған діннен аулақтай бастады. Де Маюро причастиені әйелдерге жағыну үшін қабылдаса, ал шіркеуге малайлары үшін барады.

Математик әрі дилетант, рояльда вальстерді ойнай алатын, Тепфердің табынушысы ретінде ол жақсы талғамдағы скептик болатын. Феодалдардың асыра сілтеушілігі, инквизиция мен иезуиттер туралы айтылатынның барлығы — ескішілдік; ол прогресті мадақтайды, бірақ ақсүйектен басқалардың және Политехника институтында оқымағанның бәріне астамси қарайды.

Оларға аббат Жефруа да ұнамайды. Ол сиқыршылыққа сенеді, пұттарды күлкі етеді, барлық тіл ежелгі еврей тілінен тараған деп санайды; оның шешендігінде турашылдық жетіспей жатады; оның әңгімесі болдырған бұғы, бал мен жусан, алтын мен қорғасын, хош иістер, бағалы ыдыстар мен христиан рухын күнә алдында қасқайып тұрып: "Жол жоқ!" — деп айтатын солдатқа ұқсату төңірегінен ұзамайды.

Оның уағызын тыңдамау үшін, бұлар замокқа неғұрлым кешірек баруға тырысады.

Бір жолы олардың жолы бәрібір тоғысып қалды.

Ол бір сағат бойы өзінің екі оқушысын тосып отырған. Кенет де Ноар ханым кіріп келді.

— Қыз бала тығылып қалыпты. Викторды алып келдім. Құдайым-ай, неткен сорлы бала еді!

Әйел үш күн бұрын жоғалып кеткен күміс оймағын оның қалтасынан тауып алыпты. Жыламсырай түсіп, әйел сөзін жалғады:

— Бұл әлі ештеңе емес! Ұят-ай! Мен ұрса бастағанымда, ол маған құйрығын көрсетті!

Граф пен графиня бір нәрсе айтып үлгергенше, сөзді тағы бөліп кетті:

—  Бұл — менің кінәм! Кешіріңіздер мені!

Бұлардың каторгаға айдалған Туашаның балалары екенін ол жасырып келіпті.

Не істеу керек?

Егер граф оларды қуып шықса, олар өліп қалуы мүмкін, сонда оның қайырымдылығы бай адамның қыңырлығы ретінде бағаланады.

Аббат Жефруа таңырқаған жоқ. Адам өзінің табиғатынан күнәқар, оны тек қана жазамен түзетуге болады.

Бувар қарсылық білдірді. Мейірімді болу керек.

Граф халықпен бірге балаларға да қажет темірдей қол туралы ойын тағы қайталады. Бұл жасөспірімдер тек кемшіліктерден тұрады: қыз — өтірікші, ұл — дөрекі. Ұрлықты әлі кешіруге болар еді, бірақ дөрекілігіне сын жоқ, өйткені тәрбие ең алдымен құрмет көрсетуден басталуы керек. Сондықтан орманшы Сорельге баланы дереу шықпыртып алу тапсырылды.

Орманшымен әлдене жайлы сөйлеспек болған де Маюро бұл тапсырманы жеткізу міндетін өз мойнына алды. Ол алдыңғы үйден мылтық алып шықты да, ауланың ортасында басы салбырап тұрған Викторды өзіне шақырды.

— Кеттік! — деді барон.

Орманшының күркесіне баратын жол Шавиньольды жанай өтетін болғандықтан, Бувар мен Пекюше олармен бірге кетті.

Замоктан жүз қадамдай ұзап шығып, орман ішін көктей өтетін жолға түскенде, барон бұлардың сөйлеспей жүруін өтінді.

Жол үлкен жартастары серейіп тұрған өзен жағалауына жетті. Кешкі күн сәулесі су бетінде алтындай жарқырайды. Алдағы жасыл жоталар қарауытып көрінеді. Күшті жел соғып өтті.

Үй қояндары індерінен шығып, шөп жұлып жеп жүр. Қатарынан үш рет мылтық атылды. Қояндар ыршып түсіп, қаша жөнелді. Виктор оларды ұстап алмақ болып тұра қуды; қайтып келгенде терге малшынып, ентігіп, қызарып кетіпті.

— Түріңді қарашы, кімге ұқсайсың? — деді барон.

Баланың күртесі жыртылып, қанмен былғаныпты. Қанды көргенде Бувардың денесі түршігіп кетті. Ол қан төгуді жақтамайтынын айтты.

Жефруа қарсылық білдірді.

— Кейде жағдай соған мәжбүр етеді. Егер кінәлінікі болмаса басқа біреудің қаны төгіледі; кінәнің жуылуы тиіс екені бізді осы ақиқатқа үндейді.

Бувардың ойынша, ол еш нәтиже бермейді, Христос құрбандыққа шалынғанымен, адамдар өмір бойы қайғы-қасірет шегуге тиіс болды емес пе?

— Бірақ Христос құрбандығын күнделікті евхаристия түрінде жаңартып отырады.

— Священник қандай лайықсыз адам болғанымен, керемет оның сөзінің көмегімен жүзеге асырылады, — деді Пекюше.

— Құпиясы да осы жерде.

Манадан мылтықтан көз алмай тұрған Виктор оны ұстап көрмек болды.

— Тарт қолыңды!

Де Маюро орманға бұрылатын соқпаққа түсті.

Оның соңынан бұрылған Бувар мен Пекюшенің ортасында келе жатқан священник Буварға қарап:

— Абайлаңыз, сіз Debetur puerisx дегенді білесіз ғой, — деді.

Бувар өзінің жаратушыға бас иетінін, бірақ оны адам етіп көрсетушілерге қарсы екенін білдірді. Адамдар оның кек алуынан қорқады, оның атынан еңбек етеді, бүкіл жақсылық соған таңылады, оның алақаны, көзі, өз саясаты, баспанасы бар. Аспан төріндегі әкеміз! Бұны қалай түсінуге болады?

Пекюше де сөз қосты:

— Ғалам кеңейді, енді Жер оның орталығы деп есептелмейді. Ол өзі сияқты көптеген планета арасында зымырап барады. Оның көпшілігі көлемі жағынан одан үлкен, бұл жер шарын кішірейтіп көрсету бізге құдайды шексіз етіп сипаттауға мүмкіндік тудырады.

Сондықтан дінді өзгерту керек. Тұрғындары рақатқа бөленіп, мәңгі айналасын шолумен, мәңгі он салумен, жоғарыдан төмендегі жандардың қиналысына қарап қана отыратын жұмақ — баланың ертегісі болып көрінеді. Христиандықтың негізі алмадан басталған деп ойлаудың өзі...

Кюре ашуға басты.

— Одан гөрі Сыр ашудың өзін жоққа шығарғаныңыз оңай болар еді.

— Қалай ойлайсыз, құдай сөйлеген бе? — деп сұрады Бувар.

— Оның сөйлемегенін дәлелдеңіз! — деп жауап қатты Жефруа.

— Оны кім дәлелдейді деймін?

— Шіркеу!

— Айтары жоқ, куәгерді тапқан екенсіз!

Олардың дауласуы де Маюроны жалықтырған болса керек, жүрісін тоқтатпаған күйі сөзге араласты:

— Кюрені тыңдаңыздар, бұл мәселеде ол сіздерден гөрі көп біледі.

Бувар мен Пекюше бір-біріне көз қысып, басқа жолмен кетуге келісіп алды да, Круа-Верт тұсына келгенде қоштаса бастады:

— Сау болыңыздар!

— Аман болыңыздар! — деді барон.

Мұның барлығы да Фаверж мырзаға жететін болар, олармен де айырылысатын күн жетсе керек. Мейлі! Олар бұл ақсүйектердің өздеріне жоғарыдан қарайтынын сезетін. Бұларды ешқашан түстікке шақырған емес, ал де Ноар ханымның ақыл-насихаты жалықтырып біткен болатын.

Бірақ де Местрдің шығармаларын иеленіп кетуге болмайды ғой, сондықтан Бувар мен Пекюше екі аптадан кейін замокты бетке алып келе жатып, қабылданбайтын шығармыз деп ойлаған.

Олар қабыл алынды.

Үй мүшелері түгел, сондай-ақ Гюрель және бұрын мұнда көрінбейтін Фуро будуарда отыр екен.

Жаза Викторға әсер ете алмапты. Ол катехизисті оқудан бас тартыпты, ал Викторина жаман сөздер айтатын болыпты. Енді ұлды түзету мекемесіне, ал қызды монастырьға жібермей болмайтын көрінеді.

Фуро мұны атқаруды өз мойнына алып отыр. Ол кетуге айналғанда, графиня дауыстап тоқтатты.

Аббат Жефруа келсе, неке қиылар күнді белгілемекші екен; ол бұлардың азаматтық некені қоштамайтындығына бола, шіркеуден бірнеше сағат бұрын қала басшылығы үйінде өткізілмек.

Фуро азаматтық некені қорғауға тырысып еді, граф пен Гюрель ауызын аштырмады. Құпияшылдықпен салыстырғанда азаматтық қызмет деген не ол? Баронның неке қиюы тек үш түсті мойыншалғыш алдындағы рәсіммен аяқталар болса, толық үйлендім деп айта алмас еді.

— Дұрыс айтасыз! — деді енді кіре берген Жефруа өрекпіп. — Иисус белгілеп берген неке ғой ол..

Пекюше оның сөзін бөліп жіберді:

— Қай Інжілде белгілепті? Апостолдар кезінде некенің қадірсіз болғандығы соншалық, Тертулиан оны зинақорлыкпен салыстырған-ды.

— Қойыңыз!

— Шын айтам! Неке тіпті де құпияшылдық емес, құпияшылдық нышан қажет етеді. Некенің нышанын көрсетіңізші кәне.

Кюре неке құдай мен шіркеу одағының нышаны екенін дәлелдеймін деп босқа арамтер болды.

— Сіздер христиан дінін түсінбейсіздер, ал заң...

— Заңда христиандықтың әсері көрініп тұр, әйтпесе ол көп некелілікке рұқсат етер еді ғой! — деді граф.

— Оның несі жаман болар еді? — деген дауыс естілді.

Мұны айтқан шымылдық артына тығылыңқырап тұрған Бувар еді.

— Патриархтар, мормондар мен мұсылмандар сияқты бірнеше әйелің болар еді, бірақ сонда да адал адам болып қалар едің!

— Жоқ, жоқ! — деді священник айғайлай сөйлеп. — Адалдық деген өз міндетіңді тиісінше атқару. Біздің міндетіміз — құдайға табыну. Сондықтан да христиан емес адам адал болып сан алмайды.

— Олардың да басқалардан еш кемдігі жоқ — деді Бувар.

Граф бұл сөзден дінге қарсылықты аңғарып, оны дәріптей бастады. Мысалы, ол құлдарға азаттық берді.

Бувар олай емес екенін дәлелдеу үшін үзінділер келтірді. — Павел апостол құлдардың өз қожайындарына Иисусқа табынғандай табынуын кеңес еткен. Әулие Амвросий құлдықты құдайдың сыйы деп атайды.

— Левит, Исход және Собор кітаптары оны заңдастырып берді. Боссюэ құлдықты адам құқықтарының бірі деп санайды. Ал монсеньор Бувье оны қолдайды.

Граф дегенмен де христиандықтың өркениетке жол бастағанын айтты.

— Ол жалқаулыққа да жол бастап берген, өйткені кедей болуды адамгершілік деп таниды.

— Ал Інжілдің ғибраттылығын қайтесіз?

—  Күдікті ғибрат! Еңбегі үшін соңғы сағат жұмысшылары бірінші сағат жұмысшыларындай ақы алады. Бар адамға үсті-үстіне беріледі, ал жоқ-жітіктен тартып алынады. Жағыңнан тартып жіберсе, екінші бетіңді тос, тонап жатса да қыңқ етпе дегендері бетпақ, қорқақ, оңбаған болуды жақтағандық емес пе?

Пекюше өз ойынша буддизмді артық санайтынын айтқан кезде, жанжал оты өрши түсті.

Священник қарқылдап тұрып күлді:

— Ха — ха — ха! Буддизм деңіз!

Де Ноар ханым алақанын шарт еткізді:

— Буддизм дей ме!?

— Қалайша... буддизм дедіңіз бе? — деп қайталады граф.

— Ал сіз онымен таныс па едіңіз? — деп сұрады Пекюше аббат Жефруадан, ол күмілжіңкіреп қалды.

— Онда біліп қойыңыз, буддизм христиандықтан бұрын және тереңірек жербауырлаған мәнсіздіктен биік көтеріле білген. Оның ғұрыптары асқақ, оған табынушылардың саны барлық христианнан көп, ал өзгере білу қабілетіне келсек, Вишну бір емес, тоғыз түрге ене алады!

— Мұның барлығы саяхатшылардың ойдан шығарып жүргендері, — деп кейістік білдірді де Ноар ханым.

— Франкмасондардың қолдауымен, — деп қостады Кюре.

Осы кезде барлығының дауысы жарыса шықты:

— Тағы не айтасыз?

— Тамаша!

— Ал, меніңше, сандырақ!

— Далбаса!

Жан-жақтан араша таланған Пекюше ашынып кетіп, буддизмді қабылдайтынын мәлімдеді.

— Бұл христиан әйелдерді қорлағандық! — деді барон.

Де Ноар ханым сылқ етіп креслоға құлай кетті. Графиня мен Иоланда үнсіз қалды. Граф көздерін жарқ-жұрқ еткізді. Гюрель қандай бұйрық болып қалар дегендей, жалтақ-жалтақ қарай береді. Аббат сабасына түсу үшін, иманшарт оқуға кірісті.

Оның сабырлы қалпынан сол тынышталған де Фаверж бұл екеуіне бұрылды:

— Өз өмірлерінде қара дақ бар адам, Інжілді қараламас бұрын, соны түзетуден бастағаны жөн болар еді...

— Түзету?

— Қара дақ?

— Жетеді, мырзалар! Мені түсіндіңдер деп білем.

Содан кейін ол Фуроға бұрылды:

— Сорельге бәрі айтылған, соған барыңыз!

Бувар мен Пекюше иілместен кетті.

Аллеяның шетіне шығысымен үшеуі өз наразылықтарына ерік берді:

— Мені малайынша жұмсайды, — деп бұрқылдады Фуро.

Екі серігі де өзін қоштай кеткен кезде, көтеу түйіні еске түсе беретініне қарамастан, оларды жақын тартып қалды.

Егістікте жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр еді. Оны басқарып жүрген адам бұларға беттеді; бұл Горжю еді. Бәрі хал-жай сұрасты. Ол 1848 жылы сөз болған жол төсеу ісі басталғанда, бақылаушы болып орналасыпты, бұл орынды оған ұсынған мамандығы инженер де Маюро көрінеді.

— Граф де Фаверждің қызына үйленгелі жүрген жігіт ше! Сіздер сол жақтан келе жатқан сияқтысыздар ғой?

— Соңғы барғанымыз осы! — деп дүңк еткізді Пекюше.

Горжю анқаулана қалды:

— Ұрысып қалғансыздар ма? Ал керек болса!

Егер бұлар өздері бұрыла берген кездегі оның бет-әлпетін көрген болса, ұрыс себебінің неде екенін жобалап қойғанын түсінер еді.

Ұзамай олар ар жағынан қызыл қышпен жабылған үй мен ит үйшігі көрініп тұрған шарбақ қасына келіп тоқтады.

Табалдырықта Викторина тұр. Ит үрді. Іштен күзетшінің әйелі көрінді.

Ол қалабасының неге келгенін білетін, айқайлап Викторды шақырды.

Бұлардың түйреуішпен түйрелген екі бума буыншақ-түйіншегі даяр тұр екен.

— Жолдарың болсын! — деді әйел балаларға. — Құдайға шүкір, бұл қырсықтан құтылғаныма қуаныштымын!

Бұзық әкеден туғандарына бұлар кінәлі ме? Керісінше, түрлеріне қарасаң, жұп-жуас сияқты, тіпті өздерін қайда апара жатқандарын да сұрамады.

Бувар мен Пекюше олардың артынан қарап келеді.

Қолындағы бумасын бұлғаңдатып, Викторина түсініксіз бір әуенді ыңылдап келеді. Кейде артына бұрылып қараған кезде, ақшыл бұйра шашы мен балғын денесін көріп, Пекюше өзінің осындай қызы болмағанына өкінетінін сезеді. Басқаша жағдайда тәрбие алғанда, керемет бойжеткен болып шығар еді-ау. Көз алдында есейіп келе жатқанын көру, шықылықтаған күлкісін есту, қалаған кезіңде құшақтап сүю неткен қуаныш десеңші! Елжіреуік сезім жүрегін билеп, ерні дірілдеді, кірпігі жасқа шыланып, мұңайып қалды.

Виктор солдаттарға ұқсап, жүгін арқасына салып алған. Ол ысқырып, сүдігерге қонып отырған қарғаларға тас лақтырады, жолдан бұрылып, ағаштан шыбық кесіп ала бастады. Фуро оны қасына шақырды. Ал Бувар оның қолынан ұстап алды да, алақанындағы мықты да күшті бала саусақтарын сүйсіне қысып қойды. Байғұс бала даладағы гүл сияқты еркін өскісі келеді ғой! Оның орнына енді төрт қабырғаға қамалып, шықпыртып ұрып-соғу, тыйым салу мен күшпен оқыту жағдайында өмір кешуге тура келмек. Бувардың бойын әлдебір қарсылық, аяныш, тағдырға өкпе секілді билік басындағыларды төңкеріп тастауға бастайтын ашу-ыза кернеді.

— Секір! — деді ол. — Жүгір! Соңғы еркіндігіңді пайдаланып қал!

Бала секіре жөнелді.

Бұл екеуі бүгін керуенсарайда түнеп шығуы тиіс. Фалездік пошта тасушы таң атысымен Викторды Бобурдағы балаларды түзету үйіне апарып салады. Ал Викторинаны алып кетуге Гран-Кандегі жетімдер үйінен монахиня келуге тиісті.

Осыларды айтып, Фуро тағы өз ойымен болып кетті. Бувар одан екі баланы асырап-сақтау қаншаға түсетінін сұрады.

— Мүмкін... үш жүз франктей болып қалар. Граф алғашқы шығындарына деп жиырма бес франк қана берді. Сараң неме!

Замоктағылардың қалабасы атағын соншалықты қорлайтын көзқарастары ойына түсіп, ашу қысқан Фуро жүрісін тездетті.

Бувар күбірлей тіл қатты:

— Балаларды аяп келемін. Мен оларды өз қарауыма алар едім.

— Мен де, — деді Пекюше.

Тағы да екеуінің ойы бір жерден шықты.

— Мүмкін, бұған бір кедергілер бар шығар?

— Ешқандай кедергі жоқ, — деді Фуро.

Қалабасы ретінде ол қорғансыз балаларды кімге тапсырса да ерікті. Біраз қобалжи келе, ол ақыры келісім берді.

— Жарайды, алып кетіңдер! Бұл графқа шаншудай қадалар-ақ!

Бувар мен Пекюше балаларды үйлеріне ертіп кетті.

Үйге келгенде, құдай-ана алдында тізерлеп, құлшына шоқынып жатқан Марсельді көрді. Басын шалқайтып, көзін жартылай жұмып алған, жырық ерні шүршиген оның түрі желіккен пақырға ұқсап кетіпті.

— Малдан айнысашы! — деді Бувар.

— Неге олай дейсің? Мүмкін, қазір ол көріп отырған нәрселерді көре алсаң, сен оған қызығатын ба едің. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі әлем бар ғой. Ой жүгірту нәрсесі ой жүгірту тәсілі сияқты маңызды емес. Неге сенсең, оған сен. Бастысы — сену.

Бувардың сөзіне Пекюше осылай қарсылық білдірді.

X

Олар тәрбиеге қатысты бірнеше кітап сатып алып, көп жүйенің біріне тоқталды. Барлық метафизикалық идеяны теріске шығарып, эксперименттік әдіске, табиғи қасиеттерінің дамуын бақылауға көшу керек болды. Асығатын ештеңе жоқ, өйткені екі тәрбиеленуші алдында бұған дейінгі оқыған-тоқығандарын ұмыту міндеті тұрды.

Балалардың денсаулығы онсыз да мықты болғанымен, Пекюше оларды спартандық сияқты одан әрі шынықтырып, шөлге, аштыққа, қолайсыз ауа райына, тіпті тесік аяқ киім киюге, тұмауға төзімділікке үйретуге шешім қабылдады.

Дәліздің түкпіріндегі қараңғы шолан балалар бөлмесіне айналдырылды. Онда жиһаздан екі жиналмалы кереует, екі кушетка, су құйылған құмыра тұр; олардың бас жағында дөңгелек терезе, балшық сылақ бетінде өрмекшілер жүйткіп жүр.

Балалар өздерінің төбелестен босамайтын ескі лашықтарын жиі естеріне алады.

Бір күні әкелері үйге қолы қан-қан болып кіріп келген-ді. Біраздан кейін соңынан жандармдар да келді. Содан кейін бұлар бір орман арасында түнеп жүрді. Ағаш шабата жасаумен айналысатын кісілер бұлардың шешесін құшақтап жататын. Ол өлген соң, бұларды арбамен бір жаққа алып кетті. Біреулер аямай ұрған соң, бұлар қашып шықты. Содан кейін олар орман күзетшісін, де Ноар ханымды, Сорельді естеріне алды, енді міне -осы үйге тап болды, олар бұл үйде өздерін бақытты сезінді. Сондықтан да сегіз айдан кейін сабақ басталған кезде олар таңырқады әрі ренжіді. Бувар қыз баланы, Пекюше ұлды қамқорлықтарына алып, оқытуға кірісті.

Виктор әріптерді айыратын, бірақ сөз құрауға жоқ болып шықты. Оқы десе, тұтығып, қалт кідіреді де, дүлей адамша меңірейе қалады. Викторина сұрақ қоюға жалықпайды. Неге бірдей естілетін сөздер басқаша жазылады? Неге бір кезде дауысты дыбыстарды біріктіреді, ал екінші ретте болу керек? Бұл дұрыс емес қой. Қыз осыған ренжиді.

Оқытушылар сабақты бір мезетте, әрқайсысы өз бөлмелерінде жүргізеді де, ортадағы қабырға жұқа болғандықтан, бірі жуан, бірі жіңішке және екі шіңкілдек дауыстар қосылғанда, сұмдык айғай-ұйғай басталатын-ды. Ақыры олар балаларды бір-бірімен бәсекелестіре оқыту үшін, музейде екеуін қатар отырғызып, сонда жазуды үйретуге кірісті.

Үстелдің екі басына бір-біріне қарама-қарсы отырғызылған екі тәрбиеленуші мысалды көшіріп жазады; екеуі де денелерін дұрыс ұстай алмайды. Оларды түзеп отырғызады, енді қағаздары еденге ұшып түседі, қауырсындары сынады, сия төгіледі.

Викторина кейбір күні үш минөттей ықыласпен жұмыс істейді де, одан кейін қағазын әлдебір шимайлармен былғап, төбеге қадала қараған күйі отырып алады. Виктор үстелге басын салып ұйықтап қалады.

Мүмкін, олар ауырып жүрген шығар? Тым күштеу жас балалардың миына зиянды.

— Қояйық, — деді Бувар.

Балаларға бірдеңені күшпен жаттату ақымақшылық; алайда жадты жаттықтырмаса, ол семіп қалуы мүмкін, сондықтан бұлар балаларға Лафонтеннің алғашқы мысалдарын жаттатуға кірісті. Балаларға ұқыпты құмырсқа, қозыны жеп қойған қасқыр, олжаны түгел тартып алатын арыстан ұнады.

Үйренісе келе олар бақ жемістерін қоймауға айналды. Бұларды немен алдарқатса болады?

"Эмильде" Жан-Жак тәрбиеленушінің өз қолымен өзіне ойыншық жасап алуына білдірмей ғана көмектесуді кеңес етеді. Алайда Бувардың құрсау жасауға, Пекюшенің доп тігіп алуға шамалары келмей-ақ қойды. Енді олар үлгілік ойындарға, мысалы, қағаздан фигуралар қиып үйренуге ауысты. Пекюше оларды микроскоппен таныстырды. Бувар майшам жарығында қабырғаға саусағымен қоян немесе шошқа көлеңкелерін түсіріп көрсетті. Бірақ көрермендер бұдан тез жалықты.

Кітаптарда көңіл көтеру үшін табиғат аясына шығып тамақтануды, қайықпен қыдыруды ұсынады; бірақ оны жүзеге асыруға мүмкіндік қайда? Ал Фенелон жиі-жиі әңгімелесіп отыруды кеңес етеді. Қандай тақырыпта әңгімелесуді білмеген бұлар сабаққа қайтып оралды; текшелер, жолақтар, кеспе әріптер — бірі де балаларға ұнамайтын болып шықты. Енді олар қулыққа көшті.

Виктор ашқарақ болғандықтан, оған қандай да бір тағамның атын көрсетеді; ұзамай ол аспаздық кітабын жүгіртіп оқитын дәрежеге жетті. Викторинаның сәнқұмарлығы бар еді; егер ол тігіншіге өз қолымен хат жазса, көйлек тіккізіп беруге уәде берілді. Үш аптаның ішінде-ақ ол бұған қол жеткізді. Олардың кемшіліктерін бүйтіп көтермелеу зиянды тәсіл болып есептелгенімен, өз жемісін берді.

Балалар оқи, жаза алады, — енді оларды неге үйрету керек? Тағы тығырыққа тірелді.

Қызға ұлдар сияқты көп оқудың түкке қажеті жоқ. Оларды әдетте надандықпен тәрбиелейді де, олардың ой-өрісі мистикалық сандырақтармен шектеледі.

Оларға шетел тілін үйретуге бола ма? "Испан және итальян тілдері тек зиянды кітаптарды оқуға ғана мүмкіндік береді", — дейді камбрейлік Лебедь. Бұл пікір негізсіз болып көрінді. Дегенмен Викторинаға оларды білудің түкке қажеті жоқ еді; одан гөрі ағылшын тілінің пайдасы көбірек. Пекюше ағылшын тілінің грамматикасын зерттеуге кірісті, ол th әрпін қалай айту керегін ежіктеп түсіндіреді.

— Тыңдап көрші, былай: the, the, the\

Алайда баланы оқытуға кіріспес бұрын, оның неге бейімділігі барын білу керек. Оны френология көмегімен анықтауға болады. Олар бұл ғылымды бас алмай оқып шықты; сонсын оны алдымен өздеріне сынап көрмек болды. Буварда мейірбандылық, қиялдау, ізеттілік, сондай-ақ сүйіспеншілік, яғни, қарапайым тілмен айтқанда, эротизм түйіндері бар болып шықты.

Пекюшенің самайында философиялық және қулықпен астасқан энтузиазм түйіндері байқалды.

Шынында да, оларда бұл қасиет бар еді. Және екеуі бір-бірінен достыққа бейімділік түйіндерін тапқан кезде, күтпеген жаңалыққа таңырқаған олар елжірей құшақтаса кетті.

Содан кейін олар Марсельді зерттеуге кірісті. Оның басты кемшілігі — қомағайлығы бұларға құпия емес болатын. Сонда да Бувар мен Пекюше оның құлақ жарғағының артынан, көз деңгейінен қомағайлық түйінін тапқан кезде, қорқып кеткендей болды. Шынымен де, бұлардың малайы жыл өткен сайын күніне сегіз фунт нан жеп, бір күні он төрт тәрелке суп, тағы бірде алпыс шыны аяқ кофе ішкен Сальпетриердегі әлгібір әйелге ұқсап бара жатқан сияқты. Оған бұлардың қаражаты шақ келе ме?

Ат асыранды балаларының бассүйегінен айтарлықтай ештеңе табыла қоймады; мүмкін, бұлар әлі зерттеуді жақсы үйрене қоймаған болар. Тәжірибелерін арттыру үшін, бұлар қарапайым әдіске жүгінді.

Базар күні олар алаңға барып, ығы-жығы сұлыға толы қаптар, ірімшік толы себеттер, өгіздер, аттар мен шаруалар арасында қақтығысып жүріп, ер балаларды кезіктіре қалса, әкелерінен ғылым мақсаты үшін баласының басын сипап көруге рұқсат етуін өтінетін болды.

Көпшілігі бұларға жауап бермей өтіп кетеді; кейбіреуі теміреткіден жағатын майды сынағалы жүр деп ұғып, ашумен ұрсып тастайды; бірақ беймарал жандар да кезігіп қалады, олар бұлармен бірге шіркеу баспалдағына барып, зерттеумен асықпай айналысуға келіседі.

Бір жолы таңертең Бувар мен Пекюшенің сол жерде бас сипалаумен айналысып отырғанын Кюре көріп қалып, френологияның құдайсыздық пен фатализмге апарар жол екенін айтып, cөгe бастады.

Кез келген ұры, қанішер, зинақор енді бәрін туа біткен тегіне жауып ақталуға тырысады.

Бувар мүшенің сол әрекетке бейімдігі барын білдіретінін, бірақ оған мәжбүрлемейтінін айтып, қарсылық білдірді. Адамда жаманшылыққа бейімділіктің болуы ол міндетті түрде қылмыскер болып шығады деген сөз емес.

— Дегенмен ортодоксальды ойлайтын адамдарға қайран қалмасқа болмайды; олар туа біткен идеяларды жақтай тұра, бейімділікті мойындағысы келмейді. Неткен қарама-қайшылық!

Алайда, Жефруа мырзаның айтуынша, френология құдайдың құдіретін жоққа шығарады, сондықтан қасиетті орын табалдырығында, мехраптың нақ жанында онымен айналысу келіссіздік.

— Кәнеки, дереу тайып тұрыңыздар! Тезірек!

Бұлар Гано шаштараздың қасына ауысты. Ата-аналарының қарсылығын басу үшін, Бувар мен Пекюше өз ақыларына балалардың шашын тақырлап алғызу немесе бұйралап беру қызметін ұсынатын болды.

Бір рет түстен кейін мұнда шашын алғызу үшін дәрігер кірді. Креслоға жайғаса бере ол айнадан бір баланың басын сипалап отырған екі френологымызды көріп қалды.

— Сіздер енді осымен әуреленуге көштіңіздер ме? — деді ол

— Неге әурешілік болады?

Вокорбей кекесінмен мырс етті де, мида ешқандай түйін болмайтынын мәлімдеді.

Мысалы, бір адам қабылдай алмайтын тамақты екінші адам емін-еркін іше береді. Сонда асқазанда әрбір дәмге сай жеке асқазан бар деуге бола ма? Алайда бір жұмыстан демалу үшін екінші жұмыспен айналысасың, ақыл-ой бірден барлық қабілетін жұмсамайды, оның әрбірінің өзінің белгіленген орыны болады.

— Анатомдар ондайды кездестіргенін айтпайды, — деді Вокорбей.

— Өйткені олар нашар анатомдар, — деді Пекюше.

— Несі нашар?

— Әрине! Олар тері қабаттарын тілген кезде бөліктердің қосылысына мән бермейді. (Бұл оның бір кітаптан есінде қалғаны еді.)

— Неткен жосықсыздық! — деп дәрігер ашу шақырды. — Бассүйек ми түріне бейімделмейді, сырты ішінің көшірмесі болып жаратылмаған. Галль қателеседі. Оның теориясын осы жерден кездейсоқ таңдап алынған үш адаммен дәлелдеп бере аласыздар ма?

Біріншісі — үлкен көгілдір көзді шаруа әйел болды.

Пекюше оны қарап шығып, өз пікірін айтты:

— Жады мықты екен.

Әйелдің күйеуі оны қуаттап, енді өзін де тексеруін өтінді.

— О, шырағым, сен нағыз қыңырдың өзі екенсің.

Басқалар оның жер-көкте жоқ бірбеткейлігін растады.

Үшінші болып әжесіне еріп келген бала сынаққа түсті.

Пекюше оның музыкаға әуес екенін айтты.

— Рас айтасың, — деді кемпір, — кәне, балам, мырзаларға өнеріңді көрсетші.

Бала жейдесінің қойнынан варган алып шығып, үрлей бастады.

Бірдеңе сарт етті: бұл есікті тарс ұрып шыға жөнелген дәрігер еді.

Бұлар енді өздеріне күмәндануды қойып, асыранды балаларын қайтадан зерттей бастады.

Викторинаның басы негізінен тегіс, мінезінің салмақты екенінен хабар береді, ал інісінің бассүйегі нашар әсер тудырды: қарақұсының емшектене шығыңқы бітісі оның бүлдіруге, өлтіруге бейімдігін аңғартса, одан төменіректегі дөңесі сараңдығы мен ұрлықшылығын білдіреді. Бувар мен Пекюше бұған бір аптадай жабырқап жүрді.

Сөзді тура мағынасында түсінбеу керек. Төбелесқорлық ажалды мойындамауды білдіреді. Адам өлтіруге қабілетті жандар ажал аузында тұрғандарды құтқаруы да мүмкін. Ізденімпаздық алаяқтардың ептейлігімен қатар саудагердің жігерін де айқындайды. Құрметтемеушілік — сыни рухқа, қулық — абайлағыштыққа барабар қасиет. Әрбір түйсік жақсы және жаман жаққа тармақталады. Біріншісін дамытса, екіншісін жойып жіберуі мүмкін және осы әдіспен батыл бала қарақшы емес, генерал болып шығар еді. Қорқақтық — сақтыққа, сараңдық - ұқыптылыққа, шашпалық мырзалыққа ұласып кетуі мүмкін.

Олар армандауға көшті: егер балаларды жақсылап тәрбиелесе, олар келешекте ақыл-ой сапасын түзейтін, мінезді жөнге салатын, жүректерді мейірімге бөлеуді мақсат ететін мекеме басшысы болып шығуы мүмкін-ау. Олар тіпті ол үшін құрылыс салып, жазылу ұйымдастыру жайын да сөз ете бастады.

Гано мекемесіндегі жеңістері олардың атағын шығарып, жұрт бұлардан табысқа қалай кенелуге болатыны жайлы ақыл-кеңес алуға келе бастады.

Бұлардың алдынан неше түрлі: домалақ, алмұрт тәрізді, қызылша тәріздес, төртбұрышты, сопайған, ұзарған, жалпақ, бұқа шықшытты, құс тұмсықты, шошқа көзді бастар өтіп жатты; осынша көп адам шаштараздың жұмысына кедергі келтіруге айналды. Шынтақтар хош иісті заттар салынған шкафты қағып құлатты, тарақтарды шашып кетті, қолжуғышты сындырып қойды, сондықтан ол Бувар мен Пекюшенің френология сүйгіштерімен қоса орын босатуларын сұрады. Өздері де бассүйек сипаудан шаршаған олар бұл ұсынысқа сөз қайырмай көне кетті.Келесі күні капитан бауының қасынан өтіп бара жатқан олар Жирбаль және Кулонмен әңгімелесіп тұрған қарауылды көрді, оның қасында шіркеу әншісі болып жүрген кіші ұлы Зефирен тұр. Оның үстіндегі көйлегі жап-жаңа екен; ол оны риза қоймасына тапсырмас бұрын біраз киіп мақтанып жүрмек болса керек, жұрт оның киіміне құтты болсын айтып жатты.

Плакван оқымысты мырзалардың бозбала жайлы пікірін білгісі келіп, басын ұстап көруді өтінді.

Маңдай терісі тар екен. Мұрын желбезегі жұқа, ұшы шеміршекті келіп, жұқа еріндеріне қиғаштай төне біткен; иегі үшкір, көзі жылтықай, он иығы тым көтеріңкі.

— Тебетейіңді шеш, — деді әкесі.

Бувар саусағын баланың зығыр түстес шашына сұғып жіберді, Пекюше де сөйтті, содан кейін олар өз байқағандарын бір-біріне сыбырлап айта бастады.

— Нағыз биофилия. Апробаттық та бар! Ұяттан жұрдай! Бала туғызуға дәрменсіз!

— Иә, қалай? — деп сұрады қарауыл.

Пекюше темекі қалтасын алып, насыбай иіскеді.

— Шынымды айтсам, мақтанарлық түк те жоқ, — деді Бувар.

Плакеван қорланғандықтан қызарып кетті.

— Бәрібір, ол мен не айтсам, соны істейді.

— Солай деңіз!

— Мен оның әкесімін ғой! Менің хақым бар...

— Белгілі бір мөлшерде, — деп Пекюше сөзін бөліп кетті.

Әңгімеге Жирбаль араласты:

— Әке беделін жоққа шығаруға болмайды.

— Ал әке нақұрыс болса ше?

— Бәрібір, — деді капитан, — әке билігіне қылау түспеуі керек.

— Бала мүддесіне қатысты, — дегенді қосып қойды Кулон.

Бувар мен Пекюше балалар өзін өмірге әкелгені үшін ата-анаға қарыздар емес, керісінше, ата-ана оларды асырауға, оқытуға, сақтауға, қысқасын айтқанда, олар үшін барлығын жасауға міндетті екенін айтты.

Мұндай әдепсіздікке шавиньольдықтар қатты ашуланды. Плакван оны жеке басын қорлағандық деп қабылдады.

— Олай болса, үлкен жолдың бойынан жинап алғандарыңа береке берсін. Алысқа баратын түрлері бар! Сақ болыңдар!

— Несіне сақ болуымыз керек? — деп Пекюше шап ете қалды.

— О, қорқытпаңыз, мен сізден қорықпаймын!

— Мен де қорықпаймын!

Кулон бұлардың ұрысын тоқтатып, қарауылдың ашуын басып, шығарып салды.

Біраз үнсіз тұрысты. Содан кейін капитанның георгин гүлдері жайынан сөз қозғалды, капитан гүлдерін бір-бірлеп көрсетіп шыққан соң ғана қонақтарын жолға салды.

Үйге беттеген Бувар мен Пекюше алдарында жүз қадамдай жерде кетіп бара жатқан Плакванды және әке жұдырығынан қорғанып, шынтағын қалқан қыла көтеріп алған Зефиренді көрді.

Бұлардың әлгінде естігендері графтың өзгеріп жеткен ойлары болатын; бірақ бұлар өз тәрбиеленушілерінің мысалында еркіндіктің мәжбүрлеуден қаншалықты жоғары екенін дәлелдеп шығатын болады. Дегенмен біраз тәртіп те артық болмас.

Пекюше музей қабырғасына түрлі сызба мен жаттығу жазылатын тасқарындаш тақтасын қақты. Журнал жүргізіп, кешкісін оған балалардың жүріс-тұрысын жазып, келесі күні өздеріне оқып беріп отыратын болады. Барлық іс-әрекет қоңыраумен жүргізіледі, Дюпон де Немур бойынша, олар алдымен әке бұйрығын, содан соң әскери бұйрықты орындайды, "сен" деп сөйлесуге тыйым салынады.

Бувар Викторинаны арифметикаға үйрете бастады. Кейде екеуі де мысалдан шатасып қалады да, қосыла күліп жібереді; содан кейін қыз бала оның мойнының сақалдан таза жерінен сүйеді де, кетуге рұқсат сұрайды; Бувар қарсылық білдіре алмайды.

Пекюше сабақ кезінде қоңырауын соғып, терезеден әскери бұйрығын қанша айқайласа да, бала келе қоймайды. Шұлығы үнемі жіліншігіне жиырылып түседі де жүреді; үстел басында мұрнын шұқылауын қоймайды, ұялмай, тарқ еткізіп қарап отырады. Брусе бұл үшін жаза қолдануға тыйым салады, өйткені "сақтану түйсігінің талаптарына бағыну қажет".

Викторина да, Виктор да сөздерді бұрмалап қолданады; грамматика бала ұғымына ауыр болғанмен, ауызекі тілде дұрыс сөздерді көп естігенде жеңіл ұғынылады, сондықтан, екі дос таза сөйлесуге барын салып, тіпті одан шаршап қалатын болды.

Географияға келгенде екеуінің көзқарасы үйлеспей қалды. Бувардың ойынша, өздерінің туып-өскен жерін сипаттаудан бастау қисынды сияқты, ал Пекюшеге ғаламға жалпы шолудан бастаған дұрыс сияқтанады.

Құм мен суқұйғыш көмегімен ол өзен, арал, шығанақтың не екенін түсіндіруге тырысты; тіпті үш құрлықты ұғындыру үшін үш жүйегін де құрбандыққа шалды; алайда әлем елдері Виктордың миына кірмей-ақ қойды.

Қаңтар айының бір кешінде Пекюше оны жазық далаға алып шықты. Жолай ол астрономияны мадақтаумен болды: теңізшілер саяхатында оны басшылыққа алады; ол болмаса, Христофор Колумб өз жаңалығын аша алмас еді. Біз Коперник, Галилей мен Ньютонға мәңгілік қарыздармыз.

Аяз шаңытып тұрған, қаракөк аспанда сансыз көп жұлдыз жымың қағады. Пекюше басын шалқайта қарады.

— Бұл қалай? Жетіқарақшы қайда кеткен!

Соңғы рет бұл көргенде ол осы жақта тұрған-ды. Ақыры оны тауып, балаға көрсетті, содан кейін үнемі солтүстікте тұратын, соған қарап жұрт бағдар алатын Темірқазықпен таныстырды.

Келесі күні ол қонақжайдың ортасына креслоны қойып, өзі оны айнала вальс билеп кетті.

— Қарашы, мына кресло — Күн, ал мен — Жермін. Ол былай қозғалады.

Виктор оған аңырая қарап қалыпты.

Содан кейін ол апельсинді алып, оның ортасынан тесіп, шыбық өткізді де, полюстерді түсіндірді, көмірмен белдеу жүргізіп, экваторды белгіледі, апельсинді майшамды айналдыра қозғап, оның бетіндегі барлық нүктеге жарық бірдей түспейтінін көрсетіп, климаттың әртүрлі болу себебін түсіндірді; ал жыл мезгілдерінің ауысуын көрсету үшін апельсинді еңкейтті, өйткені жер тік қалпында тұрмайды, сондықтан да күн мен түннің теңелуі, Күннің бір орнынан қозғалмауы осымен түсіндіріледі.

Виктор түкке түсінген жоқ. Ол жер ұзын инеге шаншылып, айналып тұрады екен, ал экватор деген оның белінен қысып тұратын сақина деп ұқты.

Атластың көмегімен Пекюше оған Еуропаны суреттеді. Бірақ бала сызықтар мен түрлі түстердің көптігінен көзі тұнып, атауларын бірден ұмытып қалды. Ойпаттар мен таулар мемлекеттермен тіл табыса алмай, саяси құрылысын физикалық құрылысымен шатастырды. Бірақ, мүмкін, мұның бәрі тарихты өткен кезде орнына келетін шығар.

Ең дұрысы, осы өздері тұратын қыстақтан бастап, аймаққа, департаментке, провинцияға біртіндеп ауысу болар еді. Бірақ Шавиньоль жылнамасы болмағандықтан, жалпы тарихтан бастауға тура келді. Ал оның мазмұн байлығы соншалық, оның тек қана әдемі беттерін ғана алса да болады.

Грек тарихынан: "Біз көлеңкеде ғана шайқасамыз"; Аристидті қуғынға кескен күншілдер және Александрдің өз дәрігеріне сенімі. Рим тарихынан: капитолийлік қаздар, Сцевола мосысы, Регул кеспегі. Америка үшін Гватимоциннің раушаннан жасалған төсегі. Франциядан суасон көзесі, әулие Людовик емені, Жанна д Аркті жазалау, беарндық және оның тауық кеспесі. "Оверндық, бері кел" мен "Кек қайтарушы" кеме апатын есептемегеннің өзінде де материал жеткілікті.

Виктор кейіпкерлерді, ғасырлар мен елдерді шатастыра береді. Алайда Пекюше оны ой жүгіртуге үйретуді ойлаған да жоқ, ал фактілердің көптігі — нағыз шытырман.

Ол Франция корольдерін тізіп шығумен шектелді. Хронологияны білмегендіктен, Виктор олардың атын ұмыта береді. Бұларға еш көмегі тимеген Дюмушельдің мнемоникасынан не пайда? Бұдан шығатын қорытынды: тарихты тек көп оқу арқылы ғана үйрену керек. Сондықтан ол балаларды оқуға міндеттей берді.

Сурет салудың көп жағдайда пайдасы бар, сондықтан Пекюше ол сабақты жүргізуді өз мойнына алды, ол натурадан, бірден пейзаж салудан бастамақ болды.

Байедегі кітап сатушы оған қағаз, өшіргіш, екі папка және шынылы жақтауға салып іліп қойса музейдің сәнін кіргізер шығарманы тудыратын қарындаштарды салып жіберді.

Таңсәріден оянып, қалталарына нан салып алған олар жолға шықты; орын таңдауға көп уақыт кетті. Пекюше табан астында жатқаннан бастап, көзге түскеннің, көкжиек пен бұлттың бәрін қағазға түсіргісі келеді, бірақ көкжиек үнемі алдыңғы көріністі жауып қала берді, өзен тура аспаннан құлап ағып жатқандай, бақташы табынның үстінде жүргендей, ұйықтап жатқан иттің беті жүгіріп келе жатқан иттің түріне ұқсап кетті. Ақыры ол бір кезде бір жерден оқыған: "Сурет үш нәрседен: сызықтан, фактурадан, түрді қарайтудан және оған мәнерлі келбет беруден тұрады. Келбет беру хас шебердің ғана қолынан келеді" дейтін анықтаманы есіне алып, сурет салудан бас тартты. Ол енді шәкіртінің сызығын түзетісіп, қарындашпен қарайтуына көмектесіп, келбет беруге қатысу сәтін күтті. Бірақ бұл сәт тумай-ақ қойды, — өйткені сурет пейзажға тіпті маңайламайды.

Ағасы сияқты жалқау Викторина да пифагор теоремасын үйреткен кезде есінеп отырады. Алайда қыз баланың Ренадан қол өнерін үйреніп, киімге белгі тіккен кезде саусағының майыса қалғанын көрген Бувардың қайтып оны арифметикамен қинауға батылы бармады. Оған бір кезде кайтып оралар. Әрине, есеп те, кесте де үй шаруашылығына қажет нәрсе, бірақ, Пекюшенің ойынша, қыз баланы тек болашақ жұбайына жағу үшін ғана тәрбиелеу тым қаталдық. Қыздардың бәрі бірдей күйеуге шыға бермейді. Келешекте күйеусіз-ақ күн көре алуы үшін, оларды көп нәрсеге үйрету керек.

Мысалы, шараптың қалай жасалатынын білу сияқты қарапайым нәрселермен таныстырған жөн; Виктор мен Викторина оның айтқанын назар қоя тыңдап, қайталап беруге міндеттелді. Бакалея тауарлары, жиһаз, жарықпен де осылайша таныстырылды. Бірақ жарықпен шам арқылы танысуға тура келгендіктен, оның шақпақтас ұшқыны, майшам жалыны, айдын жарығымен ұқсастығы шамалы болып шықты.

Бір жолы Викторина:

— Ағаш неліктен жанады? — деп сұрады.

Оның ұстаздары бір-біріне қарады, жану теориясын олар білмейтін еді.

Келесі жолы Бувар сұйық ас іше отырып бастап, ірімшік жеумен аяқтап, әрлі элементтер туралы әңгіме қозғады да, фибрин, казеин, майлар мен ұлпалар жайында балалардың құлағына құйып берді.

Содан кейін Пекюше оларға ағзадағы қанның қалай жаңаратынын түсіндірмекке кірісіп еді, оның айналысынан өзі де жаңылып қалды.

Дилемма жеңіл емес: егер фактілерден бастайтын болсақ, олардың ішіндегі ең қарапайымы тым күрделі түсінікті талап етеді, ал ең алдымен принциптерді беркітетін болсақ, абсолюттен, сенімнен бастауға тура келеді.

Қайсысын таңдау керек? Сабақ берудің екі әдісін: теориялық білім беру мен практиканы біріктіру керек пе? Бірақ бір мақсатқа жетудің екі жолы кез келген тәсіл үшін зиянды. Мейлі, не болса, о болсын!

Балаларды табиғат тарихымен таныстыру үшін Бувар мен Пекюше бірнеше рет ғылыми мақсатты қыдырысқа шығуды ұйымдастырды.

— Көрдің бе, — дейді олар есек, ат, бұқаны көрсетіп, — төрт аяғы бар жануарлар төртаяқтылар деп аталады. Құстарда — қауырсын, бауырымен жорғалаушыларда қабыршақ болады, ал көбелек — жәндіктер тобына жатады.

Олардың көбелек ұстайтын торы болатын, Пекюше көбелекті саусағының ұшымен ғана ұстап тұрып, оның төрт қанатын, алты аяғын, екі мұртшасын және гүл шырынын соратын тұмсығын көрсетті.

Ол сай жиегінен дала гүлдерін жинап, олардың атауын айтады, арасында білмей қалғандары болса, беделін түсіріп алмас үшін, ойдан соғып жіберетін. Ботаникада бастысы атауы емес қой.

Ол әрбір өсімдіктің жапырақтары, тостағаншасы және түйіні мен жеміс қабығын ұстайтын гүлдің тәжі болады деген аксиоманы тақтаға жазып қойды. Содан кейін ол шәкірттеріне даладан гербарий үшін өсімдік жинап келуге, бірінші кездескенін жұлуға тапсырыс берді.Виктор қызғалдақ, ал Викторина бір уыс бүлдірген сабағын алып келді; бірақ Пекюше олардың жеміс қабығын таба алмады.

Оның біліміне күмәнданған Бувар кітапханасын түгел ақтарып, ақырында Редуте де Дамадан сарыгүлдің суретін тауып, түйін гүлдің тәжінде емес, сабағында, жапырақтың астында орналасқанын көрді.

Бұлардың бағында желімбас, інжугүлдер өсетін, бұл мареналы түрлерде тостағанша жоқ болып шықты; сөйтіп, бұлардың тақтаға жазған принциптері өтірікке айналды.

— Бұл жекелеген жағдай, — деді Пекюше.

Бірақ кездейсоқ олар шөп арасынан шерардияны көріп қалды, оның тостағаншасы бар екен.

— Мәссаған! Егер ереже көріп жүргеніміз өтірік болса, енді кімге сенеміз?

Бір жолы олар қыдырып жүрген кезде тауыстың шақырғанын естіді, қоршаудан асыла қараған кезде, алғашында өз фермаларын танымай қала жаздады. Астық сарайы қыш жабынмен жабылыпты, қоршаулар — жап-жаңа, аяқжолға тас төселген. Гуи ағай бұларды көріп қалды:

— Бұл шынымен сіздер ме?

Осы үш жылда, әйелі қайтыс болғанын былай қойғанда, басынан не өтпеді десеңізші. Сонда да әлі емендей қайратты-ақ.

— Бір минөтке кіріп шығыңыздар!

Сәуір айының басы болатын, қаз-қатар тізілген алма ағаштары ақшыл, қызғылт гүлге бөгіп қалған. Көгілдір атлас түстес аспанда бір шөкім бұлт көрінбейді. Кір жаятын жіпте ағаш кірқысқышпен қыстырылған мата дастарқандар, ақжаймалар, сулық орамалдар ілулі тұр. Гуи ағай бұлар өтуі үшін ақжайманы көтере ұстап тұр, кенет бұлар үстіне қарапайым кеудеше киген Борден ханымды көріп қалды, шашын желкесіне байлай салыпты, Марианна оған кепкен кірлерді құшақтап әперіп жатты.

— Амансыздар ма, мырзалар! Өз үйіңіздей көріңіздер. Мен кішкене отыра тұрайын, шаршап қалыппын.

Фермер бұларды бір стақаннан шарап ішуге шақырды.

— Мен сәл кейіндеу, — деді әйел, — онсыз да ыстықтап кеттім.

Пекюше қарсылық білдірмей, Гуи ағай, Марианна, Виктор бәрі жертөлеге қарай өтіп кетті.

Бувар Борден ханымның қасына жүрелей тізе бүкті.

Ол рентасын уақытында алып тұрады, шағым айтатын ештеңесі жоқ, сондықтан жесірге реніші тарқаған болатын.

Күн сәулесі әйелдің қырынан қараған келбетін жарқырата түскен; бір уыс қап-қара шашы алдына салбырап түсіп, желкесінде майда шаштарының күнге күйген терісіне жабысып қалғанын көрді. Дем алған сайын омырауы көтеріліп басылады. Шөптің неше түрлі хош иісіне қосыла әйелдің шымыр тәнінің тартымды иісі мұрнына келгенде Бувардың бойын құштарлық кернеп, көкірегі қуанышқа толып кетті. Ол әйелдің иелігіне мақтау айтты.

Борден ханым аса риза болып, өз жоспарын баяндай бастады. Ауланы кеңейту үшін, үйіндіні сырып тастағысы келеді екен.

Бұл кезде Викторина жақын жерде оттап жүрген кәрі аттан қорықпастан, еңісте гүл тере бастаған.

— Сүйкімді балақай емес пе? — деді Бувар.

— Иә, әрине, кішкентай қыздар қашанда сүйкімді болады!

Жесір әйел бір шемен қайғысы еске түскендей ауыр күрсінді.

— Сіздің де осындай қызыңыз болуы мүмкін еді ғой.

Әйел басын төмен салды.

— Ол сізге байланысты болды емес пе.

— Қалайша?

Бувар қадала қарағанда, әйелге ол өзін бас салып аймалайтындай сезініп, қызарып кетті де, дереу беторамалымен желпіне түсіп, дауысын бәсеңдете сөйледі:

— Сіз қолайлы сәтті жіберіп алдыңыз, қымбаттым.

— Түсінсем бұйырмасын.

Тізерлеген қалпы жылжып әйелге жақындай түсті.

Әйел оған жоғарыдан төмен көзі жасаурай ұзағырақ қарады да, күлімсірей сөйледі:

— Бұл сіздің кінәңіз.

Керулі ақжаймалар оларды төсек шымылдығынша сырт көзден тасалап тұрды.

Бувар еңкейіп, бетін әйелдің тізесіне басты.

— Менің кінәм не, о? Неліктен?

Әйел үндемеді, ал ол ант ішкеннен түк шықпасын біліп, өзінің мисыздығын, менмендігін кінәлап, ақталуға көшті.

— Кешіріңіз! Бұрынғыша дос болайықшы! Сөйтелікші!

Бувар әйелдің қолдарын алақанына салды; ол тартып алмады.

Кенет қатты ұйтқып соққан жел ақжайманы үйіре көтерген кезде бұлар ұрғашы және еркек — екі тауысты көріп қалды. Ұрғашы тауыс аяғын бүгіп, құйрығын көтеріп қозғалыссыз тұр. Еркегі құйрығын желпуіштей жайып, күжірейіп, қыт-қыттап оны айналып жүрді де, үстіне қарғып мініп, қауырсындарын түсіріп жібергенде, екі ірі құстың денелері қосыла дірілдеді.

Бувар осы дірілді Борден ханымның алақанынан да сезді. Әйел қолын тез тартып алды. Дел қастарында Виктор бұларға қарап аузын аша қалшиып қалыпты; анадай жерде, шыжыған күн астында Викторина шалқасынан түсіп, өзі жинаған гүлдерді иіскеп жатыр. Тауыстан шошыған кәрі ат қосаяқтап қарғығанда арқандардың біріне шырмалып, оларды үзіп алып, жуылған кірлерді сүйрете үш ауланың ішімен шапқылап кетті.

Борден ханымның қатты шыққан айғайынан Марианна жүгіріп келді. Гуи ағай: "Оңбаған мәстек! Жексұрын! Қарақшы!" — деп тілдеп, аяғымен аттың қарнынан теуіп, қамшының сабымен құлағынан ұра бастады.

Бувар оның жануарды ұруына наразылық білдірді.

— Қалай ұрсам да хақым бар, бұл менің атым! — деді шаруа.

Дәлелінің түрін!

Осы кезде ғана көрінген Пекюше аттың да өз құқығы барын, егер бізде жанның барлығы шын болса, адамдар сияқты оның да сондай жаны барын айтты.

— Сіз ұждансыз адамсыз! — деді Борден ханым дауысын көтере түсіп.

Әйел үш нәрсеге ашулы еді: кірді кайта жуу қажеттігіне, діни сенімін қорлағандығына және әлгі әзірдегі күдікті сәтте көзге түсіп қалған қорқынышынан.

— Мен сізді мұндай деп ойламап едім, — деді Бувар.

— Желөкпе жандарды жек көремін! — деп әйел қатаң жауап қайырды.

Ал Гуи танауынан қан аққан атының кінәсін бұлардан көріп, күңкілдей сөйледі:

— Қашанда жүрген жерлеріне бүлік әкеледі, қарғыс атқырлар! Мен бұл атты енді жеккелі жатыр едім.

Бұлар иықтарын көтерді де, жүріп кетті.

Виктор бұлардың Гуи ағайға неге ашуланғанын сұрады.

— Оның күшім жетеді деп әлсізге қол көтергені жаман.

— Неге жаман?

Балаларда әділеттілік жайлы ұғым болмағаны ма? Болмауы да мүмкін-ау.

Сол күні кешкісін Пекюше, оң жағында Бувар, қарсы алдына екі шәкіртін отырғызып қойып, қағазына қарап алып, адамгершілік курсын бастап кетті.

Бұл ғылым бізді өз қылығымызды басқаруға үйретеді.

Кез келген әрекеттің негізіне екі нәрсе: рақаттану, пайда көру және үшінші, неғұрлым басымы: борыш түрткі болады.

Борыштың екі түрі болады:

1) Өзіңе қатысты борыш, өз тәніңе қамқорлық жасау, оны барлық жаманшылықтан қорғау. Мұны балалар жақсы түсінді.

2) Өзгелерге қатысты борыш, әрқашан адал, момын және туысқандық сезімде болу, өйткені бүкіл адамзат баласы — ортақ бір отбасы. Біз кейде айналамыздағыларға зиян келтіретін нәрсеге қуанамыз; пайда көру мен жақсылық жасаудың айырмасы көп, өйткені жақсылық жасау өзінен-өзі пісіп жетіледі. Бұдан балалар ештеңе түсіне алмады. Ол борыштан туатын тыйымдар мәселесін кейінге қалдырды.

Бувар оның қанша сөйлегенімен жақсылыққа анықтама бере алмағанын ескертті.

— Сеніңше, оны қалай анықтауға болады? Оны тек сезу керек.

Олай болса адамгершілік сабақтарын тек адамгершілікті жандарға ғана оқу керек, сөйтіп, Пекюшенің курсы осымен үзіліп қалды.

Олар өз шәкірттеріне тәрбиелік мәні бар ертегілерді оқуға кірісті. Виктордың іші пысып, жарылып кете жаздады.

Бала қиялын ояту үшін, Пекюше оның бөлмесіне жақсы бала мен жаман баланың өмірін бейнелейтін суреттер іліп қойды.

Біріншісі, Адольф, анасын сүйеді, неміс тілін үйреніп жүр, зағип жанды жетектеп жолға салып жібереді және Политехникалық мектепке қабылданады.

Ал жаман Эжен әкесінің тілін алмайды, шарапханада төбелес шығарады, әйеліне қол жұмсайды, өлесі мас болып, жерде домалап жатады, шкафты сындырады және соңғы суретте түрмеде отырған оны көрсетіп, бір мырза өз ұлына ақыл айтып тұр:

— Жаман мінез қайда апаратынын көрдің бе, ұлым?

Бірақ келешегін ойлап бас ауыртып жатқан балалар көрінбейді. "Еңбек ету құрметке жеткізеді, кейде байлар да бақытсыз болады" деген ақиқатты миларына қанша құйғанмен, олар ешқандай құрметке қол жеткізе алмаған еңбеккерлерді, барлық адамдары еңбек етпей-ақ жақсы өмір сүріп жатқан замокті естеріне түсіреді.

Ар азабы соншалықты зорайтып көрсетілгендіктен, балалар оның ойдан шығарылғанын іштей сезіп, енді ештеңеге сенбей қойды.

Олардың намысын қоздыру үшін, қоғамдық пікір ұғымына сүйеніп, ұлы адамдарды, әсіресе Бельзенс, Франклин, Жакар сияқты адамзатқа пайда әкелген жандарды мақтау арқылы атаққұмарлығын оятуға талап жасалды. Бірақ Викторда оларға ұқсасам дейтін тілек ояна қоймады.

Бір жолы, ол есепті қатесіз шығарған кезде, Бувар оның жейдесіне орденмен марапаттау белгісі ретінде таспа қадап берді. Бала кәдімгідей қойқаңдап жүрді. Ал IV Генрихтің қалай өлгенін айта алмаған кезде, Пекюше оған есек қалпақ кигізіп қойды. Виктор есекше өкіріп қоймай жылаған соң, картоннан жасалған ұзын құлақтарды шешіп алуға тура келді.

Қарындасы да ағасы сияқты мақтағанға қуанғанымен, ұрысқанды елең қылмайды.

Олардың сезімталдығын арттыру мақсатында, олардың өздері күтіп-бағу үшін қара мысық сыйлады, қайыршыға садақа беруі үшін қолдарына екі-үш су ақша ұстатты. Мұндай әділетсіз талапқа, өз меншігіндегі ақшасын біреуге беруге олардың көнгісі келмеді.

Өз ұстаздарының тілегіне орай, олар Буварды "ағай" деп, ал Пекюшені "жақсы дос" деп атағанымен, екеуіне де "сен" деп сөйлейді, сондықтан сабақтың жартысы дауласумен өтіп жүрді.

Викторина Марсельдің жұмсақтығын пайдаланып, оның арқасына мініп алады, шашынан сүйреп, айтқанын істетеді; оның жырық ернін, мыңқылдап сөйлегенін мазақ қылады, ол байғұс қыз баланы жақсы көргендіктен, қожайындарға шағым жасай алмайды. Бір кеште оның қарлығыңқы даусы әдеттен тыс қатты шығып жатты. Бувар мен Пекюше асүйге жүгірді. Екі бала пешке үңіліп тұр, ал Марсель екі қолын кеудесіне қойып, жалынышты түрмен айғай салды:

— Шығарыңдар енді! Жетеді! Жетеді!

Қазанның қақпағы бомбаша атылып кеп кетті де, қошқыл бірдеме төбеге дейін секіріп түсіп, жаман дауыспен шыңғырып, бір орында шыркөбелек айнала бастады.

Бувар мен Пекюше жүні жидіп түскендіктен сұмдық ап-арық, құйрығы жіптей сүйретіліп қалған, шарасынан шығып кете жаздап бақырайған көзі сүттей әппақ болып, қарашығы жоқ сияқтанғанмен, бірақ кәдімгідей қарайтын мысықты таныды.

Жиіркенішті мақұлық шыңғырған күйі ошаққа қойып кетіп, бір сәт көрінбей қалды да, күлдің үстіне сылқ етіп құлап, өліп қалды.

Бұл қатыгездікті жасаған Виктор екен, Бувар мен Пекюше құп-қу болып, таңырқай әрі үрейлене одан шегініп кетті. Кінәлаған сөздерге ол қарауылдың өзінің ұлы, фермердің өзінің атына байланысты айтқаны сияқты:

— Онда тұрған не бар? Ол менің мысығым ғой! — деп жауап берді. Және мұны еш қысылмастан, сабырлы қалыппен, жаны жай тапқан адамның кейпімен айтты.

Қазандағы қайнаған су жерге төгілген; пештің үстінде тегештер, шымшуыр, майшам тұғырлары жайрап жатыр.

Марсель асүйді мұқият тазалап болғаннан кейін, қожайындарымен бірге байғұс мысықты бақтағы пагода қасына апарып жерледі.

Бувар мен Пекюше Виктор жайында ұзақ сөйлесті. Бойындағы әкесінің қаны ақыры өзін көрсетті. Не істеу керек? Оны де Фаверж мырзаға қайтару немесе басқа біреуге тапсыру — өздерінің әлсіздігін мойындағандық болып шығады. Әлде әлі де түзеліп кетер ме екен?

Дегенмен үміт әлсіреген, елжірей жақсы көруден түк қалмады десе де болады. Қайткенмен қасыңдағы бозбала өзіңмен мүдделес болып, оның қол жеткізген табыстарын бақылап отырсаң, кейін ержеткен соң өзіңе інідей болып кетсе, қандай жақсы; бірақ Виктор ақылсыз болып шықты, оның үстіне жүрек те жоқ! Пекюше күрсініп, тізесін құшақтап отырып қалды.

— Қарындасы да оңып тұрған жоқ, — деді Бувар.

Ол қиялында өзін он бес жастағы, сезімтал, көңілді, үйді нәзіктігімен, жастығымен нұрға бөлейтін қыздың әкесіндей елестетіп еді, ол үміті әлгінде ғана быт-шыт болды, ақкөңіл Бувар жылап жіберді.

Содан кейін ол әлі де Викторды ақтамақ болып, Руссоның: "Бала жауапкершіліксіз болуы мүмкін, бірақ адамгершілікті де, адамгершіліксіз де болмайды" деген пікірін айтты.

Пекюшенің ойынша, бұл балалар не істеп, не қойғанын білетін саналы жандар, енді достар түзету шарасын қарастыруға кірісті. Бентамның жазуынша, жаза кінәға лайық, оның табиғи салдары секілді болғаны жөн. Егер бала әйнекті сындырса, бірден жаңасын сала қоймаңыз, әбден тоңсын; егер қарны ашпай тұрып тамақ сұраса, қарсы болмаңыз, іш ауруынан ол артық жегеніне өкінетін болады. Егер жалқауланса, көңіл бөлмеңіз, түк істемеуден іші пысып, ұзамай өзі-ақ жұмысқа кіріседі.

Бірақ Виктор суықты елең қылмас еді, артық жеген тамақты да ол ауырсынбайды, ал жұмыссыздықтан тіпті ешқашан жалыға қоймас.

Бұлар керісінше жүйеге, емдік жазаға тоқталды: оған қосымша сабақ беріліп еді, бала одан әрі жалқаулана түсті; тосап беруге тыйым салынып еді, тәттіге құмарлығы тіпті арта түсті. Мазақ ету табыс бермес пе екен? Бір жолы, ол таңғы асқа қолын жумай келгенде, Бувар оны сары қолғап киген сәнқой, кербез деп атап, кекете күлді. Виктор басын салбырата тыңдап тұрды да, кенет бозарып кетті, сөйтті де тәрелкені ала сала Буварға жіберіп қалды; содан кейін мүлт кеткеніне өкінішпен өзі тұра атылды. Үш еркек оған әрең ие болды. Ол еденде домалап жатып та, оларды тістеп алуға тырмысады. Пекюше алысырақ тұрып оның басына құмырадағы суды құя салды. Сонда ғана тынышталған баланың екі күн тамағы қырылдап ауырып жүрді. Мазақтау да табыссыз болып шықты.

Бұлар басқа әдіске көшті: сол ашу байқата бастаса, оны ауру адамдай етіп төсекке жатқыза қояды. Виктор төсекте өзін жақсы сезінеді, тіпті әндетіп қояды. Бір рет ол кітапханадан ескі кокос жаңғағын тауып алып, жарғалы жатқан кезде Пекюше келіп қалды.

— Бұл менің жаңғағым!

Ол мұны Дюмушельден ескерткішке алған, Парижден Шавиньольға тастамай ала келген болатын. Ол ашулана қолын көтерген кезде, Виктор шықылықтай күлді. "Жақсы дос" өзін-өзі ұстай алмай, тартып кеп жібергенде, бала бұрышқа қарай ұшып кетті. Дір-дір етіп, өзіне-өзі келе алмаған Пекюше Буварға барып шағымданды.

Бувар оған ұрса сөйледі:

— Сол жаңғақты қайтетін едің? Ұрғаннан бала кещелене түседі, қорқыныш ызасын арттырады. Сен мұныңмен өзіңді төмендетесің!

Пекюше қол жұмсау кейде пайдалы болатынын айтып, қарсылық білдірді. Песталоцци де кейде қол қатуға барған, ал атақты Меланхтон таяқ жемегенде, ештеңе үйрене алмас едім деген. Бірақ тым қатаң жаза кейде балалардың өзіне-өзі қол салуына дейін жеткізеді, кітаптарда мұндай мысал да кездеседі. Виктор бөлмесінің есігін ашпай қойды. Бувар онымен есіктің аржағынан келіссөз жүргізіп, есікті ашса, қаймақ жағылған бәліш пісіртуге уәде етті.

Осыдан кейін ол тіпті адам төзгісіз болып кетті.

Олар енді Дюпанлу епсикоп ұсынған "Қатаң көзқарас" әдісін естеріне алды. Бірақ бұлар өңдерін қанша суытқанымен, ешқандай нәтиже шыға қоймады.

— Енді дінді байқап көру ғана қалды, — деді Бувар.

Пекюше қарсылық білдірді. Бұлар дінді бағдармаларынан шығарып тастады емес пе?

Бірақ барлық қажеттілік үшін ақыл-ой жеткіліксіз. Жүрек пен қиялдың сұранысы бір басқа. Көптеген жандар үшін қалыптан тыс бірдеңе қажет, сондықтан балаларды катехизис сабағына қатыстыру ұйғарылды.

Рена оларды алып барып-әкеліп отыруға келісім білдірді. Ол бұларға қайтадан келіп, мейірімділігімен балаларды өзіне баурай бастады.

Викторина бірден өзгеріп шыға келді, қызға сабырлылық бітіп, сөйлегенде тілінен бал тамып, құдай-ана алдына тізерлейтін болды, Ибрагимнің құрбандық шалуына қызыға қарап, протестант туралы сөзді естігенде езуін жиыра мырс етеді.

Ол өзіне ораза ұстауға бұйрық берілгенін айтты; бұлар барып сұрап еді, онысы өтірік болып шықты. Христос Денесі мейрамында есік алдындағы гүл көмбесінен түнгі фиалкалар кесіліп алынып, көшпелі мехрап алдында тұрды; бірақ қыз оны істегенін

мойындамай қойды. Тағы бірде ол Бувардан жиырма су ұрлап алып, кешкі табыну кезінде кілтшінің табағына тастады.

Бұдан кейін достар адамгершілік пен діншілдік арасында алшақтық барын мойындады; басқадай негізі болмаған жағдайда, діншілдік тек екінші дәрежелік қана рөл атқарады екен.

Бір күні бұлар кешкі асқа енді отырған кезде Мареско мырза кіріп келіп еді, оны көрген Виктор үйден шыға қашты.

Отырудан бас тартқан нотариус бірден келген себебіне көшті: Виктор оның ұлын ұрып, өлтіріп қоя жаздапты.

Кіші Туашаның шыққан тегі балаларға белгілі болғандықтан, онымен ешкім ойнамайтын, оны жер аударылған деп атайтын; жаңа ғана ол Арнольд Маресконы сілейте ұрыпты. Арнольдтың денесінде дақ қалған көрінеді.

— Анасы қатты қапаланып отыр, костөмі жыртылған, денсаулығына да зиян келді! Бұдан әрі не болмақ?

Нотариус Виктордың қатаң жазалануын және бұдан былай басқаларға да қол жұмсамас үшін, катехизис сабағына баруға тыйым салынуын талап етті.

Бувар мен Пекюше оның асқақтай сөйлегенін көңілдеріне алғанмен, талаптарының бәріне келісім берді.

Виктор неге бүйтті, намысын қорғамақ болды ма, әлде кек алғаны ма? Не дегенмен, ол қорқақтар қатарынан емес.

Дегенмен оның дөкірлігі шошытады; музыка адамды жұмсартады ғой, сондықтан Пекюше оған сольфеджио сабағын беруді ойластырды.

Виктор нотаны жүгіртіп оқуды және адажио, престо, сфорцандо терминдерін шатастырмауды үлкен қиналыспен әрең дегенде меңгеріп шықты.

Оқытушы оған диатоникалық, хроматикалық гаммаларды, толық аккорд, мажор және минор деп аталатын екі интервал түрлерін ұғындыруға тырысты.

Ол баланы тік отыруға, кеудесін керіп, иығын түсіріп, аузын кен ашуға үйретті, тіпті өзі үлгі көрсетпек болып, келтіре алмаса да он салған болды; Виктордың дауысы қысылып, алқымынан әрең шығады, кідірістен кейін такт басталғанда, ол не жетпей бастап кетеді, не тым кеш бастайды.

Пекюше сонда да екі дауысты әнді үйретуге кірісті. Ол бір таяқшаны ысқы ретінде пайдаланып, артында тұтас оркестр тұрғандай-ақ маңғаздана қолын оңды-солды бұлғай бастады. Бірақ екі жұмысты бір мезгілде атқарғандықтан, ол ырғақтан жаңылып қалады, оған ілесе шәкірт те жаңылады, сөйтіп, маңдайлары жиырылып, мойын тамырлары адырайып, олар парақтың аяғына жеткеше әрқайсысы өз беттеріне әндете берді.

Ақырында Пекюше Викторға:

— Сенің әншілер хорында шырқайтын өнерің жоқ, — деп мәлімдеді.

Сөйтіп, музыка сабағын өтуді де тоқтатты.

"Музыка бұзылғандар қоғамына тартады, сондықтан басқа бірдеңемен айналысқан дұрыс" деген Локк сөзіне ден қойғаны жөн болар.

Виктор әдебиетші бола қоймаса да, хат жазу өнерін игергені дұрыс болар еді. Бірақ тек бір ғана себептен: эпиетолярлық жанрға үйренудің қажеті жоқ, өйткені ол тек әйелдерге тән деген түсініктен одан бас тартты.

Енді олар баланың жадын бірнеше әдеби үзінділермен байытып қойса болар еді деген ойға тірелді. Саралай келе, олар Кампан ханымның шығармасына жүгінді. Ол Элиасен сахнасын, "Эсфирден" хорды, Жан-Батист Руссоны тұтасымен ұсынады.

Бұл біраз көнерген. Романдарда өмір тым тартымды жағынан көрсетіледі деп, оны оқуға тыйым салады.

Дегенмен ол мисс Опидің "Кларисса Гарлоуы " мен "Отағасын " оқуға рұқсат етіпті. Мисс Опи деген кім өзі?

Оны Мишоның "Өмірбаяндарынан" іздеп таба алмады. Енді қиял-ғажайып ертегілер қалды.

— Олар гауһар сарай туралы қиялдай бастауы мүмкін, — деді Пекюше. — Әдебиеттің ақыл-ойды жетілдіретіні рас, бірақ бір нәрсеге құштарлықты қоздыратын жағы да бар.

Осындай құштарлығы үшін Викторина да катехизис сабағынан қуылды. Ол нотариустың ұлын сүйіп тұрған жерінде ұсталыпты, мұны айтқан кезде Ренаның жалпақ қатпарлы телпек киген беті мұздай болып тұрды.

Осындай ұятсыздықтан кейін мұндай бұзылған қызды үйде қалдыруға бола ма?

Бувар мен Пекюше Кюрені ақымақ деп атады. Қызметшісі оны қорғаштап, күңкілдей ұрысты.

— Сендердің қандай адам екендерің белгілі ғой!

Бұлар да қарап қалмады. Әйел көздері от шашып, қайтып келместей болып кетті.

Викторина шынында да Арнольдты жақсы көріп қалған еді; жағасы кестелі барқыт күрте киген, шашынан әдемі иіс шығып тұрған бала оған сондай керемет болып көрінеді. Зефирен сатқындық жасаған күнге дейін ол Арнольдқа күнде гүл шоғын апарып жүрген болатын.

Осының бәрі бос сандырақ қой, балалардың бейкүнә қылығында тұрған не бар?

Бұларға бала туу құпиясын түсіндіріп қойса ма екен?

— Мен одан ешқандай жамандық көріп тұрғам жоқ, — деді Бувар. — Философ Базедов өз оқушыларына ол туралы әңгімелегенде тек екіқабат болу және босану мәселелеріне ғана егжей-тегжейлі тоқталыпты.

Пекюшенің ойы басқаша еді. Ол Виктор жаман әдетпен айналысып жүрген жоқ па деп күдіктенді. Ол мүмкін нәрсе ғой. Тіпті кейбір салиқалы жандардың өзі ол әдетін өмір бойы қоя алмайды; мысалы, герцог Ангулемский солай болған деседі.

Ол өз тәрбиеленушісін сондай ептілікпен аңдуға кірісті де, ұзамай өз күдігінің шындығына көз жеткізді. Ол баланы кылмыскерсің деп айыптап, емдік шара ретінде Тиссоны оқуға мәжбүрледі. Бувардың пікірінше, бұл туындының пайдасынан гөрі зияны басым. Одан да балаға ақындық сезім дарытқан дұрыс; Эме Мартеннің айтуынша, бір ана осындай жағдайға ұлына "Жаңа Элоизаны" оқуға берген екен, бозбала махаббатқа лайық болу үшін, адамшылық жолына бет бұрыпты.

Бірақ Виктор қандай да бір Софи жайлы армандайтын бозбала емес. Мүмкін, оны қызға апару керек шығар?

Пекюше жезөкшелерді жек көретінін білдірді.

Бувар онысы ақымақтық екенін айтып, Гаврге арнайы барып қайту туралы сөз бастады.

— Есің дұрыс па? Біздің онда кіргенімізді жұрт көрсе...

— Онда оған құрал сатып әпер.

— Бірақ бандаж жасаушы оны маған керек деп ойлап қалуы мүмкін ғой.

Балаға аңшылық сияқты жан толқытар рақатқа бөлену пайдалы болар еді, бірақ ол үшін мылтық, ит сатып алу шығыны бар; бұлар оны шаршату үшін төңірекке жаяу саяхат жасауды ойластырды.

Олар баланы ертіп кезек-кезек шығып отырса да, бала олардан қашып кетіп, әбден шаршатады. Кешкісін қатты қалжырағаннан қолдарына газет ұстайтын шамалары қалмайтын болды.

Викторды тоса тұрып олар өткен-кеткендермен сөйлесіп, педагог ретінде оларға гигиена негіздерін әңгімелейді, суды, қиды ысырапсыз шашып-төкпеуге шақырады, қырманға сайрауық құстың тұлыбын іліп қою, астық сарайына қасиетті су бүркілген шамшат ағашының бұтағын ілу, безгек кезінде табанға құрт салынған қапшық басу сияқты наным-сенімдерге сын айтады.

Қыза келе олар бала емізетін әйелдерді бақылап, нәрестесін күтіп-бағуына қынжылыс білдіретін болды: біреуі сәбиге ботқа береді де, бала әлсіздіктен өледі; енді біреуі алты айға толмаған сәбиге ет жегізіп, бала асқазаны қорытпағандықтан шетінеп кетеді; кейбіреуі жабайы аңдарша баласын түкірігімен тазалайды; ешқайсысы бала күтуді білмейді.

Олар бір қақпадан керіп қойған жапалақты көргенде, әдейі бұрылып кіріп, фермерге:

— Бұларың дұрыс емес, бұл құстар егеуқұйрықты, дала тышқанын құртады; бір байғыздың асқазанынан көптеген құрт личинкалары табылыпты, — деп ақыл айтты.

Село тұрғындары оларды медицинамен айналысқан кездерінен, одан соң көне жәдігерлерді іздестіру, тас жинаған уақыттан жақсы таниды, сондықтан жауап ретінде:

— Құдай жар болсын, қылжақбастар! Бізді сендер үйретпей-ақ қойыңдар! — деседі.

Олардың өз сенімдері де сетінеп жатады: торғай бақшаны тазалайды, бірақ шиені шұқып тастайды; жапалақ жәндіктермен қатар пайдалы жарқанатты да құртады; суырлар шырышты жегенімен, жер астын үңгіп тастайды. Олар бір нәрсеге ғана сенімді — ауыл шаруашылығына зиянды құстарды түгелімен құрту керек.

Бір күні кешкісін Фаверж тоғайының ішімен өтіп бара жатып, қорықшы Сорельдің үйіне жақындап келгенде, оның жол шетінде үш адаммен сөйлесіп тұрғанын көрді.

Олардың бірі — шағын денелі, арық, тұнжыраңқы етікші Дофен; екіншісі — көне сарғыш сүртігі мен көкшіл тік матадан тігілген шалбары бар селолық делдал Әбен қария, үшіншісі — Мареско мырзаның малайы Эженнің сақалын соттар сияқты қырқатыны бірден көзге шалынады.

Сорель қолын әрі-бері сермеп, оларға мыс сымнан жасалған, жібек жібіне кірпіш байланған торды көрсетті; етікші осы торды құрып жатқан жерінде ұсталыпты.

— Сіздер куә боласыздар ғой, солай ма?

Әжен жауап ретінде сақалын төмен түсірді, ал Әбен қария:

— Сіз айтқан соң, боламыз ғой... — деді.

Сорельдің әсіресе зығырданын қайнатып тұрғаны — мына алаяқтың бұл жерден ұсталмайтынына сенімділікпен, торды дол үйінің қасына әкеліп құруы болса керек.

Дофен жыламсырай тіл қатты:

— Мен оны байқаусызда басып кеттім, сындырып тастайын деп қолыма алып едім.

Оған жала жаппайтын жан жоқ, бұл байғұсты бәрі жек көреді.

Сорель оны тыңдамастан, қалтасынан қойын кітапшасын, қауырсын мен сиясауытын алып шығып, хаттама жазуға ыңғайланды.

— Хаттама жасамаңыз! — деді Пекюше.

Бувар қосарлана кетті.

— Қоя беріңіз, бұл өзі бір жақсы адам!

— Мынау ма жақсы адам? Нағыз қаскүнем!

— Қаскүнем болса ше?

Бұлар қаскүнемдікті ақтай бастады: үй қояндары жас өскіндерді кеміреді, дала қояндары астықтың сабағын құртады, тек тауқұдірет аздап...

— Маған ақыл үйретпей-ақ қойыңыздар!

Қорықшы ернін жымқырып алып, жазуын жалғастыра берді.

— Неткен бірбеткейлік! — деп күңкілдеді Бувар.

— Енді бір сөз айтсаңыздар, мен жандармды шақырамын!

— Көргенсіз! — деп айқай салды Пекюше.

— Ал сендер екі сұмақайсындар! — деді Сорель.

Бувардың ашуы қайнап, оны есалаң, сорайған нақұрыс деп атады. Эжен болса:

— Ақырын! Ақырын! Заңды сыйлайық та! — дей берді.

Әбен қария бұлардан үш қадамдай жердегі таста отырып, ішін тартып қояды.

Бұлардың даусына бір қора ит үйшіктерінен атып шығып, шарбақтың аржағынан көздері от шашып, қап-қара тұмсықтарын көтере әрлі-берлі шапқылай үріп, айналаны азан-қазан қылды.

— Менің жынымды ұстатпаңдар! — деп айқайлады олардың қожайыны. — Әйтпесе мыналардың бәрін соңдарыңа салып жіберсем, жалаңбұт қайтасыңдар!

Екі дос өздерінің прогресті, өркениетті қорғап сөйлегендеріне ризалықпен ұзай берді.

Келесі күні олар заңды бұзғаны — қорықшыны қорлағандары үшін полицияға шақырылып, келтірілген зиян және құқықбұзушылық жасағаны үшін прокурорлық қадағалау тәртібімен "айыппұлды есептемегенде, басқа да шығындарды төлеуге шығарылған үкімді тыңдауға шақырылды. Шақыру қағазының құны алты франк жетпіс бес сантим. Сот приставы Тьерслен".

Прокурорлық қадағалауы несі? Олардың басы айналып кетті; біраздан кейін өздерін қолға алып, қорғануға даярлана бастады.

Тағайындалған күні Бувар мен Пекюше ратушаға бір сағат ерте келді. Онда әлі ешкім жоқ екен; шұғамен жабылған сопақ үстелді айнала орындықтар мен үш кресло қойылыпты; қабырғада пеш ойығы бар, тұғырда бәрінің үстінен асқақтай қарап император мүсіні тұр.

Олар бүкіл ғимаратты шатырына дейін аралап шықты, онда өрт сорғысы, бірнеше ту, бұрышта, еденде басқа да гипс мүсіндер үйіліп жатыр: тәжі жоқ ұлы Наполеон, эполетті мундир киген XVIII Людовик, салбыраған ернінен тануға болатын X Карл, доғаша иілген қасы мен пирамида тәріздес шаш қойысынан танылатын Луи-Филипп желкесімен шатыр еңісіне тіреліп қалған. Бәрі де шыбын қиы мен шаң-тозаңға баттасып жатыр. Бұл көрініс Бувар мен Пекюшеге адамгершілікке жат нәрсе болып танылды. Олар үлкен залға қайтып оралғанда, барлық билік атаулыға деген жеккөрушілік бойларына сыймай, тырсылдап тұрған болатын.

Онда жеңіне қаңылтыр белгі тағып алған Сорель мен күнқағарлы қарауылды көрді. Он екідей адам өзара әңгімелесіп отырды; олар ауласын таза ұстамағаны, итін қараусыз қаңғытып жібергені, күймелі арбасында панардың жоқтығы немесе құдайға сиыну кезінде спиртті ішімдіктер сатқаны үшін жауапқа тартылғандар екен.

Ақырында қара саржа мантия мен барқыт төбелі дөңгелек берет киген Кулон көрінді. Хат жүргізуші оның сол жағына, иықбаулы қалабасы оң жағына отырды да, ұзамай Сорельдің Бувар мен Пекюшеге қарсы қуынымын тыңдау басталды.

Шавиньольда (Кальвадос) малай болып жүрген Луи — Марсиал — Эжен Леневер, өзінің куәгерлік жағдайын пайдаланып, қаралып жатқан іске түк қатысы жоқ бір нәрселерді мыжып тұрып алды.

Қолөнерші Никола-Юст Обен өзіне Сорельдің наразылығын тудырып алудан сақтана тұрып әрі мырзаларға да зиянын тигізбеуді ойлап, ұрыстың болғанын растағанмен, құлағы ауыр еститіндіктен, не айтылғанын естімегенін айтты.

Бітімші сот оған отыруға рұқсат етті де, қорықшыға бұрылды:

— Сіз өз арызыңыздан бас тартпайсыз ғой?

— Әрине!

Енді Кулон екі айыпталушыдан өздерін ақтау үшін не айтатынын сұрады.

Бувар Сорельге тіл тигізбегенін, бірақ қаскүнемді жақтап, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғағанын айтты; ол феодалдардың шектен шығып кеткендерін, ірі жер иеленушілердің қырып-жою аңшылықтарын еске салды.

— Алайда құқықбұзушылық...

— Сөзіңізді бөлуге рұқсат етіңіз! — деп айқай салды Пекюше. — Құқықбұзушылық, қылмыс және тәртіпсіздік сөздерінің құны бір тиын. Жазалау ісін осылайша жіктеу — жүгенсіздік жолына түсуді білдіреді. Бұл азаматтарға: "Өз қылықтарыңның мәні жайлы ойланбаңдар, ол билік тағайындайтын жаза арқылы анықталады" дегенмен бірдей. Оның үстіне қылмыстық кодекс маған қолапайсыз, негізсіз болып көрінеді.

— Мүмкін, — деп жауап қатты Кулон.

Ол үкім оқуға дайындала бастаған еді, осы кезде прокурорлық қадағалау өкілі Фуро орнынан тұрды. Қарауыл қызметтік міндетін атқару үстінде қорлық көрді. Егер жер меншігі сыйлауға жатпаса, басқалардан не қайыр?

— Сондықтан мен бітімші сот мырзадан осындай жағдайда қарастырылатын ен жоғары жаза қолдануды өтінемін.

Мұнысы — Сорельге келтірілген шығын үшін он франк айып салу болып шықты.

— Керемет шешім! — деп айқай салды Бувар.

Кулон әлі аяқтаған жоқ еді:

— Оның үстіне айыпталушыларға қосымша прокурорлық құқықбұзушылық үшін бес франк айыппұл кесіледі.

Пекюше аудиторияға бұрыла сөйледі:

— Айыппұл — бар адам үшін кәкір-шүкір, бірақ кедейді ойсыратып кетеді. Ал менің оған түкіргенім бар.

Оның түрі сотты келемеж етіп тұрғандай еді. Кулон жауап беруге оқталды:

— Шынымды айтсам, ақылды адамдардың...

— Заң сізді ақылды иеленуден азат етеді! — деді Пекюше. — Бітімші сот белгісіз мерзімге тағайындалады, жоғары инстанциядағы сот мүшелері өз лауазымдарын жетпіс бес жасқа дейін, ал бірінші инстанция соты тек жетпіс жылға дейін атқаруға қабілетті деп есептеледі.

Фуроның белгі беруімен бұларға Плакван жақындап келе жатты. Бұлар қарсылық білдірді.

— Егер соттар конкурс арқылы сайланатын болса ғой!

— Немесе Мемлекеттік кеңес тағайындаса!

— Немесе тізімді мұқият талқылау арқылы жұрт сенген өкілдер жиналысы сайласа!

Плакван бұларды итермелеп шығара бастады. Басқа айыпталушылар соттың көзіне түсіп қалу үшін, бұларды ысқырып, айғай-шумен шығарып салды.

Реніштерін басу үшін, олар кешкісін Бельжамбының шарапханасына барды. Танымал жандар әдетте онның кезінде тарап кететіндіктен, дәмхана босап қалыпты.

Шамдардың отын басыңқырып қойыпты, қабырға мен үстелдер қаракөлеңкеде зорға көрінеді. Қастарына бір әйел келді. Бұл Мели еді.

Ол еш қысылмастан, жымия күлген күйі бұларға екі бокал шарап құйып берді. Пекюше өзін нашар сезініп, тез шығып кетуге асықты.

Бувар келесі жолы жалғыз өзі барды; мұнда жиі болатын бірнеше келгіншіні қалабасыға арналған удай ащы кекесіндерімен қарық қылып, содан былай мұнда келуді жиілетті.

Дофен бір жарым ай ұсталып, заттай айғақ болмағандықтан босатылды. Неткен ұят іс! Жұрт Бувар мен Пекюшеге қарсы куәлік берген кезде өздері сеніп қалған куәгерлерге де күмәнмен қарай бастады.

Айыппұлды төлеу қажеттігін ескерткен кезде, бұлардың ашуында шек болмады. Бувар қазынашылық жеке меншік үшін зиянды мекеме деп сөкті.

— Сіз қателесіп тұрсыз! — деді қазынашылық шенеунігі.

—  Жетер! Ол қоғамдық міндеткерліктің үштен бірін жинайтыны өтірік емес.

— Салық жинау ауыртпалығын азайтса, кадастрді жетілдірсе, ипотекалық жүйені өзгертсе және өсімқорлықпен айналысатын Мемлекеттік банкті мүлде қысқартса да болар еді.

Жирбаль жауап қайтара алмай, қоғамның алдында беделінен айырылды, содан қайтып көрінген жоқ.

Ал трактир иесіне Бувар ұнап қалды: оның келгіншілерді көбірек тартуға көмегі тиеді, ол болса, қыдырмашылар келгенше қызметші әйелмен беймарал әңгімелесіп отырады.

Ол бастауыш мектеп жайлы бірсыпыра қызықты ой айтты. Мектеп бітірушілер сырқат адамға күтім жасай білуі, ғылыми жаңалықтарды түсіне алуы және өнермен айналысуы керек. Осындай талаптарына бола ол Птимен ұрысып қалды және солдаттар босқа жаттығумен айналысқанша, көкөніс өсіргені пайдалы болар еді деген пікірімен капитанды да ренжітіп алды.

Сауда еркіндігі жайлы сөз қозғалған кезде, ол өзімен бірге Пекюшені ертіп келіп жүрді. Сөйтіп, қыс бойы шарапханаға келушілер бір-біріне ашулы көзбен қарасып, кекесінмен езу тартысып, айғайласып, боқтасып, шөлмектерді секірте үстелді жұдырықпен қойып қалып, тыныштық бұзылумен болды.

Ланглуа және басқа саудагерлер ұлттық коммерцияны, жіп иіруші Удо мен зергер Матье — отандық өнеркәсіпті, жер иеленушілер мен фермерлер — отандық ауыл шаруашылығын қорғаштап, әрқайсысы өздеріне өзгеден артығырақ жеңілдік болуын жақтайды. Бувар мен Пекюшенің сөзіне жұрт сақтықпен қарай бастады.

Оларды шіркеу ғұрыптарын сақтамайтыны үшін, бәрін бір өлшемге салатыны мен адамгершілікке жатпайтын қылықтары үшін кінәлаған кезде, олар мынандай үш ұсыныс жасап алды: фамилияны тіркеу нөмірімен ауыстыру қажет; француздар үшін белгілі бір иерархия енгізу керек және олар рангісін сақтау үшін мезгіл-мезгіл сынақ тапсырып отырсын; барлық жазалау мен марапаттауды жойған жөн, оның орнына барлық қыстақтарда жеке бас тәртібі туралы парақтар толтырылып, оларды ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отыру керек.

Бұлардың жүйесіне жұрт кекесінмен қарады. Сонда да олар жүйе туралы Байедегі газетке мақала жазды, префектіге баяндаухат, парламентке петиция және императордың атына өтініш жолдады.

Газет бұлардың мақаласын жарияламады. Префект жауап берген жоқ.

Парламенттен де жауап болмады, бұлар Тюильриден келер пакетті босқа күтіп жүрді.

Сонда император не істеп жүр, әйелдермен айналысудан қолы тимей жатқан болар!

Фуро супрефект атынан бұлардың тыныш жүруін ескертті.

Супрефектіге де, префектіге де, префектура кеңесшілеріне де, тіпті Мемлекеттік кеңеске де түкіргендері бар. Әкімшілік заң орны емес, бюрократтар ордасы, өйткені әкімшілік өз шенеуніктерін марапаттау және қорқыту арқылы әділетсіз басқарады. Қысқасын айтқанда, олар барлық жерде көзге шыққан сүйелдей көріне бастады да, беделді адамдар Бельжамбыға енді бұл екеуін кіргізбеуді тапсырды.

Енді Бувар мен Пекюшені жерлестерін таңғалдырарлық бір іспен айналысу тілегі билеп алды, бірақ Шавиньольды көркейту жоспарын жасаудан басқа ештеңені ойлап таба алмады.

Барлық үйлердің төрттен үшін сырып тастау керек, поселке ортасына үлкен алаң жасап, Фалез жақтан қаріп-қасерлер мен еңбекке жарамсыз жандарға арналған қайырымдылық үйін, Канга баратын жол бойында қасапхана, ал Паделявакте — роман стиліндегі алабажақ шіркеу салынуы тиіс.

Пекюше жоспарды тушьпен сызып, орманды — сары түспен, құрылысты — қызылмен, шалғындықты — жасыл бояумен ерінбей-жалықпай бояп шықты, ол керемет Шавиньоль көрінісін түсінде де көріп, төсегінде тыныш жата алмайтын болды.

Бір түні Бувар оның дөңбекшуінен оянып кетті.

— Ауырып қалдың ба? — деп сұрады ол.

— Маған Осман ұйқы берер емес, — деп күбірледі Пекюше.

Осындай жағдайда жүрген ол Дюмушельден хат алды, ол

норман жағалауында теңізге шомылу үшін қанша қаржы қажеттігін хабарлауды өтініпті.

— Суға неге ағып кетпейді ол! Соған хат жазып отыратын уақытымыз бар ма?

Бұлар жер өлшейтін шынжыр, бұрыш өлшер, нивелир және буссоль — бәрін түгендеп алды да, жұмысқа кірісті.

Олар усадьбалардан айналшықтап шықпайды; тұрғындар бұл екі адамның қада қағып жүргеніне таңырқай қарайды.

Бувар мен Пекюше сабырлы үнмен не ойлағандарын, одан не шығатынын жұртқа айтып жүрді.

Тұрғындар арасына қобалжу кірді, олардың бұл ісін билік иелері қолдап шығуы да мүмкін-ау.

Кейде оларды қуып жібереді.

Виктор қабырға арқылы өрмелеп шатырға шығады да, белгі беруші міндетін жанын сала атқарып жүр.

Олар Викторинаға да риза. Кip үтіктеген кезде қыз сыңғырлаған даусымен он салып тұрады; шаруашылыққа да көңіл бөле бастаған; Буварға басына киетін кепеш тігіп берді; ал ол тіккен кестені Ромиш мақтап жүр.

Ромиш фермаларды аралап, киім-кешекті жамап-жасқап ақша табатын тігінші болатын. Ол бұлардың үйінде екі апта тұрды.

Көзі қып-қызыл, бүкір болса да, дене кемшілігін әзілқой қалжыңбастығы білдірмей жіберетін. Қожайындар жоқ кезде ол Марсель мен Викторинаға күлкілі әңгімелер айтады, тілін иегіне дейін жеткізеді, көкектің даусына ілесе мазақтайды, даусын іштен шығарып сөйлейді, ал кешкісін керуенсарайға шығынданбас үшін, наубайханаға жата кетеді.

Бір күні ертемен тоңып оянған Бувар пеш жағатын жаңқа алу үшін, сонда кіріп барған.

Ол өз көзіне өзі сенбей, қалшиып тұрды да қалды. Ескі үлкен ағаш жәшіктің ар жағында, тоқыма жөкенің үстінде Ромиш пен Викторина бірге жатыр екен.

Ол қызды бір қолымен белінен құшақтап, екінші, маймылдікіндей ұзын қолымен тізесінен ұстап жатыр; кірпігі жартылай ашық, өңінде рақат дірілі тұнып қалған сияқты. Қыздың алды ашық кофтасынан балаң омырауында бүкірдің сүйгенінен қалған қып-қызыл іздер көрінеді, ақшыл шашы жайылып, ертеңгі күн сәулесінің аясында шалқасынан, ашық-шашық жатыр.

Бувар өзін әуелі жүрегіне біз сұғып алғандай сезінді. Содан кейін ұяттан өртеніп кетердей болып, ауыр ойдың салмағы астында қалды.

— Жап-жас! Құрыды ғой енді! Құрыды!

Ол Пекюшені оятып алып, өрекпи тұрып бәрін айтып берді.

— Қарай гөр! Оңбаған неме!

— Болары болып қойды! Сабаңа түс!

Бувар сүртіксіз, қолдарын кеудесіне айқастыра салып, Пекюше төсек шетінде, жалаңаяқ, түнгі телпегімен — екеуі төмен қарап, күрсініп қойып ұзақ отырды.

Ісін аяқтаған Ромиш сол күні кетуге тиіс болатын. Бұлар онымен үнсіз, тәкаппар қалыпта есептесті.

Бірақ көресілері әлі де алда екен.

Біраздан кейін Марсель бұларды Виктордың бөлмесіне алып барып, комодтың түкпіріне тығып қойған жиырма франктік монетаны көрсетті. Бала оған ақшаны ұсақтап беруді тапсырыпты.

Бұл қайдан келген? Ұрлап алған, үшеуінің инженерлік жұмыстары кезінде ұрлаған, әрине. Бірақ оны қайтарып беру үшін, кімнен ұрланғанын білу керек, ал егер олар өздері біліп қалса, бұлар сыбайластары сияқты болып шығады.

Ойлана келе, бұлар Викторды шақырып, жәшікті ашуға бұйырды; бірақ онда монета жоқ болып шықты. Ол түк түсінбеген кейіп көрсетті.

Алайда жаңа ғана монетаны өз көздерімен көрді ғой, ал Марсель өтірік айта алмайды. Бұл оқиға соншалықты әсер еткенінен ол қалтасындағы Буварға келген хатты беруді ұмытып кетіпті.

"Мархабатты мырза!

Пекюше мырза дімкестеніп жүр-ау деген оймен сіздің көмегіңізге жүгінуге мәжбүрмін..."

— Бұл кімнен келген?

"Олимпия Дюмушель, қыз күнгі фамилиясы Шарпо".

Ол және оның күйеуі қай теңіз жағажайында — Курсельде ме, Лангрюнде әлде Люкте ме -айқай-шуы аз, жақсы адамдар жиналатынын, сондай-ақ қатынас жолдары, кір жуу ақысы, т.б. мәліметтерді сұрап жазыпты.

Мұндай беймазалығы үшін олардың Дюмушельге әбден зығырданы қайнады; бәрінен шаршаған олар бұрынғыдан да ауыр қайғы-мұңға берілді.

Олар ойша өз еңбектерін түгел шолып өтті: қанша сабақ оқытты, қанша сақтық шараларын қолданды десеңші, қанша қамқорлық көрсетті, қанша азапқа түсті сол екеуі үшін!

— Ал біз біреуінен мұғалима, екіншісінен жол шеберін жасап шығармақ болып жүріппіз-ау!

— Неткен ақымақтық десеңші!

— Егер қаны бұзық болса, оқудың не кінәсі бар?

— Ал мен оны адал адам етіп тәрбиелейін деп Картуш өмірбаянын оқытқанмын.

— Мүмкін оларға отбасы, ана қамқорлығы жетіспеген шығар.

— Мен оларға ана да болуға тырыспадым ба! — деді Бувар.

— Амал не! — деді Пекюше. — Адамгершіліктен жұрдай жандарға тәрбие дарымайды екен ғой!

— Иә, айтары жоқ, бүйткен тәрбиесі құрысын!

Жетімдер ешқандай кәсіп білмегендіктен, олар үшін үй қызметшілігі орнын іздестіруге шешім қабылданды, одан кейін көрмегендері олар болсын!

Сол күні-ақ "ағай" мен "жақсы дос" оларға тамақты ас үйден ішуге бұйырды.

Ұзамай олардың іштері пыса бастады, миға жұмыс, тіршіліктеріне мақсат керегі сезілді.

Оның үстіне сәтсіздік нені білдіреді? Балалардан жолы болмаса, үлкендермен тіл табысуға болады ғой. Енді олар ересектер үшін дәріс курсын ұйымдастыруды ойластырды.

Жиналғандарға өз идеяларын жеткізу үшін сұхбат өткізу қажет. Керуенсарайдың үлкен залы бұл үшін іздегенге сұраған.

Бельжамб қалабасының көмекшісі ретінде беделін түсіріп алудан қорқып, әуелі бас тартты; бірақ кейін, ойлана келе, бұл істен пайда түсіруі мүмкін екенін түсініп, келісетінін хабарлау үшін, қызметші әйелді жұмсады.

Бувар қуанғаннан ол әйелді екі бетінен кезек сүйіп алды.

Қалабасы қалада жоқ болатын; оның екінші көмекшісі Мареско оз кеңсесінің жұмысынан бас көтере алмай, жиналысқа мән бермейді. Демек жиналыс болады! Ол алдағы жексенбі күні сағат үшке белгіленіп, бұл туралы жаршы барабан дабысымен елге хабарлады.

Бір күн қалғанда ғана олар не киетіндерін ойға алды.

Қуанышына орай, Пекюшеде барқыт жағалы салтанатты көне фрак, екі ақ галстук пен қара қолғап сақталған екен. Бувар көк сүртік, жилет, кастор штиблетін киді; олар ауыл ортасымен "Алтын кіреш" қонақүйіне қарай беттегенде екеуі де қатты толқу үстінде болатын...

Орыс тілінен аударғандар Қ. Құрманғали, Ә. Орынбаева.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз