Бірде Александр Твардовский әлемге әйгілі музыкант Мстислав Ростоповичпен бірге шетелден ұшып келе жатса керек. Екеуі бірін бірі жақсы біледі, екеуі де ішіп-жеуді жек көрмейді; самолет үстінде едәуір сілтеңкіреп алған соң әртүрлі тақырыптағы әңгіменің де қызып беретіні бар. Кезекті бір сөз арасында Твардовский:
— Орыс жерінде кісілігі бар адам да құрып бітіп барады-ау өзі, — деп қалады.
— Асыра сілтеп алған жоқсыз ба, Александр Трифонович, адал адамдар,.. — деп дау айтпақ бола берген Госгроповичтің аузын аштырмай, ақын:
— Жо, сіз тұра тұрыңыз. Мен адал адамдар емес, кісілікті адамдар (о порядочных людей) жайында айтып отырмын. Екеуі екі басқа ұғым, әсте шатастырып жүрмеңіз, — дейді өзіне ғана тән байсалдылықпен әңгімесін әрі қарай жалғастырып. — Адал адамдардың, құдайға шүкір, әзірге бары рас, ал мүлдем құрып бітуге таяу қалғаны кісілігі бар адамдар. Солар туралы айтып отырмын. Айталық, мен сізге Кеңестер одағының келеңсіз бір ісі туралы өлеңімді (әңгіме Кеңестер одағы кезінде болып отырғанын ұмытпайық) оқып бердім делік. Сіз нағыз патриот ретінде оны дер кезінде тиісті орындарға жеткіздіңіз, оны өзіңізше отан алдындағы парызымды өтедім деп ойладыңыз, яғни ел қамы үшін адал қызмет атқардыңыз. Ал енді осы да кісілікке жата ма? Әлгіндегі кісілік пен адалдық жайындағы ұғымдардың да жөн-жосығы мүлдем кереғар екендігін айтқанда мен осыларды меңзеген едім.
* * *
Мақаламның тақырыбы тосындау естіліп, оқырман құлағына түрпідей тимесе де, сәл-пәл тіксіндіріп жүре ме деп мен әйгілі орыс ақынының өмірінен алынған осынау мысалды әдейі келтіріп отырмын. Барша жаратылыс-болмысы, бүкіл творчестволық тірлігі бір ғана кісілік жолына бағындырылған, бақты да, сорды да содан тапқан (өзінің үлкен-кіші замандас, қаламдастарының бірауыздан мойындауы бойынша) осынау бір аса талантты ақынның сөзіне бір нәрсе алып қосамын деудің өзі артық әурешілік секілденеді. Адам көңілінің елеусіздеу бір түкпірінде бұғып жатқан ойдың осылайша оқыс ақтарыла салатын кездері болатынын білетін едік.
* * *
Мен де кейде осы Кісілік қасиет (орыстың "порядочность" сөзінің баламасы ретінде алып отырмын) дегеніміздің өзі біржола құрып бітіп бара ма деп қауіп қыламын. Соған бір мысал. Тонның ішкі бауындай туысып кетпесек те, жеке басын көтере сыйлап жүретін бір азаматты білетін едім. Әрдайым алқалы топта ақ сөйлеп, адал пікір айтып жүретін. Аузынан ақыл, ажарынан мейір төгіліп тұрғандай көрінетін сол адам Президент нөкерлері қатысқан бір жиында Елбасының атына көл-көсір мадақ айтып көсіліп бір берсін. Бұл жерде ол мадақтың ешбір реті де жоқ еді, біразымыз "бұл қалай?" — деп бұға бердік.
Әрине, өз орнын, жөн-жосығы болған жерде айтылса ол сөздің ешбір сөкеттігі жоқтығы рас-тын. Бірақ бұл жолы "біреуі болмаса біреуі жеткізіп баратын шығар" деген ішкі есепке құрылғаны, ағамыздың да осындай реті келіп тұрғанда жағымды бір сөз айтып қалғысы келгені аңғарылып-ақ тұрды. Дәйім ғана аталы сөз айтып жүргендей көрінген адамның осы бір оғаштау қылығын езінің де аңғармауы, "жағымды" сөз бен жағымпаздықтың түп-тамыры бір екенін сезбеуі мүмкін емес еді. Біле тұра әдейі барды...
Бұл жерде мынаны да айтуға тиіспіз: кейде ұлы тұлғалар туралы жаза келіп: "бірақ барлық жұмыр басты пенделер сияқты бұл кісі де пенделіктен құралақан емес еді" — деп жататынымыз бары рас. Сол ұлы адам бойынан түйірдей мін тапқанына мәз болып, қыбы қана күлімдеп, "е, ол да өзіміз сияқты екен ғой" деп құдайы беріп-ақ қалатын тоқ қарын тоғышарлар аузына сөз салып отырғанымызды да аңғармай қалатынымыз бар.
Тоғышарға (обыватель) керегі де сол, түймедейді түйедей етіп, жаңағы жақсының сыртынан тисе таяққа, тимесе бұтаққа деп, кесек атып қалып жатады.
Осы арада бәріміз білетін "Мауглидің" авторы Редьеяр Киплингтің "Король болғысы келген адам" дейтін әңгімесін еске түсіре кеткім келеді. Тағдыр айдап жабайы индеецтер арасына тап болған Мысыр жауынгері көп уақыт көлеңкесіз бей-жай тірлік кешеді. Тәңірінің өзі жіберген жарылқаушымыз деп сенген жабайылар оның басынан құс ұшырмай, айдауына көніп, айтқанына жүреді. Бірте-бірте өзін шынында да жаратушының жердегі өкіліндей сезінген жігіт енді жабайылар королі болғысы келмей ме. Индеецтер онысын да жік-жапар болып, құлшылық ете қабылдайды.
Содан күндерден күн өткенде әлгі жауынгер құдай атып, жергілікті бір әйелге ғашық болады ғой баяғы. Қайтер екен деп корольді аңдыған индеецтер оның да өзгелер сияқты әйелді белгілі бір қажеті үшін пайдаланғысы келгенін байқап қалып, "е, бұ да өзіміз сияқты пенде екен ғой!" дейді де жабыла жүріп, оны өлтіріп тынады.
* * *
Бұл жерде кісілік пен пенделіктің арасы жер мен көктей екенін, пенде біткеннің бөрінің басына кісілік қасиет дари бермейтіндігін айтпақ едім. Қастек Баянбаевтың "өзімді өзім жек көрген кезім — пенделікке дейін төмендегенім, өзімді өзім бағалаған тұсым — кісілікке дейін жоғарылағаным" дегенге саятын екі шумақ өлеңі болушы еді. Кітабын таппай, дәлме-дәл келтіре алмадым, бірақ мағынасы осындай екені анық. Соны оқығанда ойлаушы едім, бір адамның басына кісілік пен пенделік қалай сиыспақ деп. Кісілік деген бірде артылып, бірде сарқылып жататын ақша емес қой, сүтпен сіңген болса, сүйекпен ғана кететін шығар деп.
Әрине, өмір бар жерде мұқтаждық болмай тұрмайды. Тірліктің бір ұшы еріксіз апарып сол мұқтаждыққа тірегенде көп адам сыр беріп-ақ қалады...
* * *
Өтірік пе, шын ба, о жағын анық білмеймін, әйтеуір Жамбыл-Жәкем айтыпты дейтін ащы бір мысқыл аралас әңгіме жүреді ел арасында. "Жәке, шүйінші, неміс фашистерін жеңдік!" — деп қуана жеткен ауылдастарына: "Немісті жеңетіндеріңді баяғыда-ақ білгем, мынау алты үй арғынды жеңе аласыңдар ма, соны айтшы?!" — депті дейді ұлы жырау.
Сол айтқандай, бұл күнде ғасыр дерті аталып жүрген СПИД, қылтамақ аурулары бар. Зардабы өте ауыр деп баспасөз біткен шуылдасып-ақ жатады. Бірақ маған солардың бәрінен де қазақ үшін қауіп-тірегі рушылдық деп аталатын дерт пе деп қалам. Бұл өзі ел ішін әбден жайлап, асқына түсіп бара жатқан кесел. Үлкен-кіші лауазымға ие болған, ел билеп, жұрт шүйлеуге енді-енді араласа бастаған адамдар маңына арадай құжынап жағымпаз-жақтас, ұраншыл-рушылдары жинала қалады. "Қайырдың бәрі ағайыннан, қайырымның бәрі туысқаннан" дегенді әлгі адамның құлағына құйып-ақ бағады олар. Туыспаса да қимасың, туғаннан артық сыйласың болады, опалы дүниенің өзі де ең алдымен солардың ынтымағында, өзара татулығында екенін естен шығарған жерде, әлгі дерт те ушыға түседі, енді ем қонбай, үдей береді.
Бұл дерт әсіресе жазушы, ғалымдардың бойына барып дарыса, одан асқан сұмдық жоқ. Енді олар реті келген жерде болмысты бұрмалап, ақиқатты аяққа таптап, ала қойды бөле қырқуға көшеді. Олар тіпті тарихтың өзіне көпе-көрнеу қиянат жасап, "у ішсең руыңменнің" жөні осы екен деп, өз елінен шыққан батырды, рулас әулие-әмбиесін басқа барлық қатарлас, тұрғыластарынан биігірек қоюға тырысып, барша кемеңгерлік, кендік, елеулі ерлік атаулыны бір ғана солардың басына үйіп-төгуді әдетке айналдырғанын көріп, күлеріңді де, жыларыңды да білмей отыратын кездерің аз болмайды. Мемлекет болып күресер, ұлт болып тамырына балта шабар сұмдық бір дерт осы деп білем...
* * *
Таяуда ғана екеуара болған әңгіме үстінде өзіме сыйлас, сырлас жүретін, алыс-жақын ағайынға жақсы атымен ғана танымал аға қаламгер республикалық газеттердің бірін басқарып отырған жас азаматтарға деген реніш-өкпесін сыр ғып айтып еді.
Бір кездері өзі де осы газет ұжымын басқарған аға буын өкілінің зәуімен апарған бір мақаласын ит тістеген тулақтай (әңгімешінің өз сөзі) етіп, әр жерінен үзіп-жұлып "жариялаған" болады ғой редакция. "Бұ қалай болды?" — деп өкпе айта барған авторға орынды уәж білдірудің орнына: "көнсең де сол, көнбесең де сол" дегендей сырт беріп, сес көрсетеді ондағылар. "Ең құрығанда өзіме айтып отырып қысқартпадыңдар ма, бұрыннан келе жатқан дәстүр солай сияқты еді" — деп күмілжіген автор уәжіне айылын да жимаған жас басшының бірі: "Бұрын қалай болғанын білмеймін, бұдан әрі осылай болады" — депті міз бақпай.
— Әрі қарай сөзді көбейтсем жағамнан ала түсуге даяр тұрған түрін көріп, біржола түңілдім де, жөніме кеттім, — дейді аға қаламгер. "Кеше келген тоқалдар — шөміш алып қоқандардың" кері осы болса керек...
Бұл енді бізден кейін ел сөзін ұстайды деп сеніп жүрген жас азаматтардың сыйқы еді. Осыдан кейін кісілік жайлы сөз етіп көріңіз.
* * *
Айтпағым көп еді. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашып, пышырай бастады. Бірақ бұл тақырыптағы әңгіме мұнымен аяқталмас деп ойлаймын. Қайырыла соғып, ел есіне салып отырар ойдың бірі осы төңіректе екенін сезгендіктен де оқырман аузына әдейі сөз сала кету еді мақсатым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі