Өлең, жыр, ақындар

Көңіл шәйі

Жаз жайлауда думанға әбден қанып, қыс қысқанда алып таулардың қойны-қоншына еніп ізім-ғайым жоқ болып кететін осынау бір қауымның әр бірі дүниеге келген сәтте-ақ жан түкпіріне жазылып қойғандай өз заң, қағидалары бар-ды.

Кісі қайтыс болған шаңырақты жеті күн өтер-өтпесте айнала ауыл бірінен соң бірі үйіне шақырып көңіл шәйін берер еді. Осы кезеңде қаралы үйдің естияр адамдарының ешқайсысы көңіл шәйға шақырмаған үйдің табалдырығын аттауға болмайды. Тіпті сол үйден алар зәру заты болса да өзі бармай, өзге адамды жіберіп алдырады. Жақындарынан айырылып қамкөңіл болған шаңырақты шақырмай мына жұрттың да көңілі жай таппақ емес. «Қайғыны солай бөліседі, көңілді солай емдейді» дейді екен біреуі, «қаралы жанды құлазытып үйінде отырғызуға болмайды, уайымның уысына түсірмей тезірек баяғы тіршілік диірменінің тісіне іліп жібереміз, әйтпесе ішке күйік түсіп кетуі кәдік» дейді екен тағы біреуі. «Қаралы үйдің босағасында жыл уағына дейін арыстан жатады, ол арыстан сол үйдің адамдарын сырттан біреу шақырса ғана жібереді екен, арыстан дегені сол қайғы шығар» деп фәлсафалайды екен енді бірі.Сондай да сондай қаншама қағидаларын қалт жібермейтін бұл қауымның бір-бірінің көңілін емдер талай оқиға кейіпкерлерінің бетін бейіт жауып қалса да айналаңда тірі жүргендей сезілетіні несі екен? Әлде бұл сағыныш па? Әлде бұл сенің де анау бір жылдардағы емделмей қалған жаралы көңіліңнің енді-енді іздеп тапқан дәрісі ме екен? Ойыңа орала береді, орала береді...

Сонаааау жылдары, тағы да сол қауымда, сол ауылда жасы сексеннен асқан Ханифа деген әже хәл үстінде жатыпты. Шекесі тершіп, әлденеге қысылғандай жүзі де қызарып, бірдеңе айтқысы келгендей келініне қарағыштай берген екен. Келіні қайқыбас төсек алдына тізерлей отырып енесінің ерніне құлағын төсепті. Сонда хәл үстіндегі Ханифа кемпір әр сөзін деміне жалғап шығарып жатып:

— Ан-ау Нұр-дан-дарды көңіл шай-ға шақыр- алма-ғаны-мыз-ай, жас өл-ім еді ғ-ой, ен-ді ме-нің жана-зама қал-ай кел-ер ек-ен? — деп күрсініпті.

Содан сәл тынығып барып, көзінің жасы мөлт етіп төгіліп кеткен келініне қайта бір тіктеп қарап:  

— Алды-мен сол-арға көң-іл ш-әй бер-іп алы-п, со-дан кей-ін өздер-ің бар-ар-сыңдар ғой, жө-ні со-лай, — деп, өсиетін айтып үлгергеніне жаны жай тапқандай ақырын ғана созыла түсіп, үзіліп кете барған екен, жарықтық...

Солай, сол ауылда, сол қауымда әлі күнге қолға ұсталмаған, көзге көрінбеген тек қана бір-бірінің көңілдерін жалғап тұратын бір құпия, сырлы жіп бар еді деседі, оны өлгендер тірілерге тастап кетіп отыратын дейді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз