Киноповесть
Құбаш, қазір қай жерде жүргеніңді білмеймін. Саған арнаймын бұл еңбегімді.
АВТОР.
Аспанда жентектелген алабауыр бұлт баяу ғана көшіп барады. Ақ қарда алатоқым көлеңке ақырын сырғанайды. Күзгі қатқақ жолмен кібіртіктей ілбіген бірен-саран адамның қарасы әр жерден бір қадау-қадау көрінеді.
Шағын вокзал үйінің темір торлы терезесінің кәшегіне әрең ілініп тұрған сынық әйнегін ұйтқыған жүрдек жел жиі дірілдетеді.
Жағаларын көтеріп, тұмсықтарын тұқырта тығып алған жұрт есік алдында үнсіз тықыршып, теріскей тұстағы жым-жырт мелшиген бағдар шамнан назарын айырмайды.
Маңдайшаға керіп тастаған қос құлаш қызыл шүберекте дамыл жоқ. Екілене соққан жел өтіне қарсы кездескенде транспаранттағы "Эвакуацияға келген балаларға төріміз дайын!" дейтін ұранның сөздері бірін-бірі бастырмалата қуалап кетеді.
* * *
Ойдым-ойдым қар қос қапталда ғана. Жол үсті қатқақ. Сарнаған шананың артында сайраған із де жоқ. Төрт тұяқ, екі аяқ құм жалаған қатқаққа дүңк-дүңк тиеді. Аттың да, адамның да бастары төмен тұқырып, шытынаған табан жолға көз байлап қалыпты.
Қоңыр жүзді таспалай айғыздаған ащы тердің соңғы тамшылары маңдайдағы ойыңқы тайтұяқ таңбада іркіліп кілкілдеп тұр. Құбаш басын көтермей:
— Шу, жануар! — деп көмейден қылғынады.
Анда-санда дүмпусіз самарқау естілетін қарлығыңқы дауысқа шұбар аттың еті әбден өліп кеткен. Құлағын жымитып селт етпестен қыбырлай береді. Кей-кейде резеңке ұзын бишік оқ жыландай ысқыра атылып сарт етіп сауырына тигенде, кеудесін созып, бөксесін сүмпитіп, мықшыңдай қалады.
Шұбар қандай шабан болса, атшы сондай көнбіс. Шұбардың оқта-текте желгенін, атшының зәуіде бір желпінгенін ауылдастан көрген жан жоқ шығар. Бірақ жанyapда шаршау болмайды, айдаушысында тоқтау болмайды. Таңертең көрсең де осы мимырт сылбыр жүріс, түсте де сол, кешке де осынау бір сарынды дағдылы ілбу. Шұбар кісінемейді. Құбаш сөйлемейді. Шағын қыстақтың ана шетінен де, мына шетінен де сықырлаған ат-шананы кездестіріп қаласың. Бірде көмір түсіріп жүреді. Бірде шөп тасып жүреді. Кешке ат қораға Құбаш шаршап қайтады, шұбар болдырып оралады. Алакөбеден ат пен адам тағы қыбырлайды.
— Айт шу, жануар!
* * *
Сығырайған көзді жұтып жіберген жалпақ бетте ызғар жоқ. Әдеттегідей резеңке бишік те беймезгіл сартылдамайды. Қисық сабаудан жасаған қысқа сабын жастанып, қарала жыландай қыбырсыз ирелеңдеп, қорап толы көмірдің үстінде жатыр.
Кенет құлақ түбінен оқыс шу шықты.
Құбаш селк етіп басын көтеріп алды.
Оң жақ қапталдағы қабырғасын жауын сойып кеткен тоқал үйдің іргесінде он шақты бала алқа-қотан дөңгелене тұрып алып, әлдекімді екілене мошқай мазақтап жатыр, әлдекімді жабыла түртіп, дүрілдесе түртпектеп жатыр.
Шy шыққанда, шұбар ат қалт тоқтады. Шұбар тоқтаған соң, қайыс делбесін қорап үстіне шиырып тастап, Құбаш балаларға қорбаңдай басып үнсіз жақындады. Маңдайдағы ойық тыртығы күреңіте дір етіп, түсі бұзылып кетті.
Ортада қаршадай бала қалшиып тұр. Жеті-сегіздер шамасында. Шарасы жасқа толған шөлмек көзін бір төңкеріп, кірпік ұшынан жасыл тамшыны сілкіп жіберді. Артынша қайғыны көп шеккен ересек қараспен жалт қарады да, бала ауыр күрсінді. Бір түрлі оғаш, кекселік күрсініс көргендіктен бе, Құбаш қабағын дүмпите түйіп, жалма-жан жанарын тайдырып әкетті. Жазда кірпіш құю үшін балшық айналдырған үй орнындай дөңгелек қырманның іші тобықтан келетін жұмсақ қармен толыпты. Жалаңаш аяқтар лай басқандай кезек көтеріледі. Қар аппақ, табан қып-қызыл. Аппақ қарға қызыл қан тамғандай. Бірақ қызарған қан емес табан!
Балада тырс еткен үн жоқ. Көзінде енді жас та жоқ. Шолақ шалбардан сидиған жіп-жіңішке сирақтары бүгіліп-түзеліп, тәлтіректеп кетеді. Қаны қашқан түсі бозарып, көкшіл көзін жоғары тіктеп, қар себелеген қарабауыр бұлтқа қадап қалыпты.
Балалардың ішіндегі ең ересектеуі апыл-ғұпыл еңкейіп жерден бір уыс қарды қос алақанымен жентектеп алды да, көйлекшең тұрған әлгі баланың ашық мойнынан сүңгіте салып жіберді.
Құбаш өзінің мойнына сұп-суық жылан оралғандай қатты тітіркенді. Сол-ақ екен, ештеңенің байыбына бармастан шуылдаған балалардың олайғысын олай, бұлайғысын бұлай жұлқа итеріп, әлдебіреуінің қаймыжықтай жағына шапалағын сарт еткізді.
Балалар аяқ астынан опыр-топыр болып, араның ұясындай айқайласа даурығып ала жөнелді:
— Жынды болған ба, Аймаңдай неме?
— Өй, мылқау, қайтеді?
— Кімді ұрасың өзің! Апама айтам!
— Саған да мықты табылар!
— Неміске болысады-ей.
— Өзі де неміс!
— Неміс баласын қорғайды.
Құбаш кілт тоқтап, ортадағы бөтен балаға жалт қарады. Сығырайған кішкене көзіне әп-сәтте жиіркеніш ұялады. Бала болса меңіреу қалпы тіл қатпай, мұң шақпай қырман ішінде аспанға қадалған күйі мелшиіп тұр. Құбаш оң қолын қылышша бір сілтеп, үнсіз бұрылып жүре берді.
"Неміс!.. Қайдан келді екен? Жоқ еді ғой бұрын..."
"Қайсарын-ай! Мойымады-ау!"
Сүйсінгені ме, шіміріккені ме, добалдай ернін жинай алмай әлсіз күбірлеп, қайталай береді.
Шұбар ат баяу ілбиді.
— Шy, жануар...
* * *
Біріне-бірі иық тірестіре іркес-тіркес жапсарласа салынған ұзын барақтың шеткі ауласында дегбірі қашып Несіпжан тұр. Қара торы келіншек. Бұлт арасынан анда-санда бір сығалап қалатын шұнақ күн көкжиекке еңкейген сайын жолға сүзіле қарап, тықыршып қояды. Бір кез үйге кіріп кетіп еді, іле тостаған көтеріп шығып тауық қораға барып, жем шашты.
— Шіп-шіп-шіп! Осы қораздың басын қағып алар ма еді! Мешкей! Аумаған Сәрсен! Шіп-шіп-шіп!
Дәл сол сәтте шанасының табанын құяң аурудың ойбайындай сарнатып Құбаш жақындады. Ыржиып күлді.
Несіпжан тостағанды төсіне басып алып қарсы ұмтылды:
— Айналып кетейін қайным-ау! Сені тоса-тоса екі көзім төрт болды ғой. Түс болмай әкелем дегенің қайда? Міне, кеш те жетті. Үй болса азынап тұр. Әскер семьясына жандарың ашымайды-ау. Айдасаңшы атыңды. Әй, екеуіңді келістіріп қосқан қай құдай екен?
Құбаш үндеген жоқ. Үнсіз қимылдап көмірді түсірді. Үнсіз жүріп көмірді отын қораға үйді. Үнсіз жүріп жұмысын тындырды. Содан соң елтірісі тықырланған құлақшынын шешіп, алақанымен бу шыққан маңдайын, бетін сүртті. Жем шоқып түртінектеп жатқан екі мекиен мен қызыл қоразға елжірей қарады.
Несіпжан үйден күлімсіреп шықты. Екі қолын қос өңіріне үйкеп-үйкеп жіберді.
— Жел айдаған қаңбақтай қу соғыстың салдарынан арамызға кеп қалдың, қайным. Күндік жерге көлеңкесін түсірер бәйтерек болдың ғой. Рақмет. Сен жалғыз, мен жалғыз. Жатсынбайық бір-бірімізді.
Құбаш ала көздерін болар-болмас жылтыратып, дүрдік еріндердің арасынан сызат ашып, ризашылығын үнсіз ғана білдірді.
— Аймаңдай, үйге кір. Жуын, шай ішіп қайт.
Келіншек "Аймаңдай" дегенде, Құбаш көмір күйесі жұққан доғал саусақтарымен маңдайындағы тайтұяқ таңбаны еріксіз бір сипап өтіп, қорбаңдап теріс айналды.
— Өй, жазған-ай! Көңіліңе алып қалдың ба? Бадырайып көрініп тұрған соң қалай айтпассың. Жә, жүр енді. Жуынып, жылынып шық. Дастарқанды жасап қойдым, деп Несіпжан еркіндеп келіп Құбашты жеңінен тартып, үйге қарай жетеледі.
Ауыз үй, төр үй шап-шағын. Тап-тұйнақтай. Басы артық дүние жоқ. Бар болса ендігі бір пұт, жарым пұт астыққа әлдеқашан айырбасталып кеткен.
— Шешін! Су жылытып қойдым, жақсылап жуынып ал.
Несіпжан Құбаштың еркіне қоймай күпәйкесін шешіп, шегеге ілді. Едендегі шүмегі сәңкиген жез құмғанды лып көтеріп, оттықтың аузындағы қаңылтыр легенге апарып, саусағына тамызып көрді де:
— Кел, құйып жіберейін, деді.
Су қап-қара бояудай сорғалап жатыр. Күйе кетер емес.
— Тоқтай тұршы.
Келіншек құмғанды жерге қоя салып, жұқа шыт көйлектен буылтықтана шерткен толық денесін ойнақшытып барып ескі әбдіресін сыңғырлата ашып, орамалға түйіп қойған көк жұпар сабынын әкелді. Құбаш кірпіктерін қайшылап, басын шайқады. Үнсіз жымиып, қазандықтың желкесінде тұрған сақардың асықтай алқындысына қол созды.
Бет-ауыз күйе мен кірден тазарған соң күреңіте жарқырап, әжептәуір ажарланып шыға келді. Ортасы дөңес біткен үлкен мұрын, етті ерін еркекке тән қажырлылық айғағындай сезіліп, келіншек жанарын өзіне тартып барады. Қиық көздердің қысыңқылығы, жалпақ беттің шығыңқылығы сірә, сезілмейтін тәрізді.
— «Ат ерінді, ер мұрынды» дегендей өзің тәуір жігіт екенсің, Аймаңдай! деп Несіпжан сақинасына сиқыр қондырғандай саусақтарын жыбырлатып әкеліп қонағының қарынан бұрап шымшып алды да, әуенділігі әнге бергісіз сылқ-сылқ күлкіге басты. Құбаш екі аяғын кезек сілкіп пимасын тастап, төрге озды.
Екеуі дастарқанның екі шетіне жайғасты. Келіншек көз астынан Құбашқа жиі қарайды. Бір кезде Несіпжан орнынан атып тұрды:
— Әй, өзің шынымен-ақ жігіт боп қапсың!
Сол-ақ екен, тықыршыған құлын дене барлық қимылымен сөйлеп кетті. Кесе әкеле жатқанда толық мықын былқ-сылқ биледі. Еңкейе түсіп шай құйғанда, тіп-тік қос анар дірілдеді. Қысқа жең көйлектен оза шығып, жалаңаштана жарқ еткен жұмыр білек сөйледі. Кішкене аппақ құлақтардың үзбелі сырғасы сыбырлады. Ештеңені аңғармай, асжаулықтың үстінде шашырап жатқан күрең қоңыр бауырсақтарды екі ұртына кезек тоғытып отырған Құбаштың бүйірінен Несіпжан аямай шымшып алды.
Құбаш жалт қарады. Сұғанақ қол тоқтады, аузына апара берген кесесі кідірді. Көз тайқып кетті. Бұрылар емес. Бұрқ етіп маңдайдан суық тер атылды. Қосылып ағып, әлгі кесек тамшылар тайтұяққа кілкіп тұрақтады. Тұрып-тұрып төмен қарай лап берді. Келіншек бұрала басып барып, сыңғырауық әбдіресін тағы ақтарды. Бір құлаш түкті орамалды суырып алып, екі шетінен салмақтай ұстай тұрып, ұланның маңдайын, бетін сүртті. Елжіреп, еркелетіп сүртті.
Бір кез... Несіпжан кеудеден толқындап ытқыған ып-ыстық демімен шарпып өтті. Қос бұрымның жас баланың білегіндей толық өрімі алдына сұлап, биік төстен ақырын сусып келіп, Құбаштың дуылдаған бетіне тиді. Шаш тигенде қытығы келді. Жұпар сабынның иісі ме, қолаң шаштың өзіне ғана тән жұпары ма, танауды әлдебір аңсар қытықтады. Ештеңенің байыбына барған жоқ. Қолын дірілдете созып, қос мойынның жұмыр доғасын айқара құшақтады...
Етті келген добал ерін икемсіз жыбырлап оймақтай ерінге жабысты. Ерінге ерін жабысқанда, Құбаш шалқалап құлап бара жатты. Құлап бара жатып төсіне қос үшкілімен томпайып тиген ыстық кеуденің алау қызуын сезінді. Сол ыстық кеуде дүрс-дүрс соғып аттандап жатқандай. Жо-жоқ! Сол ыстық кеуде дүрс-дүрс соғып қуанып жатқандай, құмарланып жатқандай. Құбаш сасқалақтап тізесін бүккенде, жалаң аяғы жалаңаш балтырға тиді. Жалаңаш балтырды сезінгенде, өн бойында лапылдап от, өрт жүгірді...
Келіншектің оң қолы дірілдеп жайлап төмен сырғыды. Қол қозғалғанда, Құбаш дір етіп есін жиды. Жыбырлап қана түртінектеген дәрменсіз қолды қағып жіберіп, жауырынын көтеріп келіншекті үстінен аударып тастады. Бір түрлі таңырқағандай состия қарап қалып, орнынан жалма-жан ұшып тұрды. Белдігінің темір айылбасын қос алақанмен шеңгелдей бүрді...
Несіпжан аппақ мойнын аққудай иіп теріс айналды. Тізерлеп отырған күйі бүйірі қабысып, иығы селкілдеп ұзақ үнсіз жылады. Оң қолымен жер таянып, сол қолын көзіне көлегейлеп басып алыпты.
Құбаш күпәйкесін киді. Шұлғауын қалай болса солай орап, ауыр пимасына аяғын сұға салды. Есік алдына бара беріп, әлгі бір шетін жайдың оқыс болғанына қатты кінәлы жандай бір қызарып, бір сұрланып қалт тоқтады. Дір-дір етіп солықтап отырған келіншекке аяй қарады. Ақырын тамағын қырнай жөткірінді.
Несіпжан басын көтеріп алды. Жас тұнған қызарыңқы көздерден ашу атылды.
— Әй, кетпеймісің енді. Құры тез! Көрінбе көзіме! Құдайы құрғырға не жазып ем! Не? Жиырмаға келгенде байдан айрылдым, бір ай ғана тұрмыс құрдым. Енді ол күндерді кім қайтарып береді? Күйеуімді кім тірілтіп береді?
Құбаш кібіртіктеп төрге қарай бірер аттады.
Келіншек орнынан сілеусіндей серпіле атып тұрды. Екі жұдырығын тас түйіп алыпты.
— Кет, жолама маңайыма! Жола-ма! Жүзінде ызалы жек көру сызы бар еді. Құбаш есікті сарт еткізді. Келіншек күрсініп қалды. Келіншек сылқ түсіп, екі бүктетіліп, солқылдап жылап қалды.
* * *
Ат қора іші ала көлеңке. Ақырдағы көк шөпті бырт-бырт шайнаған шұбар ат анда-санда пысқырып қояды.
Жеңді білектей ағаш дөңбектің үстінде Құбаш құнысып отыр. Ауыздан сыздықтап шыққан буы қарсы алдындағы қисық тіреуге бір елі мұз болып қатып қалыпты. Қолындағы тал бұтағымен жер шұқиды. Алыстан паровоздың талықсып жеткен даусы естілді. Құбаш селк етіп еңсесін тіктеді.
* * *
Сықыр етіп киіз қаптаған аласа есік ашылды. Пимасының табанынан қар ұшқындатып табалдырықтан Құбаш аттады.
Жалғыз бөлменің жер еденінде сумаңдап "алакүшік" бу жүгірді.
Будың ортасынан қалбалақтап қара кемпір Рабиға әжей көтерілді. Жүзі құмырсқаның илеуіндей әжім-әжім. Өзі шүйкедей-ақ. Денесіне даусы сәйкес емес. Самбырлап сөйлейді.
— Келдің бе, Құбашжан? Кешіктің ғой. Аяз буып тұр, ә? Тоңған жоқсың ба? Ой айналайын, азаматым, деп Рабиға қарсы жүріп Құбаштың құлақшынын шешіп, шегеге ілді. Айналып келіп иығына басын төсеп және сөйлеп жүр. Құбашжан-ау, білесің бе, аяқ астынан мен бүгін қызды боп қалдым. Енді ұлым да бар, қызым да бар. Қалыңмал беріп келін түсіріп, қыз беріп, құдағи атанам әлі.
Құбашқа елжірей қарап, мейірлі жүзін күлімдетіп құптау күтті. Алa көлеңке бөлменің ішіне шыдамсыздана көз жүгірткен Құбаш пеш түбінде сүйеп қойған қапшықтай сыналанып бүрісіп отырған әлдекімді әрең шырамытты. Түр-түсіне онша зер салмай тай терінің пұшпағына отыра қалып пимасын шешті.
— Жуынасың ба? Жер май шақ келмейтін болды. Жаяу май сықсиып не көрсетеді дейсің? Тағы біреуін жағайыншы, деп кемпір тас кебісін тарпылдатып босаға жақта ілулі тұрған ескі күпінің әлдебір жыртығына қолын тереңдете сұғып жіберіп ұйысқан мақта суырып алды. Шиыршықтай есіп, май жағып, сынық кесенің төңкерілген түбіне қойды да, сіріңке тұтатты. Үй ішінің бұрыш-бұрышына тығылған қою көлеңкесі біршама сейілді.
— Ал енді анықтап қарашы қарындасыңа. Қордың қызынан кем бе?
Құбаш көңіл жықпас қимылмен мойнын бұрды. Мойнын бұрды да замат тіксініп қалды. Өңменінен өтердей көкшіл көздер қадалып қалыпты... Қайғыны көп көрген ересек қарасты манағы шөлмек көздер!...
"Бала емес пе?.. Бағанағы бала ғой. Қыз дей ме?!.."
Құбаш жүзіндегі дүдәмал күдікті көргенде, көкшіл шөлмек көздерде сарғылт от тұтанды. Сыналап қойған қапшыққа жан бітіп, жеп-жеңіл қозғалып, орнынан ұшып түрегелгенде, жұқа көйлектен басқа лыпасы жоқ талдырмаш дененің ақ балтыры жарқ етті.
"Қыз ғой!.. Бала емес".
Жалаңаш балтыр жасырынбай көзге ұрады. Алдамайтын анық белгі сияқты. Он алтылар шамасындағы қыз әлі де үрке қарап, үрпиіп түр.
Рабиға құшағын жайып қызды бауырына қысты.
— Неден үріктің, қарағым-ау! Отыр, отыра бер! Ол Құбаш дейтін ағаң болады енді. Оны да бала ғып асырап алғаныма жарты-ақ жыл болды, деп Рабиға қызды иығынан басып қайта отырғызды. Өзі буын-буыны сықырлап қасына жайғасты.
— Әй, екеуің тату болыңдар. Сынай-міней қарайтын тілемсек көз көп. Соған себеп тауып бермеңдер. Ой-қырым түгелденгендей болғанда, мені ренжітпеңдер.
Рабиға бет-аузының шүпірлеп көбейіп кеткен әжімін онан сайын қоюлата, көзін сығырайта күлімсіреді. Күлімсіреп отырып ернін жыбырлатып, қос алақанымен бетін сипады.
Құбаш қимылдамастан бағжиып қалыпты. Көз алдында қос балтыр кезек-кезек алмасады. Жылап қалған келіншек елестейді. Құбаш әлдебір түйсікті енді ғана жүрек қылымен сезінгендей болды. Жылаған Несіпжан емес, жылатқан соғыс екен. Сонау ойналмай қалған, тойланбай қалған жастығының әсем әуеніне ықыластана ұмтылған келіншекті еріксіз бұғаулаған соғыс екен. Бұрқ еткен сәттік сезімін тыйғызбаған да сол екен. Сол екен!..
— Неміс!!!
Жалғыз сөз тітіркенген Құбаш аузынан жиіркенішке толы уыт боп атылды.
Рабиға қолымен көзін жасқап елең етті. Қыз жіңішке мойнын соза үрпиіп қарады.
— Әй, неміс дедің бе? Неміс болса қайтейін? Неміс те болса жетім. Енді менің балам. Менің қызым.
Құбаш қалың қабағын түйілдіре қызға шұқшия бұрылды. Қысық көздері кірпік қақпастан тесіп барады. Қарсы алдынан дәрменсіз қызды емес, құбыжық көріп отырғандай. Жұдырығын тас қып құшырлана түйіп алыпты.
— Немі-іс!..
Содан кейін қара жерді тоқпақтап-тоқпақтап жіберді де, етпетінен түсіп солқылдап жылады. Бетін алашаға басып қыстыға булығып жатыр. Екі иығы селк-селк етеді.
Жылап жатыр, кіжініп жатыр. Үнсіз жанның уайымы еленбейтін: іште туып, іште өлетін. Қыжылдатқан кек қыжылы сыздаған жүректе аунап қалып, сол жаралы жүректе қайта тұншығатын.
Алты айдан бері көз алдында алғаш рет ағыл-тегіл еңіреп, шарт-шұрт ашынған Құбашты көргенде Рабиға да бой-бой босады. Кәрі жанардан домалай ытқыған сары моншақтар қамзолының омырауына үзіліп-үзіліп түсті.
— Қара түйнектей кеудеңде түйіліп келген құсаң неткен көп еді, пақырым сол!? Көңіл қамырығы жыласаң ғана басылады. Жыла, Құбаш, жыла!
— Неміс дейді. Неге кіргізесің? Неге жібересің? Бірге тұрам ба? деп, Құбаш басын көтеріп алды да, қызды көріп, кіжініп қайта жатты. Иығы тынымсыз селкілдегенде, сақ-сақ еткен азу тістері "неміс, не-мі-с" дейтіндей ызалы сықырын көбейтті.
Рабиға бүкеңдей еңбектеп келіп, Құбаштың иығынан тартты. Басынан емірене құшақтады.
— Болды енді, құлыным! Қой, Құбашжан!
Құбаш құшақтан жұлқына босап, одан сайын екілене еңіреді.
Рабиға орнынан оң қолымен жер тірей көтеріліп, іргеде сүйеулі тұрған ақ сабауын алды. Май құйрықтан аямай осып-осып жіберді.
— Жә, жетер! Еркек басыңмен соншама солқылдағаның не? Өй, кепиетіңе!.. Әке-шешең тап бүгін өлгендей... Жылау-сықтауды осы үйге ғана жазып қойса да тоқтататын кезің жетті ғой! Қарап тұрып еңіреп бірдеңе көрінді ме?
Кемпір аяқ астынан тұлан тұтып бұрқ етті. Рабиға ашуланғанда, Құбаш сап тыйылды. Жабығып қалғандай басын жасқаншақтана көтеріп, ызғарлы жүзге мөлие қарады.
Құбаштың ойы: "Кіріптар екенмін. Апа деп сыйлаушы ем. Қас-қабақ есеппен ашылатын тәрізді. Әне, аумалы ықылас бір шүйкебасқа әлден-ақ төңкеріліп түсті. Шын жанашыр болса, бүйтер ме еді".
Рабиға сөйлеп жүріп сенектегі дөңгелек үстелді домалатып әкелді. Күңкілдеп жүріп дастарқан жайып, шай жасады. Бүрісіп үнсіз жапақтап отырған қызға тіл қатты.
— Шыныларды жу. Ойбүй, түсінбейді-ау енді бұл!..
Қыз түсінді. Түсінді де, басын изеп, өз тілінде біраз шүлдірледі.
Осы дауыс шүлдірлеп жетіп, сестенген Құбашқа қатқыл естілді.
"Өтірік пе, шын ба" деп әлі де болса іштегі күдігіне сенбей жатыр еді. Бөтен тіл ширығып тұрған жүйкесін ток соққандай, толқын ұрғандай шым еткізді. Апыр-топыр түрегелді. Жан-жағына бұрылмай апыл-ғұпыл киінді.
— Құбаш-ау, құлыным-ау!?..
Рабиға жаман састы. Жайшылықта аузын ашса көмейінен құйылып, ақтарылып кететін түйдек сөздің бірі жоқ. Ысылдаған ыстық леп кемсендеген иек қимылымен үзік-үзік шығады. Буын-буыны босап, пеш қасындағы орнынан тұра алмай, саусақтары жыбырлаған екі қолын дірілдете созып, ауа қарманып жатыр.
Қоңыр есік ыңырана сарнады да, лап етіп бөлмеге еден жалаған суық ауа ақтарылды.
* * *
Сылағы түскен, кірпіші жалаңаштанған аласа тоқал тамның алды кісі бойы күресін.
Рабиға көнетоз шапанының қос өңірін қаусырынып есік алдында бір уыс боп тұр. Көп болды. Қимылдар емес. Шыңылтыр күннің бет жалаған зілді ызғары бар. Тіссіз иек сақылдауға шамасы келмей әлсіз ғана дір-дір етеді. Ауыр өксікпен тереңнен солқылдап жеткен ұзақ күрсініс бір құшақ ауаны ауыздан бұрқ-бұрқ атты. Рабиға көзін сығырайтып, иығын қушитып ат қора жаққа қарады. Нұрсыз жанар көрмей тұр-ау деген күдік оралды ма, иілуден қалған саусақтарын әрең қосып, маңдайына күркелеп төсеп, ,күн салып тағы қадалды. Құлдыраған көзден ып-ыстық жас ыршыды. Сұқ саусақ шыланған кірпікті сипап өтіп, кідірместен өңірге сүңгіп кетті.
— Келмейін дегені-ау... Сенен де айырылғаным ба? Тас кебіс тарп-тарп сүйретіліп, табалдырықтан аттар-аттамастан екі жаққа ұшты.
— Үй суып кетіпті-ау...
Кемпір кібіртіктеп келіп от аузына жүрелеп отырды. Пештің қақпағын ашып, қызарған қоламтаға суық сорған алақандарын тосты. Сәлден кейін қара көсеуді көтеріп, оттықтың астын түртті. Дүр ете жөнелген оттың жарығына үнсіз телміріп, ұзақ отырып қалды.
— От! Қайран от...
* * *
Қабырғаларына жылтырап қырау қатқан сұп-суық бөлмеде жақ жүндері үрпиген төрт бала ескі-құсқыға оранып, мойындары ғана қылтиып отыр. Ең кішісі қарлыққан дауыспен қыңқылдап нан сұрайды. Ұзын бойлы қатпа қара шал жалғыз терезенің жарығын көлегейлеп жол жүруге жиналып жатыр.
Жұлығы шұрқ-шұрқ тесік саптама етікке от аузында бір қасық тоң май жағып көне сіріні жұмсартпақ болып әбігерге түскен қазіргіден гөрі жастау Рабиғаның жүрдек қолы жып-жып етеді.
— Бидай таппай оралмаймын. Табуға тырысармын. Балаларға өзің бас-көз бол!
Үндемес шалы осылай күңк етті. Үндемей кетсе де, өкпелейтін Рабиға емес. Отағасының мінезіне жасынан қанық.
Шал екі-ақ аттап келіп бір сәт үнсіз қалған төрт ұлының келте кекілінен кезек-кезек сипап, еңкейіп тұрып кезек-кезек маңдайларынан сүйді. Жүні жұлмаланған күпісін киіп, қос құлаш ақшыл шүберек белбеуін беліне үш қайтара орады. Есікке жете беріп, тұтқаға созған қолын түсірместен айналып артына қарады. Қарап тұрып төрт шырағын жасаураған көзімен түгендеп өтті.
Далаға шыққан соң шал бәйбішесін ымдап тоқтатты. Басын көтеріп, сақалын шошайтып тоқал үйдің қысқа мұржасынан тіп-тік көкке өрлеген сұйық түтінге қарады. Түтінге қадалып тұрып, алқымының астынан тымағының бауын асықпай байлады. Көзін қиғаштай жүгіртіп үй іргесіндегі бір арқа шөпшек отынды, қаңырап бос тұрған ағаш ақырды тез шолып өтті. Содан кейін тамағын қырнап, қылғынып еп-ерсі жөткірінді. Сонысынан ұялып, аузын алақан сыртымен баса қойып, теріс айналды. Айырбасқа жарар деп үйіндегі барлы-жоқты жарамдысын салған орта қап түйіншекті арқалап алған. Өзі еңкек шалды әлгі жотада жарбиған түйіншек жалғыз өркештендіріп, бүкірейтіп жібереді екен... Рабиға отағасына көрсетпей көзін сығып алды.
Шал үй іргесіндегі қасқа жолға қарай екі-үш аттады. Кібіртіктеп тоқтады. Қайта оралып келіп состиып тұрып қалған Рабиғаның қолын ұстады. Мәпелей сипады. Тағы сипады. Тіл қатқан жоқ. Бұрылып адымдай басып жөнеле берді.
Рабиға ашылған алақанына үңіле қарап қалды.
Кемпір от аузында әлі отыр. Қара көсеуді бойлата сұғып жіберіп пештің астын көседі. Бойына лып-лып жайылып сергек жылу жүгірді. Елеусіздеу қырындап алақанына үңілді.
— Алақан...
Мәпелеген саусақ табы ашық алақанда бадырайып таңбаланып, еш белгі білінбейді. Сол алақаны жанасып келіп оң алақанды сипалады. Сондағыдай кеудесіне тағы да іңкәр мейірім оралды. Шал қолы сіңірлі еді. Өзінікі де тарамыстанып қалыпты.
— Алақан...
* * *
Босағаға жабыса сүйеніп қасқа жолға тесіле қараған жас Рабиға отағасын өлермен сабырмен күтеді. Бірақ ол қайтқан жоқ. Отағасы да, отағасы әкелем деген нан да оралмады.
Албарда төртінші төмпешіктің жас топырағы қоянжондана үйілді. Күрегіне сүйеніп, арса-арса шаршап, маңдайдағы төрт қатар сызығын төрт қабірдей тереңдетіп Рабиға үнсіз жылап тұр...
— Келмегені ме? Қайда барады? Қайда түнейді? Кімге дәркер еді?
Есіне енді ғана түсті ме, түзеліп алды да, манадан қыбырсыз отырған қызға қиыстады.
— Жетімегім-ай, сені қайда жіберем? Үйден шықса, талап жейтін көз көп. Обалыңа қаламын ба? Құбашым жоламай кетсе қайтем? Төрт ұлымнан айрылғанда тандыр боп қалған төсім иігендей болып еді. Жасағанның енді одан да айырғаны ма?
Сауалына жауап таппай бүрісіп, бір уыс болып қалды. Қу үміт күдер үзбейді. Сырттан тықыр білінбейді. Оң құлақ әлі де есікке тосулы. Кенет!..
Опыр-топыр жанталасып орнынан жығыла-сүріне ұшып тұрды.
— Апыр-ай! Келгені ме? Шынымен-ақ келгені ме?!.
Тұра беріп қайтадан етегіне оралып құлап түсті.
Қыз шұрқырап келіп иығынан тартып, сүйеп жатыр.
Есік жайлап, ыңыранып ашылды. Алдымен бір құшақ аяз енді. Бу сейілгенде, босаға жақта серейіп, мойны салбыраған Құбаш анық көрінді.
— Құбашым! Құлыным!..
Басқа дәрмен жоқ. Басқа тіл де, тілек те жоқ. Тұра алмай, қалтылдатып етсіз қолын ілгері созады. Қолын созады да, бой-бой егіледі.
Құбаш үнсіз тақалып, тізесін бүгіп, екі бүктетіліп иілді. Әженің тарамыс қолынан ақырын ұстап, алақанымен аялап сипады. Алақан мейірімі ана көңілін ағыл-тегіл босатты.
— Алақан...
Көз алдына зымырап жетіп басқа алақан елестеді. Отағасының суық алақаны... сіңірлі алақаны... Сүйікті алақаны сипап жатыр.
Мына алақан да суық екен. Бірақ сол суықтан тұла бойына лып-лып жайылып, жалын еніп барады.
Құбаш пен қыз Рабиғаның, екі қолтығынан демеп көтеріп, пеш түбіндегі құрақ көрпешенің үстіне әкеп отырғызды. Күпісін иығына жапты.
— Апа! деді Құбаш.
— Ап-па! деді қыз.
Бірі күрсініп, бірі егіліп айтты. Екеуі де елжіреп айтты.
Кемпір әп-сәтте көңілденді. Жас іркілген жанарға кірпік ұшын ұшқындатып қуаныш оралды. Мейірленіп екеуін кезек сүйді.
— Шай жаса, Ылизашым!
Содан кейін ықыластанып Құбашқа бұрылды. Аты Ылиза. Әкесі соғыста екен. Біздің әскерде көрінеді. Шешесі осылай келе жатқанда жолшыбай қайтыс бопты. Бұ да өзің сияқты тұлдырсыз жетім. Мен десең, тілегім болсын, Ылизашты ренжітпе, күнім.
Құбаш үндеген жоқ. Қыз жаққа қарамастан, киімшең төр алдына жантая кетті.
* * *
— Айт шүу, жануар!
Төрт тұяқ, екі аяқ қатқақ жолға келі түйгендей дүңк-дүңк тиеді. Шұбар кісінемейді. Құбаш үндемейді.
Ат-шананың қасынан торы төбелмен басып кетердей омыраулатып көршісі Сәрсен желіп өтті.
— Әй, айдасаңшы! Ішің ауырып келе ме? Шықпыртпаймысың бишікпен.
Құбаш асықпай басын көтеріп, Сәрсеннің соңынан аларып ұзақ қарады. Қайтадан инесін іздеген тігіншідей жерге үңілді.
Ұлтандатқан үлкен пимасын қолқ-қолқ сүйретіп, сегіз-тоғыздар шамасындағы Қиясбек дүкен жақтан далбақтап ентіге жүгіріп келеді.
— Көке! Көке-е-е! Сүйрете кетші.
Сәрсен естіді ме, естімеді ме, екі өкпесін қолына алып ұшқан ұлына тоқтаған да жоқ.
Құбаш жанынан өте берген балаға бұрылды. Үндемей қолын бұлғап қасына шақырды. Делбені шірене тартып, қыбырлаған шұбарды кідіртті. Қиясбек өлі де болса Құбашқа таңырқай қарап, "Не айтасың?"дегендей жақтырмай жақындады. Шаршаса керек, кішірек қол шанасын мықшындап әрең сүйретіп келеді.
Құбаш үндеместен баланың қолындағы жіпті алып қол шананы үлкен шанаға тіркеді. Ымдап: "Отыр!" деген ишарат білдірді.
Қиясбек күн ұзын осы белгіні күткендей жайласып отырып алды. Екі езуі екі құлағында. Мәз-мейрам. Құбаш масайраған балаға қарап тұрып дыбыссыз ыржиып күлді. Кілт бұрылып делбені қағып қалды.
— Әйт шүу, жануар!
* * *
Рабиға пеш түбінде күңкілдеп отыр. Шынашағына секитіп қондырып алған шүйке жүн күбірлеген сайын жан біткендей әлсіз ғана дір-дір етеді.
— Қараң қалғыр-ай сол! Отбасы болып әжік-бүжік сөйлесетін де ешкім жоқ. Бірі мылқау, бірі шүлдірлек. Қайтемін-ай бұларды. "Дұрыс қой, апа!" дегенді құдай ауыздарына салса, бірдеңелері кетер ме? Біріне-бірі ит пен мысықтай.
Рабиғаның дағдылы күңкілінде кейіс жоқ. Осы күйін қызықтау көп.
— Сендерді ме, сендерді... Тап осы екеуіңді, айтпады демеңдер, тұп-тура өз қолыммен қосам. Сонда көрерсіңдер бұл кемпірдің қиқаңын. Ойпыр-ау, ұлы қыз демейді, қызы ұл демейді. Сыйлау жоқ, сыйласу жоқ! Қашан көрсем, екі жерде қырсығып отырғандары.
Тыңдап отырған "ұл" мен "қыз" болса екен. Бірі пима табандап, сабын жаққан кендір жіпті құлаштай тартса, Ылиза — Эльза қос уыс қожа бидай салынған кетік тостағанды қасына қойып алып, қол диірменді баяу айналдырады.
— Әй, неге үндемейсіңдер? Тіл-ауыздарың байланып қалған ба? Қараң қалғыр-ай! Кемпір үзіліп кеткен жібін қайтадан жалғап, ұршықты оң жамбасына салып, бір нұқып айналдырып жіберді. Ылиза-ау, осы сенікі де дұрыс бір есептен. Қарамасаң қарама. Сол шіріктен түк шықпайды. Манадан "ләм" деп жақ жазды ма. Бұл не бұл? Үндемес ойнағаннан саусыңдар ма өздерің? Бір ауық шүйіркелесіп мауқымды басайын десем, тырс етпейсіңдер...
Рабиға шүйке жүннің тасасынан сығалап қарап, «Өкпелетіп алмадым ба» дегендей екеуіне кезек-кезек қадалып өтті. Содан кейін көнетоз барқыт қамзолының қалтасынан екі түйір малта алып, лақтырып-лақтырып жіберді.
— Ең, болмаса ауыздарың жыбырлап отырсын. Құбашжан-ау, көзің бар емес пе? Көрмеймісің. Ылизажан періштеден бір кем бе? Көз десең көзі қандай! Түр десең түрі қандай! Көрмесең көрме. Сендер көрімдіктер өмір бойы аузындағысынан айрылып жүреді. Адырам қал! Енді саған жақ жазсам, не дерсің. Соншама бұлданып қайдан шыққан төре едің?..
"Төреден" төрелік мінездің салқыны да білінбейді. Шықшытты дөңгелек жүз манадан бері әлі бір қыбыр еткен жоқ. Қиық көздердің жылтындағы төңкерулі кесенің түбіндегі жаяу шамның бұлың-бұлың ойнаған сәулесі тірлік белгісін танытпаса, қыбырсыз жалпақ бет дәл қазір сүреңсіз маскадан ешбір айырғысыз еді.
Рабиға сәл кідіріп, ұршығын тізесінің үстіне қойды да, сұқ саусағын кимешегінің шажамайына сұғып жіберіп, құлағының түбін қасыды. Оң көзін қысып тұрып әлгі қиық көздердегі ұшқын сәулеге қадалып отырып мейірлене күлімсіреді.
— Тіфә, тіфә! Тіл-аузым тасқа! Күпірлік айтсам, асылық көрме, жасаған. Төресі өзіне. Құбашжаным тірі болса ешкімнен кем болмайды. Азамат қой. Ілігім, үміт-дәнекерім ғой екеуі. Тәуба, жасаған. Бұрын кіммен сөйлесуші ем. Шүкірлік еттім, деп сөзінің аяқ жағын естілер-естілмес күбірлі батамен жалғастырып, ұршығын бір түртіп қалды.
— Ылиза қалқам, бидайды тартып боп қалыпсың ғой. Қазір өзім елеймін. Бері кел. Бейбақ-ай! Көйлегің шолтиып тізеңнен шығып кетіпті-ау. Ұят-тағы! Қара кемпір қызына киім тауып бере алмайды деп ағаш атқа мінгізеді-ау енді мені. Жә, бір жөні болар. Құбаш, әй, кереңбісің, саған айтам. Көргеннен көз ақы алмай, сығалай берме. Соншама сүзіліп, аяқ көрмеп пе ең. Ой, жетесіз сол. Біле білсең Ылиза қарындасың. Неміс болса қайтейін. Маған неміс емес. Мен жетім, бұл жетім, сен жетім. Ошақтың үш бұтындай боп мына шаңырақ астына құдай айдап жиналыппыз. Білсең, бір-бірімізге еш бөтендігіміз жоқ. Сен ақпа құлақ болмасаң, ендігі осыны ұғып алар едің-ау. Қой, бұртима. Ой, айналайын сол! Жыртық-тесігімді бүтіндеуге жараған, қос қарашығым! Әжік-бүжікке жарамайсыңдар дедім-ау. Бұдан артық енді азан шақырам ба? Өздеріңмен сөйлесіп біраз мұң-шерімнен айықтым. Тәуба дейінші тағы да, деп ұршығына сүйеніп, бір тізерлеп орнынан тұрды. Ойбай-ай, салдауырға жүк артқандай боп қаппын-ау. Сырқырауын-ай, сырқырауын!
Шойнаңдай басып екі бүктетіліп диірменнің қасына барды. Қасынан өте беріп, "Ылизасын" иығынан емірене құшақтап қойды.
Құбаш орнынан лып түрегеліп, диірменнің еркек тасын тік көтеріп алды да, ұнын тулаққа сілкіп-сілкіп түсірді. Сонан кейін ұрғашы тасын да тулаққа дүңк-дүңк түйіп, тазалап, қабырғаға сүйеді.
— Ой, ақылдым, қамқорым! Әй, осы сен бір мезгіл тізе бүгіп қисайсаңшы. Күндіз баласында жұмыстасың, үйге келсең, әрнені бір шұқылап, тағы тыным таппайсың. Тәйт әрі, мені өйтіп ұшпаққа шығармай-ақ қой.
Рабиға мол тігілген екі жеңін білектен сыбанып алып, апыл-ғұпыл үн елей бастады. Елеуішпен бірге бүкіл денесі қоса шайқалып отыр. Қос уыс ұн бір көсуден қалмады. Елек астындағы тозаңдап төгілген аз ғана талшыққа көзін бір сүзді де, кебекті оң қолымен араластырып-араластырып жіберіп тағы да ұнға қадалды. Жарманың тең жартысы елеуіште қалды.
— Қараң қалғырдың елеуіші де сараң. Тесігі бітеліп қалған ба, түк түсер емес қой. Кебек жесем ішегімді жарыл кетпес. Ой адырам қалғыр! деп бір кез електегі кебекті ұнға төге салды. Ақ бауырсақ, сары май жейтін күн де келер. Соғыс та бітер. Кебегі не, ұны не бәрібір тамақ.
Рабиға кемпір далбасалап өзін-өзі жұбатқанымен көңілі орнықпады ма, Эльза мен Құбашқа қабақ астынан бір-бір шаншылып өтті. Эльза сүйкімді күлімдеді, Құбаш үнсіз жымиды.
— Өй, көген көздерім! Қарындарың ашты-ау әбден. Қазір таба көмем. Сәл шыдаңдар. Ылиза, сенің көйлегіңді қайтсем екен? Еңкейіп-шалқая алмайтындай шоп-шолақ. Таң атсын, бір амалын жасармын. Ылиза, анау менің шапанымды алып жамылшы. Мысыңды құртқанда, бұл байғұс тіліңді түсінбей құртады енді. Шапан деймін. Мұншама кеңкелес болармысың. Құдайы құрымағыр, Құбашжан, сен әпере қойсаң. Ой, көсегең көгергір, өзіне бер. Жабу жапса да жараса кететін ақсүйрігім. Тіфә-тіфә, сұқтана бермейінші.
* * *
...Түннің бір кезінде "Несіпжанның қызыл қоразын шақыртып барып" үшеуі дөңгелек үстелдің қасына жайғасты. Ыстық наннан да, сынық кесе, шұңғыл табақшадан да шудаланып бу шығады.
Құбаш ыстық нанды екі ұртына үрген қарындай томпайтып екі-ақ қылғиды да, ыстық шайды өңешіне төңкере салады. Артынша-ақ жидіп қалған таңдайын ауырсынып және бәйек таппайды. Эльза күлкіден шыдай алмай, булығып теріс айналды. Шымшықтың тамақ жегеніндей бір кесек нанды шұқылап әлі тауыса алмай отыр.
— Ac адамның арқауы. Тойып ал, Құбашжан. Ылиза, қыз болмай кеткір, ыздимай асап-асап же. О несі, тамаққа ұяттық жүрмейді. Айналма өйтіп. Мұрныңды мың жерден шүйіргенмен Құбаштан артық таппайсың. Қосам дедім бе, қосам. Сөйтіп көрем әуселеңді. Оу, Ылиза-ау, сенікі астамшылық. Бақыр басты болса да, еркек аты бар емес пе? Солқылдаған нағыз азамат қой. Іш, Құбаш, тағы бір кесе құяйын. Аққұман шығып тұр.
...Шай жиналды.
— Ылиза-ау, төсеніш жай. Құбашжанның көзі кіртиіп кетіпті. Дем алсын, деп Рабиға жез құмғанын ұстап, күпісін жамылып сыртқа беттеді.
Эльза иығындағы шапанды шегеге іліп, от басындағы қараған сыпырғышты алып, дәл төрде қалшиып отырған Құбашқа жетіп тірелді. Ләм деп аузын ашқан жоқ. Ақ селеу шашы ит көрген мысықтың жүніндей үрпиіп кетіпті. Үндемей қитығып тұр.
Құбаштың күреңіткен дөңгелек жүзінде болар-болмас толқын төменнен жоғары қарай жүгіріп өтті. Қиық көзге ұшқындап кек тұнды.
— Не-міс-с!
Жалғыз сөз түйткілді кеудеден жауығып шықты да, заматта дәу жұдырық тарс түйіліп, талдырмаш дененің томпиып білініп қалған күс төсіне бар салмағымен сарт етті. Қыз тәлтіректеп ұшып түсті. Шөлмек көзден жас шықпады. Оймақ ауыздан ашынған ыза атылды.
— Дас ист айне Гемайнхайт! Флейчер!1
Құбаш өртеніп туған кекшіл қарасын өзгертпей шұбалаңдап орнынан тұрды.
— Неміс! деді тағы да шеге қаққандай нығарлай тістеніп.
Эльза сыпырғышты қос қолдай көтерді. Оңтайланып төніп келді. Оңтайланып келді де, кілт бұрылып кетіп, бұрқыратып жыртық алашаның үстін алас-күлес сыпыра бастады. Бұрқыраған шаң төрге де, есікке де ұшып жатыр.
— Бәрібір не-міс!
Құбаш баяу ғана күңк етті. Әлгіндегі ызалы ысылдың зілсіз суылы ғана қалған. Үйге Рабиға кірді.
— Күн райы бұзылып кетіпті. Аяз буып тұр екен, деп құмғанды плита үстіне қойды. Кебісін шешіп, төсек үстінен жайнамазын алып құбылаға қарата жайды. Отырды. Намазын бастай беріп, әлдене ойына түскендей бұрылып Эльзаға көз тастады.
— Әй, неге бұртиып жүрсің? Не болды? Тағы да Құбаш шығар. Құтырар бұл, құтырар!
Намаз оқылмай жайына қалды. Түрегеліп Эльзаның жазық маңдайынан сипады. Одан кейін босаға жақта сүйеулі тұрған сойқан сабауға қол созды. Салмақтап ұстап тұрып Құбашқа тігілді. Түсі тым қаһарлы екен.
Сабау көз ілестірмей шошаң етті. Эльзаның көзіне үрей оралды. Кірпігіне жас үйірілді. Құбаштың жонының шаңы бұрқ етті. Ақ таспаланып көнетоз бешпентте ашулы үкім ізі қалды.
— Ой, адырам қал сол! Қадір-қасиетті білмейтін маубас! Бір емес, екі емес, қоймайсың ба? Қаршадай қызға әлімжеттік қылғанда не өндірем дейді екен. Мә, ендеше! Әбден мысымды құрттың ғой!
Ақ сабау тағы да екілене көтеріліп, төбеге тиердей жарқ ете қалғанда, Эльза ұшып кеп кемпірдің қолынан ұстай алды. Шүлдірлеп асығыс әлденені түйдек-түйдек шұбыртып жатыр. Анда-санда құлаққа майдай жағып «апа» деген қазақ сөзі анық естіледі. Рабиға кілт мейірленіп, сабауын лақтырып тастап екеуін кезек құшақтады.
— "Апа" деген тіліңнен айналдым, күнім. Шүлдірлеген үніңнен айналдым, күнім! Кәрі саулықтың жасындай жасым қалғанда естімей кетем бе деген митық сөзім еді. Құдай аузыңа салған шығар, Ылизажан. Апамын мен! Екеуіңнің де анаңмын! Ырзамын, тәңір! Қазір алсаң да, арманым жоқ!
* * *
Эльза есік алдында бел күрекпен қар күреп жүр. Анда-санда қолғапсыз жаураған қолын аузына апарып демімен жылытып, екі аяғын бір-біріне жиі соғып қояды.
Аққалада сырғанақ теуіп ойнап жүрген балалар жүгіріп қасына келді. Ортасында Қиясбек. Бәрі Эльзаға таңдана қарап, анандай жерде топталып тұр.
— Өзі орыс сияқты. Аумайды, ә.
— Көзі көкпеңбек. Метрейдің көзі де сондай.
— Салып жіберейін бе! Метрей біздің туыс, неміс емес.
— Әй, мүйізі қайда?
— Сен немене? Сиыр ғой деп пе едің?
— Мен суреттен көргем. Пәшістерде мынандай... міне, мынандай мүйіз болады.
— Мүйізі онда шәлінің астында шығар.
— Көрейік!
Иә саған, көрсете қояр.
Балалар бірін бірі итермеледі. Батылдары жетпей кібіртіктеп даурығысты.
— Сен айт, көрсетсін.
— Батыр болсаң өзің айт.
— Пәлі, Қордабай қорқақ!
— Қорқақ, қорқақ, қораға тышқақ!
Қордабай қасындағы өзеуреген кетік тіс қара баланың мұрнынан шертіп жіберді де, танауын қорсылдатып бір тартып қойып қолымен мықынын таянды. Қарғаның қанатындай жалпылдаған құлақшынының екі құлағын түріп, "Мені көрдің бе" дегендей кеудесін оздыра шіреніп тұрды да, тамағын қырнады.
— Әй, немісский дебішке. Сен іскажи бізге, сенде, твоя мүйіз бар ма? Му-у-у. Сиырский мүйіз... Немісский, пашеский мүйіз. Мынандай... Екі қолын жалма-жан шекесіне төсеп мүйіз қып көрсетті. Твоя іскажи, Біз көредский.
Эльза сықылықтап күлді. Шәлісінің байлауын ағытып, иығына түсірді.
— Муиз жоқ. Найн.
— Әй, рас жоқ!
— Күледі өзі. Күлкісі әдемі екен.
— Өзі де әйбәт.
Эльза шәлісін қайта салып, іркілмей келіп Қиясбектің қолынан ұстады.
— Қиясбек, ду, сен Куваш зухен... изде. Aппa, кранк. Ауырады.
— Апа... Әжем бе?! Ауырып қалды ма?
— Иа, иа. Кранк. Ауырады. Куваш жох.
— Мен қазір. Балалар, жүріңдер, Аймаңдайды табайық. Балалар пыр етіп ұшқан бір топ торғайдай жүгіре жөнелді.
* * *
Рабиға пештің түбінде жатыр. Аузы жабылмай күрк-күрк жөтеледі.
Эльза аурудың қасынан шықпайды. Төсегін дұрыстап, қайта-қайта көрпесін қымтайды. Маңдайына қар салған түюлі орамалды тегістеп қояды.
— Муттер... аппа, сен жазылады... Куваш келеди. Киасбек изде.
Рабиға ес-түссіз, денесі күйіп-жанып сандырақтап жатыр. Анда-санда үзік-үзік сөздері естіледі.
— Көкесі-ау, алақаныңды берші, ұстап жатайын...
— Келем деп келмей койдың ғой. Төрт құлының өзіңді тоса-тоса үзілді...
— Неге теріс қарайсың? Көкесі-ау, маған өкпелеме. Түтініңді үзгем жоқ...
Одан әрі сөзден де тыйылып сұлық қалды. Құбаш алғаш рет Эльзаға тура қарады. Көзінде: "не істейміз" деген жалынышты сауал бар. Қыз үн қатпастан талықсыған кемпірдің аузына қасықпен су тамызды.
Бір кезде Рабиғаның "Сорпа-а-а..." деген дауысы анық естілді.
Кемпірдің басында жүрелеп отырған Құбаш атып тұрып, асығыс киінді.
Эльза: "Қайда барасың?" дегендей есік көзінде тұрған ұланға үнсіз тесілді. Содан кейін терезенің шүберегін ашып, сыртқа қарады. Басын шайқады. Құбаш тоқтаған жоқ.
* * *
Түн тастай қараңғы. Жымыңдаған жұлдыз білінбейді. Аяқ тықыры алысқа кетеді.
Биіктігі кеудеден-ақ келетін аласа сарай жақындап қалды. Есігіне салған қос жұдырықтай үлкен қара құлып ызаландыра көз қариды.
Құбаш төртбұрышты кішірек қақпаның алдына келді. Батылсыздау қол созды да, күрсініп қалып қайта бұрылды. Аяғын кезек көтеріп, көбік қарды лай басқандай шылп-шылп таптап тұр. Кейін қайтты. Қанша жүргенін білмейді, бір кез бұрылып артына қарады. Ұзамапты. Қараңғылыққа сіңбей қора қарауытты.
"Сорпа-а-а". Рабиғаның дауысы құлағына анық естілгендей болды.
Құбаш өзін-өзі қайрап күңк етті.
— Апам ауырып жатыр. Ұрлық емес.
Салбырап қайта оралды. Қара құлып мазақтағандай омақтанып үнсіз телміреді. Саусақтар әлгіге дірілдеп жанасты. Суық темір су алақанды тыз еткізіп қарып түсті.
Құбаш құлыпты жұлқып-жұлқып қалды. Ілгекті ұстап тұрған жалғыз шеге бөрене жақтаудан ытқып кетті.
Есік ашылғанда, сырғауылда қонақтап отырған екі мекиен мен қызыл қоразға қанат қақтырмастан Құбаш тауықтың бірін шап берді. Мойнын бұрап жіберіп, сып еткізіп қойнына тықты да, дереу сыртқа атылды. Бір ұрып шегені орнына кіргізіп, үйіне қарай дедектеп жүгіре жөнелді.
* * *
Аядай ғана шағын дүкен кезекте тұрған адамдарға лық толы. Пальтосының сыртынан қара желеңді қабаттап киіп алған дүкенші алдындағы адамға жарты бөлке нанды беріп, карточкесін қиып, оң жақтағы тартпаға тастады. "Одан көп беруге болмайды" дегендей қасын керіп, үндемей екі қолын жайып, басын шайқады. Екінші кезекте томсырайып тұрған Құбашқа қарады.
— О-о! Келдің бе, Аймаңдайка. Сәлем, жігіт. Сен маған бүгін тағы біраз әңгіме айтып, құлақ құрышымды қандырарсың. Солай ғой, ә?
Кезектегілерге қуақылана қарап, таңдайын тақ еткізіп қойды да:
— Менің бір жолдасым болған. Фин майданында. Оһ, сөзуар еді-ау! Он күнде бес сөзді әрең айтатын. Ал өзі ғажап мерген-ақ еді! Бір ұрыста отыз бес жауды атып түсіргенін өз көзіммен көргем. Әне, жігіт! Сөзбен емес, іспен дәлелдейді. Вот! деп бармағын шошайтты.
— Бар ғой мықты жігіттер!
— Соғысып жатыр ғой.
— Әйтеуір, жеңіспен аман келсін деп тілейміз.
Дүкенші сөреден асылып келіп Құбашты иықтан түртіп қалды.
— Нағыз жігітсің! Аймаңдай, бүгін де үндемейсің ә...
Құбаш әдеттегі мінезін ұмытып, ауызы жабылмай сөйлеп кетті. Сөйлеп кетті де, жұрттың бәрін сілтідей тындырды.
— Дядя Миша! Миша ағай!.. Мен... апам ауырып... Қатты ауырып... сорпа ішем дейді. Ыстығы бар. Күйіп жатыр... Егер... Егер... дядя Миша, ет беріңіз. Шай беріңіз... Мен... мен, қолын бір сілтеп алақанындағы көбелектің қанатындай желбіреген карточкасын дүкеншіге ұстата салды.
"Көп сөйлеп қойдым ба" дегендей жан-жағына қарауға ыңғайсызданып құлақшынын шешіп, маңдайына жіпсіп шыққан терін алақанының сыртымен сүртті. Дүкенші Миша ағай ә дегенде аңтарылып қалып еді, іле екі саусағын сарт-сарт еткізіп ақтарылып кетті.
— Оу, молодец. Мен беремін, босатам. Жолдастар, Аймаңдайға рұқсат етесіздер ғой. Ауру кісіге сорпа керек. Сен молодец, Аймаңдай. Апаңды ешқашан ренжітпе! Мынаны да апаңа... Мынаны да апаңа... Мынаны да апаңа. Бәрін апар.
Құбаш езуі жайылып, көзі күлімдеп барынша мәз. Құбаш өзіне өзі риза.
— Апам жазылады. Сорпа ішеді. Маңдайы терлейді.
Өзі қуанып, өзі марқайып, дәл қазір ауруды ойымен теп-тез жазып алды. Дядя Мишаның жеке-жеке орап бергендерін құшақтап, табалдырықтан асыға аттап далаға беттеді.
* * *
— Ойбай-ай, ойбай! Неміс байымды өлтіреді. Жесір қалам. Неміс қызы тауығымды ұрлайды. Аш қалам. Қураған қу құдай соншама зауалды сендерден-ақ жазып қойса да, осы көрейінші! Көзіңді, көгерген көкшіл көзіңді шұқып, шүйкедей тұлымыңды ғана бір талдап жұлып қолыңа берейін, қолыңа! Кім арашалар екен! Кім алар екен қолымнан, ойбай!
Тұлданған Несіпжан екі жеңін сыбана түрініп, езуінен көбіктенген түкірігі шашырап бүріп тастардай таптап береді. Түймесі ағытылып кеткен сырмалы қоңыр күпәйкесінің екі өңірі ұмтылған сайын қабаттаса қосылған қос төбеттей жалп-жалп етеді.
Эльза ештеңеге түсінбей жыламсырап өзінше әлдене деген болады. Ысылдай зәрленіп, тықсырып бара жатқан адуын келіншектен үрейленіп еріксіз кейін шегінеді.
— Көрдің бе мына жұдырықты, қасарған қаншық? Көрсең, дәл қазір бір қойып төбеңді оямын, қаншық! Миыңды аузыңа түсірем.
Несіпжан шын қаһарланып адымдай аттай беріп, қар астында қалған жаңғырыққа сүрініп мұрттай ұшты.
— Ә, сен мені жықтың ба? Неге итересің? Неге шаласың? Сен кімді жығасың?
— Найн! Жоқ! Мен жоқ.
Несіпжан ұшып түрегеліп, жаңғырықты бір теуіп жіберіп, тағы да ақырды:
— Қолыңда өлейін! Ал, өлтір мені!
Қабырғаның тасасынан Құбаш шыға келді.
Құшағында сатып алған түйіншектері бар.
Құбашты көргенде Несіпжан жүгіріп алдынан шығып, етегінен жұлқылай тартып одан сайын екіленді.
— Ойбай-ау, Аймаңдай-ау, қайным-ау, әбден өлдім ғой мына неміс қызынан! Неге ұрлайды тауығымды? Кімді басынады, қу тұтақ! Тауып берсін тап қазір.
Құбаш келіншектің бетіне бір түрлі жиіркене қарап қалыпты. Әнеукүнгі дірілдеген дәмді ерінді емес, дүрдиген ашулы ерінді, билеген білекті емес, жұмылған жұдырықты көрді. Ләм демей, етегін босатып басын шайқады.
Эльза әлденені жыламсырап айтып Құбаш пен Несіпжанға түсіндірмек болады.
— Шүлдірлеген тіліңе с... Жаман қатты-ақ иландым. Қазір өлтіріп жіберсең де...
Жұдырық сақпан тасындай көз ілеспей оқыс сарт етті.
Эльза жіңішке саусақтарын қалтырата біріктіріп апарып бетін басты.
Мұрнынан саулап қып-қызыл қан ақты. Көзден жас шықпады.
Құбаш лезде құбылып, өңі өрт сөндіргеңдей өзгеріп кетті. Алғаш рет қызды туған қарындасындай ып-ыстық бауырмалдықпен сезінді. Үн-түнсіз ғана тағы да жұдырығын көтере берген Несіпжанды жұлқып қалды.
— Ә, сен осындай ма едің? Білдім, білдім. Екі жетім...Қосылған екен күндерің. Сендерді құтыртып отырған Рабиға қақбас қой. Құдай зауалын берсе, өзі де көпке ұзамас. Итжемеде өлер. Мылқау неме, тауығымның құнын тап қазір төле. Әйтпесе қолыңда өлем, ойбай!
Құбаш қолтығындағы түйіншекті келіншекке ұстата салды. Несіпжан ә дегенде түйіншекті ызалана лақтырып жіберді. Бір кесек майлы ет, бір түйір сары май, бір тақта шай шашылып түсіп арыққа қарай сырғанап барады. Несіпжан бауырын жазбастан еңбектеп жинап жүр. Күңкілдеп сөйлеп жүр.
Құбаш үнсіз сірескен Эльзаның қасына келді. Шегір көздің қайқы кірпігінің ұшында дірілдеген түймедей-түймедей жасты көрді. Басынан сипады. Еркелетіп сипады.
Түймедей-түймедей жастар екі беттің қызарған томпағына үзіліп түсті де, ар жағынан қыздың алғысқа толы риза қарасы ап-анық көрінді.
Құбаш оң қабағын көтеріп жымың етті. Маңдайдағы тайтұяқ бұрынғысынан да тереңдеп айқындала түсті.
— Эльза, үйге кір. Тоңып қалдың.
— Сен, ду, мені Эльза дейді.
Қыз жалтаң етіп моншағын жарқыратып, лезде жадырады. Екі бетінің ұшындағы кішкене шұңқырында нұр ойнады. Езу тартқанда ұсақ аппақ тістердің дымқыл тізбегі жылтырап түгел көрінді.
* * *
Рабиға іште кеудесін тіктеп елеңдеп отыр. Сыртқа сабырсыздана құлақ түреді. Есік ашылғанда қабаттаса кірген Эльза мен Құбашты сөйлей қарсы алды:
— Әлгіндегі даңғыр-дүңгір не? Шаң-шұң ұрысып жүрген Несіпжан ба? Соның даусы шықты ғой. Ол не іздеп жүр? Аузы жеңіл еді пәтшағардың. Біреуіңе тілі тиген жоқ па? Ойбүй, Ылиза-ау, мұрның неге қызарған? Ісіп кетіпті ғой добалдай боп.
Ұмтылып әбігерленіп орнынан тұрмақ болды. Қайда оған, дәрмен жоқ.
Эльза жүгіріп кеп құшақтай алды. Жастығын төсеп арқасын биіктетті.
Құбаш сырт киімін шегеге іліп жатып жалтарта жауап қатты.
— Апа, Эльза қызыңыз байқаусыз тайып жығылып... мұрнын қанатып алды... Жер тайғақ.
Эльза Құбашқа жалт етіп риза боп қарап, селеу шашын сілкілеп құптай жөнелді.
— Шней қар таяды. Их жығылды, апа... Куваш көтер мені. Их... мен рақмет оған береді.
Рабиға жадырай күлімдеді. Оң қолын босатып еңкейген Құбаштың басын сипады. Сергек көңілмен мына екеудің бір-біріне алғаш рет қамқор ниетпен қарағанын сезді.
— Мен оған рақмет береді... Рақметіңді де, мейіріміңді де бер. Адам мен адам бауыр. Ұрысып керілдесетін, атысып-шабысатындар жауыз. Жауыз болмаңдар.
* * *
Түн буып тұр. Құбаш әлденеден оянып кетті. Сол қолы аурлап ұйып қалыпты. Сөйтсе, білегі Эльзаның астында жатыр. Тарта беріп кілт тоқтады. Демін ішінен алды. Эльза баяу тыныстайды.
Пеш аузынан шілтерленген әлсіз сәуле шашырайды. Үй іші ала көлеңке. Бір кез Рабиға ұйқысырады. Ап-анық: "Тәубе", деді.
Құбаш жайлап қана Эльзаға бетін бұрды. Сызық сызат түспеген аппақ маңдайды көрді. Көз жұмылыпты. Ұзын кірпіктер қос сызық боп жымдасып жатыр.
Жұқа ерін сәл ашылыпты. Саңылауланып ақ тістердің нобайы білінеді. Жүзінде еркелік рең бар.
"Ұйқтай берсін. Ұйқтасын. Шаршаған шығар. Аунаған кезде қолымды босатармын".
Эльза да өзінше ұйқысырады. Екеуінің үстіне жапқан жалғыз шапанды серпіп ашып тастады. Тамсанды.
Құбаш оң қолын созып шапанды бүре ұстады. Кенет... Жанары тұрақтамай тайқып кетіп... ұрланып қайта бұрылды. Арық иықты көрді. Бұғана сүйегі шығыңқы, омырауы ашық қалыпты. Ашық омыраудан қос томпақтың жарты шеңбері шалынды. Жып еткен қол шапанды жоғары тартып әлгі томпайған кеудеге жаба салды... Шалқалап төбеге қарады. Талмен жапқан төбенің қара сылағына қиғаш-қиғаш жарық жүгіріпті. Сонарға түскен шым-шытырық іздей.
Құбаш кірпіктерін қаластырып үнсіз күлді. Үндемей қуанды. Несіпжанның жалаңаш балтыры елестеді. Келіншектің жұдырығы елестеді. Сонан соң қан аққан мұрын елестеді.
Бұрылып қасындағы Эльзаның бетіне үңіле қарады. Ақ селеу шаш толқындап иегіне қытықтай тиді. Танауына лек-лек жұпар есті. Сол-ақ екен, белгісіз қуаныш тұла бойын тоғытып әкетті.
Шапан тағы сырғыды. Шапан төмен сырғығанда-ақ Құбаш лып етіп теріс айналды. Бір лықсып жалма-жан іргеге шегінді. Шегіне беріп, шапанды тез қармап жоғары көтерді. Асыққан қол томпақ төске абайсыз тиіп кетті. От қарығандай жұлып алғанда, алақан сырты қабырғаға қатты соғылды. Тез-тез қимылдап, үстіндегі шапанның өңірін қыз бен екі араға жұмарлап бүктеп кәдімгідей шекара жасады.
* * *
— Әйт шу, жануар!
Көкейден күмбірлеп шығатын мазасыз айқай бүгін тым көбейіп кетті. Айқай көбейген соң, әдетінен жаңылған шұбар байырғы шабан аяңынан айрылып қалды. Кішкене ауылдың қазір бір шетінен көрінген жүрдек ат-шана, енді бірде екінші жағында зымырап бара жатады.Шұбар желгенде, Құбаш жеделдеді. Күрек жыпылдағанда, дүрдік ерінге таусылмас ыңыл оралды. Күй ырғағы ма, ән сазы ма әйтеуір, ұзақ сарын күні бойы үзілген жоқ. Анда-санда шығатын "әйт шүу!" сол шексіз ызылдың айнымас қайырмасындай.
Бүгін ауылда Құбашқа риза болмаған қам көңіл қатын-қалаштан ешкім қалмады. Айтты әкелді. Уәде берді көңілдендірді.
... Тауық қораның алдында ескі шпалды бұтарлап тамызық жарып беріп жатыр...
Оң көзінің алдында тырнақ сынығындай тыртығы бар кәрі кейуана ағаштарды бүкеңдеп жинап жүріп, Құбашқа жалтақ-жалтақ қарап қойып алғысын жаудырады:
— Сиырымыз жақында бұзаулап еді. Кішкене немерелерімнің нәпақасы ғой. Аузымыз аққа жетіп, бір жасадық. Ең болмаса, айран ауыз ти, балам! Үйіне бүкеңдеп жүгіріп кіріп, бүкеңдеп жүгіріп шықты.
Құбаш тіл қатпай басын шайқады. Ұсынған тостағанды қолымен жасқап, алмайды.
Үнсіз жымияды...
...Бір аулада шөп қораның сабан толып кеткен ақырын тазалап беріп жатыр...
Мосқал әйел еріні дірілдеп, көзі жасаурай қос уыс құрт ұсынады:
— Қарағым, суықта малта қуат! Қалтаңа салып берейінші, сорып жүресің.
Құбаш басын шайқайды. Үнсіз жымияды...
...Бір үйдің есігінің алдында бораннан кейін тау боп үйіліп қалған қарды үлкен күрекпен кертіп-кертіп алып, күресінге құлаштай ытқытып жатыр...
Артында қисық таяғына сүйеніп бүкірейіп тұрған кемпірдің басы қалт-қалт етеді. Қолындағы төрт бүктеген көнетоз шарфты дірілдете созады.
— Шырағым, тамағыңнан суық өтеді. Ағаңның бөкебайы еді. Әскерге бармай тұрғанда өзім тоқып бергем. Орап алшы. Ауырып қаларсың.
Құбаш басын шайқайды. Үнсіз жымияды...
...Албардың ішін босатып, ыбырсыған кәкір-шүкірді бір бұрышқа жинап беріп жатыр. Бір кез құлашқа жуық кепкен қайыңның жуан кесіндісін ұстап тұрып қалды. Жеп-жеңіл, сыңғырлап тұр. Қасындағы шелекпен көмір алып жатқан әйелге қысыла қарап тұрып, қолқа салды:
— Осыны маған берсеңіз... Мен, мен сізге басқа ағаш әкеп... Қайың таба алмай жүр едім...
Әйел шын көңілден қуанды. Шелегін тастай салып, екі қолын ербеңдетіп жатыр:
— Ойбүй, ағашты да сұрап. Еңбегіңді, азаматтығыңды өтей алмай жүргенде. Ала бер, шырағым. Қайырымың менен қайтпаса, Алладан қайтар. Ертең ағаң келгенде жәрдемі тиер.
Ат қораға шұбар болдырып қайтты. Құбаш үйге ыңылдап әндетіп оралды.
* * *
Ағаш жаңқасы еденге шиыршықталып ұшып түсіп жатыр. Өткір шапашот тықылдаған сайын ағашты үңгіп кеулеп барады.
Ағаш жаңқаларын сыпырғыш жинап, қуалай ысырып барады. Қараған сыпырғыш әлгінде ғана жалап өткен жерге қайтадан ұсақ жаңқа шиыршықталып шашырап түседі.
Ағаш шауып отырған Құбаш қараған сыпырғышты көрер емес.
Эльза үйге шаң жуытпайды... Бір сыпырды, екі сыпырды. Жаңқа азаймады. Эльза бұрынғыдай ренжіген жоқ. Сыңғырлап күлді де, орнына барып етегімен тізесін қымтай отырды.
Рабиға шүкірана үнмен мекіреніп алды да, елжірей сөйледі:
— Құбаш-ау, асыңды іш, құлыным. Содан кейін-ақ жаңқаларсың. Ылиза, жылытып бер.
— Апа, мен жылытты. Куваш ішпейді.
— Тіліңнен айналайын, тіліңнен. Қолғанатым сол, екеуің болмасаң, ауырып-ауырып өліп кетер ме едім.
Эльза зәре-құты қашып кемпірді құшақтай алды.
— Найн, жоқ! Сен өлер жоқ, апа!
Рабиға мейірлене күлді.
— Өлмеймін. Неге өлемін? Ылиза, үстіме қалыңдатып тағы бірдеме жапшы. Бір суық тер азаннан бері қысып тұр. Көрпе де жоқ осы үйде. Әй, екеуің түнде тоңып жүрген жоқсыңдар ма? Жалғыз шапан қайсыңа жетсін. Құбаш-ау, сен бас-аяғыңа оранып алып, Ылизажанды ашып тастама.
Құбаш сәтте қызарды. Шапашотын қасына тастай салып қабақ астынан елеусіз ғана Эльзаға қарады. Рабиғаның көк шыт ұзын көйлегін сәл қысқартып, белін бүріп киіп алыпты. Омырауы жабық, алқым бітеу.
— Апа, мен бөлек жатайын.
— Қой, тоңасың.
— Ала, мен бөлек жатайын...
— Қыңқылдама. Жамылатын түк жоқ. Төсеніш те аз. Астыңнан сыз өтеді.
— Апа, бөлек жатайын-н-н. Бір түрлі демі жетпей қылғынып айтты. Рабиға шынтағын тіреп, басын көтерді. Күреңіткен жүзге сығырая тігілді. Құбаш шыдай алмай төмен тұқырды. Кемпір одан әрі қыстаған жоқ.
— Е, жарайды, өзің біл. Тоңатын сен. Шапанды онда Ылиза жамылады.
* * *
Әк өртейтін шыңырау шахта-пештің үстінен күндіз-түні бір тынбай көк түтін көлбеңдеп ұшады. Жұмыс басында еркекше киінген әйелдер қолдарына күрек ұстап, темір вагонеткалардың біріне әк тасын тиеп, біріне көмір толтырып, шахта-пештің үстінен қатар-қатар жүргізген рельспен итеріп әкеліп шыңырауға төгіп жүр.
Шолақ тонының елтірі жағасын дулығадай көтеріп алған ақсақ десятник қырау басқан сақал-мұртын сұқ саусағымен қағып-қағып қалып, дамылсыз айқайлайды:
— Қадиша, тасты бір жерге үйме. Ойпыр-ау, үйме деймін саған. Шашыратып төк! Вагонеткаңды әрі итер! Тегіс жайылсын.
ІІІойнаңдап пештің екінші жағынан сап ете қалады:
— Әй, Наталья, көмірді қайда апарасың? Алдымен әктасты түгел жаймалап салып, соның үстіне көмірді бір тегіс етіп қабаттап тиеу керек. Сонда әктас біркелкі жақсы күйеді. Брак азаяды, брак.
Ауыр балғамен құлаштай сілтеп тас уатып жатқан әйелдер қосылып өлең айтты.
Қайран да менің ауылым,
Қызар ма екен сауығың?
Соғыстан аман оралып,
Келер ме екен бауырым?
Құлақшынының сыртынан қызыл орамал тартқан жайнаң көз орыс келіншегі мұңға толы жіңішке дауыспен жеке өзі шырқады:
... Любимый едет на войну...
Шұбарды баяу айдап қыстақ жақтан келе жатқан Құбаштың қарасы көрінді. Әйелдер жапа-тармағай тұс-тұстан андағайлап қарсы жүгірді.
— Аймаңдай, бүгін біздің үйге көмір түсірдің бе? Отынымыз таусылып қалып еді. Бір салар тамызық та жоқ.
— Бізге қашан апарасың?
— Күнде ертеңмен діңкемізді құрттың ғой, шырағым. Қашанғы созасың?
— Ты, братец, завози к нам.
— Анау десятникке айтыңдар, — деп, Құбаш қолын сілтеп бар шуды бір-ақ тыйып тастады да, құлақшынын шешіп терін сүртті.
Қадиша түтіккен күйі, беліне байлаған боз шүберегін қайқайта бір тартып, десятникке бара жармасты.
— Әй, мен өзім мұнда, ал байым соғыста жүр. Шиеттей балаларым көздерінен сорасы ағып суық үйде бүрісіп отыр. "Көмір жазып бер", деп құдайдың құтты күні қанша жалындым. Бересің бе, жоқ па?
— Ал, тағы не айтасың? Екпінің күшті екен бүгін. Бәрін түгел айтып қал, деп десятник мықынын таянып сыздана ыңыранды.
— Наряд жазып бер.
— Кезегің келсін. Сенен басқа да отынсыз қаңсып отырған жұрт көп. Килікпе. Соншама үздігетіндей сен кімнің шікірасы едің.
— Балаларым үсіп өлсін бе?
— Көмір аз. Кімге жеткізем?
— Жеткіз. Көз жұмбайыңды таста!
— Былшылдама!
Десятник қақырынып тастап бұрыла берді. Қадиша қатты ашуланды. Шап беріп оның ту сыртынан қапсыра ұстады да, бір сілкіп оппа қарға алып ұрды.
— Сенен-ақ өлдім ғой! Әбден мазақтап біттің ғой. Байымды құныңа беріп пе едім, өл де маған! Қазір соттатсаң да, қолында өлейін бе осы, деп құнжыңдаған тіземен астындағы адамды нығарлап жатыр.
Әйелдер құрбысын жабылып тұрғызып әкетті.
Құбаш аяғының ұшына назарын жіпсіз байлап дірілдеп, көгеріп тұрған Қадишаның қасына келді. Қадишаның ашуы басылар емес.
— Әрі тұр, мылқау! Аймаңдай неме, сен де мазақ қыласың ба? Кет әрі, сүметілмей!
Құбаш күрсінді. Басын көтермей, қолын уқалап, екі аяғына кезек теңселді.
— Қазір тұп-тура сіздің үйге көмір апарам. Нарядсыз-ақ апарам, жеңеше.
Қадиша үндей алмай көзі бақырайып тұрды да, сылқ отыра кетіп, еңіреп жылап жіберді.
* * *
Ағаш кесіндісі үңірейген көмейін кеңейтіп, ту сырты сүйірлене жұмырланып, мойны жіңішкере ұзарып, кеуделігі домбыраға ұқсап қалыпты.
Манадан күпісінің саңылауынан сығалап жатқан Рабиға басын көтерді.
— Құбаш-ау, құлыным-ау, мынауың керемет болды ғой. Өзің тарта білесің бе?
Құбаш әдеттегісінше үнсіз күлімдеді. Эльза тізерлеп қасына отырды.
— Куваш, сен... ду нихт безе5 Сен жақсы Менш6.
— Жақсы, Ылизажан. Ол жақсы жігіт. Өнерлі азамат жаман болмайды.
— Вас ист да, Куваш? Лойеркастен? Шарманка?
— Домбыра.
— Домбура?!
— Иә, домбыраны тартады. Домбыра қуана біледі. Домбыра егіле біледі, Эльза.
— Куваш, ду... сен домбура ойна!
Құбаш серпіліп орнынан тұрды. Босаға жақта ілулі тұрған күпәйкесінің қалтасын ақтарып ораулы ішек алды. Алдымен домбыраға елілеп өлшеп перне тақты. Құлағын орнатты.
Эльза ақ селеу шашы толқындап жайылып Құбаштың қарсы алдында жүрелеп отыр. Туғалы көрмеген, білмеген аспап, әрине, таңсық.
— Куваш, сен музыкант?
Құбаш жымиып қойып, саусақтарын қимылдатты да, басын шайқады.
Рабиға дауыс берді:
— Тарта ғой, Құбашжан.
Домбыра кенет ызың етті. Зың етті, сыңғырлап барып-барып үнсіз қалды.
Алғаш екі ішекке саусағы оқыс тигенде, Құбаш дәл солай сиқырлы ызыңмен үн қатар деп сенбеп еді. Жүйке-жүйкесі тегіс шымырлап кетті.
Көз алдына алыстан бұлдырап оралып ұмытылмас елес келді.
* * *
Өзен. Ойыл өзені. Жағадағы жасыл құраққа бойлай бес-алты үй қатар тігулі тұр. Ортадағы бес қанат киіз үйдің іргесіндегі текеметтің үстінде ақсақал адам үш-төрттердегі баланы алдына алып домбыра тартып отыр.
Ойылдан салқын самал лып-лып еседі. Баланың маңдайындағы тайтұяқ таңбаны бір ашып, бір жасырып жабағының келте кекіліндей майда кекілді жиі желбіретеді.
— Үйрен! Үйреніп ал, балам! Домбыра білгеннің зияны болмайды, ұлым!
Әкесі баланың саусағын алақанымен қысып ұстап әкеліп пернеге тигізді. Содан кейін өзі ілестіре қуалатып, әлгі нәзік саусақты сағаққа шаншылтты.
* * *
Домбыра безілдей жөнелді. Әке сабағын ұлы ұмытпапты. Он саусақ машығынан жаңылмапты. Үш-төрт күннен бері әлдебір қуанышпен алып ұшқан кеудеге орнап алған елгезек ыңыл бас бармақтан бипыл уіл төгіп, төрт саусақпен термелеп кетті.
Эльза сілекейін жұтына тамсана түсіп, көзін кең ашып қалыпты. Кең ашылған жанарда жаңа қонысқа келгелі бұған дейін білінбеген көкшіл ұшқын, көгілдір ұшқын жылтырады. Бадырайған әр көз бір-бір кішігірім тостаған, немесе бетіне кілегейленіп қабыршақ мұз тұнған ойық. Күлімсіреген жүзі ояу отырып тәтті түс көргендей елтіп алған.
Бас бармақ тәтті уіл созады. Төрт саусақ жүрек дүрсілдетеді.
Рабиға күпісін ысырып, басын көтерді. Алдымен Құбашқа, содан кейін оршыған саусақтарға үңілді. Қалтылдаған қолымен кимешегінен құлағын шығарды. Әлгінде зың еткен тосын үн құдыққа құлаған кесек тастай бітеу кеудесін солқ еткізіп еді. Күлгін көзде күңгірт жалын тұтатып кеткен екен.
Бір жанарда көкшіл ұшқын жарқырайды.
Екінші көзде күңгірт сәуле бұлдырайды.
Баяу уіл тентек желдірмемен алмасты. Жылдам терме майда уілмен ажарланды. Астыңғы ішек үстіңгі ішектің жетектеушісі. Үстіңгі ішек астыңғы ішектің жебеушісі.
Эльза қыбыр етпейді. Алыстан, көкжиектен жаңа ғана шашырап туып келе жатқан күннің қызыл шуағын алғаш қарсы алғандай, танауы қусырылып, екі қолын кеудесіне қыса тас қып айқастырып алыпты.
Рабиға сыздықтата күрсініп, көзін жұмды. Баяу бұлдыраған күңгірт жалынды жыбырлаған сирек кірпіктер жұтып жіберді. Сирек кірпіктердің астынан мөлт етіп қос маржан ытқып шыға келді де, өрмекшінің торындай әжімді жүзді қақ тіліп, төмен сырғанады. Қиян қиырдан адасып келіп, қаңғып келіп құлағына таныс шумақ құйылды.
"Ақ тілегім!
Өзіңе бақ тіледім.
Қайтейін, бұйырмады ақ тілегің, қалқажан!.."
Баяу уіл әлдиледі. Әлдиледі де жылатты.
Эльза қыбырсыз отырып ұйып барады, мүлгіп отырып зымырап барады.
Жетім сырын жетім жүрегі түсінді.
Ұланды қыз ұқты.
Разы көңіл іңкәрлік сезінді. Сағыныш та іңкәрлік.
Эльза күрсініп қалды...
Домбыра кілт тоқтады.
Құбаш иегін шошайтып Рабиғаға қарады. Бүк түскен кемпірдің беті көрінбейді. Құбаш секем алды. Алақанының сыртымен маңдайын бір сүртіп тастап, домбырасын алдына қайта өңгерді. Қабағының астынан қасындағы қызға жалт етті. Эльза күлімсіреп отыр екен. Көкшіл көзге тұнған қуаныш нұры Құбашқа да ауысты.
— Эльза, "Кеңес" күйін тартайын ба?
Қыз сол мерейлі раймен тез келісіп, басын изеді. Рабиға кеудесін тіктеді.
Асқақтап шалқып күй кетті. Әлгіндегі уіл жоқ, мұң жоқ. Жігер мен екпін бар.
Эльза домбыраға қадалды. Саусақ жағалай қыдырған жанары арбалғандай жоғары өрлеп, жігіт жүзіне тоқтады.
Не деген сыршыл жүз! Жүз емес көз! Ішке сәуле түсіп, сол сәуле жанарда құбылып ойнап тұр. Шілдеде қайнары шымырлаған ақ бұлаққа аспаннан мөлдірей нұр құйылып, су бетінде кемпірқосақ, жайнататын. Дәл сол! Оның бояуы қызыл да емес, жасыл да емес бәрі емес. Жанардың бояуы қуаныш, сенім, іңкәрлік, тазалық, пәктік. Сонан соң сәл ғана мұң шалған сағыныш.
Күй бітті.
Эльза лып тұрып барып, тұнғыш рет еркін жанасып Құбаштың маңдайын аялай сүртті. Тайтұяқ таңбаға ақ саусақ сәл кідірді. Ыстық дірілі білінді. Саусақтан жылылық сезілді. Құбаш қолын көтерді. Алақанды алақан сипады. Нәзік саусақтар доғал саусақтардың арасында қалды.
Екеуі біріне-бірі елжірей қарады.
Рабиға бергі жақтан мейірлене тіл қатты:
— Рақмет, Құбашжан! Өркенің өссін! Сөйт, құлыным! Қарындасыңды аяла солай! Түсінісіп өткен ғұмырдың қадірі артық. Жоғалтып алмаңдар...
Құбаш саусақты қоя берді. Сырғып кейін шегінді де, домбыраны қабырғаға сүйеді.
Эльза тізерлеп барып кемпірді құшақтай алды. Қушық иық тынымсыз селкілдейді. Бетін Рабиғаның кеудесіне көміп алыпты.
— Мына шіркін... Шіркін неме қайтеді?! Жылағаны несі? Сен де, Ылиза-ау, осал ма едің? Қой, жасық болма... Босама босқа... Күй ғой босатқан... Айналдым сол көңіліңнен... Соншама нәзік болармысың, күнім...
Кәрі жүрек қапысыз түсінеді. Түсінеді де тұспалдатпай, түкпірлемей ауызға түскен алғашқы сөздерді айтады. Солай жұбатады.
— Құбашжан, әлгіндегі бірінші тартқаның қай күй? Естімеген сарыным екен, деп Эльзаны әлдилегендей теңселіп отырып ұланға бұрылды.
— Апа-ау, өзім де білмеймін.
— Ә, солай ма...
Күлгін көзде күңгірт жалын тұтанды да, сөнді.
Рабиға басын салбыратып құшағындағы қыздың ақ селеу шашын саусағымен тарамдады. Аппақ мойнын сипады.
— Құбаш, сен әлгінде күй шығардың, құлыным. Күйіңнің атын "Ақ тілек" қой. Иә, "Ақ тілек" болсын. Ақ тілеуден өткен ардақты аманат жоқ.
— Жарайды, апа.
Эльза басын көтеріп екеуіне кезек қарады. Көзінде дымқыл қалмапты. Жайнаңдап тұр.
— "Ақ тілекті" тағы бір тартшы, — деді Рабиға жастыққа бүйірлей қисайып.
Эльза тез тұрып барып сүйеулі домбыраны алды. Құбашқа күліп ұсынды.
Кәрі кеуде қыбыр етпей сағыныш сазы үстіңгі тиекті ғана тыңдайды.
Жас жүрек қуаныш, шаттық дүрмегі астыңғы иекті ғана тыпырши аңдиды.
Ақ тілек дүрілдеп түр, дірілдеп түр.
* * *
Бұлт басқан кешкі даланың қою ірімтік көлеңкесі темір жолдың төс табанының түбіне ұйлығыпты. Қатарласа жарысқан қос рельстің бір тіні үзіліп қалып, екі қоспаның арасы алшақтанып ырсиып тұр. Әлдекім әдейі бұзып кеткен тәрізді.
Қауқита көк шөп тиеген екі ат-шана темір жолдан арқан бойы жерде тоқтап қалыпты. Рельс пен шаналардың арасында дәл ортада Сәрсен мен Құбаш айтысып жатыр. Шырылдаған Сәрсен домбыққан бетін өршелене уқалап-уқалап қояды.
— Жо-жоқ, бір минут та кідірмеймін. Мен қайтам. Бәлесінен аулақ. Әрі-беріден соң анау рельсті бұзған үшбионы ма, зиянкесі ме тасадан бізді тырс еткізуі мүмкін. Аңдып отырған пәлелер ешкімді де аямайды.
Құбаш жауап қатқан жоқ.
— Әй, неге үндемейсің? Апырау мылқау болсаң да, саңырау емессің ғой енді, ымдасаң да бірдеңе десеңші. Үсідік қой, Аймаңдай.
— Жолды жөндеу керек.
— Атаңның басына жөндей қоярсың. Екеуден екеу айдалада не бітіреміз? Кім бұзса, сол жөндесін, біздің жұмысымыз қанша? Біз шөп тасысақ басқасына пысқырмаймыз. Әркімнің өз міндеті өзіне. Қайтасың ба өзің? Әй, Аймаңдай! Үсіп өлеміз! Қатып қаламыз!
Сәрсен шап беріп жағаға жармасты. Сілкіп-сілкіп қалды. Екі саусағы жоқ мұқыл қолдың тегеуріні мықты, Құбашты селкілдетіп барады.
— Мен қайтам. Қайтам, Аймаңдай! Қарап жүріп босқа өлер жайым жоқ.
Құбаш жағасындағы Сәрсеннің қолын қағып жіберіп, үнсіз бұрылды да, адымдап шөп тиеген шанасына барды. Сауыт-сайманын салатын кішірек қобдишадан жеңіл балға, шапашот, бұрандалы кілтін алды.
Сәрсен әлі де болса сөзін өткізбек боп жанталасып едіреңдей жақындады.
— Не істейін деп жүрсің? Өзіңнің есің дұрыс па? Осындай қызыл шұнақ аязда жұмыс істей ме кісі? Онан да тез барып, стансаға хабарлайық.
Құбаш жауап қатпастан темір жолдың төс табанына өрмеледі. Сәрсен артынан ілесті.
— Мен қайтамын.
Құбаш иығын қиқаң еткізді.
— Әй, құдай сені де адам ғып жаратқан соң не жорық. Ақылыңды алмайды. Айтқаныңа түсінбейді бұл Аймаңдай. Апыр-ау, сенің осы араға қыстырылатын нең бар? Тіпті сен екеуміз көрмеген-ақ болайық осы құрып кеткір рельсін. Бізден кім сұрайды?
Будақ-будақ бу шыққан бойда сіреу боп омырауға қатып жатыр. Будақ-будақ бу үскірік боп бет қариды.
Жауап ала алмаған соң титығы құрыған Сәрсен қолын сілтеп кете берді. Айналып қайта оралды. Даусында ашу да бар, жалыну да бар:
— Өлсең өзің-ақ ол, мен қатын-баламды жетім-жесір қалдырғым келмейді. Әй, Аймаңдай, жүр! Керек десең, стансаға өзім-ақ хабарлай салайын.
— Алыс...
— Алыс болса қайтеді?
Құбаш күңк етті:
— Оған дейін бұл арадан поезд өтсе...
— Өтсе өте берсін. Сенің нең құриды? Екі туып бір қалғаның жоқ ол поезда.
Құбаш серігіне алара қарады да, басын шайқады. Содан кейін отыра қалып қолымен жерді сипады. Еңбектеп маңайды тінтіп жүр.
— Таптым!
Сәрсенге алтын тапқандай ұсынып болтты, гайкаларды көрсетті.
— Ақымақ! Мәз болмасқа мәз болуын. Бітірерсің жаман қатты. Маған десең үсіп өл! Арам қат! Мен сен сияқты ақымақ емеспін. Кеттім!
Сәрсен аяңдап атына барды. Арқаннан тартып шананың үстіне шығып, делбені қағып қалды. Темір табан шыңғырғандай сықыр етті де, таусылмас ұзақ әнімен сарнай жөнелді. Кетіп барады. Ұзап барады.
Құбаш әлі де болса дәмеленіп соңынан қарап тұр. Бұлдырап алыстады.
Сәрсен қалтасынан нанын алып, ашқарақтана асады:
— Бағана Аймаңдайдың нанын бөліп жегенім мұндай жақсы болар ма, қалсын енді ішегі шұрқырап.
Құбаш қойнына қол салды. Орамалдың арасында қалған нан қиқымын алақанына төгіп аузына ытқытты. Сілекейімен тамағын құрғатты. Тамсанды. Содан кейін орамалды тұмшалай бетіне орап алды.
Бұрылып Сәрсенге қарады. Шана көз ұшында жыбырлайды. Қолын ызалана бір сілікті.
Отыра қалып шатқаяқтанған екі рельстің шетін екі қолымен күшене тартып біріне-бірін тақамақ болды.
Қатты аязда шеңбірек атып шертіп тұрған темірге ен істесін, босқа діңкесі құрыды.
— Сүймен болар ма еді!
Қытымыр аяз бұрынғысынан да күшейіп кетті. Қолғабын шешіп тастап қышырланып мұрнын үйкеледі. Уысына қар толтырып бетін уқалады.
* * *
ІІІанадан үш тармақ айырды әкелді. Рельстің астына тіреп итере бастап еді. Қарағай сабы қақ бөлінді. Айырдың басын бір жаққа, сабын екінші жаққа лақтырып жіберді. Ыза боп ернін тістелеп шпалға отыра кетті. Шалқалап жатып рельсті теуіп-теуіп қалды.
Үскірік буып тұр. Қолғабын шешіп бетін, маңдайын, мұрнын уқалады. Бұрылып шанаға қарады. Иесін шақырды ма, шұбар оқыранды. Құбаш жымың етіп тез тұрып, жүгіре басып атқа келді. Делбені ұстады. Тер сіңіп әбден сіңірленген өрме қайыс делбе шымыр екен.
Шұбарды жалма-жан доғарды. Жетектеп әкеліп қайыс делбені рельстің тесігінен өткізіп, тас қып байлады. Екі ұшын қамытқа тақты.
— Әйт шу, жануар-а-р!
Ышқынып айқайлады. Ашынып айқайлады.
Шұбар төрт табандап мықшыңдай тартты.
— Жарадың шұбар!
Қос рельстің ұштары бір-бірімен қиюласты. Құбаш етпеттей жата қалып рельстің екі жағынан қысатын екі қапсырманы жанталаса итерді.
— Бір болтты өткізіп, гайкасын бұрай алсам!
Ентіккен шұбар тәлтіректеп шегініп кетті. Рельс кейін серіпті.
— Қап!..
Аяз тіпті қатайды. Қысқа күн тұңғиық түнге ауысты. Қараңғылық ұйыды. Құбаш ұйқылы-ояу бір халде қыбырсыз жүрелеп отыр.
— Сәл дамылдайын.
Денесі ауырлап, сүйек-сүйекке суық өтті. Көз жұмыла бастады. Кірпіктер айқасып барады. Әлдеқайдан толқындап жетіп ұйқы буды.
Шұбар оқыс кісінеді. Дауыс естілгенде Құбаш селк етіп, омырауға сүңгіп кеткен басын көтерді. Қалшылдаған иегі тісін-тісіне тигізбейді.
— Сәрсен хабар береді. Жол жөндеушілер келіп қалар. — Станция жаққа үміт сызы кілкіген жүзбен үңіліп ұзақ қарады. Бірақ қанша сүзілсе де, қараңғыдан қараң еткен белгі білінген жоқ.
Ат тағы пысқырды. Адамға қыбырлап жан кірді. Қолымен жер таянып, бөксесін оздырып орнынан әрең тұрды. Бишікті суылдата үйірді.
— Айт шүу, жануар!
Қайыс делбе қатты бұраған домбыраның ішегіндей сыңғырлағанда, рельс қайта қиюласты.
Жанталасқан жалаңаш саусақтар темір болтты тесікке әрең өткізді. Гайка екі дөңгелеп бұралды. Гайкаға қызыл қан жұқты.
— Уһ!
Рельсті кеудесімен құшып, ауыр тыныстады. Қолын созып жіберіп алақанымен қарды көсіп алып, арандай ашылған аузына тығып жіберді.
Кілтті қайта ұстады. Бұрандалы кілт орнықпай жиі тайқи береді. Бірақ болт бірте-бірте тартылып, накладкаларды қиюластыра жапсырып барады.
Түн ортасы болды. Жұмыс сәтімен бітті. Құбаш бүкіл дөңгелек бетімен жымиды.
Шұбарды рельстен босатып, шанадан әкеліп алдына бір құшақ шөп салды.
Осы кезде бұрылыстан прожекторларын жарқыратып поезд көрінді. Машинист ат пен адамның тұсынан өте беріп, будкадан кеудесін лықсыта шығарып Құбашқа өзеурей айқайлады:
— Не қып тұрсың? Есің дұрыс па? Ақымақ-ау, тезірек үйіңе жетсеңші, айдалада үсіп өлесің ғой, деп қолын сермеп қойып, бұрқыратып будақ-будақ бумен атқылап, арқыратып гудок берді.
Жолаушы вагонының терезелерінен әйнекке тұмсықтарын жапсыра тірелген әуесқой жүздер көрінеді. Саусақтарын шошайтып әлденеге мәз болады.
Құбаш шұбарды шанаға жекті.
* * *
Тоқал үйдің бұрышынан қырындап айнала берген Құбаш Эльзамен соқтығысып қалды.
— Эльза?! Сенбісің? Бұл жерде не ғып тұрсың? Әлі ұйықтамағанбысың?
— Сәрсен келді. Сен жоқ. Мен ұйқы жоқ, Куваш. Дих, сен ойлайды. Форст! Аяз! Фрирт хойте7.
— Сәрсен ештеме айтпады ма?
— Найн... Жоқ! Мен сұрады. Ол... ол ашулы. Безе!
— Жарайды. Сәрсені бар болсын. Үйге кір! Ойбай-ау, тоңып қапсың ғой!
— Мен тоңбайды. Сен тоңады. Куваш, сен нихт кранк? Ауырмайды, иа?
— Оның не, Эльза? Маған ауыруға болмайды. Сен апам екеуің ауырмаңдар. Жүрші өзің, дала суық.
— Куваш... сен жақсы.
Эльза сыңғырлай күліп үйге кіріп кетті.
* * *
Рудниктің ескі шпалдан тұрғызған шағын шеберханасы екі кісі қатар айналуға келмейтін аядай-ақ бөлме. Бірақ сонда да ішінен адам аяғы арылмайды. Қолы босаса, жылынып шығуға бас сұқпайтын жан жоқ. Темекінің көк ала түтіні қою тұмандай жыртылып-айрылады.
Құбаш ішке сабы сынған айырын ұстай кірді.
Құбашты көрісімен терезенің ернеуінде қонақтап отырған Сәрсен орнынан тұрды. Темекі тұқылын есік жаққа шиырып жіберді де, ұстадан бұрын ұрса жөнелді:
— Тағы да сындырғанбысың? Нойыс неме-ау, осы саған темір де шақ келмес.
Құбаш иегін оң жақ иығына төсеп алып, кірпік қақпастан Сәрсенге сығырая қарады.
— Кеше неге хабар бермедің?!
— Көзін қараңдаршы! Көзін! Қып-қызыл боп қанталап тұр. Мынау бар ғой, ағайын, нағыз зиянкес! Өздеріңе ескертіп қойғаным осы. Әй, енді сен мылқаумен бірге шөпке шықсам ба? Ілесіп қатар жүрмейді ғой. Әй, кеше қай уақытта оралдың? деп Сәрсен Құбаштың түсі бұзылып кеткенін көріп қарсы шабуылға көшті.
— Өтірікші!
— Не дейсің? Байқа, бала! Сендейлердің талайын көргенбіз. Сенікі көзбояушылық. Бір сағаттық жерге бір күн жүресің. Мен кеше қай уақытта келдім? Сен қай уақытта келдің? Ағатайлар-ау, мына мылқаудан неге кешіктің деп неге сұрамайсыңдар. Сұрасаңдаршы!
— Ал, иә Аймаңдай, неге кешіктің?
— Оны Сәрсен айтсын.
— Айтсам, айтам. Мен ештеңені жасырмаймын. Кешке дейін аң ауладың. Анау неміс қызына қоян ұстап апарып берейік деп мені де қоймай азғырғансың. Жұмыс бітірудің орнына ақ тер, көк тер етіп үкімет малымен өз пайдаңды көздейсің. Шұбардың обалы саған.
Құбаш оң қолын босатып, рельс қарыған алақанындағы жараны көрсетті.
— Оның несін көрсетесің. Менде де жара бар.
— Өтірікші! Құбаш басын шайқап, басқа сөзге келмей есікке беттеді.
— Өтірікшіден естіп тұрмын. Қараңдаршы, айыпты болған соң зытып барады.
Сәрсен шіңкілдек дауыспен шиқ-шиқ күлді. Құбаш кілт тоқтап, жалт қарады. Бір-ақ аттап келді де, қатулы жұдырығын әлгі күлмеңдеген бетке сарт еткізді. Тұмсық бұзылды. Қан саулады.
— Ойбай, өлтірді-ау! Қаңғырып келген жетесіз құтырды-ау! Жіберіңдерші, қолында өлейін, деп қылғына айқайлаған Сәрсен қан жұққан алақанын өңіріңе сүртіп-сүртіп тастап, тап-тап ұмтылды. Бірақ қол сілтеуге жүрегі дауаламай, араша түскен адамды тасаланды.
Құбаш есікке бұрылды.
— Ағайындар-ау, кегім кетті ғой, кегім!
— Кегің де, өзің де құры! Бар пәле өзіңнен. Сенің тұмсығыңды ғана бұзбай қолқаңды жұлып алса да аз емес. Аймаңдай тегіннен-тегін мөңкімейді. Оны ызаландырған сенің иттігің. Арамсың! деп ұста босағада жатқан сынған айырдың сабын қолына алды. Содан соң шаңқ етті, Сәрсен, далаға барып даурық. Жұмыс істет!
* * *
— Ей-ей, Аймаңдай! Көзің бар ма? Ашсаңшы сығырайтпай! Қайда бара жатырсың? Тоқта!
Атжалданып созыла үйіліп жатқан, үстін қар басқан көмірдің қасыңда десятник төштиіп тұр. Дауыс естілгенде, шананың үстінде екі бүктетіліп құнысып отырған Құбаш басын көтеріп алып, көмір тұсынан өтіп бара жатқанын байқады. Шанадан секіріп түсіп, шұбарды дәл белден тартып шегіндіріп әкеп көмір тией бастады. Аязда тас боп қатып қалған көмірге күрек батар емес. Шақ-шақ тигенде жарқ-жұрқ от қана ұшады. Бос күрек бос көтеріліп қорапқа асылады.
Десятник аузы ашылып, сілекейі шұбырып, танауы пысылдап таңданып тұр.
— Аймаңдай! Уау, Аймаңдай! Көзіңе қара! Өзіңе не болған бүгін?
Десятник қалтасын ақтарып нарядтарды алды. Саусағын жалап жіберіп санап шықты.
— Бүгін үш үйге көмір түсіресің. Қалампыр кемпірге, Захаровтың үйіне... сонсоң біздікіне. Айтпақшы, Әлиман кассирдің қадағалап тапсырған бұйымтайы бар екен-ау. Жалғыз басты келіншек. Оның өтінішін орындау қажет. Болмас. Аймаңдай, сен былай ет. Алдымен біздікіне апар. Сонсоң Захаровтікіне. Содан кейін Әлиманның үйіне. Солай!
Құбаш үндеген жоқ. Бұрылып қараған да жоқ. Сүйменді құлаштай көтеріп, кірш-кірш ұрып, көмірді кесек-кесек опырып жатыр.
Десятник шыдай алмай қақырынды. Тамағын қырнады. Даусын бәсеңдетті.
— Қара кемпір әзірше шыдай тұрар. Қалампырды айтам. Қайнысы фермада қойшы. Қи әкеліп үйіп бермеді деймісің... Әлимандікіне түсір.
* * *
Айдау жол айдын мұздай. Тағасы мұқалған шұбар қайта-қайта тайғанақтайды. Тұрып қалады. Тайғанақтап жүріп Құбаш шананы артынан күшене итереді. Итеріп тұрып шешусіз ойға шомады.
"Адам неге азады? Адам адам емес пе? Оны азғыратын не? Шайтан ба? Сәрсен неге алдады? Неге алдады? Неге? Неге? Неге?"
Инесі бұзылған ескі патефондай осы сөзге тұрып қалып, іштей қайталай береді. Жауап тапса, кеудені кернеп алып сыздатып бара жатқан жазықсыз жапасы тарқап кетердей сезеді.
Жол тайғақ. Ой одан өткен тайғақ. Шұбар шатқаяқтаса, Құбаш кібіртіктейді. Шіреніп шананы итереді. Сарт еткізіп делбені қағып қалады...
— Айналып кетейін, Құбашжан! Құлдығың болайын. Құбашжан! Көсегеңді құдай көгертсін! Үбірлі-шүбірлі бол! Бақытың жансын, балам!
Құбаш кірпік арасынан сығалап Қалампыр кемпірді таныды. Есі шыққан байғұс кейуана Құбашты бір құшақтайды, айналып барып шұбарды бір сипайды.
— Апа, сарайыңыз, отын қораңыз қайда?
— Міне, мұнда. Қақпасын әлгінде ашып қойғам. О-ой тәңір жарылқағыр! Әлгі десәтнік қайным-ау сені жұмсаған. Екеуіңе де рақмет!
Құбаш үнсіз қорабын көтеріп қап көмірін түсірді. Отын сарайға кірді. Сарай қаңырап бос тұр, қи түгіл тышқан қорығы да жоқ. Жымиып күлді. Тездетіп бір түйірін қалдырмай көмірді сарайға үйіп берді.
Қалампырдың аузында манадан тыным жоқ, алғыс-батасын үйіп-төгіп жатыр.
— Үйге кір, бойыңды жылыт, Құбашжан!
— Бидай қуырып қойдым, Құбашжан!..
Сөмкесін салақтатып почташы қыз келді. Құбашқа анадайдан тілін көрсетті.
— Апа! Сізге хат бар!
— Ойбай-ау, сүйінші сұрамаймысың. Рақмет, қалқатайым. Өзің де мендей бақытты бол!
Қалампыр қолына ұстатқан хатты олай айналдырды, былай айналдырды. Сығырайып үш бұрыш қағазға қадалды. Жүзіне мейірім үйірілді.
— Алда ғана құлыным-ай! Тірі екен ғой, шыбыным! Айналып кетейін қолыңнан! Қолыңнан, жарығым! Белгісі тұр екен-ау. Мынау құс сағынышы ғой. Апасына деген сәлемі ғой! Сәлемі, деп тұмсығына үшкіл хат тістеген қолдан салған қарлығаштың суретіне телмірді. Қолы қалтырап Құбаш пен қызға көрсетеді. Көрдіңдер ме, баламның салғаны! Маған деген белгісі! Сағынып ұшқан жүрегі!
Құбаш қорапты орнына салып, жайлап шұбарды айдады. Далбалақтап жүгіріп келген Қалампыр Құбаштың етегіне жармасты. Ентігіп сыбырлады.
— Аллай! Есім шығып сені ұмытып барам-ау, Құбашжан! Ақтүйенің қарны жарылды. Үш айдан бері хабарсыз жүрген Оралымнан міне, хат келді. Аман екен! Бар екен! Тірі екен құлыным! Үйге кір қазан асам!
— Рақмет, апа! Жұмыс көп.
— Қап енді, қап! Жұмысың көп екені рас. Жолыңнан бөгемейін көп жаса, балам! Алғысқа бөлене бер! деп тағы да қауқылдап тұрды да, почташы қызға жабысты. Қызым-ау, сені жібермеймін. Бірің бір, екің екі... Болмайды. Ойбай-ау, мына хатты өзің оқып бермеймісің...
* * *
Түс ауа жұмыс басына шойнаңдап жеткен десятник Құбашқа түнеріп келді.
— Біздің үйге неге көмір түсірмедің? Айтқан тілді қашан аласың, Аймаңдай?
— Қазір апарам.
— Мен саған бірінші шанаңды апар деп ем ғой.
— Оны Қалампыр шешейге түсіріп бердім.
— Немене? Не? Мен апар дедім бе? Түсір дедім бе? Не деген ақпа құлақсың.
Құбаш үндеген жоқ кесек-кесек опырылған көмірді қорапқа тией берді.
— Қуам! Шығарам! Соғысқа айдаймын!
Құбаш мырс етті.
— Сен айдамай-ақ кетер ем, әттең, жасым толмай жүр.
Десятник мұрын мен тамақтан кезек ытқыған тарғыл дауыспен сөздікке жазылмаған сөздерді шұбыртып жатыр. Ерсілі-қарсылы шойнаңдап басып адымдап жүр.
Күрек қаттырақ шақылдай бастады. Күрек ерекше екілене бастады. Күрек тік көтерілгенде шықшыт жүгірді, тіс егелді. Құбаш ілгері аттады.
Десятник кілт бөгелді.
— Жарайды. Жақсы. Келістік.
Артына жалтақтап қарайлап қойып, десятник аяғы теңеліп зытып барады.
* * *
Айдау жол айдын мұздай. Жол тайғақ. Шұбар шабан. Жүріс мандымайды.
Құбаш күңк етті.
— Дұрыс істедім. Десәтнек ашулана берсін, Қалампыр шешей қуанды.
Ширыққан көңіл демде жадырады. Ыңылдап "Ақ тілекті" ернімен тартты. Жүрегімен тартты.
Делбені сарт еткізді. Шұбар оқыс қимылдады. Мұз қатқан түйетайлы жар қабаққа таянып қалған екен, төрт тұяқ тиянақ таппай сырғанап барады... Шана ауытқып, үстіндегі қорап сырғыды. Жан дәрмен жармасқан Құбаш шана мен қораптың астында қалды.
* * *
Төрде шапан астында Құбаш бүк түсіп жатыр. Эльза мен Рабиға пеш түбінде алдарына шүберек төсеп алып, қобыратып жүн түтіп отыр.
— Апа, Куваш жазылады, Иа, апа?
— Жазылады, күнім! Жазылады! Ештеңе етпес. Жаны аман қалды ғой. Әлі-ақ тұрып кетеді.
— Апа, мен шай қайнатады.
— Бар ғой, қайнап тұр ғой.
— Апа, Куваш оянады. Их... их.., мен...
— Жылама, Ылиза. Жаман ырым жасама, қызым. Бейнетсіз зейнет болмайды.
— Найн! Найн! Жыламайды.
Құбаш қозғалды. Әлдене деп ыңыранды. Эльза орнынан ұшып тұрды.
— Апа! Куваш зих бевегт8... Қалай айтады? Куваш қозғады. Жазылады! деп Эльза қуанып айқайлап жіберді. Ұмтылып кеп шапанды қымтады. Зих рюрт!9
Кемпір бәйек боп жатыр:
— Айтпадым ба? Мертік-шортықтан аман болса, құлан-таза жүгіріп кетеді ғой құлыным.
* * *
Ертеңгілік мезгілдің қызыл сәулесі қабырғада дірілдейді. Үй-іші толы кемпір-шал. Рабиға әжей дастарқанға барын салған.
Шыны-аяқты өзі ұмсына әперіп, шыны-аяқты өзі ұмтыла алып қонақтарына құрмет жасап отыр.
Шай таусылып, сары самауырын соңғы тамшысын ақтара сарқып, дастарқан жиналды.
Ақсақалдар аяқ астынан қуыстана қипақтасты. Айнала қарасып, шақшаларын суырып насыбай атысты. Құбаштың денсаулығын сұрады.
Рабиға сөйледі.
— Көңіл білдіргендеріңе рақмет. Ел іші-алтын бесік. Қайғырсаң тербетеді де жұбатады. "Жігіттің ататегін сұрама" деген нақыл бар. Балаларымның орнына балам ғып бағып, байғұстың қас-қабағына қарап уаныш тауып отыр ем. Тәңір хақ соны да көпсініп, мына кездейсоқ кеселге душар етті. Ел ағасы, жөн білетін кешегі ерімнің тұстастары деп өздеріңді әдейі шақырып отырмын. Бір ғана қолқам бар. Қайтармайды, қайтады деп айтам. Ертең өлсем, жаназама байлар бір тоқтыларыңды аямайсыңдар. Сол тоқтыны бүгін беріңдер. Құбашты ыстық теріге ораймын. Қолқам осы.
Қабақтар ілгері итініп, кірпіктер айқыш-ұйқыш жабылды. Қимыл тоқтап, иіндер сұлқ түсті. Тыныштық орнады. Ешкім ыңғай білдірмеді.
Рабиға жез қаңылтырмен төрт жерден шандыған қара әбдіресін ақтарды. Ұзақ ақтарды. Қаржы жоқ, бұйым жоқ. Іші толған ұсақ-түйек.
Әбдіре аузы-мұрнынан шығып ұзақ ақтарылды. Тарамыс қол бір затқа кібіртіктеп тіреледі де кідіреді. Кідіреді де қалтылдап шегінеді.
Ұйқылы-ояу Құбаш ауырсына ыңыранды. Көздер ұясынан жалт етті де, заматта қайта жасырынды. Тарамыс қол әлгі затты суырып алып шықты. Қымбат былғары кісе екен.
— Барым да, байлығым да осы еді. Отағасымның көзі еді. Сақтаудай-ақ сақтап ем. Қайтейін, өлі аруағы риза шығар, тірінің тірлігіне арашашы болғым келеді. Осыны алыңыздар, — деп дірілдеген қолмен кісені ортаға тастады да, дәті шыдамай сырт айналды.
Дүние шіркін көз құрты. Жасырулы жанарлар жылт-жылт жүгіріп, түнерген қабақтар тез-тез ашылды. Кісеге байланып қалыпты.
Қақырынып тастап, бөркін бір шекесіне едірейте қондырған Әбілда ақсақал сөйледі.
— Таусылып айттың. Тарыққаныңнан болар. Аналық тілек осындай-ақ айтылар. Басымызды қосып, қолқа салыпсың. Уақыттың тарлығы ғой. Әйтпесе бір қойға тұрар қолқа бар ма, тәйірі. Көп болып көтерерміз. Тоқтыңды қазір ал. Кісені орнына салып қой. Аманатты саудалауға болмайды. Бір тірегіңді бекітем деп, екіншісін сындырма. Құбашың жазылар. Ақ тілегің ішіндемін, Рабиға. Мұңсыз бол.
Бірі дуылдай қостап, екіншісі риза көңілмен шұлғи бас изеп, шалдар түгел мақұлдау білдірді. Кемпірлер жағы еріндерін шылп-шылп еткізді.
* * *
Үй іші ала көлеңке. Құбаш төбеге қарап ояу жатыр. Диірмен тартып отырып Эльза кенет ән шырқады. Мөлдір жіңішке дауыс сыңғырлай жөнелді.
Ақ бұлтқа жоғарыдан қарқарадай құйылып ақ сәуле орнап, төменге мап-майда нұр себелейтін. Биікте, заңғарда басталатын сол мөлдіреген ақ шуақ бойға жеңілдік беріп, қалғыған ойды түртіп қозғайтын. Мынау ән ұланға дәл солай әсер етті.
Құбаш кеудесін көтеріп шынтақтап тыңдап қапты. Бір кез үстінен сырғып кеткен шапанды қайта жамылам дегенде, қолы байқаусыз тиіп, іргедегі домбыра даңғырап құлап түсті. Эльза әнін кілт тоқтатты.
— Сен неге жамылмайды чапан? Тоңасың. Жүзінде қамқор пейіл бар.
— Эльза, жазылдым ғой мен. Әнің неткен жақсы еді! Тағы айтшы, үзбеші!
Қыз дереу күреңітті. Майда шашын толқындата дірілдетіп басын шайқады.
— Найн! Сен ұйқта керек, Куваш.
— Жарайды. Ұйқтасам ұйқтайын. Тек, сен Эльза ән сал. Әлгі әнді сал.
Ақ шуақ нұр себелеп, әдемі ән әуелей өрледі. Қой көз кірпік тасасынан Эльзаны бағып қалыпты. Көкшіл көз ағыл-тегіл мейірім төгіп Құбашты аймалады.
"Эльза болмаса жазылмас едім", деді қой көз.
"Куваш болмаса қайтер едім?" деді көкшіл көз.
* * *
Сәрсен аулада жалғыз өзі мал жайғап жүр. Екі қой, қызыл сиырын қораға байлады. Ақырды тазалап, бір талын қалдырмай сабанды жинап алды. Содан кейін белін қиқаңдата қозғап, айырына сүйенді.
Күнбатыс көкжиек қып-қызыл. Аспандағы қара бұлт тарам-тарам. Етек жағы жосаға тығып алғандай қан күрең. Жапыр-жұпыр орналасқан аласа үйлерді көлеңке басқан. Будақ-будақ түтіндер есіліп тарайды. Оң қапталда жалғыз төбе бар. Көлеңкесі аяқ астына жақындап қапты.
Сәрсен әлгі сүйрелеңдеп жылжыған қап-қара көлеңкеге сүйсіне қарап тұр. Күн батты. Сәрсен қақырынып түкіріп тастады да, айырын шөпке сүйеп, шарбақтың есігін қиюластырып жапты. Сықыр-сықыр басып үйге кірді.
* * *
Табалдырықтан аттай беріп, есікті де жаппастан Сәрсен айқай салды.
— Қаты-ы-ен! Шам жақ!
— Жер майың толып тұр ма еді? Еркек боп тауып әкелсең мен аяй ма екем? Он жерден шырақ жаққандай жарқыратып қояйын. О несі, есіктен кірмей айқайлап, деп әйелі дүрсе қоя берді.
— Апыр-ай, қатын-ай! Ауыз ашсаң аттандап кететін әдетің-ау! Әкелмейін деп жүрмін бе? Жоқ қой сол жер майы құрғырың. Кәресіні құрғырың қасқалдақтың құны боп тұр-ау қазір. Енді пілте жасасаң да, бірдемені ілделдалай қойсаңшы, деп пеш түбіне жантая кетті.
— Жат. Жатқанға берсе, саған берер.
— Тіліңді, тіліңді ғана кесер ме еді!..
— Жетісерсің жаман қатты. Сен шірікті адам ғып жүрген мен шығармын.
Сәрсен шынтағын қос қолдай тіреп, жауырынын бүлкілдетіп басын көтерді. Төрде ілулі тұрған тобылғы сапты қамшысына қадалды.
— Өрім-өріміңді шығарайын ба осы! Көптен көзіңе көк шыбын үйелемегенге әбден құтырып барасың.
— Адырам қал! Сен еркек болсаң Рабиғаның үйіндегі күміс кісеге ие болар едің-ау. Арал атаң ұрпағы екенің рас болса, қарашаңырақтың белгісі шүйкедей кемпірде қала берер ме. Ертең анау қақпас "жаман айтпай, жақсы жоқ" олай-бұлай боп кетсе кісе Аймаңдайға қалады. Басқаға кетеді. Аруақ арты жын болды деген сол.
Сәрсен кілт өзгерді. Құйрығымен жылжып барып кереует астындағы қағаз-қапшық салатын көнетоз қол сандықты суырып алып ақтара бастады.
— Сия қайда еді? Жоқ па? Бидай қуыр! Азырақ күйдіре қуыр. Сия жасаймын.
Сәрсен түннің бірталай уағына дейін тапжылмай шоқиып отырды. Көп жазды. Көп сызды. Қайта толтырып, қағазды қайта жыртты. Ақыры бір парақ қағазды көшіріп, уһ деп демін алды. Үш бұрыштап бүктеп, адресін жазды. Әлдекімге қыжырланып жұдырығын түйді.
Енді көрсін, білсін Сәрсеннің қалай кек қайтарғанын. Тұмсық бұзғыш неме ғой!
* * *
Рабиға кимешегінің сыртынан аппақ күндігін қоқырайтып күбірлеп отыр.
— Немере сүйем. Шілдехана, бесікке салар жасаймын!.. Уай, той көп-ау! Тұсау кесер, тоқым қағар, сүндетке отырғызу, дегенде тарамыс саусақтар жыбыр-жыбыр санайды. Түгел бүгіліп, қайта ашылады.
Санаған сайын әжімі азайып, мерейлі жүзге қуаныш қуаныш үйіріледі.
— Ылиза, сендерде той көп бола ма?
— Той? А-а, Файнер, Фест! Иа, той көп.
— Шілдехананы білемісің? Ойбай-ау, ол дегенің тойдың нағыз көкесі ғой.
— Найн! Жоқ!
— Сүндетке отырғызу тойын ше?
— Жоқ!
— Саспа, Ылиза, асықпасаң, құдай қаласа, өзіңе әлі бәрін көрсетем.
Рабиға әжей әлден-ақ сол ынтық күндерді кеше бастағандай сылқ-сылқ күледі.
Есік шалқасынан ашылды. Қолтығында сары қағазға ораулы қомақты заты бар, аяғына үлкен пима сұққан Қиясбек тарп-тарп басып кірді.
— Әже! Әже-ау, үйдемісің? Міне, мен сендерге бар ғой, ет әкелдім, ет...
— Қиясбекпісің! Ойбүй, жарығым, даусыңның зекеті болайын. Келе ғой, күнім! Етің не айтып тұрған? Тышқақ лағының әлдеқалай аяғы сынса, әкесі өлгендей қарау қабақтанып көкең бала-шағаға күн көрсетпей-ақ қоюшы еді. Ол шіркін әдетінен қалай жаңылып қалды екен, ә?
Орнынан бір тізесін қос қолмен басып түрегелген Рабиға еркелеп келіп қаспақ танауды бір тартып, алдына тұра қалған баланы құшақтап маңдайынан сүйді.
— Өстіп анда-санда келіп тұрсайшы, Қиясбек. Әжең байғұс сені сағынбайды деймісің. Күніне он барып, он иіскеп кеткім келеді. Біздей кәрілерді жақтыра ма осы күнгінің кербайтал қатындары. Жарайды. Жарайды, бұртима. Саған шеше болғанмен маған келін ол.
— Әже, мен биыл оқуды қойдым ғой. Барғам жоқ. Былтырғы етігім жыртылып қалған. Көкем пимасын кигізбейді. Су қыласың дейді. Жалаңаяқ далаға қалай шығарсың. Анада, апам үйде жоқта ойнағым кеп есіктің алдына шығып ем... ой! Табаным тызылдады-ай кеп, тызылдады-ай кеп!
— Етті кім берді? Көкең беріп жіберді ме? Біреу қасап қылып па екен?
— Ойбай, әже! Білмейді екенсіз ғой. Шұбар ат мертігіпті. Мал болмайды деп үреднік нәшандігі өзі сойғызыпты. Етін жұмыскерлерге бөліп беріпті. Сізге деп көкем әкеліпті. Мынаны қайда қояйын?
— Қоя сал анау әбдіренің үстіне! Құбаш қарағым шұбарынан айрылған екен. Жануар да мертігіпті-ау. Қайтейін, обалы сұм соғысқа болсын.
Рабиға сылқ отыра кетті. Біраздан соң еңсесін тіктеп бәсең тіл қатты.
— Ылиза, қазанды отқа қой. Тамақ істейік. Көмірің аз емес пе екен, күнім?
Қиясбек орнынан тұрып бара жатқан Эльзаға қарады. Қалтасынан екі бояу қарындашын алды да, әлдене ойына түскендей қайтадан жасырды.
— Апа, ет пісіреді сен, иа?..
— Пісіреміз, Ылиза. Көмір әкеп салшы. Эльза шапанды иығына жаба сап шелекті ала сала сыртқа беттеді.
— Апа, сен неге неміс қызын асырайсың?
— Ылиза менің қызым.
— Неміс қой, шашы аппақ.
— Менікі де аппақ. Міне, көрші өзің.
— Иә деген. Нанбаймын. Ол неміс.
— Бұрын неміс болса, енді қазақ болды. Қазақша сөйлейді. Сенің әпкең.
— Менімен ойнай ма?
— Ойнайды, Қиясбек. Ойнайды.
Эльза ентігіп кірді. Шымшуырмен плитаның қаңылтырын ашып, көмір салды. Су құйып темір шөгенді тесікке қойды. Пеш аузындағы құмғанмен күйе жұққан қолын асықпай жуды. Содан соң ұйқтап жатқан Құбаштың үстіндегі ескі көрпені қымтап өтіп, Рабиғаның қасына тізерлеп отырды. Еркелеп кемпірдің маңдайына маңдайын тигізді.
— Ой, қыз болмай кет, қыз болмай кеткір. Аймаламасаң отыра алмаймысың. Ішің пысып бара жатса әне, анау Қиясбекпен ойна. "Хан талапай" ойнаңдар. Мен ет салайын, деп ұршығына сүйеніп орнынан тұрды.
Эльза енді екі ұртын томпайтып бағжиған Қиясбекке күлімдеп қарады.
— Сен маған айтады ертек. Иа?
— Қазақшаны қайдан білесің?
— Aпа үйретти. Куваш үйретти.
— Аймаңдай ма?
— Найн! Найн! Нихт Аймаңдай10. Аймаңдай жоқ, Куваш айт. Ол Куваш.
— Жарайды, Құбаш дейін. Ендеше неге былдырлайсың. Үйретти-сүйретти емес.
Эльза сәтте бұртиды. Көзіне буалдырланып кейісті көлеңке жүгірді.
Қиясбек аяп кетті.
— Мен де үйретем. Жарай ма?
— Иа-а! Иа! Мен үйренеди. Жақсы сөйлейди. Қиясбек оң аяғын созып жіберіп қалтасынан қарындаштарын шығарды.
— Көрдің бе, Ылиза!
— О-о, жақсы. Сен маған береди?
— Көкем ұрсады ғой. Әйтпесе берер едім. Ылиза, сен өкпелеме. Рұқсат ет деп көкеме айтайын. Ешкімге ұстатпа деген. Мен күзде тағы да мектепке барам ғой. Аймаңдай... Құбаш ағатайым әнеукүні ескі пиманы табандап берем деген. Мен екінші класқа көштім ғой.
— Сен оқы. Жақсы оқы.
Қиясбек бұрыштағы домбыраны көрді. Екі көзімен тесіп, қызығып қарап қалыпты. Жалбыраған кекілін бір сипап қалып, ернін күбір еткізді.
— Домбыра ма?
— Иә. Домбура. Куваштикі домбура.
Құбаш қыбырлап оянды. Эльза тез тұрып барып көрпемен аурудың кеудесін қымтады. Саусағын безеді.
— Нихт бевегт. Қозғалма, Куваш.
Құбаш өзіне қадалып отырған баланы көрді. Күлімсіреп езу тартты.
— Қиясбек?! Сен қашан келдің?
— Ағатай! Міне, бояу қарындашымды көрші. Мен енді оқимын. Сурет саламын, деп Қиясбек еңбектеп Құбаштың қасына барды. Домбыра сенікі ме?
— Иә, өзім жасадым.
— Құбаш, ынтықтырмай ойнап берші ініңе, деді Рабиға мына жақтан.
Сол-ақ екен Қиясбек ытқып барып домбыраны әкеліп берді.
Құбаш "Ақтілеуді" ойнады. "Кеңес" күйін тартты.
— Мә, енді сен тарт, Қиясбек.
Қиясбек икемсіз саусақтарын әрең бүгіп, домбыраны тынқ-тынқ шертіп көрді. Божыраған үннен ұялып Эльзаға қабақ астынан көз тастады.
— Ағатай, үйретесің бе?
— Үйретем. Сен білесің бе, Қиясбек, Эльза керемет әнші! Эльза, сен ән салшы...
— Айта ғой, күнім!
Эльза сәл жымиды. Кейін шегініп жүрелеп, мойнын соза отырды. Маңдайына түскен кекілін сілкіп қап, шырқап жіберді. Мұңлы ән діріл көбейтіп, кішкене бөлмені өзгеше ырғақпен толтырып барады.
Қиясбек қыбыр етпей мүлгіп қапты. Әлдекімді қатты сағынатындай, әлдекімді аңсап іздейтіндей. Ән біткенде көпке дейін үнсіз отырды.
— Әже, мен қайтайын. Тағы келем ғой. Көкем пимасын іздеп жатқан шығар.
— Тамақ ішіп кет. Ет пісіп қалды.
— Ет?! Апа, етті қайдан алдыңыз? деп Құбаш көтеріліп, жауырынын қабырғаға сүйеді.
— Оу, ағатай-ау, білмеймісің. Шұбар атты сойып.. жұмыскерлерге бөліп беріп, етті мен әкелдім, деп Қиясбек мақтана сөйледі.
— Шұбар ат па?
Рабиға күрсінді. Төмен еңкейді. Етегін уыстай бүріп сипақтап отыр.
— Мертігіп қалған соң жануарды босқа арықтатпайын деп нәшандік сойғызыпты.
Құбаш бүк түсіп жата кетті. Көрпені басына тас қып бүркеніп алды.
* * *
— Құбаш, тұр! Басыңды көтер. Қолыңды шай, қарағым. Тамақ суып барады.
Эльза мен Рабиға буы бұрқыраған бір табақ етті алдына қойып, қыбырсыз жатқан ұланды тосып көп отырды. Құбаш қозғалмады.
* * *
Шуылдасқан бір топ бала, орталарында шөлмек көз неміс баласы Ганс бар, ауыл сыртындағы кішкене төбеде сырғанақ теуіп жүр.
Қордабай қолдан жасаған шанасына енді отыра берген еді. Бір бала жоғарыдан Гансты ту сыртынан итеріп жібергенін шалып қалды. Қордабай айқай салды.
— Тиме! Неге итересің?
— Мәссаған, мынау да неміске болысады.
Қордабай жығылып қалған Гансты қолтығынан көтеріп тұрғызды.
— Сендер бұған тиіспеңдер, Ганстың әкесі герой. Орден алыпты, отыз пәшесті өлтірген.
— Әй, рас па?
— Нағыз батыр екен!
— Немісті неміс өлтірген бе?
— Жоқ! Оның әкесі біздің неміс. Мүйізі жоқ. Анау Ылиза сияқты, мынау Ганс сияқты жақсы неміс.
Балалар Гансты қоршап алды.
— Ганс, мә менің шанаммен сырғана.
— Сенікі жаман!
— Қайта айтшы!
— Жаман! Жаман!
Дауласқан екеуі аяқ астынан шартта-шұрт төбелесіп қалды.
Қордабай ешкімге билетпей жалғыз иемденіп Ганске өз шанасын берді.
Балалар қайта тыныштанды.
— Осы Қиясбек қайда? Неге келмейді? деді бір кезде Қордабай.
— Қиясбек ауырып қалған. Тұра алмайды. Аяғынан суық өтіпті.
— Жүр, Қиясбектікіне барайық.
— Давай! Кеттік.
Балалардың біреуі кілт тоқтап, төменге қолын нұсқап айқай салды.
— Әй, анау екеуі кім?
— Пәлі, солдаттар!
— Солдат емес, кәмәндір.
Рудниктің кеңсесіне қарай екі әскери киімді адам кетіп барады екен.
Балалар тұра жүгіргенде, Ганс орнында тұрып қалды. Қордабай қайтып келді.
— Сен неге бармайсың, Ганс?
Ганс басын шайқады.
— Анау, анау, алдындағысы нашар адам. Бізді әкеле жатқанда мамама ұрысқан.
— Жүр, Ганс, енді саған ешкім ұрыспайды. Сенін әкең герой. Ұрсып көрсін!
— Жоқ! Ол бәрібір жаман адам!
* * *
— Куваш, сен оянады?
Эльза аяғының ұшымен тықырсыз басып келіп ұйқтап жатқан Құбаштың иығынан жайлап тартты. Алақанын маңдайына төседі. Ыстығы қайтқанына қуанып өзінше мәз-мейрам.
Құбаш кірпігін жыбырлатып көзін ашты. Күн нұры төгілген жалғыз терезеге қарсы тұрған қыздың шашы алтынға малып алғандай сап-сары.
— Сенбісің, Эльза? Құбаш дауыстап қалды.
— Иә! Мен!
Құбаш шап беріп аялай ұстап қыздың жұмсақ алақанын бетіне басты.
* * *
— Сен, Куваш, глюхенд... ыстық чай іш.
— Рақмет, Эльза!
— Апа, мен қант тістемейді. Куваш бер.
— Оу, кішкентай қамқорым! Айналдым ниетіңнен сол, ниетіңнен. Ұзағынан сүйіндірсін.
Рабиға бір түйір шақпақ қантты лөкет пышақтың қырымен ұрып екі бөліп, екеуінің алдына қойды. Эльза өз еншісін кейін сырғытты.
— Куваш, мен сені көрді. Траум... түсімде. Сен гроз батыр болған.
— Эльза, сен қандай әдемісің!
— Найн... найн! Жоқ. Мен... их бин глюклих... Мен бақытты болады.
— Боласың, қызым. Бақыттысың. Айтпадым ба, екеуіңнің қызығыңды көрем деп. Құдай берді ғой бір тілеуімді. Соғыс та бітер. "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заман" да келер. Ой, сол кезде айдай әлемге дүрілдетіп той жасап жіберем. Әй, өй Құбаш, сен өйтіп сырт айналма. Айналма деймін саған. О несі! Ұялғышын бұл шіркіннің. Ал, қатынсыз өт онда. Менің нем кетер екен. Рабиға өкпелеймін деп отырып ыстық шайды асығыс ұрттап қалды. Дереу от басына түгел денесімен аударыла бұрылып аузындағыны бүркіп жіберді. Эльза сықылықтап күлгенде, Құбаш үнсіз селк-селк етті. — Күл, күліңдер! Екеуің жабылып мені мазақтаңдар. Тілім жидіп қалды. Сендер күліңдер...
Эльза кемпірдің мойнынан құшақтады. Кеседегі ыстық шайға кіжініп кішкене жұдырығын түйді.
Рабиға сабасына түсті.
— Түу-түу, саппас! Әй ақылдым, алданышым! Кішкентай ғана жан саям! Саған кісі өкпелер ме. Не деп кінәлармын. Қызығым, қуанышым! Құбаш, Құбаш-ау, сырт айналмақ түгіл тескен тау өтіп кетсең де, күні ертең тойларыңды жасаймын. Ерегіскенде сөйтемін...
Албардағы ыдыс біткенді тегіс салдырлатып, қарбалас үйге біреу кірді.
— Ассалаумағалайко-о-ум!
— Әлік болсын. Кім де болсаң, жоғары шық. Ой, десәтнік қайным екенсің ғой. Тарсылдатып жүрген кім десем. Келе бермеуші едің. Жай жүрмісің?
— Осы күні жай жүріске қол тие ме, шешей. Тығыз жұмыспен келдім.
— Отырсаңшы, ең болмаса, тізеңді бүк, Дастарқанға жақында, шай ауыз ти.
— Рақмет! Аймаңдай, киін. Болсаңшы бажыраймай. Конторға шақырып жатыр.
— Қарағым-ау, не боп қалды? Жайшылық па өзі? Құбашжан әлі сауыға қойған жоқ. Нәшәндік балам түсінуші еді ғой. Асықтырмасын де.
— Болмайды. Тығыз шақыртып жатыр. Қаладан кісілер келіпті. Эй, Аймаңдай, бол тез!
* * *
Дастарқан жиюсыз қалды. Рабиға есікке қадалып мелшиіп отыр. Эльзада да үн жоқ. Мөлт-мөлт көз жасы дастарқанға тырс-тырс тамады..
* * *
Аспанда ақ түбіттей қалықтаған жұп-жұмсақ ала бауыр бұлт теріскейге маңып барады.
Шағын станция үйінің алдындағы перронда үшеу түр. Ортадағы Құбаштың екі жағында қыбырсыз сірескен әскери киімді адамдар кірпік қақпайды, Станция үйінің маңдайшасындағы қос құлаш қызыл шүберектің түсі оңған. Жазуы көрінбей шайылып кеткен.
Шатыр кенересіндегі сүймендей сүңгі мұздың дәл ұшынан анда-санда бір тамшы үзіліп түсіп темір қоңырауды әлсіз ғана зың еткізеді.
Алыстан қоп-қою қара түтіні будақтаған паровоздың арқыраған гудогі естілді.
Рабиға бір кез шапанды үстінен жайқай серпіп тастап, басын көтерді. Ұйпаланып, кимешегінен шығып тұрған ақ шашын сұқ саусағымен шажамайына тыққыштады. Есік пен терезеге сүзіліп өтіп бір сәт айналасына алара қарады. Күңгірт жанардың кішкене қарашығы төңкеріліп кетіп еді, көз орнындағы сарғыш тартқан ала айран қос нүкте ешнәрсеге тұрақтамады. Сызық-сызаты көп әжімді жүз төменнен жоғары қарай дір етті. Әлдебір сиқыр қол жүгіріп өтіп, кәрі беттің бар бояуын сыпырып әкеткендей болды да, құп-қу өңді адам танымастай өзгертіп жіберді.
Әйелдер күбірлесті.
— Түсі бұзылып кетті!
— Жатқызайық, тынышталсын.
— Тастаған сойыл сорлыға тиер деген рас екен. Баласындай бауыр басып қап еді. Қаусаған көңілдің тірегі сынды-ау. Қиын ғой.
— Әй, сол Аймаңдайды не үшін ұстап әкетіпті?
— Дабырламашы сен. Мазасын алмайық. Мына бишара көзін іліндірсін.
— Ал, иә, білесіңдер ме? Не үшін әлгі Аймаңдай байғұсты алып кетіпті?
— Әркім әр түрлі қауесет таратып жүр ғой. Үшбион дей ме, жау дей ме, айтпаңыз, беті жаман! деп таңдайы тақылдаған Сәрсеннің әйелі сүйреңдеген ернін сылп еткізіп, жағалай көз жүгіртіп өтті.
— Қой әрі! Жаманатқа аузың қалай барады? Не деп қараламақсың? Үшбионы несі? Сонда біздің Құбашжан үшбион бе екен. Құбаш үшбион болса, онда сенің байың, анау Сәрсен алаяқ бесбион ал, деп жаны тызылдаған Қалампыр әжей әйелге шап ете қалды.
— Адамға қарап отырып сіз де күйе жақпаңыз. Ол Аймаңдай неме үшбион болмаса, теміржолды неге бұзбақшы болған, ә? Тексергенде кісілер көріпті. Әлгі рельстің бенттерінің бұрауы босап қалыпты дейді. Біреу үстінен кеп қалып, толық бүлдіре алмапты. Әйтпесе пойыз құлап, сұмдық апат болады екен. Оны аз десең, ореднектің шұбар атын әдейі мертіктіріп зиянкестік жасағанын ұмытпаңыз, — деп әйел аузынан түкірігі шашырап тізерлеп төніп барады.
— Тұтақ! Жаман қатты иландым. Құбашжан теміржол бұзады дейді. Зиянкестік жасады дейді. Өтірігіңе болайын. Соқ, соқ! Шұбар атты мертіктірді дейді. Оу, аттан да бұрын өзі өліп қала жаздамады ма? Тіпті әлі сауыға да қойған жоқ еді байғұс. Қайда әкетіпті? Білдіңдер ме? Жай шақыртқан шығар. Қайтып келер.
— Үйбай-ау, нашандік қайнымнан естігем. Ешқандай да үшбион дейтін сөз жоқ, жақында ғана жасы толып, солдатқа алыпты ғой ол Аймаңдайды. Келсе, кейін жеңіспен келер. Келмесе, еліне барар. Оған ештеңе бола қоймас. Қиналғанда мына байғұс кемпірге қиын ғой.
— Иә, иә! Баяғы отағасы тірі, балалары көз алдындағы кездей адам болып қутыңдап қалып еді, дәл осы соққы ауыр тиді. Үміті үзілгендей болды ғой. Қайтеміз, бір құдай өзі жар болсын!
— Әй, Аймаңдайы кетсе, мына шүлдірлек қызы бар емес пе? Ылиза ма еді аты?
— Ылиза ғой. Көп-көрім қыз өзі. Инабаты жақсы. Апалап Рабиғаның қасынан шықпайды. Неміс те болса көргенді, ақылды бала.
Рабиға тағы оянды. Көзін бадырайтып отырғандарды тегіс бір-бірлеп шолып өтті. Ыстықтағандай шапанды ысырып тастады. Бүрісіп бүкіл денесімен селк-селк етті. Ымдап Эльзаны шақырды.
— Ылизажан, Құбаш келді ғой. Үйге кірсін деші. Тоңып қалып жүрер.
Эльза үндемей келіп, жалынышты көздерге қарауға шыдамай қан-сөлсіз жүзін сыртқа беріп, шапанды қымтай жапты. Рабиға қыздың алақанын сипалады.
— Алақан...
Көз алдына екі алақан қатар елестеді. Екеуі де суық болатын. Бірақ екеуі де жылытатын. Екеуі де жоқ. Екеуі де егілте сағынтады.
— Домбыра... Әперші.
Эльза кішкене домбыраны ұстатты. Рабиға сәбиді емірене құшақтағандай аспапты бауырына қысты. Тарамыс саусақ жіңішке шекке тиді. Домбыра зың етті. Зың етті, булығып барып үнсіз қалды. Әжімді бет толқып кетті. Иектен жоғары өрмелеп маңдайға қарай толқынды көлеңке жүгірді. Күңгірт жанардан жап-жасыл запырандай боп қос моншақ үзіліп түсті. Рабиға талып қалды.
* * *
Сәрсеннің ауыз үйі. Сықырлауық кереуеттің үстінде дөңбекшіп Қиясбек жатыр. Назары терезеде. Әйнек шынысы көкшіл көздің жас тұнған шарасындай дымқыл тартқан. Арғы жағынан Эльза сығалап тұрғандай.
Кенет... Әлдеқайдан шырылдай көтеріліп тұп-тұнық мұңлы ән жетті.
— Апа-а-а! Дегбірі қашқан Қиясбектің ышқынған жан даусы шықты.
Кереуеттің басынан ап-арық қолдарымен жармаса ұстап орнынан көтерілді. Тәлтіректеп жүріп киінген болды. Әкесінің ауыр пимасын аяғына сұға салып есікті шалқасынан түсіріп тысқа беттеді.
Дала жап-жарық. Күн сәулесі қыстай көлеңке сорған баланың кірпіктерін аштырмайды. Көзін жұмып аз-кем тұрып қалды да, қайта қозғалды.
Бұрыштан қыбырлап айналғанда, Әлиман кассирдің үйінің сыртқы қабырғасын лай балшықпен сылап жатқан Эльзаны көрді. Эльза жалаңаш қолмен суық лайды от қарығандай іліп алады да, ырсиып айғыздалған қабырғаны қайта-қайта үйкелейді. Бес-алты бала қасында тұр. Сүйретіліп Қиясбек жақындағанда, Эльза әнін тоқтатты.
— Қиясбек?! Сен нихт кранк? Сен ауырмайды? деп Эльза қарсы жүріп келіп балшық жұққан екі қолын тигізбей, қарымен баланы құшақтады.
Қиясбек жылы құшақта тұрып әлденеге мәз болып, әлденеге мерейлене көңілденді. Жарығы көп жайраң көктемге жаңа туған жас төлдей аман-есен жеткеніне қуана ма, ойын, күлкісі таусылмайтын достарымен қайта қауышқанына іштей марқая ма, әлде жүректе жатқан ынтызар әннің ырғағын шала естіп масайрады ма, өзінше күлген болады.
— Ылиза, сен неге біреудің үйін сылайсың? Керек болса Әлиманның өзі сыласын. Сен оның малайы емессің. Суық тиіп ауырасың ғой.
— Найн, жоқ. Ауырмайды. Апа тамақ керек. Мен сут алады. Апа сут ішеди.
Қиясбек тыңдаған жоқ. Лай жұққан нәзік саусақтарды екі қолдап ұстай алды. Мұп-мұздай екен. Демімен үрлеп жылытпақ болды.
— Бәрібір суық. Әлиманның сүті керек жоқ... Ылиза, мен саған бояу қарындашымның біреуін берем. Өзім әкеліп берем. Иә ма?
— Гут, Қиясбек! Данке... Рақмет...
— Ән. Ән салшы-ы-ы...
Эльза үнсіз келісті, шашын сілкіп қап, маңдайын жарқыратты.
Ән баяу көтеріліп шарықтап барады.
Қиясбек көкшіл көздерге құмарта қадалды. Бір кез... Әлгі көздердің кірпіктеріне лып етіп қос маржан жылтырап қонақтай қалды.
Қиясбек теріс бұрылып мойны салбырап кібіртіктей басып ұзап барады.
* * *
— Құбашжан-ау, құлыным-ау, ойпыр-ай, соншама неге жүдеп кеткенсің! Құр сүйегің қалыпты ғой, балам-ау. Баяғыдан бері бір келмей осынша неге кешіктің? Ылизажан екеуміз өзіңді күте-күте жалығып едік. Сен бар ғой, сен тасбауырсың, Құбаш. Әлдеқашан келер едің ғой әйтпесе. Ылиза, самауырға от салып тез шай қой. Қазан көтер.
Рабиға самбырлай сөйлеп оянды. Қамзолының қалтасын сипалап ораулы түйіншекті қасына қойды. Есікке қарап тың тыңдады. Түс көрді ме, қуанып отыр.
— Әй, әлгі Құбаш қалқам тағы шығып кеткен бе? Отырмайды-ау, ол, отырмайды. Шұбар атқа шөп салып жүр дейсің бе? Ойбай-ау, күпәйкесі көрінбейді ғой. Мына боранда қайда барады, ей. Тағы да шөп тасымақ па? Үсіп өлетін болды-ау байғұс бала. Елгезек болған соң жұмсай береді де. Жылы киінсінші. Мойнына бөкебайын салсын. Ұмыттырмашы, Ылиза...
Рабиға бір кезде орнынан көтеріліп тысқа тұра ұмтылды. Эльза ұстай алды.
— Апа, сен жат. Дем ал.
— Жібер, Ылиза. Үсіп өледі әлгі Құбаш. Үйге шақырайын, өзім шақырам...
— Апа, Куваш жоқ. Ол келеді. Ертең.
— Келген құлыным. Келген. Осында. Әлгінде ғана далаға шығып кеткен.
Эльза сүріне-жығыла жүріп арпалысқан Рабиғаны пеш түбіндегі орнына сүйеп әкеп отырғызды. Әжей тынышталған соң дөңгелек үстелге дастарқан жайды. Алдына тамақ қойды.
— Апа, сен шай іш. Ыстық. Сонсоң сен басыңды жуады мен. Тарайды. Камм... Тарах бар.
Рабиға қайтадан жүдеу тартты. Бірер кесе ыстық шай ішті де, кейін сырғыды. Сүзіліп қызға қарады: Әй, Ылиза, соғыс бітер. Құбашым да келер. Келеді кұлыным. Екеуміз той жасаймыз. Жасаймыз тойды. Күнім, алақаныңды берші. Түу, жарылып-тілініп кетіпті ғой. Аллай, су тисе ашытады ғой мынау. Кілегей жағар ма еді.
— Найн. Ауырмайды. Апа, Куваш келеді. Сен айтты. Біз той жасайды.
Эльзаның жүзіне нұр жүгірді.
— Ылизажан-ау, көктем шықты ғой. Мені күншуаққа апаршы. Келші, иығыңа сүйенейін.
Эльза кемпірді әрең деп көтеріп орнынан тұрғызды. Рабиға қыздың жүдеу түріне қарап басын шайқады. Қолын босаға жаққа созды.
— Жо-жоқ! Таяғымды әпер. Соған таянайын. Сен қолымнан ұста, қолымнан. Суық қой буын-буынымды жібермей ұстап тұрған. Күн ысысымен құлантаза жазылам. Екеуміз Құбашжанды әлі-ақ қарсы аламыз.
Шуақтап есік алдында көп отырды. Төңірекке сығалап көз тастайды. Сабауымен топырақты түртпектеп шимай-шимай сызық түсіреді.
Эльза келді.
— Апа, жүр. Су ысыды. Саған бас жуады.
— Кейін, Ылиза. Кейін.
Эльза тұрып-тұрып әжесінің шапанының етегін қымтап үйге кіріп кетті.
Тұла бойына қызу жүгіріп шуақта маужырап отыр. Кеткісі, тұрғысы жоқ. Бір кез айқай салды:
— Ылиза! Уау, Ылиза, аналар неге жүгірісіп кетті? Неге айқайласып кетті?
Жарысып балалар келеді. Ең алдында Қордабай. Қиясбекті жетектеп алыпты.
— Әже! Сүйінші! Жеңіс! Біз жеңдік!
— Ура-а-а! Жеңіс!
— Көп жаса, Қиясбек! Сүйіншіңді аласың. Бар, басқаларды да қуантыңдар!
Екі бетіне қан жүгіріп есі шыға қуанған Эльза әжесін құшақтай алды.
— Сииг... Женис! Апа, енді Куваш келеді!
— Келеді күнім, келеді.
— Апа, сен жылаған не? Жылама.
Ақ сабау анандай жерге ұшып түсіп, кемпір шалқалап құлап бара жатты. Күлгін жүзді ыстық жас жуып, тыржың-тыржың еткен қан-сөлсіз беттің тор-тор әжімдеріне мөлт-мөлт іркіліп қалды.
* * *
Жаз күні мейірленіп, барынша жайнаған. Аспанда шөкім бұлт жоқ. Тек түстіктегі "Үш қызылдың" баурайында сусыған көкшіл мұнар ғана тыным таппайды.
Көз ұшындағы шағын вокзалдың маңайы қаптаған қара-құрым халық.
Бұл араға үстіне бар жаңа бір киерін ілген үлкен-кіші, бала-шаға тегіс жиналған. Жүздерінен қуаныш нұры, күлкі шуағы төгіледі.
— Әй, сулы көз қайным, сағатыңа бір қарап жіберші. Уақыт жақындап қалған жоқ па екен? деп қызыл бөртпе шәлінің шашақтарымен ойнаған жас әйел қасындағы жігіттің шаужайына жармасты.
— Ақысына не бересің? деп таңқы мұрынды әуелете шүйірген жігіт қыңар емес.
— Ағаңның әкелген ең қымбат мүлкін сыйлайын.
Бұл арада Ганс пен Қордабай да жүр.
— Сен Қиясбекті көрген жоқсың ба, Ганс?
— Жоқ. Мен шақырғам оны.
— Тағы да Ылизаларға кеткен ғой.
— Келем деп еді.
— Сен, Ганс, әкеңнің орденін маған көрсетесің ғой. Қолыма ұстатасың ғой.
— Иә.
Бұл арада әркімге бір жақындап, әркімге бір жапақтап Сәрсен де жүр. Сәрсенді ешкім жақтырмайды. Сәрсен бәрібір мойымайды.
— Ақ түйенің қарнын жарып тастайсың ғой, ә, келіншек. Ақ су, көк суыңды да аяма.
— Көтек! Саған ненің күйігі түсіп тұр.
— Сәрсендікі "Күріш арқасында күрмек су ішердің" кебі ғой. Әбден жаман үйренген.
— Аймаңдай байғұсты шыдатпап еді.
Сәрсен одан әрі тыңдаған жоқ. Тарп-тұрп аттап ұзап барды да, кілт бұрылды:
— Шаштарыңды ұрайын! Жетіскен екенсіңдер!
* * *
"Жүндінің" тұмсығын алдымен қап-қара қою түтін көміп кетті. Көміп кетті де, іле тіп-тік көкке өрлеп, будақтап ұзарды. Артынша-ақ әлгі тұмсықтан суырыла озып, қара паровоз көрінді. Арындаған паровоз бір, екі, үш... жасыл жолаушы вагондарын айналмадан біртіндеп шығарып жатыр.
Айқай-шу вокзал маңын кернеп кетті:
— Алақай! Көрінді!
— Поезд келе жатыр!
— Ағатай-ы-ым келеді!
— Кө-е-ке-ем! Менің көкем!
Вокзал үйіне жақындағанда жиналған жұрттан тайсақтағандай қара паровоз оқыс ышқына дауыс созды да, екі бүйірінен ысқырта будақ-будақ ақшыл буды ытқытты.
— Былай жолды босатыңдар!
— Өлемісің, шегін! Кейін шегін!
— Әй, сәл шыдасаңдар нетеді. Төрт жыл жандарың қалай шыдап жүрген.
Қара паровоз біраз өтіп барып тоқтады.
Жасыл вагондардың есіктері ашылар емес.
Қатып қалған күтуші халықта үн жоқ, қыбыр жоқ.
Кенет... Орта тұстан бір есік жайлап ішке қарай ашылды. Екі-үш тепкішекті баяу санап басып әлдекім жерге түсті.
Жалғыз солдат!..
Тұрғандар қайта даурығысып әлгіге лап қойды.
Шырылдаған бала даусы...
Қарлыққан шал даусы...
Ентіккен ана өксігі...
Бәрі қабат өрбіп, қабат тұтасып, жалғыз солдатты тұс-тұстан қамап алды.
Сәлден кейін солдатты төрт-бес адам бөліп әкетті. Тұрғандар жүзінде айықпаған реніш пен сағыныш сызы тұнып қалыпты. Екі-ақ минут аялдап өте шыққан поездың соңынан көз алмайды.
* * *
Ганс пен Қордабай ілбіп келеді.
— Көкең келеді. Сен жылама.
— Жылағам жоқ. Ганстың көкшіл көздері моншақ жастардан бұлдырап көрінбей тұр.
— Келеді. Жаңағы Орал да аман-есен келді. Ал, сенің көкең — герөй. Герөйлар өлмейді.
Ганс бұрылып алып, шырқырап жылап айдалаға безе қашып барады.
— Ганс! Га-а-анс! Мен саған арқар құлжамды бере-ем!.. Мен сені жақсы көр-е-ем! Га-а-анс!
Қордабайдың аптыққан даусы шырқау көкке сіңіп үзілді.
* * *
Біріне-бірі иін тіресе жалғасқан тоқал тамдардың қасындағы жұрттың қарасы да қомақты. Бұлар да вокзал жаққа күн сала қарап қалыпты.
Екі шетте екеу ғана үнсіз шоқиып отыр. Олар Несіпжан мен Қалампыр әжей. Әжей жүзінде үміт тілегі әжімді жүзді тілгілеген жас тамшыларымен тірілсе, келіншек қанын ішіне тартып сұрланып алыпты. Тірегінен айрылып, үмітін үзген жан дәл солай мелшиеді.
* * *
Есікті сарт еткізіп ашып, Эльза үйге жүгіріп кірді. Пеш түбінде бүрісіп отырған Рабиға әжейге қуана қарап, ентіге самбырлады:
— Апа! Зольдат, Кригер келеди!
— Кім?! Кім дейсің Ылиза-ау?!
— Зольдат! Кригер. Аскер.
— Ойбай-ау, Құбаш емес пе?
— Иа, иа! Куваш Зольдат! Сол!
Рабиға тырбанып қол созады. Тұра алмай жан ұшырады.
— Апа! Жүр! Біз Кувашты көреди... Куваш қуанады.
Тәлтіректетіп әжейді есік алдына алып шықты.
— Қайда? Кәне? Ылиза-ау, неге көрінбейді?
— Анау... анда қара. Банхоф... вокзал жаққа...
— Құдайым-ау, шынымен иігенің бе? Көргенің бе көз жасымды. Анау, менің құлыным ғой, Құбашым ғой!.. Рабиға әженің бүкіл тұла бойы дірілдеп кетті.
* * *
Қарасудың өткелінен бері шыққанда, жалғыз солдат өзімен ілесіп келе жатқандардан бөлініп, ілгері ұмтылады. Екі қолын жайып айқай салды:
— Апа! Апа-та-ай!
Баласының даусы естілгенде Қалампыр шешей ыршып түсті. Қолымен жер тірей көтеріліп, даусын аңыратты:
— Құлыным! Оралым!
Бұлдыраған көздер түк көрсетпесе де, ұлының исін сезе ме, бағыты дұрыс. Аналық мейірді жан-жаққа түгел ақтарып, Оралын құшағына алды.
— Неге бөгелді? Неге кідірді?
Рабиға әжей Ылизаға сұрақтарын қардай жаудырды.
Эльза иегі кемсендеп жақ жаза алар емес. Ақселеу шаштарын сілкілеп әжесінің иығына бетін төсеп жылап жіберді.
— Әй, не болды? Айтсаңшы.
Біріне-бірі сүйенген екеуге кішкене Қиясбек көмекке келді. Әжесінің қолтығының астынан кіріп талдырмаш денесін тіреу ғып тосады.
— Әже, Орал ғой келген. Солдаттар орала бастады! Кешікпей Құбаш ағатайым да қайтар.
— Қайтады... Оралады құлыным.
* * *
Сәрсен түскі асына күндегі уақытынан біраз кешігіңкіреп келді.
— Шай суып кетті, қайда жүрсің? Әлде бір жерден тойып келген шығарсың.
— Қайда жүруші ем, десәтнек жұмсады. Ебакуасиямен келгендер түгел өз мекендеріне қайтатын боп, бәрін аяқ астынан стансаға жинадық. Қазіргі екідегі түскі пойызбен жүргізеді.
— Ылиза ше? О да кете ме? деп дастарқан шетінен Қиясбек ұшып тұрды.
— Е-е, кетпей, ол сондай-ақ кімге дәркер еді. Анау ауыш кемпірден көресімді көрдім ғой. Ылизаны жібермеймін деп байбалам салып, діңкемді құртқаны. Қызды үйден күшпен сүйреп шығардық.
Қиясбек ештеңеге бұрылмай апыл-ғұпыл далаға ұмтылды. Асығып жүріп кетік тостағандағы сүтті аяғының ұшымен қағып кетті.
— Қағынғыр-ай, ақтарып тастадың ғой!
— Қайда барасың?
Әке-шешеге бұрылып қарап жауап беруге шамасы жоқ, табалдырықтан аттар-аттамастан, Қиясбек бір шақырымдай жердегі станцияға далақтап жүгіріп келеді.
Қасында қатарласа ентіккен Қордабай бастырмалата үзіп-үзіп сөйлейді.
— Тез! Болсаңшы! Неге бөгелесің?
Қордабайдың сирағы ұзын, оның үстіне қыстай ауырып тұрған жоқ. Озып барады да тосып алады.
— Болсаңшы, сүйретілмей!
Тұмсықтан сұғына айналған жолаушы поезы көрінді. Тақалып қалды. Қиясбек тіпті жан ұшырды. Қордабай дедектетіп қолынан жетектеп алды.
— Пойыз екі-ақ минут тоқтайды. Көкем айтқан. Бол енді. Тез жетейік.
Поезд көп кідірмей өте шықты. Станция тұсында паровоздың мұржасынан ытқыған қою қара түтіні ғана қалықтап тұрып қалды.
— Ылиза! Мен саған бояу қарындашымды берем! Мен саған Құбаш ағатайымның домбырасын тартам. Кетпеші, Ылиза! Кетпеші, әпке!..
Қиясбек қарындашты құлаштап лақтырып жіберіп, етпетінен құлап түсті.
Қордабай қасында жүрелеп отырып ызың-ызың сөйлеп жатыр. Паровоздың ащы арқырауы мен өзінің дірілді өксігі арасынан бір кезде құлағына еміс-еміс ән жеткендей болды. Эльзаның мұңды әуені.
— Ылиза, ұмытпа!..
* * *
Қиясбек табалдырықтан аттады.
— Әже, мен саған келдім.
— Қиясбекпісің? Жалғыз қалдым ғой, қарашығым! Құбашым қайда? Ылизам қайда? Айтшы, неге әкетті? Қос құлынымды менен неге айырды?
Қиясбек кемпірдің алақанына маңдайын тигізді.
— Әже, мен саған келдім...
Құбаштың іргеде сүйеулі тұрған домбырасын алды. Малдасын құрды. Сұқ саусақ шекке тиді. Домбыра зың етті. Зың етті, үнсіз қалды.
— Тарт, құлыным! Тарт.
Тыңқ-тыңқ кібіртік шертіс басталды. Мүмкін ол бір кезде Құбаш Аймаңдайдың "Ақ тілегін" жорғалатар. Эльза Ылизаның әсем әнін шырқар. Әзірше тәй-тәй басқан сәбидей кібіртіктеп жылжыған нәзік саусақтар жұбаныш күйін түртінектеп еміп жатыр. Осы "Жұбаныш" атты күй болашаққа дән тастаған құдірет екенін дәл қазір анық ұғынбаса да, анау күңгірт жанарға үміт сәулесін түсірді.
— Әже, мен саған келдім!..
1980 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі