Өлең, жыр, ақындар

Жидебайдың жидесі

Аңыз-әңгіме

Бір кезде осы сылаң қаққан сұлу Сырдың бойында бақайын суға батырып, балбырап көк құрақ, үкілі сырнайын сыңсыта тартып сұлу сары қамыс қана өседі екен. Кейінірек сулы Сырды сағалап сәмбі тал, үйеңкі, тораңғы да өсетін болыпты. Ал осы күнгі сұлу Сырдың көк бұйра ішігіндей екі жиегін алып жатқан көп жиде кейінірек келіп қоныстанған. «Бұрынғы қонақты соңғы қонақ қуады» дегендей, көк жиде кейін келсе де, қанатын кең жайып, тез молайып, өсіп кетіпті. Өйткені көк жиде қоныс таңдамайды. Қай жерге дәні түссе, сол жерге қорбиып, көк бұйра бөркін киіп шыға келеді. Өсіп, тамырын жайып, буынын қатырып бекіп алған соң, тікенегі тікірейіп, оншамұнша малға жегізбейді, адамды да оңайлықпен тигізбейді.

Су жүрген жер — береке, берекелі жер — мереке! Сондықтан Сыр бойы — құтты қоныс, мерейлі мекен. Ағыл-тегіл егін, бау-бақша, дәнді дақыл, Сыр қойыны — тулаған балық. Сыр толқыны — жарқыраған жарық!..

Осы сұлу Сырдың екі өңірі — сыңсыған қою көк ала жиде. Бұл да бір байлық! Гүлдеген кезде қыздарды қызықтырып тартатын жұпар иісті сары уыз гүлі бар, піскен кезде балаларды қызықтырып, «басыма шық!» дейтін балдай тәтті, қарақат моншақтай тізіліп, уылжыған жидесі бар.

Елдің көнекөз қариялары: «Бұл жидені Сыр бойына баяғыда Жидебай әкеліп еккен екен, — деп сөз бастайды. — Әдейі көк нарына мініп, көше қонып жүріп, Жиделібайсын жеріне, Қоңырат деген еліне барып, жалынып қолқа салып, екі қап жиде ұрығын алып, көк нарына артып, Сырға қарай тартып жөнелген екен. Жел жетпес желмая — көк нарымен айлық жолды аз жүріп көктемде келіпті. Сыр бойына шаштырып, көк жидесін егіпті…

Егіпті де, айтыпты:

— Адал қолыммен көктемде еккен көк жидем дүлей болып өсер. Балаларың жейтін тәтті жеміске молығарсыңдар. Бір берекеге жолығарсыңдар. Топырақ илеп соққан тамыңның төбесін жабатын ағаш та болар бұл жиде. Түйе мен қойыңның жүнінен иіріп, киім тоқып киетін өрмек ағашың да болар бұл жиде. Көгеніңді керіп, атыңды байлайтын қазығың да болар, ас құйып ішетін табағың да, сүт сапыратын қалағың да болар бұл жиде.

Түйеңе ашамай, атыңа ер, астыңа төсекағашың да осы жидеден табылар. Ең арғысы тоқпағың да, үйіңді тірейтін бақаның да осы жидеден табылар. Ағашты елдің бағы бар!

Үйіңе сырық, жылқыңа құрық, адалбақан, айраныңды пісіп, майын алатын күбі іздеп, сапар шегіп, арыпашып, осынау жер шеті Хорезм мен Бұхараға жан қинап бармайсыңдар.

Әкем менің атымды Жидебай деп қойыпты. Өсімтал жидедей мыңғырып ұрпағым өссін, өркенім үзілмесін деген шығар… Әкемнің осы асыл арманын, тәтті тілегін орындап, мәпелеп бала өсірдім. Адамға деген міндетімді атқарып, жиде ұрығын жер түбінен алып келіп, сұлу Сырдың берекелі бойына шаштым. Балалық та, аталық та міндетім орындалды…

Жидекем мезгілі жеткен соң, дүние салыпты. Адал ниетпен еккен жидесі өсіп, орман болыпты».


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз